Мавенклад®
Инструкция
- русский
- қазақша
Саудалық атауы
Мавенклад®
Халықаралық патенттелмеген атауы
Кладрибин
Дәрілік түрі
Таблеткалар
Құрамы
Бір таблетканың құрамында
белсенді зат − 10 мг кладрибин,
қосымша заттар: гидроксипропилбетадекс (2-гидроксипропил-β-циклодекстрин), сорбит (Е 420), магний стеараты.
Сипаттамасы
Дөңгелек, екі беті дөңес, бір жағында «С» және екінші жағында «10» деген бедері бар ақ түсті таблеткалар.
Фармакотерапиялық тобы
Антинеопластикалық және иммуномодуляциялайтын препараттар. Иммуносупрессанттар. Селективті иммуносупрессанттар. Кладрибин.
АТХ коды L04AA40
Фармакологиялық қасиеттері
Фармакокинетикасы
Кладрибин – бұл ізашар дәрі, ол биологиялық тұрғыдан белсенділенуі үшін жасуша ішінде фосфорлануы тиіс.
Ішу арқылы қабылдаудан кейін кладрибин жылдам сіңіріледі. 10 мг кладрибинді қабылдау орташа 22-ден 29 нг/мл дейінгі Cmax және AUC 80-нен 101 нгсағ/мл дейінгі сәйкесінше орташа мәніне алып келеді.
Кладрибинді аш қарында ішу арқылы қабылдаудан кейін Tmax медианалық мәні 0.5 сағат құрайды (ауқымы: 0.5 - 1.5 сағ). Майлы тамақпен қабылдағанда кладрибин сіңірілуі кідіріспен жүрген және Cmax 29%-ға азайған, ал AUC мәні өзгермеген. Кладрибиннің ішу арқылы қабылданған 10 мг дозасының биожетімділігі шамамен 40% құрады.
Кладрибиннің таралу көлемі ауқымды, бұл тіндер мен жасушаішілік кеңістікте экстенсивті таралатынын көрсетеді. Зерттеулерде кладрибин таралуының орташа көлемі 480-нен 490 л дейінгі аралықта екені анықталған. Кладрибиннің плазма ақуыздарымен байланысуы 20% құрайды және оның плазмадағы концентрацияларына тәуелді емес.
Кладрибиннің гематоэнцефалдық бөгет арқылы өту ықтималдығы зор.
Кладрибин және/немесе оның фосфорланған метаболиттері елеулі дәрежеде жинақталады және адам лимфоциттерінде сақталады.
Кладрибин метаболизмі жайылған склерозы бар пациенттерде 10 мг бір таблеткасын қабылдаудан және 3 мг дозасын бір рет вена ішіне енгізуден кейін зерттелген. Ішу арқылы қабылдаудан кейін де, вена ішіне енгізуден кейін де бастапқы қосылыс - кладрибин қан плазмасы мен несептегі негізгі компонент болды. Оның 2-хлораденин метаболитінің мөлшері қан плазмасында да, несепте де аз болды. Қан плазмасы мен несепте басқа метаболиттерінің іздерін ғана табуға болады.
Кладрибин шығарылуының медианалық мәндері бүйректік клиренс үшін 22.2 л/сағат және бүйректік емес клиренс үшін 23.4 л/сағат құраған. Бүйректік клиренсі шумақтық сүзіліс жылдамдығынан асып түскен, бұл кладрибиннің бүйректегі өзекшелік секрециясының белсенді екенін көрсетеді. Жартылай шығарылуының соңғы кезеңі шамамен 1 күн құрайды.
Фармакодинамикасы
Кладрибин – бұл дезоксиаденозиннің нуклеозидтік емес аналогы болып табылатын ізашар дәрі. Пуриндік сақинада хлор атомының орнын басуы кладрибинді аденозиндезаминазаның ыдыратуынан қорғап, ізашар дәрі кладрибиннің жасуша ішінде болу уақытын ұзартады. Кейіннен кладрибиннің өзінің трифосфат – 2-хлордезоксиаденозин трифосфат (Cd-ATP) түріндегі белсенді түріне дейін фосфорлануына – оларда тиімді дезоксицитидин киназаның (DCK) жоғары деңгейлерінің және 5'-нуклеотидазаның (5'-NTазы) салыстырмалы түрде төмен деңгейлері тұрақты түрде болатынының арқасында, әсіресе, лимфоциттерде қол жеткізіледі. DCK 5'-NTазаға қатынасының жоғарылығы Cd-ATP жинақталуына ықпал етеді, бұл жасушаның өлуіне лимфоциттерді айрықша сезімтал етеді. DCK/5'-NTаза арақатынасының төменірек болуы салдарынан, жұлыннан өндірілетін басқа жасушалар лимфоциттерге қарағанда азырақ зақымданады. DCK ізашар дәрі кладрибиннің өзінің белсенді трифосфатталған түріне өзгеру жылдамдығын шектейтін фермент болып табылады, бұл бөлінетін және бөлінбейтін Т- және В-жасушалардың селективті жойылуына алып келеді.
Жайылған склероздың (ЖС) патогенезі шешуші рөлді аутореактивті Т- және В-жасушаларды қоса, иммундық жасушалардың түрлі типтері атқаратын құбылыстардың кешенді каскадын қамтиды. Кладрибиннің ЖС кезіндегі емдік әсер ету механизмі, оның В- және Т-лимфоциттерге негізгі ықпалы ЖС үшін шешуші мәні бар иммундық құбылыстардың каскадын үзеді деп саналса да, әлі толық зерттелмеген.
Иммундық жасушалардың қосалқы типтеріндегі DCK мен 5'-NTаза экспрессиясының түрлі деңгейлерінен иммундық жасушалардың кладрибинге сезімталдық айырмашылықтарын түсінуге болады. Аталған экспрессия деңгейлерінің арқасында жүре пайда болған иммундық жүйе жасушаларына қарағанда, туа біткен иммундық жүйенің жасушалары әсерге аз ұшырайды.
Кладрибин көбінесе ЖС патофизиологиясына қатысқан лимфоциттер мен аутоиммундық үдерістерге бағытталған ұзақ әсер беретіні көрсетілген.
Пероральді кладрибин препаратымен емдеу қан ағымында CD4+ және CD8+ Т-жасушалардың жылдам азаюына алып келеді. CD4+, T-жасушаларға қарағанда, CD8+ T-жасушалар үшін азаюының айқындығы азырақ және қалпына келуі жылдамырақ жүреді, бұл CD8-ге CD4 арақатынасының уақытша азаюына алып келеді. Кладрибин CD19+ B-жасушалар мен CD16+/CD56+ табиғи киллер жасушаларының санын азайтады, CD4+ T-жасушалар санына қарағанда, олар сондай-ақ қайта қалпына жылдамырақ келеді.
Қолданылуы
- қайталанатын жайылған склерозы (ЖС) бар, клиникалық немесе көріністеумен жүретін тексерулердің негізінде ауру белсенділігінің жоғарылығы анықталған ересек пациенттерді емдеу үшін
Қолдану тәсілі және дозалары
Мавенклад® препаратымен емдеу ЖС емдеуде тәжірибесі бар дәрігердің қадағалауымен басталуы және жүргізілуі тиіс.
Мавенклад® препаратының ұсынылған жинақталатын дозасы 2 жыл бойына кг дене салмағына 3.5 мг құрайды және әр жылда 1.75 мг/кг дозасымен 1 емдеу курсы ретінде тағайындалады. Әрбір емдеу курсы 2 апта емдеуден тұрады, бір аптасы – сәйкесінше емдеу жылының алғашқы айының басында, ал екіншісі – екінші айының басында. Емдеудің әрбір аптасы 4 немесе 5 күннен тұрады, ол күндер бойына пациент дене салмағына байланысты, бір реттік тәуліктік дозасы түрінде 10 мг немесе 20 мг (бір немесе екі таблетка) қабылдайды.
2 емдеу курсы аяқталғаннан кейін 3 және 4-ші жылдары кладрибинмен ары қарай емдеу қажет емес. 4 жылдан соң қайтадан емдеу зерттелмеген.
Емді тағайындау және жалғастыру үшін критерийлер
Пациенттегі лимфоциттер саны мынадай:
Мавенклад® препаратын 1-ші жылы қабылдауды бастауға дейін қалыпты,
Мавенклад® препаратын 2-ші жылы қабылдауды бастауға дейін 800 жасуша/мм³ кем емес болуы тиіс.
2-ші жылы емдеу курсы қажет болған жағдайда, лимфоциттер саны қалпына келгенше 6 айға дейін кейінге шегеруге болады. Егер ондай қалпына келуі 6 айдан артық уақытты талап ететін болса, пациент Мавенклад® препаратын енді ешқашан қабылдай алмайтын болады.
Дозасын бөлу
2 жылдық емдеу курсы бойына жалпы дозасының бөлінуі 1 кестеде келтірілген. Дене салмағының кейбір ауқымдары үшін таблеткалар саны емдеудің бір аптасынан келесісіне ауысып отыруы мүмкін. Дене салмағы 40 кг аз пациенттерде кладрибиннің ішу арқылы қабылданатын түрлерін қолдану зерттелмеген.
1 кесте: Мавенклад® дозасының әр емдеу жылында пациенттің дене салмағына байланысты емдеу апталарына бөлінуі
Дене салмағы ауқымы |
Емдеу аптасындағы мг дозасы (10 мг таблеткалар саны) |
|
кг |
Емдеудің 1-ші аптасы |
Емдеудің 2-ші аптасы |
40-тан < 50 дейін |
40 мг (4 таблетка) |
40 мг (4 таблетка) |
50-ден < 60 дейін |
50 мг (5 таблетка) |
50 мг (5 таблетка) |
60-тан < 70 дейін |
60 мг (6 таблетка) |
60 мг (6 таблетка) |
70-тен < 80 дейін |
70 мг (7 таблетка) |
70 мг (7 таблетка) |
80-нен < 90 дейін |
80 мг (8 таблетка) |
70 мг (7 таблетка) |
90-нан < 100 дейін |
90 мг (9 таблетка) |
80 мг (8 таблетка) |
100-ден < 110 дейін |
100 мг (10 таблетка) |
90 мг (9 таблетка) |
110 және одан жоғары |
100 мг (10 таблетка) |
100 мг (10 таблетка) |
2 кестеде, таблеткалардың жалпы мөлшерін емдеу аптасының жекелеген күндеріне қалай бөлу керектігі көрсетілген. Кладрибиннің әрбір емдеу аптасы бойына тәуліктік дозаларын 24 сағаттық аралықтармен, шамамен күннің белгілі бір уақытында қабылдау ұсынылады. Егер тәуліктік дозасы екі таблетканы құраса, екі таблеткасын бір доза ретінде бірге қабылдайды.
2 кесте: Мавенклад® препаратының 10 мг таблеткаларының апта күндеріне бөлінуі
Таблеткалардың аптадағы жалпы саны |
1 күн |
2 күн |
3 күн |
4 күн |
5 күн |
4 |
1 |
1 |
1 |
1 |
|
5 |
1 |
1 |
1 |
1 |
1 |
6 |
2 |
1 |
1 |
1 |
1 |
7 |
2 |
2 |
1 |
1 |
1 |
8 |
2 |
2 |
2 |
1 |
1 |
9 |
2 |
2 |
2 |
2 |
1 |
10 |
2 |
2 |
2 |
2 |
2 |
Мавенклад® ішу арқылы қабылдауға арналған. Таблеткаларды сумен ішу және шайнамай жұту керек. Таблеткаларды ас ішуге байланыссыз қабылдауға болады.
Таблеткалар қабықпен қапталмағандықтан, оларды блистерден суырып алғаннан кейін ешбір беткейде қалдырмай және қолда дозасын қабылдауға керектісінен ұзақ ұстамай дереу қабылдау керек. Егер таблетка беткейде қалып қойса немесе егер таблетканы блистерден сынған немесе үгітілген күйі суырып алса, таблеткамен жанасқан аумақты сумен әбден жуып тастау керек.
Пациент таблеткаларды құрғақ қолмен алуы, содан кейін қолын мұқият жууы тиіс.
Өткізіліп алған дозасын аталған факт анықталған соң сол күні, дәл сол емдеу кестесі бойынша барынша тезірек қабылдау керек.
Өткізіліп алған дозасын келесі күнгі емдеу кестесі бойынша келесі дозасымен бірге қабылдауға болмайды. Егер пациент дозасын қабылдауды өткізіп алса, ол оны келесі қабылдауы және осы емдеу аптасындағы қабылдау күндерін ұзартуы тиіс. Егер қатарынан екі дозасын өткізіп алса, дәл сондай тәсіл қолданылады және емдеу аптасындағы күндер саны екі күнге ұзарады.
Пациенттің Мавенклад® таблеткаларын өз бетінше қабылдауына арналған нұсқау
Бір стақан су дайындаңыз және Сіздің қолыңыз құрғақ және таза екеніне көз жеткізіңіз.
Қолыңызға препараты бар қорапты алып, оның нұсқаулық жазылған жағын өзіңізге қаратып ұстаңыз.
(1) Қораптың сол жағындағы клапанды ашыңыз.
(2) Сұқ саусақ және бас бармағыңызбен қатар қораптың екі жағындағы ілмектерін басыңыз және оларды сол қалпында ұстап тұрыңыз.
(3) Пішінді ұяшықты қаптаманы түбіне дейін тартыңыз.
Назар аударыңыз: пішінді ұяшықты қаптаманы қораптан суырып алмаңыз.
Қораптан медициналық қолдану жөніндегі нұсқаулықты алып шығыңыз. Таблеткаларды өз бетінше қабылдауға арналған нұсқауларды қоса, оның мазмұнымен Өзіңіздің мұқият танысып шыққаныңызға көз жеткізіңіз.
Блистерді көтеріңкіреп, пішінді ұяшықты қаптамадағы тесікті саусағыңызбен басыңыз. Қолыңызды блистердің астына салыңыз және Сізге дәрігер тағайындағандай, 1 немесе 2 таблетканы қолыңызға итеріп шығарыңыз.
Таблеткаларды сумен ішіп қабылдаңыз. Таблеткаларды тұтастай, шайнамай және таблеткалардың ауызда еруіне жол бермей жұтып жіберу қажет. Таблеткалардың терімен жанасуы шектелуі тиіс. Қолыңызды мұрынға, көзге немесе дененің басқа бөліктеріне тигізбеңіз.
Таблеткаларды қабылдаудан кейін қолыңызды сабынды сумен мұқият жуып тастаңыз.
Пішінді ұяшықты қаптаманы қорабына салыңыз. Оны ылғалдан қорғау үшін түпнұсқалық қаптамасында сақтаңыз.
Келесі дозасын қабылдауға дейін таблеткаларды блистерінде сақтаңыз. Таблеткаларды блистерінен шығармаңыз және оларды басқа контейнерде сақтаңыз.
Басқа пероральді дәрілік заттарды бір мезгілде қабылдау
Кладрибинді қабылдаудың саны шектеулі күндері Мавенклад® препараты мен басқа пероральді препараттарды қабылдаудың арасында кемінде 3 сағаттық аралықты ұстану ұсынылады.
Жағымсыз әсерлері
Препаратты қолданумен байланысты жағымсыз реакциялар төменде олардың туындау жиілігіне сәйкес келтірілген: өте жиі (≥ 1/10), жиі (≥ 1/100 - <1/10 дейін), жиі емес (≥ 1/1000 - <1/100 дейін), сирек (≥ 1/10000 - < 1/1000 дейін), өте сирек (<1/10000).
Өте жиі
- лимфопения
Жиі
- оральді герпес, дерматомалық белдемелік герпес
- нейтрофилдер санының азаюы
- бөртпе, алопеция
Өте сирек
- туберкулез
Ауыр лимфопенияның қаупін азайту үшін, лимфоциттер санын кладрибинмен емдеу кезінде және емдеуден кейін анықтау, сондай-ақ, кладрибинмен емді тағайындау және ұзарту үшін қатаң критерийлерді ұстану керек.
Қолдануға болмайтын жағдайлар
- препараттың белсенді затына немесе кез келген қосымша затына аса жоғары сезімталдық
- адамдағы иммунитет тапшылығы вирусымен (АИТВ) жүретін инфекциялар
- белсенді созылмалы инфекциялар (туберкулез немесе гепатит)
- иммуносупрессиялық немесе миелосупрессиялық ем қабылдап жүрген пациенттерді қоса, иммунитеті әлсіреген, пациенттерге кладрибинмен емдеуді бастауға болмайды
- белсенді қатерлі жаңа түзілімдер
- бүйрек функциясының орташа немесе ауыр бұзылуы (креатинин клиренсі
< 60 мл/мин)
- жүктілік және бала емізу
Дәрілермен өзара әрекеттесуі
Мавенклад® препаратының құрамында гидроксипропилбетадекс бар, ол аталған препараттардың, әсіресе, ерігіштігі төмен дәрілік заттардың биожетімділігінің жоғарылауына алып келуі ықтимал басқа дәрілік заттармен кешендер түзуі мүмкін. Сондықтан, кладрибин қабылдаудың шектеулі күндері бойына кез келген пероральді препараттарды, Мавенклад® препаратын қабылдауға дейін немесе қабылдаудан кейін кемінде 3 сағаттық аралықпен қабылдау ұсынылады.
Иммундық жүйеге қосымша ықпал ету қаупіне байланысты, иммуносупрессиялық немесе миелосупрессиялық, мысалы, метотрексатпен, циклофосфамидпен, циклоспоринмен немесе азатиопринмен ем қабылдап жүрген, сондай-ақ, үнемі кортикостероидтар қабылдайтын пациенттерді қоса, иммунитеті әлсіреген пациенттерге кладрибинмен емдеуді бастауға болмайды.
Мавенклад® препаратымен емдеу кезінде жүйелі кортикостероидтармен қысқа мерзімді қарқынды емді тағайындауға болады.
Мавенклад® препаратын интерферон бетамен қолдану лимфопения қаупінің жоғарылауына алып келеді. Мавенклад® препаратын ЖС емдеудің ауру ағымын модификациялайтын басқа режимдерімен біріктіріп қолданудың қауіпсіздігі мен тиімділігі анықталмаған, сондықтан, ондай бір мезгілде қолдану ұсынылмайды.
Мавенклад® лимфоциттер санының азаюын туғызатындықтан, кладрибинді гематологиялық бейінге әсер ететін басқа заттарды (мысалы, карбамазепинді) қабылдауға дейін немесе онымен бір мезгілде қабылдағанда қосымша гематологиялық жағымсыз реакциялардың дамуын күтуге болады. Ондай жағдайларда гематологиялық параметрлерін мұқият бақылау ұсынылады.
Вакцинадан жедел инфекция жұқтыру қаупіне байланысты, тірі немесе тірі аттенуирленген вакциналармен вакцинациялаудан кейін 4-6 апта бойы Мавенклад® препаратымен емдеуді бастамау керек. Кладрибинмен емдеу кезінде және емдеуден кейін, пациенттегі лимфоциттер саны қалып шегіне түспейінше тірі немесе тірі аттенуирленген вакциналармен вакцинациялауды болдырмау керек.
Кладрибиннің сіңірілуі деңгейінде өзара әрекеттесулерінің клиникалық маңызы бар бірден-бір ықтимал жолы сүт безі обырының резистенттілік ақуызы (BCRP немесе ABCG2) болып табылады. Асқазан-ішек жолындағы BCRP тежелуі кладрибиннің оральді биожетімділігі мен жүйелі әсерін арттыруы мүмкін. BCRP субстраттарының фармакокинетикасын in vivo 20 %-ға өзгертуі мүмкін BCRP белгілі тежегіштеріне эльтромбопаг жатады.
In vitro зерттеулері кладрибиннің тепе-тең нуклеозидтік (ENT1) және концентрацияланатын нуклеозидтік (CNT3) тасымалдағыш ақуыздардың субстраты болып табылатынын көрсетеді. Сәйкесінше, кладрибиннің биожетімділігіне, жасушаішілік таралуына және бүйрек арқылы шығарылуына теориялық тұрғыдан, дилазеп, нифедипин, нимодипин, цилостазол, сулиндак және резерпин сияқты ENT1 және CNT3 тасымалдағыштардың күшті тежегіштері ықпал етуі мүмкін. Алайда, кладрибиннің ықтимал әсерінің өзгеруімен көрініс беретін нәтижелі ықпалын болжап айту қиын.
Ондай өзара әрекеттесулердің клиникалық маңыздылығы белгісіз болғанымен, Мавенклад® препаратымен 4 немесе 5 күндік ем кезінде ENT1, CNT3 және BCRP күшті тежегіштерінің бір мезгілде қабылдануын болдырмау ұсынылады. Егер оған мүмкіндік болмаса, бір мезгілде қабылдау үшін ENT1, CNT3 және BCRP тасымалдағыштарына қатысты аса төмен тежегіштік қасиеттерді иеленбеген немесе иеленген баламалы дәрілік заттардың таңдалуын қарастыру керек. Егер ол мүмкін болмаса, құрамында сондай заттар бар дәрілік заттардың дозасын ең төменгі міндетті дозасына дейін азайту, сондай-ақ, препараттардың қабылдануын уақытына қарай бөлу және пациенттің жағдайын мұқият бақылау ұсынылады.
Эффлюкстік BCRP транспортерлері мен P-гликопротеиннің (P-gp) күшті индукторларының кладрибиннің биожетімділігі мен таралуына әсері арнайы зерттеулерде зарттелмеген. BCRP тасымалдағыштарының (мысалы, кортикостероидтар) немесе P-gp күшті индукторларын (мысалы, рифампицин, шілтерлі шайқурай) бір мезгілде қабылдағанда, кладрибиннің әсері әлсіреуі мүмкін екенін ескеру керек.
Қазіргі кезде, Мавенклад® препаратының жүйелі әсер ететін гормональді контрацептивтердің тиімділігін төмендету мүмкіндігі белгісіз. Сондықтан, жүйелі әсер ететін гормональді контрацептивтерді қабылдап жүрген әйелдер әрбір емдеу жылында Мавенклад® препаратымен емделу кезінде және соңғы дозасын қабылдаудан кейін кемінде 4 апта бойы контрацепциялық бөгеу әдістерін қосуы тиіс.
Айрықша нұсқаулар
Мавенклад® препаратының әсер ету механизмі лимфоциттер санының азаюымен байланысты. Кладрибиннің лимфоциттер санына әсері дозасына тәуелді. Клиникалық зерттеулерде де нейтрофилдер санының, эритроциттер, гематокрит, гемоглобин мөлшерінің және тромбоциттер санының базалық мәндерімен салыстырғанда азайғаны байқалған, әйтсе де, аталған параметрлер, әдетте, қалып шектерінде қалып отырған.
Мавенклад® препаратын гематологиялық бейінге әсер ететін басқа заттарды қабылдауға дейін және олармен бір мезгілде қабылдағанда қосымша жағымсыз реакциялардың дамуын күтуге болады.
Лимфоциттер санын төмендегідей анықтау қажет:
1-ші жылы Мавенклад® препаратын қабылдауды бастауға дейін,
2-ші жылы Мавенклад® препаратын қабылдауды бастауға дейін,
Әрбір емдеу жылында емдеуді бастауға кейін 2 және 6 айдан соң. Егер лимфоциттер саны 500 жасуша/мм³ төмен болса, оны мәні қайта жоғарылағанша белсенді бақылауда ұстау керек.
Мавенклад® препараты организмнің иммундық қорғанысын әлсіретуі және инфекциялар ықтималдығын арттыруы мүмкін. Кладрибинмен емдеуді бастауға дейін АИТВ инфекциясы, белсенді туберкулез және белсенді гепатиттің бар-жоғы анықталуы тиіс.
Емдеу кезінде туберкулез бен гепатитті қоса, жасырын инфекциялар белсенуі мүмкін. Сондықтан, 1-ші және 2-ші жылы емдеуді бастауға дейін жасырын инфекциялардың, атап айтқанда, туберкулез бен В және С гепатиттерінің бар-жоғын тексеру қажет. Мавенклад® препаратымен емдеуді бастауды инфекциялар талапқа сай емделгенше кейінге қалдыра тұру керек.
Жедел инфекциялары бар пациенттерде кладрибинмен емдеуді инфекциялар толығымен бақыланатын болғанға дейін кейінге шегеру мүмкіндігін де ескеру керек.
Желшешек вирусымен жанасу тарихы жоқ пациенттерге айрықша көңіл бөлу ұсынылады. Кладрибинмен емдеуді бастағанға дейін желшешеккке антиденелер жоқ пациенттерде вакцинация жүргізу ұсынылады. Вакцинацияның толық әсер етуіне қол жеткізу үшін, Мавенклад® препаратымен емдеуді бастауды 4 − 6 аптаға кейінге қалдыра тұру керек.
Кладрибин қабылдаған пациенттерде белдемелік герпес жағдайларының жиілігі артқан. Егер лимфоциттер саны 200 жасуша/мм³ мөлшерінен түсіп кетсе, 4 дәрежелі лимфопения кезінде жергілікті емдеу хаттамаларына сәйкес, герпеске қарсы профилактика жүргізу мүмкіндігін ескеру керек.
Лимфоциттер саны 500 жасуша/мм³ төмен пациенттерде инфекцияның, атап айтқанда, белдемелік герпестің бар екенін білдіруі мүмкін белгілері мен симптомдарына белсенді мониторинг жүргізу керек. Егер ондай белгілер мен симптомдар байқалса, инфекцияларды емдеуді клиникалық көрсетілімдері бойынша бастау керек. Мавенклад® препаратымен емдеуді тоқтата тұру немесе инфекция тиісінше емделгенше кейінге қалдыруды қарастыруға болады.
Талшық жасушалы лейкоздан емдеудің түрлі кестелері бойынша емделген пациенттерде парентеральді кладрибин препараттарын қолданғанда үдемелі мультифокустық лейкоэнцефалопатия (ҮМЛ) жағдайлары туралы хабарланған. Кладрибиннің ЖС кезінде қолданылуын клиникалық зерттеулердің мәліметтер базасында ҮМЛ туралы хабарламалар жоқ. Алайда, Мавенклад® препаратымен емдеуді басталғанша (әдетте, 3 ай көлемінде) базалық МРТ зерттеулерін жүргізу керек.
Клиникалық зерттеулерде, плацебо қабылдаған пациенттермен салыстырғанда, кладрибин қабылдаған пациенттерде қатерлі жаңа түзілімдер жағдайлары жиі байқалған.
Мавенклад® препараты ЖС бар белсенді қатерлі жаңа түзілімдерге шалдыққан пациенттерге қарсы көрсетілімді. Осының алдында қатерлі жаңа түзілімдері болған пациенттер үшін Мавенклад® препаратымен емдеу басталғанша емдеудің артықшылықтары мен қауіптерін жекелей бағалау керек. Мавенклад® препаратын қабылдап жүрген пациенттерге обырға скрининг жүргізу жөніндегі стандартты ұсынымдарды орындауға кеңес беру керек.
Қан құюды қажет ететін пациенттер үшін, қан құюмен байланысты «трансплантат иесіне қарсы» ауруларын болдырмау мақсатында, енгізер алдында қанның жасуша компоненттерін сәулемен өңдеуді жүргізуге болады. Бұл жағдайда, гематолог дәрігермен кеңесу ұсынылады.
Бұрын иммуномодуляциялайтын немесе иммуносупрессиялық дәрілік заттармен емделген пациенттерге Мавенклад® препаратын тағайындар алдында, аталған басқа препараттардың әсер ету механизмі мен әсер ету ұзақтығын ескеру керек. Егер ондай дәрілік заттар Мавенклад® препаратымен емдеуден кейін қолданылса, иммундық жүйеге қосымша әсер ету ықтималдығын да ескеру керек.
ЖС емдеуге арналған басқа дәрілік заттан Мавенклад® препаратына ауысқан кезде базалық МРТ-сканерлеуді жүргізу керек.
Мавенклад® препаратының құрамында сорбит бар. Фруктозаны көтере алмаушылықтың тұқым қуалайтын қиындықтары бар пациенттер бұл дәрілік препаратты қабылдамауы керек.
Бүйрек функциясының бұзылуы бар пациенттер
Бүйрек функциясының бұзылуы бар пациенттерді емдеуді арнайы зерттеулер жүргізілмеген. Бүйрек функциясының жеңіл бұзылуы бар (креатинин клиренсі 60-дан 89 мл/минутқа дейін) пациенттерде дозасын түзету қажет емес.
Бүйрек функциясының орташа немесе ауыр бұзылуы бар пациенттерде препаратты қолданудың қауіпсіздігі мен тиімділігі зерттелмеген, сондықтан, Мавенклад® препаратын ондай пациенттерге қолдануға болмайды.
Бауыр функциясының бұзылуы бар пациенттер
Бауыр функциясының бұзылуы бар пациенттерді емдеу зерттеулері жүргізілмеген. Бауыр функциясы кладрибиннің шығарылуы үшін елеусіз деп есептелгенімен, мәліметтер болмаған жағдайда, бауыр функциясының орташа немесе ауыр (Чайлд-Пью индексі > 6) бұзылуы бар пациенттерге Мавенклад® препаратын қабылдау ұсынылмайды.
Егде жастағы пациенттер
ЖС кезінде кладрибинді ішу арқылы қабылдаудың клиникалық зерттеулеріне 65 жастан асқан пациенттер қатыспаған, сондықтан жастау пациенттерге қарағанда, олардың емге басқаша жауап беру-бермеуі белгісіз.
Егде жастағы пациенттерде бауыр немесе бүйрек функциясының төмендеу жағдайларының жиілігі арту ықтималдығын, қатарлас ауруларын және қабылдап жүрген басқа ем түрлерін ескере отырып, Мавенклад® препаратын сақтықпен қолдану ұсынылады.
Балалар
18 жасқа толмаған пациенттерде Мавенклад® препаратын қолданудың қауіпсіздігі мен тиімділігі анықталмаған. Сәйкесінше мәліметтер жоқ.
Жүктілік және лактация кезеңі
Адамда ДНҚ синтезін тежейтін басқа заттарды қолдану тәжірибесіне орай, кладрибин жүктілік кезінде қабылданғанда туа біткен даму ақауларын туғызуы мүмкін. Мавенклад® препараты жүкті әйелдерге қарсы көрсетілімді.
Кладрибиннің адамда емшек сүтіне бөліну-бөлінбеуі белгісіз. Емшекпен қоректенетін жаңа туған нәрестелерде ауыр жағымсыз реакциялар болуы мүмкін екеніне байланысты, Мавенклад® препаратымен емделу кезінде және препараттың соңғы дозасын қабылдаудан кейін 1 апта бойы бала емізу қарсы көрсетілімді.
1 және 2 жылы ұрпақ өрбітетін жастағы әйелдер мен әке болатын ерлерді емдеуді басталғанша, шарана үшін елеулі қаупінің болу ықтималдығынан және контрацепцияның тиімді әдістерін қолдану қажеттілігінен хабардар ету керек.
Ұрпақ өрбітетін жастағы әйелдерде Мавенклад® препаратымен 1 және 2 жылы емдеу басталғанша жүктіліктің бар-жоғы анықталуы тиіс, ал кладрибинмен емдеу кезінде және соңғы дозасын қабылдауға кейін кемінде 6 ай бойы контрацепцияның тиімді құралдарын пайдалана отырып, жүктіліктің басталуының алдын алу керек. Жүйелі әсер ететін гормональді контрацептивтерді қабылдап жүрген әйелдер әрбір емдеу жылында кладрибинмен емделу кезінде және соңғы дозасын қабылдаудан кейін кемінде 4 апта бойы контрацепциялық бөгеу әдістерін қосуы тиіс. Мавенклад® препаратымен емделу кезінде жүкті болған әйелдер емделуді тоқтатуы тиіс.
Мавенклад® ДНҚ синтезіне әсер ететіндіктен, оның адам гаметогенезіне теріс әсер ететінін күтуге болады. Сондықтан, пациент ерлер кладрибинмен емделу кезінде және оның соңғы дозасын қабылдаудан кейін кемінде 6 ай бойы өзінің жұбының жүктілігінің алдын алу шараларын қабылдауы тиіс.
Дәрілік препараттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері
Мавенклад® пациенттің автокөлікті басқару және механизмдермен жұмыс жасау қабілетіне әсер етпейді немесе іс жүзінде әсер етпейді деуге болады.
Артық дозалануыІшу арқылы қабылдағанда кладрибиннің артық дозалану тәжірибесі шектеулі. Артық дозалануымен байланысты лимфопения дозасына тәуелді болып табылатыны белгілі.
Мавенклад® препаратының артық дозалануы кезінде гематологиялық параметрлеріне аса мұқият мониторинг жүргізу ұсынылады.
Кладрибиннің артық дозалануының арнайы антидоты белгісіз. Емдеу пациенттің жағдайын мұқият қадағалаудан және сәйкесінше шараларды жүргізуден тұрады. Мавенклад® препаратын тоқтату мүмкіндігін ескеру керек. Жасушаішілік және тіндерде жылдам және экстенсивті таралуының арқасында, кладрибиннің гемодиализ жүргізгенде елеулі дәрежеде шығарылу ықтималдығы аз.
Шығарылу түрі және қаптамасы
1, 4 немесе 6 таблеткадан алюминий фольгадан жасалып, картон қалташаға желімденген блистерге салынған.
Пішінді ұяшықты қаптамаға салынған картон қалташадағы 1 блистерден, медициналық қолдану жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге, балалардың қол жеткізуінен қорғалған картон қорапқа салынады.
Сақтау шарттары
Құрғақ жерде, түпнұсқалық қаптамасында 25°С-ден аспайтын температурада сақтау керек.
Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!
Сақтау мерзімі
3 жыл
Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды.
Дәріханалардан босатылу шарттары
Рецепт арқылы
Өндіруші
НерФарМа С.Р.Л. / NerPharMa S.R.L.
Виале Пастер 10, 20014 Нервиано, Милан, Италия /
Viale Pasteur 10, 20014 Nerviano, Milan, Itаly
Қаптаушы
Р-Фарм Германия ГмбХ / R-Pharm Germany GmbH
Генрих Мах Штр. 35, 89257 Иллертиссен, Германия / Heinrich-Mach-Str. 35, 89257 Illertissen, Germany
Тіркеу куәлігінің ұстаушысы
Мерк ЖШҚ, Мәскеу, РФ
Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан дәрілік заттардың сапасына қатысты шағымдар (ұсыныстар) қабылдайтын және дәрілік заттың тіркеуден кейінгі қауіпсіздігін қадағалауға жауапты ұйымның атауы, мекенжайы және байланыс деректері (телефон, факс, электронды пошта)
«Сона-Фарм Қазақстан» ЖШС, ҚР
Алматы қ., Панфилов к-сі 98, 509 кеңсе
тел./факс: +7 (727) 250-71-74
Е-mail: infokz@sona-pharm.com