Тизерцин® (25 мг/ 1 мл)
Инструкция
- русский
- қазақша
Саудалық атауы
Тизерцин®
Халықаралық патенттелмеген атауы
Левомепромазин
Дәрілік түрі
Инъекцияға арналған ерітінді 25 мг/1мл
Состав
1 мл ерітіндінің құрамында
белсенді зат - левомепромазин (метотримепразин) 25 мг,
қосымша заттар- сусыз лимон қышқылы, монотиоглицерин,
натрий хлориді, инъекцияға арналған су
Сипаттамасы
Өзіне тән иісі бар түссіз немесе дерлік түссіз ерітінді
Фармакотерапиялық тобы
Психотропты препараттар. Нейролептиктер. Фенотиазиндер диметиламинпропильді топпен. Левомепромазин.
ATХ коды N05A A02
Фармакологиялық қасиеттері
Фармакокинетикасы
Бұлшықет ішіне енгізгеннен кейін қан плазмасындағы ең жоғарғы концентрациясына 30-90 минуттан соң жетеді. Левомепромазиннің болжамды таралу көлемі 23-42 л/кг. Левомепромазин несеппен шығарылатын сульфаттық және глюкуронидтік конъюгаттарды түзе отырып тез метаболизденеді. Енгізілген дозаның аздаған бөлігі (1%) өзгермеген күйінде несеппен және нәжіспен шығарылады. Жартылай шығарылу кезеңі 15-30 сағат. Левомепромазин 10-300 нг/мл аралықта дозаға байланысты кинетика иеленген.
Фармакодинамикасы
Тизерцин - фенотиазин туындылары тобының нейролептигі. Таламустың, гипоталамустың, ретикулярлық формацияның, лимбиялық жүйенің дофаминдік рецепторларына әсер ете отырып, левомепромазин сенсорлық стимуляцияны тежейді. Қозғалыс белсенділігін төмендетеді және күшті тыныштандырушы әсер иеленген. Бұдан басқа, ол өзге нейротрансмиттерлік (норадренергиялық, серотонинергиялық, гистаминергиялық және холинергиялық) жүйелердің антагонисі болып табылады. Сондықтан левомепромазин құсуға қарсы, антигистаминдік, антиадренергиялық және антихолинергиялық әсерлерге ие.
Левомепромазин – хлорпромазин аналогы, ол хлорпромазинмен салыстырғанда психомоторлық қызметті едәуір айқын тежейді. Басқа нейролептиктермен салыстырғанда экстрапирамидалық жағымсыз әсерлері аз байқалады. Препарат альфа-адренрецепторлардың күшті антагонисі болып табылады, алайда әлсіз антихолинергиялық әсерге ие. Левомепромазин ауыру шегін арттырады (анальгетикалық тиімділігі морфинмен салыстыруға болатындай) және амнезиялық әсері болады. Анальгетиктердің әсерін күшейту қабілетінің арқасында, бұл препаратты қарқындылығы күшті жедел және созылмалы ауыру синдромы кезінде адъювантты ем үшін пайдалануға болады. Ең жоғары аналгезиялық әсері бұлшықет ішіне енгізгеннен кейін 20-40 минут ішінде дамиды және шамамен 4 сағатқа созылады.
Қолданылуы
Психомоторлық қозу және айқын білінетін үрейленумен жедел психоздарда:
- шизофренияның жедел ұстамасы
- басқа да жедел психоздық жағдайлар
Созылмалы психоздарды адъювантты емдеуде:
- созылмалы шизофрения
- елестеулермен созылмалы психоздар
Қолдану тәсілі және дозасы
Препаратты парентеральді оны ішке қабылдау мүмкін болмағанда енгізеді.
Әдеттегі тәуліктік доза артериялық қысымды және жүректің жиырылу жиілігін бақылаумен төсек режимінде 75-100мг (2-3 қабылдау немесе инъекцияда).
Бұлшықет ішіне енгізгенде препаратты бұлшықетке терең енгізу керек.
Көктамыр ішіне енгізгенде Тизерцин препаратын міндетті түрде сұйылту (50-100мг препаратты 250мл физиологиялық ерітіндіде немесе глюкозаның изотониялық ерітіндісінде) және баяу тамшылатқыш арқылы енгізу керек.
Емдеу ұзақтығын жекелей, пациенттің клиникалық жағдайына қарай дәрігер анықтайды.
Ампуланы ашуға қатысты құсқаулық (оң қолмен):
Сындыру нүктесі жоғары жағында болатындай үлкен және сұқ саусағыңыздың арасына қысып, ампуланы сол қолыңызға алыңыз, (1 сурет). Үлкен саусақ сындыру нүктесінің үстінде болатындай үлкен және бүгілген сұқ саусағыңыздың арасына оны қысып, ампуланың ұшын оң қолыңызға алыңыз (2 сурет).
Ампуланы сол қолыңызбен ұстап тұрып оң қолыңыздың үлкен саусағымен төмен қарай басып, ампуланың ұшын сындырыңыз. Қолыңызды жақындатпай және алшақтатпай иілген жеріне орташа тұрақты күшпен әсер етіңіз (3 сурет). Ампула мойны кез келген уақытты сынып кетуі мүмкін, сіз тіпті сезбей де қаласыз (4 сурет).
Жағымсыз әсерлері
Жағымсыз реакциялар жиілігі жөнінде мәліметтер жоқ.
- панцитопения, агранулоцитоз, лейкопения, эозинофилия, тромбоцитопения
- анафилактоидты реакциялар, көмей ісінуі, шеткергі ісіну, демікпе
- салмақтың төмендеуі, витаминдердің жеткіліксізідігі, глюкозаны көтере алмаушылық, гипергликемия, гипонатриемия, антидиуретикалық гормонның талапқа сай емес секрециясы синдромы
- психоздық симптомдардың қайта күшеюі, кататония, сананың шатасуы, бағдардан жаңылу, көру елестеулері, сөйлеудің түсініксіздігі, ұйқышылдық
- эпилепсиялық ұстамалар, бас сүйек ішілік қысымның жоғарылауы, экстрапирамидалық симптомдар (дискинезия, дистония, паркинсонизм, опистотонус, гиперрефлексия), тоқтату синдромы, сананың шатасуы, делирий, құрысулар
- көз бұршағы мен мөлдір қабықтағы жинақталулар, пигменттік ретинопатия
- тахикардия, Адамс-Стокс синдромы, QT аралығының ұзаруы (проаритмогендік әсер, ұршық тәрізді қарыншалық тахикардия)
- көктамырлық тромбоэмболия, оның ішінде өкпе эмболиясы және терең көктамырлардың тромбозы (олардың жиілігі белгісіз)
- ыстық, ылғалды жағдайларда ыстық өту
- жүрек айнуы, құсу, іш қатуы, ол өте ауыр болуы және салданған илеус туындатуы мүмкін, іштегі жайсыздықты сезіну, ауыздың құрғауын, бауырдың зақымдануын (сарғаю, холестаз)
- өліммен аяқталу мүмкіндігі бар некрозданатын энтероколит (өте сирек жағдайларда)
- эксфолиативті дерматит, есекжем, эритема, жарыққа сезімталдық, гиперпигментация
- несептің боялуы, несеп шығарудың бұзылуы
- жаңа туылғандарда тоқтату синдромы
- галакторея, етеккір циклының бұзылуы, өте сирек жағдайларда- жатыр жиырылуының бұзылуы, приапизм
- қатерлі нейролептикалық синдром, гиперпирексия, астения
Жиі:
- ортостаздық гипотензия (әлсіздік, бас айналуы және естен танумен қатар жүретін)
Бірен-саран хабарламалар:
- жүрек тарапынан болатын кенеттен өлім жағдайлары, сондай-ақ фенотиазин тобы нейролептиктерін қабылдаған пациенттерде түсініксіз кенеттен өлім жағдайлары
- фенотиазинді ұзақ уақыт қабылдайтын кейбір пациенттерде гипофиз аденомасы сипатталған, алайда осы препаратпен себептік байланысын анықтау үшін қосымша зерттеулер қажет
Қолдануға болмайтын жағдайлар
- фенотиазиндерге және препараттың басқа компоненттеріне жоғары сезімталдық
- гипертензияға қарсы дәрілерді бір мезгілде қабылдау
- моноаминооксидаза тежегіштерін бір мезгілде қабылдау
- орталық жүйке жүйесінің тежелуін туғызатын препараттардың (алкоголь, жалпы анестетиктер, ұйықтататын дәрілер) артық дозалануы
- жабық бұрышты глаукома
- несеп шығарудың іркілуі
- Паркинсон ауруы
- жайылған склероз
- миастения, гемиплегия
- ауыр кардиомиопатия (қан айналымының жеткіліксіздігі)
- бүйрек немесе бауыр функциясының ауыр бұзылуы
- клиникалық айқын артериялық гипотензия
- шығу тегі вирустық, зеңдік немесе бактериялық жедел инфекциялық
аурулар (оның ішінде желшешек, белдемелі теміреткі); этанол, есірткі
және ұйықтатқыш дәрілерден туындаған кома
- қан түзу ағзаларының аурулары
- порфирия
- жүктілік және лактация кезеңі
- 12 жасқа дейінгі балаларға.
Дәрілермен өзара әрекеттесуі
Левомепромазинді бірінші кезекте Р450 2D6 цитохромы ферменттік жүйесімен метаболизденетін препараттармен бір мезгілде қолданғанда қан плазмасында осы препараттардың концентрациясы жоғарлауы мүмкін, бұл осы препараттардың әсерін немесе жағымсыз әсерін ұзартуы немесе күшейтуі мүмкін.
Тизерцинді мына дәрілермен бір мезгілде қолдануға болмайды:
- айқын артериялық гипотензия қаупіне байланысты гипертензияға қарсы дәрілермен
- Тизерциннің әсерінің ұзақтығы және оның жағымсыз әсерлерінің ауырлығының артуы ықтимал болғандықтан моноаминооксидаза тежегіштерімен.
Мына дәрілермен біріктіріліп тағайындалғанда айрықша сақтық талап етіледі:
- антихолинергиялық әсерлерінің (ішектің салданған бітелуі, несептің іркілуі, глаукома) күшеюіне байланысты мына антихолинергиялық препараттармен (үшциклдық антидепрессанттар; Н1-антигистаминдер; паркинсонға қарсы кейбір препараттар; атропин, скополамин, сукцинилхолин). Скополаминмен біріктіргенде экстрапирамидалы жағымсыз әсерлері байқалған
Орталық жүйке жүйесі функциясын тежейтін дәрілер (есірткілік анальгетиктер, жалпы анестезия дәрілері, анксиолитиктер, тыныштандырғыш және ұйықтататын дәрілер, транквилизаторлар, үшциклдық антидепрессанттар) препараттың орталық жүйке жүйесіне әсерін күшейтеді
Орталық жүйке жүйесі функциясын стимуляциялайтын дәрілер (мысалы, амфетамин туындылары) психиканы стимуляциялайтын әсер байқалады
Леводопа бұл препараттың әсерін әлсіретеді
Диабетке қарсы пероральді препараттар: олардың тиімділігі төмендейді және гипергликемия басталуы мүмкін
QT аралығын ұзартатын дәрілер (аритмияға қарсы кейбір препараттар, макролидтік антибиотиктер, зеңге қарсы кейбір азолдар, цизаприд, кейбір антидепрессанттар, кейбір антигистаминдік препараттар, сондай-ақ калий деңгейін төмендететін диуретиктердің тікелей емес әсері); бұл әсерлер қосылуы және аритмия қаупін арттыруы мүмкін
Дилевалол: метаболизмді өзара тежеумен бұл препарат пен Тизерцин бір бірінің әсерін күшейтеді. Бір мезгілде қолданғанда олардың бірінің немесе екі препараттың да дозасын төмендету қажеттілігі туындауы мүмкін. Басқа бета-блокаторлармен осыған ұқсас өзара әрекеттесуі жоққа шығарылмайды.
Бұл әсердің күшеюі мүмкін болғандықтан, фотосенсибилизацияны туындатын препараттар
Этанол: орталық жүйке жүйесінің функциясын төмендететін әсері күшейеді және экстрапирамидалық жағымсыз әсерлердің даму мүмкіндігі арта түседі
Басқалары:
- С витаминімен бір мезгілде енгізу Тизерцин препаратын қолданумен байланысты сол витаминнің тапшылығын төмендетеді
- дезфериоксиаминді прохлорперазинмен бір мезгілде қолдану 48-ден 72 сағатқа дейін созылатын естен танумен салдарлы метаболизмдік энцефалопатияны туындатады. Мұндай өзара әрекеттесу левомепрозаминмен де болуы мүмкін, себебі оның фармакологиялық белсенділігі көп жағдайда прохлорперазинмен ұқсас.
- нейролептиктермен артық дозаланған кезде адреналинді (эпинефрин) қолдануға болмайды
Айрықша нұсқаулар
Кез келген аса жоғары сезімталдық реакциясы пайда болғанда препаратты қолдануды дереу тоқтату керек.
Препаратты бүйрек және/немесе бауыр жеткіліксіздігі бар пациенттерге тағайындағанда жинақталу мен уыттылық қаупіне байланысты ерекше сақтық қажет.
Инсульт
Белгілі атипиялық психозға қарсы препараттар қабылдаған деменциясы бар егде жастағы емделушілер қатысқан плацебо бақылауымен рандомизацияланған клиникалық зерттеулерде ми қан айналымы бұзылуы даму қаупі 3 есе жоғарылаған. Бұл жоғары қауіптің механизмі белгісіз. Ми қан айналымы бұзылуы дамуының жоғары қаупі басқа психозға қарсы дәрілер немесе емделушілердің басқа топтарында жоққа шығаруға болмайды. Тизерцинді инсульт даму қаупі факторлары бар пациенттерде сақтықпен қолдану керек.
Деменциямен зардап шегетін егде пациенттердегі жоғары өлім жағдайы
Екі обсервациялық клиникалық зерттеулерде көрсетілгендей, деменциямен зардап шегетін егде пациенттерде психозға қарсы дәрілерді қолдану, осындай ем алмаған емделушілермен салыстырғанда белгілі бір дәрежеде өлімнің даму қаупін жоғарылатты.
Бұл деректер қауіпті дәл бағалау үшін жеткіліксіз, және қауіптің жоғарылау механизмі де белгісіз.
Тизерцинді деменцияда мінез-құлық бұзылыстарын емдеу үшін қолдануға болмайды. Егде жастағы емделушілер (әсіресе деменциямен) ортостаздық гипотензияға айқын бейімділік білдіреді, сондай-ақ фенотиазиндердің антихолинергиялық және тыныштандыратын әсеріне сезімталдығы жоғары. Бұдан басқа оларда әсіресе экстрапирамидалық жағымсыз әсерлер жиі пайда болады. Сондықтан науқастардың осы категориясында төмен бастапқы дозалар және дозаны біртіндеп жоғарылатудың маңызы зор.
Ортостаздық коллапстан аулақ болу үшін пациент алғашқы дозаны енгізгеннен кейін жарты сағаттай жатуы керек. Егер препаратты енгізгеннен кейін бас айналуы пайда болса әрбір дозаны енгізгеннен кейін төсек режимін сақтау керек.
Инъекция орнын мүмкіндігінше алмастырып отыру керек, өйткені препарат жергілікті-тітіркендіретін әсер иеленуі мүмкін.
Сыртартқысында жүрек-қантамыр аурулары бар, әсіресе егде жастағы, сондай-ақ іркілген жүрек жеткіліксіздігі, өткізгіштіктің бұзылулары, аритмиясы, QT аралығы ұзаруының іштен туа біткен синдромы немесе қан айналымы жүйесінің тұрақсыз жай-күйі бар емделушілерді емдеуде сақ болу ұсынылады. Тизерцин препаратын қолдануды бастағанға дейін қарсы көрсетілім болуы ықтимал кез келген жүрек-қан тамыр ауруларын жоққа шығару үшін электрокардиограмма жасау керек.
Басқа да фенотиазиндерді енгізген кездегідей левомепромазин QT аралығы ұзаруын, аритмияны және өте сирек – «пируэт» типті қарыншалық тахикардияны туғызуы ықтимал.
Психозға қарсы препараттармен терапия кезінде көктамырлық тромбоэмболия (КТЭ) жағдайлары байқалған. Психозға қарсы препараттар қабылдайтын пациенттерде, жүре пайда болған КТЭ қауіп факторлары болғандықтан, барлық мүмкін қауіп факторларын анықтау керек және Тизерцинмен емдеуге дейін және емдеу кезінде қажетті алдын алу шараларын сақтау керек.
Гипергликемия немесе глюкозаны көтере алмаушылық левомепромазин қабылдаған пациенттерде байқалды. Қант диабеті қойылған немесе диабет даму қаупі факторлары бар левомепромазинмен ем тағайындалған пациенттерге емдеу барысында сәйкес гликемиялық мониторинг жүргізу керек. Егер психозға қарсы препараттармен емдеу кезінде гипертермия байқалса, қатерлі нейролептикалық синдромды (ҚНС) жоққа шығару керек. ҚНС - өлім туғызатын қауіпті ауру, ол мынадай симптомдармен сипатталады: бұлшықеттің сіресуі, жоғары температура, сананың шатасуы, вегетативтік жүйке жүйесі функциясының бұзылуы (тұрақсыз артериялық қысым, тахикардия, аритмия, қатты терлеу), кататония.
Зертханалық көрсеткіштер: кератинфосфокиназа (КФК) деңгейлерінің көтерілуі, миоглобинурия (рабдомиолиз) және жедел бүйрек жеткіліксіздігі. Осы симптомдардың барлығы ҚНС дамуын көрсетеді. Олар пайда болғанда, сондай-ақ емдеу кезінде ҚНС айқын клиникалық симптомдарынсыз анықталмаған этиологиядағы гипертермия пайда болғанда Тизерцин препаратын енгізуді дереу тоқтату керек. Егер ҚНС-тан сауығудан кейін пациенттің жай-күйі одан әрі қарайғы психозға қарсы терапия жүргізуді талап етсе препарат таңдауды мұқият ойластыру керек.
Әдебиеттерде фенотиазиндердің тыныштандырғыш әсерлеріне төзімділікпен түрлі психозға қарсы дәрілерге айқаспалы төзімділік сипатталған. Мұндай төзімділік жоғары немесе ұзақ қолданылатын дозаларды бірден тоқтатқанда пайда болатын функциональдік бұзылулар белгілерін: құсуды, жүрек айнуын, бас ауыруын, треморды, қатты терлеуді, тахикардияны, ұйқысыздық пен мазасыздықты тудыруы мүмкін. Осы себептерге байланысты препаратты тоқтатуды міндетті түрде біртіндеп жүргізу керек.
Көптеген психозға қарсы дәрілер, оның ішінде левомепромазин эпилепсияның құрысу алды шегін төмендетуі және электроэнцефалограммада (ЭЭГ) эпилептиформалық өзгерістерді туғызуы мүмкін.
Сондықтан эпилепсиясы бар пациенттерге Тизерцин препаратының дозасын таңдаған кезде тұрақты түрде клиникалық көрсеткіштер мен ЭЭГ-ні бақылау қажет.
Холестаздық сарғаюдың дамуы пациенттің жекелей сезімталдығына байланысты болады және препаратты енгізуді тоқтатқаннан кейін толық жойылады. Сондықтан ұзақ емделген кезде бауыр функциясының көрсеткіштеріне тұрақты бақылау жасау қажет.
Фенотиазинмен емдегенде кейбір науқастарда агранулоцитоз бен лейкопения да байқалған. Сондықтан осы құбылыстардың жиілігі тым төмен болуына қарамастан ұзақ уақыт емдеуде қан формуласын тұрақты бақылау ұсынылады.
Емдеу кезінде және препарат әсерлері жойылғанға дейін (Тизерцин препаратын енгізуді тоқтатқаннан кейін 4-5 күн ішінде) алкогольдік ішімдіктерді пайдалануға тыйым салу керек.
Емдеуді бастағанға дейін және емдеу кезінде мына көрсеткіштерді тұрақты бақылау ұсынылады:
-
артериялық қысымды (әсіресе қан айналу жүйесі тұрақсыз және гипотензияға бейім науқастарда)
-
бауыр функциясы көрсеткіштерін (әсіресе бауыр аурулары бар науқастарда)
-
қан формуласын (қызбада және фарингитте, сондай-ақ емдеу курсының басы мен ұзақ терапия кезінде лейкопения мен агранулоцитозға күдік болғанда)
-
электрокардиограмманы (жүрек-қан тамыр ауруларында және егде жастағы пациенттерде).
- қандағы калий деңгейін ( қандағы электролиттер деңгейін мезгіл-мезгіл бақылау және түзету керек, әсіресе препаратты ұзақ уақыт қолданғанда).
Дәрілік заттың көлік құралдарын жүргізу немесе әлеуетті қауіпті механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері
Тизерцин ұйқышылдық, бағдарсыздық, сананың шатасуы немесе айтарлықтай гипотония туындатуы мүмкін, ол пациенттің автокөлік жүргізуге қабілетіне әсер етуі мүмкін.
Емнің басында пациенттерге көлік жүргізуден бас тарту ұсынылады. Тизерцин зейінді жоғары жұмылдыруды талап ететін жұмыстардың орындалуына әсер етеді.
Артық дозалануы
Симптомдары: өмірлік маңызды физиологиялық көрсеткіштердің өзгеруі (көбінесе артериялық гипотензия және гипертермия), жүрек бұлшықетіндегі өткізгіштіктің бұзылулары (QT аралығының ұзаруы, қарыншалық тахикардия/фибрилляция, «пируэт» тәріздес тахикардия, жүрекше-қарыншалық блокада), экстрапирамидалық симптомдар, тыныштандырушы әсер, орталық жүйке жүйесінің қозуы (эпилепсия ұстамалары) және ҚНС.
Емі: реанимациялық шаралар, аурухананың мамандандырылған бөлімшесінде симптоматикалық ем жүргізу.
Мына параметрлерді: қышқылдық-сілтілік теңгерімді, су электролиттік теңгерімді, бүйрек функциясын, несеп көлемін, бауыр ферменттерінің белсенділігін, ЭКГ мониторингілеу ұсынылады. Қатерлі нейролептикалық синдромы бар пациенттерде де, қан сарысуындағы КФК мен дене температурасын бақылау керек. Мониторингіленетін параметрлер өлшемдеріне сәйкес симптоматикалық ем тағайындау керек. Гипотензияда: сұйықтықтарды көк тамырға енгізу, Тренделенбург қалпында, дофамин және/немесе норадреналин (левомепромазиннің проаритмогендік әсерінің болуымен байланысты реанимацияға арналған жиынтық дайын болуы қажет және ЭКГ мониторингілеу керек).
Нейролептиктердің артық дозалануында адреналинді қолдануға болмайды. Лидокаинді (лигнокаин) және мүмкіндігінше ұзақ уақыт әсер ететін аритмияға қарсы препараттарды қолданудан аулақ болу керек. Құрысу жағдайларында диазепам енгізуге болады, ал құрысулар қайталанғанда – фенитоин немесе фенобарбитал енгізуге болады. Рабдомиолиз кезінде маннитол тағайындау керек. Арнайы у қайтарғысы белгісіз. Қарқынды диурез, гемодиализ бен гемоперфузия тиімді емес. Құсқызу ұсынылмайды, өйткені ықтимал эпилепсия ұстамалары мен бас пен мойынның дистониялық реакциялары құсық массаларымен тұншығуға әкеп соқтыруы мүмкін. Тіпті препаратты қабылдағаннан кейін 12 сағат өткен соң да асқазанды шаю мен өмірлік маңызды көрсеткіштерге мониторингілеуді жүргізу керек, өйткені асқазандағы заттардың шығарылуы левомепромазиннің антихолинергиялық әсерімен баяулайды. Сіңудің қосымша төмендеуі үшін белсенділенген көмірді және іш жүргізетін дәрілерді енгізу ұсынылады.
Шығарылу түрі және қаптамасы
1 мл-ден ашуға арналған сындыру нүктесімен түссіз бейтарап шыныдан жасалған ампулаларда. Ампуланың күлтесіне кетпейтін бояумен қызыл және көк түсті кодтық сақина сызылған. Әрбір ампулаға өздігінен жабысатын қағаздан жасалған заттаңба жапсырылған. 5 ампуладан поливинилхлоридті үлбірден және ПЭТФ/ПЭ үлбірден жасалған пішінді ұяшықты қаптамаға салынған. 2 пішінді ұяшықты қаптамадан медициналық қолдану жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапшаға салынған.
Сақтау шарттары
Жарықтан қорғалған жерде, 25°С-ден аспайтын температурада сақтау керек.
Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!
Сақтау мерзімі
2 жыл
Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін пайдалануға болмайды.
Дәріханалардан босатылу шарттары
Рецепт арқылы
Өндіруші
«ЭГИС ФАРМАЦЕВТИКАЛЫҚ ЗАУЫТЫ» ЖАҚ
1106 БУДАПЕШТ, Керестури көшесі, 30-38 Венгрия
Тел.: (36-1) 803-5555, Факс: (36-1) 803-5529
Тіркеу куәлігінің иесі
«эгис Фармацевтикалық Зауыты» ЖАҚ, Венгрия
Қазақстан Республикасы аймағында тұтынушылардан өнім (тауар) сапасына қатысты шағымдарды қабылдайтын ұйымның мекенжайы
«ЭГИС Фармацевтикалық зауыты» ЖАҚ ҚР өкілдігі
050060, Алматы қ-сы, Жароков к-сі 286 Г
тел: + 7 (727) 247 63 34, + 7 (727) 247 63 33, факс: + 7 (727) 247 61 41,
e-mail: egis@egis.kz