Цефтриаксон (порошок для приготовления раствора, 1 г, Борисовский завод медицинских препаратов ОАО) (Ceftriaxone)
Инструкция
- русский
- қазақша
Саудалық атауы
Цефтриаксон
Халықаралық патенттелмеген атауы
Цефтриаксон
Дәрілік түрі
Инъекция үшін ерітінді дайындауға арналған 0,5 г және 1,0 г ұнтақ
Құрамы
Бір құтының ішінде
белсенді зат - цефтриаксон (цефтриаксон натрий тұзы түрінде) 0,5 г немесе 1,0 г.
Сипаттамасы
Ақ дерлік немесе сарғыш түсті кристалл ұнтақ.
Фармакотерапиялық тобы
Жүйелі қолдануға арналған бактерияларға қарсы препараттар. Бета-лактамды басқа да бактерияларға қарсы препараттар. Үшінші буын цефалоспориндері. Цефтриаксон.
АТХ коды J01DD04
Фармакологиялық қасиеттері
Фармакокинетикасы
Асқазан сөлінің әсер етуімен ыдырайды. Бұлшықет ішіне енгізгеннен кейін жылдам және толық сіңеді. Биожетімділігі 100%-ға жуық. Қанда плазма альбуминдерімен қайтымды байланысады (85-95%). Қандағы ең жоғарғы
концентрациясы (Стaх) 500, 1000 және 2000 мг цефтриаксонды венаішілік инфузия түрінде 30 минут бойы енгізгенде тиісінше 82 мг/л, 100-150 мг/л және 257 мг/л құрайды, әрі оған инфузия соңында жетеді. 500 және 1000 мг дозада бұлшықет ішіне енгізген кездегі Смax 2-3 сағаттан соң жетеді, әрі тиісінше 38 мг/л және 76-80 мг/л құрайды. 12-24 сағат аралықтармен қайталанған венаішілік және бұлшықетішілік енгізулерде жинақталуы 15-36% (бастапқы енгізілген дозамен салыстырғанда) құрайды. Стационарлық концентрациясына 4 тәуліктен кейін жетеді.
Бронхқа, сүйекке, буындарға, несеп шығару жолына, теріге, теріастылық шелмайға, құрсақ қуысы мүшелеріне, организмнің сұйық орталарына (интерстициальді, перитонеальді, синовиальді сұйықтықтарға) оңай өтеді. Цефтриаксонға тән гематоэнцефалдық бөгеттің өткізгіштігі мардымсыз, бірақ ми қабықтарының қабынуында арта түседі. Ересектерде жұлын сұйықтығына 50 мг/кг дозада енгізгеннен кейін 2-24 сағаттан соң цефтриаксон концентрациясы менингиттің көбірек таралған қоздырғыштарына тән ең аз тежегіш концентрацияларынан бірнеше есе асып түседі. Емшек сүтінен қан сарысуы деңгейінен 3-4% концентрациясында табылады (жоғарырақ деңгейлері вена ішіне енгізгеннен кейін емес, бұлшықет ішіне енгізгеннен кейін байқалады).
3,0 г дейінгі дозада жартылай шығарылу кезеңі (Т1/2) 5,8-8,7 сағат, таралу көлемі (Vd) 0,12-0,14 л/кг, балаларда 0,3 л/кг, жалпы клиренсі (Сl) 0,58-1,45 л/сағ. (бүйректік Сl 0,32-0,73 л/сағ. құрайды) құрайды. 75 жастан асқан адамдарда, сондай-ақ балалар мен жаңа туған сәбилерде 16 сағатқа дейін (егде адамдар), 6,5 тәулік (балалар) және 8 тәулік (жаңа туғандар) едәуір ұзарған Т½ байқалады. Гемодиализде жүрген креатинин клиренсі 0-4 мл/мин пациенттерде Т½ 14,7 сағат; 5-15 мл/мин креатинин клиренсінде 15,7 сағат; 16-30 мл/мин креатинин клиренсінде 11,4 сағат және 31-60 мл/мин креатинин клиренсінде 12,4 сағат құрайды.
Ішекте микрофлораның ықпал етуімен белсенді емес метаболит түзеді. 50-65% доза бүйрекпен өзгермеген күйде 48 сағат ішінде шығарылады, қалған бөлігі (40-50%) өтпен шығарылады.
Фармакодинамикасы
Парентеральді енгізуге арналған, кең ауқымда әсер ететін ІІІ буынның цефалоспориндік антибиотигі. Микроорганизмдердің жасушалық қабырғасының синтезін бәсеңдете отырып, бактерицидті әсер етеді.
Әсер ету механизмі жарғақшалы байланысқан транспептидазалардың ацетилденуімен және бактерияның жасушалық қабырғасының муреині синтезінің бұзылуымен байланысты. Цефтриаксон грамоң және грамтеріс бактериялардың көпшілігін өндіретін әдеттегі ауқымдағы бета-лактамазаларға қатысты төзімді. R-плазмидті және хромосомамен байланысты көптеген бета-лактамазалармен гидролизденбейді. Richmond, Sykes & Mattew классификациясы бойынша IV-V класты кеңейтілген ауқымдағы бета-лактамазаларымен ыдырайды.
Грамоң аэробтық бактерияларға: Staphylococcus aureus, Staphylococcus epidermidis, Streptococcus pneumoniae, Streptococcus pyogenes, Streptococcus agalactiae, Streptococcus viridans, Streptococcus bovis; грамтеріс аэробтық бактерияларға: Acinetobacter calcoaceticus, Aeromonas spp., Alcaligenes spp., Branhamella catarrhalis (соның ішінде бета-лактамазаларды өндіретін штаммдар), Citrobacter spp., Enterobacter aerogenes, Enterobacter cloacae, Escherichia coli, Haemophilus ducreyi, Haemophilus influenzae (соның ішінде пенициллиназаларды өндіретін штаммдар), Haemophilus parainfluenzae, Klebsiella spp. (соның ішінде Klebsiella pneumoniae), Moraxella spp., Morganella morganii, Neisseria gonorrhoeae (соның ішінде пенициллиназаларды өндіретін штаммдар), Plesiomonas shigelloides, Proteus mirabilis, Proteus vulgaris, Providencia spp., Salmonella spp. (соның ішінде Salmonella typhi), Serratia spp. (соның ішінде Serratia marsescens), Shigella spp., Vibrio spp. (соның ішінде Vibrio cholerae), Yersinia spp., Pseudomonas aeruginosa, Treponema pallidum; грамтеріс анаэробтық бактерияларға: Bacteroides spp., Clostridium spp. (Clostridium difficile-ден басқа), Fusobacterium spp. (Fusobacterium mortiferum, Fusobacterium varium-нен басқа), Peptococcus spp., Peptostreptococcus spp-ға қатысты белсенді. Цефтриаксонға метициллинге төзімді Staphylococcus spp., Enterococcus spp., Clostridium difficile штаммдары, бета-лактамазаларды өндіретін Bacteroides штаммдары тұрақты.
Қолданылуы
-
тыныс алу жолдарының инфекциясында (соның ішінде пневмония, өкпе абсцессі және плевра эмпиемасы)
-
терінің және жұмсақ тіндердің инфекциясында (абсцестер, флегмоналар)
-
сүйектер мен буындардың инфекциясында
-
несеп-жыныс мүшелерінің инфекциясында (соның ішінде пиелонефриттер, циститтер, простатиттер, эпидидимиттер, асқынбаған соз)
-
құрсақ қуысы мүшелерінің (перитониттер, өт қабының эмпиемасы, холангиттер) және кіші жамбас астауының (эндометрит, сальпингоофорит) инфекциясында
-
бактериялық менингит және эндокардитте
-
Лайм ауруында
-
шигеллездер және сальмонеллездерде (соның ішінде іш сүзегі)
-
операциядан кейінгі инфекциялы асқынулардың профилактикасы және емдеуде
Қолдану тәсілі және дозалары
Доза инфекцияның типіне, орналасуын және ауырлығына қоздырғыштың сезімталдығына, пациенттің жасына және оның бауыры мен бүйрегінің функциясының жағдайына тәуелді.
Төменде берілген кестелерде көрсетілген дозалар осы көрсетілімдерде қолдану үшін ұсынылған дозалар болып табылады. Айрықша ауыр жағдайларда аталған диапазондардан ең жоғары дозаларды тағайындаудың мақсатқа сай екендігін қарастыру керек.
Ересектер мен 12 жастан асқан балалар (дене салмағы > 50 кг)
Дозасы* |
Қолдану жиілігі** |
Көрсетілімдері |
1-2 г |
тәулігіне 1 рет |
Ауруханалық емес пневмониялар. Өкпенің созылмалы обструктивті ауруларының асқынуы. Интраабдоминальді инфекциялар. Несеп шығару жолдарының асқынған инфекциялары (оның ішінде пиелонефрит). |
2 г |
тәулігіне 1 рет |
Ауруханалық пневмониялар. Тері мен жұмсақ тіндердің асқынған инфекциялары Сүйек пен буындардың инфекциялары |
2-4 г |
тәулігіне 1 рет |
Бактериялық инфекциямен туындаған нейтропения және қызбамен пациенттерге. Бактериялық эндокардит Бактериялық менингит |
*Анықталған бактериемияда берілген диапазоннан ең жоғары дозасы қарастырылады.
**Препаратты тәулігіне 2 г жоғары дозада тағайындағанда препаратты күніне 2 рет қолдану мүмкіндігі қарастырылады.
Ересектер мен 12 жастан асқан балаларға (>50 кг) арналған препаратты енгізудің арнайы режимін талап ететін көрсетілімдер:
Жедел ортаңғы отит: әдетте, препаратты 1-2 г. дозада бір рет бұлшықет ішіне енгізу жеткілікті. Шектелген деректер көрсеткендей ауыр жағдайларда немесе алдыңғы ем тиімсіз болғанда цефтриаксонды тәулігіне 1-2 г в дозада 3 күн ішінде бұлшықет ішіне енгізу тиімді болуы мүмкін.
Хирургиялық инфекциялардың операция алдындағы профилактикасы: операция алдында 2 г. дозада бір рет енгізу
Соз: 0,5 г. дозада бір рет енгізу
Мерез: күніне бір рет 0,5 г немесе 1 г ұсынылған дозасын нейромерезде күніне бір рет 2 г дейін арттырады, емдеу ұзақтығы 10-14 күн. Мерезде, оның ішінде нейромерезде дозалануына қатысты ұсынымдар шектелген деректерге негізделген. Ұлттық және жергілікті нұсқаларға сүйену керек.
Диссеминацияланған Лайм-боррелиоз (ерте (П) және кеш (III) сатысы): тәулігіне бір рет 2 г дозада 14-21 күн ішінде қолдану. Ұсынылған қолдану ұзақтығы ауытқымалы. Ұлттық және жергілікті нұсқаларға сүйену керек.
Балаларда қолданылуы.
Жаңа туғандар, нәрестелер және 15 күннен 12 жасқа дейінгі балалар (<50 кг)
Дозасы* |
Қолдану жиілігі** |
Көрсетілімдері |
дене салмағына 50-80 мг/кг |
тәулігіне 1 рет |
Интраабдоминальді инфекция. Несеп шығару жолдарының асқынған инфекциялары (пиелонефритті қоса). Ауруханалық емес пневмония. Ауруханалық пневмония. |
дене салмағына 50-100 мг/кг (ең жоғары доза - 4 г) |
тәулігіне 1 рет |
Тері мен несеп шығару жолдарының асқынған инфекциялары. Сүйек пен буындардың инфекциялары. Бактериялық инфекциямен туындаған нейтропения және қызбамен пациенттерге. |
дене салмағына 80-100 мг/кг (ең жоғары доза доза - 4 г) |
тәулігіне 1 рет |
Бактериялық менингит |
дене салмағына 100 мг/кг (ең жоғары доза - 4 г) |
тәулігіне 1 рет |
Бактериялық эндокардит |
*Анықталған бактериемияда берілген диапазоннан ең жоғары дозасы қарастырылады.
**Препаратты тәулігіне 2 г жоғары дозада тағайындағанда препаратты күніне 2 рет қолдану мүмкіндігі қарастырылады.
Жаңа туғандар, нәрестелер және 15 күннен 12 жасқа дейінгі балаларға (<50 кг) арналған препаратты енгізудің арнайы режимін талап ететін көрсетілімдер:
Жедел ортаңғы отит: әдетте, препаратты дене салмағына 50 мг/кг дозада бір рет бұлшықет ішіне енгізу жеткілікті.
Шектелген деректер көрсеткендей ауыр жағдайларда немесе алдыңғы ем тиімсіз болғанда цефтриаксонды тәулігіне 50 мг/кг дозада 3 күн ішінде бұлшықет ішіне енгізу тиімді болуы мүмкін.
Хирургиялық инфекциялардың операция алдындағы профилактикасы: операция алдында дене салмағына 50 мг/кг дозада бір рет енгізу.
Мерез: ұсынылған дозасы тәулігіне бір рет дене салмағына 75-100 мг/кг, емдеу ұзақтығы 10-14 күн.
Мерезде, оның ішінде нейромерезде дозалануына қатысты ұсынымдар шектелген деректерге негізделген. Ұлттық және жергілікті нұсқаларға сүйену керек.
Диссеминацияланған Лайм-боррелиоз (ерте (П) және кеш (III) сатысы): тәулігіне бір рет дене салмағына 50-80 мг/кг дозада 14-21 күн ішінде қолдану. Ұсынылған қолдану ұзақтығы ауытқымалы. Ұлттық және жергілікті нұсқауларға сүйену керек.
0-14 күндік жастағы жаңа туғандар
Цефтриаксонды 41 аптаға дейінгі күні жетпей туған жаңа туғандарға (гестациялық жасы + хронологиялық жасы) қолдануға болмайды.
Дозасы* |
Қолдану жиілігі** |
Көрсетілімдері |
дене салмағына 25-50 мг/кг |
тәулігіне 1 рет |
Интраабдоминальді инфекция. Тері мен жұмсақ тіндердің асқынған инфекциялары. Несеп шығару жолдарының асқынған инфекциялары (пиелонефритті қоса). Ауруханалық емес пневмониялар. Ауруханалық пневмониялар. Сүйек пен буындардың инфекциялары. Бактериялық инфекциямен туындаған нейтропения және қызбамен пациенттерге. |
дене салмағына 50 мг/кг |
тәулігіне 1 рет |
Бактериялық менингит. Бактериялық эндокардит. |
*Анықталған бактериемияда берілген диапазоннан ең жоғары дозасы қарастырылады.
Дене салмағына 50 мг/кг ең жоғары тәуліктік дозасынан асыруға болмайды.
0-14 күндік жастағы жаңа туғандарға арналған препаратты енгізудің арнайы режимін талап ететін көрсетілімдер:
Жедел ортаңғы отит: әдетте, дәрілік затты дене салмағына 50 мг/кг дозада бір рет бұлшықет ішіне енгізу жеткілікті.
Хирургиялық инфекциялардың операция алдындағы профилактикасы: операция алдында дене салмағына 20-50 мг/кг дозада бір рет енгізу.
Мерез: ұсынылған дозасы тәулігіне бір рет дене салмағына 50 мг/кг, емдеу ұзақтығы 10-14 күн.
Мерезде, оның ішінде нейромерезде дозалануына қатысты ұсынымдар шектелген деректерге негізделген. Ұлттық және жергілікті нұсқауларға сүйену керек.
Емдеу ұзақтығы: емдеу ұзақтығы аурудың ағымына байланысты. Цефтриаксонды қолдануды пациенттің дене температурасы қалпына келгеннен кейін немесе қоздырғыш эрадикациясы расталғаннан кейін 48-72 сағат ішінде жалғастыру керек.
Егде жастағы адамдарда қолданылуы: бүйрек және бауырдың қалыпты функциясы жағдайында егде жастағы пациенттер үшін дозаны түзету талап етілмейді.
Бауыр функциясының бұзылуымен пациенттерде қолданылуы: бар деректер бүйрек функциясы қалыпты болған жағдайда бауыр функциясының жеңіл немесе орташа бұзылуында цефтриаксонның дозасын өзгертудің қажеттігін білдірмейді. Препаратты ауыр бауыр жеткіліксіздігімен пациенттерде қолдануға қатысты зерттеулер жүргізілген жоқ.
Бүйрек функциясының бұзылуымен пациенттерде қолданылуы:бар деректер бауыр функциясы бұзылмаған жағдайда бүйрек функциясының бұзылуымен пациенттерде цефтриаксонның дозасын түзету қажеттігін білдірмейді. Претерминальді бүйрек жеткіліксіздігі жағдайында (креатинин клиренсі <10 мл/мин) цефтриаксонның дозасы тәулігіне 2 г аспауы керек. Диализдегі пациенттерде емшарадан кейін препаратты қосымша енгізу талап етілмейді. Цефтриаксон перитонеальді гемодиализ жолымен шығарылмайды. Препараттың қауіпсіздігі мен тиімділігін клиникалық бақылау керек.
Ауыр бүйрек және бауыр жеткіліксіздігімен пациенттерде қолданылуы: цефтриаксонды ауыр бүйрек және бауыр жеткіліксіздігімен пациенттерде қолданғанда препараттың қауіпсіздігі мен тиімділігіне клиникалық бақылау жүргізу керек.
Қолдану тәсілі: цефтриаксонды 30 минуттан кем емес уақыт вена ішіне инфузия түрінде (қолайлы жолы), 5 минут ішінде вена ішіне сорғалатып баяу немесе бұлшықет ішіне (терең инъекциялар) қолдану керек.
Вена ішіне сорғалатып енгізуді дұрысы 5 минут ішінде үлкен веналарға жүргізеді.
50 мг/кг немесе одан жоғары вена ішілік дозаларды сәбилер мен 12 жасқа дейінгі балаларға инфузия жолымен енгізу керек. Жаңа туғандарда билирубиндік энцефалопатияның зор қаупін азайту үшін инфузия ұзақтығы 60 минуттан артықты құрауы керек.
Бұлшықет ішіне енгізуді бір бұлшықетке 1 г асырмай, ірі бұлшықеттерге жасау керек. Цефтриаксонды бұлшықет ішіне препаратты вена ішіне енгізуге болмайтын немесе бұлшықет ішіне енгізу жолы пациент үшін қолайлы жағдайларда енгізу керек. 2 г асатын дозалар үшін вена ішіне енгізу тәсілін қолдану керек. Лидокаинді еріткіш ретінде қолданғанда алынған ерітіндіні вена ішіне енгізуге болмайды. Осындай ерітіндіні бұлшықет ішіне енгізер алдында пациентте лидокаинді қолдануға қатысты қарсы көрсетілімдерді анықтау керек (лидокаинді қолдануға қатысты нұсқаулықты қара). Жаңа туғандарға кальций препараттарын немесе құрамында кальций бар ерітінділерді енгізу қажеттігінде өкпе және бүйректерде цефтриаксон-кальций преципитаттары түзілу қаупіне байланысты цефтриаксонды енгізуге болмайды.
Шөгінді түзілу қаупіне байланысты цефтриаксонды еріту үшін құрамында кальций бар препараттарды (Рингер ерітіндісі, Хартман ерітіндісі) қолдануға болмайды.
Сондай-ақ цефтриаксонның кальций тұздарының преципитаттарының пайда болуы препаратты құрамында кальций бар ерітінділермен вена ішіне енгізуге арналған бір инфузиялық жүйеде араластырғанда байқалады. Сондықтан цефтриаксон мен құрамында кальций бар ерітінділерді араластыруға немесе бір мезгілде қолдануға болмайды.
Хирургиялық инфекциялардың операция алдындағы профилактикасы үшін цефтриаксонды операцияға дейін 30-90 минут бұрын енгізу керек.
Жағымсыз әсерлері
Жиі
- есекжем, қалтырау немесе қызба, бөрту, қышыну
- жүрек айнуы, құсу, диарея немесе іш қату, метеоризм, іш қуысындағы ауырулар, дәм сезудің бұзылуы, стоматит, глоссит, жалғанжарғақшалы энтероколит, бауыр функциясының бұзылуы («бауыр» трансаминазалары белсенділігінің жоғарылауы), өт қабының жалған холелитиазы («sludge»-синдромы), дисбактериоз
- анемия, лейкопения, лейкоцитоз, нейтропения, гранулоцитопения, лимфопения, тромбоцитоз, тромбоцитопения, гемолиздік анемия, гипокоагуляция, қан ұюының плазмалық факторлары концентрациясының төмендеуі (II, VII, IX, X), протромбин уақытының ұзаруы
- бүйрек функциясының бұзылуы (азотемия, қандағы мочевина мөлшерінің жоғарылауы, гиперкреатининемия, глюкозурия, цилиндрурия, гематурия), олигурия, анурия
- флебит, венаны бойлай ауырсыну, бұлшықет ішіне енгізген жердегі ауыру және инфильтрат
- бас ауыруы, бас айналуы, мұрыннан қан кету, кандидоз, асқын инфекция
Сирек
- бронх түйілуі, эозинофилия, экссудаттық мультиформалы эритема (соның ішінде Стивенс-Джонсон синдромы), сарысу құю ауруы, анафилаксиялық шок
- сілтілі фосфатаза белсенділігінің немесе билирубиннің жоғарылауы, холестаздық сарғаю
Қолдануға болмайтын жағдайлар
- цефтриаксонға, басқа да цефалоспориндерге аса жоғары сезімталдық
- анамнезінде бета-лактамды антибактериальді препараттардың басқа кез келген типіне (пенициллиндер, монобактамдар, карбапенемдер) аса жоғары сезімталдықтың ауыр реакциялары (мысалы, анафилаксиялық реакциялар)
Цефтриаксонды қолдануға болмайды:
- 41 аптаға дейінгі күні жетпей туған жаңа туғандарға (гестациялық жасы + хронологиялық жасы)
- күні жетіп туған жаңа туғандарға (өмірінің 28 күніне дейін):
а) гипербилирубинемия, сарғаю, гипоальбуминемия немесе ацидоз болғанда, билирубиннің байланысуы бұзылуы мүмкін жағдайларда*,
б) егер оларға қажет болса (немесе қажет болуы мүмкін болса) цефтриаксонның кальций тұздарының преципитаттарының түзілу қаупіне байланысты кальций немесе құрамында кальций бар ерітінділерді вена ішіне енгізу.
* in vitro зерттеулері көрсеткендей, цефтриаксон билирубинді оның сарысулық альбуминмен байланысынан ығыстырып шығаруы мүмкін, ол осы пациенттерде билирубиндік энцефалопатия қаупін арттырады.
Цефтриаксонды бұлшықет ішіне енгізер алдында, еріткіш ретінде лидокаин қолданылғанда лидокаин үшін қарсы көрсетілімдерді ескеру керек (Лидокаин дәрілік затының медициналық қолдану жөніндегі нұсқаулығындағы ақпаратты қара). Құрамында лидокаин бар цефтриаксон ерітінділерін вена ішіне енгізуге болмайды.
Дәрілермен өзара әрекеттесуі
Грамтеріс флораға қатысты амин гликозидті антибиотиктермен синергизм иеленген.
ҚҚСП-мен, антиагреганттармен, антикоагулянттармен бірге қолданғанда қан кетудің даму ықтималдығы артады.
Ілмекті диуретиктермен (жоғары дозаларда) бір мезгілде қолданғанда препараттың нефроуытты әсер ету ықтималдығы жоғарылайды.
Алкогольді бір мезгілде тұтынғанда дисульфирамға ұқсас әсерлердің өршуі мүмкін (беттің қызаруы, іштің және асқазан аймағының түйіліп ауырулары, жүрек айнуы, құсу, бас ауруы, гипотония, тахикардия, ентігу).
Цефтриаксон ерітінділері құрамында басқа антибиотиктер бар ерітінділермен, сондай-ақ құрамында кальций иондары бар ерітінділермен фармацевтикалық тұрғыда үйлесімсіз.
Айрықша нұсқаулар
Басқа цефалоспориндік антибиотиктерге ортақ ереже болып табылатын анамнезіндегі толық деректер жинағына қарамастан, анафилаксиялық шоктың даму мүмкіндігін жоққа шығаруға болмайды, ол дереу емдеуді талап етеді – әуелі вена ішіне адреналин, артынша глюкокортикоидтар енгізіледі.
Өт қабын ультрадыбысты зерттегенде кейде шөгінділердің түзілгенін көрсететін көлеңкенің бары байқалады. Цефтриаксонмен емдеу аяқталғаннан немесе уақытша тоқтатылғаннан кейін бұл белгі жоғалады. Тіпті ауыру синдромы болғанда да осыған ұқсас жағдайлар хирургиялық араласуды қажет етпейді, консервативті емдеу жеткілікті болып саналады.
Іn vitro зерттеулері, басқа цефалоспориндік антибиотиктер сияқты, Цефтриаксонның қан сарысуының альбуминімен байланысқан билирубинді ығыстырып шығаруға қабілетті екенін көрсетті. Сондықтан гипербилирубинемиясы бар жаңа туған нәрестелерде, әсіресе шала туған сәбилерде Цефтриаксонды қолдану бұрынғыдан да ерекше сақ болуды талап етеді.
Артериялық гипертензияда және су-электролиттік теңгерім бұзылған кезде плазмадағы натрий деңгейін тексеру қажет.
Бір мезгілдегі ауыр сипатты бүйрек және бауыр жеткіліксіздігінде, гемодиализде жүрген науқастарда плазмадағы препарат концентрациясын ұдайы анықтау керек, өйткені оларда шығарылу жылдамдығы төмендеуі мүмкін.
Емдеу ұзаққа созылғанда шеткері қанның көрінісін, бауыр мен бүйректің функционалдық жағдайының көрсеткіштерін жүйелі бақылау қажет.
Емделу кезінде этанолды тұтынуға болмайды – дисульфирамға ұқсас әсерлер болуы мүмкін (бет гиперемиясы, іштің және асқазан аймағының түйілуі, құсу, жүрек айнуы, бас ауыруы, артериялық қысымның төмендеуі, тахикардия, ентігу).
Цефтриаксонның жаңа дайындалған ерітіндісі бөлме температурасында 6 сағат бойы физикалық және химиялық тұрғыдан тұрақты.
Егде жастағыларға және әлсіреген науқастарға К витаминін тағайындау қажет болуы мүмкін.
Цефтриаксон тек стационарлық жағдайларда қолданылады!
Дәрілік заттың көлік құралдарын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері
Мәліметтер жоқ.
Артық дозалануы
Симптомдары: орталық жүйке жүйесінің қозуы, құрысулар.
Емі: белгісіне қарай. Гемодиализ және перитонеальді диализ препарат концентрациясын төмендетпейді. Арнайы антидоты жоқ.
Шығарылу түрі және қаптамасы
0.5 немесе 1.0 г ұнтақтан сыйымдылығы 10 мл құтыларда.
Әр құтыға көп бояулы баспаға арналған қағаздан немесе офсетті қағаздан жасалған заттаңба немесе өздігінен желімденетін заттаңба жапсырылады.
1 немесе 10 құтыдан медициналық қолдану жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықтармен бірге хром-эрзац картоннан жасалған қорапшаға салынған.
10 құтыдан медициналық қолдану жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықтармен бірге құтыларды бекітуге арналған картон астары бар картоннан жасалған қорапшаға салады.
270 құтыдан (қорапшаға салмай) медициналық қолдану жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықтардың сәйкес санымен бірге гофрланған картоннан жасалған қорапқа салады.
Сақтау шарттары
Жарықтан қорғалған жерде, 25ºС-ден аспайтын температурада сақтау керек.
Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек.
Сақтау мерзімі
3 жыл
Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін пайдалануға болмайды.
Дәріханалардан босатылу шарттары
Рецепт арқылы
Өндіруші
«Борисов медициналық препараттар зауыты» ашық акционерлік қоғамы
Беларусь Республикасы, Минск обл., Борисов қ., Чапаев к-сі, 64,
тел./факс: +375(177)734043.
Тіркеу куәлігінің иесі
«Борисов медициналық препараттар зауыты» ашық акционерлік қоғамы,
Беларусь Республикасы
Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан өнім (тауар) сапасына қатысты шағымдар қабылдайтын ұйымның мекенжайы
«Борисов медициналық препараттар зауыты» ашық акционерлік қоғамы
Беларусь Республикасы, Минск обл., Борисов қ., Чапаев к-сі, 64,
тел/факс +375(177)734043, электрондық поштасы market@borimed.com
Қазақстан Республикасы аумағында дәрілік заттың тіркеуден кейінгі қауіпсіздігін қадағалауға жауапты ұйымның атауы, мекенжайы және байланыс деректері (телефон, факс, электрондық поштасы)
Қазақстан Республикасы, 050004, Алматы қ-сы, Абылай хан даңғылы, 30, «МедФармИнтерСервис» ЖШС, тел. 87013066011, 87714140258.