Флузамед-ВМ (150мг) (Флуконазол)

МНН: Флуконазол
Производитель: "Уорлд Медицин Илач Сан. ве Тидж. А.Ш."
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Fluconazole
Номер регистрации в РК: № РК-ЛС-5№026445
Информация о регистрации в РК: 15.01.2025 - 15.01.2030

Инструкция

Саудалық атауы

Флузамед-ВМ

Халықаралық патенттелмеген атауы

Флуконазол

Дәрілік түрі, дозасы

Капсулалар, 150 мг

Фармакотерапиялық тобы

Жүйелі қолдануға арналған инфекцияға қарсы препараттар. Жүйелі қолдануға арналған зеңге қарсы препараттар. Жүйелі қолдануға арналған зеңге қарсы препараттар. Триазол және тетразол туындылары. Флуконазол.

АТХ коды Ј02АС01

Қолданылуы

Флузамед-ВМ препараты ересектердегі келесі ауруларды емдеу үшін көрсетілген:

  • жергілікті емдеу қолайсыз болғанда жедел қынаптық кандидозды;

  • жергілікті емдеу қолайсыз болғанда кандидозды баланитті.

Емдеу өсірінді және басқа зертханалық зерттеулердің нәтижелерін алғанға дейін басталуы мүмкін. Нәтижелерді алғаннан кейін зеңге қарсы емді тиісті түрде түзету керек.

Зеңге қарсы дәрілерді тиісті түрде қолдану жөніндегі ресми нұсқаулықтардың ақпаратын ескеру қажет.

Қолдануды бастағанға дейін қажетті мәліметтер тізбесі

Қолдануға болмайтын жағдайлар

  • әсер етуші затқа немесе қосымша заттардың кез келгеніне аса жоғары сезімталдық

  • флуконазолды күніне 400 мг және одан да көп дозада көп рет қолдану кезінде терфенадинді бір мезгілде қолдану

  • QT аралығын ұзартатын және цизаприд, астемизол, пимозид, хинидин және эритромицин сияқты цитохром P450 (CYP) 3A4 ферменті арқылы метаболизденетін басқа дәрілік заттарды бір мезгілде қолдану

  • балалар және 12 жасқа дейінгі жасөспірімдер

  • тұқым қуалайтын галактоза жақпаушылығы, Lapp (ЛАПП)-лактаза ферментінің тапшылығы, глюкоза-галактоза мальабсорбциясы бар адамдарға қарсы қолдануға болмайды

Басқа дәрілік препараттармен өзара әрекеттесуі

Келесі дәрілік заттарды бір мезгілде қолдануға қарсы көрсетілімді:

Цизаприд: жүрек тарапынан жағымсыз реакциялар, соның ішінде «пируэт» типті қарыншалық тахикардия болуы мүмкін. Флуконазол мен цизапридпен бір мезгілде емдеуге болмайды.

Терфенадин: 400 мг немесе одан жоғары дозадағы флуконазолды және терфенадинді бір мезгілде қолдануға болмайды. Флуконазолды күніне 400 мг-нан төмен дозада терфенадинмен бір мезгілде қабылдау дәрігердің бақылауымен жүргізілуі керек.

Астемизол: бір мезгілде қолдану астемизол клиренсін төмендетеді. Плазмадағы астемизол концентрациясының жоғарылауы QT аралығының ұзаруына және сирек жағдайларда «пируэт» типті қарыншалық тахикардияның пайда болуына әкелуі мүмкін. Флуконазол мен астемизолды бір мезгілде қолдануға болмайды.

Пимозид: бір мезгілде қолдану пимозид метаболизмінің тежелуіне әкелуі мүмкін. Қан плазмасындағы пимозид концентрациясының жоғарылауы QT аралығының ұзаруына және сирек жағдайларда «пируэт» типті қарыншалық тахикардияның пайда болуына әкелуі мүмкін. Флуконазол мен пимозидті бір мезгілде қолдануға болмайды.

Хинидин: бір мезгілде қолдану хинидин метаболизмінің тежелуіне әкелуі мүмкін. Хинидинді қолдану QT аралығының ұзаруымен және сирек жағдайларда – «пируэт» типті қарыншалық тахикардияның пайда болуымен қатар жүрді. Флуконазол мен хинидинді бір мезгілде қолдануға болмайды.

Эритромицин: бір мезгілде қолдану кардиоуыттылық (QT аралығының ұзаруы, «пируэт» типті қарыншалық тахикардия) қаупін және онымен байланысты өліммен аяқталу қаупін арттыруы мүмкін. Флуконазол мен эритромицинді бір мезгілде қолдануға болмайды.

Келесі дәрілік заттарды бір мезгілде қолдану ұсынылмайды:

Галофантрин: флуконазол CYP3A4 тежегіш әсеріне байланысты қан плазмасындағы галофантрин концентрациясын жоғарылатуы мүмкін. Флуконазол мен галофантринді бір мезгілде қолдану кардиоуыттылық қаупін (QT аралығының ұзаруы, «пируэт» типті қарыншалық тахикардия) және онымен байланысты өліммен аяқталу қаупін арттыруы мүмкін. Бұл біріктірілімнен аулақ болу керек.

Сақтықпен қолдануды қажет ететін дәрілік заттарды бір мезгілде қолдану:

Амиодарон: бір мезгілде қолдану QT аралығын ұзарта алады. Флуконазол мен амиодаронды бір мезгілде қолдану қажет болған жағдайда, әсіресе флуконазолдың жоғары дозаларын (800 мг) қабылдаған кезде, сақтық таныту керек.

Келесі дәрілік заттарды бір мезгілде қолдану сақтық шараларын сақтауды және дозаларды түзетуді талап етеді:

Флуконазолға басқа дәрілік заттардың әсері

Рифампицин: бір мезгілде қолдану «концентрация-уақыт» қисығы астындағы аудан (AUC) мәнінің 25%-ға төмендеуіне және флуконазолдың жартылай шығарылу кезеңінің 20%-ға төмендеуіне әкелді. Рифампицин қабылдап жүрген пациенттер флуконазол дозасын арттыру мүмкіндігін қарастыруы керек.

Өзара әрекеттесу зерттеулері флуконазолды тамақпен, циметидинмен, антацидтермен пероральді қолданғанда немесе сүйек кемігін трансплантациялау кезінде дененің жалпы сәулеленуінен кейін флуконазол сіңуінің клиникалық маңызды бұзылуы байқалмайтынын көрсетті.

Гидрохлоротиазид: фармакокинетикалық өзара әрекеттесуді зерттеуде флуконазол қабылдаған дені сау еріктілердің гидрохлоротиазидтің көп реттік дозасын бір мезгілде қолдануы қан плазмасындағы флуконазол концентрациясын 40%-ға арттырды. Осындай әсер ету айқындылығында диуретиктерді бір мезгілде қабылдап жүрген пациенттерде флуконазолдың дозалау режимін өзгерту талап етілмейді.

Флуконазолдың басқа дәрілік заттарға әсері

Флуконазол 2C9 және 3A4 изоферменттерінің цитохром P450 (CYP) орташа тежегіші болып табылады. Флуконазол сондай-ақ CYP2C19 изоферментінің күшті тежегіші болып табылады. Төменде көрсетілген бақыланған/құжатталған өзара әрекеттесулерден басқа, қан плазмасында флуконазолмен бір мезгілде қолданылатын CYP2C9, CYP2C19 және CYP3A4 арқылы метаболизденетін басқа заттардың концентрациясының жоғарылау қаупі бар. Осы себепті мұндай біріктірілімдерді қолданған кезде сақтық таныту керек және пациенттердің жағдайын мұқият бақылап отыру қажет. Флуконазолдың жартылай шығарылуының ұзақ кезеңіне байланысты оның фермент-тежегіштік әсері емді тоқтатқаннан кейін 4-5 күн бойы сақталады.

Аброцитиниб: флуконазол (CYP2C19, 2C9, 3A4 тежегіші) аброцитинибтің белсенді бөлігінің экспозициясын 155%-ға арттырды. Флуконазолмен бірге қолданған кезде аброцитиниб дозасын аброцитинибті медициналық қолдану жөніндегі нұсқаулықта қамтылған ақпаратқа сәйкес түзету керек.

Алфентанил: алфентанилді (20 мкг/кг) вена ішіне флуконазолды (400 мг) енгізумен бір мезгілде қолданғанда, дені сау еріктілерде алфентанилдің AUC10 2 есе жоғарылауы байқалды, бұл СYP3A4 тежелуіне байланысты болуы мүмкін. Алфентанил дозасын түзету қажет болуы мүмкін.

Амитриптилин, нортриптилин: флуконазол амитриптилин мен нортриптилиннің әсерін күшейтеді. Біріктірілген емнің басында және 1 аптадан кейін 5-нортриптилин және/немесе S-амитриптилин концентрациясын өлшеу ұсынылады. Қажет болса, амитриптилин/нортриптилин дозасын түзету керек.

Амфотерицин В: иммунитеті қалыпты және төмен, инфекция жұқтырған тышқандарға амфотерицин В мен флуконазолды бір мезгілде енгізу С. albicans жүйелік инфекциясында зеңге қарсы шамалы аддитивті әсерді, Cryptococcus neoformans бассүйекішілік инфекциясында өзара әрекеттесудің болмауын және Aspergillus fumigatus жүйелік инфекциясында екі препараттың антагонизмін анықтады. Осы зерттеулерден алынған нәтижелердің клиникалық мәні белгісіз.

Антикоагулянттар: тіркеуден кейінгі қолдану кезінде, басқа азолды зеңге қарсы дәрілер жағдайындағыдай, флуконазолды варфаринмен бір мезгілде қабылдаған пациенттерде протромбиндік уақыттың ұлғаюымен қатар жүретін геморрагиялық құбылыстар (көгеру, мұрыннан қан кету, асқазан-ішектен қан кету, гематурия және мелена) байқалды. Флуконазол мен варфаринді бір мезгілде қолданғанда протромбиндік уақыттың 2 еселік мәнге дейін төмендеуі байқалды, бұл CYP2C9 арқылы варфарин метаболизмінің тежелуіне байланысты болуы мүмкін. Флуконазолмен бір мезгілде кумаринді типті антикоагулянттарды немесе индандионды антикоагулянттарды қабылдап жүрген пациенттерде протромбиндік уақытты мұқият бақылау қажет. Антикоагулянттың дозасын түзету қажет болуы мүмкін.

Қысқа әсер ететін бензодиазепиндер (мысалы, мидазолам, триазолам): мидазоламды ішке қабылдағаннан кейін флуконазолды тағайындау мидазолам концентрациясының айтарлықтай жоғарылауына және психомоторлық әсерлердің күшеюіне әкелді. 200 мг флуконазол мен 7,5 мг мидазоламды бір мезгілде қолдану мидазоламның AUC және жартылай шығарылу кезеңінің 3,7 есе және сәйкесінше 2,2 есе артуына әкелді. 0,25 мг триазоламмен бір мезгілде пероральді қолданылатын тәулігіне 200 мг флуконазол триазоламның AUC мен жартылай шығарылу кезеңін 4,4 есе және сәйкесінше 2,3 есе арттырды. Триазоламды флуконазолмен бір мезгілде қолданғанда триазолам әсерінің әлеуеттенуі және ұзаруы байқалды. Егер флуконазолмен емделген пациенттерге бензодиазепиндерді бір мезгілде қолдану қажет болса, бензодиазепиндердің дозасын төмендету мүмкіндігін қарастырып, пациенттердің жағдайына тиісті мониторинг жүргізу керек.

Карбамазепин: флуконазол карбамазепиннің метаболизмін тежейді және қан сарысуындағы карбамазепин деңгейінің 30%-ға жоғарылауына әкеледі. Карбамазепин тарапынан уыттылық көріністеулерінің даму қаупі бар. Карбамазепиннің дозасын оның концентрациясына және препараттың әсеріне қарай түзету қажет болуы мүмкін.

Кальций өзекшелерінің блокаторлары: кейбір кальций өзекшелерінің антагонистері (нифедипин, исрадипин, амлодипин, верапамил және фелодипин) CYP3A4 ферментімен метаболизденеді. Флуконазол кальций өзекшелері антагонистерінің жүйелік әсерін әлеуетті түрде арттыра алады. Жағымсыз реакцияларды мұқият бақылау ұсынылады.

Целекоксиб: флуконазол (күніне 200 мг) мен целекоксибті (200 мг) бір мезгілде қолданғанда, целекоксибтің ең жоғары концентрациясы (Сmaх) және AUC мәндері 68%-ға және сәйкесінше 134%-ға өсті. Флуконазолды бір мезгілде қолданған кезде целекоксиб дозасын екі есе азайту қажет болуы мүмкін.

Циклофосфамид: циклофосфамид пен флуконазолды бір мезгілде қолдану қан сарысуындағы билирубин мен креатинин деңгейінің жоғарылауына әкеледі. Қан сарысуындағы билирубин мен креатинин концентрациясының жоғарылау қаупін ескере отырып, бұл препараттарды бір уақытта қолдануға болады.

Фентанил: фентанил мен флуконазолдың өзара әрекеттесуіне байланысты өліммен аяқталған жағдайға әкелетін фентанилмен уыттанудың бір жағдайы туралы хабарланды. Флуконазол фентанилдің элиминацисын айтарлықтай баяулатқаны анықталды. Фентанил концентрациясының жоғарылауы тыныстың тарылуына әкелуі мүмкін, сондықтан пациенттің жағдайын мұқият бақылау керек. Фентанил дозасын түзету қажет болуы мүмкін.

ГМГ-КоА-редуктаза тежегіштері: флуконазолды және CYP3A4 (мысалы, аторвастатин және симвастатин) немесе CYP2C9 (мысалы, флувастатин) арқылы метаболизденетін ГМГ-КоА-редуктаза тежегіштерін бір мезгілде қолдану (бауырдағы статиндер метаболизмінің төмендеуі) миопатия мен рабдомиолиздің даму қаупін арттырады (дозаға тәуелділік тән). Осы препараттарды бір мезгілде қолдану қажет болған жағдайда, миопатия мен рабдомиолиз симптомдарының пайда болуына қатысты пациентті мұқият бақылап креатинкиназа деңгейіне мониторинг жүргізу қажет. Креатинкиназа деңгейі едәуір жоғарылаған жағдайда, сондай-ақ диагностика кезінде немесе миопатия/рабдомиолизға күдіктенген жағдайда ГМГ-КоА-редуктаза тежегіштерін қолдануды тоқтату керек. Статиндерді медициналық қолдану жөніндегі тиісті нұсқаулықтарда қамтылған ақпаратқа сәйкес ГМГ-КоА-редуктаза тежегіштерін анағұрлым төмен дозада пайдалану қажеттілігі туындауы мүмкін.

Ибрутиниб: флуконазол сияқты орташа CYP3А4 тежегіштері плазмадағы ибрутиниб концентрациясын жоғарылатады және уыттылық қаупін арттыруы мүмкін. Егер мұндай біріктірілімді қолдануды болдырмау мүмкін болмаса, тежегішті қолдану кезеңінде ибрутиниб дозасын тәулігіне 1 рет (екі капсула) 280 мг-ға дейін төмендетіп, мұқият клиникалық бақылауды қамтамасыз ету керек.

Ивакафтор (жекелеп немесе осы емдік кластағы басқа дәрілік заттарымен біріктірілімде қолданғанда): муковисцидозды трансжарғақшалық өткізгіштік реттегішінің (CFTR) күшейткіші – ивакафтормен бір мезгілде қолдану ивакафтордың әсерін 3 есе, ал гидроксиметил ивакафтор әсерін – (M1) 1,9 есе арттырды. Ивакафторды медициналық қолдану жөніндегі нұсқаулықта қамтылған ақпаратқа сәйкес (жекелеп немесе басқа дәрілік заттармен біріктірілімде пайдаланған кезде) ивакафтордың дозасын төмендету керек (жекелеп немесе басқа дәрілік заттармен біріктірілімде пайдаланған кезде).

Олапариб: флуконазол сияқты орташа CYP3A4 тежегіштері плазмадағы олапариб концентрациясын арттырады; мұндай біріктірілімді бір мезгілде қолдану ұсынылмайды. Егер біріктірілімдерді болдырмау мүмкін болмаса, олапариб дозасын күніне 2 рет 200 мг-ға дейін шектеу керек.

Иммунодепрессанттар (мысалы, циклоспорин, эверолимус, сиролимус және такролимус)

Циклоспорин: флуконазол циклоспориннің концентрациясын және AUC деңгейін айтарлықтай арттырады. Флуконазолды (тәулігіне 200 мг) және циклоспоринді (тәулігіне 2,7 мг/кг) бір мезгілде қолданғанда циклоспориннің AUC 1,8 есе жоғарылауы байқалды. Бұл біріктірілімді циклоспорин дозасын оның концентрациясына байланысты төмендету кезінде қолдануға болады.

Эверолимус: флуконазол CYP3A4 тежелуіне байланысты қан сарысуындағы эверолимус концентрациясын жоғарылатуы мүмкін.

Сиролимус: CYP3A4 және P-гликопротеин әсерінен сиролимус метаболизмін тежеу арқылы флуконазол қан плазмасындағы сиролимус концентрациясын жоғарылатуы мүмкін. Бұл препараттарды оның концентрациясына және препараттың әсеріне байланысты сиролимустың дозасын түзеткен жағдайда бір мезгілде қолдануға болады.

Такролимус: флуконазол CYP3A4 әсерінен ішекте такролимус метаболизмінің тежелуі нәтижесінде пероральді қолданылатын такролимустың қан сарысуындағы концентрациясын 5 есеге дейін арттыруы мүмкін. Такролимусты вена ішіне қолданғанда фармакокинетикасында айтарлықтай өзгерістер байқалмады. Такролимус деңгейінің жоғарылауы нефроуыттылықпен байланысты болды. Такролимустың пероральді дозасын оның концентрациясына байланысты төмендету керек.

Лозартан: флуконазол лозартанды қолданғанда ангиотензин II рецепторларына антагонизмнің көп бөлігіне жауап беретін белсенді метаболитке (Е-31 74) дейін лозартанның метаболизмін тежейді. Пациенттерде артериялық қысымның тұрақты мониторингін жүргізу ұсынылады.

Луразидон: флуконазол сияқты орташа CYP3A4 тежегіштері қан плазмасындағы луразидон концентрациясын жоғарылатуы мүмкін. Флуконазолмен бір мезгілде қолдану қажет болған жағдайда луразидонның дозасын луразидонды медициналық қолдану жөніндегі нұсқаулықта қамтылған ақпаратқа сәйкес азайту керек.

Метадон: флуконазол қан сарысуындағы метадон концентрациясын жоғарылатуы мүмкін. Метадон дозасын түзету қажет болуы мүмкін.

Қабынуға қарсы стероидты емес препараттар (ҚҚСП): флурбипрофен жүргізілетін монотерапиямен салыстырғанда флуконазолмен бір мезгілде қолданғанда флурбипрофеннің Смах және AUC мәндері 23%-ға және сәйкесінше 81%-ға ұлғайған. Сол сияқты, фармакологиялық белсенді изомердің [ибупрофеннің S-(+)-] Сmах және AUC мәндері рацемиялық ибупрофенмен (400 мг) флуконазолды бір мезгілде қолдану кезінде рацемиялық ибупрофенмен жүргізілетін монотерапиямен салыстырғанда 15%-ға және сәйкесінше 82%-ға ұлғайған.

Арнайы зерттеулер жүргізілмегенімен, флуконазол CYP2C9 метаболизденетін басқа ҚҚСП-дің (мысалы, напроксен, лорноксикам, мелоксикам, диклофенак) жүйелік әсерін арттыруға қабілетті. ҚҚСП-пен байланысты жағымсыз реакциялар мен уыттылықты жиі мониторингілеу ұсынылады. ҚҚСП дозасын түзету қажет болуы мүмкін.

Фенитоин: флуконазол бауырдағы фенитоин метаболизмін тежейді. Препараттарды бірге қолданған кезде фенитоиннің уыттылығына жол бермеу үшін қан сарысуындағы фенитоин концентрациясын бақылау қажет.

Преднизон: преднизонды қолдану аясында бауыр трансплантациясынан кейін пациент флуконазолмен үш айлық емдеу курсын тоқтатқан соң пайда болған Аддисон ауруы дамыған жағдай туралы хабарланды. Флуконазолдың жойылуы CYP3А4 белсенділігінің күшеюіне әкеліп соқты, бұл преднизон метаболизмінің жеделдеуіне әкелді. Флуконазолмен және преднизонмен ұзақ уақыт бойы емделіп жүрген пациенттер бүйрекүсті безі қыртысының жеткіліксіздігін анықтау мақсатында флуконазолды тоқтатқан кезде мұқият медициналық бақылауда болуы керек.

Рифабутин: флуконазол сарысудағы рифабутин концентрациясын жоғарылатады, бұл рифабутиннің AUC мәнінің 80%-ға дейін жоғарылауына әкеледі. Флуконазол мен рифабутинді бір мезгілде қолданған пациенттерде увеит жағдайлары туралы хабарланды. Біріктірілген емдеу кезінде рифабутин уытты әсерінің симптомдарына назар аудару қажет.

Саквинавир: флуконазол бауырдағы саквинавирдің метаболизмін CYP3A4 ферментімен және Р-гликопротеинді тежеу арқылы бәсеңдетуіне байланысты саквинавирдің AUC және Cmax деңгейін шамамен 50%-ға және сәйкесінше 55%-ға арттырады. Саквинавирмен/ритонавирмен өзара әрекеттесу зерттелмеген, сондықтан оның сипаты одан да айқын болуы мүмкін. Саквинавирдің дозасын түзету қажет болуы мүмкін.

Гипогликемиялық сульфонамидтер: флуконазол дені сау еріктілерде қан сарысуынан бір мезгілде пероральді қолданылатын гипогликемиялық сульфонамидтердің (хлорпропамид, глибенкламид, глипизид, толбутамид) жартылай шығарылу кезеңін ұзартты. Қандағы глюкозаны үнемі бақылау және қажет болған жағдайда, сульфонилмочевина препараттарының дозасын уақтылы төмендету ұсынылады.

Теофиллин: теофиллиннің жоғары дозаларын қабылдайтын немесе басқа жағдайда теофиллиннің уытты әсер ету қаупі жоғары пациенттер флуконазолды қолданғанда теофиллиннің уыттылық белгілерін анықтау үшін бақылауда болуы тиіс. Егер уыттылық белгілері пайда болса, емдеуді өзгерту қажет.

Тофацитиниб: тофацитинибтің әсері CYP3A4 қалыпты тежелуін және CYP2C19 күшті тежелуін (мысалы, флуконазол) бір мезгілде қамтамасыз ететін дәрілік препараттармен бірге қолданғанда артады. Осы себепті, осындай препараттармен бір мезгілде қолданғанда, тофацитиниб дозасын тәулігіне 1 рет 5 мг дейін төмендету ұсынылады.

Толваптан: толваптанның жүйелік әсері (CYP3A4 субстраты) флуконазолмен (орташа CYP3A4 тежегіші) бір мезгілде қолданғанда айтарлықтай артады, бұл ретте жағымсыз реакциялардың пайда болу қаупі едәуір артады, әсіресе диурездің айтарлықтай ұлғаюы, сусыздану мен бүйректің жедел жеткіліксіздігі. Біріктірілген қолдану кезінде толваптанды медициналық қолдану жөніндегі нұсқаулықтағы ақпаратқа сәйкес толваптан дозасын азайту керек, сонымен қатар толваптанды қолданумен байланысты кез келген жағымсыз реакцияларды анықтау мақсатында пациенттердің жиі мониторингін қамтамасыз ету қажет.

Қабыршөп алкалоидтары: флуконазол, CYP3A4 тежелуіне байланысты қан плазмасындағы қабыршөп алкалоидтары концентрациясының жоғарылауына әкелуі мүмкін (мысалы, винкристин және винбластин), бұл нейроуытты әсерлердің дамуына әкеледі.

А дәрумені: толық транс-ретиной қышқылын (А дәруменінің қышқыл түрі) және флуконазолды бір уақытта қолданған пациентте флуконазол жойылғаннан кейін жоғалып кеткен жалған туморлы ми түрінде орталық жүйке жүйесі (ОЖЖ) тарапынан жағымсыз реакциялар байқалды. Бұл дәрілік заттарды бір уақытта қолдануға болады, ОЖЖ тарапынан жағымсыз реакцияларды бақылау ұсынылады.

Вориконазол (CYP2C9, CYP2C19 және CYP3A4 тежегіші): сегіз дені сау ерікті вориконазол (1-ші күні 12 сағат сайын 400 мг, содан кейін 2,5 күн ішінде 12 сағат сайын 200 мг) мен флуконазолды (1-ші күні 400 мг, содан кейін 4 күн ішінде әр 24 сағат сайын 200 мг) бір мезгілде пероральді қолдануы вориконазолдың Cmax және AUCτ мәндерінің орташа алғанда 57%-ға (90% сенімді аралық (СА): 20%, 107%) және сәйкесінше 79% (90% СА: 40%, 128%) жоғарылауына әкелді. Вориконазол мен флуконазолды қабылдау дозасын төмендету және/немесе мұндай әсерді жоятын қолдану жиілігін төмендету анықталған жоқ. Флуконазолдан кейін вориконазолды қолданған кезде вориконазолдың жағымсыз әсерлерін бақылау керек.

Зидовудин: флуконазол зидовудиннің Cmax және AUC деңгейін 84% және сәйкесінше 74%-ға арттырады, бұл зидовудин клиренсінің шамамен 45%-ға төмендеуімен байланысты. Флуконазолмен біріктірілген емдеуден кейін зидовудиннің жартылай шығарылу кезеңі шамамен 128%-ға өсті. Бұл біріктірілімді қабылдаған пациенттер зидовудинмен байланысты жағымсыз реакцияларды мониторингілеу үшін бақылауда болуы керек. Зидовудин дозасын төмендету туралы мәселені қарастыру керек.

Азитромицин: флуконазол мен азитромицин арасында елеулі фармакокинетикалық өзара әрекеттесу анықталған жоқ.

Пероральді контрацептивтер: флуконазолдың осы дозаларын көп рет қабылдау біріктірілген пероральді контрацептивтердің тиімділігіне әсер ету ықтималдылығы аз.

Арнайы ескертулер

Несеп шығару жүйесі

Флузамед-ВМ препаратын бүйрек функциясының бұзылулары бар пациенттерде сақтықпен қолдану керек.

Бүйрекүсті безінің жеткіліксіздігі

Кетоконазол бүйрекүсті безінің жеткіліксіздігін туындататыны анықталды; сирек жағдайларда бұл флуконазолды қолдану кезінде де байқалған. Преднизонды бір мезгілде қолданумен байланысты бүйрекүсті безінің жеткіліксіздігі «Басқа дәрілік препараттармен өзара әрекеттесуі» бөлімінде сипатталған.

Гепатобилиарлы жүйе

Флузамед-ВМ препараты бауыр жеткіліксіздігі бар пациенттерде сақтықпен қолданылады.

Сирек жағдайларда флуконазолды қолдану бауыр тарапынан ауыр уытты реакциялардың дамуымен қатар жүруі мүмкін, оның ішінде өліммен аяқталған жағдай, негізінен ауыр қатарлас аурулары бар пациенттерде. Флуконазолды қолданумен байланысты гепатоуытты әсерлер жағдайында олардың препараттың жалпы тәуліктік дозасына, емнің ұзақтығына, пациенттің жынысы мен жасына айқын тәуелділігі байқалмайды. Флуконазолдың гепатоуытты әсері әдетте қайтымды болды; оның белгілері емді тоқтатқаннан кейін жойылған.

Бауырдың анағұрлым ауыр зақымдану белгілерін анықтау мақсатында флуконазолмен емдеу кезінде бауыр функциясының көрсеткіштері бұзылған пациенттерді бақылау қажет.

Флуконазолды қолданумен байланысты болуы мүмкін бауыр зақымдануының клиникалық белгілері немесе симптомдары пайда болған кезде (айқын көріністелген әлсіздік, анорексия, үнемі жүрек айнуы, құсу және сарғаю) препаратты тоқтатқан жөн.

Жүрек-қантамыр жүйесі

Кейбір азолдар, соның ішінде флуконазол, электрокардиограммада QT аралығының ұзаруына әкелуі мүмкін. Флуконазол түзететін калий өзекшелері (Ikr) арқылы иондар тогын тежеу жолымен QT аралығының ұзаруын туындатады. Басқа препараттардан (мысалы, амиодарон) туындаған QT аралығының ұзаруын P450 (CYP) 3A4 цитохромын тежеу арқылы күшейтуге болады. Тіркеуден кейінгі бақылау кезеңінде флуконазол қабылдаған пациенттерде QT аралығының ұзаруы және «пируэт» типті қарыншалық тахикардияның өте сирек жағдайлары байқалды. Бұл жағдайлар жүректің органикалық аурулары, электролиттік теңгерімнің бұзылуы сияқты көптеген қатарлас жүретін қауіп факторлары бар ауыр науқастарда, сондай-ақ осы асқынулардың пайда болуына ықпал етуі мүмкін басқа дәрілік заттарды бір мезгілде қолданғанда тіркелді. Гипокалиемиямен және үдемелі жүрек жеткіліксіздігімен ауыратын пациенттер өмірге қауіп төндіретін қарыншалық аритмия мен «пируэт» типті тахикардияның жоғары қаупіне ұшырайды.

Флузамед-ВМ препаратын аритмияның даму қаупі факторлары бар пациенттерде сақтықпен қолдану керек. QT аралығын ұзартатын және цитохром P450 (CYP) 3A4 ферментімен метаболизденетін препараттармен бір мезгілде емдеу қарсы көрсетілімді.

Галофантрин ұсынылған емдік дозаларда QTc аралығын ұзартады және CYP3A4 субстраты болып табылады. Осы себепті флуконазол мен галофантринді бір мезгілде қолдану ұсынылмайды.

Дерматологиялық реакциялар

Сирек жағдайларда флуконазолмен емдеу кезінде пациенттерде Стивенс-Джонсон синдромы және уытты эпидермальді некролиз (Лайелл сидромы) сияқты терінің эксфолиативті реакциялары дамыған. Эозинофилиямен және жүйелік симптомдармен дәрілік реакцияның (DRESS-синдром) туындауы туралы хабарланды. ЖИТС-пен ауыратын пациенттер терінің ауыр реакцияларының дамуына көбірек бейім болып келеді. Беткейлік зең инфекциясына шалдыққан пациенттерде флуконазолды қабылдаған кезде бөртпе туындағанда, препаратты қолдануды тоқтату керек. Егер инвазиялық/ жүйелік зең инфекциялары бар пациенттерде бөртпе туындаса, оның жағдайын мұқият бақылап отыру керек, ал буллезді зақымданулар немесе көпформды эритема дамыған кезде флуконазолды тоқтату керек.

Аса жоғары сезімталдық

Сирек жағдайларда анафилаксияның дамуы туралы хабарланды.

Цитохром P450

Флуконазол CYP2С9 және CYP3A4 орташа тежегіші болып табылады. Флуконазол сондай-ақ CYP2C19 изоферментінің күшті тежегіші болып табылады. Флуконазол қабылдайтын және бір мезгілде CYP2C9, CYP2C19 және CYP3A4 арқылы метаболизденетін емдік ауқымы тар дәрілік препараттарды қабылдайтын пациенттердің жағдайына мониторинг жүргізу қажет.

Терфенадин

Флуконазолды тәулігіне 400 мг-нан аз дозада және терфенадинді бір мезгілде қолдану мұқият бақылай отырып жүргізілуі керек.

Кандидоз

Зерттеулер C. albicans-тен өзге, Candida басқа микроорганизмдері туындатқан инфекциялармен ауру жиілігінің ұлғайғанын көрсетті. Бұл түрлер көбінесе табиғи резистенттілікке (мысалы, C. krusei және C. auris) ие немесе флуконазолға сезімталдықтың төмендеуін көрсетеді (C. glabrata). Мұндай инфекциялар емдеудің тиімсіздігіне байланысты баламалы зеңге қарсы емдеуді қажет етуі мүмкін. Сондықтан препаратты тағайындау кезінде әртүрлі Candida түрлерінде флуконазолға төзімділіктің таралуын ескеру қажет.

Қосымша заттар

Препарат құрамында лактоза моногидраты бар. Тұқым қуалайтын галактоза жақпаушылығы, Lapp (ЛАПП)-лактаза ферментінің тапшылығы, глюкоза-галактоза мальабсорбциясы бар пациенттерге препаратты қолдануға болмайды.

Препарат құрамында бір капсулаға 1 ммольден аз натрий (23 мг) бар, яғни іс жүзінде «құрамында натрий жоқ».

Жүктілік немесе лактация кезінде

Жүктілік

Егер сіз жүкті болсаңыз немесе емізіп жүрсеңіз, жүктімін деп ойласаңыз немесе балалы болуды жоспарласаңыз, бұл дәріні қабылдамай тұрып, дәрігеріңізбен немесе фармацевтпен кеңесіңіз.

Егер сіз жүкті болуды жоспарласаңыз, жүкті болмас бұрын флуконазолды бір рет қабылдағаннан кейін бір апта күту ұсынылады. Флуконазолмен емдеудің анағұрлым ұзақ курстарын жүргізген кезде дәрігеріңізбен емдеу кезінде тиісті контрацепцияның қажеттілігі туралы кеңесіңіз, ол соңғы дозаны қабылдағаннан кейін бір апта бойы жалғасуы керек.

Егер дәрігеріңіз сізге бұл туралы айтпаса ғана, жүкті болсаңыз, жүкті болуым мүмкін деп күдіктенсеңіз, жүкті болуға тырысып жүрсеңіз, флуконазол қабылдауға болмайды. Егер сіз осы дәріні қабылдау кезінде немесе соңғы дозаны қабылдағаннан кейін 1 апта ішінде жүкті болып қалсаңыз, дәрігерге қаралыңыз.

Жүктіліктің бірінші немесе екінші триместрінде қабылданған флуконазол түсік тастау қаупін арттыруы мүмкін. Бірінші триместрде төмен дозада қабылданған флуконазол туа біткен жүрек, сүйек және/немесе бұлшықет ақаулары бар баланың туылу қаупін шамалы арттыруы мүмкін.

Үш немесе одан да көп ай бойы кокцидиоидомикоздан флуконазолдың жоғары дозаларын (күн сайын 400-800 мг) қабылдаған әйелдерде бассүйектің, құлақтың және жамбас пен шынтақ сүйектерінің туа біткен ақауларымен туылған балалар туралы хабарламалар болды. Флуконазол мен осы жағдайлардың арасындағы байланыс айқын емес.

Лактация

Бала емізуді флуконазолдың 150 мг бір реттік стандартты дозасынан кейін жалғастыруға болады. Флуконазолды көп рет қолданғаннан немесе жоғары дозаны қабылдағаннан кейін бала емізу ұсынылмайды.

Препараттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері

Препаратты қолданған кезде бас айналудың немесе құрысудың даму мүмкіндігін ескеру керек. Осы симптомдардың кез-келгені дамыған кезде сіз көлік құралының рөліне отырмаңыз және механикалық жабдықпен жұмыс істеуге кіріспеуіңіз керек.

Қолдану жөніндегі нұсқаулар

Дозалау режимі

Ересектер

Бір рет 150 мг.

Пациенттердің ерекше топтары

Егде жастағы пациенттер

Бүйрек жеткіліксіздігі болмағанда әдеттегі ұсынылған дозаларды пайдаланған жөн.

Бүйрек жеткіліксіздігі бар пациенттер

Флуконазол негізінен несеппен өзгермеген түрінде шығарылады. Бір рет қолданған кезде дозаны түзету қажет емес.

Бауыр жеткіліксіздігі бар пациенттер

Бауыр функциясының бұзылуы бар пациенттер туралы деректер шектеулі, сондықтан бауыр функциясының бұзылуы бар пациенттерде флуконазолды сақтықпен қолдану керек.

Балалар

Балалардағы генитальді кандидозды емдеу үшін флуконазолды қолдану қауіпсіздігі мен тиімділігі анықталмаған. Қазіргі уақытта басқа педиатриялық көрсетілімдер үшін қолжетімді деректер «Дәрілік препаратты стандартты қолдану кезінде көрініс беретін жағымсыз реакциялар сипаттамасы және осы жағдайда қабылдау керек шаралар» бөлімінде сипатталған. Жасөспірімдерде (12 жастан 17 жасқа дейін) генитальді кандидозды емдеу үшін препаратты қолдану қажет болған жағдайда ересектерге арналған дозаны қолдану керек.

Енгізу әдісі және жолы

Капсулаларды тамақ ішуге қарамастан, тұтастай жұтып, ішке қабылдайды.

Дәрігер пациенттің жасына, дене салмағына және дозасына сәйкес ең қолайлы дәрілік түр мен дозаны тағайындауы керек. Капсулалар сәбилер мен кішкене балаларға қолдануға арналмаған. Флуконазолдың сұйық пероральді түрлері бар, олар пациенттердің осы тобында қолдану үшін анағұрлым қолайлы.

Артық дозалау жағдайында қабылдау қажет болатын шаралар

Елестеулер және параноидальді мінез-құлықпен қатар жүретін флуконазолмен артық дозалану жағдайлары туралы хабарланған.

Артық дозаланған жағдайда симптоматикалық ем жүргізіледі (оның ішінде демеуші шаралар және асқазанды шаю).

Флуконазол негізінен несеппен шығарылады, сондықтан қарқынды диурез оның шығарылу жылдамдығын арттыруы мүмкін. Үш сағаттық гемодиализ сеансы қан плазмасындағы флуконазол деңгейін шамамен 50%-ға төмендетеді.

Дәрілік препараттың қолдану тәсілін түсіндіру үшін медициналық қызметкер кеңесіне жүгіну жөніндегі нұсқаулар

Дәрілік препаратты қолдану туралы сұрақтар туындаған жағдайда дәрігермен немесе фармацевтпен кеңесу керек.

Дәрілік препаратты стандартты қолдану кезінде көрініс беретін жағымсыз реакциялар сипаттамасы және осы жағдайда қабылдау керек шаралар

Қан және лимфа жүйесі тарапынан: жиі емес – анемия; сирек – агранулоцитоз, лейкопения, тромбоцитопения, нейтропения.

Иммундық жүйе тарапынан: сирек – анафилаксия.

Зат алмасу және тамақтану тарапынан: жиі емес – тәбеттің төмендеуі; сирек - гиперхолестеринемия, гипертриглицеридемия, гипокалиемия.

Психиканың бұзылулары: жиі емес – ұйқышылдық, ұйқысыздық.

Жүйке жүйесі тарапынан: жиі – бас ауыруы; жиі емес – құрысулар, парестезиялар, бас айналу, дәм сезудің бұрмалануы; сирек – тремор.

Есту мен тепе – теңдік мүшесі тарапынан: жиі емес – вертиго.

Жүрек тарапынан: сирек – «пируэт» типті қарыншалық тахикардия, QT аралығының ұзаруы.

Асқазан-ішек жолы тарапынан: жиі – іштің ауыруы, құсу, диарея, жүрек айнуы; жиі емес – іш қату, диспепсия, метеоризм, ауыздың құрғауы.

Бауыр мен өт шығару жолдары тарапынан: жиі – АЛТ деңгейінің жоғарылауы, АСТ деңгейінің жоғарылауы, қандағы СФ деңгейінің жоғарылауы; жиі емес – холестаз, сарғаю, билирубин деңгейінің жоғарылауы; сирек – бауыр жеткіліксіздігі, гепатоцеллюлярлық некроз, гепатит, гепатоцеллюлярлық зақымдану.

Тері мен теріасты тіндері тарапынан: жиі – бөртпе; жиі емес – токсидермия (тұрақты дәрілік эритеманы қоса), есекжем, қышыну, шамадан тыс терлеу; сирек – уытты эпидермальді некролиз (Лайелл синдромы), Стивенс-Джонсон синдромы, жедел жайылған экзантематозды-пустулезді бөрту, эксфолиативті дерматит, ангионевроздық ісіну, беттің ісінуі, алопеция; белгісіз – эозинофилиямен және жүйелік симптомдармен дәрілік реакция (DRESS-синдром).

Қаңқа-бұлшықет және дәнекер тін тарапынан: жиі емес – миалгия.

Жалпы бұзылыстар және енгізу тәсіліне байланысты бұзылулар: жиі емес – қатты қажу, дімкәстану, астения, қызба.

Балалар

Балалардағы клиникалық зерттеулерде тіркелген жағымсыз реакциялар мен зертханалық көрсеткіштердің ауытқу сипаты мен жиілігі, «генитальді кандидоз» көрсетілімі бойынша қолданудан басқа, ересектерде байқалған параметрлерге ұқсас болып табылады.

Жағымсыз дәрілік реакциялар туындағанда медициналық қызметкерге, фармацевтикалық қызметкерге немесе, дәрілік препараттардың тиімсіздігі туралы хабарламаларды қоса, дәрілік препараттарға болатын жағымсыз реакциялар (әсерлер) жөніндегі ақпараттық дерекқорға тікелей хабарласу керек

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің «Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК

http://www.ndda.kz

Қосымша мәліметтер

Дәрілік препарат құрамы

Бір капсуланың құрамында

белсенді зат –флуконазол 150 мг,

қосымша заттар: лактоза моногидраты, микрокристалды целлюлоза (102 типі), магний стеараты, натрий лаурилсульфаты,

капсула құрамы: титанның қостотығы (Е 171), темірдің сары тотығы (Е 172), темірдің қара тотығы (Е 172), желатин.

Сыртқы түрінің, иісінің, дәмінің сипаттамасы

1 өлшемді, қақпақшасы мен корпусы күңгірт ашық жасыл түсті, қатты желатинді капсулалар.

Капсулалардың ішіндегісі – ақтан ақ дерлік түске дейінгі ұнтақ.

Шығарылу түрі және қаптамасы

1 капсуладан поливинилхлоридті үлбірден және алюминий фольгадан жасалған пішінді ұяшықты қаптамада.

1 пішінді ұяшықты қаптамадан медициналық қолдану жөніндегі қазақ және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапшаға салынады.

Сақтау мерзімі

5 жыл

Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды!

Сақтау шарттары

25°С-ден аспайтын температурада сақтау керек.

Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!

Дәріханалардан босатылу шарттары

Рецепт арқылы

Өндіруші туралы мәліметтер

«Уорлд Медицин Илач Сан. ве Тидж. А.Ш.»

15 Теммуз Мах., Джами Йолу Джад. № 50, Гюнешли, Багджылар, Стамбул, Түркия

Тел.: +90 212 474 70 50, факс: +90 212 474 09 01

Электрондық пошта: info@worldmedicine.com.tr

Тіркеу куәлігінің ұстаушысы

«Уорлд Медицин Илач Сан. ве Тидж. А.Ш.»

15 Теммуз Мах., Джами Йолу Джад. № 50, Гюнешли, Багджылар, Стамбул, Түркия

Тел.: +90 212 474 70 50, факс: +90 212 474 09 01

Электрондық пошта: info@worldmedicine.com.tr

Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан дәрілік заттардың сапасына қатысты шағымдарды (ұсыныстарды) қабылдайтын ұйымның атауы, мекенжайы және байланыс деректері (телефон, факс, электрондық пошта)

«РИН Фарм» ЖШС, Қазақстан Республикасы, Алматы қ., Сүйінбай даңғ., 222Б

Тел./факс: 8 (7272) 529090, электрондық пошта: rin_pharma@mail.ru

Қазақстан Республикасы аумағында дәрілік заттың тіркеуден кейінгі қауіпсіздігін қадағалауға жауапты ұйымның атауы, мекенжайы және байланыс деректері (телефон, факс, электрондық пошта)

«РИН Фарм» ЖШС, Қазақстан Республикасы, Алматы қ., Сүйінбай даңғ., 222Б

Ұялы телефон: +7 701 786 33 98

Электрондық пошта: pvpharma@worldmedicine.kz

Прикрепленные файлы

ЛВ_Флузамед-ВМ_капс_ЗОБ_17_12_2024_каз_(2).docx 0.07 кб
Доработка_ЛВ_Флузамед-ВМ_капс_ЗОБ_17.12_.2024_рус_.docx 0.07 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту