Ципромет

МНН: Метронидазол, Ципрофлоксацин
Производитель: Kwality Pharmaceuticals PVT Ltd
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Комбинации антибактериальных препаратов
Номер регистрации в РК: № РК-ЛС-5№004327
Информация о регистрации в РК: 25.01.2012 - 25.01.2017

Инструкция

Саудалық атауы

Ципромет

Халықаралық патенттелмеген атауы

Жоқ

Дәрілік түрі

Таблеткалар

Құрамы

Бір таблетканың құрамында

белсенді зат: 580 мг ципрофлоксацин гидрохлориді, 500 мг ципрофлоксацинге BP сәйкес келеді,

200 мг метронидазол,

қосымша заттар: лактоза, крахмал, магний стеараты.

Сипаттамасы

Сопақша пішінді, бір жағында сызығы бар, екі беті дөңес, ақ немесе ақ дерлік түсті таблеткалар.

Фармакотерапиялық тобы

Жүйелі пайдалануға арналған бактерияларға қарсы препараттар.

Микробтарға қарсы препараттар біріктірілімі

АТЖ коды J01R

Фармакологиялық қасиеттері

Фармакокинетикасы

Ципрофлоксацин ішке қабылдаған кезде жақсы сіңеді. Бұл орайда оның биожетімділігі 69%-дан 85%-ға дейін ауытқиды. Ас ішу сіңуге елеулі әсер етпейді (Cmax пен биожетімділігін өзгертпейді), дегенмен құрамында алюминий және/немесе магний бар антацидтерді ішу арқылы қабылдағаннан кейін оның сіңуін төмендетеді. Ішу арқылы тағайындағанда ең жоғары сарысулық концентрацияларына 1-1.5 сағаттан соң жетеді. Қабылданған дозаның шамасына қарай дозаға байланысты тәуелділігі бар және, тиісінше, 250, 500, 750 және 1000 мг - 1.2, 2.4, 4.3 және 5.4 мкг/мл дозаларда құралады. Алынған деңгейлер ең аз бәсеңдету концентрациясынан (ЕБК) едәуір жоғары. 250, 500 немесе 750 мг ішке қабылдағаннан кейін 12 сағаттан соң плазмадағы препарат концентрациясы, тиісінше, 0.1, 0.2 және 0.4 мкг/мл-ге дейін төмендейді. Таралу көлемі - 2-3.5 л/кг. Ақуыздармен байланысуы 20% -40% аралығын құрайды.

Ципрофлоксацин дененің барлық тіндерінде экстенсивті таралады (майы көп тінді қоспағанда. Орталық жүйке жүйесінде (ОЖЖ) ципрофлоксацин емдік концентрацияларына жете алмайды). Әртүрлі тіндерде жақсы шоғырланады. Оның мөлшері көптеген тіндерде қандағы құрамынан асып кетеді (плазмадағыдан гөрі 2-12 есе жоғары). Емдік концентрацияларына сілекейде, бадамша бездерде, бауырда, өт қабында, өтте, ішекте, құрсақ қуысы және кіші жамбас астауы ағзаларында, жатырда, ұрық сұйықтығында, қуық асты безінің тінінде, эндометрияда, фаллопий түтікшелері мен аналық бездерде, бүйректе және несеп шығару ағзаларында, өкпе тінінде, бронх сөлінде, сүйек тінінде, бұлышықеттерде, синовиальді сұйықтықта және буын шеміршектерінде, перитонеальді сұйықтықта, теріде жетеді. Ципрофлоксацин көз сұйықтығына, лимфаға да жақсы өтеді. Ципрофлоксациннің қан нейтрофилдеріндегі концентрациясы, сарысудағыдан гөрі, 2-7 есе жоғары. Кез келген басқа бактерияға қарсы препараттармен салыстырғанда, ципрофлоксацин остеомиелит кезінде сүйектерде ең жоғары концентрацияларына жетеді.Организмнің әртүрлі тіндері мен сұйықтарындағы концентрациялары, қоздырғыштардың көпшілігіне тән шектен тыс төмен ЕПК-мен салыстырмалы түрде, өте жоғары.

Жұлын сұйықтығына (ЖС) 6-37% мөлшерінде өтеді.

Белсенділігі ортаның қышқылды мәндерінде (рН) аздап төмендейді. Ципрофлоксацин бауырда ішінара ғана (10-20%) метаболизмге ұшырап, біршама белсенділігін сақтайтын метаболиттер түзеді. Ішу арқылы енгізу жолында Т1/2 - 4 сағатқа жуық.

Организмнен, негізінен, өзгермеген күйде шығарылады, басым бөлігі бүйрекпен тубулярлық сүзіліс және өзекшелік сөлініс жолымен өзгермеген күйде (40-50%) және метаболиттер түрінде (15%), қалған бөлігі – асқазан-ішек жолы арқылы (АІЖ) өтпен және нәжіспен шығарылады. Бүйрек клиренсі - 3-5 мл/мин/кг, жалпы клиренс - 8-10 мл/мин/кг. Бүйрек жеткіліксіздігінде (креатинин клиренсі (КК) 20 мл/мин жоғары) бүйрек арқылы шығарылатын препараттың пайызы төмендейді, бірақ препарат метаболизмінің компенсаторлық ұлғаюының және нәжістермен шығарылуының салдарынан организмде жинақталуы жүрмейді. Ауыр бүйрек жеткіліксіздігі бар науқастарға (КК 20 мл/мин/1,73 кв.м төмен) тәуліктік дозаның жартысын тағайындау қажет. Емдік концентрациялары (биологиялық белсенді кезеңі) 10-12 сағат бойы, ал несепте 24 сағатқа дейін ұсталып тұрады. Постантибиотикалық тиімділігімен қосыла ауқымданған жартылай шығарылу кезеңі ципрофлоксацинді тәулігіне небәрі екі рет ішу арқылы тағайындауға мүмкіндік береді.

Метронидазол ішке қабылдағаннан кейін жылдам және толық дерлік сіңеді. Ас ішу препараттың сіңірілуіне әсер етпейді. Метронидазолдың плазмалық концентрациялары енгізілген дозаға пропорционал. Ең жоғары 5-10 мкг/мл плазмалық концентрациялары бір реттік 250 және 500 мг дозаны енгізгеннен кейін бір сағаттан соң білінеді. Метронидазол тіндерге (өкпе, бүйрек, бауыр, тері, өт, жұлын сұйықтығы, сілекей, қынап сөлі, ұрық сұйықтығы және емшек сүті) жылдам еніп, плаценталық бөгет арқылы өтеді. Таралу көлемі: ересектерде - шамамен 0,55 л/кг, жаңа туған нәрестелерде – 0,54-0,81 л/кг. Сәбидің қан плазмасындағы метронидазолдың және оның метаболиттерінің концентрациялары ана қанындағы концентрациясының 10-20%-ын құрайды. Метаболизмі бауырда жүзеге асады. Организмде гидроксилдену, тотығу және глюкурондану жолымен метронидазолдың 30-60%-ға жуығы метаболизденеді. Негізгі метаболиті де (2-оксиметронидазол) протозойға қарсы және микробқа қарсы әсер көрсетеді. Қалыпты бүйрек қызметінде жартылай шығарылу кезеңі Т 1/2 - 8 сағат (6-12 сағат аралығы), бауырдың алкогольді зақымдануында – 18 сағат (10-29 сағат аралығы), 28-30 апта жүктілік мерзімінде туылған жаңа туған нәрестелерде - шамамен 75 сағат, тиісінше, 32-35 апталықтарда - 35 сағат, 36-40 апталықтарда – 25 сағат. Қан ақуыздарымен байланысы болымсыз, 8-10%-дан аспайды. Бүйрекпен 60-80% (20% өзгермеген күйде), ішек арқылы - 6-15% шығарылады. Бүйрек клиренсі – 10,2 мл/мин. Бүйрек қызметі бұзылған науқастарда қайталап енгізгеннен кейін қан сарысуында метронидазолдың жинақталуы байқалады, сондықтан ауыр бүйрек жеткіліксіздігі бар науқастарда қабылдау жиілігін азайту керек.

Фармакодинамикасы

Ципрофлоксацин тіптен төмен ЕПК-да (0,01-2 мг/мл аралығы) микробқа қарсы әсер етудің кең ауқымын иеленген, грамтеріс бактерияларға қатысты белсенділігі басым, анаэробтарға әсер ету айқындылығы аз. Enterococcus faecalis, Staphylococcus aureus, Staphylococcus epidermidis, Streptococcus pneumoniae, Streptococcus pyogenes, Campylobacter jejuni, Citrobacter diversus, Citrobacter freundii, Enterobacter cloacaae, Escherichia coli, Haemophilus influenzae, Haemophilus parainfluenzae, Klebsiella pneumoniae, Morganella morganii, Neisseria gonorrhoeae, Proteus mirabilis, Proteus vulgaris, Providencia rettgeri, Providencia stuartii, Pseudomonas aeruginosa, Salmonella typhi, Serratia marcescens, Shigella flexneri, Shigella sonnei, Staphylococcus haemolyticus, Staphylococcus hominis, Staphylococcus saprophyticus, Acinetobacter spp., Acinetobacter calcoaceticus, Aeromonas caviae, Aeromonas hydrophilia, Brucella melitensis, Campylobacter coli, Edwardsiella tarda, Enterobacter aerogenes, Haemophilus ducreyi, Klebsiella oxytoca, Legionella pneumophila, Moraxella (Branhamella) catarrhalis, Neisseria meningitidis, Pasteurella multocida, Salmonella enteritidis, Vibrio cholerae, Vibrio parahaemolyticus, Vibrio vulnificus, Yersinia enterocolitica, Chlamydia trachomatis, Mycobacterium tuberculosis-терге ықпалын тигізеді. Қышқылды ортада белсенділігі төмендейді. Төзімділігі баяу және біртіндеп дамиды («көп сатылы» түрі).

Көптеген стафилококктардың штаммдарына (пенициллиназаны өндіретін және өндірмейтін, метициллинге төзімді), энтерококктардың кейбір түрлеріне, сондай-ақ кампилобактерге, легионеллаларға, микоплазмаларға, хламидияларға, микобактерияларға қатысты белсенді. Алайда метициллинге төзімді стафилококктардың көпшілігі ципрофлоксацинге де төзімді. Сонымен қатар, лактамдық антибиотиктерге төзімді қоздырғыштарға (бета-лактамазаларды өндіретін), аминогликозидтерге, тетрациклиндерге қатысты белсенді. Streptococcus pneumoniae, Enterococcus faecalis бактериялардың сезімталдығы орташа. Препаратқа Corynebacterium spp., Bacteroides fragilis, Pseudomonas cepacia, Pseudomonas maltophilia, Ureaplasma urealyticum, Clostridium difficile, Nocardia asteroides төзімді. Қалыпты ішек флорасының негізгі бөлігін құрайтын анаэробтарға бәсеңдету әсерін және вирустарға, зеңдерге, қарапайымдарға емдік әсерін көрсетпейді. Treponema pallidum-ға қатысты тиімсіз.

Ципрофлоксацин әсер етудің екі механизмін иеленген, бұл оны басқа антибиотиктерден қуатты етеді.

1. ДНҚ-гиразаның толық бөгелісі: ДНҚ хромосомалық молекулаларының суперспирализациялаушы бөліктері ДНҚ-гиразаның екі суббірлігін де тежейді (генетикалық ақпаратты есептеу үшін қажет), ДНҚ биосинтезін, бактериялардың өсуін және бөлінуін бұзады. Ципрофлоксациннің әсері (басқа фторхинолондардан ерекшелігі) рифампицинмен немесе хлорамфениколмен тежелмейді. Ол фторхинолондарға төзімді басқа бактерияларға қарсы тиімді бола алады.2. Айқын морфологиялық өзгерістер (жасуша қабырғасын және бактерия жарғақшасын бұзады) бактериялық жасушаның жылдам қырылуын да туғызып, оның бактерицидтік белсенділігін күшейтеді. Ципрофлоксацин құрылымында циклопропил сақинасының болуы препараттың түгел дерлік аэробтық бактерияларға қатысты белсенділігін, сондай-ақ барлық тіндердегі (орталық жүйке жүйесін қоспағанда) биожетімділігін қамтамасыз етеді.

Метронидазол – протозойға қарсы және микробқа қарсы препарат, 5-нитроимидазол туындысы. Әсер ету механизмі анаэробтық микроорганизмдердің және қарапайымдардың жасушаішілік тасымалдаушы ақуыздарының 5-нитротобын биохимиялық қалпына келтірумен жүзеге асады. Қалпына келтірілген 5-нитротоп микроорганизмдер жасушасының ДНҚ-сымен өзара әрекеттесіп, олардағы нуклеин қышқылдарының синтезін тежейді, бұл бактериялардың қырылуына апарады. Trichomonas vaginalis, Entamoeba histolytica, Gardnerella vaginalis, Giardia intestinalis, Lamblia spp., сондай-ақ облигаттық анаэробтар Bacteroides spp. (соның ішінде Bacteroides fragilis, Bacteroides distasonis, Bacteroides ovatus, Bacteroides thetaiotaomicron, Bacteroides vulgatis), Fusobacterium spp., Veilonella spp., Prevotella (P. bivia, P. buccae, P. disiens) және кейбір грамоң микроорганизмдерге (Eubacterium spp., Clostridium spp., Peptococcus spp., Peptostreptococcus spp.) қатысты белсенді. Осы штаммдарға тән ЕПК 0.125-6.25 мкг/мл құрайды. Метронидазолға кейбір аэробтық грамтеріс микроорганизмдер (хеликобактер, гарднерелла) сезімтал.

Метронидазол емшек сүтіне өтеді.

Метронидазолдың алкоголизмнен зардап шегетін тұлғаларға тағайындалуы оларда алкогольге деген жиіркеніштің қалыптасуына (антабус тәрізді реакция) әкеледі.

Қолданылуы

- әсіресе Klebsiella, Enterobacter, Proteus, Pseudomonas, Legionella, Staphylococcus, E.coli туғызған тыныс алу жолдарының жұқпалары (жедел бронхит және созылмалы түрінің өршуі, пневмония, ауруханадан тыс түрін қоса (пневмококкты түрінен басқа), бронхопневмония, бронхоэктатикалық ауру, жұқпаланған бронхоэктазалар, жұқпалы плеврит, эмпиема, муковисцидозы бар науқастардағы өкпе абсцесі және өкпе жұқпалары)

- кіші жамбас астауы ағзаларының, несеп-жыныс жүйесінің, бүйректің және несеп шығару жолдарының жұқпалары (цистит, пиелонефрит, простатит, аднексит, сальпингит, оофорит, эндометрит, тубулярлық абсцесс, эпидидимит, жамбас перитониті, несеп шығару жолдарының созылмалы, асқынған, салдарлы және қайталанған жұқпалары), В. Fragilis тобын қоса Bacteroides түрлері туғызған жұқпалар, Clostridium, Peptococcus және Реptostreptococcus түрлері туғызған құрсақ қуысының жұқпалары (перитонит, бауыр абсцесі)

- венерологиялық аурулар (соз, уретральді, ректальді және жұтқыншақтық гонококк жұқпаларын, сондай-ақ төзімді гонококктар туғызған түрін қоса), жұмсақ шанкр, хламидиоз, трихомониаз қатарласқан соз - құрсақ қуысының және асқазан-ішек жолының жұқпалары (өт қабының және өт шығару жолдарының, құрсақішілік абсцестер, перитонит, сальмонеллез, соның ішінде іш сүзегі, кампилобактериоз, иерсиниоз, шигеллез, холера, бактериялық диареялар, антибиотиктер қолданумен байланысты жалған жарғақшалы колит)

- сүйектердің және буындардың жұқпалары (остеомиелит, септистік артрит)

- ЛОР ағзаларының жұқпалы-қабыну аурулары

- операциядан кейінгі асқынулардың алдын алу (әсіресе, жиекті ішектегі, ректальді аймақтағы араласулар, апендэктомия, гинекологиялық операциялар)

- сепсис, септицемия, бактериемия

- иммунитеті төмендеген науқастардағы жұқпалардың алдын алу және емдеу, соның ішінде иммунодепрессанттармен емдеу аясында және нейтропения - хирургиялық араласулар кезіндегі жұқпалардың алдын алу

- ішектің таңдамалы деконтаминациясы үшін.

Қолдану тәсілі және дозалары

Ципромет дозасын жұқпа ауырлығының, микроорганизм түрінің және науқастың жасы, дене салмағы мен бүйрек қызметінің негізінде белгілейді.

- тыныс алу жолдарының төменгі бөліктерінің жеңіл жұқпалары – 1/2 таблетка, орташа ауырлықта және ауыр түрінде –1 таблетка әр 12 сағатта. Доза 1,5 таблеткада әр 12 сағат сайын орташа сезімтал стрептококктар туғызған жұқпа жағдайларында қолданылуға тиіс

- несеп шығару жолдарының асқынбаған жұқпалары: 1/2 таблетка әр 12 сағатта

- айқын тиісті құрылымдық аномалиялары бар науқастардағы простатит және несеп шығару жолдарының асқынған жұқпалары: 1 таблетка әр 12 сағатта

- ЛОР-ағзалардың жұқпалары: 1-1,5 таблетка әр 12 сағатта

- сүйектер мен буындардың жұқпалары: 1-1,5 таблетка әр 12 сағатта

- құрсақ қуысының және асқазан-ішек жолының жұқпалары: 1/2-1 таблетка әр 12 сағатта

- іш сүзегі: 1-1,5 таблетка әр 12 сағатта 10 күн бойы

- гинекологиялық жұқпалар: 1 таблетка әр 12 сағатта

- операциядан кейінгі асқынулардың алдын алу (әсіресе, жиекті ішектегі, ректальді аймақтағы араласулар, апендэктомия, гинекологиялық операциялар): 1 таблетка әр 12 сағатта 7 күн бойы

- трихомониаз қатарласқан соз: 1 таблетка әр 12 сағатта

- септицемия, бактериемия және іш қуысының жұқпалары: бастапқыда – ципрофлоксацинмен және метронидазолмен к/і емдеу, сонан соң 1-1,5 таблеткадан әр 12 сағат сайын ішке Ципромет қабылдауға көшуге болады

- иммунитеті төмендеген науқастардағы жұқпалардың алдын алу және емдеу, соның ішінде иммунодепрессанттармен емдеу аясында және нейтропенияда: 1 таблетка әр 12 сағатта

Ауыр бүйрек жеткіліксіздігі бар науқастарда (креатинин клиренсі 20 мл/мин аз) қосынды тәуліктік дозаны екі есе азайту керек.

Қажет болса, ішу арқылы дозаны тәулігіне 2 рет 2 таблеткаға дейін көбейтуге болады. Ципрометті ас ішуге байланыссыз тағайындауға болады. Дегенмен үздік биожетімділігіне жету үшін оны тамақтанудан кейін 2 сағаттан соң шайнамастан аш қарынға қабылдаған дұрыс. Антацидтерді, сукральфатты және темір препараттарын бір мезгілде қабылдаудан аулақ болу керек. Ципрометпен емделу аясында науқастарға көп сұйық ішу қажет.

Емдеу ұзақтығы жұқпаның ауырлығына, клиникалық реакцияға және бактериологиялық деректерге байланысты. Әдетте жедел жұқпалар емінің ұзақтығы 5 күннен 14 күнге дейін құрайды, сүйектер мен буындардың жұқпаларында емдеу курсы 4-6 аптаға дейін ұзартылуы мүмкін. Тұтас алғанда, емдеуді жұқпа белгілері жоғалғаннан кейін кемінде 2-3 күн жалғастырған жөн.

Жағымсыз әсерлері

- жүрек айну, құсу, іштің ауыруы, диарея

- бас ауыруы, бас айналуы, мазасыздық, көңіл-күйдің өзгеруі, сананың шатасуы, ұйқы бұзылысы, діріл, көрудің, дәм сезудің, иіс сезудің нашарлауы, құлақтың шуылдауы, құрысулар, бас айналу, қозғалыс үйлесімінің бұзылуы, атаксия, дизортрия, депрессия, шеткергі нейропатия, ұйқышылдық, тетурам тәрізді әсер.

- тахикардия, аритмия, естен тану, ЭКГ-да Т тісшесінің төмендеуі

- церебральді артериялар тромбозы, бассүйекішілік қысымның көтерілуі

- буын ауырулары, бұлшықет ауырулары, тендовагинит, сіңірлердің жарылулары (глюкокортикоидтармен бір мезгілде тағайындағанда)

- сарысулық трансаминазалардың жоғарылауы, гипопротромбинемия, гипергликемия

- тері бөртпесі, тері қышымасы, есекжем, петехиялар, дәрілік қызба

- фотосенсибилизация, беттің және көмейдің ісінуі, ентігу

- дисбактериоз, кандидоз

- тәбеттің төмендеуі, ауыздың «металл» татуы, ауыздың кеберсуі, жүрек айну, құсу, диарея, іштің ауыруы, метеоризм, панкреатит, холестатикалық сары ауру, гепатит, глоссит, стоматит

- қайтымды лейкопения (нейтропения) және қайтымды тромбоцитопения, анемия, эозинофилия, лейкоцитоз, тромбоцитоз

- дизурия, полиурия, түстің күңгірттенуі, протеинурия, гематурия, кристаллурия, несеп іркілісі, интерстициальді нефрит, гломерулонефрит

- васкулит, жалған жарғақшалы колит, анафилактикалық реакциялар, Стивенс-Джонсон синдромы және Лайелл синдромы,

- эпифора (көздің жасаурауы)

- артралгиялар, артрит, тендовагинит, сіңірлердің жарылуы, астения, миалгия.

Бұл реакциялар көбіне жоғары дозаларды ұзақ уақыт қабылдағанда байқалып, емдеуді тоқтатқанда үдеуі басылады.

Қолдануға болмайтын жағдайлар

- метронидазолға, ципрофлоксацинге немесе фторхинолондардың кез келген басқа туындысына асқын сезімталдық (немесе сыртартқыда осылар көрсетілген болса)

- ОЖЖ-нің органикалық зақымданулары

- қан аурулары, лейкопения (соның ішінде сыртартқыда)

- жедел порфирия

- жүктілік және лактация

- 18 жасқа дейінгі балалық және жасөспірімдік кезең

- глюкозо-6-фосфатдегидрогеназа тапшылығы

- бүйрек/бауыр жеткіліксіздігі

Дәрілермен өзара әрекеттесуі

Ципромет, хлоридтер мөлшерін азайтады және плазмадағы кофеин, аминофиллин деңгейін жоғарылатады.

Ципромет теофиллинмен қосылғанда соңғысының қандағы концентрациясының артуына әкелуі мүмкін.

Ципромет циклоспоринмен қосылғанда қысқа мерзімде қан сарысуындағы циклоспорин концентрациясының (оның нефроуыттылығының артуы) және креатинин деңгейінің жоғарылауына алып келеді.

Сукральфат, висмут препараттары, құрамында алюминий, магний немесе кальций иондары бар антацидтер, циметидин, ранитидин, микроэлементті витаминдер, темір сульфаты, цинк, диданозин, іш жүргізетін дәрілер Ципрометтің сіңуін, оның сарысу мен несептегі концентрациясын төмендетеді, сондықтан осы препараттарды тағайындау арасындағы уақыт аралығы 2 - 4 сағаттан кем болмауға тиіс.

Ципромет қабынуға қарсы стероидтық емес дәрілермен (ҚҚСД) қосылғанда ОЖЖ қозуының жоғарылауын және құрысуларды туындатуы ықтимал.

Ципромет ішу арқылы қабылданатын антикоагулянттар тиімділігін күшейтеді (қан кету уақытын ұзартады). Ципромет пен варфаринді бір мезгілде қолданғанда соңғысының әсері күшеюі мүмкін.

Пробенецид, азлоциллин қандағы Ципромет концентрациясын жоғарылатады.

Ципрометті глибенкламидпен бір мезгілде қолдану соңғысының әсерін күшейтуі мүмкін.

Несепті сілтілендіретін препараттар (цитраттар, натрий бикарбонаты, карбоангидраза тежегіштері) Ципрометтің ерігіштігін төмендетеді.

Бета-лактамдық антибиотиктермен, аминогликозидтермен, ванкомицинмен, клиндамицинмен, эритромицинмен қосылғанда Ципрометтің белсенділігі артады.

Ципрометті бактериостатикалық антибиотиктермен және нитрофурандармен біріктіргенде осы препараттар арасында антагонизм пайда болуы мүмкін.

Барбитураттардың ықпал етуімен Ципрометтің тиімді әсері төмендейді, өйткені бауырда Ципромет құрамына кіретін метронидазол белсенділігінің жойылуы жеделдейді.

Ципромет пен этил спиртін бірге қолданғанда метронидазолдың альдегиддегидрогеназа ферментін бөгеуі салдарынан беттің қызаруы, құсу, іштің ауыруы болуы мүмкін.

Ципрометті тетураммен біріктіруге болмайды, өйткені осы препараттар өзара әрекеттескенде сананың көмескіленуі, психотикалық бұзылыстар болуы мүмкін. Нейроуытты препараттармен бір мезгілде енгізу осы бағыттағы асқынуларды туғызуы ықтимал.

Адсорбенттер, холестирамин, тұтқырлайтын және бүркемелеуші дәрілер Ципрометтің асқазан-ішек жолында сіңуін азайтады.

Амоксициллинмен біріктіргенде Helicobacter pylori-ге қатысты белсенділік танытады.

Айрықша нұсқаулар

Ципромет ОЖЖ-сін көтермелей алады. Сыртартқысында эпилепсиясы, құрысу ұстамалары, тамыр аурулары және мидың органикалық зақымданулары (ауыр церебральді атеросклероз) бар науқастарға Ципрометті өмірлік көрсетілімге қарай тағайындау керек.

Егде жаста абайлап тағайындайды (қан плазмасындағы концентрацияны бақылау қажет). Бұл жағдайларда аурудың ауырлық сипатына қарай препарат дозасын азайту ұсынылады.

Ципрометпен емдеу аясында кейбір зертханалық көрсеткіштердің өзгеруі: несепте шөгіндінің пайда болуы, сарысудағы мочевина, креатинин, билирубин, бауыр трансаминазалары концентрацияларының уақытша жоғарылауы, жекелеген жағдайларда - гипергликемия, кристаллурия, гематурия, протромбин көрсеткіштерінің өзгеруі мүмкін. Несептің күңгірт боялуының клиникалық мәні жоқ. Кристаллурияның алдын алу үшін Ципромет алатын науқастар жеткілікті сұйық мөлшерін ішуге тиіс. Несептің шамадан тыс сілтіленуін болдырмаған дұрыс. Ұсынылған тәуліктік дозадан асыруға болмайды.

Емдеу үдерісінде қандағы мочевина, креатинин, бауыр трансаминазалары концентрацияларын бақылау қажет. Бүйрек жеткіліксіздігі бар науқастарда дозаны азайту керек.

Емдеу кезінде немесе одан кейін ауыр және ұзаққа созылған диарея пайда болғанда жалған жарғақшалы колит диагнозын жоққа шығарған жөн, ол препаратты дереу тоқтатып, тиісінше ем тағайындалуын талап етеді.

Сіңірлердегі ауырулар білінгенде немесе тендовагиниттің алғашқы нышандары пайда болғанда емдеу тоқтатылады (фторхинолондармен емдеу кезінде сіңірлердің қабынуының, тіпті жарылуының жекелеген жағдайлары сипатталған).

Емделу кезеңінде тіке түсетін күн сәулесімен жанасудан аулақ болу керек, УК-ді әсер етумен байланысты физиоем-шаралар тағайындауға болмайды. Емделушілерге препаратты тоқтатқаннан кейін 5-7 күн ішінде инсоляция режимін шектеу жөнінде ескерту қажет.

Бауыр қызметі төмендегенде метронидазолдың жинақталуы жүреді, бұл Ципромет дозасын азайтуды талап етеді. Емдеу курсы кезінде және екпінді дозадан кейінгі үш күн ішінде (трихомониазы бар созды емдегенде) спиртті ішімдіктерді тұтынуға қатаң тыйым салынады (метронидазол аясында дисульфирам тәріздес реакциялардың даму қаупі).

Препаратты қолданған кезде әлсіз көрініс беретін лейкопения және нейтропения байқалуы мүмкін, сондықтан 7-10 күндік емдеу курстарында қан көрінісін (лейкоциттер саны), әсіресе емдеу курсын қайталау керек болатын жағдайларда (трихомониазда, амебиазда) бақылау керек.

Қанның түзілуі бұзылған кезде абайлап қолданған дұрыс, өйткені қан түзудің бастапқы бұзылуларында лейкопения мен нейтропенияның даму қаупі артады. Препаратты ұзақ уақыт тағайындағанда қан көрінісін ай сайын тексеру керек.

Ципромет ауыздың кеберсуін және дәм сезудің нашарлауын туғызуы мүмкін. Ауыздың кеберсуі тіс жегісінің, тіс айналасындағы тіндер ауруларының және ауыз қуысы кандидозының дамуына ықпал етеді.

Ципрометпен емделген кезде кейде қынаптың зеңдік флорасының артық шамада дамуы байқалады, бұл зеңге қарсы препараттармен қатарлас емдеуді талап етеді.

Жүктілік және лактация

Жүктілік кезінде қолдану ұсынылмайды. Препаратты қабылдау кезінде емшекпен қоректендіруді тоқтатады.

Дәрілік заттың көлік құралдарын немесе қауіптілігі зор механизмдерді

басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері

Ципрометпен емделу кезінде емделушілер жоғары зейін шоғырландыру және жоғары реакциялық қабілет қажеттілігімен байланысты қызметті шектеген дұрыс.

Артық дозаланғанда

Келесі белгілер байқалуы ықтимал: жүрек айну, құсу, атаксия, ауыр жағдайларда - шеткергі нейропатия және эпилепсиялық ұстамалар. Емі: асқазанды шаю, сұйықтықтың көп көлемін енгізу, несептің қышқылды реакциясының түзілуі, қосымша - гемодиализ және перитонеальді диализ (перинетонеальді диализ кезінде метронидазол мардымсыз мөлшерлерде шығарылады).

Барлық шаралар өмірлік маңызды ағзалар қызметін демеу аясында жүргізіледі. Препараттың арнайы у қайтарғылары жоқ.

Шығарылу түрі және қаптамасы

Пішінді ұяшықты қаптамадағы №10 таблеткаларды медицинада қолданылуы жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон пәшкеге салады.

Сақтау шарттары

Құрғақ, жарықтан қорғалған жерде, 25оС-ден аспайтын температурада сақтау керек.

Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!

Сақтау мерзімі

3 жыл

Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды.

Дәріханалардан босатылу шарттары

Рецепт арқылы

Өндіруші

«Kwality Pharmaceuticals PVT Ltd.» Үндістан, «Деново Импекс» ЖШС қаптаған, Қазақстан Республикасы

Тіркеу куәлігінің иесі

«Деново Импекс» ЖШС, Қазақстан

Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан өнім (тауар) сапасына қатысты шағымдар қабылдайтын ұйымның мекенжайы:

Қазақстан Республикасы, Алматы қ., Өтеген батыр к-сі, 13

Тел.: (7272) 771998 E-mail: denovokz@rambler.ru

 

Прикрепленные файлы

645925581477977175_ru.doc 98 кб
875573301477978335_kz.doc 118.5 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту

Источники

Национальный центр экспертизы лекарственных средств, изделий медицинского назначения и медицинской техники