Фуразолидон (50 мг, Химфарм)
Инструкция
- русский
- қазақша
Саудалық атауы
Фуразолидон
Халықаралық патенттелмеген атауы
Фуразолидон
Дәрілік түрі
50 мг таблеткалар
Құрамы
Бір таблетканың құрамында
белсенді зат – 50.0 мг фуразолидон,
қосымша заттар: картоп крахмалы, лактоза моногидраты, коллоидты кремнийдің қостотығы (аэросил), кальций стеараты.
Сипаттамасы
Жайпақ бетті, сары түсті таблеткалар. Таблетканың бір жағында ойығы бар, екінші жағында ойық пен крест түріндегі фирмалық логотип.
Фармакотерапиялық тобы
Антисептикалық және микробқа қарсы басқа да препараттар
АТЖ коды G01AX06
Фармакологиялық қасиеттері
Фармакокинетикасы
Асқазан-ішек жолында тез сіңеді. Биосіңуі 30% құрайды.
Қан плазмасындағы фуразолидоннің ең жоғары концентрациясы 100 мг дозада қабылдағаннан кейін 0,25-0,43 мкг/мл құрайды және 1,85-3,0 сағаттан кейін жетеді.
Қан плазмасындағы емдік концентрациясының сақталу уақыты -4-6 сағат.
Плацента, гематоэнцефалды бөгет арқылы жеңіл өтеді. Лимфаға өте жақсы өтеді. Менингиттен зардап шегуші емделушілерде, фуразолидонның ликвордағы концентрациясы қан плазмасындағыға сай келеді.
Организмде препарат сіңгеннен кейін тез, фармакологиялық белсенді емес метаболит түзе отырып, негізінен бауырда метаболизденеді.
Фуразолидон плазма ақуыздарымен нашар байланысады.
Қаннан жартылай элиминациялану кезеңі, орташа алғанда, 30 мин. 85% - өзгермеген түрде, фармакологиялық белсенді емес метаболит түрінде көбіне бүйрекпен шығарылады. Препараттың жоғары емдік концентрациясы ішек саңылауында анықталады. Бүйрек жеткіліксіздігінен зардап шегуші емделушілерде бүйректен шығарылу жылдамдығы төмендеуі есебінен организмде препарат жинақталуы анықталады. Фармакодинамикасы
Фуразолидон –нитрофурандар тобының бактерияға қарсы дәрілік заты. Фуразолидон 5-нитрофурфуролдың синтетикалық туындысы, грамтеріс аэробты микроорганизмдерге қатысты айқын микробқа қарсы белсенділігі бар, препарат әсеріне грамоң аэробты микроорганизмдер аз дәрежеде сезімтал, кейбір қарапайымдылар және зеңдер (ішінара Candida текті). Препараттың фармакологиялық әсері дозаға тікелей тәуелді, жоғары емес дозаларын қолданғанда фуразолидон бактериостатикалық әсер көрсетеді, доза ұлғайғанда айқын бактерицидті белсенділік анықталады. Одан басқа, препарат кейбір иммункөтермелегіш әсер де көрсетеді. Препараттың микробтарға қарсы әсерінің механизмі фуразолидон нитротобының бактерия ферменттері әсерімен аминтоптарына дейін қалпына келу қабілетіне байланысты түсіндіріледі. Нитротобының қалпына келу әсерінен түзілген заттың уытты әсері бар, бактерия жасушасында бірқатар биохимиялық үдерістерді бөгейді, жасушалық қабықтың тұтастығы мен құрылымын бұзады.
Фуразолидонды қолданғанда трикарбон қышқылы циклын бәсеңдету белгіленеді, соның салдарынан микроорганизмдердің жасушалық тыныс алуы, жарғақшаның цитоплазмалық қызметі бұзылады және микроорганизмдердің қырылуы туындайды.
Фуразолидон молекуласы нуклеин қышқылдарымен кешенді бірлестік түзу қабілеті есебінен бактериялық жасушада бірқатар ақуыздардың синтезін бұзады, соның салдарынан микроорганизмдердің өсуі мен көбеюі бәсеңдейді.
Препараттың иммункөтермелегіш әсерінің механизмі комплемент титрын жоғарылату қабілетімен және лейкоциттердің фагоцитарлы белсенділігімен түйінделеді.
Бұдан басқа, фуразолидон микроорганизмдердің токсин өндіруін төмендетеді, соның салдарынан жалпы клиникалық бейненің жақсаруы микробиологиялық тест теріс нәтиже бергеннен бұрын анықталады.
Фуразолидонның моноаминооксидаза тежейтін қабілеті анықталған, бұл берілген препаратты қабылдайтын емделушілерде жеңіл қозу дамуына алып келеді.
Препарат фуразолидон әсеріне сезімтал микроорганизмдер штаммдарынан туындаған жұқпалы ауруларды емдеуде тиімді, оның ішінде:
Грамоң және грамтеріс аэробты бактериялар: Streptococcus spp., Staphylococcus spp., Shigella spp.(оның ішінде Shigella dysenteria, Shigella boydii, Shigella sonnei), Salmonella typhi, Salmonella paratyphi, Esherichia coli, Proteus spp, Klebsiella spp, және Enterobacter тектес бактериялар.Препарат сондай-ақ қарапайымдыларға қатысты да тиімді, оның ішінде Trichomonas spp., Lamblia spp.Одан басқа, препарат Candida текті зеңдерге қатысты тиімді, алайда кандидозды терапиялау үшін фуразолидон тағайындар алдында сезімталдыққа тест жасау керек.Анаэробты және іріңді жұқпа қоздырғыш микроорганизмдер фуразолидонге іс жүзінде сезімтал емес.Препаратқа төзімділік баяу дамиды.
Қолданылуы
- дизентерия
- паратиф
- тағамдық уытты жұқпалар
- лямблиоз
- трихомонадты уретрит
Қолдану тәсілі және дозалары
Ішке
Ересектердегі дизентерияда, паратифте, тағамдық уытты жұқпаларда 5-10 күн бойы тәулігіне 4 рет 50-150 мг (50 мг 1-3 таблеткадан) қолданады. Балалардағы дозаны жасына қарай азайтады.
Лямблиозда ересектерге тәулігіне 4 рет 100 мг (50 мг 2 таблеткадан); балаларға 5-10 күн бойы дене салмағының әр кг-на 10 мг есебімен тәулігіне 3- 4 рет.
Трихомонадты уретритте 3 күн бойы тәулігіне 4 рет 100 мг-нан.
Ересектерге арналған ең жоғарғы доза: бір реттік 0,2 г, тәуліктік 0,8 г.
Жағымсыз әсерлерін азайту үшін фуразолидонды судың көп мөлшерімен ішу ұсынылады.
Жағымсыз әсерлері
- анорексия, жүрек айнуы, құсу
-тері бөртпесі, қышыма, есекжем, Квинке ісінуі, гиперемия,
ангионевротикалық ісіну Болуы мүмкін
-ентігу, жөтел
-бас айналуы, полиневриттер
Қолдануға болмайтын жағдайлар
- фуразолидонге және препараттың басқа компоненттеріне жоғары сезімталдықта
- бүйрек қызметінің айқын бұзылуы, созылмалы бүйрек жеткіліксіздігі,
олигурия
- глюкозо-6-фосфатдегидрогеназа тапшылығы
- жедел порфирия
- 6 жасқа дейінгі балалық жаста
- жүктілік және лактация кезеңі
Дәрілермен өзара әрекеттесуі
Несепті сілтілендіретін дәрілер (натрий гидрокарбонаты, трисамин) фуразолидон тиімділігін (оның несеппен бөлініп шығуын жылдамтату есебінен) төмендетеді, ал несепті асқын қышқылдандыратын дәрілер (аминқышқылдар ерітінділері, аскорбин қышқылы, метионин, калий оротаты) – оны арттырады.
Аминогликозидтер мен тетрациклиндер фуразолидонның микробқа қарсы әсерін күшейтеді.
Хлорамфениколмен және ристомицинмен біріктіріп қолданған кезде сол дәрілік заттардың гематоуытты әсерін (қан түзілуді бәсеңдету қабілетін) күшейтеді.
Организмді этанол метаболизмінің өнімдеріне сенсебилизациялай отырып, дисульфирам тәрізді әсер етеді. Фуразолидонмен емдеу кезінде құрамында алкоголь бар ішімдіктерді қолдану қарсы көрсетілімде.
МАО тежегіштері тобындағы антидепрессанттармен (ниаламид, транилципрамин, моклобемид), трициклдық антидепрессанттармен (имипрамин, амитриптилин), симпатомиметиктермен (эфедрин, кокаин) біріктіріп қолданған кезде гипертониялық криздің өршу қаупі пайда болады.
В тобындағы витаминдер фуразолидонның нейроуытты жағымсыз әсерлерін әлсіретеді.
Айрықша нұсқаулар
Фуразолидон моноаминоксидаза тежегіштері болып табылады және оны қолданғанда тиісті сақтық шараларын ұстану керек. Фуразолидон организмнің этил спиртіне сезімталдығын жоғарылатады, бұл алкоголь мен фуразолидонды бір уақытта қолданғанда құсу мен жүрек айнуы дамуына алып келуі мүмкін.
Фуразолидон моноаминоксидазаны (МАО) тежейді, оны қолданған кезде құрамында тирамин бар ферменттелген азық өнімдерін (қызыл шарапты, ысталған ет пен ет өнімдерін, ұлуды, ірімшіктің жұмсақ сорттарын, шоколадты, соя ақуызы бар азықтарды) рационнан алып тастау қажет. Қышқыл жеміс шырындары фуразолидон әсерін уытты әсердің өршуіне дейін күшейтеді.
Дәрілік заттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері
Дәрілік заттың жағымсыз әсерлерін ескере отырып, препаратты жұмысы автомобиль және қауіптілігі зор механизмдерді басқарумен байланысты емделушілерге тағайындауға болмайды.
Артық дозаланғанда
Симптомдары: жоғары дозаларды енгізген кезде нейроуытты реакциялардың, полиневриттердің, жедел уытты гепатиттің, қан түзу жүйесі тарапынан болатын бұзылулардың пайда болуы ықтимал.
Емдеу: препаратты қолдануды тоқтату, препараттың несеппен шығарылуын арттыру үшін көп мөлшерде сұйықтық қабылдау, гемодиализ, симптоматикалық ем (гистаминге қарсы дәрілер, В тобындағы витаминдер). Арнайы у қайтарғысы жоқ.
Шығарылу түрі және қаптамасы
Поливинилхлоридті үлбір немесе импорттық, және алюминий фольга немесе импорттық пішінді ұяшықты қаптамада 10 таблеткадан.
Пішінді ұяшықты қаптамалар тұтыну тараларына арналған картоннан жасалған қорапқа салынған. Әр қорапқа медицинада қолданылуы жөнінде мемлекеттік және орыс тілдеріндегі бекітілген нұсқаулық салынған.
Сақтау шарттары
Құрғақ, жарықтан қорғалған жерде, 300С-ден аспайтын температурада сақтау керек.
Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!
Сақтау мерзімі
3 жыл
Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін препаратты қолдануға болмайды.
Дәріханадан босатылу шарттары
Рецепт арқылы
Өндіруші
«Химфарм» АҚ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ,
Шымкент қ., Рашидов к., н/ж, т/ф : 561342
Тіркеу куәлігінің иесі
«Химфарм» АҚ, Қазақстан Республикасы
Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан өнім (тауар) сапасына қатысты шағымдарды қабылдайтын ұйымның мекенжайы
«Химфарм» АҚ, Шымкент қ., ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ,
Рашидов к., н/ж, т/ф : 560882
Телефон нөмірі 7252 (561342)
Факс нөмірі 7252 (561342)
Электрондық поштасы standart@santo.kz