Дексаметазон-КРКА (0.5 мг)

МНН: Дексаметазон
Производитель: КРКА, д.д., Ново Место
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Dexamethasone
Номер регистрации в РК: № РК-ЛС-5№024288
Информация о регистрации в РК: 04.09.2019 - 04.09.2024

Инструкция

Саудалық атауы

Дексаметазон - КРКА

Халықаралық патенттелмеген атауы

Дексаметазон

Дәрілік түрі

0,5 мг таблеткалар

Құрамы

Бір таблетканың құрамында

белсенді зат – 0,5 мг дексаметазон,

қосымша заттар: лактоза моногидраты, желатинденген крахмал*, сусыз коллоидты кремнийдің қостотығы, магний стеараты

* Жүгері крахмалынан дайындалған

Сипаттамасы

Дөңгелек пішінді, ақ немесе ақ дерлік түсті, шеттер қиғаш таблеткалар.

Фармакотерапиялық тобы

Жүйелі әсер ететін гормональді препараттар, жыныс гормондарын және инсулиндерді қоспағанда. Жүйелі қолдануға арналған кортикостероидтар. Жүйелі қолдануға арналған кортикостероидтар, қарапайымдар. Глюкокортикоидтар. Дексаметазон.

АТХ коды H02AB02

Фармакологиялық қасиеттері

Фармакокинетикасы

Сіңірілуі

Дексаметазон ішке қабылдағаннан кейін жылдам және толығымен дерлік сіңіріледі. Дексаметазон таблеткаларының биожетімділігі шамамен 80% құрайды (әдебиеттерден биожетімділігі туралы түрлі мәліметтер табылуы мүмкін, мысалы 53%-дан 112%-ға дейін). Ішке қабылдағаннан кейін қан плазмасынағы ең жоғарғы концентрациясы мен ең жоғарғы әсеріне 1-2 сағаттан соң жетеді; бір реттік дозасын қабылдағаннан кейін әсері шамамен 2.75 күн бойы сақталады.

Таралуы

Қан плазмасындағы дексаметазонның 77%-ға жуығы ақуыздармен, көбінесе, альбуминмен байланысады. Дексаметазонның тек болар-болмас мөлшері қан плазмасының басқа ақуыздарымен байланысады. Дексаметазон майда еритін зат болып табылады, сондықтан ол жасушаішілік және жасушааралық кеңістікке еркін өтеді.

Метаболизмі

Орталық жүйке жүйесінде (гипоталамус, гипофиз) дексаметазон жарғақшалық рецепторлармен байланысуы арқылы әсер береді. Шеткері тіндерде цитоплазма рецепторлары арқылы байланысады және әсер етеді. Дексаметазон өзінің әсер еткен орнында, яғни, жасушаларда ыдырайды. Дексаметазон көбінесе бауырда, сондай-ақ, бүйрек пен басқа тіндерде метаболизденеді.

Шығарылуы

Организмнен шығарылуының негізгі жолы бүйрек болып табылады.

Фармакодинамикасы

Әсер ету механизмі

Дексаметазон бүйрекүсті бездері қыртысының глюкокортикоидтық белсенділігі бар синтетикалық гормоны (кортикостероид) болып табылады. Ол қабынуға қарсы, ииммуносупрессиялық әсерге ие, сондай-ақ, энергетикалық метаболизмге, глюкоза гомеостазына, және (кері байланысқан теріс әсері арқылы) гипоталамусты белсендіру факторының және аденогипофиз трофикалық гормонының секрециясына ықпал етеді.

Глюкокортикоидтардың әсер ету механизмі әлі күнге толық зерттелмеген. Қазіргі кезде олардың жасушалар деңгейінде әсер ету механизмінің жеткілікті дәлелдері бар. Жасушалар цитоплазмасында белгілі екі рецепторлар жүйесі бар. Глюкокортикоидтар рецепторларымен байланысуы арқылы кортикостероидтар қабынуға қарсы және иммуносупрессиялық әсер береді, глюкоза гомеостазын реттейді, ал минералокортикоидтардың рецепторларымен байланысуы салдарынан натрийдің, калийдің метаболизмін және су-электролит теңгерімін реттейді.

Глюкокортикоидтар майда еритін заттар болып табылады және жасуша жарғақшасы арқылы мақсатты жасушаларға оңай өте алады. Гормонның рецептормен байланысуы рецептор конформациясының өзгеруіне алып келеді, бұл оның ДНҚ-мен тектестігінің жоғарылауына ықпал етеді. Гормон/рецептор кешені жасушаның ядросына өтеді және глюкокортикоидтық жауап элементі (GRE) деп те аталатын ДНҚ молекуласының реттегіштік орталығымен байланысады. GRE-мен байланыстағы немесе спецификалық гендері бар белсендірілген рецептор м-РНҚ транскрипциясын арттыра немесе төмендете отырып реттейді. Жаңадан түзілген м-РНҚ рибосомаларға тасымалданады, содан кейін жаңа ақуыздардың түзілуі орын алады. Мақсатты жасушаларға және жасушаларда жүретін үдерістерге байланысты, жаңа ақуыздардың синтезі күшеюі (мысалы, бауыр жасушаларында тирозинтрансаминазаның түзілуі) немесе төмендеуі (мысалы, лимфоциттерде ИЛ-2 түзілуі) мүмкін. Глюкокортикоидтардың рецепторлары тіндердің барлық типтерінде болатындықтан, глюкокортикоидтар организм жасушаларының көпшілігіне әсер етеді деп күтуге болады.

Энергия метаболизміне және глюкоза гомеостазына әсері: Дексаметазон, инсулинмен, глюкагонмен және катехоламиндермен қатар, энергияның жинақталуы мен жұмсалуын реттейді. Бауырда ол пируват пен аминқышқылдардан глюкозаның түзілуін және гликогеннің түзілуін стимуляциялайды. Шеткері тіндерде, атап айтқанда, бұлшықеттерде, глюкозаның тұтынылуын азайтады және бауырдағы глюконеогенез субстраты болып табылатын аминқышқылдарды (ақуыздардан) көшіреді. Майлардың метаболизміне тікелей әсерлері май тіндерінің орталықтан кері таралуымен және катехоламиндердің әсеріне жауап ретінде липолиздің күшеюімен көрініс береді.

Бүйректің проксимальді өзекшелерінің рецепторлары арқылы дексаметазон бүйректік қан ағымы мен шумақтық сүзілісті стимуляциялайды, вазопрессиннің түзілуі мен секрециясын бәсеңдетеді және бүйректің организмнен қышқылдарды экскрециялау қабілетін жақсартады.

Катехоламиндердің оң инотроптық әсерлерін беретін бета-адренорецепторлардың мөлшері мен аффинділігі артқан жағдайда, дексаметазон тікелей жүректің жиырылғыштығын және шеткері қантамыр тонусын арттырады.

Жоғары дозаларында пайдаланылғанда дексаметазон фибробласттармен I және III типті коллагеннің түзілуін және гликозаминогликандардың түзілуін тежейді. Осылайша, жасушадан тыс коллаген мен матрикстің түзілуін бәсеңдетудің есебінен, олар жаралардың жазылуын баяулатады. Жоғары дозаларын ұзақ уақыт бойы қабылдау, түрткі болған әсері ретінде сүйек тінінің үдемелі резорбциясын туғызады, және тікелей оның түзілуін азайтады (паратиреоидтық гормонның секрециясын стимуляциялайды және кальцитонин секрециясын бәсеңдетеді). Бұдан өзге, ол кальцийдің теріс теңгеріміне алып келеді – кальцийдің ішекте сіңірілуін азайтады және оның бүйрекпен шығарылуын күшейтеді. Әдетте, бұл салдарлы гиперпаратиреоз бен фосфатурияға алып келеді.

Гипоталамус пен гипофизге әсері: Дексаметазон кортизолға қарағанда 30 есе айқынырақ клюкокортикоидтық әсер береді. Сондықтан, ол эндогендік кортизолға қарағанда кортикотропин-рилизинг-фактордың (КРФ) и адренокортикотроптық гормонның (АКТГ) секрециясының күштірек тежегіші болып табылады. Бұл кортизол секрециясының азаюына және КРФ мен АКТГ секрециясының ұзақ бәсеңдеуінен кейін, бүйрекүсті бездерінің атрофиясына алып келеді. Бүйрекүсті бездері қыртысының жеткіліксіздігі дексаметазонды 20 - 30 мг преднизонға баламалы тәуліктік дозаларында қолданудың 5-7 күндері-ақ немесе азғантай дозаларымен 30 күн емдеуден соң дамуы мүмкін. Жоғары дозаларымен емдеудің қысқа (5 күнге дейін) курсын тоқтатқаннан кейін, бүйрекүсті бездері қыртысының функциясы бір аптадан соң қалпына келуі мүмкін; ұзақ курсынан кейін қалыпқа түсуі кейінірек басталады, әдетте, бұл үдеріс 1 жылға дейін созылады. Кейбір пациенттерде бүйрекүсті бездері қыртысының қайтымсыз атрофиясы дамуы мүмкін.

Глюкокортикоидтардың қабынуға қарсы және иммуносупрессиялық әсері олардың молекулалық және биохимиялық әсерлерімен байланысты. Молекулалық қабынуға қарсы әсері глюкокортикоидтардың глюкокортикоидтық рецепторлармен өзара әрекеттесуінің және қабыну үдерісіне қатысатын көптеген ақпараттық молекулалардың, ақуыздар мен ферменттердің түзілуін реттейтін бірқатар гендер экспрессиясының өзгеруінің нәтижесі болып табылады. Глюкокортикоидтардың биохимиялық қабынуға қарсы әсері гуморальді қабыну медиаторларының: простагландиндердің, тромбоксандардың, цитокиндер мен лейкотриендердің өндірілуі мен функциясының бөгелуінің нәтижесі болып табылады. Дексаметазон арахидон қышқылының жасуша фосфолипидтерінен босап шығуын азайту арқылы лейкотриендердің түзілуін азайтады, ол фосфолипаза А2 белсенділігінің бәсеңдеуінің нәтижесі болып табылады. Фосфолипазаларға әсеріне тікелей әсері арқылы емес, фосфолипаза А2 тежегіші болып табылатын липокортин (макрокортин) концентрациясының артуымен қол жеткізіледі. Дексаметазон спецификалық мДНҚ түзілуін азайтудың есебінен, простагландиндер мен тромбоксандарың түзілуін және сәйкесінше, циклооксигеназаның түзілу дәрежесін тежейді. Бұдан өзге, дексаметазон липокортин концентрациясының артуы есебінен, ТБФ (тромбоциттерді белсендіру факторының) түзілуін де төмендетеді. Басқа биохимиялық және қабынуға қарсы әсерлеріне ісік некрозы факторы (ІНФ) мен ИЛ-1 (интерлейкин-1) түзілуі жатады.

Қолданылуы

  • бүйрекүсті безінің бастапқы және салдарлы (гипофиздік) жеткіліксіздігінің орынбасушы емінде

  • бүйекүсті бездерінің туа біткен гиперплазиясында

  • жеделге жуық тиреоидитте және сәуледен кейінгі тиреоидиттің ауыр түрлерінде

  • ревматизмдік қызбада

  • жедел ревмокардитте

  • күлдіреуікте, псориазда, дерматитте (терінің ауқымды беткейінің зақымдануымен жүретін жанаспалы, атопиялық, эксфолиативтік, буллездік герпес тәрізді, себореялық және т.б. дерматит), экземада

  • токсидермияда, уытты эпидермалық некролизде (Лайелл синдромы)

  • қатерлі экссудаттық эритемада (Стивенс-Джонсон синдромы)

  • дәрілік заттар мен тағам өнімдеріне аллергиялық реакцияларда

  • сарысу құю ауруында, дәрілік экзантемада

  • есекжемде, ангионевроздық ісінуде

  • аллергиялық ринитте, поллинозда

  • көздің көрмей қалу қаупін төндіретін ауруларда (жедел орталықтық хориоретинитте, көру жүйкесінің қабынуы)

  • аллергия жағдайлары (коньюнктивиттер, увеит, склерит, кератит, ириит)

  • жүйелі иммундық ауруларда (саркоидоз, самай артерииті)

  • көзұясындағы пролиферациялық өзгерістер кезінде (эндокриндік офтальмопатия, жалған ісіктер), симпатикалық офтальмияда

  • мөлдір қабық трансплантациясы кезіндегі иммуносупрессиялық ем кезінде

  • ойық жаралы колитте, Крон ауруында, жергілікті энтеритте

  • саркоидоз (симптоматикалық)

  • жедел уытты бронхиолитте, созылмалы бронхитте, бронх демікпесінде (өршулерінде)

  • агранулоцитозда, панмиелопатияда, анемияда (соның ішінде, аутоиммундық гемолиздік, туа біткен гипоплазиялық, эритробластопения)

  • идиопатиялық тромбоцитопениялық пурпурада

  • ересектердегі салдарлы тромбоцитопенияда, лимфомада (ходжкиндік, ходжкиндік емес)

  • лейкемияда, лимфолейкозда (жедел, созылмалы)

  • бүйректің шығу тегі аутоиммундық ауруларында (соның ішіне, жедел гломерулонефритте)

  • нефроздық синдромда

  • ересектердегі лейкемия мен лимфоманың паллиативтік емінде

  • балалардағы жедел лейкемияда

  • қатерлі жаңа түзілімдер кезіндегі гиперкальциемияда

  • бастапқы ісіктерінің немесе миға метастаздардың салдарынан, краниотомияның немесе бас жарақаттарының салдарынан мидың ісінуінде

Қолдану тәсілі және дозалары

Дексаметазон - КРКА жоғары дозаларын ұзақ уақыт бойы ішу арқылы қабылдағанда, препаратты тамақтану кезінде қабылдау ұсынылады, ал ас ішулердің аралықтарында антацидтерді қабылдау қажет. Тәулік ішінде глюкокортикоидтардың эндогендік секрециясының тәуліктік ауытқуларын ескере отырып, таңғы сағат 6-дан 8-ге дейін қолдану ұсынылады.

Ересектерге

Ересектер үшін ұсынылатын бастапқы дозасы тәулігіне 0.5 мг-ден 9 мг дейін құрайды. Ең жоғарғы тәуліктік дозасы - 10-15 мг. Тәуліктік дозасын 2 - 4 қабылдауға бөлуге болады. Әдеттегі демеуші дозасы – тәулігіне 0,5 мг-ден 3 мг дейін.

Дексаметазон - КРКА бастапқы дозасы емдік әсеріне жеткенге дейін қолданылуы тиіс, содан соң оны біртіндеп (әдетте 3 күнде 0,5 мг-ге) демеуші – тәулігіне 2 - 4, 5 мг және одан артық дозасына дейін азайтады. Егер жоғары дозаларымен емдеу бірнеше күннен көпке созылса, препараттың дозасын келесі бірнеше күн бойына немесе одан ұзағырақ уақыт бойы біртіндеп азайтады. Ең аз тиімді дозасы - тәулігіне 0,5- 1 мг. Дозалары әр пациент үшін аурудың сипатына, емдеудің күтілетін ұзақтығына, препараттың көтерімділігіне және пациенттің жүргізіліп отырған емге реакциясына байланысты жекелей тағайындалады. Дексаметазон - КРКА қолдану ұзақтығы 5-7 күннен 2-3 айға дейін және одан көп уақытты құрайды. Емдеу біртіндеп тоқтатылады.

6 жастан асқан балаларда қолданылуы

Ұсынылатын дозасы кг дене салмағына 0,08 мг-ден 0,3 мг дейін немесе дене беткейінің ауданына 3 немесе 4 қабылдауға бөлінген 2,5 мг-ден 10 мг/м2 дейінді құрайды.

Жағымсыз әсерлері

Дексаметазонмен емдеу кезінде туындауы мүмкін жағымсыз әсерлер келесі топтар бойынша туындау жиілігі тәртібімен жіктелген: өте жиі (1/10), жиі (1/100 - <1/10 дейін), жиі емес (1/1,000 - <1/100 дейін), сирек (1/10,000 - <1/1,000 дейін), өте сирек (<1/10,000), белгісіз (қолда бар мәліметтердің негізінде анықтау мүмкін емес). Әр жиілік тобының ішінде, жағымсыз әсерлері маңыздылығының азаюы тәртібімен келтірілген. Жағымсыз әсерлердің туындау жиілігі дозасы мен емдеудің ұзақтығына тәуелді.Дексаметазонмен қысқамерзімді емдеумен байланысты, ағзалар жүйелері бойынша атап келтірілген жағымсыз әсерлер:

Иммундық жүйе тарапынан бұзылулар

жиі емес: жоғары сезімталдық реакциялары.

Эндокриндік жүйе тарапынан бұзылулар:

жиі: транзиторлық адреналдық супрессия, глюкозаны көтере алмаушылық.

Зат алмасу мен тамақтану тарапынан бұзылулар

жиі: көмірсулар толеранттылығының төмендеуі, тәбеттің артуы және дене салмағының жоғарылауы

жиі емес: қандағы триглицеридтер деңгейінің жоғарылауы.

Психикалық бұзылыстар

жиі: психикалық бұзылулар

Асқазан-ішек жолы тарапынан бұзылулар:

жиі емес: асқазан мен он екі елі ішектің ойық жарасы, жедел панкреатит.

Дексаметазонмен ұзақ уақыт бойы емдеумен байанысты жағымсыз әсерлер ағзалар жүйелері бойынша бөлек-бөлек атап келтірілген:

Иммундық жүйе тарапынан бұзылулар

жиі емес: иммундық жауаптың төмендеуі, инфекцияларға сезімталдықтың жоғарылауы

Эндокриндік жүйе тарапынан бұзылулар

жиі: ұзаққа созылатын адреналдық супрессия, балалар мен жасөспірімдерге өсудің тежелуі

Зат алмасу мен тамақтану тарапыган бұзылулар

жиі: семіздіктің орталықтық типі

Көру мүшесі тарапынан бұзылулар

жиі емес: катаракта, глаукома

белгісіз: хориоретинопатия, бұлыңғыр көру

Қантамыр жүйесі тарапынан бұзылулар

жиі емес: артериялық гипертензия

Тері және теріасты тіндері тарапынан бұзылулар

жиі: эритема, жұқа және әлсіз тері

Сүйек-бұлшықет жүйесі мен дәнекер тіндер тарапынан бұзылулар

жиі: бұлшықеттердің атрофиясы, остеопороз

жиі емес: сүйектің асептикалық некрозы.

Жекелеген ағзалар жүйелерінде дексаметазонды қолданумен байланысты келесі жағымсыз әсерлері де туындауы мүмкін лар маңыздылығының азаюы тәртібімен келтірілген):

Қан және лимфа жүйесі тарапынан бұзылулар

сирек: тромбоэмболиялық асқынулар, моноциттер және/немесе лимфоциттер санының азаюы, лейкоцитоз, эозинофилия (басқа глюкокортикоидтармен жағдайдағы сияқты), тромбоцитопения және тромбоцитопениялық емес пурпура

Иммундық жүйе тарапынан бұзылулар

сирек: бөртпе, бронх түйілуі, анафилаксиялық реакциялар, Квинке ісінуі.

Жүрек тарапынан бұзылулар

өте сирек: мультифокустық қарыншалық экстрасистола, қайталанатын брадикардия, жүрек жеткіліксіздігі, жуырда бастан өткерген ұстамадан (миокард инфарктісі) кейінгі пациенттерде жүрек бұлшықеттерінің үзілуі

Қантамырлар жүйесі тарапынан бұзылулар

жиі емес: гипертониялық энцефалопатия

Жүйке жүйесі тарапынан бұзылулар

жиі емес: емдеуді тоқтатқаннан кейінгі папиллоэдема және бассүйекішілік қысымның жоғарылауы (бассүйекішілік қатерсіз гипертензия), бас айналуы, бас ауыруы

өте сирек: құрысулар

Психикалық бұзылыстар

жиі емес: тұлғалық және мінез-құлықтық өзгерістері эйфория түрінде анағұрлым жиі көрініс береді; сонымен қатар, ұйқысыздық, ашушаңдық, гиперкинез және депрессия байқалған

сирек: психоздар.

Эндокриндік жүйе тарапынан бұзылулар

жиі: адреналдық супрессия және адреналдық атрофия (стреске сезімталдықтың азаюы), Кушинг синдромы, етеккір оралымының бұзылулары, гирсутизм.

Зат алмасу мен тамақтану тарапынан бұзылулар

жиі: қант диабетінің жасырын түрінен клиникалық білінетін түріне ауысуы, қант диабеті бар науқастарда инсулинге немесе диабетке қарсы пероральді препараттарға қажеттіліктің артуы, натрий мен судың іркілуі, калий жоғалтудың жоғарылауы

өте сирек: гипокалиемиялық алкалоз, ақуыздардың ыдырауы салдарынан болған азоттық теріс теңгерім.

Асқазан-ішек жолы тарапынан бұзылулар:

жиі емес: жүрек айнуы, ықылықтау, асқазан мен он екі елі ішектің ойық жарасы,

өте сирек: эзофагит, асқазан-ішектің ойық жарасының тесілуі және асқазан-ішектен қан кетулер (қан құсу, мелена), панкреатит, өт қалтасының тесілуі, ішектің тесілулері (әсіресе, ішектің созылмалы қабыну аурулары бар пациенттерде)

Сүйек-бұлшықет және дәрекер тіндер тарапынан бұзылулар

жиі: бұлшықет әлсіздігі, стероидтық миопатия (бұлшықет катаболизмі салдарынан болған бұлшықет әлсіздігі)

өте сирек: омыртқа бағанының компрессиялық сынығы, сіңір үзілулері (әсіресе, кейбір хинолондарды бір мезгілде қолданғанда)

Тері және теріасты тіндері тарапынан бұзылулар

жиі: жаралардың баяу жазылуы, стриялар, нүктелік қан құйылулар және экхимоздар, тершеңдік, акне, терінің аллергияға жүргізілген тестілерге реакциясының бәсеңдеуі

өте сирек: аллергиялық дерматит, есекжем, тері және теріасты тіндерінің атрофиясы.

Көру мүшесі тарапынан бұзылулар

жиі емес: көзшілік қысымның жоғарылауы,

өте сирек: экзофтальм.

Ұрпақ өрбіту жүйесі мен сүт бездері тарапынан бұзылулар

сирек: импотенция

Жалпы бұзылулар және енгізілген жердегі бұзылулар

өте сирек: ісіну

Глюкокортикоидтарды тоқтату синдромының симптомдары мен белгілері

Егер глюкокортикоидтарды ұзақ уақыт бойы қабылдап жүрген пациентте, препараттың дозасы жылдам азайтылса, бүйрекүсті безі жеткіліксіздігінің белгілері, артериялық гипотензия, өлім дамуы мүмкін.

Кей жағдайларда тоқтату симптомдары пациент емделіп жүрген аурудың өршуінің немесе қайталануының симптомдары мен белгілеріне ұқсас болуы мүмкін.

Ауыр жағымсыз әсерлері дамыған жағдайда, емдеуді тоқтату керек.

Қолдануға болмайтын жағдайлар

  • препараттың белсенді затына немеcе қосымша компоненттеріне жоғары сезімталдық

  • асқазан мен он екі елі ішектің ойық жара ауруы

  • остеопороз

  • жедел вирустық, бактериялық және жүйелі зеңдік инфекциялар (сәйкесінше ем қолданылмаған жағдайда)

  • Кушинг синдромы

  • ауыр артериялық гипертензия

  • бүйректің айқын жеткіліксіздігі

  • III - IV дәрежелі семіздік

  • туберкулездің белсенді түрі

  • жедел психоздар

  • жүктілік және лактация кезеңі

  • бауыр циррозы немес созылмалы гепатит

  • 6 жасқа дейінгі балаларға

Дәрілермен өзара әрекеттесуі

Дексаметазон мен қабынуға қарсы стероидты емес препараттарды бір мезгілде қолдану асқазан-ішектен қан кетулер мен ойық жаралардың даму қаупін артырады.

CYP3A4 ферментін белсендіретін (мысалы, фенитоин, фенобарбитон, карбамазепин, примидон, рифабутин, рифампицин) немесе глюкокортикоидтардың метаболизмдік клиренсін арттыратын препараттарды (эфедрин және аминоглутетимид) бір мезгіде тағайындағанда дексаметазонның әсері төмендейді; сондықтан, аталған жағдайларда дексаметазонның дозасын арттыру қажет.

Дексаметазон мен жоғарыда аталған препараттар арасындағы өзара әрекеттесулер дексаметазонның супрессиялық сынамаларының нәтижелерін бұрмалауы мүмкін. Егер дексаметазонмен жүргізілген сынамалар атап келтірілген препараттардың біреуімен емдеу кезінде жүргізілуі тиіс болса, онда, сынамалардың нәтижелерін интерпретациялау кезінде, аталған өзара әрекеттесуі ескерілуі тиіс. Дексаметазон мен CYPЗА4 ферменті тежегіштерін (мысалы, кетоконазол, макролидтік антибиотиктер) бір мезгілде қолдану, дексаметазонның қандағы концентрациясының жоғарылауына алып келуі мүмкін.

Дексаметазон CYPЗА4 орташа индукторы болып табылады. CYPЗА4 аққылы метаболизденетін препараттарды (индинавир, эритромицин) бір мезгілде қолдану олардың клиренсін арттыруы мүмкін, бұл олардың қан сарысуындағы концентрациясының төмендеуімен қатар жүруі мүмкін.

CYPЗА4 ферменті белсенділігінің бәсеңдеуі есебінен, кетоконазол дексаметазонның плазмадағы концентрацияларын арттыруы мүмкін. Екінші жағынан, кетоконазол бүйрекүсті бездеріндегі глюкокортикоидтардың синтезін бәсеңдетуі мүмкін; сондықтан, дозаларын төмендеткен кезде дексаметазонның бүйрекүсті безінің жеткіліксіздігі дамуы мүмкін.

Құрамында кобицистат бар препараттарды қоса, CYP3A тежегіштерін бірге қолдану жүйелі жағымсыз әсерлерінің қаупін артырады. Егер пайдасы кортикостероидтардың жүйелі жағымсыз әсерлері қаупінің жоғарылығынан аспаса, ондай біріктірілімін болдырмау керек, және бұл жағдайда пациенттерді кортикостероидтардың жүйелі жағымсыз әсерлерінің көрініс беруіне қатысты бақылау керек.

Дексаметазон диабетке қарсы препараттардың, гипертензияға қарсы препараттардың, празиквантел мен натрийуретиктердің емдік әсерін төмендетеді (сондықтан, аталған препараттардың дозасын арттыру қажет), біркақ, гепариннің, альбендазолдың және калийуретиктердің белсенділігін күшейтеді (қажет болған жағдайда, аталған препараттардың дозасын төмендету қажет). Дексаметазон кумариндер қатары антикоагулянттарының әсерін өзгертуі мүмкін, сондықтан, бір мезгілде қолданған кезде протромбин уақытын жиірек бақылау ұсынылады.

Глюкокортикоидтардың жоғары дозалары мен бета2-рецепторлар агонистерін бірге қолдану гипокалиемияның даму қаупін арттырады. Гипокалиемиясы бар пациенттерде жүрек гликозидтерінің аритмогенділігі мен уыттылығының жоғарылығы байқалады.

Антацидтер дексаметазонның асқазанда сіңірілуін төмендетеді. Дексаметазонды тамақпен және алкогольмен бірге қолданудың әсері зерттелген жоқ; алайда, натрий мөлшері жоғары дәрілік препараттармен және тамақпен бір мезгілде қолдану ұсынылмайды. Шылым шегу дексаметазонның фармакокинетикасына әсер етпейді.

Глюкокортикоидтар салицилаттардың бүйректік клиренсін жеделдетеді, сондықтан, кейде салицилаттардың сарысудағы емдік концентрациясына қол жеткізу қиын болады. Кортикостероидтың дозасы біртіндеп төмендетілген пациенттерде қолданғанда сақтық таныту керек, өйткені, сарысудағы салицилаттар концентрацииясының жоғарылауы және салицилаттық уыттану туындауы мүмкін.

Ұрықтануға қарсы пероральді дәрілермен бірге қабылданғанда, глюкокортикоидтардың жартылай шығарылу кезеңі ұзаруы мүмкін, бұл олардың биологиялық әсерін күшейтеді және жағымсыз әсерлерінің жиілігін арттырады.

Босану кезінде ритодрин мен дексаметазонды бірге қолдануға болмайды, өйткені, ол өкпесінің ісінуі себепті анасының өліміне алып келуі мүмкін.

Дексаметазон мен талидомидті бірге қолдану токсикодермалық некролизді туғызуы мүмкін.

Жағымды болуы ықтимал емдік әсермен өзара әрекеттесулері

Дексаметазон мен метоклопромидті, дифенилгидраминді, прохлорперазинді немесе 5-НТ3 рецепторы (серотонин немесе ондансетрон немесе гранисетрон сияқты 5-гидрокситриптаминнің 3 типті рецепторлары) антагонистерін бірге қолдану химиотерапиядан туындаған (цисплатин, циклофосфамид, метотрексат, флуороурацил) жүрек айнуы мен құсудың профилактикасы үшін тиімді болып табылады.

Айрықша нұсқаулар

Қант диабеті, туберкулёз, бактериялық және амебалық дизентерия, артериялық гипертензия, тромбоэмболиялар, жүрек және бүйрек жеткіліксіздігі, спецификалық емес ойық жаралы колит, дивертикулит, ішектің жақында түзілген анастомозы кезінде дексаметазонды аса сақтықпен және негізгі ауруды талапқа сай емдеу мүмкіндігі бар жағдайда қолдану қажет. Егер пациенттің анамнезінде психоздар болса, онда глюкокортикостероидтармен емдеу тек өмірлік маңызы бар көрсетілімдер бойынша ғана жүргізіледі.

Препаратты күрт тоқтатқанда, әсіресе, жоғары дозалары қолданылған жағдайда, глюкокортикостероидтарды тоқтату синдромы: анорексия, жүрек айнуы, мәңгіру, бұлшықет-қаңқаға жайылған ауыру, жалпы әлсіздік туындайды. Препаратты тоқтатқаннан кейін бүйрекүсті безі қыртысының салыстырмалы жеткіліксіздігі бірнеше ай бойы сақталуы мүмкін. Егер аталған кезеңде стресс жағдайлары туындаса, уақытша глюкокортикоидтар, ал қажет болған жағдайда – минералокортикоидтар тағайындалады.

Препаратты қолдануды бастар алдында пациентте асқазан-ішек жолының ойық жарасы патологиясының бар-жоқтығын тексерген дұрыс. Аталған патологияның дамуына бейім пациенттерге профилактикалық мақсатта антацидтік дәрілерді тағайындау қажет.

Препаратпен емделу кезінде пациент калийге, ақуыздарға, дәрумендерге бай, майлар, көмірсулар және натрий мөлшері төмендетілген диета ұстауы тиіс.

Пациентте интеркуренттік инфекциялар, сепсистік жағдайлар болса, дексаметазонмен емдеуді бактерияға қарсы еммен үйлестіру қажет.

Егер дексаметазонмен емдеу белсенді иммунизациялаудан (вакцинациялаудан) кейін 2 апта бұрын және 2 аптадан соң 8 апта ішінде жүргізілсе, онда, бұл жағдайда иммунизациялаудың әсері төмендейді немесе бейтараптанады. Ауыр бассүйек-ми жарақаттары және ишемиялық типті ми қанайналымының бұзылуы бар науқастарға глюкокортикоидтарды сақтықпен тағайындау қажет.

Тіркеуден кейінгі қолданылу тәжірибесінде дексаметазонды монотерапияда немесе басқа химиотерапиялық дәрілермен үйлестіріп қолданғаннан кейін, гематологиялық қатерлі жаңа түзілімдері бар пациенттердегі ісік лизисі синдромы (ІЛС) туралы хабарланған. ІЛС қаупі жоғары, мысалы, пролиферациялық жылдамдығы жоғары, ісік жүктемесі жоғары және цитоуытты агенттерге сезімталдығы жоғары пациенттерді мұқият бақылау және тиісінше сақтық шараларын қолдану керек.

Көру бұзылулары

Жүйелі және жергілікті кортикостероидтарды қолданғанда көрудің бұзылғаны туралы хабарламалар болуы мүмкін. Егер пациентте бұлыңғыр көру немесе көрудің басқа бұзылулары сияқты симптомдар пайда болса, онда ықтимал себептерін бағалау үшін, пациентті офтальмологқа жолдау мәселесін қарастыру қажет, ықтимал себептеріне катарактаны, глаукоманы немесе орталықтық сероздық хориоретинопатия (ОСХР) сияқты сирек ауруларды жатқызуға болады, олар туралы жүйелі және жергілікті кортикостероидтарды пайдаланғаннан кейін хабарланған.

Педиатрияда қолданылуы

6 жастан асқан балаларда ұзақ уақыт емдеу кезінде өсуі мен дамуының динамикасын мұқият қадағалау қажет. Өсу кезеңіндегі балаларда глюкокортикостероидтар тек өмірлік маңызы бар көрсетілімдер бойынша және дәрігердің мұқият қадағалуымен ғана қолданылуы тиіс. 6 жастан 14 жасқа дейінгі балаларда препаратпен ұзақ уақыт бойы емдегенде өсу үдерістерінің бұзылуларын болдырмау үшін, емдеуде әрбір 3 күн сайын 4 күндік үзіліс жасап тұрған дұрыс.

Емделіп жүрген кезде қызылшаға, желшешекке шалдыққан науқастармен қарым-қатынаста болған балаларға спецификалық иммуноглобулиндер тағайындалады.

Шала туылған нәрестелер: қолда бар мәліметтер, өкпенің созымалы ауруы бар шала туылған балаларды ерте бастан (<96 сағат) кг дене салмағына күніне 0,25 мг бастапқы дозаларында емдеуден кейінгі жүйке жүйесінің дамуындағы ұзақмерзімді жағымсыз құбылыстарын көрсетеді.

Жүктілік және лактация

Шарана мен жаңа туған нәрестеге зиянды әсер ететінін жоққа шығаруға болмайды. Препарат шарананың құрсақішілік өсуін тежейді. Дексаметазонды жүкті әйелдерге тек, жекелеген шұғыл жағдайларда ғана, егер анасы үшін күтілетін пайдасы шарана үшін қаупінен асып түсетін болса ғана тағайындау керек. Преэклампсия кезінде айрықша сақтық таныту ұсынылады. Глюкокортикоидтармен емдеу жөніндегі жалпы ұсынымдарға сәйкес, жүктілік кезінде, негізгі ауруды бақылауда ұстау үшін ең аз тиімді дозасы пайдаланылуы тиіс. Жүктілік кезінде кортикостероидтардың жоғары дозаларымен емделген аналардың балалары бүйрекүсті безі жеткіліксіздігінің болуы мүмкіндігіне қатысты мұқият тексерілуі тиіс.

Глюкокортикоидтар плацентаға өтеді және шаранада жоғары концентрацияларына жетуі мүмкін. Дексаметазонның мысалы, преднизолонмен салыстырғанда, плацентада метаболиздену қарқындылығы аздау; сондықтан, шаранада сарысудағы дексаметазонның жоғары концентрациялары туындауы мүмкін. Кейбір мәліметтер бойынша, глюкокортикоидтардың фармакологиялық дозалары плацентарлық жеткіліксіздік, олигогидрамниоз, шарананың өсуінің баяулауы немесе құрсақішілік өлімінің, балада лейкоциттер (нейтрофилдер) санының көбеюінің, сондай-ақ, бүйрекүсті бездері жеткіліксіздігінің қаупін арттыруы мүмкін. Глюкокортикоидтардың тератогендік әсерлерін растайтын дәлелдер жоқ. Кортикостероидтарды буаз жануарларға енгізу таңдай жарығын, құрсақішілік дамудың тежелуін, және мидың өсуі мен дамуына әсерін қоса, шарана дамуының аномалияларын туғызуы мүмкін. Кортикостероидтардың адамда таңдай/ерін жарығы сияқты туа біткен аномалиялар санының артуына алып келетіндігіне ешқандай дәлел жоқ. Жүктілік кезінде кортикостероидтар қабылдаған әйелдерге босану кезінде глюкокортикоидтардың қосымша дозаларын енгізу ұсынылған. Босану ұзаққа созылған немесе кесарь тілігі жоспарланған жағдайда, перипартальді кезеңде әр 8 сағат сайын 100 мг гидрокортизонды вена ішіне енгізу ұсынылады.

Глюкокортикоидтардың аздаған мөлшері емшек сүтіне бөлініп шығды. Сондықтан, дексаметазонды қабылдап жүрген аналар үшін, әсіресе супрафизиологиялық дозаларын (1 мг жуық) пайдаланғанда бала емізу ұсынылмайды, өйткені бұл баланың өсуінің баяулауын және эндогендік кортикостероидтар секрециясының төмендеуін туғызуы мүмкін.

Препараттың кейбір ингредиенттері туралы ақпарат

Дексаметазон - КРКА препаратының құрамында лактоза бар. Сирек тұқым қуалайтын галактозаны көтере алмаушылығы, лактоза жеткіліксіздігі және глюкоза-галактоза сіңірілуінің бұзылуы бар пациенттер бұл препаратты қабылдамауы тиіс.

Дәрілік заттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері

Дексаметазон бас айналуы мен бас ауыруын туғызуы мүмкін болғандықтан, автомобиль жүргізуден және қауіптілігі зор басқа механизмдерді басқарудан бас тарта тұру ұсынылады.

Артық дозалануы

Симптомдары

Жедел артық дозалануынан кейінгі жедел артық дозалануы немесе өлім туралы хабарламалар сирек кездеседі. Артық дозалануы, әдетте, бірнеше апта бойы шамадан тыс дозалануынан кейін ғана, сәйкесінше бөлімде атап келтірілген жағымсыз әсерлердің көпшілігін, әсіресе, Кушинг синдромын туғызуы мүмкін.

Таблеткалардың шамадан тыс мөлшерін бір рет қабылдау клиникалық тұрғыдан маңызды уыттануға алып келмейді.

Емі: препаратты тоқтату керек. Белгілі арнайы антидоты жоқ. Емі демеуші және симптоматикалық ем. Дексаметазонның организмнен шығарылуын жеделдету үшін гемодиализ тиімсіз.

Артық дозалану симптомдары жойылғаннан кейін препаратты қабылдау қайта басталады.

Шығарылу түрі және қаптамасы

10 таблеткадан ламинацияланған полиамид/алюминий/поливинилхлорид (OPA/Al/PVC) үлбір мен алюминий фольгадан жасалған пішінді ұяшықты қаптамаға салынған. Пішінді ұяшықты 1 қаптамадан медициналық қолдану жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картоннан жасалған қорапшаға салынады.

Сақтау шарттары

Түпнұсқалық қаптамасында, 25°С-ден аспайтын температурада сақтау керек.

Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!

Сақтау мерзімі

2 жыл

Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды.

Дәріханалардын босатылу шарттары

Рецепт арқылы

Өндіруші

КРКА, д.д., Ново место, Словения

Шмарьешка цеста 6, 8501 Ново место, Словения

Тіркеу куәлігінің ұстаушысы

КРКА, д.д., Ново место, Словения

Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан дәрілік заттардың сапасына қатысты шағымдарды (ұсыныстарды) қабылдайтын және дәрілік заттың тіркеуден кейінгі қауіпсіздігін қадағалауға жауапты ұйымның атауы, мекенжайы және байланыс деректері (телефон, факс, электронды пошта)

«КРКА Қазақстан» ЖШС, ҚР, 050059, Алматы қ., Әл-Фараби д-лы 19, 1б корпусы, 2-ші қабат, 207 кеңсе, тел.: +7 (727) 311 08 09, факс: +7(727)31108 12, эл. пошта: info.kz@krka.biz

Прикрепленные файлы

PIL_Dexamethasone-KRKA_0,5_mg_рус.doc 0.14 кб
Дексаметазон-KRKA_0,5_mg_каз.doc 0.18 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту