Цитрамон-П
Инструкция
- русский
- қазақша
Саудалық атауы
Цитрамон-П
Халықаралық патенттелмеген атауы
Жоқ
Дәрілік түрі
Таблеткалар
Құрамы
Бір таблетканың құрамында
белсенді заттар: 240 мг ацетилсалицил қышқылы, 180 мг парацетамол, 30 мг кофеин;
қосымша заттар: лимон қышқылы моногидраты, картоп крахмалы, какао-ұнтағы, повидон, кальций стеараты.
Сипаттамасы
Дөңгелек пішінді, жалпақ цилиндр беткейлі, какао иісті, сызығы және екі жағында ойығы бар, теңбілді ашық-қоңыр түсті таблеткалар.
Фармакотерапиялық тобы
Басқа да анальгетиктер - антипиретиктер. Басқа да препараттармен біріктірілген (психолептиктерді қоспағанда) ацетилсалицил қышқылы.
АТХ коды N02BА51
Фармакологиялық қасиеттері
Фармакокинетикасы
Негізгі әсер етуші заттары: ацетилсалицил қышқылы және парацетамол. Ацетилсалицил қышқылы ішке қабылдағаннан кейін негізінен жіңішке ішектің проксимальді бөлігінен жылдам және асқазанда аздаған мөлшерде сіңеді. Асқазанда тамақтың болуы ацетилсалицил қышқылының сіңуін елеулі өзгертеді. Тіндердің көбіне және организмнің сұйық орталарына таралады. Гемато-энцефалдық бөгет арқылы өтеді.
Глицинмен немесе глюкуронидпен конъюгациялануы салдарынан салицил қышқылының гидрализ жолымен түзілуі арқылы бауырда метаболизденеді. Салицил қышқылы түрінде несеппен шығарылады. Ацетилсалицил қышқылының жартылай шығарылу кезеңі шамамен 15 минутты, салицил қышқылының – 3 сағатқа жуық уақытты құрайды. Салицил қышқылы түрінде негізінен несеппен шығарылады.
Парацетамол ішке қабылдағаннан кейін АІЖ-нан жылдам, негізінен пассивті тасымалдану арқылы жіңішке ішектен сіңеді. Тіндерге май тіндерін және жұлын сұйықтығын қоспағанда кеңінен таралады және организмнің сұйық орталарына таралады.
Парацетамол глюкуронидпен, сульфатпен конъюгациялану арқылы және бауырдың аралас оксидазасының қатысуы және Р450 цитохромы кезінде тотығуы негізінен бауырда метаболизденеді.
Ересектерде парацетамолдың үлкен бөлігі глюкурон қышқылымен, ал аз дәрежесі – күкірт қышқылымен байланысады. Бұл конъюгирленген метаболиттердің биологиялық белсенділігі жоқ. Күні жетпей туылған, жаңа туылған және өмірінің бірінші жылындағы балаларда сульфатты метаболиті басымырақ.
Жартылай шығарылу кезеңі 1-3 сағатты құрайды. Бауыр циррозы бар пациенттерде жартылай шығарылу кезеңі біршама ұзақ. Парацетамолдың бүйрек клиренсі 5 % құрайды. Ең бастысы глюкуронидтер және сульфатты конъюгаттар түрінде несеппен шығарылады. 5 %-дан азы парацетамолдың өзгермеген түрінде шығарылады.
Кофеин ішектен жақсы сіңеді, жартылай шығарылу кезеңі – 5 сағат (кейде 10 сағатқа дейін). 10 %-ға жуығы өзгермеген түрде метаболиттер түрінде негізінен бүйрекпен шығарылады.
Фармакодинамикасы
Біріктірілген препарат. Ацетилсалицил қышқылы циклооксигеназа ферментінің белсенділігін төмендете отырып қабынуға қарсы, ыстықты түсіретін, анальгетикалық және антиагреганттық әсерге ие, ол простагландиндер, простациклиндер және тромбоксандар синтезінің бұзылуына әкеледі.
Парацетамол анальгетикалық, ыстықты түсіретін және аздап қабынуға қарсы әсерге ие. Бұл негізінен препараттың гипоталамуста термореттегіш орталығына әсер етуімен және простагландиндер синтезін тежеу айқындылығы төмендігімен байланысты.
Кофеин жұлынның рефлекторлық қозғыштығын жоғарылатады, тыныс алу және қантамырлар қозғалысы орталығын қоздырады, қаңқа бұлшықеті, ми, бүйрек, жүрек қантамырларының кеңеюін туғызады, тромбоциттер агрегациясын төмендетеді, ұйқышылдықты, шаршағыштықты азайтуға, ойлау және физикалық жұмыс істеу қабілетін жоғарылатуға ықпал етеді.
Қолданылуы
- этиологиясы әр түрлі айқындылығы орташа ауыру синдромында (бас ауыру, бас сақинасы, тіс ауыру, невралгия, артралгия, миалгия, альгодисменорея)
- жедел респираторлық вирустық жұқпалар (ЖРВЖ), тұмау кезіндегі қызба жағдайында
Қолдану тәсілі және дозалары
Препаратты ересектерге және 16 жастан бастап балаларға тамақтан соң күніне 2-3 рет 1 таблеткадан тағайындайды. Тәуліктік ең жоғарғы доза 3 рет қабылдауға 6 таблетканы құрайды.
Препаратты ауыруды басатын дәрі ретінде 5 күннен, ыстық түсіретін дәрі ретінде 3 күннен артық, дәрігердің кеңесі мен бақылауынсыз қолдануға болмайды.
Жағымсыз әсерлері
- диспепсиялық құбылыстар жүрек айну, құсу, анорексия, эпигастрий тұсының ауыруы
- бас айналу
- сирек жағдайларда ойық-жаралы зақымданулар, асқазан-ішек жолында қан кету, бауыр, бүйрек функцияларының бұзылуы, тромбоцитопения, анемия, геморрагиялық синдром, қан кету уақытының ұзаруы, аллергиялық реакциялар: тері бөртпесі, Квинке ісінуі, бронх түйілуі, Стивенс-Джонсон синдромы, Лайел синдромы туындауы мүмкін.
Қолдануға болмайтын жағдайлар
- ацетилсалицил қышқылы және/немесе парацетамолдың жекелей жақпаушылығы
- асқыну фазасындағы асқазан мен он екі елі ішектің ойық жара ауруы
- асқазан-ішектен қан кету (соның ішінде сыртартқыда)
- бауыр және/немесе бүйрек функциясының айқын бұзылуы, подагра
- геморрагиялық диатез, гипокоагуляция
- мол қан кетумен қатар жүретін хирургиялық араласулар
- глюкозо-6-фосфатдегидрогеназа тапшылығы
- глаукома
- ацетилсалицил қышқылын, салицилаттар және басқа да қабынуға қарсы стероидты емес дәрілерді қабылдаумен индукцияланған демікпе
- жоғары қозғыштық, ұйқының бұзылуы
- жүрек-қантамыр жүйесінің органикалық аурулары (оның ішінде жедел миокард инфарктісі, атеросклероз)
- айқын артериялық гипертензия
- портальді гипертензия
- К авитаминозы
- гипопротеинемия
- 16 жасқа дейінгі балалар
Дәрілермен өзара әрекеттесуі
Препарат қанды ұйытатын және тромбоциттер агрегациясын төмендететін дәрілердің әсерін, кортикостероидтардың, сульфонилмочевинаның, метотрексаттың әсерін күшейтеді. Препаратты барбитураттармен, құрысуға қарсы дәрілермен, салицилаттармен, рифампицинмен, сондай-ақ алкогольмен біріктіріп қабылдаудан аулақ болған жөн.
Айрықша нұсқаулар
Препаратты бронх демікпесі және подаграсы бар науқастарға абайлап тағайындау керек. Препаратты балаларға, әсіресе желшешек және тұмау кезінде Рейе синдромының даму қаупі жоғары болуына байланысты тағайындауға болмайды. Цитрамон-П барбитураттармен, құрысуға карсы дәрілермен, салицилаттармен, рифампицинмен бір мезгілде тағайындауға болмайды. Цитрамон-П препаратын қабылдап жүрген пациенттер алкоголь қабылдауға тартынғаны дұрыс.
Дәрігердің кеңесінсіз және қадағалауынсыз ыстық түсіргіш дәрі ретінде 3 күннен және ауыруды басу ретінде 5 күннен артық қабылдауға болмайды.
Препараттың көлік құралдарын және қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері
Препарат көлік құралдарын және механизмдерді басқару қабілетіне әсер етпейді.
Артық дозалануы
Симптомдары: асқазанның ауыруы, жүрек айнуы, құсу, тершеңдік, тері жабындысының бозаруы, тахикардия.
Емі: белсендірілген көмірді пайдалана отырып асқазанды шаю, симптоматикалық ем.
Шығарылу түрі және қаптамасы
Поливинилхлоридті немесе ұқсас импорттық үлбірден және баспалы лакталған алюминий немесе ұқсас импорттық фольгадан жасалған пішінді ұяшықты қаптамаға 10 таблеткадан салынған.
Біріншілік қаптамалар медициналық қолдану жөніндегі мемлекеттік және орыс тіліндегі нұсқаулықтардың сәйкес санымен бірге гофрланған картоннан жасалған жәшікке салынады.
Сақтау шарттары
Құрғақ, жарықтан қорғалған жерде, 25 °С-ден аспайтын температурада сақтау керек.
Балалардың колы жетпейтін жерде сақтау керек!
Сақтау мерзімі
3 жыл
Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін пайдалануға болмайды.
Дәріханалардан босатылу шарттары
Рецептісіз
Өндіруші
«Павлодар фармацевтикалық зауыты» ЖШС,
Қазақстан, Павлодар қ., 140011, Қамзин к-сі, 33.
Қаптаушы
«Павлодар фармацевтикалық зауыты» ЖШС,
Қазақстан, Павлодар қ., 140011, Қамзин к-сі, 33.
Тіркеу куәлігінің иесі
«Павлодар фармацевтикалық зауыты» ЖШС, Қазақстан
Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан өнім (тауар) сапасына қатысты шағымдарды қабылдайтын ұйымның мекенжайы
«Павлодар фармацевтикалық зауыты» ЖШС,
Қазақстан, Павлодар қ., 140011, Қамзин көшесі, 33.
Тел./факс: 8 (7182) 61-79-63/61-79-62, pfz@romat.kz.