Эпилек
Инструкция
- русский
- қазақша
Саудалық атауы
Эпилек
Халықаралық патенттелмеген атауы
Эпирубицин
Дәрілік түрі
Инъекцияға арналған 2 мг/мл ерітінді
Құрамы
1 мл ерітіндінің құрамында
белсенді зат –эпирубицин гидрохлориді 2 мг,
қосымша заттар: натрий хлориді, 0,1 М хлорсутек қышқылы, инъекцияға арналған су.
Сипаттамасы
Қызыл-қызыл сары түсті мөлдір сұйықтық
Фармакотерапиялық тобы
Ісікке қарсы препараттар. Ісікке қарсы антибиотиктер. Антрациклиндер. Эпирубицин.
АТХ коды L01DB03
Фармакологиялық қасиеттері
Фармакокинетикасы
Көктамыр ішіне енгізгеннен кейін эпирубицин қан плазмасында және тіндерде тез таралады. Ол гематоэнцефалдық бөгет арқылы өтпейді және орталық жүйке жүйесінде (ОЖЖ) өлшенетін концентрацияға жетпейді. Қан плазмасы ақуыздарымен (көбінесе альбуминмен) байланысу дәрежесі іс жүзінде препарат концентрациясына байланысты емес және 77%-ды құрайды.
Эпирубицин эритроциттерде жиналуға қабілетті, препараттың айырылмаған қандағы жалпы концентрациясы препараттың қан плазмасындағы концентрациясынан екі есе дерлік асып түседі. Эпирубицин бауыр мен басқа ағзаларда және эритроциттерді қосқанда, жасушаларда экстенсивті түрде және тез метаболизденеді. Метаболизмнің төрт негізгі жолы анықталған: эпирубицинол, 13(8)-дигидротуындысының түзуілуімен С-13 кетотоптың қалпына келуі; өзгермеген препараттың, сондай-ақ, глюкурон қышқылымен эпирубицинолдың конъюгациясы; гидролиз арқылы аминқант тобының жоғалып, доксорубицин және доксорубицинол агликонын түзуі; қалпына келу үдерісі арқылы аминқант тобының жоғалып, 7-деокси-доксорубицин агликон және деокси-доксорубицинол агликон түзіледі.
Эпирубициннің жартылай шығарылу кезеңі (Т1/2) 40 сағатты құрайды. Негізінен, өтпен бірге метаболиттер түрінде, ішінара (10%) бүйректер арқылы шығарылады. Жалпы клиренсі – минутына 0,9 л.
Фармакодинамикасы
Эпилек - антрациклинді антибиотиктер тобының ісікке қарсы дәрісі. Ісікке қарсы әсер ету механизмі азотты негіз жұптарының арасындағы интеркаляция жәрдемі арқылы ісік жасушаларының ДНҚ-мен кешен түзуімен байланысты, ол ДНҚ мен РНҚ, сондай-ақ ақуыз синтезінің басылуына әкеп соғады. Эпилек ферментативті қайта түзілуге жатады, соның салдарынан жасушада бос радикалдар босап шығады, олар ДНҚ тізбегін үзіп, митозға кедергі жасайды.
Антрациклиндер әр түрлі (мысалы, мыс, мырыш және темір сияқты) металдармен хелат түзу қабілетіне ие, олардың кейбіреулері цитоуытты болып табылады. Эпилек айқындылығы аз жүйелік уыттылық пен кардиоуыттылыққа және үлкен емдік индекске ие.
Қолданылуы
-
сүт безі обырында
-
аналық без обырында
-
асқазан обырында
-
ішек (сигма тәрізді және тік ішек) обырында
-
бастапқы гепатоцеллюлярлық обырда
-
ұйқы безі обырында
-
қуық обырында
-
өкпе обырында
-
жедел лимфобласты және миелобласты лейкоздарда
-
ходжкиндік (лимфогранулематоз) және ходжкиндік емес қатерлі лимфомада
-
миеломдық ауруда
-
остеогенді саркомада және жұмсақ тіндердің саркомасында
-
бас пен мойын ісігінде
Қолдану тәсілі және дозалары
Сүт безінің, аналық бездің, асқазанның, ішектің, ұйқы безінің, өкпенің обырын, жедел лимфобластты және миелобластты лейкоздарды, ходжкиндік және ходжкиндік емес лимфоманы, миеломдық ауруды, остеогендік саркоманы және жұмсақ тіндердің саркомасын, бас пен мойын ісігін емдеу үшін Эпилекті қатаң түрде көктамыр ішіне баяу, 3-5 минут бойы енгізеді! Монотерапияда ересектер үшін курстық доза дене беті аумағының әр шаршы метріне шаққанда 60-90 мг құрайды, оны 2-3 күнге бөлуге және 21 күннен кейін қайталауға болады.
Сүт безі обырын және өкпе обырын емдеу үшін дозалаудың күшейтілген тәртібі ұсынылуы мүмкін. Ересектер үшін эпирубициннің арттырылған бастапқы курстық дозасы (дене беті аумағының әр шаршы метріне шаққанда 135 мг/м2-ға дейін) курстың 1-күні бір рет немесе әрбір 3-4 апта сайын 1, 2 және 3-күндері енгізіледі. Біріктірілген химиотерапия жүргізген жағдайда ұсынылған бастапқы жоғары доза (дене беті аумағының әр шаршы метріне шаққанда 120 мг/м2-ға дейін) әрбір 3-4 апта сайын курстың 1-күні енгізіледі.
Жалпы курстық доза дене беті аумағының әр шаршы метріне шаққанда 900 мг/м2 аспауға тиіс. Бұдан бұрын жүргізілген цитоуытты және сәуле терапиясынан сүйек кемігі функциясы төмендеген кезде егде жастағы емделушілерге дене беті аумағының әрбір шаршы метріне шаққанда 60-75 мг/м2 доза ұсынылады. Бауыр функциясы бұзылған емделушілерге дозаны, бауыр функциясының зертханалық зерттеу көрсеткіштеріне байланысты жекелей белгілейді. Егер қан плазмасында билирубиннің концентрациясы 1,4-3 мг/100 мл қанды құраса немесе бромсульфалеин қышқылының сынамасы 9-15 болса, дозаны 50-ға төмендетеді; егер қан плазмасында билирубиннің концентрациясы 3 мг/100 мл қанды құраса немесе бромсульфалеин сынамасы 15 жоғары болса, дозаны 75-ға төмендетеді.
Қуық обырын емдеген кезде Эпилек қуық ішіне енгізіледі. Ересектерге қуық ішіне енгізуге арналған 30-80 мг дозаны (алдымен натрий хлоридінің 0,9 ерітіндісінде сұйылтады, ұсынылатын концентрация – 1 мг/мл) 8 апта бойы 7 күнде 1 рет енгізеді. Емшарадан кейін кемінде бір сағаттан соң қуықты босатады. Инстилляция кезінде ерітіндінің қуық шырышты қабығына біркелкі әсер етуін қамтамасыз ету үшін емделуші бір қырынан екінші қырына аунауы керек. Препараттың несеппен шамадан тыс араласуына жол бермес үшін инстилляция алдындағы 12 сағат ішінде сұйық ішуден бас тарта тұрудың қажет екендігін емделушіге ескерту керек. Ісікке қарсы басқа дәрілермен біріктірілген ем құрамында дозаны азайтқан жөн.
Гепатоцеллюлярлы обырға шалдыққан науқастарда қарқынды жергілікті әсер етуді қамтамасыз ету үшін жалпы уытты әсерді бір мезгілде азайтқан кезде Эпилек негізгі бауыр артериясына 60-90 мг/м2 дозада 3 аптадан 3 айға дейінгі аралықпен немесе 40-60 мг/м2 дозада 4 апталық аралықпен артерия ішіне енгізілуі мүмкін.
Бүйрек функциясының айқын бұзылуы бар емделушілерде (қан сарысуындағы креатинин деңгейі > 5 мг/дл) Эпилекті анағұрлым төменгі дозада қолданған жөн.
Дозаны әр адамға жекелей таңдаған кезде арнайы әдебиеттің деректерін басшылыққа алған жөн. Өте төмен дозаларды тағайындау ұсынылады немесе бұдан бұрын ісікке қарсы көлемді ем қабылдаған емделушілерде, сондай-ақ, сүйек кемігінің ісікті инфильтрациясы бар емделушілерде цикл арасындағы аралықтарды арттыру керек.
Жағымсыз әсерлері
-
лейкопения, тромбоцитопения, нейтропения, анемия (лейкопенияның ең жоғарғы шегіне препаратты енгізгеннен кейін 10-14 күннен соң жетеді, қан көрінісі дозаны енгізгеннен кейін 21-күні қалпына келеді).
-
жедел жүрекшелік және қарыншалық аритмиялар (препаратты енгізу кезінде және енгізгеннен кейін алғашқы сағат ішінде)
-
уытты миокардит, тахикардия, жүрек қызметінің жеткіліксіздігі, перикардит, сол жақ қарынша лықсыту фракциясының симптомсыз түсуі
-
іркілісті жүрек қызметінің жеткіліксіздігі (енгізгеннен кейін бірнеше апта немесе ай ішінде байқалады және жинақталымды әсерінен тұрады, ол препарат дозасына және миокард жасушаларының зақымдану дәрежесіне байланысты)
-
қайтымды толық алопеция (шаш өсуінің қалпына келуі әдетте препаратты енгізуді тоқтатқаннан кейін 2-3 айдан соң басталады)
-
жүректің айнуы және құсу, стоматит, эзофагит, анорексия, диарея, «бауыр» трансаминазалары белсенділігінің жоғарылауы
-
флебосклероз (препаратты ұсақ көктамырларға енгізген кезде немесе қайталап енгізген кезде сол бір көктамырды ғана қолданған жағдайда)
-
тіндердің ауыр целлюлиті, күлдіреуіктері және некрозы (инфузия кезінде эпирубициннің оның айналасындағы тіндерге енуі кезінде)
-
конъюнктивит, кератит
-
мукозит
-
гипертермия
-
аменорея
-
жұқпалар
-
анафилаксия
-
сусыздану
-
флебит, тромбофлебит, шок
-
ауыз қуысының шырышты қабығы гиперпигментациясы, ауыру немесе қыжыл, эрозия, ойық жараның түзілуі, қан кету
-
эритема, терінің қызаруы, тері және тырнақтың гиперпигментациясы, жарыққа сезімталдық, теріге түсетін сәулеленуге аса жоғары сезімталдық (қабыну реакциясы), аллергиялық бөртпе
-
енгізгеннен кейін 1 немесе 2 күн бойы несеп түсінің қызаруы
-
ысыну, қалтырау, жайсыздық сезімі, жалпы әлсіздік
Қолдануға болмайтын жағдайлар
-
эпирубицинге немесе препараттың басқа компоненттеріне, сондай-ақ басқа да антрациклиндерге немесе антрацендиондарға жоғары сезімталдық
-
жүректің ауыр жеткіліксіздігі
-
ауыр аритмиялар, таяуда өткерген миокард инфарктісі
-
бауыр жеткіліксіздігі
-
жүктілік және лактация кезеңі
-
миелосупрессия
-
бұдан бұрын доксорубициннің және даунорубициннің ең жоғары дозаларымен ем жүргізген жағдайда
-
18 жасқа дейінгі балалар және жасөспірімдер
-
төмендегі жағдайларда қуыққа енгізуге болмайды: қуық қабырғасына пенетрацияланған инвазивті ісіктерде, несеп жолдары жұқпасында, қуық қабынуында, гематурияда
Дәрілермен өзара әрекеттесуі
Басқа цитостатикалық препараттармен біріктіріп қолданған кезде сүйек кемігі функциясының аддитивті басылуы, асқазан-ішек жолы тарапынан жағымсыз әсерлердің даму қаупі жоғарылауы; жүрек функциясының жеткіліксіздігіне себепші болатын басқа кардиоуытты препараттармен қолданғанда, сондай-ақ оны басқа кардиобелсенді препараттармен (мысалы, баяу кальций өзекшелерінің блокаторларымен) бір мезгілде пайдаланғанда – кардиоуытты әсерлері күшеюі мүмкін. Циметидин эпирубициннің АUС-ын 50-ға арттырады. Эпилекті басқа ісікке қарсы препараттармен араластыруға болмайды. Сілтілі ерітінділермен жанасуына жол бермеген жөн, өйткені бұл эпирубицин гидролизіне әкелуі мүмкін.
Эпилекті гепаринмен араластыруға болмайды, өйткені олар химиялық тұрғыдан үйлесімсіз және оларды араластырғанда шөгінді түзіледі.
Айрықша нұсқаулар
Емдеуді ісікке қарсы дәрілермен жұмыс жасау тәжірибесі бар медицина қызметкерлері ғана жүргізуге тиіс. Емделуге дейін және емделу кезінде қан көрінісін, бауыр функциясын, несеп қышқылының мөлшерін, жүрек функциясын бақылап отыру қажет. Әрбір емдеу курсына дейін және кейін ЭКГ және ЭхоКГ жүргізу керек. Т тісшесінің тығыздалуы немесе инверсиясы, SТ сегментінің депрессиясы немесе енді басталған аритмиялар (әдетте уақытша және қайтымды) емдеуді тоқтатудың міндетті түрдегі көрсеткіші болып табылмайды. Кардиоуыттылық QRS вольтажының тұрақты төмендеуі, систолалық аралықтың ұзаруы, сол жақ қарыншаның лықсыту фракциясының төмендеуі және іркілісті жүрек жеткіліксіздігі (ІЖЖ) арқылы (оның ішінде емдеуді аяқтағаннан кейін бірнеше аптадан соң) білінеді. Бұл кезде жүрек жеткіліксіздігінің дәстүрлі емі тиімді болмауы мүмкін. ІЖЖ антрациклиндер туындатқан кардиомиопатияның ең ауыр түрі болып табылады және дозамен шектелген уыттылық болып табылады. Кардиомиопатияның даму қаупі жиынтық дозаға байланысты болады, сондықтан эпирубициннің 900 мг/м2 тең жинақталу дозасын аса жоғары сақтықпен, тек айрықша жағдайларда ғана арттыруға болады.
Жүректің уытты зақымдану қаупін төмендету үшін эпирубицинмен емдеуді бастағанға дейін және емдеу кезінде эхокардиография немесе көпарналы радиоизотопты ангиографияның деректері бойынша сол жақ қарыншаның лықсыту фракциясын бағалауды қоса, жүйелі мониторингті, сондай-ақ ЭКГ-мониторинг жүргізіп отыру ұсынылады. Препаратты қолдануға негізделген жүрек жеткіліксіздігінің ерте қойылған клиникалық диагнозы оны нәтижелі емдеу үшін өте маңызды. Созылмалы кардиоуыттылық белгілері байқалғанда, эпирубицинмен емдеу дереу тоқтатылады.
Кардиоуыттылық қаупі факторларына мыналар жатады: белсенді сатыдағы немесе ремиссия сатысындағы жүрек-қантамыр жүйесі аурулары, көкірек аймағы/перикард аймағына алдыңғы немесе осы сәтте жүргізіліп жатқан сәулемен емдеу, басқа антрациклиндермен немесе антрацендиондармен бұрын жүргізілген ем, сондай-ақ жүректің жиырылу қызметін (мысалы, трастузумаб) басатын басқа препараттарды бір мезгілде тағайындау. Басқа кардиоуытты, әсіресе трастузумаб секілді жартылай шығарылу кезеңі ұзақ агенттермен емдеуді тоқтатқаннан кейін антрациклиндер қабылдап жүрген емделушілер кардиоуыттылық дамуы қаупінің жоғарылауына ұшырауы мүмкін. Трастузумабтың жартылай шығарылу кезеңі шамамен 28,5 күнді құрайды және 24 аптаға дейін сақталуы мүмкін. Сондықтан, мүмкіндігінше трастузумабпен емдеу курсын аяқтаған соң 24 аптаға дейін антрациклиндермен емдеуді болдырмаған жөн. Егер антрациклиндер осыған дейін пайдаланылып жүрсе, жүрек қызметіне мұқият бақылау жүргізу ұсынылады.
Эпирубицинді қолданар алдында емделушілер алдыңғы цитоуытты емдеуден (стоматит, нейтропения, тромбоцитопения және жалпы жұқпалар) толықтай қалпына келуі тиіс.
Эпирубицинмен емдеу үдерісінде, әсіресе жоғары дозаларды қолданған кезде емдеудің әрбір цикліне дейін және цикл кезіндегі гематологиялық көрсеткіштерді бағалауды, лейкоциттер, тромбоциттер, эритроциттер, гемоглобиннің құрамын анықтауды қоса, жүргізу қажет. Лейкопения және нейтропения әдетте жоғары дозаларда анағұрлым ауыр болып саналады, көптеген жағдайда төменгі нүктесіне препаратты енгізгеннен кейін 10 және 14 күн арасында жетеді, лейкоциттер/нейтрофилдар деңгейі әдетте 21 күнге қарай қалпына түседі. Сондай-ақ тромбоцитопения және анемия дамуы мүмкін.
Терең миелосупрессия нәтижесінде клиникалық асқынулардың болу мүмкіндігіне байланысты эпирубициннің жоғары дозаларымен емдеу міндетті түрде аса көңіл қоюды талап етеді. Ауыр миелосупрессияның клиникалық көрініс беруіне қызба, жұқпалар, сепсис/септицемия, септикалық шок, геморрой, тіндер гипоксиясы, өлім кіреді.
Лейкоз алдындағы фазасымен және онсыз екіншілік лейкемия эпирубицинді қоса, антрациклиндермен емделіп жүрген емделушілерде байқалған. Екіншілік лейкемия дәрілік препараттарды ДНҚ зақымдайтын ісікке қарсы агенттермен бірге қолданғанда, емделушілер цитоуытты дәрілік препараттармен күрделі емдеуден өткен кезде немесе антрациклиндердің дозалары ұлғайтылған жағдайда, барынша жиі байқалады. Лейкемияның мұндай түрлері 1 жылдан 3 жылға дейін жасырын күйде қалуы мүмкін.
Эпирубицин құсу тудыруы, стоматит/мукозиттің даму қаупін жоғарылатуы мүмкін. Стоматит әдетте препаратты қолданудың ерте сатысында байқалады, ауыр жағдайларда бірнеше күн ішінде ауыз қуысы шырышты қабығының ойық жаралануы дамуы мүмкін. Көптеген емделушілерде бұл жағымсыз әсер емдеудің үшінші аптасына қарай қайтады.
Эпирубицинмен емдер алдында және емдеу кезінде қан сарысуында билирубин мен трансаминазалар деңгейін тексеру қажет. Билирубин немесе трансаминазалар деңгейі жоғарылаған емделушілерде жалпы уыттылығы ұлғая отырып, дәрілік препараттың шығарылуы баяулауы мүмкін. Мұндай емделушілерге препараттың дозасын төмендету ұсынылады. Бауырдың ауыр жеткіліксіздігі бар емделушілер эпирубицинді қабылдамауы тиіс.
Емдеу алдында және барысында қан сарысуында креатинин деңгейінің құрамын бақылау қажет. Креатинин деңгейі > 5мг/дл емделушілер үшін дозалауды түзету керек.
Кіші тамырларға инъекциялау кезінде немесе бір көктамырға қайталанып енгізілетін инъекцияларда флебосклероз туындауы мүмкін. Ұсынылатын қолдану емшараларын сақтау инъекция орнында флебит/тромбофлебит қаупін төмендетуі мүмкін. Экстравазацияның алғашқы белгілері (инъекция орнының ашуы және ауыруы) пайда болған кезде инфузияны дереу тоқтату керек, содан соң толық дозаны енгізу үшін басқа көктамырға инфузияны бастайды. Экстравазация салдарын жоюдың жергілікті ем-шараларын жүргізу керек. Мұзы бар пакетті пайдаланған дұрыс.
Басқа цитоуытты агенттер жағдайындағы сияқты, эпирубицин енгізгеннен кейінгі өкпе артериясы эмболиясын (кейде өліммен аяқталған) қоса, тромбофлебит және тромбоэмболиялық құбылыстардың даму жағдайлары жайында хабарланған.
Ісік жасушаларының жылдам лизисі салдарына эпирубицинді қолдану кезінде гиперурикемия байқалуы мүмкін, осыған байланысты емдеу кезінде емделушілерге несеп қышқылы, калий, кальций және креатининнің деңгейін анықтау ұсынылады. Гиперурикемияны болдырмау үшін гидратация, сілтілену және аллопуринолдың көмегімен алдын алу сияқты шаралар ісік лизисі синдромымен байланысты асқынулар қаупін ең аз шамаға жеткізуге мүмкіндік береді.
Эпилекті қоса, химиотерапиялық агенттермен иммунитеті төмендеген емделушілерге тірі немесе әлсізденген тірі вакциналарды енгізу күрделі немесе өлімге әкелетін жұқпаларға әкелуі мүмкін. Эпилек қабылдайтын емделушілер тірі вакциналармен егілуден аулақ болғандары жөн. Өлтірілген немесе белсенділігі жойылған вакциналарды енгізуге болады, бірақ мұндай вакциналарға иммундық жауап төмен болуы мүмкін.
Эпирубицинді қуық ішіне енгізгенде химиялық цистит симптомдарының дамуы (несеп шығару бұзылыстары, несеп шығарылуының жоғарылауы, никтурия, несеп шығарудағы ауыруы, гематурия, қуықтағы жайсыздық, қуық қабырғалары некрозы) және қуықтың жиырылуы мүмкін. Катетерлеуге (мысалы, қуық ішілік ірі ісікке байланысты уретраның бітелуі) байланысты проблемаларға ерекше назар аудару керек.
Артерия ішіне енгізу кезінде жүйелі уыттылыққа қосымша асқазан және он екі елі ішек ойық жарасы (препараттардың асқазан артериясына рефлюксі есебінен болуы ықтимал) байқалуы; препарат туындатқан склероздаушы холангит салдарынан өт ағыстарының тарылуы мүмкін.
Орташа ауырлықтағы бүйрек жеткіліксіздігі бар емделушілерге, әдетте режимді түзету керек емес. Эпилекпен емделіп жүрген ұрпақ өрбіту жасындағы еркектер мен әйелдер контрацепцияның сенімді әдістерін пайдаланулары тиіс. Эпилек енгізгеннен кейін 3 ай бойы несепті қызыл түске бояуы мүмкін.
Эпилекпен жұмыс кезінде цитоуытты заттармен жұмыс істеу ережелерін сақтау керек. Препаратпен ласталған беткейді натрий гипохлоридінің сұйылтылған ерітіндісімен (құрамында 1% хлор бар) өңдеу ұсынылады.
Препаратпен жұмыс істейтін қызметкерлер қорғаныш қолғаптарды пайдаланғандары жөн. Препарат теріге тиіп кеткенде - теріні мол сабынды сумен немесе натрий бикарбонаты ерітіндісімен дереу жуу қажет, көзге тигізіп алғанда – судың көп мөлшерімен кем дегенде 15 минут бойы жуып, шаяды. Жүкті әйел-қызметкерлердің препаратпен жұмыс істеуіне рұқсат етілмейді.
Көктамыр ішіне тамшылатып енгізгеннен кейін көктамырды «шаю» қажет болып табылады.
Педиатрияда пайдаланылуы
Препаратты балаларда қолданудың қауіпсіздігі мен тиімділігі жайында деректер жоқ.
Дәрілік заттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері
Эпилекті қолдану көлік құралдарын немесе қауіпті механизмдерді басқару қабілетіне ықпалын тигізбейді, алайда патология ерекшелігін және жағымсыз әсерлердің ауырлығын ескере отырып, препаратты аурухана жағдайында қатаң түрде медициналық қызметкердің бақылауымен қолдану көзделеді.
Артық дозалануы
Симптомдары: шырышты қабықтардың қабынуы, лейкопения, тромбоцитопения сияқты уытты әсерлердің күшеюі
Емі: сүйек кемігі қызметінің басылуы анық болатын науқастарды ауруханаға жатқызады, антибиотиктермен емдейді және гранулоцитарлы масса құяды, сондай-ақ шырышты қабықтардың қабынуын симптоматикалық емдеу.
Шығарылу түрі және қаптамасы
5 мл немесе 25 мл-ден алюминий қалпақшалары немесе алюминий және пластмассадан біріктіріліп жасалған қалпақшалары бар резеңке тығынмен тығындалған шыны құтыларда.
5 мл-ден 1 немесе 10 құтыдан медицинада қолданылуы жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге пәшкеге қапталады.
25 мл-ден 1 құтыдан медицинада қолданылуы жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге пәшкеге қапталады.
5 мл-ден № 1 құтылары бар 10 пәшкеден немесе 25 мл-ден құтысы бар 1 пәшкеден үлбірге қаптауға жол беріледі.
Сақтау шарттары
Жарықтан қорғалған жерде 2 °С-ден 8 °С-ге дейінгі температурада сақтау керек.
Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек. Мұздатып қатыруға болмайды!
Сақтау мерзімі
2 жыл
Қаптамасында көрсетілген жарамдылық мерзімі өткеннен кейін пайдалануға болмайды.
Дәріханалардан босатылу шарттары
Рецепт арқылы
Өндіруші
«Фармстандарт-Биолек» ЖАҚ
Померки, Харьков қ., Украина, 61070
Тіркеу куәлігінің иесі
«Фармстандарт-Биолек» ЖАҚ, Украина
Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан өнім сапасына қатысты шағымдар қабылдайтын ұйымның мекенжайы
«Қарағанды фармацевтикалық кешені» ЖШС
100009, Қазақстан Республикасы, Қарағанды қ., Ботаникалық к-сі, 12 үй
Тел.: + 7 (7212) 507322; e-mail: kphk@kphk.kz