Левемир® ФлексПен®

МНН: Инсулин детемир
Производитель: Ново Нордиск Продакшн САС
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Insulin detemir
Номер регистрации в РК: № РК-ЛС-5№024772
Информация о регистрации в РК: 05.10.2020 - 05.10.2025

Инструкция

Саудалық атауы

Левемир® ФлексПен®

Халықаралық патенттелмеген атауы

Инсулин детемир

Дәрілік түрі, дозалануы

Тері астына енгізуге арналған ерітінді, 100 ӘБ/мл

Фармакотерапиялық тобы

Ас қорыту жолы және зат алмасу. Диабет кезінде қолданылатын дәрілік препараттар. Инсулиндер және аналогтары. Ұзақ әсер ететін инъекцияға арналған инсулиндер және аналогтары. Инсулин детемир.

АТХ коды А10AE05

Қолданылуы

Левемир® препараты ересектерде, жасөспірімдерде және 1 жастан асқан және одан үлкен балаларда қант диабетін емдеу үшін қолданылады.

Қолданудың басталуына дейінгі қажетті мәліметтер тізбесі

Қолдануға болмайтын жағдайлар

  • әсер етуші затқа немесе кез келген қосымша заттарға аса жоғары сезімталдық («Дәрілік препараттың құрамы» бөлімін қараңыз.)

  • гипогликемия (қандағы қанттың төмен деңгейі) («Қолдану жөніндегі нұсқаулар» бөлімін қараңыз.)

  • инфузиялық инсулинді помпаларда қолдану;

Қолдану кезіндегі қажетті сақтандыру шаралары

Левемир® препаратын пайдаланбаңыз, егер

  • ФлексПен® құлатсаңыз, немесе ол зақымдалған немесе езілген болса;

  • инсулинді сақтау шарттары көрсетілгендерге сәйкес келмеген немесе препарат мұздатылған болса;

  • егер инсулин мөлдір және түссіз болудан қалса.

Левемир® препаратын қолданар алдында

  • Инсулиннің дұрыс түрінің таңдалғанына көз жеткізу үшін қаптаманы тексеріңіз.

  • Жұқтыруды алдын алу үшін әр инъекция үшін әрқашан жаңа инені пайдаланыңыз.

  • Левемир® ФлексПен® инелері мен препараты тек жеке қолдануға арналған.

Левемир® препаратын қолдану кезіндегі ерекше сақтандыру шаралары:

  • Егер Сізде бүйрек, бауыр, бүйрек үсті, гипофиз немесе қалқанша безімен проблемалар болса.

  • Егер әдеттегіге қарағанда физикалық жүктемені арттырған болсаңыз немесе әдеттегі тамақтану режимін өзгерткіңіз келсе, бұл қандағы қант деңгейіне әсер етуі мүмкін.

  • Егер ауырып қалсаңыз, инсулин қабылдауды жалғастырыңыз және дәрігермен кеңесіңіз.

  • Егер бірнеше сағат белдеулерін кесіп өтетін саяхатқа шықсаңыз, инсулинге немесе инсулинді енгізу режиміне қажеттілік өзгеруі мүмкін. Егер Сіз осындай саяхатты жоспарласаңыз, өзіңіздің емдеуші дәрігеріңізбен кеңесіңіз.

Инъекция орнында терінің өзгеруі

Терінің қалыңдауына немесе жұқаруына, тері астындағы тығызданулардың пайда болуына және басқа да бұзылуларға әкелетін тері астындағы май тінінің өзгеруін болдырмау үшін инъекция орнын мезгіл-мезгіл өзгерту керек. Тері асты тығызданулары бар, терісі жұқарған немесе қалыңдаған учаскелерде инсулинді енгізу препарат тиімділігінің төмендеуіне әкелуі мүмкін («Енгізу әдісі мен жолы» бөлімін қараңыз). Инъекция орнында терінің кез-келген өзгерістері үшін дәрігермен кеңесіңіз. Егер Сіз қазіргі уақытта препаратты осындай зақымдалған жерлерге енгізсеңіз, инъекция орнын ауыстырмас бұрын дәрігерге хабарлаңыз. Дәрігер қандағы глюкоза деңгейін мұқият бақылауды және инсулин немесе басқа гипогликемиялық препараттың дозасын түзетуді тағайындай алады.

Басқа дәрілік препараттармен өзара әрекеттесуі

Кейбір дәрілік препараттар ағзадағы глюкоза метаболизміне әсер етеді және бұл инсулин дозасына әсер етуі мүмкін. Инсулинмен емдеуге әсер ететін ең көп таралған препараттар төменде көрсетілген. Егер Сіз кез келген дәрілік препараттарды, соның ішінде Сіз рецептісіз сатып алған дәрілік препараттарды қабылдасаңыз немесе жақында қабылдаған болсаңыз, өзіңіздің емдеуші дәрігеріңізді хабардар етіңіз.

Атап айтқанда, егер Сіз қандағы қант деңгейіне әсер ететін дәрілік препараттарды қабылдасаңыз, өзіңіздің емдеуші дәрігеріңізге хабарлаңыз.

Егер төменде аталған препараттардың кез келгенін қабылдасаңыз, қандағы қант деңгейі төмендеуі мүмкін (гипогликемия): диабетті емдеуге арналған басқа да препараттар; моноаминоксидаза ингибиторлары (депрессияны емдеу үшін қолданылатын); бета-блокаторлар (жоғары қан қысымын емдеу үшін қолданылатын); ангиотензинге айналдыратын ферменттің ингибиторлары (жүректің белгілі бір ауруларын немесе жоғары қан қысымын емдеу үшін қолданылатын); салицилаттар (ауырсынуды жеңілдету және температураны төмендету үшін қолданылатын); анаболикалық стероидтар (тестостерон сияқты); сульфонамидтер (инфекцияларды емдеу үшін қолданылатын).

Егер төменде аталған препараттардың кез келгенін қабылдасаңыз, қандағы қант деңгейіңіз жоғарылауы мүмкін (гипергликемия): пероральді контрацептивтер (тууды бақылайтын таблеткалар), тиазидтер (жоғары қан қысымын немесе ағзадағы сұйықтықтың артық кідіруін емдеу үшін қолданылатын), глюкокортикостероидтер (қабынуды емдеу үшін қолданылатын «кортизон» сияқты), тиреоидты гормондар (қалқанша безінің бұзылуын емдеу үшін қолданылатын), симпатомиметиктер (эпинефрин (адреналин) немесе демікпені емдеу үшін қолданылатын сальбутамол, тербуталин сияқты), өсу гормоны (өсуді ынталандыруға және ағзаның алмасу процестеріне айқын әсер етуге арналған препарат), даназол (овуляцияға әсер ететін препарат).

Октреотид және ланреотид (акромегалияны, әдетте орта жастағы ересек адамдарда кездесетін сирек гормоналдық бұзылуларды емдеу үшін қолданылатын) қандағы қант деңгейіңізді арттыруы да, төмендетуі да мүмкін.

Бета-адреноблокаторлар (жоғары қан қысымын емдеу үшін қолданылатын) гипогликемияны тануға көмектесетін гипогликемияның алғашқы белгілерін бүркей алады немесе баса алады.

Тиазолидиндиондар (2 типті қант диабетін емдеу үшін пайдаланылатын пероральді қантты азайтатын препараттар класы)

Пациенттерді инсулин препараттарымен біріктіріп, әсіресе мұндай пациенттерде іркілген жүрек жеткіліксіздігінің даму қаупі факторлары болған кезде тиазолидиндиондармен емдеу кезінде іркілген жүрек жеткіліксіздігінің даму жағдайлары туралы хабарланды. Өзіңіздің емдеуші дәрігеріңізге жүрек жеткіліксіздігінің алғашқы белгілері, мысалы, ерекше ентігу немесе салмақ немесе ісінудің жылдам өсуі сияқты белгілерді хабарлаңыз.

Левемир® препаратын тамақпен және сусындармен қолдану

  • Егер алкогольді қолдансаңыз, инсулинге қажеттілігіңіз өзгеруі мүмкін, өйткені қандағы қант деңгейі жоғарылауы немесе төмендеуі мүмкін. Мұқият мониторинг ұсынылады.

Арнайы ескертулер

Жүктілік немесе лактация кезінде

Кез келген дәрілік препараттарды қолданар алдында өзіңіздің емдеуші дәрігеріңізбен кеңесіңіз.

  • Егер жүкті болсаңыз немесе жүктілікті жоспарласаңыз, өзіңіздің емдеуші дәрігеріңізбен кеңесіңіз. Жүктілік кезінде және босанғаннан кейін препараттың дозасын түзету қажет болуы мүмкін. Диабетті мұқият бақылау және әсіресе гипогликемия профилактикасы Сіздің балаңыздың денсаулығы үшін маңызды.

  • Егер емшек емізсеңіз, өзіңіздің емдеуші дәрігеріңізбен кеңесіңіз, себебі дозаны түзету қажет болуы мүмкін.

Препараттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері

Егер қандағы қант деңгейіңіз төмен немесе жоғары болса, бұл пациенттердің назарын шоғырландыру қабілетіне және реакция жылдамдығына әсер етуі мүмкін, бұл автомобильді басқару немесе механизмдермен жұмыс істеу кезінде қауіп төндіруі мүмкін). Өзіңізге немесе басқаларына қауіп төндіруіңіз мүмкін екендігіңізді ұмытпаңыз. Өз дәрігеріңізбен келесі жағдайларда автомобильді және механизмдерді басқару мүмкіндігі туралы кеңесіңіз:

  • егер жиі гипогликемия эпизодтары болса;

  • егер гипогликемияны анықтау қиын болса.

Қолдану жөніндегі нұсқаулар

Дозалау режимі

Сіздің инсулинге деген қажеттілігіңізді Өзіңіздің емдеуші дәрігеріңізбен кеңесіңіз. Емдеуші дәрігеріңіздің рұқсатынсыз Өзіңіз инсулинді өзгертпеңіз. Сіздің емдеуші дәрігеріңіз ұйғарғандай түстік коды бар Левемир® ФлексПен®, пайдаланатыныңызға көз жеткізіңіз және шприц-қаламның жұмысы жөніндегі нұсқауларды мұқият орындаңыз. Сіздің дозаңызды емдеуші дәрігеріңіз түзетуі мүмкін, егер:

  • Сіздің емдеуші дәрігеріңіз Сізді инсулиннің бір түрінен екіншісіне ауыстырса, немесе

  • Сіздің емдеуші дәрігеріңіз Левемир® препаратымен емге қосымша диабетті емдеуге арналған басқа препаратты тағайындаса.

Балалар

Левемир® препараты 1 жастан асқан және одан үлкен балалар мен жасөспірімдерде қолданылады.

1 жасқа дейінгі балаларда Левемир® препаратымен емдеу тәжірибесі қазіргі уақытта анықталмаған.

Пациенттердің ерекше топтары

Бүйрек немесе бауыр функциясы бұзылған пациенттерде немесе 65 жастан асқан пациенттерде қандағы қант деңгейін аса мұқият бақылау және Өзіңіздің дәрігеріңіздің ұсыныстарына сәйкес инсулин детемир дозасын жеке түзету керек.

Енгізу әдісі мен жолы

Левемир® препараты теріасты (тері астына) инъекциясына арналған. Инсулинді ешқашан венаға (вена ішіне) немесе бұлшықетке (бұлшықет ішіне) тікелей енгізбеңіз.

Терінің домбығуын немесе ісінуін болдырмау үшін инъекция орындарын бір аймақ шегінде әрқашан ауыстырып отыру керек («Жағымсыз реакциялар» бөлімін қараңыз). Инъекцияға арналған ұсынылатын орындар: жамбастың алдыңғы беті, іштің алдыңғы беті немесе иық. Сізге үнемі қандағы қант деңгейін өлшеп отыру керек.

Қабылдау уақытын көрсетумен қолдану жиілігі

Егер Левемир® препараты пероральді қантты төмендететін препараттармен біріктіріп қолданылса, сондай-ақ инъекциялық қантты төмендететін препараттармен емге қосымша қолданылса, Левемир® күніне бір рет қолданған жөн. Егер Левемир® препараты базальды-болюстік режимнің бөлігі ретінде қолданылса, оны пациенттің қажеттілігіне қарай күніне 1 немесе 2 рет тағайындау керек. Левемир® препаратының дозасы әрбір нақты жағдайда жеке анықталады. Инъекцияларды күннің кез келген уақытында жүргізуге болады, бірақ дұрысы күн сайын белгілі бір уақытта болғаны жөн. Препаратты күніне екі рет қолдануды талап ететін пациенттер қан глюкозасының деңгейін оңтайлы бақылау үшін кешкі дозаны не кешкі ас кезінде, не ұйықтар алдында енгізуі мүмкін.

Артық дозалану жағдайында қабылдау қажет болатын шаралар

Егер Сіз тым көп инсулинді қабылдасаңыз.

Егер тым көп инсулинді қабылдасаңыз, қандағы қант деңгейі тым төмен болады (бұл гипогликемия деп аталады).

Бұл сондай-ақ мынандай жағдайда болуы мүмкін:

• Егер тым аз тамақтансаңыз немесе тамақ ішуді өткізіп алсаңыз

Егер физикалық жүктемені әдеттегіге қарағанда жоғарылатсаңыз.

Гипогликемияның хабаршы белгілері әдетте кенеттен байқалады және суық тер, тері жабынының бозаруы, бас ауруы, жүрек соғуының жиілеуі, дімкастық, айқын ашығу сезімі, көрудің уақытша бұзылуы, ұйқышылдық, әдеттен тыс шаршау немесе әлсіздік, нервоздық немесе тремор, мазасыздық сезімі, бағдардың бұзылуы, зейіннің шоғырлануының төмендеуін қамтуы мүмкін.

Пайда болған гипогликемияны сезген кезде пациент қантты немесе көмірсуларға бай тамақ өнімдерін ішке қабылдай алады және қандағы қант деңгейін өлшей алады.

Егер қандағы қант деңгейіңіз тым төмен болса, глюкоза таблеткаларын немесе басқа да қантқа бай тамақ өнімдерін (кәмпит, печенье, жеміс шырыны) қабылдаңыз, содан кейін демалыңыз. Сондықтан қант диабетімен ауыратын науқастарға үнемі қант, тәттілер, печенье немесе құрамында қант бар сусындарды алып жүру ұсынылады.

Гипогликемия симптомдары қайтқан кезде немесе қант деңгейіңіз тұрақтанғанда, инсулинмен емдеуді жалғастырыңыз.

Тиісті адамдарды Сізде қант диабеті бар екенін және гипогликемия салдарынан естен айырылу қаупін қоса алғанда қандай салдарлардың болуы мүмкін екендігін хабардар етіңіз. Тиісті адамдарды егер есіңізден танып қалсаңыз, олар бір жағыңызға қарай жатқызып, дереу медициналық көмекке жүгінуі керек екендігін хабардар етіңіз. Олар тамақ немесе сусындарды бермеуі керек. Бұл тұншығуға әкелуі мүмкін.

Арнайы оқытылған адам жасаған глюкагон гормонының инъекциясы тез есіңізді жинауға көмектесе алады. Глюкагонды енгізгеннен кейін және есіңізді жинағаннан кейін, глюкоза немесе тәтті тағамдар қажет болады. Егер глюкагонды енгізу әсер етпесе, стационарлық емдеу қажет. Глюкагон инъекциясынан кейін дәрігерге немесе шұғыл көмек көрсету бөлімшесіне хабарласыңыз: қайталанған эпизодтар мен асқынуларды болдырмау үшін гипогликемияның себебін анықтау қажет.

  • Ұзақ ауыр емделмеген гипогликемия мидың зақымдануына (уақытша немесе тұрақты) және тіпті өлімге әкелуі мүмкін.

  • Қысқа уақытқа естен тануды болдыратын гипогликемия кезінде, немесе гипогликемияның жиі эпизодтары болса, өзіңіздің дәрігеріңізбен кеңесіңіз. Мүмкін инсулин дозасын немесе енгізу режимін, тамақ қабылдау уақытын немесе физикалық жүктемелерді түзету қажет.

Дәрілік препараттың бір немесе бірнеше дозасын өткізу кезінде қажет болатын шаралар

Инсулиннің дозасын өткізіп алған кезде қандағы қант деңгейі қатты жоғарылауы мүмкін (гипергликемия).

Гипергликемия болуы мүмкін, егер:

  • қажет болғанға қарағанда үнемі инсулиннің аз мөлшерін енгізесіз;

  • инфекция немесе безгек пайда болған кезде;

  • әдеттегі қарағанда көп тамақтану кезінде;

  • физикалық жүктемелердің саны мен қарқындылығы төмендеген кезде.

Гипергликемияның хабаршы белгілері біртіндеп дамиды. Симптомдар зәр шығару жиілігінің артуы, шөлдеу сезімі, тәбеттің жоғалуы, жүректің айнуы, құсу, ұйқышылдық немесе шаршау сезімі, терінің қызаруы мен құрғауы, ауыз қуысының құрғауы, сондай-ақ тыныс алу кезіндегі тәтті иісті (ацетон) қамтиды.

Бұл диабеттік кетоацидоз деп аталатын өте ауыр жағдайдың белгілері болуы мүмкін (ағзаның қант орнына майды ыдыратуы нәтижесінде қандағы қышқылдың жиналуы). Тиісті емдеусіз бұл диабеттік комаға және түпкілікті нәтижесінде өлімге әкелуі мүмкін. Егер мұндай белгілер байқалса, қандағы қант деңгейін тексеріңіз, мүмкін болса, зәрді кетондардың болуына тексеріңіз. Содан кейін дереу дәрігерге хабарласыңыз.

Тоқтату симптомдары қаупінің болуын көрсету

Инсулинді қабылдауды тоқтату ауыр гипергликемияға (қандағы қанттың өте жоғары деңгейі) және кетоацидозға әкелуі мүмкін. Инсулинді қабылдауды өзіңіздің дәрігеріңізбен кеңеспей тоқтатпаңыз, ол сізге не істеу керек екендігіне кеңес береді.

Дәрілік препаратты қолдану тәсілін түсіндіру үшін медициналық қызметкердің кеңесіне жүгіну жөніндегі ұсыныстар

Егер препаратты қолдану бойынша бұдан әрі кез келген сұрақтар пайда болса, дәрілік препаратты қолдану тәсілін түсіндіру үшін медициналық қызметкердің кеңесіне жүгінуіңізді өтінеміз.

Дәрілік препаратты стандартты қолдану кезінде көрініс беретін жағымсыз реакциялар сипаттамасы және осы жағдайда қабылдау керек шаралар

Левемир® препараты барлық дәрілік препараттар сияқты жағымсыз реакцияларды тудыруы мүмкін, бірақ олар барлық пациенттерде бірдей бола бермейді.

Жағымсыз реакциялар белгілі бір жиілікпен кездесуі мүмкін, олар келесідей анықталады:

Өте жиі: 10 пациенттің 1 - нен көп

Жиі емес: 1000 -нан 1-ден 10 пациентке дейін

Сирек: 10000-нан 1-ден 10 пациентке дейін

Өте сирек: 10000-нан 1 пациенттен кем

Өте жиі

Қандағы қанттың төмен деңгейі (гипогликемия). «Енгізу әдісі мен жолы» бөлімінен «Егер Сіз тым көп инсулин қабылдасаңыз» кеңесін қараңыз.

Жиі

Енгізу орнында реакциялар байқалуы мүмкін (жергілікті аллергиялық реакциялар) – ауырсыну, қызару, есекжем, қабыну, ісіну, қышу. Бұл реакциялар әдетте инсулинді қабылдаудың бірнеше аптасы ішінде кетеді. Егер реакциялар кетпесе, өзіңіздің емдеуші дәрігеріңізбен кеңесіңіз. Егер күрделі және ұзақ жағымсыз реакциялар болса, Левемир® қолдануды тоқтату және басқа инсулинді пайдалану қажет.

Жиі емес

Аллергия белгілері. Уртикария немесе бөртпе пайда болуы мүмкін.

Дәрігермен дереу кеңесіңіз:

- егер аллергия белгілері дененің басқа бөліктеріне таралатын болса

- егер көңіл-күйіңіз кенеттен нашарласа және терлей бастасаңыз; құса бастасаңыз; тыныс алу қиын болса; жүрек соғуы жиілеп кетсе; бас айналуды сезінсеңіз.

Көру проблемалары. Алғаш рет инсулинмен емдеуді бастағанда, бұл көрудің бұзылуын тудыруы мүмкін, бірақ әдетте бұл бұзушылық уақытша сипатта болады.

Инъекция орнындағы терінің өзгеруі.

Бір аймақта инсулинді бірнеше рет енгізу май тінінің жұқаруына (липоатрофияға) немесе қалыңдауына (липогипертрофияға) әкелуі мүмкін (1000 пациенттің 1-10-ында дамиды). Сонымен қатар, амилоид ақуызының жиналуынан туындаған теріасты тығызданулары пайда болуы мүмкін (даму жиілігі белгісіз тері амилоидозы). Теріасты тығызданулары бар, терісі жұқарған немесе қалыңдаған жерлерде инсулинді енгізу препарат тиімділігінің төмендеуіне әкелуі мүмкін. Мұндай тері өзгерістерінің дамуын болдырмау үшін препаратты әрбір енгізгенде инъекция орнын өзгерту керек.

Буындардың ісінуі. Инсулинді қабылдағаннан кейін сұйықтықтың кідіруі тобық немесе басқа буындардың айналасындағы ісінуге себеп болуы мүмкін. Әдетте бұл тез кетеді.

Диабеттік ретинопатия (көрудің жоғалуына әкелуі мүмкін диабетпен байланысты көз ауруы). Егер диабеттік ретинопатия болса және Сіздің қандағы қант деңгейіңіз тез қалпына келсе, бұл диабеттік ретинопатия жағдайының нашарлауына әкелуі мүмкін. Бұл туралы өзіңіздің емдеуші дәрігеріңізбен кеңесіңіз.

Сирек

Ауыртатын нейропатия (жүйкенің зақымдануымен байланысты ауырсыну). Егер Сіздің қандағы қант деңгейіңіз тез қалпына келсе, Сізде жүйке зақымдануына байланысты ауырсыну болуы мүмкін. Бұл жағдай і ауыртатын жедел нейропатия деп аталады және ол әдетте уақытша болады.

Өте сирек

Левемир® немесе оның қосалқы заттарының біріне елеулі аллергиялық реакциялар (жүйелі аллергиялық реакция деп аталады). «Қолданудың басталуына дейінгі қажетті мәліметтер тізбесі» бөлімін қараңыз.

Егер жағымсыз реакциялардың ең болмағанда біреуі ауыр болса немесе егер Сіз осы нұсқаулықта аталмаған жағымсыз реакцияларды байқасаңыз, өтініш, өзіңіздің емдеуші дәрігеріңізге хабарлаңыз.

Жағымсыз дәрілік реакциялар туындаған кезде медицина қызметкеріне, фармацевтика қызметкеріне немесе дәрілік препараттардың тиімсіздігі туралы хабарламаларды қоса алғанда, дәрілік препараттарға жағымсыз реакциялар (әрекеттер) бойынша ақпараттық деректер базасына тікелей жүгіну керек;

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті «Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК

http://www.ndda.kz

Қосымша мәліметтер

Дәрілік препараттың құрамы

Бір мл ерітінді құрамында

белсенді зат - инсулин детемир 100 ӘБ (2400 нмоль),

қосымша заттар: мырыш, глицерол, фенол, метакрезол, натрий гидрофосфатының дигидраты, натрий хлориді, хлорсутек қышқылы/натрий гидроксиді (рН түзету үшін), инъекцияға арналған су.

Сыртқы түрінің, иісінің, дәмінің сипаттамасы

Мөлдір, түссіз ерітінді. Сақтау кезінде тұнбаның өте жұқа іздері түсуі мүмкін.

Шығарылу түрі және қаптамасы

Тері астына енгізуге арналған ерітінді 100 ӘБ/мл.

Бір жағынан бромбутилді резеңкеден жасалған дискімен тығындалған және екінші жағынан көп реттік инъекцияға арналған пластикалық көпдозалық бір реттік шприц-қаламға дәнекерленген І класты шыныдан жасалған картриджде 3 мл препараттан.

Көп реттік инъекцияға арналған 5 пластикалық көпдозалық бір реттік шприц-қалам медициналық қолданылуы жөніндегі қазақ және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картоннан жасалған қорапшаға салынады.

Сақтау мерзімі

30 ай

Бірінші ашылғаннан кейін жарамдылық мерзімі: 6 апта.

Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды!

Сақтау шарттары

2 оС-ден 8 оС-ге дейінгі температурада (тоңазытқышта) сақтау керек, суытқыш элементке жақындатпай. Мұздатып қатыруға болмайды.

Бірінші ашылғаннан кейін: 30°C-ден аспайтын температурада сақтау керек. Тоңазытқышта (2 С - 8 С) сақтауға болады. Мұздатып қатыруға болмайды.

Шприц-қаламды жарықтан қорғау үшін жабық қалпақшамен сақтау керек. Жарықтан және шамадан тыс жылудың әсер етуінен сақтау керек.

Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!

Дәріханалардан босатылу шарттары

Рецепт арқылы

Өндіруші туралы мәліметтер

Ново Нордиск Продакшн САC

45 Авеню д’Орлеанс, F-28000 Шартр, Франция

Тіркеу куәлігінің ұстаушысы

Ново Нордиск А/С

Ново Алле, DK-2880 Багсваерд, Дания

Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан дәрілік заттар сапасына қатысты шағымдар (ұсыныстар) қабылдайтын және дәрілік заттың тіркеуден кейінгі қауіпсіздігін қадағалауға жауапты ұйымның атауы, мекенжайы және байланыс деректері (телефон, факс, электронды пошта)

«Ново Нордиск Қазақстан» ЖШС

Мекенжайы: Қазақстан, Алматы қаласы, Медеу ауданы, Достық даңғылы, 38 үй, «Кең Дала» бизнес орталығы, Б блогы, 8 қабат, пошта индексі 050010.

Телефон: +7 (727) 330 77 88

Электрондық пошта: eaeu-safety@novonordisk.com

Левемир®, НовоРапид®, ФлексПен®, НовоФайн® және НовоТвист® - Даниядағы Ново Нордиск А/С компаниясына тиесілі тіркелген сауда маркалары

© 20XX

Ново Нордиск А/С

Левемир® ФлексПен® тері астына енгізуге арналған ерітіндіні қолдану жөніндегі нұсқаулықтар

Осы нұсқаулықты ФлексПен® алдын ала толтырылған шприц-қаламды қолданар алдында мұқият оқыңыз. Егер Сіз нұсқауларды мұқият орындамасаңыз, Сіз тым аз немесе тым көп инсулин алуыңыз мүмкін, бұл қандағы қанттың тым жоғары немесе тым төмен деңгейіне әкелуі мүмкін.

Сіздің ФлексПен® шприц-қаламыңыз - бұл алдын ала толтырылған дозаторы бар инсулинді шприц-қалам.

Сіз инсулин дозасын 1-ден 60 бірлікке дейінгі шамада, 1 бірлік қадамымен таңдай аласыз.

Левемир® ФлексПен® ұзындығы 8 мм дейінгі НовоФайн® немесе НовоТвист® бір реттік инелерімен пайдалану үшін әзірленген.

Сақтық шарасы ретінде өзіңіздің шприц-қаламыңыз жоғалған немесе бүлінген жағдайда инсулинді енгізу үшін әрқашан өзімен бірге Левемир® ФлексПен® қосалқы жүйесін алып жүріңіз.

Сіздің шприц-қаламыңызға күтім жасау

Сіздің ФлексПен® шприц-қаламыңыз абайлап жұмыс істеуді талап етеді. Құлау немесе қатты механикалық әсер ету жағдайында шприц-қаламның зақымдануы және инсулиннің ағып кету қаупі болуы мүмкін. Бұл қате дозалануға әкелуі мүмкін, бұл қандағы қанттың тым жоғары немесе тым төмен деңгейіне әкелуі мүмкін.

Сіз спиртке батырылған мақталы тампонмен өзіңіздің ФлексПен® шприц-қаламыңыздың сыртқы бетін тазалай аласыз. Шприц-қаламды спиртке салмаңыз, оны жумаңыз және майламаңыз, өйткені бұл механизмді зақымдауы мүмкін.

ФлексПен® шприц-қаламыңызды қайта толтыруға жол берілмейді.

Өзіңіздің Левемир® ФлексПен® шприц-қаламыңызды жұмысқа дайындау

Инсулиннің қажетті түрі бар екеніне көз жеткізу үшін өзіңіздің шприц-қаламыңыздың атауы мен түрлі-түсті заттаңбасын тексеріңіз. Егер Сіз бірден астам инсулиннің түрін қолдансаңыз, бұл әсіресе маңызды. Егер Сіз инсулиннің дұрыс емес түрін пайдалансаңыз, қандағы қант деңгейі тым жоғары немесе тым төмен болуы мүмкін.

А

Шприц-қаламнан қалпақшаны алыңыз.

В

Жаңа бір реттік иненің қорғаныс жапсырмасын шешіп алыңыз.

Инені өзіңіздің ФлексПен® шприц-қаламыңызға ұқыпты және тығыз бұрап кіргізіңіз.

C

Инеден үлкен сыртқы қалпақшасын алып тастаңыз, бірақ оны тастамаңыз.

D

Иненің ішкі қалпақшасын алып және лақтырып тастаңыз.

Ешқашан иненің ішкі қалпақшасын инеге кері салуға тырыспаңыз. Өзіңізді инемен шаншып алуыңыз мүмкін.

    Әр инъекция үшін әрқашан жаңа инені пайдаланыңыз. Бұл ластану, инфекция, инсулиннің ағуы, инелерді бұғаттау және дәл емес дозалану қаупін төмендетеді.

    Абай болыңыз, қолданар алдында инені майыстырып алмаңыз немесе зақымдап алмаңыз.

Инсулиннің түсуін тексеру

Тіпті шприц-қаламды дұрыс пайдаланғанның өзінде, әрбір инъекция алдында картриджде ауаның аз мөлшері жиналуы мүмкін. Ауа көпіршігінің түсуін болдырмау және препараттың дұрыс дозасын енгізуді қамтамасыз ету үшін:

E

Дозалану селекторын бұрап препараттың 2 бірлігін алыңыз.

F

Өзіңіздің ФлексПен® шприц-қаламыңызды инемен жоғары қарай ұстап тұрып, ауа көпіршіктерін картридждің жоғарғы бөлігіне жылжыту үшін, картриджді бірнеше рет саусақтың ұшымен сәл шертіңіз.

G

Шприц-қаламды инемен жоғары қарай ұстап тұрып, іске қосу батырмасын тірелгенге дейін басыңыз. Дозалану селекторы нөлге қайтарылады.

Иненің ұшында инсулин тамшысы болуы керек. Егер бұл болмаса, инені ауыстырыңыз және процедураны қайталаңыз, бірақ 6 реттен артық емес.

Егер инеден инсулиннің тамшысы түспесе, бұл шприц-қаламның ақаулы екенін көрсетеді және Сізге жаңа шприц-қаламды пайдалану керек.

Инъекцияны жүргізер алдында инсулин тамшысының иненің ұшында пайда болғанына көз жеткізіңіз. Бұл инсулиннің түсуіне кепілдік береді. Егер инсулин тамшысы пайда болмаса, Сіз инъекцияны жасай алмайсыз, тіпті дозалану селекторы айналса да. Бұл иненің бұғатталуына немесе зақымдалуына мүмкіндік береді.

Инъекцияны енгізбес бұрын инсулиннің түсуін әрдайым тексеріңіз. Егер Сіз инсулиннің түсуін тексермесеңіз, Сіз тым аз инсулинді алуыңыз мүмкін немесе мүлдем инсулин алмауыңыз мүмкін. Бұл қандағы қанттың тым жоғары деңгейіне әкелуі мүмкін.

Сіздің дозаңызды анықтау

Дозалану селекторы «0» күйіне орнатылғанына көз жеткізіңіз.

H

Дозалану селекторын бұраумен инъекция үшін қажетті бірлік санын жинаңыз.

Дұрыс доза дозалану көрсеткішіне қарсы орнағанша, доза дозалану селекторын кез келген бағытта жоғары немесе төмен айналдыру арқылы реттелуі мүмкін. Дозалану селекторын айналдырған кезде инсулин дозасының шығып кетуін болдырмау үшін іске қосу батырмасын кездейсоқ баспау үшін абай болыңыз.

Сіз картриджде қалған бірліктердің санынан асатын дозаны таңдай алмайсыз.

    Инъекция алдында инсулиннің қанша бірлігін таңдағаныңызды көру үшін әрқашан дозалану селекторын және дозалану көрсеткішін пайдаланыңыз.

    Шприц-қаламның шертулерін санамаңыз. Егер Сіз инсулин дозасын қате енгізсеңіз, бұл қандағы қанттың тым жоғары немесе төмен деңгейіне әкелуі мүмкін. Қалдық шкаласына назар аудармаңыз, ол сіздің шприц-қаламыңызда шамамен қанша инсулиннің қалғанын көрсетеді.

Инсулин инъекциясын жүргізу

Теріңіздің астына инені енгізіңіз. Дәрігеріңіз немесе медбике ұсынған инъекция техникасын пайдаланыңыз.

I

Инъекция жасау үшін, дозалану көрсеткішіне қарама-қарсы «0» пайда болғанша тірелгенге дейін іске қосу батырмасын басыңыз. Абай болыңыз: препаратты енгізген кезде тек іске қосу батырмасын басу керек.

Дозалану селекторын бұрған кезде инсулиннің дозасын енгізу орындалмайды.

J

Іске қосу батырмасын толығымен басып тұрыңыз және инені кемінде 6 секунд терінің астында қалдырыңыз. Бұл инсулиннің толық дозасын енгізуді қамтамасыз етеді.

Инені теріден алып шығыңыз, содан кейін іске қосу батырмасына қысым жасауды тоқтатыңыз.

Енгізілген инъекциядан кейін дозалану селекторының «0» - ке қайтып оралғанына әрқашан көз жеткізіңіз. Егер дозалану селекторы «0» белгісіне қайтарылғанға дейін тоқтап қалса, бұл инсулиннің толық дозасының енгізілмегенін білдіреді, бұл қандағы қанттың жоғары деңгейіне әкелуі мүмкін.

K

Инені қалпақшаға тимей, иненің үлкен сыртқы қалпақшасына бағыттаңыз. Ине ішке кірген кезде, иненің үлкен сыртқы қалпағын мұқият киіңіз және инені бұрап алыңыз.

Инені сақтық шараларын сақтай отырып тастаңыз және өзіңіздің ФлексПен® шприц-қаламыңызды шприц-қаламның қалпақшасымен жабыңыз.

    Әрбір инъекциядан кейін инені әрқашан алып тастаңыз және өзіңіздің ФлексПен® шприц-қаламыңызды инесін жалғамай сақтаңыз. Бұл ластану, инфекция, инсулиннің ағу, инені бұғаттау және қате дозаны енгізу қаупін азайтады.

Қосымша маңызды ақпарат.

Науқасты күтуші тұлғалар инені кездейсоқ шаншу және айқаспалы инфекция жұқтыру қаупін азайту үшін инені алып тастау және лақтыру кезінде сақтық шараларын сақтауы тиіс.

Пайдаланылған ФлексПен® шприц-қаламды инесін жалғамай лақтырыңыз.

Өзіңіздің шприц-қаламыңызды немесе өзіңіздің инелеріңізді басқа адамдарға ешқашан бермеңіз. Бұл айқаспалы инфекция жұқтыруға әкелуі мүмкін.

Өзіңіздің шприц-қаламыңызды басқа адамдарға ешқашан бермеңіз. Сіздің дәріңіз олардың денсаулығына зиянды болуы мүмкін.

Өзіңіздің шприц-қаламыңызды және инелерді әрқашан басқа адамдардың, әсіресе балалардың қолы жетпейтін жерде сақтаңыз.

Прикрепленные файлы

LV_Levemir_FP_kaz_2021_137326.doc 1.15 кб
LV_Levemir_FlexPen_(Chartres)_rus_2021.docx 0.85 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту

Источники

Национальный центр экспертизы лекарственных средств, изделий медицинского назначения и медицинской техники