Метортрит Ромфарм

МНН: Метотрексат
Производитель: К.О. Ромфарм Компани С.Р.Л.
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Methotrexate
Номер регистрации в РК: РК-ЛС-5№024019
Информация о регистрации в РК: 08.02.2019 - 08.02.2024

Инструкция

Саудалық атауы

Метортрит Ромфарм

Халықаралық патенттемеген атауы

Метотрексат

Дәрілік түрі

Инъекцияға арналған ерітінді, алдын-ала толтырылған шприцтерде 7.5 мг/0.75 мл, 10 мг/1.0 мл, 15 мг/1.5 мл, 20 мг/2.0 мл

Құрамы

Инъекцияға арналған 1 мл ерітіндінің құрамында

белсенді зат –10 мг метотрексат,

қосымша заттар: натрий хлориді, натрий гидроксиді, инъекцияға арналған су.

Сипаттамасы

Сары түсті, көзге көрінетін бөлшектерсіз, мөлдір ерітінді.

Фармакотерапиялық тобы

Антинеопластикалық және иммуномодуляциялайтын препараттары. Антинеопластикалық препараттар. Антиметаболиттер. Фолий қышқылының аналогтары. Метотрексат.

АТХ коды L01BA01

Фармакологиялық қасиеттері

Фармакокинетикасы

Сіңірілуі

Ішу арқылы қолданғаннан кейін метотрексат асқазан-ішек жолынан сіңіріледі. Төмен дозаларында (дене беткейінің ауданына 7.5-тен 80 мг/м2 дейін) қолданылғанда метотрексаттың орташа биожетімділігі 70 %-ға жуықтайды, әйтсе де популяцияаралық және популяцияішілік елеулі ауытқулары (25-тен 100%-ға дейін) болуы мүмкін. Плазмадағы ең жоғарғы концентрациясына 1-2 сағат ішінде жетеді. Тері астына, вена ішіне және бұлшықет ішіне енгізулер бірдей дерлік 100% биожетімділігін көрсетті.

Таралуы

50%-ға жуық метотрексат сарысу ақуыздарымен байланысады.

Организм тіндеріне таралуында жоғары концентрациялары, атап айтқанда, бауырда, бүйректе және әсіресе, көкбауырда полиглутаматтар түрінде анықталуы мүмкін, олар бірнеше апта немесе ай бойы сақталуы мүмкін. Азғантай дозаларда енгізгенде метотрексат жұлын-ми сұйықтығына азғантай мөлшерде енеді; жоғары дозаларында (кг дене салмағына 300 мг) жұлын-ми сұйықтығында 4-тен 7 мкг/мл дейінгі концентрациялары анықталған. Жартылай шығарылу кезеңі орташа алғанда 6-7 сағатты құрайды және елеулі ауытқымалылығын (3-17 сағ) көрсетеді. Қосымша таралу көлемі (плевралық жалқық, асцит) бар пациенттерде жартылай шығарылу кезеңі стандартты ұзақтығынан 4 есеге дейін артық болуы мүмкін.

Метаболизмі

Енгізілген метотрексаттың 10 %-ына жуығы бауырда метаболизденеді. Негізгі метаболиті 7-гидроксиметотрексат болып табылады.

Шығарылуы

Өзгеріссіз күйінде, көбінесе бүйрек арқылы, шумақтық сүзіліс және проксимальді өзекшелеріндегі белсенді секрециялануы жолымен шығарылады. Шамамен 5-20 % метотрексат пен 1-5 % 7-гидроксиметотрексат өтпен шығарылады. Айқын энтерогепатикалық қан ағымы байқалады.

Бүйрек функциясының бұзылуы бар пациенттерде метотрексаттың шығарылуы едәуір баяулайды.

Бауыр функциясының бұзылуы бар пациенттерде метотрексаттың баяу шығарылатындығы туралы мәліметтер жоқ.

Фармакодинамикасы

Метотрексат фолий қышқылының антагонисі болып табылады, антиметаболиттер ретінде белгілі цитоуытты дәрілер класына жатады. Метотрексат дигидрофолатредуктаза ферментін бәсекелесе тежеу арқылы әсер етіп, ДНҚ синтезіне кедергі келтіреді. Метотрексаттың псориазды, псориаздық артрит пен созылмалы полиартритті емдеудегі тиімділігіне метотрексаттың қабынуға қарсы немесе иммуносупрессорлық әсерінің түрткі болатын-болмайтындығы, және қабынған аумақтардағы жасушадан тыс аденозин концентрациясының метотрексат туғызған жоғарылауының аталған әсерлеріне қандай дәрежеде ықпал ететіндігі әлі күнге анықталған жоқ.

Қолданылуы

- ересек пациенттердегі белсенді ревматоидтық артритте;

- белсенді формадағы ауыр ювенильді созылмалы артриті бар пациенттердегі полиартритте қабынуға қарсы стероидты емес препараттардың (ҚҚСП) тиімділігі жеткіліксіз болғанда;

- ересек пациенттердегі псориаздың стандартты емге (соның ішінде, фототерапияға, фотохимиотерапияға, ретиноидтарға) резистентті ауыр түрінде, псориаздық артриттің ауыр түрлерінде.

Қолдану тәсілі және дозалары

Метотрексат препаратын қолдануға қатысты маңызды ескерту:

Метотрексат ревматизм ауруларын немесе тері ауруларын емдеу үшін тек аптасына бір рет енгізілуі тиіс.

Метотрексаттың қате дозалануы өлім жағдайын қоса, күрделі жағымсыз әсерлерге әкеп соқтыруы мүмкін.

Медицина қызметкерлері мен пациенттер препаратты медициналық қолдану жөніндегі нұсқаулықпен мұқият танысып шығуы және нақты ұстануы тиіс.

Препарат тек бір рет енгізуге арналған. Пайдаланылмаған кез келген ерітінді жойылуы тиіс.

Жүктілік жағдайындағы медицина қызметкері манипуляцияларды жүргізбегені және/немесе пациенттерге Метортрит Ромфарм препаратын енгізбегені дұрыс.

Метортрит Ромфарм препаратын ем жүргізуде және метотрексатты қолдануда білімі, тәжірибесі жеткілікті дәрігер тағайындауы тиіс. Препаратты аптасына бір рет енгізеді, және пациентті апта сайын бір рет қолдану режимінен хабардар ету керек.

Аптаның белгілі бір күнін «инъекцияға арналған күн» ретінде белгілеп қою ұсынылады.

Препаратты жүйелі түрде енгізуді медицина қызметкері орындауы тиіс. Егер клиникалық тұрғыдан сай келмесе, кей жағдайларда препараттың дозасын пациенттің өз бетінше енгізуіне жол беріледі. Ол үшін емдеуші дәрігер пациентті мұқият дайындауы тиіс.

Инъекцияға арналған Метортрит Ромфарм ерітіндісін бұлшықет ішіне, вена ішіне немесе тері астына енгізу үшін тағайындауға болады. Ересек пациенттер үшін препарат венаішілік болюстік инъекция түрінде де тағайындалады.

Емнің жалпы ұзақтығын дәрігер белгілейді.

Қолданар алдында препаратты көзбен шолып тексеру жүргізіледі. Ерітінді мөлдір және сары, көзге көрінетін бөлшектерсіз болуы тиіс.

Метотрексаттың терімен және шырышты қабықтармен кез келген жанасуын болдырмау керек! Тиіп кеткен жағдайда, зақымданған бөліктерді мол сумен жуып-шаяды.

Препаратты ішу арқылы қолданудан парентеральді енгізуге көшкен кезде, метотрексаттың пероральді емнен кейінгі биожетімділігінің айнымалылығына байланысты, дозасын төмендету қажет болуы мүмкін.

Қолданыстағы негізгі емдеу қағидаларына сәйкес, фолий қышқылымен немесе фолиний қышқылымен қосымша емдеулерді қарастыруға болады.

Ревматоидтық артриті бар ересек пациенттер

Ұсынылатын бастапқы дозасы аптасына бір рет тері астына 7.5 мг метотрексатты құрайды. Спецификалық жағымсыз реакцияларын анықтау үшін, емдеуге дейін бір апта бұрын сынама дозасын парентеральді енгізу ұсынылады. Аурудың жекелей белсенділігіне және пациенттегі көтерімділігіне байланысты, бастапқы дозасын біртіндеп, аптасына 25 мг дейін арттыруға болады. Апталық 25 мг дозасын арттырмау керек. Аптасына 20 мг асатын дозалары уыттылығының елеулі жоғарылауын, әсіресе, сүйек кемігі функциясының бәсеңдеуін туғызуы мүмкін. Емдеуге жауапты шамамен 4-8 аптадан соң күтуге болады. Қалаған емдік әсеріне қол жеткізгеннен кейін, дозасын біртіндеп, барынша төмен тиімді демеуші дозасына дейін төмендету керек.

Ауру симптомдары емдеуді тоқтатқаннан кейін қайта жаңғыруы мүмкін.

Ревматоидтық артритті метотрексатпен емдеу ұзақ уақытқа созылады.

Ювенильді идиопатиялық полиартриті бар балалар мен 16 жасқа дейінгі жасөспірімдердегі ауыр ювенильді созылмалы артритпен жүретін полиартрит

Ұсынылатын дозасы дене беткейінің ауданына аптасына бір рет 10-15 мг/м² құрайды. Рефрактерлік ем жағдайында апталық дозасын дене беткейінің ауданына / аптасына бір рет 20 мг/м² дейін арттыруға болады.

Сонымен қатар, дозасын арттырған жағдайда, тексерулер жиілігі сәйкесінше арттырылуы тиіс. Балалар мен жасөспірімдерде вена ішіне енгізілуі туралы қолжетімді мәліметтер шектеулі болғандықтан, препаратты тері астына және бұлшықет ішіне енгізеді.

Пациенттер балалар мен жасөспірімдерді емдеуге мамандандырылған ревматология бөлімшесінде қадағалануы тиіс.

Метортрит Ромфарм препаратының 3 жасқа толмаған балалардағы қауіпсіздігі мен тиімділігі анықталмаған, сондықтан, пациенттердің аталған тобында қолдану ұсынылмайды.

Тұрпайы псориазы және псориаздық артриті бар пациенттер

Ұсынылатын бастапқы дозасы аптасына бір рет 7.5 мг метотрексатты құрайды, тері астына, бұлшықет ішіне, немесе вена ішіне енгізіледі. Емдеуді бастағанға дейін бір апта бұрын спецификалық жағымсыз реакцияларын анықтау үшін, 5-10 мг тест-дозасын парентеральді енгізу ұсынылады. Дозасы біртіндеп, қажеттілігіне қарай арттырылуы тиіс бірақ, әдетте, метотрексаттың апталық 25 мг дозасынан аспауы тиіс. Аптасына 20 мг асатын дозалары, уыттылығының елеулі жоғарылауымен, әсіресе, сүйек кемігі функциясының бәсеңдеуімен байланысты болуы мүмкін. Емдеуге реакцияны, әдетте, шамамен 2-6 аптадан соң күтуге болады. Емнің ары қарай жалғастырылуы немесе тоқтатылуы клиникалық көрініске және зертханалық көрсеткіштердің өзгерістеріне тәуелді.

Емнің қалаған нәтижесіне қол жеткізгеннен кейін дозасын біртіндеп барынша төмен тиімді демеуші дозасына дейін төмендету керек. Кейбір жеке-дара жағдайларда клиникалық тұрғыдан, 25 мг қарағанда жоғарырақ дозасы дұрыс болуы мүмкін, бірақ метотрексаттың апталық ең жоғарғы 30 мг дозасынан аспауы тиіс, өйткені уыттылығы едәуір арта түседі.

Тұрпайы псориаз бен псориаздық артритті метотрексатпен емдеу ұзаққа созылады және оны емдеуші дәрігер белгілейді.

Бүйрек жеткіліксіздігі бар пациенттер

Метортрит Ромфарм препаратын бүйрек жеткіліксіздігі бар пациенттерде сақтықпен, келесі кестені пайдалана отырып қолдану керек:

Креатинин клиренсі (мл/мин)

- 50 мл/минуттан артық болса – Метортрит Ромфарм препараты дозасының 100%

- 20-50 мл/минут Метортрит Ромфарм препараты дозасының 50%

- 20 мл/минуттан аз болса Метортрит Ромфарм препаратын қолданбау керек

Бауыр жеткіліксіздігі бар пациенттер

Ағымдағы немесе осының алдында бауыр ауруы болса, әсіресе, егер ауруға алкоголь түрткі болған болса, метотрексатты аса сақтықпен енгізу керек.

Билирубин мәні 5 мг/дл (85.5 мкмоль/л) болса, метотрексатты қолдануға болмайды.

Егде жастағы пациенттер

Егде жастағы пациенттерде бауыр және бүйрек функцияларының төмендейтіндігіне, сондай-ақ, жас ұлғая келе туындайтын фолаттар қорының азаюына байланысты, дозасын азайтуды қарастыру керек.

Қосымша таралу көлемі (плевралық жалқық, асцит) бар пациенттер

Метортрит Ромфарм препаратының жартылай шығарылу кезеңі стандартты ұзақтығынан 4 еседен артық ұзаруы мүмкін болғандықтан, қосымша таралу көлемі (плевралық жалқық, асцит) бар пациенттерде дозасын төмендету немесе, кей жағдайларда метотрексатты қолдануды тоқтату қажет болуы мүмкін.

Жағымсыз әсерлері

Жағымсыз әсерлерінің жиілігі мен ауырлығы Метортрит Ромфарм препаратымен емдеудің жиілігі мен дозасына тәуелді. Күрделі жағымсыз реакциялар тіпті, азғантай дозаларында да туындауы мүмкін болғандықтан, дәрігер пациентті жүйелі түрде қадағалап отыруы қажет.

Ерте анықталған жағдайда, жағымсыз әсерлерінің көпшілігі қайтымды болып табылады. Жағымсыз әсерлері туындаған жағдайда, дозасын азайту немесе емдеуді тоқтату және тиісінше шараларды қолдану қажет. Уытты жағымсыз әсерлерінің қайталануы мүмкіндігіне байланысты, метотрексатпен емдеуді, емдеу қажеттілігін мұқият бағалаудан кейін және үлкен сақтықпен қайта бастау керек. Анағұрлым маңызды жағымсыз әсерлері қан түзу жүйесінің бәсеңдеуі, асқазан-ішек жолы тарапынан бұзылулар болып есептеледі.

Туындау жиілігі келесі санаттар бойынша жіктеледі: өте жиі (≥ 1/10); жиі (≥ 1/100 - < 1/10 дейін); жиі емес (≥ 1/1000 - < 1/100 дейін); сирек (≥ 1/10000 - < 1/1000 дейін); өте сирек (< 1/10000), белгісіз (қолда бар мәліметтердің негізінде бағалау мүмкін емес).

Инфекциялар және инвазиялар

Өте сирек: Сепсис, оппортунистік инфекциялар (кей жағдайларда өлімге соқтыруы мүмкін), цитомегаловирустан туындаған инфекциялар. Сондай-ақ, нокардиоз, гистоплазма және криптококтық микоз бен қарапайым герпес туралы хабарланған

Жүрек тарапынан

Сирек: Перикардит, перикард жалқығы, перикард тампонадасы

Қан және лимфа жүйесі тарапынан

Жиі: Лейкоцитопения, тромбоцитопения, анемия

Жиі емес: Панцитопения, агранулоцитоз, гематопоэздік бұзылыстар

Сирек: Мегалобластты анемия

Өте сирек: Сүйек кемігі қызметінің елеулі бәсеңдеуі, апластикалық анемия, лимфаденопатия, лимфопролиферациялық бұзылыстар (ішінара қайтымды), эозинофилия және нейтропения

Иммундық жүйе тарапынан

Жиі емес: Аллергиялық реакциялар, анафилаксиялық шок

Өте сирек: Иммунодепрессия, антиденелер тапшылығы синдромы, аллергиялық васкулит

Зат алмасу тарапынан

Жиі емес: Қант диабетінің дамуы

Психика бұзылулары

Жиі емес: Депрессия

Сирек: Көңіл-күйдің ауытқулары

Өте сирек: Ұйқысыздық

Жүйке жүйесі тарапынан

Жиі: Бас ауыруы, шаршау, ұйқышылдық

Жиі емес: Бас айналуы, сананың шатасуы, құрысулар

Өте сирек: Ауыру, бұлшықет астениясы немесе аяқ-қолдардың парестезиясы, дәм сезудің өзгеруі (ауыздың темір татуы), менингизммен (салдану, құсу) жүретін жедел асептикалық менингит

Көру мүшелері тарапынан

Сирек: Көрудің ауыр бұзылулары

Өте сирек: Конъюнктивит, ретинопатия

Қатерсіз, қатерлі және нақты анықталмаған жаңа түзілімдер, (кисталар мен полиптерді қоса)

Жиі емес: Лимфома

Қантамырлар тарапынан

Жиі емес: Васкулит (ауыр уытты симптом ретінде)

Сирек: Гипотония, тромбоэмболиялық асқынулар (соның ішінде, артериялық және церебральді тромбоз, тромбофлебит, терең веналар тромбозы, торқабық тромбозы, өкпе эмболиясы)

Тыныс алу жүйесі, кеуде қуысы ағзалары және көкірекорта тарапынан

Жиі: Интерстициальді альвеолит / пневмонит салдарынан болған өкпе асқынулары және солармен байланысты өлім (метотрексатпен емдеудің дозасы мен ұзақтығына байланыссыз)

Жиі емес: Өкпе фиброзы

Сирек: Фарингит, апноэ, бронхтың жөтелмен жүретін демікпе тәрізді реакциялары, ентігу және өкпе функциясына тест жүргізген кезде анықталған патология

Өте сирек: Йировецтің пневмоцистік пневмониясы және өкпенің басқа инфекциялары, өкпенің созылмалы обструкциялық ауруы, плевралық жалқық

Асқазан-ішек жолы тарапынан

Өте жиі: Тәбеттің жоғалуы, жүрек айнуы, құсу, іш ауыруы, ауыз бен тамақтың қабынуы және шырышты қабықтарында ойық жаралардың түзілуі (әсіресе, метотрексатты қолданғаннан кейінгі алғашқы 24-48 сағаттарда), стоматит, диспепсия

Жиі: Диарея (әсіресе, метотрексатты қолданғаннан кейінгі алғашқы 24-48 сағаттарда)

Жиі емес: Асқазан-ішектің ойық жаралары және қан кетулер

Сирек: Энтерит, меленингинг, мальабсорбция

Өте сирек: Гематемизация, уытты мегаколон

Бауыр тарапынан

Өте жиі: Бауырмен байланысты ферменттердің жоғарылауы (СГПТ, СГОТ, сілтілік фосфатаза және билирубин)

Жиі емес: Бауырды май басуы, фиброзы мен циррозының дамуы (бауыр ферменттерінің жүйелі түрде бақыланып отырған, қалыпты мәндеріне қарамастан жиі кездеседі); сарысудағы альбуминнің төмендеуі

Сирек: Жедел гепатит және гепатоуыттылық

Өте сирек: Созылмалы гепатиттің реактивациясы, бауырдың жедел дегенерациясы, бауыр жеткіліксіздігі. Бұдан өзге, герпестік энцефалит жағдайы және бауыр жеткіліксіздігі тіркелген

Тері және теріасты тіндері тарапынан

Жиі: Экзантема, эритема, қышыну

Жиі емес: Есекжем, фотосезімталдық, терінің контрастыланған пигментациясы, шаштың түсуі, жараның жазылуының бұзылуы, ревматизм түйіндерінің үлкеюі, белдемелі теміреткі, псориаздық түйіндақтың ауырсынумен жүретін зақымданулары, ауыр уытты реакциялар: васкулит, герпестік бөртпелер, Стивенс-Джонсон синдромы, уытты эпидермалық некролиз (Лайелл синдромы)

Сирек: Тырнақтардың пигменттік өзгерістерінің жоғарылауы, онихолиз, безеу, петехиялар, көгерулер, мультиформалы эритема, терінің эритемалық бөртпелері

Өте сирек: Жедел паронихия, фурункулез, телеангиэктазия, гидраденит

Сүйек-бұлшықет жүйесі және дәнекер тіндер тарапынан

Жиі емес: Артралгия, миалгия, остеопороз

Сирек: Стресстік сыну

Бүйрек және несеп шығару жолдары тарапынан

Жиі емес: Қуықтың қабынуы және ойық жаралануы (гематуриямен жүруі мүмкін), дизурия

Сирек: Бүйрек жеткіліксіздігі, олигурия, анурия, азотемия

Өте сирек: Протеинурия

Жалпы бұзылыстар және енгізген жердегі асқынулар

Жиі емес: Метотрексатты бұлшықет ішіне енгізгеннен кейін инъекция орнында жергілікті жағымсыз реакциялар (ашыту сезімі) немесе зақымданулар (стерильді абсцесс түзілуі, май тінінің жарылуы) көрініс беруі мүмкін

Өте сирек: Тері астына енгізген кездегі қызба. Сонымен қатар, әлсіз жергілікті тері реакциялары, олардың саны емдеу барысында азайып отырған

Ұрпақ өрбіту жүйесі тарапынан асқынулар

Жиі емес: Қынаптың қабынуы және ойық жаралануы

Сирек: Олигоспермия, етеккір оралымының бұзылуы

Өте сирек: Либидо жоғалтылуы, импотенция, қынаптық бөліністер, бедеулік, гинекомастия

Метотрексатты тері астына енгізу жергілікті толеранттылығының жақсы екендігін көрсетеді. Бүгінге дейін тек әлсіз жергілікті тері реакциялары ғана байқалған, олардың саны емдеу барысында азайып отырған.

Болжамды жағымсыз әсерлері туралы жағдайларды хабарлау

Дәрілік заттың тіркелуінен кейін анықталған, ықтимал жағымсыз әсерлері туралы хабарламалардың берілуінің маңызы зор. Бұл дәрілік препараттың пайдасы / қаупі арақатынасына мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді.

Медицина қызметкерлері мен пациенттерден кез келген жағымсыз әсерлер туралы медициналық қолдану жөніндегі осы нұсқаулықтың соңғы бөлімінде көрсетілген мекенжайға хабарлауы сұралады.

Қолдануға болмайтын жағдайлар

- метотрексатқа және/немесе препараттың кез келген қосымша затына жоғары сезімталдық;

- бауырдың жедел жеткіліксіздігі, сарысудағы билирубин деңгейі 5 мг/дл артық (85.5 ммоль/л);

- алкогольді қолдану;

- бүйректің жедел жеткіліксіздігі (креатинин клиренсі 20 мл/минуттан аз);

- сүйек кемігінің гипоплазиясы, лейкопения, тромбоцитопения немесе айқын анемия сияқты, анамнездегі қан түзілуінің бұзылуы;

- туберкулез, АИТВ немесе иммун тапшылығының басқа синдромдары сияқты күрделі, жедел немесе созылмалы инфекциялар;

- ауыз қуысының ойық жаралары және асқазан-ішек жолының белсенді фазада анықталған ойық жара ауруы;

- жүктілік, лактация кезеңі;

- тірі вакциналармен бір мезгілде вакцинациялау;

- 3 жасқа толмаған балалар

Дәрілермен өзара әрекеттесуі

Қабынуға қарсы стероидты емес препараттар

Жануарларға жүргізілген эксперименттерде салицил қышқылын қоса, қабынуға қарсы стероидты емес препараттар (ҚҚСП) түтікшелік метотрексаттар секрециясының азаюына алып келген және сәйкесінше, оның уытты әсерлерін арттырған. Алайда, клиникалық зерттеулерде ҚҚСП мен салицил қышқылы ревматоидтық артриті бар пациенттерге қатарлас дәрілік заттар ретінде тағайындалған кезде, жағымсыз реакциялардың артқаны байқалмаған. Ревматоидтық артритті ондай препараттармен емдеуді метотрексатпен төмен дозада емдеген кезде, бірақ мұқият медициналық қадағалаумен ғана жалғастыруға болады.

Алкоголь, гепатоуытты және гематоуыты дәрілер

Алкогольді жүйелі түрде пайдалану және қосымша гепатоуытты дәрілік препараттардың енгізілуі метотрексаттың гепатоуытты әсерлерінің ықтималдылығын арттырады.

Гепатоуыттылығының жоғарылауы мүмкіндігіне байланысты, метотрексатпен емделу кезінде гепатоуытты және гематоуытты болуы ықтимал дәрілік заттарды (мысалы, лефлуномид, азатиоприн, сульфафазазин және ретиноидтарды) қабылдап жүрген пациенттер мұқият бақылануы тиіс. Метортрит Ромфарм препаратымен емдеу кезінде алкогольдің қолданылуын болдырмау керек.

Метотрексатпен және ацитретин немесе этретинат сияқты ретиноидтармен біріктіріп емдеу, гепатоуыттылығы қаупін арттырады.

Қосымша гематоуытты дәрілік препараттарды (мысалы, метамизолды) енгізу метотрексаттың күрделі гематоуытты әсерлерінің ықтималдылығын арттырады.

Құрысуға қарсы дәрілік заттар және 5-фторурацил

Метотрексат, құрысуға қарсы дәрілер (метотрексат деңгейін төмендетеді) және 5-фторурацил (5-фторурацилдің ұзарады) арасындағы фармакокинетикалық өзара әрекеттесулер туралы білу керек.

Дәрілік заттардың қан плазмасы ақуыздарымен байланысуы

Салицилаттар, фенилбутазон, фенитоин, барбитураттар, транквилизаторлар, оральді контрацептивтер, тетрациклиндер, амидопирин туындылары, сульфонамидтер және п-аминобензой қышқылы метотрексатты сарысудағы альбуминмен байланыстан ығыстырып шығарады және, сол арқылы оның биожетімділігін арттырады (дозасының қосымша арттырылуы).

Пробенецид және әлсіз органикалық қышқылдар

Пробенецид пен әлсіз органикалық қышқылдар да метотрексаттың түтікшелі ортадағы секрециясын азайтуы және, дозасының қосымша арттырылуына да ықпал етуі мүмкін.

Антибиотиктер

Пенициллин, гликопептидтер, сульфонамидтер, ципрофлоксацин және цефалотин сияқты антибиотиктер, жекелеген жағдайларда метотрексаттың бүйректік клиренсін төмендетуі мүмкін, соған байланысты, гематологиялық және асқазан-ішектік уыттылығымен бір мезгілде метотрексаттың қан сарысуындағы концентрациясы жоғарылауы мүмкін.

Ішке қабылдауға арналған антибиотиктер

Тетрациклиндер, хлорамфеникол сияқты ішке қабылдауға арналған антибиотиктер, және әсер ету ауқымы кең сіңірілмейтін антибиотиктер метотрексаттың ішекте сіңірілуін төмендетуі немесе ішек флорасының тежелуінің немесе бактериялар алмасуының бәсеңдеуі салдарынан энтерогепатикалық қанайналымға кедергі келтіруі мүмкін.

Сүйек кемігі тарапынан жағымсыз реакцияларды туғызатын дәрілік заттар

Сүйек кемігіне жағымсыз әсер беруі мүмкін дәрілік заттарды (мысалы, сульфонамидтер, триметоприм / сульфаметоксазол, хлорамфеникол, пириметамин) қолданғанда, айқын гематопоэздік бұзылыстардың көрініс беруі мүмкіндігін ескеру қажет.

Фолаттар тапшылығын туғызуға қабілетті препараттар

Фолат тапшылығын туғызатын дәрілік заттарды (мысалы, сульфонамидтер, триметоприм / сульфаметоксазол) бірге енгізу метотрексат уыттылығының жоғарылауына алып келуі мүмкін. Сондықтан, фолий қышқылы жеткіліксіздігі болған жағдайда, айрықша сақтық таныту керек.

Фолий қышқылы немесе фолиний қышқылы бар препараттар

Құрамында фолий қышқылы бар препараттарды немесе құрамында фолий қышқылы немесе оның туындылары бар дәрумендік препараттарды бір мезгілде енгізу метотрексаттың тиімділігіне әсер етуі мүмкін.

Ревматизмге қарсы препараттар

Метотрексатты ревматизмге қарсы басқа препараттармен (мысалы, алтын қосылыстары, пеницилламин, гидроксихлорохин, сульфасалазин, азатиоприн, циклоспорин) бір мезгілде қолданғанда, әдетте, метотрексат уыттылығының жоғарылағаны байқалмайды.

Сульфасалазин

Метотрексат пен сульфасалазинді біріктіріп қолдану, сульфасалазин синтезін фолий қышқылы синтезінің бәсеңдетуі аясында метотрексаттың тиімділігін арттыруы мүмкін, бұл жағымсыз әсерлері қаупінің жоғарылауына алып келуі мүмкін.

Протондық сорғы тежегіштері

Метотрексат омепразол немесе пантопразол сияқты протондық сорғы тежегіштерімен өзара әрекеттестікке түседі. Метотрексат пен омепразолды қатарлас қолдану метотрексаттың бүйрек арқылы шығарылуының тежелуіне алып келеді. Пантопразолмен біріктірілгенде, бірен-саран жағдайда, миалгия және тремордың көрініс беруімен, метаболиті 7-гидроксиметотрексаттың бүйректік элиминациясының бәсеңдегені туралы хабарланған.

Құрамында кофеин- немесе теофиллин бар сусындар

Метотрексатпен емделу кезінде құрамында кофеин- немесе теофиллин бар сусындардың (кофе, құрамында кофеин бар алкогольсіз сусындар, қара шай) шамадан тыс тұтынылуын болдырмау керек, өйткені, метотрексат пен аденозиндік рецепторлардағы метилксантин арасындағы өзара әрекеттесу мүмкіндігіне байланысты, метотрексаттың тиімділігі төмендейді.

Лефлуномид

Метотрексат пен лефлуномидті бірге пайдалану панцитопенияның дамуы қаупін арттыруы мүмкін.

Меркаптопурин

Метотрексат қан плазмасындағы меркаптопуриндер деңгейінің жоғарылауына алып келеді, бұл біріктіріп қолданған жағдайда дозасын түзетуді қажет етеді.

Атап айтқанда, инфекцияға сезімталдық жоғары болатын ортопедиялық хирургияда, метотрексаттың иммуномодуляциялайтын дәрілік препараттармен біріктірілімін сақ болып қолдану керек.

Анестетиктер

Азот тотығы негізіндегі анестетиктер метотрексаттың фолий қышқылы метаболизмі үшін әсерін күшейтеді және, күтілмеген ауыр миелосупрессия мен стоматитке алып келеді. Мұны кальций фолинатын енгізу арқылы азайтуға болады.

Колестирамин

Колестирамин энтерогепатикалық айналымды үзе отырып, метотрексаттың бүйректік элиминациясын арттыруы мүмкін.

Басқа цитостатиктік дәрілік заттар

Метотрексатты басқа цитостатиктік дәрілік заттармен бірге қолданғанда, метотрексаттың клиренсі тежелуі мүмкін.

Радиотерапия

Метотрексатпен емдеу кезіндегі радиотерапия жұмсақ тіндер немесе сүйектер некрозының дамуы қаупін арттыруы мүмкін.

Вакциналар

Иммундық жүйеге әсер етуі мүмкіндігіне байланысты, метотрексат вакцинациялау мен тестілеу (иммундық реакцияны тіркеу үшін жүргізілетін иммунологиялық емшаралар) нәтижелерін бұрмалауы мүмкін.

Метотрексатпен емдеу кезінде тірі вакциналармен вакцинация жүргізбеу керек.

Айрықша нұсқаулар

Пациенттер препаратты күн сайын емес, аптасына бір рет енгізу керектігінен нақты хабардар болуы тиіс. Ықтимал уытты әсерлерінің немесе жағымсыз реакциялардың белгілерін кідірмей анықтау және бағалауға мүмкіндік болуы үшін, ем қабылдап жүрген пациенттерді тиісінше бақылап отыру керек. Демек, метотрексатты біліктілігі мен тәжірибесі жеткілікті, антиметаболиттік емді қолданып жүрген дәрігердің қадағалауымен тағайындау немесе енгізу керек.

Ауыр немесе тіпті, өлімге соқтыратын уытты реакцияларының даму қаупі болғандықтан, дәрігер пациентті ықтимал қауіптерімен (уыттылығының бастапқы белгілері мен симптомдарын қоса) және ұсынылатын сақтық шараларымен егжей-тегжейлі таныстыруы тиіс.

Егер уыттану симптомдары пайда болса, пациенттер дереу дәрігерге қаралуы, сондай-ақ, уыттану симптомдарына тұрақты бақылау жүргізуі (жүйелі түрдегі зертханалық талдауларды қоса) тиіс.

Аптасына 20 асатын дозалары, уыттылығының елеулі жоғарылауына, әсіресе, сүйек кемігі функциясының бәсеңдеуіне алып келуі мүмкін.

Метотрексаттың емдеу кезінде және емдеу тоқтатылғаннан кейінгі қысқа мерзім ішінде пациенттерде бала туу қабілетінің төмендеуін, олигоспермияны, етеккір дисфункциясын және аменореяны туғызатындығы хабарланған. Мұндай бұзылулар, емдеуді тоқтатқан кезде қайтымды болуы мүмкін. Бұдан өзге, метотрексат адамдарда эмбриоуыттылық, аборттар және құрсақішілік ақауларды туғызады. Сондықтан, бала тууға әсер ету қаупінің мүмкіндіктерін ерлермен және бала туу жасындағы әйел пациенттермен талқылау керек.

Емдеу кезінде және емдеу аяқталғаннан кейін кемінде алты бойы, ерлер мен әйелдерде тиімді контрацепция жүргізілуі тиіс. Метотрексатпен емдеу сперматогенездегі күрделі және, қайтымды болуы мүмкін бұзылуларға алып келуі мүмкін, ерлер емделуді бастар алдында шәуһетін сақтап қалу мүмкіндігі жөніндегі кеңеске жүгінуі керек.

Метотрексаттың теріге және шырышты қабықтарға тиюін болдырмау керек. Ластанған жағдайда, сәйкесінше бөліктерді мол сумен жуып тастау керек.

Ұсынылатын тексерулер мен сақтық шаралары:

Метотрексатпен емдеуді бастар алдында немесе үзілістен кейін емдеу қайта басталғаннан кейін:

Лейкоциттер мен тромбоциттерді, бауыр ферменттерін, билирубинді, сарысу альбуминін анықтаумен, қанның толық талдауын; кеуде қуысына рентгенологиялық тексеру және бүйрек функциясын зерттеуді, туберкулез бен гепатиттің бар-жоқтығын анықтауға арналған тестілерді (қажет болса) жүргізу қажет.

Емдеу кезінде:

Төменде келтірілген тестілер алғашқы екі апта ішінде апта сайын, содан сой келесі бір ай бойына әр екі апта сайын; кейіннен лейкоциттер санына және пациент жағдайының тұрақтылығына байланысты келесі алты ай бойына кемінде айына бір рет және, содан соң әр үш ай сайын жүргізілуі тиіс.

Дозасын арттырған кезде жиірек бақылау жүргізу керек.

Әсіресе, егде жастағы пациенттерде уыттылығының бастапқы белгілері қысқа уақыт аралықтары сайын тексерілуі тиіс.

  • Ауыз қуысының шырышты қабығы мен тамақты тексеру

  • Лейкоциттер мен тромбоциттер деңгейін анықтаумен қанның толық талдауы

  • Метотрексат туғызатын қан түзілуінің бәсеңдеуі кенеттен және тіптен қауіпсіз дозаларында да орын алуы мүмкін. Лейкоциттер немесе тромбоциттер санының кез келген елеулі азаюы кезінде емдеуді дереу тоқтату және сәйкесінше демеуші ем жүргізу қажет.

    Пациенттерге инфекцияны білдіретін барлық белгілер мен симптомдар туралы нұсқау берілуі қажет. Гематоуытты дәрілік заттарды (мысалы, лефлуномидті) бір мезгілде қабылдап жүрген пациенттерде қан денешіктері мен тромбоциттер санын мұқият бақылау керек.

    Метотрексатпен ұзақ уақыт бойы емдеу кезінде трепанобиопсия жүргізу қажет.

    3. Бауырдың функционалдық тестілері

    Бауыр функциясына уытты әсерінің туындауына ерекше көңіл бөлу керек. Егер бауыр функциясының талдауларында немесе бауыр биопсиясында қандай-да бір ауытқулар болса, немесе егер, емдеу кезінде симптомдары дами бастаса, метотрексатпен емдеуді бастамау немесе емдеуді тоқтату керек. Ондай аномалиялар екі апта ішінде нормаға қайтып келуі тиіс; содан кейін емдеуді дәрігердің қалауынша қайта бастауға болады.

    Пациенттерде трансаминазалардың қалыптың жоғарғы шегінен екі немесе үш есе, 13-20% жиілікпен уақытша жоғарылағаны хабарланған. Бауырмен байланысты ферменттердің тұрақты аномалиялары, және/немесе сарысу альбуминінің азаюы ауыр гепатоуыттылығын білдіруі мүмкін.

    Ферментативтік диагностика морфологиялық тұрғыдан анықталатын гепатоуыттылығының дамуына сенімді болжам жасауға мүмкіндік бермейді, яғни, тіпті, трансаминазалар деңгейі қалыпты болған жағдайда да, гистологиялық жолмен ғана дәлелденетін бауыр фиброзы немесе одан да сирек жағдайларда, бауыр циррозы байқалуы мүмкін.

    Метотрексатты ревматологияық көрсетілімдері бойынша қолданғанда, гепатоуыттылығын бақылау мақсатында биопсия жүргізу үшін нақты дәлелдер жоқ.

    Псориазы бар пациенттер үшін емдеуге дейін және емдеу кезінде бауыр биопсиясын жүргізу қажеттілігі туралы біржақты пікір жоқ.

    Қанның биохимиялық талдауларының немесе коллаген III пропептидінің гепатоуытты әсерін жеткілікті дәрежеде анықтауға қабілеттілігін білу үшін ары қарай зерттеу жүргізу қажет.

    Бұл бағалауда пациенттер қандай-да бір қауіп факторларынсыз топ пен қауіп факторлары бар, мысалы, алкогольді шамадан тыс пайдаланатын, бауыр ферменттерінің тұрақты жоғарылауы, анамнезінде бауыр аурулары, отбасында тұқым қуалайтын бауыр аурулары, қант диабеті, семіздік болған және осының алдында гепатоуытты дәрілік заттарды немесе химиялық заттарды қолданған, метотрексатпен ұзақ уақыт бойы немесе жинақталатын 1.5 г немесе одан да жоғары дозаларында емделген топқа бөлінуі тиіс.

    Бауыр ферменттері тұрақты түрде жоғарылаған жағдайда, дозасын азайтуды немесе емдеуді тоқтатуды қарастыру керек.

    Метотрексатпен емдеу кезінде, бауырға уытты әсер беруі ықтималдығына байланысты, қосымша гепатоуытты дәрілік препараттарды тағайындау ұсынылмайды, және алкогольдің тұтынылуын болдырмау керек. Басқа гепатоуытты дәрілік заттарды (мысалы, лефлуномидті) бір мезгілде қабыдап жүрген пациенттерде бауыр ферменттеріне мұқиятырақ мониторинг жүргізу қажет болады. Мұны гематоуытты дәрілік заттарды (мысалы, лефлуномидті) бір мезгілде енгізгенде де ескеру керек.

    Инсулинге тәуелді қант диабеті бар пациенттерге өте мұқият қадағалау жүргізу қажет, өйткені, метотрексатпен емдеу кезінде бауыр циррозы жекелеген жағдайларда, трансаминазалардың үзіліссіз жоғарылауымен дамуы мүмкін.

    4. Бүйрек функциясын бақылау

    Сарысудағы креатинин деңгейі жоғарылаған жағдайда, метотрексаттың дозасын төмендету қажет. Сарысудағы креатинин деңгейі 2 мг/дл артық жоғарылаған жағдайда, метотрексатпен емдеу тағайындалмауы тиіс.

    Метотрексат көбінесе бүйрек арқылы шығарылатындықтан, бүйрек жеткіліксіздігі жағдайларында метотрексаттың сарысудағы концентрациясының жоғарылауын күтуге болады, бұл ауыр жағымсыз әсерлеріне әкеп соқтыруы мүмкін. Бүйрек жеткіліксіздігінің ықтималдығы бар жағдайларда (мысалы, егде жастағы пациенттерде) анағұрлым мұқият бақылау жүргізу қажет.

    Атап айтқанда, метотрексатты бүйрек зақымдануын туғыза отырып, метотрексаттң шығарылуына ықпал ететін препараттармен (мысалы, қабынуға қарсы стероидты емес дәрілік заттармен), немесе қан түзілуінің нашарлауына алып келуі ықтимал препараттармен бір мезгілде қолданғанда да айрықша қадағалау қажет. Бүйрек функциясы бұзылған пациенттерде ҚҚСП бір мезгілде енгізу ұсынылмайды. Сусыздану да метотрексаттың уыттылығын күшейтуі мүмкін.

    5. Тыныс алу жүйесі

    Пациенттерге өкпенің қандай-да бір ауруларының бар-жоқтығына қатысты сауалнама жүргізу, қажет болған жағдайда, бүйрек функциясына зерттеу жүргізу керек.

    Көбінесе, эозинофилиямен қатар жүретін, және өмірге қауіп төндіретін жағдай болып табылатын жедел немесе созылмалы интерстициальді пневмониттің даму ықтималдығы бар.

    Метотрексатты қолданудан туындаған өкпе зақымдануының клиникалық симптомдары алуан түрлі, алайда, әдеттегі белгілері қызба, жөтел, тыныстың тарылуы, гипоксемия және рентгенограммада өкпеде инфильтраттың болуы болып табылады. Өкпе тарапынан патология белгілеріне дереу диагностика жүргізу және метотрексатты тоқтату қажет. Метотрексатты қолданудан туындайтын тыныс мүшелері ауруларының мүмкіндігі препараттың қолданылған дозаларына тәуелді емес.

    Симптомдарына әдетте, ентігу, жөтел (әсіресе, құрғақ, өнімсіз жөтел), торакальді ауыру және қызба кіреді, ол үшін пациенттерді әр қабылдауға келген сайын мұқият бақылап отыру қажет. Пациенттерге пневмонит қаупі туралы ескертілуі тиіс және олар тұрақты жөтел немесе ентігу болған жағдайда, дереу дәрігерге хабарласуы тиіс.

    Өкпе симптомдары бар пациенттерде метотрексатпен емдеуді тоқтату керек, және инфекция мен ісіктердің бар-жоқтығын анықтау үшін, мұқият зерттеу жүргізу (кеуде қуысының рентгенологиясын қоса) қажет. Метотрексаттан туындаған өкпе ауруына күдіктенген жағдайда, кортикостероидтармен емдеуді бастау және метотрексатпен емдеуді қайта бастамау керек.

    Өкпе тарапынан патология белгілеріне дереу диагностика жүргізу және метотрексатты тоқтату қажет. Метотрексат туғызған пневмонит сияқты өкпе аурулары күтпеген жерден, емдеудің кез келген сәтінде туындауы мүмкін, олар әрдайым қайтымды бола бермейді және, барлық дозаларында (аптасына 7.5 мг төмен дозаларын қоса) пайда болуы мүмкін.

    Метотрексатпен емдеу кезінде оппортунистік инфекция, соның ішінде, пневмоцистік пневмония туындауы мүмкін, ол өлімге әкеп соқтыруы мүмкін.

    Белсенді емес, созылмалы инфекциялар (мысалы, белдемелік герпес, туберкулез, B немесе C гепатиті) болған жағдайда, олардың белсенуі мүмкіндігіне байланысты айрықша сақтық таныту керек.

    6. Иммундық жүйеге әсері

    Иммундық жүйеге әсер етуі мүмкіндігіне байланысты, метотрексат вакцинациялауға реакцияны төмендетуі және иммунологиялық тестілердің нәтижелеріне ықпал етуі мүмкін. Метотрексатпен ем жүргізу кезінде тірі вакциналармен вакцинациялау жүргізілмеуі тиіс.

    Метотрексаттың төмен дозаларын қабылдап жүрген пациенттерде, қатерлі лимфомалар туындауы мүмкін, мұндай жағдайда емдеу тоқтатылуы тиіс. Егер лимфоманың өздігінен регрессиясы белгілері білінбесе, онда цитоуытты ем жүргізу қажет.

    Асцит немесе плевра жалқықтары сияқты, дене қуыстарында сұйықтықтардың патологиялық жинақталуы үшінші кеңістік») бар пациенттерде, метотрексат препаратының жартылай шығарылу кезеңі, плазмадан элиминациялануы ұзарады. Метотрексатпен емдеудің алдында плевра эффузиялары мен асцитті тазалау керек.

    Құсу, диарея, стоматит сияқты сусыздануға алып келетін жағдайлар, агент деңгейінің жоғарылауына байланысты, метотрексаттың уыттылығын арттыруы мүмкін. Симптомдары жойылғанша метотрексатпен емдеуді тоқтату керек, керісінше жағдайда геморрагиялық энтерит және ішек тесілуі өлімге әкелуі мүмкін.

    Емдеуден кейін 48 сағат ішінде метотрексат деңгейі жоғарылауы мүмкін пациенттерді идентификациялау маңызды, өйткені керісінше жағдайда, метотрексаттың уыттылығы қайтымсыз болуы мүмкін.

    Сондай-ақ, гематемизация, мелена немесе гематоцезия көрініс берген жағдайда, емдеу тоқтатылуы тиіс.

    Дәрумендер препараттары немесе құрамында фолий қышқылы, фолиний қышқылы немесе олардың туындылары бар басқа өнімдер, метотрексаттың тиімділігін төмендетуі мүмкін.

    Метотрексатпен емдеу кезінде радиация-индукциялаған дерматит пен күнге күюден (қайтарып алу реакциясы) пайда болуы мүмкін. УК-сәулелену және метотрексатты бір мезгілде енгізу кезінде, псориаздық зақымданулар ушығуы мүмкін.

    Метортрит Ромфарм препаратының құрамында бір дозасында 1 ммольден аз натрий (23 мг) бар және іс жүзінде «натрийсіз».

    Балалар популяциясы

    Тиімділігі мен қауіпсіздігі жөніндегі мәліметтер жеткіліксіз болғандықтан, 3 жасқа дейінгі балаларда қолдану ұсынылмайды.

    Жүктілік және лактация

    Метортрит Ромфарм препаратын енгізгенге дейін бала туатын жастағы әйелдерде жүктіліктің бар-жоқтығы анықталуы тиіс.

    Фертильділік

    Метотрексат эмбриоуыттылық, түсік тастаулар мүмкіндігі мен шарананың құрсақішілік кемістіктерін туғызады. Сондай-ақ, емделу кезінде сперматогенез бен оогенезге де әсер етеді, бұл фертильділіктің төмендеуіне алып келуі мүмкін. Аталған үдерістер емдеуді тоқтатқан жағдайда қайтымды.

    Контрацепция

    Ерлер мен әйелдерге емделу кезінде және емдеу аяқталғаннан кейін кемінде алты ай бойы сақтану қажет. Бала тууға қабілетті пациенттермен ұрпақ өрбіту қабілетіне әсер етуінің ықтимал қауіптерін талқылау керек және олардың жұптары да тиісінше хабардар болуы тиіс.

    Дәрілік заттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері

    Метортрит Ромфарм препараты автокөлік жүргізу және механизмдерді басқару қабілетіне болар-болмас әсер етеді. Емдеу кезінде орталық жүйке жүйесі (ОЖЖ) тарапынан шаршау және сананың шатасуы сияқты жағымсыз құбылыстар туындауы мүмкін.

    Утилизация және басқа да өңдеу жөніндегі айрықша нұсқаулар

    Өңдеу және утилизация тәсілдері жергілікті талаптарға сәйкес, басқа цитоуытты препараттарды утилизация әдісіне сай келуі тиіс. Жүкті медицина қызметкері манипуляцияларды жүргізбегені және/немесе пациенттерге Метортрит Ромфарм препаратын енгізбегені дұрыс.

    Пайдаланылмаған кез келген дәрілік өнім немесе оның қалдықтарын цитоуытты дәрілерді жоюдың жергілікті талаптарына сәйкес жою керек.

    Артық дозалануы

    Симптомдары: Лейкопения, тромбоцитопения, анемия, панцитопения, нейтропения, сүйек кемігі қызметінің бәсеңдеуі, мукозит, стоматит, ауыз қуысындағы ойық жаралар, жүрек айнуы, құсу асқазан мен он екі елі ішектің ойық жарасы, асқазан-ішектен қан кетулер. Артық дозалануының диагнозы метотрексаттың қан плазмасындағы концентрациясына қарай қойылады.

    Емі: Метотрексаттың уытты әсерін бейтараптандыру үшін, арнайы антидоты кальций фолинатын енгізу керек.

    Байқаусызда артық дозаланған жағдайда, алғашқы сағат ішінде вена ішіне немесе бұлшықет ішіне кальций фолинатының метотрексат дозасынан артық дозасы енгізілуі тиіс және сарысудағы метотрексат деңгейі 10-7 моль/л төмендемейінше, дозалау жалғастырыла береді.

    Елеулі артық дозалануы жағдайында, метотрексаттың және/немесе оның метаболиттерінің бүйрек өзекшелеріндегі преципитациясының алдын алу үшін, организмге гидратация жүргізу және несепті сілтілеу қажет.

    Гемодиализ бен перитониальді диализ метотрексаттың шығарылуын жеделдетпейді. Жылдамдығы жоғары диализ аппаратын қолданумен жүргізілетін үзік-үзік (мезгіл-мезгіл) гемодиализ тиімді.

    Ревматоидтық артриті, белсенді формадағы ауыр ювенильді созылмалы артритпен жүретін полиартриті, артропатиялық псориазы немесе тұрпайы псориазы бар пациенттерде фолий немесе фолиний қышқылдары препараттарын қолдану метотрексаттың уыттылығын (асқазан-ішек симптомдары, ауыз қуысының шырышты қабығының қабынуы, шаштың түсуі және бауыр ферменттері деңгейлерінің жоғарылауы) төмендетуі мүмкін. Фолий қышқылы препараттарын қолданар алдында В12 дәруменінің деңгейіне мониторинг жүргізу ұсынылады, өйткені фолий қышқылы, әсіресе, 50 жастан асқан ересек пациенттерде В12 дәруменінің бұрыннан бар тапшылығын бүркемелеуі мүмкін.

    Шығарылу түрі және қаптамасы

    1.5 мл немесе 2.0 мл препараттан I типті түссіз шыныдан жасалған, поршенімен, поршенінің штогымен және басқаруға арналған фланцпен жасақталған, көлемі 2.25 мл шприцте (алдын-ала толтырылған шприцте) және 0.75 мл немесе 1.0 мл препараттан көлемі 1.0 мл шприцте.

    Алдын-ала толтырылған әрбір шприцке бөліктері бар заттаңба жабыстырылған.

    Алдын-ала толтырылған 1 шприцтен ПВХ жасалып, ПЭТ/ПЭ жасалған таңбаланбаған мөлдір фольгамен жапсырылған пішінді ұяшықты қаптамаға салынған.

    Тері астына енгізуге арнаған 1 инеден блистерде.

    Алдын-ала толтырылған шприц салынған пішінді ұяшықты 1 қаптамадан және және ине салынған 1 блистер медициналық қолдану жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапшаға салынады.

    Сақтау шарттары

    Түпнұсқалық қаптамасында, жарықтан қорғалған жерде, 25ºС-ден аспайтын температурада сақтау керек. Мұздатып қатыруға болмайды!

    Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!

    Сақтау мерзімі

    2 жыл

    Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды.

    Дәріханалардан босатылу шарттары Рецепт арқылы

    Өндіруші

    К.О. Ромфарм Компани С.Р.Л., Отопень қ., Румыния

    Тіркеу куәлігінің иесі

    К.О. Ромфарм Компани С.Р.Л., Отопень қ., Румыния

    Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан дәрілік заттардың сапасына қатысты шағымдарды (ұсыныстарды) қабылдайтын және дәрілік заттың тіркеуден кейінгі қауіпсіздігін қадағалауға жауапты ұйымның атауы, мекенжайы және байланыс деректері (телефон, факс, электронды пошта):

    КО «ROMPHARM COMPANY» СРЛ («РОМФАРМ КОМПАНИ» СРЛ) Қазақстан Республикасындағы өкілдігі,

    050013, Алматы қ., Бұқар Жырау бульвары, 33 үй, «Жеңіс» БО, 41 кеңсе,

    телефон: 8 (727) 247-07-85, факс: 8 (727) 376-35-88,

    электронды пошта: amangul-62@mail.ru

    18

    Прикрепленные файлы

    ИМП_Метортрит_Ромфарм_рус.doc 0.19 кб
    788_Метортрит_Ромфарм_каз.doc 0.25 кб

    Отправить прикрепленные файлы на почту