Цитозар® (500 мг)

МНН: Цитарабин
Производитель: Актавис Италия С.п.А.
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Cytarabine
Номер регистрации в РК: № РК-ЛС-5№011232
Информация о регистрации в РК: 21.11.2012 - 21.11.2017
Включено в Список бесплатного амбулаторного лекарственного обеспечения
АЛО (Включено в Список бесплатного амбулаторного лекарственного обеспечения)

Инструкция

Саудалық атауы

Цитозар®

Халықаралық патенттелмеген атауы

Цитарабин

Дәрілік түрі

Инъекция үшін ерітінді дайындауға арналған лиофилизацияланған 100 мг, 500 мг ұнтақ және инъекцияға арналған 5 мл, 10 мл еріткіш

Инъекция үшін ерітінді дайындауға арналған лиофилизацияланған 1000 мг ұнтақ және бактериостатикалық еріткіш - инъекцияға арналған судағы бензил спиртінің 0.9 % ерітіндісі

Құрамы

белсенді зат 100 мг, 500 мг немесе 1000 мг цитарабин,

қосымша заттар: хлорлы сутек қышқылы, натрий гидроксиді (рН жетілдіру үшін).

Еріткіші: бензил спирті, инъекцияға арналған су.

Сипаттамасы

Ақ немесе ақ дерлік түсті лиофилизацияланған ұнтақ.

Еріткіші: мөлдір түссіз ерітінді.

Фармакотерапиялық тобы

Ісікке қарсы препараттар. Антиметаболиттер. Пиримидин аналогтары. Цитарабин

АТХ коды L01BC01

Фармакологиялық қасиеттері

Фармакокинетикасы

Көктамыр ішіне енгізгеннен кейін цитарабин ең алдымен бауырда және, мүмкін, ішінара бүйректе метаболизмге жылдам ұшырайды. Цитарабин бауырда және бүйректе цитидиндезаминазаның әсер етуімен анабинофуранозил урацилге айнала дезаминделеді. Үздіксіз көктамырішілік инфузиялар кезінде цитарабин әдеттегі дозаларында (100-200 мг/м2 дене беткейіне) 0,04-0,6 мкмоль/л тең концентрацияларына жетеді. Тері астына (т/а) енгізілгенде плазмадағы ең жоғары концентрациясына 20-60 минут ішінде жетеді. Сосын концентрацияның екі фазалық төмендеуі жүреді. Цитарабин гематоэнцефалдық бөгет арқылы өтеді. Үздіксіз инфузиядан соң жұлын сұйықтығында қан плазмасындағы концентрациясының 10-40%-на тең концентрациясына жетеді. Цитарабиннің мардымсыз бөлігі киназалардың әсер етуімен жасушаішілік деңгейде фосфорлануға ұшырайды, соның нәтижесінде белсенді Ара-ЦТФ метаболиті түзіледі. Плазма ақуыздарымен байланысы 15% құрайды.

Адамға көктамырішілік енгізгеннен кейін енгізілген дозаның 5.8%-ы ғана өзгермеген күйде 12-24 сағат ішінде несеп арқылы шығарылады; дозаның 90%-ы дезаминделген түрде шығарылады. Емделушілердің көпшілігінде көктамырішілік бір реттік жоғары дозалардан кейін қандағы препарат деңгейі 15 минут ішінде анықталмайтын мәнге дейін төмендейді. Кейбір емделушілерде цитарабин инъекциядан кейінгі 5 минуттан соң-ақ қаннан табылмайды.

Жартылай шығарылу кезеңі бастапқы фазада 10 минут, соңғысында шамамен 1-3 сағат құрайды. Орталық жүйке жүйесіндегі дезаминаза белсенділігі тым аз болғандықтан, цитарабиннің жұлын сұйықтығынан шығарылуы баяу жүреді, бұл орайда оның жартылай шығарылу кезеңі 2-11 сағат құрайды.

Әдеттегі немесе жоғары дозалары енгізілгеннен кейін енгізілген дозаның 4-10%-ы ғана өзгермеген күйде бүйрекпен шығарылады. Алғашқы 24 сағатта енгізілген препараттың 71-96%-ы анабинофуранозил урацил (Ара-У) түрінде несептен табылады.

Фармакодинамикасы

Цитозар - пиримидин нуклеозидінің аналогы жасушадағы дезоксирибонуклеин қышқылының (ДНҚ) синтезін тежейтін ісікке қарсы дәрі болып табылады. Ол, сондай-ақ, микробқа қарсы және иммунодепрессивті қасиеттер иеленеді.

Препараттың цитоуытты әсер ету механизмінің тиянақты in vitro зерттеулері цитарабиннің негізгі әсерінің дезоксицитидин синтезін тежеумен жүзеге асатынын жорамалдауға мүмкіндік береді; ол өз алдына, цитостатикалық және цитоцидті әсер етудегі цитарабин рөлін цитидил киназаларының тежелуі мен әріқарай компоненттердің нуклеин қышқылдарына қосылуы атқарады.

Лейкемияға қарсы белсенділікті препарат ДНҚ-полимеразаны бәсекелі тежейтін арабинозил цитозин трифосфатқа (Ара-ЦТФ) фосфорлану нәтижесінде иеленеді. Бұдан бөлек, ДНҚ синтезінің цитарабиннің ДНҚ және РНҚ қатарына енуінің есебінен де тежелетіні туралы деректер бар. Цитарабинге төзімділіктің бірнеше даму механизмдері белгілі: жарғақша тасымалын тежеу, фосфорлаушы ферменттер тапшылығы, белсенділікті жоятын ферменттердің жоғары белсенділігі, ДНҚ-полимеразасы тектестігінің төмендеуі немесе деокси-ЦТФ пулының жоғарылауы. Цитоуытты әсеріне жасушаішілік Ара-ЦТФ тұрақты жоғары концентрациясы түзілген кезде жетеді.

Клиникалық тиімділігі

Цитарабинді бөлек те, ісікке қарсы басқа препараттармен қосып та қабылдауға болады; ең үздік нәтижелеріне біріктірілген ем пайдаланылған кезде жартылай жетеді. Цитарабин қолданудан туындаған ремиссиялар одан кейін демеуші ем жүргізілмеген кезде қысқа мерзімді сипатта болды.

Цитарабин көптеген ісік ауруларын емдегенде сынақ түрінде қолданылды. Емдеу ауқымды ісіктері бар бірнеше емделуші үшін тиімді болды.

Ходжкиндік емес лимфомалары бар балалар компоненттерінің бірі цитарабин болатын біріктірілген дәрілік бағдарламаны (LSA2L2) пайдаланған кезде оң нәтиже берді.

Қолданылуы

- жедел лимфобластты емес және/немесе лимфобластты лейкоз (ремиссияны индукциялау үшін, сондай-ақ демеуші ем ретінде)

- нейролейкоздың алдын алу және емдеу (монотерапия түрінде де, ісікке қарсы басқа препараттармен қосып та интратекальді енгізу)

- ходжкиндік емес лимфомаларды емдеу

- созылмалы миелолейкоз кезінде бластты криздерді емдеу.

Цитарабинмен жоғары дозалы ем түрлері:

- емге рефрактерлі ходжкиндік емес лимфомалар

- емге рефрактерлі жедел лимфобластты емес және/немесе лимфобластты лейкоз, сондай-ақ жағымсыз болжанатын нұсқалары

- жедел лейкоздардың қайталануы

- алдыңғы химиялық емнен және/немесе сәулелі емнен кейінгі салдарлы лейкоздар

- прелейкоздар трансформациясынан кейінгі манифестті лейкоз

- 60 жастан аспаған емделушілердегі жедел лимфобластты емес лейкоз (ремиссияға шоғырландыру үшін)

- созылмалы миелолейкоз кезіндегі бластты криздер

Қолдану тәсілі және дозалары

Цитарабин ішу арқылы қолданған кезде белсенді емес. Енгізу сызбасы мен тәсілі жорамалданған емдеу бағдарламасына байланысты. Цитозарды® көктамыр ішіне сорғалатып немесе тамшылатып, тері астына (әдетте тек ремиссияны демеуге бағытталған ем жүргізілген кезде қолданылады), сондай-ақ интратекальді енгізуге болады.

Егер олар баяу инфузиялар пайдаланғаннан гөрі, жылдам көктамырішілік инъекциялар арқылы енгізілсе, емделушілер көп жоғары дозаларды көтеруге қабілетті. Бұл құбылыс жылдам инъекциядан кейін препараттың белсенділігінен тез айрылуымен және оның қалыпты сезімтал және ісікті жасушаларға қысқа мерзімді күшті әсер етуімен байланысты. Қалыпты және ісікті жасушалар препарат енгізудің алуан түрлеріне ұқсас түрде реакция береді, қандай да бір енгізу тәсіліне тән анық айқын клиникалық артықшылықтары анықталмаған.

Құрамында бензил спирті бар болғандықтан қоса берілген еріткішті жоғарғы дозалармен емдеу тағайындалған кезде пайдалануға болмайды!

Орташа тәуліктік доза – 100-200 мг/м2. Егде жастағы немесе қан түзу қорлары төмендеген науқастар – 50-70 мг/м2.

Жедел лимфобласты емес лейкоздар кезіндегі ремиссия индукциясы: ісікке қарсы басқа препараттармен біріктіріп – 7 күн бойы үздіксіз көктамырішілік инфузия түрінде тәулігіне 100 мг/м2 немесе 7 күн қатарынан тамырға әр 12 сағат сайын 100 мг/м2. Барлығы 4-7 емдеу курсы жүргізіледі. Курстар арасындағы аралықтар – кемінде 14 күн.

Жоғары дозалы ем: лейкоздың төзімді түрлерін және жедел лейкоз қайталануларын емдеген кезде жоғары дозалармен емдеу 12 сағаттық аралықпен 1-3 сағатқа созылатын көктамырішілік инфузия түрінде, 2-6 күн бойы монотерапия түрінде немесе басқа ісікке қарсы препараттармен біріктіріп дене беткейіне 2-3 г/м2 дозада Цитозар® пайдаланумен жүргізіледі.

Тері астына: емдеу көрсетілімдеріне және ем режиміне қарай, әдетте, 20-100 мг/м2 дозада тағайындалады.

Лейкоздарды және балалардағы ходжкиндік емес лимфомаларды емдегенде қазіргі уақытта қолданылып жүрген хаттамалар мен әдеби түпнұсқалардан алынған нұсқауларды ұстану қажет.

Нейролейкозды емдеу кезінде интратекальді енгізу

Цитозар® интратекальді қолдану үшін даярланғанда құрамында бензил спирті бар болғандықтан қоса берілген еріткішті пайдалануға болмайды!

Жедел лейкоз кезінде Цитозар® дозасы 5-75 мг/м2 құрайды. Енгізу жиілігі 4 күн бойы күніне бір реттен 4 күнде бір ретке дейін ауытқуы мүмкін. Цитозарды® көбіне жұлын сұйықтығының көрсеткіштері қалыптанғанша әр 4 күн сайын дене беткейіне 30 мг/м2 дозадан тағайындайды, сосын қосымша ем тағайындалады. Дозалау режимі және дозаларды енгізудің уақыт аралықтары, әдетте, орталық жүйке жүйесі жағынан болатын көріністердің ауырлық дәрежесіне және алдыңғы емге болатын реакцияларға байланысты.

Балаларда таяуда диагностикаланған жедел лимфобластты лейкоздарды емдегенде және нейролейкоздың алдын алу немесе емдеу кезінде Цитозар® предионмен және метотрексатпен қосып, интратекальді қолданылды. Салливан деректері бойынша, үш препарат қолданумен емдеу кешеуілдеген сатыдағы нейролейкоздан айығуға мүмкіндік берді, ал тірі қалу мен жалпы сауығу көрсеткіштері бастапқы нейролейкоздың алдын алу үшін ОЖЖ сәулелендіру мен интратекальді метотрексат енгізу пайдаланылған емделушілердің көрсеткіштеріне ұқсас болды. Цитарабин дозасы 30 мг/м2, предион 15 мг/м2 және метотрексат 15 мг/м2 құрады. Осындай ем бастар алдында дәрігер осы есеп деректерімен танысу керек.

Жедел нейролейкозды сәтті емдегеннен кейін үш препарат пайдаланылған алдын алу емі тиімді болып шығуы мүмкін. Емдеудің осындай бағдарламасына кіріспес бұрын дәрігер ең соңғы нұсқаулар жөніндегі әдеби түпнұсқалармен танысып шығуы тиіс.

Интратекальді енгізген кезде Цитозар® жүйелі уытты реакциялар туындатады, сондықтан қан түзу жүйесінің қызметін мұқият бақылау қажет. Лейкозға қарсы емді реттеу қажет болады. Күрделі уыттану жағдайлары сирек болды («Жағымсыз әсерлері» бөлімін қараңыз). Егер Цитозар® бірнеше күн бойы интратекальді және көктамырішілік енгізілсе, жұлынға тән уыттану қаупі артады. Ол өз алдына, өмірге қауіп төндіретін күрделі ауру жағдайында Цитозарды® интратекальді және көктамырішілік бірге қолдану жөнінде шешім жасау емдеуші дәрігерде қалады.

Орталық жүйке жүйесінің ошақтық лейкемиялық зақымдануында Цитозармен® интратекальді ем нашар беріледі; бұл жағдайда сәулелі ем қолданған дұрыс.

Бүйрек және бауыр жеткіліксіздігінде, егер әдеттегі дозалар қолданылса, препарат дозасын азайту қажет емес. Егер де жоғары дозалармен емдеу жүргізілсе, онда доза таңдау кезінде орталық жүйке жүйесі жағынан болатын жоғары асқыну қаупін ескеру керек.

Балаларда қолдану

Дозалау және енгізу режимі препараттың ересектерде қолданылуымен ұқсас.

3 жасқа дейінгі балаларды емдегенде құрамында бензил спирті бар қоса берілген еріткішті пайдалануға болмайды!

Ерітінді дайындау

Лиофилизациялаған ерітінді қоса берілген еріткішпен, инъекцияға арналған сумен, 0,9% натрий хлориді ерітіндісімен немесе 5% декстроза ерітіндісімен, консервантпен де, онсыз да сұйылтылады.

Цитозар® концентрациясы 100 мг/мл-ден аспауы тиіс.

Интратекальді қолдануға, жоғары дозалы емге және 3 жасқа толмаған балаларды емдеуге арналған еріткіш құрамында консерванттар (бензил спирті) болмауы тиіс, бұл жағдайда, әдетте, 0,9% натрий хлориді ерітіндісі пайдаланылады.

Ескерту

Еріткіші бар ампуланың ернеуі тарылған жері алдын ала кертілген. Ампуланы басындағы түсті нүктесі дұрыс бағыттауға көмектеседі. Ампуланы қолға алып, оның нүктесін өзіңізге қарай бұрыңыз. Егер сол нүктені бас бармақпен сәл бассаңыз, ампула оңай ашылады.

Дәрілермен үйлесімділігі

Цитарабин аталған концентрацияларда келесі препараттармен үйлесімді: сегіз сағат бойы 5% декстрозаның сулы ерітіндісінде 0.8 мг/мл цитарабин және 1.0 мг/мл натрий цефалотині; 0.4 мг/мл цитарабин және 0.2 мг/мл преднизолон натрий гидрофосфаты; 16 мкг/мл цитарабин және 4 мкг/мл винкристин сульфаты. Цитарабин, сондай-ақ, метотрексатпен физикалық тұрғыда үйлесімді.

Жағымсыз әсерлері

Күтілетін реакциялар

- лейкопения, тромбоцитопения, анемия, мегалобластоз, ретикулоцитопенияның дамуымен цитарабиннің сүйек кемігі қызметін бәсеңдету әсері

Бұл реакциялардың ауырлық дәрежесі препарат дозасына және қабылдау режиміне байланысты.

- сүйек кемігінде және шеткергі қан жағындысында болатын жасушалық деңгейдегі өзгерістер

Препаратты 50 мг/м2-600 мг/м2 көлемде 5 күн үздіксіз инфузиялау әлде сыздықтатып инъекциялау нәтижесінде лейкоциттердің екі фазалы төмендеуі жүреді. Лейкоциттердің бастапқы санына, препарат дозасына, қабылдау режиміне байланыссыз алғашқы 24 сағатта басталатын жасушалар санының бастапқы құлдырауы орын алады және төменгі нүктесіне 7-9 күннен соң жетеді. Сосын қысқа мерзімді жоғарылау, шамамен 12-ші күні жоғары шегіне жетеді. Одан кейін 15-24 күні төменгі нүктеден екінші әрі тым қатты құлдырауы басталады. Келесі 10 күн ішінде бастапқы деңгейінен жоғары лейкоциттер санының жылдам артуы жүреді. Тромбоциттер төмендеуі 5 күннен соң басталып, барынша төмен деңгейі 12-15 күнге тура келеді. Осыдан кейін, 10 күн ішінде тромбоциттер деңгейі бастапқы мәнінен жоғары артады.

- ісікке қарсы басқа препараттармен үйлестірілген және жеке цитарабиннің организмнің кез келген ағзасында вирустық, бактериялық, зең, паразитті және сапрофитті жұқпалардың дамуына әкелетін жасушалық және гуморальді иммунитетке иммунодепрессивті әсері

Көбіне олар - жасырын жұқпалар, бірақ ауыр болуы, кейбір жағдайларда өліммен аяқталуы мүмкін.

- ыстықпен, бұлшықеттердің, сүйектердің ауыруымен, сирек сипатта кеуденің ауыруымен, макулопапулезді бөртумен конъюнктивитпен және жалпы ауырсыну ахуалымен сипатталатын цитарабинді синдром

Цитарабинді синдром Каслберри жұмыстарында сипатталған. Ол, әдетте, препарат қабылдағаннан кейін 6-12 сағаттан соң басталады. Бұл синдромды болдырмауда және алдын алуда кортикостероидтар тиімді қолданылады. Егер синдром белгілері емге бағынса, кортикостероидтар қолдануды қарастырып, цитарабин емімен жалғастырған жөн.

Басқа ұнамсыз реакциялар

Өте жиі (≥ 10 %)

- стоматит, ауыз қуысының және анальді қуыстың ойылуы және қабынуы, жүрек айнуы, құсу, іштің ауыруы, диарея

- гипертермия

- бауыр дисфункциясы

- таздану, бөртпе

- сүйек кемігінің жеткіліксіздігі, тромбоцитопения, анемия, мегалобласты анемия, лейкопения, ретикулоциттер мөлшерінің төмендеуі

- сепсис, пневмония, жұқпа

- цитарабин синдромы

- қан жағындысы талдамасының нәтижесі нормаға сай келмейтін сүйек кемігінің биопсия нәтижесінен нормадан ауытқуы,

Жиі (> 1 % және ≤ 10 %)

- терінің ойық жаралануы

Жиі емес (≥ 0,1 % және ≤ 1 %)

- сарғаю

Белгісіз

- анорексия

- панкреатит, асқазанның ойық жарасы, эзофагит

- кеуде қуысының ауыруы, инъекция орнында реакция

- бүйрек функциясының бұзылуы, несептің іркілуі

- тыныс алудың тарылуы, тамақтың ауыруы

- перикардит

- конъюнктивит (бөртпемен жалғасуы мүмкін)

- нейроуытты, неврит, бас айналуы, бас ауыруы

- алақан-табан эритродизестезия синдромы, есекжем, қышыну, секпіл

- инъекция орнында тері асты шелінің қабынуы

- анафилаксия, аллергиялық ісіну

- тромбофлебит

Сынақ түрінде цитарабинді (1 г/ м2) өз алдына бөлек те, басқа химиялық ем препараттарымен (мета-AMSA, даунорубицин, VP-16) қосып та қабылдаған емделушілерде себебі айқын емес диффузиялық интерстициальді пневмония жағдайлары болды.

Жоғары дозалармен емдеу

Өте жиі (≥ 10 %)

- ми және мишық қызметінің бұзылуы

- қасаң қабықтың уытты зақымдануы, геморрагиялық конъюнктивит

- ересектердегі респираторлық дистресс-синдром, өкпенің ісінуі

Жиі (> 1 % және ≤ 10 %)

- некрозды колит

- қабыршақтанған тері бөртпесі, таздану

Белгісіз

- сепсис, бауыр абсцессі

- тұлғаның өзгеруі

- кома, конвульсия, шеткергі қозғалыс және сенсорлы нейропатия

- өліммен аяқталатын кардиомиопатия

- ішек некрозы, асқазан-ішек жолының ойық жаралары (соның ішінде перитонитке апаратын ішектегі кисталы пневматоз)

- бауырдың әріқарай гипербилирубинемияға ұласатын зақымдануы

Лейкемия қайталануын цитарабиннің жоғары дозаларымен сынақтық сипатта емдеген кезде рентгенмен диагностикаланған өкпенің ісінуіне және жүректің кеңеюіне жылдам әкелген тыныс алудың кенеттен болатын жеткіліксіздік синдромы болды; жөнінде хабарланды.

Интратекальді қолдану

- ең жиілері - жүрек айну, құсу және ыстық көтерілу; бұл реакциялар айқындылығы әлсіз сипатта болды және өз бетінше басылды

- екі жақты салдану

- некрозды лейкоэнцефалопатия; бірқатар жағдайларда емделушілер интратекальді метотрексат және/немесе гидрокортизон да алды, сондай-ақ ОЖЖ сәулеленуінен өтті.

- оқшауланған нейроуыттылық

- жүйелі химиялық ем, орталық жүйке жүйесінің алдын алу мақсатында сәулеленуі мен интратекальді цитарабин біріктірілімінен тұратын емдеу нәтижесінде ремиссия сатысында екі емделушіде болған соқырлық.

Қолдануға болмайтын жағдайлар

- цитарабинге және препараттың басқа құрамдас бөліктеріне жоғары сезімталдық

- 3 жасқа дейінгі балалар

- жүктілік және емшек емізу кезеңі

Сақтықпен:

- бауыр және/немесе бүйрек жеткіліксіздігі (әсіресе, жоғары дозалы ем жүргізу кезіндегі нейроуыттылықтың даму қаупінің жоғарылауымен байланысты)

- дәрілермен индукцияланған қан түзілу бәсеңдеуі

- сүйек кемігінің ісік жасушаларымен инфильтрациялануы

- вирустық (соның ішінде желшешек, белдемелі теміреткі), зеңдік немесе бактериялық текті жедел жұқпалы аурулар (ауыр асқынулардың және үдеріс жайылуының пайда болу қаупі)

- гиперурикемияның жоғары даму қаупі орын алатын аурулар (подагра немесе уратты нефролитиаз)

- басқа дәрілік заттардан болған миелосупрессия.

Дәрілермен өзара әрекеттесуі

Басқа ісікке қарсы миелосупрессивті препараттармен немесе сәулелі еммен бірге қолдану осы препараттардың цитоуыттылық, сондай-ақ иммунодепрессивтік белсенділігін күшейтеді. Иммуннодепрессанттар (азатиоприн, хлорамбуцил, глюкокортикостероидтер, циклофосфамид, циклоспорин, меркаптопурин, такролимус) жұқпалы қабынулардың даму қаупін жоғарылатады.

Өлі вирустық вакциналар – Цитозармен® қорғанудың қалыпты механизмдерінің бәсеңдеуі салдарынан антиденелер түзілуінің төмендеуі мүмкін.

Тірі вирустық вакциналар – Цитозармен® қорғанудың қалыпты механизмдерінің бәсеңдеуі салдарынан вирустың пәрменді көбеюі, жанама әсерлердің күшеюі, антиденелер түзілуінің төмендеуі мүмкін.

Дигоксин

Цитарабинмен немесе прокарбазинмен әлде оларсыз бета-ацетилдигоксин және циклофосфамид, винкристин және преднизон қамтылатын химиялық ем алатын емделушілерде дигоксиннің тепе-тең плазмалық концентрацияларының және гликозидтің бүйрекпен шығарылуының қайтымды төмендеуі болды. Дигитоксиннің плазмадағы тепе-тең концентрациялары өзгерген жоқ. Осылайша, химиялық емнің ұқсас біріктірілген бағдарламаларын алатын емделушілерде плазмадағы дигоксин деңгейлерін қадағалау ұсынылады. Балама ретінде, ондай науқастарға дигитоксин пайдалануға кеңес беріледі.

Гентамицин

Гентамицин мен цитарабин арасындағы дәрілік өзара әрекеттесуді іn vitro зерттеу Klebsiella pneumoniae штаммдарына сезімталдыққа цитарабиннің антагонистік әсер ететінін көрсетті. Зерттеу деректерінде Klebsiella pneumonia штаммы туғызған жұқпадан емделу үшін цитарабин алатын, сонымен бірге гентамицин қабылдайтын емделушілерде емдеуге әлсіз емдік жауап байқалады, сондықтан микробқа қарсы ем қарастырылу керек.

Фтороцитозин

Клиникалық деректер цитарабинмен бір мезгілде қолданғанда фтороцитозинмен емдеу тиімділігінің төмендеуі мүмкін екенін айғақтайды. Осы дәйек фтороцитозин қармалуының әлеуетті де бәсекелі тежелуінен туындайды.

Метотрексат

Цитарабинді көктамыр ішіне енгізуді интратекальді түрде метотрексатпен бір мезгілде енгізу, бас ауыруы, салдану, кома және инсультке ұқсас эпизодтар сияқты ауыр неврологиялық жағымсыз реакциялар қаупі жоғарылауы мүмкін.

Дәрілермен үйлесімсіздігі

Цитарабин гепаринмен, инсулинмен, 5-фторурацилмен, пенициллиндермен (оксациллин және пенициллин G), метилпреднизолонның янтарь-қышқылды натрийімен физикалық тұрғыда үйлеспейді.

Цитарабинді «Қолдану тәсілі және дозалары» бөлімінде аталғандардан өзгеше басқа препараттармен араластыруға болмайды. Дәріні қандай да бір затпен араластырар алдында оны үйлесімділік тұрғысынан тексеру қажет.

Айрықша нұсқаулар

Цитозарды® химиялық емдеу тәжірибесі бар дәрігерлер ғана қолдануы тиіс. Препаратпен жанасқанда және оны пайдаланғанда цитостатиктермен қауіпсіз жұмыс істеу тәртібі бойынша әзірленген ұсынымдарды сақтау керек.

Жедел лейкоздар кезінде Цитозар® препараты пайдаланылатын индукциялық және консолидациялық ем тәжірибелі онкологтардың бақылауымен және мұқият қадағалау қамтамасыз етілген стационар жағдайларында ғана жүргізілуі тиіс.

Индукцияланған ем жағдайында, емделушілер зертханасы және препарат көтерімділігін мониторлауға әрі дәрілік уыттанудан зардап шегетін емделушілердің тіршілік қызметтерін қорғау мен сақтауға арналған қосымша медициналық құрал-жабдығы бар клиникада емдеуден өтуі тиіс. Цитарабиннің негізгі уытты әсері лейкопения, тромбоцитопения және анемияға ұласқан сүйек кемігі қызметінің бәсеңдеуімен жүзеге асады. Күрделілігі аз уытты әсерлеріне жүрек айну, құсу, диарея, іштің ауыруы, афтозды стоматит және бауыр қызметінің бұзылуы жатады.

Шеткергі қан көрінісін (индукциялық ем кезінде күн сайын), сүйек кемігі, бауыр және бүйрек қызметін, сондай-ақ сарысудағы несеп қышқылының деңгейін ұдайы бақылап отыру қажет.

Цитозармен® емдеуді бастау жөнінде шешім қабылданған кезде дәрігер препараттың белгілі уытты әсерлеріне қарай емделуші үшін пайдалы болу мүмкіндігін бағалауы тиіс. Осындай шешім қабылдау мен емдеуді бастамас бұрын дәрігер төмендегі ақпаратпен танысып шығуы тиіс.

Гематологиялық реакциялар

Цитарабин сүйек кемігі қызметін бәсеңдететін әсер етуі күшті зат болып табылады; препараттың әсер ету күші дозаға және қолдану сызбасына байланысты. Дәрілерді алдыңғы қолданудан болған сүйек кемігі қызметінің депрессиясынан зардап шегетін науқастарға емдеуді сақтана тағайындау керек. Цитозар® қабылдайтын науқастар қатаң медициналық бақылауда болып, индукциялық ем барысында күн сайын лейкоциттер мен тромбоциттерге қан талдауларын тапсыруы тиіс. Шеткергі қаннан бластты жасушалар жоғалғаннан кейін сүйек кемігіне ұдайы зерттеу жүргізген жөн. Егер препарат қабылдаудан сүйек кемігі қызметінің бәсеңдеуі нәтижесінде эритроциттер саны 50 000-нан аз болып қалса немесе полиморфты-ядролық гранулоциттер саны 1000/мм3 төмен азайса емдеу бағдарламасын үзу немесе өзгерту мүмкіндігін қарастыру қажет.

Шеткергі қандағы пішінді элементтер санының препарат қабылдау аяқталғаннан кейін де төмендеуі жалғасады, ең төменгі мәндеріне дәрілік емді үзгеннен кейін 12-24 күннен соң жетеді. Қалпына келген сүйек кемігі қызметінің анық белгілері білінген бойда ем қайтадан басталады. Клиникада өліммен аяқталу ықтималдығы зор сүйек кемігі қызметінің бәсеңдеуі түріндегі асқынуларды емдеуге арналған дәрілік заттар түгел болуы тиіс (гранулоцитопения нәтижесіндегі жұқпалар және организмнің қорғаныс механизмдерінің басқа бұзылулары, тромбоцитопениядан болатын қан құйылу).

Цитарабинмен емдеу кезінде анафилактикалық реакциялар орын алды. Жүректің кенеттен тоқтауына әкелген және жан сақтау шараларын қажет болған анафилаксия жағдайы жөнінде хабарланды. Бұл көктамыр ішіне цитарабин енгізгеннен кейін бірден болды.

Жоғары дозалы ем

Жоғары дозалармен ем жүргізген кезде ОЖЖ және өкпе қызметтерін ұдайы бақылап отыру керек. Цитозардың® жоғары дозаларын (2-3 г/м2) қабылдағаннан кейін ОЖЖ-не, асқазан-ішек жолына және өкпеге уытты әсер етуден болған (цитарабиннің әдеттегі дозаларымен дозалау режимдерінен ерекшелігі) ауыр, ал кейде өлім жағдайлары жөнінде де хабарланды. Бұл реакциялар өзінде кортикостероидты көз тамшыларын қолданумен болдырмауға немесе азайтуға болатын қасаң қабықтың қайтымды уытты зақымдануын, геморрагиялық конъюнктивитті; тұлғалық өзгеруге, ұйқысыздыққа, конвульсиялар мен комаға әкелетін, әдетте, қайтымды болатын ми және мишық қызметінің бұзылуын; бауыр абсцессіне және перитонитке, сепсиске апаратын ішектің кисталы пневматозын қоса, асқазан-ішек жолының ауыр сипатты ойық жаралы ауруын; өкпе ісінуін, гипербилирубинемиялы бауыр зақымдануын; ішек некрозын және некрозды колитті қамтыды.

Цитарабин жоғары дозаланған емдеу режимдерін қолданудан кейін өкпеге уытты әсер етудің ауыр (кейде өліммен аяқталған) жағдайлары, ересектердегі респираторлық дистресс-синдром және өкпе ісінуі жөнінде хабарланды. Лейкемия қайталануын цитарабиннің жоғары дозаларымен сынақ түрінде емдеген кезде рентгенмен диагностикаланған өкпенің ісінуіне және жүректің кеңеюіне жылдам әкелген тыныс алудың күрт жеткіліксіздік синдромы болды.

Сынақтық түрде жоғары дозаларда цитарабин қабылдау және емделушіні сүйек кемігін ауыстырып салуға даярлау кезінде циклофосфамидпен емдеу нәтижесінде өліммен аяқталуға ұласқан кардиомиопатия жағдайлары болды. Бұл жағдайда препарат қабылдау сызбасына тәуелділік болуы мүмкін.

Жедел лимфобластты емес лейкозы бар ересектерде жоғары дозаланған цитарабин, даунорубицин және аспарагиназаны бірге қолданған кезде шеткергі қозғалысты және сенсорлы нейропатия жағдайлары болды. Үлкен дозаларда цитарабин қабылдайтын емделушілер нейропатияға орай қадағалануы тиіс, қайтымсыз неврологиялық бұзылуларды болдырмау үшін емдеу режимін өзгерту керек болады.

Қабыршақтануға әкелген тері бөртпесінің ауыр түрлерінің сирек жағдайлары жайында хабарланды. Цитарабинмен емдеудің әдеттегі бағдарламаларымен салыстырғанда, жоғары дозалау режимдері түгел таздануға әкеледі.

Препараттың үлкен дозаларын қолданған жағдайда бензил спирті бар еріткіш пайдаланбаңыз. Осы препаратқа арналған еріткіш құрамында бензил спирті бар. Бензил спирті мен шала туған сәбилерде өліммен аяқталған «ентігу синдромы» арасында байланыс бары білінді. Интратекальді енгізген кезде де бензил спирті бар еріткіш пайдаланбаңыз. Дәрігерлер көбінесе препаратты консерванттарсыз 0.9% натрий хлориді ерітіндісінде сұйылтып, бірден инъекция жасайды.

Препараттың үлкен дозаларын көктамыр ішіне сыздықтатып инъекциялаған жағдайда емделушілерде инъекциядан кейін бірнеше сағат ішінде жүрек айну мен құсу болады. Баяу инфузия жағдайында бұл мәселе аз көрініс береді.

Стандартты дозалау режимдері

Цитарабиннің стандартты дозаларын басқа препараттармен біріктіріп қабылдаған емделушілерде іштің жалпы аурушаңдығы (перитонит) мен нейтропениямен және тромбоцитопениямен қосылған оң гваяк сынамалы колит жағдайлары орын алды. Мұндай жағдайларда консервативті (операциясыз) емдеу әдістері тиімді болды. Жедел миелолейкозы бар балаларда басқа препараттармен бірге стандартты дозалардағы цитарабинді интратекальді енгізгеннен кейін өліммен аяқталған үдемелі өрлейтін салданудың кеш даму (кейіннен біліну) жағдайлары орын алды.

Бүйрек және/немесе бауыр қызметі

Бауыр қабылданған цитарабин дозасының едәуір бөлігін бейтараптандырады. Бүйрек және бауыр қызметі бұзылған емделушілер жоғары дозаларда цитарабин қабылдағаннан кейін үлкен ықтималдықпен орталық жүйке жүйесіне уытты әсер алады. Сондықтан бүйрек немесе бауыр қызметі төмендеген емделушілерге препаратты сақтанумен, дұрысы, азайтылған дозаларда қабылдау ұсынылады.

Цитарабин қабылдаған емделушілер сүйек кемігі, бүйрек және бауыр қызметін ұдайы бақылап, тиісті қан, несеп талдауларын және сүйек кемігі пунктаттарын тапсыруы тиіс.

Ісік лизисі синдромы

Басқа да цитоуытты дәрілер сияқты, цитарабин ісік жасушаларының жылдам ыдырауынан туындаған гиперурикемияға әкеліп соғады. Дәрігер несеп қышқылының деңгейін қадағалап, пайда болған асқынуды қажетті дәрілік заттарды негізгі емге қосу арқылы жоюға дайын болуы тиіс.

Басқа препараттармен үйлестірілген цитарабин қабылдаған емделушілерде жедел панкреатит жағдайлары орын алды.

Иммунодепрессанттар/Жұқпаларға жоғары сезімталдық

Цитарабин қамтылған химиялық ем препараттарымен емдегеннен кейін иммунитеті төмендеп кеткен емделушілерге тірі немесе аттенуирленген вакциналар енгізу ауыр, кейде өлімге ұшырататын жұқпалардың пайда болуына әкеледі. Сондықтан цитарабин қабылдайтын емделушілер тірі вакциналармен емделуден бас тартуы тиіс. Пайдаланған кезде клиникалық тиімділігі төмендеп кететін болса да, тірі немесе белсенділігі жойылған вакциналарды қабылдауға болады.

Цитозармен® емделіп жүрген емделушілерді вакцинациялау, гематологиялық статусты мұқият бағалаудан кейін, әрі Цитозармен® ем жүргізетін дәрігер келісімімен аса сақтықпен жүргізілуі тиіс. Иммуносупрессивті емнің аяқталуы мен вакцинацияның арасындағы уақыт аралығы иммуносупрессант түріне, негізгі ауруға және басқа факторларға байланысты болып, 3 айдан 1 жылға дейін ауытқып отырады.

Цитозар® ағзадан гемодиализ кезінде шығарылады. Сондықтан диализде жүрген емделушілерге Цитозарды® тура диализ алдында және оны жүргізген уақытта енгізуге болмайды.

Әйелдер мен ерлерге емделу кезінде және емнен кейін 6 ай бойы сенімді контрацепция әдістерін қолдану керек.

Препараттың терімен және шырышты қабықтармен жанасуына жол беруге болмайды, әсіресе көзді қорғау қажет.

Жүктілік және лактация кезеңі

Бала туу жасындағы әйелдерге және ерлерге емделу кезінде және емнен кейін 6 ай бойы сенімді контрацепция әдістерін қолдану керек.

Дәрілік заттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері

Цитарабин қабылдаудың мәшине айдауға және механизмдерді пайдалануға әсері зерттелмеген, алайда Цитозар® препаратымен ем жүргізу кезінде бас айналу және бас ауыру пайда болуы мүмкін екендіктен, бұл автокөлік басқару және механизмдермен жұмыс істеу қабілетіне жанама ықпал етуі мүмкін. Сондықтан жоғарыда аталған жағдайларда препараттың жекеше әсеріне ұқыпты көңіл бөлген жөн.

Артық дозаланғанда

Созылмалы артық дозалану белгілері: Жаппай қан кетумен, өмірге қауіпті жұқпалар дамуымен, сондай-ақ нейроуытты әсер ету көрінісімен қатар жүретін сүйек кемігінің ауыр депрессиясы. Әр 12 сағат сайын 1 сағат ішінде 12 дозада 4.5 г/м2 көктамырішілік инфузиялау ОЖЖ қайтымсыз уыттануының қолайсыз өсуіне және өліммен аяқталуға әкелді.

Емдеу. Цитозармен® артық дозалануға арналған у қайтарғы жоқ екендіктен, препарат енгізуді әркез өте сақ жүзеге асырған жөн. Егер артық дозалану орын алса, онда қосалқы шаралар (гемотрансфузия, антибиотиктермен емдеу) өткізу қажет. Интратекальді енгізу кезінде болған ауыр сипатты артық дозалану жағдайында, жұлын сұйықтығының жылдам дренажын қамтамасыз ету үшін қайталамалы люмбальді пункциялар жасаған жөн, вентрикулолюмбальді перфузиямен нейрохирургиялық араласуды атқаруға болады.

Цитозар® гемодиализ кезінде шығарылады. Алайда Цитозармен ® артық дозаланғанда гемодиализдің тиімділігі туралы ақпарат жоқ.

Шығарылу түрі және қаптамасы

Препарат «flip-off» типті полипропилен қақпақшалар дискілеріне сәйкес түстегі тығыздағыш алюминий сақиналармен қаусырылған, сұр резеңке бромбутил тығындармен тығыздалған сыйымдылығы 10 мл (100 мг доза) немесе 15 мл (500 мг доза) немесе 20 мл (1000 мг доза) I типті мөлдір түссіз шыныдан жасалған құтыларға құйылады.

Ішінде лиофилизацияланған ұнтақ түрінде 100 мг Цитозар® бар 1 құтыдан және 5 мл еріткіші бар 1 ампуладан (бензил спирті қосылған инъекцияға арналған бактериостатикалық су) медицинада қолданылуы жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапшаға салады.

Ішінде лиофилизацияланған ұнтақ түрінде 500 мг Цитозар® бар 1 құтыдан және 10 мл еріткіші бар 1 ампуладан (бензил спирті қосылған инъекцияға арналған бактериостатикалық су) медицинада қолданылуы жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапшаға салады.

Ішінде лиофилизацияланған ұнтақ түрінде 1000 мг Цитозар® бар 1 құтыдан медицинада қолданылуы жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапшаға салады.

Сақтау шарттары

25°С-ден аспайтын температурада сақтау керек.

Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!

Сақтау мерзімі

5 жыл

Қаптамасында көрсетілген жарамдылық мерзімі өткеннен кейін пайдалануға болмайды.

Дәріханалардан босатылу шарттары

Рецепт арқылы

Өндіруші/Қаптаушы

Актавис Италия С.п.А.

Виале Пастер 10

20014 Нервиано,

Италия

Тіркеу куәлігінің иесі

Пфайзер Эйч-Си-Пи Корпорэйшн

Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан өнім сапасына қатысты шағымдар қабылдайтын ұйымның мекенжайы:

«Пфайзер Эйч-Си-Пи Корпорэйшн» (АҚШ) компаниясының өкілдігі

Алматы қ., Абылай хан даңғылы, 141

тел.: (727) 272-27-01

факс: (727) 272-04-06

Прикрепленные файлы

499906991477977005_ru.doc 108.5 кб
120678181477978180_kz.doc 164.5 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту

Источники

Национальный центр экспертизы лекарственных средств, изделий медицинского назначения и медицинской техники