Хлоргексидина диглюконат- DF

МНН: Хлоргексидин
Производитель: DOSFARM ТОО
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Chlorhexidine
Номер регистрации в РК: № РК-ЛС-3№020475
Информация о регистрации в РК: 11.04.2014 - 11.04.2017

Инструкция

Саудалық атауы

Хлоргексидин диглюконаты – DF

Халықаралық патенттелмеген атауы

Хлоргексидин

Дәрілік түрі

Сыртқа қолдану үшін ерітінділерді дайындауға арналған концентрат, 20 %

Құрамы

1 мл препараттың құрамында

белсенді зат - хлоргексидин диглюконаттың 20 % ерітіндісі - 1 мл

Сипаттамасы

Ақ дерлік немесе бозғылт-сары сұйықтық.

Фармакотерапиялық тобы

Антисептиктер және зарарсыздандырғыш препараттар. Бигуанидтер және амидиндер.

Хлоргексидин

АТХ коды D08AC02

Фармакологиялық қасиеттері

Хлоргексидин диглюконатының сулы ерітіндісі негізінен бактерицидті әсер ететін жергілікті антисептик болып табылады. Хлоргексидин диглюконатының химиялық құрылымы бойынша бигумалге жақын және құрамында дихлор бар бигуанид туындысы болып табылады. Әсер ету механизмі микроорганизмнің жасушалық жарғақшалар қасиеттерін өзгерту қабілетіне негізделген. Хлоргексидин тұзының диссоциациясынан кейін түзілген катиондар теріс зарядқа ие бактериялар қабықшасымен реакцияға түседі. Сонымен бірге препараттың липофильдік топтары бактериялардың липопротеинді жарғақшалар дезагрегациясына мүмкіндік туғызады, нәтижесінде осмостық тепе-теңдік бұзылуы және бактерия жасушаларынан калий және фосфордың жоғалуы орын алады. Препараттың әсер етуімен бактериялардың цитоплазмалық жарғақшаларының бұзылуы және оның осмостық тепе-теңдігінің бұзылуы орын алады, соның салдарынан бактериялар өлімі басталады.

Препарат мынадай микроорганизм штамдарына қатысты тиімді: Trichomonas vaginalis, Neisseria gonorrhoeae, Chlamidia spp., Bacteroides fragilis, Treponema pallidum, Gardnerella vaginalis. Одан басқа хлоргексидин диглюконаты Ureaplasma spp. жөнінде тиімді және кейбір Proteus spp. және Pseudomonas spp. штамдар жөнінде орташа белсенді.

Препараттың әсеріне вирустар (герпес вирусынан басқа), сондай-ақ зең споралары да төзімді.

Препаратты жергілікті қолданған кезде жүйелі қан ағысына сіңбейді және жүйелі әсер етпейді.

Тері жабындарын өңдегеннен кейін (оның ішінде қол терісін) препараттың шамалы мөлшері теріде қалады, сондықтан хлоргексидин диглюконаты бактерияларға қарсы ұзақ әсер етеді және операциялық аймақты және хирург қолын өңдеу үшін пайдаланылуы мүмкін.

Препараттың микробтарға қарсы белсенділігі қан, ірің және басқа да физиологиялық сұйықтықтар болған кезде сақталады, алайда, мұндай жағдайда оның тиімділігі шамалы төмендейтіндігін ескеру керек.

Шыныдан, пластмассадан және металлдардан жасалған заттарға зақым келтірмейді.

Қолданылуы

Антисептикалық өңдеу және зарарсыздандыру үшін:

- операциялық аймақты және операция жүргізуге қатысатын медицина қызметкерінің қолын өңдеу, теріні зарарсыздандыру үшін

- медициналық құралдарды зарарсыздандыру үшін

- медициналық құралдарды стерилизациялауда

- жылумен өңдеу қажет емес термометрлерді, медициналық жабдықтар және аспаптардың жұмыс беткейлерін зарарсыздандыру үшін

- алмалы-салмалы протездерді зарарсыздандыру үшін

Қолдану тәсілі және дозалары

Операция аймағы мен операция жүргізуге қатысатын медицина қызметкерінің қолын тазалап өңдеу үшін, препаратты 70% этанолмен 1:40 арақатынаста сұйылтады (1 бөлігі хлоргексидин диглюконатының 20% концентраты және 40 бөлігі 70 % этанол).

Хлоргексидин диглюконатының алынған 0,5% сулы-спиртті ерітіндісімен операция аймағын 2 минут аралықпен 2 рет 2-3 минуттық экспозициямен тәулігіне 2-3 рет тазалап өңдейді (тампонмен немесе бүрку арқылы).

Операция жүргізуге қатысатын медицина қызметкерінің қолын тазалап өңдеу кезінде хлоргексидин диглюконатының 0,5 % сулы-спиртті ерітіндісі немесе 1 % сулы ерітінді пайдаланылады (препаратты сумен 1:20 арақатынаста сұйылтады (1 бөлігі хлоргексидин диглюконатының 20 % концентраты және 20 бөлігі су)). Әрекет ету реттілігі:

    • Қолды сабынды сумен 1 минут бойы жуып-шайыңыз. Қолды мынадай ретпен: тырнақтардың астын, тырнақ маңайы көбесін, саусақтардың араларын, қолдың басын, сол жақ қолдың, содан кейін оң жақ қолдың алақаны мен сырт жағын, сол жақ және оң жақ білекті шынтақтың бүгілетін жеріне дейін жуу керек.

    • Сабын көпіршігін кетіру үшін, қолды ағынды судың астында тырнақтардан бастап шынтақтың бүгілетін жеріне дейін жуыңыз.

    • Қолды сол жақ қолға ілінген стерильді сүлгімен төмендегідей ретпен құрғатыңыз:

оң жақ қолдың саусақтарын тырнақтардан саусақтардың түбіне дейін;

оң жақ қолдың алақанын саусақ ұштарынан кәрі жілік білезік буынына қарай;

қолдың сырт жағын (дәл сондай ретпен);

оң жақ білектің ішкі жақ беткейін (үштен біріне дейін), сосын - білектің сыртқы беткейін;

оң жақ білектің ішкі беткейін үштен бірінен бастап шынтақтың бүгілетін жеріне дейін, сосын — білектің сыртқы беткейін үштен бірінен бастап шынтақ буынын қамти отырып.

    • Сүлгінің төменгі бөлігін құрғатылған оң жақ қолға ауыстырып іліңіз және сол жақ қолды дәл сондай ретпен құрғатыңыз.

    • Қолды хлоргексидин диглюконатының 0,5 % сулы-спиртті немесе 1 % сулы ерітіндісіне шыланған кішкентай стерильді сүрткілермен, тырнақтардан шынтақтың бүгілетін жеріне дейін (қолды ағынды сумен және сабынмен жуғандағы сияқты ретпен) 3 минут бойы тазалап өңдеңіз

    • Қолды хлоргексидин диглюконатының 0,5 % сулы-спиртті немесе 1 % сулы ерітіндісіне шыланған кішкентай стерильді сүрткілермен (дәл сондай ретпен), білектің үштен бірінің ортаңғы бөлігіне дейін 2 минут бойы тазалап өңдеңіз.

Зарарсыздандыру үшін:

Медициналық құралды және жұмыс беткейлерін өңдеу хлоргексидин диглюконатының ерітіндісіне шыланған таза губкамен немесе ерітіндіге малып қою арқылы жүргізеді.

- медициналық құралды зарарсыздандыру - хлоргексидин диглюконатының 0,5 % сулы-спиртті ерітіндісімен 5 минут бойы малып қою арқылы

- медициналық құралды стерилизациялау - хлоргексидин диглюконатының 0,5 % сулы ерітіндісімен 70 °C температурада 3 сағат бойы (препаратты сумен 1:40 арақатынаста сұйылтады (1 бөлігі хлоргексидин диглюконатының 20 % концентраты және 40 бөлігі су)

- термиялық өңдеу қажет емес термометрлерді, медициналық жабдықтардың жұмыс беткейлерін және аспаптарды зарасыздандыру, сондай-ақ алмалы-салмалы протездерді зазарсыздандыру - хлоргексидин диглюконатының 1 % сулы ерітіндісімен (препаратты 1:20 арақатынаста сұйылтады (1 бөлігі хлоргексидин диглюконатының 20 % концентраты және 20 бөлігі су))

- бөлмелерді, санитарлық жабдықтарды зарарсыздандыру - хлоргексидин диглюконатының 0,1 % сулы ерітіндісімен (препаратты сумен 1:200 арақатынаста сұйылтады (1 бөлігі хлоргексидин диглюконатының 20 % концентраты және 200 бөлігі су).

Ерітінділерді дайындау тек стационарда жүргізіледі!

Жағымсыз әсерлері

жиі

  • 3-5 минут бойы қол терісінің жабысқақтығы

сирек

  • терінің құрғауы және қышуы

  • дерматит

өте сирек

  • аллергиялық реакциялар (тері бөртпесі)

  • фотосенсибилизация

Қолдануға болмайтын жағдайлар

  • аллергиялық реакцияларға бейімділік

  • дерматиттер

  • хлоргексидиннің жекелей жақпаушылығы

Дәрілермен өзара әрекеттесуі

Хлоргексидин диглюконаты бейтарап ортада қолданылады; рН 5-8 кезінде белсенділігіндегі айырмашылығы көп емес; рН 8-ден асса – шөгінді түзіледі. Тұзды суды қолдану бактерицидтік қасиеттерін төмендетеді.

Хлоргексидин диглюконаты катионды зат болып табылады және сабынмен, сондай-ақ құрамында анионды топтары бар детергенттермен, (сапониндер, натрий лаурилсульфаты, натрий карбоксиметилцеллюлозасы) үйлесімсіз.

Құрамында катион (бензалконий хлориді, цетримоний бромиді) тобы бар препараттармен үйлесімді.

1:2000 концентрациясында бораттармен, карбонаттармен, хлоридтермен, цитраттармен, фосфаттармен, сульфаттармен 24 сағат өткеннен кейін нашар еритін шөгінді түзе отырып, үйлеспейді.

Хлорамфениколға, канамицинге, неомицинге, цефалоспоринге бактериялардың сезімталдығын жоғарылатады.

Этанол препараттың антисептикалық белсенділігін күшейтеді.

Йод препараттарымен бір мезгілде қолданған кезде дерматиттер дамуы мүмкін.

Хлоргексидин диглюконатын басқа да зарарсыздандыратын және жуғыш заттармен аралстыруға болмайды. Препаратпен жанасқан киімдерді гипохлориттердің және белсенді хлор бөлетін басқа да қосылыстардың әсеріне ұшыратпау керек, өйткені оларға қоңыр дақ қалдыруы мүмкін.

Айрықша нұсқаулар

Ашық бассүйек-ми жарақаты, жұлын зақымданулары бар, дабыл жарғағы тесілген емделушілерде препараттың мидың, ми қабығының беткейіне және дабыл қуысына түсуін болдырмау керек.

Конъюнктиваны өңдеу үшін хлоргексидин диглюконаты ерітіндісін пайдалануға болмайды.

Көздің шырышты қабығына түскен жағдайда, оны тез арада сумен мұқият жуу керек.

Сулы ерітіндіні 30 минут ішінде 116° С температурада автоклавта стерилизациялауға болады. Ион бөлетін сәулелендірудің көмегімен стерилизациялауға болмайды.

Балаларға

Аллергиялық реакциялардың даму қаупіне байланысты абайлап қолдану керек!

Жүктілік және лактация кезеңі

Аллергиялық реакциялардың даму қаупіне байланысты бала емізетін аналар мен жүкті әйелдерге абайлап қолдану керек!

Дәрілік заттың көлік құралын немесе қауіпті механизмдерді басқару қабілетіне ықпал ету ерекшеліктері

Препарат көлік құралдарын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер етпейді.

Артық дозалануы

Симптомдары: препаратпен артық дозалану жөнінде деректер жоқ.

Емі: Хлоргексидин диглюконаты-DF препараты абайсызда ішке түссе, сіңбейді, мұндай жағдайда, сүтті, шикі жұмыртқаны, желатинді пайдалана отырып асқазанды шаю керек. Қажет болған жағдайда белгілеріне қарай ем жүргізу керек.

Шығарылу түрі және қаптамасы

Алғашқы ашылуы бақыланатын полимерден жасалған бұралып жабылатын қалпақшасы бар полиэтилен құтыда 250 мл концентраттан. Бір құтыдан медицинада қолданылуы жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдерінде жазылған нұсқаулықтарымен бірге картоннан жасалған пәшкеге салынған.

Сақтау шарттары

Жарықтан қорғалған жерде, 10 оС-ден 25 °С-ге дейінгі температурада.

Мұздатып қатыруға болмайды.

Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!

Сақтау мерзімі

3 жыл

Құтыны ашқаннан кейінгі препаратты қолдану кезеңі – 28 тәулік. Дайындалған ерітінділерді 7 тәуліктен асырмай сақтау керек.

Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды.

Босатылу шарттары

Рецепт арқылы

Тек стационар жағдайында пайдалану үшін.

Өндіруші

«DOSFARM» ЖШС, Қазақстан, 050034, Алматы қ., Чаплыгин к-сі, 3 тел: (727) 253-03-88

Тіркеу куәлігінің иесі

«DOSFARM» ЖШС, Қазақстан

Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан өнім сапасына қатысты шағымдарды қабылдайтын ұйымның мекенжайы:

«DOSFARM» ЖШС, Қазақстан, 050034, Алматы қ., Чаплыгин к-сі, 3, тел./факс: (727) 253-07-07, 253-03-88, эл. пошта: dosfarm@dosfarm.kz

 

6

Прикрепленные файлы

856518321477976787_ru.doc 68 кб
119119261477977961_kz.doc 83 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту

Источники

Национальный центр экспертизы лекарственных средств, изделий медицинского назначения и медицинской техники