Глюкоза

МНН: Глюкоза
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Dextrose
Номер регистрации в РК: № РК-ЛС-5№026001
Информация о регистрации в РК: 29.09.2022 - 29.09.2027

Инструкция

Саудалық атауы

Глюкоза

Халықаралық патенттелмеген атауы

Жоқ

Дәрілік түрі, дозасы

Инфузияға арналған ерітінді, 5 %

Фармакотерапиялық тобы

Қан және қан түзу ағзалары. Қан алмастырғыштар және перфузиялық ерітінділер. Ирригациялық ерітінділер. Басқа да ирригациялық ерітінділер. Глюкоза.

ATX коды ВO5СХ01

Қолданылуы

5% глюкоза көмірсу және сұйықтық жеткіліксіздігін емдеуде қолданылады.

5% глюкоза сондай-ақ үйлесімді парентеральді дәрілік препараттарды еріту және сұйылту үшін қолданылады.

Қолдануды бастағанға дейін қажетті мәліметтер тізбесі

Қолдануға болмайтын жағдайлар

- әсер етуші затқа немесе қосымша заттардың кез келгеніне аса жоғары сезімталдық

- гипергликемия, қант диабеті

- гиперлактацидемия

- гипергидратация

- операциядан кейін глюкоза утилизациясының бұзылулары

- ми мен өкпенің ісінуі қаупін төндіретін циркуляторлық бұзылулар

- мидың ісінуі, өкпенің ісінуі

- сол жақ қарыншаның жедел жеткіліксіздігі

- гиперосмолярлық кома

- гипонатриемия

- глюкоза-галактозаның мальабсорбциясы бар адамдарға

Қолдану кезіндегі қажетті сақтық шаралары

Парентеральді енгізуге арналған дәрілерді бөгде заттардың болуына және ерітінді мен қаптама мүмкіндік берген кезде бояудың өзгеруіне қатысты көзбен қарап тексеру қажет. Препаратты ерітінді таза, көрінетін бөлшексіз болған жағдайда және оның қаптамасы бүлінбеген болса ғана пайдалануға болады. Инфузиялық жүйеге қосқаннан кейін бірден пайдаланады.

Ерітіндіні асептика ережелерін сақтаумен стерильді құралмен енгізу керек. Инфузиялық жүйе тамыр арнасына ауа кіргізіп алмау үшін алдын ала ерітіндімен толтырылуы тиіс.

Электролит қоспаларын пациенттің клиникалық қажеттіліктеріне сәйкес пайдалануға болады. Қоспалар инъекция орны арқылы инфузия уақытында немесе оған дейін енгізілуі мүмкін. Қоспаларды пайдаланғанда ерітіндінің соңғы осмолярлығын тексеру қажет. Гиперосмолярлық ерітінділерді енгізу веналардың тітіркенуін және флебит туындатуы мүмкін. Кез келген қоспаларды абайлап және мұқият асептикалық араластыру қажет. Қоспалары бар ерітінділерді дереу пайдалану керек және сақтамайды.

Басқа дәрілік препараттармен өзара әрекеттесуі

Глюкоза ерітіндісінің гликемиялық әсерлері ретінде, сондай-ақ оның су және электролитті теңгеріміне әсерін гликемиялық бейінге, су және/немесе электролитті теңгерімге әсер ететін басқа заттармен ем алатын пациенттерде глюкоза ерітіндісін пайдаланған кезде ескеру керек.

Катехоламиндерді және стероидтарды бірге қолдану глюкозаның сіңірілуін азайтады.

Вазопрессорлық әсердің күшеюіне әкелетін препараттар

Төменде аталған препараттар, бүйрек электролиттерінің сусыз (бүйрек электролиттері судан бос) экскрециясын төмендете отырып және вена ішілік сұйықтықтармен барабар теңдестірілген емдеуден кейін госпитальдық гипонатриемия қаупін арттыра отырып, вазопрессорлық әсерді күшейтеді.

- Хлорпропамид, клофибрат, карбамазепин, винкристин, серотонинді кері қармаудың селективті тежегіштері, 3,4-метилендиокси-N-метамфетамин, ифосфамид, антипсихотиктер, есірткі сияқты вазопрессинді босатуды ынталандыратын препараттар;

- Хлорпропамид, ҚҚСП, циклофосфамид сияқты вазопрессиннің әсерін күшейтетін препараттар;

- Вазопрессин аналогтары: десмопрессин, окситоцин, терлипрессин

Гипонатриемия қаупін арттыратын басқа да дәрілік заттар, сондай-ақ жалпы диуретиктер мен окскарбазепин сияқты эпилепсияға қарсы дәрілер кіреді.

Өзара әрекеттесу зерттеулері жүргізілген жоқ.

Арнайы ескертулер

Дилюция және қан электролиттеріне ықпалы

Инфузия көлеміне және жылдамдығына байланысты және пациенттің бастапқы клиникалық жағдайына және глюкозаны сіңіру қабілетіне байланысты глюкозаны вена ішіне енгізу мыналарды туындатуы мүмкін:

• гиперосмолярлылық, осмостық диурез және сусыздану;

• гипоосмолярлылық;

• электролиттік теңгерімсіздік:

- гипонатриемия;

- гипокалиемия;

- гипофосфатемия;

- гипомагниемия;

- гипергидратация немесе гиперволемия және, мысалы, өкпедегі іркілу құбылыстары мен ісінуді қоса, іркілу құбылыстары.

Жоғарыда аталған әсерлер құрамында электролиттер жоқ сұйықтықтарды енгізуден ғана емес, сондай-ақ глюкоза енгізудің нәтижесі болып табылады.

Гипонатриемия бас ауыруы, жүрек айнуы, құрысу, летаргия, кома, ми ісінуі және өлім тән болатын жедел гипонатриемиялық энцефалопатияға әкелуі мүмкін. Балалар, егде адамдар, әйелдер, операциядан шыққан пациенттер, гипоксиясы бар пациенттер, ОЖЖ аурулары немесе психогенді полидипсиясы бар науқастар осы асқынуға аса бейім.

Ұзақ парентеральді емдеу кезінде немесе пациенттің жағдайы немесе енгізу жылдамдығы осындай бағалауды талап ететін жағдайларда су-электролиттік және қышқылдық-сілтілік теңгерімді бақылау үшін клиникалық бағалау және мезгіл-мезгіл зертханалық зерттеулер керек болуы мүмкін.

Жағдайлары денеде су көп болғанда, гипергликемия кезінде нашарлауы мүмкін немесе инсулин енгізу қажет болатын жағдайларда су-электролиттік теңгерімсіздік қаупі жоғары пациенттерге қатысты аса сақ болу керек.

Гипергликемия

Глюкоза ерітіндісін жылдам енгізу едәуір гипергликемия және гиперосмолярлық синдром туындатуы мүмкін. Гипергликемия туындағанда инфузия жылдамдығын түзету және/немесе инсулин енгізу керек. Қажет болса калийдің парентеральді қоспаларын қамтамасыз етеді.

5% глюкозаны вена ішіне енгізуді мыналарға сақтықпен тағайындау керек:

- глюкозаға толеранттылығы бұзылған пациенттерге (мысалы, қант диабетінде, бүйрек жеткіліксіздігінде немесе сепсис, жарақат немесе шок болғанда);

- қатты жүдегенде (тамақтанудың қалпына келу синдромының даму қаупі);

- тиамин тапшылығында, мысалы, созылмалы алкоголизмі бар пациенттерде (пируваттың тотығу метаболизмінің бұзылуына байланысты ауыр лактатацидоз қаупі);

- ишемиялық инсульті немесе ауыр бассүйек-ми жарақаты бар пациенттер. Бас жарақатынан кейінгі алғашқы 24 сағат ішінде инфузиядан аулақ болу қажет. Қандағы глюкоза деңгейін бақылау қажет, өйткені ерте гипергликемия ауыр бассүйек-ми жарақаты бар пациенттерде жағдайдың қиын нашарлауымен астасады;

- нәрестелерге.

Инсулин секрециясына ықпалы

Глюкозаны ұзақ вена ішіне енгізу және онымен байланысты гипергликемия инсулин секрециясының глюкоза көтермелейтін жылдамдығын төмендетуі мүмкін.

Аса жоғары сезімталдық реакциялары

Анафилаксиялық/анафилактоидты реакцияларды қоса, глюкоза ерітінділерімен байланысты аса жоғары сезімталдық реакциялары туралы хабарланды. Сондықтан, бұл жалпы жүгері немесе жүгері өнімдеріне аллергиясы белгілі пациенттерде қажет болса, құрамында глюкоза бар ерітінділерді пайдаланғанда сақ болу керек.

Егер аса жоғары сезімталдық реакцияларының қандай да бір белгілері немесе симптомдары пайда болса инфузия дереу тоқтатылуы тиіс. Тиісті емдік қарсы шаралар клиникалық көрсетілімдерге сәйкес орындалуы тиіс.

Қоректендірудің қалпына келу синдромы

Қатты жүдеген пациенттерді қоректендіруді бастау тамақтанудың қалпына келу синдромына әкелуі мүмкін, ол пациенте анаболизмнің іске қосылуы аясында калийдің, фосфордың және магнийдің жасушаішілік кеңістікке ығысуымен сипатталады. Сондай-ақ тиамин тапшылығы және сұйықтық іркілуі дамуы мүмкін. Мұқият мониторинг және енгізілетін қоректік заттар мөлшерін баяу ұлғайту бұл асқынулардың алдын алуы мүмкін, бұл ретте шамадан тыс қоректендіруден аулақ болу керек.

Балалар

Инфузия жылдамдығы және көлемі пациенттің жасына, салмағына, клиникалық, метаболизмдік жағдайына және қатарлас емге байланысты және бұл педиатриялық инфузиялық емдеуде тәжірибеге ие емдеуші дәрігер анықтауы тиіс.

Нәрестеге венаішілік сұйықтықпен потенциалды фатальді шамадан тыс инфузияның алдын алу үшін енгізу тәсіліне аса назар аударылуы тиіс.

Инфузиялық сорғыны пайдаланғанда жүйені сорғыдан алып тастаудан немесе оны сөндіруден бұрын вена ішіне енгізуге арналған жүйедегі барлық қысқыштар жабық болуы тиіс. Бұл жүйеде сұйықтықтың еркін ағуына кедергі жасайтын құрылғының болуына байланысты.

Венаішілік инфузияға арналған құрылғыны және енгізуге арналған өзге де құралдарды тұрақты бақылап отыру керек.

Балалар гликемиясына байланысты проблемалар

Нәрестелер, әсіресе уақытынан бұрын және аз салмақпен туғандар гипо-немесе гипергликемияның жоғарғы даму қаупіне бейім, демек, потенциальді ұзақ мерзімді жағымсыз әсерлерді болдырмау үшін гликемияны адекватты бақылау мақсатында вена ішіне енгізуге арналған глюкоза ерітінділерімен емдеу уақытында мұқият қадағалауды керек етеді. Нәрестедегі гипогликемия ұзақ мерзімді құрысу, кома және мидың зақымдануын туындатуы мүмкін. Гипергликемия қарыншаішілік қан құйылумен, кеш бактериялық және зеңдік инфекциямен, мерзімінен бұрын туған балалар ретинопатиясымен, некроздық энтероколитпен, бронх-өкпе дисплазиясымен, стационарда ұзақ болумен және өліммен байланысты.

Балалар гипонатриемиясымен байланысты проблемалар

Балалар (нәрестелер мен үлкен балаларды қоса) гипоосмостық гипонатриемияның жоғарғы даму қаупіне, сондай-ақ гипонатриемиялық энцефалопатия дамуына бейім.

Балалардағы қан электролиттерінің деңгейі мұқият бақылануы тиіс.

Гипоосмостық гипонатриемияны жылдам түзету аса қауіпті (күрделі неврологиялық асқынулар қаупі).

Дозалануын, жылдамдығын және қабылдау ұзақтығын балалардағы венаішілік инфузиялық емдеуде тәжірибесі бар дәрігер анықтау тиіс.

Гериатриялық пайдалану

Гериатриялық пациенттер үшін инфузиялық ерітіндінің типін және инфузия көлемін/жылдамдығын таңдағанда бұл пациенттер, әдетте, жиі жүрек, бүйрек, бауыр және басқа аурулардан зардап шегетінін немесе қатарлас дәрілік ем алатынын ескеру керек.

Қан

5% глюкозаны (құрамында электролиттер жоқ, сулы ерітінді) бір уақытта, сондай-ақ бір ғана инфузиялық құрал арқылы енгізуге дейін немесе одан кейін енгізбеген жөн, өйткені гемолиз және жалған агглютинация орын алуы мүмкін.

Ерітіндіге басқа дәрілік заттарды қосу немесе енгізу техникасын бұзу организмге пирогендер түсуі ықтималдығы салдарынан қызба туындатуы мүмкін. Жағымсыз реакциялар дамығанда инфузияны дереу тоқтату керек.

Ауа эмболиясы қаупі

Контейнерлерді тізбекпен жалғамаңыз. Осылай пайдалану қалған ауа сұйықтық енгізу аяқталғанға дейін бастапқы контейнерден екіншілік контейнерге өтетініне байланысты ауа эмболиясына әкелуі мүмкін.

Егер енгізу алдында контейнердегі қалдық ауа толық шығып кетпесе, ағын жылдамдығын ұлғайту мақсатында жоғары қысыммен жұмсақ пластик контейнерлердегі венаішілік ерітінділерді беру ауа эмболиясына әкелуі мүмкін.

Вена ішіне енгізуге арналған жүйені газ шығарғышпен пайдалану ауа эмболиясына әкелуі мүмкін. Жұмсақ пластик контейнерлерді мұндай жүйелермен пайдаланбаған жөн.

Жүктілік немесе лактация кезінде

Глюкоза ерітіндісін жүктілік кезінде пайдалануға болады. Алайда, босану уақытында ерітіндіні пайдаланғанда сақтық таныту керек. Глюкозаны босану кезінде пайдалану шаранада инсулин өндірілуіне әкелуі мүмкін және шаранада гипергликемияның даму қаупімен және метаболизмдік ацидозбен, сондай-ақ артынша нәрестенің гипогликемиясымен байланысты.

Глюкоза ерітіндісін лактация кезеңінде пайдалану туралы адекватты деректер жоқ. Алайда лактацияға ешқандай ықпалы күтілмейді. 5% глюкозаны емшек емізу кезінде пайдалануға болады.

Басқа дәрілік заттарды сұйылту кезінде қосылатын заттың қасиеттері мен жүктілікке және бала емізуге ықпалы жеке-жеке қаралады.

Препараттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері

Препаратты ерекше стационар жағдайларында қолдануға байланысты деректер жоқ.

Қолдану жөніндегі ұсынымдар

Дозалау режимі

Ересектер, егде адамдар және балалар:

Вена ішіне енгізуге арналған глюкоза ерітіндісінің концентрациясы мен дозасы пациенттің жасын, салмағын және клиникалық жағдайын қоса, бірнеше факторлармен анықталады. Қан плазмасындағы глюкоза концентрациясын мұқият бақылау керек болуы мүмкін.

Ұсынылған емдік дозалар:

- ересектер үшін: тәулігіне 500 мл-ден 3000 мл-ге дейін

- балалар үшін, нәрестелерді қоса:

- дене салмағы 0-10 кг: тәулігіне100 мл/кг.

- дене салмағы10-20 кг: 1000 мл + қосымша дене салмағы10 кг-ден жоғарытәулігіне50 мл/кг.

- дене салмағы>20 кг: 1500 мл + қосымша дене салмағы20 кг-ден жоғарытәулігіне 20 мл/кг.

Инфузия жылдамдығы пациенттің клиникалық жағдайына байланысты.

Гипергликемияға жол бермеу үшін инфузия жылдамдығы пациенттің глюкозаны утилизациялауға қабілетінен аспауы тиіс. Сондықтан ең жоғарғы доза жасқа және дене салмағына байланысты ересектер үшін 5 мг/кг/мин-нан нәрестелер мен балалар үшін 10-18 мг/кг/мин-ға дейін ауытқиды.

Басқа парентеральді препараттарды сұйылту үшін 5% глюкоза ерітіндісін пайдалану кезіндегі ұсынылған доза дәрілік заттың бір дозасына 50-ден 250 мл-ге дейін. Басқа препаратты сұйылтуға арналған 5% глюкоза ерітіндісін пайдалану кезінде алынған ерітіндінің дозасы және енгізу жылдамдығы сұйылтылған дәрілік препараттың қасиеттерімен және дозалау режимімен анықталады.

Балалар

Инфузияның жылдамдығы және көлемі пациенттің жасына, салмағына, клиникалық, метаболизмдік жағдайына және қатарлас емге байланысты және балаларды венаішілік инфузиялық емдеу тәжірибесі бар консультант-дәрігер анықтауы тиіс.

Енгізу әдісі мен жолы

Ерітінді вена ішіне (шеткері немесе орталық вена) енгізуге арналған.

Басқа препараттарды сұйылтуға және енгізуге арналған 5 % глюкоза ерітіндісін вена ішіне инфузия арқылы пайдалану кезінде қосымша дәрілік затты тағайындау мақсаты енгізу үшін тиісті көлемін анықтайтын болады.

5 % глюкоза ерітіндісі изотониялық болады.

Артық дозалану жағдайында қабылдануы қажет шаралар

5 % глюкозаның үлкен көлемдерін ұзақ қолдану немесе жылдам енгізу гиперосмолярлылық және гипонатриемия, дегидратация, гипергликемия, глюкозурия, осмостық диурез (гипергликемия салдарынан), сумен уыттану және ісіну туындатуы мүмкін. Ауыр гипергликемия және гипонатриемия фатальді болуы мүмкін.

Артық дозалануға күдік болғанда 5 % глюкозамен емдеу дереу тоқтатылуы тиіс. Артық дозаланудың емі тиісінше мониторингілеу мен симптоматикалық және демеуші.

Дәрілік препаратты қолдану тәсілін түсіндіру үшін медицина қызметкерінің кеңесіне жүгіну жөніндегі ұсынымдар

Егер сізде осы дәрілік препаратты қолдану туралы қандай да бір қосымша сұрақтар туындаса, өз дәрігеріңізге хабарласыңыз.

ДП стандартты қолдану кезінде пайда болатын жағымсыз реакциялардың сипаттамасы және бұл жағдайда қабылдануы тиіс шаралар

Иммундық жүйе тарапынан

Белгісіз

  • анафилаксия*

  • аса жоғары сезімталдық*

Зат алмасу және тамақтану тарапынан

Белгісіз

  • электролиттік теңгерімсіздік

  • гипокалиемия

  • гипомагниемия

  • гипофосфатемия

  • гипергликемия

  • дегидратация

  • гиперволемия

  • госпитальдық гипонатриемия **

Жүйке жүйесінің бұзылуы

Белгісіз

- гипонатриемиялық энцефалопатия **

Тері мен тері асты шелі тарапынан

Белгісіз

  • бөртпе

Тамырлық бұзылыстар

Белгісіз

  • веналық тромбоз

  • флебит

Бүйрек және несеп шығару жүйесі тарапынан

Белгісіз

  • полиурия

Жалпы бұзылыстар және енгізген жердегі бұзылыстар

Белгісіз

  • қалтырау*

  • гипертермия*

  • инфузия орнындағы инфекция

  • инфузия орнындағы тітіркену (мысалы, эритема)

  • экстравазация, жергілікті реакция, жергілікті ауыру

* Жүгеріге және жүгері өнімдеріне аллергиясы бар пациенттерде потенциалды көрініс табуы

** Ауруханаішілік гипонатриемия жедел гипонатриемиялық энцефалопатияның дамуына байланысты мидың қайтымсыз зақымдалуына және өлімге әкелуі мүмкін

Жағымсыз дәрілік реакциялар туындағанда медициналық қызметкерге, фармацевтикалық қызметкерге немесе дәрілік препараттардың тиімсіздігі туралы хабарламаларды қоса, дәрілік препараттарға болатын жағымсыз реакциялар (әсерлер) бойынша ақпараттық деректер базасына тікелей хабарласу керек

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті «Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК

http://www.ndda.kz

Қосымша мәліметтер

Дәрілік препараттың құрамы

1 литр препараттың құрамында

белсенді зат - 50.0 г глюкоза

қосымша зат - хлорлы сутек қышқылы рН 3.2-6.5 дейін, инъекцияға арналған су 1.0 л-ге дейін

Сыртқы түрінің, иісінің, дәмінің сипаттамасы

Түссіз немесе түссіз дерлік мөлдір сұйықтық.

Шығарылу түрі және қаптамасы

100, 250 және 500 мл препараттан компанияның логотипі бар жасыл түсті біріктірілген қалпақшамен тығындалған шыны массадан немесе ұстатқыш ілмегі бар полипропиленнен жасалған құтыларда.

Құтыларға заттаңбалық қағаздан жасалған (өздігінен желімденетін) заттаңба жапсырылады.

Құтылар медициналық қолдану жөніндегі қазақ және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапқа салынады.

Қорап қақпағының клапандары желімденген болуы тиіс.

Сақтау мерзімі

3 жыл.

Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды!

Сақтау шарттары

25°С-ден аспайтын температурада сақтау керек.

Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!

Дәріханалардан босатылу шарттары

Рецепт арқылы.

Өндіруші туралы мәліметтер

«Хуашидань» Шыңжаң фармацевтикалық компаниясы АҚ, ШҰАА, Үрімші қ., жоғары технологиялық және жаңа өндірістер аймағы (Синьши ауданы), Шығыс Хэнань к-сі №169, С блогы

е-mail: xjlola0630@vip.sina.com

Тіркеу куәлігінің ұстаушысы

«Хуашидань» Шыңжаң фармацевтикалық компаниясы АҚ, ШҰАА, Үрімші қ., жоғары технологиялық және жаңа өндірістер аймағы (Синьши ауданы), Шығыс Хэнань к-сі №169, С блогы

е-mail: xjlola0630@vip.sina.com

Қазақстан Республикасының аумағында тұтынушылардан дәрілік заттардың сапасы жөнінде шағымдарды (ұсыныстарды) қабылдайтын және дәрілік заттың қауіпсіздігін тіркеуден кейінгі бақылауға жауапты ұйымның атауы, мекенжайы және байланыс деректері (телефон, факс, электронды пошта)

«ТК Фарм Ақтөбе» ЖШС, ҚР, Ақтөбе обл., Ақтөбе қ-сы, Астана ауд., Шестихатка а., Шестихатка т.а., ғимарат № 467

е-mail: dir-tkpharm@mail.ru

Прикрепленные файлы

Глюкоза_(rus)ЛВ.docx 0.05 кб
Глюкоза_(kz)_ЛВ.docx 0.06 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту

Источники

Национальный центр экспертизы лекарственных средств, изделий медицинского назначения и медицинской техники