Галотан
Инструкция
- русский
- қазақша
Саудалық атауы
Галотан
Халықаралық патенттелмеген атауы
Галотан
Дәрілік түрі
Ингаляциялық наркозға арналған сұйықтық, 250 мл
Құрамы
250 мл сұйықтық құрамында
белсенді зат – галотан 99.9%
қосымша зат – тимол 0.01%
Сипаттамасы
Өзіне тән иісі бар, мөлдір, түссіз, ауыр, қозғалғыш, жанбайтын сұйықтық.
Фармакотерапиялық тобы
Анестетиктер. Жалпы анестетиктер. Галогенделген гидрокарбондар. Галотан.
АТХ коды N01AB01
Фармакологиялық қасиеттері
Фармакокинетикасы
Ингаляция жасағанда препарат жеңіл сіңеді және анестезия 5 минут ішінде туындайды.
Бауырда тотығу жолымен метаболизденеді, негізгі метаболиттері үшфторсірке қышқылы, хлоридтер, бромидтер болып табылады. Өзгермеген күйінде көбіне өкпелер арқылы және метаболиттер түрінде несеппен бірге шығарылады.
Кәсіби қызметіне байланысты аз дозадағы препаратпен ұзақ уақыт жұмыс жасағандарда көбіне метаболиттер түрінде несеппен бірге шығарылады.
Фармакодинамикасы
Галотан құрамында фторы бар алифатикалық қосындылар тобына жататын ингаляциялық наркозға арналған дәрі болып табылады. Қозудың барынша төмен айқын сатысымен немесе онсыз наркозға тез енгізеді.
Орталық жүйке жүйесін тежейді, ауыруды басатын және бұлшықеттерді аздап босаңсытатын әсері бар. Симпатикалық ганглийлерді бөгейді, тері мен бұлшықеттерде қантамырларын кеңейтіп, қанның ұюына ықпалын тигізбейді, операция аймағында қатты қанағыштықтың мүмкін болуы қантамырларын кеңейтетін әсеріне байланысты.
Кезеген жүйкенің тонусын жоғарылатады, брадикардияны туындата отырып гипотензивті әсер береді. Миокардқа әсер етеді, систолалық көлемді және миокардтың жиырылғыштығын төмендетеді, миокардтың катехоламинге сезімталдығын жоғарылатады.
Ми қантамырларының кедергісін, ми қан айналымын күшейтеді, ол бассүйекішілік қысымның жоғарылауымен қатарласа жүреді, көзішілік қысымды төмендетеді, жөтел және құсу рефлекстерін басады.
Тыныс алу жолдарының шырышты қабатын тітіркендірмейді, сілекейдің секрециясын және бронх секретінің бөлініп шығуын ұлғайтпайды. Бронхолитикалық әсері бар, барорецепторлардың сезімталдығын төмендетеді, галотанды қолданғанда тыныс алу жиі және беткейлік болады. Тыныс алудың жиілеуі тыныс алу көлемінің азаюының орнын толтырады. Галотанның желдетуге әсері орталықтан әсер ету механизмі – тыныс алу орталығының тежелуімен, сондай-ақ шеткергі – қабырғааралық бұлшықеттер функциясының бәсеңдеуімен байланысты. Наркоздың айтарлықтай тереңдігінде тыныс алу орталығына айтарлықтай бәсеңдететін әсер береді. Өте терең наркозда артериялық қысым деңгейінің қауіпті төмендеуі, тыныстың тоқтап қалып, әрі қарай жүрек қызметінің тоқтауы іс жүзінде бір уақытта болады.
Наркоз тереңдігіне пропорциональді түрде жатырдың жиырылу қабілетін төмендетеді. Гипоксия мен гипотонияға бауыр жасушаларының сезімталдығын арттырады. Сирек жағдайларда бауырдың аллергиялық зақымдануына және сарғаюға себеп болуы мүмкін.
Галотан плаценталық бөгет арқылы оңай өтеді; қатерлі гипертермияның пайда болуының 1 факторы болуы мүмкін.
Наркоздың хирургиялық сатысына әдетте 4-6 минуттан соң жетеді. Галотанды беруді тоқтатқаннан кейін науқастар 3-5 минуттан соң ояна бастайды. Наркоздық депрессия әдетте қысқа наркоздан соң 5-10 минуттан кейін және ұзақ наркоздан соң 30 - 40 минуттан кейін қайтады. Қозу сирек байқалады және әлсіз білінеді.
Қолданылуы
-
ересектер мен балаларда жалпы анестезия кезінде кіріспе және демеуші наркозда
Қолдану тәсілі және дозалары
Галотан ингаляциялық наркозға арналған. Тиісті дозалау режиміне калибрленген буландырғыш арқылы жетеді. Галотан азоттың шала тотығы мен оттегінің қоспасында, ауа және оттегі және/немесе таза оттегімен қоспасында қолданылуы мүмкін, известтік адсорбермен үйлеседі.
Ересектер
Индукция
Наркозға енгізу үшін минутына 8 л ағыс жылдамдықпен галотанды 0,5 к %. (оттегімен) концентрациясында беруден бастайды, содан кейін галотан буының концентрациясын қоспада біртіндеп 0,5 – 3 к. %. дейін арттырады.
Ересектерге демеуші концентрация ретінде, әдеттегідей, 0,5 - 1,5 к. %. жеткілікті.
Балалар
Индукция кезінде, ересектерге қарағанда, жаңа туған нәрестелерден бастап балаларға жоғары концентрация қажет болады.
Егде жастағылар
Егде жастағы емделушілерге галотанның аз дозасы қажет етіледі, бірақ актуальді дозасы емделушінің физикалық жай-күйіне негізделеді.
Наркоздың хирургиялық сатысына әдетте 4-6 минуттан соң жетеді.
Ересектерге арналған ең төменгі альвеолярлық концентрациясы (ЕАК) оттегімен қоспасында 0,77 к. %, құрайды, азоттың шала тотығымен қоспасында - 0,3 к. %. 6 айға дейінгі балаларға арналған галотанның ЕАК оттегімен қоспасында – 1,08 к. %; 10 жасқа дейін –0,92 к. %; 70 жастан асқандарға –0,64 к. %.
Премедикация үшін морфинді емес, кезеген жүйкенің орталығын азырақ қоздыратын промедолды қолданған дұрыс.
Жағымсыз әсерлері
- артериялық қысымның төмендеуі
- жүрек ырғағының бұзылуы, брадикардия
- гипоксия жағдайындағы аритмия, гиперкапния
- тыныс алудың бәсеңдеуі
- бассүйекішілік гипертензия
- қатерлі гипертермия, әсіресе жас балаларда дене температурасының
төмендеуі
- наркоздан кейінгі делирий
- бас ауыру, жүректің айнуы, тремор (оянғаннан кейін)
Сирек
- сарғаю, гепатит, бауыр некрозы пайда болғанға дейін бауыр функциясының бұзылуы, әсіресе бірнеше рет қолданғанда
Қолдануға болмайтын жағдайлар
-
құрамында фтор бар алифатикалық қосылыстарға жоғары сезімталдық.
-
сарғаю, гепатит, бауыр қызметінің айқын бұзылулары
-
порфирия
-
gravis миастениясы
-
гиперкапния (өздігінен желдетудегі емделушілерде)
-
сыртартқысында наркозға галотанды қолданудан кейін сарғаю немесе қатерлі гипертермия пайда болған жағдайлар
-
бассүйекішілік жоғары қысым
-
плазмадағы катехоламиндер деңгейінің жоғарылауы (феохромоцитома)
-
жүрек ырғағының бұзылуы
-
операциялық аймақта эпинефринді (аритмия даму қаупі) қолдану қажеттігі
-
тиреотоксикоз
-
артериялық гипотензия
-
босану, жүктілік кезеңі (I триместр), босанудан кейінгі ерте кезең
-
18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерде стоматологиялық манипуляцияларды жүргізу (стационардан тыс жағдайларда)
Жүрек гликозидтерін қабылдайтын емделушілерде сақтықпен қолданған жөн.
Дәрілермен өзара әрекеттесуі
Адреналинмен және басқа симпатомиметикалық дәрілермен бір уақытта қолданғанда аритмияның пайда болу қаупі артады;
Галотан жатыр тонусын жоғарылататын дәрілердің әсерін төмендетеді.
Толық және базофильді жасушалардан гистаминнің босап шығуына ықпал ететін (морфин, тубокурарин) дәрілермен, ганглиоблокаторлармен, қантамырларын кеңейтетін дәрілермен және эпидуральді немесе субарахноидальді анестезияда қолданылатын дәрілермен бір уақытта қолданғанда, артериялық гипотензия пайда болуы мүмкін.
Фенитоинмен бір мезгілде қолданғанда уытты әсер ету қаупі артады.
Апиындық анальгетиктермен, бензодиазепиндермен және фенотиазиндермен бір мезгілде қолданғанда тыныс алу қызметін тежейтін әсер береді. Ұзаққа созылған наркоз аяқталғаннан кейін зейінді жұмылдыру қабілеті айқын төмендей бастайды.
Гипотензивтік дәрілердің әсерін, брадикардияны (оймақгүл препараттарымен және холинэстераза тежегіштері – неостигминмен бірге қолданғанда) күшейтеді. Кетамин жартылай шығарылу кезеңін арттырады. Суксаметоний қатерлі гипертермияның пайда болу мүмкіндігін арттырады.
Аминогликозидтер, линкомицин және полимиксиндер жүйке-бұлшықет блокадасын (апноэ туындатуы мүмкін) ушықтырады.
Айрықша нұсқаулар
Галотанды феохромоцитомасы, бүйрек қызметінің жеткіліксіздігі, бауыр аурулары бар, астениялық бульбарлы салдануға ұшыраған емделушілерге абайлап қолдану қажет.
Галотан бауыр функциясын төмендетуі мүмкін. Аминотрансферазалар белсенділігінің аздап өзгеруі емделушілердің 30%-да байқалған. Бауырдың ауыр зақымдануы (сарғаю, некроз) бірталай сирегірек. Бауыр функциясының бұзылу қаупі галотанды қайталап қолданғанда жоғарылайды. Галотанды қолданудың қысқа аралығында гепатоуыттылық қаупі артады, бірақ галотанды қолданудың ұзақтау аралығында да (тіпті бірнеше жыл өтсе де) бұл қауіп азаймайды. Гепатоуытты симптомдардың пайда болу қаупінің факторлары: әйел жынысы, дененің артық салмағы, орта жас және күрделі аллергиялық сыртартқысы болып табылады (сыртартқыда галотанды бұған дейін пайдаланғаннан кейін сарғаюдың немесе қатерлі гипертермияның болуы).
Галотанды қолданғаннан кейін әрі қарай үш ай бойы, оны қайталап қолданбау қажет. Галотанның барлық жағымсыз реакцияларын дәрігерге мәлімдеп отыру керек, бұл ақпарат науқастың медициналық картасында көрсетілуі тиіс.
Осындай типті басқа препараттармен жағдайдағыдай, галотанмен анестезия қаңқа бұлшықеттерінің гиперметаболизмін тудырады, бұл оттегіні қажет етуінің жоғарылауына және қатерлі гипертермия ретінде белгілі клиникалық синдромға әкеп соғады (галотан мен суксаметонийді бірге қолданғанда жиі пайда болатын). Синдромға гиперкапния, бұлшықеттің сіресуі, тахикардия, тыныстың жиілеуі, цианоз, аритмия және артериялық қысымның тұрақсыздығы жатады. Жалпы метаболизмнің жоғарылауы дене температурасының жоғарылауына әкеп соғады. Емдеу препарат қолдануды тоқтатуды, натрий дантроленін қолдануды және демеуші ем тағайындауды қамтиды.
Галотанмен анестезия жасау брадикардияны тудыруы мүмкін, ол оның гипотензивтік әсерін күшейтуі мүмкін. Мұны әсіресе брадикардияны тудыратын препараттармен бір мезгілде қолданғанда ескеру қажет. Сондай-ақ галотанмен анестезия артериялық қысымның орташа төмендеуіне әкелуі мүмкін (қысымның дозаға байланысты төмендеуі).
Препаратты нейрохирургиялық операциялар кезінде қолданғанда жұлынми сұйықтығы қысымының және/немесе бассүйекішілік қысымның жоғарылауы байқалуы мүмкін, бұл әсерді орташа асқын желдету әдісін қолдану арқылы бәсеңдетуге болады.
Тұрақтандырғыш ретінде пайдаланылатын тимол, буландырғышта болғанда сұйықтыққа біртіндеп сарғыш түс береді.
Препаратты буландырғышта сақтауға болмайды, наркоз аяқталғаннан кейін қалған сұйықты төгіп, буландырғышты мұқият тазалау және құрғату керек. Буландырғышты диэтилді эфирмен ұдайы тазалап және мұқият құрғатып отыру керек. Препарат наркозға арналған аппаратта қолданылатын (пластмасса) тығыздағыштың біртіндеп ыдырауына әкеп соғуы мүмкін.
Буландырғышты толтырғанда немесе жұмсалмай қалған сұйықтықты шығарғанда, төккенде сақтық шараларын сақтау, төгіп алмау керек, препаратты айналадағы қызметкерлерге тигізіп алу мүмкіндігін барынша азайту қажет.
Леводопаны жалпы анестезия бастардан 6-8 сағат бұрын тоқтату керек. Созылмалы маскүнемдікке шалдыққан науқастарға анестезия үшін үлкен доза керек.
Балаларға қолданылуы
Галотанмен анестезия жасалатын балаларда аритмия өте жиі пайда болады, осыған байланысты ЭКГ деректерін, артериялық қысымды бақылап отыру қажет. Өте сирек жағдайларда ингаляциялық наркозға арналған дәрілерді қолдану қан сарысуында калий мөлшерін арттырады, бұл операциядан кейінгі кезеңде аритмияларға және нәрестенің өліміне әкеп соғуы мүмкін. Бұл жағдай жасырын, сондай-ақ айқын жүйке-бұлшықет аурулары (атап айтқанда Дюшенн бұлшықет дистрофиясы) бар емделушілерде байқалды. Мұндай емделушілерде бұлшықет патологиясы креатинкиназаның сарысулық концентрациясының жоғарылауымен және миоглобинуриямен қосылды. Суксаметонийді қолдану осындай жағдайлардың көбісімен, бірақ бәрімен бірдей емес, байланысты болды. Бұл емделушілерде бұлшықеттің сіресуі, дене температурасының тез жоғарылауы немесе оттегінің көміртегі қос тотығын түзе отырып сіңуінің жоғарылауы сияқты қатерлі гипертермияның классикалық ағымы байқалған жоқ. Гипокалемия байқалған жағдайда, қандағы калий деңгейін тез және қарқынды түрде түзету, сондай-ақ әрі қарай емделушіде латентті жүйке-бұлшықет ауруларының бар-жоқтығы жағдайына баға беру керек.
Жүктілік және лактация кезеңінде қолданылуы
Галотан жүктілік кезінде жатырдың бұлшықет тонусын төмендетеді және босанудан кейін қан кетулердің пайда болу қаупіне байланысты акушерлік іс-тәжірибеде қолдануға болмайды (жүктіліктің алғашқы триместрінде, босану кезінде және босанудан кейінгі ерте кезеңде қолдануға болмайды, жүктіліктің екінші және үшінші триместрінде өмірлік көрсетілімдеріне қарай және қатаң бақылаумен ғана қолданылуы мүмкін).
Галотан препаратымен ингаляциялық наркоз жүргізгеннен кейін емшекпен емізуді 24 сағатқа тоқтата тұрған жөн.
Дәрілік заттың көлікті және қауіпті механизмдерді басқару қабілетіне ықпал ету ерекшеліктері.
Емделушіге Галотан препаратымен ингаляциялық наркоз жасалған күні емделушілерге көлікті басқаруға, машиналармен және механизмдермен қызмет көрсетуге, биік жерде жұмыс жасауға т.б. болмайды.
Артық дозалануы
Симптомдары: қантамырларын қозғалтушы орталықтың тежеліп, артериялық гипертензияның, брадикардияның және әрі қарай тыныс алу орталығы тежелуінің, аритмиялардың пайда болуы.
Емі: Галотан препаратын беруді тоқтату, өкпені таза оттегімен желдетуді қамтамасыз ету.
Қатерлі гипертермия пайда болған жағдайда у қайтарғы ретінде дантроленді (дантриум) көктамыр ішіне енгізу ұсынылады.
Шығарылу түрі және қаптамасы
Ашылуы бақыланатын сақинасы бар, бұралатын алтын тәріздес лакталған алюминий қақпақпен жабылған, янтарь түсті шыны құтыларға препарат 250 мл-ден құйылған.
Құтыға өздігінен желімденетін заттаңба жапсырылады.
Құты медицинада қолданылуы жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон пәшкеге салынған.
Сақтау шарттары
Қақпағы тығыз жабылған құтыда, қараңғы жерде, 25оС-ден төмен температурада сақтау керек.
Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!
Сақтау мерзімі
5 жыл
Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды.
Босату шарттары
Рецепт арқылы
Анестезиологияда тек стационарлы түрде пайдалану үшін
Өндіруші
Piramal Enterprises Limited, Үндістан
Piramal Tower, Peninsula Corporate Park, Ganpatrao Kadam Marg., Lower Parel, Mumbai 400 013, India
Тіркеу куәлігінің иесі
Piramal Enterprises Limited, Үндістан
Тұтынушылардан өнім (тауар) сапасы жөнінде шағымдарды Қазақстан Республикасы аумағында қабылдайтын ұйымның мекенжайы
“NF Pharma” (НФ Фарма) ЖШC
050000, Қазақстан Республикасы, Алматы қ-сы, Желтоқсан к-сі 118, 113-117 кеңсе
Телефон нөмірі: 8 (727) 323-10-12
Электрондық поштасы: nfpharma@gmail.com