Тенофовира дизопроксила фумарат и Ламивудин

МНН: Ламивудин, Тенофовир
Производитель: Милан Лабораторис Лимитед
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Комбинации противовирусных препаратов, активных в отношении ВИЧ
Номер регистрации в РК: № РК-ЛС-5№020764
Информация о регистрации в РК: 28.05.2020 - бессрочно

Инструкция

Саудалық атауы

Тенофовир дизопроксилінің фумараты және Ламивудин

Халықаралық патенттелмеген атауы

Жоқ

Дәрілік түрі

Үлбірлі қабықпен қапталған таблеткалар, 300 мг/300 мг

Құрамы

Бір таблетканың құрамында

белсенді зат- тенофовир дизопроксил фумараты 100% сусыз затқа шаққанда 300 мг, ламивудин 100% сусыз затқа шаққанда 300мг

қосымша заттар: микрокристалды целлюлоза, натрий кроскармеллозасы, лактоза моногидраты, магний стеараты,

қабығының құрамы Опадри ақ 03Н58736: гипромеллоза, титанның қостотығы (Е171), пропиленгликоль.

Сипаттамасы

Бір жағында «М112» ойылып жазылған және екінші жағы тегіс, екі беті дөңес, сопақша пішінді, ақтан ақ дерлік түске дейінгі үлбірлі қабықпен қапталған таблеткалар.

Фармакотерапиялық тобы

АИВ жұқпаcын емдеуге арналған вирусқа қарсы препараттар, біріктірілімдер.

АТХ коды J05AR

Фармакологиялық қасиеттері

Фармакокинетикасы

Тенофовир дизопроксил фумараты және Ламивудиннің фармакокинетикасын анықтау үшін АИВ жұқтырған емделушілермен жекелей қабылданатын осы белсенді заттардың жекелей дәрілік түрлері қолданылды.

Сіңуі.

Тенофовир дизопроксил фумараты – тенофовирдің суда еритін диэфирі. Оны аш қарынға ішке қабылдағанда тенофовирдің биожетімділігі шамамен 25% құрайды. АИВ-1 жұқтырған емделушілер оның 300 мг бір реттік дозасын аш қарынға ішке қабылдағаннан кейін қандағы ең жоғары концентрациясына (Cmax) 1,0  0,4 сағаттан кейін жетеді. Cmax және AUC («концентрация-уақыт» қисығы астындағы аудан) мәндері сәйкесінше 296  90 нг/мл және 2287  685 нг·сағат/мл құрады. Тенофовир дизопроксил фумаратының фармакокинетикасы 75-тен 600 мг дейінгі шамаларда дозаға пропорциональді; препаратты қайталап енгізу фармакокинетикасына әсер етпейді.

Ламивудин асқазан ішек жолынан (АІЖ) жақсы сіңеді. Ламивудиннің биожетімділігі ересектерде ішке қабылдағаннан кейін әдетте 80-85% құрайды. Ламивудиннің қан сарысуындағы ең жоғары концентрациясына (TC max) жету уақыты 1 сағатқа жуықты құрайды. Ламивудинді емдік дозаларда (12 сағат аралықпен 2 қабылдауға 4 мг/кг/тәулік) тағайындағанда Cmax 1-1.9 мкг/мл құрайды. Дозалардың емдік диапазонында ламивудин дозаға байланысты фармакокинетика иеленген.

Тағамның ішке қабылдаған кезде сіңуіне әсері.

Тенофовир дизопроксил фумараты және Ламивудиннің бекітілген біріктірілімінің фармакокинетикасына тағамның әсері бағаланбаған. Тенофовир дизопроксил фумаратын құрамында майдың жоғары мөлшерімен (~ 700-ден 1000 Ккал дейін, майдың құрамы 40 – 50 %) тағамды қабылдағаннан кейін қабылдау Тенофовир дизопроксил фумаратының AUC0‑ және Cmax деңгейін сәйкесінше бір мезгілде шамамен 40% және 14% жоғарылатумен пероральді биожетімділігін жоғарылатады. Әйтсе де Тенофовир дизопроксил фумаратын төмен калориялы тағаммен қабылдау аш қарынға қабылдаумен салыстырғанда тенофовирдің фармакокинетикасына айтарлықтай әсер етпейді.

Ас қабылдау тенофовирдің Cmax жетуін шамамен 1 сағатқа баяулатады. Тағамның құрамы бақыланбаған жағдайда 300 мг Тенофовир дизопроксил фумаратының дозасын тағамнан кейін күніне бір рет қайталап енгізгеннен кейін, (Cmax) ең жоғары концентрациясы және тенофовирдің сіңу (AUC) деңгейі сәйкесінше 0,33  0,12 мкг/ мл және 3,32  1,37 мкг·сағат/мл құрайды.

Ламивудинді тағаммен қабылдау TCmax жоғарылатады және Cmax 47%-ға дейін төмендетеді, әйтсе де, сіңудің жалпы дәрежесіне әсер етпейді, сондықтан ламивудинді аспен бірге қабылдағанда дозасын түзету қажет етілмейді.

Осылайша тенофовир дизопроксил фумараты және Ламивудиннің бекітілген біріктірілімін ас қабылдауға байланыссыз қабылдау керек.

Таралуы. Тенофовирдің плазмамен немесе сарысулық ақуыздармен In vitro байланысуы тенофовирдің 0,01 - 25 мкг/мл концентрациясы шегінде сәйкесінше, 0,7 және 7,2% төменді құрайды. 1,0 мг/кг және 3,0 мг/кг тенофовирді көктамыр ішіне енгізгеннен кейін тепе-теңдік жағдайында таралу көлемі сәйкесінше 1,3  0,6 л/кг және 1,2  0,4 л/кг, құрайды.

Ламивудин төмен дәрежеде плазма ақуыздарымен байланысады (35%). Ламивудин орталық жүйке жүйесіне (ОЖЖ) және жұлын сұйықтығына (ЖС) өтеді. Ішке қабылдағаннан кейін 2-4 сағаттан соң ламивудиннің ликвордағы концентрациясының оның қансарысуындағы концентрациясына арақатынасы шамамен 1: 8 құрайды.

Метаболизмі және шығарылуы. in vitro зерттеулер көрсеткендей, тенофовир дизопроксил фумараты да, тенофовир де CYP ферменттерінің субстраты болып табылмайды. Препарат дозасын бір рет пероральді қабылдағаннан кейін тенофовирдің жартылай шығарылуының терминальді кезеңі шамамен 17 сағат құрайды. Тенофовир дизопроксил фумаратының күніне бір рет 300 мг дозасын (ас қабылдағаннан кейін) қайталап қабылдағаннан кейін қабылданған дозаның 32  10 % 24 сағат ішінде несепте анықталады. Тенофовир шумақтық сүзіліс және белсенді өзекшелік сөлініс жолымен шығарылады. Тенофовир мен бүйрекпен шығарылатын басқа да заттар арасында бәсекелестік жүруі мүмкін.

Ламивудиннің басқа дәрілік заттармен метаболикалық өзара әрекеттесу мүмкіндігі бауырдағы метаболизмінің аз дәрежесіне (5-10%) және плазма ақуыздарымен төмен байланысуына байланысты төмен. Ламивудин белсенді өзекшелік сөлініс жолымен, негізінен бүйректермен (70% астам), сондай-ақ бауырдағы метаболизмі арқылы, өтпен (10% кемі) шығарылады. Ламивудиннің белсенді түрі – жасушаішілік ламивудин трифосфаты оның плазмадан - 5-7 сағ. T1/2 салыстырғанда, жасушалардан- 16-19 сағ, ұзағырақ жартылай шығарылу кезеңін (T1/2) иеленген.

Бауыр жеткіліксіздігімен емделушілердегі фармакокинетикасы

Тенофовир дизопроксил фумараты және Ламивудиннің бекітілген біріктірілімінің фармакокинетикасы бауырдың зақымдануымен АИВ жұқтырған емделушілерде зерттелмеген.

Тенофовирдің фармакокинетикасы орташадан ауыр дәрежеге дейінгі бауыр функциясының бұзылуымен АИВ жұқтырмаған емделушілерде 300 мг бір реттік дозасын қабылдағаннан кейін зерттелді.

Тенофовирдің фармакокинетикасында бауыр функциясының бұзылуымен емделушілерде осындай бұзылыстарсыз емделушілермен салыстырғанда айтарлықтай өзгерістер жоқ. Бауыр функциясының бұзылуымен емделушілерде дозасын өзгертудің қажеті жоқ.

Орташа және ауыр бауыр жеткіліксіздігімен емделушілерде ламивудинді қолдануға қатысты деректер көрсеткендей, бауыр функциясының бұзылуы ламивудиннің фармакокинетикасына айтарлықтай әсер етпейді.

Бүйрек жеткіліксіздігімен емделушілердегі фармакокинетикасы

Тенофовир дизопроксил фумараты және Ламивудиннің бекітілген біріктірілімінің фармакокинетикасы бүйрек жеткіліксіздігімен АИВ жұқтырған емделушілерде зерттелген жоқ.

Бүйрек функциясының бұзылуымен емделушілерде тенофовирдің фармакокинетикасы өзгереді. Креатинин клиренсі 50 мл/минуттан төмен немесе диализ жүргізуді қажет ететін бүйрек жеткіліксіздігінің терминальді сатысындағы емделушілерде, тенофовирдің Cmax және AUC0- жоғарылайды.

Креатинин клиренсі 50 мл/минуттан төмен емделушілерде препарат дозаларын енгізу аралығын реттеу керек.

Креатинин клиренсі <10 мл/мин гемодиализ жүргізілмейтін және диализдің перитонеальді немесе басқа түрлерін қабылдайтын емделушілерде тенофовир дизопроксилінің фумараты фармакокинетикасы зерттелген жоқ.

Бүйрек функциясының бұзылуымен емделушілерде ламивудиннің плазмадағы концентрациясы жоғары, өйткені оның организмнен шығарылуы баяулатылған. Креатинин клиренсі 50 мл/мин төмен науқастарға ламивудиннің дозасын төмендету керек.

Тенофовир дизопроксил фумараты және Ламивудиннің бекітілген біріктірілімін орташа немесе ауыр бүйрек жеткіліксіздігімен (креатинин клиренсі (КК) < 50 мл/мин) емделушілерге қолдануға болмайды.

Тенофовир дизопроксил фумараты және ламивудиннің дозасын орташа немесе ауыр бүйрек жеткіліксіздігімен емделушілерде түзету керек, оған бекітілген біріктірілімді қолданғанда қол жеткізу мүмкін емес.

Креатинин клиренсі 50-80 мл/мин деңгейдегі емделушілер үшін дозаны түзетудің қажеті жоқ. Осы емделушілерде қан сарысуында креатинин клиренсі мен фосфаттар деңгейін үнемі бақылау керек.

Егде жастағы емделушілер: егде жастағы емделушілердің қатысуымен фармакокинетикасына зерттеулер жүргізілген жоқ.

Фармакодинамикасы

Әсер ету механизмі

Тенофовир дизопроксил фумараты және Ламивудиннің бекітілген біріктірілімі АИВ-1 және АИВ-2 репликацияларының жоғары тиімділікпен таңдап тежейтін вирусқа қарсы препараты болып табылады.

Әсер ету механизмі

Тенофовир дизопроксил фумараты фумар қышқылының және тенофовирдің туындысы, бис-изопропоксикарбонилоксиметилдің күрделі эфирінің тұзы болып табылады. Тенофовир дизопроксил фумараты In vivo циклдік емес фосфонатты нуклеозид (нуклеотид) – аденозин 5’-монофосфаттың аналогы тенофовирге айналады. Тенофовир дизопроксил фумараты АИВ-1-дің кері транскриптазасына тежеуші әсер етеді. Тенофовир дизопроксил фумараты тенофовирге айналу үшін алдымен диэфирлік гидролизге және кейіннен тенофовир дифосфаты түзілгенге дейін жасушалық ферменттермен фосфорлануға ұшырайды. Тенофовир дифосфаты табиғи субстрат деоксиаденозин 5'-трифосфатпен бәсекелесіп және ДНҚ молекуласына тіркелгеннен кейін оның тізбегінің үзілуін туындатып, АИВ-1-дің кері транскриптазасының белсенділігін тежейді. Тенофовир дифосфаты адамның ДНҚ-полимеразасына қарағанда > 200 есе жоғары (Кj) тежелуінің кинетикалық константтарымен жасушалық полимеразалардың әлсіз тежегіші болып табылады.

Ламивудин біртіндеп жасушаішілік киназалармен 5М'-трифосфатқа (ТФ) дейін метаболизденеді. Ламивудин-ТФ АИВ-ның кері транскриптазасының субстраты және осы ферменттің бәсекелес тежегіші болып табылады. Препараттың вирусқа қарсы белсенділігі оның монофосфатты түрінің вирустық ДНҚ тізбегіне қосылуына байланысты, осының нәтижесінде тізбектің үзілуі жүреді. Ламивудин трифосфаты адам жасушаларының ДНҚ-полимеразасына айтарлықтай төмен ұқсастық иеленген.

Тенофовир дизопроксилінің фумараты және ламивудин ретровирустар мен гепаднавирустарға қатысты in vitro вирусқа қарсы белсенділікке ие.

Төзімділік. Жасушалар өсіріндісінен тенофовирге төмен сезімталдықпен АИВ-1 штамдары бөлініп алынған. Бұл вирустар кері транскриптазада K65R орын басуын иеленген және тенофовирге сезімталдықтың 2-4 есе азаюын білдірген.

Кейбір кері транскриптазаның нуклеозидті тежегіштері арасында айқаспалы төзімділік анықталған. Тенофовирді қабылдағаннан кейін дамыған K65R орын алмастыруы сондай-ақ абакавир, диданозин немесе зальцитабин қабылдаған кейбір АИВ-1 жұқтырған емделушілерде дамыған. Осы орын басумен АИВ-1 штамдары эмтрицитабинге және ламивудинге сезімталдықтың төмендеуін білдірген. Осылайша К65R орын басумен, вирус жұқтырған емделушілерде осы препараттарға айқаспалы төзімділік пайда болуы мүмкін

АИВ-1 штамының T69S локусында қосарлы орын басумен мультинуклеозидті төзімділігі тенофовир дизопроксил фумаратына (IC50 > 10 есе) сезімталдықты төмендетеді.

АИВ-1 ламивудинге резистенттілігінің дамуының себептерінің біреуі—вирустық геном сайтында M184V пайда болуы, ол АИВ кері транскриптазасының белсенді сайтымен тығыз байланысты. M184V мутацияларымен АИВ-1 штаммдары ламивудинді қамтитын біріктірілген антиретровирусты ем қабылдайтын науқастарда пайда болуы мүмкін.

Вирустың осындай штаммдары ламивудинге төмен сезімталдықпен және репликацияға деген әлсіз қабілетімен сипатталады. Зидовудинге төзімді АИВ штамдары ламивудинге резистенттілік бір мезгілде дамыған жағдайда, оған сезімталдыққа ие болуы мүмкін. Осы құбылыстың клиникалық мәні анықталған жоқ.

M184V сайтындағы мутация тек кері транскриптазаның нуклеозидті тежегіштері (КТНТ) тобындағы препараттарға ғана АИВ айқаспалы сезімталдықтың пайда болуына әкеледі. Ламивудин ламивудинге резистентті М184V мутациясын иеленген АИВ штаммдарына қатысты антиретровирусты белсенділікті сақтайды. M184V мутациялармен АИВ штаммдарында диданозинге және залцитабинге сезімталдықтың 4 еседен аспайтын төмендеуі анықталады. Ламивудинді қамтитын біріктірілген антиретровирусты емнің M184V локусында мутациялармен АИВ штаммдарына қатысты тиімді екені көрсетілген.

Тенофовир дизопроксил фумараты және ламивудиннің біріктірілімі K103N немесе Y181C мутациялармен АИВ штаммдары төзімді кері транскриптазаның нуклеозидті емес тежегіштеріне (КТНЕТ) қатысты синергиялық белсенділік білдіреді.

Аталған біріктірілімді К65R мутациеясымен штаммдар алынған ұзақ уақыт антиретровирусты терапия (АРТ) қабылдаған емделушілерді емдеуде қолданбаған жөн.Тенофовир дизопроксилі фумараты және ламивудиннің біріктірілімінің клиникалық тиімділігі В гепатиті вирусын жұқтырған емделушілерде зерттелген жоқ.

Кері транскриптазаның белгілі нуклеозидті тежегіштеріне айқаспалы резистенттілік анықталған. M184V/I және/немесе K65R орын басу жақын арада ламивудинмен немесе эмтрицитабинмен, сондай-ақ абакавирмен немесе диданозинмен біріктірілімде тенофовирмен емделген емделушілерден алынған АИВ-1 штаммдарында байқалған. Осылайша, осы препараттар арасындағы айқаспалы резистенттілік құрамында бір немесе екі аминқышқылды орын басу бар вирустарды жұқтырған емделушілерде байқалуы мүмкін.

Қолданылуы

- ересектердегі АИВ-1 жұқпаны басқа антиретровирусты препараттармен (кері транскриптазаның нуклеозидті емес тежегіштерімен немесе протеаза тежегіштерімен) біріктірілімде емдеуде

Препаратты тағайындамас бұрын, емделушілерде кез келген алдыңғы БАРТ-ға сәтсіз вирусологиялық жауаптың болмағанына, Тенофовир дизопроксил фумараты және Ламивудиннің бекітілген біріктірілімінің құрамында бар компоненттерінің біреуіне айқын резистенттілікпен жүретін мутацияның болмағанына көз жеткізу керек.

Қолдану тәсілі мен дозалары

Ересектер

Емді АИВ жұқпасын емдеуде тәжірибесі бар дәрігер тағайындауы керек.

Тенофовир дизопроксил фумараты және Ламивудиннің бекітілген біріктірілімінің ұсынылған дозасы 300 мг/300 мг құрайды, ас қабылдауға байланыссыз (немесе ас қабылдау кезінде) судың жеткілікті мөлшерімен іше отырып, ішке 1 таблеткадан күніне 1 рет. Сирек жағдайларда жұту қиындық тудыратын емделушілер Тенофовир дизопроксил фумараты және Ламивудинді 100 мл кем емес су, апельсин немесе жүзім шырында таблетканы ерітіп қабылдауына болады.

18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер

Тенофовир дизопроксил фумараты, Ламивудин таблеткаларын балалар мен жасөспірімдерге, 18 жасқа дейінгі емделушілерде қауіпсіздігі мен тиімділігіне қатысты жаңа деректер пайда болғанша тағайындауға болмайды. Сондықтан 300мг/300мг Тенофовир дизопроксил фумараты және Ламивудин біріктірілімі 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерге ұсынылмайды.

Егде жастағылар

65 жастан асқан емделушілер үшін дозаларын түзетуге қатысты нақты деректер жоқ.

Бүйрек жеткіліксіздігі

Тенофовир дизопроксил фумараты және Ламивудин бекітілген біріктірілімі орташа немесе ауыр бүйрек жеткіліксіздігімен (креатинин клиренсі (КК) < 50 мл/мин) емделушілерге ұсынылмайды.

Орташа және ауыр бүйрек жеткіліксіздігімен емделушілерде бекітілген біріктірілімді қолданғанда қол жеткізу мүмкін болмайтын, тенофовир дизопроксил фумараты және ламивудиннің дозасын түзету қажет етіледі.

Креатинин клиренсі 50-80 мл/минут деңгейдегі емделушілер үшін дозасын реттеудің қажеті жоқ. Осы емделушілерде креатинин клиренсіне және қансарысуында фосфаттар деңгейіне үнемі бақылау жүргізіп отыру керек.

Бауыр жеткіліксіздігі

Орташа және ауыр дәрежедегі бауыр жеткіліксіздігімен емделушілерде дозаны түзету қажет етілмейді, егер тек бауыр функциясының бұзылуы бүйрек жеткіліксіздігімен қатар жүрген жағдайда болмаса.

Егер В гепатиті вирусы (ВГВ) мен АИВ-ның ко-жұқпасымен емделушілерде Тенофовир дизопроксил фумараты және Ламивудиннің бекітілген біріктірілімін қабылдау тоқтатылса, оларды гепатиттің асқыну симптомдарына мұқият бақылау керек.

Дозаны өткізіп алғанда, үзілгенде немесе емді тоқтатқандағы ұсынымдар

Тенофовир дизопроксил фумараты және ламивудиннің бекітілген біріктірілімін қабылдауды жіберіп алмай, дозаны қабылдау режімін сақтай отырып, мезгілінде қабылдаудың маңызы зор.

Емделушілерді Тенофовир дизопроксил фумараты және ламивудиннің бекітілген біріктірілімін қабылдауды ұмытып кеткен жағдайда, өткізіп алған дозаны келесі күндік дозаны қабылдауға дейінгі аралық 12 сағаттан кем болмаған жағдайда өткізіп алған дозаны дереу қабылдау керектігін ескерту керек. Емделушілерді 12 сағаттан кем болған жағдайда өткізіп алған дозаны қабылдауға болмайтыны және келесі дозаны әдеттегі уақытында қабылдау туралы ескерту керек.

Егер Тенофовир дизопроксил фумараты және ламивудиннің бекітілген біріктірілімімен емді тоқтату, немесе дозасын түзету керек болса, тенофовир дизопроксил фумараты және ламивудиннің жекелей қабылдауға болады.

Осы препараттарды медицинада қолдану жөніндегі нұсқаулыққа жүгіну керек. Фармакокинетикалық параметрлерінің жекелей өзгергіштігіне және вирустың резистенттілігінің даму мүмкіндігіне байланысты, емді тоқтатудың барлық себептерін ескеріп, антиретровирусты терапияға қатысты (АРТ) дәрігердің кеңесі керек.

Егер емделуші Тенофовир дизопроксил фумараты және ламивудиннің таблеткасын қабылдағаннан кейін 1 сағаттың ішінде құсып тастаса екінші таблетканы қабылдауы керек. Егер емделуші Тенофовир дизопроксил фумараты және ламивудиннің таблеткасын қабылдағаннан кейін, бір сағаттан астам уақыттан соң құсып тастаса екінші таблетканы қабылдау қажет етілмейді.

Жағымсыз әсерлері

Немесе Тенофовир дизопроксил фумараты және ламивудиннің біріктірілімін немесе жекелей компоненттерін қабылдаумен байланысты постмаркетингтік кезеңдегі клиникалық зерттеулер барысында анықталған жағымсыз реакциялар, күрделілігінің азаюы ретімен берілген.

Жиілігі өте жиі (> 1/10), жиі (> 1/100 <1/10-ға), жиі емес (> 1/1,000 <1/100-ге) сирек (> 1/10,000<1/1,000-ге) немесе өте сирек (< 1/10,000) деп анықталған.

Тенофовира дизопроксил фумаратымен астасқан жағымсыз әсерлері

Өте жиі

- гипофосфатемия, гипокалиемия

-бас айналуы

- диарея, жүрек айнуы, құсу

- бөртпе

- астения

Жиі

- бас ауыруы

- абдоминальді ауыру, іштің кебуі, метеоризм

- аспартатаминотрансфераза (АСТ), аланинаминотрансферазаның жоғарылауы (АЛТ)

Жиі емес

- панкреатит

- рабдомиолиз, бұлшықет әлсіздігі

- қанда креатининнің жоғарылауы, протеинурия

Сирек

-лактацидоз

- гепатит, бауыр стеатозы

- остеомаляция (сүйектердегі ауырулармен білінеді және сынуларға түрткі болуы мүмкін), миопатия

- жедел және созылмалы бүйрек жеткіліксіздігі, жедел тубулярлық некроз, Фанкони синдромын қоса, проксимальді бүйрек тубулопатиясы, нефрит, жедел интерстициальді нефритті қоса, нефрогенді қанттық емес диабет

Ламивудинмен астасқан жағымсыз әсерлері

Жиі

- қан сарысуында сүт қышқылы концентрациясының жоғарылауы

- бас ауыруы, ұйқысыздық

- жүрек айнуы, құсу, анорексия, іштің жоғарғы бөлігінің ауыруы, диарея,

- бөртпе, алопеция

- артралгиялар, миалгиялар

- жөтел, ыстықтау, қызба, дімкәстік

Кейде

- бауыр ферменттері белсенділігінің (АСТ, АЛТ) транзиторлы жоғарылауы

- нейтропения, анемия, тромбоцитопения

Сирек

- лактоацидоз, теріасты шелмайының қайта таралуы/жинақталуы

- некроздық панкреатит (өліммен аяқталуы мүмкін), сарысулық амилазаның белсенділігінің жоғарылауы

- гепатит

- рабдомиолиз

Өте сирек

- сүйек кемігінің эритроидты аплазиясы

- парестезиялар

- шеткергі нейропатия

Қолдануға болмайтын жағдайлар

- қандай-да болмасын препарат компоненттеріне жоғары сезімталдық

- туа біткен галактоза/лактозаны көтере алмаушылық, лактаза тапшылығы, глюкоза/галактоза мальабсорбциясы синдромы

- КК 50мл/мин кем бүйрек жеткіліксіздігі

- жүктілік және лактация кезеңі

- 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерге

Дәрілермен өзара әрекеттесуі

Тенофовир дизопроксил фумараты және ламивудиннің бекітілген біріктірілімімен препараттың дәрілік өзара әрекеттесуіне зерттеу жүргізілген жоқ. Тенофовир дизопроксил фумараты және ламивудиннің бекітілген біріктірілімінің құрамында ламивудин және тенофовир дизопроксил фумараты болғандықтан, белсенді заттарының жекелей бір бірімен кез келген өзара әрекеттесуі байқалуы мүмкін.

Тенофовир дизопроксил фумараты және ламивудиннің бекітілген біріктірілімін құрамында осы біріктірілімнің белсенді заттарының кез келген біреуі бар басқа препараттармен бір мезгілде қолдануға болмайды.

Ламивудинмен ұқсастығына байланысты, Тенофовир дизопроксил фумараты және ламивудиннің бекітілген біріктірілімін эмтрицитабин секілді цитидиннің басқа аналогтарымен бір мезгілде қолдануға болмайды.

in vitro және in vivo жүргізілген дәрілік өзара әрекеттесуін фармакокинетикалық зерттеу, ламивудин және тенофовир дизопроксил фумаратының басқа препараттармен қоса, CYP450 – аралық өзара әрекеттесуі үшін төмен потенциал көрсетті.

Бір мезгілде қолдану ұсынылмайды

Атазанавир/ритонавир. Тенофовир дизопроксил фумараты және Ламивудиннің бекітілген біріктірілімін атазанавир/ритонавир біріктірілімін дозалауға қатысты жеткілікті деректер жоқ. Сондықтан атазанавир/ритонавирді Тенофовир дизопроксил фумараты және Ламивудиннің бекітілген біріктірілімімен бір мезгілде қолдануға болмайды.

Диданозин. Тенофовир дизопроксил фумараты және Ламивудиннің бекітілген біріктірілімін және диданозинді қолдануға болмайды.

Бүйректермен шығарылатын дәрілік заттар. Ламивудин және тенофовир негізінен бүйректермен шығарылатын болғандықтан, Тенофовир дизопроксил фумараты және Ламивудиннің бекітілген біріктірілімін бүйрек функциясын төмендететін немесе белсенді өзекшелік сөлініске бәсекелесетін препараттармен (мысалы, цидофовир) қолдану, қансарысуында ламивудин, тенофовир және/немесе бір мезгілде қабылданған препараттың концентрациясын жоғарылатуы мүмкін.

Нефроуытты препараттармен мысалы, аминогликозидтермен, В амфотерицинмен, фоскарнетпен, ганцикловирмен, валацикловирмен, валганцикловирмен, пентамидинмен, ванкомицинмен, цидофовирмен немесе интерлейкин-2, ацикловирмен, адефовир дипивоксилмен бір мезгілде немесе оларды жуық арада қабылдағанда Тенофовир дизопроксил фумараты және Ламивудиннің бекітілген біріктірілімін қолдануға болмайды.

Тенофовир дизопроксил фумаратымен байланысты өзара әрекеттесулер

Тенофовир дизопроксил фумараты мен диданозинді бір мезгілде қолдану диданозиннің жүйелі әсерінің жоғарылауына әкеледі. Тенофовир дизопроксил фумаратының диданозинмен біріктірілімін қабылдайтын емделушілерді диданозинмен (панкреатит, лактоацидоз) байланысты жағымсыз әсерлеріне қатысты мұқият бақылау керек. Тенофовир дизопроксил фумаратын диданозинмен тәулігіне 400 мг қабылдаған емделушілерде, CD4 жасушалар санының супрессиясы байқалған. Дене салмағы 60кг асатын ересектерде диданозиннің дозасын 250мг дейін төмендету керек. Дене салмағы 60 кг кем емделушілерде диданозиннің дозасын түзету туралы деректер жоқ.

Бір мезгілде қабылдағанда: тенофовир дизопроксил фумараты және диданозин ЕС аш қарынға немесе жеңіл тағаммен (< 400 ккал, 20% май) қабылдауға болады. Диданозиннің буферлік таблеткаларын тенофовир дизопроксил фумаратымен аш қарынға қабылдау керек.

Атазанавир мен лопинавир/ритонавир тенофовирдің концентрациясын жоғарылатуға қабілетті. Тенофовир дизопроксил фумаратын лопинавирмен / ритонавирмен енгізгенде тенофовирдің AUC шамамен 30%-ға жоғарылады. Осы өзара әрекеттесудің механизмі белгісіз. Атазанавир/ритонавир мен Тенофовир дизопроксил фумаратын немесе лопинавир/ритонавир мен Тенофовир дизопроксил фумаратын қабылдайтын емделушілер тенофовир астасқан жағымсыз реакциялар болу жағдайына бақылауда болуы керек. Тенофовир дизопроксил фумаратымен байланысты жағымсыз реакциялар дамыған емделушілер, препаратты қабылдауды тоқтатуы керек.

Эмтрицитабин, ламивудин, индинавир, эфавиренз, нелфинавир және саквинавир (ритонавирмен біріктірілімде): тенофовир дизопроксил фумаратымен өзара әрекеттесу клиникалық мәні бар өзара әрекеттесуге әкелмейді.

Тенофовир дизопроксил фумараты «концентрация/уақыт» (AUC) қисығы астындағы ауданды және атазанавирдің ең төмен концентрациясын (Cmin) азайтады. Тенофовир дизопроксил фумаратымен бір мезгілде тағайындағанда 300 мг атазанавирді 100 мг ритонавирмен бірге қабылдау ұсынылады. Атазанавирді ритонавирсіз Тенофовир дизопроксил фумаратымен бір мезгілде қабылдауға болмайды.

Тенофовир негізінен шумақтық сүзіліс және белсенді өзекшелік сөлініс арқылы бүйрекпен шығарылады. Осы дәрілік затты бүйрек функциясын төмендететін немесе белсенді өзекшелік сөлініс үшін бәсекелесетін препараттармен бір мезгілде қолдану, тенофовирдің немесе онымен бір мезгілде қолданылатын препараттың қан сарысуындағы концентрациясын шығарылудың осы жолына бәсекелестікке байланысты жоғарылатуы мүмкін.

Адефовир дипивоксилі, цидофовир, ацикловир, валацикловир, ганцикловир, валганцикловирді мысалға келтіруге болады, бірақ жағдай осы тізіммен шектелмейді. Тенофовир дизопроксил фумаратының ең жоғары концентрациялары бүйрек жұмысының бұзылуын қоса, Тенофовирмен астасқан жағымсыз реакцияларды күшейтуі мүмкін.

Ламивудинмен байланысты өзара әрекеттесуі

Ламивудиннің басқа препараттармен метаболикалық өзара әрекеттесу мүмкіндігі шектелген метаболизмі, плазма ақуыздарымен байланысуы және толығымен дерлік бүйрек клиренсіне байланысты өте төмен. Ламивудиннің метаболизмі CYP3A болжамдамайды, ол осы жүйемен метаболизденетін (мысалы, PIs) дәрілік заттармен өзара әрекеттесу мүмкіндігін азайтады.

Ламивудин организмнен негізінен органикалық катиондардың тасымалдану жүйесі арқылы белсенді өзекшелік сөлініс жолымен шығарылады. Ламивудиннің осындай шығарылу механизмі бар препараттармен, мысалы триметоприммен, өзара әрекеттесу мүмкіндігін ескеру керек. Басқа препараттар (мысалы, ранитидин, циметидин) аталған механизм көмегімен тек ішінара шығарылады және ламивудинмен өзара әрекеттеспейді. Нуклеозидтердің аналогтар (мысалы, диданозин мен зальцитабин), зидовудин секілді осы механизмнің көмегімен шығарылмайды және ламивудинмен өзара әрекеттесуі болжамды.

Органикалық аниондардың тасымалдану жүйесі арқылы белсенді бүйректік сөлініс жолымен немесе шумақтық сүзіліс арқылы шығарылатын препараттар, ламивудинмен клиникалық мәні бар өзара әрекеттесуге түспейді деп болжамданады.

Ламивудин мен зидовудинді бір мезгілде қолданғанда зидовудиннің плазмадағы Cmax орташа ( 28 %-ға ) жоғарылауы байқалады, бұл кезде AUC айтарлықтай өзгермейді. Зидовудин ламивудиннің фармакокинетикасына әсер етпейді.

Триметоприм/сульфаметоксазолды 160/800 мг дозада (ко-тримоксазол) бір мезгілде қолдану ламивудиннің қан плазмасындағы концентрациясын шамамен 40 %-ға (триметоприммен өзара әрекеттесуі есебінен) жоғарылатады. Әйтсе де, бүйрек функциясының бұзылуы болмаған жағдайда ламивудиннің дозасын төмендету қажет емес. Триметоприм мен сульфаметоксазолдың фармакокинетикасына ламивудин әсер етпейді. Ламивудиннің пневмоцистті пневмонияны және токсоплазмозды емдеу үшін тағайындалатын ко-тримоксазолдың жоғары дозаларымен өзара әрекеттесуі зерттелген жоқ.

Ламивудин мен залцитабинді бір мезгілде тағайындағанда ламивудин соңғысының жасушаішілік фосфорлануын тежейді. Осыған байланысты препараттың аталған біріктірілімі ұсынылмайды.

Айрықша нұсқаулар

Ескерту: гематологиялық уыттылық, миопатия, лактацидоз, В гепатитінің асқынуы.

Нуклеозидтер аналогтарын, оның ішінде Ламивудин және тенофовир дизопроксилінің фумаратын қолданғанда өлім жағдайларын қоса, бауырдың майлы дистрофиясымен лактоацидоз және гепатомегалия жағдайлары тіркелген. Сүтқышқылды ацидоздың клиникалық/ зертханалық белгілері немесе гепатоуыттылықтың айқын белгілері пайда болғанда емді дереу тоқтату керек.

Ламивудин және тенофовир дизопроксилінің фумаратын қолдануды тоқтатқан В гепатиті вирусы (ВГВ) мен адам иммунтапшылығы вирусын (АИВ-1) бір мезгілде жұқтырған емделушілерде В гепатитінің жедел асқыну жағдайлары тіркелген. Осы емделушілерде бауыр функциясын мұқият бақылау және қажет болғанда В гепатитін емдеуді бастау керек.

Басқа препараттармен бір мезгілде қолдану

Тенофовир дизопроксил фумараты және Ламивудин препараты бекітілген біріктірілім болып табылатындықтан, құрамында оның кез келген белсенді ингредиенттерінің бірі бар басқа дәрілік заттармен бір мезгілде тағайындалмайды, атап айтсақ: ламивудин (Эпивир, Зеффикс және т.б.) немесе тенофовир дизопроксил фумараты (Виреад және т.б.). Қасиеттерінің бірдей болуына байланысты Ламивудинді кез келген цитидинді аналогтардың біреуімен, мысалы, эмтрицитабинмен және құрамында ламивудин, оның ішінде Комбивир (ламивудин/зидовудин), Эпивир немесе Зеффикс (ламивудин), Эпзик (абакавир сульфаты/ламивудин), Тризивир (абакавир сульфаты/ламивудин/зидовудин) бар препараттармен бір мезгілде тағайындауға болмайды.

Лактацидоз

Өлім жағдайларын қоса, Лактацидоз және стеатозбен ауыр гепатомегалия, нуклеозидті аналогтарды монотерапияда немесе басқа антиретровирусты дәрілермен біріктірілімде қолданғанда байқалған. Көп жағдайларда аталған құбылыстар әйелдерде байқалған. Қауіп факторлары: артық салмақ және ұзақ уақыт нуклеозидті аналогтарды қабылдау. Ерте симптомдары (симптоматикалық гиперлактатемия): ас қорыту ағзалары тарапынан симптомдар (жүрек айнуы, құсу, іштің ауыруы), себепсіз әлсіздік, тәбеттің болмауы, салмақты жоғалту, тыныс алу жүйесі тарапынан симптомдар (ентігу) немесе неврологиялық симптомдар (оның ішінде қимыл әлсіздігі).

Лактацидоз өлім жағдайының жоғарылауына алып келді және панкреатит, бауыр немесе бүйрек функциясының жеткіліксіздігімен байланысты болуы мүмкін. Лактацидоз әдетте емді бастағаннан кейін бірнеше айдан соң пайда болған.

Симптоматикалық гиперлактатемия және метаболикалық лактацидоз, үдемелі гепатомегалия немесе аминотрансферазалардың деңгейі тез артуы тіркелгенде, нуклеозидтер аналогтарымен емді тоқтату керек. Гепатомегалиямен, гепатитпен немесе бауыр ауруы мен майлы гепатозға байланысты басқа қауіп факторлары бар (оның ішінде белгілі дәрілік препараттарды қабылдау мен алкогольді қабылдау нәтижесінде) кез келген емделушіге (әсіресе артық салмақпен әйел емделушілерге), нуклеозидтер аналогын қабылдау сақтықпен тағайындалуы керек.

Әйтсе де аталған құбылыстар туралы белгілі қауіп факторынсыз емделушілерде де хабарланған. С гепатитін бір мезгілде жұқтыру және альфа-интерферонмен және рибавиринмен қатар емдеу ерекше қауіп төндіреді.

Қауіптің жоғары дәрежесімен емделушілер ерекше бақылауда болуы керек.

Оппортунистік жұқпалар

Тенофовир дизопроксил фумараты және Ламивудин препаратын немесе кез келген басқа антиретровирусты препаратты қабылдау оппортунистік жұқпамен және АИВ жұқпасының басқа асқынуларының дамуымен қатар жүруі мүмкін. Сондықтан АИВ астасқан жұқпалармен емделушілерді емдеуде тәжірибесі бар дәрігердің ұдайы клиникалық бақылауы қажет.

АИВ берілуі

Емделушілерді антиретровирусты ем, оның ішінде Тенофовир дизопроксил фумараты және Ламивудин препаратымен емдеу АИВ-ның басқа адамдарға жыныстық қатынас немесе қан арқылы берілу қаупін жоққа шығарылмайтыны туралы ескерту керек. Емді бастағанға дейінгі сақтық шараларын қолдануды жалғастыру керек.

Бауыр аурулары

Бауырдың елеулі ауруларымен зардап шегетін емделушілерде, Тенофовир дизопроксил фумараты және Ламивудин препаратының фармакокинетикасы, қауіпсіздігі және тиімсіздігі зерттелген жоқ.

Бауыр ауруымен емделушілерге препаратты тағайындағанда сақтық шараларын сақтау керек. Бауыр ауруларының ауырлық дәрежесін бағалау үшін, кезеңдік аралықпен зертханалық зерттеулер жүргізу керек.

Бұрын бауырдың дисфункциясы, оның ішінде созылмалы белсенді гепатиттер байқалған емделушілерде, біріктірілген антиретровирусты ем кезінде бауыр функциясының бұзылуы жиілігінің жоғарылауы байқалды, сондықтан оларға стандартты тәжірибеге сәйкес мониторинг өту керек.

Егер бауыр ауруы ағымының нашарлауының белгілері немесе қан сарысуында трансаминазалар белсенділігінің қалыптағымен салыстырғанда 5 еседен аса, үнемі жоғарылауы болса, Тенофовир дизопроксил фумараты және Ламивудин препаратымен емдеудің пайдасы мен айқын гепатоуыттылықтың әлеуетті қаупін салыстыру керек. Осындай емделушілер үшін емді тоқтату және үзу туралы шешім қабылданады.

Сондай-ақ бауырдың уыттануын туындататын басқа дәрілік препараттармен емделетін емделушілерге бауыр ферменттерін мониторингілеу ұсынылады.

В немесе С гепатиті вирусы жұқпасының белгілі немесе болжамданған сыртартқысымен емделушілерге және бауырға уытты әсер білдіретін басқа препараттармен ем алған емделушілерге, бауыр ферменттері деңгейін мониторингілеу ұсынылады. Трансаминазалар белсенділігінің қансарысуында қалыптың жоғары шегінен 5 еседен артық тұрақты жоғарылауымен науқастарда Тенофовир дизопроксил фумараты және Ламивудин препаратымен емді жалғастыру пайдасын айқын бауыр уыттылығының белгісіз қаупімен салыстыру керек.

АИВ және ВГВ немесе СВГ ко-жұқпаланған емделушілер

Антиретровирусты емді бастар алдында АИВ-1 жұқтырған барлық емделушілерге, В гепатиті вирусынан (ВГВ) және С гепатиті вирусынан (СВГ) туындаған созылмалы жұқпаның барына тексерілу ұсынылады.

В немесе С созылмалы гепатитімен ем алудағы және біріктірілген антиретровирусты ем алған емделушілерде бауыр тарапынан ауыр және потенциальді өліммен аяқталатын жағымсыз реакциялардың пайда болуының жоғары қаупі бар.

Дәрігерлер бір мезгілде ВГВ жұқтырған емделушілерде ауруды оңтайлы емдеу үшін АИВ жұқпаны емдеуге қатысты қолданыстағы нормативтік құжатқа жүгіну керек. В және С гепатиттерін вирусқа қарсы қатар емдегенде препараттарды қолдануға қатысты нұсқаулықтарға жүгіну ұсынылады.

Ламивудин және тенофовир фармакодинамикалық зерттеулер кезінде жекелей және біріктірілімде ВГВ қарсы белсенді қасиеттер көрсетті. Шектелген клиникалық тәжірибе Ламивудин және тенофовир дизопроксил фумараты аталған біріктірілімде АИВ жұқпаны емдеу үшін антиретровирусты препарат ретінде ВГВ қарсы белсенді деп болжамдауға мүмкіндік береді. Гепатиттердің асқынуы тенофовир дизопроксил фумаратымен емдеуді үзу нәтижесінде АИВ жұқтырған емделушілерде байқалуы мүмкін.

Осындай асқынулар қатарлас АИВ жұқтырмаған ВГВ жұқтырған емделушілерде байқалды, алдымен ол ВГВ ДНҚ қайта пайда болуымен бірге қан сарысуында АЛТ белсенділігінің жоғарылауымен анықталды.

Кейбір емделушілерде ВГВ реактивациясы ауыр дәрежедегі бауыр ауруларымен, оның ішінде бауыр функциясының жеткіліксіздігі немесе декомпенсациясымен байланысты болды

АИВ жұқтырған, сондай-ақ ВГВ жұқтырған емделушілер, Тенофовир дизопроксил фумараты және Ламивудин препаратымен емді тоқтатқаннан кейін кемінде төрт ай ішінде мұқият клиникалық және зертханалық бақылауда болуы керек. Тенофовир дизопроксил фумаратын немесе ламивудинді қабылдауды жаңғыртудың емдеу курсынан кейін гепатиттің асқынуына әсер ететіні жөнінде жеткілікті деректер жоқ.

Қажет болғанда В гепатиті вирусына қарсы емді бастау туралы мәселені қарастыру керек

Бүйрек жеткіліксіздігі

Ламивудин және тенофовир негізінен бүйрекпен шығарылады. Тенофовир дизопроксил фумараты және Ламивудин бүйрек жеткіліксіздігі орташа немесе ауыр емделушілерге ұсынылмайды. Орташа немесе ауыр дәрежедегі бүйрек жеткіліксіздігімен емделушілер ламивудин мен тенофовир дизопроксилі фумаратының дозалануын реттеуді қажет етеді, бұған бекітілген біріктірілімдерді тағайындаған кезде қол жеткізу мүмкін емес. Тенофовир дизопроксил фумараты және Ламивудин препаратын нефроуытты дәрілік препараттарды бір мезгілде тағайындаған кезде қабылдамаған жөн. Тенофовир дизопроксил фумараты және Ламивудин және нефроуытты препараттарды бір мезгілде тағайындамасқа болмайтындай болса (аминогликозидтер, амфотерицин, фоскарнет, ганцикловир, пентамидин, ванкомицин, цидофовир, интерлейкин-2), бүйрек функциясына апта сайын мониторинг жүргізу қажет.

Бүйрек жеткіліксіздігі, бүйрек функциясының бұзылуы, креатинин деңгейінің жоғарылауы, гипофосфатемия және проксимальді тубулопатия (Фанкони синдромын қоса) тенфовир дизопроксилі фумаратын клиникалық тәжірибеде қолданған кезде туындаған.

Барлық емделушілерде Тенофовир дизопроксил фумараты және Ламивудин препаратымен емді бастардан бұрын креатинин клиренсін есептеу ұсынылады, сондай-ақ, бүйрек функциясын (креатинин клиренсі және сарысудағы фосфаттардың деңгейі) емдеудің алғашқы жылы бойы апта сайын, содан кейін – әр үш ай сайын тексеріп тұру қажет. Сыртартқысында бүйрек функциясының бұзылуы бар емделушілерде немесе бүйрек функциясының бұзылу қаупі бар емделушілерде бүйрек функциясын жиірек мониторингтеу туралы шешім қабылдау керек.

Жағымсыз әсерлері

Липодистрофия және метаболизм бұзылуы

Біріктірілген антиретровирусты ем АИВ жұқтырған емделушілерде денедегі май тіндерінің висцеральді семіруді, майдың дорсоцервикальді жиналуын («буйвол өркеші»), аяқ-қолда май тіндерінің жоғалуы, сүт бездерінің үлкеюі және кушингоид типтес семіру) қоса алғанда, қайта таралуымен/ жинақталуымен (липодистрофия) байланысты. Бұл жағдайлардың кейіннен болатын салдарлары қазіргі кезде белгісіз.

Висцеральді липоматоз бен протеаза тежегіштері және липодистрофия мен кері транскриптазаның нуклеозидті тежегіштері арасындағы байланыс ғылыми болжам болып табылады. Липодистрофияның жоғары қаупін жекелей факторлармен байланыстырады: егде жас, дәрілік препараттар қабылдаумен байланысты факторлар, мысалы, антиретровирусты емнің ұзаққа созылуы және онымен байланысты метаболикалық бұзылулар. Клиникалық бақылауға майдың қайта таралуының физикалық белгілерін бағалау қамтылуы тиіс. Глюкоза мен липидтердің сарысудағы деңгейін ашқарында бақылау туралы шешім қабылдау керек. Май алмасуының бұзылуын клиникалық ұсынымдарға сәйкес емдеу қажет.

Митохондриальді дисфункция

Нуклеозидтер және нуклеотидтер аналогтары өздерін әр түрлі митохондриальді зақымданулардың факторлары ретінде in vitro, сондай-ақ іn vіvo көрсетті. АИВ-теріс балаларда митохондрия функциясының бұзылуы жөнінде хабарламалар түскен, оларға нуклеозидті аналогтар іn utero және постнатальді кезеңде әсер еткен. Гематологиялық бұзылулар (анемия, нейтропения) және метаболизмнің бұзылуы (гиперлактатемия, гиперлипаземия) сияқты негізгі жағымсыз реакциялар туралы хабарлар болған. Бұл құбылыстар көбіне өтпелі сипатқа ие. Кейбір кешеуілдеген неврологиялық бұзылулар (артериялық гипертензия, құрысулар, талапқа сай емес мінез-құлық) жөнінде хабарланған. Бүгінге дейін неврологиялық бұзылулар өтпелі ме немесе тұрақты ма, анық белгісіз. Нуклеотидті және нуклеозидті аналогтар in utero әсер еткен әр бала, зерханалық және клиникалық түрде тексерілуі тиіс және тиісті белгілері және/немесе симптомдары пайда болған жағдайда болуы мүмкін митохондриальді бұзылуларды анықтау үшін толық медициналық тексеруден өтуі қажет. Бұл нәтижелер АИВ вертикальді түрде берілуін болдырмау үшін жүкті әйелдерде антиретровирусты препараттарды пайдалану жөніндегі қолданыстағы ұлттық ұсынымдарға қатысы жоқ.

Иммундық реактивация синдромы

АИВ - жұқтырған ауыр иммунитет тапшылығымен емделушілерде біріктірілген антиретровирусты терапия (БАРТ) тағайындалған кезде, симптомсыз және қалдық оппортунистік патогендерге қабыну реакциялары жиілеуі мүмкін және күрделі клиникалық жағдайлардың немесе симптомдар аггравациясының туындау себебі болуы мүмкін. Негізінен мұндай реакциялар БАРТ тағайындаған кезде емнің алғашқы бірнеше аптасы немесе айы ішінде байқалуы мүмкін. Pneumocystis carinii – ден туындаған цитомегаловирусты ретинит, жайылған және/немесе оқшауланған микобактериялық жұқпалар және пневмония көңіл аударарлық үлгісі болып табылады. Біріктірілген антиретровирусты емнің бастапқы фазасы кезінде емделушілердің иммундық жүйесі белсенді немесе шартты - патогенді (оппортунистік) жұқпаларға (Mycobacterium avium, цитомегаловирус, Pneumocystis jirovecii pneumonia, туберкулез) қабыну реакцияларының дамуымен жауап беруі мүмкін. Қабынудың кез келген симптомдары қажет болса бағалануы тиіс, және тиісті ем тағайындалуы керек.

Остеонекроз

Этиологиясы көпфакторлы болып табылғанмен (кортикостероидтар қабылдауды, шамадан тыс алкоголь пайдалану, ауыр иммуносупрессия, жоғары дене салмағы индексін қоса), остеонекроз жағдайы АИВ-жұқпасы айқын білінетін емделушілерде және/ немесе ұзақ уақыт БАРТ жағдайында байқалды. Емделушілер буынның ауыруы, буында сіресу сезімі пайда болғанда немесе қимыл-қозғалыс қиындағанда дәрігерге қаралуы қажеттігі туралы ескертілуі тиіс.

Сүйек жүйесі. Сүйек тінінің минералды тығыздығын (СТМТ) АИВ –1 жұқтырған, сыртартқысында патологиялық сынулары немесе остеопения қаупі бар емделушілерде мониторингтеу қажет. Кальций препараттарының D витаминімен біріктірілімінің тиімділігі зерттелмесе де, бұл препараттарды қолдану барлық емделушілер үшін пайдалы болуы мүмкін. Егер сүйек тарапынан жағымсыз реакцияларға күдік болса, тиісті кеңес алу керек. Тенофовир дизопроксилі фумаратын қолданған кезде омыртқаның бел және жамбас аумағында СТМТ төмендегені, клиникалық маңызды сынулар (аяқ пен қол саусақтарынан басқа), сүйек метаболизмінің биохимиялық маркерлері деңгейінің айқын жоғарылауы (сарысулық сүйектік-спецификалық сілтілік фосфатаза, сарысулық остеокальцин, сарысулық С-телопептид, несептегі N-телопептид), сарысудағы паратиреоидты гормон және D витамині 1,25- дигидрокси деңгейінің артуы жөнінде хабарланған. Тенофовир дизопроксилі фумаратын қолданғанда остеомаляция жағдайы (проксимальді бүйректік тубулопатиямен астасқан) туралы хабарламалар болды.

АИВ-1 мутациясы бар емделушілер

Тенофовир дизопроксил фумараты, Ламивудин препаратын K65R, M184V/І мутациясымен АИВ-1 штаммдарын жұқтырған емделушілерге тағайындауға болмайды.

Егде жастағы емделушілер.

Тенофовир дизопроксил фумараты және Ламивудин препаратын егде жастағы емделушілерге, бұл емделушілерде болатын бауыр, бүйрек немесе жүрек функцияларының бұзылу жиілігінің артуын, қатарлас жүретін ауруларды және басқа да дәрі-дәрмектік емді ескере отырып сақтықпен тағайындау керек.

Балалар және жасөспірімдер

Емделушілердің бұл санатында препаратты қолданудың тиімділігі және қауіпсіздігі жөнінде мәліметтердің жоқ болуына байланысты, Тенофовир дизопроксил фумараты және Ламивудин препаратын 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерге қолдану ұсынылмайды.

Контрацепция

Тенофовир дизопроксил фумараты және Ламивудин препаратын қабылдайтын бала туатын жастағы әйелдер жүктіліктен сақтану керек. Тенофовир дизопроксил фумараты және Ламивудин препаратын қабылдау кезінде бөгеттік контрацепция тәсілі әрқашанда контрацепцияның басқа әдістерімен біріктіріліп қолданылуы тиіс (мысалы, гормональді контрацепциялық дәрілер). Бала туу жасындағы әйелдер Тенофовир дизопроксил фумараты және Ламивудин препаратын қолданар алдында жүктілікке тест өтуі тиіс.

Жүктілік және лактация кезеңі

Жүкті әйелдерде Тенофовир дизопроксил фумараты және Ламивудиннің бекітілген біріктірілімінің және оның компоненттерін қолданудың тиімділігі және қауіпсіздігі жөнінде талапқа сай және жақсы бақыланатын зерттеудің жоқтығына байланысты Тенофовир дизопроксил фумараты және Ламивудиннің бекітілген біріктірілімін жүктілік кезінде қабылдау ұсынылмайды. АИВ берілуінің қосарланған қаупі бар болғандықтан және препараттың белсенді компоненттерінің сәбиге күрделі негативті жағымсыз әсері болуы мүмкіндігіне байланысты, аналарды бекітілген біріктірілімдер қолдану кезінде емшекпен қоректендіруге жол берілмейтіндігі туралы хабардар еткен жөн.

Дәрілік заттың көлік құралдарын және әлеуетті қауіпті механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері

Автомобильдерді басқару және механизмдермен жұмыс істеу қабілетіне әсері жөнінде ешқандай зерттеулер жүргізілмеген. Дегенмен, емделушілер тенофовир дизопроксилі фумаратымен емдеу кезінде бас айналуы байқалғаны жөнінде хабардар болуы тиіс. Осы симптомдарды бастан кешірген емделушілерге машиналарды жүргізу немесе пайдалану сияқты қауіптілігі зор жұмыстардан аулақ болуы керектігі жөнінде түсіндіру қажет.

Артық дозалануы

Ламивудин

Симптомдары: ересек адаммен 6 грамм ламивудинді ішіп қоюдың бір жағдайы туралы хабарланды, бірақ ешқандай клиникалық белгілер немесе симптомдар байқалған жоқ, сондай-ақ гематологиялық тестілер нәтижесі қалыпты деңгейде қалды.

Емі: ламивудин және тенофовир дизопроксилі фумаратының белгілі уыт қайтарғысы жоқ.

Ламивудин: гемодиализ арқылы (4 сағат) ламивудиннің аздаған мөлшері шығарылатын болғандықтан, ламивудин артық дозаланған жағдайда үздіксіз амбулаторлық перитонеальді диализ және автоматты перитонеальді диализ секілді үздіксіз гемодиализ клиникалық артықшылық беретіні бермейтіні белгісіз. Артық дозаланған жағдайда емделуші бақылауда болуы керек және қажетіне қарай стандартты демеуші ем алуы керек.

Тенофовир дизопроксил фумараты

Симптомдары: тенофовир дизопроксилі фумаратының 300 мг емдік дозасынан асатын дозаларда препаратты қолдану жөніндегі шектеулі клиникалық деректер бар. Бір зерттеу кезінде 8 емделуші 600 мг тенофовир дизопроксил фумаратын 28 күн ішінде қабылдаған. Елеулі жағымсыз реакциялар тіркелген жоқ. Одан жоғары дозаларын қолданғандағы реакциялары белгісіз.

Емі: артық дозаланған жағдайда емделуші уыттылық белгілерін анықтау үшін бақылауда болуы және қажет болғанда стандартты демеуші ем алуы керек. Тенофовир шамамен 54% экстракция коэффициентімен гемодиализ арқылы организмнен тиімді шығарылады. Тенофовир дизопроксилі фумаратының 300 мг бір дозасын қабылдағаннан кейін гемодиализдің 4 сағаттық сеансі кезінде тенофовирдің енгізілген дозасының шамамен 10% шығарылды.

Шығарылу түрі және қаптамасы

30 таблеткадан ақ бұралып жабылатын қақпағымен, жоғары тығыздықтағы полиэтиленнен жасалған ақ мөлдір емес құтыға салынған.

1 құтыдан медицинада қолданылуы жөніндегі мемлекеттік және орыс тіліндегі нұсқаулықпен бірге картоннан жасалған пәшкеге салынған.

Сақтау шарттары

30 °С-ден аспайтын температурада сақтау керек.

Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!

Сақтау мерзімі

24 ай

Қаптамасында көрсетілген жарамдылық мерзімі өткеннен кейін пайдалануға болмайды.

Дәріханалардан босатылу шарттары

Рецепт арқылы

Өндіруші

Mylan Laboratories Limited

F-4& F-12, MIDC, Malegaon, Sinnar,

Nashik – 422 113, Мaharashtra, Үндістан

Тіркеу куәлігінің иесі

Mylan Laboratories Limited, Үндістан

Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан өнім (тауар) сапасына қатысты шағымдарды қабылдайтын ұйымның мекенжайы

«APC Healthcare Limited» өкілдігі

050040, Алматы қ-сы, Попов к-сі 19, 301 кеңсе

Тел: (8727) 260-84-33, факс: (8727) 386-82-25

E-mail: rahulsingh@apchealthcare.com

 

 

 

Прикрепленные файлы

473871171477976687_ru.doc 152 кб
496239341477977826_kz.doc 194 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту

Источники

Национальный центр экспертизы лекарственных средств, изделий медицинского назначения и медицинской техники