Цифран ОД (1000 мг)
Инструкция
- русский
- қазақша
Саудалық атауы
Цифран ОД
Халықаралық патенттелмеген атауы
Ципрофлоксацин
Дәрілік түрі
Босап шығуы ұзартылған, үлбірлі қабықпен қапталған 500 мг және 1000 мг таблеткалар
Құрамы
Бір таблетканың құрамында
белсенді зат – 500 мг және 1000 мг ципрофлоксацин
қосымша заттар:
интрагранулят: натрий алгинаты, гипромеллоза, натрий бикарбонаты, кросповидон, магний стеараты;
экстрагранулят: магний стеараты, тазартылған тальк, кремнийдің сусыз коллоидты қостотығы;
қабығы: опадрай 31В58910 ақ (гипромеллоза, лактоза моногидраты, титанның қостотығы (Е171), макрогол 400), гипромеллоза, тазартылған тальк;
Opacode S-1-17823 (Black) сиясы: жылтыр шеллак, изопропил спирті, темірдің тотығы/темірдің қара тотығы (Е172), бутил спирті, пропиленгликоль, 28% аммиак ерітіндісі.
Сипаттамасы
Сопақша пішінді, ақтан ақ дерлік түске дейінгі үлбірлі қабықпен қапталған, бір жақ бетінде сиямен жазылған «Cifran OD 500 MG» жазуы бар таблеткалар. Ұзындығы 17.1 0.1 мм, ені 8.1 0.1 мм, қалыңдығы 5.6 0.3 (500 мг дозасы үшін).
Сопақша пішінді, ақтан ақ дерлік түске дейінгі үлбірлі қабықпен қапталған, бір жақ бетінде сиямен жазылған «Cifran OD 1000 MG» жазуы бар таблеткалар. Ұзындығы 21.2 ± 0.1 мм, ені 10.6 ± 0.1 мм, қалыңдығы 7.6 ± 0.3 мм (1000 мг дозасы үшін).
Фармакотерапиялық тобы
Бактерияларға қарсы жүйелі қолдануға арналған препараттар. Микробтарға қарсы препараттар –хинолон туындылары. Фторхинолондар. Ципрофлоксацин.
АТХ коды J01MA02
Фармакологиялық қасиеттері
Фармакокинетикасы
Әсері етуі ұзаққа созылатын ципрофлоксацин таблеткалары тез босап шығатын таблеткалармен салыстырғанда препараттың төменірек жылдамдықпен босап шығуы үшін жасалған.
24 сағаттық дозалау кезеңі ішіндегі AUC-пен салыстырып есептегенде, әсер етуі ұзаққа созылатын ципрофлоксацин таблеткаларының тәулігіне бір рет 1000 мг фармакокинетикалық бейіні тез босап шығатын ципрофлоксацин таблеткаларының тәулігіне екі рет 500 мг бейінімен салыстырмалы.
Сіңуі
Ішу арқылы қолданғаннан кейін ципрофлоксацин негізінен жіңішке ішекте тез сіңеді. Қан сарысуында ципрофлоксацин ең жоғары концентрацияға 1-2 сағаттан соң жетеді. Биожетімділігі 70-80%-ға жуық. Қан плазмасында ең жоғары концентрация (Сmах) мен «концентрация - уақыт» қисығы астындағы аудан (AUC) мәндері дозаға пропорционалды түрде артады.
Таралуы
Ципрофлоксациннің қан плазмасы ақуыздарымен байланысы 20-30% құрайды; қан плазмасында белсенді зат көбінесе иондалмаған түрде болады. Ципрофлоксацин организмнің тіндеріне және сұйықтықтарына еркін таралады. Организмде таралу көлемі 2-3 л/кг құрайды. Тіндердегі ципрофлоксацин концентрациялары қан сарысуындағы концентрациядан едәуір артық болады.
Метаболизмі
Бауырда биотрансформацияланады. Қанда ципрофлоксациннің төрт метаболиті: диэтилципрофлоксацин (Ml), сульфоципрофлоксацин (М2), оксоципрофлоксацин (МЗ), формилципрофлоксацин (М4) аздаған концентрацияларда табылады, олардың үшеуі (М1-МЗ), налидикс қышқылының бактерияларға қарсы белсенділігімен салыстырғанда, бактерияларға қарсы in vitro белсенділік танытады. Аз мөлшерде болатын М4 метаболитінің бактерияларға қарсы in vitro белсенділігі норфлоксациннің белсенділігіне сәйкес келеді.
Шығарылуы
Ципрофлоксацин организмнен бүйрек арқылы көбіне шумақтық сүзілу және өзекшелік сөлініс жолымен шығарылады; аздаған мөлшері – асқазан-ішек жолымен. Несеппен бірге шығарылуы препаратты қабылдағаннан кейін 24 ішінде жүреді. Қабылданған дозаның 1-ден 2%-ға дейіні өтпен бірге метаболиттер түрінде шығарылады, препараттың 20-35%-ға жуығы қабылдағаннан кейін 5 күн ішінде нәжіспен бірге шығарылады. Бүйрек функциясы қалыпты пациенттерде сарысудан жартылай шығарылу кезеңі шамамен 7 сағатты құрайды.
Егде жастағылар
Дереу босап шығатын, ішілетін таблеткаларына (бір реттік доза) және ципрофлоксациннің вена ішіне енгізуге арналған түрлеріне (бір реттік және көп реттік дозалары) жүргізілген фармакокинетикалық талдаулар плазмадағы ципрофлоксацин концентрациялары, жас адамдарға қарағанда, егде жастағы (65 жастан асқан) адамдарда жоғары болатынын көрсетеді. Cmax 16%-дан 40%-ға дейін жоғарылайды, ал орташа AUC шамамен 30%-ға жоғарылайды, бұл ең кемінде, егде жастағы адамдарда бүйрек клиренсінің төмендеуінен ішінара туындауы мүмкін. Егде жастағы адамдарда жартылай шығарылу кезеңі сәл ғана ұзағырақ (~20%). Бұл айырмашылықтар клиникалық тұрғыдан маңызды емес.
Бүйрек жеткіліксіздігі
Бүйрек функциясы төмендеген науқастарда ципрофлоксациннің жартылай шығарылу кезеңі ұзаруы мүмкін. 500 мг ципрофлоксациннің әсері ұзаққа созылатын түрін қабылдап жүрген, несеп шығару жолдарының асқынбаған инфекциялары бар науқастарда дозаны түзету қажет емес. 1000 мг доза қолданылатын несеп шығару жолдарының асқынған инфекциялары және асқынбаған жедел пиелонефрит үшін, ципрофлоксациннің әсері ұзаққа созылатын дәрілік түрінің дозасын тәулігіне 1 рет 500 мг-ге дейін азайтқан жөн (креатинин клиренсі минутына 30 мл-ден төмен).
Бауыр жеткіліксіздігі
Бауырдың тұрақты циррозы бар науқастарды зерттегенде ципрофлоксациннің фармакокинетикасында елеулі өзгерулер байқалған жоқ. Бұл кезде бауыр функциясының жедел жеткіліксіздігі бар науқастарда ципрофлоксациннің кинетикасы жеткілікті анықталған жоқ.
Фармакодинамикасы
Ципрофлоксацин фторхинолондар тобына жататын, бактерияларға қарсы әсер ету ауқымы кең синтетикалық препарат болып табылады.
Әсер ету механизмі
Ципрофлоксацин грамтеріс және грамоң микроорганизмдердің кең ауқымына қатысты in vitro белсенділікке ие. Ципрофлоксациннің бактерицидтік әсері бактериялық ДНҚ репликациясы, транскрипциясы, репарациясы және рекомбинациясы үшін қажетті бактериялық топоизомеразалардың II типін (топоизомераза II (ДНҚ-гираза) және топоизомераза IV) тежеу арқылы жүзеге асырылады.
Төзімділік механизмі
Ципрофлоксацинге in vitro төзімділік көбінесе бактериялық топоизомеразалардың және ДНҚ-гиразаның нүктелік мутацияларымен жүзеге асады және көп сатылы мутациялар арқылы баяу дамиды.
Бірлі-жарым мутациялар клиникалық тұрақтылығының дамуынан гөрі сезімталдықтың төмендеуіне тезірек әкелуі мүмкін, алайда көптеген мутациялар негізінен ципрофлоксацинге клиникалық төзімділіктің дамуына және хинолинді қатардың препараттарына айқаспалы төзімділікке әкеледі. Басқа көптеген антибиотиктерге төзімділік сияқты, ципрофлоксацинге төзімділік бактериялардың жасушалық қабырғасы өткізгіштігінің төмендеуі (бұл Pseudomonas aeruginosa жағдайында жиі болады) және/немесе микроб жасушасынан шығарылуының белсенділенуі (эффлюкс) нәтижесінде қалыптасуы мүмкін. Плазмидтерде орныққан генмен кодталатын Qnr себебінен төзімділіктің дамығаны жөнінде мәлімдемелер бар. Пенициллиндердің, цефалоспориндердің, амино-гликозидтердің, макролидтердің және тетрациклиндердің белсенділігінің жойылуына әкелетін төзімділік механизмдері ципрофлоксациннің бактерияларға қарсы белсенділігін бұзбауы мүмкін. Осы препараттарға төзімді микроорганизмдер ципрофлоксацинге сезімтал болуы мүмкін. Ең төмен бактерицидтік концентрация (ЕТБК) әдетте ең төмен тежегіш концентрациядан (ЕТТК) 2 еседен артыққа аспайды.
Айқаспалы төзімділік. Ципрофлоксацин мен микробтарға қарсы басқа класқа жататын препараттар арасында айқаспалы резистенттілік байқалған жоқ.
Ципрофлоксацин келесі бактериялардың көптеген штаммдарына қатысты in vitro жағдайларда да, сонымен қатар инфекцияларды клиникалық емдеу тәжірибесінде де белсенділік танытады.
Аэробты грамоң микроорганизмдер: Bacillus anthracis, Staphylococcus aureus (метициллин-сезімтал), Staphylococcus saprophyticus, Streptococcus spp. Аэробты грамтеріс микроорганизмдер: Aeromonas spp., Moraxella catarrhalis, Brucella spp., Neisseria meningitidis, Citrobacter koseri, Pasteurella spp., Francisella tularensi, Salmonella spp., Haemophilus ducreyi, Shigella spp., Haemophilius influenzae, Vibrio spp., Legionella spp., Yersinia pestis. Анаэробты микроорганизмдер: Mobiluncus spp.
Басқа да микроорганизмдер: Chlamydia trachomatis, Chlamydia pneumoniae, Mycoplasma hominis, Mycoplasma pneumoniae.
Келесі микроорганизмдердің ципрофлоксацинге сезімталдығының ауытқымалы дәрежеде болатыны көрсетілді: Acinetobacter baumann, Burkholderia cepacia, Campylobacter spp., Citrobacter freundii, Enterococcus faecalis, Enterobacter aerogenes, Enterobacter cloacae, Escherichia coli, Klebsiella pneumoniae, Klebsiella oxytoca, Morganella morganii, Neisseria gonorrhoeae, Proteus mirabilis, Proteus vulgaris, Providencia spp., Pseudomonas aeruginosa, Pseudomonas fluorescens, Serratia marcescens, Streptococcus pneumoniae, Peptostreptococcus spp., Propionibacterium acnes. Ципрофлоксацинге мыналар: Staphylococcus aureus (метициллин-резистентті), Stenotrophomonas maltophilia, Actinomyces spp., Enteroccus faecium, Listeria monocytogenes, Mycoplasma genitalium, Ureaplasma urealitycum, анаэробты микроорганизмдер (Mobiluncus spp., Peptostreptococus spp., Propionibacterium acnes қоспағанда) табиғи резистентті деп саналады
Қолданылуы
Ципрофлоксацинге сезімтал микроорганизмдерден туындаған асқынбаған және асқынған инфекциялар.
Ересектер
- тыныс жолдарының инфекциялары. Ципрофлоксацинді Klebsiella spp., Enterobacter spp., Proteus spp., Esherichia coli, Pseudomonas aeruginosa, Haemophilus spp., Moraxella catarrhalis, Legionella spp. және стафилококктерден туындаған пневмонияларда тағайындау ұсынылады.
- ортаңғы құлақ инфекциялары (ортаңғы отит), қосалқы қуыстар инфекциялары (синусит), егер осы инфекциялар, Pseudomonas aeruginosa-ны қоса, әсіресе грамтеріс микроорганизмдерден немесе стафилококктерден туындаса,
- көз инфекциялары
- бүйрек және/немесе несеп шығару жолдарының инфекциялары
- аднекситті, гонореяны, простатитті қоса, жыныс мүшелерінің инфекциялары
- құрсақ қуысының инфекциялары (асқазан-ішек жолының, өт шығару жолдарының бактериялық инфекциялары, перитонит)
- тері мен жұмсақ тіндердің инфекциялары
- сепсис
- иммунитеті төмендеген пациенттердегі инфекцияларда немесе инфекциялардың профилактикасында (иммунодепрессанттарды қабылдап жүрген пациенттер немесе нейтропениясы бар пациенттер)
- иммунитеті төмендеген пациенттерде ішектегі селективті деконтаминациясында
- сібір ойық жарасының өкпелік түрінің (Bacillus anthracis жұқтырған) профилактикасы және емі
- Neisseria meningitidis әсерінен туындаған инвазивтік инфекциялардың профилактикасы.
Бактерияларға қарсы дәрілерді қолдану ережелері жөніндегі ағымдағы ресми нұсқауларға назар аудару қажет.
Балалар
- муковисцидозы бар 5-тен 17 жасқа дейінгі балаларда Pseudomonas aeruginosa әсерінен туындаған асқынуларды емдеу
- сібір ойық жарасының өкпелік түрінің (Bacillus anthracis жұқтырған) профилактикасы және емі.
Қолдану тәсілі және дозалары
Таблетканы шайнамай, сумен ішіп жұту қажет. Оларды тамақ ішу уақытына қарамай-ақ қабылдауға болады. Ашқарынға қабылдағанда белсенді зат тезірек сіңеді.
Цифран ОД таблеткалары күніне бір рет қабылданады.
Дозалау және емдеу курсы инфекциялардың көрсетілімдеріне, ауырлық дәрежесіне және инфекциялардың орнығуына, патогенді микроорганизм(дер)нің ципрофлоксацинге сезімталдығына, науқастардың бүйрек функциясына және клиникалық және бактериологиялық тиімділігіне байланысты.
Кейбір бактериялық инфекцияларды (мыс. Pseudomonas aeruginosa, Acinetobacter or Staphylococci) емдеу үшін ципрофлоксациннің неғұрлым жоғары дозалары және бактерияларға қарсы басқа да тиісті дәрілермен бірге енгізу қажет болуы мүмкін.
Кейбір инфекцияларды (мыс. кіші жамбас ағзаларының қабынбалы аурулары, интраабдоминальді инфекциялар, нейтропениялық науқастардағы инфекциялар және буындардың инфекциялары) емдеу үшін, қатысқан патогендерге байланысты, бактерияларға қарсы басқа да тиісті дәрілермен бірге енгізу қажет болуы мүмкін.
Қолданылуы |
Тәуліктік дозасы, мг |
Емдеу ұзақтығы (әлеуеті түрде ципрофлоксацинмен бастапқы парентеральді емдеуді қамтитын) |
|
Төменгі тыныс жолдарының инфекциялары |
1000 мг-1500 мг |
7 - 14 күн |
|
Жоғарғы тыныс жолдарының инфекциялары |
Созылмалы синуситтің асқынуы |
1000 мг – 1500мг |
7 - 14 күн |
Созылмалы іріңді ортаңғы отит |
1000 мг - 1500 мг |
7 - 14 күн |
|
Қатерлі сыртқы отит |
1500 мг |
28 күннен 3 айға дейін |
|
Несеп шығару жолдарының инфекциялары
|
Асқынбаған цистит |
500 мг - 1000 мг |
3 күн |
Климакс алды жасындағы әйелдерде 500 мг (бір реттік доза) |
|||
Асқынған цистит, асқынбаған пиелонефрит |
1000 мг |
7 күн |
|
Асқынған пиелонефрит |
1000 мг -1500 мг |
ең кемінде 10 күн, кейбір ауыр инфекцияларда (мысалы, абсцесс) 21 күннен астамға созылуы мүмкін |
|
Простатит |
1000 мг –1500мг |
2 - 4 апта (жедел) 4 - 6 апта (созылмалы) |
|
Жыныс жолдарының инфекциялары |
Гонококктік уретрит және цервицит |
500 мг (бір реттік доза) |
1 күн (бір реттік доза) |
Орхоэпидидимит және кіші жамбас ағзаларының қабыну аурулары |
1000 мг -1500 мг |
ең кемінде 14 күн |
|
АІЖ инфекциялары және интраабдоминальді инфекциялар |
Бактериялық патогендер, соның ішінде, Shigella dysenteriae 1 типінен басқа, Shigella spp. әсерінен туындаған диарея және саяхатшылардың ауыр дәрежедегі диареясын эмпириялық емдеу |
1000 мг |
1 күн |
1 типті Shigella dysenteriae әсерінен туындаған диарея |
1000 мг |
5 күн |
|
Vibrio cholerae әсерінен туындаған диарея |
1000 мг |
3 күн |
|
Іш сүзегі |
1000 мг |
7 күн |
|
Грамтеріс бактериялар түрткі болған интраабдоминальді инфекциялар |
1000 мг -1500 мг |
5 - 14 күн |
|
Тері мен жұмсақ тіндердің инфекциялары |
1000 мг -1500 мг |
7 - 14 күн |
|
Сүйектер мен буындардың инфекциялары |
1000 мг -1500 мг |
Ең көп дегенде 3 ай |
|
Нейтропениялық науқастардағы инфекцияларды емдеу немесе профилактика жасау Ципрофлоксацинді бактерияларға қарсы талапқа сай дәрі(лер)мен бір мезгілде жетекші ресми нұсқауларға сәйкес енгізген жөн. |
1000 мг -1500 мг |
Емдеуді нейтропенияның бүкіл кезеңі бойы жалғастырған жөн |
|
Neisseria meningitidis салдарынан болған инфазивтік инфекциялардың профилактикасы |
500 мг (бір реттік доза) |
1 күн (бір реттік доза) |
|
Клиникалық тұрғыдан мақсатқа сай болғанда, емді ішілетін жолмен қабылдай алатын адамдар үшін сібір ойық жарасының ингаляциялық түрін радикальді түрде емдеу және жанасудан кейінгі профилактика. Әсеріне күмәнданғаннан немесе айғақталғаннан кейін препаратты енгізуді бірден бастаған жөн. |
1000 мг |
Bacillus anthracis әсеріне ұшырағаны айғақталған сәттен бастап 60 күн |
Гериатриялық науқастар
Гериатриялық науқастарға дозаны инфекцияның ауырлық дәрежесіне және креатинин клиренсіне байланысты енгізу қажет.
Бүйрек жеткіліксіздігі
Ципрофлоксацин негізінен несеппен шығарылады; алайда препарат сонымен қатар метаболизденеді әрі бауырдың билиарлық жүйесі және ішек арқылы ішінара шығарылады. Әсері ұзаққа созылатын ципрофлоксациннің 500 мг таблеткаларын қабылдап жүрген, несеп шығару жолдарының асқынбаған инфекциялары бар науқастарда дозаны түзету қажет емес. Несеп шығару жолдарының асқынған инфекциялары және асқынбаған жедел пиелонефриті бар, креатинин клиренсі < 30 мл/мин болатын науқастарда әсері ұзаққа созылатын ципрофлоксацин таблеткасының дозасын тәулігіне 1000 мг-ден 500 мг-ге дейін қысқартқан жөн. Гемодиализде немесе перитонеальді диализде жүрген пациенттерге диализ емшарасын аяқтағаннан кейін әсері ұзаққа созылатын ципрофлоксацин таблеткаларын береді.
Бауыр жеткіліксіздігі
Тұрақты созылмалы циррозы бар науқастарда әсері ұзаққа созылатын ципрофлоксацин таблеткаларының дозасын түзету қажет емес. Алайда бауырдың жедел жеткіліксіздігі бар науқастарда ципрофлоксациннің кинетикасы толық зерттелген жоқ.
Жағымсыз әсерлері
Төменде аталған жағымсыз реакциялар былайша жіктелген: «өте жиі» (>10), «жиі» (>1/100, <1/10), «жиі емес» (>1/1000, <1/100), «сирек» (>1/10 000, <1/1000), «өте сирек» (<10 000), «жиілігі белгісіз».
Жиі
- жүректің айнуы, диарея, инъекция жасалған жерде реакциялар
Жиі емес
- микоздық суперинфекциялар
- эозинофилия
- тәбеттің және ішілетін тамақ мөлшерінің төмендеуі
- психомоторлы аса жоғары белсенділік/ажитация
- бас ауыру, бас айналу, ұйқының бұзылуы, дәм сезудің бұзылуы
- құсу, іштің ауыруы, диспепсия, метеоризм
- «бауыр» трансаминазаларының белсенділігінің жоғарылауы, билирубин концентрациясының жоғарылауы
- бөртпе, қышыну, есекжем
- артралгия
- бүйрек функциясының бұзылуы
- этиологиясы спецификалық емес ауыру синдромы, жалпы дімкәстік, қызба
- қанда сілтілік фосфатаза белсенділігінің жоғарылауы
Сирек
- жалған жарғақшалы колит (өте сирек жағдайларда өліммен аяқталуы мүмкін)
- лейкопения, анемия, нейтропения, лейкоцитоз, тромбоцитопения
- аллергиялық реакциялар, аллергиялық ісіну/ангионевроздық ісіну
- гипергликемия, гипогликемия
- сананың шатасуы және бағдардан адасу, үрейлену, түс көрудің бұзылуы (түнгі қорқыныштар), депрессия (суицидтік қылықтар/ойлар, сондай-ақ суицидтік әрекеттер немесе іске асқан суицид сияқты өзін-өзі зақымдауды мақсат ету мінез-құлқының күшеюі), елестеулер
- парестезиялар және дизестезиялар, гипестезиялар, тремор, құрысулар (эпилепсия ұстамаларын қоса), вертиго
- көру бұзылыстары, құлақтың шыңылдауы, естуден айырылу
- тахикардия, вазодилатация, артериялық қысымның төмендеуі, бетке қан «тебу» сезімі
- тыныстың бұзылуы (бронхтың түйілуін қоса)
- бауыр функциясының бұзылуы, сарғаю, гепатит (инфекциялық емес)
- фотосенсибилизация, этиологиясы нақтыланбаған күлдіреуіктің түзілуі
- миалгия, артрит, бұлшық ет тонусының жоғарылауы, бұлшық ет құрысулары
- бүйрек жеткіліксіздігі, гематурия, кристаллурия, тубулоинтерстициальді нефрит
- ісінулер, тершеңдік (гипергидроз)
- протромбин концентрациясының өзгеруі, амилаза белсенділігінің жоғарылауы
Өте сирек
- гемолиздік анемия, агранулоцитоз, панцитопения (өмірге қауіп төндіретін), сүйек кемігінің тежелуі (өмірге қауіп төндіретін)
- анафилаксиялық реакциялар, анафилаксиялық шок (өмірге қауіп төндіретін) сарысу құю ауруы
- психоздық реакциялар (суицидтік қылықтар/ойлар, сондай-ақ суицидтік әрекеттер немесе іске асқан суицид сияқты өзін-өзі зақымдауды мақсат ету мінез-құлқының күшеюі)
- бас сақинасы, қимыл үйлесімінің бұзылуы, иіс сезімінің бұзылуы, гиперестезия, бассүйекішілік гипертензия (мидағы жалған ісік симптоматикасы)
- түстерді ажыратудың бұзылуы, естудің бұзылуы
- васкулит, панкреатит
- бауыр тіндерінің некрозы (өте сирек жағдайларда өмірге қатер төндіретін бауыр функциясының жеткіліксіздігіне дейін өршитін)
- нүктелі қанталаулар, мультиформалы эритеманың шағын формалары, түйінді эритема, Стивенс-Джонсон синдромы (қатерлі экссудативті эритема), соның ішінде өмірге зор қауіп төндіретін, Лайелл синдромы (уытты эпидермалық некролиз), соның ішінде өмірге әлеуетті түрде қауіп төндіретін
- бұлшық ет әлсіздігі, тендинит, сіңірлердің үзілуі (көбіне ахилл сіңірлерінің), миастения симптомдарының өршуі
- жүріс-тұрыстың бұзылуы
Жиілігі белгісіз
- шеткері нейропатия және полинейропатия
- QT аралығының ұзаруы, қарыншалық аритмиялар (соның ішінде «пируэт» типті)
- жайылған жедел пустулезді экзантема
- ХҚҚ жоғарылауы (К дәруменінің антагонистерін қабылдап жүрген пациенттерде)
Қолдануға болмайтын жағдайлар
- ципрофлоксацинге немесе бактерияларға қарсы хинолондар класына жататын басқа да препараттарға жоғары сезімталдық, сондай-ақ препарат компоненттеріне жоғары сезімталдық
- тизанидинмен, теофиллинмен бір мезгілде қабылдау
- 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер
- жүктілік және лактация кезеңі
- эпилепсия, анамнезде құрысу ұстамалары, мидың органикалық зақымдануы
- жалған жарғақшалы колит
- глюкоза- 6- фосфат дегидрогеназа тапшылығы
Дәрілермен өзара әрекеттесуі
QТ аралығының ұзаруын тудыратын дәрілік препараттар
QT аралығын ұзартатын дәрілік препараттарды (мысалы, аритмияларға қарсы І А класс немесе ІІІ класс препараттарын, үшциклді антидепрессанттарды, макролидтерді, нейролептиктерді) қабылдап жүрген пациенттерде, фторхинолондар сияқты, ципрофлоксацинді бір мезгілде қолданғанда сақтық танытқан жөн («Айрықша нұсқаулар» бөлімін қараңыз).
Хелат қосылыстарының түзілуі
Ципрофлоксациннің таблеткалық түрлерін және құрамында катион бар препараттарды, құрамында кальций, магний, алюминий, темір бар минералды қоспаларды, сукральфат, антацидтерді, полимерлі фосфатты қосылыстарды (севеламер, лантан катонаты сияқты) және буферлік сыйымдылығы үлкен, құрамында магний, алюминий немесе кальций бар препараттарды (диданозин таблеткалары сияқты) бір мезгілде қабылдау ципрофлоксациннің сіңуін төмендетеді. Мұндай жағдайларда ципрофлоксацинді осы препараттарды қабылдаудан 1-2 сағат бұрын, немесе 4 сағат өткеннен кейін қабылдаған жөн.
Бұл шектеу H2-гистаминдік рецепторлар блокаторларының класына жататын дәрілік препараттарға жүрмейді.
Тамақ және сүт өнімдерін қабылдау
Ципрофлоксацинді және сүт өнімдерін немесе минералдармен байытылған сусындарды (мысалы, сүт, йогурт, кальциймен байытылған апельсин шырыны) бір мезгілде қолданудан аулақ болған жөн, өйткені мұндайда ципрофлоксациннің сіңуі азаюы мүмкін. Алайда басқа тағамдық өнімдердің құрамына кіретін кальций ципрофлоксациннің сіңуіне елеулі ықпалын тигізбейді.
Омепразол
Ципрофлоксацинді және құрамында омепразол бар препараттарды үйлестіріп қолданғанда плазмада препараттың ең жоғары концентрациясының аздап төмендегені және «концентрация-уақыт» фармакокинетикалық қисығы астындағы ауданның азайғаны білінуі мүмкін.
Теофиллин
Ципрофлоксацинді және құрамында теофиллин бар препараттарды бір мезгілде қолдану қан плазмасында теофиллин концентрацияларын жағымсыз жоғарылатуы және, сәйкесінше, теофиллин-индукцияланған қолайсыз құбылыстарды туындатуы мүмкін; өте сирек жағдайларда бұл жағымсыз құбылыстар пациенттің өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Егер осы препараттарды бір мезгілде қолданбау мүмкін болмаса, онда қан плазмасындағы теофиллин концентрацияларын ұдайы бақылау және, егер қажет болса, теофиллин дозасын төмендету ұсынылады («Айрықша нұсқаулар» бөлімін, Р450 цитохромын қараңыз).
Ксантиннің басқа да туындылары
Ципрофлоксацинді және кофеинді немесе пентоксифиллинді (окспентифиллин) бір мезгілде қолдану қан сарысуында ксантин туындылары концентрацияларының артуына әкелуі мүмкін.
Қабынуға қарсы стероидты емес препараттар
Хинолондардың (ДНҚ-гираза тежегіштері) өте жоғары дозаларын және қабынуға қарсы стероидты емес кейбір препараттарды (ацетилсалицил қышқылын қоспағанда) үйлестіру құрысуларға түрткі болуы мүмкін.
Циклоспорин
Ципрофлоксацинді және құрамында циклоспорин бар препараттарды бір мезгілде қолданғанда қан плазмасында креатинин концентрацияларының қысқа мерзімдік өткінші жоғарылауы байқалды. Мұндай жағдайларда қандағы креатинин концентрациясын аптасына екі рет анықтау қажет.
Ішке қабылданатын гипогликемиялық дәрілер
Ципрофлоксацинді және ішке қабылданатын гипогликемиялық дәрілерді, негізінен, сульфанилмочевина препараттарын (мысалы, глибенкламидті, глимепиридті) бір мезгілде қолданғанда гипогликемияның дамуына ішілетін гипогликемиялық дәрілердің әсер етуінің күшеюі себеп болады деп шамаланады («Жағымсыз әсерлері» бөлімін қараңыз).
Пробенецид
Пробенецид ципрофлоксациннің бүйрек арқылы шығарылу жылдамдығын баяулатады. Ципрофлоксацинді және құрамында пробенецид бар препараттарды бір мезгілде қолдану қан плазмасында ципрофлоксацин концентрациясының жоғарылауына әкеледі.
Фенитоин
Ципрофлоксацинді және фенитоинды бір мезгілде қолданғанда қан плазмасында фенитоин мөлшерінің өзгеруі (жоғарылауы немесе төмендеуі) байқалды. Концентрациясының төмендеуі салдарынан фенитоинның құрысуға қарсы әсерінің бәсеңдеуіне жол бермеу үшін, сондай-ақ ципрофлоксацин қабылдауды тоқтатқан кезде фенитоинның артық дозалануына байланысты жағымсыз құбылыстарға жол бермеу үшін, екі препаратты да қолдану кезеңі ішінде және біріктірілген емді аяқтағаннан кейін аз уақытта қан плазмасындағы фенитоин мөлшерін анықтауды қоса, екі препаратты да қабылдап жүрген пациенттерде фенитоинмен емді бақылау ұсынылады.
Метотрексат
Метотрексатты және ципрофлоксацинді бір мезгілде қолданғанда метотрексаттың бүйректік-өзекшелік тасымалдануы баяулауы мүмкін, бұл қан плазмасындағы метотрексат концентрациясының жоғарылауымен қатар жүруі мүмкін. Мұндайда метотрексаттың жағымсыз әсерлерінің даму ықтималдылығы артуы мүмкін. Осыған байланысты метотрексатпен және ципрофлоксацинмен бір мезгілде ем қабылдап жүрген пациенттерге мұқият бақылау қойылуы тиіс.
Тизанидин
Дені сау еріктілердің қатысуымен жүргізілген клиникалық зерттеулер нәтижесінде ципрофлоксацинді және құрамында тизанидин бар препараттарды бір мезгілде қолданғанда қан сарысуында тизанидин концентрациясының артатыны анықталды: ең жоғары концентрация (Сmах) 7 есе (4-тен 21 есеге дейін) артты, AUC («концентрация-уақыт» фармакокинетикалық қисық астындағы аудан) көрсеткіштері 10 есе (6-дан 24 есеге дейін) артты. Қан сарысуында тизанидин концентрациясының артуы артериялық қысымның төмендеуін және ұйқышылдықты туындатуы мүмкін. Сондықтан ципрофлоксацинді және құрамында тизанидин бар препараттарды бір мезгілде қолдануға болмайды.
Дулоксетин
Клиникалық зерттеулер жүргізу барысында дулоксетинді және CYP450 1А2 изоферментінің күшті тежегіштерін (флувоксамин сияқты) бір мезгілде қолдану дулоксетиннің AUC және Сmах артуына әкеп соғуы мүмкін екендігі көрінді. Ципрофлоксацинмен ықтимал өзара әрекеттесуі жөнінде клиникалық зерттеулердің жоқтығына қарамастан, ципрофлоксацин мен дулоксетинді бір мезгілде қолданғанда осындай өзара әрекеттесу мүмкін екендігін алдын ала білуге болады.
Ропинирол
Ропиниролді және ципрофлоксацинді, CYP450 1А2 изоферментінің орташа тежегішін бір мезгілде қолдану ропиниролдың Сmах және AUC мәндерінің, сәйкесінше, 60 және 84%-ға артуына әкеледі. Ципрофлоксацинмен бірге қолданғанда және біріктірілген емді аяқтағаннан кейін қысқа уақыт ішінде ропиниролдың жағымсыз әсерлерін бақылаған жөн.
Лидокаин
Дені сау еріктілерге жүргізілген зерттеулерде құрамында лидокаин бар препараттарды және CYP450 1А2 изоферментінің орташа тежегіші ципрофлоксацинді бір мезгілде қолдану, лидокаинді вена ішіне енгізгенде, оның клиренсінің 22%-ға төмендеуіне әкелетіні анықталды. Ципрофлоксацинмен бір мезгілде қолданғанда лидокаиннің жағымдылығы жақсы болғанына қарамастан, өзара әрекеттесу салдарынан жағымсыз әсерлер күшеюі мүмкін («Айрықша нұсқаулар» бөлімін, Р450 цитохромын қараңыз).
Клозапин
Клозапинді және ципрофлоксацинді 250 мг дозада 7 күн бойы бір мезгілде қолданғанда клозапиннің және N-десметилклозапиннің сарысулық концентрацияларының, сәйкесінше, 29%-ға және 31%-ға артқаны байқалды. Клозапинді ципрофлоксацинмен бірге қолдану кезінде және біріктірілген емді аяқтағаннан кейін қысқа уақыт ішінде пациенттің жағдайын бақылау және қажет болған кезде клозапинді дозалау режиміне түзету жүргізген жөн (Р450 цитохромы, «Айрықша нұсқаулар» бөлімінен қараңыз).
Силденафил
Дені сау еріктілерде ципрофлоксацинді 500 мг дозада және силденафилді 50 мг дозада бір мезгілде қолданғанда силденафилдің Сmах және AUC мәндерінің 2 есе артқаны байқалды. Осыған байланысты, пайда/қаупінің арақатынасына баға берілгеннен кейін ғана бұл біріктірілімді қолдануға болады.
К дәруменінің антагонистері
Ципрофлоксацинді және К дәруменінің антагонистерін (мысалы, варфаринді, аценокумаролды, фенпрокумонды, флуиндонды) бірге қолдану олардың антикоагулянттық әсерлерінің күшеюіне әкелуі мүмкін. Осы әсердің шамасы қатар жүретін инфекцияларға, пациенттің жасына және жалпы жай-күйіне байланысты өзгеруі мүмкін, сондықтан ципрофлоксациннің ХҚҚ (халықаралық қалыптастырылған қатынас) артуына ықпалына баға беру қиын. Ципрофлоксацинді және К дәруменінің антагонистерін бірге қолдану кезінде, сондай-ақ біріктірілген емді аяқтағаннан кейін қысқа уақыт ішінде ХҚҚ-ны барынша жиі бақылаған жөн.
Айрықша нұсқаулар
Ауыр инфекциялар, стафилококктік инфекциялар және грамоң және анаэробты бактериялардың себебінен болған инфекциялар
Ауыр инфекцияларды, стафилококктік инфекциялар және анаэробты бактериялар арқылы болған инфекцияларды емдеген кезде ципрофлоксацинді бактерияларға қарсы тиісті дәрілермен біріктіріп пайдаланған жөн.
Streptococcus pneumoniae туындатқан инфекциялар
Цифран ОД препараты қоздырғышқа қатысты тиімділігі шектеулі болғандықтан, Streptococcus pneumoniae туындатқан инфекцияларды емдеу үшін ұсынылмайды.
Жыныс жолдарының инфекциялары
Фторхинолондарға төзімді Neisseria gonorrhoeae штаммдарының әсерінен туындауы мүмкін деп болжам жасалған генитальді инфекцияларда ципрофлоксацинге жергілікті резистенттілік туралы ақпаратты ескерген және қоздырғыштың сезімталдығын зертханалық тестілер арқылы айғақтаған жөн.
Жүрек тарапынан бұзылулар
Ципрофлоксацин QT аралығының ұзаруына ықпалын тигізеді («Жағымсыз әсерлері» бөлімін қараңыз). Әйелдерде, еркектерге қарағанда, QT аралығының орташа ұзақтығы ауқымды екенін ескерсек, олардың QT аралығын ұзартатын препараттарға сезімталдығы басым болады. Егде пациенттерде де QT аралығын ұзартатын препараттардың әсеріне жоғары сезімталдық байқалады. Ципрофлоксацинді QT аралығын ұзартатын препараттармен (мысалы, аритмияға қарсы I А және III класс препараттарымен, үш циклді антидепрессанттармен, макролидтермен және психозға қарсы препараттармен) біріктіріп («Басқа дәрілік заттармен өзара әрекеттесуі» бөлімін қараңыз), немесе QT аралығының ұзару қаупі жоғары немесе «пируэт» типті аритмияның даму қаупі бар (мысалы, QT аралығының туа біткен ұзару синдромы бар, гипокалиемия немесе гипомагниемия сияқты электролиттер теңгерімсіздігі түзетілмеген, сондай-ақ жүрек функциясының жеткіліксіздігі, миокард инфарктісі, брадикардия сияқты жүрек аурулары бар) пациенттерде абайлап пайдаланған жөн.
Балаларда қолданылуы
Ципрофлоксацин, осы класқа жататын басқа да препараттар сияқты, жануарларда ірі буындардың артропатиясын туындататыны анықталды. Көпшілігінде өкпе муковисцидозы бар 18 жасқа дейінгі балаларда ципрофлоксацинді қолданудың қауіпсіздігі жөнінде күні бүгінге дейін бар деректерді талдағанда, шеміршектер мен буындар зақымының препаратты қабылдаумен байланысы анықталған жоқ. Ципрофлоксацинді балалардағы (5-тен 17 жасқа дейінгі балаларда), Pseudomonas aeruginosa-мен байланысты өкпе муковисцидозының асқынуын емдеуден және сібір ойық жарасының өкпелік түрін (Bacillus anthracis-ден жұққанына күмәнданғаннан немесе ол айғақталғаннан кейін) емдеу және профилактика жасаудан бөлек басқа ауруларды емдеу үшін қолдану ұсынылмайды.
Аса жоғары сезімталдық
Кейде ципрофлоксациннің алғашқы дозасын қабылдағаннан кейін препаратқа аса жоғары сезімталдық («Жағымсыз әсерлері» бөлімін қараңыз), соның ішінде аллергиялық реакциялар дамуы мүмкін, мұны емдеуші дәрігерге дереу мәлімдеген жөн. Сирек жағдайларда алғаш қолданудан кейін анафилаксиялық шокқа дейін ұласатын анафилаксиялық реакциялар туындауы мүмкін. Мұндай жағдайларда Цифран ОД препаратын қолдануды дереу тоқтатқан және тиісті ем жүргізген жөн.
Асқазан-ішек жолы
Ципрофлоксацинмен емдеу кезінде немесе емдеуден кейін ауыр және ұзаққа созылатын диарея пайда болғанда жалған жарғақшалы колит диагнозының бар-жоқтығын анықтаған жөн, ол препаратты дереу тоқтатуды және тиісті ем (ішке тәулігіне 4 рет 250 мг дозадағы ванкомицин) тағайындауды қажет етеді. Бұл жағдайда ішектің жиырылуын басатын препараттарды қолдануға болмайды.
Гепатобилиарлы жүйе
Ципрофлоксацинді қолданғанда бауыр некрозы және өмірге қауіп төндіретін бауыр жеткіліксіздігі жағдайлары байқалды. Бауыр ауруының анорексия, сарғаю, несептің қараюы, қышыну, іштің ауыруы сияқты белгілері бар болған жағдайда - Цифран ОД препаратын қабылдауды тоқтатқан жөн («Жағымсыз әсерлері» бөлімін қараңыз).
Цифран ОД препаратын қабылдап жүрген және бауыр ауруын бастан кешкен пациенттерде «бауыр» трансаминазалары және сілтілік фосфатаза белсенділігінің уақытша жоғарылауы немесе холестаздық сарғаю байқалуы мүмкін.
Тірек-қимыл аппараты
Ауыр миастениясы бар пациенттерге Цифран ОД препаратын сақтықпен қолданған жөн, өйткені симптомдары өршуі мүмкін.
Тендиниттің алғашқы белгілерінде (буын аймағының ауыратын ісінуі, қабынуы) Цифран ОД препаратын қолдануды тоқтату, дене жүктемесін болдырмау керек, өйткені сіңірлердің үзілу қаупі бар, сондай-ақ дәрігерден кеңес алған жөн.
Цифран ОД препаратын қабылдағанда тендинит жағдайлары және емдеуді бастағаннан кейін 48 сағат ішінде сіңірлердің (көбіне ахилл сіңірінің) үзілуі, кейде билатеральді түрде үзілу жағдайлары болуы мүмкін. Сіңірлердің қабынуы және үзілуі Цифран ОД препаратымен емдеуді тоқтатқаннан кейін бірнеше айдан соң да пайда болуы мүмкін. Егде пациенттерде және кортикостероидтармен бір мезгілде ем қабылдап жүрген, сіңір аурулары бар пациенттерде тендинопатияның пайда болуының жоғары қаупі бар.
Цифран ОД препаратын анамнезінде хинолондарды қабылдаумен байланысты сіңір аурулары бар пациенттерде сақтықпен қолданған жөн.
Жүйке жүйесі
Цифран ОД препараты, басқа да фторхинолондар сияқты, құрысуларға түрткі болуы және құрысуға дайындық шегін төмендетуі мүмкін. Эпилепсиясы бар және ОЖЖ ауруларын (мысалы, құрысуға дайындық шегінің төмендеуі, анамнезінде құрысу ұстамалары, ми қан айналымының бұзылулары, мидың органикалық зақымдануы немесе инсульт) бастан кешкен пациенттерде ОЖЖ тарапынан жағымсыз реакциялардың даму қаупі төнуіне байланысты, ципрофлоксацинді күтілетін клиникалық әсер препараттың жағымсыз әсерінің даму қаупінен басым болған жағдайларда ғана қолданған жөн.
Цифран ОД препаратын қолданғанда эпилепсиялық статустың даму жағдайлары жөнінде мәлімделді («Жағымсыз әсерлері» бөлімін қараңыз). Құрысулар пайда болған жағдайда препарат қолдануды тоқтатқан жөн. Психикалық реакциялар тіпті, Цифран ОД препаратын қоса, фторхинолондарды алғаш қолданудан кейін де пайда болуы мүмкін. Сирек жағдайларда депрессия немесе психоздық реакциялар суицидтік ойларға және суицидтік әрекеттерге дейін өршуі, соның ішінде суицидпен аяқталуы мүмкін («Жағымсыз әсерлері» бөлімін қараңыз). Егер пациентте осы реакциялардың біреуі дамыса, Цифран ОД препаратын қабылдауды тоқтатқан және мұны дәрігерге мәлімдеген жөн.
Цифран ОД препаратын қоса, фторхинолондарды қабылдап жүрген пациенттерде сенсорлы немесе сенсомоторлы полинейропатиялар, гипестезиялар, дизестезиялар немесе әлсіздік жағдайлары байқалды. Ауыру, күйдіру, шаншу, ұю, әлсіздік сияқты симптомдар пайда болғанда, мұны пациенттер препаратты қолдануды жалғастырмас бұрын дәрігерге айтқаны жөн.
Тері жабындары
Цифран ОД препаратын қабылдағанда фотосенсибилизация реакциясы пайда болуы мүмкін, сондықтан пациенттер күн көзінің тікелей түсуінен және УК-сәулесінен аулақ жерде болғаны жөн. Егер фотосенсибилизация симптомдары (мысалы, тері жабындарының өзгеруі күннен болатын күйіктерге ұқсаса, «Жағымсыз әсерлері» бөлімін қараңыз) байқалса, емдеуді тоқтату керек.
Р450 цитохромы
Ципрофлоксацин CYP 450 1А2 изоферменттерінің орташа тежегіші болып табылатыны белгілі. Цифран ОД препаратын және осы ферменттермен метаболизденетін, мысалы, тизанидин, теофиллин, метилксантин, кофеин, дулоксетин, ропинирол, клозапин, оланзапин сияқты препараттарды бір мезгілде қолданғанда сақтық танытқан жөн, өйткені олардың метаболизмінің ципрофлоксацинмен тежелуі себебінен, қан сарысуында осы препараттардың концентрацияларының артуы спецификалық жағымсыз реакцияларды туындатуы мүмкін.
Кристаллурияның дамуына жол бермеу үшін ұсынылған тәуліктік дозаны арттыруға болмайды, сондай-ақ сұйықтықты жеткілікті түрде пайдалану және несептің қышқыл реакциясын демеу қажет.
Іn vitro жағдайларда ципрофлоксацин Mycobacterium tuberculosis-ді, оның өсуін баса отырып, бактериологиялық зерттеуге кедергі жасауы мүмкін, бұл Цифран ОД қабылдап жүрген пациенттерде осы қоздырғышты диагностикалауда жалған теріс нәтиже беруі мүмкін.
Дәрілік заттың көлік құралдарын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне ықпал ету ерекшеліктері
Препарат психомоторлы реакциялар жылдамдығын төмендетеді, бұны көлік құралдарын басқару кезінде және зейін қоюды қажет ететін механизмдермен жұмыс істегенде ескеру қажет.
Артық дозалануы
Симптомдары: сананың шатасуы, ұйқышылдық, мәңгіру, бағыттан адасу, бас айналу, жүректің айнуы, құсу.
Емі: арнайы антидоты жоқ. Артық дозаланған жағдайда, стандартты шараларды (асқазанды шаю, одан кейін белсендірілген көмір қабылдау, сұйықтықтың көп мөлшерін енгізу, кристаллурияға жол бермеу мақсатында несептің қышқыл реакциясын демеу) жүргізуден басқа, бүйрек функциясын бақылау және ципрофлоксациннің сіңірілуін төмендететін, құрамында магний- және кальций бар антацидтерді қабылдау ұсынылады. Гемо- немесе перитонеальді диализ арқылы ципрофлоксациннің тек аздаған мөлшері (10%-дан аз) ғана шығарылады.
Шығарылу түрі және қаптамасы
Поливинилхлоридті үлбірден және лакталған баспалы алюминий фольгадан жасалған пішінді ұяшықты қаптамаға 5 таблеткадан салынған.
Картон қорапшаға медициналық қолдану жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге 1 пішінді қаптамадан салынған.
Сақтау шарттары
Құрғақ жерде, 25°С-ден аспайтын температурада сақтау керек.
Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!
Сақтау мерзімі
2 жыл
Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін пайдалануға болмайды.
Дәріханалардан босатылу шарттары
Рецепт арқылы
Өндіруші
Sun Pharmaceutical Industries Ltd.
Paonta Sahib, District Sirmour-173025,
Himachal Pradesh, Үндістан
Тіркеу куәлігінің иесі
Sun Pharmaceutical Industries Ltd.
Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан өнім (тауар) сапасына қатысты шағымдарды қабылдайтын, дәрілік заттың тіркеуден кейінгі қауіпсіздігін қадағалауға жауапты ұйымның мекенжайы
Sun Pharmaceutical Industries Ltd. компаниясының ҚР-дағы өкілдігі
Алматы қ., Манас к-сі 32А, САТ БО, 602 кеңсе
тел.: 8-800-080-5202, эл.пошта: regulatory.kz@sunpharma.com