Дексаметазон - КРКА (8 мг)

МНН: Дексаметазон
Производитель: КРКА, д.д., Ново Место
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Dexamethasone
Номер регистрации в РК: РК-ЛС-5№024281
Информация о регистрации в РК: 03.09.2019 - 03.09.2024

Инструкция

Саудалық атауы

Дексаметазон - КРКА

Халықаралық патенттелмеген атауы

Дексаметазон

Дәрілік түрі

4 мг, 8 мг таблеткалар

Құрамы

Бір таблетканың құрамында

белсенді зат – 4 мг немесе 8 мг дексаметазон,

қосымша заттар: лактоза моногидраты, желатинденген крахмал*, сусыз коллоидты кремнийдің қостотығы, магний стеараты

* Жүгері крахмалынан дайындалған

Сипаттамасы

Дөңгелек пішінді, ақ немесе ақ дерлік түсті, шеттері қиғаш және бір жағында сызығы бар (4 мг дозасы үшін) таблеткалар.

Сопақша пішінді, ақ немесе ақ дерлік түсті, бір жағында сызығы бар (8 мг дозасы үшін) таблеткалар.

Фармакотерапиялық тобы

Жүйелі әсер ететін гормональді препараттар, жыныс гормондарын және инсулиндерді қоспағанда. Жүйелі қолдануға арналған кортикостероидтар. Жүйелі қолдануға арналған кортикостероидтар, қарапайымдар. Глюкокортикоидтар. Дексаметазон.

АТХ коды H02AB02

Фармакологиялық қасиеттері

Фармакокинетикасы

Сіңірілуі және таралуы

Дексаметазон ішке қабылдағаннан кейін жақсы сіңіріледі; қан плазмасындағы ең жоғарғы концентрацияларына ас ішкеннен кейін 1 және 2 сағат аралағында жетеді және жекешетүраралық ауытқымалылық танытады. Қан плазмасынан жартылай шығарылуының орташа кезеңі 3,6 ± 0,9 сағатты құрайды. Дексаметазон плазма ақуыздарымен, негізінен альбуминдермен байланысады (шамамен 77%-ға дейін). Дексаметазонның қан плазмасы ақуыздарымен байланысуының пайызы, кортизолға қарағанда, стероидтардың концентрациясын арттырған кезде өзгермейді деуге болады. Кортикостероидтар организмнің барлық тіндеріне жылдам таралады. Олар плацента арқылы өтеді және азғантай мөлшерлерде емшек сүтімен шығарылуы мүмкін.

Метаболизмі

Дексаметазон көбінесе бауырда, бірақ бүйректе де метаболизденеді.

Шығарылуы

Дексаметазон мен оның метаболиттері негізінен несеппен шығарылады.

Фармакодинамикасы

Дексаметазон натрий жинақтайтын елеусіз қасиеттері бар, әсері ұзаққа созылатын, тиімділігі жоғары глюкокортикоид болып табылады, сондықтан, әсіресе, жүрек жеткіліксіздігі мен артериялық гипертензиясы бар пациенттерде қолдану үшін қолайлы.

Оның қабынуға қарсы әсері басқа глюкокортикоидтар сияқты, преднизолонның әсерінен 7 есе артық, және сондай-ақ, аллергияға қарсы, ыстықты түсіретін және иммунодепрессивтік қасиеттері бар. Дексаметазонның жартылай шығарылуының биологиялық кезеңі 36-54 сағатты құрайды, сондықтан, үздіксіз глюкокортикоидтық әсерді қажет ететін жағдайларда қолайлы.

Қолданылуы

Неврология

  • ми ісігінен, нейрохирургиялық араласудан, церебральді абсцестен туындаған ми ісінуінде (тек бассүйекішілік қысымның жоғарылауы симптомдарымен, компьютерлік томографиямен расталған)

Өкпенің және респираторлық ауруларда

  • бронх демікпесінің жедел түрінде, пероральді кортикостероидты (OCS) қолдану талапқа сай болғанда, қыспақ

Дерматология

  • терінің глюкокортикоидтарға жауап беретін ауқымды, ауыр, жедел ауруларының бастапқы емінде, мысалы, эритродермияда, тұрпайы күлдіреуікте

Аутоиммундық аурулар кезінде/ ревматологияда

  • жүйелі қызыл жегі сияқты аутоиммундық аурулардың бастапқы емінде

  • түйіндақты панартерииттер сияқты жүйелі васкулиттердің белсенді фазаларында (В гепатитіне серологиясы оң болған қатарлас жағдайларда емдеу ұзақтығы екі аптамен шектелуі тиіс)

  • үдемелі белсенді ревматоидтық артриттің ауыр түрінде, мысалы, жылдам өтетін деструкциялық түрлерінде және/немесе буыннан тыс көріністерінде

  • жүйелі ювенильді идиопатиялық артриттің ауыр түрінде (Стилл ауруында)

Гематологиялық аурулар кезінде

- ересектердегі идиопатиялық тромбоцитопениялық пурпурада

Инфекциялық ауруларда

  • туберкулездік менингитте тек инфекцияға қарсы еммен біріктіріп

Онкологияда

  • неопластикалық аурулардың паллиативтік емінде

- құсуға қарсы емнің аясында, цитостатиктермен және эметогендік химиотерапиядан туындаған құсудың профилактикасы және емдеу үшін

  • симптоматикалық көптеген миеломаны, жедел лимфобласттық лейкозды, Ходжкиндік және Ходжкиндік емес лимфома ауруын басқа дәрілік заттармен біріктіріп емдеуде

Басқа көрсетілімдері

-құсуға қарсы емнің аясында, операциядан кейінгі құсудың профилактикасы және емдеу үшін

Қолдану тәсілі және дозалары

Дозалануы

Дексаметазонды диагнозына байланысты, күніне 0,5-тен 10 мг дейінгі әдеттегі дозаларында тағайындайды. Аурудың ауырырақ жағдайларында күніне 10 мг асатын дозалары қажет болуы мүмкін. Дозасын пациенттің жүргізілген емге жауабына және аурудың ауырлығына сәйкес жекелей таңдау керек. Жағымсыз әсерлерін азайту үшін, мүмкіндігінше ең төменгі тиімді дозасын пайдалану керек.

Төменде көрсетілген дозалау жөніндегі ұсынымдар тек танысып шығу мақсаттарында ғана келтірілген. Бастапқы және тәуліктік дозаларын үнемі, әрбір пациенттің жүргізіліп отырған емге жауабы және аурудың ауырлығы негізінде анықтау керек.

Егер басқаша қарастырылмаса, дозалау жөніндегі келесі ұсынымдар қолданылады:

Мидың ісінуі: бастапқы дозасы мен емдеудің ұзақтығы себебі мен ауырлығына байланысты, ішке қабылдағанда күніне 3 – 4 бөлек дозаларға бөлінген 6-16 мг (24 мг дейін).

Бронх демікпесінің жедел түрі

Ересектерге: екі күн бойы күніне 16 мг

Балаларға: бір немесе екі күн бойы дене салмағына 0,6 мг / кг.

Қыспақ

Балаларға: бір реттік 0,15 мг/кг - 0,6 мг/кг дозада.

Тері ауруларының жедел түрі

Аурудың сипаты мен дәрежесіне байланысты тәуліктік 8-40 мг дозалары, кей жағдайларда 100 мг дейін, кейіннен клиникалық қажеттілігіне сәйкес дозасын төмендете отырып қолданылады.

Жүйелі ревматизм ауруларының белсенді фазасы

Жүйелі қызыл жегі: күніне 6-16 мг.

Үдемелі белсенді ревматоидтық артриттің ауыр түрі

Жылдам жүретін деструктивтік түрлері: күніне 12-16 мг, буыннан тыс көріністерде: күніне 6-12 мг.

Идиопатиялық тромбоцитопениялық пурпура: циклдарда 4 күн бойы 40 мг.

Туберкулездік менингит

II немесе III дәрежелі ауруы бар пациенттер төрт апта бойы венаішілік емін (1-ші апта бойы бір килограмға күніне 0,4 мг, 2-ші апта бойы бір килограмға күніне 0,3 мг, 3-ші апта бойы бір килограмға күніне 0,2 мг, 4-ші апта бойы бір килограмға күніне 0.1 мг), содан соң төрт апта бойы пероральді емді, күніне 4 мг жалпы дозасынан бастап және әр апта сайын 1 мг-ге төмендете отырып қабылдады. I дәрежелі ауруы бар пациенттер екі апталық венаішілік емін (1-ші апта бойы бір килограмға күніне 0,3 мг және 2-ші апта бойы бір килограмға күніне 0,2 мг), содан соң төрт апта бойы пероральді емді қабылдаған (3-ші аптада бір килограмға күніне 0,1 мг, содан соң күніне 3 мг жалпы дозасын, әр апта сайын 1 мг-ге төмендете отырып).

Неопластикалық аурулардың паллиативтік емі

Бастапқы дозасы мен емдеудің ұзақтығы себебі мен ауырлығына байланысты күніне 3-20 мг. Сондай-ақ, паллиативтік ем үшін 96 мг дейінгі аса жоғары дозаларын пайдалануға болады. Оңтайлы дозалануы және таблеткалар санын азайту үшін төменірек дозаларының (4 мг және 8 мг) және жоғарырақ дозаларының (20 мг немесе 40 мг) біріктірілімін пайдалануға болады.

Құсуға қарсы емнің аясында, цитостатиктермен және эметогендік химиотерапиядан туындаған құсудың профилактикасы және емі: химиотерапия жүргізер алдында 8-20 мг дексаметазон, содан соң 2 және 3 күндері күніне 4-16 мг.

Құсуға қарсы емнің аясында операциядан кейінгі құсудың профилактикасы және емі: операция жүргізілгенге дейін бір реттік 8 мг дозасы.

Симптоматикалық көптеген миеломаның, жедел лимфобластты лейкоздың, Ходжкин ауруы мен Ходжкиндік емес лимфоманың басқа дәрілік заттармен біріктірілген емі: әдеттегі дозасы күніне бір рет 40 мг немесе 20 мг құрайды.

Дозасы мен қолданылу жиілігі емдеу хаттамасына және тиісті емге байланысты ауытқып отырады. Дексаметазонды қолданғанда дексаметазонды қолдану жөніндегі нұсқаулықты басшылыққа алу қажет. Керісінше жағдайда, жергілікті немесе халықаралық емдеу хаттамалары мен нұсқаулардың қағидаларына сүйену қажет. Дәрігерлер препаратты тағайындағанда пациенттің жағдайы мен ауруын ескере отырып, дексаметазонның қандай дозасын пайдалану керек екендігін мүқяит саралауы тиіс.

Бүйрек жеткіліксіздігі

Белсенді түрде гемодиализ қабылдап жүрген пациенттерде, диализаттың әсерінен препарат клиренсінің жоғарлауы көрініс беруі мүмкін, сондықтан дозасын түзету қажет.

Бауыр жеткіліксіздігі

Бауырдың ауыр ауруы бар пациенттерде дозасын түзету қажет болуы мүмкін. Бауырдың ауыр жеткіліксізігі бар пациенттерде дексаметазонның метаболизмінің баяуырақ болуы (қан плазмасынан жартылай шығарылу кезеңі ұзақ) мен гипоальбуминемияның салдарынан (қан плазмасындағы бос дәрілік заттың деңгейінің жоғарылауы) оның биологиялық әсерлері күшейе түсуі мүмкін, бұл да жағымсыз әсерлерін көбірек туғызуы мүмкін.

Егде жастағы пациенттерде қолданылуы

Егде жастағы пациенттерді, әсіресе, ұзақ уақыт бойы емдеуді кортикостероидтардың егде жастағы адамдарда жиі көрініс беретін жағымсыз әсерлерінің (остеопороз, қант диабеті, артериялық гипертензия, иммунитеттің төмендеуі, психологиялық өзгерістер) күрделірек салдарларын ескере отырып жоспарлау керек. Ондай пациенттерде жастау пациенттердегіге қарағанда, дексаметазонның қан плазмасындағы концентрациялары жоғарылауы және оның шығарылуы баяулауы мүмкін; сондықтан, оның дозасы сәйкесінше азайтылуы тиіс.

Балаларда қолданылуы

Егер дозасын дене беткейінің ауданына сәйкес түзетсе, дексаметазонның бөлініп шығуы балалар мен ересектерде шамамен бірдей. Дозасын өсуге және дамуға болуы мүмкін әсерлерін, сондай-ақ, бүйрекүсті бездерінің бәсеңдеу белгілерін ескере отырып таңдау керек.

Ұзақ уақыт емдеу

Кейбір ауруларды ұзақ уақыт емдегенде, бастапқы емнен кейін, бүйрекүсті бездерінің қыртысы функциясының бәсеңдеуін азайту үшін, глюкокортикоидпен емдеуді дексаметазоннан преднизонға/преднизолонға ауыстырған дұрыс.

Емдеуді тоқтату

Глюкокортикоидтардың жоғары дозаларымен ұзақ уақыт емдеуді күрт тоқтатқаннан кейін, жедел адренокортикальді жеткіліксіздік туындауы мүмкін. Сондықтан, ондай жағдайларда глюкокортикоидтардың дозасын біртіндеп төмендету керек, және емдеуді біртіндеп тоқтату керек.

Қолдану тәсілі

Дексаметазонды асқазан-ішек жолының тітіркенуін азайту үшін ас ішу кезінде немесе ас ішкеннен кейін қабылдау керек. Алкоголь немесе кофеин қолданылуына жол бермеу керек.

Дексаметазон - КРКА 4 мг, 8 мг, 20 мг және 40 мг таблеткалар түрінде қолжетімді. Таблеткаларды тең екі бөлікке бөлуге болады, ол қосымша 2 мг және 10 мг дозаларымен қамтамасыз етіледі және пациенттің таблеткаларды жұтуын жеңілдетеді.

Күндізгі баламалы емді жүргізу мүмкін болмаған жағдайда, глюкокортикоидтардың тәуліктік дозасын түгелімен, әдетте, бір реттік таңғы дозасы түрінде қолдануға болады; алайда, кейбір пациенттерге глюкокортикоидтардың бөлінген тәуліктік дозасы қажет болады.

Жағымсыз әсерлері

Қауіпсіздік бейінінің қысқаша сипаттамасы

Болжамды жағымсыз әсерлері көріністерінің жиілігі аталған заттың салыстырмалы тиімділігімен, дозасымен, тәуліктегі қолданылу уақытымен және емдеудің ұзақтығымен өзара байланысты. Қысқамерзімді ем кезінде, дозалау жөніндегі ұсынымдарға сәйкес және пациенттердің жағдайын мұқият мониторингілеу арқылы, жағымсыз әсерлерінің даму қаупі азая түседі.

Дексаметазонмен қысқамерзімді (күн/апта) емінің әдеттегі жағымсыз әсерлері дене салмағының жоғарылауы, психологиялық бұзылыстар, глюкозаны көтере алмаушылық және өтпелі адренокортикальді жеткіліксіздік болып табылады. Дексаметазонмен ұзақ уақыт емдеу (ай/жыл) әдетте, семіздіктің орталықтық типі, тері жабынының әлсіздігін, бұлшықеттердің атрофиясын, остеопорозды, өсудің баяулауын және бүйрекүсті безінің ұзаққа созылатын жеткіліксіздігін туғызады.

Инфекциялық және паразиттік аурулар

белгісіз: жоғары сезімталдық немесе инфекциялардың (сепсисті, туберкулезді, көздің инфекцияларын, желшешекті, қызылшаны, зеңдік және вирустық инфекцияларды қоса) клиникалық симптомдарының бүркемеленуімен өршуі (жасырын түрлерінің), оппортунистік инфекциялар

Қан және лимфа жүйесі тарапынан бұзылулар

белгісіз: лейкоцитоз, лимфопения, эозинопения, полицитемия, аномальді коагуляция

Иммундық жүйе тарапынан бұзылулар

белгісіз: анафилаксияны, иммуносупрессияны қоса, аса жоғары сезімталдық реакциялары.

Эндокриндік жүйе тарапынан бұзылулар

белгісіз: гипоталамус-гипофиз-адренал осінің бәсеңдеуі және Кушинг синдромының дамуы (өзіне тән симптомдары: ай тәрізді бет, толысу, шамадан тыс семіздік), салдарлы бүйрекүстілік және гипофиздік жеткіліксіздік (әсіресе, жарақат немесе хирургиялық араласым сияқты стресс жағдайларында), сәбилерде балалар мен жасөспірімдерде өсудің тежелуі, етеккір оралымының бұзылуы және аменорея, гирсутизм

Зат алмасу мен тамақтану тарапынан бұзылулар

белгісіз: дене салмағының жоғарылауы, ақуыз бен кальцийдің теріс теңгерімі, тәбеттің жоғарылауы, организмде натрий мен судың іркілуі, калий жоғалту (ырғақ бұзылуы кезінде сақтықпен тағайындайды), гипокалиемиялық алкалоз, жасырын қант диабетінің көрініс беруі, диабетке қарсы емнің жоғары дозаларымен көмірсуларға төзімділіктің бұзылуы, гиперхолестеринемия, гипертриглицеридемия

Психика бұзылулары

белгісіз: психологиялық тәуелділік, депрессия, ұйқысыздық, шизофренияның өршуі, эйфориядан психоз көрінісіне дейінгі психикалық аурулар

Жүйке жүйесі тарапынан бұзылулар

белгісіз: әдетте, емдеуді тоқтатқаннан кейін, балалардағы көру жүйкесі дискісінің ісінуімен жүретін бассүйекішілік қысымның жоғарылауы (қатерсіз бассүйекішілк гипертензия); жасырын эпилепсияның көрініс беруі, ашық эпилепсия кезінде ұстамаларының көбеюі, бас айналуы, бас ауыруы

Көру тарапынан бұзылулар

белгісіз: көзішілік қысымның жоғарылауы, глаукома, көру жүйкесі дискісінің ісінуі, катаракта, негізінен, артқы субкапсулалық бұлыңғырлануымен, мөлдір қабық пен аққабықтың атрофиясы, офтальмологиялық вирустық, зеңдік және бактериялық инфекциялардың көбеюі, мөлдір қабықтың ойық жараларымен байланысты симптомдардың нашарлауы, хориоретинопатия, бұлыңғыр көру

Жүрек тарапынан бұзылулар

белгісіз: анамнездегі жуырда бастан өткерген миокард инфарктісінен кейінгі жүрек бұлшықетінің үзілуі, бейім пациенттерде жүректің іркілісті жеткіліксіздігі, жүректің декомпенсациясы

Қантамырлар тарапынан бұзылулар

белгісіз: артериялық гипертензия, васкулит, атеросклероздың және тромбоздың/тромбоэмболияның даму қаупінің жоғарылауы (қанның ұйығыштығының артуы тромбоэмболиялық асқынуларға алып келуі мүмкін)

Тыныс алу жүйесі, кеуде қуысы ағзалары және көкірекорта тарапынан бұзылулар

белгісіз: ықылықтау

Асқазан-ішек жолы тарапынан бұзылулар

белгісіз: диспепсия, іштің кебуі, асқазанның тесілумен және қан кетумен жүретін ойық жаралары, жедел панкреатит, ойық жаралы эзофагит, өңеш кандидозы, метеоризм, жүрек айнуы, құсу

Тері мен теріасты тіндері тарапынан бұзылулар

белгісіз: гипертрихоз, тері атрофиясы, телеангиэктазия, стриялар, эритема, стероидтық безеулер, петехиялар, экхимоз, аллергиялық дерматит, есекжем, ангионевроздық ісіну, шаштың жұқаруы, пигментация бұзылулары, капиллярлардың үзілгіштігінің жоғарылауы, периоральді дерматит, тершеңдік, көгерген жерлердің түзілуіне бейімділік

Тірек-қимыл аппараты мен дәнекер тіндер тарапынан бұзылулар

белгісіз: эпифиздік өсу аймақтарының мерзімінен бұрын жабылуы, остеопороз, омыртқа бағаны мен ұзын сүйектердің сынулары, жамбас және иық сүйектерінің асептикалық некрозы, сіңірлердің үзілулері, проксимальді миопатия, бұлшықет әлсіздігі, бұлшықет массасының кемуі

Ұрпақ өрбіту жүйесі мен сүт бездері тарапынан бұзылулар

белгісіз: импотенция

Жалпы бұзылулар және енгізген аумақтағы бұзылулар

белгісіз: вакцинация мен теріге жасалатын тестілерге реакцияның төмендеуі; жаралардың жазылуының кідіріуі, жайсыздық, дімкәстану, стероидтарды тоқтату синдромы: ұзақ уақыт емдеуден кейін кортикостероидтардың дозасын тым жылдам азайту бүйрекүсті безінің жедел жеткіліксіздігіне, артериялық гипотензияға және өлімге алып келуі мүмкін. Тоқтату синдромы қызбамен, миалгиямен, артралгиямен, ринитпен, конъюнктивитпен, терідегі ауырсынумен және қышынумен жүретін түйіндермен және дене салмағын жоғалтумен көрініс беруі мүмкін.

Таңдап алынған жағымсыз реакцияларының сипаттамасы

Адренокортикальді жеткіліксіздік

Глюкокортикоидтармен емдеуден туындаған адренокортикальді жеткіліксіздік емнің дозасы мен ұзақтығына байланысты бірнеше ай бойына, ал кейбір жағдайларда емдеуді тоқтақаннан кейін бір жыл бойына сақталып қалуы мүмкін.

Психологиялық өзгерістер

Психологиялық өзгерістер алуан түрлі көрініс береді, олардың анағұрлым кеңірек таралғаны эйфория болып табылады. Сонымен қатар, депрессия, психоздық реакциялар және суицидтік үрдістер көрініс беруі мүмкін. Бұл аурулардың сипаты күрделі болуы мүмкін. Олар әдетте, емдеуді бастағаннан кейін бірнеше күн немесе апта ішінде басталады. Жоғары дозаларын қолданғанда олардың көрініс беру ықтималдығы зор. Аталған қиындықтардың көпшілігі дозасын төмендеткен немесе препаратты тоқтатқан кезде басылады.

Инфекциялық аурулар

Дексаметазонмен емдеу бұрыннан бар немесе дамып кела жатқан инфекцияның симптомдарын бүркемелеуі, сол арқылы, диагноз қоюды қиындатуы мүмкін, бұл инфекция жұқтыру қаупінің жоғарылауына алып келуі мүмкін.

Ішектің тесілуі

Кортикостероидтар тесілу қаупі бар, дивертикулитпен және энтероанастомозбен (операциядан кейін бірден) жүретін ауыр ойық жаралы колит кезінде тоқ ішектің тесілу қаупінің жоғарылауын туғызуы мүмкін. Глюкокортикоидтардың жоғары дозаларын қабылдап жүрген пациенттерде, асқазан-ішек жолының тесілуінен кейін перитонеальді тітіркену белгілері болмауы мүмкін.

Жүрек-қантамыр аурулары

Брадикардия, жүректің ауыр жеткіліксіздігінің нашарлауы және артериялық қысымның бақылануы қиын жоғарылауы көрініс беруі мүмкін. Жуырда миокард инфарктісін бастан өткерген пациенттерде миокардтың жарылуы тіркелген жағдайда, кортикостероидтарды пайдаланғанда сақтық таныту керек.

Балаларда қолданылуы

Кортикостероидтар сәбилерде, балалар мен жасөспірімдерде өсудің дозаға тәуелді бәсеңдеуін туғызады, өйткені кортикостероидтар эпифиздердің ерте жабылып қалуына алып келуі мүмкін, ол қайтымсыз болуы мүмкін.

Егде жастағы пациенттерде қолданылуы

Жүйелі кортикостероидтардың жағымсыз әсерлерінің, әсіресе, егде жастағы пациенттерде ауыр салдарлары: негізінен остеопороз, артериялық гипертензия, гипокалиемия, қант диабеті, инфекцияға сезімталдық және тері атрофиясы болуы мүмкін.

Күмәнді жағымсыз реакциялар туралы есеп беру

Дәрілік зат тіркелгеннен кейінгі күмәнді жағымсыз реакциялар туралы есеп берудің маңызы зор. Ол дәрілік заттың пайдасы/қаупі теңгеріміне мониторинг жүргізуді жалғастыруға мүмкіндік береді. Медицина қызметкерлерінен кез келген күмәнді жағымсыз реакциялар туралы, осы нұсқаулықтың соңында көрсетілген мекенжайларға хабарлап отыруы сұралады

Қолдануға болмайтын жағдайлар

  • препараттың әсер етуші затына немесе құрамындағы қосымша заттарға жоғары сезімталдық

  • инфекцияға қарсы арнайы ем пайдаланылатын жағдайларды қоспағанда, жүйелі инфекция

  • асқазанның немесе он екі елі ішектің ойық жарасы

  • вирустық инфекцияның даму мүмкіндігіне байланысты, дексаметазонның (және басқа кортикостероидтардың) жоғары емдік дозаларымен емдеу кезінде тірі вакциналармен вакцинация жасау қарсы көрсетілімді

- тұқым қуалайтын фруктозаны көтере алмаушылық, Lapp (ЛАПП)-лактаза ферментінің тапшылығы, глюкоза-галактоза мальабсорбциясы

Дәрілермен өзара әрекеттесуі

Фармакодинамикалық өзара әрекеттесулер

ҚҚСП қабылдап жүрген пациенттердің жағдайын бақылау қажет, өйткені ҚҚСП асқазанның ойық жарасы ауруына шалдығуды және/немесе оның ауырлығын арттыруы мүмкін.

Гипопротроминемия кезінде ацетилсалицил қышқылын кортикостероидтармен біріктіргенде сақ болып тағайындау керек. Кортикостероидтардың әсерінен салицилаттардың бүйректік клиренсі жоғарылайды. Сондықтан, стероидтарды қабылдауды тоқтатқаннан кейін салицилаттардың дозасын төмендетуге болады. Стероидтарды тоқтату сарысудағы салицилат концентрациясының жоғарылауына байланысты, салицилатпен уыттануға алып келуі мүмкін.

Кортикостероидтар инсулин, сульфонилмочевина және метформин сияқты диабетке қарсы дәрілердің әсерін азайтады. Кейде гипергликемия мен диабеттік кетоацидоз туындауы мүмкін. Сондықтан, емдеудің басында диабетиктерге қан мен несептің талдауларын жиірек жүргізу қажет.

Ацетазоламидтің, ілмектік диуретиктердің, тиазидтік диуретиктердің, калийуретиктік диуретиктердің, амфотерицин В, (глюкоминерал) инъекцияларының - кортикостероидтардың, тетракозактидтің және іш жүргізетін дәрілердің гипокалиемиялық әсері жоғарылайды. Гипокалиемия жүрек аритмияларының, әсіресе, пируэттік қарыншалық тахикардияның дамуына ықпал етеді, және жүрек гликозидтерінің уыттылығын арттырады. Кортикостероидтармен емдеуді бастар алдында гипокалиемияны түзету керек, пациенттердің жағдайын электролиттер мөлшері мен электрокардиографияға қатысты жүйелі түрде бақылап отыру керек. Бұдан өзге, амфотерицин В мен гидрокортизонды бір мезгілде қолдану жүрек пен жүрек жеткіліксіздігінің артуына алып келген жағдайлар туралы хабарламалар бар.

Ойық жараға қарсы препараттар: карбеноксолон гипокалиемияның даму қаупін арттырады.

Хлорохин, гидроксихлорохин және мефлохин: миопатиялар мен кардиомиопатиялардың даму қаупін арттырады.

АӨФ тежегіштерін бір мезгілде қолдану қан ауруларының даму қаупін арттырады. Кортикостероидтар гипертензияға қарсы препараттардың артериялық қысымды төмендету әсерлеріне ықпал етуі мүмкін. Дексаметазонмен емдеу кезінде гипертензияға қарсы емнің дозасын түзету қажет болуы мүмкін.

Талидомид: талидомидпен бірге қолданғанда айрықша сақтық таныту керек, өйткені, уытты эпидермалық некролиз дамыған жағдайлар туралы хабарланды.

Дексаметазонмен емдеу кезінде вакцинациялаудың әсері төмендеуі мүмкін.

Вирустық инфекцияның даму мүмкіндігіне байланысты, тірі вакциналармен вакцинациялау дексаметазонның (және басқа кортикостероидтардың) жоғары емдік дозаларымен емдеу кезінде қарсы көрсетілімді. Бұл жағдайда вакцинациялауды кортикостероидтармен емдеу аяқталғаннан кейін кемінде 3 айға кейінге шегеру қажет. Неврологиялық асқынулардың даму қаупіне және антиденелер титрлерінің төмендеуіне немесе жоғарыламауына (күтілетін мәндермен салыстырғанда) байланысты, кортикостероидтардың жоғары емдік дозаларымен емдеу кезінде иммунизациялаудың басқа типтері қауіпті, сондықтан, қорғағыштық әсері азаяды. Алайда, кортикостероидтарды жергілікті (парентеральді) немесе қысқа (2 аптадан аз) уақыт мерзімі ішінде азғантай дозаларда қабылдаған пациенттерді иммунизациялауға болады.

Холинэстераза тежегіштері: холинэстераза тежегіштері мен кортикостероидтарды қатарлас қолдану ауыр миастениясы бар пациенттерде бұлшықеттің елеулі әлсіздігін туғызуы мүмкін. Мүмкіндігінше, холинэстераза тежегіштерін қолдануды кортикостероидтармен емдеуді бастағанға дейін кемінде 24 сағат бұрын тоқтату керек.

Глюкокортикоидтар мен фторхинолондарды бір мезгілде қабылдап жүрген пациенттерде тендинит пен сіңір үзілуінің даму қаупі жоғарылай түседі.

Құрамында кобицистат бар препараттарды қоса, CYP3A тежегіштерін бірге қолдану жүйелі жағымсыз әсерлерінің даму қаупін артырады деп күтіледі. Қолданылуының пайдасы кортикостероидтардың жүйелі жағымсыз әсерлерінің даму қаупінен асып түсетін жағдайлардан басқасында біріктірілуін болдырмау керек, бұл жағдайда пациенттер кортикостероидтардың жүйелі жағымсыз әсерлерін бақылауда ұстауы қажет.

Фармакокинетикалық өзара әрекеттесулері

Басқа дәрілік препараттардың дексаметазонға әсері

Дексаметазон P450 3A4 (CYP3A4) цитохромы изоферменттері арқылы метаболизденеді.

Дексаметазонды эфедрин, барбитураттар, рифабутин, рифампицин, фенитоин және карбамазепин сияқты CYP3A4 индукторларымен қолдану, дексаметазонның қан плазмасындағы концентрациясының төмендеуіне алып келуі мүмкін, сондықтан, дозасын азайту қажет.

Аминоглутетимид дексаметазонның метаболизмін жеделдетуі және оның тиімділігін төмендетуі мүмкін. Қажет болған жағдайда, дексаметазонның дозасын түзету керек.

Холестирамин сияқты өт қышқылды шайырлар дексаметазонның сіңірілуін азайтуы мүмкін.

Жергілікті қолданылатын асқазан-ішек препаратьтары, антацидтер, белсендірілген көмір: преднизолон мен дексаметазонды бірге тағайындағанда, глюкокортикоидтардың сіңірілуінің төмендеуі сипатталған. Сондықтан, глюкокортикоидтар мен жергілікті қолданылатын асқазан-ішек препараттарын, антацидтерді, белсендірілген көмірді қолдануды кейінге қалдыру керек (кемінде екі сағат аралықпен).

Дексаметазонды зеңге қарсы азолдық дәрілер сияқты CYP3A4 тежегіштерімен (мысалы, кетоконазол, итраконазол), АИТВ-протеазасы тежегіштерімен (мысалы, ритонавир) және макролидтік антибиотиктермен (мысалы, эритромицин) қолдану дексаметазонның қан плазмасындағы концентрациясының артуына және клиренсінің төмендеуіне алып келуі мүмкін. Қажет болған жағдайда, дексаметазонның дозасын азайту керек.

Кетоконазол CYP3A4 тежеу жолымен дексаметазонның қан плазмасындағы концентрациясын арттырып қана қоймайды, сондай-ақ адреналдық кортикостероидтардың синтезін бәсеңдетуі және кортикостероидтармен емдеуді тоқтатқанда бүйрекүсті бездерінің жеткіліксіздігін туғызуы мүмкін.

Пероральді контрацептивтерді қоса, эстрогендер, кейбір кортикостероидтардың метаболизмін тежеуі, сол арқылы олардың әсерін күшейтуі мүмкін.

Дексаметазонның басқа дәрілік заттарға әсері

Дексаметазон CYP3A4 орташа индукторы болып табылады. Дексаметазонды CYPЗА4 арқылы метаболизденетін заттармен қолдану аталған заттардың клиренсінің артуына және қан плазмасындағы концентрациясының төмендеуіне алып келуі мүмкін.

Туберкулостатиктер: бір мезгілде преднизолонды қолданғанда, қан плазмасындағы изониазид концентрациясының төмендеуі байқалған. Изониазидті қабылдап жүрген пациенттердің жағдайын мұқият бақылау керек.

Циклоспорин: циклоспорин мен кортикостероидтарды бір мезгілде қолдану екі заттың да әсерінің артуына алып келуі мүмкін. Церебральді құрысулар дамуының жоғары қаупі бар.

Празиквантел: бауырдағы метаболизмінің жоғарылауына байланысты празиквантелдің қан плазмасындағы концентрациясының төмендеуі емнің тиімді болмау қаупін төндіреді.

Пероральді антикоагулянттар (кумарин): кортикостероидтармен қатарлас емдеу пероральді антикоагулянттардың әсерін не күшейтуі, не болмаса әлсіреуіне алып келуі мүмкін. Жоғары дозаларын қолданғанда немесе 10 күннен артық емдегенде, кортикостероидтармен емдеуге тән қан кету қаупі болады (асқазан-ішек жолының шырышты қабығы, қантамырардың үзілгіштігі). Кортикостероидтарды пероральді антикоагулянттармен біріктіріп қабылдап жүрген пациенттердің жағдайын мұқият (8-ші күні, содан соң емдеу кезінде және емдеуден кейін әрбір екі апта сайын бақылау) бақылау керек.

Атропин және басқа антихолинергиялық дәрілер: дексаметазонмен бірге қолданғанда көзішілік қысымның жоғарылауы білінуі мүмкін.

Деполяризацияламайтын миорелаксанттар: бұлшықеттерді босаңсытатын әсері ұзаққа созылуы мүмкін.

Соматотропин: өсу гормонының әсері төмендеуі мүмкін

Протирелин: протирелинді қолдану кезінде тиреотропты гормонның жоғары деңгейінің төмендегенін байқауға болады.

Айрықша нұсқаулар

Адренокортикальді жеткіліксіздік

Глюкокортикоидтармен емдеуден туындаған адренокортикальді жеткіліксіздік емнің дозасы мен ұзақтығына байланысты бірнеше ай бойына, ал кейбір жағдайларда – емдеуді тоқтатқаннан кейін жылдан астам уақыт сақталып қалуы мүмкін. Егер дексаметазонмен емдеу кезінде белгілі бір физикалық стресс жағдайлары (жарақат, хирургиялық араласымдар, босану және т. б.) туындаса, дозасын уақытша арттыру қажет болуы мүмкін. Стресс жағдайларында қауіптің болуы мүмкіндігіне байланысты, кортикостероидты ұзақ уақыт бойы емделіп жүрген пациенттерге тері ішіне енгізу қажет. Тіпті, емдеуді тоқтатқаннан кейінгі ұзаққа созылған адренокортикальді жеткіліксіздік жағдайында да, физикалық стресс жағдайларында глюкокортикоидтарды қолдану қажет болуы мүмкін. Адренокортикальді жеткіліксіздіктің емдеуден туындаған жедел түрін, препаратты тоқтатудың жоспарланған уақытына дейін біртіндеп дозасын азайту арқылы төмендетуге болады.

Дексаметазонмен емдеуді тек, анағұрлым қатаңырақ көрсетілімдері болған жағдайда ғана, келесі аурулар бойынша инфекцияға қарсы қосымша мақсатты ем жүргізу қажет болған жағдайда ғана жүргізу керек:

  • жедел вирустық инфекциялар (белдемелік герпес, қарапайым герпес, желшешек, герпестік кератит)

  • HBsAG (В гепатиті вирусының беткейлік антигені)-оң созылмалы белсенді гепатит

  • тірі вакциналармен вакцинациялауға дейін шамамен 8 апта бұрын және ондай вакцинациядан кейін 2 аптаға дейін

  • жүйелі микоздар және паразитоздар (мысалы, нематодтар)

  • полиомиелит

  • БЦЖ вакцинациясынан кейінгі лимфаденит

  • Жедел және созылмалы бактериялық инфекциялар

  • анамнездегі туберкулез (реактивация қаупі), туберкулезге қарсы дәрілермен ғана пайдаланылады

  • диагнозы қойылған немесе күмән туғызатын стронгилоидоз (дөңгелек құрттарды (нематодтарды) жұқтыру); глюкокортикоидтармен емдеу стронгилоидтардың гиперинфекциясына және балаңқұрттардың жаппай көшуімен жүретін диссеминациясына алып келуі мүмкін.

Бұдан өзге, дексаметазонмен емдеуді тек қатаң көрсетілімдер бойынша ғана жүргізу және, қажет болған жағдайда, келесі аурулар бойынша қосымша тиісті ем жүргізу керек:

  • асқазан-ішек жолының ойық жаралары

  • ауыр остеопороз (кортикостероидтар кальций теңгеріміне теріс әсер ететіндіктен)

  • артериялық қысымның бақылануы қиын жоғарылауы

  • бақылануы қиын қант диабеті

  • психика бұзылулары (анамнезді қоса)

  • жабықбұрышты глаукома және ашықбұрышты глаукома

  • мөлдір қабықтың ойық жаралары және мөлдір қабықтың зақымданулары

  • жүрек жеткіліксіздігінің ауыр түрі

Анафилаксиялық реакция

Ауыр анафилаксиялық реакциялар туындауы мүмкін.

Тендинит

Глюкокортикоидтар мен фторхинолондарды бір мезгілде қабылдап жүрген пациенттерде тендинит пен сіңір үзілуінің даму қаупі жоғарылайды.

Ауыр миастения

Дексаметазонмен емдеудің басында анамнездегі ауыр миастения нашарлауы мүмкін.

Көрудің бұзылуы

Көрудің бұзылуы кортикостероидтарды жүйелі және жергілікті қолданғанда байқалуы мүмкін. Егер бұлыңғыр көру немесе көрудің басқа бұзылулары сияқты симптомдар көрініс берсе, онда ықтимал себептерін бағалау үшін пациентті офтальмологқа жолдау керек, ықтимал себептеріне катаракта, глаукома немесе жүйелі және жергілікті кортикостероидтарды пайдаланғаннан кейін тіркелген орталықтық серозды хориоретинопатия (CSCR) сияқты сирек ауруларды жатқызуға болады.

Кортикостероидтарды ұзақ уақыт қолдану артқы субкапсулалық катаракталарды, көру жүйкесінің зақымдану мүмкіндігімен глаукоманы туғызуы мүмкін, және бұл зеңдерге немесе вирустарға байланысты көздің салдарлы инфекцияларының қаупін арттыруы мүмкін.

Мөлдір қабықтың тесілуі мүмкіндігіне байланысты, кортикостероидтарды қарапайым герпесі бар пациенттерде сақтықпен тағайындау керек.

Ішектің тесілуі

Ішектің тесілу қаупіне байланысты, дексаметазонды тек, аса қатаң көрсетілімдер бойынша және келесі көріністерді сәйкесінше бақылай отырып пайдалану қажет:

  • тесілу қаупін төндіретін ауыр ойық жаралы колит

  • дивертикулит

  • энтероанастомоз (операциядан кейін бірден)

Глюкокортикоидтардың жоғары дозаларын қабылдап жүрген пациенттерде, асқазан-ішек жолының тесілуінен кейін перитонеальді тітіркену белгілері болмауы мүмкін.

Қант диабеті

Дексаметазонды диабетиктерге тағайындағанда, инсулинге немесе диабетке қарсы пероральді дәрілерге қажеттіліктің жоғары болатынын ескеру керек.

Жүрек-қантамыр аурулары

Дексаметазонмен емдеу кезінде, әсіресе, жоғарырақ дозаларын қолданғанда және артериялық қысымның бақылануы қиын жоғарылауы бар пациенттерде артериялық қысымды жүйелі түрде бақылау қажет. Нашарлау қаупіне байланысты, жүректің ауыр жеткіліксіздігі бар пациенттердің жағдайын мұқият бақылау керек. Брадикардия дексаметазонның жоғары дозаларын қабылдаған пациенттерде көрініс беруі мүмкін. Кортикостероидтарды миокардтың жарылуы тіркелген, жуырда миокард инфарктісін бастан өткерген пациенттерде пайдаланған кезде, сақтық таныту керек.

Инфекциялар

Дексаметазонмен емдеу бұрыннан бар немесе дамып келе жатқан инфекцияның симптомдарын бүркемелеуі, сол арқылы диагноз қоюды қиындатуы мүмкін. Дексаметазонның тіпті аздаған мөлшерін де ұзақ уақыт пайдалану тіпті, керісінше жағдайда инфекцияларды (оппортунистік инфекциялар деп аталатын) сирек туғызатын микроорганизмдерді жұқтыру қаупінің де жоғарылауына алып келеді.

Вакцинация

Әрдайым белсенділігі жойылған вакцинамен вакцинациялауға болады. Алайда, иммундық реакцияға және сәйкесінше, инокуляцияның сәттілігіне кортикоидтардың жоғарырақ дозалары әсер етуі мүмкіндігін айта кету керек.

Дексаметазонмен ұзақ уақыт емдегенде дәрігерлерге жүйелі түрде тексерулер (үш ай сайын көзді тексеріп отыруды қоса) жүргізіп отыру ұсынылады.

Метаболизмдік бұзылыстар

Жоғары дозаларын қолданғанда, кальцийдің жеткілікті тұтынылуы мен натрийдің шектелуін, сондай-ақ, сарысудағы калий деңгейін бақылап отыру қажет. Дозасы мен емдеу ұзақтығына байланысты, кальций метаболизміне теріс әсер етуін күтуге болады, сондықтан, остеопороз профилактикасы ұсынылады. Бұл ең алдымен, тұқым қуалайтын бейімділік, жас егделігі, менопаузадан кейін, ақуыз бен кальцийдің жеткіліксіз тұтынылуы, шамадан тыс шылымқорлық, алкогольді шамадан тыс қолдану, сондай-ақ, дене жүктемесінің жеткіліксіздігі сияқты қатарлас қауіп факторларына қатысты. Профилактикасы кальций мен D дәруменінің жеткілікті тұтынылуынан және дене белсенділігінен құралады. Анамнезде остеопороз болған жағдайда, қосымша емдеуді қарастыру керек. Кортикостероидтарды бас сақинасы бар пациенттерде сақтықпен пайдалану керек, өйткені олар сұйықтықтың іркілуін туғызуы мүмкін.

Психологиялық өзгерістер

Психологиялық өзгерістер алуан түрлі көрініс береді, олардан анағұрлым кеңірек таралғаны эйфория болып табылады. Сонымен қатар, депрессия, психоздық реакциялар және суицидтік үрдістер көрініс беруі мүмкін. Бұл аурулардың сипаты ауыр болуы мүмкін. Олар әдетте, емдеуді бастағаннан кейін бірнеше күн немесе апта ішінде басталады. Жоғары дозаларын қолданғанда олардың көрініс беру ықтималдығы зор. Аталған қиындықтардың көпшілігі дозасын төмендеткен немесе препаратты тоқтатқан кезде басылады. Алайда, егер бұзылыстар жалғаса берсе, нақты ем жүргізу қажет болуы мүмкін. Кей жағдайларда психикалық денсаулықтың қиындықтары препараттың дозасын төмендеткен немесе тоқтатқан кезде туындаған.

Мидың ісінуі немесе бассүйекішілік қысымның жоғарылауы

Кортикостероидтарды бастың жарақаттарын емдеген кезде қолданбау керек, өйткені, олардың пайдасының болмауы немесе тіпті, зияны тиюінің ықтималдығы зор.

Ісік лизисі синдромы

Маркетингтен кейінгі кезеңде ісік лизисі синдромы (TLS) дексаметазонды бөлек немесе басқа химиотерапиялық агенттермен біріктіріп қолданғаннан кейінгі гематологиялық қатерлі жаңа түзілімдері бар пациенттерде тіркелді. Пролиферативтік жылдамдығы жоғары, ісік жүктемесі жоғары және цитоуытты агенттерге сезімталдығы жоғары пациенттер сияқты TLS даму қаупі жоғары пациенттердің жағдайын мұқият бақылау және тиісінше сақтық шараларын қолдану керек.

Емдеуді тоқтату

Глюкокортикоидтардың дозасын біртіндеп төмендету керек. Глюкокортикоидтарды ұзақ уақыт қолдануды үзе тұрған немесе тоқтатқан кезде, келесі қауіптерді ескеру керек:

  • негізгі аурудың өршуі немесе қайталануы, жедел адренокортикальді жеткіліксіздік, кортикостероидтарды тоқтату синдромытоқтату синдромына» қызбаны, бұлшықеттер мен буындардың ауыруын, мұрын қуысының шырышты қабығының қабынуын (ринит), дене салмағын жоғалтуды, терінің қышынуын және көздің шырышты қабығының қабынуын (конъюнктивит) жатқызуға болады);

  • глюкокортикоидтарды қабылдаған пациенттердегі кейбір вирустық аурулар (желшешек, қызылша) аса ауыр сипатта өтуі мүмкін;

  • әсіресе, балалар мен иммунитеті әлсіреген, анамнезінде желшешек немесе қызылша инфекциясы болмаған адамдар, қауіпке бейімірек келеді. Егер бұл адамдар дексаметазонмен емделу кезінде қызылша немесе желшешек инфекциясын жұқтырған адамдармен қарым-қатынаста болған болса, қажет болған жағдайда, профилактикалық ем жүргізу керек.

Басқа көрсетілімдері

Өлімге соқтыруы мүмкін феохромоцитома ұстамасы жүйелі кортикостероидтарды қолданғаннан кейін байқалған. Кортикостероидтарды феохромоцитомаға күдік болған немесе идентификацияланған феохромоцитомасы бар пациенттерге тек, қаупін/пайдасын сәйкесінше бағалаудан кейін ғана тағайындау керек.

Балаларда қолданылуы

Кортикостероидтар сәбилерде, балалар мен жасөспірімдерде өсудің дозаға тәуелді бәсеңдеуін туғызады, өйткені кортикостероидтар эпифиздердің ерте жабылып қалуына алып келуі мүмкін, ол қайтымсыз болуы мүмкін. Сондықтан, балаларда дексаметазонмен ұзақ уақыт емдеуді аса қатаң көрсетілімдер бойынша ғана жүргізу, және олардың өсу қарқындылығын жүйелі түрде тексеріп отыру керек.

Қолда бар мәліметтер, өкпенің созылмалы ауруы бар шала туылған балаларды күніне екі рет 0,25 мг/кг бастапқы дозаларында ерте (< 96 сағат) емдеуден кейінгі жүйке жүйесінің дамуымен байланысты ұзақмерзімді жағымсыз құбылыстарды көрсетеді.

Егде жастағы пациенттерде қолданылуы

Жүйелі кортикостероидтардың жағымсыз әсерлерінің, әсіресе, егде жастағы пациенттерде ауыр салдарлары: негізінен остеопороз, артериялық гипертензия, гипокалиемия, қант диабеті, инфекцияға сезімталдық және тері атрофиясы болуы мүмкін. Өмірге қауіп төндіретін реакциялардың алдын алу үшін, мұқият клиникалық мониторинг жүргізу қажет.

Диагностикалық тестілерге ықпалы

Глюкокортикоидтар терінің аллергияға тест жүргізу кезіндегі реакциясын бәсеңдетуі мүмкін. Сондай-ақ, олар бактериялық инфекциялар үшін нитрокөк тетразолиймен жүргізілетін тестке де ықпал етуі және жалған оң нәтижелерін туғызуы мүмкін.

Допинг туралы ескертпе

Дексаметазонды қабылдағанда допинг-тестілерді пайдалану оң нәтижелерге алып келуі мүмкін.

Дексаметазон - КРКА препаратының құрамында лактоза бар. Сирек тұқым қуалайтын галактозаны көтере алмаушылығы, Лапп лактазасы тапшылығы немесе глюкоза-галактоза мальабсорбциясы синдромы бар пациенттер бұл препаратты қабылдамауы тиіс.

Жүктілік

Дексаметазон плацента арқылы өтеді. Кортикостероидтарды буаз жануарларға енгізу, жарық таңдай, дамудың құрсақішілік тежелуін және мидың өсуі мен дамуына әсерін қоса, шарана дамуының аномалияларын туғызуы мүмкін екендігі айтылады. Кортикостероидтардың адамда жарық таңдай/қоянжырық сияқты туа біткен аномалиялар жиілігінің артуына алып келетіні туралы ешқандай дәлелдер жоқ. Жүктілік кезінде кортикостероидтармен ұзақ уақыт немесе қайталап емдеу шарананың құрсақішілік дамуының тежелу қаупін арттырады. Пренатальді кезеңде кортикостероидтардың әсеріне ұшыраған сәбилерде бүйрекүсті безі жеткіліксіздігінің даму қаупінің жоғарылағаны байқалады, ол қалыпты жағдайларда өздігінен болатын постнатальді регрессияға ұшырайды және клиникалық маңыздылығы сирек болады.

Дексаметазонды жүктілік кезінде, әсіресе, бірінші триместрінде, ана мен бала үшін пайдасы қауіптен асып түсетін жағдайда ғана тағайындау керек.

Лактация кезеңі

Глюкокортикоидтар емшек сүтімен бөлініп шығады. Дексаметазонның сүтпен бөлініп шығуы туралы ақпарат жеткіліксіз. Жаңа туған нәрестелер/сәбилер үшін қаупін жоққа шығару мүмкін емес. Аналары жүйелі кортикостероидтардың жоғары дозаларын ұзақ уақыт бойы қабылдап жүрген балаларда, бүйрекүсті бездері функциясы бәсеңдеуінің белгілі бір дәрежесі болуы мүмкін.

Бала емізуді жалғастыру/тоқтату немесе дексаметазонмен емдеуді тоқтату/жалғастыру туралы шешімді, емізудің бала үшін пайдасы мен дексаметазонмен емдеудің анасы үшін пайдасын ескере отырып қабылдау керек.

Ұрпақ өрбіту функциясы

Дексаметазон тестостеронның биосинтезін және АКТГ эндогендік секрециясын төмендетеді, бұл сперматогенез бен аналық бездер циклына әсер етеді.

Препараттың құрамында лактоза бар. Сирек тұқым қуалайтын галактозаны көтере алмаушылығы, Лапп лактазасы тапшылығы немесе глюкоза-галактоза мальабсорбциясы синдромы бар пациенттер бұл препаратты қабылдамауы керек.

Дәрілік заттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері

Көлік құралдарын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсерін зерттеулер жүргізілмеген.

Дексаметазон сананың шатасуын, елестеулерді, бас айналуын, ұйқышылдықты, шаршауды, естен тану мен сананың көмескіленуін туғызуы мүмкін. Ондай жағдайларда, пациентке, дексаметазонмен емделу кезінде көлік құралдарын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару, немесе қауіптілігі зор басқа қызмет түрлерімен шұғылдану ұсынылмайтыны туралы нұсқау беру қажет

Артық дозалануы

Симптомдары

Глюкокортикоидтармен артық дозаланғаннан кейінгі жедел уыттылық және/немесе өлім туралы хабарламалар сирек кездеседі. Артық дозалануы немесе ұзақ уақыт қолданылуы глюкокортикоидтардың жағымсыз әсерлерінің дамуын арттыруы мүмкін.

Емі: антидоты жоқ. Емі дексаметазонның дозасын азайтумен немесе препаратты қажеттілігіне қарай, біртіндеп тоқтатумен жүретін симптоматкалық және демеуші ем болуы тиіс. Көріп отырғанымыздай, пациенттің жағдайы кортикостероидтардың ауырту әсерлеріне шамадан тыс сезімтал жағдайлардан басқасында, созылмалы уланудан туындаған реакциялары кезінде мұндай ем қолданылмайды. Мұндай жағдайда асқазанды босату, және қажет болған жағдайда симптоматикалық ем тағайындау керек. Анафилаксиялық реакциялар мен аса жоғары сезімталдық реакцияларын эпинефринмен (адреналин), өкпені оң қысыммен жасанды желдетумен және аминофиллинмен емдеуге болады. Пациент жылы және тыныш бөлмеде жатуы тиіс. Дексаметазонның қан плазмасынан жартылай шығарылуының биологиялық кезеңі 190 минутқа жуықты құрайды.

Шығарылу түрі және қаптамасы

10 таблеткадан ламинацияланған полиамид/ алюминий/ поливинилхлорид (OPA/Al/PVC) үлбір мен алюминий фольгадан жасалған пішінді ұяшықты қаптамаға салынған.

Пішінді ұяшықты 1 немесе 3 қаптамада медициналық қолдану жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картоннан жасалған қорапшаға салынады.

Сақтау шарттары

Түпнұсқалық қаптамасында 25°С-ден аспайтын температурада сақтау керек.

Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!

Сақтау мерзімі

2 жыл

Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды.

Дәріханалардын босатылу шарттары

Рецепт арқылы

Өндіруші

КРКА, д.д., Ново место, Словения

Шмарьешка цеста 6, 8501 Ново место, Словения

Тіркеу куәлігінің ұстаушысы

КРКА, д.д., Ново место, Словения

Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан дәрілік заттардың сапасына қатысты шағымдарды (ұсыныстарды) қабылдайтын және дәрілік заттың тіркеуден кейінгі қауіпсіздігін қадағалауға жауапты ұйымның атауы, мекенжайы және байланыс деректері (телефон, факс, электронды пошта)

«КРКА Қазақстан» ЖШС, ҚР, 050059, Алматы қ., Әл-Фараби д-лы 19, 1б корпусы, 2-ші қабат, 207 кеңсе, тел.: +7 (727) 311 08 09, факс: +7(727)31108 12, эл. пошта: info.kz@krka.biz

Прикрепленные файлы

PIL_Dexamethasone-KRKA__4,_8_мг__ИТОГ_30.07_._.doc 0.15 кб
Дексаметазон-KRKA__4,_8_мг_каз.doc 0.2 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту