Трабектедин (Трабектедин)

МНН: Трабектедин
Производитель: Элеас ПФК ТОО
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Trabectedin
Номер регистрации в РК: № РК-ЛС-0№025798
Информация о регистрации в РК: 12.05.2022 - 12.05.2032

Инструкция

Саудалық атауы

Трабектедин

Халықаралық патенттелмеген атауы

Трабектедин

Дәрілік түрі, дозалануы

Инфузия үшін ерітінді дайындауға арналған лиофилизат, 1 мг

Фармакотерапиялық тобы

Антинеопластикалық және иммуномодуляциялайтын препараттар. Антинеопластикалық препараттар. Өсімдік текті алкалоидтар және шығу тегі табиғи басқа препараттар. Басқа да өсімдік тектес алкалоидтар және табиғи өнімдер. Трабектедин.

АТХ коды L01CX01

Қолданылуы

- аналық бездердің платинаға сезімтал қайталанған обырында пегилирленген липосомальді доксорубицин гидрохлоридімен біріктіріп.

- антрациклиндерге және ифосфамидке сезімтал емес, немесе оларды қолдануға болмайтын науқастарда жұмсақ тіннің үдемелі саркомасында.

Тиімділігі, негізінен, липосаркомасы және лейомиосаркомасы бар науқастардан алынған деректерге негізделген.

Дәрілік препартты қолданудың басталуына дейінгі қажетті мәліметтер тізбесі

Қолдануға болмайтын жағдайлар

- препараттың кез келген компоненттеріне жоғары сезімталдық

- белсенді ауыр немесе бақыланбайтын инфекция

- жүктілік және лактация кезеңі

- 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер

- сары қызбаға қарсы вакцинамен бірге қолдану.

Қолдану кезіндегі қажетті сақтандыру шаралары

Трабектедин – обырға қарсы цитоуытты дәрілік препарат, басқа да уыттылық әлеуеті бар дәрілік препараттар сияқты, оны пайдаланған кезде ерекше сақ болған жөн. Цитоуытты дәрілік заттармен тиісті түрде жұмыс істеу және утилизациялау жөніндегі нұсқаулықтарға сүйену қажет.

Қызметкерлер дәрілік препаратты еріту мен сұйылтудың дұрыс техникасына үйретілген болуы тиіс, оларды орындаған кезде қорғаныс киімін, бетпердені, қорғаушы көзәйнек пен қолғаптарды қоса кию қажет. Бұл дәрілік затпен жұмыс істеуге жүкті әйелдер жіберілмейді.

Оны байқамай теріге, көзге немесе шырышты қабықтарға тигізіп алған жағдайда жанасқан жерді судың мол мөлшерімен дереу жуып-шайған жөн.

Ішкі инфузияларға арналған қапшықтары мен жүйелері бар, поливинилхлоридтен және полиэтиленнен жасалған, полиизопренді резервуарлары және тамырға жету үшін титанды имплантацияланатын жүйесі бар I типті шыны құтының, Трабектедин препаратының арасында үйлесімсіздік анықталған жоқ.

Басқа дәрілік препараттармен өзара әрекеттесуі

Дәрілік өзара әрекеттесулерге зерттеулер тек ересектерде ғана жүргізілді.

Трабектедин негізінен CYP3A4 изоферментімен метаболизденетін болғандықтан, плазмада трабектединнің концентрациясы осы изоферменттің күшті тежегіштері болып табылатын препараттарды қабылдап жүрген пациенттерде жоғарылауы мүмкін деп болжам жасалады. Осы сияқты, трабектединді CPY3A4 күшті индукторларымен бірге қолдану трабектединнің метаболизмдік клиренсін арттыруы мүмкін.

Трабектединді кетоконазолмен бірге қолданғанда, плазмада трабектединнің экспозициясы Cmax 21%-ға және қисық астындағы аудан (AUC) 66%-ға жуық мәндерімен артты, бұл кезде қауіпсіздігіне қатысты жаңа қауіптенулер байқалған жоқ. Трабектединді CYP3A4 күшті тежегіштерімен (мысалы, ішілетін кетоконазол, флуконазол, ритонавир, кларитромицин немесе апрепитант) біріктіріп қабылдап жүрген науқастарда уыттылық белгілерінің пайда болуын мұқият бақылау қажет, және мүмкіндігінше, біріктіріп қолдануға жол бермеу керек. Трабектединді CYP3A4 тежегіштерімен біріктіріп қолдану қажет болған жағдайда, уыттылық көріністерінде дозаға сәйкесінше түзету енгізу қажет.

Трабектединді рифампицинмен біріктіріп қолдану трабектединнің плазмалық концентрацияларының Cmax 22%-ға жуық және қисық астындағы аудан (AUC) 31%-ға жуық мәндерімен төмендеуіне әкелді. Сондықтан, мүмкіндігінше, трабектединді CYP3A4 күшті индукторларымен (мысалы, рифампицин, фенобарбитал, шілтерлі шайқурай) бірге қолдануға жол бермеген жөн.

Трабектединмен емделу кезінде, осы дәрілік заттың гепатоуыттылығы салдарынан, алкоголь қабылдамау қажет.

Трабектедин P-гликопротеиннің субстраты болып табылады. P-гликопротеині тежегіштерін, мысалы, циклоспоринді және верапамилді бір мезгілде қолдану трабектединнің таралуын және/немесе шығарылуын өзгертуі мүмкін. Осы өзара әрекеттесудің клиникалық маңызы анықталған жоқ және Трабектедин препараты мен P-гликопротеин тежегіштерін бір мезгілде қолданған кезде сақтық танытқан жөн.

Трабектединді фенитоинмен бірге қолдану фенитоин абсорбциясының төмендеуіне әкеліп, бұл құрысудың өршуін туындатуы мүмкін. Трабектединді фенитоинмен немесе тірі әлсіретілген вакциналармен бірге қолдану ұсынылмайды және сары қызбаға қарсы вакцинамен қарсы көрсетілімде.

Арнайы сақтандырулар

Бауыр жеткіліксіздігі

Трабектедин препаратымен емдеуді бастар алдында пациенттердің бауыр функциясы көрсеткіштері белгіленген критерийлерге жауап беруі тиіс. Бауыр жеткіліксіздігі кезінде трабектединнің жүйелі әсері орта есеппен екі есе жоғарылайтындықтан, ол уытты асқынулар дамуының қаупі артуына әкелуі мүмкін, сондықтан мұқият бақылауды жүзеге асыру қажет, және қажет болса, белсенді созылмалы гепатит сияқты бауыр функциясының клиникалық маңызды ауытқулары бар пациенттерде дозаға түзету жасау керек.

Қан сарысуындағы билирубин деңгейлері жоғарылаған пациенттерге трабектединді қолдануға болмайды.

Бүйрек жеткіліксіздігі

Емдеуді бастар алдында және оны жүргізу барысында креатинин клиренсін бақылау қажет. Креатинин клиренсі <30мл/мин пациенттерде монотерапияда және <60мл/мин біріктірілген ем кезінде ТрабектединÒ препараты қолданылмауы тиіс.

Нейтропения және тромбоцитопения

Трабектедин препаратын қолдануға байланысты нейтропения мен 3 және 4 дәрежедегі тромбоцитопенияның пайда болуының өте жиі жағдайлары туралы мәлімделді. Емдеудің басында және алғашқы екі цикл кезінде апта сайын, содан соң циклдер арасында 1 рет лейкоцитарлы формуланы анықтап және тромбоциттер санын есептеп, қанға толық талдау жүргізу қажет. Қызба байқалған кезде, пациентке дереу медициналық көмекке жүгіну және белсенді қатарлас емді бастау ұсынылады.

Трабектедин нейтрофилдердің бастапқы мөлшері 1500 жасуша/мм3 азырақ және тромбоциттер мөлшері 100000 жасуша/мм3-ден азырақ пациенттерге қолданылмауы тиіс. 5 күннен артыққа созылған немесе қызбамен немесе инфекциямен қатар жүрген ауыр нейтропенияда (<500 жасуша/мм3), дозаны төмендету ұсынылады.

Жүрек айну және құсу

Барлық пациенттерге кортикостероидтармен, мысалы, дексаметазонмен құсуға қарсы профилактикалық ем жүргізу қажет.

Рабдомиолиз және креатинфосфокиназаның елеулі жоғарылауы (>5 х қалыптың жоғары шегі)

Трабектедин креатинфосфокиназа деңгейі қалыптың жоғары шегінен 2.5 есе асып кеткен пациенттерге қолданылмауы тиіс. Радомиолиздің, әдетте, миелоуыттылықпен, бауырдың және/немесе бүйректің функционалдық сынамаларындағы ауытқушылықтармен немесе көп ағзалық бұзылыстармен байланысты жиі емес жағдайлары байқалды. Сондықтан пациенте уыттылықтың осы түрлерінің кез келгені немесе бұлшықет әлсіздігі немесе бұлшықеттердің ауыруы байқалған кезде креатинфосфокиназа деңгейін мұқият бақылаған жөн. Рабдомиолиз пайда болған кезде парентеральді гидратация, несепті алкалиндендіру және диализ сияқты қатарлас емді кідіртпей бастаған жөн. Пациент толық сауыққанға дейін Трабектедин препаратын қолдануды тоқтату керек.

Рабдомиолиздің даму қаупінің жоғарылауы ықтимал болғандықтан, рабдомиолизге байланысты дәрілік заттарды (мысалы, статиндерді) трабектединмен бірге қолданған кезде сақ болу қажет.

Бауырдың функционалдық сынамаларының бұзылыстары

Пациенттердің көпшілігінде аспартатаминотрансфераза (АСТ) және аланинаминотрансфераза (АЛТ) деңгейлерінің қайтымды жедел жоғарылауы байқалды. Билирубин деңгейі жоғарылаған пациенттерге Трабектедин препаратын қолдануға болмайды. Циклдер арасында АСТ, АЛТ немесе сілтілік фосфатаза деңгейі жоғарылаған пациенттерде дозаны түзету қажет болуы мүмкін.

Енгізу орнындағы реакциялар

Орталық веналық катетер арқылы енгізу табанды түрде ұсынылады. Трабектединді шеткері веналық жүйе арқылы енгізген кезде пациенттерде енгізу орнында әлеуетті күрделі асқынулар дамуы мүмкін.

Трабектединнің экстравазациясы жарақат қуысын санациялауды қажет ететін тіндер некрозын тудыруы мүмкін. Трабектедин экстравазациясы кезінде спецификалық антидот жоқ, емдеуді қолданылатын стандартты тәжірибелерге сәйкес жүргізу керек.

Аллергиялық реакциялар

Тіркеуден кейінгі кезеңде трабектединді монотерапияда немесе ПЛД-мен біріктіріп қолдануға байланысты пациенттерде өте сирек жағдайда өліммен аяқталған аса жоғары сезімталдық реакциялары байқалды.

Жүрек тарапынан бұзылулар

Пациенттерде жүрек функциясы бұзылуының клиникалық белгілерінің немесе симптомдарының бар-жоғын бақылау ұсынылады. Бұдан бөлек, емдеудің басында және емдеу кезінде мезгіл-мезгіл сол жақ қарыншаның лықсыту фракциясын қадағалау ұсынылады; әсіресе бұған дейін антрациклиндермен әсер етуден соң кардиомиопатия қаупіне ұшыраған пациенттерде немесе жүрек функциясының төмендеу симптомдары бар науқастарда.

Капиллярлар өткізгіштігінің жоғарылау синдромы (КӨЖС)

Капиллярлар өткізгіштігі жоғарылау синдромының (КӨЖС) трабектединді қолдану аясында пайда болу жағдайлары (оның ішінде өліммен аяқталған жағдайы бар) туралы хабарланды. Гипотониямен немесе онсыз генезі түсініксіз ісіну сияқты ықтимал КӨЖС симптомдары дамыған кезде, емдеуші дәрігер сарысулық альбумин деңгейіне қайтадан талдау жүргізуі тиіс. Сарысулық альбумин деңгейінің тез төмендеуі КӨЖС бар екенін айғақтауы мүмкін. Егер басқа себептерді жоққа шығарғаннан кейін КӨЖС диагнозы расталса, емдеуші дәрігер трабектединмен емдеуді тоқтатып, бекітілген нұсқауларға сәйкес КӨЖС емдеуді бастауы қажет.

Басқалары

Гепатоуыттылықтың пайда болу қаупі жоғарылауы ықтимал болғандықтан, гепатоуыттылықпен байланысты дәрілік заттарды трабектединмен бірге қолданған кезде сақ болған жөн.

Трабектединмен емдеу кезінде алкоголь қабылдауға жол бермеу қажет.

Бұл дәрілік заттың құрамында құты ішінде 1 ммоль (39 мг) азырақ калий бар, яғни, «калий іс жүзінде жоқ».

Сақтық шаралары туралы неғұрлым жан-жақты ақпарат алу үшін сонымен қатар пегилирленген липосомальді доксорубицинді медициналық қолдану жөніндегі нұсқаулықты да оқып білу керек.

Балалар

Тиімділігіне қатысты қауіп болғандықтан, Трабектединді балалар саркомасы бар 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерге қолданбау керек.

Егде пациенттер

Дозаны әдетте тек қана жасқа бола түзету ұсынылмайды.

Жүктілік

Жүктілікке ықпалы туралы деректер жеткіліксіз. Дегенмен, әсер ету механизмі туралы белгілі деректерге сүйенгенде, жүктілік кезінде трабектединді қабылдау дамудағы ауыр ақауларға себеп болуы мүмкін.

Трабектедин жүктілік кезінде қолданылмауы тиіс.

Емдеу кезінде жүктілік пайда болған жағдайда пациент әйел шарана үшін әлеуетті қауіп жөнінде хабардар етілуі тиіс және оның денсаулық жағдайын мұқият бақылауға алу қажет. Трабектединді жүктіліктің кейінгі мезгілінде қабылдаған кезде жаңа туған нәрестедегі әлеуетті жағымсыз әсерлерді мұқият бақылау қажет.

Бала емізу кезеңі

Трабектедин әйелдің емшек сүтімен бөлініп шығу-шықпауы белгісіз. Трабектединді қабылдау кезінде және оны аяқтағаннан кейін 3 ай бойы бала емізуге болмайды.

Фертильділік

Ұрпақ өрбіту жасындағы әйелдер емделу кезеңінде және емдеуді аяқтағаннан кейін 3 ай бойы контрацепцияның тиімді құралдарын қолдануы тиіс және жүктілік басталғаны туралы емдеуші дәрігерге дереу хабарлауы тиіс. Егер емдеу кезінде жүктілік пайда болса, генетиктен кеңес алу қажеттілігін ескеру керек.

Фертильді жастағы ер адамдар емдеу аяқталғаннан кейін 5 ай бойы контрацепцияның тиімді құралдарын қолдануы тиіс.

Трабектедин гендік уытты әсер етуі мүмкін.

Емдеуді бастағанға дейін аналық жасушаларды немесе сперманы консервациялау жөнінде кеңес алу қажет, өйткені Трабектедин препаратымен емдеу қайтымсыз бедеулікке әкелуі мүмкін. Емнен кейін балалы болуды жоспарлаған пациенттерге де генетикалық кеңес алу ұсынылады.

Дәрілік заттың көлік құралдарын және қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне ықпал ету ерекшеліктері

Препараттың кейбір жағымсыз әсерлері (әлсіздік/астения) автомобильді басқару және зейінді қоюды және психомоторлы реакциялардың шапшаңдығын қажет ететін қауіпті қызмет түрлерін орындау қабілетіне кері ықпалын тигізуі мүмкін. Осы құбылыстар пайда болған кезде көлікті және қауіптілігі зор механизмдерді басқаруды тоқтата тұрған жөн.

Қолдану жөніндегі нұсқаулар

Вена ішіне инфузия жүргізер алдында Трабектединді асептиканың тиісті әдістерін қолдана отырып және цитоуытты препараттармен жұмыс істеу ережесін сақтай отырып, ерітеді және сұйылтады. ПЛД-мен біріктірілген емдеуде ПЛД енгізгеннен кейінгі вена ішілік катетер Трабектедин препаратын енгізер алдында инъекция үшін 5% (50мг/мл) глюкоза ерітіндісімен мұқият шайылуы тиіс. ПЛД ықтимал преципитациясын болдырмау үшін, инъекцияға арналған 5% (50мг/мл) глюкоза ерітіндісінен басқа ешқандай басқа еріткішті қолдануға жол берілмейді. ПЛД қолдану кезіндегі сақтық шаралары туралы ақпарат алу үшін осы препараттың медициналық қолдану жөніндегі нұсқаулығын қараңыз.

Дозалану режимі

Трабектедин химиялық емді жүргізу жөнінде тәжірибесі бар дәрігердің басшылығымен қолданылуы тиіс. Оны қолдануды цитоуытты препараттармен жұмыс істеуді үйренген қызметкер жүзеге асыруы тиіс.

Препаратты қатаң түрде орталық вена катетері арқылы енгізу ұсынылады.

Жұмсақ тіндердің саркомасын емдеу үшін ұсынылатын бастапқы дозасы 3 апта аралықпен 24 сағаттық вена ішіне инфузия түрінде дене беті ауданының әр м2 шаққанда 1.5 мг құрайды.

Аналық бездердің обырын емдеу үшін Трабектедин әрбір 3 аптада пегилирленген липосомальді доксорубицинмен біріктіріліп тағайындалады. Пегилирленген липосомальді доксорубициннің 30 мг/м2 дозасын 60 минуттық вена ішілік инфузия түрінде енгізгеннен кейін Трабектедин препаратының 1.1 мг/м2 дозасы 3 сағаттық вена ішілік инфузия түрінде енгізіледі. Пегилирленген липосомальді доксорубицинге инфузиялық реакциялар қаупін барынша төмендету үшін бастапқы доза минутына 1 мг-ден аспайтын жылдамдықпен енгізіледі. Егер инфузиялық реакциялар байқалмаса, 1 сағаттан соң пегилирленген липосомальді доксорубицин әрі қарай құйылуы мүмкін (сондай-ақ препаратты қабылдау ерекшеліктерімен танысу үшін пегилирленген липосомальді доксорубицинді медициналық қолдану жөніндегі нұсқаулықты қараңыз).

Барлық науқастарға құсудың, сондай-ақ ықтимал гепатопротекторлық әсердің профилактикасы мақсатында, пегилирленген липосомальді доксорубицинді енгізуден 30 минут бұрын (біріктірілген емде) немесе Трабектедин препаратының инфузиясы алдында (монотерапияда) глюкокортикостероидтармен, мысалы, вена ішіне 20 мг дексаметазонмен премедикация жүргізген жөн. Қажет болған кезде құсуға қарсы қосымша дәрілер қолданылуы мүмкін.

Трабектединті келесі зертханалық көрсеткіштер кезінде ғана енгізуге болады:

- нейтрофилдердің абсолюттік мөлшері (НАМ) ³ 1500/мкл

- тромбоциттер мөлшері  ³ 100 000/ мкл

- гемоглобин деңгейі ³ 9 г/дл

- билирубин деңгейі жоғары қалып шегінен аспайтын болғанда

- сілтілік фосфатаза деңгейі (сүйек кемігінің зақымдануымен байланысты емес) норманың жоғары шегінен 2.5 еседен арыға аспайтын болғанда (бәлкім, сүйек жүйесінің зақымдануына байланысты болуы мүмкін, сілтілік фосфатаза деңгейі жоғарылағанда, 5-нуклеотидаза немесе гамма-глутамилтранспептидазаның (ГГТ) бауыр изоферменттерінің деңгейін анықтау қажет)

- аланин-аминотрансфераза (АЛТ) және аспартат-аминотрансфераза (АСТ) деңгейлері қалыптың жоғары шегінен 2.5 еседен аспайтын болғанда

- альбумин мөлшері ³ 25 г/л

- креатинин клиренсі минутына  ³ 30 мл (монотерапияда)

- аналық без обырының біріктірілген емінде: сарысулық креатинин деңгейі ≤ 1.5 мг/дл. (≤ 132.6 мкмоль/л) немесе креатинин клиренсі минутына ³ 60 мл болғанда;

- креатин-фосфокиназа (КФК) деңгейі қалыптың жоғары шегінен 2.5 еседен артыққа аспайтын болғанда.

Трабектедин препаратымен инфузияны қайталауды жоғарыда аталған критерийлерді сақтай отырып қана жүргізуге болады. Керісінше жағдайда инфузияны қанның зертханалық көрсеткіштері жоғарыдағы критерийлерге сәйкес келгенше 3 аптаға дейінгі мерзімге қалдырады, мұндайда препаратты 3-4 дәрежедегі гематологиялық емес басқа жағымсыз құбылыстар жоқ болған жағдайда дәл сондай дозада енгізеді.

Билирубиннің, сілтілік фосфатазаның, аминотрансферазаның және креатинфосфокиназаның гематологиялық көрсеткіштерін қосымша бақылау емнің алғашқы екі циклі кезінде әрбір апта сайын, және кейінгі циклдерде инфузиялар арасында кемінде бір рет жүргізілуі тиіс. Егер уыттылық 3 аптадан астам сақталса, онда емдеуді тоқтату мүмкіндігін қарастырған жөн.

Емдеу барысында дозаны түзету

Жоғарыда аталған бастапқы критерийлерге пациенттің сай болуы препаратты қайта енгізгенге дейін сақталуы тиіс.

Инфузия арасындағы кез келген уақытта келесі құбылыстардың ең болмағанда біреуі пайда болғанда препарат дозасын кейінгі инфузияларда төмендегі 1-кестеге сәйкес бір деңгейге төмендетеді:

- нейтропения < 500/мкл, 5 күн бойы сақталатын немесе қызбамен және инфекциямен қатар жүретін

- тромбоцитопения < 25 000/мкл

- билирубин деңгейінің қалыптың жоғары шегінен асуы  

- сілтілік фосфатаза деңгейінің қалыптың жоғарғы шегінен 2.5 еседен астам жоғарылауы  

- аминотрансфераза (АСТ немесе АЛТ) деңгейінің монотерапияда қалыптың жоғарғы шегінен 2.5 еседен астамға немесе 21 циклде қалыпқа келмеген кездегі біріктірілген емде қалыптың жоғарғы шегінен 5 еседен астамға жоғарылауы

- ауырлығы 3 немесе 4 дәрежедегі кез келген жағымсыз құбылыс (мысалы, жүректің айнуы, құсу, әлсіздік).

Уыттылыққа байланысты дозаны төмендеткеннен кейін оны кейінгі циклдерде қайта арттыру ұсынылмайды. Егер қандайда бір уытты реакциялар кейінгі циклдерде қайтадан пайда болса, ал пациентте жағымды клиникалық әсер байқалса, онда дозаны төмендегі кестеге сәйкес қосымша төмендетуге болады. Қолданыстағы тәжірибеге сәйкес гематологиялық уыттылықты түзету үшін колониестимуляциялайтын факторлар енгізілуі мүмкін.

1-кесте. Трабектедин препаратының (жұмсақ тіндердің саркомасында (ЖТС) монотерапия ретінде немесе аналық бездердің обырын емдеу үшін біріктірілген ем ретінде) және пегилирленген липосомальді доксорубициннің (ПЛД) дозаларын түзету.

Жұмсақ тіндердің саркомасы

Аналық без обыры

Трабектедин

Трабектедин

ПЛД

Бастапқы доза

1.5мг/м2

1.1мг/м2

30мг/м2

Дозаны алғашқы төмендету

1.2мг/м2

0.9мг/м2

25мг/м2

Дозаны екінші төмендету

1мг/м2

0.75мг/м2

20мг/м2

ПЛД дозасын түзету жөнінде толығырақ ақпарат алу үшін осы препараттың медициналық қолдану жөніндегі нұсқаулығын қараңыз.

Егер дозаны қосымша түзету қажет болса, емдеуді тоқтату қажеттігін қарастыру керек.

Емдеу ұзақтығы

Клиникалық зерттеулер жүргізген кезде қабылданған циклдер саны жөнінде алдын ала белгіленген шектеулер болған жоқ. Клиникалық әсер байқалғанға дейін ем жүргізілді. Трабектедин монотерапия және біріктірілген ем түрінде сәйкесінше пациенттердің 29.5%-да және 52%-да 6 немесе одан көбірек цикл бойы жүргізілді. Монотерапия және біріктірілген ем сәйкесінше 38 және 21 циклге дейін қолданылды. Көп реттік емдеу циклін қабылдаған пациенттерде уыттылықтың жинақталуы байқалған жоқ.

Енгізу жолы және тәсілі

1 мг трабектедин бар құтыға инъекцияға арналған 20 мл стерильді су қосады және толық ерігенше сілкиді. Алынған ерітіндінің концентрациясы 0.05 мг/мл болады және бір рет қана қолдануға арналған. Инъекцияға арналған 20 мл стерильді суды құтыға енгізу үшін шприц пайдаланылады. Құтының ішіндегісі толық ерігенше сілку керек. Алынған ерітінді мөлдір, түссіз немесе сәл сарғыш түсті, көзге көрінетін бөлшектерсіз болуы тиіс.

Оны қосымша сұйылту керек, ерітінді бір рет қана қолдануға арналған.

Қалпына келтіріп алынған ерітінді инфузияға арналған 0.9% (9 мг/мл) натрий хлориді ертіндісімен немесе инфузияға арналған 5% (50 мг/мл) глюкоза ерітіндісімен сұйылтылуы тиіс. Ерітіндінің керекті мөлшерін былайша есептейді:

Көлемі (мл) = ДБА(м²) х жекелей доза(мг/м²)

0.05 мг/мл

мұнда ДБА – дене беткейінің ауданы

Орталық веналық катетер арқылы инфузия жасау үшін препараттың қажетті дозасы бар ерітіндінің керекті мөлшерін құтыдан шприцпен құйып алады және ішінде инфузияға арналған 500 мл 0.9% натрий хлориді ерітіндісі немесе инфузияға арналған 5% глюкоза ерітіндісі бар инфузиялық қапшық/құтыға енгізіп, инфузиялық ерітіндіде 0.030 мг/мл-ден аспайтын трабектедин концентрациясын алады.

Орталық венаға инфузия жасау мүмкін болмағанда және шеткері венаға енгізу қажет болғанда ерітіндінің керекті мөлшерін ішінде инфузияға арналған 1000 мл-ден кем емес 0.9% натрий хлориді ерітіндісі немесе инфузияға арналған 5% глюкоза ерітіндісі бар инфузиялық қапшық/құтыға енгізеді.

Парентеральді ерітінділерді енгізер алдында онда бөлшектердің жоқтығын көзбен қарап шығады. Инфузия дайындалып болысымен, оны дереу пайдаланған жөн.

Еріткеннен кейін және сұйылтқаннан кейін ерітінді 25ºC-де 30 сағат бойы химиялық және физикалық тұрғыдан тұрақты болады. Еріткеннен кейін ерітінді дереу сұйылтылуы тиіс. Еріткеннен бастап пациентке енгізу аяқталғанға дейінгі жалпы уақыт 30 сағаттан аспауы тиіс.

Трабектедин поливинилхлоридпен және инфузиялық қапшықтардың және түтіктердің полиэтиленімен, сондай-ақ тамырішілік катетерлердің титанымен үйлеспеушілік көрсетпейді.

Артық дозалану жағдайында қабылдау қажет болатын шаралар

Симптомдары: трабектединнің артық дозалануының әсері жөнінде деректер өте шектеулі. Негізгі болжанатын уыттылық көріністері – асқазан-ішектік уыттылық, сүйек кемігінің бәсеңдеуі және гепатоуыттылық.

Емі: арнайы антидоты жоқ. Артық дозаланған жағдайда науқастың жағдайын бақылап отыру, қажет болған кезде симптоматикалық демеуші ем жүргізген жөн.

Дәрілік препаратты стандартты қолдану кезінде көрініс беретін жағымсыз реакциялар сипаттамасы және осы жағдайда қабылдау керек шаралар

Трабектедин препаратын қабылдаған пациенттердің көбінде ауырлығы кез келген дәрежедегі жағымсыз реакциялардың пайда болуын (монотерапияда 91% және біріктірілген емде 99%) және ауырлығы 3 немесе 4 дәрежедегі ауыр жағымсыз реакциялардың үштен бірінен азын (монотерапияда 10% және біріктірілген емде 25%) күтуге болады. Өте жиі пайда болатын ауырлығы кез келген дәрежедегі жағымсыз әсерлер – нейтропения, жүректің айнуы, құсу, АЛТ/АСТ деңгейінің жоғарылауы, анемия, қажу, тромбоцитопения, анорексия және диарея.

Монотерапияда және біріктірілген емде өліммен аяқталатын жағымсыз реакциялар сәйкесінше пациенттердің 1.9%-да және 0.9%-да пайда болды. Көбіне олар панцитопенияны, фебрильді нейтропенияны қоса, кейбіреулері сепсиспен, бауырдың зақымдануымен, бүйректік немесе мультиағзалық жеткіліксіздікпен және рабдомиолизбен бірге болатын факторлар біріктірілімінің нәтижесі болып табылады.

Трабектединпрепараты қауіпсіздігінің берілген бейіні клиникалық зерттеулерден, тіркеуден кейінгі бақылауларға және өздігінен болған есептерден алынған жағымсыз реакциялар туралы мәліметтерге негізделген. Төменде Трабектединпрепаратымен емді сызбадағы әр көрсетілім үшін ұсынылымға сәйкес ем қабылдаған, жұмсақ тіндердің саркомасы және аналық без обыры бар пациенттерде бақыланған жағымсыз реакциялар берілген. Жағымсыз реакциялар жиілігін анықтағанда жағымсыз реакциялар туралы, сондай-ақ зертханалық талдаулар деректері де пайдаланылды. Жағымсыз реакциялар органдар жүйесінің класы және жиілігіне сәйкес аталған. Жағымсыз реакциялар жиілігі былайша жіктеледі: өте жиі (≥1/10); жиі (≥1/100 - <1/10 дейін); жиі емес (≥1/1000 - <1/100 дейін) және сирек (≥1/10 000- <1/1000 дейін).

Өте жиі (≥1/10)

- нейтропениялық инфекция

- нейтропения, тромбоцитопения, анемия, лейкопения

- тәбеттің төмендеуі

- ұйқысыздық

- бас ауыру

- ентігу, жөтел

- іштің ауыруы, жүректің айнуы, құсу, іш қату, диарея, стоматит

- аланинаминотрансфераза деңгейінің жоғарылауы, аспартатаминотрансфераза деңгейінің жоғарылауы, қанда сілтілік фосфатазаның, гипербилирубинемия деңгейінің жоғарылауы

- алақан-табан эритродизестезия синдромы*

- артралгия, арқаның ауыруы, қанда креатинфосфокиназа деңгейінің жоғарылауы

- патологиялық шаршау, пирексия, ісіну, шырышты қабықтың қабынуы*

- қанда креатинин деңгейінің жоғарылауы, қанда альбумин деңгейінің төмендеуі

Жиі (≥1/100 - <1/10)

- сепсис

- фебрильді нейтропения

- аса жоғары сезімталдық

- сусыздану, гипокалиемия

-бас айналуы, дисгевзия, шеткері сенсорлық нейропатия, синкопе*

- жүрек қағуының жиілеуі*, сол жақ қарынша дисфункциясы*

- гипотензия, ысынулар

- өкпе артериясының эмболиясы*

- диспепсия

- гамма-глутамилтрансфераза деңгейінің жоғарылауы

- бөртпе, алопеция, тері гиперпигментациясы*

- миалгия

- препаратты енгізген жерде реакциялар

- дене салмағының төмендеуі

Жиі емес (≥1/1000 - <1/100 дейін)

- сепсистік шок

- капиллярлар өткізгіштігінің жоғарылау синдромы

- өкпе ісінуі

- рабдомиолиз

- экстравазация, жұмсақ тіндердің некрозы

Сирек (≥1/10 000 - <1/1000 дейін)

- бауыр жеткіліксіздігі

* аналық бездердің обырында ғана анықталды

Трабектедин + ПЛД біріктірілген емінде еуропалық емес нәсілді (негізінен азиаттарда) пациенттерде 3 және 4 дәрежедегі жағымсыз әсерлер (87%-ға қарсы 96%) және ауыр жағымсыз реакциялар (барлық дәрежедегінің 23%-на қарсы 44%) жиі байқалды. Айырмашылық нейтропения (66%-ға қарсы 93%), анемия (14%-ға қарсы 37%) және тромбоцитопения (19%-ға қарсы 41%) көріністерінде байқалды. Дегенмен, ауыр инфекциялар, қан кетулер, не өліммен аяқталуға, не емдеуді тоқтауға әкеп соғатын жағдайлар сияқты гематологиялық уыттылыққа қатысты клиникалық асқыну жағдайлары екі субпопуляцияда да ұқсас болды.

Жағымсыз дәрілік реакциялар туындағанда медициналық қызметкерлерге, фармацевтикалық қызметкерлерге немесе дәрілік препараттардың тиімсіздігі туралы хабарламаларды қоса, дәрілік препараттарға болатын жағымсыз реакциялар (әсерлер) жөніндегі ақпараттық деректербазасына тікелей хабарласу керек:

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті «Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК.

http://www.ndda.kz

Қосымша мәліметтер

Дәрілік препарат құрамы

Бір құтының ішінде

Белсенді зат - 1 мг трабектедин,

Қосымша заттар: калий дигидрофосфаты, сахароза, фосфор қышқылы, калий гидроксиді.

Сыртқы түрінің, иісінің, дәмінің сипаттамасы

Ақтан ақ дерлік түске дейінгі ұнтақ.

Шығарылу түрі және қаптамасы

Препарат «флип-офф» қалпақшасымен және алюминий қалпақшасымен қаусырылған, резеңке тығынмен тығындалған, түссіз шыны құтыға салынған.

1 құтыдан медициналық қолдану жөніндегі қазақ және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапшаға салынған.

Сақтау мерзімі

3 жыл

Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды.

Сақтау шарттары

2 ºС-ден 8 ºC-ге дейінгі температурада сақтау керек.

Еріткеннен кейін препараттың химиялық және физикалық тұрақтылығы 25 оС-ден аспайтын температурада 30 сағат бойы сақталады.

Ерітіндіні сұйылтып, дереу қолданған жөн. Керісінше жағдайда, сақтау мерзімі және шарттары қолданушының еркінде қалады, бірақ 2º–ден  C ге дейін сақтау 24 сағаттан аспауы тиіс (егер еріту бақыланатын және тексерілетін асептикалық жағдайда жүзеге асырылмаған болса).

Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!

Дәріханалардан босатылу шарттары.

Рецепт арқылы.

Өндіруші туралы мәліметтер

«Элеас» ӨФК ЖШС, 040707, Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Іле ауданы, Боралдай кенті, Өндірістік аймағы, 71 разъезд, құрылым 60А тел. 8(727)3980430, факс. 8(727)3711900,

e-mail: pfkeleas@gmail.com.

Тіркеу куәлігінің ұстаушысы

«Элеас» ӨФК ЖШС, 040707, Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Іле ауданы, Боралдай кенті, Өндірістік аймағы, 71 разъезд, құрылым 60А тел. 8(727)3980430, факс. 8(727)3711900,

e-mail: pfkeleas@gmail.com.

Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан дәрілік заттар сапасына қатысты шағымдар (ұсыныстар) қабылдайтын және дәрілік заттың тіркеуден кейінгі қауіпсіздігін қадағалауға жауапты ұйымның атауы, мекенжайы және байланыс деректері (телефон, факс, электронды пошта)

«Элеас» ӨФК ЖШС

040707, Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Іле ауданы, Боралдай кенті, Өндірістік аймағы, 71 разъезд, құрылым 60А тел. 8(727)3980430, факс. 8(727)3711900,

e-mail: pfkeleas@gmail.com.

Прикрепленные файлы

Трабектедин_ЛВ_рус_++.docx 0.06 кб
Трабектедин_ЛВ_каз.doc 0.13 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту

Источники

Национальный центр экспертизы лекарственных средств, изделий медицинского назначения и медицинской техники