Зоели
Инструкция
-
русский
-
қазақша
Саудалық атауы
Зоели
Халықаралық патенттелмеген атауы
Жоқ
Дәрілік түрі
Үлбірлі қабықпен қапталған таблеткалар
Құрамы
Бір ақ таблетканың құрамында
белсенді заттар: 1.50 мг эстрадиол (гемигидрат түрінде),
2.50 мг номегестрол ацетаты,
қосымша заттар: микрокристалды целлюлоза, кросповидон, тальк, магний стеараты, сусыз кремний қостотығы, лактоза моногидраты,
қабықтың құрамы: поливинил спирті, титанның қостотығы (Е 171), полиэтиленгликоль, тальк.
Бір сары таблетканың (плацебо) құрамында
белсенді зат - жоқ,
қосымша заттар: микрокристалды целлюлоза, кросповидон, тальк, магний стеараты, сусыз кремний қостотығы, лактоза моногидраты,
қабықтың құрамы: поливинил спирті, титанның қостотығы (Е 171), полиэтиленгликоль, тальк, темірдің (III) сары тотығы (Е 172), темірдің (III) қара тотығы (Е 172).
Сипаттамасы
Ақ таблеткалар: екі жағында да «ne» таңбасы бар ақ немесе ақ дерлік түсті қабықпен қапталған дөңгелек таблеткалар
Сары плацебо-таблеткалар: екі жағында да «р» таңбасы бар сары түсті қабықпен қапталған дөңгелек таблеткалар.
Фармакотерапиялық тобы
Жыныс гормондары және жыныс жүйесінің модуляторлары. Жүйелі пайдалануға арналған гормональді контрацептивтер. Прогестогендер және эстрогендер, (бекітілген біріктірілімдер). Номегестрел және эстрадиол.
АТХ коды G03AA14
Фармакологиялық қасиеттері
Фармакокинетикасы
Номегестрол ацетаты
Сіңуі. Номегестрол ацетаты ішу арқылы қолданылғанда тез сіңіріледі.
Қан плазмасындағы номегестрол ацетатының ең жоғары концентрациясы 7 нг/мл жуық құрайды және оған бір рет қолданудан кейін 2 сағаттан соң жетеді. Бір реттік доза қабылдаудан кейін номегестрол ацетатының абсолютті биожетімділігі 63% құрайды. Ас ішудің номегестрол ацетаты биожетімділігіне клиникалық мәнді ықпалы байқалмаған.
Таралуы. Номегестрол ацетаты ақуыздармен бәсең қарқынмен байланысады (97-98%), бірақ жыныс гормондарын байланыстырушы глобулинмен (ЖГБГ) немесе кортикоидтарды байланыстырушы глобулинмен (КБГ) байланыспайды. Номегестрол ацетатының көріністі таралу көлемі тепе-тең жағдайда 1 645 ± 576 литр құрайды.
Метаболизмі. Номегестрол ацетаты P450 цитохромы бауыр ферменттерінің, ең алдымен, CYP2C19 және CYP2C8 іске қосылу мүмкіндігімен CYP3A4 және CYP3A5 қатысуымен бірнеше белсенді емес гидроксилденген метаболиттерге дейін метаболизденеді. Номегестрол ацетаты және оның гидроксилденген метаболиттері глюкуронид- және сульфат-конъюгаттар түзілетін екінші фазадағы бәсең қарқынды метаболизмге ұшырайды. Көріністі клиренсі тепе-тең жағдайда 26 л/сағат құрайды.
Шығарылуы. Жартылай шығарылу кезеңі (Т1/2) тепе-тең жағдайда 46 сағат (28-ден 83 сағатқа дейінгі диапазонда) құрайды. Метаболиттердің жартылай шығарылу кезеңі анықталмаған.
Номегестрол ацетаты несеппен және нәжіспен шығарылады. Қабылданған дозаның 80% шамасы 4 күн ішінде несеппен және нәжіспен шығарылады. Номегестрол ацетаты 10 күн өткенде толық дерлік шығарылады, препарат несептен гөрі көбінесе нәжіспен шығарылады.
Дозаға байланыстылығы. Дозаға пропорционалдығы 0.625-тен 5 мг дейінгі дозалар диапазонында байқалады (бағалау фертильді әйелдерде және постменопауза кезеңінде жүргізілген).
Тепе-тең жағдайлары. Жыныс гормондарын байланыстыратын глобулин номегестрол ацетатының фармакоинетикасына ықпал етпейді. Тепе-тең жағдайға 5 күн өткенде жетеді. Қан плазмасындағы номегестрол ацетатының ең жоғары концентрациясы 12 нг/мл жуық құрайды және оған бір реттік доза қабылдаудан кейін 1.5 сағаттан соң жетеді. Қан плазмасындағы орташа концентрациясы тепе-тең жағдайда 4 нг/мл құрайды.
Дәрілермен өзара әрекеттесуі. Іn vitro зерттеулері номегестрол ацетатының Р450 цитохромы энзимдерінің елеулі индукциясын немесе тежелісін туындатпайтынын және Р-gr транспортермен клиникалық мәнді өзара әрекеттесуі болмайтынын көрсетті.
Эстрадиол (E2)
Сіңуі. Эстрадиол ішке қабылдаудан кейін бірінші өтуінде айқын метаболизмге ұшырайды. Абсолютті биожетімділігі шамамен 1% құрайды. Ас ішудің эстрадиол биожетімділігіне клиникалық мәнді ықпалы байқалмаған.
Таралуы. Экзогенді эстрадиол таралуы эндогендісіне ұқсас. Эстрогендер организм тіндерінде және ең көп концентрацияларда жыныс гормондарының нысана-мүшелерінде белсенді таралады. Эстрадиол қанда негізінен ЖГБГ (37 %) және альбуминмен (61 %) байланысқан күйде айналады және 1-2% эстрадиол ғана байланыспаған күйде айналымға түседі.
Метаболизмі. Экзогенді эстрадиол ішке қабылдаудан кейін белсенді метаболизденеді. Экзогенді және эндогенді эстрадиол метаболизмі ұқсас. Ішекте және бауырда эстрадиол кейіннен конъюгацияланатын және бауыр-ішек айналымына ұшырайтын бірнеше метаболиттерге, ең алдымен, эстронға жылдам айналады.
Эстрадиол-дегидрогеназа, сульфотрансфераза және сульфатазаны қоса, әртүрлі ферменттер белсенділігінің салдарынан эстрадиол, эстрон және эстронсульфат арасында динамикалық тепе-теңдік орнайды. Эстрон мен эстрадиол тотығуы Р450 цитохромы жүйесі, ең алдымен, CYP1A2, CYP1A2 (бауырдан тыс), CYP3A4, CYP3A5, CYP1B1 және CYP2C9 арқылы жүреді.
Шығарылуы. Эстрадиол айналымдағы қаннан тез шығарылады. Метаболизм мен бауыр-ішек айналымы есебінен эстрогенсульфаттар мен глюкуронидтердің ірі пулы айналымда болады. Бұл көктамыр ішіне енгізуден кейін 3.6 ± 1.5 сағат құрайтын эстрадиолдың жартылай шығарылу кезеңінің жоғары ауытқушылығына алып келеді.
Тепе-тең жағдайлары. Қан сарысуындағы эстрадиолдың ең жоғары концентрациясы 90 пг/мл жуық құрайды және оған дозаны қолданудан кейін 6 сағаттан соң жетеді. Қан сарысуындағы орташа концентрациясы 50 пг/мл құрайды; эстрадиолдың осындай деңгейлері әйелдердегі етеккір оралымының ерте және кешеуілді фазасына сәйкес келеді.
Пациенттердің жекелеген топтары
Балалар. Зоелиді менархе басталған дені сау жасөспірім қыз балалар және ересек әйелдер бір рет ішу арқылы қолданғаннан кейін номегестрол ацетатының фармакокинетикасы (зерттеудің негізгі мақсаты) ұқсас болды. Эстрадиол экспозициясы (зерттеудің екінші мақсаты) алғашқы 24 сағат бойына жасөспірім қыз балаларда және ересек әйелдерде ұқсас болып, ал 24 сағаттан соң төмендеген. Осы нәтижелердің клиникалық мәні белгісіз.
Бүйрек функциясы бұзылған пациенттер. Бүйрек ауруларының Зоели фармакокинетикасына ықпалын бағалау үшін зерттеулер жүргізілмеген.
Бауыр функциясы бұзылған пациенттер. Бауыр ауруларының Зоели фармакокинетикасына ықпалын бағалау үшін зерттеулер жүргізілмеген. Алайда, стероидты гормондар метаболизмі бауыр функциясы бұзылған әйелдерде төмендеуі мүмкін.
Этникалық топтар. Этникалық топтарда фармакокинетика зерттеулері жүргізілмеген.
Фармакодинамикасы
Номегестрол ацетаты – табиғи стероидты прогестерон гормонынан алынған жоғары іріктелген прогестаген. Номегестрол ацетатының адам прогестероны рецепторларына айқын тектестігі, сондай-ақ прогестерон рецепторларымен жүзеге асатын гонадотропқа қарсы, эстрогенге қарсы белсенділігі, андрогенге қарсы орташа белсенділігі бар және эстрогенді, андрогенді, глюкоортикоидты немесе минералокортикоидты әсер көрсетпейді.
Зоели құрамына эндогенді адам 17β-эстрадиолына (Е2) сәйкесті табиғи эстроген – 17β-эстрадиол кіреді. Осы эстроген, 17α позициясындағы этинил тобы болмайтын біріктірілген басқа ішуге арналған контрацептивтерде пайдаланылатын эстроген – этинилэстрадиолдан ерекшеленеді. Зоели қолданылғанда орташа Е2 деңгейлері етеккір оралымының ерте фолликулдық және кешеуілді лютеиндік фазасы кезіндегі Е2 деңгейлерімен салыстырмалы болады.
Зоели контрацептивтік әсері алуан түрлі факторлардың өзара әрекеттесуіне негізделген, олардың ең маңыздылары – овуляцияның бәсеңдеуі және цервикальді секреция өзгерістері.
Зоели тиімділігі мен қауіпсіздігі тәуелсіз екі зерттеуде (N=3200, 13 цикл бойы Зоели қабылдаған 18-ден 50 жасқа дейінгі әйелдер) салыстыру тобымен (N=1000, 21/7 режимінде 3 мг дроспиренон - 30 μг этинилэстрадинол алған әйелдер) салыстырылды. Дене салмағының артуы (5.7% қарсы 8.6%), тоқтатудан болатын патологиялық қан кету/оның болмауы (0.5 % қарама-қарсы 10.5 %), акне (7.9% қарсы 15.4%) сияқты жағымсыз әсерлер зерттелген топта салыстыру тобындағыдан жиірек кездесті. Зоели қабылдауды бастауға дейінгі жай-күймен салыстырғанда әйелдердің 73.1%-да акне нашарлауы білінбеген, әйелдердің 16.8%-да акне белгілерінің азаюы білінген, 10.1%-да акне нашарлауы білінген. Еуропалық одақ, Азия және Австралия елдеріндегі 18-35 жастағы әйелдерде Перль индексінің орташа көрсеткіші бойынша әдіс тиімсіздігі - 0.40 (жоғарғы шегі 95 % СА 1.03), дұрыс пайдаланбаудан болатын әдіс тиімсіздігі - 0.38 (жоғарғы шегі 95 % СА 0.97). АҚШ, Канада, Латын Америкасында әдіс тиімсіздігі - 1.22 (жоғарғы шегі 95 %, СА 2.18), дұрыс пайдаланбаудан болатын әдіс тиімсіздігі - 1.16 (жоғарғы шегі 95 %, СА 2.08).
Зерттеу барысында 32 әйелде Зоели қолданудан кейін 6 бірізді цикл кезінде соңғы таблеткасын қабылдаудан соң, орта есеппен, 20.8 күннен соң (16 күн өтуінен сирек) овуляцияның қалыпқа келуі байқалды.
Фолий қышқылы концентрациясы бірізді 6 цикл бойына Зоели қабылдағанда өзгермейді, бұл – препаратты тоқтатудан кейінгі алғашқы циклда жүкті болып қалу жағдайындағы оң фактор, өйткені фолий қышқылы жүктіліктің ерте сатысында маңызды витамин болып табылады.
Екі жылдық салыстырмалы зерттеу деректері бойынша, 21-35 жастағы әйелдерде Зоели қабылдау кезінде сүйектердің минералдану дәрежесінің төмендеуі байқалмаған.
Зерттеу деректері бойынша, Зоели қабылдаған 18-ден 50 жасқа дейінгі әйелдерде бірізді 6 цикл бойы глюкозаға төзімділік пен инсулинге сезімталдық өзгеріссіз қалды, сондай-ақ липидтік алмасу және гемостаз өзгерістері байқалмаған. Алайда, тироидбайланыстырушы және кортикоидбайланыстырушы глобулиндер (TБГ және КБГ) өнімінің көбеюі және жыныс гормондарын байланыстырушы глобулиннің (ЖГБГ) аздап артуы байқалған. Андростенедион (аналық бездер секрециялайтын андроген), дегидрэпиандростерон-сульфат (ДГЭС-С), жалпы және бос тестостерон Зоели қолдану кезінде едәуір төмендеген.
Эндометрийдің гистологиялық зерттеуінде бірізді 13 цикл бойына Зоели қабылдаған 32 әйелде патологиялық ауытқулар анықталмаған.
Балалар. 18 жасқа толмаған жасөспірімдердегі тиімділігі мен қауіпсіздігіне қатысты деректер жоқ.
Қолданылуы
-
ішуге арналған контрацепция
Қолдану тәсілі және дозалары
Бірізді 28 күн бойы күн сайын тәулігіне 1 таблеткадан. Әр қаптамасы ақ белсенді 24 таблеткадан басталады, олардың соңынан 4 сары плацебо таблеткасы қабылданады. Келесі қаптаманы күнделікті қолданудағы үзіліссіз және етеккірлік қан кетудің білінуіне немесе болмауына қарамастан алдыңғысы біткеннен кейін барып бастайды. Әдетте, етеккірлік қан кету соңғы ақ таблетка қабылдаудан кейін 2-3 күннен соң басталып, келесі қаптама басталғанша жалғасуы мүмкін.
Пациенттердің ерекше топтары
Бүйрек функциясының бұзылуы. Бүйрек функциясының бұзылулары бар пациент әйелдерде номегестрол ацетаты мен эстрадиолдың шығарылуы елеусіз өзгереді деп болжанады.
Бауыр функциясының бұзылуы. Қазіргі сәтте бауыр функциясының бұзылулары бар пациент әйелдер қатысқан клиникалық зерттеулер жоқ. Бауыр жеткіліксіздігі ауыр пациенттерде стероидты гормондар метаболизмі нашарлауы мүмкін, сондықтан ондай пациент әйелдерге Зоели қолдануды бауыр функциясының көрсеткіштері қалыпқа түскенше кейінге шегерген жөн.
Қолдану әдісі
Ішу арқылы қабылдау
Зоели препаратын қалай қабылдайды
Таблеткаларды ас ішуге байланыссыз шамамен белгілі бір уақытта күн сайын қабылдау керек. Таблеткаларды сумен ішіп, ал блистерден онда көрсетілген тәртіпке сай шығару керек. Препарат қабылдауды бақылау ыңғайлы болу үшін 7 күнге бөлініп таңбаланған күнтізбе-жапсырма қоса беріледі. Әйел өзі таблетка қабылдай бастаған күннен басталатын жапсырманы таңдап, оны блистерге желімдеуі тиіс.
Зоели препаратын қолдану қалай басталады
Егер алдыңғы айда ұрықтануға қарсы басқа гормональді дәрі пайдаланылмаса
Таблеткалар қолдануды оралымның алғашқы күні (яғни, етеккірлік қан кеткен бірінші күні) бастау керек. Осы орайда қосымша контрацепция әдістерін қолдану қажет емес. Препарат қабылдауды етеккір оралымының 2-5 күні бастауға болады, бірақ бұл жағдайда алғашқы қаптамадан ақ түсті таблеткалар қабылданатын алғашқы 7 күн бойы қосымша контрацепциялық бөгеу әдісін пайдалану қажет (1 суретті қараңыз).