Тарден® (40 мг)
Инструкция
-
русский
-
қазақша
Саудалық атауы
Тарден®
Халықаралық патенттелмеген атауы
Аторвастатин
Дәрілік түрі
Үлбірлі қабықпен қапталған 10 мг, 20 мг немесе 40 мг таблеткалар
Құрамы
Бір таблетканың құрамында
белсенді зат – 10,85 мг, 21,70 мг немесе 43,40 мг аторвастатин тригидраты (10 мг, 20 мг немесе 40 мг аторвастатинге баламалы),
қосымша заттар: натрий кроскармеллозасы, микрокристаллды целлюлоза, лактоза, магний стеараты,
қабықтың құрамы: гипромеллоза, макрогол, титанның қостотығы Е171.
Сипаттамасы
Сопақша пішінді, бір жағында «10» өрнегі бар (10 мг доза үшін), ақ түсті, үлбірлі қабықпен қапталған, таблеткалар.
Сопақша пішінді, бір жағында «20» өрнегі (20 мг доза үшін) және екінші жағында сызығы бар, ақ түсті, үлбірлі қабықпен қапталған, таблеткалар.
Сопақша пішінді, бір жағында «40» өрнегі (40 мг доза үшін) және екінші жағында сызығы бар, ақ түсті, үлбірлі қабықпен қапталған, таблеткалар.
Фармакотерапиялық тобы
Гиполипидемиялық препараттар.
HMG CoA редуктаза тежегіштері
АТЖ коды С10АА05
Фармакологиялық қасиеттері
Фармакокинетикасы
Сіңуі
Препаратты ішке қабылдағаннан кейінгі сіңірілуі жоғары. Қан плазмасындағы ең жоғарғы концентрациясына (Cmax) 1-2 сағаттан соң жетеді. Ас препараттың сіңірілуінің жылдамдығы мен ұзақтығын біраз төмендетеді (сәйкесінше 25% және 9%-ға), дегенмен ТТЛП (тығыздығы төмен липопротеиндер) холестеринінің төмендеуі аторвастатинді ас ішпей қолданғандағы осындайға ұқсас. Кешкі уақытта қолданғандағы аторвастатиннің концентрациясы таңертеңгіге қарағанда төмен (шамамен 30%-ға). Препараттың сіңу дәрежесі мен дозасының арасындағы дозаға байланыстылық анықталды. Биожетімділігі - 12%, ГМГ-КоА-редуктазаға қатысты тежегіштік белсенділігінің жүйелік биожетімділігі - 30%. Төменгі жүйелік биожетімділігі асқазан-ішек жолының (АІЖ) шырышты қабығындағы жүйе алдылық және бауыр арқылы "бірінші өтуіндегі" метаболизміне негізделген.
Таралуы
Қан плазмасы ақуыздарымен байланысуы - 98%. Орташа таралу көлемі (Vd) - 381 л.
Метаболизмі
Көбінесе CYP3A4, CYP3A5 және CYP3A7 изоферменттерінің әсерінен фармакологиялық белсенді метаболиттер (орто- және парагидроксилденген туындыларын, бета-тотығу өнімдерін) түзе отырып, бауырда метаболизденеді. In vitro орто- және парагидроксилденген метаболиттер ГМГ-КоА-редуктазаға аторвастатиннің осындайымен салыстырмалы тежегіштік әсер береді. Препараттың ГМГ-КоА-редуктазаға қатысты тежегіштік әсері 70%-ға циркуляцияланатын метаболиттердің белсенділігімен анықталады.
Шығарылуы
Жартылай шығарылу кезеңі (T1/2 ) - 14 сағат. ГМГ-КоА-редуктазаға қатысты тежегіштік белсенділігі құрамындағы белсенді метаболиттердің арқасында 20-30 сағатқа жуық сақталады.
Бауырдағы және/немесе бауырдан тыс метаболизмінен кейін өтпен шығарылады (айқын ішек-бауыр рециркуляциясына ұшырамайды). Препараттың ішке қабылданған дозасының 2%-дан азы несепте анықталады.
Ерекше клиникалық жағдайлардағы фармакокинетикасы
Әйелдерде Cmax 20%-ға жоғары, AUC - 10%-ға төмен.
Бауырдың алкогольдік циррозымен науқастарда бауыр қызметі қалыпты емделушілермен салыстырғанда, Cmax 16 есе, AUC –11 есе жоғары.
Гемодиализ барысында шығарылмайды.
Фармакодинамикасы
Тарден® - гиполипидемиялық препарат. ГМГ-КоА-редуктазаның - 3-гидрокси-3- метилглутарилді А коэнзимін мевалон қышқылына айналдыратын, холестеринді қоса, стеролдарға ізашар болып табылатын ферменттің іріктелген бәсекелес тежегіші. ТГ және холестерин (Хс) бауырда ТТЛПО құрамына кіреді, қан плазмасына түседі және шеткергі тіндерге тасымалданады. ТТЛП ТТЛПО-дан ТТЛП рецепторларымен өзара әрекеттесу барысында түзіледі. Тарден® ГМГ-КоА-редуктазаны, бауырдағы Хс синтезін тежеп және бауырдағы жасушалар беткейіндегі ТТЛП рецепторларының санын ұлғайта отырып, қан плазмасындағы Хс мен липопротеиндердің деңгейлерін төмендетеді, бұл ТТЛП қармауы мен катаболизмінің күшеюіне алып келеді. ТТЛП түзілуін төмендетеді, ТТЛП рецепторлары белсенділігінің айқын және тұрақты жоғарылауын тудырады.
Әдетте гиполипидемиялық дәрілермен емделмейтін гомозиготалы отбасылық гиперхолестеринемиясы бар науқастарда ТТЛП деңгейін төмендетеді. Жалпы Хс деңгейін 30-46%-ға, ТТЛП деңгейін - 41-61%-ға, В аполипопротеинін - 34-50%-ға және ТГ - 14-33%-ға төмендетеді; Хс-ТЖЛП мен А аполипопротеині деңгейінің жоғарылауын туғызады. Гомозиготалы тұқым қуалайтын гиперхолестеринемиясы бар, басқа гиполипидемиялық дәрілермен емдеуге резистентті науқастарда ТТЛП деңгейін дозаға байланысты төмендетеді.
Қолданылуы
- бастапқы гиперхолестеринемиясы мен аралас дислипидемиясы бар науқастардағы жалпы холестерин, ТТЛП холестерині, В аполипопротеині мен триглицеридтердің жоғары құрамын төмендету үшін және ТЖЛП холестеринінің құрамын арттыру үшін емдәммен үйлестіріліп, қосымша дәрі ретінде
- гомозиготалы отбасылық гиперхолестеринемиясы бар науқастардағы жалпы холестерин, ТТЛП холестеринінің жоғары құрамын төмендету үшін үшін емдәммен үйлестіріліп, қосымша дәрі ретінде
Қолдану тәсілі мен дозалары
Тарденді тағайындар алдында емделушіге стандартты гиполипидемиялық емдәмді ұсыну қажет, ол оны барлық емдеу кезеңі бойына сақтауы тиіс.
Препаратты аспен немесе ас қабылдауға байланыссыз күннің кез-келген уақытында қабылдауға болады. Дозасын бастапқы Хс-ТТЛП деңгейлерін, емдеудің мақсаты мен жекелей әсерін есепке ала отырып таңдайды. Емдеудің басында және/немесе Тарденнің дозасын жоғарылату кезінде әр 2-4 апта сайын қан плазмасындағы липидтер деңгейін бақылау және сәйкесінше дозасын түзету қажет.
Бастапқы дозасы орташа алғанда тәулігіне 1 рет 10 мг құрайды.
Ең жоғарғы дозасы тәулігіне 1 рет 80 мг құрайды.
Бастапқы гиперхолестеринемия мен аралас дислипидемияда, көп жағдайда, препаратты 10 мг дозада тәулігіне 1 рет тағайындау жеткілікті. Айтарлықтай емдік әсері әдетте 2 аптадан кейін, ең жоғарғы емдік әсері әдетте 4 аптадан кейін байқалады. Ұзақ уақыт емдегенде бұл әсері сақталады.
Гомозиготалы отбасылық гиперхолестеринемияда препаратты тәулігіне 1 рет 80 мг дозада тағайындайды.
Бүйрек жеткіліксіздігі және бүйрек ауорулары бар емделушілерде аторвастатиннің қан плазмасындағы концентрациясы өзгермейді, Хс-ЛПНП құрамы төмендеуінің дәрежесі сақталады, сондықтан препараттың дозасын өзгерту қажет емес.
Бауыр жеткіліксіздігінде препараттың дозасын азайту керек.
Жағымсыз әсерлері
Жиілігі (> 2%; < 2%)
> 2%
- ұйқысыздық, бас айналуы
- кеуденің ауыруы
- бронхит, ринит
- жүрек айнуы
- артрит
- урогенитальді жұқпалар, шеткергі ісінулер
- алопеция, ксеродермия, қатты тершеңдік, экзема, себорея, экхимозалар, петехиялар
< 2%
- бас ауыруы, астения, дімкәстік, ұйқышылдық, қорқынышты түстер көру, парестезиялар, шеткергі нейропатия, амнезия, көңіл-күйдің құбылмалылығы, атаксия, бет жүйкесінің салдануы, гиперкинездер, бас сақинасы, депрессия, гипестезия, естен тану
- амблиопия, құлақтағы шуыл, конъюнктива құрғауы, аккомодацияның бұзылуы, көздің торлы қабығына қан құйылуы, глаукома, кереңдік, паросмия, дәм сезгіштіктің жоғалуы, дәм сезудің бұрмалануы
- жүрек қағуы, вазодилатация симптомдары, ортостатикалық гипотензия, АҚ жоғарылауы, флебит, аритмия, стенокардия
- пневмония, диспноэ, бронх демікпесінің өршуі, мұрыннан қан кету
- тәбеттің төмендеуі немесе жоғарылауы, ауыздың құрғауы, қыжыл, кекіру, дисфагия, құсу, гастралгии, іштің қатуы немесе диарея, метеоризм, стоматит, қызыл иектің қанағыштығы, эзофагит, глоссит,ауыз қуысы шырышты қабықтарының эрозиялы-ойық жаралы зақымданулары, гастроэнтерит, гепатит, өтқалта шаншуы, хейлит, он екі елі ішектің ойық жарасы, панкреатит, холестатикалық сары ауру, бауыр қызметінің бұзылуы, ректальді қан кету, мелена, тенезмалар
- аяқ бұлшықеттерінің құрысуы, бурсит, тендосиновит, миозит, миопатия, артралгиялар, миалгиялар, рабдомиолиз, қисық мойын, бұлшықет гипертонусы, буын контрактуралары
- дизурия (оның ішінде, поллакиурия, никтурия, несептің ұстамауы немесе несеп шығарудың іркілуі, императивті несеп шығарулар), нефрит, гематурия, қынаптан қан кету, нефроуролитиаз, метроррагия, эпидидимит, либидо төмендеуі, импотенция, эякуляция бұзылуы
- гинекомастия, мастодиния
- дене салмағының артуы, подаграның өршуі
- терінің қышуы, тері бөртпесі, жанаспалы дерматит
- гипергликемия, гипогликемия, сарысудағы КФК жоғарылауы, альбуминурия
Сирек
- есекжем, ангионевротикалық ісіну, беттің ісінуі, фотосенсибилизация, анафилаксия, көптүрлі экссудативті эритема (оның ішінде, Стивенс-Джонсон синдромы), уытты эпидермальді некролиз (Лайелл синдромы).
Қолдануға болмайтын жағдайлар
- препараттың құрамдас бөліктеріне жоғары сезімталдықта
- бауыр ауруларында немесе қан сарысуындағы трансаминазалар белсенділігінің шығу тегі белгісіз жоғарылауында (жоғарғы қалып шегімен салыстырғанда 3 еседен артық)
- 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерге
- жүктілікте, лактация кезеңінде, сондай-ақ, тиісті контрацепция әдістерін қолданбайтын бала көтеретін жастағы әйелдерге
Дәрілермен өзара әрекеттесуі
Бұл кластың басқа дәрілік заттарымен емдеу кезіндегі миопатия қаупі азолдар мен никотин қышқылына жататын циклоспоринді, фибраттарды, эритромицинді, зеңге қарсы дәрілерді бір мезгілде қолданғанда жоғарылайды. Тардена мен құрамында магний мен алюминий гидрототығы бар суспензияны ішке бір мезгілде қабылдағанда, қан плазмасындағы аторвастатиннің концентрациялары шамамен 35%-ға төмендеді, дегенмен бұл кездегі холестерин/ТТЛП деңгейінің азаю дәрежесі өзгерген жоқ. бір мезгілде қолданғанда Тарден антипириннің (феназона) фармакокинетикасына әсер етпейді, сондықтан цитохромның дәл сол изоферменттерімен метаболизденетін басқа дәрілік заттармен өзара әрекеттесуі күтілмейді. Колестиполды бір мезгілде қолданғанда, қан плазмасындағы Тарденнің концентрациялары шамамен 25%-ға төмендеді. Алайда аторвастатин мен колестипол біріктірілімінің гиполипидемиялық әсері әр препараттың жеке алғандағы осындайынан аспады. Дигоксин мен Тарденді 10 мг дозада қайталап қабылдағанда, дигоксиннің қан плазмасындағы тепе-теңдік концентрациялары өзгерген жоқ. Дегенмен дигоксинді Тарденмен біріктіріп тәулігіне 80 мг дозада қолданғанда, дигоксиннің концентрациясы шамамен 20%-ға ұлғайды. Дигоксинді Тарденмен бірге алып жүрген науқастарды қадағалап отыру керек. Тарден мен эритромицинді (тәулігіне 4 рет 500 мг) немесе Р450 3А4 цитохромын тежейтін кларитромицинді (тәулігіне 2 рет 500 мг) бір мезгілде қабылдағанда, аторвастатиннің қан плазмасындағы концентрацияларының жоғарылағаны байқалды. Тарден (тәулігіне 1 рет 10 мг) мен азитромицинді (тәулігіне 1 рет 500 мг) бір мезгілде қолданғанда, Тарденнің қан плазмасындағы концентрациясы өзгерген жоқ. Тарден негізінен, Р450 3А4 цитохромымен метаболизденетін терфенадиннің қан плазмасындағы концентрациясына клиникалық маңызды әсер еткен жоқ; осыған байланысты Тарденнің Р450 3А4 цитохромының басқа субстраттарының фармакокинетикалық параметрлеріне айтарлықтай ықпал етуге қабілетілік ықтималдығы аз. Тарден мен құрамында норэтиндрон мен этинилэстрадиол бар ішке қабылдауға арналған контрацептивті бір мезгілде қолданғанда, норэтиндрон мен этинилэстрадиолдың AUC мәнінің шамамен сәйкесінше 30% және 20%-ға артқаны байқалды. Бұл әсерін Тарденді қабылдап жүрген әйелдер үшін пероральді контрацептивті таңдағанда ескеру керек. Эндогендік стероидты гормондардың концентрациясын төмендететін дәрілік заттармен (оның ішінде циметидинмен, кетоконазолмен, спиронолактонмен) бір мезгілде қолдану, эндогендік стероидты гормондардың төмендеу қаупін ұлғайтады (сақ болу керек). Тарденнің варфаринмен және циметидинмен өзара әрекеттесуін зерттегенде клиникалық маңызды өзара әрекеттесу белгілері табылған жоқ. 80 мг Тарден мен 10 мг амлодипинді бір мезгілде қолданғанда, Тарденнің тепе-теңдік жағдайдағы фармакокинетикасы өзгерген жоқ. Тарден мен гипертензияға қарсы дәрілердің айтарлықтай жағымсыз өзара әрекеттесулері білінген жоқ. Тарден мен Р450 3А4 цитохромының тежегіштері ретінде белгілі протеаза тежегіштерін бір мезгілде қолдану аторвастатиннің қан плазмасындағы концентрациясының ұлғаюымен бірге жүрді. Фармацевтикалық үйлесімсіздігі белгісіз.
Айрықша нұсқаулар
Тарденмен емдеуді бастар алдында науқасқа стандартты гипохолестестериндік емдәм тағайындау қажет, ол оны барлық емдеу кезеңі бойына сақтауы тиіс. Қандағы липидтер деңгейін төмендету үшін ГМГ-КоА-редуктаза тежегіштерін қолдану бауыр қызметінен көрінетін биохимиялық көрсеткіштердің өзгеруіне алып келуі мүмкін. Бауыр қызметін емдеуді бастар алдында, Тарденмен емдеуді бастағаннан кейін 6 аптадан соң, 12 аптадан соң, сондай-ақ ұдайы, мысалы, әр 6 ай сайын бақылап отыру керек. Қан сарысуындағы «бауыр» ферменттері белсенділігінің артуы Тарденмен емдеу кезеңі бойына байқалуы мүмкін. Ферменттер деңгейінің артуы білінген емделушілер ферменттер деңгейі қайта қалпына келгенше бақылауда болуы тиіс. Егер аланинаминотрансфераза (АЛТ) немесе аспарагинаминотрансфераза (АСТ) мәндері мүмкін болатын жоғарғы шегінен 3 еседен артық болса, емдеуді тоқтату керек. Тарденді алкогольді шамадан тыс тұтынатын және/немесе бауыр аурулары бар науқастарда сақтықпен қолдану керек. Белсенді бауыр ауруы немесе шығу тегі белгісіз аминотрансферазалар белсенділігінің тұрақты артуы Тарденді тағайындауға қарсы көрсетілім болады. Тарденмен емдеу миопатия тудыруы мүмкін. Кең таралған миалгиясы, бұлшықеттердің ауыруы әлсіздігі және/немесе КФК белсенділігінің айқын артуы бар науқастарда миопатия диагнозын (креатинфосфокиназа (КФК) белсенділігінің жоғарғы қалып шегімен салыстырғанда 10 еседен аса артуымен бірге бұлшықеттердің ауыруы мен әлсіздігі) талқылау керек. Науқастарға, оларға түсіндірілуі қиын ауырулардың немесе бұлшықеттердің әлсіздігі пайда болса, егер ол дімкәстікпен немесе қызбамен қатар жүрсе, бұл жөнінде дереу дәрігерге хабарлау керектігін ескерту керек. КФК белсенділігі айқын жоғарылаған жағдайда немесе расталған немесе болжалды миопатия болса, Тарденмен емдеуді тоқтату керек. Бұл кластың басқа препараттарымен емдеудегі миопатия қаупі циклоспоринді, фибраттарды, эритромицинді, никотин қышқылы мен азольді зеңге қарсы дәрілерді бір мезгілде қолданғанда жоғарылады. Бұл препараттардың көпшілігі Р450 3А4 цитохромынан болған метаболизмді және/немесе дәрілік заттар тасымалын тежейді. Тарден CYP 3A4 әсерімен биоөзгеріске түседі. Тарденді фибраттармен, эритромицинмен, иммуносупрессивтік дәрілермен, гиполипидемиялық дозалардағы азольдік зеңге қарсы дәрілермен немесе никотин қышқылымен біріктіріп тағайындай отырып, емдеудің күтілетін пайдасы мен қаупін мұқият саралау және әсіресе, емдеудің бірінші айларында және кез-келген препараттың дозасын арттырған кездегі бұлшықеттердің ауыруы мен әлсіздігін анықтау үшін, науқастарды ұдайы қадағалап отыру керек. Мұндай жағдайларда ауық-ауық КФК белсенділігін анықтау ұсынылады, десе де мұндай бақылау ауыр миопатия дамуын болдырмауға мүмкіндік бермейді. Тарден мен бұл кластағы басқа дәрілік заттарды қолдануда миоглобинуриядан болған жедел бүйрек жеткіліксіздігімен рабдомиолиз жағдайлары сипатталған. Болуы мүмкін миопатия белгілері пайда болса немесе рабдомиолиз (мысалы, жедел ауыр жұқпа, артериялық гипотензия, күрделі операция, жарақат, зат алмасудың ауыр, эндокриндік және электролиттік бұзылулары және бақыланбайтын құрысулар) аясында бүйрек жеткіліксіздігі дамуының қауіп факторы бар болса, Тарденмен емдеуді уақытша үзе тұру немесе толығымен тоқтату керек. Тарденмен емдеуді бастар алдында қалыпты емдәммен емдеу арқылы гиперхолестеринемияның бақылануына, дене белсенділігінің артуына, семіздігі бар науқастарда дене салмағының төмендеуі мен басқа жағдайлардың емделуіне қол жеткізуге тырысу қажет. Емделушілерге, оларға түсіндірілуі қиын ауырулардың немесе бұлшықеттердің әлсіздігі пайда болса, егер ол дімкәстікпен немесе қызбамен қатар жүрсе, бұл жөнінде дереу дәрігерге хабарлау керектігін ескерту керек.
Дәрілік заттың көлік құралдарын және қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері
Препараттың жағымсыз әсерлерін ескере отырып, автокөлік немесе басқа қауіптілігі зор механизмдерді басқарғанда сақ болу керек.
Артық дозаланғанда
Белгілері: іштің қатуы, іштің кебуі, диспепсия, іштің ауыруы, бас ауыруы,
жүрек айнуы, миалгиялар, диарея, ұйқысыздық.
Емі – симптоматикалық (асқазанды шаю, қалыпты оксигенация). Арнайы у қайтарғысы жоқ.
Шығарылу түрі мен қаптамасы
10 таблеткадан алюминий фольгадан жасалған пішінді ұяшықты қаптамаға орайды (10 мг және 20 мг доза үшін).
3 пішінді ұяшықты қаптамадан мемлекеттік және орыс тілдеріндегі медицинада қолданылуы жөніндегі нұсқаулықпен бірге картон пәшкеге салады (10 мг және 20 мг доза үшін).
6 таблеткадан алюминий фольгадан жасалған пішінді ұяшықты қаптамаға орайды (40 мг доза үшін).
5 пішінді ұяшықты қаптамадан мемлекеттік және орыс тілдеріндегі медицинада қолданылуы жөніндегі нұсқаулықпен бірге картон пәшкеге салады (40 мг доза үшін).
Сақтау шарттары
Құрғақ, жарықтан қорғалған жерде, 25 С-ден аспайтын температурада сақтау керек.
Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!
Сақтау мерзімі
2 жыл
Қаптамасында көрсетілген жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды!
Дәріханалардан босатылу шарттары
Рецепт арқылы
Өндіруші
"АБДИ ИБРАХИМ Илач Санайи ве Тиджарет Аноним Ширкети"
Решитпаша Мах., Эски Буюкдере Джаддеси, №4, Маслак, 34467,
Стамбул Түркия
Тіркеу куәлігінің иесі
"АБДИ ИБРАХИМ Илач Санайи ве Тиджарет Аноним Ширкети", Түркия
Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан өнім (тауар) сапасына қатысты шағымдарды қабылдайтын ұйымның мекенжайыҚазақстандағы "АБДИ ИБРАХИМ Илач Санайи ве Тиджарет Аноним Ширкети" компаниясының өкілдігі, Алматы қ-сы, Абай даңғылы 155,
37/38 кеңсе,
тел: +7 (727) 394-35-12
факс: +7 (727) 295-29-35, e-mail: aim2004@inbox.ru