Таксомеда (50 мл)

МНН: Паклитаксел
Производитель: Хаупт Фарма Вольфратсхаузен ГмбХ
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Paclitaxel
Номер регистрации в РК: РК-ЛС-5№023953
Информация о регистрации в РК: 10.12.2018 - 10.12.2023

Инструкция

Саудалық атауы

Таксомеда

Халықаралық патенттелмеген атауы

Паклитаксел

Дәрілік түрі

Инфузия үшін ерітінді дайындауға арналған 6 мг/мл концентрат, 5 мл, 16.7 мл немесе 50 мл

Құрамы

1 мл препараттың құрамында

белсенді зат - 6.00 мг паклитаксел;

қосымша заттар: сусыз лимон қышқылы 2.00 мг, 527.0 мг макрогол-глицерол рицинолеаты, сусыз этанол 1 мл дейін.

Сипаттамасы

Бозғылт-сары түсті, сәл тұтқыр ерітінді.

Фармакотерапиялық тобы

Антинеопластикалық және иммуномодуляциялайтын препараттары. Антинеопластикалық препараттар. Өсімдік алкалоидтары және табиғи тектес басқа препараттар. Таксандар. Паклитаксел.

ATX коды L01CD01

Фармакологиялық қасиеттері

Фармакокинетикасы

Вена ішіне енгізгеннен кейін қан плазмасында паклитаксел концентрациясының екі фазалы төмендеуі байқалады.

Паклитакселдің фармакокинетикасы препараттың 135 мг/м2 және 175 мг/м2 дозаларымен 3 сағат және 24 сағат бойы жүргізілген инфузиядан кейін зерттелді. Терминальді фазада жартылай шығарылу кезеңінің орташа ұзақтығы 3,0–52,7 сағатты, ал организмнен орташа жалпы клиренсі 11.6 - 24.0 л/сағ/м2 құрады. Қан плазмасында оның концентрациясы жоғарылаған кезде паклитакселдің жалпы клиренсінде төмендеуге беталыс байқалды. Паклитакселдің орташа тепе-тең таралу көлемі 198–688 л/м2 құрайды, бұл қантамырдан тыс таралуының және/тіндермен байланысуының ауқымдылығын айғақтайды. 3 сағаттық инфузияда паклитакселдің фармакокинетикасы дозаға тәуелді сипатқа ие. Дозаны 30%-ға, 135 мг/м2-ден 175 мг/м2 дейін, арттырғанда қан плазмасындағы ең жоғары концентрация (Cmax) 75%-ға, сондай-ақ "концентрация-уақыт" қисығы астандағы аудан (AUC0-∞) 81%-ға жоғарылады.

Емдеудің әртүрлі курстары кезінде паклитакселдің жүйелік экспозициясының тербелуі өте төмен болды. Көп реттік емдеу курстарында паклитакселдің жиналып қалуы тіркелген жоқ.

Паклитакселдің шамамен 89–98%-ы қан плазмасы ақуыздарымен байланысады. Циметидиннің, ранитидиннің, дексаметазонның немесе дифенгидраминнің болуы паклитакселдің ақуыздармен байланысуына ықпалын тигізбейді.

Паклитакселдің енгізілген дозасының 1,3-тен 12,6%-на дейіні өзгермеген күйінде несеппен бірге шығарылады, бұл бүйректен тыс экстенсивті клиренсті айғақтайды. Паклитаксел көбіне бауырда метаболизденеді және, негізінен, өтпен бірге шығарылады. Паклитакселдің метаболизмі Р450 цитохромы изоферменттерінің қатысуымен жүруі ықтимал. Радиоактивті изотоппен таңбаланған паклитакселді енгізгеннен кейін радиоактивтіліктің 26; 2; 6% нәжіспен бірге 6α-гидроксипаклитаксел, 3′-р-дигидроксипаклитаксел және 6α-3′-р-гидроксипаклитаксел түрінде шығарылды. Осы гидроксилденген метаболиттердің түзілуі, сәйкесінше, CYP2C8, CYP3A4 және CYP2C8 және CYP3A4 изоферменттерімен катализденеді.

Паклитакселді цисплатинмен, доксорубицинмен немесе трастузумабпен біріктіріп қолданғанда пайдаланылуы туралы ақпарат алу үшін медициналық қолдану жөніндегі нұсқаулықпен танысып шығу қажет.

Фармакодинамикасы

Паклитаксел өсімдік текті антимитоген болып табылады, ол жасушалардың микротүтікшелі аппаратына әсер етеді. Тубулиннің димерлерінен микротүтікшелердің жинақталуын стимуляциялайды және деполимеризацияның басылуы есебінен микротүтікшелерді тұрақтандырады. Мұндай тұрақтылық интерфаза және митоз этапында жасушалық функция үшін маңызды мәнге ие микротүтікшелер тізбегінің қалыпты динамикалық қайта түзілуіне кедергі жасайды. Бұдан басқа, барлық жасушалық цикл кезінде микротүтікшелер тобының немесе бунағының және митоз кезінде микротүтікшелердің көптеген жұлдыздарының зақымдануын индукциялайды.

Қолданылуы

аналық бездердің обыры

- цисплатинмен біріктірілген лапаротомиядан кейін аналық бездің кең таралған түрі немесе қалдық ісігі бар (1 см-ден үлкенірек) бар пациенттерде бірінші желілі ем ретінде

- метастаздарда оң нәтиже бермеген платина препараттарымен стандартты емнен кейін екінші желілі ем ретінде

сүт бездерінің обыры

- антрациклинмен және циклофосфамидпен стандартты біріктірілген емнен (АЦ-терапия) кейін зақымданған лимфалық түйіндерге адъювантты ем жүргізу үшін. Таксомеданы қолданып адъювантты ем жүргізу антрациклинмен және циклофосфамидпен стандартты біріктірілген емге (АЦ-терапияға) балама болып табылады.

- сүт бездерінің жергілікті-таралған немесе метастаздық обырында, антрациклинмен емдеу немесе трастузумабпен біріктірілімі оң болған пациенттерде, 3+ (иммуногистохимия жәрдемімен анықталған) деңгейде шамадан тыс экспрессияланған HER-2 бар пациенттерге, сондай-ақ антрациклинмен емдеуге келмейтін пациенттерде алғашқы желілі ем ретінде

- сүт бездерінің метастаздық обырын емдеу үшін пациенттерде антрациклиндер қолдану тиімді болмаған стандартты емнен кейін немесе антрациклиндермен емдеуге келмеген пациенттерде монотерапия ретінде.

өкпенің кеш сатыдағы ұсақ жасушалы емес обыры

- хирургиялық ем және/немесе сәулемен емдеу жүргізу жоспарланбаған пациенттерде өкпенің ұсақ жасушалы емес обырын емдеу үшін цисплатинмен біріктіріп.

ЖИТС-ке шалдыққан пациенттердегі Капоши саркомасы

- ЖИТС-ке шалдыққан пациенттерде Капоши саркомасын емдеу үшін липосомальді антрациклиндермен емдеу тиімді болмаған жағдайда.

Қолдану тәсілі және дозалары

Таксомеданы цитоуытты дәрілерді енгізуге мамандандырылған бөлімде кәсіби онкологтың бақылауымен ғана енгізген жөн.

Ісікке қарсы барлық препараттардағы сияқты Таксомедамен жұмыс жасағанда сақтық таныту керек. Сұйылтуды оны меңгерген қызметкердің арнайы бөлінген орында асептикалық жағдайда жүргізгені жөн. Теріге және шырышты қабықтарға тиіп кетуіне жол бермеу үшін сақтық шараларын қолданған жөн. Теріге тигізіп алған жағдайда мол мөлшерлі ағынды сумен, содан кейін сабындап, сумен жуып-шаю керек. Жергілікті әсер еткеннен кейін шаншу, күйдіру сезімі және эритема байқалды. Шырышты қабыққа тиіп кеткен жағдайда сол жерді сумен шаю керек. Ингаляциядан кейін ентігу, кеуденің ауыруы, тамақтың ашып ауыруы және жүректің айнуы тіркелді. Ашылмаған құтыны тоңазытқышта сақтағанда шөгінді түзілуі мүмкін, ол сәл араластырғанда немесе құтыны бөлме температурасына дейін жылытқанда ол Таксомеданың сапасына ықпалын тигізбейді. Егер жылытқаннан кейін ерітінді бұлыңғырланса немесе ерімеген бөлшектер бар болса, ерітіндіні жою керек.

Вена ішіне енгізуге арналған ерітіндіні дайындау

Инфузияға дейін Таксомеда асептикалық әдістерді пайдаланып сұйылтылуы тиіс. Сұйылту үшін 0.9% натрий хлоридінің немесе 5% глюкоза ерітіндісі пайдаланылуы мүмкін. Таксомеданы 0,3-тен 1,2 мг/мл-ге дейінгі ақырғы концентрацияға дейін сұйылтады.

Ерітінді бір реттік енгізуге арналған.

Паклитакселдің инфузиясы кезінде, әдеттегідей, 24 сағаттық инфузия кезеңінде шөгінді жөнінде сирек мәлімдемелер болды. Осы шөгіндінің себебі айқындалмаса да, бұл сұйылтылған ерітіндінің қайта қанығуымен байланысты болуы ықтимал. Шөгінді түзу қаупін азайту үшін паклитаксел сұйылтылу бойына дереу пайдаланылуы тиіс, сондай-ақ шамадан тыс араластыруға, тербелтуге немесе сілкілеуге жол бермеген жөн. Инфузиялық ерітінді инфузия кезінде ұдайы тексерілуі тиіс және, егер шөгінді түсе бастаса, инфузияны тоқтату керек.

Әзірлеу, сақтау және енгізу құрамында ПВХ жоқ құрал-жабдықпен жүзеге асырылуы тиіс.

Барлық пациенттер паклитакселмен емделгенге дейін кортикостероидтармен, антигистаминдік препараттармен және H2 блокаторларымен премедикациядан өтуі тиіс, мысалы:

Әсер етуші зат

Доза

Таксомедамен емдеуге дейін қолдану

дексаметазон

20 мг пероральді* немесе вена ішіне

Оральді түрде қолдану үшін: шамамен 6 және 12 сағат немесе вена ішіне енгізу үшін: 30-дан 60 минутқа дейін

дифенгидрамин**

50 мг вена ішіне

30-дан 60 минутқа дейін

циметидин немесе ранитидин

300 мг вена ішіне

50 мг вена ішіне

30-дан 60 минутқа дейін

* Капоши саркомасы бар науқастар үшін 8-20 мг

** немесе гистаминге қарсы баламалы препарат, мысалы, хлор-фенирамин.

Паклитакселді ішінде ≤ 0,22 мкм микротесік жарғақшалары бар сүзгі арқылы вена ішіне енгізу керек.

Аналық бездердің обырында алғашқы желілі химиотерапия: ұсынылатын біріктірілген режим: паклитаксел және цисплатин. Инфузиялардың ұзақтығына сәйкес, паклитакселдің екі дозасы ұсынылады: 3 сағат бойы вена ішіне 175 мг/м2 паклитаксел, кейіннен әрбір үш апта сайын 75 мг/м2 доза цисплатин енгізу немесе 24 сағаттық инфузия кезінде 135 мг/м2 паклитаксел, кейіннен енгізу курстары 3 апталық аралықпен 75 мг/м2 цисплатин енгізу.

Аналық бездердің обырында екінші желілі химиотерапия: 3 сағат бойы паклитакселдің ұсынылатын дозасы 175 мг/м2, курс арасындағы аралық 3 апталық.

Сүт бездерінің обырында адъювантты химиотерапия: антрациклинмен және циклофосфамидпен (АЦ) емдеуден кейін төрт курс ішінде әрбір 3 апта сайын 3 сағат бойы паклитакселдің ұсынылатын дозасы 175 мг/м2.

Сүт бездерінің обырында алғашқы желілі химиотерапия: доксорубицинмен (50 мг/м2) біріктіріп, паклитакселді доксорубициннен кейін 24 сағаттан соң енгізу керек. Паклитакселдің ұсынылатын дозасывена ішіне 3 сағат бойы 220 мг/м2, курс арасындағы аралық 3 апталық.

Трастузумабпен біріктіріп, паклитакселдің ұсынылатын дозасы – 3 сағат бойы вена ішіне 175 мг/м2, курс арасындағы аралық 3 апталық. Паклитаксел инфузиясы трастузумабтың алғашқы дозасынан кейін келесі күні немесе, егер трастузумабтың мұның алдындағы дозасының жағымдылығы жақсы болса, трастузумабтың кейінгі дозаларынан кейін бірден қолданылуы мүмкін.

Сүт бездерінің обырында екінші желілі химиотерапия: паклитакселдің ұсынылатын дозасы – вена ішіне 3 сағат бойы 175 мг/м2, курс арасындағы аралық 3 апталық.

Өкпенің ұсақ жасушалы емес обырын емдеу: паклитакселдің ұсынылатын дозасы – 3 сағат бойы 175 мг/м2, содан кейін 80 мг/м2 цисплатин, курс арасындағы аралық 3 апталық.

ЖИТС-ке шалдыққан пациенттерде Капоши саркомасын емдеу:

Паклитакселдің ұсынылатын дозасы – әрбір екі апта сайын вена ішіне 3 сағаттық инфузия түрінде 100 мг/м2.

Паклитакселдің кейінгі дозалары оның пациенттерге жекелей жағымдылығына сәйкес енгізілуі тиіс.

Паклитакселді нейтрофилдер саны ≥ 1500/мл (Капоши саркомасы бар науқастар үшін ≥ 1000/мл) және тромбоциттер саны ≥ 100 000/мл (Капоши саркомасы бар науқастар үшін ≥ 75000/мл) болмайынша қайталап енгізбеген жөн. Ауыр нейтропениясы (апта немесе одан көбірек апта бойы нейтрофилдер саны < 500/мл) немесе ауыр шеткері нейропатиясы бар пациенттерде кейінгі курстарда дозаны 20%-ға (Капоши саркомасы бар науқастар үшін 25%-ға) төмендету қажет.

Бауыр функциясы бұзылған пациенттер: бауыр функциясының жеңіл және орташа бұзылулары бар пациенттерде дозаны өзгерту нұсқауларына қатысты деректер жеткіліксіз. Бауыр функциясының ауыр жеткіліксіздігі бар пациенттерге паклитакселмен ем тағайындамаған жөн.

Балалар: паклитаксел қауіпсіздігі және тиімділігі жөнінде деректер жоқ болғандықтан, 18 жасқа дейінгі балаларға қолдану үшін ұсынылмайды.

Жағымсыз әсерлері

Жағымсыз әсерлердің жиілігін белгілеу келесі критерийлерге сәйкес жүргізіледі: өте жиі (≥ 1/10), жиі (≥ 1/100-ден < 1/10 дейін), жиі емес (≥ 1/1000-нан < 1/100 дейін), сирек (≥ 1/10000-нан < 1/1000 дейін), өте сирек (< 1/10000).

Монотерапия

Өте жиі

- инфекциялар (негізінен несеп шығару және жоғарғы тыныс алу жолдарының инфекциялары) өліммен аяқталуға дейін

- миелосупрессия, нейтропения, анемия, тромбоцитопения, лейкопения, қан кетулер

- емдік араласымды және паклитаксел қабылдауды тоқтатуды қажет етпейтін аса жоғары сезімталдықтың жеңіл реакциялары (негізінен, қан кернеулер және бөртпе)

- аяқ пен қолдың шаншуы және ұюы

- шеткері нейропатия

- гипотензия

- жүректің айнуы, құсу, диарея, мукозиттер

- алопеция

- артралгия, миалгия

Жиі

- брадикардия

- тырнақтар мен терінің өткінші орташа айқын өзгерулері

- енгізген жердегі реакциялар (ісіну, ауыру, эритема, қатаю, экстравазация*, ол теріасты шелінің қабынуын, фиброзды және тері некрозын дамытуы мүмкін)

- АСТ, сілтілік фосфатазаның айқын жоғарылауы

Жиі емес

- сепсистік шок

- емдеуді қажет ететін аса жоғары сезімталдықтың айқын реакциялары (гипотензия, ангионевроздық ісіну, респираторлық дистресс синдром, жайылған есекжем, қалтырау, арқаның, кеуденің ауыруы, тахикардия, абдоминальді ауыру, аяқ-қолдың ауыруы, терлеу және гипертензия)

- кардиомиопатия, бессимптомдық қарыншалық тахикардия, бигемениелі тахикардия, атриовентрикулярлық блокада, синкопальді жағдай, миокард инфарктісі

- гипертензия, тромбоз, тромбофлебит

- қанда билирубин деңгейінің айқын жоғарылауы

Сирек

- сепсис, перитонит, пневмония

- фебрильді нейтропения

- анафилаксиялық реакциялар

- моторлы нейропатия (аздаған дистальді әлсіздік ауысатын)

- жүрек функциясының жеткіліксіздігі

- диспноэ, плевральді жалқық, интерстициальді пневмония, өкпе фиброзы, өкпе артериясының эмболиясы, тыныс алу функциясының жеткіліксіздігі

- қышыну, бөртпе, эритема

- астения, қызба, дегидратация, ісіну, дімкәстік

- қан креатининінің жоғарылауы

- тінге байқамай инъекция жасаудан кейін тіннің қабынуы

- ішек бітелісі, ішек перфорациясы, ишемиялық колит, панкреатит

Өте сирек

- жедел миелоидты лейкоз, миелодисплазиялық синдром

- анафилаксиялық шок

- анорексия

- сананың шатасуы

- автономды нейропатия (салданған ішек бітелісіне және ортостаздық гипотензияға ауысатын), үлкен құрысу ұстамалары, конвульсиялар, энцефалопатия, бас айналу, бас ауыру, атаксия

- көру жүйкесінің зақымдануы және/немесе көру бұзылыстары (жыпылықтайтын скотома), әсіресе ұсынылғаннан артық дозаларды қабылдаған пациенттерде

- отоуыттылық, естуден айырылу, құлақтың шуылдауы, бас айналу

- жүрекшелердің фибрилляциясы, суправентрикулярлық тахикардия

- шок

- жөтел

- мезентеральді тромбоз, жалған жарғақшалы колит, эзофагит, іш қату, асцит, нейтропениялық колит

- бауыр некрозы, бауырлық энцефалопатия (екеуі де өліммен аяқталатын мәлімдемелермен)

- Стивенс-Джонсон синдромы, эпидермальді некролиз, мультиформалы

эритема, эксфолиативті дерматит, везикулярлы бөртпе, онихолизис (емдеу кезінде қолға және табанға күннен қорғайтын заттарды жағу ұсынылады)

Жиілігі белгісіз

- ісік лизисінің синдромы

- қантамырішілік диссеминацияланған ұю (ҚДҰ), ол сепсиспен немесе полиағзалық функциялар жеткіліксіздігімен қатар жүреді

- макулярлық ісіну, фотопсия, шыны тәрізді дененің беткейлік бұлыңғырлануы

- флебит

- склеродермия

- жүйелік қызыл жегі

*Экстравазациядан болған жағымсыз әсерлерді емдеудің қазіргі таңда спецификалық әдістері белгісіз. Кейбір жағдайларда енгізген жерде реакциялар не ұзақ құю кезінде немесе инфузиядан кейін 7 – 10 күннен соң туындайды.

Біріктірілген ем

Паклитаксел және цисплатин

Жиі

- нейроуыттылық, шеткері нейропатия

- гинекологиялық ісіктерді емдеу кезінде цисплатинмен монотерапия жүргізумен салыстырғанда, бүйрек функциясы жеткіліксіздігінің даму қаупінің жоғарылауы

- артралгия/миалгия, паклитаксел қабылдаған, кейіннен цисплатин енгізілген пациенттерде, циклофосфамид қабылдаған, кейіннен цисплатин енгізілген пациенттермен салыстырғанда, жоғары сезімталдық

Сирек

- миелосупрессия

- нейтропения, анемия, шеткері нейропатия, артралгия/миалгия, астения

- қызба

- диарея, жүректің айнуы, құсу

Паклитаксел және трастузумаб

Жиі

- жүрек функциясының жеткіліксіздігі, тахикардия, гипертония

- мұрыннан қан кету

- инфекциялар

- қалтырау, қызба, бөртпе

- жөтел

- буындардың ауыруы

- диарея

- акне

- қарапайым герпес вирусы

- кездейсоқ жарақаттар

- ұйқысыздық

- ринит, синусит

- енгізген жерде реакциялар

Паклитаксел және доксорубицин

Өте жиі

- жүректің жиырылуы тарапынан бұзылулар (сол жақ қарыншадан лықсу фракциясының 20%-ға және одан көпке төмендеуі)

Сирек

- жүрек функциясының жеткіліксіздігі

Пациенттердің ерекше топтары

Радиациялық пневмония бір мезгілде сәулемен емдеу қабылдаған пациенттерде білінді

ЖИТС-ке шалдыққан пациенттердегі Капоши саркомасы

Қан түзу жүйесі және бауыр тарапынан жағымсыз әсерлерді қоспағанда, олардың жиілігі және айқындылық дәрежесі, әдеттегідей, Капоши саркомасы бар пациенттер мен күрделі ауқымды ісіктерде паклитакселмен монотерапия қабылдап жүрген пациенттер арасында ұқсас болады.

Бауыр және өт шығару жолдары тарапынан бұзылулар

Өте жиі

- билирубин, сілтілік фосфатаза, АСТ деңгейлерінің жоғарылауы

Қолдануға болмайтын жағдайлар

- әсер етуші затқа немесе қосымша заттардың кез келгеніне жоғары сезімталдық

- нейтрофилдердің бастапқы мөлшері 1500/мкл-ден азырақ (Капоши саркомасы бар науқастар үшін тромбоциттер саны 1000/мкл-ден азырақ)

- бақыланбайтын күрделі инфекциялармен қатар жүретін Капоши саркомасы бар пациенттерге

- жүктілік және лактация кезеңі

- 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерге

Дәрілермен өзара әрекеттесуі

Аналық бездің обырында алғашқы желілі химиотерапияда – паклитаксел цисплатинге дейін енгізіледі. Мұндай жағдайда паклитакселдің қауіпсіздік бейіні оны монотерапия ретінде қолдану бейініне сәйкес келеді. Паклитаксел цисплатиннен кейін қолданылған кезде, пациенттерде өте терең миелосупрессия және паклитаксел клиренсінің шамамен 20%-ға төмендеуі көрініс береді. Паклитаксел және цисплатин қабылдаған пациенттерде, гинекологиялық ісіктерде цисплатинмен монотерапиямен салыстырғанда, бүйрек функциясы жеткіліксіздігінің пайда болуының жоғары қаупі бар.

Паклитаксел мен доксорубицинді бірінен кейін бірін енгізгенде доксорубицин мен оның белсенді метаболиттерінің организмнен шығарылуы төмендейтін болғандықтан, паклитаксел сүт бездерінің метастаздық обырын емдеудің бас кезінде доксорубициннен кейін вена ішіне 24 сағаттық инфузия түрінде енгізіледі.

Паклитакселдің метаболизмі, атап айтқанда, Р450 цитохромының CYP2C8 және CYP3А4 изоферменттерінің жәрдемімен катализденеді. Сондықтан препарат-препараттың өзара әрекеттесуінің фармакокинетикасына жүргізілген зерттеу деректері жоқ болғанда, паклитакселді және CYP2C8 немесе CYP3А4 тежегіштері ретінде белгілі препараттарды (мысалы, кетоконазол немесе имидазол негізіндегі зеңге қарсы препараттар, эритромицин, флуоксетин, гемфиброзил, клопидогрел, циметидин, ритонавир, саквинавир, индинавир және нелфинавир) бір мезгілде қолданғанда сақтық таныту қажет, өйткені паклитакселдің уыттылығы паклитакселдің организмге әсер етуінің өте жоғары болуына байланысты ұлғаюы мүмкін.

Паклитакселді CYP2C8 немесе CYP3А4 (мысалы, рифампицин, карбамазепин, фенитоин, эфавиренц, невирапин) индукциялайтын препараттармен бірге енгізу ұсынылмайды, өйткені паклитакселді қолдану тиімділігі паклитакселдің организмге әсер етуінің өте төмен дәрежеде болуына байланысты төмендеуі мүмкін.

Циметидиннің премедикациясы паклитакселдің клиренсіне ықпалын тигізбейді.

Бірнеше препараттарды қатар қабылдаған, Капоши саркомасы бар пациенттерде нелфинавирдің және ритонавирдің, бірақ индинавирдің емес, қатысуымен паклитакселдің жүйелік клиренсінің едәуір төмен болғаны білінді. Паклитакселдің протеазаның басқа тежегіштерімен өзара әрекеттесуіне қатысты ақпарат шектеулі. Протеаза тежегіштерін қатар жүргізілетін ем ретінде қабылдап жүрген пациенттерге паклитакселді сақтықпен тағайындаған жөн.

Препараттың құрамындағы спирттің мөлшері басқа дәрілік заттардың әсеріне ықпалын тигізуі мүмкін.

Айрықша нұсқаулар

Макроголглицерол рицинолеаты 35 ауыр аллергиялық реакцияларды туындатуы мүмкін.

Құты тек бір реттік қолдануға ғана арналған.

Қолдануға дайын ерітінді инъекцияға арналған 0.9% натрий хлоридінің ерітіндісімен, 5% глюкоза ерітіндісімен және Рингер ерітіндісіндегі 5% глюкоза ерітіндісімен сұйылтылғаннан кейін 27 сағат бойы 5°С және 25°С температурада химиялық және физикалық тұрақты болатындығын көрсетті. Микробиологиялық көзқарас тұрғысынан препараттың дайындалған ерітіндісін дереу пайдаланған жөн. Егер бірден пайдаланылмаса, препаратты сақтау мерзімі және сақтау шарттары пайдаланушының мойнына жүктеледі және, әдеттегідей, егер бақыланатын және тексерілген асептикалық жағдайларда ерітілсе, 2-8ºC температурада 24 сағаттан аспауы тиіс.

Инфузияға арналған ерітіндіні әзірлегенде сақтық шаралары жөніндегі нұсқаулар:

- Қорғаныш камераны және қорғаныш қолғапты пайдаланған жөн, сондай-ақ қорғаныш халат кию керек. Егер қорғаныш камерасы жоқ болса, бетке арналған маска және көзілдіріктер пайдаланылуы тиіс.

- Жүкті әйелдерге және бала көтере алатын жастағы әйелдерге Таксомедамен жұмыс жасауға тыйым салынады.

- Ашық контейнерлерді (инъекциялық құтылар, инфузиялық құтылар, пайдаланылған канюлалар, шприцтер, катетерлер, түтіктер, цитостатиктердің қалдықтары) жергілікті талаптарға сәйкес жою керек.

- Ағып кеткен жағдайда мына нұсқауларды орындаңыз: қорғаныш киім киіңіз, сынған шыныларды жинап алыңыз және қауіпті қалдықтарға арналған контейнерге салыңыз, ластанған жерлерді салқын судың мол мөлшерімен тиісінше жуып-шайыңыз, бетін мұқият сүртіңіз. Сүрту үшін пайдаланылған материалдарды қауіпті қалдықтар ретінде жойыңыз. Таксомеда көзге тиіп кеткен жағдайда оны салқын судың мол мөлшерімен, содан кейін сабындап, сумен мұқият жуып-шайыңыз. Егер өзіңізді жайсыз сезінсеңіз, дәрігерге көрініңіз. Көзге тиіп кеткен жағдайда оны салқын судың мол мөлшерімен жуып-шайыңыз және офтальмологтан кеңес алыңыз.

Пайдаланылмаған кез келген препарат немесе қалдықтар жергілікті талаптарға сәйкес жойылуы тиіс.

Паклитакселді біріктірілген ем түрінде пайдаланған кезде цисплатиннен бұрын пайдалану керек.

Таксомеданы «Қолдану тәсілі және дозалары» бөлімінде көрсетілгендерді қоспағанда, басқа дәрілік заттармен араластырмаған жөн. Таксомеданы ПВХ пластификацияланған құрал-жабдықтармен немесе инфузия үшін ерітінді дайындауға арналған құрылғылармен жанастырмау ұсынылады.

Ентігумен және гипотензиямен сипатталатын аса жоғары сезімталдықтың айқын реакциялары емдеуді қажет етеді, Квинке ісінуі және жайылған есекжем адекватты премедикациядан кейін паклитаксел қабылдаған пациенттердің 1%-дан азында туындады. Бұл реакциялар гистамин арқылы болуы ықтимал. Аса жоғары сезімталдықтың ауыр реакциялары жағдайында паклитакселмен инфузияны дереу тоқтату керек, симптомдық ем басталуы тиіс, және пациентке препарат қайтадан тағайындалмауы тиіс.

Сүйек кемігі функциясының басылуы (негізінен, нейтропения) уыттылықтың дозасын шектеуші болып табылады. Қанды талдау жиі жүргізілуі тиіс. Пациенттер нейтрофилдер деңгейі ≥ 1500/мл дейін (Капоши саркомасы бар науқастар үшін ≥ 1000/мл), ал тромбоциттер деңгейі ≥ 100000/мл дейін (Капоши саркомасы бар науқастар үшін ≥ 75000/мл) қалпына келгенше, қайтадан ем алмауы тиіс. Капоши саркомасына жүргізілген клиникалық зерттеулер барысында пациенттердің көбісі гранулоцитарлық колониестимуляциялаушы фактор (Г-КСФ) қабылдаған.

Бауыр функциясы бұзылған пациенттер уыттылықтың, атап айтқанда, миелосупрессияның 3 және 4 дәрежесінің жоғары қаупіне ұшырауы мүмкін. Бауыр функциясының орташа бұзылуы бар пациенттерге 3 сағаттық инфузия түрінде енгізгенде паклитакселдің уыттылығын айғақтайтын деректер жоқ. Паклитакселмен ұзағырақ инфузия жасау қолданылған жағдайда бауыр функциясының орташа және ауыр жеткіліксіздігі бар пациенттерде миелосупрессияның арту жағдайлары байқалады. Пациенттер терең миелосупрессияның дамуы тұрғысында мұқият бақылануы тиіс.

Бауыр функциясының ауыр жеткіліксіздігі бар пациенттерді емдеуге паклитакселді қолданбау керек.

Жүрек өткізгіштігінің ауыр бұзылулары паклитакселмен монотерапиядан кейін сирек тіркелді. Егер пациенттерде паклитакселді енгізген кезде өткізгіштіктің елеулі бұзылулары дамыса, тиісті ем жүргізілуі және кейіннен паклитакселмен ем жүргізу кезінде үздіксіз бақылау жүзеге асырылуы тиіс. Гипотония, гипертония және брадикардия паклитакселді енгізу кезінде, әдеттегідей, симптомсыз байқалды және әдетте емдеуді қажет еткен жоқ. Өмірлік маңызды функцияларға, атап айтқанда, паклитакселмен инфузияның алғашқы сағаты ішінде жиі мониторинг ұсынылады. Жүрек-қантамырлық ауыр асқынулар, сүт бездерінің немесе аналық бездердің обырына қарағанда, өкпенің ұсақ жасушалы обырында жиі байқалды.

Сүт бездерінің метастаздық обырын бастапқыда емдеу үшін паклитаксел доксорубицинмен немесе трастузумабпен біріктіріп пайдаланылған кезде жүрек қызметіне аса мұқият мониторинг жүргізген жөн. Пациенттер осы біріктірілімде паклитакселмен емдеуге кандидат болып табылған кезде, олар жүрек функциясына бастапқы тексерілуден, соның ішінде ауру тарихын зерттеуден, физикалық тексерілуден, ЭКГ-ден, эхокардиографиядан, және/немесе жүректің көп проекциялы изотоптық тексерілуінен өтуі тиіс. Емделу кезінде жүрек қызметін қосымша (мысалы, айына үш рет) бақылау керек. Мониторинг жүрек дисфункциясы дамитын пациенттерді анықтауға жәрдемдесуі мүмкін және емдеуші дәрігерлер қарыншалар функциясына баға беру жиілігіне қатысты шешім қабылдағанда антрациклиндердің жиынтық дозасын (мг/м2) мұқият таңдауы тиіс. Зерттеу нәтижелері жүрек функциясының, тіпті симптомсыз, нашарлауын көрсеткен кезде емдеуші дәрігерлер, жүректің асқынуларының потенциалды қаупімен, соның ішінде потенциалды қайтымсыз зақымдануымен салыстырғанда, әрі қарай емдеудің клиникалық артықшылығына мұқият баға беруі тиіс. Егер әрі қарай ем жүргізілсе, жүрек функциясын бақылау көбірек жиі (әрбір 1-2 цикл сайын) болуы тиіс.

Шеткері нейропатияның туындау жағдайлары жиі болса да, ауыр симптомдардың дамуы сирек жүреді. Ауыр жағдайларда паклитакселдің кейінгі барлық курстары үшін дозаны 20%-ға төмендету (Капоши саркомасы бар науқастар үшін 25%) ұсынылады. Өкпенің ұсақ жасушалы емес обыры және аналық бездердің обыры бар, емнің алғашқы желісінде цисплатинмен біріктірілген паклитакселдің 3 сағаттық инфузиясын қабылдаған пациеттерде, паклитакселмен және циклофосфамидпен жүргізілген монотерапиямен, кейіннен цисплатинді енгізумен салыстырғанда, бұл ауыр нейроуыттылық жағдайлардың ұлғаюына әкелді.

Жергілікті тітіркендіргіш әсері бар болғандықтан, паклитакселді артерия ішіне қолдануға жол бермеу керек.

Паклитаксел хронологиялық ретке қарамай-ақ, өкпені сәулелендірумен біріктіргенде интерстициальді пневмониттің дамуына мүмкіндік беруі мүмкін.

Антибиотиктермен қатар жүретін ем қабылдамаған пациенттерде жалған жарғақшалы колит жағдайлары сирек тіркелді. Бұл реакция паклитакселмен емделу кезінде немесе емделуден кейін көп ұзамай, ауыр немесе үнемі диарея жағдайларында жүргізілетін дифференциальді диагностикада қарастырылуы тиіс.

Капоши саркомасы бар науқастарда ауыр мукозиттің сирек жағдайлары білінді. Егер ауыр реакциялар туындаса, паклитакселдің дозасы 25%-ға төмендетілуі тиіс.

Бір мл препараттың құрамында 396 мг этанол және 527 мг макроголглицерол рицинолеаты бар.

Таксомеданың құрамында этанолдың 50 көлемдік пайызы бар. Таксомеданың құрамында сондай-ақ макроголглицерол рицинолеаты 35 (майсана майы) бар, ол ауыр аллергиялық реакцияларды туындатуы мүмкін.

Осы дәрілік препараттың құрамында 50 к.% этанол (спирт), яғни дозада шамамен 20 г жуық спирт бар, бұл дозаға шаққанда 500 мл сыраға немесе үлкен бокал (210 мл) шарапқа баламалы.

Маскүнемдіктен зардап шегіп жүргендер үшін зиянды.

Жүкті әйелдерге немесе бала емізетін әйелдерге, балаларға және бауыр аурулары немесе эпилепсиясы бар пациенттер сияқты жоғары қауіп тобына көңіл аудару керек.

Бұл дәрілік препараттың құрамында сондай-ақ макроголглицерол рицинолеаты бар, ол күрделі аллергиялық реакцияларды туындатуы мүмкін.

Жүктілік және лактация кезеңі

Паклитакселді жүктілік кезінде және лактация кезеңінде қолдануға болмайды.

Бала туа алатын жастағы әйелдер паклитакселмен емделу кезінде ұрықтануға жол бермеу керек және, егер мұндай жайт орын алса, емдеуші дәрігерді бұдан хабардар ету қажет.

Бала тудыра алатын жастағы пациенттер (әйелдер және еркектер) паклитакселмен емделу кезінде, және емдеу аяқталғаннан кейін 6 ай бойы контрацепцияның тиімді әдістерін пайдаланғандары жөн. Пациент-еркектер, белсіздік дамуы мүмкін болғандықтан, паклитакселмен емделуді бастамас бұрын сперманы криоконсервациялауға қатысты кеңес алуы тиіс.

Көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне дәрілік препараттың ықпал ету ерекшеліктері

Көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне ықпал етуіне зерттеулер жүргізілген жоқ.

Алайда Таксомеданың құрамында спирт бар екендігін ескерген жөн, ол автомобильді басқару және механизмдермен жұмыс жасау қабілетіне жағымсыз ықпалын тигізуі мүмкін.

Артық дозалануы

Симптомдары: сүйек кемігінің аплазиясы, шеткері нейропатия, мукозиттер.

Емі: симптомдық ем жүргізу. Спецификалық антидоты жоқ.

Шығарылу түрі және қаптамасы

Резеңке тығынмен тығындалған, алюминий қалпақшамен қаусырылған және пластик қақпақпен жабылған құтыларға 5 мл, 16.7 мл немесе 50 мл препараттан салынған.

1 құты медициналық қолдану жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапшаға салынған.

Сақтау шарттары

Түпнұсқалық қаптамасында 25оС-ден аспайтын температурада сақтау керек.

Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек.

Сақтау мерзімі

3 жыл

Сұйылтқаннан кейін:

5°С - 25°С температурада 27 сағаттан асырмай немесе 2°С - 8ºC температурада 24 сағаттан асырмай сақтау керек.

Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды.

Дәріханалардан босатылу шарттары

Рецепт арқылы

Өндіруші

Хаупт Фарма Вольфратсхаузен ГмбХ, Германия

Тіркеу куәлігінің ұстаушысы

Альмеда Фармасьютикалс АГ, Швейцария

Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан дәрілік заттың сапасы жөніндегі шағымдарды (ұсыныстарды) қабылдайтын және тіркеуден кейін дәрілік заттың қауіпсіздігін бақылауға жауапты ұйымның атауы, мекенжайы және байланыс жасау деректері (телефон, факс, электронды пошта):

Альмеда Фармасьютикалс АГ компаниясының Қақақстан Республикасы аумағындағы сенімді өкілі, Алматы қ., ы/а 3, үй 47, тел. +77785083894, adevents.kz@gmail.com.

Прикрепленные файлы

Таксомеда_ИМП_03.07_.doc 0.12 кб
Таксомеда_конц.каз_.doc 0.15 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту