Ципро® (500 мг)

МНН: Ципрофлоксацин
Производитель: Биофарма Илач Сан. ве.Тидж. А.Ш.
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Ciprofloxacin
Номер регистрации в РК: № РК-ЛС-5№003939
Информация о регистрации в РК: 07.12.2012 - 07.12.2017

Инструкция

Саудалық атауы

Ципро

Халықаралық патенттелмеген атауы

Ципрофлоксацин

Дәрілік түрі

Қабықпен қапталған таблеткалар, 500 мг

Құрамы

Бір таблетканың құрамында

белсенді зат 582 мг ципрофлоксацин гидрохлориді моногидраты

(500 мг ципрофлоксацинге баламалы),

қосымша заттар: микрокристалды целлюлоза, жүгері крахмалы, кросповидон, натрий кроскармеллозасы, сусыз коллоидты кремнийдің қостотығы, магний стеараты,

қабық құрамы - ақ опадрай Y-1-7000 гидроксиметилпропилцеллюлоза 2910 5ср, титанның қостотығы Е-171, полиэтиленгликоль 400.

Сипаттамасы

Ақ түсті қабықпен қапталған, екі жақ беті дөңес, бір жақ бетінде сызығы бар таблеткалар.

Фармакотерапиялық тобы

Микробқа қарсы препараттар – хинолон туындылары. Фторхинолондар. Ципрофлоксацин.

АТХ коды J01MA02

Фармакологиялық қасиеттері

Фармакокинетикасы

Ципрофлоксацин ішке қабылдағаннан кейін асқазан-ішек жолынан тез сіңеді және организмнің тіндері мен сұйықтықтарына таралады. Биожетімділігі 50-85%. Қан плазмасындағы ең жоғары концентрациясына 1-1,5 сағаттан соң жетеді және 0,1 мкг/мл құрайды. Қан плазмасы ақуыздарымен байланысуы 20-40%. Препараттың жоғары концентрациялары өкпе, бүйрек, бауыр, өт қабы, ұрық сұйықтығы, қуық асты безінің тіндері, бадамша бездер, эндометрий, фаллопий түтіктері мен аналық бездерде байқалады. Бұл тіндердегі препарат концентрациясы сарысудағыдан жоғары. Ципрофлоксацин сүйектерге, көз жасы сұйықтығына, бронх секретіне, сілекейге, теріге, бұлшықеттерге, плевраға, ішпердеге, лимфаға жақсы өтеді.

Қан нейтрофильдерінде жинақталатын препарат концентрациясы сарысудағыдан 2-7 есе жоғары.

Организмдегі таралу көлемі 2 – 3,4 л/кг құрайды. Жұлын сұйықтығына препарат аздаған мөлшерде өтеді, ондағы концентрациясы қан сарысуындағы концентрациясынан 6-10% құрайды.

Бауырда метаболизденіп (15-30%), белсенділігі аз метаболиттер (диэтилципрофлоксацин, сульфоципрофлоксацин, оксоципрофлоксацин, формилципрофлоксацин) түзеді. Жартылай шығарылу кезеңі 3-5 сағат, несеппен 50-70%, нәжіспен 15-30% шығарылады.

Фармакодинамикасы

Ципро синтетикалық фторхинолон болып табылады, бактерицидтік қасиеттері бар. ДНҚ-гиразаны басады және бактериялық ДНҚ синтезін бәсеңдетеді. Грамтеріс микроорганизмдерге тыныштық және бөліну кезеңінде, грамоң микроорганизмдерге тек бөліну кезеңінде бактерицидті әсер етеді.

Препарат қабылдау аясында гираза тежегіштері тобына жатпайтын басқа антибиотиктерге төзімділіктің қатар өндірілуі жүрмейді, бұл оны аминогликозидтерге, пенициллиндерге, цефалоспориндерге, тетрациклиндерге және басқа да антибиотиктерге төзімді бактерияларға қатысты жоғары тиімді етеді.

Ципро грамтеріс аэробты бактерияларға: Campylobacter jejuni, Citrobacter spp., Enterobacter spp., Escherichia coli, Haemophilus spp., Klebsiella spp., Morganella morganii, Proteus spp., Providencia spp., Pseudomonas aeruginosa, Salmonella spp., Serratia marcensens, Shigella spp., Neisseria spp., Aeromonas spp., Vibrio spp., Yersinia spp., Psteurella multocida, Plesiomonas shigelloides; грамоң аэробты бактерияларға: Staphylococcus spp., Streptococcus agalactiae, Streptococcus pyogenes қатысты белсенді.

Препарат кейбір жасушаішілік қоздырғыштарға да (Leoginella pneumophila, Brucella spp., Chlamydia trachomatis, Listeria monocytogenes, Mycobacterium tuberculosis, Mycobacterium kansasii, Corynebacterium diphtheriae) қатысты белсенді.

Препаратқа Streptococcus pneumoniae, Enterococcus faecalis, Mycoplasma hominis, Gardnerella spp., Mycobacterium avium-intracellulare (оларды бәсеңдету үшін жоғары концентрациялар қажет болады) орташа сезімтал.

Препаратқа Bacteroides fragalis, Pseudomonas cepacia, Pseudomonas maltophilia, Ureaplasma urealyticum, Clostridium difficile, Nocardia asteroidеs төзімді.

Препарат Treponema pallidum қатысты белсенді емес.

Метилциллинге төзімді көптеген стафилококтар Ципроға да төзімді.

Қолданылуы

– тыныс алу жолдарының жұқпаларында

– ЛОР-ағзалар жұқпаларында

– бүйрек және несеп шығару жолдарының жұқпаларында

– гинекологиялық жұқпаларда (соның ішінде аднексит)

– ас қорыту жүйесінің жұқпаларында (соның ішінде ауыз, тіс қуысының)

– өт қабы мен өт шығару жолдарының жұқпаларында

– терінің, шырышты қабықтар мен жұмсақ тіндердің жұқпаларында

– тірек-қимыл аппаратының жұқпаларында

– сепсисте және перитонитте

– иммунитеті төмен науқастарда жұқпалардың алдын алуда және емдеуде (иммунодепрессанттармен емдеу кезінде)

Қолдану тәсілі және дозалары

Ішке. Ересектерге. Таблеткаларды тамақтанудан кейін, аздаған су мөлшерімен, шайнамай, бүтіндей жұтады.

Ауырлығы жеңіл және орташа дәрежедегі несеп жүйесінің жұқпаларында, ересектерге арналған доза - 2 рет/тәулігіне 250 мг; жұқпаның ауыр және біріккен түрінде, ересектерге арналған доза - 2 рет/тәулігіне 500 мг.

Емдеу курсы 7 – 14 күн.

Тыныс жолдарының, буындардың, терінің және жұмсақ тіндердің жедел жұқпаларында препарат дозасы тәулігіне 2 рет 500 мг құрайды. Жедел жұқпалардың аса ауыр түрлерінде тәулігіне 2 рет 750 мг қабылданады.

Дозалар әр адамға жекелей белгіленеді, жұқпа үдерісінің ауырлығы мен бүйректің функционалдық жағдайы ескеріледі.

Емдеу курсы 7 – 14 күн.

Жедел септицемияда, абсцесте, пневмонияда, эндокардитте және остеомиелитте - тәулігіне 2 рет 750 мг. Емдеу курсы 4 – 6 апта.

Созда бір реттік дозасы 250 мг (1/2 таб.) құрайды.

Клиникалық және бактериологиялық жақсару болғанда емді 2-3 күн бойы жалғастыру ұсынылады.

Стрептококк жұқпаларында емдеу курсы 10 күннен кем емес.

Бүйрек функциясының бұзылуында дозалау режимі

1.1 Креатинин клиренсі минутына 31-ден 60 мл-ге дейін немесе оның қан плазмасындағы концентрациясы 1,4-тен 1,9 мг/100 мл дейін болғанда ең жоғары Ципро дозасы тәулігіне 1000 мг құрауы тиіс (2 таб. – тәулігіне 2 рет). 1.2 Креатинин клиренсі минутына 5-тен 30 мл-ге дейін немесе оның қан плазмасындағы концентрациясы 2,0 мг/100 мл-ден астам болғанда ең жоғары Ципро дозасы тәулігіне 500 мг құрауы тиіс (1 таб. – тәулігіне 2 рет). Перитонеальді диализ жасалғанда Ципроны емшара аяқталған соң қабылдайды.

Жағымсыз әсерлері

– аяқтардың ауыруы

– жүрек қағуын сезіну, жүрекшелер фибрилляциясы, эктопиялық қарынша ырғағы, естен тану, артериялық гипертензия, стенокардия, миокард инфарктісі, кардиопульмональді шок, ми қантамырларының тромбозы

– бас айналу, қорқынышты түстер көру, елестеулер, маниакальді реакциялар, ашушаңдық, атаксия, құрысу ұстамалары, енжарлық, ұйқышылдық, әлсіздік, дімкәстік, анорексия, фобиялар, деперсонализация, парестезиялар

– ауыз қуысының шырышты қабығының ауыруы, ауыз қуысының кандидозы, дисфагия, ішектің тесілуі, асқазан-ішектік қан кетулер, холестаздық сарғаю

– артралгия, арқаның ауыруы, буындардың сіресуі, мойын аумағының немесе кеуденің ауыруы, подаграның күрт өршуі

– интерстициальді нефрит, полиурия, несеп шығару іркілісі, несеп шығару өзегінен қан кету, вагинит, ацидоз, сүт бездерінің ауырсынуы

– ентігу, мұрыннан қан кету, көмейдің немесе өкпенің ісінуі, ықылық, қан түкіру, бронхтың түйілуі, өкпе артериясының тромбоэмболиясы

– беттің қызаруы, беттің, мойынның, еріннің, көздің шырышты қабығының, қолдың ісінуі, тері кандидозы, гиперпигментация

– анық көрмеу, түрлі-түстерді ажырата алмау, жарыққа жоғары сезімталдық, көру жітілігінің төмендеуі, диплопия, көздің ауыруы, құлақтың шыңылдауы, естудің жоғалуы, дәм сезудің бұзылуы

Постмаркетингтік жағымсыз әсерлер (дәрілік препараттардың өзара әрекеттесуін есепке алмай, ципрофлоксацинді қоса, хинолондарды кең пайдаланумен байланысты):

– үрейлі қозу, сананың шатасуы, сандырақтау, уытты психоз, шеткергі нейропатия, фотосенсибилизация реакциясы/фотоуытты реакциялар, гиперестезия, аносмия, жалған салданған ауыр миастенияның өршуі, миоклония, нистагм, дәм сезудің жоғалуы, гипестезия, миалгия

– агранулоцитоз, қан сарысуында холестерин деңгейінің жоғарылауы, қан глюкозасы деңгейінің артуы, гемолитикалық анемия (өмірге қауіп төндіретін), сүйек кемігі қызметінің бәсеңдеуі, пангемоцитопения, метгемоглобинемия, қан сарысуында фенитоин деңгейінің өзгеруі және калий деңгейінің артуы, протромбин уақытының ұзаруы, қан сарысуында триглицеридтер деңгейінің жоғарылауы

  • альбуминурия, кандидурия, бүйректегі тастар

– іш қатулар, асқазан бұзылыстары, дисфагия, метеоризм, сарғаю, бауыр функциясының жеткіліксіздігі (өлімге ұшырататын жағдайларды қоса), бауыр некрозы, панкреатит, жалған жарғақшалы колит

  • постуральді гипотензия, гипертония, васкулит

  • тендинит, сіңірлердің үзілуі

– анафилактикалық реакциялар, экссудаттық эритема, эксфолиативті дерматит, Стивенс-Джонсон синдромы, уытты эпидермальді некролиз

  • кандидоз (қынаптың, ауыз қуысының)

Қолдануға болмайтын жағдайлар

- ципрофлоксацинге және препараттың басқа компоненттеріне жоғары сезімталдық

- жүктілік және лактация кезеңі

- 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерге

- Ципро мен Тизанидинді бір мезгілде қабылдау

Сақтықпен: ми қантамырларының айқын атеросклерозы, ми қан айналымының бұзылуы, психикалық аурулар, эпилепсия, эпилепсиялық синдром, айқын бүйрек және/немесе бауыр функциясының жеткіліксіздігі, егде жас.

Дәрілермен өзара әрекеттесуі

Ципрофлоксацин (пероральді) және құрамында катион бар көп валентті препараттар мен минералды қоспаларды (мысалы, кальций, магний, алюминий, темір), полимерлі фосфат байланыстырушы препараттарды (мысалы, севеламер), сукральфат немесе антацидтерді және құрамында магний, алюминий немесе кальций бар, буферлі ерітінділер мөлшері жоғары дәрілік препараттарды (мысалы, таблеткалар түріндегі диданозин) бірге қолдану ципрофлоксациннің сіңу деңгейін төмендетеді. Демек, ципрофлоксацинді осы препараттар қабылдауға дейін 1-2 сағат бұрын немесе одан кейін 4 сағат өткен соң қабылдаған жөн.

Шектеу Н2 – блокаторлар класына жататын антацидтерге қойылмайды.

Пробенецид: пробенецид ципрофлоксациннің бүйректік экскрециясын бұзады. Ципро мен пробенецидті бірге қолдану қан плазмасындағы ципрофлоксациннің концентрациясын арттырады.

Омепразол: Ципро мен омепразолды бір мезгілде қолдану ципрофлоксациннің несептегі ең жоғары плазмалық концентрациясы мен орташа концентрациясының елеусіз төмендеуіне әкеледі.

Теофиллин: Ципро мен теофиллинді бір мезгілде қолданғанда соңғысының қандағы концентрациясы ұлғаюы мүмкін. Мұндай жағдайларда теофиллин дозасын түзету қажет.

Тизанидин: Ципроны тизанидинмен бір мезгілде қабылдау қан сарысуындағы тизанидин концентрациясының артуына, гипотензияның және седативтік әсерінің күшеюіне әкеледі.

Кофеин: кейбір хинолондар, соның ішінде Ципро кофеин клиренсін төмендетеді және оның қан сарысуынан жартылай шығарылу кезеңін ұзартуы мүмкін.

Метотрексат: Ципроны бір мезгілде қабылдағанда метотрексаттың бүйректік өзекшелік тасымалы азаюы мүмкін, бұл метотрексат қабылдаумен байланысты уытты реакциялар қаупін арттыратын плазмадағы метотрексат деңгейінің жоғарылауына әкелуі мүмкін.

Препараттар бір мезгілде тағайындалғанда метотрексатты қабылдап жүрген емделушілер мұқият қадағалауда болуы тиіс.

Метоклопрамид: метоклопрамид Ципроның сіңуін едәуір жылдамдатады, бұл оның ең жоғары плазмалық концентрацияларының өте тез өсуіне әкеледі. Ципроның биожетімділігіне елеулі әсері байқалған жоқ.

Фенитоин: Ципро мен фенитоинді бір мезгілде қолдану фенитоиннің плазмалық деңгейлерінің жоғарылауына немесе төмендеуіне әкелуі мүмкін, бұл оларға мониторинг жасауды қажет етеді.

Антибиотиктер: Ципроны, аминогликозидтерді, бета-лактамдық антибиотиктерді бір мезгілде қолдану аддитивтік және синергиялық әсер береді.

Циклоспорин: құрамында ципрофлоксацин мен циклоспорин бар дәрілік препараттарды бір мезгілде қолданғанда плазмадағы креатинин концентрациясының транзиторлы жоғарылауы байқалды. Мұндай емделушілерде плазмадағы креатинин концентрациясын жиі (аптасына екі рет) бақылап отыру қажет.

К витаминінің антагонистері: Ципроны К витаминінің антагонистерімен бір мезгілде қолдану оның антикоагулянттық әсерін күшейтуі мүмкін.

Қатар жүретін жұқпаларға, емделушінің жасы мен жалпы жағдайына қарай қауіп әртүрлі деңгейде болуы мүмкін, сондықтан Ципроның ұю көрсеткіштерінің артуына ықпал етуін алдын ала болжау қиын.

Ципроны К витаминінің антагонистерімен (мысалы, варфарин, аценокумарол, фенпрокоумон немесе флуиндион) бір мезгілде қолдану кезінде көрсеткіштерді жиі бақылап отыру керек.

Глибенкламид: кейбір жағдайларда ципрофлоксацин мен глибенкламидті бір мезгілде қолдану глибенкламид әсерін күшейтуі мүмкін (гипогликемия).

Дулоксетин: клиникалық зерттеулерде дулоксетинді Р450 1А2 цитохромы изоферментінің флувоксамин сияқты күшті тежегіштерімен бір мезгілде қолдану дулоксетиннің несептегі орташа концентрациясының және плазмадағы ең жоғары концентрациясының жоғарылауына әкелуі мүмкін.

Ципромен өзара әрекеттесу мүмкіндігіне қатысты клиникалық деректер жоқ болса да, олар бір мезгілде қолданылғанда ұқсас әсерлерді күтуге болады.

Ропинирол: клиникалық зерттеулер барысында Р450 1А2 цитохромы изоферментінің қуаттылығы орташа тежегіші болып табылатын ропиниролды Ципромен бір мезгілде қолдану ропиниролдың несептегі орташа концентрациясының және плазмадағы ең жоғары концентрациясының, сәйкесінше, 84%-ға және 60%-ға артуына әкелетіні анықталған. Емделу кезінде және одан кейін ропиниролдың әсерінен туындайтын ықтимал жағымсыз әсерлерді анықтау тұрғысынан мониторинг жасау және, қажет болса, препараттар дозасын түзету ұсынылады.

Лидокаин: дені сау адамдарда құрамында Р450 1А2 цитохромы изоферментінің қуаттылығы орташа тежегіші болып табылатын лидокаин бар дәрілік препараттарды Ципромен бір мезгілде қолдану көктамыр ішіне енгізілетін лидокаин клиренсін 22%-ға төмендетеді.

Лидокаинмен емделудің жағымдылығы жақсы болса да, бір мезгілде қолданғанда Ципромен өзара әрекеттесіп, жағымсыз әсерлерге әкелуі мүмкін.

Клозапин: 250 мг Ципроны клозапинмен 7 тәулік бойы бір мезгілде қолдану аяқталғанда клозапин мен N – десметилклозапиннің плазмалық концентрациялары, сәйкесінше, 29%-ға және 31%-ға жоғарылаған. Емделу кезеңінде клиникалық бақылау, ал қажет болса, клозапиннің дозасын түзетуге ұсыныс жасалады.

Силденафил: 50 мг силденафилді 500 мг Ципромен бір мезгілде пероральді түрде қолдану силденафилдің несептегі орташа концентрациясының және плазмадағы ең жоғары концентрациясының шамамен екі есе жоғарылауына әкеледі.

Біріктірілген ем тағайындалғанда, осы біріктірілімді қолданудың ықтимал қаупі мен пайдасын ескере отырып, сақтық танытқан жөн.

Зертханалық талдаулар нәтижелеріне ықпалы: Ципро қолданудан болатыны жорамалданатын зертханалық талдаулар параметрлерінің өзгерістері төменде берілген.

Бауыр сынамалары: қан сарысуында АЛТ (1,9%), АСТ (1,7%), сілтілік фосфатаза (0,8%), ЛДГ (0,4%), билирубиннің (0,3%) жоғарылауы.

Қанды талдау: эозинофилия (0,6%), лейкопения (0,4%), тромбоцитопения (0,1%), тромбоцитоз (0,1%), панцитопения (0,1%)

Бүйрек сынамалары: Сарысу креатинині (1,1%), ҚАМ (0,9%) деңгейінің жоғарылауы, сондай-ақ кристаллурия, цилиндрурия және гематурия туралы мәлімдемелер бар.

Тағам өнімдері және сүт өнімдері: кальций тағамдық элемент түрінде сіңуге елеулі ықпалын тигізбейді. Алайда, сүт өнімдерін немесе минералды заттармен байытылған сусындарды (мысалы, минералды заттармен байытылған сүт, йогурт, апельсин шырыны) Ципромен, оның сіңуі төмендеуі мүмкін болғандықтан, бір мезгілде қолданбаған жөн.

Айрықша нұсқаулар

Ципро орталық жүйке жүйесі тарапынан тремормен, ширығумен, бас айналумен, сананың шатасуымен, елестеулермен және сирек жағдайларда құрысулармен көрініс беретін реакция туғызуы мүмкін.

Осыған орай, Ципро ми артериосклерозы мен эпилепсияны қоса, орталық жүйке жүйесінің бұзылыстары бар емделушілерде сақтықпен қолданылуы тиіс. Сыртартқысында құрысулары бар емделушілерде Ципроны құрысуға қарсы талапқа сай ем жүргізу аясында қолдануға болады.

Полинейропатия жағдайлары (ауыру, күйдіру, сезімталдықтың нашарлауы немесе бұлшықет әлсіздігі сияқты әрқайсысы бөлек немесе біріккен неврологиялық симптомдар негізінде) Ципрофлоксацин қабылдаған емделушілерде кездесті.

Ципроны қабылдау нейропатия симптомдары (ауыру, күйдіру, шаншу, ұйып қалу және/немесе әлсіздік) бар емделушілерде қайтымсыз бұзылулардың дамуына жол бермеу мақсатында тоқтатылғаны жөн.

Хинолондармен емдеу препаратты тіпті бір рет қабылдағаннан кейін де дамуы мүмкін аса жоғары сезімталдық реакцияларымен байланысты болуы ықтимал.

Ципромен емдеу аллергиялық реакцияның бірінші белгілерінде тоқтатылуы тиіс. Ауыр анафилактикалық реакцияларда шұғыл медициналық жәрдем қажет болуы мүмкін.

Әсер ету ауқымы кең микробқа қарсы басқа дәрілермен болған жағдайдағы сияқты, Ципроны ұзақ уақыт қолдану асқын жұқпаға және сезімтал емес микроорганизмдердің өсуінің күшеюіне әкеп соғуы мүмкін.

Ұзақ уақыт емделу кезінде өмірлік маңызды ағзалар мен жүйелердің (бүйрек, бауыр және қан түзу) функциясына әлсін-әлсін баға беру ұсынылады.

Ауыр жұқпалар және грамм-оң және анаэробты қоздырғыштардан болған микст-жұқпалар.

Ципро монотерапиясы ауыр жұқпалар мен грамм-оң және анаэробты қоздырғыштар әсерінен туындаған жұқпаларды емдеуге арналмаған. Мұндай жұқпаларда Ципроны бактерияға қарсы басқа да препараттармен біріктіріп қолдану керек.

Стрептококк жұқпалары (Streptococcus Pneumoniae әсерінен туындаған түрлерін қоса).

Ципро, оның тиімділігінің жеткіліксіздігін ескеріп, стрептококк жұқпаларын емдеу мақсатында қолдануға ұсынылмайды.

Несеп-жыныс жолдарының жұқпалары.

Фторхинолонға резистентті гонококктік уретриттер, цервициттер, эпидидимо-орхиттер, кіші жамбастың қабыну үдерістері Neisseria Gonorrhoeae штаммдарынан туындауы мүмкін.

Ципро гонококктік уретриттер немесе цервициттерді, егер олардың қоздырғышы осы препаратқа резистентті болмаған жағдайда ғана, емдеуге қолданылады.

Ципроны эпидидимо-орхиттер мен кіші жамбастың қабыну үдерістерін емдеу үшін эмпирикалық қолдану кезінде оны бактерияға қарсы басқа препараттармен (мысалы, цефалоспорин) ғана біріктіріп тағайындау қажет.

Егер емделудің алғашқы үш тәулігінде клиникалық жақсару байқалмаса, препаратты қабылдауды тоқтату керек.

Несеп жолдарының жұқпалары.

Несеп жолдары жұқпаларының ең жиі кездесетін қоздырғышы - ішек таяқшасы тарапынан фторхинолондарға резистенттілік Еуропалық Одақ аумағында әрүрлі. Препарат тағайындалғанда осы аймақта егілетін ішек таяқшасының фторхинолондарға сезімталдығын ескеру қажет.

Ципроны бір рет енгізу ұзақ уақыт емдеу кезіндегіден едәуір төмен тиімділікпен байланысты болады. Мұның ішек таяқшасының хинолондарға сезімтал болмау деңгейінің жоғарылауымен байланысты екендігін ескерген жөн.

Құрсақішілік жұқпалар.

Ципроның операциядан кейінгі құрсақішілік жұқпаларды емдеу тиімділігіне қатысты деректер жеткіліксіз.

Сүйектер мен буындар аурулары.

Ципроны, микробиологиялық зерттеу нәтижелеріне қарай, бактерияға қарсы басқа да препараттармен біріктіріп қолданған жөн.

Бұлшықеттер мен байламдар аурулары.

Ципроны сыртартқысында ципрофлоксацин қолданумен байланысты сіңірлі тін аурулары бар емделушілерге қолданбаған жөн. Дегенмен де, өте сирек жағдайларда, қоздырғышты микробиологиялық зерттеуден және қауіп пен пайда арақатынасын тиянақты талдаудан соң Ципроны мұндай емделушілерде, микробиологиялық тексеруде Ципроны қолдану көрсетілімі негізге алынған жағдайда, стандартты ем тиімсіз немесе микроорганизмдер резистентті болған жағдайда кейбір ауыр жұқпаларды емдеу үшін тағайындауға болады.

Ципроны қолданған жағдайларда, емдеу басталғаннан кейін тіпті алғашқы 48 сағат ішінде және кейде екі жақты тендиниттер мен сіңірлердің (әсіресе, Ахилл сіңірлерінің) үзілуі дамуы мүмкін.

Сіңірлердің қабынуы мен үзілуі Ципроны қабылдауды тоқтатқаннан кейін тіпті бірнеше айдан соң да болуы мүмкін. Тендинопатия қаупі егде жастағы емделушілерде немесе бір мезгілде кортикостероидтармен ем қабылдап жүрген емделушілерде артуы мүмкін.

Тендиниттің кез келген симптомдары (мысалы, ауыртатын ісіну, қабыну) болғанда Ципромен емдеуді тоқтату керек. Зақымданған аяқтың тыныштығын сақтау керек. Ципроны жалған салданған ауыр миастениясы бар емделушілерде сақтықпен қолдану керек.

Фотосенсибилизация.

Ципрофлоксацин, айғақталғандай, фотосенсибилизация реакциясын туындатады. Ципроны қабылдап жүрген емделушілердің емделу барысында күн сәулесінің тікелей түсуіне немесе УК-сәулеленуге жол бермегені дұрыс.

Жүрек-қантамыр жүйесі тарапынан бұзылулар.

QT аралығының ұзаруына қатысты белгілі қауіп факторлары бар емделушілерде хинолондарды, мысалы, мыналарда абайлап қолданған жөн:

  • тұқым қуалайтын QT аралығының ұзару синдромы

  • QT аралығын ұзартатын препараттарды (мысалы, аритмияға қарсы 1А және 3 класс дәрілері, үш циклді антидепрессанттар, макролидтер, антипсихоздық препараттар) бір мезгілде қолдану

  • түзетілмеген электролиттік бұзылулар (мысалы, гипокалиемия, гипомагниемия)

  • жүрек патологиясы (мысалы, жүрек функциясының жеткіліксіздігі, миокард инфарктісі, брадикардия).

Егде жастағы емделушілер мен әйелдер QT аралығын ұзартатын препараттарға аса сезімтал болуы мүмкін.

Сондықтан, Ципроны қоса, фторхинолондар қолданылғанда аталған популяцияларда сақтық таныту керек.

Асқазан-ішек жолы.

Ем үдерісінде немесе ем аяқталған соң (ем біткеннен кейінгі бірнеше аптаны қоса) ауыр және орныққан диареяның дамуы шұғыл емдеуді талап ететін антибиотикпен байланысты колитке (өліммен аяқталуы мүмкін қатерлі жағдай) айғақ бола алады.

Ципро қабылдауды дереу тоқтатып, талапқа сай емдеуді бастау керек. Мұндай емделушілерге ішектің жиырылуын бәсеңдететін препараттарды қолдануға болмайды.

Бүйректер және несеп шығару жолдары.

Ципрофлоксацинмен байланысты кристаллурия жағдайлары жөнінде мәлімделді. Ципро қабылдап жүрген емделушілер несептің сілтілік реакциясының жоғарылауынан сақтану үшін сұйықтықты жеткілікті мөлшерде ішуі тиіс.

Ципро, негізінен, өзгеріссіз күйде бүйрек арқылы бөлініп шығатындықтан, ципрофлоксациннің жиналуы салдарынан препараттың жағымсыз әсерлерінің пайда болуына жол бермеу үшін бүйрек функциясы бұзылған емделушілерде дозаны түзету қажет болады.

Гепатобилиарлы жүйе.

Ципрофлоксацин қолданылғанда бауыр функциясының ауыр жеткіліксіздігі мен бауыр некрозының даму жағдайлары мәлімделді.

Бауыр патологиясының кез келген симптомдары (анорексия, тері жабындары мен шырышты қабықтардың сарғаюы, несептің қараюы, терінің қышынуы немесе іштің кернеуі) білінген жағдайда, емді тоқтату керек.

Глюкоза-6-фосфатдегидрогеназа тапшылығы.

Глюкоза-6-фосфатдегидрогеназа тапшылығы бар емделушілерде ципрофлоксацин қолдану кезіндегі гемолитикалық реакциялар жағдайлары жөнінде мәлімдемелер бар. Мұндай емделушілерде, потенциальді пайдасы ықтимал қауіптен басым болатын жағдайлардан басқасында, Ципроны қолданудан аулақ болу керек. Гемолиз дамуы мүмкін екенімен байланысты, қанға үнемі зерттеу жүргізген жөн.

Резистенттілік.

Ципромен емдеу курсының барысында немесе ол аяқталғанда, егер ауруды препаратқа резистентті қоздырғыш туындатқан болса, асқын жұқпа клиникасының дамуы мүмкін. Нозокомиальді жұқпаларды және/немесе стафилококтар мен псевдомонадтар туындатқан жұқпаларды емдегенде және/немесе ұзақ уақыт емдегенде препаратқа төзімді штаммдардың пайда болу қаупі де бар.

Көлік құралын немесе қауіпті механизмдерді басқару қабілетіне дәрілік заттың ықпал ету ерекшеліктері

Ципро зейін мен реакцияның әлсіреуін туындатуы мүмкін, сондықтан Ципро қабылдап жүрген емделушілерге зейінді тез жұмылдыруды қажет етумен және жоғары реакциялық қабілеттілікпен байланысты қызметті шектегені жөн. Алкоголь қолайсыз факторлардың ықпалын күшейтуі мүмкін.

Артық дозалануы

Симптомдары: бас айналу, жүректің айнуы, құсу, диарея.

Емі: демеуші және симптоматикалық ем. Организмге сұйықтықтың жеткілікті түсуін қамтамасыз ету. Гемо- немесе перитонеальді диализ арқылы 10%-дан аз препаратты шығаруға болады. Арнайы у қайтарғысы жоқ.

Шығарылу түрі және қаптамасы

Поливинилхлоридті үлбірден және алюминий фольгадан жасалған пішінді ұяшықты қаптамаға 7 таблеткадан салынған.

Пішінді ұяшықты 2 қаптамадан медицинада қолданылуы жөнінде мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапшаға салынған.

Сақтау шарттары

25 ºС-ден аспайтын температурада сақтау керек.

Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!

Сақтау мерзімі

3 жыл

Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін пайдалануға болмайды!

Дәріханалардан босатылу шарттары

Рецепт арқылы

Өндіруші

Биофарма Илач Сан. ве Тидж. А.Ш., Түркия

Стамбул қ-сы, Санджактепе, Акпинар ауданы, Османгази к-сі, №156

Тіркеу куәлігі иесінің атауы және елі

Биофарма Илач Сан. ве Тидж. А.Ш., Түркия

Тұтынушылардан өнім сапасы жөніндегі шағымдарды Қазақстан Республикасы аумағында қабылдайтын ұйымның мекенжайы

«AVITA (АВИТА)» ЖШС, 050000, Қазақстан Республикасы, Алматы қ., Сейфуллин к-сі 458-460/95, 315 кеңсе. Тел./факс +7 727 279 47 32

E-mail: info@avitafarma.kz, infoavita@mail.ru

Прикрепленные файлы

054844401477976976_ru.doc 113.5 кб
902690601477978139_kz.doc 150 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту

Источники

Национальный центр экспертизы лекарственных средств, изделий медицинского назначения и медицинской техники