Мелтолан

МНН: Оланзапин
Производитель: Алкем Лабораториз Лтд
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Olanzapine
Номер регистрации в РК: РК-ЛС-5№022819
Информация о регистрации в РК: 28.02.2017 - 28.02.2022

Инструкция

Саудалық атауы

Мелтолан

Халықаралық патенттелмеген атауы

Оланзапин

Дәрілік түрі

Үлбірлі қабықпен қапталған таблеткалар, 10 мг

Құрамы

Бір таблетканың құрамында

белсенді зат - 10 мг оланзапин,

қосымша заттар: лактоза моногидраты, гидроксипропилцеллюлоза, кросповидон, маннитол, магний стеараты,

қабықтың құрамы: пектин, триацетин, титанның қостотығы, тазартылған тальк, су.

Сипаттамасы

Дөңгелек пішінді, екі жағы дөңес, үлбірлі қабықпен қапталған, екі беті тегіс, ақ немесе ақ дерлік түсті таблеткалар

Фармакотерапиялық тобы

Психотроптық препараттар. Нейролептиктер (Антипсихотиктер). Дибензодиазепиндер және олардың туындылары. Оланзапин.

АТХ коды N05AH03

Фармакологиялық қасиеттері

Фармакокинетикасы

Ішу арқылы қабылдағаннан кейін оланзапин жақсы сіңеді және ол қан плазмасында ең жоғары концентрацияға 5 - 8 сағаттан соң жетеді. Оланзапиннің сіңімділігі тамақ ішуге байланысты емес. Плазмадағы 7-ден 1000 нг/мл-ге дейінгі концентрацияда, плазма ақуыздарымен, негізінен альбуминмен және 1-қышқылдық-гликопротеинмен оланзапиннің 93%-ға жуығы байланысады.

Оланзапин бауырда конъюгация және тотығу үдерістерінің нәтижесінде метаболизденеді. Негізгі айналымдағы метаболиті 10-N-глюкуронид болып табылады, ол гематоэнцефалдық бөгет арқылы өтпейді. Р450 цитохромының CYP1A2 және CYP2D6 изоферменттері оланзапиннің N-десметил және 2-гидроксиметил метаболиттерінің түзілуіне қатысады. Р450 цитохромының CYP2D6 изоферментінің белсенділігі оланзапин метаболизмінің деңгейіне ықпалын тигізбейді. Препараттың негізгі фармакологиялық белсенділігі бастапқы зат – оланзапинге байланысты. Оланзапиннің 57%-ға жуығы бүйрек арқылы, негізінен метаболиттер түрінде шығарылады.

Оланзапин емшек сүтімен бірге бөлініп шығады. Анасындағы тепе-тең концентрацияға жеткен кезде нәрестенің алатын орташа дозасы (мг/кг) анасындағы оланзапиннің 1,8% дозасын (мг/кг) құрайды.

Оланзапиннің фармакокинетикалық көрсеткіштері шылым шегуге, жынысқа және жасқа байланысты ауытқып отырады (кестені қараңыз).

Пациенттердің сипаттамасы

Жартылай шығарылу кезеңі (сағат)

Плазмадағы клиренсі

(л/сағ.)

Шылым шекпейтіндер

38,6

18,6

Шылым шегетіндер

30,4

27,7

Әйелдер

36,7

18,9

Еркектер

32,3

27,3

Егде жастағылар (65 жас және одан үлкен)

51,8

17,5

65 жасқа толмаған

33,8

18,2

Бүйрегі зақымданған (креатинин клиренсі <10 мл/мин) пациенттерде сау субъектілермен салыстырғанда жартылай шығарылуының орташа кезеңінде (сәйкесінше, 37.7 және 32.4 сағат) немесе плазмалық клиренсінде (сәйкесінше, 21.2 және 25.0 л/сағ.) елеулі айырмашылықтар білінбейді.

Бауыр функциясының аздаған бұзылулары бар, шылым шегетін адамдарда бауыр функциясы бұзылмаған, шылым шекпейтін адамдарға қарағанда (сәйкесінше, 48.8 сағат және 14.1 л/сағ.), оланзапиннің жартылай шығарылу кезеңі (39.3 сағ.) көбірек және клиренсі (18.0 л/сағ.) төмен.

Оланзапиннің плазмалық клиренсі егде жастағы пациенттерде 65 жасқа толмаған пациенттермен салыстырғанда, еркектерде әйелдермен салыстырғанда және шылым шекпейтін пациенттерде шылым шегетін пациенттермен салыстырғанда төмен. Алайда жастың, жыныстың немесе шылым шегудің креатинин клиренсіне және жартылай ыдырау кезеңіне ықпал ету шамасы жалпы жеке адамдар арасындағы ауытқушылықпен салыстырғанда аз.

Ересек пациенттерде және 13-тен 17 жасқа дейінгі пациенттерде оланзапиннің фармакокинетикасы ұқсас. Клиникалық зерттеулерде оланзапиннің орташа әсері жасөспірімдер арасында 27%-ға жоғары болды, бұл пациенттердің осы тобының демографиялық ерекшеліктерімен байланысты болуы мүмкін (дене салмағының өте төмен болуы және шылым шегетіндер санының азырақ болуы).

Фармакодинамикасы

Мелтолан бірқатар рецепторлық жүйелер бойынша кең фармакологиялық бейінділік көрсететін психозға қарсы, маниакальдікке қарсы және көңіл күйді тұрақтандырушы дәрі болып табылады.

Мелтоланның серотониннің (5HT2A/2C, 5HT3, 5HT6), дофаминнің (D1 - D5), мускариннің (М1 – М5), гистаминнің (Н1) рецепторларына, сондай-ақ адренергиялық жүйенің α-1 рецепторларына да ұқсастығы жоғары болады.

Препарат мезолимбиялық (А10) дофаминергиялық нейрондардың қозғыштығын іріктемелі түрде төмендетеді, және сол кезде моторлы функцияларды реттеуге қатысатын стриарлы (А9) жүйке жолдарына аздаған әсерін тигізеді. Мелтолан каталепсияны (моторлы функцияға жағымсыз ықпалын ететін бұзылыс) туындататын дозаларға қарағанда неғұрлым төменірек дозаларда шартты үрейленуге қарсы аулақтау рефлексін (психозға қарсы белсенділікті сипаттайтын тест) төмендетеді. Мелтолан «анксиолитикалық» тест жүргізген кезде үрейленуге қарсы әсерді арттырады.

Мелтолан өнімді де (сандырақтау, елестеулер және басқалар), сонымен қатар жағымсыз да бұзылыстардың редукциясын қамтамасыз етеді.

Қолданылуы

  • Мелтолан шизофренияны және соған ұқсас бұзылыстарды емдеуге арналған. Мелтолан бастапқы кезеңде емге сезімтал пациенттерді ұзақ емдеу кезінде клиникалық көріністі тиімді жақсартады.

  • Мелтолан орташадан ауырға дейінгі маниакальді эпизодты емдеуге қолданылады.

  • Маниакальді эпизод оланзапинмен емдеуге реакция түрінде болған пациенттерге, оланзапин биполярлы бұзылысы бар пациенттердегі қайталанудың профилактикасы үшін қолданылады.

Қолдану тәсілі және дозалары

Ересектер

Мелтоланды тамақ ішуге қарамастан қолдануға болады, өйткені тамақ ішу препараттың сіңуіне ықпал етпейді.

Шизофрения: Мелтоланның ұсынылған бастапқы дозасы тәулігіне бір рет 10 мг құрайды.

Маниакальді эпизод: Бастапқы дозасы монотерапияда тәуліктік бір дозада 15 мг немесе біріктірілген емде күн сайын 10 мг құрайды.

Биполярлық бұзылыс кезінде қайталанулардың алдын алу: Ұсынылған бастапқы дозасы күніне 10 мг құрайды. Маниакальді эпизодты емдеу үшін, қайталанулардың алдын алатын ем үшін оланзапин қабылдайтын пациенттерге емді сол дозада жалғастыру қажет. Егер жаңа маниакальді, аралас немесе депрессиялық эпизод туындаса, оланзапинмен емдеуді клиникалық көрсетілімдері бойынша көңіл-күй симптомдарын емдеу үшін қосымша ем тағайындаумен (қажет болса дозаны оңтайландыруды) жалғастыру қажет.

Шизофренияны, маниакальді эпизодтарды емдеудің және биполярлық бұзылыс кезінде қайталанулардың профилактикасының уақыты, тәуліктік доза әрі қарай тәулігіне 5 мг-ден 20 мг дейінгі диапазонда науқастың жеке клиникалық жағдайы негізінде түзетілуі мүмкін. Дозаны стандартты тәуліктік 10 мг дозадан артық ұлғайту тек пациентті 24 сағаттан кем емес аралықпен тиісті клиникалық тексеруден кейін ғана ұсынылады.

Белгілі бір топтағы науқастар үшін тәуліктік дозаны таңдаудың жалпы тәртібі.

Балалар тобы

Қауіпсіздігі мен тиімділігі туралы деректер болмауына байланысты, оланзапин 18 жасқа толмаған балалар мен жасөспірімдерге қолдануға ұсынылмайды. Салмақтың елеулі түрде ұлғаюы, липидтер мен пролактин деңгейінің өзгеруі ересек пациенттердегі клиникалық зерттеулерге қарағанда, жасөспірім науқастардағы қысқа мерзімдік зерттеулерде хабарланды.

Егде жастағы пациенттер

65 жастағы және одан үлкен пациенттерге бастапқы дозаны тәулігіне 5 мг дейін төмендету ұсынылады.

Бүйрек және/немесе бауыр жеткіліксіздігі бар пациенттер

Ауыр бүйрек немесе орташа бауыр жеткіліксіздігі бар науқастар үшін бастапқы дозаны тәулігіне 5 мг дейін төмендету ұсынылады. Орташа бауыр жеткіліксіздігі жағдайларында (бауыр циррозы, Child-Pugh А немесе В класы), бастапқы доза 5 мг болуы тиіс және сақтықпен арттыру керек.

Шылым шегетіндер

Бастапқы доза және доза диапазоны шылым шегетіндерге қатысты алғанда шылым шекпейтіндер үшін үнемі өзгеруі тиіс емес. Оланзапин метаболизмінің баяулауы шылым шегуден туындауы мүмкін. Клиникалық мониторинг жасау ұсынылады және егер бұл қажет болса, оланзапиннің дозасын арттыру қарастырылады. Егер метаболизмнің баяулауына әкелуі мүмкін біреуден артық фактор бар болса (әйел жынысы, гериатриялық жас, шылым шекпейтіндер статусы), бастапқы дозаның азаюын ескеру керек. егер дозаны эскалациялау көрсетілімде болса, мұндай науқастар үшін консервативті болуы тиіс.

Жағымсыз әсерлері

Клиникалық зерттеулер деректері бойынша, жиірек хабарланатын жағымсыз реакцияларға (1%) ұйқышылдық, дене салмағының артуы, эозинофилия, пролактин, холестерин, глюкоза және триглицеридтер деңгейінің артуы, глюкозурия, тәбеттің жоғарылауы, бас айналу, акатизия, паркинсонизм, лейкопения, нейтропения, дискинезия, ортостатикалық гипотония, антихолинергиялық әсерлер, бауыр аминотрансферазаларының транзиторлы симптомсыз жоғарылауы, бөртпе, астения, шаршау, қызба, артралгия, сілтілік фосфатаза деңгейінің жоғарылауы, гамма глутамилтрансфераза, несеп қышқылының және креатинфосфокиназаның жоғарылауы, ісіну жатады.

Клиникалық зерттеулерде және/немесе постмаркетингтік бақылауда препараттың барлық дәрілік түрлері бойынша бірлі-жарым жағдайлардағыдан жиірек тіркелген жағымсыз реакциялар кестеде келесі градацияға сәйкес берілген: өте жиі ((≥1/10), жиі ((≥1/100, <1/10), кейде (≥1/1000, <1/100), сирек (≥1/10000, <1/1000), өте сирек (<1/10000), жиілігі белгісіз (қолда бар деректер бойынша бағалау мүмкін емес).

Өте жиі

  • қысқа мерзімді қолдану кезеңінде (орта есеппен 47 күнге жуық) салмақтың артуы (дене салмағынан ≥7%)

  • ұзақ мерзімді қолдану кезеңінде (48 аптадан кем емес) салмақтың артуы (дене салмағынан ≥7%, 15%, 25%)

  • плазмадағы пролактин деңгейінің жоғарылауы

  • ортостатикалық гипотензия

  • ұйқышылдық

  • аш қарында ≥5.17 - <6.2 ммоль/л бастапқы көрсеткішпен салыстырғанда холестерин деңгейінің ≥6.2 ммоль/л артуы

  • 1.69 - <2.26 ммоль/л бастапқы көрсеткішпен салыстырғанда триглицеридтер2 деңгейінің ≥2.26 ммоль/л артуы

  • аш қарында ≥5.56 - <7 ммоль/л бастапқы көрсеткішпен салыстырғанда глюкоза4 деңгейінің ≥7 ммоль/л артуы.

  • гюкозурия

Жиі

  • қысқа мерзімді қолдану кезеңінде (орта есеппен, 47 күнге жуық) салмақтың артуы (дене салмағының ≥15%)

  • эозинофилия, лейкопения, нейтропения

  • әсіресе, емнің ерте сатыларында бауыр аминотрансферазаларының (АЛТ, АСТ) транзиторлы асимптоматикалық жоғарылауы

  • сілтілік фосфатаза (СФ) деңгейінің жоғарылауы

  • ашқарында <5.17 ммоль/л бастапқы көрсеткішпен салыстырғанда холестерин деңгейінің ≥6.2 ммоль/л артуы

  • <1.69 ммоль/л бастапқы көрсеткішпен салыстырғанда триглицеридтер деңгейінің ≥2.26 ммоль/л артуы

  • ашқарында <5.56 ммоль/л бастапқы көрсеткішпен салыстырғанда глюкоза деңгейінің ≥7 ммоль/л артуы

  • гамма-глутамилтрансфераза деңгейінің жоғарылауы

  • несеп қышқылы деңгейінің артуы

  • креатинфосфокиназа деңгейінің жоғарылауы

  • глюкозурия

  • тәбеттің артуы

  • бас айналу

  • акатизия

  • паркинсонизм

  • дискинезия

  • іш қату мен ауыздың кеберсуін қоса, орташа транзиторлы антихолинергиялық әсерлер

  • ерлердегі эректильді дисфункция, ерлер мен әйелдердегі жыныстық құштарлықтың төмендеуі

  • бөртпе, ісіну (оның ішінде шеткері)

  • астения, шаршау, қызба

  • артралгия

Кейде

  • қысқа мерзімді қолдану кезеңінде (орта есеппен 47 күнге жуық) салмақтың артуы (дене салмағынан ≥ 25%)

  • аса жоғары сезімталдық

  • кейбір жағдайларда өліммен аяқталуларды қоса, кейде кетоацидозбен немесе комамен байланысты болатын қант диабетінің туындауы немесе өршуі

  • көпшілік жағдайларда анамнезде ұстамалар немесе құрысуды дамытатын қауіп факторлары болған кездегі құрысулар

  • дистония (көз алмасы қозғалысын қоса)

  • кеш дискинезия

  • брадикардия, QTc аралығының ұзаруы

  • іштің кебуі

  • амнезия

  • дизартрия

  • фотосезімталдық реакциялары

  • мұрыннан қан кету

  • веналық тромбоэмболия (оның ішінде өкпе артериясының тромбоэмболиясы және терең веналар тромбозы)

  • алопеция

  • несепті ұстай алмау, несеп іркілісі, несеп шығарудың қиындауы

  • жалпы билирубин жоғарылауы

  • аменорея, сүт бездерінің ұлғаюы, әйелдердегі галакторея, ерлердегі гинекомастия/сүт бездерінің ұлғаюы

Сирек

  • гепатит (бауыр-жасушалық, бауырдың холестаздық немесе аралас зақымдануын қоса)

  • тромбоцитопения

  • гипотермия

  • қатерлі нейролептикалық синдром

  • тоқтату симптомдары

  • қарыншалық тахикардия/фибрилляция, кенеттен болатын өлім

  • панкреатит

  • рабдомиолиз

  • приапизм

Жиілігі белгісіз

  • жаңа туған нәрестелердегі тоқтату синдромы

Мелтоланды ұзақ уақыт қолданғанда (48 аптадан кем емес) салмақ, глюкоза деңгейі, жалпы холестерин, ТТЛП, ТЖЛП немесе триглицеридтер көрсеткіштерінің клиникалық мәнді өзгерістері бар пациенттердің сандық арақатынасы уақыт өтуімен ұлғайған. Емнің 9-12 курсын аяқтаған пациенттерде қандағы глюкоза деңгейінің орташа шамасының өсу қарқыны шамамен 6 айдан соң баяулаған.

Пациенттердің ерекше топтарындағы жағымсыз әсерлер.

Клиникалық зерттеулерде ақыл-есі кем егде пациенттерде Мелтоланмен емдеу, плацебомен салыстырғанда, жүрек-қантамыр жүйесі тарапынан жағымсыз реакциялардың жоғарырақ даму жиілігімен және өлімге ұшыраудың жоғарылауымен астасқан. Пациенттердің осы тобындағы өте жиі жағымсыз реакцияларға (10%) жүріс-тұрыстың бұзылуы және құлау жатады. Жиі кездесетін жағымсыз реакциялар (≥1%, <10%) дене температурасының көтерілуі, летаргия, эритема, көру елестеулері, пневмония және несепті ұстай алмау болды.

Дәрілік препаратты (допамин агонисі) қабылдаумен индукцияланған психозға шалдыққан науқастарда, Паркинсон ауруында, елестеулер мен паркинсонизм симптомдарының күшеюі өте жиі ( 10%) және плацебо тобындағыдан едәуір жоғары жиілікте болды.

Мелтоланды литиймен немесе вальпроатпен біріктіріп алатын биполярлы маниясы бар науқастарда нейтропения дамуы байқалды. Осы топтағы өте жиі (10%) жағымсыз әсерлер салмақтың артуы, ауыздың кеберсуі, тәбеттің артуы, тремор және жиі (< 10% және ≥ 1%) - сөйлеудің бұзылуы болды. Мелтоланды литиймен немесе дивалпроекспен біріктіріп емдеу кезінде салмақтың бастапқы деңгейден ≥7% артуы жедел кезеңді (6 аптаға дейін) ем кезінде 17.4% пациентте байқалды. Биполярлы бұзылысы бар пациенттерде қайталанулар профилактикасы үшін Мелтоланмен ұзақ мерзімді (12 айға дейін) емдеу 39.9% пациентте дене салмағының бастапқы деңгейден ≥7% артуымен астасқан.

Қолдануға болмайтын жағдайлар

  • препарат компоненттерінің кез келгеніне жоғары сезімталдық

  • 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер

  • жабық бұрышты глаукоманың даму қаупінің болуы

Дәрілермен өзара әрекеттесуі

Оланзапиннің метаболизмі CYP1А2 қатысты спецификалық белсенділік танытатын Р450 цитохромы изоформенттерінің тежегіштері немесе индукторларының әсер етуімен өзгеруі мүмкін.

In vitro зерттеулерінің деректері бойынша Оланзапин Р450 цитохромының: CYP1A2, CYP2C9, CYP2C19, CYP2D6 және CYP3A изоферменттерінің белсенділігін бәсеңдету әлеуеті өте аз. Клиникалық сынақтарда мына препараттармен: үш циклды антидепрессанттармен (CYP2D6) (соның ішінде имипраминмен немесе оның метаболиті - дезипраминмен (CYP2D6, CYP3A, CYP1A2)), варфаринмен (CYP2C19), теофиллинмен (CYP1A2) немесе диазепаммен (CYP3A4, CYP2C19) ем аясында Оланзапин дозасын бір рет енгізу метаболизмінің бәсеңдеуімен қатар жүрмегені көрсетілген.

Оланзапин клиренсі шылым шегетін пациенттерде және карбамазепин (CYP1А2 белсенділігінің артуымен байланысты) қабылдайтын науқастарда жоғарылайды. Клиникалық мониторинг жасау және қажет болса Мелтолан дозасын арттыру ұсынылады.

Белгілі күшті CYP1А2 тежегіштері Мелтолан клиренсін төмендетуі мүмкін. Мелтолан CYP1А2 белсенділігінің қуатты тежегіші емес, сондықтан Мелтолан қабылдау кезінде, негізінен, CYP1А2 қатысуымен метаболизденетін теофиллин сияқты дәрілік заттар фармакокинетикасы өзгермейді.

Мелтоланды литиймен немесе бипериденмен біріктіріп қолдану кезінде де дәрілік өзара әрекеттесу белгілері анықталмаған.

Мелтолан допаминнің тікелей және тікелей емес агонистерінің әсерін әлсірете алады.

Мелтоланның тұрақты концентрациясының аясында этанол фармакокинетикасының өзгерістері байқалған жоқ. Алайда Мелтоланмен бірге этанол қабылдау оланзапиннің фармакологиялық, соның ішінде тыныштандыру әсерінің күшеюімен қатар жүруі мүмкін.

Флуоксетин (бір рет 60 мг немесе 8 күн бойы күнделікті 60 мг) Мелтоланның ең жоғары концентрациясының орта есеппен 16% артуын және Мелтолан клиренсінің орта есеппен 16% төмендеуін туындатады. Флуоксетиннің ықпал ету дәрежесі бұл көрсеткіштердің жеке айырмашылықтарының айқындылығынан едәуір кем түседі, сондықтан Мелтоланды флуоксетинмен біріктіргенде әдетте дозасын өзгерту ұсынылмайды.

Құрамында алюминий немесе магний бар антацидтің немесе циметидиннің бір реттік дозасы ішке қабылдағанда Мелтоланның биожетімділігін бұзбайды. Белсендірілген көмірді бірге тағайындау ішке қабылдағанда Мелтоланның биожетімділігін 50-60% дейін төмендетеді. Белсендірілген көмірді Мелтолан қабылдаудан кемінде 2 сағат бұрын немесе кейін қабылдау қажет.

Флувоксамин, CYP1A2 спецификалық тежегіші, Мелтоланның клиренсін елеулі төмендетеді. Нәтижесінде, флувоксамин қабылдағанда Мелтоланның Смах шылым шекпейтін әйелдерде 54% және шылым шегетін ерлерде 77% артады және Мелтоланның AUC орташа ұлғаюы, тиісінше, 52% және 108% құрайды. Флувоксамин немесе ципрофлоксацин сияқты кез келген басқа CYP1A2 тежегішін қабылдайтын пациенттерге Мелтоланның төменірек бастапқы дозаларын тағайындау қажет. CYP1A2 тежегіштерімен емдеудің басында Мелтоланның дозасын азайту қажет.

Адам бауырының микросомалары пайдаланылатын in vitro зерттеулерінде Оланзапин вальпроат глюкуронидінің түзілу үдерісін елеусіз бәсеңдететіні (вальпроат метаболизмінің негізгі жолы) көрсетілген. Вальпроат Оланзапин метаболизміне де in vitro елеусіз әсер етеді. 10 мг Мелтоланды in vivo 2 апта бойы күнделікті бірге тағайындау плазмадағы вальпроаттың тұрақты концентрациясына ықпал етпейді. Осылайша, Мелтоланды бір мезгілде тағайындағанда вальпроат дозасын түзету қажет емес.

Алкоголь тұтынатын немесе орталық жүйке жүйесінің бәсеңдеуін туындататуы мүмкін дәрілік препараттар қабылдайтын пациенттерге Мелтоланды тағайындағанда сақтық таныту қажет.

Паркинсон ауруы және деменциясы бар пациенттерге Мелтоланды паркинсонизмді емдеуге арналған дәрілік препараттармен бір мезгілде қолдану ұсынылмайды.

Оланзапинді QTс аралығын арттыратын препараттармен бір мезгілде тағайындауда сақтық таныту қажет.

Айрықша нұсқаулар

Психозға қарсы препараттармен ем кезінде пациенттің клиникалық жағдайының жақсаруына жету бірнеше күннен бірнеше аптаға дейінгі уақытты алуы мүмкін. Осы кезеңде пациенттердің жай-күйін мұқият бақылау қажет.

Мінез-құлық бұзылыстары және/немесе деменциямен байланысты психоздар

Мелтолан өліммен аяқталу жиілігінің және цереброваскулярлық бұзылулар даму қаупінің артуына (инсульт, транзиторлық ишемиялық шабуылдар) орай, деменциямен және/немесе мінез-құлық бұзылуларымен байланысты психозға шалдыққан егде жастағы пациенттерге қолдануға ұсынылмайды. Өлімнің көбеюі дозаға немесе Мелтоланмен емдеу ұзақтығына байланысты емес. Бұл популяцияда пациенттер өлімінің артуына себеп болатын қауіп факторлары 65 жастан асу, дисфагия, седация, тойып тамақ ішпеу, сусыздану, өкпе патологиясының болуы (аспирациямен/онсыз пневмония) немесе бензодиазепиндерді бір мезгілде қолдану болды.

Цереброваскулярлық бұзылулары бар барлық пациенттерде осының алдында цереброваскулярлық жағымсыз құбылыстарды дамытатын қауіп факторлары (мысалы, бұрын білінген цереброваскулярлық жағымсыз құбылыс немесе транзиторлы ишемиялық шабуыл жағдайы, гипертония, шылым шегу), сондай-ақ қатарлас аурулары болған және/немесе цереброваскулярлық жағымсыз құбылыстармен уақытша байланысы бар препараттар қабылдаған. Мелтоланмен емде 75 жастан асу, тамырлық деменция немесе аралас типті деменция цереброваскулярлық жағымсыз реакцияларды дамытатын қауіп факторлары ретінде белгіленген. Аталған топтағы пациенттерде оланзапин тиімділігі анықталмаған.

Паркинсон ауруы. Паркинсонизм және елестеулер симптомдарының күшеюі мүмкін екеніне байланысты, Мелтоланды дофамин рецепторлары агонистерін қолданудан туындаған Паркинсон ауруы кезіндегі психозды емдеуге қолдану ұсынылмайды. Бұл жағдайда Мелтоланды психоздық симптомдарды емдеуге қолдану тиімділігі плацебо қолданудан артық болмайды.

Қатерлі нейролептикалық синдром (ҚНС). Мелтоланды қоса, кез келген нейролептиктерді қолданғанда клиникалық көріністеріне дене температурасының елеулі көтерілуі, бұлшықеттердің сіресуі, психикалық статустың өзгеруі және вегетативтік бұзылулар (тахикардия, тамыр соғуының немесе артериялық қысым тұрақсыздығы, жүрек аритмиясы, қатты терлеу) жататын ҚНС дамуы мүмкін. Қосымша белгілері сарысулық креатинфосфокиназа концентрациясының (КФК) артуын, миоглобинурияны (рабдомиолиз симптомы) және жедел бүйрек жеткіліксіздігін қамтуы мүмкін. Қатерлі нейролептикалық синдромның клиникалық көріністері немесе осы синдромның басқа симптомдарынсыз дене температурасының елеулі көтерілуі, Мелтоланды қоса, барлық нейролептиктердің тоқтатылуын талап етеді.

Гипергликемия және қант диабеті. Мелтоланды қолданудың жекелеген жағдайларында гипергликемия, қант диабеті, бұрын болған диабеттің өршуі, диабеттік кетоацидоз және соның ішінде өліммен аяқталатын диабеттік кома дамуы мүмкін. Бұрын хабарланғандай, пациенттің дене салмағының артуы осы жағымсыз әсерлердің дамуына бейімдеуші фактор болуы мүмкін. Мелтоланды қоса, кез келген психозға қарсы препараттар қабылдайтын пациенттерде гипергликемия симптомдарының бар-жоғына (полидипсия, полиурия, тәбеттің артуы және әлсіздік), сондай-ақ қант диабеті және диабетті дамытатын қауіп факторлары бар пациенттерде гликемиялық бақылаудың нашарлау белгілерінің бар-жоғына мұқият клиникалық мониторинг жасау ұсынылады. Зерттеудің басында, оланзапинмен емдеу басталғаннан кейін 12 аптадан соң және осыдан кейін жыл сайын қандағы глюкоза деңгейін бақылау керек.

Оланзапинмен емдеу басталғаннан кейін 4, 8 және 12 аптадан соң, одан кейін тоқсан сайын пациенттердің дене салмағына мұқият мониторинг қажет.

Липидтер концентрациясының өзгеруі. Мелтолан препаратымен емдегенде дислипидемиясы бар пациенттерде және липидтер алмасудың бұзылуын дамытатын қауіп факторлары бар пациенттерде қан плазмасындағы липидтер концентрациясының өзгеруін бақылау қажет. Мелтоланды қоса, кез келген психозға қарсы препараттар қабылдайтын пациенттерде оланзапинмен емдеу басталғаннан кейін 12 аптадан соң және осыдан кейін әр 5 жыл сайын, пайдаланылатын нормативтерге сәйкес, липидтер мөлшеріне мұқият клиникалық мониторинг жасау ұсынылады.

Антихолинергиялық белсенділік. Мелтоланмен ем жүргізу антихолинергиялық әсер көрінісімен байланысты жағымсыз реакциялармен қатар жүруі мүмкін. Мелтоланды қатарлас аурулары бар пациенттерде қолданудың клиникалық тәжірибесі шектеулі, сондықтан қуық асты безінің клиникалық мәнді қатерсіз гипертрофиясы, салданған ішек бітелісі, жабық бұрышты глаукомасы және осыған ұқсас басқа жағдайлары бар пациенттерде қолдану кезінде сақтық таныту ұсынылады.

Бауыр функциясының бұзылуы. Бауыр аминотрансферазалары (аспартатаминотрансфераза (ACT) және аланинаминотрансфераза (АЛТ)) белсенділігінің транзиторлы симптомсыз жоғарылауы көбінесе Мелтоланмен емдеудің басында жиі білінген. АСТ, АЛТ бақылау орнату керек және АЛТ және/немесе ACT белсенділігінің бастапқы жоғарылауы бар пациенттерде, бауырдың функционалдық резерві шектеулі бауыр жеткіліксіздігі бар пациенттерде немесе әлеуетті гепатоуыттылығы бар препараттармен ем алатын пациенттерде сақ болу керек. Гепатит дамыған жағдайда (соның ішінде гепатоцеллюлярлы, холестаздық немесе этиологиясы аралас) Мелтоланмен емдеуді тоқтату керек.

Нейтропения. Кез келген себептермен, соның ішінде нейтропенияны туындататын дәрілік препараттар қабылдаумен, қатарлас аурулардан болатын сүйек кемігі функциясының бәсеңдеуімен, анамнездегі сәулелі немесе химиялық еммен байланысты болатын лейкоциттер және/немесе нейтрофильдер мөлшері төмен, сондай-ақ гиперэозинофилиясы немесе миелопролиферациялық ауруы бар пациенттерде сақ болу керек. Нейтропения, әдетте, Мелтолан мен вальпроат қышқылын бір мезгілде қолданғанда туындайды.

Тоқтату синдромы. Жекелеген жағдайларда Мелтолан қабылдауды күрт тоқтатқанда жедел туындайтын симптомдармен: қатты тершеңдік, ұйқысыздық, тремор, мазасыздану, жүрек айну және құсумен қатар жүретін жай-күй дамуы мүмкін.

QT аралығы. Клиникалық зерттеулер барысында Оланзапин қабылдайтын пациенттерде, плацебо тобының пациенттерімен салыстырғанда, жүрек- қантамыр жүйесі тарапынан болатын қатарлас құбылыстардан айырмашылығы елеусіз QTc аралығының кейде клиникалық мәнді ұзаруы байқалған (бастапқы QTcF <500 мс пациенттерде Фридериция бойынша QTcF≥500 болып түзетілген QT аралығы). Алайда, Мелтолан QT аралығын ұзартатын дәрілік препараттармен бір мезгілде қолданылғанда, әсіресе, егде жаста, QT аралығының туа біткен ұзару синдромы бар пациенттерде, іркілісті жүрек жеткіліксіздігінде, миокард гипертрофиясында, гипокалиемия немесе гипомагниемияда сақ болу керек. Оланзапинмен емдеу кезінде мезгіл-мезгіл электрокардиограмма бақылауын жүргізген жөн.

Орталық жүйке жүйесіне (ОЖЖ) әсері. Препараттың ОЖЖ-не әсер ету сипатын ескеріп, Мелтоланды орталықтық әсер ететін басқа дәрілік препараттармен және алкогольмен біріктірілімде абайлап қолдану керек. Оланзапин in vitro жағдайларында дофамин рецепторларына қатысты антагонизм танытады, әрі тікелей және тікелей емес дофамин агонистерінің әсерін бәсеңдете алады.

Тромбоэмболия. Мелтолан қабылдау кезінде вена тромбоэмболиясы туындаған жекелеген жағдайлар жөнінде хабарланған. Осы оқиғалар арасында себеп-салдарлы байланыс анықталмаған. Алайда шизофрениясы бар пациенттерде жүре пайда болған вена тромбоэмболиясын дамытатын қауіп факторларымен қатар, басқа да болжамды вена тромбоэмболиясын дамытатын қауіп факторларының бәрі, мысалы ұзаққа созылатын иммобилизация болуы мүмкін, осы қауіп факторларын анықтап, профилактикалық шаралар жүргізу қажет.

Талмалар/ұстамалар. Мелтоланды анамнезінде талмалары/ ұстамалары немесе құрысу белсенділігі шегінің төмендеуіне ықпал ететін қауіп факторлары бар пациенттерде абайлап қолдану керек. Сирек жағдайларда Мелтолан қабылдаған пациенттерде (көпшілігінде анамнезінде талмалардың немесе талмаларды туындататын қауіп факторларының бар екені айтылған) талмалар/ұстамалардың туындауы хабарланған.

Кеш дискинезия. Салыстырмалы зерттеулерде бір жыл немесе одан аз уақытқа созылған Оланзапинмен емдеудің дәрі-дәрмекпен түзетуді талап ететін дискинезияның дамуымен қатар жүруі сенімді түрде сирек. Алайда Мелтоланды ұзағырақ уақыт қолданғанда кеш дискинезияның даму қаупі артады. Кеш дискинезия белгілері немесе симптомдары білінгенде препараттың дозасын азайту немесе оны тоқтату мәселесін қарастыру қажет. Кеш дискинезия симптомдары уақытша күшеюі немесе препаратты тоқтатудан кейін де көрініс беруі мүмкін.

Постуральді гипотензия. Клиникалық зерттеулерде сирек жағдайларда егде жастағы пациенттерде постуральді гипотензияның дамуы хабарланған. 65 жастан асқан пациенттерде артериялық қысымды мезгіл-мезгіл бақылау ұсынылады.

Жүректен болатын кентеттен өлу (ЖКӨ). Постмаркетингтік бақылауда Оланзапин қабылдаған пациенттер арасында жүректен болатын кенет өлім жағдайлары тіркелген. Ретроспективті обсервациялық когорталы зерттеу деректері бойынша атипиялық нейролептиктер қабылдаған пациенттерде, психозға қарсы дәрілер қолданбаған пациенттер арасындағы кенет өлім жағдайларымен салыстырғанда, кенет өлім қаупінің ұқсас, дозаға байланысты екі есе артуы анықталған.

Лактоза. Мелтоланның құрамында лактоза бар. Сирек тұқым қуалайтын галактозаны көтере алмаушылық кінәраттары, Lapp лактаза тапшылығы немесе глюкоза-галактоза мальабсорбциясы бар пациенттер Мелтоланды қабылдамауы тиіс.

Жүктілік және лактация

Жүкті әйелдерде талапқа сай және жақсы бақыланатын зерттеулер жоқ. Пациенттерге Мелтоланмен емделу кезеңінде жүктіліктің басталуы немесе жоспарлануы жөнінде емдеуші дәрігерге хабарлау қажеттілігі ескертілуі тиіс. Препаратты жүктілік кезінде пациент әйел үшін пайдасы шарана үшін әлеуетті қаупінен едәуір басым болған жағдайда ғана тағайындау керек.

Жүктіліктің үшінші триместрінде психозға қарсы препараттар (Мелтоланды қоса) әсер еткен жағдайда жаңа туған нәрестелер ауырлығы мен ұзақтығы бойынша ауытқып отыруы мүмкін экстрапирамидалық симптомдарды және/немесе тоқтату симптомдарын қоса, жағымсыз реакциялардың даму қаупіне ұшырайды. Қозу, гипертония, гипотония, тремор, ұйқышылдық, тыныс алу немесе тамақтану бұзылыстарының дамыған жағдайлары хабарланған. Сондықтан, жаңа туған нәрестелер мұқият бақылауда болуы тиіс.

Клиникалық зерттеуде Оланзапиннің емшек сүтімен бөлінуі анықталған. Анасында тепе-тең концентрациясына жеткенде сәби алатын орташа доза анасының Мелтолан дозасының (мг/кг) 1.8%-ын құрайды. Мелтоланмен емделу кезінде бала емізу ұсынылмайды.

Дәрілік заттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне ықпал ету ерекшеліктері.

Оланзапиннің көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсері бойынша зерттеулер жүргізілмеген. Мелтолан қабылдайтын пациенттер, дәрілік препарат ұйқышылдық пен бас айналуды туындатуы мүмкін болғандықтан, автокөлікті қоса, механикалық құралдарды басқарғанда сақтық танытуы керек.

Артық дозалануы

Белгілері және симптомдары

Мелтоланмен артық дозалануында ең көп таралған (жиілігі 10%) симптомдар тахикардия, қозу/озбырлық, дизартрия, әртүрлі экстрапирамидалық бұзылыстар және ауырлығы әртүрлі дәрежедегі сананың бұзылуы (тыныштандыру әсерінен комаға дейін) болды.

Мелтоланның артық дозалануының басқа да клиникалық мәнді зардаптарына делирий, құрысулар, қатерлі нейролептикалық синдром, тыныстың тарылуы, аспирация, артериялық гипертензия немесе гипотензия, жүрек аритмиясы (<2% артық дозалану жағдайлары) және жүректің және тыныс алудың тоқтап қалуы жатады.

Өліммен аяқталатын жедел артық дозалануда ең төменгі доза 450 мг құраған, жақсы аяқталған (тірі қалу) артық дозалануда ең жоғары доза 1500 мг құраған.

Артық дозалану кезіндегі медициналық көмек

Оланзапиннің спецификалық антидоты жоқ. Құстыру әрекеті ұсынылмайды. Артық дозалану кезінде стандартты емшаралар (асқазанды шаю, белсендірілген көмір тағайындау) жүргізу қажет болуы мүмкін. Белсендірілген көмірді бірге тағайындау ішке қабылдағанда оланзапин биожетімділігінің 50-60% төмендеуін көрсетті.

Клиникалық жай-күйге сәйкес симптоматикалық емдеу және артериялық гипотонияны, айналымдық коллапсты емдеуді және тыныс алу функциясын демеуді қоса, өмірлік маңызды ағзалар функциясын бақылауға алу керек. Бета-адренорецепторлар стимуляциясы артериялық гипотонияны өршітуі мүмкін болғандықтан, эпинефрин, дофамин және бета-агонистік белсенділігі бар басқа да симпатомиметиктерді қолдануға болмайды. Ықтимал аритмияларды анықтау мақсатында жүрек-қантамыр жүйесіне мониторинг жасау қажет. Мұқият медициналық бақылау мен мониторинг пациент сауыққанша жалғастырылуы тиіс.

Шығарылу түрі және қаптамасы

Алюминий фольгадан жасалған пішінді ұяшықты қаптамада 10 таблеткадан.

Медициналық қолдану жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге 1 пішінді ұяшықты қаптамадан картон қорапшаға салынады.

Сақтау шарттары

Құрғақ, жарықтан қорғалған жерде,25º С-ден аспайтын температурада сақтау керек.

Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!

Сақтау мерзімі

2 жыл

Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін пайдалануға болмайды.

Дәріханалардан босатылу шарттары

Рецепт арқылы

Өндірушінің атауы және мекенжайы

Alkem Laboratories Limited

Alkem House «Devashish», Senapati Bapat Marg, Lower Parel, Mumbai – 400013, India

Тіркеу куәлігінің иесі

«Alkem Laboratories Limited», Үндістан

Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан өнім (тауар) сапасына қатысты шағымдарды қабылдайтын және дәрілік заттың тіркеуден кейінгі қауіпсіздігін қадағалауға жауапты ұйымның мекенжайы

«The Pharma Network» (Зэ Фарма Нэтворк) ЖШС

Алматы қ., Сейфуллин даңғылы, №404/67/9 үй, 209 к.

Телефон нөмірі +7(727) 244-66-11

Электронды пошта: viralparikh@alkem.com.

Прикрепленные файлы

Мелтолан_10_мг_инструкция_рус.doc 0.12 кб
Мелтолан_10_мг_инструкция_каз.doc 0.15 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту

Источники

Национальный центр экспертизы лекарственных средств, изделий медицинского назначения и медицинской техники