Релпакс®

МНН: Элетриптан
Производитель: Пфайзер Мануфактуринг Дойчланд ГмбХ
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Eletriptan
Номер регистрации в РК: № РК-ЛС-5№010953
Информация о регистрации в РК: 26.07.2019 - бессрочно

Инструкция

Саудалық атауы

Релпакс®

Халықаралық патенттелмеген атауы

Элетриптан

Дәрілік түрі

Қабықпен қапталған 40 мг таблеткалар

Құрамы

Бір таблетканың құрамында

белсенді зат – 48,485 мг элетриптан гидробромиді (40 мг элетриптанға баламалы),

қосымша заттар: микрокристалды целлюлоза, лактоза моногидраты, натрий кроскармеллозасы, магний стеараты,

үлбірлі қабық құрамы: Опадри сарғыш қызыл OY-LS-23016 (гипромеллоза, лактоза моногидраты, глицерол триацетаты, титанның қостотығы Е171, күн батар түстес сары алюминий лагы (Е 110) (FD&C сары № 6 алюминий лагы)), мөлдір Опадри YS-2-19114-A (гипромеллоза, глицерол триацетаты).

Сипаттамасы

Дөңгелек, екі беті дөңес, бір жағында «REP 40» және екінші жағында «Pfizer» таңбасы бар, диаметрі 8 мм жуық үлбірлі қабықпен қапталған қызыл-сары түсті таблеткалар.

Фармакотерапиялық тобы

Бас сақинасына қарсы препараттар. 5НТ1D серотониндік рецепторлар стимуляторлары.

ATХ коды NO2CC06

Фармакологиялық қасиеттері

Фармакокинетикасы

Сіңуі

Ішке қабылдағаннан кейін элетриптан асқазан-ішек жолында жылдам және жақсы сіңеді (81 % жуық). Ішу арқылы қолданғанда абсолютті биожетімділігі ерлер мен әйелдерде 50 % жуық құрайды. Ең жоғары концентрациясына жету уақыты (Тmax), орта есеппен, ішке қабылдағаннан кейін 1.5 сағат құрайды. Емдік дозалар ауқымында (20-80 мг) фармакокинетикасының дозаға байланысты тәуелділігі анықталған.

Майлы ас ішу элетриптанның ең жоғары концентрациясын (Сmах) және «концентрация – уақыт» (AUC) қисығы астындағы ауданын шамамен 20-30 % арттырады. Бас сақинасы ұстамасында ішке қабылдағанда AUC шамамен 30% төмендеді, ал Тmах 2.8 сағатқа дейін ұзарды. Жүйелі қолданғанда (тәулігіне үш рет 20 мг) 5-7 күн ішінде элетриптан фармакокинетикасы күтілімді жинақталуымен дозаға байланысты күйде қалды. Аса жоғары дозалары тағайындалғанда (тәулігіне үш рет 40 мг және тәулігіне екі рет 80 мг) 7 күн ішінде элетриптан жинақталуы күтілуінен асып кетті (шамамен 40 %).

Таралуы

Элетриптанның таралу көлемі 138 л құрайды, бұл тіндерде жақсы таралатынын көрсетеді. Элетриптан плазма ақуыздарымен орташа байланысады (шамамен 85 %).

Метаболизмі

Элетриптанның бастапқы метаболизмі Р450 цитохромы CYP3A4 изоферментінің әсер етуімен бауырда жүреді. Бұл дерек CYP3A4 қуатты селективті тежегіші - эритромицинмен бір мезгілде қолданғанда қан плазмасындағы элетриптан концентрациясының жоғарылауымен расталады. Сондай-ақ, зертханалық зерттеулерде осы фермент полиморфизмінің элетриптан фармакокинетикалық параметрлеріне клиникалық елеулі әсері анықталмаса да, элетриптан метаболизміне CYP2D6-ның аздап қатысы бары білінеді.

С14 таңбаланған элетриптан енгізілгеннен кейін үлесі қан плазмасындағы жалпы радиобелсенділігінің едәуір бөлігін құрайтын екі негізгі айналымдық метаболит сәйкестендірілген. N-тотығу нәтижесінде түзілетін метаболит белсенділік иеленбейді. N-деметилдену нәтижесінде түзілген метаболит белсенділігі жағынан элетриптанмен салыстырмалы. Радиобелсенді плазманың үшінші компоненті сәйкестендірілмеген, оның гидроксилденген метаболиттер түрінде болатыны жорамалданады, олар да несеппен және нәжіспен шығарылады.

Қан плазмасындағы белсенді N-деметилденген метаболит концентрациясы енгізілген элетриптан концентрациясынан небәрі 10-20 % құрайды, тиісінше, элетриптанның емдік әсерінің дамуында үлкен мәні болмайды.

Шығарылуы

Көктамыр ішіне енгізілгеннен кейін плазмадан шығатын элетриптанның жалпы клиренсі, орта есеппен, 36 л/сағат құрайды, ал жартылай шығарылу кезеңі - шамамен 4 сағат. Ішке қабылдағаннан кейін орташа бүйректік клиренсі шамамен 3,9 л/сағатқа тең. Бүйректік емес (метаболикалық немесе бауырлық) клиренсі жалпы клиренсінен шамамен 90 % құрайды; бұл элетриптанның, ең алдымен, метаболиттер түрінде несеппен және нәжіспен шығарылуын айғақтайды.

Науқастардың ерекше топтарындағы фармакокинетикасы

Жынысы

Жыныс ерекшелігі қан плазмасындағы элетриптан концентрациясына клиникалық мәнді ықпалын тигізбейді.

Егде жастағы адамдар (65 жастан асқан)

Жастау адамдармен салыстырғанда, егде жастағы емделушілерде (65-93 жас) элетриптан клиренсінің статистикалық мәнділігі жоқ төмендеуі (16%) білінеді, ол препараттың жартылай шығарылу кезеңінің статистикалық мәнді ұзаруымен (шамамен 4.4 сағаттан 5.7 сағатқа дейін) байланысты.

Сондықтан егде жастағы адамдарда элетриптанның артериялық қысымға әсері, едәуір жас емделушілермен салыстырғанда, айқындау болуы мүмкін.

Бауыр қызметінің бұзылуы

Бауыр жеткіліксіздігі бар емделушілерде (Чайлд-Пью жіктемесі бойынша А және В класы) AUC-тың да (34%), жартылай шығарылу кезеңінің де статистикалық мәнді ұлғаюы байқалды. Cmax (18%) мәнінің мардымсыз ұлғаюы болды. Осы аздаған өзгеріс клиникалық мәнді болып саналмайды.

Бүйрек қызметінің бұзылуы

Жеңіл дәрежелі (креатинин клиренсі 61-89 мл/мин), орташа дәрежелі (креатинин клиренсі 31-60 мл/мин) және ауыр дәрежелі (креатинин клиренсі < 30 мл/мин) бүйрек жеткіліксіздігі бар науқастардағы элетриптан фармакокинетикасында немесе плазма ақуыздарымен байланысу деңгейлерінде статистикалық мәнді өзгерістері байқалмаған.

Фармакодинамикасы

Элетриптан – Релпакс® препаратының белсенді заты, ең алдымен, ми тамырларында орналасқан тамырлық 5-НТ1В және нейрондық 5-HT1D серотониндік рецепторлардың тиімді және таңдамалы агонисті болып табылады; олар көтермеленгенде тамырлар тарылуы болады, бұл бас сақиналық ауырудың азаюына әкеледі. Элетриптанның 5-HT1F серотониндік рецепторларға жоғары тектестігі де бар, оның бас сақинасына қарсы әсер ету механизміне қатысы болуы мүмкін, 5-НТ1А, 5-НТ2В, 5-НТ1Е және 5-НТ7 серотониндік рецепторларға орташа әсер көрсетеді.

Суматриптанмен салыстырғанда, элетриптан ұйқы артерияларында орналасқан рецепторларға қатысты, коронарлық және ортан жілік тамырларына қарағанда, едәуір үлкен селективтілік танытады. Элетриптанның бассүйекішілік қан тамырларын тарылту қабілеті оның бас сақинасына қарсы тиімділігін кепілді етеді. Элетриптан қатты ми қабығының нейрогенді қабынуын азайту қабілетін де иеленеді.

Клиникалық тиімділігі және қауіпсіздігі

Релпакстың® бас сақинасы ұстамаларын басу тиімділігі мен қауіпсіздігі 6000-нан аса емделуші қатысқан 10 плацебо бақыланатын клиникалық сынақтардың нәтижелерімен дәлелденген. Бас сақинасына қарсы әсері препарат дозасын ішу арқылы қолданғаннан кейін 30 минуттан соң-ақ басталды және 2 сағат өткенде плацебодағыдан едәуір жоғары болды, барлық дозаларында мынадай мәндерге ие болды: 59-77% (80 мг), 54-65% (40 мг), 47-54% (20 мг) және 19-40% (плацебо).

Релпакс® жүрек айну, құсу, фотофобия және фонофобия сияқты бас сақинасымен байланысты симптомдарды емдеуде де өз тиімділігін көрсетті.

Релпаксқа® емдік жауап беретін емделушілерде көбінде препарат дозасына пропорционал болған қайталанудың төмен деңгейі болды.

Қолданылуы

- аурамен немесе аурасыз бас сақинасы ұстамаларын басуда

Қолдану тәсілі және дозалары

Ішке.

Таблеткаларды сумен ішіп, бүтіндей жұтып жіберген жөн.

Релпакс® таблеткаларын бас сақинасының ұстамасы білінгеннен кейін бірден қолдану ұсынылады, препарат әсері бас сақинасы ұстамасының едәуір кешеуілді сатысында қабылдағанда да азаймайды. Релпаксты® алдын алу мақсатында қабылдауға болмайды.

Ересектер (18-65 жас)

Ұсынылатын бастапқы дозасы - 40 мг.

Бас ауырулары 24 сағат ішінде қайта пайда болған жағдай да: егер сақиналық бас ауыруы басылса, алайда артынан 24 сағат ішінде жаңғырса, Релпаксты® дәл сол дозасында қайта тағайындауға болады. Егер екінші доза қажет болса, оны алғашқы дозадан кейін 2 сағат өтпей жатып қабылдауға болмайды.

Әсері болмағанда: егер Релпакстың® алғашқы дозасы 2 сағат ішінде бас ауыру азаюына әкелмесе, сол ұстаманы басу үшін екінші дозасын қабылдауға болмайды, өйткені мұндай емдеу тиімділігі дәлелденбеген. Алайда клиникалық зерттеулер бас сақинасының алғашқы ұстамасына емдік жауабы байқалмаған емделушілердің көпшілігінде келесі ұстама кезінде тиімді клиникалық жауап болғанын көрсетті.

Егер препаратты 40 мг дозада қабылдау талапқа сай әсерге жетуге мүмкіндік бермесе, бас сақинасының кейінгі ұстамаларында 80 мг доза тиімді болуы мүмкін. Ең жоғары тәуліктік дозасы 160 мг-ден аспауы тиіс.

Егде жастағы адамдар (65 жастан асқан)

Клиникалық зерттеулерге қатысқан 65 жастан асқан емделушілер санының аз болуы себепті, егде жастағы адамдарға арналған препарат қауіпсіздігі мен тиімділігі жеткіліксіз зерттелген. Сонымен қатар, бұл тұрғындардың осы тобында, жастау адамдармен салыстырғанда, артериялық гипертензиямен байланысты қолайсыз реакциялардың көбірек жиілігімен түсіндіріледі.

Бауыр жеткіліксіздігі

Ауырлығы әлсіз және орташа дәрежелі бауыр жеткіліксіздігі бар емделушілер үшін препараттың дозалануын түзету қажет емес. Бауыр жеткіліксіздігі ауыр адамдар үшін препарат қауіпсіздігінің зерттелмегенін ескеріп, осындай емделушілерге Релпакс® қолдану қарсы көрсетілімді.

Бүйрек жеткіліксіздігі

Бүйрек жеткіліксіздігі жағдайында Релпакс® гипотензиялық әсері күшейетінін ескеріп, 40 мг-ден көп дозаларын мұндай емделушілерде сақтықпен қолдану керек.

Жағымсыз әсерлері

Жалпы, Релпакс® жақсы көтерімді. Әдетте, жағымсыз әсерлері өткінші сипатта болады, әлсіз немесе орташа айқын және қосымша емдеусіз өз бетінше басылады. Ұстаманы басу үшін препаратты бір дозада екі рет қабылдайтын емделушілердегі жағымсыз реакциялар жиілігі мен ауырлығы оны бір рет қабылдаған емделушілердегісіне ұқсас болды.

Келесі қолайсыз реакциялар (жағдайлар жиілігі, плацебоға қарағанда, ≥1% және одан жоғары) клиникалық сынақтар кезінде препараттың емдік дозаларын қабылдаған емделушілерде болды.

Жиі

- бас сақинасы, бас ауыру, гипестезия, миастения, парестезия, ұйқышылдық

- артериялық гипертония, жүректің жиі соғуы, тахикардия, жылу және қан кернеу сезімі, кеуденің ауыруы, бүруі, қысылуы

- вертиго

- фарингит, тамақта «түйін тірелу» сезімі

- іштің ауыруы, ауыздың кеберсуі, ас қорыту бұзылысы, жүрек айну

- қатты терлеу

- арқаның ауыруы, миалгия

- астения, қалтырау

Элетриптан препараттарын пайдаланғанда байқалатын жиі кездесетін қолайсыз құбылыстар 5-HT1 рецепторлары агонистерінің барлық класына тән типтес жағымсыз құбылыстар болып табылады.

Тіркеуден кейін қолданған уақытта мынадай қолайсыз реакциялар хабарланды:

- аллергиялық реакциялар: терінің қышынуы, бөрту, есекжем, ангионевротикалық ісіну сияқты күрделілерін қоса

- артериялық гипертензия

- құсу

Сирек

- естен танулар

- ишемиялық колит

Қолдануға болмайтын жағдайлар

- элетриптанға немесе препараттың кез келген басқакомпонентіне жоғары сезімталдық

  • бауыр қызметінің ауыр бұзылулары

  • 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерге (осы жас тобында препарат қолдану тиімділігі мен қауіпсіздігі дәл анықталмағандықтан)

Элетриптан қолдануға келесі қарсы көрсетілімдер оның фармакодинамикалық қасиеттерімен негізделген:

  • бақыланбайтын артериялық гипертензия

  • ишемиялық жүрек ауруы (стенокардия, Принцметалл стенокардиясы,миокард инфарктісін өткеру, расталған симптомсыз миокард ишемиясы немесе оның болуынан күдіктену

  • шеткергі тамырлар аурулары

  • сыртартқыдағы ми қан айналымының бұзылуы немесе транзиторлы ишемиялық шабуыл

  • элетриптан қабылдауға дейін немесе одан кейін 24 сағат ішінде эрготамин немесе оның туындыларын қолдану (метисергидті қоса) («Дәрілермен өзара әрекеттесуі» бөлімін қараңыз)

  • элетриптанды 5-НТ1 рецепторларының басқа агонистерімен бір мезгілде қабылдау

Дәрілермен өзара әрекеттесуі

Басқа дәрілік препараттардың элетриптанға әсер етуі

Элетриптанның клиникалық зерттеулері кезінде препараттың бета-блокаторлармен, үш циклды антидепрессанттармен, серотонинді кері қармайтын селективті тежегіштермен және флунаразинмен өзара әрекеттесу жағдайлары хабарланбаған.

Клиникалық зерттеулердегі қауымдық фармакокинетикалық талдау мына дәрілік заттардың (бета-блокаторлар, үш циклды антидепрессанттар, серотонинді кері қармайтын селективті тежегіштер, эстроген негізіндегі гормональді орын басушы ем, құрамында эстроген бар ішуге арналған контрацептивтер және кальций өзектерінің блокаторлары) элетриптанның фармакокинетикалық қасиеттеріне аз үлесті ықтималдықпен әсер көрсетеді.

Элетриптан - моноаминоксидаза (МАО) субстраты емес. Сондықтан, элетриптан мен МАО тежегіштері арасындағы өзара әрекеттесу күтілмейді.

Пропранололмен (160 мг), верапамилмен (480 мг) және флуконазолмен (100 мг) өзара әрекеттесуіне қатысты клиникалық зерттеулерде элетриптан Cmax, тиісінше, 1.1, 2.2 және 1.4 есе ұлғайды. Элетриптан AUC ұлғаюы, тиісінше, 1.3, 2.7 және 2.0 құрады. Осы әсерлері клиникалық мәнді болып саналмайды, әрі бір ғана элетриптан қабылдаумен салыстырғанда, қан қысымының көтерілуін немесе қолайсыз құбылыстардың көбеюін туындатпаған.

CYP3A4 спецификалық қуатты тежегіштері болып табылатын эритромицин (1000 мг) мен кетоконазол (400 мг) бір мезгілде тағайындалғанда, элетриптан Cmax (тиісінше, 2 және 2.7 есе) және AUC (3.6 және 5.9 есе) мәндерінің едәуір ұлғаюы анықталған. Бұл әсерлер эритромицин қолданғанда элетриптан T1/2 4.6-дан 7.1-ге дейін және кетоконазол қолданғанда 4.8-ден 8.3 сағатқа дейін ұзаруымен қатар жүрген («Фармакокинетикасы» бөлімін қараңыз). Сондықтан Релпаксты® CYP3A4 қуатты тежегіштерімен, ішінара кетоконазол, итраконазол, эритромицин, кларитромицин, джозамицинмен және протеаза тежегіштерімен (ритонавир, индинавир және нелфинавир) біріктіріп қолдануға болмайды.

Релпакстан® соң 1 және 2 сағат өткенде кофеин/эрготамин қабылдау артериялық қысымның аздап, бірақ аддитивті көтерілуіне әкеледі, оны осы препараттардың фармакологиялық қасиеттері негізінде жорамалдауға болады. Осыған орай, құрамында эрготамин немесе эрготаминге ұқсас дәрілер бар препараттарды (мысалы, дигидроэрготамин) Релпакс® қабылдағаннан кейін 24 сағат бойы тағайындауға болмайды. Ал, керісінше, Релпаксты® құрамында эрготамин бар препараттар қабылдаудан кейін 24 сағат өткен соң барып тағайындауға болады.

Элетриптанның өзге дәрілік заттарға әсер етуі

Релпакс® клиникалық дозаларда дәрілерді метаболиздейтін CYP3A4 ферменттерін қоса, Р450 цитохромы ферменттерін тежемейді немесе индукцияламайды, сондықтан осы ферменттерге әсер етуіне байланысты Релпакстың® клиникалық елеулі өзара әрекеттесу ықтималдығы аз болып табылады.

Серотонинергиялық препараттармен өзара әрекеттесуі

Элетриптан мен серотонинергиялық әсер иеленетін препараттарды қоса, серотонинді кері қармайтын селективті тежегіштерді және норадреналин мен серотонинді кері қармайтын тежегіштерді қоса, 5-HT-рецепторлар агонистерін бірге қолдану серотониндік синдром қатерінің артуына әкелуі мүмкін. Егер элетриптанмен және серотонинергиялық препараттармен біріктіріп емдеу клиникалық тұрғыда көрсетілсе, оны сақтықпен қолдану керек. Емделушілерге емнің бастапқы сатысында, сондай-ақ препараттардың кез келгенінің дозалануын арттырғанда ерекше тиянақты қадағалау қажет болады.

Айрықша нұсқаулар

Серотониндік синдром

Элетриптанды НСКҚТ (норадреналин мен серотонинді кері қармайтын тежегіштер) және СКҚСТ (серотонинді кері қармайтын селективті тежегіштер) сияқты серотонинергиялық әсерге ие басқа да препараттармен абайлап пайдалану керек, өйткені элетриптан мен басқа сеторонинергиялық препараттарды біріктіріп пайдаланғанда серотониндік синдромның даму жағдайларының аздаған саны туралы хабарламалар бар («Дәрілермен өзара әрекеттесуі» – Серотонинергиялық препараттармен өзара әрекеттесуі бөлімін қараңыз).

Релпаксты® CYP3A4 қуатты тежегіштерімен, атап айтқанда, кетоконазол, итраконазол, эритромицин, кларитромицин, джозамицинмен және ритонавир, индинавир және нелфинавир сияқты протеаза тежегіштерімен үйлестіріп қолдану ұсынылмайды («Дәрілермен өзара әрекеттесуін» қараңыз).

5-НТ1 рецепторларының басқа да агонистері сияқты, Релпаксты® бас сақинасы диагнозы күдік тудырмайтын жағдайларда ғана қолдану керек. Релпакс® гемиплегиялық, офтальмоплегиялық немесе базилярлы бас сақинасын басу үшін көрсетілмеген.

Релпакс® аурамен және аурасыз бас сақинасын және етеккір оралымымен қатар жүретін бас сақинасын емдеуде тиімді. Аура білінген уақытта қабылданатын Релпакс® бас ауыруының дамуын кедергілемейді, сондықтан оны бас ауыру фазасында ғана қабылдау керек.

Релпакс®, басқа да 5-НТ1 рецепторларының агонистері сияқты, ми тамырларының тарылуы зиянды болуы мүмкін күрделі аурулары бар (инсульт, аневризманың жарылyы) «атипиялық» бас ауыруларын емдеу үшін тағайындауға болмайды.

Релпаксты® алдын алу мақсатында қабылдауға болмайды.

Қолдануға болмайтын жағдайлар

Бауыр қызметінің жеңіл немесе орташа бұзылуы бар науқастарда дозаны өзгерту қажет емес. Бауыр қызметінің бұзылуы ауыр науқастарда Релпакс®

қарсы көрсетілімді.

Бүйрек қызметі бұзылған науқастарда Релпакстың® гипертензиялық әсері күшейеді, сондықтан 40 мг-ден асып кететін дозалары сақтықпен пайдаланылуы тиіс. Релпакс® 60 мг және одан көп дозаларда қолданылғанда (емдік дозалар ауқымында) артериялық қысымның аздап және өтпелі көтерілуі тіркелген. Артериялық қысым бүйрек қызметі бұзылған науқастарда және егде жастағы адамдарда көбірек дәрежеде көтерілді (осындай өзгерістер клиникалық зардаптармен қатар жүрмеген).

Созылмалы бас ауыруларынан зардап шегетін емделушілер, әдетте, әртүрлі триптандық препараттарды асыра қолданады. Бас сақинасына қарсы кез келген препараттарды шектен тыс бақылаусыз пайдалану бас ауыруларының жиірек ұстамаларына әкелуі мүмкін.

Жүктілік және лактация кезеңі

Релпакс® ана үшін күтілімді пайдасы ұрыққа төнетін болжамды қауіптен едәуір асып түсетін жағдайларда ғана тағайындалу керек.

Релпакс® ана сүтімен бөлініп шығады. 80 мг бір дозаны қабылдаған 8 әйелді зерттегенде емшек сүтіндегі элетриптанның жалпы мөлшері 24 сағат өткенде 0.02% доза құрады. Соның өзінде, бала емізетін әйелдер препарат қолданғанда сақ болу керек. Препараттың жаңа туған нәрестеге әсер ету қатерін, егер оны элетриптан қабылдаудан кейін 24 сағат ішінде емізбесе, жоққа тән азайтуға болады.

Дәрілік заттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері

Кейбір науқастарда бас сақинасының өзі немесе Релпакс® қамтылатын 5-НТ1 рецепторлары агонистерін қабылдау ұйқышылдықпен немесе бас айналумен қатар жүруі мүмкін. Емделушілер көлік жүргізу және күрделі механизмдермен жұмыс істеу сияқты жоғары зейін қоюды талап ететін тапсырмалар орындаған кездегі бас сақинасы ұстамаларында және Релпакс® қабылдағанда сақтық таныту керек.

Артық дозалануы

120 мг бір реттік дозалар қабылдағанда клиникалық елеулі қолайсыз реакциялар байқалмаған.

Симптомдары: артериялық гипертензия немесе жүрек-қантамыр жүйесі тарапынан болатын басқа да аса күрделі бұзылулар.

Емі: әдеттегі демеуші ем жүргізіледі. Элетриптанның жартылай шығарылу кезеңі 4 сағатқа жуық құрайды, сондықтан осы препараттың артық дозалану жағдайында науқастарды, ең болмаса, 20 сағат бойы немесе клиникалық симптомдар жойылғанша бақылау керек.

Гемодиализ және перитонеальді диализдің элетриптанның сарысулық концентрацияларына ықпалы белгісіз.

Шығарылу түрі және қаптамасы

Қабықпен қапталған 40 мг таблеткалар.

2, 4 таблеткадан поливинилхлоридтен және алюминий фольгадан жасалған пішінді ұяшықты қаптамада. 1 пішінді ұяшықты қаптамадан медицинада қолданылуы жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон пәшкеде.

Сақтау шарттары

30°С-ден аспайтын температурада сақтау керек.

Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!

Сақтау мерзімі

3 жыл

Қаптамасында көрсетілген жарамдылық мерзімі өткеннен кейін пайдалануға болмайды.

Дәріханалардан босатылу шарттары

Рецепт арқылы

Өндіруші

Пфайзер Мануфактуринг Дойчланд ГмбХ

Генрих-Мак-штрассе, 35

89257 Иллертиссен, Германия

Тіркеу куәлігінің иесі

Пфайзер Эйч Си пи Корпорэйшн, АҚШ

Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан осы өнім сапасына қатысты шағымдар қабылдайтын ұйымның мекенжайы:

«Пфайзер Эйч-Си-Пи Корпорэйшн» компаниясының өкілдігі (АҚШ)

Алматы қ., Абылай хан д-лы, 141

тел. (727) 272-27-01

факс (727) 272-04-06

 

Прикрепленные файлы

967613021477976806_ru.doc 106.5 кб
339680581477977960_kz.doc 152 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту

Источники

Национальный центр экспертизы лекарственных средств, изделий медицинского назначения и медицинской техники