Терифлуномид-Тева

МНН: Терифлуномид
Производитель: ТЕВА Фармацевтические Предприятия Лтд
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Терифлуномид
Номер регистрации в РК: № РК-ЛС-5№024864
Информация о регистрации в РК: 29.12.2020 - 29.12.2025

Инструкция

Саудалық атауы

Терифлуномид-Тева

Халықаралық патенттелмеген атауы  

Терифлуномид

Дәрілік түрі

Үлбірлі қабықпен қапталған таблеткалар, 14 мг

Фармакотерапиялық тобы  

Антинеопластикалық және иммуномодуляциялайтын препараттар. Иммуносупрессанттар. Селективті иммуносупрессанттар. Терифлуномид

АТХ коды L04AA31

Қолданылуы

- қайталанатын-ремиссияланатын жайылған склероз бар ересек пациенттерді емдеу

Қолданудың басталуына дейін қажетті мәліметтер тізбесі

Қолдануға болмайтын жағдайлар

- белсенді затқа немесе қосымша заттардың кез келгеніне аса жоғары сезімталдық

- бауырының ауыр жеткіліксіздігі бар пациенттер (Чайлд-Пью жіктеуі бойынша C класы)

- жүкті әйелдер немесе бала тууға қабілетті, контрацепцияның сенімді құралдарын пайдаланып жүрмеген әйелдер, терифлуномидпен емделу кезеңі бойына және одан кейін қан плазмасындағы концентрация 0,02 мг/л жоғары болатын сәтке дейін; емдеу басталғанша жүктілікті жоққа шығару қажет

- бала емізетін әйелдер

- ауыр иммундық тапшылық аурулары, мысалы, жүре пайда болған иммундық тапшылық синдромы (ЖИТС) бар пациенттер

- сүйек кемігі функциясының елеулі бұзылуы немесе айқын анемия, лейкопения, нейтропения немесе тромбоцитопения бар пациенттер

- сауығуға дейінгі ауыр белсенді инфекциясы бар пациенттер

- диализде жүрген, бүйрегінің ауыр жеткіліксіздігі бар пациенттер, клиникалық тәжірибенің жеткіліксіздігіне орай пациенттердің осы тобына қатысты

- ауыр гипопротеинемия бар пациенттер, мысалы, нефроздық синдромда

- лактаза тапшылығы, галактоза жақпаушылығы, глюкоза-галактоза мальабсорбциясы бар пациенттер

- балалар мен 18 жасқа дейінгі жасөспірімдерге

Қолдану кезіндегі қажетті сақтандыру шаралары

Мониторинг

Емдеуге дейін

Терифлуномидпен емдеуді бастар алдында ескерілу керек:

 Артериялық қысым

 Аланинаминотрансфераза/сарысулық глутамат-пируват-трансаминаза (АЛТ/СГПТ)

Жалпы қан талдауы, қандағы лейкоциттер мен тромбоциттер санын анықтауды қоса.

Емдеу кезінде

Терифлуномидпен емдеу кезінде бақылап отыру керек:

 Артериялық қысым

  • мезгіл-мезгіл өлшеу керек

 Аланинаминотрансфераза/сарысулық глутамат-пируват-трансаминаза (АЛТ/СГПТ)

- емдеудің алғашқы 6 айы бойына әр екі апта сайын және одан кейін әр 8 апта сайын немесе түсініксіз жүрек айну, құсу, іштің ауыруы, шаршау, анорексия немесе сарғаю және/немесе несептің қараюы сияқты клиникалық белгілер мен симптомдар көрініс бергенде бауыр ферменттерін бағалап отыру керек. Қалыптың жоғарғы шегінен 2-3 есе AЛТ (СГПТ) жоғарылауында апта сайын мониторинг өткізілуі тиіс.

Емдеу кезінде клиникалық белгілер мен симптомдар (мысалы, инфекциялар) негізінде жалпы қан талдауын жасау керек.

Жеделдетілген шығару шарасы

Терифлуномид плазмадан баяу шығарылады. Жеделдетіп шығару шарасынсыз бұл зат клиренсіндегі жекелеген ауытқулар cалдарынан 2 жылға дейін жалғасуы мүмкін болса да, қан плазмасында 0,02 мг/л мөлшерінен аз концентрацияға жету үшін, орта есеппен, 8 айға созылады.

Жеделдетілген шығару шарасын терифлуномид қабылдауды тоқтатудан кейін кез келген уақытта пайдалануға болады.

Бауырға әсері

Терифлуномид қабылдаған пациенттерде бауыр ферменттерінің артуы байқалды. Осы жоғарылаулар, ең алдымен, емдеудің алғашқы 6 айы ішінде орын алды.

Егер бауыр зақымдануына күмән болса, терифлуномидпен емдеуді тоқтату керек; егер бауыр ферменттері белсенділігінің жоғарылауы (қалыптың жоғарғы шегінен (ҚЖШ) 3 есе артық) расталса, терифлуномидпен емдеуді тоқтату мәселесін қарастыру керек.

Бауыр ауруы бұрыннан бар және/немесе елеулі мөлшерде алкоголь тұтынатын пациенттер терифлуномид қабылдағанда бауыр ферменттері көбеюінің жоғары даму қаупіне ұшырауы мүмкін және бауыр аурулары белгілерінің бар-жоғы тұрғысынан мұқият бақылануы тиіс.

Гипопротеинемия

Терифлуномидтің ақуызбен байланысу дәрежесі жоғары және байланысуы альбумин концентрациясына тәуелді болғандықтан, гипопротеинемия бар пациенттерде, мысалы, нефроздық синдромда плазмада терифлуномидтің байланыспаған концентрацияларының жоғарылауы күтіледі. Терифлуномидті ауыр гипопротеинемиясы бар пациенттерде қолдануға болмайды.

Артериялық қысым

Терифлуномидпен емдеу кезінде артериялық қысым көтеріліп кетуі мүмкін. Артериялық қысым терифлуномидпен емдеудің басталуына дейін және емдеуден кейін мезгіл-мезгіл тексерілуі тиіс. Артериялық қысымның көтерілуін терифлуномидпен емдеуге дейін және емдеу кезінде талапқа сай бақылап отыру керек.

Инфекциялар

Белсенді ауыр инфекциясы бар пациенттерде терифлуномидпен емдеуді бастау сауығуға дейін кейінге қалдырылуы тиіс.

Плацебо-бақыланатын зерттеулерде терифлуномидті қолданғанда күрделі инфекциялардың көбеюі байқалмады. Алайда, Терифлуномид-Теваның иммуномодуляциялау әсеріне қарай, егер пациентте күрделі инфекция дамыса, Терифлуномид-Тевамен емдеуді тоқтата тұру мүмкіндігін қарастыру керек, ал артықшылықтары мен қауіптерін емдеуді жаңғыртуға дейін қайта қарау керек. Жартылай шығарылу кезеңінің ұзаққа созылуына орай, холестираминмен немесе белсендірілген көмірмен жеделдетіп шығаруды қарастыруға болады.

Терифлуномид-Тева қабылдаған пациенттерге инфекция симптомдары туралы дәрігерге қалай хабарлау керектігі жөнінде нұсқау берілуі тиіс. Белсенді жедел немесе созылмалы инфекция кезінде пациенттерге инфекция басылмай тұрып Терифлуномид-Тева емін бастауға болмайды.

Жасырын туберкулез инфекциясы бар пациенттер үшін Терифлуномид-Тева қолдану қауіпсіздігі белгісіз. Туберкулез скринингінде тест нәтижесі оң болған пациенттер үшін Терифлуномид-Тева емінің басталуына дейін медициналық практикаға сәйкес стандартты ем тағайындалады.

Респираторлық реакциялар

Терифлуномидті маркетингтен кейінгі кезеңде қолданғанда өкпенің интерстициальді ауруларының (ӨИА) жағдайлары тіркелді.

Терифлуномидтің бастапқы заты – лефлуномидпен емдеу кезеңінде ӨИА пайда болуының және бұрыннан бар ӨИА үдеуінің байқалуы хабарланды. Лефлуномидпен емдеу кезінде анамнезінде ӨИА бар пациенттерде қауіп жоғарылады.

Емдеу барысында ӨИА әртүрлі клиникалық көріністермен бірнеше рет жедел көрініс беруі мүмкін.

ӨИА өліммен аяқталуы мүмкін. Тұрақты жөтел мен диспноэ сияқты бұрыннан бар ӨИА үдеген немесе жаңадан туындаған симптомдар емдеуді тоқтатуға себеп болуы мүмкін, ал қажет болса, қосымша зерттеулер жүргізуге түрткі болады. Препарат қабылдауды тоқтату қажет болса, жеделдетілген шығару шарасының мүмкіндігін қарастыру керек.

Гематологиялық әсерлер

Қанда нұқсан келген лейкоциттердің бастапқы деңгейінен 15% аз орташа төмендеуі байқалды. Сақтандыру шарасы ретінде лейкоциттер мен тромбоциттерді дифференцияланған есептеу қамтылатын соңғы жалпы қан талдауы Терифлуномид-Тева емінің басталуына дейін жасалуы тиіс, сондай-ақ Терифлуномид-Тевамен емдеу кезінде қандағы лейкоциттердің жалпы саны клиникалық белгілер мен симптомдар (мысалы, инфекциялар) көрсеткіші ретінде бағалануы тиіс.

Бұрыннан келе жатқан анемия, лейкопения және/немесе тромбоцитопения бар пациенттерде, сондай-ақ сүйек кемігі функциясының бұзылуы немесе сүйек кемігінің бәсеңдеу қаупі бар пациенттерде гематологиялық бұзылулардың даму қаупі артады. Егер осындай әсерлері көрініс берсе, плазмадағы терифлуномид деңгейін төмендету үшін жеделдетілген шығару шарасын қарастыру керек (жоғарыдан қараңыз).

Панцитопенияны қоса, ауыр гематологиялық реакциялар жағдайында Терифлуномид-Тева қабылдау мен кез келген қатарлас миелосупрессиялық емдеу тоқтатылуы тиіс және терифлуномидті жеделдетіп шығару шарасы қарастырылуы тиіс.

Тері реакциялары

Маркетингтен кейінгі кезеңде терінің ауыр реакциялары (Стивенс-Джонсон синдромы мен уытты эпидермалық некролизді қоса) дамыған жағдайлар тіркелді.

Терифлуномидтің бастапқы заты – лефлуномид қабылдаған пациенттерде эозинофилиямен және жүйелі көріністермен (DRESS) болатын дәрілік бөртпенің өте сирек жағдайлары анықталды.

Ойық жаралы стоматит жағдайында терифлуномидпен емдеуді тоқтату керек. Егер тері және/немесе шырышты қабық тарапынан терінің жайылған күрделі реакцияларына (Стивенс-Джонсон синдромы немесе уытты эпидермалық некролиз – Лайелл синдромы) күмән туындататын реакциялар байқалса, терифлуномидпен емдеу немесе сонымен байланысты болуы мүмкін кез келген басқа ем тоқтатылуы тиіс және кідіріссіз жеделдетілген шығару шарасы басталуы тиіс. Осындай жағдайларда пациенттерге терифлуномидпен қайта ем жүргізуге болмайды.

Терифлуномид қолданылғанда алғаш анықталған псориаз (пустулалық псориазды қоса) және бұрыннан бар псориаз жағдайының нашарлауы туралы хабарланды. Емдеуді тоқтатуды және жеделдетілген элиминация шарасын бастауды пациент ауруының ауырлығы мен анамнезін ескере отырып, қарастыруға болады.

Шеткері нейропатия

Терифлуномид-Тева қабылдаған пациенттерде шеткері нейропатия жағдайлары хабарланды. Пациенттердің көпшілігінде Терифлуномид-Тева қабылдауды тоқтатудан кейін жақсару байқалды. Алайда, соңғы нәтижесінің ауытқуы ауқымды болды, яғни кейбір пациенттерде нейропатия басылды, ал кейбір пациенттерде симптомдары тұрақты болды. Егер Терифлуномид-Тева қабылдап жүрген пациентте расталған шеткері нейропатия дамыса, Терифлуномид-Тева қабылдауды тоқтату және жеделдетілген шығару шарасын жасау мәселесін қарастыру қажет.

Вакцинация

Екі клиникалық зерттеу Терифлуномид-Тевамен емдеу кезінде белсенділігі жойылған неоантигенге (алғашқы вакцинация) немесе сенсибилизациялайтын антигенге (қайта әсер ету) қарсы вакцинация қауіпсіз және тиімді болғанын көрсетті. Тірі аттенуирленген вакциналарды пайдалану инфекция қаупін төндіруі мүмкін, сондықтан оларды қолданбау керек.

Иммуносупрессиялық немесе иммуномодуляциялайтын ем

Лефлуномид терифлуномидтің бастапқы заты екендіктен, терифлуномидті лефлуномидпен бірге қабылдау ұсынылмайды.

Жайылған склерозды емдеу үшін пайдаланылатын ісікке қарсы немесе иммуносупрессиялық еммен бірге қолдану бағаланбады. Терифлуномид бета интерферонмен немесе глатирамер ацетатымен бір мезгілде бір жылға дейінгі мерзімде енгізілген қауіпсіздік зерттеулерінде қауіпсіздігіне қатысты қандай да бір нақты қатерлер анықталмады, бірақ терифлуномид монотерапиясымен салыстырғанда, жағымсыз әсерлерінің өте жоғары жиілігі жиірек байқалды. Жайылған склерозды емдеуде осы біріктірілімдердің ұзақ мерзімді қауіпсіздігі анықталмады.

Терифлуномид-Тевамен емдеуден немесе емдеуге ауысу.

Терифлуномидті бета интерферонмен немесе глатирамер ацетатымен қатарлас қолдануға қатысты клиникалық деректер негізінде интерферон бетадан немесе глатирамер ацетатынан кейін терифлуномид қабылдауды бастау үшін немесе терифлуномидтен кейін интерферон бетамен немесе глатирамер ацетатымен емдеуді бастау үшін күту кезеңі қажет емес.

Натализумабтың жартылай шығарылу кезеңінің ұзақ болуына орай, егер Терифлуномид-Тева қабылдау бірден басталса, натализумаб қолдануды тоқтатудан кейін 2-3 ай ішінде қатарлас әсері, әрі демек қатарлас иммундық әсерлері туындауы мүмкін. Сондықтан пациенттер натализумабтан Терифлуномид-Теваға ауысу кезінде сақ болу қажет.

Финголимодтың жартылай шығарылу кезеңіне орай, қан айналымынан шығару үшін емдеусіз 6 апталық аралық және финголимод қабылдауды тоқтатудан кейін лимфоциттер қалыпты мәндер диапазонына оралу үшін 1-ден 2 айға дейін уақыт қажет. Осы уақыт аралығында Терифлуномид-Тева қабылдауды бастау финголимодтың бір мезгілде әсер етуіне алып келеді. Бұл иммундық жүйеге аддитивтік әсер етуіне әкелуі мүмкін, сондықтан сақтық таныту керек.

Жайылған склероз бар пациенттерде 14 мг қайталама дозаларынан кейін t1/2z орташа мәні шамамен 19 күн құрады. Егер жартылай шығарылуының 5 кезеңі (кейбір пациенттерде ұзағырақ болуы мүмкін болса да, шамамен 3,5 ай) ішінде Терифлуномид-Тева емін тоқтату шешімі қабылданса, басқа емдеу әдістерін қосу Терифлуномид-Теваның қатарлас әсер етуіне әкеледі. Бұл иммундық жүйеге аддитивтік әсер етуіне әкелуі мүмкін, сондықтан сақтық таныту керек.

Лактоза

Терифлуномид-Тева таблеткалары құрамында лактоза бар болғандықтан, галактоза жақпаушылығымен, лактаза тапшылығымен немесе глюкоза-галактоза мальабсорбциясымен байланысты сирек тұқым қуалайтын аурулары бар пациенттерге бұл дәрілік затты қабылдауға болмайды.

Иондалған кальций деңгейлерін анықтауға әсері

Лефлуномидпен және/немесе терифлуномидпен (лефлуномидтің белсенді метаболиті) емдеу кезінде иондалған кальций анализаторының қолданылатын типіне (мысалы, қан газдарының анализаторы) қарай, иондалған кальций деңгейлерін өлшеу жалған төмен мәндерді көрсетуі мүмкін.

Сондықтан лефлуномид немесе терифлуномид қабылдап жүрген пациенттерде иондалған кальций деңгейлерінің байқалған төмендеуінің нақтылығына көз жеткізілуі тиіс. Өлшеулердің күмәнді нәтижелері алынған жағдайда альбуминнің жалпы мөлшеріне қарай түзетілген сарысудағы кальцийдің жалпы концентрациясын анықтау ұсынылады.

Басқа дәрілік препараттармен өзара әрекеттесуі

Басқа заттардың терифлуномидке фармакокинетикалық әсері

Терифлуномид үшін биотрансформацияның бастапқы жолы – гидролиз, осы орайда қосалқы жолы тотығу болып табылады.

Р450 (CYP) қуатты цитохромы және тасымалдағыш индукторлары

Рифампициннің (CYP2B6, 2C8, 2С9, 2С19, 3А индукторы) қайталама дозаларын (22 күн бойы тәулігіне бір рет 600 мг), сондай-ақ Р-гликопротеиннің [Р-гп] эффлюкстік тасымалдағыштары индукторы мен сүт безі обырына төзімді ақуызын [СБОТА] терифлуномидпен (70 мг бір реттік доза) бірге қабылдау терифлуномид әсерінің шамамен 40% төмендеуіне алып келді. Рифампицинді және карбамазепин, фенобарбитал, фенитоин және шайқурай сияқты CYP басқа белгілі қуатты және тасымалдағыш индукторларын терифлуномидпен емдеу кезінде сақтықпен қолдану керек.

Холестирамин немесе белсендірілген көмір.

Терифлуномид пен холестираминді немесе белсендірілген көмірді бір мезгілде қабылдау ұсынылмайды, өйткені бұл жеделдетіп шығару қажет болатын жағдайларды қоспағанда, плазмада терифлуномид концентрациясының жылдам және елеулі төмендеуіне алып келеді. Жеделдетіп шығару механизмі, ықтималды түрде, терифлуномидтің бауыр-ішек циклдарының үзілуі және/немесе асқазан-ішек диализі болып табылады.

Терифлуномидтің басқа заттарға фармакокинетикалық әсері.

Терифлуномидтің CYP2C8 субстраты: репаглинидке әсері.

Терифлуномидтің көп реттік дозаларын қабылдаудан кейін репаглинид үшін Cmax пен AUC орташа мәнінің артуы (тиісінше 1,7- және 2,4 есе) болды, бұл терифлуномидтің in vivo CYP2C8 тежегіші ретінде әсер ететінін болжау мүмкіндігін береді. Сондықтан терифлуномидті қабылдағанда CYP2C8 арқылы метаболизденетін репаглинид, паклитаксел, пиоглитазон немесе розиглитазон сияқты дәрілік заттарды сақтықпен қолдану керек.

Терифлуномидтің оральді контрацептивтерге: 0,03 мг этинилэстрадиол мен 0,15 мг левоноргестрелге әсері.

Терифлуномидтің көп реттік дозаларын қабылдаудан кейін этинилэстрадиол Cmax және AUC0-24 (тиісінше, 1,58- және 1,54 есе) және левоноргестрел Cmax және AUC0-24 (тиісінше, 1,33- және 1,41 есе) орташа мәнінің артуы болды. Сонымен қатар, терифлуномидтің осындай әсері оральді контрацептивтер тиімділігіне қолайсыз әсерін тигізбеуі тиіс, бұл терифлуномидпен біріктірілімде пайдаланылатын оральді контрацептивтер типін таңдау немесе дозасын түзету кезінде ескерілу керек.

Терифлуномидтің CYP1A2 субстраты: кофеинге әсері.

Терифлуномидтің қайталама дозалары кофеин (CYP1A2 субстраты) үшін Cmax пен AUC орташа мәнін, тиісінше, 18% және 55% төмендетті, бұл терифлуномидтің аз дәрежеде in vivo CYP1A2 индукциялайтынын болжауға мүмкіндік береді. Сондықтан терифлуномид қолданылатын емдеу кезінде CYP1A2 әсерінен метаболизденетін дәрілік препараттарды (дулоксетин, алосетрон, теофиллин және тизанидин сияқты) абайлап пайдалану керек, өйткені бұл осы препараттар тиімділігінің төмендеуіне әкелуі мүмкін.

Терифлуномидтің варфаринге әсері.

Терифлуномидтің қайталама дозалары S-варфарин фармакокинетикасына ықпалын тигізбеді, бұл терифлуномидтің CYP2C9 тежегіші немесе индукторы емес екенін көрсетеді. Дегенмен де, тек варфарин қабылдаумен салыстырғанда, терифлуномид пен варфаринді бір мезгілде қабылдағанда халықаралық қалыптасқан қатынастың (ХҚҚ) ең жоғарғы шегінің 25% азаюы болды. Сондықтан варфарин мен терифлуномидті бір мезгілде қабылдағанда кейінгі және ағымдағы ХҚҚ бақылауын мұқият жүргізу ұсынылады.

Терифлуномидтің 3 органикалық аниондар тасымалдағыштары (ОАТ3) субстраттарына әсері:

Терифлуномидтің қайталама дозаларын қабылдаудан кейін цефаклор Cmax пен AUC орташа мәнінің артуы (тиісінше, 1,43- және 1,54 есе) білінді, бұл терифлуномидтің in vivo CYP2C8 тежегіші екенін болжау мүмкіндігін береді. Сондықтан, терифлуномид егер цефаклор, бензилпеницилин, ципрофлоксацин, индометацин, кетопрофен, фуросемид, циметидин, метотрексат және зидовудин сияқты ОАТ3 субстраттарымен бірге тағайындалса, сақтық таныту керек.

Терифлуномидтің СБОТА және/немесе органикалық аниондарға, В1 және ВЗ полипептидтерін (ОАТП1В1/ВЗ) тасымалдайтын субстраттарға әсері.

Терифлуномидтің қайталама дозаларын қабылдаудан кейін розувастатин Cmax және AUC орташа мәнінің артуы (тиісінше, 2,65- және 2,51-есе) болды. Алайда, плазмадағы розувастатин әсерінің осы жоғарылауының HMG-СоА редуктаза белсенділігіне айқын ықпалы байқалмады. Розувастатин үшін терифлуномидпен бірге қабылдау мақсатында дозаны 50% азайту ұсынылады. Басқа СБОТА субстанцияларын (мысалы, метотрексат, топотекан, сульфасалазин, даунорубицин, доксорубицин) және ОАТР тектестігін, әсіресе, HMG-СоА редуктаза тежегіштерін (мысалы, симвастатин, аторвастатин, правастатин, метотрексат, натеглинид, репаглинид, рифампицин) терифлуномидпен бір мезгілде қабылдау сақтықпен тағайындалу керек. Пациенттерде дәрілік заттардың шамадан тыс әсер ету белгілері мен симптомдарына мұқият мониторинг өткізу және қажет болғанда дозасын азайту керек.

Арнайы сақтандырулар

Фертильділік, жүктілік және лактация

Ерлерде қолдану

Ерлерде терифлуномидпен ем нәтижесіндегі эмбриофетальді уыттылық қаупі төмен болып саналады.

Жүктілік

Терифлуномидті жүкті әйелдерде қолдану деректері шектеулі. Жануарларға жүргізілген зерттеулер тұқым өрбіту қабілетіне уыттылығын көріністеді.

Терифлуномид жүктілік кезінде қабылданғанда шарананың туа біткен күрделі даму ақауларын туғызуы мүмкін. Терифлуномид жүктілік кезінде қарсы көрсетілімді.

Бала тууға қабілетті әйелдерге емделу кезеңінде, сондай-ақ емді тоқтатудан кейін препараттың плазмадағы 0,02 мг/л аспайтын концентрациясына жетуге дейін контрацепцияның тиімді құралдарын пайдалану қажет. Осы кезең уақытында әйелдер контрацепция әдісін тоқтату немесе өзгерту жөніндегі жоспарларының бәрін емдеуші дәрігермен талқылау қажет.

Пациент әйелдер етеккірі кідірген немесе жүктілікке күмәнданудың кез келген басқа себебі болған жағдайда ол жөнінде дәрігерді шұғыл хабарландыруы және жүктілікке тест өткізуі қажет, ал нәтижесі оң болған жағдайда дәрігер жүктілікпен байланысты барлық қауіпті пациент әйелмен талқылауы тиіс. Етеккірдің алғашқы кідірісінде жеделдетілген шығару шарасының көмегімен қандағы терифлуномид деңгейін жылдам азайту шаранаға төнетін қауіпті төмендетуі мүмкін.

Терифлуномид қабылдап және жүктілікті жоспарлап жүрген әйелдерге терифлуномидпен емделуді тоқтату және 0,02 мг/л төмен концентрацияға тезірек жету үшін жеделдетілген шығару шарасын пайдалану ұсынылады (төменнен қараңыз).

Егер жеделдетілген шығару шарасы пайдаланылмаса, плазмадағы терифлуномид деңгейлері 0,02 мг/л мөлшерінен асып кетуі мүмкін (әдетте, кезең 8 айға созылады), алайда, кейбір пациент әйелдерде ол плазмадағы 0,02 мг/л төмен концентрацияға жету үшін 2 жылға дейін созылуы мүмкін. Сондықтан жүкті болу талпынысының басталуына дейін әйел плазмада терифлуномид деңгейін өлшеу керек. Егер плазмадағы терифлуномид концентрациясы 0,02 мг/л мөлшерінен аз болса, кем дегенде, 14 күн өткенде плазмадағы концентрациясын қайта өлшеу керек. Егер плазмадағы концентрациясының екеуі де 0,02 мг/л мөлшерінен аз болса, әдетте, шаранаға қауіп күтілмейді.

Әріқарай үлгіні зерттеу жөнінде ақпарат алу үшін тіркеу куәлігінің ұстаушысымен немесе жергілікті өкілімен хабарласыңыз.

Жеделдетілген шығару шарасы.

Терифлуномидпен емдеуді тоқтатудан кейін:

холестирамин 8 г дозада 11 күн бойы күніне 3 рет қабылданады, немесе, осы доза жағымдылығы нашар болған жағдайда, холестираминнің 4 г дозасын күніне 3 рет қабылдауға болады;

балама ретінде 11 күн бойы әр 12 сағат сайын 50 г ұнтақ тәрізді белсендірілген көмір қабылдауға болады.

Алайда, жеделдетілген шығару шарасынан кейін, кем дегенде, 14 күн өткенде және бір жарым ай бойы күту кезеңінде плазмадағы 0,02 мг/л төмен концентрациясына алғаш жетуі мен ұрықтану арасында 2 бөлек тест өткізу жолымен верификациялау қажет болады.

Холестирамин де, ұнтақ тәрізді белсендірілген көмір де эстрогендер мен прогестерондер сіңірілуіне әсер етуі мүмкін, және сол себепті холестираминмен немесе ұнтақ тәрізді белсендірілген көмірмен жеделдетілген шығару шарасы кезінде оральді контрацептивтер көмегімен сенімді контрацепцияны кепілдеу мүмкін емес. Контрацепцияның баламалы әдістерін пайдалануға кеңес беріледі.

Бала емізу

Жануарларға жүргізілген зерттеулер терифлуномидтің емшек сүтімен бөлінуін көріністеді. Сондықтан, бала емізетін әйелдерге терифлуномидпен емдеу қарсы көрсетілімді.

Фертильділік

Жануарларға жүргізілген зерттеулер нәтижелері фертильділікке қандай да бір әсерін көріністемеді. Адамдарға қатысты деректер болмауына қарамастан, ерлер мен әйелдер фертильділікке әсер ету ықтималдығы аз.

Препараттың көлік құралын және қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері

Терифлуномид-Тева автокөлік басқару немесе механизмдерді пайдалану қабілетіне әсер етпейді немесе мардымсыз әсер етеді.

Терифлуномидтің бастапқы қосылысы – лефлуномид қабылдау кезінде хабарланған жағымсыз реакциялар, мысалы, бас айналу туындағанда пациенттің зейін қою және тиісінше реакция беру қабілеті нашарлауы мүмкін. Ондай жағдайларда пациенттер автокөлік жүргізуден немесе әртүрлі механизмдерді басқарудан бас тарту керек.

Қолдану жөніндегі нұсқаулар

Емдеуді жайылған склерозды емдеу тәжірибесін жинақтаған дәрігердің қадағалауымен бастау және жүргізу керек.

Дозалау режимі

Терифлуномидтің ұсынылатын дозасы күніне бір рет 14 мг құрайды.

Пациенттердің ерекше топтары

Егде жастағы пациенттер

Терифлуномид-Тева, қауіпсіздігі мен тиімділігі туралы деректердің жеткіліксіздігіне орай, 65 жасқа толған және одан үлкен пациенттерге абайлап қолданылу керек.

Бауыр жеткіліксіздігі бар пациенттер

Бауыр жеткіліксіздігінің жеңіл және орташа дәрежесіндегі пациенттерге дозаны түзету қажет емес. Терифлуномид бауыр жеткіліксіздігі ауыр пациенттерге қарсы көрсетілімді.

Бүйрек жеткіліксіздігі бар пациенттер

Диализ жүргізілмейтін бүйрек жеткіліксіздігінің жеңіл, орташа немесе ауыр дәрежесіндегі пациенттерге дозаны түзету қажет емес.

Диализде жүрген бүйрек жеткіліксіздігінің ауыр дәрежесіндегі пациенттер қадағалауда болмады. Терифлуномид осы топ үшін қарсы көрсетілімді.

Балалар

Терифлуномидті 10-нан 18 жасқа толмаған кезеңге дейінгі балаларда қолдану қауіпсіздігі мен тиімділігі әлі анықталмады. Жайылған склерозды емдеуде терифлуномидті туған сәтінен бастап 10 жасқа дейінгі балаларда тиісті қолдану деректері жоқ. Деректер қолжетімсіз.

Қолдану тәсілі

Пероральді қолдануға арналған.

Таблеткаларды аздаған су мөлшерімен бүтіндей жұту керек. Терифлуномид-Теваны ас ішумен немесе онсыз қабылдауға болады.

Артық дозалану жағдайында қабылдау қажет болатын шаралар

Симптомдар

Адамда терифлуномидпен артық дозалану немесе уыттану жөнінде ақпарат жоқ. Терифлуномидті 70 мг дозада дені сау субъектілер 14 күн бойы күнделікті қабылдады. Жағымсыз реакциялар жайылған склероз бар пациенттерде қабылдау кезіндегі терифлуномидтің қауіпсіздік бейініне сәйкес болды.

Емі

Сәйкесті артық дозалану немесе уыттылық болған жағдайда жеделдетілген шығарылуы үшін холестирамин немесе белсендірілген көмір қабылдау ұсынылады. Ұсынылатын емшара – холестираминді 11 күн бойы күніне үш рет 8 г дозада қабылдау. Осы дозаның жағымдылығы нашар болған жағдайда, холестирамин дозасын 11 күн бойы күніне үш рет 4 г дейін төмендетуге болады. Балама ретінде, холестирамин болмаған жағдайда, 11 күн бойы күніне екі рет 50 г белсендірілген көмір қабылдауға болады. Оның үстіне, жағымдылық себептері бойынша, бірнеше күн қатарынан холестирамин немесе белсендірілген көмір қабылдау қажет емес.

Дәрілік препаратты стандартты қолдану кезінде көрініс беретін жағымсыз реакциялар сипаттамасы және осы жағдайда қабылдау керек шаралар

Өте жиі ( 1/10)

- бас ауыру

- диарея, жүрек айну

- аланинаминотрансфераза (АЛТ) деңгейінің жоғарылауы

- алопеция

Жиі (≥ 1/100 - <1/10)

  • тұмау, жоғарғы тыныс жолдарының инфекциялары, бронхит, синусит, фарингит, ларингит

  • несеп-жыныс жолдарының инфекциялары, цистит

  • вирустық гастроэнтерит

  • ауыз қуысының герпесі

  • пародонт инфекциялары

  • табан микозы

  • нейтропения, анемия

  • жеңіл дәрежедегі аллергиялық реакциялар

  • үрейлі күй

  • парестезия

  • бел-сегізкөз радикулиті

  • білезік өзегі синдромы

  • жүректің жиі соғуы

  • гипертензия

  • іштің жоғарғы бөлігінің ауыруы, құсу

  • тіс ауыру

  • гаммаглутамилтрансфераза (ГГТ) деңгейінің жоғарылауы, аспартатаминотрансфераза деңгейінің жоғарылауы

  • бөртпе, акне

  • бұлшықет-қаңқа ауырсынуы, миалгия, артралгия

  • поллакиурия

  • меноррагия

  • ауыру

  • астения

  • салмақ кемуі

  • нейтрофилдер санының азаюы, лейкоциттер санының азаюы, қанда креатинфосфокиназаның жоғарылауы

Жиі емес (≥ 1/1,000 - <1/100)

- жеңіл дәрежедегі тромбоцитопения (тромбоциттер деңгейі <100 г/л)

- гиперестезия, невралгия, шеткері нейропатия

- тырнақтар зақымдануы

- псориаз (пустулалық псориазды қоса)

- жарақаттан кейінгі ауырсыну

Белгісіз

- ауыр инфекциялар, сепсисті қоса

- аса жоғары сезімталдық реакциялары (шұғыл немесе баяу), анафилаксия мен ангионевроздық ісінуді қоса

- өкпенің интерстициальді ауруы

- панкреатит

- стоматит

- жедел гепатит

- дислипидемия

- терінің ауыр реакциялары.

Қауіпсіздік бейінінің қысқаша сипаттамасы

Терифлуномид лефлуномидтің негізгі метаболиті болып табылады. Ревматоидтық артрит немесе псориаздық артриттен зардап шегіп жүрген пациенттердегі лефлуномидтің қауіпсіздік бейіні терифлуномид ЖС бар пациенттерде тағайындалғанда орынды болуы мүмкін.

Терифлуномид қабылдап жүрген пациенттерде ең көп жиі кездескен жағымсыз реакциялар: бас ауыру, диарея, АЛТ жоғарылауы, жүрек айну және алопеция болды. Тұтас алғанда, бас ауыру, диарея, жүрек айну және алопеция әлсізден орташаға дейін қысқа мерзімді болды және ара-тұра емдеуді тоқтатуға алып келді.

Жағымсыз дәрілік реакциялар туындағанда медициналық қызметкерге, фармацевтикалық қызметкерге немесе дәрілік препараттардың тиімсіздігі туралы хабарламаларды қоса, дәрілік препараттарға жағымсыз реакциялар (әсерлер) бойынша ақпараттық деректер базасына тікелей хабарласу керек.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті «Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК

http://www.ndda.kz

Қосымша мәліметтер

Дәрілік препарат құрамы

Бір таблетканың құрамында

белсенді зат: 14 мг терифлуномид,

қосымша заттар: лактоза моногидраты, микрокристалды целлюлоза, крахмал, натрий крахмалы гликоляты (А типі), гидроксипропилцеллюлоза, кремнийдің коллоидты қостотығы, натрий стеарил фумараты

Опадрай 03F205013 көгілдір үлбірлі қабығының құрамы: гипромеллоза, титанның қостотығы (Е 171), тальк, макрогол, индигокармин алюминий лагы (Е132)

Сыртқы түрінің, иісінің, дәмінің сипаттамасы

Дөңгелек пішінді, бір жағында «TV» және екінші жағында «Y12» өрнегі бар көгілдір түсті үлбірлі қабықпен қапталған таблеткалар.

Шығарылу түрі және қаптамасы

Алюминий фольгадан жасалған пішінді ұяшықты қаптамаға 7 таблеткадан салады.

Пішінді 4 қаптамадан медициналық қолдану жөніндегі қазақ және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапшаға салынады.

Сақтау мерзімі

3 жыл

Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды!

Сақтау шарттары

25 оС-ден аспайтын температурада сақтау керек.

Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!

Дәріханалардан босатылу шарттары

Рецепт арқылы

Өндіруші туралы мәліметтер

Teva Pharmaceutical Industries Ltd, Израиль

18 Eli Hurvitz Street Industrial Zone Kfar-Saba 4410202

Тел.: 972-3-9267267

info@tevapharm.com

Тіркеу куәлігінің ұстаушысы

Teva Pharmaceutical Industries Ltd, Израиль

124 Dvora HaNevia St., 6944020, Тель-Авив, Израиль

Тел.: 972-3-9267267

info@tevapharm.com

Тұтынушылардан дәрілік заттың сапасы жөніндегі шағымдарды (ұсыныстарды) Қазақстан Республикасы аумағында қабылдайтын және дәрілік заттың тіркеуден кейінгі қауіпсіздігін қадағалауға жауапты ұйымның атауы, мекенжайы және байланыс жасау деректері (телефон, факс, электронды пошта)

«ратиофарм Казахстан» ЖШС,

050059 (А15Е2Р), Қазақстан Республикасы, Алматы қ.,

Әл-Фараби даңғ., 17/1, Нұрлы Тау БО, 5Б, 6-қабат

тел: (727)3251615

е-mail: info.tevakz@tevapharm.com ; веб сайт: www.kaz.teva

Прикрепленные файлы

Проект_Терифлуномид-Тева_ЛВ_каз.docx 0.08 кб
Проект_Терифлуномид-Тева_ЛВ_рус.docx 0.05 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту

Источники

Национальный центр экспертизы лекарственных средств, изделий медицинского назначения и медицинской техники