Паклитаксел-Келун-Казфарм (300 мг/50 мл)
Инструкция
- русский
- қазақша
Саудалық атауы
Паклитаксел-Келун-Казфарм
Халықаралық патенттелмеген атауы
Паклитаксел
Дәрілік түрі
Инфузия үшін ерітінді дайындауға арналған концентрат, 300 мг/50 мл
Құрамы
1 мл құрамында
белсенді зат – 300.0 мг паклитаксел
қосымша заттар: сусыз лимон қышқылы 100.0 мг, сусыз этил спирті 19750.0 мг, полиоксиэтилденген майсана майы ЕL 35 26250.0 мг.
Сипаттамасы
Түссіз немесе аздап сарғыш түсті, мөлдір сұйықтық.
Фармакотерапиялық тобы
Ісікке қарсы препараттар және иммуномодуляторлар. Ісікке қарсы препараттар. Өсімдік текті алкалоидтар. Таксандар. Паклитаксел.
АТХ коды L01CD01
Фармакологиялық қасиеттері
Фармакокинетикасы
Вена ішіне енгізгеннен кейін қан плазмасында паклитаксел концентрациясының екі сатылы төмендеуі байқалады.
Паклитакселдің фармакокинетикасы препаратпен 135 мг/м2 және 175 мг/м2 дозаларда 3 сағат және 24 сағат бойына инфузия жасағаннан кейін зерттелді. Жартылай шығарылуының орташа ұзақтығы терминальді сатыда 3,0–52,7 сағатты, ал организмнен орташа жалпы клиренсі 11.6 - 24.0 л/сағ./м2 құрады. Қан плазмасындағы концентрациясын жоғарылатқанда паклитакселдің жалпы клиренсінің төмендеу үрдісі байқалды. Паклитакселдің орташа тепе-тең таралуы көлемі 198–688 л/м2 құрады, бұл қантамырлардан тыс кең таралатынын және/немесе тіндермен байланысатынын айғақтайды. 3 сағаттық инфузиядан кейін паклитакселдің фармакокинетикасы дозаға байланыссыз сипатқа ие болды. Дозаны 30%-ға, 135 мг/м2-ден 175 мг/м2-ге дейін арттырғанда қан плазмасындағы ең жоғары концентрациясы (Cmax) 75%-ға, сондай-ақ "концентрация-уақыт" тәуелділігі қисығы астындағы аудан (AUC0-∞) 81%-ға жоғарылады.
Емдеудің әртүрлі курстары кезінде паклитакселдің жүйелік экспозициясы деңгейлерінің ауытқуы өте төмен болды. Көп реттік емдеу курстарында паклитакселдің жинақталуы тіркелген жоқ.
Паклитакселдің шамамен 89–98%-ы қан палзмасы ақуыздарымен байланысады. Циметидиннің, ранитидиннің, дексаметазонның немесе дифенгидраминнің болуы паклитакселдің ақуыздармен байланысуына ықпалын тигізбейді.
Паклитакселдің енгізілген дозасының 1,3-тен 12,6%-ға дейіні несеппен бірге өзгермеген түрде шығарылады, бұл бүйректен тыс экстенсивтік клиренсінің болатынын айғақтайды. Паклитаксел көбіне бауырда метаболизденеді және негізінен өтпен бірге шығарылады. Паклитакселдің метаболизмі Р450 цитохромының изоферменттерінің қатысуымен жүруі мүмкін. Радиоактивті изотоппен таңбаланған паклитакселді енгізуден кейін, 26; 2; 6% радиоактивтілігі нәжіспен бірге 6α-гидроксипаклитаксел, 3′-р-дигидроксипаклитаксел және 6α-3′-р-гидроксипаклитаксел түрінде шықты. Осы гидроксилденген метаболиттердің түзілуі, сәйкесінше, CYP 2C8, CYP 3A4 және CYP 2C8 және CYP 3A4 изоферменттерімен катализденеді.
Паклитакселді цисплатинмен, доксорубицинмен немесе трастузумабпен біріктіріп қолданғанда пайдалануы жөнінде ақпарат алу үшін олардың медициналық қолдану жөніндегі нұсқаулықтарымен танысып шығу қажет.
Фармакодинамикасы
Паклитаксел өсімдік текті антимитоген болып табылады, ол жасушаның микротүтікшелі аппаратына әсерін тигізеді. Тубулиннің димерлерінен микротүтікшелердің құрастырылуын стимуляциялайды және деполимеризацияны басу есебінен микротүтікшелерді тұрақтандырады. Мұндай тұрақтылық интерфаза және митоз сатысында жасушалық функция үшін маңызды мәні бар микротүтікшелер тізбегінің қалыпты динамикалық қайта құрылуына кедергі жасайды. Бұдан басқа, паклитаксел барлық жасушалық цикл ішінде микротүтікшелер тобының немесе шоғырының және митоз кезінде микротүтікшелердің көптеген жұлдыздарының зақымдануына кедергі жасайды.
Қолданылуы
- аналық бездер обырында
- Паклитаксел- Келун-Казфарм лапаротомиядан кейін аналық бездер обырының таралған түрі немесе қалдық ісіктері (1 см-ден астам) бар пациенттерде бірінші желілі ем ретінде тағайындалады. Паклитаксел – Келун-Казфарм цисплатинмен біріктіріп тағайындалады
- Паклитаксел-Келун-Казфарм оң нәтиже бермеген стандартты емнен кейінгі метастаздарда екінші желілі ем ретінде тағайындалады
сүт бездерінің обыры
- Паклитаксел – Келун-Казфарм антрациклинмен және циклофосфамидпен (АЦ-терапия) біріктірілген стандартты емнен кейін зақымданған лимфалық түйіндерді емдеу үшін адъювантты ем ретінде тағайындалады. Паклитаксел- Келун-Казфарм препараты қолданылатын адъювантты ем антрациклинмен және циклофосфамидпен (АЦ-терапия) біріктірілген стандартты емге баламалы ем болып табылады. Паклитаксел-Келун-Казфам 3+ деңгейдегі шамадан тыс экспрессияланған HER-2 бар (иммуногистохимия жәрдемімен анықталған) пациенттерге, сондай-ақ антрациклинмен емдеуге келмейтін пациенттерге сүт безінің метастаздық обырында бірінші желілі ем ретінде немесе оның үдеуінде трастузумабпен біріктірілімі тағайындалады.
Антрациклиндерді қолданып жүргізілген стандартты ем тиімді болмағаннан кейін, сүт безінің метастаздық обыры бар пациенттерге немесе антрациклинмен емдеуге келмейтін пациенттерге Паклитаксел - Келун-Казфарм монотерапия ретінде тағайындалады.
кеш сатыдағы өкпенің ұсақ жасушалы емес обыры
- хирургиялық ем және/немесе сәулелендіру емін жүргізу жоспарланбаған пациенттерге Паклитаксел-Келун-Казфарм өкпенің ұсақ жасушалы емес обырын емдеу үшін цисплатинмен біріктіріп тағайындалады
ЖИТС-ке шалдыққан пациенттердегі Капоши саркомасы
- ЖИТС-ке шалдыққан пациенттерде липосомальді антрациклиндермен ем жүргізу тиімді болмағаннан кейін, Паклитаксел-Келун-Казфарм Капоши саркомасын емдеу үшін тағайындалады.
Қолдану тәсілі және дозалары
Паклитаксел енгізер алдында барлық пациенттер кортикостероидтық, антигистаминдік препараттармен және Н2 рецепторларының антагонистерімен премедикациядан өтуі тиіс, мысалы:
препарат |
доза |
паклитаксел енгізер алдында тағайындалу уақыты |
дексаметазон |
20 мг ішке*немесе к/і |
ішке: шамамен 12 сағат және 6 сағат бұрын көктамыр ішіне: 30-60 минут бұрын |
дифенилгидрамин** |
50 мг к/і |
30-60 минут бұрын |
циметидин |
300 мг к/і |
30-60 минут бұрын |
немесе |
||
ранитидин |
50 мг к/і |
30-60 минут бұрын |
* - Капоши саркомасы бар пациенттер үшін 8-20 мг;
** - немесе антигистаминнің баламасы (мысалы, хлорфенирамин).
Паклитакселді жарғақшаның өте ұсақ тесігі ≤ 0.22 микрон болатын сүзгіні (қондырылған сүзгі) пайдалана отырып, енгізген жөн.
Аналық бездер обырын химиялық емдеудің бірінші желісі
- Паклитаксел-Келун-Казфарм 175 мг/м2 вена ішіне 3 сағаттан аса уақыт бойы, артынша әр үш апта сайын қабылданатын 75 мг/ м2 дозада цисплатин;
немесе Паклитаксел-Келун-Казфарм 135мг/ м2 24 сағаттық инфузия түрінде, артынша курстар арасындағы 3 апталық үзіліспен 75 мг/м2 цисплатин.
Аналық бездер обырын химиялық емдеудің екінші желісі
- Паклитаксел-Келун-Казфарм 175 мг/м2 вена ішіне 3 сағаттан аса уақыт бойы, курстар арасындағы 3 апталық үзіліспен.
Сүт безі обырын адъювантты химиялық емдеу
- Паклитаксел-Келун-Казфарм 175 мг/м2 көктамыр ішіне 3 сағаттан аса уақыт бойы, АС (антрациклиндер және циклофосфамид) емінен кейін төрт курс бойына әр үш апта сайын.
Сүт безі обырын химиялық емдеудің бірінші желісі
- Паклитаксел-Келун-Казфарм 220 мг/м2 вена ішіне 3 сағаттан аса уақыт бойы, курстар арасындағы 3 апталық үзіліспен. Доксорубицинмен (50 мг/м2) біріктіріп, паклитакселді доксорубициннен кейін 24 сағат өткен соң қолдану керек. Трастузумабпен біріктіріп ұсынылатын паклитаксел дозасы – курстар арасындағы 3 апталық үзіліспен 3 сағаттан астам уақыт кезеңінде қабылданатын 175 мг/м2. Паклитаксел инъекциясын трастузумабтың алғашқы дозасынан кейінгі келесі күні бастауға болады.
Сүт безі обырын химиялық емдеудің екінші желісі
- Паклитаксел-Келун-Казфарм 175 мг/м2 3 сағаттан астам уақыт кезеңінде курстар арасындағы 3 апталық үзіліспен.
Өкпенің жайылған ұсақ жасушалы емес обыры
- Паклитаксел-Келун-Казфарм 175 мг/м2 3 сағаттан астам уақыт кезеңінде, артынша курстар арасындағы 3 апталық үзіліспен 80 мг/м2 цисплатин.
ЖИТС-пен байланысты Капоши саркомасын емдеу.
- Паклитаксел-Келун-Казфарм 100 мг/м2 әр екі апта сайын 3 сағаттық вена ішіне инфузия түрінде. Паклитакселдің кейінгі дозаларын пациенттің жеке көтерімділігімен сәйкес қабылдау керек.
Паклитаксел-Келун-Казфарм препаратын нейтрофилдер мөлшері, ең кемінде, 1,500/мм3 (Капоши саркомасында >1,000/мм3), ал тромбоциттер мөлшері, ең кемінде, 100,000/мм3 (Капоши саркомасында >75,000/мм3) болмайынша, қайталап енгізбеген жөн. Паклитаксел-Келун-Казфарм препаратын енгізгеннен кейін айқын нейтропения (7 немесе одан көп күн ішінде нейтрофилдер мөлшері 500/мм3–ден төмен) немесе шеткергі нейропатияның ауыр түрі байқалған пациенттерде кейінгі емдеу курстарының барысында Паклитаксел-Келун-Казфарм препаратының дозасын 20%-ға дейін (Капоши саркомасында 25%) төмендеткен жөн.
Бауыр функциясы бұзылған пациенттер
Бауыр функциясының жеңіл немесе орташа бұзылулары бар пациенттер үшін Паклитаксел-Келун-Казфарм дозалануына қатысты спецификалық ұсынымдар жоқ.
Бауырдың ауыр патологиясы бар пациенттерде Паклитаксел-Келун-Казфарм қолданылмайды.
Бүйрек функциясы бұзылған пациенттер
Бүйрек функциясы бұзылған пациенттер арасында препаратқа зерттеу жүргізілмеген, сондықтан қазіргі сәтте пациенттердің осы тобына препаратты тағайындау үшін деректер жеткіліксіз.
Педиатрияда пайдаланылуы
Паклитакселдің қауіпсіздігі және тиімділігі балаларда анықталмаған, 18 жасқа толмаған балалар мен жас өспірімдерге қолдануға болмайды.
Инфузияға арналған ерітіндіні дайындау
Инфузия жасар алдында Паклитаксел-Келун-Казфарм асептикалық жағдайларда 0,9% натрий хлориді ерітіндісімен немесе 5% глюкоза ерітіндісімен немесе 5% глюкоза ерітіндісі және 0,9% натрий хлориді ерітіндісімен немесе Рингер ерітіндісіндегі 5% глюкозамен 0,3-1,2 мг/мл концентрацияға дейін сұйылтылуы тиіс.
Дайындалған ерітіндінің химиялық және физикалық тұрақтылығы 7 күн 5оС-ден 25оС температура аралығында сақталады, 5% глюкозада сұйытылған және Рингер ерітіндісіндегі 5% глюкозада және 0.9 % натрий хлоридінде сұйытылған инфузиялық ерітінділер 14 күн сақаталады, микробиологиялық көз қарастарды ескерсек, инфузиялық ерітіндіні дайындалған уақытында қолданған жөн. Егер дайындалған ерітінді сол мезетте пайдаланбаса, сақтау мерзімі 2оС-ден 8оС температурада 24 сағаттан аспауы керек, егер ерітінді бақыланатын асептикалық жағдайларда дайындалмаса.
Дайындалған ерітіндіні дереу пайдалану ұсынылады.
Тұнба түзілуді қауіпін азайту жағдайында дайындалған инфузиялық ерітіндіні жылдам сұйылтқаннан кейін салған жөн және аса қатты сілкуді, вибрацияны, шайқауды болдырмау керек. Тұнба түзілуді қауіпін азайту үшін дайындалған ерітіндіні сол мезетте қолдану керек.
Паклитаксел-Келун-Казфарм кіріктірілген жарғақшалық сүзгісі (саңылаулар өлшемі 0,22 микроннан аспайтын) бар жүйе арқылы енгізілу керек.
Инфузиялық жүйе қолданар алдында жақсылап шайылуы қажет. Енгізу кезінде ерітіндінің сыртқы түрін бақылап отыру керек, ерітіндіде тұнба байқалса инфузияны енгізуді тоқтату керек.
Паклитаксел-Келун-Казфарм ерітіндіге арналған инфузияны дайындалуы кезіндегі сақтану шаралары
Қорғаныш камерасын, қолғаптарды және қорғаныш халат қолданылуы керек. Егер камераның қорғаныш қақпағы болмаса көзілдірік кию қажет.
Жүкті әйелдерге немесе жүкті болғысы келген әйелдерге осы өніммен жұмыс істеуге болмайды.
Ашық контейнерлер, яғни инъекцияға арналған флакондар, инфузиялық бөтелкелер және қолданылған канюлилер, шприцтер, катетрлер, түтікшелер және цитостатиктердің қалдықтары қауіпті қалдықтар болып есептеледі, яғни сл жердің ережелері бойынша жойылуға жіберіледі.
Егер ағып кету жағдайы болатын болса төмендегі нұсқаулыққа назар аударыңыз:
-
Қорғаныш киімін кию керек
-
Сынық әйнектер жиналып, қауіпті қалдықтардың контейнерлеріне салынуы қажет
-
Ластанған бетті көп мөлшерде сумен жуу керек
-
Бетті жақсылап сөртіп, сөрткен материал қауіпті қалдық ретінде жойылуы керек
Паклитакселмен тері жанасқан жағдайда, теріні ағынды сумен, содан кейін сабындап сумен жуып тастау қажет. Шырышты қабатпен жанасқан жерді сумен шаю керек. Егер сізге бір жағымсыздық тудырса дәрігерге қаралыңыз.
Дәрілік зат көзге шашырап кеткен жағдайда көп мөлшерде сумен жуып тастаңыз. Офтольмологқа тез мезетте қаралыңыз.
Жағымсыз әсерлері
Аналық бездің обыры, сүт безінің обыры және өкпенің ұсақ жасушалы емес обыры бар пациенттерде жағымсыз әсерлердің жиілігі мен қарқындылығының айтарлықтай айырмашылықтары жоқ. Уыттылықтың пайда болу жағдайлары мен пациенттің жасы арасында айқын тәуелділік жоқ.
Жоғары сезімталдықтың ауыр реакциялары: гипотензия (емдік араласымды қажет ететін), ангионевроздық ісіну және тыныс алу функциясының бұзылуы (бронходилататорларды қолдануды қажет ететін), жайылған есекжем). Қан кернеулер және тері бөртпесі сияқты аса жоғары сезімталдықтың жеңіл реакциялары емдік араласымды және паклитакселді тоқтатуды қажет етпейді.
Өте көп таралған жағымсыз әсерлері: сүйек кемігі функциясының бәсеңдеуі, ауыр (бірақ фебрильді емес) нейтропения (500/мм3-ден төмен), тромбоцитопения, анемия, артралгия немесе миалгия. Ауыр нейтропенияның ұзақтығы 7 күннен асады. Анемия жағдайларының жиілігі және ауырлығы гемоглобиннің бастапқы деңгейлеріне байланысты.
Өте көп таралған жағымсыз әсерлері: сүйек кемігі функциясының бәсеңдеуі, ауыр (бірақ фебрильді емес) нейтропения (500/мм3-ден төмен), тромбоцитопения, анемия, артралгия немесе миалгия. Ауыр нейтропенияның ұзақтығы 7 күннен асады. Анемия жағдайларының жиілігі және ауырлығы гемоглобиннің бастапқы деңгейлеріне байланысты.
Паклитакселді қолданған >80 % пациенттерде алопеция тіркелген. Бір айдан кейін паклитакселді қолданған пациенттерде шаш түсуі байқалған. Көрнекті шаш түсу ≥ 50 % пациенттерде болады.
Инъекцияны енгізген жердегі реакциялар: жергілікті ісіну, ауыру, эритема, индурация, кездейсоқ экстравазация флегмонаның дамуын, тері пигментациясының өзгерулерін, паклитакселді әрі қарай енгізуден кейін бұдан бұрынғы экстравазациясының орнында тері реакцияларының қайталануын туындатуы мүмкін. Қазіргі таңда экстравазация себеп болатын жағымсыз әсерлерді емдеудің спецификалық әдістері белгісіз. Кейбір жағдайларда инъекция жасалған жердегі реакциялар не ұзақ құюдан кейін, не инфузиядан соң 7-10 күннен кейін пайда болады.
Жағымсыз әсерлердің пайда болу жиілігінің жіктелімі: өте жиі (>1/10); жиі (>1/100, <1/10); жиі емес (>1/1000, <1/100); сирек (>1/10,000, <1/1000); өте сирек (<1/10,000).
Өте жиі (> 1/10)
- инфекциялар (негізінен несеп шығару және жоғарғы тыныс жолдарының инфекциялары) өліммен аяқталғанға дейін
- миелосупрессия, нейтропения, анемия, тромбоцитопения, лейкопения, қан кетулер
- аса жоғары сезімталдықтың жеңіл реакциялары (негізінен, қан кернеулер және бөртпелер)
- қол мен аяқтың шаншуы және ұюы
- шеткергі нейропатия
- гипотензия
- жүректің айнуы, құсу, диарея, мукозиттер
- алопеция
- артралгия, миалгия
Жиі (> 1/100, < 1/10)
- брадикардия
- тырнақтардың және терінің өткінші орташа айқын өзгерулері
- енгізген жерде реакциялар (ісіну, ауыру, эритема, қатаю, тері астылық шелдің қабынуы, тері фиброзы және некрозының дамуын қамтуы мүмкін экстравазация)
- АСТ, сілтілік фосфатазаның айқын жоғарылауы
Жиі емес (> 1/1,000, < 1/100)
- сепсистік шок
- емдеуді қажет ететін аса жоғары сезімталдықтың айқын реакциялары (гипотензия, ангионевроздық ісіну, респираторлы дистресс синдром, жайылған есекжем, қалтырау, арқаның, кеуденің ауыруы, тахикардия, абдоминальді ауырулар, аяқ-қолдың ауырулары, терлеу және гипертензия)
- кардиомиопатия, симптомсыз қарыншалық тахикардия, экстрасистолиямен тахикардия, атриовентрикулярлы блокада, синкопальді жағдайлар, миокард инфарктісі
- гипертензия, тромбоз, тромбофлебит
- ішек бітелісі, ішектің тесілуі, ишемиялық колит, панкреатит
- қанда билирубин деңгейінің айқын жоғарылауы
Сирек (>1/10000, <1/1000)
- сепсис, перитонит, пневмония
- фебрильді нейтропения
- анафилактикалық реакциялар
- моторлы нейропатия (аздаған дистальді әлсіздікке ауысатын)
- жүрек жеткіліксіздігі
- диспноэ, плевральді жалқық, интерстициальді пневмония, өкпе фиброзы, өкпе эмболиясы, тыныс алу функциясының жеткіліксіздігі
- илеус, ішек перфорациясы, панкреатит
- қышыну, бөртпе, эритема
- астения, қызба, дегидратация, ісіну, дімкәстік
- қан креатининінің жоғарылауы
- теріге жасалған кездейсоқ инъекциядан кейінгі қабыну
Өте сирек (< 1/10,000)
- жедел миелоидты лейкоз, миелодиспластикалық синдром
- анафилактикалық шок
- анорексия
- сананың шатасуы
- автономды нейропатия (салданған ішек бітелісіне және ортостатикалық гипотензияға өтетін), үлкен құрысу ұстамалары, конвульсиялар, энцефалопатия, бас айналу, бас ауыру, атаксия
- көру жүйкесінің зақымдануы және/немесе көру бұзылыстары (жыпылықтағыш скотома), әсіресе ұсынылғаннан артық дозаларды қабылдап жүрген пациенттерде
- отоуыттылық, естуден айырылу, құлақтың шыңылдауы, бас айналу
- жүрекшелердің фибрилляциясы, суправентрикулярлы тахикардия
- шок
- жөтел
- мезентеральді тромбоз, жалған жарғақшалы колит, эзофагит, іш қату, асцит, нейтропениялық колит
- өліммен аяқталатын бауыр некрозы, бауыр энцефалопатиясы
- Стивенс-Джонсон синдромы, эпидермальді некролиз, мультиформалы эритема, эксфолиативті дерматит, везикулярлы бөртпе, онихолизис (емдеу кезінде пациенттерге қолына және табанына күннен қорғайтын заттар жағу ұсынылады)
Жиілігі белгісіз (жиілігін анықтау мұмкін емес):
- ісіктің ыдырау синдромы
- макулярлы ісіну, фотопсия, шыны тәріздес денеде жүзіп жүрген қоспалар
- флебит
- склеродермия
- жүйелік қызыл жегі
- жалпыланған тромбогемморогиялық синдром
Қан және лимфалық жүйе үшін уыттылық: сүйек кемігі функциясының бәсеңдеуі дозаны шектейтін негізгі жағымсыз әсер болып табылады. Нейтропения гематологиялық уыттылық саласында күрделі жағымсыз әсер болып табылады. Нейтропениялық қызба, өліммен аяқталатын сепсис, тромбоцитопения, қан кетулер, анемия (гемоглобин <11 г/дл).
Біріктірілген емПаклитаксел және цисплатин
Нейроуыттылық жағдайлары, негізінен, шеткергі нейропатия байқалды. Шеткергі нейропатия емдеудің алғашқы курсынан кейін көрініс беруі және паклитакселді әрі қарай енгізгенде нашарлауы мүмкін. Кейбір жағдайларда шеткергі нейропатия паклитакселді қолдануды тоқтатуға себеп болды. Әдеттегідей, паклитакселді қолдануды тоқтатқаннан кейін бірнеше ай ішінде жағдай жақсарды немесе симптомдар жоғалды. Емдеу курсының ерте сатыларындағы нейропатия паклитакселді қолдану үшін қарсы көрсетілім болып табылмайды.
Паклитакселді цисплатинмен біріктіріп қабылдаған пациенттерде гинекологиялық ісіктерді емдеу кезінде цисплатинмен монотерапиямен салыстырғанда бүйрек функциясы жеткіліксіздігінің даму қаупі ұлғаяды.
Жиі және ауыр жағымсыз әсерлер: нейроуыттылық, артралгия/миалгия, паклитаксел енгізуді кейіннен цисплатинге ұластырып қабылдаған емделушілерде, кейіннен цисплатинді енгізуге ұласатын циклофосфамид қабылдаған пациенттермен салыстырғанда, жоғары сезімталдық. Паклитакселді 3 сағаттық инфузия түрінде кейіннен цисплатинді енгізумен ұластырып қабылдаған пациенттерде, циклофосфамидті кейіннен цисплатин енгізумен ұластырып қолданумен салыстырғанда, миелосупрессия жағдайлары сирек пайда болды және айқын болған жоқ.
Нейтропения, анемия, шеткергі нейропатия, артралгия/миалгия, астения, қызба, диарея, жүректің айнуы, құсу сияқты жағымсыз әсерлер байқалды.
Паклитаксел және трастузумаб
Келесі жағымсыз әсерлер жиі пайда болады: жүрек жеткіліксіздігі, инфекциялар, қалтырау, қызба, жөтел, бөртпе, буындардың ауыруы, тахикардия, диарея, гипертония, мұрыннан қан кетулер, акне, қарапайым герпес вирусы, кездейсоқ жарақаттар, ұйқысыздық, ринит, синусит, инъекция енгізген жерде реакциялар.
Паклитаксел және доксорубицин
Жүректің жиырылуы тарапынан бұзылулар (сол жақ қарыншаның лықсу фракциясының 20%-ға және одан көпке төмендеуі), жүрек жеткіліксіздігі байқалды.
Пациенттердің айрықша топтары
Радиациялық пневмония бір мезгілде сәуле емін қабылдап жүрген пациенттерде байқалды.
ЖИТС-ке шалдыққан пациенттердегі Капоши саркомасыҚан түзу және бауыр тарапынан жағымсыз әсерлерді қоспағанда, олардың жиілігі мен айқындылығының дәрежесі, әдеттегідей, Капоши саркомасы бар пациенттер мен басқа ауқымды ісіктерде паклитакселмен монотерапия қабылдап жүрген пациенттер арасында ұқсас.
Бауыр және өт шығару жолдары тарапынан бұзылулар
Билирубин, сілтілік фосфатаза, АСТ деңгейлерінің жоғарылауы.
Қолдануға болмайтын жағдайлар
- Паклитаксел препаратына және оның қосымша заттарына, сондай-ақ дәрілік түріне майсана майының полиоксилі енетін басқа да дәрілік заттарға жоғары сезімталдық
- ауқымды ісіктері бар пациенттерде нейтрофилдердің бастапқы мөлшері 1500/мкл-ден төмен, тромбоциттер мөлшері 100000/мкл-ден төмен
- ЖИТС-ке шалдыққан пациенттерде Капоши саркомасында бастапқы (немесе емдеу үдерісінде тіркелген) нейтрофилдердің мөлшері 1000/мкл-ден аз, тромбоциттер мөлшері 75000/мкл-ден аз
- жедел инфекциялық аурулар (соның ішінде белдемелі теміреткі, желшешек, герпес)
- жүректің ишемиялық ауруының ауыр өтуі, миокард инфарктісі (сыртартқыда), аритмиялар
- бауыр функциясының ауыр бұзылулары
- Капоши саркомасында қатар жүретін ауыр инфекциялы аурулар
- жүктілік және лактация кезеңі
- 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөсірімдер
Дәрілермен өзара әрекеттесуі
Паклитакселмен және цисплатинмен бір мезгілде емдегенде паклитакселді цисплатинге дейін қолдану ұсынылады. Керісінше жағдайда жағымсыз әсерлер көрінісі күшейеді. Егер паклитаксел цисплатиннен кейін енгізілсе, бұл миелосупрессияның артуына және паклитаксел клиренсінің шамамен 20% төмендеуіне әкеледі.
Паклитаксел мен цисплатин қабылдайтын пациенттерде, гинекологиялық ісіктерді емдеу үшін цисплатинді бөлек қолданумен салыстырғанда, бүйрек жеткіліксіздігінің даму қаупі артуы мүмкін.
Паклитакселмен және доксорубицинмен бір мезгілде емдеуде доксорубицин мен оның белсенді метаболиттерінің элиминациясын төмендету үшін паклитакселді доксорубициннен кейін 24 сағаттан соң қолдану ұсынылады.
Паклитаксел метаболизмі P450 цитохромының (CYP450) CYP 2C8 және 3А4 изоферменттерімен ішінара катализденеді. Клиникалық зерттеулер адамда препараттың негізгі метаболизмдік трансформациялану жолы паклитакселдің 6α-гидроксипаклитакселге CYP 2C8-арқылы өзгеруі екенін көрсетті. CYP 2C8 қоспағанда, басқа ферменттермен клиникалық мәнді өзара әрекеттесу күтілмейді. CYP 3A4 қуатты тежегіші – кетоконазолды бір мезгілде қабылдау паклитакселдің организмнен шығарылуын баяулатпайды, сондықтан екі препаратты да бір мезгілде дозаларын түзетусіз қолдануға болады. Паклитакселдің басқа CYP 3A4 субстраттармен, индукторлармен және тежегіштерімен өзара әрекеттесуіне қатысты деректер жеткіліксіз болғандықтан, осы препараттарды бір мезгілде қолданғанда сақ болу қажет.
Паклитаксел мен өзінің CYР2C8 және CYP3A4 ферменттерін тежеу (мысалы, эритромицин, флуоксетин, гемфиброзил) немесе көтермелеу (мысалы, рифампицин, карбамазепин, фенитоин, эфавиренц, невирапин) қасиеттерімен белгілі дәрілік препараттарды бір мезгілде қолданғанда сақтық шарасын қадағалау керек, өйткені бұл паклитаксел метаболизмін өзгертуі мүмкін.
Нелфинавирмен және ритонавирмен бір мезгілде қолдану паклитакселдің жүйелік клиренсін төмендетеді. Басқа протеаза тежегіштерімен өзара әрекеттесулері туралы ақпарат бар, сондықтан Паклитаксел протеаза тежегіштерін қатарлас ем ретінде алып жүрген пациенттерде сақтықпен тағайындалуы тиіс.
Айрықша нұсқаулар
Паклитаксел препаратын қолдану ісікке қарсы химиялық емдеу препараттарымен жұмыс істеу тәжірибесі бар дәрігердің бақылауымен жүзеге асырылуы тиіс. Паклитаксел препараты цитоуытты зат болып табылады, онымен жұмыс жасаған кезде сақ болу, қолғап қолдану және оны тері немесе шырышты қабықтарға тигізіп алмау қажет. Жоғары сезімталдықтың ауыр реакциялары дамыған жағдайда Паклитаксел препаратын қолдануды дереу тоқтатқан және симптоматикалық ем жүргізген жөн, сонымен қатар препаратты қайталап енгізу керек емес.
Экстравазация мүмкін болатындықтан, препаратты енгізу кезінде инфильтраттың пайда болуы тұрғысынан инъекция енгізілген жерге мұқият тексеру жүргізу ұсынылады.
Паклитаксел енгізер алдында барлық емделушілер кортикостероидтық, антигистаминдік препараттармен және Н2 рецепторларының антагонистерімен премедикациядан өтуі тиіс.
Диспноэ, гипотензия, ангионевроздық ісіну және жайылған есекжем түрінде өткен аса жоғары сезімталдықтың ауыр реакциялары сирек байқалады (талапқа сай премедикациядан өткен пациенттердің 1%-ынан азында). Аса жоғары сезімталдық реакцияларының алғашқы белгілерінде Паклитаксел Эбеве препаратын қолдану дереу тоқтатылуы тиіс. Симптоматикалық емдеуді бастау қажет, мұндайда Паклитаксел Эбеве препаратын пациентке әрі қарай тағайындамаған жөн.
Миелосупрессия (бірінші кезекте нейтропения) дозаны шектейтін уыттылық болып табылады. Паклитаксел препаратымен емдеу кезінде қан талдауын бақылау қажет. Пациенттер Паклитаксел препаратын, нейтрофилдер деңгейі ≥ 1,500/мм3 (≥1,000/мм3 (Капоши саркомасында ≥100,00/мм3) және тромбоциттер деңгейі ≥100,00/мм3 болатын (Капоши саркомасында ≥75,000/мм3) қалпына оралмайынша қабылдамауы тиіс. Анемияның даму айқындылығы мен жиілігінің гемоглобиннің бастапқы көрсеткіштерімен байланысы бар.
Жүрек өткізгіштігінің айқын бұзылулары Паклитаксел препаратымен монотерапия түрінде емдеуден кейін сирек байқалады. Егер пациенттерде емделу кезінде жүрек өткізгіштігінің айқын бұзылулары дамыса, онда тиісті емді бастаған жөн, және Паклитаксел препаратын кейіннен қолданғанда жүрек-қантамыр функциясын үнемі бақылап отыру қажет.
Гипотония немесе гипертония, брадикардия Паклитаксел препаратын қолдану кезінде байқалуы мүмкін; әдетте олар симптомсыз өтеді және қандай да болсын емделуді қажет етпейді. Әсіресе Паклитаксел препаратын енгізудің алғашқы сағаты кезінде өмірлік маңызды функциялардың көрсеткіштерін ұдайы бақылау ұсынылады. Жүрек-қантамыр жүйесі тарапынан айқын асқынулар, сүт безінің немесе аналық бездердің обыры бар пациенттерге қарағанда, өкпенің ұсақ жасушалы емес обыры бар пациенттерінде жиі байқалады. Паклитаксел препаратын қабылдаумен байланысты жүрек функциясы жеткіліксіздігінің жеке жағдайы ЖИТС-ке шалдыққан емделушілерде Капоши саркомасын емдеген кездегі клиникалық зерттеулерде анықталды.
Паклитаксел препаратын сүт безінің метастаздық обырының бірінші желілі емдеуде доксорубицинмен немесе трастузумабпен біріктіріп қолданғанда жүрек қызметіне ерекше бақылау жүргізу қажет. Осы біріктірілімде Паклитаксел препаратымен ем жүргізу жоспарланған пациенттер, сыртартқысын қоса, жүрек қызметінің алдын ала тексерілуінен, клиникалық байқаудан, ЭКГ-ден, эхокардиографиядан және/немесе миокардты сканирлеуден өткізілуі тиіс. Жүрек қызметі емнің бүкіл кезеңі ішінде (мысалы, әрбір 3 ай сайын) бақылануы тиіс. Мониторинг жүрек-қантамыр жүйесі тарапынан бұзылулар дамыған пациенттерді анықтауға жәрдемдеседі, және емдеуші дәрігер жүректің вентрикулярлы функциясын зерттеу жиілігіне қатысты шешім қабылдағанда антрациклиндердің жинақталу (мг/м2) дозасына мұқият баға беруі тиіс. Егер тексеру жүрек-қантамыр қызметінің нашарлағанын анықтаса, тіпті ол клиникалық тұрғыдан көрініс бермесе де, жүрек-қантамыр қызметінің, соның ішінде қайтымсыз, бұзылу қаупімен байланысты емдеуді әрі қарай жалғастырудың пайда/қаупі арақатынасына мұқият баға беруі тиіс. Егер емдеу жалғастырылса, онда жүрек-қантамыр қызметіне емделудің әрбір 1-2 курсы сайын ұдайы бақылау жүргізу қажет.
Шеткергі нейропатия жиі білінсе де, айқын симптомдар сирек дамиды. Ауыр жағдайларда емдеудің кейінгі барлық курстары ішінде Паклитаксел дозасын 20%-ға (ЖИТС-ке шалдыққан пациенттердегі Капоши саркомасында 25%-ға) төмендету ұсынылады. Айқын нейроуыттылық бірінші желілі химиялық ем ретінде Паклитаксел препаратын 3 сағаттық инфузия түрінде цисплатинмен біріктіріп қабылдаған, өкпенің ұсақ жасушалы емес обыры және аналық бездер обыры бар пациенттерде тек Паклитаксел препаратын ғана немесе циклофосфамидті кейіннен цисплатинді енгізумен ұластырып қабылдаған емделушілерге қарағанда жиі дамиды.
Бауыр функциясының жеткіліксіздігі бар пациенттерде уыттылықтың, атап айтқанда, III-IV дәрежедегі миелоуыттылықтың даму қаупінің жоғары болатыны байқалады. Бауыр функциясының жеңіл бұзылулары бар емделушілерге 3 сағаттық инфузия түрінде тағайындағанда паклитакселдің уыттылығының жоғарылауын айғақтайтын деректер жоқ.
Паклитаксел препаратын өте ұзақ инфузия түрінде тағайындағанда миелосупрессия бауыр функциясының орташа-айқын және айқын жеткіліксіздігі бар пациенттерде байқалуы мүмкін. Пациенттер терең миелосупрессияның дамуына мұқият бақылануы тиіс. Бауыр функциясының айқын жеткіліксіздігі бар пациенттер Паклитаксел препаратымен ем қабылдамауы тиіс.
Паклитаксел препаратының құрамында этанол (395 мг/мл) бар, ОЖЖ-ге ықтимал әсерін және ықпал етудің басқа да түрлерін ескерген жөн.
Ауыр тіндік реакцияларды туындататындықтан, Паклитаксел Эбеве препаратының артерия ішіне еніп кетуіне жол бермеу үшін сақтық таныту қажет.
Жалған жарғақшалы колит, бір мезгілде антибиотиктермен ем жүргізілмеген пациенттерді қоса, сирек байқалады. Мұны Паклитаксел препаратымен ем жүргізу кезінде немесе ем жүргізуден кейін бірден пайда болатын айқын және персистерлейтін диарея жағдайында дифференциальді диагноз жүргізгенде ескеру қажет.
Паклитаксел препаратын өкпені сәулелендірумен біріктіру, әсер етуінің бірізділігіне қарамай-ақ, интерстициальді пневмониттің дамуына мүмкіндік береді.
Рецептор оң нәтижелі ісікте гормондық контрацепцияны қолдануға болмайды.
Капоши саркомасы бар пациенттерде мукозиттің ауыр түрлері сирек байқалады. Егер мукозит бәрібір дамыса, Паклитаксел препаратының дозасын 25%-ға төмендету қажет.
Жүктілік және лактация кезеңі
Паклитакселді жүктілікте және лактация кезеңінде қолдануға болмайды.
Бала туа алатын жастағы әйелдер паклитакселмен емделу кезінде жүкті болуға жол бермегені жөн және, егер бұл орын алса, онда емдейтін дәрігерін бұдан бірден хабардар ету керек.
Паклитакселмен емделу кезінде бала туа алатын пациенттер (әйелдер және еркектер) емдеуді аяқтағаннан кейін, ең кемінде, 6 ай бойы контрацепцияның сенімді әдістерін пайдаланғандары жөн. Пациент-еркектер, белсіздік дамуы мүмкін болғандықтан, паклитакселмен емделуді бастамас бұрын спермасын криоконсервациялауға қатысты кеңес алуы тиіс.
Көлік құралын немесе қауіпті механизмдерді басқару қабілетіне дәрілік заттың ықпал ету ерекшеліктері
Паклитаксел препаратының құрамында этанолдың болуы салдарынан, көлік құралын немесе қауіпті механизмдерді басқару қабілеті төмендеуі мүмкін.
Үйлесімсіздік
Паклитаксел-Келун-Казфарм құрамына майсана майының полиоксилі кіргендіктен пластифицирленген поливинилхлоридінен DEHF-ң сілтілендіруін жүргізуі мүмкін. Осы үдерістің қарқындылығы полиоксиэтилденген майсана майының концентрациясы мен әсер ету ұзақтығына байланысты. Сол себепті, инфузияға арналған ерітіндіні дайындау, сақтау және енгізу үшін құрамында ПВХ жоқ жабдық пайдаланылуы тиіс.
Басқа еріткіштермен қолануға болмайды, тек «Қолдану тәсілі және дозалары» бөлімінде көрсетілгендерден басқа.
Артық дозалануы
Симптомдары: сүйек кемігінің аплазиясы, шеткергі нейропатия, мукозиттер.
Емі: симптоматикалық ем жүргізіледі. Арнайы у қайтарғысы жоқ.
Шығарылу түрі және қаптамасы
Көкшіл түсті алмалы-салмалы пластик қақпағы бар алюминий қалпақшаның көмегімен қаусырылған, резеңкі тығыны бар І типті түссіз шыныдан жасалған құтыда концентрат 50 мл-ден
1 құтыдан медициналық қолдану жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапшаға салады.
Сақтау шарттары
Жарықтан қорғалған жерде, 25°С-ден аспайтын температурада сақтау керек.
Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!
Сақтау мерзімі
2 жыл.
Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды.
Дәріханалардан босатылу шарттары
Рецепт арқылы
Өндіруші/қаптаушы
«Kelun-Kazpharm» ЖШС (Келун-Казфарм), Алматы облысы, Қарасай ауданы, Елтай а/о, Көкөзек ауылы
Тіркеу куәлігінің иесі
«Kelun-Kazpharm» ЖШС (Келун-Казфарм), Қазақстан
Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан өнімнің (тауардың) сапасына қатысты шағымдарды қабылдайтын ұйымның мекенжайы:
«Kelun-Kazpharm» ЖШС (Келун-Казфарм), Алматы облысы, Қарасай ауданы, Елтай а/о, Көкөзек ауылы, тел/факс: 8 (727) 312-14-01
e-mail: kelun-kazpharm@mail.ru
Қазақстан Республикасы аумағында дәрілік заттың тіркеуден кейінгі қауіпсіздігін қадағалауға жауапты ұйым:
«Kelun-Kazpharm» ЖШС (Келун-Казфарм), Алматы облысы, Қарасай ауданы, Елтай а/о, Көкөзек ауылы, тел/факс: 8 (727) 312-14-01
e-mail: kelun-kazpharm@mail.ru