Флуконазол-Дарница
Инструкция
- русский
- қазақша
Саудалық атауы
Флуконазол-Дарница
Халықаралық патенттелмеген атауы
Флуконазол
Дәрілік түрі
Инфузияға арналған ерітінді, 0,2 %
Құрамы
1 мл ерітіндінің құрамында
белсенді зат - 2 мг флуконазол
қосымша заттар: 9 мг натрий хлориді, инъекцияға арналған су 1 мл-ге дейін
Сипаттамасы
Мөлдір, түссіз ерітінді.
Фармакотерапиялық тобы
Жүйелі қолдануға арналған инфекцияға қарсы препараттар. Жүйелі қолдануға арналған зеңге қарсы препараттар. Триазол туындылары. Флуконазол.
АТХ коды J02A C01
Фармакологиялық қасиеттері
Фармакокинетикасы
Вена ішіне және пероральді түрде қолданғандағы флуконазолдың фармакокинетикалық қасиеттері ұқсас.
Таралуы.
Таралу көлемі организмдегі сұйықтықтың жалпы мөлшеріне шамамен тең. Қан плазмасы ақуыздарымен байланысуы төмен (11-12%).
Флуконазол организмнің зерттелетін барлық сұйықтығына өтеді. Флуконазолдың сілекейдегі және қақырықтағы деңгейі қан плазмасындағы препарат концентрацияларына ұқсас. Зеңдік менингиті бар науқастарда флуконазолдың деңгейі жұлын-ми сұйықтығында қан плазмасындағы концентрациясының 80%-на жетеді.
Теріде флуконазол сарысудағыдан асып кететін жоғары концентрацияларға мүйізгекті қабатта, эпидермисте, дермада және терде жетеді. Флуконазол мүйізгекті қабатта жиналады. Тәулігіне 1 рет 50 мг дозада қолданғанда флуконазолдың концентрациясы 12 күн емдегеннен кейін 73 мкг/г құрады, ал емдеуді аяқтағаннан кейін 7 күннен соң концентрация әлі де 5,8 мкг/г құрады. Аптасына 1 рет 150 мг дозаны қолданғанда флуконазолдың концентрациясы емдеудің 7-ші күні 23,4 мкг/г құрады; келесі дозаны қолданғаннан кейін 7 күннен соң ол әлі де 7,1 мкг/г құрады.
Аптасына 1 рет 150 мг дозаны 4 ай қолданғаннан кейін флуконазолдың тырнақтардағы концентрациясы дені сау еріктілерде 4,05 мкг/г және тырнақ аурулары бар пациенттерде 1,8 мкг/г құрайды; емдеуді аяқтағаннан кейін 6 айдан соң флуконазол тырнақтардың үлгілерінен табылды.
Метаболизмі.
Флуконазол аздап метаболизденеді. Радиоактивті изотоптармен таңбаланған дозаларды енгізген кезде флуконазолдың 11%-ы ғана өзгермеген күйінде несеппен бірге экскрецияланады. Флуконазол CYP 2С9 және CYP3A4 изоферменттерінің селективті тежегіші, сондай-ақ CYP2С19 изоферментінің тежегіші болып табылады.
Экскрециясы.
Қан плазмасынан флуконазолдың жартылай шығарылу кезеңі 30 сағатқа жуықты құрайды. Препараттың үлкен бөлігі бүйрек арқылы шығарылады, мұндайда енгізілген дозаның 80%-ы өзгермеген күйінде несептен табылады. Флуконазолдың клиренсі креатининнің клиренсіне пропорционалды. Айналымнан метаболиттер табылған жоқ.
Қан плазмасынан жартылай шығарылуының ұзақ кезеңі препаратты қынаптық кандидозда бір реттік қолдануға, сондай-ақ басқа көрсетілімдерде препаратты аптасына 1 рет қолдануға мүмкіндік береді.
Бүйрек функциясының жеткіліксіздігі.
Бүйрек функциясының ауыр дәрежедегі жеткіліксіздігі бар (шумақтық сүзілу жылдамдығы < 20 мл/мин) пациенттерде жартылай шығарылу кезеңі 30 сағаттан 98 сағатқа дейін артады. Сондықтан осы санаттағы пациеттерде флуконазолдың дозасын төмендету қажет. Флуконазол гемодиализ жолымен, аз дәрежеде интраперитонеальді диализ жолымен жойылады. Ұзақтығы 3 сағаттық гемодиализ сеансы қан плазмасында флуконазолдың деңгейін шамамен 50%-ға төмендетеді.
Балалар.
Көп реттік қолданудан кейін қан плазмасынан флуконазолдың жартылай шығарылу кезеңі 15 және 18 сағат арасында өзгеріп отырды; таралу көлемі 880 мл/кг құрады. Қан плазмасынан шамамен 24 сағатты құраған жартылай шығарылуының ұзағырақ кезеңі флуконазолды бір реттік қолданудан кейін болды. Осы көрсеткіш туылғаннан бастап 11 күндіктен 11 айлыққа дейінгі балаларға 3 мг/кг дозаны бір реттік қолданудан кейінгі флуконазолдың жартылай шығарылу кезеңімен ұқсас. Осы жас тобындағы пациенттерде таралу көлемі 950 мл/кг жуықты құрады.
Егде жастағы пациенттер.
Егде жастағы пациенттерде фармакокинетикасының өзгерістері бүйрек функциясының параметрлеріне анық тәуелді.
Фармакодинамикасы
Ең төмен тежегіш концентрация және Candida түрлерінің әсерінен туындаған микоздардың экспериментальді үлгілері арасында өзара байланыс бар. Флуконазолдың AUC және дозасы арасында (шамамен 1:1) дозаға тәуелділік бар. Сондай-ақ AUC немесе доза және оральді кандидоз бен аз дәрежеде – кандидемияны емдеуге оң клиникалық жауап арасында тікелей, бірақ жеткіліксіз байланыс бар. Флуконазол, ең төмен жоғары тежегіш концентрация беретін штаммдардан туындаған инфекцияларды емдеген кездегі сияқты, азырақ қанағаттанарлық танытты.
Резистенттілік механизмі.
Candida туысының микроорганизмдері зеңге қарсы азольді заттарға резистенттіліктің көптеген механизмдерін көрсетеді. Флуконазол резистенттіліктің бір немесе көбірек механизмдері бар зеңдердің штаммдарына қарсы ең төмен жоғары концентрация танытады, бұның клиникалық іс тәжірибеде де in vivo тиімділігіне ықпалы теріс болады. Флуконазолға жиі сезімтал емес C. Albicans түрлерінен айырмашылықтары бар басқа Candida spp. (мысалы, Candida krusei) суперинфекцияларының даму жағдайлары жөнінде мәлімделді. Мұндай жағдайларды емдеу үшін зеңге қарсы альтернативті заттарды қолданған жөн.
Фармакодинамикасы
Әсер ету механизмі.
Флуконазол, зеңге қарсы триазолдар класының препараты, эргостерол синтезі үшін қажетті зең ферменттерінің күшті және селективті тежегіші. Оның әсер етуінің алғашқы механизмі Р450 цитохромы арқылы зеңдік 14 альфа-ланостерол–деметилденудің басылуы, бұл зеңдік эргостерол биосинтезінің ажырамас этапы болып табылады. 14 альфа-метил-стеролдардың жинақталуы зең жасушаларының жарғақшасымен эргостеролдың кейіннен жоғалуымен өзара байланысты және флуконазолдың зеңге қарсы белсенділігі үшін жауап беруі мүмкін. Флуконазол сүт қоректілердің Р450 цитохромының әртүрлі жүйелеріне қарағанда, Р450 цитохромының зеңдік ферменттеріне өте селективті болып табылады.
Флуконазолды 28 күн бойы тәулігіне 50 мг дозада қолдану еркектерде қан плазмасындағы тестостеронның деңгейіне немесе бала өрбіту жасындағы әйелдерде эндогендік стероидтардың деңгейіне ықпалын тигізбейді. Флуконазол тәулігіне 200-400 мг дозада эндогендік стероидтардың деңгейіне немесе дені сау ерікті еркектерде АКТГ стимуляциясына жауапқа клиникалық тұрғыдан маңызды ықпалын тигізбейді.
Антипиринмен өзара әрекеттесулеріне жүргізілген зерттеулер 50 мг флуконазолды бір немесе көп реттік қолдану антипириннің метаболизміне ықпалын тигізбейтіндігін көрсетті.
Іn vitro сезімталдық
Флуконазол өте жиі кездесетін Candida түрлеріне (C.albicans, C.parapsilosis, C.tropicalis қоса) қатысты зеңге қарсы in vitro белсенділік танытады. C.glabrata флуконазолға кең ауқымды сезімталдық көрсетеді, ал C.krusei ретінде оған резистентті болып табылады.
Сондай-ақ флуконазол Cryptococcus neoformans және Cryptococcus gattii-ге де, сонымен қатар Blastomices dermatitidis, Coccidioides immitis, Histoplasma capsulatum және Paracoccidioides brasiliensis эндемиялық өңезді зеңдерге қарсы да in vitro белсенділік танытады.
Қолданылуы
Ересектерде келесі ауруларды емдеу үшін:
- криптококтік менингит
- кокцидиоидоз
- инвазиялық кандидоздар
- ауыз-жұтқыншақ кандидозын және өңеш кандидозын қоса, шырышты қабықтар кандидозы, кандидурия, терінің және шырышты қабықтардың кандидозы
- созылмалы атрофиялық кандидоз (тіс протездерін пайдаланудан туындаған кандидоз), жергілікті ем тиімсіз болғанда.
Ересектерде келесі ауруларда профилактика жүргізу үшін:
- пациенттерде даму қаупі жоғары криптококтік менингиттің қайталануы
- даму қаупі жоғары АИТВ бар пациенттерде ауыз-жұтқыншақ немесе өңеш кандидозының қайталануы
- ұзаққа созылған нейтропениясы бар пациенттерде (мысалы, қанның қатерлі аурулары бар, химиотерапия қабылдап жүрген пациенттерде немесе гемопоэздік дің жасушалары трансплантацияланған пациенттерде) кандидоздық инфекциялардың профилактикасында.
Балаларда туғаннан бастап келесі ауруларды емдеу үшін:
- шырышты қабықтардың кандидоздары (ауыз-жұтқыншақ кандидозы, өңеш кандидозы),
- инвазиялық кандидоздар
- криптококтік менингит.
- айы-күні жетіп жаңадан туған нәрестелерде, сәбилерде және мектеп жасындағы балаларда, сондай-ақ иммунитеті әлсіреген 17 жасқа дейінгі жасөспірімдерде кандидоздық инфекцияларға профилактика жүргізу үшін
- криптококтік менингиттің даму қаупі жоғары балаларда оның қайталануының алдын алу үшін демеуші ем жүргізу үшін.
Препаратпен емдеуді өсірінділік және басқа да зертханалық зерттеу нәтижелері алынғанға дейін бастауға болады; нәтижелерін алғаннан кейін бактерияларға қарсы емді тиісінше түзету керек.
Қолдану тәсілі және дозалары
Флуконазолдың дозасы зеңдік инфекцияның түріне және ауырлығына байланысты.
Препаратты көп реттік қолдану қажет болғанда инфекцияны емдеуді зеңдік инфекция белсенділігінің клиникалық және зертханалық көріністері жоғалғанша жалғастырған жөн. Емдеу ұзақтығының жеткіліксіздігі белсенді инфекциялық үдерістің қайта жаңғыруына әкелуі мүмкін.
Препаратты вена ішіне инфузия жолымен қолданады. Оны пероральді түрде қолданудан вена ішіне және керісінше қолдану жолдарын өзгерткенде тәуліктік дозаны өзгертудің қажеттілігі жоқ.
Инфузияға арналған ерітіндіні минутына 10 мл-ден аспайтын жылдамдықпен енгізген жөн.
Препараттың үйлесімділігі.
Препарат мынау сияқты ерітінділермен үйлеседі:
- 5% және 20% глюкоза ерітіндісі;
- Рингер ерітіндісі;
- Хартман ерітіндісі;
- глюкозадағы калий хлоридінің ерітіндісі;
- 4,2% және 5% натрий бикарбонатының ерітіндісі;
- 3,5% аминазин ерітіндісі;
- 0,9% натрий хлоридінің ерітіндісі;
- диалафлекс (интраперитонеальді диализге арналған 6,36% ерітінді).
Флуконазолды инфузиялық жүйеге жоғарыда көрсетілген ерітінділердің біреуімен бірге енгізуге болады. Препараттың басқа дәрілермен спецификалық емес үйлеспеушілік жағдайлары сипатталмаса да, инфузия алдында флуконазолды басқа препараттармен араластыру ұсынылмайды.
Инфузия ерітіндісі тек бір реттік қолдануға ғана арналған. Сұйылтуды асептикалық жағдайларда жүргізу керек. Ерітіндіде бөгде бөлшектердің бар-жоқтығын және түсінің өзгерген-өзгермегенін тексеру қажет. Ерітіндіні ол мөлдір және бөгде бөлшектер жоқ болған жағдай да ғана пайдаланған жөн. Препараттың пайдаланылмаған қалдықтарын жою қажет.
Ересектер.
Криптококкоз.
- Криптококтік менингитті емдеу үшін: ұсынылатын жүктеме доза алғашқы күн 400 мг, демеуші доза тәулігіне 200-400 мг құрайды. Емдеу ұзақтығы әдетте кем дегенде 6-8 аптаны құрайды. Өмірге қауіп төндіретін инфекцияларда тәуліктік дозаны 800 мг дейін арттыруға болады.
- Криптококтік менингиттің даму қаупі жоғары пациенттерде оның қайталануына жол бермеу үшін демеуші ем: ұсынылатын доза емдеуші дәрігер белгілеген кезең ішінде тәулігіне 200 мг құрайды.
Кокцидиоидоз. Ұсынылатын доза тәулігіне 200-400 мг құрайды. Емдеу ұзақтығы – пациенттің жағдайына байланысты 11-24 ай немесе одан ұзағырақ. Инфекциялардың кейбір түрлерін емдеу үшін, әсіресе менингитті емдеу үшін тәулігіне 800 мг дозаны қолдану мақсатқа сай болуы мүмкін.
Инвазиялық кандидоздар. Жүктеме доза алғашқы күні 800 мг, демеуші доза тәулігіне 400 мг құрайды. Әдетте кандидемияны емдеудің ұсынылған ұзақтығы қан өсіріндісінің алғашқы теріс нәтижелерінен кейін және кандидемия белгілері мен симптомдары жоғалғаннан кейін 2 аптаны құрайды.
Шырышты қабықтың кандидозы.
- Ауыз-жұтқыншақ кандидозы: жүктеме доза алғашқы күні 200-400 мг, демеуші доза тәулігіне 100-200 мг құрайды. Емдеу ұзақтығы 7 - 21 күнді құрайды (ремиссияға қол жеткізгенге дейін), бірақ иммунитетінің тапшылығы ауыр пациенттер үшін арттырылуы мүмкін.
- Өңеш кандидозы: жүктеме доза алғашқы күні 200-400 мг, демеуші доза тәулігіне 100-200 мг құрайды. Емдеу ұзақтығы 14-30 күнді құрайды (ремиссияға қол жеткізгенге дейін), бірақ иммун тапшылығы ауыр пациенттерде ол арттырылуы мүмкін.
- Кандидурия: ұсынылатын доза 7-21 күн бойы тәулігіне 200-400 мг құрайды. Иммун тапшылығы ауыр дәрежедегі пациенттер үшін емдеу ұзақтығын арттыруға болады.
- Созылмалы атрофиялық кандидоз: ұсынылатын доза 14 күн бойы тәулігіне 50 мг құрайды.
- Терінің және шырышты қабықтың созылмалы кандидозы: ұсынылатын доза тәулігіне 50-100 мг құрайды. Емдеу ұзақтығы 28 күнге дейінді құрайды, бірақ инфекцияның ауырлығына және түріне немесе иммунитеттің төмендеуіне байланысты арттырылуы мүмкін.
АИТВ-нің даму қаупі жоғары пациенттерде шырышты қабық кандидозының қайталануына жол бермеу.
- Ауыз-жұтқыншақ кандидозы, өңеш кандидозы: ұсынылатын доза тәулігіне 100-200 мг немесе созылмалы иммуносупрессиясы бар пациенттерде емдеуші дәрігер белгілеген уақыт кезеңі ішінде аптасына 3 рет 200 мг.
Ұзаққа созылған нейтропениясы бар пациенттерде кандидоздық инфекцияның профилактикасы. Ұсынылатын доза 200-400 мг. Емдеуді нейтропенияның күтілетін дамуынан бірнеше күн бұрын бастаған және нейтрофилдер саны 1000/мм3-ден көбірекке жоғарылағаннан кейін 7 күн бойы жалғастырған жөн.
Егде жастағы пациенттер.
Дозаны бүйрек функциясының жағдайына байланысты таңдау қажет (төменді қараңыз).
Бүйрек функциясының жеткіліксіздігі бар пациенттер.
Флуконазол организмнен көбіне өзгермеген күйінде несеппен шығарылады. Бір реттік қолданған кезде дозаны түзету керек емес. Бүйрек функциясы бұзылған пациенттерге (балаларды қоса) препаратты көп реттік қолдану қажет болғанда емдеудің алғашқы күні көрсетілімдеріне байланысты 50-400 мг бастапқы дозада қолдану керек. Осыдан кейін тәуліктік дозаны (көрсетілімдеріне байланысты) төмендегі кестеге сәйкес есептеген жөн:
Креатинин клиренсі (мл/мин) |
Ұсынылатын дозаның пайызы |
> 50 |
100% |
≤ 50 (диализсіз) |
50% |
Жүйелі диализ |
Әрбір диализден кейін 100% |
Ұдайы диализде жүрген пациенттер әрбір диализден кейін ұсынылатын 100% дозаны қабылдауы тиіс. Диализ жүргізілмейтін күні пациент креатинин клиренсіне байланысты түзетілген дозаны қабылдауы керек.
Бауыр функциясы бұзылған пациенттер.
Пациенттердің осы санатында флуконазолды қолдану жөнінде ақпарат жеткіліксіз болғандықтан, флуконазолды бауыр функциясы бұзылған пациенттерге сақтықпен қолдану керек.
Балалар.
Ең жоғары тәуліктік 400 мг дозаны арттырмаған жөн.
Ересектерде осыған ұқсас инфекциялардағы сияқты, емдеу ұзақтығы клиникалық және микологиялық жауапқа байланысты. Флуконазолды аптасына 1 рет қолданады.
Бүйрек функциясының бұзылулары бар балаларға препаратты дозалау жоғарыда берілген. Бүйрек функциясының жеткіліксіздігі бар балаларда флуконазолдың фармакокинетикасы зерттелген жоқ (төменде бүйректің алғашқы жетілмеуі жиі байқалатын жаңа туған нәрестелерге қолдану жөніндегі ақпаратты қараңыз).
12 жастан асқан балалар
Дене салмағына және пубертатты дамуына байланысты дәрігер пациент үшін қандай дозаның (ересектер үшін немесе балалар үшін) оңтайлы болып табылатынына баға беруі керек. Клиникалық деректер балалардағы флуконазол клиренсінің, ересектермен салыстырғанда, жоғары екендігін айғақтайды. Ересектерге 100, 200 және 400 мг дозаларды және балаларға 3, 6 және 12 мг/кг дозаларды қолдану ұқсас жүйелік экспозицияға қол жеткізуге әкеледі.
28 күндіктен 11 жасқа дейінгі балалар.
Шырышты қабықтардың кандидоздары: бастапқы доза тәулігіне 6 мг/кг, демеуші доза тәулігіне 3 мг/кг құрайды. Бастапқы дозаны алғашқы күні тепе-тең концентрацияға тезірек қол жеткізу мақсатында қолдануға болады.
Инвазиялық кандидоздар, криптококтік менингит: доза аурудың ауырлық дәрежесіне байланысты тәулігіне 6-12 мг/кг құрайды.
Криптококтік менингиттің даму қаупі жоғары болатын балаларда оның қайталануына жол бермеу үшін демеуші ем: препарат дозасы аурудың ауырлық дәрежесіне байланысты тәулігіне 6 мг/кг құрайды.
Иммун тапшылығы бар пациенттердегі кандидоздардың профилактикасы: препараттың дозасы индукцияланған нейтропенияның айқындылығына және ұзақтығына байланысты тәулігіне 3-12 мг/кг құрайды (ересектерге арналған дозаны қараңыз).
Туғаннан бастап 27 күнге дейінгі балалар.
Жаңа туған нәрестелерде флуконазол организмнен баяу шығарылады.
- Айы-күні жетіп, жасы 0-ден 14 күнге дейінгі жаңа туған нәрестелер: 28 күндіктен 11 жасқа дейінгі балалар үшін жоғарыда көрсетілгендерге ұқсас дозаларды әрбір 72 сағат сайын қолданған жөн. Әрбір 72 сағат сайын 12 мг/кг құрайтын ең жоғары дозаны арттырмау керек.
- Айы-күні жетіп, жасы 15-тен 27 күнге дейінгі жаңа туған нәрестелер: 28 күндіктен 11 жасқа дейінгі балалар үшін жоғарыда көрсетілгендерге ұқсас дозаларды әрбір 48 сағат сайын қолданған жөн. Әрбір 48 сағат сайын 12 мг/кг құрайтын ең жоғары дозаны арттырмау керек.
Жағымсыз әсерлері
Барлық жағымсыз әсерлер туындау жиілігіне сәйкес берілген: жиі (≥ 1/100-ден <1/10 дейін), жиі емес (≥ 1/1000-нан <1/100 дейін), сирек (≥ 1/10 000-нан <1/1000 дейін). Өте жиірек жағымсыз реакциялар бастың ауыруы, іштің ауыруы, диарея, жүректің айнуы, құсу, бөртпе, қанда аланинаминотрансфераза (АЛТ), аспартатаминотрансфераза (АСТ) және сілтілік фосфатаза деңгейлерінің жоғарылауы болып табылады.
- Қан жүйесі және лимфа жүйесі тарапынан бұзылулар: анемия, агранулоцитоз, лейкопения, нейтропения, тромбоцитопения.
- Иммундық жүйе тарапынан бұзылулар: анафилаксия.
- Метаболизмдік және алиментарлық бұзылыстар: тәбеттің нашарлауы, гипертриглицеридемия, гиперхолестеринемия, гипокалиемия.
- Психикалық бұзылулар: ұйқысыздық, ұйқышылдық.
- Жүйке жүйесі тарапынан бұзылулар: бас ауыру, құрысулар, бас айналу, парестезиялар, дәмнің бұзылуы.
- Есту мүшелері және вестибулярлы аппарат тарапынан бұзылулар: вертиго.
- Жүрек тарапынан бұзылулар: «пируэт» типті пароксизмальді қарыншалық тахикардия, QT аралығының ұзаруы.
- Асқазан-ішек жолы тарапынан бұзылулар: құрсақ қуысының ауыруы, диарея, жүректің айнуы, құсу, іштің қатуы, диспепсия, метеоризм, ауыз ішінің құрғауы.
- Гепатобилиарлық бұзылыстар: аланинаминотрансфераза (АЛТ), аспартатаминотрансфераза (АСТ), сілтілік фосфатаза деңгейлерінің жоғарылауы, холестаз, сарғаю, билирубин деңгейінің жоғарылауы, бауыр функциясының жеткіліксіздігі, гепатоцеллюлярлық некроз, гепатиттер, гепатоцеллюлярлық зақымдану.
- Тері және теріасты тіндері тарапынан бұзылулар: бөртпелер, қышыну, дәрі-дәрмектік дерматит, есекжем, терлеудің күшеюі, уытты эпидермальді некролиз, Стивенс-Джонсон синдромы, жайылған жедел экзантематоздық пустулез, эксфолиативті дерматит, ангионевроздық ісіну, беттің ісінуі, алопеция.
- Тірек-қимыл аппараты және дәнекер тіні тарапынан бұзылулар: миалгия.
- Жалпы бұзылулар және енгізген жердегі реакциялар: қатты қажығыштық, дімкәстік, астения, қызба.
Балалар.
Балалардың қатысуымен жүргізілген клиникалық зерттеулер барысында жағымсыз реакциялардың және зертханалық зерттеу нәтижелерінің қалыптан ауытқу жиілігі және сипаты ересектердегі осындайлармен ұқсас.
Қолдануға болмайтын жағдайлар
- флуконазолға, басқа да азольді қосылыстарға немесе препараттың қосымша заттарының кез келгеніне аса жоғары сезімталдық
- флуконазоды тәулігіне 400 мг және одан жоғары дозаларда көп реттік қабылдап жүрген пациенттерде флуконазолды және терфенадинді бір мезгілде қолдану
- флуконазолды және QT аралығын ұзартатын және P450 CYP3А4 цитохромы арқылы метаболизденетін басқа да дәрілік заттарды (мысалы, цизапридті, астемизолды, пимозидті, хинидинді және эритромицинді) бір мезгілде қолдану
- жүктілік және лактация кезеңі.
Дәрілермен өзара әрекеттесуі
Флуконазолды және төменде көрсетілген дәрілік заттарды бірге қолдануға болмайды.
Цизаприд. Флуконазол мен цизапридті бір мезгілде қабылдап жүрген пациенттерде жүрек тарапынан жағымсыз реакциялардың, соның ішінде «пируэт» типті пароксизмальді қарыншалық тахикардияның дамығаны жөнінде мәлімделді. Бақыланатын зерттеу 200 мг флуконазолды тәулігіне 1 рет және 20 мг цизапридті тәулігіне 4 рет бір мезгілде қолданудың қан плазмасында цизаприд деңгейінің едәуір жоғарылауына және QT аралығының ұзаруына әкелгенін көрсетті. Флуконазолды және цизапридті бір мезгілде қолдануға болмайды («Қолдануға болмайтын жағдайлар» бөлімін қараңыз).
Терфенадин. Зеңге қарсы азольді дәрілік заттарды терфенадинмен бір мезгілде қолданып жүрген пациенттерде QTc аралығының ұзаруынан туындаған жүректің ауыр аритмияларының даму жағдайларына байланысты осы препараттардың өзара әрекеттесуіне зерттеулер жүргізілді. Флуконазолды тәулігіне 200 мг дозада қолданған бір зерттеу барысында QTc аралығының ұзаруы орын алған жоқ. Флуконазол тәулігіне 400 мг және 800 мг дозаларда қолданылған басқа зерттеу флуконазолды 400 мг немесе одан жоғары дозаларда қолдану осы препараттарды бір мезгілде қолданғанда қан плазмасындағы терфенадин деңгейін едәуір арттыратындығын көрсетті. Флуконазолды 400 мг немесе одан жоғары дозаларда терфенадинмен бірге қолдануға болмайды («Қолдануға болмайтын жағдайлар» бөлімін қараңыз). Күніне 400 мг-ден төмен доза флуконазолды терфенадинмен бірге қолданғанда пациенттің жағдайына мұқият мониторинг жүргізген жөн.
Астемизол. Флуконазолды және астемизолды бірге қолдану астемизолдың клиренсін төмендетуі мүмкін. Осының әсерінен қан плазмасында астемизол концентрациясының жоғарылауы QT аралығының ұзаруына және сирек жағдайларда «пируэт» типті пароксизмальді қарыншалық тахикардияға әкеп соғуы мүмкін. Флуконазолды және астемизолды бір мезгілде қолдануға болмайды.
Пимозид және хинидин. Флуконазолды және пимозидті немесе хинидинді бірге қолдану, тиісінше in vitro және in vivo зерттеулер жүргізілмесе де, пимозидтің немесе хинидиннің метаболизмінің бәсеңдеуіне әкелуі мүмкін. Қан плазмасында пимозид немесе хинидин концентрацияларының жоғарылауы QT аралығының ұзаруын туындатуы және сирек жағдайларда «пируэт» типті пароксизмальді қарыншалық тахикардияның дамуына әкелуі мүмкін. Флуконазолды және пимозидті немесе хинидинді бір мезгілде қолдануға болмайды.
Эритромицин. Эритромицинді және флуконазолды бір мезгілде қолдану кардиоуыттылықтың (QT аралығының ұзаруы, «пируэт» типті пароксизмальді қарыншалық тахикардия) даму қаупінің ұлғаюына, соның салдары ретінде, жүректен кенет болатын өлімге потенциалды түрде әкеп соғуы мүмкін. Осы дәрілік заттардың біріктірілімін қолдануға болмайды.
Флуконазолды және төменде көрсетілген дәрілік заттарды бір мезгілде қолдану ұсынылмайды.
Галофантрин. Флуконазол қан плазмасында галофантрин концентрациясының жоғарылауын CYP3A4-ті бәсеңдету есебінен туындатуы мүмкін. Осы дәрілік заттарды бір мезгілде қолдану кардиоуыттылықтың (QT аралығының ұзаруы, «пируэт» типті пароксизмальді қарыншалық тахикардия) даму қаупінің ұлғаюына, соның салдары ретінде, жүректен кенет болатын өлімге потенциалды түрде әкеп соғуы мүмкін. Осы дәрілік заттардың біріктірілімін қолдануға жол бермеген жөн.
Келесі дәрілік препараттарды бірге қолдану сақтықты қажет етеді
Амиодарон: Флуконазолды және амиодаронды бір мезгілде қолдану QT аралығының ұзаруына әкелуі мүмкін. Флуконазол мен амиодаронды бір мезгілде қолдану қажет болғанда, әсіресе флуконазолды жоғары дозаларда (800 мг) қолданғанда сақтық таныту керек.
Флуконазолды және төменде көрсетілген дәрілік заттарды бірге қолдану сақтықты және дозаны түзетуді қажет етеді.
Басқа дәрілік заттардың флуконазолға ықпал етуі.
Рифампицин. Флуконазолды және рифампицинді бір мезгілде қолдану флуконазолдың AUC мәнінің 25%-ға төмендеуіне әкелді және жартылай шығарылу кезеңін 20%-ға қысқартты. Сондықтан рифампицинді қабылдап жүрген пациенттер үшін флуконазолдың дозасын арттырудың мақсатқа сай болуын қарастырған жөн.
Гидрохлортиазид: флуконазол қабылдаған дені сау адамдарда гидрохлортиазидтің бірнеше дозаларын бір мезгілде қолдану қан плазмасында флуконазолдың концентрациясын 40%-ға арттырды. Мұндайда диуретиктерді бір мезгілде қабылдап жүрген пациенттерде флуконазолды қабылдау режимін өзгерту қажет емес.
Флуконазолдың басқа дәрілік заттарға ықпалы.
Флуконазол P450 (CYP) цитохромының 2C9 изоферментінің күшті тежегіші және CYP3A4 изоферментінің орташа тежегіші болып табылады. Флуконазол сондай-ақ 2С19 тежегіші болып табылады. Байқалғандардан/төменде сипатталған құжатпен айғақталған өзара әрекеттесулерден басқа, флуконазолмен бір мезгілде қолданғанда CYP2C9 және CYP3A4 метаболизденетін басқа да қосылыстардың қан плазмасындағы концентрациларының жоғарылау қаупі бар. Сондықтан препараттардың осындай біріктірілімін сақтықпен қолданған жөн; мұндайда пациенттің жағдайын мұқият бақылау қажет. Флуконазолдың ферменттерді бәсеңдететін әсері жартылай шығарылу кезеңінің ұзаруымен байланысты, оны қолданғаннан кейін 4-5 тәулік бойы сақталады.
Альфентанил: альфентанилді 20 мкг/кг дозада және флуконазолды 400 мг дозада дені сау ерікті адамдарға бір мезгілде қолданғанда AUC10 мәнінің екі есе артуы байқалды, бұл CYP3A4 тежелуіне байланысты болуы ықтимал. Альфентанилдің дозасын түзету қажет болуы мүмкін.
Амитриптилин, нортриптилин. Флуконазол амитриптилиннің және нортриптилиннің әсерін күшейтеді. Біріктірілген емнің бас кезінде және 1 аптадан кейіні 5-нортриптилиннің және/немесе S-амитриптилиннің концентрацияларын өлшеу ұсынылады. Қажет болған жағдайда амитриптилиннің/нортриптилиннің дозасын түзеткен жөн.
В амфотерицин. Иммунитеті қалыпты тышқандарға және иммунитеті төмендеген инфекция жұқтырған тышқандарға флуконазолды және В амфотерицинді бір мезгілде қолдану мынадай нәтижелерге әкелді: C. albicans жүйелік инфекцияда зеңге қарсы аздаған аддитивті әсер, бассүйекішілік Cryptococcus neoformans инфекциясында өзара әрекеттесудің болмауы және A. fumigatus жүйелік инфекцияда екі препараттың антогонизмі болуы. Осы зерттеулер барысында алынған нәтижелердің клиникалық маңызы белгісіз.
Антикоагулянттар. Зеңге қарсы азольді басқа дәрілерді қолданған кездегі сияқты, флуконазолды және варфаринді бір мезгілде қолданғанда протромбинді уақыттың ұзаруымен біріккен қан кетулердің (гематомалар, мұрыннан қан кету, асқазан-ішектік қан кетулер, гематуриялар және меленалар) даму жағдайлары жөнінде мәлімделді. Флуконазолды және варфаринді бір мезгілде қолданғанда, сірә, варфарин метаболизмінің CYP2С9 арқылы бәсеңдеуі салдарынан, протромбинді уақыттың екі есе жоғарылауы байқалды. Кумаринді антикоагулянттарды бір мезгілде қабылдап жүрген пациенттерде протромбинді уақытты мұқият бақылаған жөн. Варфариннің дозасын түзету қажет болуы мүмкін.
Қысқа әсерлі бензодиазепиндер, мысалы, мидазолам, триазолам. Мидазоламды пероральді түрде қолданудан кейін флуконазолды тағайындау мидазолам концентрациясының едәуір жоғарылауына және психомоторлы әсерлердің күшеюіне әкелді. Флуконазолды 200 мг дозада және мидазоламды 7,5 мг дозада пероральді түрде бір мезгілде қолдану AUC және жартылай шығарылу кезеңінің, сәйкесінше, 3,7 және 2,2 есеге жоғарылауына әкелді. Флуконазолды тәулігіне 200 мг дозада және 0,25 мг триазоламды пероральді түрде қолдану AUC және жартылай шығарылу кезеңінің, сәйкесінше, 4,4 және 2,3 есеге жоғарылауына әкелді. Флуконазолды және триазоламды бір мезгілде қолданғанда триазолам әсерінің потенциялануы және ұзаққа созылғаны байқалды.
Егер флуконазолмен емдеу курсынан өтіп жүрген пациентке бір мезгілде бензодиазепиндермен емдеу тағайындалса, соңғысының дозасын азайтқан және пациенттің жағдайын тиісінше қадағалауды белгілеген жөн.
Карбамазепин. Флуконазол карбамазепиннің метаболизмін бәсеңдетеді және қан сарысуында карбамазепин деңгейінің 30%-ға жоғарылауын туындатады. Карбамазепин тарапынан уыттылық көріністерінің даму қаупі бар. Карбамазепиннің дозасын оның концентрациясының және препараттың әсер ету деңгейлеріне байланысты түзету қажет болуы мүмкін.
Кальций өзекшелерінің блокаторлары. Кальцийдің кейбір антагонистері (нифедипин, исрадипин, амлодипин және фелодипин) CYP3A4 ферментімен метаболизденеді. Флуконазол кальций өзекшелерінің блокаторларының жүйелік экспозициясын потенциалды түрде арттыруы мүмкін. Жағымсыз реакциялардың дамуына мұқият мониторинг ұсынылады.
Целекоксиб. Флуконазолды (тәулігіне 200 мг) және целекоксибті (200 мг) бір мезгілде қолданғанда целекоксибтің Cmax және AUC мәндері, сәйкесінше, 68%-ға және 134%-ға жоғарылады. Целекоксибті және флуконазолды бір мезгілде қолданғанда целекоксибтің дозасы екі есе төмендетуді қажет етуі мүмкін.
Циклофосфамид. Циклофосфамидті және флуконазолды бір мезгілде қолдану қан сарысуында билирубин және креатинин деңгейлерінің жоғарылауына әкеледі. Бұл препараттарды, қан сарысуындағы билирубин және креатинин концентрацияларының жоғарылау қаупіне қарамастан, бір мезгілде қолдануға болады.
Фентанил. Фентанилдің және флуконазолдың ықтимал өзара әрекеттесуі салдарынан фентанилмен уыттанудан өліммен аяқталған бір жағдай жөнінде мәлімделді. Мұнымен қоса, дені сау ерікті 12 адамның қатысуымен жүргізілген зерттеуде фентанилдің элиминациясын флуконазолдың едәуір баяулатқаны көрсетілді. Фентанилдің концентрациясын арттыру тыныстың тарылуына әкелуі мүмкін, сондықтан пациенттің жағдайын мұқият бақылаған жөн. Фентанилдің дозасын түзету қажет болуы мүмкін.
ГМГ-КоА-редуктаза тежегіштері. Флуконазолды және CYP3A4 ферментімен метаболизденетін ГМГ-КоА-редуктаза тежегіштерін (аторвастатин және симвастатин), немесе CYP2C9 ферментімен метаболизденетін ГМГ-КоА-редуктаза тежегіштерін (флувастатин) бір мезгілде қолдану миопатияның және рабдомиолиздің даму қаупін арттырады. Осы препараттарды бір мезгілде қолдану қажет болған жағдайда пациентті миопатия және рабдомиолиз симптомдарының туындауына қатысты мұқият бақылау және креатинкиназа деңгейіне мониторинг жүргізу керек. Креатинкиназа деңгейі жоғарылаған жағдайда, сондай-ақ миопатия/рабдомиолиз диагностикаланғанда немесе оларға күдіктенгенде ГМГ-КоА-редуктаза тежегіштерін қолдануды тоқтатқан жөн.
Иммуносупрессорлар (мысалы, циклоспорин, эверолимус, сиролимус және такролимус).
Циклоспорин. Флуконазол циклоспориннің концентрациясын және AUC мәнін едәуір арттырады. Флуконазолды тәулігіне 200 мг дозада және циклоспоринді тәулігіне 2,7 мг/кг дозада бір мезгілде қолданғанда циклоспориннің AUC мәнінің 1,8 есеге артқаны байқалды. Бұл препараттарды циклоспориннің дозасын азайтқан жағдайда оның концентрациясына байланысты бір мезгілде қолдануға болады.
Эверолимус. In vitro және in vivo зерттеулер жүргізілмесе де, флуконазол CYP3А4 ферментін бәсеңдету арқылы эверолимустың концентрациясын арттыруы мүмкін.
Сиролимус. Флуконазол қан плазмасында сиролимустың концентрациясын CYP3A4 ферментімен және P-гликопротеинмен сиролимустың метаболизмін бәсеңдету жолымен арттырады. Осы препараттарды сиролимустың дозасын түзеткен жағдайда, препарат концентрациясына және әсерлеріне байланысты, бір мезгілде қолдануға болады.
Такролимус. Флуконазол такролимустың қан сарысуындағы концентрациясын оны пероральді түрде қолданғанда, ішекте CYP3A4 ферментімен такролимус метаболизмінің бәсеңдеуі салдарынан, 5 есе арттыруы мүмкін. Такролимусты вена ішіне қолданғанда фармакокинетикасында елеулі өзгерістер байқалған жоқ. Такролимус деңгейінің жоғарылауы нефроуыттылықпен астасады. Пероральді түрде қолдануға арналған такролимустың дозасын такролимустың концентрациясына байланысты төмендету керек.
Лозартан. Флуконазол лозартанның метаболизмін оның белсенді метаболитіне (E - 31 74) дейін бәсеңдетеді, бұл лозартанды қолданған кезде ангиотензин II рецепторларына қарама-қайшылықтың үлкен бөлігіне себеп болады. Пациенттерде артериялық қысымға ұдайы мониторинг жүргізу ұсынылады.
Метадон. Флуконазол қан сарысуында метадонның концентрациясын арттыруы мүмкін. Метадонды және флуконазолды бір мезгілде қолданғанда метадонның дозасын түзету қажет болуы мүмкін.
Қабынуға қарсы стероидты емес препараттар. Флуконазолмен бір мезгілде қолданғанда флурбипрофеннің Cmax және AUC мәндері, тек флурбипрофенді қолданған кездегі осындай көрсеткіштермен салыстырғанда, сәйкесінше, 23%-ға және 81%-ға жоғарылады. Осыған ұқсас, флуконазолды рацемиялық ибупрофенмен (400 мг) бір мезгілде қолданғанда S-(+)-ибупрофеннің фармакологиялық тұрғыдан белсенді изомерінің Cmax және AUC мәндері, тек рацемиялық ибупрофенді қолданған кездегі осындай көрсеткіштермен салыстырғанда, сәйкесінше, 15%-ға және 82%-ға жоғарылады.
Арнайы зерттеулер жүргізілмесе де, флуконазол CYP2C9 ферментімен метаболизденетін басқа да ҚҚСП-тің (мысалы, напроксеннің, лорноксикамның, мелоксикамның, диклофенактың) жүйелік экспозициясын потенциалды түрде арттыруға қабілетті. ҚҚСП-пен байланысты жағымсыз реакцияларға және уытты біліністерге мониторингті мезгіл-мезгіл жүзеге асыру ұсынылады. ҚҚСП-тің дозасын түзету қажет болуы мүмкін.
Фенитоин. Флуконазол бауырда фенитоинның метаболизмін бәсеңдетеді. 200 мг флуконазолды және 250 мг фенитоинды вена ішіне бір мезгілде көп реттік қолдану фенитоинның AUC24 мәнінің 75%-ға және Сmin мәнінің 128%-ға жоғарылауына әкеледі. Осы дәрілік заттарды бір мезгілде қолданғанда, феитоинның уытты әсерінің дамуын болдырмау үшін, қан плазмасындағы фенитоинның концентрациясына мониторинг жүргізу керек.
Преднизолон. Бауыр трансплантациясынан кейін преднизолонды қолдану аясында пациентте флуконазолмен емдеудің үш айлық курсын тоқтатқан соң бүйрекүсті бездері қыртыстары функциясының жедел жеткіліксіздігінің даму жағдайы жөнінде мәлімделді. Флуконазолды қолдануды тоқтату CYP3A4 белсенділігінің күшеюін туындатуы мүмкін, бұл преднизолон метаболизмінің жылдамдауына әкеледі. Флуконазолды және преднизолонды ұзақ уақыт бойы бір мезгілде қолданған пациенттерді, флуконазол қабылдауды тоқтатқаннан кейін бүйрекүсті бездері қыртыстарының функциясы жеткіліксіздігінің дамуына жол бермеу мақсатында, мұқият бақылаған жөн.
Рифабутин. Флуконазол қан сарысуында рифабутиннің концентрациясын арттырады, бұл рифабутиннің AUС мәнінің 80%-ға дейін артуына әкеледі. Флуконазолды және рифабутинді бір мезгілде қолданғанда увеиттің даму жағдайлары жөнінде мәлімделді. Дәрілік заттардың осындай біріктірілімін қолданғанда рифабутиннің уытты әсерінің симптомдарын ескерген жөн.
Саквинавир. Флуконазол саквинавирдің AUC және Cmax мәндерін, бауырда саквинавирдің метаболизмін CYP3A4 ферментімен бәсеңдету арқылы және P-гликопротеинмен тежеу арқылы, сәйкесінше, шамамен 50%-ға және 55%-ға арттырады. Флуконазол және саквинавир/ритонавир арасында өзара әрекеттесулер зерттелген жоқ, сондықтан олар айқынырақ болуы мүмкін. Саквинавирдің дозасын түзету қажет болуы мүмкін.
Сульфонилмочевина туындылары. Бір мезгілде қолданғанда флуконазол сульфонилмочевинаның пероральді туындыларының (хлорпропамидтің, глибенкламидтің, глипизидтің және толбутамидтің), дені сау ерікті адамдарға оларды қолданған кезде, жартылай шығарылу кезеңін ұзартады. Флуконазолмен бір мезгілде қолданғанда қандағы қантқа жиі бақылау жүргізу және сульфонилмочевина туындыларының дозасын тиісінше төмендету ұсынылады.
Теофиллин. Препараттардың өзара әрекеттесуіне плацебо-бақыланатын зерттеулерде 14 күн бойы флуконазолды 200 мг-ден қолдану қан плазмасындағы теофиллиннің орташа клиренсінің 18%-ға төмендеуіне әкелді. Теофиллинді жоғары дозаларда қолданып жүрген немесе басқа себептерден теофиллиннің уытты біліністерінің жоғары қаупі бар пациенттерді, теофиллиннің уытты әсерінің даму белгілерін анықтау мақсатында, бақылауға алу керек. Уыттылық белгілері пайда болған кезде емдеуді өзгерткен жөн.
Қабыршөп алкалоидтары. Тиісті зерттеулер жүргізілмесе де, флуконазол CYP3A4 тежеу арқылы, қан плазмасында қабыршөп алкалоидтарының (мысалы, винкристиннің және винбластиннің) концентрацияларын арттыруы мүмкін, бұл нейроуытты әсерлердің дамуына әкеледі.
А дәрумені. Трансретиной қышқылын (А дәруменінің қышқыл түрі) және флуконазолды бір мезгілде қолданған пациентте, флуконазолды қолдануды тоқтатқаннан кейін жоғалатын, ОЖЖ тарапынан мидағы жалған ісік түрінде жағымсыз реакциялар байқалғаны мәлімделді. Бұл дәрілік заттарды бір мезгілде қолдануға болады, бірақ ОЖЖ тарапынан жағымсыз реакциялардың туындау қаупін ескерген жөн.
Вориконазол (CYP2С9 және CYP3A4 тежегіші). Вориконазолды пероральді түрде (1 күн бойы әрбір 12 сағат сайын 400 мг-ден, содан кейін 2,5 күн бойы әрбір 12 сағат сайын 200 мг-ден) және флуконазолды пероральді түрде (алғашқы күні 400 мг, содан кейін 4 күн бойы әрбір 24 сағат сайын 200 мг-ден) дені сау ерікті еркек 8 адамға бір мезгілде қолдану вориконазолдың Сmax және AUCτ мәндерінің орта есеппен, сәйкесінше, 57%-ға дейін (90% СА: 20%, 107%) және 79%-ға дейін (90% СА: 40%, 128%) жоғарылауына әкелді. Осындай әсерді жою үшін вориконазолдың немесе флуконазолдың дозасын және/немесе қолдану жиілігін төмендетуге әкелетін-әкелмейтіндігі белгісіз. Флуконазолдан кейін вориконазолды қолданғанда вориконазолмен астасқан жағымсыз әсерлердің дамуына қатысты бақылау жүргізген жөн.
Зидовудин. Флуконазол зидовудиннің Сmax және AUC мәндерін, сәйкесінше, 84%-ға және 74%-ға арттырады, бұл зидовудин клиренсінің, оны пероральді түрде қолданғанда, шамамен 45%-ға төмендеуімен жүзеге асады. Зидовудиннің жартылай шығарылу кезеңі флуконазол мен зидовудин біріктірілімін қолданғаннан кейін шамамен 128%-ға ұзарды. Дәрілік заттардың осындай біріктірілімін қолданатын пациенттерді зидовудинді қолданумен байланысты жағымсыз реакциялардың дамуы тұрғысында бақылауға алған жөн. Зидовудиннің дозасын төмендетудің мақсатқа сай болуын қарастыру керек.
Азитромицин. Дені сау ерікті 18 адам қатысқан ашық рандомизацияланған үш жақты айқаспалы зерттеулер барысында азитромициннің және флуконазолды, сәйкесінше, 1200 мг және 800 мг бір реттік дозаларда пероральді түрде бір мезгілде қолданғанда, бір-бірінің фармакокинетикасына ықпал етуіне баға берілді. Ешқандай маңызды фармакокинетикалық өзара әрекеттесулер байқалған жоқ.
Пероральді контрацептивтер. Флуконазолды және біріктірілген пероральді контрацептивті көп реттік қолдануға фармакокинетикалық 2 зерттеу жүргізілді. Флуконазолды 50 мг дозада қолданған кезде гормондардың деңгейіне ықпалы болған жоқ, ал флуконазолды тәулігіне 200 мг дозада қолданғанда АUС мәнінің этинилэстрадиолда 40%-ға және левоноргестрелде 24%-ға артқаны байқалды. Бұл флуконазолды көрсетілген дозаларда көп реттік қолданудың біріктірілген пероральді контрацептивтің тиімділігіне ықпалын тигізуі екіталай екендігін айғақтайды.
Препаратты «Қолдану тәсілі және дозалары» бөлімінде көрсетілгендерден басқа, сыйымдылығы бір басқа дәрілік заттармен араластырмау керек.
Айрықша нұсқаулар
Дерматофития. Балаларда дерматофитияны емдеу үшін флуконазолға жүргізілген зерттеу нәтижелеріне сәйкес, флуконазол тиімділігі бойынша гризеофульвиннен басым емес және тиімділігінің жалпы көрсеткіші 20%-дан азды құрайды. Сондықтан дерматофитияны емдеу үшін препаратты қолданбаған жөн.
Криптококкоз. Басқа жерге орналасқан криптококкозды (мысалы, өкпелік криптококкозды және терілік криптококкозды) емдеу үшін флуконазолдың тиімді екендігіне дәлелдер жеткіліксіз, сондықтан мұндай ауруларды емдеу үшін дозалық режимге қатысты нұсқаулар жоқ.
Терең эндемиялық микоздар. Эндемиялық микоздардың паракокцидиоидомикоз, гистоплазмоз және тері-лимфалық споротрихоз сияқты басқа түрлерін емдеу үшін флуконазолдың тиімділігіне дәлелдер жеткіліксіз, сондықтан мұндай ауруларды емдеу үшін дозалық режимге қатысты нұсқаулар жоқ.
Бүйректік жүйе. Бүйрек функциясы бұзылған пациенттерге препаратты сақтықпен қолданған жөн («Қолдану тәсілі және дозалары» бөлімін қараңыз).
Бүйрекүсті бездері функциясының бұзылуы
Кетоконазолдың бүйрекүсті бездері функциясының жеткіліксіздігін туындататындығы белгілі, сирек жағдайларда бұл флуконазолды қолданған кезде де байқалуы мүмкін.
Гепатобилиарлық жүйе. Бауыр функциясы бұзылған пациенттерге препаратты сақтықпен қолданған жөн. Флуконазолды қолдану негізінен негізгі ауыр аурулары бар пациенттерде, өлім жағдайларын қоса, сирек жағдайларда ауыр гепатоуыттылықтың дамуының туындауымен астасқан. Гепатоуыттылықтың дамуы флуконазолды қолданумен астасқан жағдайларда жалпы тәуліктік дозаға, емдеу ұзақтығына, пациенттің жынысына немесе жасына айқын тәуелділігі білінген жоқ. Әдетте флуконазол әсерінен туындаған гепатоуыттылық қайтымды, ал оның көрініс беруі емдеуді аяқтағаннан кейін жоғалады. Флуконазолды қолданған пациенттерде бауырдың функциональді сынамалары нәтижелеріндегі ауытқулар бақыланады, бауырдың ауырлау зақымдануларының дамуы тұрғысында оларға мұқият бақылау белгілеу керек.
Пациенттерді бауырға күрделі ықпалы жөнінде айғақтайтын симптомдардан (айқын астения, анорексия, жүректің үнемі айнуы, құсу және сарғаю) хабардар еткен жөн. Мұндай жағдайда флуконазолды қолдануды дереу тоқтату және дәрігерден кеңес алу керек.
Жүрек-қантамыр жүйесі. Кейбір азолдар, соның ішінде флуконазол электрокардиограммада QT аралығының ұзаруымен астасады. Препаратты қолданған кезде QT аралығының ұзаруының және «пируэт» типті пароксизмальді қарыншалық тахикардияның өте сирек жағдайлары жөнінде мәлімделді. Мұндай мәлімдемелер жүректің құрылымдық аурулары, электролиттік алмасулардың бұзылулары және QT аралығына ықпалын тигізетін басқа да дәрілік заттарды бір мезгілде қолдану сияқты көптеген қауіп факторлары біріккен ауыр сырқаттары бар пациенттерге қатысты. Препаратты аритмияның даму қаупі бар пациенттерге сақтықпен қолданған жөн. QTс аралығын ұзартатын және Р450 цитохромының CYP3А4 ферментінің жәрдемімен метаболизденетін дәрілік заттармен бір мезгілде қолдануға болмайды.
Галофантрин. Галофантрин CYP3А4 ферментінің субстраты болып табылады және ұсынылған емдік дозаларды қолданғанда QTс аралығын ұзартады. Галофантринді және флуконазолды бір мезгілде қолдану ұсынылмайды.
Дерматологиялық реакциялар. Флуконазолды қолданған кезде Стивенс-Джонсон синдромы және уытты эпидермальді некролиз сияқты эксфолиативтік тері реакцияларының дамығаны жөнінде сирек мәлімделді. ЖИТС-ке шалдыққан пациенттер көптеген дәрілік заттарды қолданғанда терінің ауыр реакцияларының дамуына бейімірек болады. Егер беткейлік зеңдік инфекциясы бар пациентте бөртпелер пайда болса, мұны флуконазолды қолданумен байланыстыруға болады, препаратты әрі қарай қолдануды тоқтатқан жөн. Егер инвазиялық/жүйелік зеңдік инфекциясы бар пациеттің терісінде бөртпелер пайда болса, оның жай-күйін мұқият қадағалау керек, ал буллездік бөртпелер немесе полиморфтық эритемалар дамыған жағдайда флуконазолды қолдануды тоқтатқан жөн.
Аса жоғары сезімталдық. Сирек жағдайларда анафилаксиялық реакциялардың дамығаны жөнінде мәлімделді.
Р450 цитохромы. Флуконазол CYP2C9 ферментінің күшті тежегіші және CYP3А4 ферментінің орташа тежегіші болып табылады. Сондай-ақ флуконазол CYP2C19 ферментінің де тежегіші болып табылады. Флуконазолды және CYP2C9, CYP2C19 және CYP3A4 қатысуымен метаболизденетін, емдік ауқымы тар препараттарды бір мезгілде қабылдап жүрген пациенттердің жай-күйін бақылаған жөн.
Терфенадин. Терфенадинді және флуконазолды тәулігіне 400 мг-ден азырақ дозада бір мезгілде қолданғанда пациенттің жай-күйін мұқият қадағалау керек.
Қосымша заттар. Препараттың құрамында 0,9% натрий хлоридінің ерітіндісі бар. Әрбір 200 мг (100 мл-лік құты) құрамында 15 ммоль натрий (1 мл-де 0,145 ммоль натрий) және хлор иондары бар, натрий мен сұйықтықты шектеуді қажет ететін пациенттерге тағайындағанда бұған көңіл бөлген жөн.
Жүктілік
Жүктіліктің алғашқы триместрі кезінде флуконазол қабылдаған әйелдерде өздігінен түсік тастаудың жоғары қаупі.
Кокцидиоидомикозды емдеу үшін анасы флуконазолдың жоғары дозаларын (күніне 400-800 мг) үш және одан көбірек ай бойы қабылдаған жаңа туған нәрестелерде дамудың көптеген кемістіктерінің (брахицефалияны, құлақ қалқанының дисплазиясын, аса ірі алдыңғы еңбекті, ортан жіліктің қисаюын, иық-кәрі жілік синостозын қоса) жағдайлары сипатталған. Осы жағдайлардың флуконазолды қабылдаумен себеп-салдарлық өзара байланысы айқын емес.
Жүктілік кезінде, күтілетін пайдасы қаупінен едәуір басым жағдайларды қоспағанда, флуконазол стандартты дозаларда және қысқа мерзімдік емдеу үшін пайдаланылмауы тиіс.
Жүктілік кезінде, өмірге потенциалды түрде қауіп төндіретін инфекцияларды қоспағанда, флуконазолды жоғары дозаларда және/немесе ұзақ ем жүргізу үшін пайдаланбаған жөн.
Лактация кезеңі
Флуконазол емшек сүтіне өтеді және қан плазмасындағыға қарағанда, төменірек концентрацияларға жетеді. Флуконазолдың 200 мг немесе одан азырақты құрайтын әдеттегі дозасын бір реттік қолданудан кейін емшек емізуді жалғастыруға болады.
Флуконазолды көп реттік қолданғанда немесе флуконазолдың жоғары дозаларын қолданғанда емшек емізу ұсынылмайды.
Автокөлікті және аса қауіпті механизмдерді басқару қабілетіне дәрілік заттың ықпал ету ерекшеліктері
Автокөлікті басқару немесе басқа механизмдермен жұмыс жасау қабілетіне препараттың ықпал етуіне зерттеулер жүргізілген жоқ.
Препаратты қолданған кезде пациенттерді бас айналудың немесе құрысулардың даму ықтималдылығы жөнінде хабардар ету керек. Мұндай симптомдар дамыған кезде автокөлікті басқару немесе басқа механизмдермен жұмыс жасау ұсынылмайды.
Артық дозалануы
Флуконазолмен артық дозалану жөнінде мәлімдеме алынды; бір мезгілде елестеулер және параноидальді мінез-құлық жөнінде мәлімделді.
Артық дозаланған кезде симптоматикалық демеуші ем жүргізу және, қажет болса, асқазанды шаю керек.
Флуконазол елеулі дәрежеде несеппен бірге шығарылады; жеделдетілген диурез препараттың шығарылуын жылдамдатуы мүмкін. Ұзақтығы 3 сағаттық гемодиализ сеансы қан плазмасындағы флуконазолдың деңгейін шамамен 50%-ға төмендетеді.
Шығарылу түрі және қаптамасы
Полипропилен құтыларда 100 мл.
Құтыларға өздігінен желімденетін қағаздан жасалған заттаңба жапсырылады.
Бір құты медициналық қолдану жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге қорапшаға салынған.
Сақтау шарттары
Түпнұсқалық қаптамада, 25°С-ден аспайтын температурада сақтау керек.
Мұздатып қатыруға болмайды.
Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!
Сақтау мерзімі
2 жыл. Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды.
Дәріханалардан босатылу шарттары
Рецепт арқылы
Өндіруші
«Фармацевтикалық фирма «Дарница» ЖАҚ
Украина, 02093, Киев қ., Борисполь к-сі, 13.
Тіркеу куәлігінің иесі
«Фармацевтикалық фирма «Дарница» ЖАҚ, Украина
Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан дәрілік заттардың сапасы жөніндегі шағымдарды (ұсыныстарды) қабылдайтын ұйымның атауы, мекенжайы және байланыс жасау деректері (телефон, факс, электронды пошта)
«Утегенова Ж.Ж.» ЖК
050043, Алматы қ., Науаи к-сі, 68, пәт.49
телефон: (+ 727) 2424328
е-mail: vigilance@darnitsa.kiev.ua
Қазақстан Республикасы аумағында тіркеуден кейін дәрілік заттың қауіпсіздігін бақылауға жауапты ұйымның атауы, мекенжайы және байланыс жасау деректері (телефон, факс, электронды пошта):
«Утегенова Ж.Ж.» ЖК
050043, Алматы қ., Науаи к-сі, 68, пәт.49
телефон: (+ 727) 2424328
е-mail: vigilance@darnitsa.kiev.ua