Ноксафил® (100 мг)

МНН: Позаконазол
Производитель: Н.В. Органон
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Posaconazole
Номер регистрации в РК: № РК-ЛС-5№122091
Информация о регистрации в РК: 03.02.2021 - бессрочно

Инструкция

Саудалық атауы

Ноксафил®

Халықаралық патенттелмеген атауы

Позаконазол

Дәрілік түрі, дозасы

Ішекте еритін қабықпен қапталған 100 мг таблеткалар

Фармакотерапиялық тобы

Жүйелі пайдалануға арналған инфекцияға қарсы препараттар. Жүйелі қолдануға арналған зеңге қарсы препараттар. Триазол туындылары.

Позаконазол.

АТХ коды J02AC04

Қолданылуы

ересектердегі зең инфекцияларын емдеу:

- В амфотерицинге, итраконазолға резистентті пациенттерде немесе осы препараттар жақпайтын пациенттердегі инвазиялық аспергиллезде

- B амфотерицинге резистенттілігі бар пациенттердегі немесе В амфотерицин жақпайтын пациенттердегі фузариозда

- итраконазолға резистенттілігі бар немесе итраконазол жақпайтын пациенттердегі хромобластомикоз бен мицетомада

- В амфотерицинге, итраконазолға немесе флуконазолға резистенттілігі бар немесе бұл препараттар жақпайтын пациенттердегі кокцидиоидомикозда.

Төзімділігі инфекцияның өршуі немесе зеңге қарсы кем дегенде 7 күн емдеуден кейін жақсарудың болмауымен анықталады.

- инвазиялық зең инфекцияларының профилактикасы:

- жедел миелогендік лейкозды немесе инвазиялық зең инфекциялары дамуының жоғары қаупімен ұзақ нейтропенияға әкеп соғуы мүмкін миелодисплазиялық синдромды емдеген кезде ремиссияны индукциялау үшін химиялық емде

- инвазиялық зең инфекциялары дамуының жоғары қаупімен «иесіне қарсы трансплантат» реакциясына жол бермеу үшін иммунодепрессанттардың жоғары дозаларын қабылдап жүрген, гемопоэздік дің жасушалары трансплантаттарының реципиенттерінде

Орофарингеальді кандидозды емдеу жөнінде нұсқау үшін позаконазол ішке қабылдауға арналған суспензиясының медициналық қолдану жөніндегі нұсқаулығын қараңыз.

Қолдануды бастағанға дейін қажетті мәліметтер тізбесі

Қолдануға болмайтын жағдайлар

  • әсер етуші затқа немесе қосымша заттардың кез келгеніне аса жоғары сезімталдық

  • қастауыш алкалоидтарымен бір мезгілде қолдану

  • CYP3A4 субстраттарымен: терфенадинмен, астемизолмен, цизапридпен, пимозидпен, галофантринмен немесе хинидинмен бір мезгілде қолдану, өйткені осы дәрілік заттардың жоғары плазмалық концентрациялары QT аралығының ұзаруына және, өте сирек қарыншалық тахикардияның «пируэт» (torsades de poіntes) типінің дамуына әкеп соғуы мүмкін

  • ГМГ-КоА-редуктаза тежегіштерімен: симвастатинмен, ловастатинмен және аторвастатинмен бір мезгілде қолдану

Басқа дәрілік препараттармен өзара әрекеттесуі

Басқа дәрілік препараттардың позаконазолдың фармакокинетикасына әсер етуі

Ноксафил® препараты УДФ (ІІ фазаның ферменттік реакциясы) глюкурондау жолымен метаболизденеді және р-гликопротеинмен (Р-gp) in vitro шығару үшін субстрат болып табылады. Демек, метаболизмнің осындай жолдарының тежегіштері (мысалы, верапамил, циклоспорин, хинидин, кларитромицин, эритромицин, және басқалар) немесе индукторлары (мысалы, рифампицин, рифабутин, кейбір спазмолитиктер және басқалар) плазмада Ноксафил® препаратының концентрациясын, сәйкесінше, арттыруы немесе төмендетуі мүмкін.

Рифабутин (300 мг тәулігіне 1 рет) Ноксафил® препаратының Сmax және AUC мәндерін, сәйкесінше, 57%-ға және 51%-ға төмендетті. Ноксафил® препараты мен рифабутинді және ұқсас индукторларды (мысалы, рифампицин), оларды қолданудың пациент үшін артықшылығы қаупінен басым жағдайлардан басқасында, бір мезгілде қолдануға жол бермеген жөн (төменде рифабутиннің плазмалық деңгейіне позаконазолдың ықпалы жөніндегі ақпаратты қараңыз).

Эфавиренз (тәулігіне 1 рет 400 мг) Ноксафил® препаратының Сmax және AUC мәндерін, сәйкесінше, 45%-ға және 50%-ға төмендетті. Егер қолданудың пациент үшін артықшылығы қаупінен басым болмаса, Ноксафил® препараты мен эфавирензді бір мезгілде қолдануға жол бермеген жөн.

Фосампренавир

Фосампренавирді Ноксафил® препаратымен бірге қолдану қан плазмасында Ноксафил® препаратының концентрациясының төмендеуіне әкеп соғуы мүмкін. Фосампренавирді Ноксафил® препаратымен бірге қолдану қажет болған жағдайда зең инфекцияларының таралуы мүмкін болғандықтан, емдеу тиімділігін өте мұқият бақылау қажет.

Фосампренавир дозасын (10 күн бойы тәулігіне 2 рет 700 мг) қайталап енгізу Ноксафил® препаратының (1 Күні тәулігіне 1 рет 200 мг, 2 Күні тәулігіне 2 рет 200 мг, содан кейін тәулігіне 2 рет 400 мг 8 күн бойы) Сmax және AUC мәндерін, сәйкесінше, 21%-ға және 23%-ға төмендетеді. Фосампренавирді ритонавирмен бірге қолданғанда позаконазолдың фосампренавирдің деңгейіне ықпалы қазіргі таңда анықталған жоқ.

Фенитоин (тәулігіне 1 рет 200 мг) Ноксафил® препаратының Сmax және AUC мәндерін, сәйкесінше, 41%-ға және 50%-ға төмендетті. Егер қолданғанда пациент үшін артықшылығы қаупінен басым болмаса, Ноксафил® препаратын және фенитоинды және соған ұқсас индукторларды (мысалы, карбамазепин, фенобарбитал, примидон сияқты) бір мезгілде қолдануға жол бермеген жөн.

H2-гистаминдік рецепторларының антагонистері, протонды помпа тежегіштері (ППТ).

Ноксафил® препаратының таблетка түрін антацидтермен, H2-рецепторының антагонистерімен немесе протонды помпа тежегіштерімен бірге тағайындағанда клиникалық тұрғыдан маңызды әсерлер байқалған жоқ, сондықтан дозаны түзету қажет емес.

Позаконазолдың басқа дәрілік препараттарға әсері

Позаконазол CYP3A4 күшті тежегіші болып табылады. Позаконазолды CYP3A4 субстраттарымен (такролимуспен, сиролимуспен, атазанавирмен және мидазоламмен) бір мезгілде тағайындау соңғыларының әсерін едәуір күшейтуі мүмкін. Позаконазолды вена ішіне (в/і) енгізілетін CYP3A4 субстраттарымен абайлап тағайындаған жөн; CYP3A4 субстраттарының дозасын төмендету қажет болуы мүмкін. Позаконазолды кейбір ішілетін CYP3A4 субстраттарымен бірге қабылдағанда соңғыларының плазмалық концентрациясының артқаны байқалады, ол қолайсыз жағымсыз реакциялардың дамуымен қатар жүруі мүмкін. Мұндай жағдайда CYP3A4 субстраттарының плазмалық концентрацияларының және/немесе жағымсыз реакциялардың бақылануын қамтамасыз ету, және қажет болғанда дәрілік препараттың дозасын түзету қажет.

Дені сау еріктілерде өзара әрекеттесуіне жүргізілген кейбір зерттеулерде позаконазол концентрациясы препараттың дәл сондай дозасын алған пациенттермен салыстырғанда жоғарырақ болды.

Науқастарда позаконазолдың CYP3A4 субстраттарына әсері дені сау еріктілерге қарағанда аздап әлсіздеу болуы мүмкін, және күткендегідей, әртүрлі пациенттерде айырмашылығы болады. Егер позаконазолды тамақпен бірге қатаң стандартты түрде енгізбесе, позаконазолды CYP3A4 субстраттарының плазмалық деңгейлеріне бірге енгізудің ықпалы да өзгеруі мүмкін.

Терфенадин, астемизол, цизаприд, пимозид, галофантрин және хинидин (CYP3A4 субстраттары)

Позаконазол мен терфенадинді, астемизолды, цизапридті, пимозидті, галофантринді немесе хинидинді бірге тағайындауға болмайды. Бірге енгізу осы дәрілік заттардың плазмалық концентрацияларының артуына әкелуі мүмкін, ол QT аралығының ұзаруына және сирек жағдайларда «пируэт» типті қарыншалық тахикардияның (torsades de pointes) дамуына әкеп соғады.

Қастауыш алкалоидтары

Ноксафил® препараты қастауыш алкалоидтарының (эрготамин және дигидроэрготамин) плазмалық концентрацияларын арттыруы мүмкін, ол эрготизмді туындатуы мүмкін. Қастауыш алкалоидтары мен Ноксафил® препаратын бір мезгілде қолдануға болмайды.

CYP3A4 арқылы алғаш метаболизденетін ГМГ-КоА-редуктаза тежегіштері (мысалы, симвастатин, ловастатин және аторвастатин). Ноксафил® препараты CYP3A4 метаболизденетін ГМГ-КоА-редуктаза тежегіштерінің плазмалық деңгейін айтарлықтай арттыруы мүмкін. ГМГ-КоА-редуктазасының осы тежегіштерін пайдалану позаконазолмен ем жүргізу кезінде тоқтатқан жөн, өйткені жоғары деңгейлер жедел рабдомиолиздің дамуына әкеп соғуы мүмкін.

Қабіршөп алкалоидтары

Қабіршөп алкалоидтарының көпшілігі (мысалы, винкристин және винбластин) CYP3A4 субстраттары болып табылады. Позаконазол мен винкристинді қоса, азольді фунгицидтерді бірге қолдану күрделі жағымсыз реакцияларға әкеліп соғуы мүмкін («Айрықша нұсқаулар» бөлімін қараңыз). Позаконазол қанда қабіршөп алколоидтарының концентрациясын арттыруы мүмкін, ол нейроуыттылыққа және басқа күрделі жағымсыз реакцияларға әкеліп соғуы мүмкін. Сондықтан, зеңге қарсы емдеудің баламалы нұсқалары болмаған жағдайда винкристинді қоса, қабіршөп алколоидтарын қабылдайтын пациенттерге азольді фунгицидтерді, оның ішінде позаконазолды сақтықпен қолдану керек.

Рифабутин

Ноксафил® препараты рифабутиннің Сmax және AUC мәндерін, сәйкесінше, 31%-ға және 72%-ға арттырды. Егер қолданғанда пациенттер үшін артықшылығы қаупінен басым болмаса, Ноксафил® препараты мен рифабутинді бір мезгілде қолдануға жол бермеген жөн (сондай-ақ жоғарыдағы рифабутиннің плазмадағы позаконазол деңгейіне әсер етуіне қатысты ақпаратты қараңыз). Осы препараттарды бір мезгілде қолданғанда қан формуласын және рифабутин концентрациясының жоғарылауымен байланысты жағымсыз әсерлердің (мысалы, увеиттің) дамуын мұқият бақылау ұсынылады.

Сиролимус

Ноксафил® препаратын қайталанған (16 күн бойы тәулігіне 2 рет 400 мг) дозасын енгізу дені сау пациенттерде сиролимустың (бір реттік дозасы - 2 мг) Сmax және AUC мәндерін орта есеппен, сәйкесінше, 6.7 және 8.9 есеге (3.1 - 17.5 есе ауқымда) арттырды. Қазіргі таңда позаконазолдың экспозициясының жекелей құбылмалылығына байланысты өзгеріп отырады деп болжам жасалса да, позаконазолдың сиролимусқа әсері жөнінде деректер жоқ. Позаконазол мен сиролимусты бірге тағайындау ұсынылмайды және, мүмкіндігінше, оған жол бермеген жөн. Егер мұндай тағайындауға жол бермеу мүмкін болмаса, онда позаконазолмен емдеуді бастаған кезде сиролимустың дозасын едәуір төмендету ұсынылады. Сондай-ақ позаконазолмен бірге емдеуге дейін, емдеу кезінде және емдеуден кейін қандағы сиролимустың ең төмен концентрациясын ұдайы бақылау және сиролимустың дозасына тиісінше түзету жүргізу қажет. Позаконазолмен бірге тағайындаған кезде қан плазмасында сиролимустың ең төмен концентрациясы мен AUC арақатынасы өзгеруі мүмкін. Осылай тағайындаудың нәтижесінде әдетте емдік шекте болатын сиролимустың ең төмен концентрациясы емдік жауап беру үшін жеткіліксіз болуы мүмкін. Сондықтан сиролимустың ең төмен концентрациясын емдік шектің жоғарғы шегіне жеткізуге ерекше көңіл бөлу қажет. Клиникалық белгілер мен симптомдарды, зертханалық көрсеткіштерді және тіндердің биопсиясын бақылау қажет.

Циклоспорин

Жүрегін ауыстырып салған және циклоспориннің тұрақты дозасын қолданып жүрген пациенттерде, тәулігіне 1 рет 200 мг дозада Ноксафил® препараты қанда циклоспорин концентрациясын арттырды, бұл соңғысының дозасын төмендетуді қажет етті. Клиникалық зерттеулерде нефроуыттылыққа әкеліп соққан циклоспорин деңгейGfcінің жоғарылауы салдарынан ауыр жағымсыз реакциялардың даму жағдайлары және өліммен аяқталған лейкоэнцефалопатияның бір жағдайы орын алды. Ноксафил® препаратын циклоспоринді қабылдап жүрген пациенттерге қолдануды бастар алдында соңғысының дозасын (мысалы, нақты дозаның 3/4 бөлігіне дейін) төмендету керек. Ноксафил® препаратымен емдеу кезінде және оны аяқтағаннан кейін қандағы циклоспорин концентрациясын, қажет болғанда циклоспорин дозасын түзете отырып, мұқият бақылаған жөн.

Такролимус

Ноксафил® препараты такролимустың (бір ретік доза – дене салмағының әр кг шаққанда 0.05 мг) Сmax және AUC мәндерін, сәйкесінше, 121%-ға және 358%-ға арттырды. Ауруханаға жатқызуды және/немесе Ноксафил® препаратын тоқтатуды қажет ететін клиникалық тұрғыдан маңызды дәрілік өзара әрекеттесу жағдайлары белгілі. Ноксафил® препаратын такролимусты қабылдап жүрген пациенттерге қолдануды бастар алдында, соңғысының дозасын (мысалы, нақты дозаның 1/3 бөлігіне дейін) төмендету қажет. Ноксафил® препаратымен емдеу кезеңінде және оны аяқтағанда қандағы такролимус концентрациясын, қажет болғанда такролимус дозасын түзете отырып, мұқият бақылау керек.

АИТВ-протеаза тежегіштері

АИТВ-протеаза тежегіштері CYP3A4 субстраты болып табылатындықтан, Ноксафил® препараты плазмада олардың деңгейін арттырады деп күтіледі. Ноксафил® препаратын (дені сау пациенттерде 7 күн бойы тәулігіне 2 рет 400 мг) қолдану атазанавирдің (7 күн бойы тәулігіне 1 рет 300 мг) Сmax және AUC мәндерін орта есеппен, сәйкесінше, 2.6 және 3.7 есеге (1.2 - 26 есе ауқымында) арттырады. Ноксафил® препаратын (7 күн бойы тәулігіне 2 рет 400 мг) бірге тағайындағаннан кейін ритонавирмен бір мезгілде қолданғанда (7 күн бойы тәулігіне 1 рет 300 мг атазанавир + 100 мг ритонавир) атазанавирдің Сmax және AUC мәндері орта есеппен, сәйкесінше, 1.5 және 2.5 есеге (0.9-4.1 есе ауқымында) жоғарылайды. Позаконазолды атазанавирмен немесе атазанавир + ритонавирмен емдеуге қосу қан плазмасында билирубин деңгейінің жоғарылауына әкелді. CYP3A4 цитохромы арқылы метаболизденетін антиретровирустық препараттарды Ноксафил® препаратымен бірге қолданған жағдайда ықтимал жағымсыз және уытты реакцияларды дер кезінде анықтау мақсатында мұқият бақылау жүргізу ұсынылады.

Мидазолам және CYP3A4 изоферментімен метаболизденетін бензодиазепиндер. Ішке қабылдауға арналған позаконазол суспензиясына (10 күн бойы тәулігіне 2 рет 200 мг) дені сау еріктілердің қатысуымен жүргізілген зерттеу мидазоламның (0.05 мг/кг в/і) AUC экспозициясы 83%-ға артқанын көрсетті. Басқа клиникалық зерттеуде дені сау еріктілерде позаконазолдың қайталанған дозасын (7 күн бойы тәулігіне 2 рет 200 мг) енгізу мидозоламның Сmax және AUC мәндерін (бір реттік доза - 0.4 мг в/і) орта есеппен, сәйкесінше, 1.3 және 4.6 есеге арттырды (1.7-6.4 есе ауқымында). Ноксафил® препаратын 7 күн бойы тәулігіне 2 рет 400 мг дозада қолдану мидазоламның Сmax және AUC мәндерін (оны в/і енгізгенде), сәйкесінше, 1.6 және 6.2 есеге (1.6-7.6 есе ауқымда) арттырды. Ноксафил® препаратын дозалаудың екі режимі де мидазоламның (бір реттік доза – ішке 2 мг) Сmax және AUC мәндерін, сәйкесінше, 2.2 және 4.5 есеге арттырды. Ноксафил® препаратын (200 мг немесе 400 мг) мидазоламмен бір мезгілде қолданғанда мидазоламның жартылай шығарылу кезеңін шамамен 3 - 4 сағаттан 8 - 10 сағатқа дейін ұзартады.

Позаконазолды CYP3A4 изоферментімен метаболизденетін бензодиазепиндермен (мысалы, мидазолам, триазолам, алпразолам) бірге тағайындағанда, седативтік әсерінің ұзару қаупіне байланысты, дозаны түзету ұсынылады.

CYP3A4 изоферментімен метаболизденетін кальций өзектерінің блокаторлары (мысалы, дилтиазем, верапамил, нифедипин, нисолдипин). Ноксафил® препаратымен бір мезгілде қолданғанда кальций өзекшелерінің блокаторларын қолданумен байланысты жағымсыз және уытты реакцияларға жиі мониторинг жүргізу және қажет болғанда олардың дозасын түзету ұсынылады.

Дигоксин

Басқа азолдарды енгізу дигоксин деңгейінің жоғарылауымен байланысты болды. Позаконазол қан плазмасында дигоксиннің концентрациясын арттыруы мүмкін, сондықтан позаконазолмен емдеуге түрткі болғанда немесе тоқтатқанда дигоксиннің деңгейін тексерген жөн.

Сульфонилмочевина туындылары

Кейбір дені сау еріктілерде позаконазолды глипизидпен бір мезгілде енгізген кезде глюкоза концентрациясының төмендегені байқалды. Қант диабеті бар науқастарда глюкоза деңгейіне мониторинг ұсынылады.

Арнайы ескертулер

Аса жоғары сезімталдық

Қазіргі таңда позаконазол мен зеңге қарсы азолдар тобына жататын басқа да препараттар арасында айқаспалы сезімталдыққа қатысты ақпараттар жоқ. Позаконазолды басқа азолдарға аса жоғары сезімталдығы бар пациенттерге қолданғанда сақтық танытқан жөн.

Бауыр жеткіліксіздігі

Бауыр тарапынан реакциялар (мысалы, АЛТ, АСТ, сілтілік фосфатаза белсенділігінің, қан сарысуындағы жалпы билирубин мөлшерінің әлсіз немесе орташа жоғарылауы, және/немесе клиникалық айқын гепатит). Бауырдың функционалдық сынамалары көрсеткіштерінің жоғарылауы әдетте емді тоқтатқаннан кейін қайтымды, кейбір жағдайларда функционалдық көрсеткіштердің қалыпқа келуі емдеуді тоқтатпай-ақ байқалған. Бауыр тарапынан өліммен аяқталған ауыр бұзылулар өте сирек туындады. Ноксафил® препаратын бауыр функциясы бұзылған пациенттерде, клиникалық тәжірибесінің шектеулі болуына байланысты және мұндай пациенттерде плазмадағы позаконазол деңгейлері жоғары болуы мүмкін болғандықтан, абайлап пайдаланған жөн.

Бауыр функциясына мониторинг жүргізу

Позаконазолмен емдеуді бастар алдында және емдеу барысында бауыр функциясын тексеру қажет. Тестілер деректерінің ауытқуы бауырдың өте ауыр зақымдалуының даму дабылы болуы мүмкін, сондықтан бауыр тестілерінде өзгерістері бар пациенттердің жағдайын ұдайы бақылау қажет. Ем барысында, бауыр сынамаларын және билирубин деңгейін бақылауды қоса, бауыр функциясына зертханалық талдама жүргізу қажет. Егер клиникалық белгілер мен симптомдар бауыр ауруының бар екенін көрсетсе, Ноксафил® препаратымен емдеуді тоқтату мүмкіндігін қарастыру қажет.

QT аралығының ұзаруы

Кейбір азолдар QT аралығының ұзаруына әкелді. Позаконазолды CYP3A4 субстраттары болып табылатын және QT аралығын ұзартатын препараттармен бірге қолданбаған жөн. Ноксафил® препаратын жүрек ырғағының бұзылу қаупі жоғары пациенттерге қолданғанда сақтық танытқан жөн, атап айтқанда:

- QT аралығының туа біткен немесе жүре пайда болған ұзаруында

- кардиомиопатия бар болғанда, әсіресе жүрек жеткіліксіздігімен бірге

- синустық брадикардияда

- диагностикаланған симптоматикалық аритмияда

- QT аралығын ұзартатын дәрілік заттарды пайдаланғанда

Электролиттік теңгерімді, әсіресе қан сарысуындағы калий, магний және кальций мөлшерін бақылаған және, қажет болғанда, Ноксафил® препаратымен емдеуді бастар алдында және емдеу кезінде тиісті түзету жүргізген жөн. Позаконазол CYP3A4 тежегіші болып табылады және CYP3A4 изоферментімен метаболизденетін басқа дәрілік заттармен емдеу кезіндегі көрсетілімдері бойынша белгілі бір жағдайларда ғана пайдаланылуы тиіс.

Винкристиннің уыттылығы

Азольді фунгицидтерді, позаконазол мен винкристинді қоса, бірге қолдану құрысуларды, шеткері нейропатияны, диурезге қарсы гормонның талапқа сай емес секрециясы синдромын және ішектің салданған бітелісін қамтитын басқа да күрделі жағымсыз реакцияларға әкеліп соғуы мүмкін. Зеңге қарсы емдеудің баламалы нұсқалары болмаған жағдайда, қабіршөп алкалоидін, оның ішінде винкристинді қабылдайтын пациенттерге азольді фунгицидтерді, позаконазолды қоса, сақтықпен қолдану керек («Басқа дәрілік препараттармен өзара әрекеттесуі» бөлімін қараңыз).

Асқазан-ішек жолы (АІЖ) тарапынан бұзылулар

Қазіргі таңда ауыр диареяны қоса, АІЖ бұзылулары бар пациенттерде фармакокинетикасы жөнінде деректер жеткіліксіз. Сондықтан ауыр дәрежедегі диареясы немесе құсу орын алған пациенттердің жағдайын зең инфекцияларын анықтау үшін бақылау қажет.

Бактерияларға қарсы рифампицин препараттары (рифампицин, рифабутин), құрысуға қарсы кейбір препараттар (фенитоин, карбамазепин, фенобарбитал, примидон) және эфавиренз

Осы препараттармен бірге тағайындаған кезде позаконазолдың концентрациясы едәуір төмендеуі мүмкін, сондықтан пациент үшін пайдасы қаупінен басым болған жағдайларды қоспағанда, осы препараттарды позаконазолмен бірге қолдануға жол бермеген жөн.

Мидазолам және CYP3A4 цитохромы арқылы метаболизденетін басқа да бензодиазепиндер.

Ұзақ седативтік әсердің дамуы және тыныс орталығының тежелу қаупінің дамуы мүмкін болғандықтан, позаконазолды CYP3A4 цитохромы арқылы метаболизденетін бензодиазепамдармен (мысалы, мидазолам, триазолам, алпразолам) бірге тағайындау көрсетілімдер бойынша ғана мүмкін болады. CYP3A4 қатысуымен метаболизденетін бензодиазепиндердің дозаларын түзету мүмкіндігін қарастыру қажет.

Қан плазмасындағы позаконазолдың концентрациясы

Позаконазолдың таблетка түрін қабылдағаннан кейін қан плазмасындағы позаконазолдың мөлшері позаконазол суспензиясын қабылдағаннан кейінгіге қарағанда жоғары болды. Кейбір пациенттерде позаконазолдың таблетка түрін қабылдағаннан кейін позаконазолдың концентрациясы уақыт өте келе артуы мүмкін. Қазіргі таңда позаконазолдың таблетка түрінің жоғарырақ дозаларының қауіпсіздігі жөніндегі деректер шектеулі.

Балалар

Дәрілермен өзара әрекеттесу зерттеулері тек ересектерде жүргізілді.

Жүктілік және лактация кезеңі

Қазіргі таңда позаконазолды жүкті әйелдерге қолдану жөнінде ақпарат жеткіліксіз. Жануарларға жүргізілген зерттеулер тұқым өрбітуге уыттылығын көрсетті. Адамдар үшін әлеуетті қаупі белгісіз. Бала туу жасындағы әйелдер ем кезінде тиімді контрацепцияны пайдалануы тиіс. Позаконазол, пайдасы шарана үшін қаупінен басым болатын жағдайлардан басқасында, жүктілік кезінде қолданылмауы тиіс.

Позаконазол лактациядағы егеуқұйрықтарда сүтпен бірге бөлініп шығады. Позаконазолдың емшек сүтіне бөлініп шығуы зерттелген жоқ. Позаконазолмен ем тағайындаған кезде емшек емізу тоқтатылуы тиіс.

Дәрілік заттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне ықпал ету ерекшеліктері

Ноксафил® препаратын сақтықпен тағайындаған жөн, өйткені позаконазолды қабылдаған кезде байқалған кейбір жағымсыз реакциялар (мысалы, бас айналу, ұйқышылдық және т.б.) автомобильді және механизмдерді басқару қабілетіне әлеуетті ықпалын тигізуі мүмкін.

Қолдану жөніндегі нұсқаулар

Ішке қабылдауға арналған таблеткалар мен суспензия арасында өзара алмасудың болмауы

Дозалау сызбаларының айырмашылығы салдарынан Ноксафил® ішке қабылдауға арналған таблеткалар мен суспензиясы өзара алмастырылатын дәрілік түрлер болып табылмайды. Сондықтан әрбір дәрілік түр үшін дозалау режимі бойынша ұсынымдарды орындау қажет.

Жоғары қауіп тобындағы пациенттерде емдеуді зеңдік инфекцияны емдеу немесе алдын алу тәжірибесі бар дәрігер жүргізуі тиіс.

Дозалау режимі

Ноксафил® препараты сондай-ақ ішуге арналған дозасы 40 мг/мл суспензия түрінде де шығарылады. Ішуге арналған суспензияны тағайындаған кездегіге қарағанда, позаконазолдың таблетка түрін тағайындаған кезде қан плазмасында оңтайлы концентрацияларға жақсырақ жетеді. Бұдан басқа, таблетка түрін тағайындаған кезде препарат жоғарырақ плазмалық концентрацияларға жетеді. Препараттың дозалануы жөніндегі нұсқаулар 1-кестеде келтірілген.

1 кесте. Көрсетілімдеріне сай ұсынылған дозалар

Көрсетілімі

Дозасы және емдеу ұзақтығы

Төзімді инвазиялық зең инфекциялары/зеңге қарсы бірінші желілі препараттар көтерімсіздігі

1 емдеу Күні 300 мг (3 таблетка 100 мг-ден) тәулігіне 2 рет, содан кейін 300 мг-ден (3 таблетка 100 мг-ден) тәулігіне 1 рет. Таблеткаларды тамақ ішуге қарамай-ақ қабылдай беруге болады.

Емдеу ұзақтығы негізгі ауру ағымының ауырлығына, иммуносупрессиялық емнен кейін қалпына келуіне және емге клиникалық жауабына байланысты.

Инвазиялық зең инфекцияларының профилактикасы

Емнің 1 Күні 300 мг (3 таблетка 100 мг-ден) тәулігіне 2 рет, содан кейін 300 мг-ден (3 таблетка 100 мг-ден) тәулігіне 1 рет. Таблеткаларды тамақ ішуге қарамай-ақ қабылдай беруге болады. Емдеу ұзақтығын нейтропенияны емдеудің немесе иммунитетті қалпына келтірудің табысты болуына қарай анықтайды. Жедел миелогендік лейкозы немесе миелодисплазиялық синдромы бар пациенттер үшін Ноксафил® препаратымен профилактикалық емдеуді күтілетін нейтропенияға дейін бірнеше күн ішінде бастаған және нейтрофилдер саны 1 мм3 шаққанда >500 жасушаға артқаннан кейін 7 күн бойы жалғастырған жөн.

Пациенттердің ерекше топтары

Бүйрек жеткіліксіздігінде қолданылуы

Бүйрек функциясының бұзылуы позаконазолдың фармакокинетикалық көрсеткіштерінің өзгеруіне себеп болады деп күтілмейді, сондықтан препарат дозасын түзетудің қажеті жоқ.

Бауыр жеткіліксіздігінде қолданылуы

Позаконазолдың фармакокинетикасына бауыр жеткіліксіздігінің (бауырдың созылмалы жеткіліксіздігінің Чайлд-Пью бойынша С класын қоса) ықпалы жөнінде аздаған деректер бар, бұл бауыр функциясы қалыпты пациенттермен салыстырғанда, бауыр функциясы бұзылған пациенттерде қан плазмасында соңғысының мөлшерінің артқанын көрсетеді, бірақ дозаны түзету қажет деп санауға негіз болмайды. Қан плазмасында препарат деңгейінің жоғарылауы мүмкін екенін ескеріп, сақтық таныту ұсынылады.

Пациенттердің арнайы топтары

Педиатрияда қолданылуы

Ноксафил® препаратын қолданудың қауіпсіздігі мен тиімділігі 18 жастан кіші балаларда анықталған жоқ. Дозалауға қатысты нұсқаулар жоқ болғанмен, педиатриялық пациенттер жөнінде қолда бар мәлімдемелер «Фармакологиялық қасиеттері» бөлімінде берілген. Қазіргі таңда таблетка түрін қолдану жөнінде деректер жоқ.

Енгізу әдісі мен жолы

Ішке қабылдау үшін. Ішекте еритін қабықпен қапталған 100 мг Ноксафил® таблеткаларын тамақтануға тәуелсіз қабылдауға болады. Таблетканы ұсатпай, шайнамай және сындырмай тұтастай жұту және сумен ұрттау қажет.

Артық дозаланған жағдайда қабылдануы тиіс шаралар

Позаконазолдың таблетка түрінің артық дозалануына қатысты деректер қазіргі таңда жоқ.

Ішке қабылдауға арналған позаканазол суспензиясына жүргізілген клиникалық зерттеулерде ішке тәулігіне 1600 мг-ге дейін қабылдағанда төменірек дозаларды енгізген кезде байқалғаннан айырмашылығы бар жағымсыз құбылыстар анықталған жоқ. Байқаусызда артық дозалану позаконазолды 3 күн бойы тәулігіне 2 рет 1200 мг-ден қабылдаған 1 пациентте тіркелді. Жағымсыз реакциялар анықталған жоқ.

Емі. Препарат гемодиализ жолымен шығарылмайды. Позаконазолдың артық дозалануының спецификалық емі жоқ. Симптоматикалық ем тағайындау мүмкіндігін қарастырған жөн.

ДП стандартты қолданған кезде байқалатын жағымсыз реакциялардың сипаттамасы және осы жағдайда қабылдауға тиісті шаралар

Қауіпсіздігі жөніндегі деректер ішке қабылдауға арналған позаконазол суспензиясын клиникалық зерттеу барысында алынды.

Позаконазолдың таблетка түріне жүргізілген клиникалық зерттеулерге жедел миелогендік лейкозы, миелодисплазиялық синдромы бар және дің жасушаларын трансплантациялағаннан кейін, «иесіне қарсы трансплантат» реакциясы диагнозы қойылған немесе даму қаупі бар болатын пациенттер қатысты.

Таблетка түрі экспозициясының ең жоғары ұзақтығы ішуге арналған суспензиямен салыстырғанда аз болды. Таблетка түрін қабылдағаннан кейін позаконазолдың қан плазмасындағы концентрациясы ішуге арналған суспензияны қабылдаудан кейінгіге қарағанда жоғары болды. Сондықтан жағымсыз реакциялардың жиілігінің артуын жоққа шығаруға болмайды.

Қауіпсіздігінің жалпы бейіні

Ноксафил®, ішекте еритін қабықпен қапталған таблеткалар

Базалық клиникалық зерттеулер позаконазолдың таблетка түрінің 230 пациентте қауіпсіз болғанын анықтады. Пациенттер зең инфекцияларының профилактикасы үшін позаконазолдың таблетка түрінің фармакокинетикасы және қауіпсіздігінің салыстырылмалы емес зерттеуіне қатысты. Пациенттердің иммунитеті гематологиялық қатерлі ісікті, химиялық емнен кейінгі нейтропенияны, «иесіне қарсы трансплантат» реакциясының болуын, және гемопоэздік дің жасушаларының трансплантациясын бастан кешуін қоса, негізгі аурулардың болуымен әлсіреген. Препарат орта есеппен 28 күн бойы тағайындалды. Емдеу барысында 20 пациент позаконазолды тәулігіне 200 мг дозада және 210 пациент тәулігіне 300 мг дозада қабылдады (емнің 1 Күні әр топта пациенттер екі қабылдауға бөлінген доза алды).

Ішке қабылдауға арналған Ноксафил® ішекте еритін қабықпен қапталған таблеткалары және суспензиясы.

Клиникалық зерттеулер және постмаркетингтік бақылаулар 2400-ден астам пациентте және дені сау еріктілерде ішуге арналған позаконазол суспензиясының қауіпсіздігін анықтады. Ең жиі жағымсыз әсерлері мыналар болды: жүректің айнуы, құсу, диарея, дене температурасының және билирубин деңгейінің жоғарылауы. 336 пациентке және дені сау еріктілерге жүргізілген клиникалық зерттеулерде позаконазолдың таблетка түрінің және ішуге арналған суспензияның қауіпсіздігі бейінінің бірдей екені анықталды.

Жағымсыз реакциялар* пайда болу жиілігі бойынша орналастырылды: өте жиі (˃1/10), жиі (1/100, <1/10), жиі емес (≥1/1 000, <1/100), сирек (≥1/10 000, <1/1 000), өте сирек (<1/10 000), белгісіз (қолда бар деректермен анықтау мүмкін емес).

Қан және лимфа жүйесі тарапынан бұзылыстар

Жиі: нейтропения

Жиі емес: тромбоцитопения, лейкопения, анемия, эозинофилия, лимфаденопатия, көкбауыр инфарктісі

Сирек: гемолиздік-уремиялық синдром, тромбоздық тромбоцитопениялық пурпура, панцитопения, қан ұйығыштығының бұзылуы, қан кетулер

Иммундық жүйе тарапынан бұзылыстар

Жиі емес: аллергиялық реакция

Сирек: аса жоғары сезімталдық

Эндокриндік жүйе тарапынан бұзылыстар

Сирек: бүйрекүсті бездері жеткіліксіздігі, гонадотропиндер деңгейінің төмендеуі

Зат алмасу және тамақтану тарапынан бұзылыстар

Жиі: электролиттік теңгерімсіздік, анорексия, тәбеттің төмендеуі,

гипокалиемия, гипомагниемия

Жиі емес: гипергликемия, гипогликемия

Психиканың бұзылыстары

Сирек: әдеттен тыс түстер көру, сананың шатасуы, ұйқының бұзылуы

Белгісіз: психикалық бұзылу, депрессия

ОЖЖ тарапынан:

Жиі: парестезия, бас айналу, ұйқышылдық, бас ауыру, дәм сезудің бұзылуы

Жиі емес: құрысулар, невропатия, гипестезия, тремор, сөйлеудің бұзылуы, ұйқысыздық

Сирек: мидағы қанайналымның бұзылуы, энцефалопатия, шеткері невропатия, естен тану

Көру мүшелері тарапынан

Жиі емес: көздің бұлдырауы, көздің қарығуы, көру өткірлігінің төмендеуі

Сирек: диплопия, скотома

Есту мүшелері тарапынан

Сирек: естудің бұзылуы

Жүрек-қантамыр жүйесі тарапынан

Жиі: артериялық гипертензия

Жиі емес: QT аралығының ұзаруы, ЭКГ-дегі ауытқулар, жүректің қағуы,

брадикардия, қарыншалық экстрасистолия, тахикардия, артериялық гипотензия, васкулит

Сирек: қарыншалық тахикардия (оның ішінде "пируэт" типті), кенеттен өлу, жүректің және тыныс алудың тоқтауы, жүрек жеткіліксіздігі, миокард инфарктісі, өкпе артериясының тромбоэмболиясы, терең веналар тромбозы

Тыныс алу жүйесі тарапынан

Жиі емес: жөтел, мұрыннан қан кету, ықылық ату, мұрынның бітелуі, кеуденің ауыруы, тахипноэ

Сирек: өкпе гипертензиясы, интерстициальді пневмония, пневмонит

Асқорыту жүйесі тарапынан

Өте жиі: жүрек айну

Жиі: құсу, іштің ауыруы, диарея, диспепсия, ауыздың құрғауы, метеоризм, іш қату, аноректальді жайсыздық

Жиі емес: панкреатит, іштің кебуі, энтерит, эпигастриядағы жайсыздық, кекіру, рефлюкс гастрит, ауыз қуысының ісінуі

Сирек: асқазан-ішектен қан кету, ішектің бітелуі

Бауыр және өт шығару жолдары тарапынан бұзылыстар

Жиі: бауырдың функционалдық көрсеткіштерінің жоғарылауы (АСТ, АЛТ, сілтілік фосфатазаны, ГГТ, билирубинді қоса)

Жиі емес: гепатоциттердің зақымдануы, гепатит, сарғаю, гепатомегалия, холестаз, уытты гепатит, бауыр функциясының бұзылуы

Сирек: бауыр жеткіліксіздігі, холестаздық гепатит, гепатоспленомегалия, бауырдың ауырғыштығы, астериксис (бауыр треморы)

Тері және теріасты тіндері тарапынан бұзылыстар

Жиі: бөртпе, қышыну

Жиі емес: ауыз қуысының шырышты қабығының афтозды зақымдануы, алопеция, дерматит, эритема, петехиялар

Сирек: Стивенс-Джонсон синдромы, везикулярлы бөртпе

Тірек-қимыл аппараты тарапынан

Жиі емес: арқаның ауыруы, мойын аумағының ауыруы, сүйек-бұлшықет ауыруы, аяқ-қолдың ауыруы

Бүйрек және несеп шығару жолдары тарапынан

Жиі емес: бүйрек жеткіліксіздігі (оның ішінде жедел), қандағы креатинин деңгейінің жоғарылауы

Сирек: интерстициальді нефрит, бүйрек-өзекшелік ацидоз

Жыныстық жүйе тарапынан

Жиі емес: етеккір оралымының бұзылуы

Сирек: сүт безінің ауыруы

Басқалар:

Жиі: гипертермия (қызба), астения, шаршау

Жиі емес: ісіну, ауыру, қалтырау, дімкәстік, кеудедегі жайсыздық препараттарға төзбеушілік, үрейлену сезімі, шырышты қабықтың қабынуы

Сирек: тілдің ісінуі, беттің ісінуі

Клиникалық сынақтар кезінде

Жиі емес: басқа дәрілік заттардың сарысулық концентрацияларының өзгеруі, фосфор деңгейінің төмендеуі, кеуде қуысы ағзалары ауруының рентгенологиялық белгілері

Жекелеген жағымсыз реакциялардың сипаттамасы

Гепатобилиарлық жүйе тарапынан бұзылулар

Позаконазолды ішуге арналған суспензия түрінде қабылдағанда постмаркетингтік бақылау барысында өлімге соқтырған бауырдың ауыр зақымдануы туралы хабарланды

Эндокриндік бұзылулар: псевдоальдостеронизм

Жағымсыз реакциялар туындаған кезде медицина қызметкеріне, фармацевтика қызметкеріне немесе дәрілік препараттардың тиімсіздігі туралы хабарламаны қоса, дәрілік препараттарға жағымсыз реакциялар (әсерлер) бойынша ақпараттық деректер базасына тікелей жүгіну қажет

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті «Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК

http://www.ndda.kz

Қосымша мәліметтер

Дәрілік препараттың құрамы

Бір таблетканың құрамында

белсенді зат – 100.00 мг микрондалған позаконазол

қосымша заттар: гипромеллоза ацетатының сукцинаты (түйіршіктер), гипромеллоза ацетатының сукцинаты (ұнтақ), микрокристалды целлюлоза, гидроксипропилцеллюлоза, кремнийдің қостотығы, натрий кроскармеллозасы, магний стеараты

қабықтың құрамы: Opadry® II Yellow 85F92209: ішінара гидролизденген поливинил спирті, макрогол 4000, титанның қостотығы (Е171), тальк, темірдің (III) сары тотығы (Е172).

Сыртқы түрінің иісінің, дәмінің сипаттамасы

Сары түсті үлбірлі қабықпен қапталған, капсула пішінді, таблетканың бір жақ бетінде «100» саны ойып жазылған таблеткалар.

Шығарылу түрі және қаптамасы

Поливинилхлоридті үлбірден және алюминий фольгадан жасалған пішінді ұяшықты қаптамаға 24 таблеткадан салынған.

1 пішінді ұяшықты қаптамадан медициналық қолдану жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапшаға салынған.

Сақтау мерзімі

2 жыл

Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды.

Сақтау шарттары

25 ºС-ден аспайтын температурада сақтау керек.

Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек.

Дәріханалардан босатылу шарттары

Рецепт арқылы

Өндіруші туралы мәлімет

Н.В. Органон, Нидерланды

Клоостерстраат 6, 5349 АВ, Осс, Нидерланды

+31 88 1205000

info@merck.com

Тіркеу куәлігінің ұстаушысы

Шеринг-Плау Сентрал Ист АГ, Швейцария.

Вейштрассе 20 П.О.Бокс, СН-6000, Люцерн 6, ШвейцарияТ.+ 4141 4181719

Ф.+ 4141 4181727

info@merck.com

Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан дәрілік заттар сапасына қатысты шағымдар (ұсыныстар) қабылдайтын және дәрілік заттың тіркеуден кейінгі қауіпсіздігін қадағалауға жауапты ұйымның атауы, мекенжайы және байланыс деректері (телефон, факс, электронды пошта)

Қазақстандағы Шеринг-Плау Сентрал Ист АГ

Алматы қ., Достық даңғылы, 38, "Кең Дала" бизнес орталығы, 3-қабат

Тел. +7 (727) 330-42-66, +7 (727) 259-80-84

Факс +7 (727) 259-80-90

Электронды пошта: dpoccis2@merck.com

Прикрепленные файлы

Ноксафил_ЛВ_каз.docx 0.07 кб
Ноксафил_рус.docx 0.07 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту

Источники

Национальный центр экспертизы лекарственных средств, изделий медицинского назначения и медицинской техники