Тривентин

МНН: Тикагрелор
Производитель: Абди Ибрахим Глобал Фарм ТОО
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Ticagrelor
Номер регистрации в РК: № РК-ЛС-5№024592
Информация о регистрации в РК: 24.06.2020 - 24.06.2025

Инструкция

Саудалық атауы

Тривентин

Халықаралық патенттелмеген атауы

Тикагрелор

Дәрілік түрі, дозалануы

Үлбірлі қабықпен қапталған таблеткалар, 90 мг

Фармакотерапиялық тобы

Қан және қан түзу ағзалары. Тромбозға қарсы препараттар. Тромбоциттер агрегациясының тежегіштері, гепаринді қоспағанда. Тикагрелор.

АТХ коды B01AC24

Қолданылуы

Тривентин ацетилсалицил қышқылымен (АСҚ) бірге қабылдаған кезде ересек пациенттерде атеротромбоздық асқынулардың алдын алу үшін қолданылады:

- жедел коронарлық синдром (ЖКС)

- миокард инфарктісі (МИ) және атеротромбоздық асқынулардың пайда болуының жоғары қаупі.

Дәрілік препаратты қолданудың басталуына дейінгі қажетті мәліметтер тізбесі

Қолдануға болмайтын жағдайлар

- әсер етуші затқа немесе препараттың кез келген қосымша затына аса жоғары сезімталдық

- патологиялық қан кетудің болуы

- анамнездегі бассүйекішілік қан құйылу

- орташа немесе ауыр дәрежедегі бауыр жеткіліксіздігі

- тикагрелорды CYP3A4 қуатты тежегіштерімен бірге қолдану (мысалы, кетоконазол, кларитромицин, нефазодон, ритонавир және атазанавир), өйткені бірге қолдану тикагрелор әсерін едәуір арттыруы мүмкін

- жүктілік және лактация кезеңі

- 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер

Қолдану кезіндегі қажетті сақтандыру шаралары

Қан кетудің даму қаупі

Тромбозға қарсы басқа препараттарды қолдану кезіндегідей, тикагрелорды тағайындағанда қан кетудің даму қаупі жоғары пациенттерде тромбоз оқиғаларының профилактикасынан болатын пайда мен қауіп арақатынасын бағалау керек.

Мыналарға назар аудару қажет:

- пациенттердің қан кету дамуына бейімділігі (мысалы, таяуда алған жарақатпен, таяуда өткізілген операциямен, қан ұюы бұзылуларымен, белсенді немесе таяудағы асқазан-ішектен қан кетумен байланысты). Белсенді патологиялық қан кетуі, анамнезінде бассүйекішілік қан құйылуы және бауырының ауыр жеткіліксіздігі бар пациенттерге тикагрелор қабылдауға болмайды;

- қан кетудің даму қаупін арттыруы мүмкін препараттарды қатарлас қолдану (мысалы, тикагрелор қабылдауға дейін 24 сағат ішінде қабылданатын қабынуға қарсы стероидты емес препараттар, ішуге арналған антикоагулянттар және/немесе фибринолитиктер);

Тикагрелорды қолдану және тромбоциттермен гемостатикалық трансфузияның тиімділігі туралы деректер жоқ; тикагрелор қандағы трансфузияланған тромбоциттерді тежеуі мүмкін. Тикагрелор мен десмопрессин қатарлас қолданылғанда стандартталған қан кету уақыты азаймағандықтан, десмопрессиннің қан кетуді тиімді тоқтату ықтималдығы аз.

Фибринолизге қарсы ем (аминокапрон қышқылы немесе транексам қышқылы) және/немесе VIIa рекомбинантты факторы гемостазды күшейтуі мүмкін. Қан кету себептері анықталып, ол тоқтатылған соң тикагрелормен емдеуді жаңғыртуға болады.

Хирургиялық операциялар

Пациенттер кез келген хирургиялық операция жоспарланатын және жаңа дәрілік препарат қабылдау басталатын сәтке дейін өздерінің тикагрелор қабылдап жүргені жөнінде терапевт пен стоматологқа хабарлауға тиіс.

Егер пациентке жоспарлы операция жасалатын болса, соған орай тромбозға қарсы әсер қолайсыз болғандықтан, хирургиялық араласудан 7 күн бұрын тикагрелор қабылдауды тоқтату керек.

Ишемиялық инсультті өткерген пациенттер

Бұрын ишемиялық инсульт өткерген ЖКС бар пациенттер 12 айдан аспайтын уақыт ішінде тикагрелормен ем қабылдауына болады.

Бауыр жеткіліксіздігі

Бауырдың жедел жеткіліксіздігі бар пациенттерге тикагрелор қолдануға болмайды. Бауыр жеткіліксіздігі орташа пациенттерде тикагрелор қолдану тәжірибесі көп емес, осыған орай, бұл науқастарды емдегенде сақтық танытуға кеңес беріледі.

Брадикардияның даму қаупі бар пациенттер

Симптомсыз қарыншалық асистолияларға қатысты бұрын анықталған деректерге байланысты, брадикардияның даму қаупі жоғары пациенттер (мысалы, синустық түйіннің әлсіздік синдромы, 2-ші немесе 3-ші дәрежедегі атриовентрикулярлы блокада; брадикардиямен байланысты естен тану диагностикаланған кардиостимуляторсыз науқастар) тикагрелордың қауіпсіздігі мен тиімділігі бағаланатын негізгі зерттеуге қосылмады. Сондықтан, препаратты бұл науқастарда клиникалық қолданудың шектеулі тәжірибесіне байланысты, ондай пациенттерге тикагрелорды сақтықпен тағайындау ұсынылады. Бұдан бөлек, тикагрелор брадикардияны туындататын дәрілік препараттармен бір мезгілде қабылданғанда сақ болу керек.

Ентігу

Тикагрелорды қолдану кезінде білінген, әдетте, өзінің қарқыны бойынша әлсіз немесе орташа ентігу препаратпен емдеудіі жалғасуына қарай көбіне басылады. Бронх демікпесі/созылмалы обструкциялық өкпе ауруы (СОӨА) бар пациенттерде тикагрелор қабылдағанда ентігу пайда болатын абсолютті қауіптің артуы болуы мүмкін. Тикагрелор анамнезінде бронх демікпесі/СОӨА бар пациенттерге абайлап пайдаланылу керек. Қазіргі уақытқа дейін механизмі анықталмаған. Егер пациентте жаңа көрініс дамыса, ентігу сақталса немесе күшейсе, толық тексеру өткізу қажет. Егер ентігудің тикагрелормен емдеуден болғаны анықталса, препаратты қабылдауды тоқтату керек.

Креатининнің жоғарылауы

Тикагрелормен емделу кезінде креатинин деңгейлері жоғарылауы мүмкін. Механизмі анықталмаған. Бүйрек функциясын дағдылы ағымдағы клиникалық тәжірибеге сай тексеру керек. АКШ бар пациенттерде креатинин деңгейін, ≥75 жастағы пациенттерге, бүйрек жеткіліксіздігі орташа/ауыр және ангиотензин-IІ рецепторлары блокаторларымен (ARB) қатарлас ем қабылдаған пациенттерге ерекше көңіл бөле отырып, тикагрелормен емдеу басталған соң 1 ай өткен соң тексеру ұсынылады.

Несеп қышқылының жоғарылауы

Анамнезінде гиперурикемия немесе подагралық артрит бар пациенттер тикагрелор қабылдағанда сақтану шарасын қадағалау керек. Алдын ала сақтану шарасы ретінде, несеп қышқылды нефропатиясы бар пациенттерде тикагрелорды пайдалану ұсынылмайды.

Тромбоздық тромбоцитопениялық пурпура (ТТП)

Тикагрелорды қолдану кезінде тромбоздық тромбоцитопениялық пурпура (ТТП) жағдайлары туралы өте сирек хабарланған. ТТП неврологиялық белгілерге, бүйрек дисфункциясына немесе қызбаға байланысты тромбоцитопениямен және микроангиопатиялық гемолиздік анемиямен сипатталады. ТТП плазмаферезді қоса алғанда, дереу емдеуді қажет ететін ықтимал өлім жағдайы болып табылады.

Басқалары

Тикагрелор мен АСҚ жоғары демеуші дозасын (300 мг-ден көп) бірге қабылдау ұсынылмайды.

Емді тоқтату

Тикагрелормен емдеуді қоса, агрегантқа қарсы кез келген емді мерзімінен бұрын тоқтату, жүрек-қантамыр ауруларынан өлу қаупінің немесе негізгі аурудың салдары ретінде миокард инфарктісі қаупінің жоғарылауына әкелуі мүмкін. Сондықтан емдеуді мерзімінен бұрын тоқтатпауға тырысу керек.

Балалар

Тикагрелордың 18 жасқа толмаған балалардағы қауіпсіздігі мен тиімділігі анықталмаған.

Басқа дәрілік препараттармен өзара әрекеттесуі

Тикагрелор, ең алдымен, CYP3A4 субстраты және CYP3A4 әлсіз тежегіші болып табылады. Тикагрелор, сонымен қатар, Р-гликопротеин субстраты және Р-гликопротеин әлсіз тежегішіне жатады әрі Р-гликопротеин субстраттарының әсерін арттыра алады.

Басқа дәрілік препараттардың Тикагрелор препаратына әсері

CYP3A4 метаболизденетін дәрілік препараттар

CYP3A4 тежегіштері

- CYP3A4 қуатты тежегіштері – кетоконазолды тикагрелормен бірге қолдану тикагрелордың Сmах және қисық астындағы ауданының (AUC), тиісінше, 2.4 және 7.3 есе ұлғаюына әкеледі. Белсенді метаболиттің Сmах және қисық астындағы ауданы (AUC), тиісінше, 89% және 56% азаяды. Басқа да CYP3A4 қуатты тежегіштері (кларитромицин, нефазодон, ритонавир және атазанавир) дәл сондай әсерлер көрсетеді және оларды тикагрелормен бірге қолдануға болмайды деп болжауға болады.

- CYP3A4 орташа тежегіштері – дилтиаземді тикагрелормен бірге қолдану тикагрелордың Сmах 69% және қисық астындағы ауданының (AUC) – 2,7 есе ұлғаюына, және қисық астындағы ауданының (AUC) өзгеруінсіз белсенді метаболиттің Сmах 38% азаюына әкеледі. Басқа да CYP3A4 орташа тежегіштері (ампренавир, апрепитант, эритромицин және флуконазол) дәл сондай әсерлер көрсетеді және сондай дәрежеде тикагрелормен бірге қолдануға болады болжауға мүмкіндік бар.

CYP3A индукторлары

Рифампицинді тикагрелормен бірге қолдану тикагрелордың Сmах және қисық астындағы ауданын (AUC), тиісінше, 73% және 86% төмендетеді. Белсенді метаболиттің Сmах  өзгеріссіз қалады, aл қисық астындағы ауданы (AUC) тиісінше 46% төмендейді. Сондай-ақ басқа да CYP3A4 индукторлары (мысалы, дексаметазон, фенитоин, карбамазепин және фенобарбитал) тикагрелордың әсерін азайтады деп болжауға болады. Тикагрелорды CYP3A4 қуатты индукторларымен бірге қолдану тикагрелордың әсері мен тиімділігін азайтуы мүмкін. Осыған байланысты оларды бірге қолдану ұсынылмайды.

Циклоспорин (Р-гликопротеин және CYP3A4 тежегіші)

Циклоспоринді (600 мг) тикагрелормен бір мезгілде қабылдау тикагрелордың Cmax және AUC, тиісінше, 2.3 және 2.8 есе арттырады. Циклоспориннің қатысуымен белсенді метаболитінің AUC 32% жоғарылайды, ал Cmax 15% төмендейді.

Тикагрелорды Р-гликопротеиннің қуатты тежегіштері және CYP3A орташа тежегіштері болып табылатын басқа да әсер етуші заттармен (мысалы, верапамилмен, хинидинмен) бір мезгілде қолдану туралы деректер жоқ, олар да тикагрелордың әсерін арттыруы мүмкін. Егер бұлай біріктіріп қолданбау мүмкін болмаса, оларды бір мезгілде пайдалануды абайлап жүргізген жөн.

Басқалар

Фармакологиялық өзара әрекеттесу деректері көрсеткендей, тикагрелорды гепаринмен, эноксапаринмен және ацетилсалицил қышқылы немесе десмопрессинмен бірге қолдану тикагрелордың өзін ғана қабылдаумен салыстырғанда препараттың немесе оның белсенді метаболитінің фармакокинетикасына, немесе АДФ-индукцияланған тромбоциттер агрегациясына қандай да бір ықпалын тигізбейді. Клиникалық көрсетілімдер болған жағдайда, гемостазды өзгертетін препараттарды тикагрелормен бірге сақтықпен қолдану керек.

Тикагрелордың басқа дәрілік препараттарға әсері

CYP3A4 метаболизденетін дәрілік препараттар

Симвастатин тикагрелорды симвастатинмен бірге қолдану симвастатиннің Сmах  81%, aл қисық астындағы ауданының (AUC) - 56% ұлғаюына; және симвастатин қышқылының Сmах  64%, aл қисық астындағы ауданының (AUC) - 52% ұлғаюына әкеледі, кейбір жекелеген жағдайларда 2-3 есе ұлғаяды. Тикагрелор мен симвастатинді күніне 40 мг-ден астам дозада бірге қолдану симвастатиннің жағымсыз әсерлерін туғызуы мүмкін, сондықтан да, қолданар алдында мұны әлеуетті пайдасымен салыстыру керек. Симвастатин тикагрелордың қан плазмасындағы деңгейіне әсер етпейді. Тикагрелор ловастатинге осыған ұқсас әсерін тигізе алады. Тикагрелорды симвастатинмен немесе ловастатинмен 40 мг-ден артық дозада бірге қолдану ұсынылмайды.

Аторвастатин аторвастатин мен тикагрелорды бірге қолдану аторвастатин қышқылының Сmах 23%, aл қисық астындағы ауданының (AUC) - 36% ұлғаюына әкеледі. Аторвастатин қышқылының барлық метаболиттері үшін қисық астындағы ауданының (AUC) және Cmax  осылай ұлғаюы байқалады. Бұл ұлғаюылардың клиникалық мәні бар деп қарастырылмайды.

CYP3A4 арқылы метаболизденетін статиндермен ұқсас әсерлерін жоққа шығаруға болмайды.

Тикагрелор CYP3A4 орташа тежегіші болып табылады. Тикагрелорды және емдік диапазоны тар CYP3A4 субстраттарын (мысалы, цизаприд немесе қастауыш алкалоидтары) бірге қолдану ұсынылмайды, өйткені тикагрелор осы дәрілік препараттардың әсерін ұлғайтуы мүмкін.

P-гликопротеин (P-gp) субстраттары(дигоксинді, циклоспоринді қоса)

Тикагрелормен бірге қолдану, дигоксиннің Сmах  75%, aл қисық астындағы ауданының (AUC) – 28% ұлғаюына әкеледі. Тикагрелормен бірге қолданған кезде дигоксиннің орташа ең төменгі деңгейлері шамамен 30%, кейбір жекелеген жағдайларда ең көбі 2 есеге дейін ұлғайды. Дигоксин қолданылғанда тикагрелордың және оның белсенді метаболитінің Сmах және қисық астындағы ауданына (AUC) әсері тиген жоқ. Демек, тикагрелорды дигоксин немесе циклоспорин сияқты емдік диапазоны тар P- гликопротеинге тәуелді дәрілік препараттармен бірге қолданғанда тиісті клиникалық және/немесе зертханалық мониторинг жасау ұсынылады.

Тикагрелордың қандағы циклоспорин деңгейлеріне әсері анықталған жоқ. Тикагрелордың басқа Р-гликопротеин субстраттарына әсері зерттелмеген.

CYP2C9 метаболизденетін дәрілік препараттар

Тикагрелорды толбутамидпен бір мезгілде қолдану осы екі дәрілік препараттың кез келгенінің қан плазмасындағы деңгейлерін өзгертпейді, бұл тикагрелорды CYP2C9 тежегіші емес деп болжауға мүмкіндік береді, және ол варфарин мен толбутамид сияқты дәрілік препараттардың CYP2C9 арқылы метаболизміне ықпал етуі екіталай.

Оральді контрацептивтік дәрілер

Тикагрелорды левоноргестрелмен және этинилэстрадиолмен бірге қолдану этинилэстрадиол әсерінің шамамен 20% ұлғаюына әкеледі, бірақ левоноргестрел фармакокинетикасына ықпал етпейді. Левоноргестрелді және этинилэстрадиолды тикагрелормен бір мезгілде қабылдағанда ішуге арналған контрацептивтік дәрілердің тиімділігіне клиникалық мәнді әсер етуі болжанбайды.

Қатарлас емдеудің басқа да нұсқалары

Брадикардияны туындататыны белгілі дәрілік препараттар

Қарыншалар асистолиясы мен брадикардияның ең алдымен асимптоматикалық көріністерінің байқалуына орай, тикагрелорды брадикардияны туындататыны дәрілік препараттармен бірге қолданған кезде сақтық таныту керек.

Тикагрелорды гепаринмен, эноксапаринмен немесе десмопрессинмен бірге қолдану ішінара белсенділенген тромбопластиндік уақыт (ІБТУ), белсенділенген ұю уақыты (БҰУ) немесе фактор Ха көрсеткіштеріне ықпалын тигізбеген. Алайда, әлеуетті фармакодинамикалық өзара әрекеттесулер салдарынан, тикагрелорды гемостазды өзгертетіні белгілі дәрілік препараттармен бірге қолданғанда сақ болу керек.

Серотонинді кері қармаудың іріктелген тежегіштерін (SSRIs) (мысалы, пароксетин, сертралин және циталопрам) қолдану кезінде тері жабындары астына патологиялық қан құйылулар туралы хабарламаларға байланысты, серотонинді кері қармаудың іріктелген тежегіштерін (SSRIs) тикагрелормен бірге қабылдағанда сақтық таныту керек, өйткені бұл қан кетулердің қаупін ұлғайтуы мүмкін.

Арнайы сақтандырулар

Егде жастағы пациенттер

Дозаны түзету қажет емес.

Бүйрек жеткіліксіздігі бар пациенттер

Бүйрек жеткіліксіздігі бар пациенттерге дозаны түзету қажет емес.

Гемодиализдегі пациенттерді емдеу туралы ақпарат жоқ, демек, мұндай пациенттерге тикагрелорды қабылдау ұсынылмайды.

Бауыр жеткіліксіздігі бар пациенттер

Бауыр жеткіліксіздігінің ауыр дәрежесіндегі пациенттерге тикагрелордың әсерін зерттеулер жүргізілмеген. Сондықтан, мұндай пациенттерге оны қолдануға болмайды. Бауыр жеткіліксіздігі орташа пациенттер туралы шектеулі ақпарат қана бар. Дозаны түзету ұсынылмайды, алайда тикагрелорды қолдану сақтықпен жүргізілуі тиіс. Бауыр жеткіліксіздігі жеңіл дәрежедегі пациенттерге дозаны түзету қажет емес.

Педиатрияда қолдану

Тикагрелордың 18 жасқа толмаған балалардағы қауіпсіздігі мен тиімділігі анықталмаған.

Жүктілік немесе лактация кезінде

Жүктілік

Бала туу жасындағы әйелдер тикагрелормен емделу кезінде жүкті болып қалмас үшін ұрықтануға қарсы тиісті дәрілер қолдануға тиіс. Жүкті әйелдерде тикагрелор пайдалану жөнінде ешқандай деректер жоқ. Жүктілік кезінде тикагрелор қабылдау ұсынылмайды.

Лактация

Емшек емізу кезінде жаңа туған нәрестелер/сәбилер үшін қаупі жоққа шығарылмайды. Демек, емшек емізуді немесе тикагрелормен емдеуді тоқтату керек пе, анықтау үшін жаңа туған нәрестелер/сәбилер үшін және емізетін анасы үшін пайда/қауіп арақатынасына мұқият баға беру талап етіледі.

Препараттың көлік құралын және қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері

Тикагрелор автокөлік пен механизмдерді басқару қабілетіне елеусіз әсер етуі мүмкін. Тикагрелормен емделгенде бас айналу байқалған. Сондықтан осындай симптомдары бар пациенттер автокөлік жүргізгенде немесе механизмдермен жұмыс істегенде сақ болу керек.

Қолдану жөніндегі нұсқаулар

Дозалану режимі

Тривентин препаратын қабылдайтын пациенттер, егер спецификалық қарсы көрсетілімдер болмаса, 75-150 мг көлемде ацетилсалицил қышқылының (АСҚ) демеуші дозасын күнделікті қабылдауы тиіс.

Жедел коронарлық синдром

Тривентин препаратын қолдануды бір реттік 180 мг жүктеме дозасынан (90 мг-ден екі таблетка) бастап, артынан тәулігіне екі рет 90 мг қабылдауды жалғастырған жөн. Жедел коронарлық синдромы бар пациенттерге, Тривентин препаратын мерзімінен бұрын тоқтатудың клиникалық қажет болатын жағдайлардан басқа, тәулігіне екі рет 90 мг Тривентин препаратымен 12 ай бойы ем жүргізу ұсынылады.

Анамнездегі миокард инфарктісі

Күніне екі рет 60 мг көлеміндегі Тривентин анамнезінде ең болмаса бір жылда миокард инфарктісі бар пациенттерде, сонымен бірге атеротромбоздық асқынулар пайда болуының қауіп тобында болатын пациенттерде кеңейтілген емдеу қажеттілігі туындайтын жағдайда ұсынылатын дозаға жатады. Емдеуді атеротромбоздық асқынулардың туындау қаупіне ұшыраған ЖКС бар пациенттерде 90 мг Тривентин препаратымен бастапқы бір жылдық емдеуден немесе аденозиндифосфат (АДФ) рецепторларының басқа тежегішімен емдеуден кейінгі емнің жалғасы ретінде үзіліссіз бастауға болады. Емдеуді, сонымен қатар, МИ-дан кейін 2 жыл ішінде немесе АДФ рецепторы тежегішіміен алдыңғы емдеу аяқталған соң бір жыл ішінде бастауға болады. Тривентин препаратының 3 жыл кеңейтілген емінен кейінгі тиімділігі туралы деректер шектеулі.

Егер өзгеріс енгізу қажет болса, Тривентин препаратының бірінші дозасын тромбозға қарсы препараттың соңғы дозасын қабылдаудан кейін 24 сағат ішінде енгізу керек.

Енгізу әдісі және жолы

Пероральді қолдануға арналған.

Тривентин препаратын ас ішуге байланыссыз қолдануға болады. Таблетканы бүтіндей жұта алмайтын пациенттер үшін дереу қабылдау шартымен таблеткаларды ұсақ ұнтақтап уатуға және жарты стақан сумен араластыруға болады. Стақанды тағы бір жарты стақан сумен шайып, ішіндегісі ішіледі. Қоспаны назогастральді зонд (СН8 немесе үлкенірек) арқылы да қабылдауға болады. Қоспаны қабылдаудан кейін назогастральді зондты сумен жуып-шаю маңызды.

Дәрілік препараттың бір немесе бірнеше дозаларын өткізіп алғанда қажет болатын шаралар

Емдеудегі ауытқулардан аулақ болу қажет. Тривентин препаратының дозасын қабылдауды өткізіп алған пациент кесте бойынша тек бір таблетканы (келесі дозаны) қабылдауы тиіс.

Артық дозалану жағдайында қабылдау қажет болатын шаралар

Симптомдары: Қан кету Тривентин препаратымен артық дозаланудың болжамды фармакологиялық әсері болып табылады, сондықтан қан кету дамығанда тиісті демеуші емшаралар жүргізілуі қажет. Артық дозалану кезінде кездесуі мүмкін басқа клиникалық мәнді жағымсыз реакциялар диспноэ және қарыншалық асистолия көріністерін қамтиды.

Емі: спецификалық антидоты жоқ. Артық дозалану жағдайында емдеуді жергілікті медициналық тәжірибе стандарттарына сәйкес жүргізген жөн. Қан кету дамығанда сәйкес демеуші ем жүргізу қажет. Тикагрелор гемодиализ кезінде шығарылмайды. Жалпы демеуші ем, науқастарды қадағалау және өмірлік маңызды ағзалар мен жүйелерді (ЭКГ-мониторинг) бақылап отыру ұсынылады.

Дәрілік препаратты қолдану тәсілін түсіну үшін медицина қызметкерінен кеңес алу жөніндегі ұсынымдар

Егер Сізде осы препаратты қолдану туралы қосымша сұрақтар туындаса, дәрігерден немесе фармацевтен кеңес алыңыз.

ДП стандартты қолдану кезінде көрініс беретін жағымсыз реакциялар сипаттамасы және осы жағдайда қабылдау керек шаралар

Жиілік санаттары келесі шартты белгілерге сәйкес айқындалады: өте жиі (≥ 1/10), жиі (≥ 1/100-ден <1/10 дейін), жиі емес (≥1/1000-нан <1/100 дейін), сирек (≥1/10000-нан <1/1000 дейін), өте сирек (<1/10000), белгісіз (белгілі деректер бойынша бағалау мүмкін емес).

Өте жиі

- Қан ауруы кезіндегі қан кетулер (көгерулерге жоғары бейімділік, өздігінен қанталау, геморрагиялық диатез);

- гиперурикемия;

- ентігу

Жиі

- подагра;

- бас айналу, естен тану;

- гипотензия;

- тыныс алу жүйесі ағзаларынан қан кету (мұрыннан қан кету, қан түкіру);

- асқазан-ішектік қан кетулер (қызылиектің қанағыштығы,ректальді қан кетулер, асқазанның ойық жарасынан қан кету) диарея, жүрек айну;

- тері астынан немесе теріден қан кету (эхкимоз, теріден қан кету, петехиялар), қышыну;

- несеп шығару жолдарынан қан кету (гематурия, геморрагиялық цистит);

- қандағы креатинин деңгейінің көтерілуі;

- операциядан кейінгі қан кету, жарақаттан қан кету (соғылу, жарақаттық гематома, жарақаттық геморрагиялық қан кету)

Жиі емес

- ісіктен қан кету (қуықтың, асқазанның, тоқ ішектің ісікті ошақтарынан қан кетулер);

- сананың шатасуы;

- бассүйекішілік қан құйылу;

- көзге қан құйылу (көзішілік, конъюнктивалық, торқабыққа);

- құлақтан қан кету;

- ішперде артынан қан кету;

- бұлшықеттерге қан құйылу (гемартроз, бұлшықеттік қан кету);

- ұрпақ өрбіту жүйесі ағзаларынан қан кету (қынаптық қан кету, гематоспермия, постменопаузадағы қан кету)

Жағымсыз дәрілік реакциялар туындағанда медициналық қызметкерге, фармацевтикалық қызметкерге немесе, дәрілік препараттардың тиімсіздігі туралы хабарламаларды қоса, дәрілік препараттарға болатын жағымсыз реакциялар (әсерлер) жөніндегі ақпараттық деректер базасына тікелей хабарласу керек:

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті «Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК

http://www.ndda.kz

Қосымша мәліметтер

Дәрілік препараттың құрамы

Бір таблетканың құрамында

белсенді зат - 90 мг тикагрелор,

қосымша заттар - маннитол, маннитол (түйіршіктер), кальций гидрофосфаты дигидраты, натрий кроскармеллозасы, гидроксипропилцеллюлоза, сусыз коллоидты кремнийдің қостотығы, магний стеараты

қабық құрамы: Опадрай® 03B220055 сары (Opadry® 03B220055 Yellow), гипромеллоза, титанның қостотығы (E171), тальк, полиэтиленгликоль/макрогол, темірдің сары тотығы (E172))

Сыртқы түрінің, иісінің, дәмінің сипаттамасы

Дөңгелек, екі беті дөңес, ойығы бар, ақшыл-сары түсті үлбірлі қабықпен қапталған таблеткаларШығарылу түрі және қаптамасы

14 таблеткадан алюминий фольгадан және поливинилхлорид/полиэтилен/поливинилиденхлоридті (PVC/PE/PVDC) үлбірден жасалған пішінді ұяшықты қаптамаға салынған.

4 пішінді ұяшықты қаптамадан медициналық қолдану жөніндегі қазақ және орыс тіліндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапшаға салынады.

Сақтау мерзімі

2 жыл.

Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды!

Сақтау шарттары

Түпнұсқалық қаптамасында 25С-ден аспайтын температурада сақтау керек.

Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!

Дәріханалардан босатылу шарттары

Рецепт арқылы

Өндіруші туралы мәліметтер

«Абди Ибрахим Глобал Фарм» ЖШС,

Қазақстан Республикасы, Алматы обл., Іле ауданы, Өндірістік аймақ 282, тел.: +7 (727) 356-1100, 8-800-070-11-00,

электронды  поштасы: info@aigp.kz

Тіркеу куәлігінің ұстаушысы

«Абди Ибрахим Глобал Фарм» ЖШС,

Қазақстан Республикасы, Алматы обл., Іле ауданы, Өндірістік аймақ 282, тел.: +7 (727) 356-1100, 8-800-070-11-00,

электронды  поштасы: info@aigp.kz

Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан дәрілік заттың сапасына қатысты шағымдарды (ұсыныстарды) қабылдайтын және  дәрілік заттың тіркеуден кейінгі қауіпсіздігін қадағалауға жауапты ұйымның атауы, мекенжайы және байланыс деректері (телефон, факс, электронды пошта):

«Абди Ибрахим Глобал Фарм» ЖШС,

Қазақстан Республикасы, Алматы обл., Іле ауданы, Өндірістік аймақ 282, тел.: +7 (727) 356-11-00, 8-800-070-11-00,

электронды  поштасы: info@aigp.kz

Прикрепленные файлы

ИМП_(ЛВ)_тривентин_90_мг_итог.docx 0.05 кб
ИМП_(ЛВ)_Тривентин_90_мг_каз_10.20_Дурыс_.docx 0.06 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту