Фунголон (150 мг)

МНН: Флуконазол
Производитель: Актавис ехф.
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Fluconazole
Номер регистрации в РК: № РК-ЛС-5№019970
Информация о регистрации в РК: 28.06.2013 - 28.06.2018
Республиканский центр развития здравоохранения
КНФ (ЛС включено в Казахстанский национальный формуляр лекарственных средств)
Включено в Список ЛС в рамках ГОБМП, подлежащих закупу у Единого дистрибьютора
ЕД (Включено в Список ЛС в рамках ГОБМП, подлежащих закупу у Единого дистрибьютора)
Предельная цена закупа в РК: 519.15 KZT

Инструкция

Саудалық атауы

Фунголон

Халықаралық патенттелмеген атауы

Флуконазол

Дәрілік түрі

150 мг қатты капсулалар

Құрамы

Бір капсуланың құрамында

белсенді зат - 150 мг флуконазол,

қосымша заттар: лактоза моногидраты, желатинделген жүгері крахмалы, сусыз коллоидты кремний, магний стеараты,

корпусы және қақпақшасы: желатин, титанның қостотығы (Е 171).

Сипаттамасы

Ақ түсті қақпақшасы мен корпусы бар қатты желатинді капсулалар № 1.

Капсула ішіндегісі – ақ түсті ұнтақ.

Фармакотерапиялық тобы

Жүйелі қолдануға арналған зеңге қарсы препараттар, триазол туындылары. Флуконазол.

АТХ коды J02AC01

Фармакологиялық қасиеттері

Фармакокинетикасы

Сіңуі және таралуы

Препаратты көктамыр ішіне енгізгенде және ішу арқылы қабылдағанда флуконазолдың фармакокинетикалық қасиеттері сәйкес.

Сіңірілуі

Флуконазол ішке қабылдағаннан кейін АІЖ-да жақсы сіңеді. Абсолютті биожетімділігі 90%-дан аса құрайды. Бір мезгілде ас ішу препараттың ішке қабылдағаннан кейін сіңірілуіне әсер етпейді. Қан плазмасында ең жоғары концентрациясына флуконазол дозасын ашқарынға қабылдағаннан кейін 0,5-1,5 сағаттан соң жетеді. Флуконазол тәулігіне 1 рет қабылданғанда қан плазмасындағы препарат концентрациясы емделудің 4-5-ші күні ең жоғары деңгейінің 90% тұсында тұрақтанады.

Плазмалық концентрациясы дозаға пропорционал.

200 мг флуконазол қабылдағаннан кейін Сmax 4,6 мг/л жуық құрайды, ал қан плазмасындағы тепе-тең концентрациясы 15 күн өткенде 10 мг/л жуық құрайды.

400 мг флуконазол қабылдағаннан кейін Сmax 9 мг/л жуық құрайды, ал қан плазмасындағы тепе-тең концентрациясы 15 күн өткенде 18 мг/л жуық құрайды.

Емдеудің алғашқы күні қосарлы дозасын қабылдау қабылдаудың екінші күнінде-ақ тепе-тең концентрациясының 90% деңгейіне жетуге мүмкіндік береді.

Таралуы

Таралу көлемі организмдегі жалпы су көлеміне сәйкес келеді. Қан плазмасы ақуыздарымен байланысуы төмен (11-12%).

Флуконазол организм сұйықтықтарына түгел таралады. Сілекейдегі концентрациясы қан плазмасындағы концентрациясына сәйкес келеді. Зеңді менингиті бар емделушілерде жұлын сұйықтығындағы флуконазол концентрациясы қан плазмасындағы концентрациясының шамамен 80%-ын құрайды.

Мүйізгектенген тіндерде, тері эпидермисінде және тер бөліністерінде флуконазол, қан сарысуындағы концентрациясымен салыстырғанда, едәуір жоғары концентрацияларға жетеді. Флуконазол мүйізгектенген тіндерде жиналады. Аптасына бір рет 150 мг препарат қабылдаған кезде мүйізгектенген тіндердегі флуконазол концентрациясы екі қабылдаудан кейін 23,4 мкг/г, ал 7 күн өткен соң екінші қабылдаудан кейін 7,1 мкг/г құрады.

Шығарылуы

Флуконазол негізінен бүйрекпен шығарылады. Қабылданған дозаның шамамен 80%-ы өзгеріссіз күйде несеппен шығарылады. Флуконазол клиренсі креатинин клиренсіне пропорционал. Айналымдағы метаболиттері анықталмаған.

Қан плазмасынан жартылай шығарылу кезеңі шамамен 30 сағат құрайды, бұл препаратты бір рет қабылдау арқылы қынаптық кандидозды емдеуге мүмкіндік береді, ал басқа көрсетілімдерде препарат тәулігіне бір рет немесе аптасына бір рет тағайындалады.

28 күн бойы тәулігіне 50 мг дозада флуконазол қабылдау ерлерде тестостеронның және бала туу жасындағы әйелдерде стероидты гормондардың сарысулық концентрацияларына әсер етпейді. Флуконазол тәулігіне 200-400 мг дозада ер жынысты сау еріктілерде эндогенді стероидтар деңгейіне немесе АКТГ - көтермеленген кортизол жауабына клиникалық мәнді әсер көрсетпеген.

Фармакодинамикасы

Фунголон - триазол туындылары тобына жататын зеңге қарсы дәрі.

Флуконазол - препараттың белсенді заты - зеңді жасуша жарғақшаларында стеролдар синтезінің селективті тежегіші болып табылады. Фунголонның зеңдердің Р 450 цитохромы ферменттеріне қатысты спецификалығы жоғары.

Фунголон зең жасушалары ланостеролының эргостеролға айналуын бөгейді; жасушалық жарғақша өткізгіштігін арттырады, оның өсуі мен көбеюін бұзады. Зеңдердің Р 450 цитохромына тән үздік таңдамалы бола отырып, адам организміндегі осы ферменттерді іс жүзінде бәсеңдетпейді (итраконазолмен, клотримазолмен, эконазолмен және кетоконазолмен салыстырғанда, адамның бауыр микросомаларындағы Р 450 цитохромына тәуелді тотығу үдерістерін аз дәрежеде бәсеңдетеді). Антиадрогенді белсенділігі жоқ.

Препараттың қолданылу өрісі Candida albicans және басқа да Candida штаммдарын, Cryptococcus штаммдары мен дерматофиттерді қоса, бірқатар патогендерді қамтиды. Candida krusei штаммдары флуконазолға төзімді, ал 40% Candida glabrata штаммдары бастапқыда флуконазолға төзімді. Фунголон Aspergillus туғызған жұқпаларды емдеуде тиімсіз.

Қолданылуы

- жүйелі ем көрсетілген емделуші әйелдердегі жедел және қайталамалы қынаптық кандидоз

- егер жергілікті ем тиімсіз болса немесе оңтайлы нұсқа бола алмаса, сондай-ақ жұқпа алғашқы желідегі емге төзімді болып немесе емделушіде иммунитет төмендеп кететін жағдайлардағы терінің расталған зеңді жұқпалары, атап айтқанда дене/шап аумағы/ табан микозы (дерматофиттер туғызған), кебек тәрізді теміреткі немесе кандидоз

- шырышты қабықтардың, соның ішінде ауыз қуысы мен жұтқыншақтың, өңештің, терінің және шырышты қабықтардың кандидозы, сондай-ақ инвазиялық емес бронх-өкпе кандидозы

- иммунитеті төмендеп кеткен емделушілердегі кандидурия

- нейтропениясы жоқ емделушілердегі жүйелі кандидоз (кандидемия, диссеминацияланған немесе кең жайылған кандидоз, перитонит)

- нейтропениясы бар емделушілердегі Candida тектес зеңді микроорганизмдер туғызған жұқпалардың алдын алу (соның ішінде ЖИТС немесе сүйек кемігі трансплантациясы себебімен)

- иммунитеті төмен емделушілерде криптококктық менингиттің қайталануын болдырмауға бағытталған емдеу және демеуші ем

Қолдану тәсілі және дозалары

Ересектер

Қынаптық кандидоз: бір рет 150 мг.

Терінің расталған зеңді жұқпалары: дене, шап аумағы, табан микозы және кебек тәрізді теміреткі: 4-6 апта бойы аптасына бір рет 150 мг.

Шырышты қабықтар кандидозы: ауыз қуысының және жұтқыншақтың кандидозы: әдеттегі дозасы 7-14 күн бойы тәулігіне 50-100 мг құрайды. Емдеу ұзақтығы жұқпаның клиникалық жауабына байланысты.

Өңеш, тері және шырышты қабықтар кандидозы, сондай-ақ инвазиялық емес бронх-өкпе кандидозы: әдеттегі дозасы 14-30 күн бойы тәулігіне 50 мг құрайды. Аурудың ауыр, әсіресе, қайталанатын ағымында тәуліктік дозалануын 100 мг дейін арттыруға болады.

Иммунитеті төмендеп кеткен емделушілердегі кандидурия: әдеттегі дозасы 14-30 күн бойы тәулігіне 50 мг құрайды. Ауру ауыр өткенде Фунголонның тәуліктік дозалануын 100 мг дейін арттыруға болады.

Жүйелі кандидоз: кандидемияны және басқа инвазиялық кандидозды жұқпаларды емдеу үшін дозалануы емнің алғашқы тәуліктерінде 400 -ден 800 мг-ге дейін және емнің кейінгі күндерінде 200 -ден 400 мг-ге дейін ауытқиды. Жұқпаның типіне және ауырлығына қарай дозаланады. Көпшілік жағдайларда алғашқы тәуліктерде 800 мг-ге тең екпінді дозаны тағайындап, әрі қарай препаратты тәулігіне 400 мг дозада қабылдау оңтайлы нұсқа болып саналады. Әдетте бірнеше аптаға дейін созылатын емдеу ұзақтығы жұқпаның клиникалық жауабына байланысты.

Нейтропениясы бар емделушілердегі кандидозды жұқпалардың алдын алу: тәулігіне бір рет 400 мг. Фунголонды нейтропенияның болжамды дамуына дейін бірнеше күн бұрын тағайындап, нейтрофильдер саны 1 х 109/л-ден асқаннан кейін тағы 7 күн емдеуді жалғастырған жөн.

Иммунитеті төмен емделушілерде криптококкты менингитті емдеу және демеуші ем: емнің алғашқы күні 400 мг, сосын тәулігіне бір рет 200-400 мг. Криптококкты жұқпаларды емдеу ұзақтығы клиникалық жауабына байланысты, бірақ криптококкты менингит жағдайында стандартты курс 6-8 аптаға созылады.

Криптококкты менингиттің алдын алу үшін Фунголонды 200 мг-ге тең тәуліктік дозада тағайындау ұсынылады. ЖИТС-пен емделушілерде демеуші емнің ұзақтығы флуконазолға төзімділіктің жоғары даму қаупінің нәтижесіне негізделуі тиіс.

Егде жастағы емделушілер:

Бүйрек функциясы қалыпты емделушілерге препарат әдетте стандартты дозаларда тағайындалады. Бүйрек жеткіліксіздігі бар емделушілерге арналған дозалау режимі (креатинин клиренсі <50 мл/мин) төменде ұсынылған.

Бүйрек жеткіліксіздігі бар емделушілер:

Фунголон негізінен өзгеріссіз күйде несеппен шығарылады. Препаратты бір рет қабылдаған кезде дозаны өзгерту қажет емес.

Егер бүйрек жеткіліксіздігі бар емделушінің диагнозы препараттың көп рет қабылдануын талап еткен жағдайда алғашқы күні Фунголон 50-ден 400 мг-ге дейінгі дозада тағайындалады, ал кейінгі күндері ұсынылатын тәуліктік дозалануы (емдік көрсетілімдеріне қарай) келесі кесте бойынша есептеледі:

Креатинин клиренсі (мл/мин)

Ұсынылған дозалану пайызы

> 50

100%

11 – 50 (емделуші диализде болмаған жағдайда)

50%

Тұрақты диализ

100% әр диализден кейін

Жағымсыз әсерлері

Жиі (>1/100-ден <1/10-ға дейін)

- бас ауыру

- іштің ауыруы, диарея, жүрек айну, құсу

- сілтілі фосфатаза деңгейінің және аминотрансферазалардың (АЛТ және АСТ) сарысулық деңгейінің жоғарылауы

- бөртпе

Жиі емес (>1/1,000-нан <1/100-ге дейін)

- ұйқысыздық, ұйқышылдық

- құрысулар, бас айналу, парестезия, дәм сезудің өзгеруі

- вертиго

- диспепсия, метеоризм, ауыздың кеберсуі

- холестаз, сарғаю, билирубиннің жоғарылауы

- қышыну, есекжем, қатты терлеу, дәрілік препарат әсерінен болатын дерматит

- миалгия

- шаршау, дімкәстану, әлсіреу, дене температурасының көтерілуі

Сирек (> 1/10,000-нан <1/1,000-ға дейін)

- агранулоцитоз, лейкопения, нейтропения, тромбоцитопения

- анафилаксия, ангионевротикалық ісіну

- гипертриглицеридемия, гиперхолестеринемия, гипокалиемия

- тремор

- қарыншалар жыпылықтауы/дірілдеуі, QT аралығының ұзаруы

- гепатоуыттылық, өліммен аяқталған сирек жағдайларды қоса, бауыр жеткіліксіздігі, гепатоцеллюлярлы некроз, гепатит, гепатоцеллюлярлы зақымданулар

- уытты эпидермалық некролиз, Стивенс-Джонсон синдромы, жедел жайылған экзантематоздық пустулез, эксфолиативтік дерматит, беттің ісінуі, алопеция

ЖИТС-пен немесе обырмен науқастарда Фунголонмен және ұқсас препараттармен емдегенде қан, бүйрек пен бауыр функциясы көрсеткіштерінің өзгерістері байқалды, алайда осы өзгерістердің клиникалық мәні және олардың емдеумен байланысы анықталмаған.

Қолдануға болмайтын жағдайлар

- флуконазолға, препараттың басқа компоненттеріне немесе құрылымы жағынан флуконазолға ұқсас азольді заттарға жоғары сезімталдық

- тәулігіне 400 мг және одан көп дозада Фунголонды көп рет қолдану кезінде терфенадинді бір мезгілде қабылдау

- QT аралығын ұзартатын және СҮР3А4 ферменті арқылы метаболизденетін цизаприд, астемизол, эритромицин, пимозид пен хинин сияқты дәрілік препараттарды бір мезгілде қабылдау

- жүктілік және лактация

- 18 жасқа дейінгі балаларға

Дәрілермен өзара әрекеттесуі

Фунголонды мынадай препараттармен бір мезгілде қабылдау қарсы көрсетілімді:

Цизаприд (CYP3A4 субстраты)

Фунголон мен цизапридті бір мезгілде алатын емделушілерде жүрек-қантамыр жүйесі жағынан бұзылулар болды, соның ішінде екі бағытты қарыншалық  тахикардия жағдайлары тіркелді. Фунголонды тәулігіне 1 рет 200 мг дозада және цизапридті тәулігіне 4 рет 20 мг дозада бір мезгілде қолдану цизапридтің плазмалық концентрацияларының айқын жоғарылауына және QT аралығының ұзаруына алып келеді. Цизаприд пен Фунголонды бір мезгілде қабылдау қарсы көрсетілімді.

400 мг және одан жоғары дозадағы Фунголонмен үйлестірілген терфенадин (CYP3A4 субстраты)

Терфенадинмен үйлестірілген Фунголонды 200 мг дозада тәулігіне 1 рет қабылдау QT аралығының ұзаруын туындатпаған, бірақ 400 мг және 800 мг Фунголонды тәулігіне 1 рет қолданғанда терфенадиннің плазмалық концентрацияларының едәуір жоғарылауы болды. Терфенадин мен Фунголонды 400 мг және одан жоғары дозада бір мезгілде қабылдау қарсы көрсетілімді.

Терфенадин мен Фунголонды 400 мг-ден аспайтын тәуліктік дозаларда үйлестіріп қолданғанда емделушінің жай-күйіне мұқият мониторинг жасау көрсетілген.

Астемизол (CYP3A4 субстраты)

Фунголонды астемизолмен бір мезгілде қолдану соңғысының клиренсін төмендетуі мүмкін. Астемизолдың плазмалық концентрацияларының жоғарылауы нәтижесінде QT аралығының ұзаруы, ауыр вентрикулярлы аритмия, екі бағытты қарыншалық тахикардия және жүректің тоқтап қалуы сияқты құбылыстар пайда болады. Жүрек қызметінің күрделі және өлімге ұшыратуы ықтимал бұзылуларының даму қаупіне орай Фунголон мен астемизолды бір мезгілде қабылдау қарсы көрсетілімді.

Хинидин (CYP3A субстраты)

Фунголон хинидин метаболизмін тежеп, сонысымен осы препараттың плазмалық концентрацияларының жоғарылауына ықпал етіп, QT аралығының ұзару қаупін арттырады.

Пимозид (CYP3A4 субстраты)

Фунголонды пимозидпен үйлестіріп қолдану соңғысының метаболизм тежелісіне алып келеді. Пимозидтің плазмалық концентрацияларының жоғарылауы QT аралығының ұзаруына және (сирек жағдайларда) екі бағытты қарыншалық тахикардияның дамуына алып келеді. Фунголон мен пимозидті бір мезгілде қабылдау қарсы көрсетілімді.

Фунголонды мынадай препараттармен бір мезгілде қабылдауға болмайды:

Эритромицин

Фунголон мен эритромицин бір мезгілде қолданылғанда кардиоуытты әсерлердің (QT аралығының ұзаруы, екі бағытты қарыншалық тахикардия), соның салдарынан жүрек тоқтауының даму қаупі артады. Осы препараттарды бір мезгілде тағайындаудан аулақ болу керек.

Фунголонды мынадай препараттармен үйлестіріп қолданғанда дозалануын реттеуді қоса, тиісті сақтану шараларын қабылдау қажет:

Фунголон метаболизміне әсер ететін препараттар.

Гидрохлоротиазид: гидрохлоротиазид пен Фунголонды бір мезгілде қолдану плазмадағы Фунголон концентрациясын 40% ұлғайтады. Осы ұлғаюдың әсері қатарлас диуретиктер алатын емделушілерде Фунголон дозалануын өзгертуді талап етпейді.

Рифампицин: Фунголон мен рифампицинді бір мезгілде қолдану AUC-тың (концентрация-уақыт қисығы астындағы аудан) 25% төмендеуіне және Фунголонның жартылай шығарылу кезеңінің 20% қысқаруына алып келеді. Рифампицинмен қатарлас ем алатын науқастарда Фунголон дозасын көбейту қажет.

Фунголонның басқа дәрілік препараттарға әсері

Фунголон – P450 цитохромының (CYP) 2C9 изоферментінің тежегіші және CYP3A4 ферментінің орташа тежегіші. Төменде көрсетілген өзара әрекеттесулерден басқа, Фунголонмен бір мезгілде қолданған кезде CYP2C9 және CYP3A4 ферменттерімен метаболизденетін басқа қосылымдардың плазмалық концентрацияларының жоғарылау қаупі болады. Сондықтан, осы біріктірілімдерді пайдаланған кезде сақтық танытып, ал науқастарды мұқият бақылау қажет. Фунголонның фермент-тежегіш әсері, жартылай шығарылу кезеңінің ұзаққа созылуына орай, Фунголонмен емдеуді тоқтатқаннан кейін 4-5 күн сақталады.

Альфентанил: Фунголонмен бір мезгілде емдеген кезде альфентанил клиренсі мен таралу көлемінің азаюы, сондай-ақ T½ (жартылай шығарылу кезеңі) ұзаруы байқалады. Болжамды әсер ету механизмі Фунголон препаратымен CYP3A4 ферментін тежеу болып табылады. Альфентанил дозасын реттеу қажет болады.

Амитриптилин, нортриптилин: Фунголон амитриптилин мен нортриптилиннің әсерін күшейтеді. 5-нортриптилин және/немесе S-амитриптилинді біріктірілген емнің басында және апта өткен соң өлшеуге болады. Егер қажет болса, амитриптилин/нортриптилин дозалары ретке келтірілуі тиіс.

Амфотерицин B: Фунголон мен амфотерицин B бір мезгілде қолдану иммунитеті қалыпты және әлсіреп кеткен жұқпа жұқтырған тышқандарда мынадай нәтижелер көрсетті: C. albicans туғызған жүйелі жұқпалар кезінде зеңге қарсы қосымша аздаған әсері, Cryptococcus neoformans туғызған бассүйекішілік жұқпалар кезінде ешқандай өзара әрекеттесудің болмауы, A. fumigatus туғызған жүйелі жұқпаға екі препараттың антагонизмі. Осы зерттеуден алынған клиникалық мәнді нәтижелер белгісіз.

Антикоагулянттар: Фунголон варфаринмен бір мезгілде қолданғанда протромбин уақытын (12%) ұзартады. Постмаркетингтік зерттеуде, зеңге қарсы басқа да азольді препараттардағыдай, Фунголонды варфаринмен бір мезгілде алған науқастарда протромбин уақытының ұзаруымен байланысты қан кету көріністері (гематомалар, мұрыннан қан кетулер, асқазан-ішектен қан кетулер, гематурия және мелена) жөнінде хабарланды. Кумаринді қатардың антикоагулянттарын қабылдайтын науқастарда протромбин уақытын мұқият бақылау қажет. Варфарин дозасын реттеу қажет болады.

Азитромицин: Фунголон мен азитромицин арасында ешқандай маңызды фармакокинетикалық өзара әрекеттесу болған жоқ.

Бензодиазепиндер (қысқа әсер ететін): мидазоламмен бір мезгілде қолданғанда, Фунголон мидазолам концентрациясының едәуір ұлғаюына және психомоторлық әсерлерге алып келеді. Мидазоламға осылай әсер етуі Фунголонды ішу арқылы қабылдағаннан кейін, көктамыр ішіне енгізгеннен кейінгіге қарағанда, айқын білінеді. Егер Фунголон алатын науқастарға бензодиазепиндермен қатарлас емдеу талап етілсе, бензодиазепиндер дозасын азайтып, ал науқастарды мұқият қадағалау қажет.

Фунголон, триазолам метаболизмінің тежелуіне орай, триазолам (бір реттік доза) AUC-ын шамамен 50%, Cmax мәнін 20-32% және t½ мәнін 25-50 % арттырады. Триазолам дозасын реттеу қажет болады.

Карбамазепин: Фунголон карбамазепин метаболизмін тежеп, соңғысының сарысудағы концентрациясын 30% ұлғайтады. Карбамазепинмен уыттанудың даму қаупі бар. Карбамазепин дозасын концентрациясы/әсерінің өлшемдеріне қарай реттеу қажет болады.

Кальций өзектерінің блокаторлары: Кальций өзектерінің кейбір антагонистері (нифедипин, исрадипин, амлодипин, верапамил және фелодипин) CYP3A4 ферментімен метаболизденеді. Фунголон кальций өзектері антагонистерінің жүйелі әсер етуін едәуір арттыра алады. Препараттардың жағымсыз әсеріне жиі мониторинг жасау ұсынылады.

Целекоксиб: Фунголонмен (тәулігіне 200 мг) және целекоксибпен (200 мг) қатарлас емдеу кезінде целекоксибке тән Cmax пен AUC, тиісінше, 68% және 134% ұлғайған. Фунголонмен үйлестірілген целекоксиб дозасының жартысы қажет болады.

Циклоспорин: Фунголон циклоспорин AUC мен концентрациясын едәуір ұлғайтады. Бұл біріктірілімді циклоспорин дозасын оның концентрациясына қарай азайту арқылы пайдалануға болады.

Циклофосфамид: циклофосфамид пен Фунголонның біріктірілген емі қан сарысуындағы билирубин және креатинин деңгейлерінің жоғарылауына алып келеді. Біріктірілімді қан сарысуындағы билирубин мен креатинин деңгейлерінің көтерілу қаупі пайда болғанша пайдалана беруге болады.

Фентанил: Фунголон фентанилдің шығарылуын едәуір кідіртеді. Фентанил концентрацияларының жоғарылауы тыныс алу жеткіліксіздігіне алып келеді.

Галофантрин: Фунголон, CYP3A4-ті тежеу әсеріне орай, плазмадағы галофантрин концентрациясын арттыруы мүмкін.

A-редуктаза (ГМГ-КоA-редуктаза) гидроксиметилглутарил-коферментінің тежегіштері: Фунголон аторвастатин мен симвастатин сияқты CYP3A4 арқылы немесе флувастатин сияқты CYP2C9 арқылы метаболизденетін ГМГ-КоA-редуктаза тежегіштерімен бір мезгілде тағайындалғанда миопатияның және қаңқа бұлшықеттері жедел некрозының (рабдомиолиз) даму қаупі артады. Егер қатарлас ем қажет болса, науқас миопатия мен рабдомиолиз симптомдарының пайда болуы тұрғысынан тексерілуі тиіс, сондай-ақ креатинкиназа деңгейіне бақылау жүргізген жөн. Егер креатинкиназа деңгейінің едәуір жоғарылауы немесе егер миопатия / рабдомиолиздің дамуы диагностикаланса немесе күдік тудырса, ГМГ-КоA-редуктаза тежегіштерін қабылдауды тоқтату керек.

Лозартан: Фунголон Лозартанмен емделу кезінде болатын ангиотензин II рецепторлары антагонизмінің көп бөлігі үшін жауап беретін лозартанның оның белсенді метаболитіне (Е-31 74) метаболизденуін тежейді. Науқастар артериялық қысымын тұрақты бақылауда ұстауы тиіс.

Метадон: Фунголон қан сарысуындағы метадон концентрациясын арттыра алады. Метадон дозасын реттеу қажет болады.

Қабынуға қарсы стероидты емес препараттар (ҚҚСП): Фунголонмен бір мезгілде тағайындалғанда флурбипрофен Cmax және AUC мәндері, флурбипрофен монотерапиясымен салыстырғанда, тиісінше, 23% және 81% артады. Ұқсас сипатта, Фунголон ибупрофеннің (400 мг) рацемиялық қоспасымен бір мезгілде тағайындалғанда, соңғысының монотерапиясымен салыстырғанда, фармакологиялық белсенді изомердің [S-(+)-ибупрофен] Cmax және AUC мәндері, тиісінше, 15% және 82% ұлғайған.

Фунголон CYP2C9 арқылы метаболизденетін басқа да ҚҚСП (мысалы, напроксен, лорноксикам, мелоксикам, диклофенак) жүйелі әсер етуін күшейтуі мүмкін. ҚҚСП-мен байланысты жағымсыз әсері мен уыттылығына жиі мониторинг жасау ұсынылады. ҚҚСП дозаларын реттеу қажет болады.

Ішуге арналған контрацептивтер: Фунголонның 50 мг дозасының гормондар деңгейіне ешқандай елеулі әсері болмағаны анықталған, осы тұста тәуліктік 200 мг дозасында этинилэстрадиол мен левоноргестрел AUC (концентрация-уақыт қисығы астындағы ауданы), тиісінше, 40% және 24% ұлғайды. Осылайша, Фунголонды осындай дозаларда көп рет қолданудың ұрықтануға қарсы біріктірілген ішуге арналған препараттардың тиімділігіне ықпалын тигізуі екіталай.

Фенитоин: Фунголон фенитоиннің бауырдағы метаболизмін тежейді. Бір мезгілде қабылдаған кезде фенитоинмен уыттануға жол бермеу үшін қан сарысуындағы фенитоин концентрациясының деңгейлері тексерілуі тиіс.

Преднизон: Фунголонмен және преднизонмен ұзақ уақыт емделіп жүрген науқастар Фунголон қабылдауды тоқтатқаннан кейін бүйрек үсті бездерінің қыртысы жеткіліксіздігінің дамуы тұрғысынан бақылануы тиіс.

Рифабутин: Фунголонмен бір мезгілде қолдану қан сарысуындағы рифабутин деңгейлерінің 80%-ға дейін жоғарылауына алып келеді. Фунголон мен рифабутин бір мезгілде тағайындалған науқастарда увеиттің даму жағдайлары жөнінде хабарланды. Рифабутин мен Фунголонды бір мезгілде алатын науқастардың ахуалын мұқият бақылау қажет.

Саквинавир: Фунголон саквинавир AUC-ын шамамен 50%, Cmax мәнін шамамен 55% ұлғайтып, CYP3A4 арқылы саквинавирдің бауырдағы метаболизмінің тежелуі және Р-гликопротеин тежелісі есебінен саквинавир клиренсін шамамен 50% азайтады. Саквинавир дозаларын реттеу қажет болады.

Сиролимус: Фунголон, жорамалды түрде, CYP3A4 пен Р-гликопротеин арқылы сиролимус метаболизмін тежеу жолымен сиролимустың плазмалық концентрациясын ұлғайтады. Бұл біріктірілімді сиролимус дозасын концентрациясы/әсерінің өлшемдеріне қарай реттеген кезде пайдалануға болады.

Сульфонилмочевина: Фунголон ішуге арналған сульфонилмочевина препараттарын (мысалы, хлорпропамид, глибенкламид, глипизид, толбутамид) бір мезгілде қабылдағанда сарысудан жартылай шығарылу кезеңін ұзартады. Қан глюкозасын жиі тексеру және сульфонилмочевина дозасын тиісінше азайту ұсынылады.

Такролимус: Фунголон ішу арқылы қабылдағанда такролимустың сарысулық концентрацияларын, CYP3A4 арқылы ішектегі такролимус метаболизмін тежеу есебінен, 5 есеге дейін арттыра алады. Такролимус көктамыр ішіне енгізілгенде ешқандай елеулі фармакокинетикалық өзгерістер болмаған. Такролимус деңгейінің жоғарылауы нефроуыттылығымен байланысты. Ішуге арналған такролимус дозасы препарат концентрациясына қарай азайтылуы тиіс.

Теофиллин: Фунголонды 200 мг-ден 14 күн бойы қабылдау теофиллин клиренсінің орташа жылдамдығын 18% төмендетті. Фунголон мен теофиллинді жоғары дозаларда қабылдайтын науқастарды немесе теофиллиннің уытты әсер ету қаупі жоғары науқастарда теофиллиннің артық дозалану симптомдарын дер мезгілінде анықтау мақсатында мұқият қадағалау қажет; олар пайда болғанда емдеуді тиісті үлгіде өзгерткен дұрыс.

Қабіршөп алкалоиды: Фунголон қабіршөп алкалоидының (мысалы, винкристин мен винбластин) плазмалық деңгейлерін арттырып, CYP3A4-ті тежеу әсеріне орай, нейроуыттануға алып келуі мүмкін.

А витамині: Бұл біріктірілімді пайдалануға болады, бірақ емделушілерді ОЖЖ-мен байланысты жағымсыз әсерлерін анықтау мақсатында бақылау керек.

Зидовудин: Фунголон, ішу арқылы қабылдаған кезде зидовудин клиренсінің шамамен 45% төмендеуіне орай, зидовудиннің Cmax және AUC мәндерін, тиісінше, 84% және 74% арттырады. Зидовудиннің жартылай шығарылу кезеңі Фунголонмен біріктірілген емнен кейін шамамен 128% ұзарады. Бұл біріктірілімді алатын науқастар зидовудин қабылдаумен байланысты жағымсыз реакцияларды анықтау мақсатында қадағалануы тиіс. Зидовудин дозасын азайту қажет болады.

Вориконазол (CYP2C9, CYP2C19 және CYP3A4 тежегіші): ішуге арналған вориконазолды (1 күнде әр 12 сағат сайын 400 мг, сосын 2,5 күн бойы әр 12 сағат сайын 200 мг) және ішуге арналған Фунголонды (1-ші күні 400 мг, сосын 4 күн бойы әр 24 сағат сайын 200 мг) бір мезгілде қолдану вориконазол AUC мен концентрациясының орташа алғанда, тиісінше, 57% (90% C1: 20%, 107%) және 79% (90% CI: 40%, 128%) ұлғаюына әкелді. Вориконазол мен Фунголон препаратын кез келген дозада бір мезгілде тағайындау ұсынылмайды.

Фунголон препаратының ішуге арналған түрлерінің, оны тамақпен, циметидинмен, антацидтермен бір мезгілде қабылдағанда, сондай-ақ сүйек кемігін ауыстырып салу үшін денені жаппай сәулелендіруден кейін өзара әрекеттесулерін зерттеу бұл факторлардың Фунголон препаратының сіңуіне клиникалық мәнді ықпалын тигізбейді.

Айрықша нұсқаулар

Сирек жағдайларда және көбінесе күрделі қатарлас аурулары бар емделушілерде Фунголон қолдану бауырдың, соның ішінде өліммен аяқталатын ауыр уытты зақымдануымен қатар жүрді. Алайда Фунголонның гепатоуыттылығы мен тәуліктік дозалануы, емдеу курсының ұзақтығы, науқастың жыныс немесе жас ерекшеліктері арасындағы анық себеп-салдарлы байланысы анықталмаған.

Фунголонмен емделу кезінде зертханалық талдауларында бауыр жұмысының бұзылуы немесе нашарлауы анықталатын емделушілерге, егер емнің басталуына дейін-ақ қалып шегінен ауытқулары анықталған болса, мұқият мониторинг жасау көрсетілген. Фунголон қабылдау аясында бауыр ферменттерінің деңгейі жоғарылаған кезде, емді жалғастырмас бұрын емдеуден болатын пайда мен бауырдың күрделі зақымдану қаупінің арақатынасын бағалау қажет.

Препарат қабылдаудан болатын бауыр функциясы бұзылуының клиникалық белгілері білінгенде Фунголонмен емдеуді тоқтату керек. Көпшілік жағдайларда гепатоуыттылығы қайтымды сипатта болады, ал бауыр жұмысының нашарлау симптомдары емдеуді тоқтатқаннан кейін басылады.

Сирек жағдайларда Фунголонмен емдеу аясында Стивенс-Джонсон синдромы және уытты эпидермалық некролиз сияқты эксфолиативтік тері реакциялары болды. ЖИТС-ке шалдыққан емделушілердің көптеген дәрілік препараттарға болатын ауыр тері реакцияларының дамуына көбірек бейім келетінін атап өту керек. Беткейлік зең жұқпалары бар емделушілерде Фунголон қабылдаумен байланысты болуы мүмкін бөртпе пайда болған жағдайларда препаратты тоқтату керек. Инвазиялық/жүйелі зең жұқпалары бар емделушілерде бөртпе пайда болғанда әрі қарай емдеуді қатаң бақылаумен жүргізген жөн, буллезді зақымданулар немесе мультиформалы эритема анықталғанда емді тоқтату қажет.

Басқа да азольді препараттар жағдайындағы сияқты, сирек анафилактикалық реакциялар жөнінде есептер алынған.

Кейбір азольді қосылымдар, флуконазолды қоса, QT аралығының ұзаруымен астасқан. Сирек жағдайларда Фунголонмен емделу кезінде QT аралығының ұзаруы мен екі бағытты қарыншалық тахикардияның дамуы болған. Фунголон қабылдау мен QT аралығының ұзартылуы арасындағы байланыстың сенімді анықталмауына қарамастан, мынадай проаритмогенді жай-күйлері бар емделушілерге препаратты абайлап тағайындау керек:

- QT аралығының туа біткен немесе жүре пайда болған ұзаруы

- Кардиомиопатия, әсіресе, қатарлас жүрек жеткіліксіздігі кезінде

- Синустық брадикардия

- Симптоматикалық аритмиялар

- Электролитті теңгерім бұзылулары, әсіресе, гипокалиемия және гипомагнезиемия

- QT аралығын ұзартатын, бірақ CYP3A4 изоферменті арқылы метаболизденбейтін препараттарды үйлестіріп қолдану

Фунголон қабылдауды бастар алдында электролитті теңгерім бұзылуын (гипокалиемия, гипомагнезиемия және гипокальциемия) жою қажет.

Креатинин клиренсі <50 мл/мин емделушілерге препараттың едәуір төмен дозалары тағайындалады.

Терфенадин мен Фунголонды 400 мг-ден аспайтын тәуліктік дозаларда үйлестіріп қолданғанда емделуші ахуалына мұқият мониторинг жасау көрсетілген.

Фунголон - Р450 (CYP) цитохромы 2С9 изоферментінің күшті тежегіші және CYP3A4 орташа тежегіші. Фунголонмен бір мезгілде метаболизмі CYP2С9 және CYP3A4 қатысуымен жүретін емдік ауқымы тар препараттар (варфарин мен фенитоин) қабылдайтын емделушілерге.

Фунголон капсулаларының құрамында лактоза бар, сондықтан ол галактоза көтере алмаушылық, Лапп лактаза жеткіліксіздігі немесе глюкоза мен галактоза мальабсорбциясы синдромы сияқты сирек тұқым қуалайтын аурулары бар емделушілерге тағайындалмауы тиіс.

Дәрілік заттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері

Автокөлік басқару немесе техника пайдалану кезінде сақтық шарасын қадағалау керек, өйткені бас айналуы және құрысулар туындауы мүмкін.

Артық дозалануы

Симптомдары: жағымсыз әсерлердің күшеюі.

Емі: симптоматикалық (соның ішінде демеу шаралары және асқазанды шаю).

Фунголон негізінен несеппен шығарылады, сондықтан қарқынды диурез препараттың шығарылуын жеделдете алады.

3 сағатқа созылатын гемодиализ сеансы плазмадағы Фунголон деңгейін шамамен 50% төмендетеді.

Шығарылу түрі және қаптамасы

1 капсуладан поливинилхлоридті үлбірден және алюминий фольгадан жасалған пішінді ұяшықты қаптамада.

1 пішінді ұяшықты қаптамадан медицинада қолданылуы жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапқа салынған.

Сақтау шарттары

25С-ден аспайтын температурада сақтау керек.

Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!

Сақтау мерзімі

3 жыл

Қаптамасында көрсетілген жарамдылық мерзімі өткеннен кейін препаратты қолдануға болмайды.

Дәріханалардан босатылу шарттары

Рецепт арқылы

Өндіруші

«Actavis ehf.»,

Рейкьявикурвегур, 76-78, 220 Хафнарфьордур, Исландия

Тіркеу куәлігінің иесі

«Актавис Групп» АҚ, Исландия.

Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан өнім (тауар) сапасына қатысты шағымдар қабылдайтын ұйымның мекенжайы

Алматы қ. Актавис Интернешнл Лтд өкілдігі

Қазақстан Республикасы, 050009, Алматы қ., Мұқанов к-сі, 241-1А.

Тел./факс: 8 (727) 313 74 30, 313 74 31;

Электронды пошта: actavis@actavis.kz; сайт: www.actavis.com

 

 

Прикрепленные файлы

272333131477976926_ru.doc 112.5 кб
940840181477978101_kz.doc 133 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту

Источники

Национальный центр экспертизы лекарственных средств, изделий медицинского назначения и медицинской техники