Энтекавир (1 мг)

МНН: Энтекавир
Производитель: Хетеро Лабс Лимитед
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Entecavir
Номер регистрации в РК: РК-ЛС-5№022744
Информация о регистрации в РК: 05.09.2022 - 05.09.2032

Инструкция

Саудалық атауы

Энтекавир

Халықаралық патенттелмеген атауы

Энтекавир

Дәрілік түрі

Үлбірлі қабықпен қапталған 0.5 мг және 1 мг таблеткалар

Құрамы

Бір таблетканың құрамында

белсенді затсәйкесінше, 0.500 мг немесе 1.000 мг энтекавирге баламалы энтекавир моногидраты

қосымша заттар: кальций карбонаты (тұндырылған) (Sturcal L), желатинделген крахмал (Starch 1500 LM), натрий кармеллозасы (Blanose CMC 7LF PH), соя полисахаридтері (Emcosoy STS IP), лимон қышқылының моногидраты (Emprove), натрий стеарилфумараты,

қабықтың құрамы: Опадрай II Ақ 13В58802 (0.5 мг дозасы үшін) (ГПМЦ 2910/ Гипромеллоза 6 сР, титанның қостотығы (Е 171), макрогол/ПЭГ, полисорбат 80), Опадрай II Қызғылт 03В84566 (1 мг дозасы үшін) (ГПМЦ 2910/ Гипромеллоза 6 сР, титанның қостотығы (Е 171), макрогол/ПЭГ, темірдің қызыл тотығы (Е172))

Сипаттамасы

Екі жақ беті дөңес үш бұрыш пішінді, ақтан ақ дерлік түске дейінгі үлбірлі қабықпен қапталған, бір жақ бетінде "J" өрнегі және басқа жақ бетінде "110" өрнегі бар таблеткалар (0.5 мг дозасы үшін).

Екі жақ беті дөңес үш бұрыш пішінді, қызғылт түсті үлбірлі қабықпен қапталған, бір жақ бетінде "J" өрнегі және басқа жақ бетінде "111" өрнегі бар таблеткалар (1 мг дозасы үшін).

Фармакотерапиялық тобы

Вирустарға қарсы жүйелік қолдануға арналған препараттар. Вирустарға қарсы тікелей әсер ететін препараттар. Нуклеозидтер – кері транскриптаза тежегіштері. Энтекавир.

АТX коды J05AF10

Фармакологиялық қасиеттері

Фармакокинетикасы

Сіңуі. Ішке қабылдағаннан кейін энтекавир тез сіңеді, қан плазмасында Cmax 0.5–1.5 сағаттан соң анықталады. Абсолютті биожетімділігі анықталған жоқ. Экскрециясының нәтижелері негізінде, биожетімділігі ең кем дегенде 70%-ды құрайды. Энтекавирді 0.1-ден 1 мг-ге дейінгі дозада көп реттік қабылдағанда Сmах және AUC мәнінің дозаның артуына пропорционалды түрде артқаны байқалады. Тепе-тең жағдайға ішке 6–10 күн күніне 1 рет қабылдағаннан кейін жетеді, мұндайда плазмадағы концентрациясы шамамен 2 есеге өседі. 0.5 мг қабылдағанда плазмада Сmах және Сmin тепе-тең жағдайда, сәйкесінше, 4.2 және 0.3 нг/мл; 1 мг қабылдағанда 8.2 және 0.5 нг/мл құрайды. Ішке энтекавирді 0.5 мг дозада құрамында майы көп, сонымен қатар майы аз тамақпен бірге қабылдағанда, сіңуінің аздап кідіруі (тамақпен бірге қабылдағанда – 1–1.5 сағат және ашқарынға қабылдағанда – 0.75 сағат), Сmах мәнінің 44–46%-ға төмендеуі және AUC мәнінің 18–20%-ға төмендеуі байқалды.

Таралуы. Энтекавирдің бағаланатын таралу көлемі организмдегі судың жалпы көлемінен артық болды, бұл препараттың тінге жақсы өтетінін айғақтайды. Энтекавирдің адам ақуыздарымен in vitro байланысы 13%-ға жуықты құрайды.

Метаболизмі және шығарылуы. Энтекавир CYP450 жүйесі ферменттерінің субстраты, тежегіші немесе индукторы болып табылмайды. Таңбаланған 14С-энтекавирді адамдарға және егеуқұйрықтарға енгізгеннен кейін тотыққан немесе ацетилденген метаболиттер анықталған жоқ, ал ІІ фазаның метаболиттері (глюкуронидтер және сульфаттар) аздаған мөлшерде анықталды.

Ең жоғары деңгейге жеткеннен кейін энтекавир концентрациясы плазмада биэкспоненциальді түрде төмендеді, мұндайда T1/2 128–149 сағатты құрады. Күніне 1 рет қабылдағанда препарат концентрациясының 2 есе артуы (жиналу) орын алды, яғни тиімді T1/2 шамамен 24 сағ. құрады.

Энтекавир негізінен бүйрек арқылы бөлініп шығады, әрі тепе-тең жағдайда несепте өзгермеген күйінде дозаның 62–73%-ы анықталады. Бүйректік клиренсі дозаға байланысты емес және минутына 360-дан 471 мл-ге дейінгі ауқымда ауытқиды, бұл препараттың гломерулярлық сүзілуін және өзекшелік секрециясын айғақтайды.

Арнайы популяциялар

Жынысы және нәсілі

Энтекавирдің фармакокинетикасы әйелдер мен еркектерде және нәсіл топтарының ішінде бірдей болады.

Егде жастағылар

Егде жастағы науқастарда энтекавирдің қисық астындағы ауданында (AUC), жастау адамдармен салыстырғанда, артуға (29.3% көбірек) беталыс бар. Осы жоғарылау, көбіне, бүйрек функциясының бұзылуларымен және дене салмағының төмедігімен байланысты болуы мүмкін, сондықтан дозаны түзету қажет.

Бүйрек функциясының жеткіліксіздігі

Энтекавирдің фармакокинетикалық қасиеттері 1 мг препаратты бір реттік қабылдаудан кейін бүйректік бұзылыстардың іріктелген дәрежелері бар (В гепатитінің созылмалы инфекцияларынсыз) пациенттерде, гемодиализдегі немесе созылмалы амбулаторлық перитональді диализде (МАПД) жүрген пациенттерді қоса, зерттелді. Зерттеулер креатинин клиренсі төмендеген кезде препарат клиренсінің төмендейтінін көрсетті. Гемодиализден 2 сағат бұрын 1 мг энтекавирді бір реттік қабылдаудан кейін, емшараның осы жолы арқылы 4 сағаттан соң энтекавирдің шамамен 13%-ы жойылды. САПД 7 күннен кейін дозаны 0,3%-ын жойды. Энтекавирді гемодиализден кейін қабылдаған жөн.

Бауыр функциясының бұзылуы

Энтекавирдің фармакокинетикалық қасиеттері бауыр функциясы бұзылған пациенттерде және дені сау адамдарда ұқсас; сондықтан осы пациенттер үшін дозаны түзету қажет деп есептелмейді.

Бауырды ауыстырып салғаннан кейін

Энтекавирдің тиімділігі мен қауіпсіздігі бауыр трансплантациясын бастан кешкен пациенттерде анықталған жоқ. Дегенмен, аздаған зерттеулер барысында тұрақты дозаларда циклоспорин А (n = 5) немесе такролим (n = 4) қабылдап жүрген, HBV-жұқтырған бауыр транспланттаттары бар реципиенттерге тағайындауға қатысты аздаған зерттеулер барысында энтекавирдің экспозициясы, бауыр функциясы қалыпты болатын дені сау пациенттерге қарағанда, шамамен 2 есе жоғары болды. Бауыр функциясының өзгеруі осы пациенттерде энтекавир экспозициясының жоғарылауына ықпал етті. Энтекавир мен А циклоспорині немесе такролим арасындағы фармакокинетикалық өзара әрекеттесу потенциалы ресми түрде бағаланған жоқ. Бауырдың функциясына ықпалын тигізуге қабілетті иммуносупрессанттар – циклоспорин, такролим қабылдаған немесе қабылдап жүрген, бауыр транспланттатының реципиенттеріне энтекавирді қабылдағанға дейін, сондай-ақ қабылдау кезінде бауырдың функциясы мұқият бақылауда болуы тиіс.

Фармакодинамикасы

Энтекавир HBV полимеразаға қатысты күшті және селективті белсенділігі бар нуклеозид гуанозиннің аналогы болып табылады. Энтекавир фосфорланып, жартылай ыдырау кезеңі 15 сағат болатын белсенді трифосфат (TФ) түзеді. Жасушаішілік ТФ концентрациясы энтекавирдің жасушадан тыс деңгейімен тура байланысты, әрі бастапқы «плато» деңгейінен кейін препараттың едәуір жиналып қалуы байқалмайды. Табиғи субстратпен бәсекелесу жолымен, деоксигуанозин-TФ, энтекавир-TФ вирустық полимеразаның барлық 3 функциональді белсенділігін: (1) В гепатиті вирусы полимеразасының праймингін, (2) прегеномды РНҚ-дан негативті тізбектің кері транскрипциясын және (3) В гепатиті вирусының ДНҚ-ның позитивті тізбегінің синтезін тежейді. В гепатиті вирусының Ki энтекавир-ТФ полимеразасы 0.0012 мкМ құрайды. Энтекавир-TФ Ki 18–40 мкM болатын жасушалық ДНҚ α, β және δ полимеразаларының әлсіз тежегіші болып табылады. Бұдан басқа, энтекавир-TФ және энтекавирдің жоғары концентрацияларында HepG2 жасушаларының митохондрияларында γ полимеразаға және ДНҚ синтезіне қатысты жағымсыз әсерлері білінген жоқ.

Қолданылуы

- Мына ересектердегі созылмалы В гепатитінде:

- бауырының компенсацияланған зақымы және вирустық репликациясы бар, сарысулық трансаминазалар (АЛТ немесе ACT) белсенділігінің деңгейі және бауырда қабыну үдерісінің және/немесе фиброздың гистологиялық белгілері жоғарылаған

- бауырдың декомпенсацияланған зақымданулары бар

Бауыр зақымдарының компенсацияланған және декомпенсацияланған зақымдары үшін тағайындау нуклеозидтерді қабылдамаған, ВГВ инфекцияларына оң HBeAg және теріс HBeAg бар пациенттерге, ламивудин-резистентті В гепатиті бар пациенттерді есепке ала отырып, жүргізілген клиникалық сынақтардың деректеріне негізделген.

Қолдану тәсілі және дозалары

Пациенттердің препаратты қабылдауына В гепатиті вирусын емдеу тәжірибесі бар дәрігерлердің нұсқауымен рұқсат етіледі.

Энтекавирді ішке, ашқарынға қабылдайды (яғни тамақтан кейін кем дегенде 2 сағаттан соң және келесі тамақ ішуден кешіктірмей 2 сағат бұрын).

Бауырдың компенсацияланған зақымдары бар пациенттерде энтекавирдің ұсынылатын дозасы күніне 1 рет 0.5 мг құрайды. Ламивудинге резистентті пациенттерге (яғни анамнезінде ламивудинмен емдеу аясында сақталған В гепатитінің вирусы бар пациенттерге немесе ламивудинге резистенттілігі айғақталған пациенттер) 1 мг энтекавирді күніне 1 рет тағайындау ұсынылады.

Емдеу ұзақтығы

Емдеудің оңтайлы ұзақтығы белгісіз. Емдеуді тоқтатуды былайша қарастыруға болады:

оң HBeAg бар ересек пациенттерде емдеу HBe сероконверсияға жеткеннен кейін (сарысудың бірізді үлгілерінде ең кемінде 3-6 ай бір-бірінен анти-Hbe анықталуымен HBeAg жоғалуы және ДНҚ ВГВ жоғалуы) ең кемінде 12 ай ішінде немесе HBs сероконверсия сәтіне дейін немесе, егер тиімділігі жоғалған болса, жүзеге асырылуы тиіс

теріс HBeAg бар ересек пациенттерде емдеу HBs сероконверсиясына дейін немесе тиімділігінің жоғалғаны анықталғанға дейін жүзеге асырылуы тиіс. Ұзақ 2 жылдан астам емдегенде таңдап алынған емді жалғастыру пациент үшін сәйкесетінін айғақтау үшін ұдайы қайта баға беріп отыру ұсынылады.

Бауырының декомпенсацияланған зақымдары бар пациенттерге 1 мг энтекавирді күніне бір рет тағайындау керек. Бауырдың декомпенсацияланған ауруы немесе бауыр циррозы бар пациенттер үшін емдеуді тоқтату ұсынылмайды.

Егде жастағы пациенттер. Науқастардың осы тобы үшін дозаны түзету қажет емес. Доза пациенттің бүйрек функциясының бұзылуларына сәйкес түзетілуі тиіс.

Бүйрек функциясының жеткіліксіздігі бар пациенттер. Энтекавир клиренсі креатинин Cl төмендеген кезде азаяды. Креатинин Cl <50 мл/мин, соның ішінде кестеген сай гемодиализде және ұзақ амбулаторлық перитонеальді диализде жүрген пациенттерде энтекавирдің дозасын түзету ұсынылады.

Кесте

Бүйрек функциясының жеткіліксіздігі бар пациенттерде энтекавирдің ұсынылатын дозалары

Креатинин Cl, мл/мин

Бұрын нуклеозидтік препараттар қабылдамаған пациенттер

Ламивудинге резистентті пациенттер және бауырдың декомпенсацияланған зақымы бар пациенттер

≥50

Күніне 1 рет 0.5 мг

Күніне 1 рет 1 мг

30–49

Әрбір 48 сағат сайын 0.5 мг

Күніне 1 рет 0.5 мг

10–29

Әрбір 72 сағат сайын 0.5 мг

Әрбір 48 сағат сайын 0.5 мг

<10 Гемодиализ* немесе ұзақ амбулаторлық перитонеальді диализ

Әрбір 5-7 күн сайын 0.5 мг

Әрбір 72 сағат сайын 0.5 мг

* Энтекавирді гемодиализ сеансынан кейін қабылдаған жөн.

Бауыр функциясының жеткіліксіздігі бар пациенттерде Энтекавирдің дозасын түзету қажет емес.

Жағымсыз әсерлері

Жиі (≥ 1/100-ден <1/10 дейін)

- ұйқысыздық

- бас ауыру, бас айналу, ұйқышылдық, қажығыштық

- құсу, диарея, жүректің айнуы, диспепсия, құрсақ қуысының ауыруы, дене салмағының кенеттен төмендеуі

- ентігу, тыныс алудың жиілеуі, бұлшықет әлсіздігі

- трансаминазалар белсенділігінің жоғарылауы

- қанда бикарбонат концентрациясының төмендеуі, АЛТ белсенділігінің және билирубин концентрациясының ҚЖШ салыстырғанда 2 еседен астамға жоғарылауы, альбумин концентрациясының 2.5 г/дл аз болуы, липаза белсенділігінің нормамен салыстырғанда 3 еседен астамға артуы, тромбоциттер концентрациясы 50000/мм3-ден төмен, амилаза, липаза концентрацияларының жоғарылауы

Жиі емес (≥ 1/1000-нан <1/100 дейін)

- бөртпе, алопеция

Сирек (≥ 1/10000-нан <1/1000 дейін)

- лактоацидоз

- анафилактоидтық реакция

- бүйрек функциясының жеткіліксіздігі

Қолдануға болмайтын жағдайлар

  • энтекавирге немесе препараттың қосымша заттарының кез келгеніне жоғары сезімталдық

  • жүктілік және лактация кезеңі

  • 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер

Дәрілермен өзара әрекеттесуі

Энтекавирдің метаболизмі in vitro және in vivo зерттелді. Энтекавир Р450 (CYP450) цитохромы жүйесінің субстраты, тежегіші немесе белсендіргіші болып табылмайды. Адамдарда байқалған концентрациядан шамамен 10 000 есе артық концентрацияларда, энтекавир CYP450 негізгі ферменттерінің: 1A2, 2C9, 2C19, 2D6, 3A4, 2B6 және 2E1 бірде-біреуін бәсеңдеткен жоқ. Адамдарда байқалған концентрациядан шамамен 340 есе артық концентрацияларда, энтекавир адамдарда CYP450 ферменттерінің: 1A2, 2C9, 2C19, 3A4, 3А5 және 2B6 белсенділігін бәсеңдеткен жоқ. Энтекавирдің фармакокинетикалық қасиеттері CYP450 жүйесімен метаболизденетін, оны тежейтін және белсендіретін, бір мезгілде қабылданған препараттардың ықпалына аздап ұшырауы мүмкін. Осылайша, CYP белгілі субстраттарының фармакокинетикасы энтекавирді бір мезгілде қабылдаған кезде оның әсеріне аздап ұшырауы мүмкін.

Энтекавир көбіне бүйрек арқылы шығарылатын болғандықтан, бүйрек функциясын төмендететін немесе өзекшелік секреция деңгейінде бәсекелесетін дәрілермен бір мезгілде енгізілгенде энтекавирдің немесе осы дәрілердің қан плазмасындағы концентрациялары артуы мүмкін. Энтекавирді ламивудинмен, адефовирмен немесе тенофовирмен бір мезгілде тағайындағанда елеулі дәрілік өзара әрекеттесулер байқалмады. Энтекавирдің бүйрек арқылы шығарылатын немесе бүйрек функциясына ықпалын тигізетін басқа препараттармен өзара әрекеттесулері зерттелген жоқ.

Айрықша нұсқаулар

Гепатиттің қайталануы

Созылмалы гепатитте өте кең таралған құбылыстар АЛТ-нің өткінші артуымен сипатталатын кенеттен болатын өршулер болып табылады. Вирустарға қарсы емдеуді бастағаннан кейін АЛТ деңгейі кейбір пациенттерде артуы мүмкін, ал қан сарысуында ДНҚ ВГВ деңгейі төмендейді. Өршулер, орта есеппен, 4-5-ші апталарда басталады. Бауырдың компенсацияланған ауруы бар пациенттерде қан сарысуындағы АЛТ жоғарылауы, әдеттегідей, қан сарысуында билирубин концентрациясының жоғарылауымен немесе бауыр декомпенсациясымен қатар жүрмейді. Бауырдың өршіген ауруы немесе циррозы бар пациенттерді емдеу кезінде мұқият клиникалық және зертханалық бақылау жүргізген жөн, өйткені бұл науқастар гепатит өршіген кезде бауыр декомпенсациясының жоғары қаупіне ұшырайды.

Энтекавир қабылдауды қоса, В гепатитін емдеуді тоқтатқан пациенттерде В гепатитінің күрделі жедел қайталану жағдайлары байқалды. Емдеуден кейінгі өршулер, әдеттегідей, ВГВ ДНҚ өсуімен байланысты болды, соның ішінде өлімге әкеп соққан жағдайлары байқалды. Орта есеппен, өршулер бұрын Энтекавир препаратымен емдеуді аяқтағаннан кейін 23-24-ші апталарда нуклеозидтік препараттарды қабылдамаған науқастарда басталады. Осылардың көбісі теріс HBeAg бар пациенттерде тіркелді. Бауыр функциясы гепатитті емдеуді тоқтатқаннан кейін ең кемінде 6 ай бойы клиникалық, сонымен қатар зертханалық бақылаулардағы тең уақыт аралықтары ішінде бақылануы тиіс.

Бауырдың декомпенсацияланған ауруы бар пациенттер

Бауырдың декомпенсацияланған зақымдары бар, атап айтқанда Чайлд-Туркотт-Пью шкаласы бойынша С класындағы пациенттерде, бауырдың компенсациянаған зақымдары бар пациенттердегі көрсеткіштерімен салыстырғанда, ауыр жағымсыз құбылыстардың көрсеткіштері (себебіне байланысты емес) өте жоғары болады. Бұл науқастар лактоацидоздың гепаторенальді синдром сияқты жағымсыз реакциялардың пайда болуының үлкен қаупіне ұшырайды, сондықтан тұрғындардың осы тобында клиникалық және зертханалық көрсеткіштерді мұқият бақылау қажет.

Лактоацидоз және стеатозбен бірге ауыр гепатомегалия

Нуклеозидтердің аналогтарымен монотерапия түрінде және вирусқа қарсы препараттармен біріктіріп емдеген кезде, кейде пациенттің өліміне әкелген, лактоацидоз және стеатозбен бірге айқын гепатомегалия жағдайлары сипатталған. Энтекавир нуклеозидтік аналог болып табылатындықтан, бұл қауіпті жоққа шығаруға болмайды. Нуклеозидтердің аналогтарымен емдеуді аминотрансфераза деңгейлерін тез жоғарылаған, үдемелі гепатомегалия немесе этиологиясы белгісіз метаболизмдік/лактоацидоз жағдайларында тоқтатқан жөн. Ас қорыту жүйесі тарапынан жүректің айнуы, құсу және іштің ауыруы сияқты реакциялар лактоацидоздың дамуы жөнінде айғақтауы мүмкін. Кейде өліммен аяқталатын ауыр жағдайлар панкреатитпен, бауыр функциясының жеткіліксіздігімен/бауыр стеатозымен, бүйрек функциясының жеткіліксіздігімен және сарысулық лактаттың өте жоғары деңгейімен байланысты болды. Нуклеозидтік аналогтарды гепатомегалиясы, гепатиті немесе бауыр ауруларында басқа да белгілі қауіп факторлары бар пациенттерге (әсіресе семіздікке шалдыққан әйелдерге тағайындағанда) тағайындағанда сақтық танытқан жөн. Осы пациенттерге мұқият медициналық бақылау жүргізу қажет.

Дәрігерлер АЛТ-дегі өзгерулердің, ықтимал лактоацидозобен емес, емдеуге жауап реакциясы болғандықтан, созылмалы В гепатитінің басқа зертханалық маркерлерінің жақсаруымен байланысты екендігіне көз жеткізуі тиіс.

Резистенттілік және ламивудинмен емдеуге келмейтін пациенттер үшін ерекше сақтық шаралары

Ламивудин-резистентті орын алмасуларын кодтайтын ВГВ-полимеразадағы мутациялар екінші қайтара болатын орын алмасулардың, соның ішінде энтекавирге (ETVr) резистенттілігімен байланысты орын алмасулардың кейіннен пайда болуына әкелуі мүмкін. Ламивудинмен емдеуге келмейтін пациенттердің аздаған пайызында rtT184, rtS202 немесе rtM250 қалдықтарындағы ETVr алмасу бастапқы жағдайда бар болды. Ламивудин резистентті ВГВ бар пациенттерде, ламивудинге резистентті емес пациенттерге қарағанда, Энтекавирге кейіннен резистенттіліктің дамуы қаупі жоғары болады. 1, 2, 3, 4 және 5 жыл емдеуден кейін энтекавирге дамитын генотиптік резистенттіліктің жиынтық ықтималдылығы ламивудин-резистентті зерттеулерде, сәйкесінше, 6%, 15%, 36%, 47% және 51%, құрады. Тұрғындардың ламивудин-резистентті тобында вирусологиялық жауапты жиі бақылаған және резистенттілігіне қажетті тестілеу жүргізген жөн. Энтекавирмен 24 апта емдегеннен кейін вирусологиялық жауабы тиімді емес пациенттерде емдеу сызбасын қайта қарастыру қажет. ВГВ кезінде ламивудиннің құжатталған тарихы бар науқастарда емдеуді бастай отырып, энтекавирді вирусқа қарсы екінші препаратпен (ол ламивудинмен де, энтекавирмен де айқаспалы резистенттілікті бөлмейтін) біріктіріп пайдаланудың орнына құрамында тек энтекавир бар препаратпен емдеуді қарастырған жөн. ВГВ-ден бұрыннан бар болған ламивудин-резистенттілік, бауыр ауруының дәрежесіне қарамай-ақ, энтекавирге резистенттіліктің пайда болу қаупінің жоғарылауымен сипатталады. Бауырдың декомпенсацияланған ауруы бар пациенттерде вирусемияның қайталануы олқылық бауыр ауруының күрделі клиникалық асқынуларымен байланысты болуы мүмкін. Осылайша, бауырдың декомпенсацияланған ауруы және ВГВ-де ламивудин резистенттілігі бар пациенттерде, энтекавирді вирусқа қарсы екінші препаратпен (ламивудинмен де, энтекавирмен де айқаспалы резистенттілікке бөлмейтін) біріктіріп қолдануға емес, құрамында тек энтекавир ғана бар препаратпен емдеуге артықшылық берген жөн.

С немесе Д гепатитінің коинфекция

С немесе Д гепатиті вирусымен коинфекцияланған пациенттерде энтекавирдің тиімділігі жөнінде деректер жоқ.

Бір мезгілде АИТВ жұқтырылуы

Энтекавирдің АИТВ және В гепатиті вирусын бір мезгілде жұқтырған және бір мезгілде АИТВ-ге қатысты тиімді емделуден өтпеген пациенттерге әсері зерттелген жоқ.

Шектеулі клиникалық тәжірибе бұрын АИТВ-инфекциясына қатысты ем қабылдамаған, АИТВ-инфекциясы бар пациенттерде В гепатиті вирусы инфекциясы бар болған кезде пайдаланылған жағдайда, адам иммун тапшылығы вирусының (АИТВ) кері транскриптазасының нуклеотидтік тежегіштеріне резистенттілік дамуы мүмкін деп болжам жасайды. Энтекавирмен емдеу белсенділігі жоғары ретровирустық ем қабылдамаған, АИТВ/ВГВ коинфекцияланған пациенттерге пайдаланылмауы тиіс. Теріс HBeAg бар АИВТ коинфекцияланған пациенттерде энтекавирдің тиімділігі жөнінде деректер жоқ. АИТВ коинфекцияланған, CD4 жасушалар саны төмен (< 200 жасуша/мм3) пациенттер жөнінде барынша шектеулі деректер бар.

Энтекавир АИТВ-инфекцияны емдеуге арналған препарат ретінде зерттелген жоқ.

Бүйрек функциясының жеткіліксіздігі бар пациенттер

Креатинин клиренсі < 50 мл/мин құрайтын, гемодиализде немесе САПД жүрген пациенттерге препаратты жекелей жағымдылығына және тиімділігіне негіздей отырып, сақтықпен қолдану ұсынылады.

Бауырды ауыстырып-салуын бастан кешкен пациенттер

Бауыр трансплантациясын бастан кешкен пациенттерде энтекавирдің қауіпсіздігі және тиімділігі белгісіз. Бүйрек функциясының ықпал етуі мүмкін циклоспорин және такролимус сияқты иммунодепрессанттарды қабылдап жүрген, бауыр трансплантациясын бастан кешкен пациенттерде энтекавирмен емделер алдында және емделу кезінде бүйрек функциясын мұқият бақылаған жөн.

Пациенттер үшін ақпарат

Пациенттер Энтекавирді қабылдау кезінде дәрігердің бақылауында болуы тиіс; жаңадан пайда болған кез келген симптомдарды немесе бір мезгілде қабылдауға арналған препараттарды емдеуші дәрігермен бірге талқылау қажет. Пациенттер кейбір жағдайларда препаратты қабылдауды тоқтатудың бауыр функциясының бұзылуын туындататындығынан хабардар болуы тиіс. Препаратты қабылдау сызбасын дәрігердің нұсқауымен өзгертіп отырған жөн.

Энтекавирмен емдеуді бастағанға дейін, пациенттерге АИТВ-антиденеге тестіден өту ұсынылуы тиіс. Пациенттерге, егер олар АИТВ жұқтырған болса және АИТВ-ге жүргізілетін тиімді ем қабылдамаған болса, энтекавир АИТВ-инфекциясын емдеу үшін қабылданатын препараттарға АИТВ-нің резистенттілігін арттыруы мүмкін.

Сондай-ақ пациенттерді энтекавирмен емделген кезде жыныстық қатынас кезінде АИТВ-нің басқа адамдарға жұғу немесе қанмен жұғу қаупі бар екендігінен хабардар ету қажет. Сондықтан қорғанудың адекватты шараларын қолдану қажет.

Лактоза

Тұқым қуалайтын фруктоза жақпаушылығы, Lapp-лактаза ферментінің тапшылығы, глюкоза-галактоза мальабсорбциясы бар адамдарға қолдануға болмайды.

Жүктілік және лактация кезеңі

Жүкті әйелдерге энтекавирді қолдану жөнінде деректер жоқ. Жануарларға жүргізілген зерттеулер үлкен дозаларда тұқым өрбітуге уыттылықты көрсетті. Адам үшін потенциалды қаупі белгісіз. Жүктілік кезінде энтекавирді пайдаланбаған жөн. Энтекавирдің В гепатиті вирусының жаңа туған нәрестеге анасынан жұғуына ықпалы жөнінде деректер жоқ. Сондықтан В гепатиті вирусының неонатальді берілуінің алдын алу үшін тиісті шаралар қабылдануы тиіс.

Энтекавирмен емдеу курсы кезінде емшек емізуді тоқтатқан жөн. Дамып жатқан ұрық үшін потенциалды қаупінің белгісіз екендігін ескеріп, бала туа алатын жастағы әйелдер тиімді контрацепциялық дәрілерді пайдалануы тиіс.

Фертильділігі

Энтекавир енгізілген жануарларда уыттығына жүргізілген зерттеулер фертильділігінің бұзылуларын көрсеткен жоқ.

Егде жастағы пациенттерге қолданылуы

Энтекавирді клиникалық зерттеулер барысында 65 жастағы және одан асқан пациенттер саны, осы пациенттердегі препараттың әсерінің жастау пациенттердегі әсерінен айырмашылығын анықтау үшін, жеткілікті болған жоқ. Энтекавир организмнен көбіне бүйрек арқылы шығарылады, және препараттың уытты реакцияларының қаупі бүйрек функциясы бұзылған пациенттерде жоғары болуы мүмкін. Егде жастағы адамдарда бүйрек функциясы жеткіліксіздігінің жоғары болуы себебінен, дозаны таңдағанда сақтық таныту және бүйрек функциясын бақылап отыру қажет.

Көлік құралын немесе потенциалды қауіпті механизмдерді басқару қабілетіне дәрілік заттың ықпал ету ерекшеліктері

Пациенттерге энтекавир препаратымен емделу кезінде қажу, бас айналу, естен тану, ортостатикалық/постуральді гипотензиялар, көру бұзылыстары және көлік құралдарын басқару қабілетіне ықпалын тигізуі мүмкін басқа да жағымсыз құбылыстар пайда болуы мүмкін екендігін алдын ала ескерту қажет. Осы симптомдар пайда болған кезде пациенттерге автомобильді басқаруды және жоғары зейінділікті және психоморлы реакциялардың шапшаңдығын қажет ететін потенциалды қауіпті қызмет түрлерімен шұғылдануды тоқтата тұру ұсынылады.

Артық дозалануы

Симптомдары: жағымсыз әсерлердің күшеюі.

Емі: артық дозаланған кезде науқастың өмірлік маңызды функцияларының көрсеткіштерін бақылаған және қажет болғанда стандартты демеуші ем жүргізген жөн.

Шығарылу түрі және қаптамасы

Үлбірлі қабықпен қапталған 0.5 мг және 1 мг таблеткалар.

Тығыздығы жоғары полиэтилен контейнерге 30 немесе 90 таблеткадан салынған.

1 контейнер медициналық қолдану жөнінде мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапшаға салынған.

Сақтау шарттары

Құрғақ, жарықтан қорғалған жерде, 25С-ден аспайтын температурада сақтау керек.

Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!

Сақтау мерзімі

1.5 жыл.

Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін пайдалануға болмайды.

Дәріханалардан босатылу шарттары

Рецепт арқылы

Өндіруші

HETERO LABS LIMITED

Unit V, Polepally, Jadcherla, Mahaboob Nagar- 509 301, Үндістан.

Тіркеу куәлігінің иесі

HETERO LABS LIMITED, Үндістан

Тұтынушылардан өнім (тауар) сапасы жөніндегі шағымдарды Қазақстан Республикасы аумағында қабылдайтын ұйымның мекенжайы:

050043, Алматы қ., Мирас ы/а, 157/727

Тел. (727) 311-80-22

Қазақстан Республикасы аумағында тіркеуден кейін дәрілік заттың қауіпсіздігін бақылауға жауапты ұйымның атауы, мекенжайы және байланыс жасау деректері:

ЖК Канумуру И.Г., 050043, Алматы қ., Мирас ы/а, 157-727,Тел. 311-80-22,

e-mail: irina.volovnikova@gmail.com.

Прикрепленные файлы

Энтекавир_инструкция_рус.doc 0.13 кб
Энтекавир_инструкция_каз.doc 0.16 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту

Источники

Национальный центр экспертизы лекарственных средств, изделий медицинского назначения и медицинской техники