Кивекса®



Инструкция
-
русский
-
қазақша
Саудалық атауы
КИВЕКСА®
Халықаралық патенттелмеген атауы
Жоқ
Дәрілік түрі
Үлбірлі қабықпен қапталған таблеткалар, №30
Құрамы
Бір таблетканың құрамында
белсенді заттар: 702 мг абакавир сульфаты (600 мг абакавирге баламалы),
300 мг ламивудин бар,
қосымша заттар: микрокристалды целлюлоза, натрий крахмалының гликоляты (А типі), магний стеараты,
қабықтың құрамы: опадрай қызғылт-сары YS-1-13065-A (гипромеллоза (Е464), титанның қостотығы (Е171, CI77891), макрогол 400, полисорбат 80 (Е433), Sunset Yellow aluminum lake бояғышы (Е110, СI5985)).
Сипаттамасы
Капсула пішінді, бір жағында «GS FC2» деген өрнегі бар және екінші беті тегіс, қызғылт-сары түсті қабықпен қапталған таблеткалар.
Фармакотерапиялық тобы
Жүйелі қолдануға арналған вирусқа қарсы препараттар. АИТВ инфекцияны емдеуге арналған вирусқа қарсы препараттар, біріктірілімдер. Ламивудин + абакавир.
АТХ коды J05AR02
Фармакологиялық қасиеттері
Фармакокинетикасы
Сіңуі
Ішке қабылдағаннан кейін абакавир мен ламивудин жылдам және жақсы сіңіріледі. Ересектерде абакавир мен ламивудиннің нақты биожетімділігі, тиісінше, 83% және 80-85% құрайды. Қан сарысуындағы ең жоғары концентрациясы, тиісінше, 1,5 сағат және 1,0 сағаттан соң байқалады. 600 мг абакавир ішу арқылы бір рет қолданылғаннан кейін Cmax мәні 4.26 мкг/мл-ге, ал AUC∞ мәні 11.95 мкг.сағ./мл-ге тең. 300 мг ламивудинді 7 күн ішінде ішу арқылы бірнеше рет қолданғаннан кейін Cmax мәні 2.04 мкг/мл-ге, ал AUC24 мәні 8.87 мкг.сағ/мл-ге тең. Ас ішу препарат әсеріне елеулі ықпалын тигізбейді, сондықтан КИВЕКСА® препаратын тамақтануға байланыссыз қабылдауға болады.
Таралуы
Абакавир мен ламивудиннің орташа таралу көлемі тиісінше 0.8 және 1.31 л/кг құрайды. Ламивудиннің емдік дозалардың барлық ауқымында дозаға тәуелді фармакокинетикасы бар және қан плазмасының альбуминдерімен байланысу қабілеті жоғары емес (in vitro 36 % төмен). Абакавирдің қан плазмасы ақуыздарымен байланысуы – in vitro шамамен 49 %. Бұл КИВЕКСА® препараты үшін қан плазмасы ақуыздарымен байланысуынан дәрілік препараттардың ығыстырылу механизмі арқылы өзара әрекеттесу ықтималдығы жоғары еместігін көрсетеді.
Ламивудин мен абакавир гематоэнцефалдық бөгет (ГЭБ) арқылы өтеді және жұлын-ми сұйықтығында (ЖС) анықталады. Абакавирдің ЖМС және қан плазмасындағы концентрация қатынасы (AUC) 30-44% құрайды. Алынған шектік концентрациялар мәндері абакавир тәулігіне 600 мг дозада қабылданғанда 0.08 мкг/мл абакавир мәндерімен салыстырғанда IC50 абакавирден 9 есе көп.
Ламивудиннің ЖМС және қан плазмасындағы концентрация қатынасы (AUC) қабылдағаннан кейін 2-4 сағат өткен соң 12 % құрайды.
Метаболизмі
Абакавир метаболизмі көбіне бауырда жүреді. Қабылданған дозаның 2%-ға жуығы несеппен өзгермеген күйде шығарылады. Адам организміндегі абакавир метаболизмі алкогольдегидрогеназа әсерімен және глюкуронидтік коньюганттардың - 5’-карбон қышқылы мен 5’-глюкуронидтің түзілуімен байланысты. Олардың мөлшері қабылданған дозаның 66%-ға жуығын құрайды және несеппен шығарылады.
Ламивудин елеусіз бауыр метаболизміне ұшырайды және көбінесе өзгермеген күйде несеппен шығарылады. Ламивудиннің дәрілермен өзара әрекеттесуі азғантай бауыр метаболизмі (10%-дан аз) және қан плазмасы ақуыздарымен әлсіз байланысуы салдарынан ықтималдығы аз.
Шығарылуы
Абакавирдің жартылай шығарылу кезеңі 1.5 сағат құрайды. Препаратты 300 мг дозада тәулігіне 2 рет ішке бірнеше рет қабылдағаннан кейін препараттың елеулі жинақталуы байқалмайды. Абакавирдің бөлініп шығуы бауыр метаболизмі арқылы жүріп, әрі қарай метаболиттері несеппен шығарылады. Қабылданған дозаның 83%-ға жуығы метаболиттер және өзгермеген препарат түрінде несеппен шығарылады, ал қалған бөлігі нәжіспен шығарылады.
Ламивудиннің жартылай шығарылу кезеңі 5-7 сағатты құрайды. Ламивудиннің орташа жалпы клиренсі шамамен 0.32 л/сағ./кг құрайды, бұл - көбінесе органикалық катиондық тасымал жүйесі арқылы өтетін бүйректік клиренс (70%-дан астам).
Бауыр функциясы бұзылған пациенттер
Абакавир негізінен бауырмен метаболизденеді. Бауыр функциясы елеусіз бұзылған (Child-Pugh шкаласы бойынша 5-6 балл) пациенттерде абакавир AUC орта есеппен 1.89 есе, ал жартылай шығарылу кезеңінде – 1.58 есе ұлғайған. Бауыр функциясының елеусіз бұзылуы абакавир метаболиттерінің AUC-на әсер етпеген, бірақ метаболиттердің түзілу және элиминация жылдамдығы төмендеген.
Бауыр функциясы орташа дәрежеде бұзылған пациенттерде абакавир дозасын азайту қажет болады, сондықтан мұндай пациенттерді емдеу үшін абакавирдің жекелеген препараттары (Зиаген) пайдаланылуы тиіс. Абакавир фармакокинетикасы бауыр функциясының орташа және ауыр дәрежелі бұзылуы бар пациенттерде зерттелмеген. Мұндай пациенттерде плазмадағы абакавир концентрациясының өзгермелі, көптеген жағдайларда жоғары болуы күтіледі, осыған байланысты пациенттердің бұл санатына КИВЕКСА® препаратын қолдану ұсынылмайды.
Бауырдың орташа және ауыр дәрежелі патологиясы ламивудиннің фармакокинетикасына айтарлықтай әсер етпейді.
Бүйрек функциясы бұзылған пациенттер
Абакавир бауырда бастапқы метаболизмге ұшырайды және препараттың
2 %-дан азы өзгермеген күйде несеппен шығарылады.
Абакавирдің фармакокинетикалық көрсеткіштері бүйрек жеткіліксіздігінің соңғы сатысында және бүйрек функциясы сақталғанда бірдей.
Бүйрек дисфункциясы бар пациенттерде төмендеген клиренс салдарынан ламивудиннің плазмалық концентрациялары (AUC) жоғарылайды. Дозаны азайту қажеттілігіне байланысты креатинин клиренсі минутына 50 мл-ден аз пациенттерге ламивудин монопрепаратын (Эпивир) тағайындау керек.
Фармакодинамикасы
Абакавир мен ламивудин АИТВ-1 және АИТВ-2 инфекцияларының қуатты іріктелген тежегіштері болып табылады.
Әсер ету механизмі
Абакавир мен ламивудин кері транскриптазаның нуклеозидті тежегіштері тобына жатады. Абакавир мен ламивудин жасушаішілік киназалармен препараттың сәйкесті белсенді түрлеріне - трифосфаттарға (ТФ) бірізді метаболизденеді, олар белсенді заттар ретінде жүреді. Ламивудин трифосфаты мен карбовир трифосфаты (абакавир трифосфатының белсенді түрі) АИТВ кері транскриптазасының субстраттары және бәсекелі тежегіштері болып табылады. Олардың негізгі вирусқа қарсы әсері монофосфаттық түрлердің ДНҚ вирустық тізбесіне қайта түзілуі арқылы жүзеге асады, бұл әрі қарай тізбенің үзілуіне әкеледі. Абакавир мен ламивудиннің трифосфаттары қожайын жасушасының ДНҚ полимеразаларымен болымсыз ұқсастық танытады.
Жасуша өсірінділеріндегі абакавирдің вирусқа қарсы белсенділігі кері транскриптазаның нуклеазидті тежегіштерімен (диданозин, эмтрицитабин, ставудин, тенофовир, зидовудин) және кері транскриптазаның нуклеазидті емес тежегіштерімен (невирапин) немесе протеаза тежегіштерімен (ампренавир) бірге қолданған жағдайда бәсеңдемейді.
Ламивудинді және басқа да вирусқа қарсы препараттарды (диданозин, невирапин, зидовудин) тағайындаған кезде in vitro антагонизм әсері байқалған жоқ.
Резистенттілігі
АИТВ-1 ламивудинге төзімділігі вирустық кері транскриптазаның белсенді бөлігіне жақын орналасқан M184V амин қышқылы өзгерісінің дамуына түрткі болады. M184V мутациялары ламивудинге сезімталдықты азайтады. Зидовудинге төзімді вирустық штаммдар ламивудинге төзімділікті бір мезгілде иелену барысында зидовудинге сезімтал болып кетеді. Абакавирге төзімділіктің дамуы кері транскриптазаның белгілі бір кодондық аймағындағы (M184V, K65R, L74V және Y115F кодондары) спецификалық генотиптік өзгерістермен байланысты. Абакавирге вирустық төзімділік салыстырмалы баяу дамиды, мұның клиникалық мәні болуы үшін вирустың «жабайы» штаммымен салыстырғанда IC50 концентрациясының 8 есе артуына көптеген мутациялар қажет.
Абакавирге төзімді штаммдарда ламивудинге, зальцитабинге, тенофовирге, эмтрицитабинге және/немесе диданозинге сезімталдықтың төмендеуі мүмкін, алайда зидовудин мен ставудинге сезімталдық сақталады. Абакавирдің немесе ламивудиннің және басқа кластардың антиретровирустық препараттарының, мысалы, протеаза тежегіштерінің немесе кері транскриптазаның нуклеозидті емес тежегіштерінің арасында айқаспалы төзімділіктің даму ықтималдығы аз.
Бұрын ем қабылдаған және басқа нуклеозидті тежегіштерге төзімді болып саналатын, вирустар репликациясы бақыланбайтын пациенттерде абакавирге сезімталдықтың азаюы клиникалық ерекшеленген штаммдар түрінде жария болды. Нуклеозидтер тобындағы кері транскриптаза тежегіштерімен байланысқан үш және одан да көп мутациялары бар клиникалық ерекшеленген штаммдардың абакавирге сезімтал болуы белгісіз.
M184V RT-ға тән айқаспалы төзімділік антиретровирустық дәрілер – нуклеозидті тежегіштер класы аумағында шектеледі. Зидовудин, ставудин, абакавир мен тенофовир құрамында тек M184V мутациясы бар, ламивудинге төзімді АИТВ-1 қарсы өзінің антиретровирустық әсерлерін сақтайды.
Қолданылуы
-
ересектердегі АИТВ инфекциясында біріктірілген антиретровирустық ем құрамында
Қолдану тәсілі және дозалары
КИВЕКСА® препаратын АИТВ инфекциясын емдеу тәжірибесі бар мамандар тағайындауы тиіс. Ингридиенттердің белгіленген дозаларымен біріктірілген препараттарды дозаны реттеу қажеттілігі туындағанда, мысалы, креатинин клиренсі минутына 50 мл-ден аз болғанда, сонымен қатар, дене салмағы 40 кг-ден кем ересектерге қолдануға болмайды.
КИВЕКСА® препаратын ас ішуге байланыссыз қабылдауға болады.
КИВЕКСА® препаратын қабылдауды тоқтату немесе дозасын азайту қажет болғанда абакавир (Зиаген) және ламивудин (Эпивир) препараттары түрінде жекелей оның белсенді компоненттері қолданылуы мүмкін. Аталған жағдайда әрбір препараттың қолданылуы жөніндегі нұсқаулықтармен жекелей танысу қажет.
Ең жоғары тәуліктік доза – күніне 1 рет 1 таблетка.
Ересектер
Күніне 1 рет 1 таблетка күн сайын.
Егде жастағы пациенттер
Абакавир мен ламивудиннің фармакокинетикасы 65 жастан асқан пациенттерде зерттелмеген. Егде жастағы пациенттерді емдегенде бауыр, бүйрек, жүрек функциясы бұзылуының жоғары жиілігін және басқа қатарлас ауруларды, сондай-ақ басқа дәрілік препараттардың қолданылуын назарға алған жөн.
Бүйрек жеткіліксіздігінен зардап шегетін пациенттер
Креатинин клиренсі минутына 50 мл/мин. аз пациенттерге КИВЕКСА® препаратын қолдану ұсынылмайды.
Бауыр жеткіліксіздігінен зардап шегетін пациенттер
Бауыр функциясының елеусіз дәрежеде бұзылуы бар (Чайлд-Пью шкаласы бойынша А дәрежесі) пациенттерде абакавирдің дозасын төмендету қажет болуы мүмкін. КИВЕКСА® препаратының құрамындағы жекелеген компоненттерді төмендету мүмкін емес болғандықтан, абакавир мен ламивудин препараттарын жеке-жеке тағайындау қажет. Орташа немесе ауыр дәрежедегі бауыр жеткіліксіздігі бар (Чайлд-Пью шкаласы бойынша В және С дәрежесі) пациенттерде КИВЕКСА® препаратын тағайындау ұсынылмайды.
Жағымсыз әсерлері
КИВЕКСА® препаратының құрамында екі белсенді компонент – абакавир және ламивудин бар және төменде оларды қолданған кезде кездесуі мүмкін жағымсыз әсерлер ұсынылған.
Көрсетілген әсерлер КИВЕКСА® препаратын қабылдаумен, қатар жүретін еммен байланысты ма немесе жалпы ауру салдары болып табыла ма, ол жағы түсініксіз.
Кездесу жиілігі: өте жиі (>1/10), жиі (>1/100, <1/10), жиі емес (>1/1,000, <1/100), сирек (>1/10,000, <1/1000), өте сирек (<1/10,000).
Төменде келтірілген реакциялардың көпшілігі жиі кездеседі (жүрек айнуы, құсу, диарея, қызба, ұйқышылдық, бөртпе) және аса жоғары сезімталдық реакцияларының болуын білдіреді. Осылайша, осы симптомдардың кез келгені туындаған кезде пациентте аталған реакциялардың аса жоғары сезімталдық реакцияларымен өзара байланысуына мұқият талдау жүргізу қажет. Егер КИВЕКСА® препараты аталған симптомдардың қандай да бірінің дамуына байланысты тоқтатылған болса, бірақ кейінірек емді жандандыру туралы шешім қабылданса, препаратты қабылдау қатаң медициналық бақылаумен жүзеге асырылуы тиіс.
Абакавирге реакциялар
Жиі
- аса жоғары сезімталдық реакциялары
- анорексия
- бас ауыру
- жүрек айнуы, құсу, диарея
- қызба, ұйқышылдық, шаршау
- бөртпе (жүйелі көріністерсіз)
Сирек
- панкреатит, бірақ абакавирді қабылдаумен байланыс анықталған жоқ
Өте сирек
- мультиформалы эритема, Стивенс-Джонсон синдромы, уытты эпидермальді некролиз
Ламивудинге реакциялар
Жиі
- бас ауыруы, ұйқысыздық
- жүрек айнуы, құсу, іштің жоғарғы жағының ауыруы, диарея
- әлсіздік, қажу, қызба
- бөртпе
- алопеция
- артралгия, бұлшықет бұзылулары
- жөтел, мұрын симптомдары
Жиі емес
- бауыр ферменттері белсенділігінің (АСТ, АЛТ) транзиторлы жоғарылауы
- анемия, нейтропения, тромбоцитопения
Сирек
- сүтқышқылды ацидоз (майдың таралуы/жиналуы антиретровирустық ем қабылдайтын пациенттерде анықталды. Аталған патология антиретровирустық препараттарды біріктіріп қолданумен қоса мультифакторлық этиологияға ие)
- сарысулық амилаза деңгейінің жоғарылауы, панкреатит, бірақ ламивудинді қабылдаумен байланыс анықталған жоқ
- рабдомиолиз
- гепатит
- Квинке ісінуі
Өте сирек
- шеткергі нейропатия, парестезия, бірақ ламивудинді қабылдаумен байланыс анықталған жоқ
- шынайы эритроциттік аплазия
Абакавирге аса жоғары сезімталдық реакциялары
Аса жоғары сезімталдық симптомдары абакавирді қабылдау аясында кез келген уақытта пайда болуы мүмкін. Аталған аса жоғары сезімталдық реакцияларының белгілері мен симптомдары төменде келтірілген. Ең кемі 10 % пациенттерде кездескен белгілер қара әріптермен белгіленген.
Аса жоғары сезімталдық реакциялары бар барлық дерлік пациентте синдромның бір бөлігі ретінде қызба және/немесе бөртпе дамыған (әдетте макулопапулездік немесе уртикарлық), алайда бөртпесіз немесе қызбасыз реакциялар да кездескен. Басқа да негізгі симптомдарға асқазан-ішек, тыныс алу немесе әлсіздік/шаршау және дімкәстік сияқты бүкіл организмге жалпы әсер ететін белгілер кіреді.
- бөртпе (әдетте макулопапулезді немесе уртикарлық)
- жүрек айнуы, құсу, диарея, іштің ауыруы, ауыз қуысы шырышты қабығының ойық жаралануы
- ентігу, жөтел, тамақтың жыбырлауы және ауыруы, тыныс алу жеткіліксіздігі, респираторлық дистресс синдромы
- қызба, әлсіздік/шаршау, дімкәстік, ісінулер, лимфоаденопатия, гипотензия, конъюнктивит, анафилаксия
- бас ауыруы, парестезиялар
- лимфопения
- функционалдық бауыр сынамалары көрсеткіштерінің жоғарылауы, бауыр жеткіліксіздігі
- креатинин деңгейінің жоғарылауы, бүйрек жеткіліксіздігі
- миалгиялар, сирек миолиз, артралгиялар, креатинфосфокиназа деңгейінің жоғарылауы
- креатининнің жоғарылауы, бүйрек жеткіліксіздігі
Кейбір жағдайларда аса жоғары сезімталдық реакциялары респираторлық жүйе аурулары (пневмония, бронхит, фарингит), тұмау тәрізді аурулар, гастроэнтерит немесе басқа да дәрілік препараттарға реакциялар ретінде түсіндірілуі мүмкін. Аса жоғары сезімталдық реакцияларына диагноз қоюды кідірту абакавирді қабылдауды жалғастыруға және тиісінше қабылдау аясында аса жоғары сезімталдықтың ауырлау реакцияларының дамуына әкелуі мүмкін.
Аса жоғары сезімталдық реакцияларымен байланысты симптомдар ем жалғастырылған кезде нашарлайды және өмірге қауіп төндіруі, сирек жағдайларда өліммен аяқталуы мүмкін. Абакавирді және басқа да құрамында абакавир бар препараттарды қабылдауды тоқтатқаннан кейін аса жоғары сезімталдық реакциялары әдетте жоғалады.
Аса жоғары сезімталдық реакциялары аясында құрамында абакавир бар препараттарды қабылдауды жаңғырту бірнеше сағат ішінде симптомдардың қайта оралуына әкелді. Қабылдауды жаңғырту аясында аса жоғары сезімталдық реакцияларының қайталануы препаратты алғашқы қабылдау аясындағы аса жоғары сезімталдық реакцияларына қарағанда аса күрделі көрініс береді және өмірге қауіп төндіретін гипотонияның дамуына және өлімге әкелуі мүмкін.
Кез келген аса жоғары сезімталдық симптомдары (жоғарыда атап көрсетілген) дамыған кезде құрамында абакавир бар препаратты қабылдауды дереу тоқтату керек.
Аса жоғары сезімталдықтың алдыңғы белгілері мен симптомдары болмағанда (бұрын "абакавирге төзімді" ретінде қарастырылған пациенттерде) абакавирмен емді жаңғыртқан кезде сирек жағдайларда аса жоғары сезімталдық реакциялары дамуы мүмкін.
Лактоацидоз
Монотерапия ретінде немесе кешенді ем құрамында нуклеозидтер аналогтары тобының антиретровирустық препараттарын қабылдаған АИТВ жұқтырған пациенттерде лактоацидоз және тіпті, өлімге әкелетін бауырдың майлы дистрофиясымен (стеатозбен) гепатомегалия жағдайлары сипатталған. Лактоацидоздың дамуын білдіретін клиникалық ерекшеліктерге жалпы әлсіздік, анорексия және кенеттен болатын түсініксіз салмақ жоғалту, асқазан-ішек және тыныс алу симптомдары кіреді (ентігу және тыныс алудың жиілеуі).
Липодистрофия
Біріктірілген антиретровирустық ем жүргізілген кейбір АИТВ жұқтырған пациенттерде жалпы семіздікті, дорсоцервикальді семіздікті ("бизон өркеші"), шеткергі май қатпарлары мөлшерінің төмендеуін, беттің жүдеуін, сүт бездерінің ұлғаюын, глюкоза деңгейінің және сарысудағы липидтер деңгейінің жоғарылауын қоса организмде майдың қайта таралуы байқалған.
Метаболизмдік бұзылулар
Біріктірілген антиретровирустық ем гипертриглицеридемия, гиперхолестеринемия, инсулинге төзімділік, гипергликемия және гиперлактатемия сияқты метаболизмдік бұзылулармен қатар жүруі мүмкін.
Иммунитетті қайта белсендіру синдромы
Ауыр иммун тапшылығы бар АИТВ жұқтырған пациенттерде антиретровирустық емдеуді (АРЕ) бастаған кезде симптомсыз немесе қалдық оппортунистік инфекцияларға қабыну реакциясы туындауы мүмкін, ол күрделі клиникалық жай-күйлерді немесе симптомдардың ушығуын туғызуы мүмкін. Әдетте, мұндай реакциялар АРЕ басталғаннан кейін алғашқы бірнеше аптада немесе айларда байқалған. Мұндай жай-күйлердің әдеттегі мысалдары цитомегаловирустық ретинит, жайылған және/немесе ошақтық микобактериялық инфекциялар және Pneumocystis jiroveci (P. carinii) туғызған пневмония болып табылады. Кез келген қабыну симптомдарын дереу бағалау қажет және қажет болғанда емді бастау керек. Аутоиммундық аурулар (Грейвс ауруы, полимиозит және Гийен-Барре синдромы сияқты) иммунитетті қайта белсендіру аясында байқалған, алайда алғашқы көріну уақыты құбылып отырған және ауру ем басталғаннан кейін көп айдан соң көрінуі және атипиялық ағымы болуы мүмкін.
Остеонекроз
Әсіресе, бір немесе бірнеше қауіп факторы болғанда (кортикостероидтарды, бисфосфонаттарды қабылдау, алкогольді шамадан тыс қолдану, ауыр иммуносупрессия, дене салмағының жоғары индексі) үдемелі АИТВ инфекциясы бар және/немесе антиретровирустық ұзақ емделген пациенттерде остеонекроз жағдайлары туралы хабарламалар бар. Остеонекроз жиілігі белгісіз.
Препараттың болжамды жағымсыз реакциялары туралы деректерді ұсыну дәрілік заттың қауіп/пайда арақатынасына үздіксіз мониторинг жүргізуге мүмкіндік беретін өте маңызды жағдай болып табылады. Медицина қызметкерлері нұсқаулықтың соңында көрсетілген байланыс телефондарына, сондай-ақ ұлттық ақпарат жинау жүйесі арқылы кез келген болжамды жағымсыз реакциялар туралы ақпарат берулері тиіс.
Қолдануға болмайтын жағдайлар
- абакавирге, ламивудинге немесе препараттың кез келген басқа компонентіне жоғары сезімталдық
- орташа және айқын дәрежелі бауыр жеткіліксіздігі
- 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер
- креатинин клиренсі 50 мл/мин аз бүйрек жеткіліксіздігі
Дәрілермен өзара әрекеттесуі
КИВЕКСА® препаратының құрамында абакавир мен ламивудин бар болғандықтан, осы агенттермен жекеше сәйкестендірілген кез келген өзара әрекеттесулер болуы мүмкін. Абакавир мен ламивудин арасында клиникалық маңызды өзара әрекеттесу жоқ.
Абакавир UDP-глюкуронилтрансфераза (UGT) және алкогольдегидрогеназа ферменттерімен метаболизденеді; UGT ферменттерінің индукторлары мен тежегіштерін немесе алкогольдегидрогеназа арқылы шығарылатын қоспаларымен бір мезгілде қолдану абакавирдің әсерін өзгертуі мүмкін.
Ламивудин бүйрекпен шығарылады. Ламивудиннің несептегі белсенді бүйректік секрециясы органикалық катиондар тасымалдаушысына (OCT2) және дәрілік заттар тасымалдаушысына және токсиндерге (МАТЕ-1 және МАТЕ-2K) байланысты. Ламивудинді ОСТ және МАТЕ тежегіштерімен бір мезгілде қабылдау ламивудиннің әсерін арттыруы мүмкін.
Абакавир мен ламивудин CYP ферменттерімен елеусіз метаболизденеді.
Абакавир мен ламивудин P450 цитохромы ферменттерімен (CYP 3A4, CYP 2C9 немесе CYP 2D6 сияқты) елеусіз метаболизденеді және бұл ферменттік жүйеге тежеу немесе индукциялау әсерін тигізбейді. Демек, КИВЕКСА® препаратының протеазаның антиретровирустық тежегіштерімен, нуклеозид еместермен және P450 негізгі ферменттерімен метаболизденетін басқа дәрілік препараттармен өзара әрекеттесу ықтималдығы аз.
КИВЕКСА® препаратын құрамында ламивудин бар қандай да бір басқа дәрілік заттармен бірге қабылдауға болмайды.
Төменде көрсетілген тізімді толық тізім ретінде қарастыруға болмайды, бірақ онда зерттелетін кластар берілген.
Емдеу саласындағы дәрілік заттар |
Өзара әрекеттесуі Орташа геометриялық мәнінің өзгеруі (%) (Болуы мүмкін механизм) |
Бірге қолдану жөніндегі нұсқаулар |
АНТИРЕТРОВИРУСТЫҚ МЕДИЦИНАЛЫҚ ПРЕПАРАТТАР |
||
Диданозин/Абакавир |
Өзара әрекеттесуі зерттелмеген. |
Дозаны реттеу қажет емес. |
Диданозин/ Ламивудин |
Өзара әрекеттесуі зерттелмеген. |
|
Зидовудин/Абакавир |
Өзара әрекеттесуі зерттелмеген. |
|
Зидовудин/Ламивудин Зидовудин 300 мг бір рет Ламивудин 150 мг бір рет |
Ламивудин AUC Зидовудин AUC |
|
Эмтрицитабин/Ламивудин |
Әсер ету механизмі ұқсас болғандықтан, Кивекса® эмтрицитабин сияқты цитидин аналогтарымен бір мезгілде тағайындалмауы тиіс. |
|
ИНФЕКЦИЯҒА ҚАРСЫ ПРЕПАРАТТАР |
||
Триметоприм/ сульфаметоксазол (Ко-тримоксазол)/Абакавир |
Өзара әрекеттесуі зерттелмеген. |
Кивекса® препаратының дозасын реттеу қажет емес. Ко-тримоксазолмен бірге қабылдағанда пациенттер клиникалық бақылауда болуы тиіс. Pneumocystis jirovecii (PCP) туғызған пневмонияны емдеу үшін триметопримнің / сульфаметоксазолдың жоғары дозалары және токсоплазмоз зерттелген жоқ және оларды болдырмау керек. |
Триметоприм/ сульфаметоксазол (Ко-тримоксазол)/Ламивудин (5 күн бойы күніне бір рет 160мг/800мг / 300 мг бір доза) |
Ламивудин: AUC 40% Триметоприм: AUC Сульфаметоксазол AUC (органикалық катиондар тасымалдаушысының тежелуі) |
|
МИКОБАКТЕРИЯҒА ҚАРСЫ ПРЕПАРАТТАР |
||
Рифампицин / абакавир |
Өзара әрекеттесуі зерттелмеген. |
Дозаны реттеу нұсқаулары үшін деректер жеткіліксіз. |
Рифампицин / ламивудин |
Өзара әрекеттесуі зерттелмеген. Плазмалық концентрациялардың елеусіз жоғарылауы болу мүмкіндігі зор. |
|
ҚҰРЫСУҒА ҚАРСЫ ПРЕПАРАТТАР |
||
Фенобарбитал/ Абакавир |
Өзара әрекеттесуі зерттелмеген. Плазмалық концентрациялардың елеусіз жоғарылауы болу мүмкіндігі зор. |
Дозаны реттеу нұсқаулары үшін деректер жеткіліксіз . |
Фенобарбитал/ Ламивудин |
Өзара әрекеттесуі зерттелмеген. |
|
Фенитоин/ Абакавир |
Өзара әрекеттесуі зерттелмеген. Плазмалық концентрациялардың елеусіз жоғарылауы болу мүмкіндігі зор. |
Дозаны реттеу нұсқаулары үшін деректер жеткіліксіз . Фенитоин концентрациясын қадағалау. |
Фенитоин/ Ламивудин |
Өзара әрекеттесуі зерттелмеген. |
|
АНТИГИСТАМИНДІ ПРЕПАРАТТАР (H1 ГИСТАМИН РЕЦЕПТОРЛАРЫНЫҢ АНТАГОНИСТЕРІ) |
||
Ранитидин / Абакавир |
Өзара әрекеттесуі зерттелмеген. |
Дозаны реттеу қажет емес. |
Ранитидин / ламивудин |
Өзара әрекеттесуі зерттелмеген. Клиникалық маңызды өзара әрекеттесу ықтималдығы аз. Ранитидин тек ішінара бүйректік органикалық катиондық тасымалдау жүйесімен шығарылады. |
|
Циметидин / абакавир |
Өзара әрекеттесуі зерттелмеген. |
Дозаны реттеу қажет емес. |
Циметидин / ламивудин |
Өзара әрекеттесуі зерттелмеген. Клиникалық маңызды өзара әрекеттесу ықтималдығы аз. Циметидин тек ішінара бүйректік органикалық катиондық тасымалдау жүйесімен шығарылады. |
|
ЦИТОУЫТТЫ ПРЕПАРАТТАР |
||
Кладрибин / ламивудин |
Өзара әрекеттесуі зерттелмеген. In vitro ламивудин кладрибиннің жасушаішілік фосфорлануын тежейді, бұл клиникалық жағдайларда біріктірілген жағдайда кладрибиннің тиімділігін жоғалту әлеуетті қаупіне әкеледі. Кейбір клиникалық нәтижелер ламивудиннің кладрибинмен өзара әрекеттесу мүмкіндігін растайды. |
Сондықтан ламивудинді кладрибинмен бір мезгілде қолдану ұсынылмайды. |
АПИЫНДЫ ПРЕПАРАТТАР |
||
Метадон / ламивудин |
Өзара әрекеттесуі зерттелмеген. |
Дозаны реттеу нұсқаулары үшін деректер жеткіліксіз. Көптеген пациенттер үшін метадонның дозасын реттеу қажеттілігі аз; кейде метадонды титрлеуді қайтадан жүргізу қажет болуы мүмкін. |
Метадон /Абакавир ( 14 күн бойы күніне бір рет 40 -тан 90 мг дейін / 600 мг бір рет, әрі қарай 14 күн бойы күніне екі рет 600 мг) |
Абакавир AUC Cmax 35% Метадон: CL/F 22% |
|
РЕТИНОИДТАР |
||
Ретиноидты қосылыстар (мысалы, изотретиноин) / Абакавир |
Өзара әрекеттесуі зерттелмеген. Алкогольдегидрогеназаның көмегімен жалпы шығарылу жолын ескере отырып, өзара әрекеттесу болуы мүмкін. |
Дозаны реттеу нұсқаулары үшін деректер жеткіліксіз. |
Ретиноидты қосылыстар (мысалы, изотретиноин ) / Ламивудин Дәрілермен өзара әрекеттесуіне зерттеулер жүргізілген жоқ. |
Өзара әрекеттесуі зерттелмеген. |
|
ВИРУСҚА ҚАРСЫ ПРЕПАРАТТАР |
||
Рибаварин / Абакавир |
Өзара әрекеттесуі зерттелмеген.. Жасушаішілік фосфорланған метаболиттерді төмендетуге арналған теориялық потенциал. |
Екі препаратты бірге қолданғанда сақ болу керек (4.4 бөлімін қараңыз). |
ӘРТҮРЛІ |
||
Этил спирті / Абакавир (0.7 г/кг бір реттік доза / 600 мг бір реттік доза) |
Абакавир: AUC 41% Этил спирті: AUC (алкогольдегидрогеназаның тежелуі) |
Дозаны реттеу қажет емес. |
Этил спирті / ламивудин |
Өзара әрекеттесуі зерттелмеген.. |
Аббревиатуралар: = жоғарылауы; =төмендеуі; = елеулі өзгерістерсіз;
AUC= Уақыт концентрациясына байланысты қисық астындағы аудан;
Cmax = ең жоғарғы бақыланатын концентрация ;
CL/F = препаратты пероральді қабылдағандағы нақты клиренс
Балалар
Өзара әрекеттесу зерттеулері тек ересектердің қатысуымен жүргізілді.
Айрықша нұсқаулар
Антиретровирустық емді пайдаланған кезде вирусты тиімді басу АИТВ-ның жыныстық жолмен берілу қаупін төмендетеді, бірақ оны толық жоққа шығармайды және АИТВ-ның басқа адамдарға жыныстық жолмен немесе қан арқылы берілуінің алдын алмайды. Қажетті сақтық шараларын қабылдауды жалғастыру керек.
Абакавирге аса жоғары сезімталдық
Абакавир аса жоғары сезімталдық реакцияларының (АЖСР) даму қаупімен байланысты, олар қызбамен және/немесе бөртпемен және мультиағзалық зақымдануды көрсететін басқа да симптомдармен сипатталады. Абакавирді қабылдаған кезде аса жоғары сезімталдық реакциялары байқалған, олардың кейбірі өмірге қауіп төндірген және егер талапқа сай ем жүргізілмесе сирек жағдайларда фатальді болды.
АЖСР туындау қаупі HLA-B*5701 аллель болуына оң нәтиже берген пациенттерде абакавир үшін жоғары. Алайда осы аллельді тасымалдаушы болып табылмайтын пациенттерде төмен жиілікпен абакавирді қабылдаған кезде АЖСР туралы хабарланған.
Төмендегі принциптерді қатаң ұстану керек:
- пациенттерде HLA B*5701 аллелінің болуына скрининг жүргізілуі және құрамында абакавир бар препаратпен емдегенге дейін құжатталуы тиіс
- Кивекса® препаратын қолдану HLA B*5701 аллелін тасымалдаушы болған пациенттерде, сондай-ақ құрамында абакавир бар препаратқа (Тризивир®, Зиаген®, ТриумекТМ) АЖСР күдік туындаған пациенттерде ұсынылмайды
- егер АЖСР күдік туындағанда, тіпті, HLA-B*5701 аллель болмаған жағдайда да Кивекса® препаратын қабылдауды дереу тоқтату керек. АЖСР күдік туындағаннан кейін Кивекса® препаратымен емдеуді тоқтатуды кейінге қалдыру өмірге қауіп төндіретін реакцияға әкелуі мүмкін.
- АЖСР күдік туындауы себепті Кивекса® препаратымен емдеуді тоқтатқаннан кейін Кивекса® препаратын немесе құрамында абакавир бар кез келген басқа препаратты (Тризивир®, Зиаген®, ТриумекТМ) ешқашан қайталап тағайындауға болмайды
- абакавирге АЖСР күдік туындағаннан кейін құрамында абакавир бар өнімдерді қайталап тағайындау бірнеше сағат ішінде симптомдардың тез қайтып оралуына әкелуі мүмкін. Бұл қайталану әдетте бастапқы көрініспен салыстырғанда өте күрделі және өмірге қауіп төндіретін артериялық гипотонияға және өлімге әкелуі мүмкін.
- абакавирді қайталап тағайындауды болдырмас үшін сыртартқысында АЖСР күдік туындаған пациенттер Кивекса® препаратының қалған таблеткаларын ұлттық заңнаманың талаптарына сәйкес утилизациялануы тиістігінен хабардар болуы тиіс.
Абакавирге АЖСР клиникалық сипаттамасы
Абакавирді қабылдаумен байланысты АЖСР клиникалық зерттеулерде және кейінгі постмаркетингтік бақылауларда жақсы сипатталған. Симптомдары әдетте абакавирмен емдеуді бастағаннан кейін алғашқы алты апта ішінде (орташа басталу уақыты – 11 күн) көрініс берген, бірақ бұл реакциялар емдеудің кез келген сәтінде туындауы мүмкін.
Абакавирге барлық дерлік АЖСР қызбаны және/немесе бөртпені қамтиды. Тыныс алу және асқазан-ішек симптомдарын қоса, абакавирге АЖСР бір бөлігі ретінде бақыланатын басқа симптомдар мен белгілер «Жағымсыз реакциялар» бөлімінде егжей-тегжейлі сипатталған (Жеке жағымсыз реакциялар сипаттамасы). Бұл симптомдардың респираторлық аурулар (пневмония, бронхит, фарингит) немесе гастроэнтерит ретінде АЖСР қате диагноз қойылуына әкелуі мүмкін екендігі маңызды.
Осы АЖСР байланысты симптомдар емдеуді жалғастырғанда нашарлайды және өмірге қауіп төндіруі мүмкін. Бұл симптомдар әдетте абакавирді қабылдауды тоқтатқан кезде жоғалады.
АЖСР байланысты емес басқа себептермен абакавирді қабылдауды тоқтатқан пациенттер абакавирмен емдеуді қайталап тағайындағаннан кейін бірнеше сағат ішінде өмірге қауіпті реакцияларды бастан өткерген сирек жағдайлар да сипатталған. Мұндай пациенттерде абакавирді қайталап тағайындау қатаң медициналық бақылаумен жүргізілуі тиіс.
Сүтқышқылды ацидоз
Нуклеозидтік аналогтарды қолданған кезде, әдетте, гепатомегалиямен және бауыр стеатозымен байланысты лактоацидоз туралы хабарланған. Ерте белгілер (симптоматикалық гиперлактатемия) орташа ас қорытатын симптомдарды (жүрек айнуы, құсу және іштің ауыруы), спецификалық емес дімкәстікті, тәбеттің жоғалуын, салмақтың жоғалуын, респираторлық симптомдарды (жиі және /немесе терең тыныс алу) немесе неврологиялық симптомдарды (моторлық әлсіздікті қоса) қамтиды.
Лактоацидозда өліммен аяқталу жоғарылайды және панкреатитпен, бауыр немесе бүйрек жеткіліксіздігімен байланысты.
Лактоацидоз жалпы алғанда бірнеше ай емдегеннен кейін туындайды.
Нуклеозидтік аналогтармен емдеу симптоматикалық гиперлактатемия және метаболизмдік лактоацидоз, үдемелі гепатомегалия немесе аминотрансферазалар деңгейінің жылдам көтерілуі туындаған кезде тоқтатылуы тиіс.
Барлық пациенттерге (әсіресе толық әйелдерге) гепатомегалиясы, гепатиті немесе басқа да белгілі қауіп факторлары бар бауыр ауруларын және бауыр стеатозын (белгілі дәрілік препараттарды және алкогольді қоса) нуклеозидтік аналогтармен емдеген кезде сақтандыру шараларын қабылдау керек. Жоғары қауіп тобын альфа-интерферонмен және рибавиринмен ем қабылдайтын, бір мезгілде С гепатитін жұқтырған пациенттер құрайды. Пациенттердің осы тобын мұқият медициналық бақылау қажет.
Липодистрофия
Біріктірілген антиретровирустық ем АИТВ жұқтырғандарда май жасушалары қайта таралуының (липодистрофия) даму қаупімен байланысты. Осы бұзылулардың кейінгі салдары қазіргі уақытта белгісіз. Даму механизмі туралы мағлұмат толық жеткілікті емес. Висцеральді липоматоз, протеаза тежегіштері (ПТ) және липоатрофия мен кері транскриптаза нуклеозидтік тежегіштері (КТНТ) арасында байлнаныс бары болжанған. Липодистрофияның өте жоғары қаупі егделеу жас сияқты жеке факторлармен байланысты болған, ал препаратпен антиретровирустық дәрімен барынша ұзақ емдеу және зат алмасудың астасқан бұзылыстары сияқты факторларды байланыстырған.
Клиникалық зерттеу барысында организмдегі майдың қайта таралуы белгілеріне назар аудару керек. Сарысудағы липидтер деңгейін және қандағы глюкоза деңгейін мұқият қадағалап отыру қажет. Қажет болғанда май алмасудың бұзылуларына тиісті ем жүргізеді.
Панкреатит
Панкреатиттің дамуы туралы мәліметтер болған, алайда оның ламивудин мен абакавирді қабылдаумен байланысы анықталған жоқ.
Вирусологиялық сәтсіздік қаупі
- үштік нуклеозидтік емдеу: вирусологиялық сәтсіздіктің жиі және бір реттік қабылдау режимінде абакавир мен ламивудин тенофовир дизопроксил фумаратпен біріктірілген ерте сатыдағы тез төзімділіктің даму жағдайлары сипатталған.
- Кивекса® препаратының вирусологиялық сәтсіздік қаупі басқа емдік біріктірілімдерге қарағанда жоғары болуы мүмкін (Фармакодинамика бөлімін қараңыз).
Бауыр аурулары
Бауыр функциясының елеулі бұзылулары бар пациенттерде Кивекса® препаратының тиімділігі мен қауіпсіздігі анықталмаған.
Созылмалы белсенді гепатиттті қоса, бауыр функциялары бұзылған пациенттерде біріктірілген антиретровирустық ем барысында бауыр сынамаларының өзгеруі жиі байқалған. Мұндай пациенттер тиісті клиникалық практика стандартына сәйкес мониторингілеуді қажет етеді. Бауыр функциясы нашарлағанда жүргізілетін емді тоқтата тұру немесе мүлдем тоқтату мүмкіндігін қарастыру керек.
Қатар жүретін вирустық В немесе С гепатиті бар пациенттер
Біріктірілген антиретровирустық ем қабылдайтын, қатар жүретін вирустық В немесе С гепатиті бар пациенттерде өмірге әлеуетті қауіп төндіретін бауыр тарапынан ауыр жағымсыз реакциялардың даму қаупінің жоғарылағаны байқалған. Бір мезгілде В немесе С гепатитінің вирусқа қарсы ем тағайындағанда осы препараттарды медициналық қолдану жөніндегі нұсқаулықтарын оқып шығу керек.
Қатар жүретін вирустық В гепатиті (HBV) бар кейбір пациенттерде ламивудинді қабылдауды тоқтатқаннан кейін гепатит қайталануының клиникалық немесе зертханалық белгілері пайда болуы мүмкін, бұл өз кезегінде декомпенсацияланған бауыр аурулары бар пациенттерде өте ауыр салдарларға әкелуі мүмкін. Егер Кивекса® препараты қатар жүретін вирустық В гепатиті бар пациенттерде тоқтатылса, функционалдық бауыр сынамалары көрсеткіштерін бақылап отыру және HBV репликациясы маркерлері деңгейін ұдайы анықтап отыру керек.
Митохондриальді дисфункция
Нуклеозидтік және нуклеотидтік аналогтар түрлі зақымдалу дәрежесінің митохондриальді бұзылуларын in vitro және in vivo туғызу қабілетін көрсетті. Нуклеозидтік аналогтар әсеріне жатырішілік және/немесе постнатальді ұшыраған АИТВ теріс сәбилерде митохондриальді дисфункция туралы мәліметтер бар. Хабарланған негізгі жағымсыз реакциялар гематологиялық бұзылыстар (анемия, нейтропения), зат алмасудың бұзылуы (гиперлактатемия, гиперлипаземия) болды. Көбінесе бұл реакциялар өткінші сипатқа ие. Кеш басталатын неврологиялық бұзылыстардың аздаған саны туралы хабарланған (гипертония, конвульсиялар, қалыпты емес мінез-құлық). Неврологиялық бұзылыстардың өтпелі ме, немесе тұрақты сипатқа ие ме, қазіргі уақытта бұл белгісіз. Жатыр ішінде нуклеозидтік және нуклеотидтік аналогтар әсеріне ұшыраған, тіпті, АИТВ теріс көрсеткіші бар барлық сәбилер кейін клиникалық және зертханалық бақылаудан өтуі тиіс және тиісті симптомдар немесе белгілер туындаған жағдайда болуы мүмкін митохондриальді дисфункцияға толық зерттеуден өтулері қажет. Бұл нәтижелер вертикальді АИТВ берілуін болдырмау үшін жүкті әйелдерде антиретровирустық емді пайдалану жөніндегі ағымдағы ұлттық нұсқауларға әсер етпейді.
Иммунды қалпына келтіру синдромы
Ауыр иммун тапшылығы бар АИТВ жұқтырған пациенттерде антиретровирустық (АРТ) емдеуді бастаған кезде күрделі клиникалық жағдайды немесе симптомдардың ушығуын туғызатын симптомсыз немесе қалдық оппортунистік инфекцияларға қабыну реакциясы туындауы мүмкін. Әдетте, мұндай реакциялар АРТ басталғаннан кейін алғашқы бірнеше аптада немесе айда байқалған. Мұндай жай-күйлердің әдеттегі мысалдары цитомегаловирустық ретинит, жайылған және/немесе ошақтық микобактериялық инфекциялар және Pneumocystis jiroveci (P. carinii) туғызған пневмония болып табылады. Кез келген қабыну симптомдарына дереу баға берілуі және қажет болғанда емді бастау қажет. Аутоиммундық аурулар (Грейвс ауруы, полимиозит және Гийен-Барре синдромы сияқты) иммунитетті қайта белсендіру аясында байқалған, алайда алғашқы көрініс беру уақыты құбылып отырған және ауру емдеуді бастағаннан кейін көп айдан соң көрініс беруі және атипиялық ағымға ие болуы мүмкін.
Остеонекроз
Мультифакториальді этиологияға (кортикостероидтарды қабылдау, алкогольді шамадан тыс қолдану, ауыр иммуносупрессия, дене салмағының жоғары индексі) қарамастан, АИТВ инфекциясы үдеген және/немесе ұзақ антиретровирустық ем қабылдаған пациенттерде остеонекроз жағдайлары туралы хабарламалар бар. Пациенттер буындар ауырғанда немесе қимылы шектелгенде немесе қимылдау қиындық туғызғанда емдеуші дәрігерге хабарлау қажеттігінен хабардар болуы тиіс.
Оппортунистік инфекциялар
КИВЕКСА немесе басқа да антиретровирустық препараттар қолданатын пациенттерде шартты-патогенді микроорганизмдер туғызатын инфекциялар және басқа да АИТВ инфекциясының асқынулары дамуы мүмкін, сондықтан пациенттер АИТВ инфекцияны емдеу тәжірибесі бар дәрігерлердің тұрақты бақылауында болуы тиіс.
Миокард инфарктісі
Обсервациялық зерттеулер миокард инфарктісі мен абакавирді пайдалану арасында байланыс барын көрсетті. Негізінен антиретровирустық препараттар қабылдаған пациенттер зерттелді. Клиникалық зерттеу нәтижелері миокард инфарктісінің шектеулі санын көрсетті және қауіптің елеусіз жоғарылауын жоққа шығара алмады. Жалпы алғанда бақыланатын когорталардың және рандомизацияланған зерттеулердің қолжетімді деректері абакавирмен емдеу мен миокард инфарктісі қаупі арасында себеп-салдарлы байланысты дәлелдей алмайтын да, жоққа шығара алмайтын да кейбір келіспеушілікті көрсетті. Осы уақытқа дейін қауіптің әлеуетті жоғарылауын түсіндіретін ешқандай нақтыланған биологиялық механизм жоқ. Кивекса® препаратын тағайындай отырып өзгертуге келетін барлық қауіп факторларын (мысалы, шылым шегу, гипертония және гиперлипидемия) мейлінше азайту бойынша шара қолдану қажет.
Жүктілік
Әдетте жүкті әйелдердегі АИТВ инфекцияны емдеу үшін және соған орай жаңа туған нәрестеге АИТВ вертикальді берілу қаупін төмендету үшін антиретровирустық дәрілерді пайдалануға шешім қабылдай отырып, жануарларға жүргізілген зерттеу деректерін, сондай-ақ жүкті әйелдердегі қолданудың клиникалық тәжірибесін ескеру қажет.
Абакавир мен ламивудин ДНҚ жасушалық жауабын тежеуі мүмкін, ал абакавир, көрсетілгендей, жануарлар моделінде канцерогенді қасиетке ие болды. Бұл нәтижелердің клиникалық мәні белгісіз.
Жеке белсенді абакавирді және біріктіріп ламивудинді қабылдайтын жүкті әйелдер бойынша деректердің орташа көлемі жатырішілік ақаулардың даму қаупін анықтаған жоқ: бірінші триместр барысында абакавир әсерінің 800-ден астам нәтижесі және ламивудин әсерінің 1000 нәтижесі; екінші және үшінші триместр барысында абакавир мен ламивудин әсерінің 1000-нан астам нәтижесі.
Жүкті әйелдерде КИВЕКСА® препаратын пайдалану қауіпсіздігі туралы бақыланатын клиникалық зерттеулер жүргізілген жоқ. Алайда, қолжетімді деректер негізінде жатырішілік ақаулардың даму қаупінің ықтималдығы аз.
Митохондриальді дисфункция
Нуклеозидтік және нуклеотидтық аналогтар түрлі зақымдалу дәрежесіндегі митохондриальді бұзылуларын in vitro және in vivo туғызу қабілетін көрсетті. Нуклеозидтік аналогтар әсеріне жатырішілік және/немесе постнатальді ұшыраған АИТВ теріс сәбилерде митохондриальді дисфункция туралы мәліметтер бар.
Лактация
Денсаулық сақтау саласының сарапшылары вирус берілуін болдырмас үшін әйелдерге бала емізуді ұсынбайды, себебі АИТВ емшек сүтіне өтеді. Егер жасанды тамақтандыру мүмкін болмаса, антиретровирустық емдеу аясында бала емізу жөніндегі жергілікті ресми ұсыныстарға жүгіну қажет.
АИТВ ем қабылдаған 200-ден астам аналар / балалар жұптарын зерттеу деректері негізінде аналары АИТВ ем қабылдаған емшек еметін сәбилерде қан сарысуындағы ламивудин концентрациясы өте төмен (анасының қан сарысуындағы концентрация <4%) және емшек еметін сәбилер 24 аптаға жеткенде белгісіз деңгейге дейін біртіндеп төмендейді. Үш айдан кіші сәбилерде қолданған кезде абакавир мен ламивудиннің қауіпсіздігі туралы деректер жоқ.
Дәрілік заттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері
Ламивудин мен абакавирдің автокөлікті/механизмдерді басқару кезіндегі зейін шоғырландыру қабілетіне әсер етуіне арнаулы зерттеулер жүргізілмеген. Препараттың зейінді шоғырландыру, моторлық немесе когнитивтік дағдыны талап ететін міндеттерді орындау қабілетіне теріс ықпал ету ықтималдығы аз. Соның өзінде, пациенттің назарын шоғырландыру қабілетін бағалағанда оның жалпы жай-күйін, сондай-ақ КИВЕКСА® препаратын қабылдау аясында байқалуы мүмкін жағымсыз әсерлер сипатын есепке алған дұрыс.
Артық дозалануы
Симптомдары: жедел артық дозалану симптомдары «Жағымсыз әсерлері» бөлімінде берілген симптомдарға сәйкес келеді.
Емі: артық дозаланған жағдайда пациент дәрігердің қадағалауында болуы тиіс (препараттың уытты әсерінің белгілерін анықтау мақсатында). Қажет болса, стандартты демеуші ем жүргізіледі. Ламивудиннің ағзадан диализ арқылы шығарылуы мүмкін екендігіне байланысты артық дозалануды емдеу, үзіліссіз гемодиализді қамтуы тиіс. Қазіргі уақытта перитонеальді диализ бен гемодиализдің абакавирдің организмнен шығарылуына ықпал ету-етпеуі белгісіз.
Шығарылу түрі және қаптамасы
Үлбірлі қабықпен қапталған таблеткалар.
10 таблеткадан поливинилхлоридті үлбірден және алюминий фольгадан жасалған пішінді ұяшықты қаптамаға салынған.
3 пішінді қаптамадан медициналық қолдану жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапшаға салынған.
Сақтау шарттары
30 °С-ден аспайтын температурада сақтау керек.
Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!
Сақтау мерзімі
3 жыл
Қаптамасында көрсетілген жарамдылық мерзімі өткеннен кейін препаратты қабылдауға болмайды.
Дәріханалардан босатылу шарттары
Рецепт арқылы
Өндіруші
Глаксо Оперэйшенс Ұлыбритания Лтд. Глаксо Вэллком Оперэйшнс, Ұлыбритания
(Priory Street, Ware, Hertfordshire SG12 0DJ, UK)
Қаптаушы
Глаксо Вэллком С.А., Испания
(Avenida Extremadura 3, Aranda de Duero, Burgos, 09400 Spain)
Тіркеу куәлігінің иесі
ViiV Healthcare UK Limited, Ұлыбритания
(980 Great West Road, Brentford, Middlesex TW8 9GS, UK)
КИВЕКСА «ViiV Healthcare» компаниялары тобының тіркелген тауарлық белгісі болып табылады
Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан өнім (тауар) сапасына қатысты шағымдар қабылдайтын ұйымның мекенжайы
ГлаксоСмитКляйн Экспорт Лтд Қазақстандағы өкілдігі
050059, Алматы қ., Фурманов к-сі, 273
Телефон нөмірі: +7 727 258 28 92, +7 727 259 09 96
Факс нөмірі: + 7 727 258 28 90
Электронды поштасы: kaz.med@gsk.com
Медициналық қолдану жөніндегі бекітілген нұсқаулықты www.dari.kz сайтынан көре аласыздар