Кальция глюконат (100 мг/мл)
Инструкция
- русский
- қазақша
Саудалық атауы
Кальций глюконаты
Халықаралық патенттелмеген атауы
Жоқ
Дәрілік түрі
Көктамыр ішіне және бұлшықет ішіне енгізуге арналған 100 мг/мл, 5 мл ерітінді
Құрамы
1 мл препараттың құрамында
белсенді зат: кальций глюконаты – 100мг
қосымша заттар: таурин, инъекцияға арналған су
Сипаттамасы
Мөлдір немесе аздап бозаңданатын түссіз немесе аздап сарғыш сұйықтық
Фармакотерапиялық тобы
Минералды қоспалар. Кальций препараттары. Кальций глюконаты.АТХ коды А12АА03
Фармакологиялық қасиеттері
Фармакокинетикасы
Парентеральді түрде енгізгеннен кейін препарат қан ағымымен барлық тіндер мен ағзаларға тегіс таралады. Қан плазмасында препараттың шамамен 45 %-ы ақуыздармен жиынтықта болады. Плацентарлық бөгет арқылы өтеді, ана сүтіне енеді. Организмнен негізінен бүйрек арқылы шығарылады.
Фармакодинамикасы
Кальций препараты жүйке импульстерінің берілуі, қаңқа және тегіс бұлшықеттер жиырылуы, миокард қызметі, сүйек тінінің қалыптасуы, қан ұюы үдерісін жүзеге асыру үшін қажетті кальций иондары тапшылығының орнын толтырады. Аллергияға қарсы, қабынуға қарсы, гемостатикалық, уытсыздандырушы және әлсіз седативті әсері бар.
Кальций жасушалар мен қантамырлары қабырғасының өткізгіштігін төмендетеді, қабыну реакцияларының дамуына жол бермейді, организмнің жұқпаларға қарсыласуын арттыруы және фагоцитозды едәуір күшейтуі мүмкін (натрий хлоридін қабылдағаннан кейін төмендейтін фагоцитоз кальцийді қабылдағаннан кейін артады).
Көктамыр ішіне енгізгенде вегетативті жүйке жүйесінің симпатикалық бөлімін көтермелейді, бүйрек үсті безінің адреналин бөлуін күшейтеді, орташа диуретиктік әсер береді.
Қолданылуы
- гипокальциемиямен, жасуша жарғақшалары өткізгіштігінің артуымен, бұлшықет тінінде жүйке импульстері берілісінің бұзылуымен қатар жүретін ауруларда
- гипопаратиреозда (латентті тетания, остеопороз)
- D витаминінің алмасуы бұзылғанда (спазмофилия, остеомаляция)
- созылмалы бүйрек жеткіліксіздігі бар науқастардағы гиперфосфатемияда
- магний тұздарымен, қымыздық және фтор қышқылымен уланғанда (кальций глюконатымен өзара әрекеттескенде диссоцияцияланбайтын және уытты емес оксалат пен кальций фториді түзіледі)
- проксимальді миоплегияның гиперкалиемиялық түрінде
- шығу тегі әр түрлі қан кетулерді кешенді емдеуде
- аллергиялық ауруларда (сарысу құю ауруы, есекжем, қызба синдромы, қышыну, қышитын дерматоздар, дәрі енгізуге және тағамдық өнімдерді қабылдауға реакция, Квинке ісінуі)
Қолдану тәсілі және дозалары
Бұлшықет ішіне, көктамыр ішіне баяу (2-3 минут ішінде) немесе тамшылатып, ересектерге 5-10 мл 10 % ерітіндіні бір рет, аурудың сипатына және науқастың жай-күйіне қарай – күнделікті, күн ара немесе 2 күн сайын.
Некроз дамуы мүмкіндігіне байланысты балаларға бұлшықет ішіне препаратты енгізуге болмайды. Балаларға – құйылатын ерітіндінің барлық көлеміне біркелкі сұйылта отырып көктамыр ішіне дене салмағының әр келісіне 0,5 ммоль баяу әр 2-3 күн сайын (1мл ерітіндіде 0,25ммоль кальций бар) енгізеді.
Балаларға, жас шамасына байланысты, 10% кальций глюконаты ерітіндісін мынадай дозаларда тек көктамыр ішіне ғана енгізеді: 6 айға дейінгі балаларға – 0,1-1 мл, 6 айдан 12 айға дейінгі балаларға – 1-1,5 мл, 1-3 жасар балаларға – 1,5-2 мл, 4-6 жастағы балаларға – 2-2,5 мл, 7-14 жастағы балаларға – 3-5 мл.
Ерітіндіні енгізердің алдында дене температурасына дейін жылытады. Ересектер мен балаларға ерітіндіні 2-3 минут бойы баяу енгізеді. Кальций глюконатын енгізуге арналған еккіште этанолдың қалдықтары болмауы керек, өйткені соңғысы болғанда кальций глюконаты тұнбаға түседі.
Жағымсыз әсерлері
- бұлшықет ішіне және көктамыр ішіне енгізгенде: жүрек айнуы, құсу, диарея, брадикардия болуы мүмкін
- көктамыр ішіне енгізгенде: ауыз қуысының шымылдатып ашуы, ысыну,қатты терлеу
- көктамыр ішіне жылдам енгізгенде: анафилактикалық және анафилактоидтық реакциялар, артериялық қысымының төмендеуі, аритмия, естен тану, жүректің тоқтап қалуы, өлім
- бұлшықет ішіне енгізгенде – енгізу орнындағы некроз, кальций ерітіндісінің экстравазальді түсуі нәтижесінде жұмсақ тіндердің кальцификациясы, жергілікті тітіркену болуы мүмкін.
Қолдануға болмайтын жағдайлар
- препаратқа аса жоғары сезімталдық
- гиперкальциемия (кальцийдің концентрациясы 12 мг %-дан жоғары = 6 мЭкв/л, кальцийлік нефроуролитиаз)
- бүйректің ауыр жеткіліксіздігі
- саркоидоз
- жүрек гликозидтерін бір мезгілде қабылдау
- қанның жоғары ұйығыштығы
- тромбоздарға бейімділік
- дегидратация, электролиттік бұзылулар (гиперкальциемия даму қаупі), диарея, мальабсорбция синдромы, кальцийлік нефроуролитиаз (сыртартқыдағы), елеусіз гиперкальциурия, бүйректің созылмалы орташа жеткіліксіздігі, жайылған атеросклероз, гиперкоагуляция
- бұлшықет ішіне енгізу үшін – 18 жасқа дейінгі балалар (некроздардың даму қаупі)
- жүктілік және лактация кезеңі
Дәрілермен өзара әрекеттесуі
Карбонаттармен, салицилаттармен, сульфаттармен үйлесімсіз, өйткені олармен бірге ерімейтін немесе еруі қиын кальций тұздарын түзеді. Тетрациклиндік қатардың антибиотиктерімен олардың бактерияға қарсы әсерін төмендете отырып, ерімейтін кешендер түзеді.
«Баяу» кальций өзектері блокаторларының әсерін азайтады (верапамилге дейінгі немесе одан кейін кальций глюконатын көктамыр ішіне енгізу оның гипотензивті әсерін азайтады, бірақ оның антиаритмиялық әсеріне ықпалы аз).
Хинидинмен бір мезгілде қолданғанда қарыншаішілік өткізгіштіктің баяулауы және хинидиннің уыттылығы артуы мүмкін. Гликозидтердің кардиоуытты әсерінің күшеюіне байланысты, кальций глюконатын жүрек гликозидтерімен емдеу кезінде қолдану ұсынылмайды. Тиазидтік диуретиктермен үйлестіргенде гиперкальциемияны күшейтуі, гиперкальциемия кезінде кальцитониннің әсерін төмендетуі мүмкін, фенитоиннің биожетімділігін төмендетеді.
Айрықша нұсқаулар
Педиатриялық тәжірибеде қолданылуы
Балаларды емдеу үшін препаратты тек көктамыр ішіне ғана қолданады. Некроз дамуы мүмкін болғандықтан, препаратты бұлшықет ішіне енгізу ұсынылмайды.
Сыртартқысында елеусіз гиперкальциуриясы, шумақтық сүзіліс төмендеуі немесе нефроуролитиазы бар науқастарға тағайындау сақтықпен және несептегі кальций құрамын бақылай отырып жүргізілуі керек.
Нефроуролитиаздың даму қаупін төмендету үшін мол су ішу ұсынылады.
Жүктілік және лактация кезеңі
Препаратты жүктілік және бала емізу кезеңінде қолдану ұсынылмайды.
Дәрілік заттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері
Әсер етпейді
Артық дозалануы
Симптомдары: гиперкальциемия дамуы мүмкін
Емі: у қайтарғы ретінде кальцитонин пайдаланылады, оны көктамыр ішіне 1 кг дене салмағына тәулігіне 5 – 10 ХБ есебінен енгізеді (препаратты натрий хлоридінің 500 мл изотониялық ерітіндісінде сұйылтып, 2 – 4 қабылдауға бөліп 6 сағат ішінде тамшылатып енгізеді).
Шығарылу түрі және қаптамасы
5 мл-ден бейтарап шыныдан жасалған ампулаларда.
10 ампуладан медицинада қолданылуы жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен және ампулаларды ашуға арналған пышақпен немесе ампулалық скарификатормен бірге картоннан жасалған қорапқа салынады.
Сындыру сақинасы немесе сындыру нүктесі бар ампулаларды қаптағанда ампулаларды ашуға арналған пышақ немесе ампулалық скарификатор салынбайды.
Сақтау шарттары
Жарықтан қорғалған жерде, 20оС-ден 25оС-ге дейінгі температурада сақтау керек.
Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!
Сақтау мерзімі
2 жыл
Қаптамасында көрсетілген жарамдылық мерзімі өткеннен кейін пайдалануға болмайды.
Дәріханадан босатылу шарттары
Рецепт арқылы
Өндіруші
«Новосибхимфарм» ААҚ,
630028, Ресей, Новосібір қ., Декабристер к., 275
тел: (383)363-32-44,
факс (383)363-32-55
Тіркеу куәлігінің иесі
«Новосибхимфарм» ААҚ, Ресей
Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан өнім (тауар) сапасына қатысты шағымдарды қабылдайтын ұйымның мекенжайы
«Валента Азия» ЖШС, Алматы қ., Абай д-лы. Радостовец к. бұрышы, 151/115,
«Алатау» бизнес орталығы, №1102 кеңсе
Тел./факс 8727 334-15-52, Е-mail: asia@valentapharm.com