КЕТАМИН-САНТО®
Инструкция
-
русский
-
қазақша
Саудалық атауы
КЕТАМИН-САНТО®
Халықаралық патенттелмеген атауы
Кетамин
Дәрілік түрі, дозалануы
Инъекцияға арналған ерітінді, 50 мг/мл, 10 мл
Фармакотерапиялық тобы
Жүйке жүйесі. Анестетиктер. Жалпы анестетиктер. Басқа жалпы анестетиктер. Кетамин.
АТХ коды N01AX03
Қолданылуы
Балаларда және кейбір ерекше жағдайларда ересектерде ұзақ емес (қысқа мерзімді) диагностикалық емшаралар мен хирургиялық араласуларды жүргізу кезінде анестезиялаушы дәрі (монотерапия) ретінде қолдану: наркозға енгізу және оны демеу.
Жалпы наркозды басқа препараттармен (әсіресе бензодиазепинмен) біріктіріп жүргізу үшін дәрілік затты аз мөлшерде тағайындайды.
КЕТАМИН-САНТО® қолдану (жекелей немесе басқа препаратпен біріктіріп) бойынша айрықша көрсетілімдер:
– ауырсынуды басатын емшаралар (күйіп қалған науқаста таңғышын ауыстыру);
– нейродиагностикалық емшаралар (пневмоэнцефалография, вентрикулография, миелография);
– эндоскопия;
– офтальмологиядағы кейбір емшаралар;
– мойын маңындағы немесе ауыз қуысындағы диагностикалық және хирургиялық араласулар; тістерді емдеу кезінде;
– отоларингологиялық араласулар;
– гинекологиялық экстраперитонеальді араласулар;
– акушерліктегі араласулар, кесарь тілігінің операциясы үшін наркозға енгізу;
– ортопедиядағы және травматологиядағы араласулар;
– кетаминнің жүрекке және қан айналымына әсер ету ерекшеліктеріне байланысты шок жағдайындағы және гипотензиясы бар науқастарға наркоз жүргізу;
– препаратты бұлшықет ішіне енгізу жөн саналатын науқастарға (мысалы, балаларға) наркоз жүргізу.
Қолдануды бастағанға дейін қажетті мәліметтер тізбесі
Қолдануға болмайтын жағдайлар
әсер етуші зат кетаминге немесе қосымша заттардың кез келгеніне аса жоғары сезімталдық
ауыр немесе нашар бақыланатын гипертония (тыныштық жағдайында АҚ >180/100 мм с. б.), артериялық қысымның жоғарылауы жағдайын нашарлатуы мүмкін (іркілісті жүрек жеткіліксіздігі, ауыр жүрек-қантамыр бұзылыстары, бассүйек-ми жарақаты, ми ісіктері, бассүйек ішіне қан құйылу, инсульт) науқастарға
эклампсия немесе преэклампсия
Қолдану кезінде қажетті сақтық шаралары
Препарат төтенше жағдайларды қоспағанда, тек қана тәжірибелі анестезиологтардың қадағалауымен қолдануға арналған.
Жалпы әсер ететін басқа да анестетиктермен жағдайдағы сияқты пайдалануға дайын реанимациялық жабдық әзір болуы тиіс.
Кетаминнің артық дозалануы кезінде тыныс алудың тарылуы дамуы мүмкін, мұндай жағдайда өкпені демейтін желдету қолданылуы тиіс.
Тыныс алудың механикалық демелуін аналептиктерді қолданумен жүргізу ұсынылады.
Венаішілік доза 60 секунд өткен соң енгізілуі тиіс. Жылдамырақ енгізу уақытша тыныс алудың тарылуын немесе оның тоқтап қалуын және прессорлық реакцияның артуын туындатуы мүмкін.
КЕТАМИН САНТО® емдегенде фарингеальді рефлекстер әдетте сақталатындықтан жұтқыншақты механикалық тітіркендіруден аулақ болу керек. Көмей, жұтқыншақ немесе трахеядағы араласуларда КЕТАМИН САНТО® миорелаксанттармен біріктірілімі және тынысты мұқият бақылау керек.
Ауыруды сезінудің висцеральдік жолдарын қамтитын хирургиялық араласымдарда басқа аналгетиктерді енгізу қажет болуы мүмкін.
Кетаминді амбулаториялық қолданған жағдайда анестезияның әсері толық қайтқанша пациентті шығарып жібермеу керек, содан соң ғана жауапты ересек адамдарды ілестіріп пациентті босатуға болады.
Төмендегі аурулар созылмалы алкоголизм және жедел алкогольдік уыттану болғанда кетаминді қолдануда сақ болу керек.
Кетамин бауырда метаболизденеді. Цирроз және бауыр функциясы бұзылуының басқа да түрлеріне шалдыққан пациенттерде препараттың ұзақ әсер етуі байқалуы мүмкін. Бұл пациенттерге дозаны төмендету керек. Кетаминді пайдаланған кезде, атап айтқанда ұзақ қолданғанда (>3 күн) бауыр функциясын тексерудің аномальді нәтижелері байқалған.
Кетаминмен анестезия кезінде ми-жұлын сұйықтығында қысымның жоғарылауы байқалған, кетаминді ми-жұлын сұйықтығының қысымы жоғары пациенттерге пайдаланғанда айрықша сақ болу қажет.
Көз алмасының жарақаты және көзішілік қысымы жоғары (глаукома) пациенттерге қолданған кезде ерекше сақ болу қажет, өйткені кетаминнің бір дозасынан кейін невроздармен немесе психикалық аурулармен бірге (шизофрения және жедел психоз) қысым едәуір жоғарылуы мүмкін.
Жедел интермиттирлейтін порфириясы, эпилепсиялық ұстамалары, гипертиреозы бар пациенттерге және қалқанша безді қалпына келтіру емін алып жүрген пациенттерге препаратты қолданғанда аса сақ болу қажет.
Препаратты қолданғанда өкпе инфекциясы немесе жоғары тыныс алу жолдарының инфекциясы (кетамин ларингоспазмды туындата отырып, жұтыну рефлексін белсендіреді), бассүйекішілік көлемді түзілу ошағымен, бас жарақаттары немесе ми шемені бар пациенттер үшін аса сақтық қажет етіледі.
КЕТАМИН САНТО® ұзақ уақыт бойы қабылдаған (1 айдан бірнеше жылға дейін) пациенттердегі геморрагиялық циститті қоса, циститтің тіркелген жағдайлары туралы деректер бар. КЕТАМИН САНТО® ұзақ уақытқа пайдалану үшін тағайындалмайды және ұсынылмайды.
Сонымен қатар кетаминді шамадан тыс пайдаланған жағдайлар туралы хабарланған. Кетаминнің келесі білінулер туындауына ықпал ететінін көрсететін деректер бар: дисфориялар, елестеулер, «кері кадр» симптомы, қорқу және үрейлену сезіну, ұйқысыздық немесе бағдардан жаңылу, сондай-ақ цистит немесе геморрагиялық цистит жағдайлары. КЕТАМИН САНТО® бірнеше апта бойына күнде пайдалану, әсіресе анамнезінде есірткіге тәуелділігі бар немесе болған адамдарда тәуелділік туындатуы мүмкін. Сондықтан препаратты медицина қызметкерлерінің мұқият бақылауымен және жоғарыда аталған жағдайларда және ауруларда сақтықпен пайдалану керек.
Миокардтың оттегін тұтынуы едәуір ұлғаюына байланысты кетаминді гиповолемия, сусыздану немесе жүрек аурулары бар пациенттерге, әсіресе коронарлық артерия ауруы кезінде (мысалы, іркілісті жүрек жеткіліксіздігі, ишемия жағдайы және миокард инфарктісі) ерекше сақ болу қажет. Сонымен қоса, кетаминді жеңіл және орташа дәрежедегі артериялық гипертензисы және тахиаритмиясы бар пациенттерге қолданғанда аса сақтық таныту қажет.
Артериялық қысымның жоғарылауы кетамин инъекциясынан кейін ұзамай басталады, бірнеше минут ішінде ең жоғарысына жетеді және әдетте мәніне анестезияға дейін инъекциядан кейінгі 15 минут ішінде жетеді. Клиникалық зерттеулерде қан қысымы артуының орташа шыңы анестезияға дейінгі мәнінен 20-дан 25 пайызға дейін ауытқып тұрған.
Пациенттің ауруына байланысты артериялық қысымның жоғарылауы жағымды сипатта болуы, ал кейбір жағдайларда жағымсыз реакциялар болып табылуы да мүмкін.
КЕТАМИН САНТО® ұзақ мерзімді қолдануға арналмаған және ұсынылмайды, өйткені дағдылануды туындатуы мүмкін.
Басқа дәрілік препараттармен өзара әрекеттесуі
Барбитураттарды және/немесе наркозға арналған басқа да дәрілерді КЕТАМИН-САНТО® бір мезгілде пайдалану наркоздан кейінгі ояну уақытын ұзартады.
Диазепаммен бір мезгілде қолдану кетаминнің жартылай шығарылу кезеңін ұзартуы және оның фармакодинамикалық әсерлерін арттыруы мүмкін, сондықтан енгізу кезінде оларды бір жүйеде араластырудың керегі жоқ.
КЕТАМИН-САНТО® атракуриймен және тубокураринмен біріктіргенде тыныс алудың бәсеңдеуін және апноэні қоса, жүйке-бұлшықет берілісінің блокадасын күшейтуі мүмкін.
Галлогенденген анестетиктерді кетаминмен бір мезгілде қолдану кетаминнің жартылай шығарылу кезеңін ұзартуы және наркоздан кейінгі ояну уақытын ұлғайтуы мүмкін. Кетаминді галогенделген анестетиктермен бірге қолдану (әсіресе жоғары дозаларда немесе жылдам енгізгенде) брадикардияның, гипотензияның даму немесе жүрек лықсуының төмендеу қаупін арттырады.
Кетаминді орталық жүйке жүйесінің белсенділігін төмендететін басқа дәрілік заттармен қолдану (мысалы, этанол, фенотиазиндер, антигистаминді препараттар немесе миорелаксанттар) ОЖЖ бәсеңдеуін күшейтуі және/немесе тыныс алу жеткіліксіздігінің даму қаупін ұлғайтуы мүмкін. Ұйықтататын, седативті дәрілерді және транквилизаторларды бір мезгілде қолданған кезде препараттың дозасын азайту қажеттілігі туындауы мүмкін. Кетамин тиопенталдың ұйықтататын әсерінің антагонисті болып табылатыны хабарланды.
Тиреоидты гормондармен ем алатын пациенттерде КЕТАМИН-САНТО® қолданған кезде артериялық қысымның жоғарылау және тахикардия қаупі артады.
Гипертензияға қарсы препараттар мен кетаминді бір мезгілде қолдану гипотензияның даму қаупін арттырады.
Аминофилинмен (теофиллинмен) біріктірілгенде құрысу шегі төмендеуі мүмкін. Осы дәрілік заттарды бір мезгілде қабылдау аясында туындаған бүгілгіш бұлшықеттердің күтілмеген құрысулар туралы деректер бар.
CYP3A4 бәсеңдететін препараттар бауыр клиренсін төмендетеді және қан плазмасында кетамин сияқты CYP3A4 субстраттарының концентрациясын арттырады. Кетамин мен CYP3A4 тежегіштерін бір мезгілде қабылдау тиімді клиникалық әсерге жету үшін кетамин дозасын төмендетуді талап етеді.
CYP3A4 стимуляциялайтын препараттар бауыр клиренсін жоғарылатады және қан плазмасында кетамин сияқты CYP3A4 субстраттарының концентрациясын төмендетеді. Кетамин мен CYP3A4 стимуляторларын бір мезгілде қабылдау тиімді клиникалық әсерге жету үшін кетамин дозасын арттыруды талап етеді.
Симпатомиметиктер (тікелей немесе жанама әсері) және вазопрессин кетаминнің симпатомиметикалық әсерлерін күшейтуі мүмкін. Эргометринмен бір мезгілде қолдану артериялық қысымның жоғарылауына әкелуі мүмкін.
Арнайы ескертулер
Жүктілік немесе лактация уақытында
Кетамин плацента арқылы өтеді. Бұған препаратты кесар тілігі операциясы кезінде немесе табиғи жолдармен босану кезінде енгізуді қоспағанда, жүктілік кезіндегі шұғыл акушерлік манипуляциялар жағдайында назар аудару керек. Жүктілік және лактация кезеңінде қолдану қауіпсіздігі анықталмаған және мұндай қолдану ұсынылмайды.
Кетамин босану барысында жүкті әйелге ≥ 1,5 мг / кг вена ішіне енгізгенде нәрестенің организміне енеді, бұл нәрестенің тыныс алу жеткіліксіздігіне және Апгар шкаласы бойынша төмен бағаға себеп болуы мүмкін.
Жүкті әйелге ≥ 2 мг/кг вена ішіне енгізгенде босану кезінде артериялық қысым және жатырдың тонусы жоғарылайды.
Лактация кезеңінде қолдану ұсынылмайды. Жануарларға жасалған зерттеулер репродуктивті уыттылықты көрсетті.
Препараттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері
Кетамин – бұл көңіл қою және тез әрекет ету қабілетін төмендететін зат. Алайда, әсері қысқа мерзімді болып табылады, седация ұзақтығы жеке-жеке ауытқиды (қолданылатын дозаға байланысты 24 сағат және одан көп).
Қолдану жөніндегі нұсқаулар
Дозалау режимі
Венаішілік инфузия
КЕТАМИН-САНТО® үздіксіз енгізу жолымен қолдану үздік-үздік енгізумен салыстырғанда дозаны анағұрлым дәл таңдауға мүмкіндік береді. Бұл наркоздан анағұрлым қысқа уақытта шығуға ықпал етеді.
0,9 % натрий хлоридінің немесе 5 % декстроза ерітіндісінде сұйылтылған 1 мг/мл КЕТАМИН-САНТО® есебінен жүргізіледі.
Жалпы кіріспе наркоз
0,5-2 мг/кг дозадағы инфузия түрінде енгізіледі.
Анестезияны демеу
Анестезия жылдамдығы 10-45 мкг/кг/мин (шамамен 1-3 мг/мин) инфузоматты қолдана отырып ұсталып тұруы мүмкін.
Инфузия жылдамдығы пациенттің анестезияға деген реакциясына байланысты. Дозаны ұзақ әсерлі миорелаксантты пайдалану кезінде азайтуға болады
Үздік-үздік енгізу
Кіріспе анестезия (индукция)
Вена ішіне енгізу
КЕТАМИН-САНТО ® бастапқы дозасы вена ішіне енгізгенде 1 мг/кг-нан 4,5 мг/кг-ға дейінгі диапазонда (әсер етуші зат кетаминге есептегенде) болуы мүмкін. Ұзақтығы 5-10 минуттық хирургиялық анестезияны қамтамасыз ету үшін қажетті орташа доза 2,0 мг/кг құрайды. Вена ішіне баяу (60 секунд ішінде) енгізу ұсынылады. Анағұрлым жылдам енгізу тыныс алудың бәсеңдеуіне және артериялық қысымның жоғарылауына әкелуі мүмкін.
Акушерлікте қолдану
Табиғи босану немесе кесарь тілігі кезінде венаішілік дозалар 0,2-ден 1,0 мг/кг-ға дейін ауытқиды.
Бұлшықет ішіне енгізу
Бұлшықет ішіне енгізу үшін КЕТАМИН-САНТО® бастапқы дозасы 6,5 мг/кг-дан 13 мг/кг-ға дейін (әсер етуші зат кетаминге есептегенде). Төменгі бастапқы бұлшықетішілік доза (4 мг/кг) диагностикалық манипуляциялар мен қатты ауырсыну сезімдеріне байланысты емес емшараларды жүргізу кезінде қолданылады. 10 мг/кг доза, әдетте, анестезияны 12-25 минут бойы қамтамасыз етеді.
Бауыр жеткіліксіздігі кезіндегі дозалау
Дозаны төмендету қажеттілігін бауыр циррозы немесе бауыр жеткіліксіздігінің басқа түрлері бар пациенттерде қарастырған жөн.
Акушерлікте қолдану
Босанатын әйелдердің бұлшықет ішіне енгізу туралы деректер жоқ, демек доза бойынша нұсқаулар жасалуы мүмкін емес.
Жалпы наркозды ұстап тұру
Анестезияның бәсеңдеу белгілері нистагм, көтермелеуге жауап ретіндегі қимыл, вокализация сияқты көріністер болуы мүмкін. Анестезияны ұстап тұру кетаминнің қосымша дозаларын вена ішіне және бұлшықет ішіне енгізу арқылы жүргізіледі. Бұрын енгізілген дозаның ½ ұсынылады.
Кетаминнің жалпы енгізілген мөлшерінің ұлғаюымен ояну кезеңінің ұзақтығы артады.
Анестезия кезінде аяқ-қолдың еріктен тыс тонико-клоникалық құрысуы пайда болуы мүмкін. Бұл қимылдар анестезияның бәсеңдегінен растамайды және препараттың қосымша дозаларын енгізу қажеттілігін көрсетпейді.
КЕТАМИН-САНТО® басқа да жалпы анестетиктерді пайдалану алдында индукциялаушы агент ретінде
Индукцияға КЕТАМИН-САНТО® толық дозасн вена ішіне немесе бұлшықет ішіне енгізу арқылы қол жеткізіледі. Егер КЕТАМИН-САНТО ® вена ішіне енгізілсе, ал негізгі анестетик баяу әсер ететін болса, КЕТАМИН-САНТО® қайталама дозасы бастапқы дозадан кейін 5-8 минуттан соң енгізілуі тиіс. Егер КЕТАМИН-САНТО® бұлшықет ішіне енгізілсе, ал негізгі анестетик жылдам әсер ететін болса, негізгі анестетикті енгізу КЕТАМИН-САНТО® инъекциясынан кейін 15 минуттан соң жүргізілуі тиіс.
КЕТАМИН-САНТО® анестетиктерге толықтыру ретінде
КЕТАМИН-САНТО® тыныс алуды тиісті түрде демеген кезде кеңінен қолданылатын жалпы және жергілікті анестетиктермен клиникалық тұрғыдан үйлесімді. Басқа анестетиктермен біріктіріп пайдалануға арналған КЕТАМИН-САНТО® дозасы әдетте тура сол диапазонда болады, алайда басқа анестетикті пайдалану КЕТАМИН-САНТО® дозасын төмендетуге мүмкіндік береді.
Қалпына келтіру кезеңінде пациенттерді бақылау
Емшарадан кейін пациентті мазаламай, керісінше бақылау керек. Бұл өмірлік маңызды функциялардың мониторингін алып тастау емес. Делирий пайда болғанда диазепам пайдалануға (ересектерде вена ішіне 5-тен 10 мг дейін) болады. Тиобарбитураттың гипноздық дозасы (вена ішіне 50-ден 100 мг дейін) қалпына келтіру кезінде күрделі реакцияларды азайту үшін пайдаланылуы мүмкін. Осы препараттарды пайдалану кезінде анестезиядан кейінгі қалпына келу уақыты ұзаруы мүмкін.
Енгізу жолы және тәсілі
Бұлшықет ішіне, вена ішіне немесе вена ішіне тамшылап қолданылады.
Артық дозалану жағдайында қабылдануы қажет шаралар
Симптомдары
Жылдам в/і енгізу немесе үлкен дозаларда енгізу кезінде тыныс алудың бәсеңдеуі немесе тоқтауы байқалуы мүмкін.
Емі
Адекватты спонтанды тыныс алу қалпына келгенге дейін оны механикалық жолмен ұстап тұру керек.
Дәрілік препараттың бір немесе бірнеше дозасын жіберіп алғанда қажетті шаралар
Жіберіп алған дозаның орнын толтыру үшін қосарлы дозаны қабылдамаңыз.
Дәрілік препаратты қолдану тәсілін түсіндіру үшін медицина қызметкерінің кеңесіне жүгіну бойынша нұсқаулар
Дәрілік препаратты қабылдаудан бұрын дәрігерге немесе фармацевтке қаралыңыз.
ДП стандартты қолдану кезінде көрініс табатын жағымсыз реакциялардың сипаттамасы және осы жағдайда қабылдануы керек шаралар
Иммундық жүйе тарапынан.
Сирек: анафилаксиялық реакциялар.
Зат алмасудың бұзылуы.
Жиі емес: анорексия.
Психикалық бұзылыстар.
Жиі: елестеу, аномалиялық немесе қорқынышты түстер көру, сананың шатасуы, психомоторлық қозу, лайықсыз мінез-құлық.
Жиі емес: үрей сезімі.
Сирек: делирий, «кері кадр» симптомы, дисфория, ұйқысыздық, дезориентация.
Жүйке жүйесі тарапынан.
Жиі: нистагм, қаңқа бұлшықеті тонусының жоғарылауы және тонико-клоникалық құрысулар.
Көру ағзалары тарапынан.
Жиі: диплопия.
Жиілігі белгісіз: көзішілік қысымның жоғарылауы.
Кардиальді бұзылу.
Жиі: артериялық қыымның және жүректің жиырылу жиілігінің жоғарылауы.
Жиі емес: брадикардия, аритмия.
Қантамырдың бұзылуы.
Жиі емес: гипотензия.
Тыныс алу жүйесі тарапынан.
Жиі: тыныс алу жиілігінің ұлғаюы.
Жиі емес: тыныс алудың бәсеңдеуі, ларингоспазм.
Сирек: тыныс алу жолдарының обструкциясы немесе тыныс алудың тоқтауы.
Гепатобилиарлық жүйе тарапынан.
Жиілігі белгісіз: бауыр функциясының зертханалық көрсеткіштерінің өзгеруі, бауырдың дәрі-дәрмектен зақымдануы.
Асқазан-ішек жолы тарапынан.
Жиі: жүрек айнуы, құсу.
Сирек: сілекей ағуы.
Тері және тері асты тіндері тарапынан.
Жиі: есекжем, эритема және/немесе қызылша тәрізді бөртпе.
Бүйрек және несеп шығару тарапынан.
Сирек: цистит, геморрагиялық цистит.
Жалпы бұзылыстар және енгізген жердегі реакциялар.
Жиі емес: дәрілік затты енгізген жердегі ауыруды және/немесе бөртпені қоса, енгізген жердегі реакциялар.
Жағымсыз дәрілік реакциялар туындаса медицина қызметкеріне, фармацевтика қызметкеріне немесе дәрілік препараттардың тиімсіздігі туралы хабарламаларды қоса, дәрілік препараттарға жағымсыз реакциялар (әсерлер) бойынша ақпараттық деректер базасына тікелей хабарласыңыз
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті «Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК
http://www.ndda.kz
Қосымша мәліметтер
Фармацевтикалық субстанциялардың толық сапалық және сандық құрамы
Дәрілік препараттың құрамы
1 мл препараттың құрамында
белсенді зат – кетамин 50.00 мг
(кетамин гидрохлориді түрінде, 100 % затқа шаққанда) 57.67 мг
қосымша заттар: бензетоний хлориді, натрий хлориді, 0.1 М хлорсутек қышқылы, инъекцияға арналған ерітінді.
Сыртқы түрінің, иісінің, дәмінің сипаттамасы
Мөлдір, аздап боялған ерітінді.
Шығарылу түрі және қаптамасы
10 мл препараттан сындыратын нүктесі немесе сақинасы бар жарықтан қорғайтын шыныдан жасалған шприцпен толтырылатын ампулаларға құйылады.
Әрбір ампулаға заттаңба жапсырылады.
5 ампуладан поливинилхлоридті үлбірден және алюминий фольгадан жасалған пішінді ұяшықты қаптамаға оралады.
Пішінді ұяшықты қаптамалар (қорапшаға салмай) қазақ және орыс тілдерінде бекітілген медициналық қолдану жөніндегі нұсқаулықтармен бірге картон қораптарға салынады. Медициналық қолдану жөніндегі нұсқаулықтардың саны қаптамалар санына тең.
Сақтау мерзімі
2 жыл
Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды.
Сақтау шарттары
Түпнұсқалық қаптамасында, 25 °С-ден аспайтын температурада сақтау керек.
Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!
Дәріханалардан босатылу шарттары
Рецепт арқылы
Өндіруші туралы мәлімет
«Химфарм» АҚ, Қазақстан Республикасы, Шымкент қ., Рашидов к-сі, 81
Телефон нөмірі +7 7252 (610151)
Автожауапбергіш нөмірі +7 7252 (561342)
Электронды пошта complaints@santo.kz
Тіркеу куәлігінің ұстаушысы
«Химфарм» АҚ, Қазақстан Республикасы, Шымкент қ., Рашидов к-сі, 81
Телефон нөмірі +7 7252 (610151)
Автожауапбергіш нөмірі +7 7252 (561342)
Электронды пошта complaints@santo.kz
Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан дәрілік заттардың сапасына қатысты шағымдарды (ұсыныстарды) қабылдайтын және дәрілік заттың тіркеуден кейінгі қауіпсіздігін қадағалауға жауапты ұйымның атауы, мекенжайы және байланыс деректері (телефон, факс, электронды пошта)
«Химфарм» АҚ, Қазақстан Республикасы, Шымкент қ., Рашидов к-сі, 81
Телефон нөмірі +7 7252 (610150)
Электронды пошта phv@santo.kz; infomed@santo.kz