Флуконазол Santo (150 Миллиграмм) (Флуконазол)
Инструкция
-
русский
-
қазақша
Саудалық атауы
Флуконазол Santo
Халықаралық патенттелмеген атауы
Флуконазол
Дәрілік түрі, дозасы
Капсулалар, 150 мг
Фармакотерапиялық тобы
Жүйелі пайдалануға арналған инфекцияға қарсы препараттар. Жүйелі қолдануға арналған зеңге қарсы препараттар. Триазол және тетразол туындылары. Флуконазол.
АТХ коды: J02AC01
Қолданылуы
Флуконазол Santo препараты келесі зеңдік инфекциялар кезінде көрсетілген.
Флуконазол Santo препараты ересектердегі келесі ауруларды емдеу үшін көрсетілген:
криптококкты менингит
кокцидиоидомикоз
инвазиялық кандидоз
шырышты қабықтар кандидозы, оның ішінде орофарингеальді кандидоз, өңеш кандидозы, кандидурия және созылмалы тері- шырышты қабық кандидозы
ауыз қуысының гигиенасын қадағалау немесе жергілікті емдеу жеткіліксіз болғанда ауыз қуысының созылмалы атрофиялық кандидозы (тіс протездерін қолданумен байланысты)
жедел немесе қайталамалы қынаптық кандидоз (жергілікті ем қолдану мүмкін болмаса)
кандидозды баланит (жергілікті ем қолдану мүмкін болмаса)
дерматомикоздар, оның ішінде, табан дерматофитиясы, тұтас дене дерматофитиясы, шап дерматофитиясы, түрлі-түсті теміреткі және терінің кандидозды инфекциялары (жүйелік емдеу көрсетілгенде)
тырнақ дерматофитиясы (онихомикоз) (басқа препараттармен емдеу қолайсыз болса)
Флуконазол Santo препараты ересектердегі келесі аурулар профилактикасында көрсетілген:
қайталанулар қаупі жоғары пациенттерде криптококкты менингит қайталанулары
қайталану қаупі жоғары АИТВ инфекциясын жұқтырған пациенттерде орофарингеальді кандидоз және өңеш кандидозының қайталанулары
қынаптық кандидоздың қайталану жиілігін төмендету үшін (жылына 4 немесе одан көп көрініс)
нейтропения ұзаққа созылатын пациенттерде (мысалы, химиялық ем алып жүрген гематологиялық қатерлі жаңа түзілімдері бар пациенттерде немесе гемопоэздік дің жасушаларының трансплантациясы жасалған пациенттерде) кандидозды инфекциялар профилактикасы.
Емді өсірінділік зерттеулер және басқа зертханалық зерттеулер нәтижелерін алуға дейін бастауға болады, алайда, осы нәтижелер алынған соң зеңге қарсы емдеуді тиісті үлгіде түзету керек.
Зеңге қарсы дәрілерді талапқа сай пайдалану жөніндегі ресми нұсқаулықтар ескерілу керек.
Қолданудың басталуына дейін қажетті мәліметтер тізбесі
Қолдануға болмайтын жағдайлар
- әсер етуші затқа, тектес азол қосылыстарына немесе «Дәрілік препарат құрамы» бөлімінде тізбеленген қосымша заттардың кез келгеніне аса жоғары сезімталдық
- препаратты көп рет қолдану кезіндегі дәрі аралық өзара әрекеттесу зерттеуінің нәтижелеріне сай, тәулігіне 400 мг немесе одан жоғары Флуконазол Santo препаратын көп рет қолдану кезінде терфенадинді бір мезгілде қабылдау
- цизаприд, астемизол, пимозид, хинидин және эритромицин сияқты P-450 CYP3A4 цитохромы арқылы метаболизденетін және QT аралығын ұзартатын дәрілік препараттарды бір мезгілде қабылдау
- Флуконазол Santo препараты капсуласының құрамында лактоза болғандықтан, галактоза жақпаушылығының сирек тұқым қуалайтын кінәраттары, Лапп лактаза тапшылығы немесе глюкоза мен галактоза мальабсорбциясы синдромы бар пациенттер
- ДДҰ нұсқауларына сай 6 жасқа дейінгі балалар.
Қолдану кезіндегі қажетті сақтандыру шаралары
Бастың шашты бөлігінің дерматофитиясы
Балаларда бастың шашты бөлігінің дерматофитиясын емдеуде флуконазолды қолданудың зерттеулері оның тиімділігі жағынан гризеофульвиннен артық еместігін көрсетті: жалпы емдеу сәттілігі 20%-дан аз құрады. Осылайша, флуконазолды бастың шашты бөлігінің дерматофитиясын емдеуде пайдалануға болмайды.
Криптококкоз
Басқа салалар криптококкозын (мысалы, өкпе және тері криптококкозын) емдеу үшін флуконазол тиімділігі туралы дәлелденген деректер жеткіліксіз, сондықтан препаратты дозалау жөнінде нұсқаулар беру мүмкін емес.
Терең эндемиялық микоздар
Паракокцидиоидомикоз, тері-лимфалық споротрихоз және гистоплазмоз сияқты эндемиялық микоздардың басқа түрлерін емдеу үшін флуконазол тиімділігі туралы дәлелденген деректер шектеулі, соның салдарынан дозалауға қатысты қандай да бір нұсқаулар беру мүмкін емес.
Бүйрек функциясының бұзылуы
Флуконазол бүйрек функциясының бұзылуы бар пациенттерде сақтықпен қолданылу керек.
Бүйрек үсті бездері функциясының бұзылуы
Кетоконазолдың бүйрек үсті безінің жеткіліксіздігін тудыратыны белгілі, сирек жағдайларда оны флуконазолды қолдану кезінде, сирек болса да, байқауға болады. Преднизонмен бір мезгілдегі ем кезінде бүйрек үсті бездері қыртысының жеткіліксіздігіне қатысты ақпаратты «Басқа дәрілік препараттармен өзара әрекеттесуі» бөлімінен қараңыз.
Бауыр функциясының және өт шығару жолдарының бұзылуы
Флуконазол бауыр функциясының бұзылуы бар пациенттерге сақтықпен тағайындалу керек.
Сирек жағдайларда флуконазол қолдану, ең алдымен, күрделі қатарлас аурулары бар пациенттерде ауыр гепатоуыттылықпен, оның ішінде өліммен аяқталуымен қатар жүреді. Флуконазолмен байланысты гепатоуыттылық жағдайларында жалпы тәуліктік дозамен, ем ұзақтығымен, пациенттердің жынысымен немесе жасымен қандай да бір айқын өзара байланысы байқалмады. Флуконазол гепатоуыттылығы, әдетте, қайтымды сипатта болды және емдеуді тоқтатудан кейін басылды.
Флуконазолмен емдеу кезінде бауыр функциясының зертханалық көрсеткіштерінің ауытқулары бар пациенттер бауырдың өте ауыр зақымдануының дамуын болдырмау мақсатында тұрақты қадағалауда болуы тиіс.
Емдеуші дәрігер пациенттерді бауыр үшін ауыр зардаптардың сипаттас симптомдары (астения, анорексия, тұрақты жүрек айну, құсу және сарғаю) туралы хабардар етуі тиіс. Флуконазол қабылдауды дереу тоқтату керек, ал пациент дәрігерге қаралу керек.
Жүрек-қантамыр жүйесі
Кейбір азолдарды, оның ішінде флуконазолды қолдану кезінде электрокардиограммада QТ аралығының ұзару жағдайлары орын алды. Флуконазол түзеткіш калий өзекшелері арқылы иондар ағынын (Ikr) тежеу жолымен QТ аралығын ұзартады. Басқа дәрілік препараттар (амиодарон сияқты) тудырған QТ аралығының ұзаруы P-450 CYP3A4 цитохромының тежелісімен күшеюі мүмкін. Тіркеуден кейінгі қадағалау барысында флуконазол қабылдаған пациенттерде QТ аралығы ұзаруының және полиморфты қарыншалық тахикардияның (torsade de pointes) өте сирек жағдайлары тіркелді. Осы жағдайлар арасында жүректің құрылымдық ауруы, электролиттік бұзылулар және оқиғаға ықпалын тигізуі де мүмкін қатарлас препараттар сияқты қатар жүретін көп түрлі қауіп факторлары бар ауыр науқас пациенттер туралы хабарламалар болды. Гипокалиемия мен жүрек жеткіліксіздігі ауыр пациенттерде өмірге қатерлі қарыншалық аритмиялар мен полиморфты қарыншалық тахикардияның (torsades de pointes) жоғары туындау қаупі болады.
Флуконазол аритмия кезіндегі ықтималды жай-күйлері бар пациенттерге сақтықпен тағайындалу керек. QТ аралығын ұзартатыны және Р-450 СYР3А4 цитохромы көмегімен метаболизденетіні белгілі басқа дәрілік препараттарды бір мезгілде қолдану қарсы көрсетілімді.
Галофантрин
Галофантрин ұсынылған емдік дозасында QТс аралығын ұзартады және СYР3А4 субстраты болып табылады. Сондықтан, флуконазол мен галофантринді бір мезгілде қолдану ұсынылмайды.
Тері реакциялары
Сирек жағдайларда пациенттерде флуконазолмен емделу кезінде Стивенс-Джонсон синдромы мен уытты эпидермалық некролиз сияқты эксфолиативті тері реакциялары дамиды. Эозинофилиямен және жүйелі симптомдармен болатын дәрілік реакция (DRESS-синдром) жағдайлары хабарланды. ЖИТС-пен науқас пациенттер көптеген дәрілік препараттарға болатын терінің ауыр реакцияларының дамуына бейім болып келеді. Егер беткейлік зеңді инфекциядан емдеуден өтетін пациентте флуконазол әсеріне жатқызуға болатын бөртпе пайда болса, осы дәрілік препаратпен емдеуді тоқтату керек. Инвазиялық/жүйелік зең инфекциялары бар пациенттерде бөртпе пайда болса, оларды мұқият қадағалап отыру және буллездік зақымданулар немесе көп пішінді эритема дамыған жағдайда флуконазолды тоқтату керек.
Аса жоғары сезімталдық
Анафилаксиялық реакцияның сирек жағдайлары тіркелді.
Р-450 цитохромы
Флуконазол CYP2C9 изоферментінің және CYP3А4 изоферментінің орташа тежегіші, сондай-ақ CYP2C19 изоферментінің күшті тежегіші болып табылады. Флуконазолды CYP2C9, CYP2C19 және CYP3A4 изоферменттерімен метаболизденетін емдік диапазоны тар дәрілік препараттармен бір мезгілде қабылдап жүрген пациенттерді қадағалап отыру керек.
Терфенадин
Тәулігіне 400 мг-ден аз дозаларда флуконазол мен терфенадинді бір мезгілде қолдануды емдеуші дәрігердің мұқият қадағалауымен жүргізген жөн.
Кандидоз
Зерттеулер C. albicans-тан ерекшеленетін Candida түрлері туғызған инфекциялардың өсіп отырған таралымын көрсетті. Олар көбіне өз табиғатына қарай төзімді (мысалы, C. krusei және C. auris) немесе флуконазолға сезімталдық төмендеуін (C. glabrata) көріністейді. Осындай инфекцияларға, емдеу тиімсіздігіне орай, зеңге қарсы баламалы ем қажет болуы мүмкін. Cондықтан дәрігерлерге әр алуан Candida түрлерінде флуконазолға төзімділіктің таралуын ескеруге кеңес беріледі.
Қосымша заттар
Флуконазол Santo препараты капсуласының құрамында лактоза бар. Сирек тұқым қуалайтын галактоза жақпаушылығы, жалпы лактаза тапшылығы немесе глюкоза мен галактоза мальабсорбциясы синдромы бар пациенттерге аталған дәрілік препаратты қабылдауға болмайды.
Флуконазол Santo препаратының әр капсуласының құрамында 1 ммоль мөлшерінен аз (23 мг) натрий хлориді бар, яғни құрамында мүлде натрий жоқ.
Басқа дәрілік препараттармен өзара әрекеттесуі
Егер Сіз төменде атап көрсетілген препараттардың қандай да бірін қабылдап жүрсеңіз, таяуда қабылдасаңыз немесе қабылдауыңыз мүмкін болса, өз дәрігеріңізге немесе фармацевтке мәлімдеңіз.
Егер Сіз астемизол, терфенадин (аллергияны емдеуге арналған антигистаминдік препарат), цизаприд (асқазан бұзылыстарын емдеуге арналған препарат), пимозид (психикалық ауруларды емдеуге арналған препарат), хинидин (жүрек аритмиясын емдеуге арналған препарат) немесе эритромицин (инфекцияларды емдеуге арналған антибиотик) қабылдап жүрсеңіз, оларды Флуконазол Santo препаратымен қолдануға болмайтындықтан, дереу өз дәрігеріңізге мәлімдеңіз.
Кейбір дәрілік препараттар Флуконазол Santo препаратымен өзара әрекеттесуі мүмкін.
Егер Сіз төменде көрсетілген препараттарды қабылдап жүрсеңіз, Сіздің дәрігеріңіздің бұл жөнінде білетініне көз жеткізіңіз, өйткені дәрілердің әлі де қалаулы әсер көрсететініне көз жеткізу үшін дозаны түзету немесе мониторингтеу қажет болуы мүмкін:
рифампицин немесе рифабутин (инфекцияларды емдеуге арналған антибиотиктер)
аброцитиниб (атопиялық экзема ретінде де белгілі атопиялық дерматитті емдеу үшін қолданылады)
алфентанил, фентанил (анестетик ретінде қолданылады)
амитриптилин, нортриптилин (антидепрессант ретінде қолданылады)
амфотерицин В, вориконазол (зеңге қарсы препараттар)
тромб түзілуін болдырмау үшін қан сұйылтатын дәрілік препараттар (варфарин немесе осыған ұқсас дәрілік препараттар)
ұйқысыздықты немесе үрейленуді емдеуге арналған бензодиазепиндер (мидазолам, триазолам немесе осыған ұқсас препараттар)
карбамазепин, фенитоин (эпилепсия ұстамаларын емдеуге арналған препараттар)
нифедипин, исрадипин, амлодипин, верапамил, фелодипин және лозартан (жоғары артериялық қысымды – артериялық гипертензияны емдеуге арналған препараттар)
олапариб (аналық бездер обырын емдеуге арналған препарат)
циклоспорин, эверолимус, сиролимус немесе такролимус (трансплантаттың қабылданбай ажырауын болдырмауға арналған препараттар)
қатерлі жаңа түзілімдерді емдеуге қолданылатын циклофосфамид, қабіршөп алкалоидтары (винкристин, винбластин немесе осыған ұқсас препараттар)
галофантрин (безгекті емдеуге арналған препарат)
холестериннің жоғары деңгейін төмендету үшін қолданылатын статиндер (аторвастатин, симвастатин және флувастатин немесе осыған ұқсас препараттар)
метадон (ауыруды басатын препарат)
целекоксиб, флурбипрофен, напроксен, ибупрофен, лорноксикам, мелоксикам, диклофенак (қабынуға қарсы стероидты емес дәрілер (ҚҚСД))
пероральді контрацептивтер
преднизон (стероид)
AZT деп те аталатын зидовудин, саквинавир (АИТВ инфекциясын жұқтырған пациенттерді емдеуге арналған препараттар)
хлорпропамид, глибенкламид, глипизид немесе толбутамид сияқты диабетті емдеуге арналған дәрілік препараттар
теофиллин (демікпені бақылауға арналған препарат)
тофацитиниб (ревматоидты артритті емдеуге арналған препарат)
толваптан (гипонатриемияны (қандағы төмен натрий деңгейі) емдеуге немесе бүйрек функциясының төмендеуін баяулатуға арналған препарат)
А дәрумені (биологиялық белсенді қоспа)
ивакафтор (монотерапия түрінде немесе муковисцидозды емдеуге арналған басқа препараттармен біріктірілімде пайдаланылатын препарат)
амиодарон («аритмия» деп аталатын жүректің жүйесіз соғуын емдеуге арналған препарат)
гидрохлоротиазид (диуретик)
ибрутиниб (қанның қатерлі ісіктерін емдеуге арналған препарат)
луразидон (шизофренияны емдеуге арналған).
Флуконазол Santo препаратын тамақпен және сусындармен қабылдау
Препаратты ас ішумен де, онсыз да қабылдауға болады.
Арнайы сақтандырулар
Жүктілік немесе лактация кезінде
Егер Сіз жүкті болсаңыз немесе бала емізіп жүрсеңіз, жүкті болуыңыз мүмкін деп ойласаңыз немесе бала көтеруді жоспарлап жүрсеңіз, осы дәріні қабылдамас бұрын өз дәрігеріңізбен немесе фармацевтпен кеңесіңіз. Егер Сіз жүкті болуды жоспарласаңыз, жүкті болмас бұрын флуконазолды бір рет қабылдаудан кейін бір апта күтуге кеңес беріледі.
Флуконазолмен ұзағырақ емдеу курстарын өткізгенде өз дәрігеріңізбен емдеу кезінде соңғы дозаны қабылдаудан кейін бір апта бойы жалғасуы тиіс болатын талапқа сай контрацепция қажеттілігі жөнінде кеңесіңіз.
Егер Сіз жүкті болсаңыз, жүкті болуыңыз мүмкін деп күмәндансаңыз, бала көтеруге ниеттеніп жүрсеңіз, егер тек Өз дәрігеріңіз Сізге бұл жөнінде айтпаған болса, Сізге флуконазол қабылдауға болмайды. Егер Сіз осы дәріні қабылдау кезінде немесе соңғы дозасын қабылдаудан кейін 1 апта ішінде жүкті болып қалсаңыз, дәрігерге қаралыңыз.
Жүктіліктің бірінші немесе екінші триместрінде қабылданған флуконазол түсік тастау қаупін арттыруы мүмкін. Бірінші триместр кезінде қабылданған флуконазол баланың жүрегі, сүйегі және/немесе бұлшықеттерінің туа біткен ақауларымен туу қаупін аздап арттыруы мүмкін.
Үш немесе одан да көп ай бойы кокцидиоидомикозға қарсы флуконазолдың жоғары дозаларын (күнделікті 400-800 мг) қабылдаған әйелдерде бас сүйегінің, құлақтың және жамбас пен шынтақ сүйектерінің туа біткен ақауларымен туған нәрестелер туралы хабарламалар келіп түсті. Флуконазол мен осы жағдайлардың арасындағы байланыс түсініксіз. Сіз Флуконазол Santo 150 мг препаратының бір дозасын қабылдаудан кейін бала емізуді жалғастыра аласыз.
Егер Сіз Флуконазол Santo препаратының бірнеше дозасын қабылдасаңыз, бала емізуге болмайды.
Флуконазол Santo препаратының құрамында лактоза (сүт қанты) және натрий (тұз) бар
Осы препараттың құрамында аздаған лактоза мөлшері (сүт қанты) бар. Егер Сізге Өз дәрігеріңіз Сізде кейбір қант түрлеріне жақпаушылық бар екенін айтса, осы препаратты қолданар алдында онымен кеңесіңіз.
Флуконазол Santo препаратының бір капсуласында 1 ммоль мөлшерінен аз (23 мг) натрий бар, яғни препарат құрамында мүлде «натрий жоқ».
Препараттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері
Флуконазол Santo препаратын қабылдау кезінде пациенттерге бас айналу немесе құрысулар болуы мүмкін екенін ескерту керек, ал осы симптомдардың кез келгені пайда болса, оларға автокөлікті басқармау немесе механизмдермен жұмыс істемеу жөнінде кеңес беру керек.
Қолдану жөніндегі нұсқаулар
Дозалау режимі
Дозаны таңдаy зеңдік инфекцияның типіне және ауырлық дәрежесіне қарай жүзеге асады. Көп реттік дозалар қолдануды талап ететін инфекциялардың түрлерін емдеуді клиникалық көрсетілімдер немесе зертханалық тестілер белсенді зең инфекциясынан айығу айғақталатын сәтке дейін жалғастырған жөн. Емдеу курсының жеткіліксіз болуы белсенді инфекцияның қайталануына алып келуі мүмкін.
Ересектерде қолдану
Криптококкоз:
1. Криптококкты менингитті емдеу: қанықтыратын доза бірінші күні 400 мг, кейінгі доза тәулігіне бір рет 6-дан 8 аптаға дейін 200-400 мг құрайды. Өмірге қатерлі инфекцияларды емдеу жағдайларда тәуліктік дозаны 800 мг дейін арттыруға болады.
2. Қайталанулар қаупі жоғары пациенттерде криптококкты менингиттің қайталануларын болдырмауға арналған демеуші ем: емдеуші дәрігер белгілеген уақыт кезеңінің ішінде тәулігіне бір рет 200 мг.
Кокцидиоидомикоз: пациенттің жай-күйіне қарай 11-24 ай немесе одан ұзақ уақыт бойы тәулігіне бір рет 200-400 мг. Кейбір, әсіресе, ми қабықтарының зақымдануымен болатын инфекциялар үшін тәулігіне 800 мг дозасын қарастыруға болады.
Инвазиялық кандидоз: қанықтыратын доза бірінші күні 800 мг, кейінгі доза тәулігіне бір рет 400 мг құрайды. Кандидемияны емдеу ұзақтығы бойынша жалпы нұсқау – пациент қанында кандидемия болмауының бірінші теріс нәтижесін алудан кейін және кандидемия белгілері мен симптомдары толық жоғалған соң 2 апта.
Шырышты қабықтар кандидозын емдеу:
1. Орофарингеальді кандидоз: қанықтыратын доза бірінші күні 200-400 мг, кейінгі доза тәулігіне бір рет 7-21 күн бойы 100-200 мг (орофарингеальді кандидоз ремиссиясына жетуге дейін) құрайды. Иммундық жүйе функциясының ауыр бұзылуы бар пациенттерде ұзағырақ ем кезеңдерін пайдалануға болады.
2. Өңеш кандидозы: қанықтыратын доза бірінші күні 200-400 мг, кейінгі доза 14-30 күн бойы тәулігіне бір рет 100- 200 мг (өңеш кандидозының ремиссиясына жетуге дейін) құрайды. Иммундық жүйе функциясының ауыр бұзылуы бар пациенттерде ұзағырақ ем кезеңдерін пайдалануға болады.
3. Кандидурия: 7-21 күн бойы тәулігіне бір рет 200-400 мг. Иммундық жүйе функциясының ауыр бұзылуы бар пациенттерде ұзағырақ ем кезеңдерін пайдалануға болады.
4. Созылмалы атрофиялық кандидоз: 14 күн бойы тәулігіне бір рет 50 мг.
5. Созылмалы тері-шырышты қабық кандидозы: 28 күнге дейін тәулігіне бір рет 50-100 мг. Инфекцияның ауырлық дәрежесіне немесе иммундық функция мен инфекцияның қатар бұзылуына қарай ұзағырақ ем кезеңдерін пайдалануға болады.
Қайталану қаупі жоғары АИТВ инфекциясын жұқтырған пациенттерде шырышты қабық кандидозының қайталану профилактикасы
1. Орофарингеальді кандидоз: созылмалы иммунитет төмендеуі бар пациенттерде емдеуші дәрігер белгілеген уақыт кезеңі ішінде тәулігіне бір рет 100-200 мг немесе аптасына 3 рет 200 мг.
2. Өңеш кандидозы: созылмалы иммунитет төмендеуі бар пациенттерде емдеуші дәрігер белгілеген уақыт кезеңі ішінде тәулігіне бір рет 100- 200 мг немесе аптасына 3 рет 200 мг.
Гениталий кандидозы
1. Жедел қынаптық кандидоз: бір рет 150 мг.
2. Кандидозды баланит: бір рет 150 мг.
3. Қынаптық кандидоз қайталануларын (жылына 4 немесе одан көп көрініс) емдеу және оның профилактикасы: әр үш күн сайын 150 мг – жиынтық 3 доза (1-ші, 4-ші және 7-ші күні), одан кейін демеуші доза 6 ай бойы аптасына бір рет 150 мг.
Дерматомикоз
1. Табан дерматофитиясы, тұтас дене дерматофитиясы, шап дерматофитиясы, кандидоздар: аптасына бір рет 150 мг немесе 24 апта күніне бір рет 50 мг, бірақ табан дерматофитиясын емдеу үшін 6 аптаға дейінгі ем ұзақтығы қажет болуы мүмкін.
2. Түрлі-түсті теміреткі: 1-3 аптаға созылатын аптасына бір рет 300-400 мг немесе 24 апта күніне бір рет 50 мг.
3. Тырнақ дерматофитиясы (онихомикоз): аптасына бір рет 150 мг. Емдеуді инфекция жұқтырған тырнақ алмасатын (инфекция жұқтырмаған тырнақ өсіп шығатын) сәтке дейін жалғастыру керек. Қол мен аяқ тырнақтарын қалпына келтіру үшін, әдетте, 3-тен 6 айға дейін, әрі тиісінше 6-дан 12 айға дейін қажет болады. Дегенмен де, өсу жылдамдығы әр алуан тұлғаларда және жас шамасына қарай елеулі ерекшеленуі мүмкін. Кейбір жағдайларда ұзақ жалғасқан созылмалы инфекцияны емдеу сәтті аяқталған соң тырнақ деформацияланған күйде қалады.
Ұзаққа созылатын нейтропения бар пациенттердегі кандидозды инфекциялар профилактикасы: тәулігіне бір рет 200-400 мг. Емдеуді нейтропенияның күтілетін туындауынан бірнеше күн бұрын бастап, нейтрофилдер саны мм3 аумағына 1000 жасушадан асып кеткен соң 7 күн бойы жалғастыру керек.
Пациенттердің ерекше топтары
Егде жастағы пациенттер
Бүйрек функциясының жағдайына қарай, дозаны түзету керек («Бүйрек функциясының бұзылуы бар пациенттер» қосалқы бөлімін қараңыз)
Бүйрек функциясының бұзылуы бар пациенттер
Флуконазол өзгермеген әсер етуші зат түрінде көбінесе несеппен шығарылады. Бір рет қабылдағанда дозаны өзгерту қажет емес. Бүйрек функциясының бұзылуы бар пациенттерге препаратты көп рет қолдану кезінде 50 мг-ден 400 мг дейінгі бастапқы дозаны енгізу керек (көрсетілімге сәйкес ұсынылатын тәуліктік доза негізінде), одан кейін бастапқы жүктеме дозадан кейін қабылданатын тәуліктік доза (көрсетілімге қарай) келесі кестеге сәйкес белгіленеді:
Креатинин клиренсі (мл/мин) |
Ұсынылатын доза пайызы |
> 50 |
100% |
≤ 50 (гемодиализсіз) |
50% |
Гемодиализ |
әр гемодиализден кейін 100% |
Гемодиализде жүрген пациенттер әр гемодиализден кейін ұсынылатын дозаны 100% алуы тиіс; диализ жоқ күндері пациенттер олардың креатинин клиренсіне сәйкес азайтылған дозаны алуы тиіс.
Бауыр функциясының бұзылуы бар пациенттер
Бауыр функциясының бұзылуы бар пациенттерде флуконазолды қолдану деректері шектеулі, сондықтан осындай пациенттерде аталған препаратты сақтықпен қолдану керек.
6 жастан үлкен балалар және жасөспірімдер
6 жастан үлкен балалар мен жасөспірімдерде ең жоғары тәуліктік доза 400 мг құрайды.
Ересектердегі ұқсас инфекциялар кезіндегі сияқты, емдеу ұзақтығы жүргізілетін емдеуге байланысты.
Флуконазол тәулігіне бір рет қолданылады.
Бүйрек функциясының бұзылуы бар пациенттердегі дозалау режимі – «Бүйрек функциясының бұзылуы бар пациенттер» бөлімін қараңыз. Бүйрек функциясының бұзылуы бар балалар мен жасөспірімдерде флуконазол қолдану зерттелмеген.
Балалар (6-дан 11 жасқа дейінгі)
Көрсетілімдер |
Дозалау режимі |
Ұсынымдар |
- Шырышты қабықтар кандидозы |
Жүктемелік доза: дене салмағына 6 мг/кг. Демеуші доза: дене салмағына 3 мг/кг. |
Жүктеме дозаны тепе-тең концентрациясына жылдам жету мақсатында емдеудің алғашқы күні қолдану керек |
- Инвазиялық кандидоз - Криптококкты менингит |
тәулігіне дене салмағына 6-12 мг/кг |
Аурудың ауырлығына қарай |
- Қайталану қаупі жоғары балаларда криптококкты менингиттің қайталану профилактикасына арналған демеуші ем |
тәулігіне дене салмағына 6 мг/кг |
Аурудың ауырлығына қарай |
- Иммундық жүйе функциясының бұзылуы бар пациенттердегі кандидоз профилактикасы |
тәулігіне дене салмағына 3- 12 мг/кг |
Нейтропения дәрежесі мен ұзақтығына қарай («Ересектердегі дозалау режимін» қараңыз) |
Жасөспірімдер (12-ден 17 жасқа дейінгі)
Пациенттің дене салмағы мен жетілуін ескере отырып, ең қолайлы дозалау режимін таңдау керек. Ересек пациентте 100 мг, 200 мг және 400 мг препаратты қолданумен салыстырмалы әсерін алу үшін доза, тиісінше, дене салмағына 3, 6 және 12 мг/кг құрауы тиіс.
Балалар мен жасөспірімдерде генитальді кандидоз кезіндегі флуконазолдың тиімділігі мен қауіпсіздігі зерттелмеген. Жасөспірімдерде (12-ден 17 жасқа дейінгі) генитальді кандидозды емдеу қажет болса, ересектерге арналған дозалау режимін қолдану керек.
Енгізу әдісі және жолы
Ішке қабылдау үшін. Капсуланы бір стақан сумен іше отырып, бүтіндей жұтыңыз. Капсуланы күн сайын белгілі бір уақытта жүйелі қабылдау маңызды.
Дәрігер жасына, дене салмағына және дозасына сәйкес ең қолайлы дәрілік түрін және дозасын тағайындауы тиіс. 6 жасқа дейінгі балалар, тұншығу қаупіне байланысты, препаратты капсула түрінде қабылдамауы тиіс.
Артық дозалану жағдайында қабылдау қажет болатын шаралар
Капсуланың тым көп мөлшерін бір реттік жолмен қабылдау Сіздің хал-ахуалыңызды нашарлатуы мүмкін. Дәрігерге немесе жақын маңдағы шұғыл көмек бөліміне дереу қаралыңыз. Болжамды артық дозалану симптомдары есту, көру, жанасу түйсіктерін және іс жүзінде болмайтын заттарды долбарлауды (елестеулер және параноидты мінез-құлық) қамтуы мүмкін. Артық дозалану кезінде симптоматикалық емдеу (демеуші шаралар және, қажет болса, асқазанды шаю) жеткілікті болуы мүмкін.
Дәрілік препараттың бір немесе бірнеше дозасын өткізіп алу кезіндегі қажетті шаралар
Өткізіп алғаныңызды толықтыру үшін екі есе доза қабылдамаңыз. Егер Сіз дозаны қабылдауды ұмытып кетсеңіз, оны бұл жөнінде еске түсірген бойда бірден қабылдаңыз. Егер келесі дозаны қабылдау уақыты басталғандай болса, Өзіңіз өткізіп алған дозаны қабылдамаңыз.
Дәрілік препаратты қолдану тәсілін түсіндіру үшін медициналық қызметкер кеңесіне жүгіну жөніндегі нұсқаулар
Егер Сізде осы препаратты қолдану жөнінде қосымша сауалдар туындаса, дәрігермен немесе фармацевтпен кеңесіңіз.
Флуконазол Santo препаратын стандартты қолдану кезінде көрініс беретін жағымсыз реакциялар сипаттамасы және осы жағдайда қабылдау керек шаралар
Қауіпсіздік бейін түйіндемесі
Флуконазолмен емдеуге байланысты эозинофилиямен және жүйелі симптомдармен болатын дәрілік реакция (DRESS-синдром) жағдайлары хабарланды («Қолдану кезіндегі қажетті сақтандыру шаралары» бөлімінен қараңыз).
Тіркелген жағымсыз реакциялардың ең көп жиісі (≥ 1/100-ден > 1/10 дейін) бас ауыру, іштің ауыруы, диарея, жүрек айну, құсу, аланинаминотрансфераза (АЛТ) белсенділігінің жоғарылауы, аспартатаминотрансфераза (АСТ) белсенділігінің жоғарылауы, қандағы сілтілі фосфатаза белсенділігінің жоғарылауы және бөртпе болып табылады.
Жиі
- бас ауыру
- іштің ауыруы, құсу, диарея, жүрек айну
- АЛТ белсенділігінің жоғарылауы, АСТ белсенділігінің жоғарылауы, қандағы сілтілі фосфатаза белсенділігінің жоғарылауы
- бөртпе.
Жиі емес
- анемия
- тәбет төмендеуі
- ұйқышылдық, ұйқысыздық
- құрысулар, парестезия, бас айналу, дәм сезудің өзгеруі
- бас айналу
- іш қату, диспепсия, метеоризм, ауыз кеберсуі
- холестаз, сарғаю, билирубин деңгейінің жоғарылауы
- дәрілік бөртпе*, есекжем, қышыну, қатты терлеп кету
- миалгия
- қатты қажу, дімкәстану, астения, қызба.
Сирек
- агранулоцитоз, лейкопения, тромбоцитопения, нейтропения
- анафилаксия
- гиперхолестеринемия, гипертриглицеридемия, гипокалиемия
- тремор
- «пируэт» типті полиморфты қарыншалық тахикардия (torsades de pointes), QT аралығының ұзаруы
- бауыр жеткіліксіздігі, гепатоцеллюлярлы некроз, гепатит, гепатоцеллюлярлы зақымдану
- уытты эпидермалық некролиз, СтивенсДжонсон синдромы, жедел жайылған экзантематозды пустулез, эксфолиативті дерматит, ангионевроздық ісіну, бет ісінуі, алопеция (шаштың түсуі).
Белгісіз (қолда бар деректер негізінде бағалау мүмкін емес)
- эозинофилиямен және жүйелі симптомдармен болатын дәрілік реакция (DRESS).
* Орныққан дәрілік эритеманы қоса
Жағымсыз дәрілік реакциялар туындағанда медициналық қызметкерге, фармацевтикалық қызметкерге немесе, дәрілік препараттар тиімсіздігі туралы хабарламаларды қоса, дәрілік препараттарға жағымсыз реакциялар (әсерлер) бойынша ақпараттық дерекқорға тікелей хабарласу керек
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті «Дәрілік заттарды және медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы» РМК ШЖҚ
http://www.ndda.kz
Қосымша мәліметтер
Дәрілік препарат құрамы
Бір капсуланың құрамында:
белсенді зат – 150,0 мг флуконазол,
қосымша заттар: лактоза моногидраты, коллоидты кремнийдің қостотығы, жүгері крахмалы, магний стеараты, натрий лаурилсульфаты.
Капсула қабығының құрамы:
Қақпақша: желатин, титанның қостотығы (Е 171).
Корпус: желатин, титанның қостотығы (Е 171).
Сыртқы түрінің, иісінің, дәмінің сипаттамасы
Капсулалар.
№1 өлшемді ақ түсті корпусы және қақпақшасы бар қатты желатин капсулалар. Капсуланың ішінде – ақ түсті ұнтақ.
Шығарылу түрі және қаптамасы
1 капсуладан алюминий фольгадан және ПВХ үлбірінен жасалған пішінді ұяшықты каптамада.
1 пішінді ұяшықты қаптамадан қазақ және орыс тілдеріндегі медициналық қолдану жөніндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапшаға салынады.
Сақтау мерзімі
3 жыл.
Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды!
Сақтау шарттары
25 ºС-ден аспайтын температурада сақтау керек.
Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!
Дәрілік препараттарды ағынды суларға немесе тұрмыстық қалдықтарға тастауға болмайды. Фармацевтен керек емес дәрілік препараттарды қалай дұрыс жоюға болатынын сұрап біліңіз. Осы шаралар қоршаған ортаны қорғауға көмектеседі.
Дәріханалардан босатылу шарттары
Рецепт арқылы.
Өндіруші туралы мәліметтер
«ПОЛЬФАРМА» фармацевтикалық зауыты АҚ
Нова Дембадағы өндірістік бөлім
Металовец көш. 2, 39-460 Нова Демба, Польша
Телефон нөмірі: +48 58 5631600
Факс нөмірі: +48 58 5622353
Электрондық пошта: phv@polpharma.com
Тіркеу куәлігінің ұстаушысы
«Химфарм» АҚ,
Рашидов көш. 81, 160019 Шымкент, Қазақстан Республикасы
Телефон нөмірі: +7 7252 (610151)
Автожауапбергіш нөмірі: +7 7252 (561342)
Электрондық пошта: infomed@santo.kz
Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан дәрілік заттар сапасына қатысты шағымдар (ұсыныстар) қабылдайтын және дәрілік заттың тіркеуден кейінгі қауіпсіздігін қадағалауға жауапты ұйымның атауы, мекенжайы және байланыс деректері (телефон, электрондық пошта)
«Химфарм» АҚ,
Рашидов көш. 81, 160019 Шымкент, Қазақстан Республикасы
Телефон нөмірі: +7 7252 (610150)
Автожауапбергіш нөмірі: +7 7252 (561342)
Электрондық пошта: complaints@santo.kz; phv@santo.kz