Эфавиренз-Тева

МНН: Эфавиренз
Производитель: Pliva Сroatia Ltd
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Efavirenz
Номер регистрации в РК: № РК-ЛС-5№020848
Информация о регистрации в РК: 07.10.2014 - 07.10.2019
Республиканский центр развития здравоохранения
КНФ (ЛС включено в Казахстанский национальный формуляр лекарственных средств)
Включено в Список бесплатного амбулаторного лекарственного обеспечения
АЛО (Включено в Список бесплатного амбулаторного лекарственного обеспечения)
Предельная цена закупа в РК: 389.73 KZT

Инструкция

Саудалық атауы

Эфавиренз-Тева

Халықаралық патенттелмеген атауы

Эфавиренз

Дәрілік түрі

Үлбірлі қабықпен қапталған таблеткалар, 600 мг

Құрамы

Бір таблетканың құрамында

белсенді зат - 600 мг эфавиренз,

қосымша заттар: микрокристалды целлюлоза (Авицел РН-102), гидроксипропилцеллюлоза (Klucel LF), натрий лаурилсульфаты, полоксамер 407 (Lutrol F 127), натрий крахмалы гликолаты (А типі), магний стеараты.

қабық құрамы: Опадрай ІІ 33G32531: сары гипромеллоза 6сР (НРМС2910), лактоза моногидраты, титанның қостотығы, макрогол/PEG3350, триацетат, темірдің сары тотығы.

Сипаттамасы

Капсула пішінді, бір жағында «TEVA» және екінші жағында «7541» деп таңбаланған сары түсті үлбірлі қабықпен қапталған таблеткалар.

Фармакотерапиялық тобы

Тікелей әсер ететін вирусқа қарсы препараттар. Нуклеозид еместер - кері транскриптаза тежегіштері. Эфавиренз.

АТХ коды J05AG03

Фармакологиялық қасиеттері

Фармакокинетикасы

Бір реттік 100-1600 мг дозасын ішке қабылдағаннан кейін эфавиренз плазмада 1.6-9.1 мкл мөлшердегі жоғары шекті концентрацияларына тиісінше 5 сағат өткен соң жеткен. 1600 мг дейінгі дозаларда Cmax (қандағы ең жоғары концентрациялары) және РШК (рұқсатты шектегі концентрациясы) жоғарылауы байқалды. Дозаны арттырғанда, осы көрсеткіштердің жоғарылауы препарат жоғары дозаларында толық сіңбегендіктен пропорционалды болмаған. Препаратты көп рет қабылдағанда қандағы жоғары шекті концентрацияларының уақыты (3-5 сағат) өзгермеген. Тұрақты концентрацияларына 6-7 күн өткенде жетті.

АИВ жұқтырған емделушілерде тұрақты концентрациялары, орташа Cmax, орташа Сmin (қандағы ең төмен концентрация) және орташа РШК тәуліктік дозалар (200 мг, 400 мг және 600 мг) көлеміне пропорционал өзгерген.

Эфавиренз адам плазмасы ақуыздарымен, негізінен альбуминмен шамамен 99.5-99.75% байланысады. Кем дегенде, 1 ай бойы тәулігіне 1 рет 200-600 мг эфавиренз алған АИВ жұқтырған емделушілерде (n=9) жұлын сұйықтығындағы оның концентрациясы плазмалық концентрациясынан 0.26-дан 1.19% дейін ауытқыды (орташа көрсеткіші = 0.69%). Осы арақатынастың, плазмадағы эфавиренздің протеинді емес (бос) фракциясына қарағанда, 3 есе жоғары екені есептелген.

Эфавиренз гидроксилденген метаболиттер түзумен және кейіннен олардың глюкурон қышқылымен конъюгациялануымен көбінесе P450 цитохромы жүйесімен метаболизденеді. Осы метаболиттер іс жүзінде АИВ-1 қарсы тиімді емес. Эфавиренз метаболизміне жауапты басты изоферменттер CYP3A4 және CYP2B6 болып табылады. Эфавиренз Р450 – 2С9, 2С19 және 3Ф4 изоферменттерін де тежейді. Эфавиренз in vivo зерттеулерінде CYP2E1 тежемеген, бірақ клиникалық жағдайларда жеткізілгенінен едәуір асып кететін концентрацияларда CYP2D6 және CYP1A2 тежеген.

CYP2B6 изоферментінің G516T гомозиготалы өзгеше түрі бар емделушілерде препараттың плазмадан шығарылу ұзақтығы ұзаруы мүмкін.

Эфавиренз Р450 ферменттерін индукциялайды, бұл түптеп келгенде оның метаболизмінің жеделдеуіне әкеледі. Жұқпа жұқтырмаған емделушілерде, бір реттік дозаны қабылдаумен салыстырғанда, 10 күн бойы тәулігіне 200-400 мг дозаларды көп рет қабылдау күтілуінен едәуір төмен жинақталу дәрежесіне (22-42% аз) және препараттың жартылай ыдырау (Т ½) терминалдық кезеңінің 40-55 сағатқа дейін қысқаруына әкелді.

Шығарылуы: Эфавиренздің жартылай ыдырау кезеңі мейлінше ұзақ. Осылайша, бір реттік дозаны қолданғанда жартылай ыдырау уақыты 52-76 сағат, оны көп рет қолданғанда 40-55 сағат құрайды. Радиобелсенді изотоппен белгіленген эфавиренздің шамамен 14-34% дозасы несепте қалпына келген және осы дозаның 1%-дан азы өзгермеген күйде қалған. Емделушілердің бірлі-жарымында бауыр жеткіліксіздігінің күрделі түрі (Child-Pugh шкаласы, С класы) анықталған, оларда препараттың жартылай ыдырау ұзақтығы екі есе ұзарып, жинақталу коэффициентінің пәрменді асып түскенін көрсетеді.

Балалардағы фармакокинетикасы: 600 мг эфавирензге баламалы дозаны алған 49 балада (дозалануы дене салмағы индексіне қарай есептелген), тұрақты Сmax 14.1 мкл, тұрақты Сmin – 5.6 микрон, ал РШК – 216 мкл/сағ. құраған. Балалардағы эфавиренз фармакокинетикасы ересектердегідей болды.

Егде жастағы адамдар: егде жастағы емделушілердің қатысуымен фармакокинетикасына зерттеулер жүргізілмеген.

Фармакодинамикасы

Эфавиренз –1типті адам иммунитет тапшылығы вирусының (АИВ-1) кері транскриптазасының нуклеозидті емес тежегіші (КТНЕТ). Эфавиренз белсенділігі негізінен АИВ-1 кері транскриптазасының бәсекелі емес бәсеңдеуімен жүзеге асады. Эфавиренз адамның АИВ-2 және альфа-, бета-, гамма- мен дельта-ДНҚ-полимеразасының кері транскриптазасын тежемейді.

Вирусқа қарсы белсенділігі

Зертханалық бейімделген жабайы штамдар мен вирустың клиникалық изоляттарына тән (өлшемі 0.46-дан 6.8 нм дейін лимфобластты жасушалар, шеткергі қанның мононуклеарлы жасушалары (ШҚМНЖ) және макрофагтар/моноциттер өсірінділері) эфавиренздің тежегіш белсенділігі зидовудинге төзімді 90-95% штамдарды басуға жеткілікті болды.

Төзімділігі

Кері транскриптазада 48, 108, 179, 181 немесе 236 қалыптағы амин қышқылдарын алмастыратын вирус штамдарына қарсы жасушалар өсіріндісіндегі немесе протеазада амин қышқылдарын алмастыратын нұсқалардағы эфавиренз белсенділігі жабайы типті вирус штамдарына қарсы эфавиренздің белсенділігімен бірдей болды.

Жасушалық өсіріндіде эфавирензге ең жоғары төзімділікке әкелген дара алмастырулар лейцинді 100 қалыпта (L101I, 17-22 реттік төзімділік) изолейцинге және лизинді 103 (K103N, 18-33 реттік төзімділік) қалыпта аспарагинге ауыстыруға сәйкес келеді. Кері транскриптазада амин қышқылдарын басқа ауысулардан тыс K103N экспрессиялаған АИВ нұсқаларында100 еседен аса сезімталдықтан айрылу байқалған.

K103N индинавирмен немесе зидовудин+ламивудинмен біріктірілген эфавиренздің клиникалық сынақтары барысында сәтсіз емделу белгілері (вирустық жүктеме «қайтарымы») болған науқастардан алынған вирус изоляттарындағы кері транскриптазада ең жиі бақыланатын мутация болды.

Сонымен қатар, кері транскриптазадағы ауыстырулар, ең төмен жиілікте және тек K103N-мен үйлестірілімде жиі болса да, 98, 100, 101, 108, 138, 188, 190 немесе 225 қалыпта байқалған. Эфавирензбен емделуге дейін науқастардан алынған үлгілерде K103N алмасулар байқалмаған. Кері транскриптазадағы эфавирензге төзімділікпен қатар жүретін амин қышқылдарын алмастыру типі эфавирензбен біріктірілімде қолданылған басқа антивирустық препараттарға байланысты болмаған.

Айқаспалы төзімділік

Жасушалар өсіріндісінде эфавиренз, невирапин және делавирдинге айқаспалы төзімділік бейіндері K103N алмастыру кері транскриптазаның барлық нуклеозидті емес үш тежегішіне сезімталдықтың жоғалуына әкелетінін көрсетеді. Зерттелген делавирдинге төзімді клиникалық изоляттардың үшеуінің екеуінде эфавирензге айқаспалы төзімділік бар және K103N алмасуы болады. Кері транскриптазаның 236 қалпында алмасуы болған үшінші изоляттың эфавирензге айқаспалы төзімділігі болмаған.

Кері транскриптазаның нуклеозидті емес тежегіштеріне сезімталдық эфавиренздің клиникалық сынақтарына қатысқан және сәтсіз емделу белгілері (вирустық жүктеме «қайтарымы») болған науқастардың ШҚМЖ-нан алынған вирустық изоляттарда бағаланған. Эфавирензге төзімді деп алдын ала сипатталған он үш изолят невирапин мен делавирдинге де in vitro төзімді болған. Кері транскриптазаның нуклеозидті емес тежегіштеріне төзімді изоляттардың бесеуінде K103N немесе валиннің кері транскриптазадағы 108 (V108I) қалыпта изолейцинге алмасуы болғаны анықталған. Эфавирензбен ем көмектеспеген науқастардан алынған тексерілген изоляттардың үшеуі өсіріндіде эфавирензге сезімтал күйде қалған және невирапин мен делавирдинге де сезімтал болған.

Эфавиренз бен протеаза тежегіштерінің арасында әртүрлі нысана-ферменттердің қатысуына байланысты, ал эфавиренз бен кері транскриптазаның нуклеозидті емес тежегіштерінің арасында әсер ету механизмі мен нысанадағы байланысатын бөліктердің әртүрлілігіне орай айқаспалы төзімділік болу мүмкіндігі төмен.

Қолданылуы

- ересектер мен жасөспірімдердегі АИВ-1 жұқпасын біріктірілген антиретровирустық ем құрамында емдеуде

Қолдану тәсілі және дозалары

Емді АИВ жұқпасын емдеу тәжірибесі бар дәрігер тағайындауы тиіс.

Біріктірілген антиретровирустық ем

Эфавиренз-Теваны басқа антиретровирустық препараттармен біріктіріп тағайындау керек.

Эфавиренз-Теваны аш қарынға қабылдау ұсынылған. Эфавиренз-Тева препаратын ас ішу кезінде қолданудан кейін байқалған эфавиренз концентрацияларының жоғарылауы жағымсыз реакциялардың пайда болу жиілігінің артуына әкелуі мүмкін.

Жүйке жүйесі тарапынан жағымсыз әсерлеріне қатысты көтерімділігін жақсарту үшін препаратты ұйықтар алдында қабылдау ұсынылған.

Ересектер

Эфавиренз-Тева препаратының протеаза тежегішімен (ПТ) немесе онсыз кері транскриптазаның нуклеозидті тежегіштерімен (КТНТ) біріктірілімде ұсынылған дозасы тәулігіне 1 рет ішу арқылы 600 мг құрайды.

Дозаны түзету. Эфавиренз-Тева препаратын вориконазолмен бір мезгілде қолданғанда вориконазолдың демеуші дозасын әр 12 сағат сайын 400 мг дейін арттыру керек, ал Эфавиренз-Тева препаратының дозасын 50%, яғни тәулігіне 1 рет 300 мг дейін азайту керек. Вориконазолмен емді тоқтатқаннан кейін эфавирензді бастапқы дозада қабылдау керек.

Егер Эфавиренз-Тева рифампицинмен бір мезгілде қолданылса, Эфавиренз-Тева препаратының дозасын тәулігіне 800 мг дейін арттыру мәселесін қарастыруға болады.

Бүйрек функциясының бұзылуы

Эфавиренздің 1%-дан аз дозасы несеппен өзгермеген күйде шығарылады, сондықтан бүйрек функциясы бұзылуының Эфавиренз-Тева шығарылуына әсері тым аз болуы тиіс.

Бауыр функциясының бұзылуы

Ауырлығы жеңіл дәрежедегі бауыр аурулары бар емделушілер Эфавиренз-Тевамен емді әдетте ұсынылатын дозада алуына болады. Дозаға тәуелді жағымсыз реакцияларды, әсіресе, жүйке жүйесі тарапынан болатын симптомдарды анықтау үшін емделушілердің жағдайын мұқият бақылау керек.

12 жастан үлкен балалар және 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер (дене салмағы 40 кг-ден көп)

Эфавиренз-Тева препаратының ПТ-мен және/немесе КТНТ-мен біріктірілімде 12 жастан асқаннан бастап, 18 жасқа дейінгі дене салмағы >40 кг емделушілер үшін ұсынылған дозасы – күніне 1 рет 600 мг. Эфавиренз таблеткаларын таблетканы оңай жұтуға қабілетті балаларға ғана тағайындау керек.

Дене салмағы 13 кг-ден 40 кг дейінгі 12 жасқа толмаған балалар үшін дозалануы аз таблеткалық түрі бар.

Жағымсыз әсерлері

Біріктірілген ем құрамында ұсынылған дозадағы эфавиренздің клиникалық зерттеулерінде хабарланған және емдеу режимімен байланысты болуы мүмкін орташа немесе ауыр жағымсыз құбылыстар төменде көрсетілген.

Құбылыстардың жиілігі мынадай болжам арқылы белгіленеді: өте жиі (≥1/10); жиі (≥1/100 < 1/10); жиі емес (≥ 1/1000 < 1/100); сирек (≥ 1/10000 < 1/1 000); өте сирек (< 1/10000).

Өте жиі

- бөртпе

Жиі

- патологиялық түстер көру, зейіннің бұзылысы немесе зейін шоғырландырудың төмендеуі, бас айналу, бас ауыру, ұйқысыздық, ұйқышылдық, мишық үйлесімінің және тепе-теңдіктің бұзылуы, ауыр депрессия

- іштің ауыруы, диарея, жүрек айну, құсу, тәбеттен айрылу

- қышыну, бөртпе, терінің қабыршақтануы, терінің қызаруы, Эфавирензбен емнің басталуынан алғашқы екі апта ішінде пайда болатын ауырлығы жеңіл және орташа дәрежедегі макулопапулезді тері бөртпелері.

Емделушілердің көпшілігінде бөртпе препарат қабылдауды бір ай бойы жалғастырғанда басылады. Эфавирензді бөртпе пайда болу салдарынан оны қабылдауды тоқтатқан емделушілерге қайта тағайындауға болады. Препаратты қайта тағайындаған кезде тиісті антигистаминдік және/немесе кортикостероидтық препараттарды да тағайындау ұсынылады.

- қатты қажу, әлсіздік

- иммундық жүйе тарапынан бұзылу

- аллергиялық реакциялар

- мазасыздық, депрессия

- иммундық жүйенің қайта белсенділену синдромы

Иммунитет тапшылығы ауыр АИВ жұқтырған емделушілерде біріктірілген антиретровирустық ем (БАРЕ) тағайындау кезінде симптомсыз және қалдық оппортунистік патогендерге қабыну реакциялары жиілеуі мүмкін

- липодистрофия және метаболикалық бұзылулар

АИВ жұқтырған емделушілерде БАРЕ май қабаттарының қайта таралуын (липодистрофия) туындатады деп саналады, бұл шеткергі және беттің тері шелмайының жұқаруын, интраабдоминальді және висцеральді май қабатының қалыңдауын, сүт бездері гипертрофиясын және майдың арқа-мойын маңайында жиналуын (өгіз өркеш) қамтиды.

- гипертриглицеридемия, гиперхолестеринемия, инсулинге төзімділік, гипергликемия және гиперлактацемия

Біріктірілген антиретровирустық ем гипертриглицеридемия, гиперхолестеринемия, инсулинге төзімділік, гипергликемия және гиперлактатемия сияқты метаболикалық бұзылулармен байланыстырылады.

- АСТ және АЛТ белсенділігінің жоғарылауы, гамаглютамилтрансферазаның (ГГТ) жоғарылауы

Эфавиренз қабылдайтын емделушілерде ГГТ оқшау жоғарылауы ферменттер индукциясының белгісі болуы мүмкін.

Жиі емес

- құлақтағы шуыл, вертиго

- қан кернеу

- амнезия, қозғалыс үйлесімінің бұзылуы, атаксия, сананың шатасуы, құрысулар, патологиялық ойлау, тремор

- бұлыңғыр көру немесе көру қабілетінің анық болмауы

- жедел панкреатит

- экссудаттық полиморфты эритема, Стивенс-Джонсон синдромы

- жедел гепатит, бауыр жеткіліксіздігі

- гинекомастия (ерлерде)

- аффективті құбылу, сананың шатасуы, эйфориялық көңіл-күй, елестеулер, психоз, суицидтік идеялар, озбыр мінез-құлық, параноидты реакциялар, маниакальді реакциялар, ажитация, амнезия, патологиялық ойлау

Сыртартқысында психикалық бұзылыстары бар емделушілер психика тарапынан болатын осы күрделі жағымсыз құбылыстардың дамуына қатысты жоғары қауіп тобына жатады, жоғарыда аталған құбылыстардың әрқайсысының пайда болу жиілігі маниакальді реакциялар үшін 0,3 %-дан бастап, ауыр депрессия мен суицидтік ойлау үшін 2% дейін.

Жүйке жүйесі тарапынан болатын симптомдар әдетте емнің бірінші немесе екінші күні байқалады және көпшілік жағдайларда алғашқы 2-4 аптадан соң басылады. Жүйке жүйесі тарапынан симптомдар, ықтималды түрде, Эфавиренздің қан плазмасындағы жоғары концентрацияларының нәтижесінде Эфавирензді аспен бірге қабылдағанда жиі кездесуі мүмкін. Осы симптомдардың көтерімділігін жақсарту үшін емнің алғашқы апталарында препаратты ұйықтар алдында қабылдау ұсынылады. Қабылдаудың осы режимі бұл симптомдардың байқалуы жалғасатын емделушілерге де ұсынылады. Дозаны азайту немесе тәуліктік дозаны бөліп қабылдау әдетте жайлы әсер бермейді.

Сирек

- гипестезия, парестезия, нейропатия

- ысыну сезімі, қызба

- іш қату

- сандырақ, жүйкенің тозуы, ауыр депрессия, емделушілердің өзін-өзі өлтіру ниеттері, өліммен аяқталусыз өзін-өзі өлтіру әрекеттері, озбыр мінез-құлық

- аллергиялық дерматит, эксфоллиативті дерматит

- ентігу, тахикардия

- остеонекроз, артралгия, миалгия, миопатия

- жалпы холестерин мен триглицеридтер деңгейлерінің жоғарылауы

Липидтер деңгейінің өзгеру өлшемдеріне емдеу ұзақтығы және емнің антиретровирустық сызбаларының басқа компоненттері сияқты факторлар ықпал ете алады.

Балалар мен жасөспірімдер: балалардағы жағымсыз құбылыстар көпшілік жағдайларда ересектердегіге ұқсас болады. Балаларда эфавирензбен емді бастамас бұрын бөртудің алдын алу үшін тиісті антигистаминдік препараттар тағайындау мақсатқа сай келуі мүмкін. Кішкентай балаларға жүйке жүйесі тарапынан болатын симптомдарды сипаттау қиын екеніне қарамастан, осындай симптомдар балаларда аз жиілікте кездеседі және көпшілік жағдайларда орташа айқындылық дәрежесінде болады.

Қолдануға болмайтын жағдайлар

- әсер етуші затқа немесе қосымша заттардың кез келгеніне аса жоғары сезімталдық

- бауыр функциясының ауыр бұзылуы (Чайлд-Пью шкаласы бойынша С класы)

- терфенадин, вориканозол, астемизол, цизаприд, мидазолам, триазолам, пимозид, бепридилмен (эфавиренздің CYP3А4-пен бәсекелесуіне байланысты осы дәрілік заттар метаболизмінің тежелуіне немесе күрделі және/немесе ауыр асқынулардың – жүрек аритмияларының, ұзақ уақыт тыныштану әсерінің, тыныс тарылуының дамуына әкелуі мүмкін) немесе қастауыш алкалоидтарымен (мысалы, эрготамин, дигидроэрготамин, эргоновин, метилэргоновин) бірге тағайындау

- эфавиренздің клиникалық тиімділігінің азаюы және қан плазмасында концентрациясының төмендеуі мүмкін екеніне орай, құрамында шілтерленген шайқурай бар (Hypericum perforatum) препараттармен бір мезгілде қабылдау

- тұқым қуалайтын галактоза/лактозаны көтере алмаушылық, лактаза тапшылығы, глюкоза/галактоза мальабсорбциясы синдромы

- жүктілік және лактация кезеңі

- 12 жасқа дейінгі және дене салмағы 40 кг-ден аз балаларға

Дәрілермен өзара әрекеттесуі

Эфавиренз CYP3A4 индукторы және CYP3A4 қамтылатын CYP450 кейбір изоферменттерінің тежегіші болып табылады. Эфавирензбен бір мезгілде қолданғанда CYP3А4 субстраты болып табылатын басқа препараттардың қан плазмасындағы концентрациялары төмендеуі мүмкін. Эфавиренз экспозициясы CYP3A4 белсенділігіне ықпал ететін басқа препараттармен немесе өнімдермен (мысалы, грейпфрут шырыны) қабылдағанда да өзгеруі мүмкін.

Шайқурай (Hypericum perforatum)

Эфавиренз және шайқурайды немесе құрамында шайқурай бар өсімдік тектес препараттарды бір мезгілде қолдану қарсы көрсетілімді. Егер емделуші шайқурай препаратын қабылдап жүрген болса, оны қолдануды тоқтату және вирустық жүктемені, сондай-ақ, мүмкін болса, эфавиренз концентрациясын тексеру керек. Шайқурай препаратының индукциялау әсері қабылдауды тоқтатқаннан кейін, кем дегенде, 2 апта сақталуы мүмкін.

Протеаза тежегіштеріТ)

Эфавирензді атазанавир/ритонавирмен бір мезгілде қолдану ұсынылмаған. Егер атазанавирді КТНЕТ-пен бір мезгілде қолдану қажет болса, мұқият клиникалық бақылаумен Эфавирензбен біріктірілімдегі атазанавир мен ритонавир дозасын тиісінше 400 мг және 200 мг дейін арттыру мәселесін қарастыруға болады. Сонымен бірге, Эфавиренздің дарунавир/ритонавирмен біріктірілімін сақтықпен пайдалану керек.

Фосампренавир/ритонавир/Эфавиренз: клиникалық мәнді фармакокинетикалық өзара әрекеттесуі жоқ және осы препараттардың кез келгенінің дозасын түзету қажет емес.

Эфавиренздің фосампренавир/нелфинавирмен өзара әрекеттесуі зерттелмеген; осы препараттардың кез келгенінің дозасын түзету қажет емес. Эфавиренздің фосампренавир/саквинавирмен өзара әрекеттесуі де зерттелмеген; осындай біріктірілімді қолдану ұсынылмаған, өйткені екі протеаза тежегішінің де экспозициясының елеулі кемуі жорамалданады.

Индинавир/эфавиренз – индинавир экспозициясының төмендеуі байқалады және бұл индинавирмен Эфавиренз қамтылатын емдеу сызбасын таңдағанда ескерілу керек.

Индинавир/ритонавир/Эфавиренз: индинавирмен немесе индинавир/ритонавирмен тағайындалғанда эфавиренз үшін дозаны түзету қажет емес.

Лопинавир/ритонавир/Эфавиренз: лопинавир экспозициясының елеулі кемуімен өзгешеленеді. Аталған дозаны түзету кейбір емделушілер үшін жеткіліксіз болуы мүмкін екендіктен сақтану шараларын қадағалау керек. Жұмсақ капсуладағы немесе ішуге арналған ерітіндідегі (тәулігіне 2 рет 3 капсула/5 мл орнына тәулігіне 2 рет 4 капсула/~6,5 мл) лопинавир/ритонавир дозасын 33% арттыру мәселесін қарастыру керек. Тәулігіне 1 рет 600 мг дозадағы эфавирензбен бір мезгілде қолданғанда лопинавир/ритонавир таблеткаларының дозасын тәулігіне 2 рет 500/125 мг дейін арттыру керек.

Нелфинавир/Эфавиренз: бұл біріктірілім әдетте жақсы көтерімді және препараттардың кез келгенінің дозасын түзету қажет емес.

Ритонавир/Эфавиренз: Эфавирензді ритонавирдің төмен дозаларымен қолданғанда фармакодинамикалық өзара әрекеттесу мүмкіндігі себепті, эфавирензден болатын жағымсыз реакциялардың пайда болу жиілігі артуы мүмкін.

Саквинавир/ритонавир/Эфавиренз: дозалауға қатысты ұсынымдар беруге қажетті деректер жоқ. Эфавирензді протеазалардың бірден-бір тежегіші ретінде саквинавирмен біріктірілімде қолдану ұсынылмайды.

CCR5 антагонисі

Маравирок/Эфавиренз: қандай да болсын ықпалы күтілмейді. Бір мезгілде қолдануға қатысты ұсынымдарды құрамында маравирок бар препараттың нұсқаулығынан қарау керек.

Интегразамен тізбек ауыстыру тежегіші

Ралтегравир/Эфавиренз: ралтегравир дозасын түзету қажет емес.

КТНТ/Эфавиренз: Эфавиренздің КТНТ-мен өзара әрекеттесуіне спецификалық зерттеулер ламивудинмен, зидовудинмен және тенофовир дизопроксил фумаратымен ғана жүргізілген. Клиникалық мәнді өзара әрекеттесулер күтілмейді. Препараттардың кез келгенінің дозасын түзету қажет емес.

КТНЕТ/Эфавиренз: өзара әрекеттесуі зерттелмеген, өйткені екі КТНЕТ қолдану тиімділігі мен қауіпсіздігіне қатысты артықшылықтарының жоқ екенін көрсеткен, бір мезгілде эфавиренз бен басқа КТНЕТ қолдану ұсынылмаған.

Антибиотиктер

Азитромицин/Эфавиренз: препараттардың кез келгенінің дозасын түзету қажет емес.

Кларитромицин/Эфавиренз: қан плазмасындағы кларитромицин деңгейлерінің осындай өзгерістерінің клиникалық мәні белгісіз, кларитромицин баламасын қарастыруға болады (мысалы, азитромицин). Эфавиренз дозасын түзету қажет емес.

Туберкулезге қарсы препараттар

Рифабутин/Эфавиренз: Эфавирензбен бір мезгілде қолданғанда рифабутиннің тәуліктік дозасын 50% арттыру керек. Эфавирензбен біріктірілген рифабутин аптасына 2 немесе 3 рет қолданылатын емдеу сызбасын қолданғанда рифабутин дозасын 2 есе арттыру мәселесін қарастыруға болады.

Рифампицин/Эфавиренз: рифампицинмен қолданғанда Эфавиренз дозасын тәулігіне 800 мг дейін арттыру рифампицин қолданусыз 600 мг тәуліктік дозада қабылдау кезіндегідей экспозицияны қамтамасыз ете алады. Жеке көтере алмаушылық пен вирусологиялық жауапты дозаны түзету кезінде ескеру керек. Рифампицин дозасын түзету қажет емес.

Зеңге қарсы препараттар

Итраконазол/Эфавиренз: итраконазол дозалануына қатысты ұсынымдар жоқ екендіктен, зеңге қарсы баламалы ем нұсқаларын қарастыру керек.

Посаконазол/Эфавиренз: емделушіге пайдасы қаупінен басым болатын жағдайлардан басқа, посаконазол мен Эфавирензді бір мезгілде қолданудан аулақ болған жөн.

Вориконазол/Эфавиренз: эфавиренз бен вориконазолды бір мезгілде қолданғанда вориконазолдың демеуші дозасын тәулігіне 2 рет 400 мг дейін арттыру, ал Эфавиренз дозасын тәулігіне 1 рет 50%, яғни 300 мг дейін азайту керек. Вориконазолмен емді тоқтатқаннан кейін Эфавиренздің бастапқы дозасын қалпына келтіру керек.

Флуконазол/Эфавиренз: препараттардың кез келгенінің дозасын түзету қажет емес.

Кетоконазол және имидазолдық қатардағы басқа да зеңге қарсы препараттардың өзара әрекеттесуі зерттелмеген.

Қышқылдылықты төмендететін препараттар

Құрамында алюминий гидроксиді, магний гидроксиді, симетикон бар антацидтер/Эфавиренз, фамотидин/Эфавиренз: бір мезгілде қолданғанда Эфавиренз сіңуінің бұзылуы күтілмеген.

Анксиолитикалық дәрілер

Лоразепам/Эфавиренз: препараттардың кез келгенінің дозасын түзету қажет емес.

Антикоагулянттар

Варфарин/Эфавиренз: варфарин дозасын түзету қажет болуы мүмкін.

Құрысуға қарсы препараттар

Карбамазепин/Эфавиренз: құрысуға қарсы баламалы препарат мәселесін қарастырған жөн, сондай-ақ қан плазмасындағы карбамазепин концентрациясын мерзім сайын бақылап тұру керек.

Фенитоин, фенобарбитал және басқа да құрысуға қарсы CYP450 изоферменттерінің субстраттары – Эфавиренз бір мезгілде тағайындалғанда қан плазмасындағы құрысуға қарсы препараттар концентрациясын мезгіл-мезгіл бақылап тұру керек.

Вальпрой қышқылы/Эфавиренз: эфавиренз фармакокинетикасына клиникалық мәнді ықпалы жоқ. Құрысуларды бақылау үшін емделушілердің ахуалын қадағалау қажет.

Вигабатрин/Эфавиренз, габапентин/Эфавиренз: препараттардың кез келгенінің дозасын түзету қажет емес.

Серотонинді кері қармайтын селективті тежегіштер (СКҚСТ) Сертралин/Эфавиренз: сертралин дозасын арттыру қажеттілігі клиникалық тиімділігі бойынша анықталады. Эфавиренз дозасын түзету қажет емес.

Пароксетин/Эфавиренз: препараттардың кез келгенінің дозасын түзету қажет емес.

Флуоксетин/Эфавиренз: препараттардың кез келгенінің дозасын түзету қажет емес.

Антигистаминдік препараттар

Цетиризин/Эфавиренз: клиникалық мәнді фармакокинетикалық өзара әрекеттесуі жоқ. Препараттардың кез келгенінің дозасын түзету қажет емес.

Кальций өзектерінің блокаторлары дилтиазем дозасын түзету қажеттілігі клиникалық тиімділігі бойынша анықталады (дилтиазем нұсқаулығын қараңыз).

Эфавиренз дозасын түзету қажет емес.

Верапамил, фелодипин, нифедипин және никардипин – өзара әрекеттесуі зерттелмеген. Кальций өзектері блокаторларының дозасын түзету қажеттілігі клиникалық тиімділігі бойынша анықталады (кальций өзектері блокаторының нұсқаулығын қараңыз).

ГМГ-КоА-редуктаза тежегіштері

Аторвастатин/Эфавиренз: холестерин деңгейлерін мезгіл-мезгіл бақылау керек. Аторвастатин дозасын түзету қажет болуы мүмкін (аторвастатин нұсқаулығын қараңыз). Эфавиренз дозасын түзету қажет емес.

Правастатин/Эфавиренз: холестерин деңгейлерін мезгіл-мезгіл бақылап тұру керек. Правастатин дозасын түзету қажет болуы мүмкін (правастатин нұсқаулығын қараңыз). Эфавиренз дозасын түзету қажет емес.

Симвастатин/Эфавиренз: холестерин деңгейлерін мезгіл-мезгіл бақылап тұру керек. Симвастатин дозасын түзету қажет болуы мүмкін (симвастатин нұсқаулығын қараңыз). Эфавиренз дозасын түзету қажет емес.

Ішуге арналған гормональді контрацептивтер Этинилэстрадиол+норгестимат/Эфавиренз: гормональді контрацептивтерге қосымша сенімді контрацепциялық бөгеу әдісі қолданылуы тиіс.

Инъекциялық түрлер

Депо-медроксипрогестерон ацетаты (ДМПА)/Эфавиренз: гормональді контрацептивтерге қосымша контрацепциялық бөгеу әдісі қолданылуы тиіс.

Имплант

Этоногестрел/Эфавиренз: гормональді контрацептивтерге қосымша контрацепциялық бөгеу әдісі қолданылуы тиіс.

Иммунодепрессанттар

CYP3A4 арқылы метаболизденетін иммунодепрессанттар (мысалы, циклоспорин, такролимус, сиролимус)/Эфавиренз: иммунодепрессант дозасын түзету қажет болуы мүмкін. Эфавирензбен емдеудің басында және оны тоқтатқанда, кем дегенде, 2 апта бойы (тұрақты концентрацияларына жеткенше) иммунодепрессанттар концентрацияларын мұқият бақылау ұсынылады.

Апиындар

Метадон/Эфавиренз: эфавиренз бен метадонды бір мезгілде тағайындау қан плазмасындағы метадон деңгейлерінің төмендеуіне және апиынды тоқтату синдромы симптомдарының пайда болуына әкеледі. Тоқтату синдромының белгілеріне қатысты емделушілердің жай-күйін бақылау, әрі қажет болса, тоқтату синдромын әлсірету үшін метадон дозасын арттыру керек.

Бупренорфин/налоксон/Эфавиренз: бупренорфин экспозициясының кемуіне қарамастан, бірде-бір емделушіде тоқтату синдромы байқалмаған. Бір мезгілде қолданғанда бупренорфин немесе Эфавиренз дозасын түзету керек болуы мүмкін.

Айрықша нұсқаулар

Препараттар Эфавирензбен бір мезгілде тағайындалғанда дәрігерлер осы препараттарды қолдануға қатысты нұсқаулықтарға жүгінуі тиіс.

Эфавиренз АИВ жұқпасын емдеуге арналған бірден-бір препарат ретінде пайдаланылмауы тиіс, сондай-ақ дара дәрілік препарат ретінде емнің тиімсіз сызбасына жалғыз қосылмауы тиіс.

АИВ жұқпасының айқын сатысындағы, атап айтқанда, CD 4-жасушалар саны 1 мм3 < 50 емделушілерде, сондай-ақ протеаза тежегіштерімен ем тиімсіз болғанда науқастарда Эфавиренз қолдану жөнінде жеткілікті клиникалық деректер жоқ.

Емделушілерді олар алатын эфавиренз қамтылған антиретровирустық емнің жыныстық қатынастар немесе қан арқылы АИВ берілу қаупінен сақтандырмайтынын ескерту қажет. Емделушілер тиісті сақтану шараларын қолдануды жалғастыруы тиіс.

Қандай да бір антиретровирустық препаратты біріктірілген ем құрамында қабылдау көтере алмаушылыққа күдік туындауына байланысты тоқтатылған жағдайда барлық антиретровирустық препараттарды бір мезгілде тоқтату мүмкіндігін салмақты қарастыру қажет. Барлық тоқтатылған антиретровирустық препараттарды қабылдау көтере алмаушылық симптомдары басылған соң бірден жаңғыртылуы тиіс. Антиретровирустық препараттар қабылдауда жиі үзілістермен және келесі қайталап қабылдаулармен жасалатын иммундық ем емдеуге төзімді мутантты вирустардың пайда болу ықтималдығы жоғары екендіктен ұсынылмайды.

Кері транскриптазаның басқа нуклеозидті емес тежегіштері жағдайындағы сияқты, эфавиренз монотерапия ретінде қолданылғанда төзімді вирус өте тез көрініс береді. Эфавирензбен біріктірілімде пайдаланылуы тиіс жаңа антиретровирустық дәріні таңдағанда вирустың айқаспалы төзімділік мүмкіндігін ескеру қажет.

Ас ішу

Ас ішу кезінде эфавиренз тағайындау препараттың шығарылу уақытының ұзаруына, ол өз кезегінде жағымсыз әсерлердің пайда болу жиілігінің артуына әкелуі мүмкін.

Эфавирензді көбінесе ұйықтар алдында аш қарынға қабылдау ұсынылады.

Психиатриялық симптомдар

Эфавиренз алған емделушілерде психика тарапынан болатын күрделі жағымсыз әсерлер тіркелген. Оларға ауыр депрессия, суицидтік ойлар/әрекеттер, озбыр мінез-құлық, параноидты және маниакальді реакциялар жатады. Сыртартқысында психикалық бұзылыстар бар емделушілер психика тарапынан күрделі жағымсыз құбылыстардың дамуы бойынша жоғары қауіп тобында болады. Аталған симптомдар дамыған емделушілер осы симптомдардың эфавиренз қабылдаумен байланысты болу мүмкіндігін анықтау үшін дереу дәрігерге қаралуы тиіс. Егер осы байланыс расталса, әрі қарай емдеудің пайда және қауіп арақатынасын бағалау қажет.

Тері бөртпесі

Күлдіреуіктермен, суланған қабыршақтанумен немесе ойық жаралармен қатар жүретін бөртпе эфавиренз алған 0.9% науқаста дамыған. Экссудаттық полиморфты эритема немесе Стивенс-Джонсон синдромы шамамен 0.1% жағдайда кездескен. Ересектерде бөртпенің білінуіне дейінгі орташа уақыт 11 күн, ал орташа ұзақтық 16 күн құрайды. Клиникалық сынақтарда 1.7% науқаста бөртпеге байланысты емді тоқтатуға тура келді. Егер емделушілерде күлдіреуіктердің пайда болуымен, шырышты қабықтарды қамтитын десквамация немесе қызбамен қатар жүретін бөртпенің ауыр түрі пайда болса, эфавиренз қабылдауды дереу тоқтату қажет. Тиісті антигистаминдік және/немесе ГКС препараттарын қабылдау көтерімділікті жақсартып, бөртпенің тезірек басылуына ықпал ете алады.

Жүйке жүйесі тарапынан симптомдар

Жүйке жүйесі тарапынан болатын симптомдар – бас айналу, ұйқысыздық, зейін шоғырландырудың төмендеуі, ұйқышылдық, әдеттен тыс түстер көру және елестеулер, әдетте, емнің бірінші және екінші күнінде байқалады және көптеген жағдайларда алғашқы 2-4 аптадан соң басылады. Емделушілерді осындай симптомдардың, егер олар пайда болса әдетте емді жалғастырғанда басылатынынан және олардың психика тарапынан сирек кездесетін болжамды бұзылыстардың белгісі емес екенінен хабардар ету қажет. Жүйке жүйесі тарапынан болатын жағымсыз әсерлерге қатысты препарат көтерімділігін жақсарту үшін емнің алғашқы апталарында препаратты ұйықтар алдында қабылдау ұсынылады. Емделушілерді алкогольмен немесе психотропты препараттармен бір мезгілде эфавиренз қабылдағанда ОЖЖ-не әлеуетті аддитивті әсер ететінінен хабарландыру қажет. Орталық жүйке жүйесі тарапынан болатын бас айналу, зейін шоғырландырудың бұзылуы және/немесе ұйқышылдық сияқты жағымсыз симптомдар сезінетін емделушілер көлік құралдарын немесе механизмдерді басқару сияқты аса қауіпті қызмет түрлерін орындаудан бас тартуы тиіс.

Құрысулар

Эфавиренз алған емделушілерде, сыртартқысында құрысулар бар емделушілерді қоса, құрысулар аса сирек байқалған. Фенитоин, карбамазепин және фенобарбитал сияқты көбінесе бауырда метаболизденетін құрысуға қарсы препараттарды қатар алатын емделушілерде олардың қан плазмасындағы концентрацияларын әлсін- әлсін бақылап отыру қажет. Сыртартқысында құрысулар бар емделушілерге препаратты тағайындағанда сақтық шараларын қадағалау қажет.

Бауыр ферменттері: сыртартқысында диагностикаланған немесе болжанған В және С гепатиті бар емделушілерде және бауырға уытты әсер етумен астасқан препараттар қабылдайтын емделушілерде бауыр ферменттерін ұдайы бақылау ұсынылады. Жоғары қалып шегінен 5 есе асып кететін деңгейден жоғары сарысулық трансаминазалар белсенділігінің тұрақты жоғарылауы бар емделушілерде эфавирензбен емді жалғастырудың пайдасы гепатоуыттылықтың пайда болуына қатысты болжамды қауіппен салыстырылуы тиіс. Р450 цитохромы арқылы эфавиренздің қарқынды метаболизміне және бауыр функциясы бұзылған науқастарда оны қолданудың шектеулі клиникалық тәжірибесіне байланысты препаратты осындай науқастарға тағайындағанда сақтық шарасын қадағалау керек.

Холестерин: эфавиренз алатын науқастарда холестерин мен триглицеридтер деңгейіне үнемі бақылау жүргізген жөн.

Майдың қайта таралуы/липодистрофия

АИВ жұқтырған емделушілерде антиретровирустық ем орталық семіруді, мойынның артқы бөлігінде майдың жиналуын (енеке өркеш), шеткергі және беттің тері асты майының жұқаруын, кеуденің үлкеюі мен «кушингоидты түрді» қоса, организмде май тінінің қайта таралуы/жиналуымен қатар жүреді. Осы құбылыстың механизмдері мен олардың ұзақтығы қазіргі уақытта зерттелмеген. Себеп-салдарлы байланысы анықталмаған.

Арнайы топтар

Препарат құрамында лактоза бар, сондықтан галактозаны көтере алмаушылықтың сирек тұқым қуалайтын түрлері, лактаза жеткіліксіздігі немесе глюкозо-галактоза мальабсорбциясы синдромы бар емделушілер препаратты қолданбауы тиіс.

Бүйрек жеткіліксіздігі

Бүйрек жеткіліксіздігі бар емделушілерде эфавиренз фармакокинетикасы зерттелмеген, алайда несепке өзгермеген күйде 1%-дан аз эфавиренз бөлінетініне орай, бүйрек функциясының бұзылуы эфавиренздің элиминация үдерісіне елеулі ықпал етпеуі тиіс. Препаратты бүйрек жеткіліксіздігі ауыр емделушілерде қолдану тәжірибесі жоқ, сондықтан осындай емделушілердегі қауіпсіздігін мұқият бағалау ұсынылады.

Егде жастағы емделушілер

Егде жастағы емделушілердің препаратқа реакциясының жас емделушілердің реакциясынан ерекшеленетіні туралы жорамал жасау мүмкін емес, өйткені тиісті жастағы емделушілердің жеткілікті санымен зерттеулер жүргізілмеген.

Жүктілік және лактация кезеңі

Емдеуді бастар алдында бала туу жасындағы әйелдер жүктілік тестісінен өтуі тиіс. Ем кезінде контрацепцияның басқа әдістерімен бірге контрацепциялық бөгеу әдістері қолданылуы тиіс.

Эфавирензді, басқа емдеу әдістері жоқ жағдайларды қоспағанда, жүктілік кезінде тағайындауға болмайды.

АИВ жұқпасының берілуін болдырмау үшін қандай жағдайларда да АИВ жұқтырған әйелдерге нәрестелерін емізбеуге кеңес беріледі.

Педиатрияда пайдалану

Эфавирензді 12 жасқа дейінгі немесе дене салмағы 40 кг-ден аз балаларда таблетка түрінде қолдану ұсынылмайды.

Дәрілік препараттың көлікті немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері

Эфавиренз қолдану бас айналуын, зейін шоғырландырудың нашарлауын және/немесе ұйқышылдық туғызуы мүмкін. Емделушілерге осындай симптомдар пайда болғанда автокөлікті немесе механизмдерді басқару сияқты аса қауіпті жұмыстардан аулақ болу керек екенін хабарлау қажет.

Артық дозалануы

Симптомдары: артық дозалану кезінде жүйке жүйесі тарапынан жағымсыз симптомдардың (бас айналу, ұйқысыздық, ұйқышылдық, зейіннің бұзылуы, түс көру патологиясы, бас ауырулар) күшеюі байқалады.

Емдеу организмнің тіршілік қызметінің негізгі көрсеткіштерін бақылау және емделушінің клиникалық жағдайын қадағалау қамтылатын жалпы демеуші шаралардан құралуы тиіс. Сіңірілмеген препаратты шығару үшін белсендірілген көмір пайдалануға болады. Артық дозалануын емдеу үшін арнайы у қайтарғысы жоқ. Эфавиренз ақуыздармен белсенді байланысатындықтан, диализ арқылы препараттың қаннан барынша көбірек шығарылу ықтималдығы аз.

Шығарылу түрі және қаптамасы

30 таблеткадан ақ мөлдір емес ПВХ/ПВДХ үлбірінен немесе алюминий фольгадан жасалған немесе тесілген алюминий фольгадағы пішінді ұяшықты қаптамада.

1 немесе 3 пішінді ұяшықты қаптамадан медицинада қолданылуы жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапшаға салынады.

Сақтау шарттары

25 °С-ден аспайтын температурада сақтау керек.

Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!

Сақтау мерзімі

2 жыл

Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды.

Дәріханалардан босатылу шарттары

Рецепт арқылы

Өндіруші

«Pliva Croatia Ltd», Хорватия

Тіркеу куәлігінің иесі

«Teva Pharmaceutical Industries Ltd», Израиль

Қаптаушы ұйым

«Pliva Croatia Ltd», Хорватия

Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан өнім (тауар) сапасына қатысты шағымдар қабылдайтын ұйымның мекенжайы

«ратиофарм Казахстан» ЖШС

050000, Қазақстан Республикасы, Алматы қ., Әл-Фараби д-лы 19,

«Нұрлы тау» бизнес орталығы 1Б, 603,604 кеңсе

Телефон, факс (727) 311-09-15; 311-07-34

E-mail teva@teva.co.il

Прикрепленные файлы

571980091477976702_ru.doc 131.5 кб
849013271477977861_kz.doc 201.5 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту

Источники

Национальный центр экспертизы лекарственных средств, изделий медицинского назначения и медицинской техники