Идарубицина гидрохлорид ФаРес™ 5 мг/5 мл

МНН: Идарубицина гидрохлорид
Производитель: Тимоорган Фармация ГмбХ
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Idarubicin
Номер регистрации в РК: РК-ЛС-5№023245
Информация о регистрации в РК: 13.02.2023 - 13.02.2033

Инструкция

Саудалық атауы

Идарубицин гидрохлориді ФаРес™ 5 мг/5 мл

Халықаралық патенттелмеген атауы

Идарубицин

Дәрілік түрі

Инъекцияға арналған 5 мг/5 мл ерітінді

Құрамы

1 мл ерітіндінің құрамында

белсенді зат – 1 мг идарубицин гидрохлориді;

қосымша заттар – глицерин, натрий гидроксиді, хлорсутек қышқылы, инъекцияға арналған су.

Сипаттамасы

Көрінетін бөлшектерсіз мөлдір күңгірт-қызыл ерітінді.

Фармакотерапиялық тобы

Ісікке қарсы антибиотиктер. Антрациклиндер. Идарубицин.

АТХ коды L01DB06.

Фармакологиялық қасиеттері

Фармакокинетикасы

Таралуы

Жедел лейкозы бар пациенттерде идарубицин құрамында ядро бар (нуклеарлы) қан жасушалары мен сүйек кемігіндегі ең жоғары жасуша ішілік концентрациясына препаратты енгізуден кейін бірнеше минут ішінде жетеді. Идарубициннің және оның белсенді метаболиті - идарубицинолдың нуклеарлы қан жасушалары мен сүйек кемігіндегі концентрациясы қан плазмасындағы осы заттар концентрациясынан 100 еседен артық асып кетеді. Жасушалардан идарубициннің элиминациялану жылдамдығы 15 сағатқа жуық жартылай шығарылу кезеңімен қан плазмасынан идарубициннің элиминациялану жылдамдығымен салыстырмалы. Идарубицинолдың жасушалардан жартылай шығарылу кезеңі 72 сағат құрайды.

Метаболизмі

Көктамыр ішіне енгізуден кейін идарубицин негізінен өзінің белсенді метаболиті – идарубицинолға дейін метаболизденеді, оның жартылай шығарылу кезеңі 41 – 69 сағатты құрайды, бұл оның организмнен баяулау шығарылуын айғақтайды.

Бөлінуі

Көктамыр ішіне енгізуден кейін ересектерде идарубициннің жартылай шығарылу кезеңі 13.9 ± 5.9 сағатты құрайды және идарубициннің ішу арқылы қабылдау кезіндегі жартылай шығарылу кезеңіне тең. Идарубицин негізінен өт шығару жолдары және бүйрек арқылы идарубицинол түрінде шығарылады.

Балалар

Идарубицинді 3 күн бойы көктамыр ішіне 15-тен 40 мг/м2 дейінгі дозаларда қабылдайтын балалар жасындағы пациенттерде идарубициннің орташа жартылай шығарылу кезеңі 8.5 сағатты (3.6-дан 26.4 сағатқа дейінгі аралықта) құрайды. Препаратты 3 күн енгізгенде жасуша ішіне жиналатын идарубицинол белсенді метаболитінің жартылай шығарылу кезеңі 43.7 сағатқа (27.8-ден 131 сағатқа дейінгі аралықта) созылады. Балалар мен ересек пациенттер арасында организмнен идарубициннің шығарылу жылдамдығында үлкен айырмашылықтар бар. Ересек пациенттерде организмнің идарубициннен тазару жылдамдығы 107.9 л/сағ./м2 құрап, 18-33 л/сағ./м2 құрайтын балалар жасындағы пациенттердегі осы көрсеткіштен едәуір асып кетеді.

Бауыр және/немесе бүйрек функциясының бұзылуы бар пациенттер

Бауыр немесе бүйрек функциясы бұзылған пациенттерде идарубицин фармакокинетикасы жеткілікті дәрежеде зерттелмеген. Бауыр функциясы бұзылған пациенттерде идарубициннің метаболизмдік өзгерістері баяулауы мүмкін, сондықтан бұл қанда препарат концентрациясының жоғарылауына әкелуі мүмкін. Бүйрек функциясының бұзылуы идарубицин шығарылуын нашарлатуы мүмкін. Сондықтан, бауыр және/немесе бүйрек функциясының бұзылулары бар пациенттерде дозаны азайту қажеттілігін қарастыру қажет. Бауыр және/немесе бүйрек функциясының ауыр бұзылулары бар пациенттерге идарубицин қарсы көрсетілімді.

Фармакодинамикасы

Идарубицин топоизомераза II ферментімен өзара әрекеттесетін ДНҚ интеркалирлейтін антрациклиндерге жатады және нуклеин қышқылдарының синтезіне тежеу әсерін көрсетеді. Антрациклин құрылымын 4-ші позицияда модификациялау идарубицин молекуласына жоғары липофильділік береді, доксорубицинмен және даунорубицинмен салыстырғанда, бұл жасушалармен идарубициннің көп сіңірілуіне алып келеді. Идарубицин көп түрлі дәрілік төзімділіктің дамуына жауапты ақуыз – Р-гликопротеин экспрессиясын бәсеңдетеді. Соның арқасында идарубицин көп түрлі дәрілік төзімділік модуляторы қасиеттеріне ие болады, бұл біріктірілген химиялық емде де, басқа цитостатикалық дәрілерге төзімді жағдайларда да оның тиімділігін арттырады.

Қолданылуы

  • ересектер мен балалардағы жедел миелобластты лейкозда бұрын емделмеген пациенттерде басқа цитоуытты дәрілермен біріктіріп ремиссияны индукциялау үшін

Қолдану тәсілі және дозалары

Идарубицин тек көктамыр ішіне енгізуге арналған. Препарат интратекальді енгізуге арналмаған. Доза пациенттердің дене беткейі ауданына қарай белгіленеді.

Дозалау режимі

Ересектер

Біріктірілген емдеысалы, цитарабинмен) идарубицин гидрохлоридінің дозасы 3 күн бойы көктамыр ішіне күнделікті 12 мг/м2/тәулік немесе 5 күн бойы көктамыр ішіне күнделікті 8 мг/м2/тәулік құрайды. Идарубицин гидрохлоридінің ең жоғары жинақталатын дозасы 120 мг/м2 аспауы тиіс. Пациенттерде ауыр мукозит дамығанда емнің екінші курсын бастауды жай-күй жақсарғанша кейінге қалдырып, сондай-ақ идарубицин дозасын 25% азайту ұсынылады. Идарубицинді дозалау режимін белгілегенде пациенттердің гематологиялық көрсеткіштері мен пациенттерге идарубицинмен біріктіріп енгізілетін басқа цитоуытты дәрілік заттар дозаларын да есепке алу қажет.

Балалар

Жедел миелобластты лейкозы бар балаларда ұсынылатын цитарабинмен біріктірілген идарубицин гидрохлоридінің дозасы баяу көктамыр ішілік инъекциялар арқылы 3 күн бойы енгізілген күнделікті 10 – 12 мг/м2 құрайды. Осы нұсқаулар жалпы сипатта болады. Идарубицин гидрохлоридінің нақты дозалау режимдері жедел миелобластты лейкозды емдеу хаттамаларында көрсетілген.

Егде жастағы (65 жастан асқан) пациенттер

Идарубицин жас ұлғаюымен қатарлас аурулар санының едәуір көбеюі, гематопоэздік резерв төмендеуі және ағзалар мен жүйелердің көбірек зақымдануға бейімділігі салдарынан 65 жастан асқан пациенттерге ерекше сақтықпен енгізілу қажет.

Бауыр және/немесе бүйрек функциясының бұзылуы бар пациенттер

Бауыр немесе бүйрек функциясы бұзылған пациенттерде идарубицин дозасын өзгерту қажет болуы мүмкін. Идарубицинді бауыр және/немесе бүйрек функциясының ауыр бұзылулары бар пациенттерге енгізуге болмайды.

Енгізу жүйесі

Идарубицин тек көктамыр ішіне енгізілуі тиіс. Бір құты бір рет енгізуге арналған. Мөлдір ерітінділерді ғана пайдалану қажет. Препарат ерітіндісін енгізер алдында бөлме температурасына дейін жеткізу қажет. Құтыда қалған дәрілік заттың кез келген мөлшерін жою қажет. Идарубицинді натрий хлоридінің физиологиялық ерітіндісінің инфузиясы жүргізілетін инфузиялық желі арқылы 5 – 10 минут ішінде баяу болюстік инъекция түрінде енгізу қажет. Препаратты көктамырға тікелей болюсті енгізу тіпті препарат толтырылған шприц инесімен қанды талапқа сай аспирациялаудан кейін де жоғары экстравазация қаупі себебінен ұсынылмайды.

Идарубицинмен жұмыс істеу жөніндегі нұсқаулар:

  • Жүкті медициналық қызметкер әйелдер идарубицинмен жұмыс істемеуі тиіс.

  • Идарубицинмен жұмыс істегенде медициналық қызметкерлер қорғағыш киім киюі тиіс (халат, қолғаптар, көзілдірік және бетперде).

  • Препаратты сұйылту және дозалауға қатысты барлық рәсімдер арнаулы кабинетте немесе изоляторда атқарылуы тиіс. Препаратты сұйылту жүргізілетін жұмыс беткейі бір рет пайдаланылатын фольгадан жасалған өткізбейтін қорғағыш қабаты бар сіңіргіш үлбірмен жабындалуы тиіс.

  • Препаратты сұйылту және енгізу үшін, сондай-ақ препаратты сұйылту орнын тазалауға пайдаланылатын барлық заттар, қолғапты қоса, өртеу әдісімен жою үшін арнайы мақсаттағы пакеттерге салынуы тиіс.

  • Барлық ластанған заттарды натрий гипохлоридінің 10% ерітіндісімен өңдеу қажет. Препарат ерітіндісінің реңін жоғалтуы оның цитоуыттылығынан айрылуын айғақтайды. Препарат теріге және шырышты қабықтарға түсіп кеткенде оларды сумен немесе натрий хлоридінің изотониялық ерітіндісімен дереу жуып тастау қажет.

  • Идарубицин гидрохлориді тек бір рет қолдануға арналған. Препараттың қалған мөлшерінің бәрін жою қажет.

  • Препараттың пайдаланылмаған қалдықтарының бәрін, сондай-ақ препарат ерітіндісін сұйылту және енгізу үшін пайдалануға жұмсалған материалдарды емдеу мекемесінде қабылданған цитоуытты препараттарды жою ережелеріне сәйкес жойып жіберу қажет.

Жағымсыз әсерлері

Идарубициннің екі күрделі жағымсыз әсері миелосупрессия және кардиологиялық уыттану болып табылады. Миелосупрессия нәтижесінде өз кезегінде өліммен аяқталуға алып келетін қан кету, қызба, инфекциялар, сепсис/септистік шок және тіндік гипоксия дамуы мүмкін.

Идарубицинмен емделу кезінде дамуы мүмкін жағымсыз әсерлер олардың туындау жиілігіне қарай төменде тізбеленген:

Өте жиі (≥ 1/10)

Жиі (≥1/100 – 1/10)

Жиі емес (≥1/1000 1/100)

Сирек (≥1/10000 1/1000)

Өте сирек (1/10000)

Белгісіз (қолжетімді деректер негізінде анықтау мүмкін емес)

Инфекциялар және инвазиялар

Өте жиі: инфекциялар

Жиі емес: сепсис/сепсистік шок

Қатерлі, қатерсіз немесе басқа ісіктер (кисталар мен полиптерді қоса)

Жиі емес: салдарлы лейкоз (жедел миелобластты лейкоз және миелодисплазиялық синдром)

Қан және лимфа жүйесі тарапынан бұзылулар

Өте жиі: анемия, ауыр лейкопения және нейтропения (әсіресе, гранулоцитопения), тромбоцитопения

Жиілігі белгісіз: панцитопения

Иммундық жүйе тарапынан бұзылулар

Өте сирек: анафилаксия

Эндокриндік жүйе тарапынан бұзылулар

Өте жиі: анорексия

Жиі емес: дегидратация

Метаболизм және тамақтану тарапынан бұзылулар

Жиі емес: гиперурикемия

Жиілігі белгісіз: ісік лизисі синдромы

Жүйке жүйесі тарапынан бұзылулар

Сирек: церебральді қан кетулер

Жүрек-қантамыр жүйесі тарапынан бұзылулар

Жиі: созылмалы жүрек жеткіліксіздігі, брадикардия, синустық тахикардия, тахиаритмия, сол жақ қарыншаның лықсыту фракциясының симптомсыз азаюы, кардиомиопатия

Жиі емес: ЭКГ өзгерістері (мысалы, ST сегментіндегі спецификалық емес өзгерістер), миокард инфарктісі

Өте сирек: перикардит, миокардит, жүрекше-қарыншалық блокада немесе Гисс шоғырының блокадасы.

Тамыр бұзылулары

Өте жиі: препарат инфузиясы жүргізілген көктамыр бойының қызаруы

Жиі: жергілікті флебиттер, тромбофлебиттер, қан кетулер

Жиі емес: шок

Өте сирек: тромбоэмболия, қан кернеулер

Ас қорыту жүйесі тарапынан

Өте жиі: жүрек айну, құсу, мукозиттер/стоматиттер, диарея, іштің төменгі тұсының ауыруы немесе ашыту сезімі

Жиі емес: эзофагиттер, колиттер (ауыр энтероколитті немесе тесілумен болатын нейтропениялық энтероколит)

Өте сирек: қарыншалық эрозиялар/ойық жаралану

Бауыр және өт шығару жолдары тарапынан

Жиі: бауыр ферменттерінің және билирубиннің жоғарылауы

Тері және оның қосалқылары тарапынан бұзылулар

Өте жиі: алопеция (әдетте қайтымды)

Жиі: бөртпе, қышыну, кейінгі химиялық ем кезіндегі сәулеленуден кейінгі дерматит (радиациялық жады деп аталатын реакция)

Жиі емес: терінің және тырнақ пластинкаларының гиперпигментациясы, есекжем, целлюлит (ауыр түрінде), тіндер некрозы

Өте сирек: акральді эритема

Жиілігі белгісіз: енгізген жердегі реакциялар

Бүйрек және несеп шығару жолдары тарапынан бұзылулар

Өте жиі: препарат енгізуден кейін 1-2 күн ішінде несептің қызыл түске боялуы

Жалпы бұзылулар және енгізген жердегі реакциялар

Өте жиі: қызба, бас ауыру, қалтырау

Жекелеген жағымсыз әсерлер сипаттамасы

Қан түзу ағзалары тарапынан

Айқын миелосупрессия идарубицинмен емделудің ең ауыр жағымсыз әсері болып табылады. Алайда, миелосупрессия лейкоз жасушаларын жою үшін қажет. Идарубицин енгізуден кейінгі 10 – 14 күні лейкоциттер мен тромбоциттер саны тым аз деңгейге жетеді. Лейкоциттер мен тромбоциттер саны үшінші аптаның ішінде қалыпты мәндерге дейін қалпына келеді. Терең миелосупрессияның даму кезеңінде ауыр инфекциялар себебінен өліммен аяқталу хабарланған. Миелосупрессия дамуының клиникалық зардаптары өліммен аяқталуға әкелуі мүмкін қызба, инфекциялар, сепсис, сепсистік шок, қан кету, тіндер гипоксиясы болды. Фебрильді нейтропения дамыған жағдайда көктамыр ішілік антибиотиктермен ем жүргізу ұсынылады.

Кардиоуыттану

Өмірге қатерлі созылмалы жүрек жеткіліксіздігі антрациклиндермен индукцияланған кардиомиопатияның ең ауыр түрі болып табылады және препараттың дозаны шектейтін жинақтаушы уыттылығы болып табылады.

Балалар жасындағы пациенттер

Балалардың антрациклиндік кардиоуыттануға көбірек бейімділігін қоспағанда, жағымсыз әсерлер балалар жасындағы пациенттерде ересектердегісіне ұқсас сипатта болды.

Жағымсыз әсерлер дамуынан күдіктену туралы хабарлама

Дәрілік затты тіркеуден кейін жағымсыз реакциялар дамуынан күдіктену туралы хабарламаның маңызы өте зор. Бұл дәрілік заттарды қолдану кезіндегі пайда мен қауіп арақатынасы туралы ақпаратты тұрақты жаңартып отыру мүмкіндігін береді. Медициналық қызметкерлер идарубицинмен емделудің жағымсыз құбылыстарының кез келген даму жағдайлары жөнінде немесе олардан күдіктенгенде өкілетті органдарды үнемі хабарландыру қажет.

Қолдануға болмайтын жағдайлар

  • идарубицин гидрохлоридіне немесе препарат құрамына кіретін кез келген қосымша затқа жоғары сезімталдық

  • басқа антрациклиндерге немесе антраценоидтарға жоғары сезімталдық

  • ауыр бүйрек жеткіліксіздігі

  • бауырдың ауыр жеткіліксіздігі

  • бақыланбайтын инфекциялар

  • кардиомиопатия

  • ауыр жүрек жеткіліксіздігі

  • жедел миокардит

  • таяуда өткерген миокард инфарктісі

  • ауыр аритмиялар

  • персистирлеуші миелосупрессия

  • осының алдында идарубицин гидрохлоридімен немесе ең жоғары жинақталатын дозада антрациклиндермен/антраценоидтармен емделу

  • геморрагиялық диатез

  • стоматит

  • жүктілік

  • бала емізу

  • сары қызбаға қарсы вакцинация

Дәрілермен өзара әрекеттесуі

Идарубицин – күшті миелосупрессор, ал оның басқа миелосупрессиялық препаратпен біріктірілуінен сүйек кемігі бәсеңдеуінің күшею әсерін күтуге болады. Миелосупрессияның күшеюі бір мезгілде сәулемен ем жүргізу салдарынан немесе идарубицинмен емнің басталуынан 2-3 апта бұрын дамуы мүмкін.

Басқа кардиоуыттылығы зор препараттармен біріктіріп идарубицинмен емдеу немесе жүрек-қантамыр жүйесіне уытты әсер көрсететін дәрілік заттармен бір мезгілде қабылдау идарубицинмен емдеудің бүкіл кезеңі бойына жүректің функционалдық белсенділігіне тұрақты мониторинг өткізумен қатар жүруі тиіс. Басқа препараттардан болатын бауыр немесе бүйрек тарапынан өзгерістер идарубицин метаболизміне, сондай-ақ оның фармакокинетикасына және емдік тиімділігіне және/немесе уыттылығына ықпал етуі мүмкін.

Өлімге әкелетін жайылған инфекциялардың даму қаупіне орай, тірі әлсіретілген вакциналармен (мысалы, сары қызбаға қарсы) бір мезгілде вакцинациялау ұсынылмайды. Ауыр инфекциялардың даму қаупі негізгі онкогематологиялық ауру салдарынан иммунитеті түсіп кеткен пациенттерде де жоғары. Қажет болса, белсенділігі жойылған вакциналарды пайдалануға болады. Алайда, осындай вакциналармен вакцинация жасау тиімділігі төмендеуі мүмкін.

Ісікке қарсы ем бір мезгілде жүргізілгенде және ішуге арналған антикоагулянттар тағайындалғанда ХҚҚ-ны (Халықаралық қалыптасқан қатынас) жиірек анықтау ұсынылады, өйткені аталған препараттардың өзара әрекеттесу мүмкіндігін нақты жоққа шығаруға болмайды.

Циклоспорин А: Химиялық емге ісіктің сезімталдығын арттыратын препарат ретінде бірге циклопорин А енгізу жедел лейкозы бар пациенттер қанында қисық астындағы (AUC) идарубицин (1.78 есе) мен идарубицинол (2.46 есе) концентрациясын едәуір арттыруы мүмкін. Осындай өзара әрекеттесудің клиникалық мәні әзірге анықталмаған. Сол себепті кейбір пациенттерде идарубицин гидрохлоридінің дозасын өзгерту қажет.

Үйлеспеушіліктер

Идарубицин гидрохлоридін басқа дәрілік заттармен араластыруға немесе басқа дәрілік заттың инфузиясы жүргізілетін сол жүйе арқылы енгізуге болмайды. Идарубицин гепаринмен байланысуға қабілетті, бұл екі препараттың да шөгіндісінің түзілуіне және тиімділігінің төмендеуіне әкеледі. Идарубицин препараттың гидролиздік ыдырау ықтималдығы себепті сілтілік ерітінділермен араластыруға болмайды.

Айрықша нұсқаулар

Жалпы

Идарубицин цитоуытты химиялық ем жүргізу тәжірибесі бар дәрігерлердің бақылауымен ғана енгізілу қажет. Бұл олар туындаған жағдайларда аурудың өзінің де, жүргізілген емнің де асқынуларын (қан кетулер, инфекциялық асқынулар) тез және тиімді басуды қамтамасыз етеді. Идарубицинмен ем басталғанша пациенттер осының алдында цитоуытты дәрілермен химиялық емдеу курстарының жедел уыттану көріністерінен (стоматит, нейтропения, тромбоцитопения, жайылған инфекциялар сияқты) толық қалыпқа келуі тиіс. Идарубицинмен ем басталғанша кез келген жүйелі ағымдағы инфекциялар емделуі тиіс.

Жүрек-қантамыр жүйесі

Идарубицинмен ем аясында кардиоуыттану көріністері ерте немесе кеш білінетін сипатта болуы мүмкін. Идарубицин кардиоуыттылығының ерте көріністеріне негізінен синустық тахикардия және/немесе ЭКГ-дағы ST сегментінің және Т тісінің спецификалық емес өзгерістері сияқты электрокардиограмма (ЭКГ) өзгерістері жатады. Жүрек қарыншаларының мерзімінен бұрын жиырылуын және қарыншалық тахикардия, брадикардия, сондай-ақ жүректің жүрекше-қарыншалық блокадасы және жүрекше-қарыншалық шоғыр блокадасын қамтитын тахиаритмиялардың да дамуы хабарланды. Кардиоуыттанудың ерте көріністері жүрек-қантамыр жүйесі тарапынан кешірек білінетін асқынулардың предикторлары болып табылмайды, клиникалық мәнді сипатта болуы сирек және идарубицинмен емді тоқтатуды талап етеді. Кешеуілді немесе кейін білінетін кардиоуыттану көріністері химиялық ем курсының аяқталуына таман немесе ем біткен соң 2-3 ай өткенде дамиды. Идарубицинмен ем тоқтатылған соң бірнеше ай немесе тіпті жыл өткенде кардиоуыттанудың дамуы туралы хабарламалар бар. Кейін білінетін кардиомиопатия сол жақ қарыншаны лықсыту фракциясының (СҚЛФ) жиырылуы және/немесе диспноэ, альвеолярлы өкпе ісінуі, ісінулер, кардиомегалия, гепатомегалия, олигоурия, асцит, плевралық жалқық, атшабыс ырғағы сияқты созылмалы жүрек жеткіліксіздігінің (СЖЖ) белгілері немесе симптомдары түрінде көрініс береді. Перикардит/миокардит сияқты жеделге жуық кардиоуыттану түрлерінің дамуы туралы хабарламалар бар. Өмірге қатерлі созылмалы жүрек жеткіліксіздігі антрациклиндер туғызған кардиомиопатияның ең ауыр түрі болып саналады және идарубициннің дозаны шектейтін уыттылығы болып табылады. Идарубицин гидрохлоридін көктамыр ішіне және ішу арқылы енгізу үшін жинақталатын шектік дозасы белгіленбеген. Алайда, идарубицинмен ем салдарынан кардиомиопатияның дамуы көктамыр ішіне идарубициннің 150-ден 290/м2 дейінгі шекте жинақталатын дозасын алған 5% пациентте білінген. Идарубицинмен емдеуді бастар алдында жүрек-қантамыр жүйесінің жұмыс істеуіне баға берілуі, сондай-ақ жүрек тарапынан ауыр бұзылулардың дамуын болдырмау мақсатындағы ем үдерісінде жүйелі жүргізілуі тиіс. Жүрек асқынуларының даму қаупін сол жақ қарыншаның лықсыту фракциясына (СҚЛФ) тұрақты мониторинг өткізу және осы көрсеткіш ауытқуларының бірінші белгілерінде идарубицинді шұғыл тоқтату арқылы төмендетуге болады. Жүрек жұмысын функционалдық бағалаудың талапқа сай сандық әдістеріне көп кірісті артериография (MУГА – сканерлеу) немесе эхокардиография жатады. Ем басталар алдында, әсіресе, кардиоуыттанудың даму қаупі жоғары пациенттерде МУГА – сканерлеу немесе эхокардиография көмегімен жүрекке функционалдық бағалау жүргізу қажет. Сол жақ қарыншаның лықсыту фракциясына (СҚЛФ) тұрақты мониторинг өткізу үшін, әсіресе, антрациклиндердің жинақталатын дозасы арттырылғанда жүйелі МУГА – сканерлеу немесе эхокардиография жүргізілу қажет. Сол жақ қарыншаның лықсыту фракциясына (СҚЛФ) мониторинг өткізудің бір ғана әдісін қолдану қажет. Кардиоуыттануды дамытатын қауіп факторларына белсенді немесе белсенді емес түрдегі жүрек-қантамыр аурулары бар пациенттерде болатын медиастинальді немесе перикардиальді аумақтардың алдыңғы немесе қатарлас сәулелі ем, осының алдындағы антрациклиндермен немесе антрацендиондармен ем, миокард жиырылуын бәсеңдететін басқа дәрілік заттармен немесе басқа кардиоуытты препараттармен (мысалы, трастузумабпен) қатарлас ем жатады. Пациенттердің жүрек функциясы мұқият қадағалауда болатын жағдайларды қоспағанда, идарубицинді қоса, антрациклиндерді басқа кардиоуытты дәрілік заттармен біріктіріп қолдануға болмайды. Антрациклиндерді, әсіресе, жартылай шығарылу кезеңі трастузумабтағыдай ұзаққа созылатын басқа кардиоуытты препараттармен емдеу аяқталған соң қабылдайтын пациенттерде кардиоуыттанудың жоғары даму қаупі сақталады. Трастузумабтың жартылай шығарылу кезеңі 28-ден 38 күнге дейін құрайды, бірақ препарат жүйелі қан ағымында трастузумаб енгізу аяқталған соң 27 аптаға дейін сақталуы мүмкін. Сондықтан, дәрігерлер мүмкіндігінше трастузумаб енгізу тоқтатылған соң 27 апта ішінде антрациклиндер тағайындаудан сақтануы тиіс. Егер трастузумаб тоқтатудан кейін 27 аптадан бұрын антрациклиндер енгізу басталса, осындай жағдайларда пациенттердің жүрек функциясына мұқият мониторинг өткізу қажет. Пациенттер антрациклиндердің жоғары жинақталатын дозаларына жеткенде және бірнеше қауіп факторлары болғанда міндетті түрде мұқият қадағаланады. Алайда, идарубицинмен емдеуде қауіп факторларының болуына немесе болмауына қарамастан жинақталатын төмен дозаларда да кардиоуыттану дамуы мүмкін.

Балалар жасындағы пациенттер

Сәбилер және үлкендеу жастағы балалар кардиоуыттанудың дамуына бейімірек, сондықтан жүректің функционалдық белсенділігін ұзақ уақыт жүйелі қадағалап отыру қажет. Идарубицин және басқа антрациклиндер немесе антрахинондар кардиоуыттылығы өзара толықтыру сипатында болуы мүмкін.

Гематологиялық уыттану

Идарубицин сүйек кемігі функциясын ықтималды бәсеңдететін дәрілерге жатады. Идарубицин енгізілгенде ауыр миелосупрессия дамуы мүмкін. Идарубицинмен емделуді бастар алдында және лейкоциттер санының дифференциацияланған анықтамасы (лейкоцитарлық формула) қамтылуы тиіс емдеудің әр циклі кезінде қан көрсеткіштерін бағалау қажет. Дозаға тәуелді қайтымды лейкопения және/немесе гранулоцитопения (нейтропения) идарубициннің гематологиялық уыттылығы басым болатын көрініс және осы дәрілік заттың дозасын шектейтін фактор болып саналады. Лейкопения және нейтропения ауыр сипатта болады, тромбоцитопения мен анемия да дамуы мүмкін. Нейтрофилдер мен тромбоциттер саны идарубицин енгізуден кейін 10 – 14 күнге қарай өзінің ең төмен деңгейіне жетеді, алайда осы қанның пішінді элементтерінің саны препаратты енгізуден кейін үшінші аптаның ішінде қалыпты мәндеріне дейін оралады. Ауыр инфекциялар немесе терең миелосупрессия салдарынан дамитын қан кетулер себебінен өліммен аяқталу туралы хабарламалар бар. Терең миелосупрессияның клиникалық көріністеріне қызба, инфекциялар, сепсис/септицемия, сепсистік шок, қан кету, тіндер гипоксиясы немесе өліммен аяқталу жатады. Фебрильді нейтропения дамуында көктамыр ішіне антибиотиктер енгізу ұсынылады. Идарубицинмен емдеуде ауыр геморрагиялық және/немесе инфекциялық асқынулардың тиімді емін жылдам жүргізуге болатын жағдаймен қамтамасыз ету қажет.

Салдарлы лейкоз

Идарубицинді қоса, антрациклиндермен ем қабылдайтын пациенттерде лейкемия алдындағы фазамен немесе онсыз салдарлы лейкоздың даму мүмкіндігі туралы хабарламалар бар. Салдарлы лейкоз ДНҚ өзгеріске түсуін туындататын басқа препараттармен біріктіріп антрациклиндерді тағайындайтын жағдайларда, сондай-ақ басқа цитоуытты дәрілік заттармен өте күшті емделіп алған пациенттерде немесе антрациклиндердің жоғары дозалары тағайындалғанда өте жиі дамиды. Салдарлы лейкоздардың 1-ден 3 жылға дейін созылатын жасырын кезеңі болады.

Асқазан-ішек бұзылыстары

Идарубицин эметогенді белсенділігі бар дәрілерге жатады.

Мукозиттер (негізінен стоматиттер, сирегірек эзофагиттер) идарубицин енгізуден кейінгі ерте сатыларда дамиды, ал егер олар ауыр сипатта болса, бірнеше күн ішінде шырышты қабықтардың ойық жаралануына дейін үдеуі мүмкін. Пациенттердің көпшілігінде шырышты қабықтардың жазылуы емнің үшінші аптасында жүреді. Ара-тұра ауыр асқазан-ішек бұзылыстарының көріністері (шырышты қабықтардың тесілуі немесе қан кету сияқты) ішу арқылы идарубицин немесе асқазан-ішек уыттануының дамуына алып келетін басқа дәрілік препараттарды қабылдаған жедел лейкозы немесе басқа аурулары бар пациенттерде байқалды.

Бауыр және бүйректің функционалдық белсенділігі

Бауыр мен бүйректің жай-күйі организмнен идарубициннің шығарылуына ықпалын тигізуі мүмкін екендіктен, ем басталар алдында және емдеу барысында әдеттегі зертханалық тестілер (сарысулық биллирубин және сарысулық креатинин) көмегімен олардың функционалдық белсенділігін бағалау қажет. III фазаның бірнеше клиникалық зерттеулерінде сарысулық билирубин мен креатининнің 2 мг/дл-ден асып кететін деңгейлерінде идарубицин тағайындау қарсы көрсетілімді болды. Басқа антрациклиндермен емделген жағдайларда, егер билирубин деңгейі 1.2-ден 2.0 мг/дл дейінгі шекте болса, дозаны 50% азайту қажет.

Енгізген жердегі реакциялар

Препарат шағын тамырларға енгізілгенде немесе бір ғана тамырға қайталап енгізуден кейін көктамырлардың склероздануы дамуы мүмкін. Енгізген жерде флебиттер/тромбофлебиттердің даму қаупін төмендету мақсатында осы дәрілік затты енгізу ережелерін қадағалау қажет.

Экстравазация

Идарубициннің тамырдан тыс кеңістікке түсіп кетуі (экстравазация) енгізген жердегі ауыруды (жедел және ашытатын), тіндердің ауыр зақымдануын (везикация, ауыр целлюлит), тіндер некрозын туындатуы мүмкін. Идарубицин көктамыр ішіне енгізілгенде экстравазацияның бірінші белгілері білінгенде препарат инфузиясын дереу тоқтату қажет. Экстравазация жағдайларында тіндердің зақымдану көлемін азайту мақсатында дексразоксан (Кардиоксан) енгізу қажет.

Ісік лизисі синдромы

Идарубицин жүргізілген емнен болатын ісік жасушаларының жылдам лизисі (ісік лизисі синдромы) нәтижесінде пуриндердің шектен тыс катаболизмі салдарынан гиперурикемияның дамуын индукциялауы мүмкін. Ем басталған соң қандағы несеп қышқылы, калий, кальций фосфаты және креатинин деңгейлеріне тұрақты мониторинг өткізу қажет. Гидратация және несепті сілтілендіру, сондай-ақ гиперурикемия дамуын болдырмау үшін аллопуринолды профилактикалық қабылдау ісік лизисі синдромының ықтималды асқынуларының даму қаупін азайта түсуі мүмкін.

Иммуносупрессия және инфекцияларға жоғары сезімталдық

Идарубицинді қоса, химиялық емдік дәрілік заттармен емдеу салдарынан иммунитеті түсіп кеткен пациенттерге тірі немесе тірі әлсіретілген вакциналарды енгізу өліммен аяқталатын ауыр инфекциялық асқынулардың дамуына әкелуі мүмкін. Идарубицинмен емделу кезінде тірі вакциналармен вакцинацияламау керек. Өлтірілген немесе белсенділігі жойылған вакциналармен вакцинация жүргізуге болады, алайда ондай вакциналармен вакцинациялау тиімділігі төмендеуі мүмкін.

Ұрпақ өрбіту жүйесі

Идарубицинмен емделуден өтетін ерлерге ем кезінде және ол аяқталған соң 3 ай ішінде контрацепцияның сенімді шараларын пайдалану қажет. Қажет және қолжетімді болса, идарубицинмен ем басталғанша шәуһетті консервациялау керек, өйткені аталған препарат қайтымсыз белсіздік дамуына әкелуі мүмкін. Әйелдерде идарубициннің бала туу қабілетіне әсер етуі туралы деректер жоқ. Идарубицинмен ем кезінде және ол аяқталған соң 6 ай ішінде әйелдер жүкті болып қалудан сақтануы тиіс. Бала туу жасындағы пациенттер сенімді контрацептивтік дәрілерді пайдалану қажет.

Басқалары

Басқа цитоуытты дәрілер сияқты, идарубицинмен ем аясында, өкпе артериясының тромбоэмболиясын қоса, тромбофлебит және тромбоэмболия дамуы мүмкін. Идарубицин препаратты енгізуден кейін 1-2 күн ішінде несептің қызыл түске боялуын туындатуы мүмкін, пациенттерге препараттың осындай әсерлері туралы хабарлау қажет.

Жүктілік және лактация кезінде қолдану

Бала туу жасындағы әйелдерге идарубицинмен ем кезінде және ол аяқталған соң 6 ай ішінде жүкті болу мүмкіндігіне жол бермеуге кеңес беріледі, сондықтан пациент әйелдерге сенімді контрацептивтік әдістерді ұсыну қажет. Жүктілік кезінде идарубицинді емдеудің көзделетін пайдасы шаранаға уытты әсер ету қаупін ақтайтын айрықша жағдайларда ғана қолдану керек. Пациенттерге емнің шаранаға зиянды әсер ету мүмкіндігі туралы хабарлау қажет. Емдеу аяқталған соң бала тууды жоспарлайтын пациенттерге генетикалық кеңес алуды ұсыну қажет.

Идарубицин немесе оның метаболиттерінің емшек сүтіне өтетіні белгісіз. Сондықтан, әйелдерге идарубицинмен емделу кезінде бала емізуді тоқтату ұсынылады.

Автокөлікті және қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері.

Идарубициннің автокөлікті және аса қауіпті механизмдерді басқару қабілетіне әсері зерттелмеген. Дегенмен де, негізгі ауру мен жүргізілген емнің салдарынан пациенттердің жалпы әлсіреуі себепті идарубициннің автокөлікті және аса қауіпті механизмдерді басқару қабілетіне теріс әсер ету қаупі бар.

Артық дозалануы

Идарубициннің өте жоғары дозаларын енгізуден енгізілген сәттен бастап 24 сағат ішінде жедел миокардиальді уыттанудың және келесі 1 – 2 аптаның ішінде терең миелосупрессияның дамуын күтуге болады. Кейіннен білінетін жүрек жеткіліксіздігі антрациклиндердің артық дозалануынан соң бірнеше апта өткенде дамуы мүмкін.

Емі. Пациенттерді мұқият қадағалау қажет және жүрек жеткіліксіздігінің белгілері білінгенде идарубицин енгізуді тоқтатып, кардиолог кеңесіне жүгінген жөн. Препараттың фармакокинетика ерекшеліктері организмнен идарубициннің шығарылуын күшейту мақсатында жасалатын гемодиализ немесе перитонеальді диализдің тиімсіздігіне себеп болады. Идарубицинмен ем жүргізілетін медициналық мекемеде осы дәрілік затпен емдеудің уыттылық көріністерін анықтау және басу үшін қажет болатын заттардың бәрі қолда болуы тиіс.

Шығарылу түрі және қаптамасы

Көлемі 6 мл (I класс) мөлдір шыныдан жасалған құтыда 5 мл. Құтылар хлорбутил резеңке тығынмен жабылған және боялған пластик қақпағы бар алюминий қалпақшамен қаусырылған. Медициналық қолдану жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге 1 құтыдан картон қорапқа салынады.

Сақтау шарттары

Жарықтан қорғалған жерде, 2°C – 8°C температурада сақтау керек. Мұздатып қатыруға болмайды. Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!

Сақтау мерзімі

2 жыл

Ашқаннан кейін бөлме температурасында 24 сағаттан асырмай сақтау керек.

Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін пайдалануға болмайды.

Дәріханалардан босатылу шарттары

Рецепт арқылы.

Өндіруші/Қаптаушы

Тимоорган Фармации ГмбХ, Шиффграбен 23, 38690 Гослар – Виненбург, Германия.

Тіркеу куәлігінің иесі

Фарма Ресорсиз ГмбХ, Домайерштрассе 29/31, 31785 Хемельн, Германия.

Қазақстан Республикасы аумағында өнім сапасына қатысты шағымдар қабылдайтын және дәрілік заттың тіркеуден кейінгі қауіпсіздігін қадағалауға жауапты ұйымның мекенжайы:

«медак фарма» ЖШС, Алматы, 050060, Гагарин д-лы 258 В, 318-кеңсе, телефон, факс: +7 7273962037, эл.пошта: d.timerbulatov@medac.de.

Дәрілік заттың тіркеуден кейінгі қауіпсіздігін қадағалауға жауапты:

Тимербулатов Данияр Рашидұлы, телефон, факс: +7 7273962037, эл.пошта: d.timerbulatov@medac.de.        

Прикрепленные файлы

Идарубицина_гидрохлорид_рус.docx 0.05 кб
Идарубицина_гидрохлорид_ФаРес_каз.doc 0.15 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту