Твинста® (80 мг/5 мг)

МНН: Амлодипин, Телмисартан
Производитель: Берингер Ингельхайм Фарма ГмбХ и Ко. КГ
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Телмисартан и амлодипин
Номер регистрации в РК: № РК-ЛС-5№020195
Информация о регистрации в РК: 17.11.2023 - 17.11.2033

Инструкция

Саудалық атауы

ТВИНСТА®

Халықаралық патенттелмеген атауы

Жоқ

Дәрілік түрі

80 мг/5 мг, 80 мг/10 мг таблеткалар

Құрамы

Бір таблетканың құрамында

телмисартан қабаты

белсенді зат - 80 мг телмисартан,

қосымша заттар: натрий гидроксиді, повидон К25, меглумин, сорбитол, магний стеараты,

амлодипин қабығы

белсенді зат - 6.935 мг немесе 13.870 мг амлодипин бесилаты (сәйкесінше, 5 мг немесе 10 мг амлодипинге баламалы).

қосымша заттар: микрокристалды целлюлоза, желатинделген крахмал, жүгері крахмалы, коллоидты кремний қостотығы, бояулар қоспасы, магний стеараты.

Сипаттамасы

Сопақша пішінді, екі жақ беті дөңес, екі қабатты таблеткалар: бір қабаты ақтан ақ дерлік түске дейін, басқа қабаты көгілдір түсті. Таблетканың ақ бетінде фирманың логотипі және «А3» өрнегі бар (80 мг/5 мг доза үшін), таблетканың басқа жағы тегіс.

Сопақша пішінді, екі жақ беті дөңес, екі қабатты таблеткалар: бір қабаты ақтан ақ дерлік түске дейін, басқа қабаты көгілдір түсті. Таблетканың ақ бетінде фирманың логотипі және «А4» өрнегі бар (80 мг/10 мг доза үшін), таблетканың басқа жағы тегіс.

Фармакологиялық тобы

Ангиотензин II антагонистері. Басқа препараттармен біріктірілген ангиотензин II антагонистері. Ангиотензин II антагонистері және кальций өзектерінің блокаторлары. Телмисартан және амлодипин.

ATХ коды C09DB04

Фармакологиялық қасиеттері

Фармакокинетикасы

Белгіленген дозалар біріктірілімінің фармакокинетикасы

ТВИНСТА препаратының сіңу жылдамдығы және дәрежесі телмисартанның және амлодипиннің биожетімділігіне оларды бөлек қолданған жағдайда баламалы болады.

Сіңуі. Телмисартанның сіңуі, препараттың сіңірілетін мөлшері әртүрлі болса да, тез жүреді. Телмисартанның орташа абсолютті биожетімділігі шамамен 50%-ды құрайды. Тамақ ішу телмисартанның биожетімділігін едәуір төмендетіп, плазмада «концентрация-уақыт» қисығы астындағы ауданның (AUC) мәнін азайтады, ол 40 мг доза қабылдағандағы 6%-дан бастап, 160 мг дозадағы 19%-ға дейін құбылады. Телмисартанды қабылдағаннан кейін 3 сағаттан соң қан плазмасындағы оның концентрациясы, тамақ ішуден тыс, барлық дозалар үшін бірдей болады. AUC мәнінің аздаған азаюы емдік тиімділігінің төмендеуін туындатпайды.

Амлодипинді ішке емдік дозаларда қабылдағаннан кейін плазмада ең жоғары концентрацияға 6-12 сағаттан соң жетеді. Абсолюттік биожетімділігі 64%-дан 80%-ға дейінді құрайды. Тамақ ішу амлодипиннің биожетімділігіне ықпалын тигізбейді.

Таралуы. Телмисартан плазма ақуыздарымен (>99,5%), негізінен альбуминмен және альфа-1 қышқыл гликопротеинмен жоғары дәрежеде байланысады. Тепе-тең жағдайда орташа болжамды таралу көлемі (Vss) шамамен 500 л құрайды.

Амлодипиннің таралу көлемі шамамен 21 л/кг құрайды. Іn vitro зерттеулерде гипертензиясы бар пациенттерде қанда айналымда болатын амлодипиннің шамамен 97,5%-ы плазма ақуыздарымен байланысатынын көрсетті.

Метаболизмі. Телмисартан глюкуронидпен конъюгация жолымен метаболизденеді. Конъюгаттың фармакологиялық белсенділігі байқалған жоқ.

Амлодипин бауырда едәуір дәрежеде (шамамен 90%) метаболизденіп, белсенді емес метаболиттер түзеді.

Шығарылуы. Телмисартанның терминальді жартылай шығарылу кезеңі >20 сағат болатын биэкспонециальді сипаттағы фармакокинетикасы бар. Қан плазмасындағы ең жоғары концентрациясы (Сmax) және, аз дәрежеде, AUC мәнінің өсуі дозаға пропорционалды емес. Ұсынылған дозаларда қолданғанда телмисартанның клиникалық тұрғыдан маңызды жиналуы байқалған жоқ. Плазмадағы концентрациясының деңгейі, еркектерге қарағанда, әйелдерде жоғары болды, бұның тиімділікке қатысы байқалған жоқ.

Пероральді қолданудан кейін телмисартан өзгермеген күйінде нәжіспен толық дерлік шығарылады. Несеппен жалпы экскрециясы дозаның <1%-ын құрайды. Жалпы плазмалық клиренсі (СLtot) жоғары (бауырдағы қан ағынымен салыстырғанда шамамен 1000 мл/мин (шамамен 1500 мл/мин).

Қан плазмасынан амлодипиннің шығарылуы екі фазада жүреді, жартылай шығарылуының ақырғы кезеңі шамамен 30-50 сағатты құрайды. Плазмадағы тұрақты деңгейге препаратты 7-8 күн бойы тұрақты қабылдаудан кейін жетеді. Бастапқы амлодипинның 10%-ы және оның метаболиттерінің 60%-ы несеппен шығарылады.

Дозаға байланыстылығы/байланыссыздығы. AUC мәнінің аздап төмендеуі телмисартан үшін емдік тиімділігінің азаюына әкелмейді. Дозалар мен плазмадағы деңгейлері арасында дозаға байланысты тәуелділік жоқ. 40 мг-ден жоғары дозаларда Cmax және, аз дәрежеде AUC мәндерінің артуы пропорционалды болмайды.

Амлодипинге дозаға байланысты фармакокинетика тән.

Пациенттердің ерекше топтары

18 жасқа дейінгі балалар. Фармакокинетикалық деректер жоқ.

Жынысы. Плазмада телмисартан концентрациясының жынысқа байланысты айырмашылықтары байқалады. Әйелдерде Cmax және AUC мәндері, еркектерге қарағанда, сәйкесінше шамамен 3 және 2 есе жоғары, ол препараттың тиімділігіне елеулі ықпалын тигізбейді.

Егде жастағы пациенттер. Егде жастағы пациенттер мен жастау пациенттер арасында телмисартанның фармакокинетикасында айырмашылықтар жоқ. Жас және егде жастағы пациенттерде қан плазмасындағы амлодипин концентрациясының ең жоғары шекке жету уақыты ұқсас. Егде жастағы пациенттерде амлодипин клиренсінің төмендеу үрдісі бар, соның нәтижесі AUC мәндері мен элиминациялық жартылай шығарылу кезеңінің артуына әкеледі.

Бүйрек функциясының бұзылуы. Бүйрек функциясының жеңілден орташаға дейінгі және ауыр дәрежедегі бұзылуы бар пациенттерде қан плазмасындағы телмисартан концентрациясының екі есе артуы байқалады. Алайда, диализде жүрген, бүйрек функциясының жеткіліксіздігі бар пациенттерде қан плазмасындағы телмисартан концентрациясының төмендегені байқалды. Телмисартан плазма ақуыздарымен едәуір дәрежеде байланысады және диализ жолымен шығарылуы мүмкін емес. Бүйрек функциясы бұзылған пациенттерде жартылай шығарылу кезеңінің айырмашылығы жоқ. Амлодипиннің фармакокинетикасы айтарлықтай өзгермейді.

Бауыр функциясының бұзылуы. Бауыр функциясы бұзылған пациенттерде фармакокинетикасына жүргізілген зерттеулер телмисартанның биожетімділігінің 100%-ға дейін дерлік артқанын көрсетті. Жартылай шығарылу кезеңі өзгерген жоқ. Амлодипиннің клиренсі төмендеді, ол AUC мәндерінің шамамен 40-60%-ға артуына әкелді.

Фармакодинамикасы

ТВИНСТА препараты эссенциальді артериялық гипертензиясы бар пациенттерде артериялық қысымның өзара бірін-бірі толықтыратын механизмдері бар гипертензияға қарсы екі заттың: ангиотензин II рецепторларының антагонисі – телмисартан мен кальций өзектерінің дигидропиридинді блокаторы – амлодипиннің біріктірілімі болып табылады.

Осы заттардың біріктірілімі, компоненттердің әрқайсысын жеке қабылдағанға қарағанда, гипертензияға қарсы әсерінің өте жоғары дәрежеде болуын қамтамасыз етеді.

ТВИНСТА препаратын емдік дозаларда тәулігіне бір рет қабылдау емдік дозаның барлық 24 сағаттық диапазоны ішінде артериялық қысымның тиімді және тұрақты төмендеуін қамтамасыз етеді.

Телмисартан ішке қабылдауға арналған ангиотензин II рецепторларының (AT1 типті) тиімді және спецификалық (селективтік) антагонисі болып табылады. Телмисартан ангиотензин II-нің орнын алмастырып, ангиотензин IІ-нің AT1- рецепторларының қосалқы түрімен ғана өте жоғары дәрежеде ұқсас болатын байланыс түзеді. Телмисартан AT1 рецепторларға қатысты агонисіне, олармен селективті байланыса отырып, ешқандай ішінара белсенділік танытпайды. Байланысуы ұзақ мерзімдік сипатқа ие. Телмисартанның ангиотензиннің AT2 – рецепторларын қоса басқа рецепторларға, және аз зерттелген басқа AT рецепторларға ұқсастығы жоқ. Осы рецепторлардың функциялық рөлі, олардың деңгейі телмисартанның арқасында артатын ангиотензин II-нің ықтимал шамадан тыс стимуляциялану әсері сияқты, белгісіз.

Телмисартан қан плазмасында альдостеронның деңгейін төмендетеді және ангиотензин өзгертуші ферменттің (киназа II), оның қатысуымен брадикининнің синтезі төмендейтін, белсенділігін баспайды. Телмисартан адамның плазмасында ренинді тежемейді және ион өзектерін бөгемейді. Сондықтан брадикининнен туындайтын жағымсыз әсерлердің күшеюі болмайды.

Телмисартанның 80 мг дозасы аясында ангиотензин II тежелуі 24 сағаттан астам бойы сақталады және 48 сағатқа дейін созылады.

Телмисартанның алғашқы дозасын қабылдағаннан кейін гипертензияға қарсы белсенділігі 3 сағат ішінде біртіндеп білінеді. Артериялық қысым ең жоғары төмендеуіне емдеуді бастағаннан кейін 4-8 апталарда жетеді және ұзақ емдеу кезеңі бойы сақталады.

Телмисартанның гипертензияға қарсы әсері, келесі дозаны қабылдау алдындағы соңғы 4 сағатты қоса, қабылдаудан кейінгі 24 сағаттан астам бойы үздіксіз сақталады. Бұл деректер плацебо-бақыланатын клиникалық зерттеулер аясында 40 мг және 80 мг телмисартанды қабылдаудан кейін 80%-дан жоғары деңгейде қалдық концентрациядан ең жоғары шектегі концентрацияға дейін тұрақты сақталуымен айғақталады.

Базалық систолалық артериялық қысымның қалпына келу уақытында дозаға тәуелділік бар, диастолалық артериялық қысымға қатысты деректер бұған қарама-қайшы.

Гипертензиясы бар пациенттерде телмисартан систолалық және диастолалық артериялық қысымды жүректің жиырылу жиілігін өзгертпей төмендетеді. Телмисартанның гипертензияға қарсы тиімділігі басқа кластардың гипертензияға қарсы препараттарымен ұқсас, ол телмисартанді амлодипинмен, атенололмен, эналиприлмен, гидрохлоротиазидпен, лозартанмен, лизиноприлмен, рамиприлмен және валсартанмен салыстырған клиникалық зерттеулерде көрсетілді.

Телмисартанмен емдеуді кенеттен тоқтатқан жағдайда артериялық қысым бірнеше күн ішінде емдеуді бастағанға дейінгі мәніне гипертензияның тез қайта жаңғыру белгілерінсіз оралады («тоқтату» синдромы жоқ).

Гипертензиясы және сол жақ қарыншаның гипертрофиясы бар пациенттерді телмисартанмен емдеу сол жақ қарынша массасының және сол жақ қарынша массасы индексінің статистикалық тұрғыдан маңызды азаюымен қатар жүреді.

Лозартан, рамиприл және валсартан сияқты салыстыру препараттарын қолданып жүргізілген клиникалық зерттеулер гипертензиясы және диабеттік нефропaтиясы бар пациенттерді телмисартанмен емдеу протеинурияның (соның ішінде микроальбуминурияның және макроальбуминурияның) статистикалық тұрғыдан маңызды азаюымен қатар жүретінін көрсетті.

Клиникалық зерттеулерде гипертензияға қарсы емдеудің екі түрін тікелей салыстырғанда телмисартан қабылдаған пациенттерде құрғақ жөтел жағдайларының жиілігі ангиотензин өзгертетін фермент тежегіштерін қабылдап жүргендерге қарағанда, едәуір төмен болды.

Рандомизацияланған бақыланатын масштабтық екі зерттеуде (ONTARGET (ONgoing Telmisartan Alone and in combination with Ramipril Global Endpoint Trial) және VA NEPHRON-D (The Veterans Affairs Nephropathy in Diabetes)) АӨФ тежегіштері мен ангиотензин IІ рецепторлары тежегіштерінің біріктірілімін қолдану зерттелді. ONTARGET зерттеуге рецепторларды зақымдану жағдайларымен қатар жүретін жүрек-қантамырлық немесе церебральді-васкулярлық аурулары, 2-ші типті қант диабеті бар пациенттер қатысты. VA NEPHRON-D зерттеулеріне 2-ші типті қант диабеті және диабеттік нефропатиясы бар пациенттер қатысты.

Осы зерттеулер бүйрек және/немесе жүрек-қантамыр жүйесі ауруларының нәтижесіне және өлімге айтарлықтай оң әсерін көрсеткен жоқ, ал сол уақытта монотерапия жүргізген кезде алынған деректермен салыстырғанда, гиперкалиемия, бүйрек функциясының жедел жеткіліксіздігі және/немесе гипотензия үшін қауіптің артқаны байқалды. Ұқсас фармакодинамикалық қасиеттерін ескерсек, бұл нәтижелер де АӨФ басқа тежегіштеріне және ангиотензин IІ рецепторларының блокаторларына жатқызылуы мүмкін.

Осы себепті диабеттік нефропатиясы бар пациенттерге АӨФ тежегіштері мен ангиотензин IІ рецепторларының блокаторларын бірге қолданбаған жөн.

Амлодипин – дигидропиридин тобына кіретін кальций иондары ағынының тежегіші (баяу өзектердің блокаторлары немесе кальций иондарының антагонистері). Ол миокард жасушаларына және қантамырлардың тегіс бұлшық еттерінің жасушаларына кальций иондарының трансжарғақшалық ағынын тежейді.

Амлодипиннің гипертензияға қарсы әсер ету механизмі қантамырлардың тегіс бұлшық ет жасушаларына тікелей босаңсытатын әсерінен тұрады, ол байланысудың дигидропиридинді және дегидропиридинді емес жерлерімен қосылып, шеткері қантамырлық кедергінің және артериялық қысымның төмендеуіне әкеледі. Амлодипиннің қантамырларға қатысты әсер етуі селективті, ол миокард жасушаларына қарағанда, қантамырлық тегіс бұлшық ет жасушаларына көбірек ықпалын тигізеді.

Гипертензиясы бар пациенттерде амлодипинді күніне 1 рет қолдану жату кезінде де, сонымен қатар түрегеліп тұру кезінде де, 24 сағат бойы артериялық қысымның клиникалық тұрғыдан маңызды төмендеуін қамтамасыз етеді. Препараттың әсер етуінің баяу басталуы салдарынан амлодипинді қолдану кезіне жедел гипотензия тән емес.

Гипертензиясы бар және бүйрек функциясы қалыпты пациенттерде амлодипин емдік дозаларда бүйрек қантамырлары кедергісінің азаюына, шумақтық сүзілу жылдамдығының артуына және бүйректерде плазмалық тиімді ағынына әкелді, ол сүзілу фракциясының өзгеруімен немесе протеинуриямен қатар жүрген жоқ.

Амлодипин қандай да болсын метаболизмдік жағымсыз әсерлерге немесе плазма липидтерінің өзгерулеріне әкелген жоқ, сондықтан бронх демікпесі, қант диабеті және подаграсы бар пациенттерге қолдануға болады.

Жүрек функциясының жеткіліксіздігі бар пациенттер. Бақыланатын клиникалық зерттеулерде гемодинамикасын және дене жүктемесін көтере алмаушылығын зерттеу жүрек функциясының NYHA жіктеуі бойынша II-IV класқа жататын жеткіліксіздігі бар пациенттерде амлодипиннің жүктемелерге төзімділігін, сол жақ қарыншаның лықсу фракциясын және клиникалық біліністерін анықтау жолымен баға берілетін жүрек функциясы жеткіліксіздігінің клиникалық нашарлауына әкелмегенін көрсетті.

Плацебо-бақыланатын зерттеу (PRAISE) дигоксин, диуретиктер және АӨФ тежегіштерін қабылдап жүрген, жүрек функциясының NYHA жіктеуі бойынша II-IV класқа жататын жеткіліксіздігі бар пациенттерде амлодипин өлім қаупінің және/немесе жүрек функциясы жеткіліксіздігі аурушаңдығының жоғарылауына әкелмегенін көрсетті.

ТВИНСТА дәрілік препараты

Жеңілден ауыр дәрежеге дейінгі гипертензиясы бар (орташа диастолалық қысымы ≥ 95-тен ≤ 119 мм с. б. ауқымында құбылды) пациенттердің қатысуымен жүргізілген 8 апталық көп орталықтық рандомизацияланған салыстырмалы жасырын плацебо-бақыланатын факторлық зерттеуде ТВИНСТА препаратының дозалары біріктірілімінің әрқайсысымен емдеу, тиісті компоненттермен монотерапиямен салыстырғанда, диастолалық және систолалық артериялық қысымның едәуір төмендеуіне және реттеу жылдамдығының жоғарырақ болуына әкелді.

Кейінгі көп орталықтық рандомизацияланған, салыстырмалы жасырын, бақыланатын зерттеулерде 5 мг немесе 10 мг дозадағы амлодипин арқылы тиісінше бақылауге әкелмеген, жеңілден ауыр дәрежеге дейінгі гипертензиясы бар пациенттерде ТВИНСТА препаратымен (40 мг/5 мг немесе 80 мг/5 мг) немесе амлодипинмен (5 мг немесе 10 мг) емдеудің қатарлас топтарында, емдеуді бастағаннан кейін 8 аптадан соң препарат біріктірілімінің әрқайсысы, амлодипинмен монотерапияның екі түрімен салыстырғанда, систолалық және диастолалық артериялық қысымды төмендетуі тұрғысынан статистикалық маңызды басымдық көрсетті.

Ашық ұзақ мерзімдік сәйкес екі зерттеудегі кейінгі 6 ай ішінде жүргізілген жүйелі бақылауларда зерттеудің бүкіл кезеңі ішінде ТВИНСТА препаратының әсері сақталды. Бұдан басқа, 40 мг/10 мг доза ТВИНСТА препаратының жәрдемімен толық бақыланбайтын артериялық қысымы бар пациенттерде дозаны 80 мг/10 мг дейін арттырғанда артериялық қысымның қосымша төмендеуі байқалды.

Клиникалық зерттеулер бағдарламасында ТВИНСТА препаратының жағымсыз реакцияларының жалпы жиілігі төмен болды, және пациенттердің 12,7%-ы ғана жағымсыз реакцияларды басынан кешті. Өте жиі кездесетін жағымсыз реакциялар шеткері ісіну және бас айналу, олар телмисартан мен амлодипин компоненттерінің тіркелген қауіпсіздігі бейініне сәйкес келеді. Жаңа немесе өте күрделі жағымсыз реакциялар байқалған жоқ. Ісінумен (шеткері ісіну, жайылған ісіну және ісіну) байланысты оқиғалар саны, 10 мг амлодипин қабылдаған пациенттермен салыстырғанда, ТВИНСТА препаратын қабылдаған пациенттерде біркелкі төмендеді.

ТВИНСТА препаратының гипертензияға қарсы әсері пациенттердің жасына және жынысына байланысты болған жоқ, және қант диабеті бар және жоқ пациенттерде ұқсас болды.

Қолданылуы

  • эссенциальді артериялық гипертензияны емдеуде

Қосымша ем: 80 мг/ 5 мг және 80 мг/10 мг доза ТВИНСТА препараты телмисартанның/амлодипинның аз дозаларымен емдеу артериялық қысымды тиісінше бақылауға әкелмеген пациенттерге қолданылады.

Орнын басатын ем: телмисартанды және амлодипинді жеке таблетка түрінде қабылдап жүрген пациенттер компоненттердің осындай дозасы бар ТВИНСТА препаратын қабылдауға ауысуы мүмкін.

Қолдану тәсілі және дозалары

Ересек пациенттер: ТВИНСТА препаратын күніне бір рет қабылдайды.

Препараттың ұсынылатын ең жоғары дозасы тәулігіне 80 мг телмисартан және 10 мг амлодипин.

Препарат ұзақ емдеу курсына арналған.

Қосымша ем: ТВИНСТА препараты 80 мг/ 5 мг және 80 мг/10 мг дозаларда телмисартанмен немесе аз дозаларда амлодипинмен емдеу артериялық қысымды тиісінше бақылауға әкелмеген пациенттерге қолданылады.

Белгіленген дозалар біріктіріліміне ауысар алдында амлодипин және телмисартан препараты компоненттерінің дозасын жекелей таңдау ұсынылады. Клиникалық мақсатқа сай болған жағдайда монотерапиядан белгіленген дозалар біріктіріліміне тікелей ауыстыру қарастырылуы мүмкін.

Кез келген дозада қабылдаған кезде препаратты қабылдау шектелетін жағымсыз реакциялар (мысалы, ісінулер) байқалатын, амлодипинді 10 мг дозада қабылдап жүрген пациенттер күніне 1 рет 80 мг/5 мг доза ТВИНСТА препаратын қабылдауға ауысуы мүмкін, бұл амлодипин дозасын азайтуға мүмкіндік береді, бірақ гипертензияға қарсы күтілетін жалпы әсерді азайтпайды.

Орнын басатын ем: телмисартанды және амлодипинді жеке таблетка түрінде қабылдап жүрген пациенттер құрамында сондай дозадағы компоненттері бар ТВИНСТА препаратына ауысуы мүмкін, және ыңғайлы және емдеу режимін сақтау үшін күніне бір рет бір таблеткадан қабылдау керек.

Пациенттердің ерекше топтары

Егде жастағы пациенттер (> 65 жас): дозаны өзгертуді қажет етпейді.

Бүйрек функциясының бұзылуы («Айрықша нұсқаулар» бөлімін қараңыз): бүйрек функциясының жеңіл және орташа дәрежедегі бұзылулары бар пациенттерде препарат дозасын өзгерту қажет емес. Бүйрек функциясының ауыр дәрежедегі бұзылуы бар пациенттерде немесе гемодиализде жүрген пациенттерде қолдану тәжірибесі шектеулі. Мұндай пациенттерге телмисартан/амлодипинді сақтықпен қолданған жөн, өйткені амлодипин және телмисартан диализденбейді.

Бауыр функциясының бұзылуы: ТВИНСТА препаратын бауыр функциясының бұзылуы ауыр дәрежедегі пациенттерге қолдануға болмайды («Қолдануға болмайтын жағдайлар» бөлімін қараңыз). Бауыр функциясының әлсізден орташа дәрежеге дейінгі бұзылулары бар пациенттер ТВИНСТА препаратын абайлап қабылдағаны жөн. Телмистартанның дозасы күніне бір рет 40 мг-ден аспауы тиіс («Айрықша нұсқаулар» бөлімін қараңыз).

18 жасқа дейінгі балалар: ТВИНСТА препараты 18 жасқа дейінгі балаларға, оның қауіпсіздігі мен тиімділігі жөнінде деректер жоқ болғандықтан, қолдануға ұсынылмайды.

Қолдану тәсілі: препаратты тамақ ішуге қарамай-ақ, ішке аздаған мөлшерлі сұйықтықпен ішіп қабылдау керек.

Жағымсыз әсерлері

Қауіпсіздік бейініне қысқаша сипаттама:

Өте жиі тіркелген жағымсыз реакциялар бас айналу және шеткері ісінулер болды, ауыр естен танулар сирек туындауы мүмкін.

Белгіленген дозалар біріктірілімі: ТВИНСТА препаратының қауіпсіздігіне және жағымдылығына 3500-ден астам пациенттер, оның 2500-ден астамы телмисартанды амлодипинмен біріктіріп қабылдаған пациенттер тартылған бақыланатын клиникалық бес зерттеу барысында баға берілді.

Жағымсыз реакциялардың жиынтық кестесі: жағымсыз реакциялар абсолюттік жиілігінің азаю ретімен берілген. Жиіліктері «өте жиі» (1/10); «жиі» (1/100-ден < 1/10 дейін); «жиі емес» (1/1000-нан < 1/100 дейін); «сирек» (1/10 000-нан < 1/1000 дейін); «өте сирек» (< 1/10 000), «белгісіз» (қолда бар деректер негізінде баға беру мүмкін емес) деп берілген.

Ағзалар жүйесінің

класы

ТВИНСТА

Телмисартан

Амлодипин

Инфекциялық және паразиттік аурулар

Жиі емес

 
  • жоғарғы тыныс жолдарының инфекциялары, фарингит және синуситті қоса

  • несеп шығару жолдарының инфекциялары, циститті қоса

 

Сирек

  • цистит

  • сепсис, өліммен аяқталуы мүмкін 1

 

Қан түзу және лимфалық жүйелер тарапынан бұзылулар

Жиі емес

 
  • анемия

 

Сирек

 
  • тромбоцитопения

  • эозинофилия

 

Өте сирек

   
  • лейкопения

  • тромбоцитопения

Иммундық жүйе тарапынан бұзылулар

Сирек

 
  • аса жоғары сезімталдық реакциялары

  • анафилаксиялық реакциялар

 

Өте сирек

   
  • аса жоғары сезімталдық реакциялары

Метаболизм және тамақтану тарапынан бұзылулар

Жиі емес

 
  • гиперкалиемия

 

Сирек

 
  • гипогликемия (қант диабеті бар науқастарда)

 

Өте сирек

   
  • гипергликемия

Психикалық бұзылыстар

Жиі емес

   
  • көңіл-күйдің өзгеруі

Сирек

  • депрессия

  • мазасыздық

  • ұйқысыздық

 
  • сананың шатасуы

Жүйке жүйесі тарапынан бұзылулар

Жиі

  • бас айналу

   

Жиі емес

  • ұйқышылдық

  • бас сақинасы

  • бас ауыру

  • парестезиялар

   

Сирек

  • естен танулар

  • шеткері нейропатия

  • гипостезия

  • дисгевзия

  • тремор

   

Өте сирек

   
  • экстрапирамидалық синдром

Көру мүшелері тарапынан бұзылулар

Жиі емес

   
  • көру жітілігінің нашарлауы

Сирек

 
  • көрудің бұзылуы

 

Есту мүшесі және вестибулярлы аппарат тарапынан бұзылулар

Жиі емес

  • вертиго

 
  • құлақтың шуылдауы

Жүрек-қантамыр жүйесі тарапынан бұзылулар

Жиі емес

  • брадикардия

  • жүректің қағуы

   

Сирек

 
  • тахикардия

 

Өте сирек

   
  • миокард инфарктісі

  • аритмия

  • қарыншалық тахикардия

  • жүрекшелердің фибрилляциясы

Қантамырлық бұзылулар

Жиі емес

  • гипотензия

  • ортостатикалық гипотензия

  • бетке қан тебу сезімі

   

Өте сирек

   
  • васкулит

Тыныс жүйесі, кеуде қуысы ағзалары және көкірек ортасы тарапынан бұзылулар

Жиі емес

  • жөтел

  • ентігу

  • ентігу

  • ринит

Өте сирек

  • өкпенің интерстициальді ауруы 3

   

Асқазан-ішектік бұзылыстар

Жиі емес

  • іштің ауыруы

  • диарея

  • жүректің айнуы

  • іштің кебуі

  • дефекация бұзылыстары

Сирек

  • құсу

  • қызылиектің гипертрофиясы

  • диспепсия

  • ауыздың кеберсуі

  • асқазан аймағында жайсыздық

 

Өте сирек

   
  • панкреатит

  • гастрит

Гепатобилиарлы жүйенің бұзылулары

Сирек

 
  • бауыр функциясының бұзылуы

  • бауыр тарапынан өзгерулер2

 

Өте сирек

   
  • гепатит

  • сарғаю

  • бауыр ферменттері деңгейінің жоғарылауы (көптеген жағдайда холестазбен қатар жүретін)

Тері және теріасты шелі тарапынан бұзылулар

Жиі емес

  • қышыну

  • гипергидроз

  • алопеция

  • пурпура

  • тері пигментациясының өзгеруі

  • гипергидроз

Сирек

  • экзема

  • эритема

  • бөртпе

  • ангионевроздық ісіну (Квинке ісінуі, соның ішінде өліммен аяқталатын)

  • дәрі-дәрмектік бөртпе

  • уытты бөртпе

  • есекжем

 

Өте сирек

   
  • ангионевроздық ісіну

  • мультиформалы эритема

  • есекжем

  • қабыршақты дерматит

  • Стивенс-Джонсон синдромы

  • Жарыққа сезімталдық

Сүйек-бұлшық ет жүйесі және дәнекер тіні тарапынан бұзылулар

Жиі емес

  • артралгиялар

  • бұлшық еттің түйілуі (аяқтардың құрысуы)

  • миалгиялар

   

Сирек

  • арқаның ауыруы

  • аяқ-қолдың ауыруы (аяқтың ауыруы)

  • сіңірлердің ауыруы (тендинитке ұқсассимптомдар)

 

Бүйрек және несеп шығару жолдары функцияларының бұзылулары

Жиі емес

 
  • бүйрек функциясының жедел жеткіліксіздігін қоса, бүйрек функциясының бұзылулары

  • несеп шығарудың бұзылуы

  • поллакиурия

Сирек

  • никтурия

   

Ұрпақ өрбіту жүйесі жұмысының бұзылулары және сүт безінің аурулары

Жиі емес

  • эректильді дисфункция

 
  • гинекомастия

Жалпы бұзылыстар

Жиі

  • шеткері ісінулер

   

Жиі емес

  • астения (әлсіздік)

  • кеуденің ауыруы

  • қажығыштық

  • ісіну

 
  • ауыр

Сирек

  • дімкәстік

  • тұмауға ұқсас синдром

 

Зертханалық көрсеткіштердің өзгерулері

Жиі емес

  • бауыр ферменттері деңгейінің жоғарылауы

  • қанда креатинин деңгейінің жоғарылауы

  • дене салмағының артуы

  • дене салмағының төмендеуі

Сирек

  • қанда несеп қышқылы деңгейінің жоғарылауы

  • қанда креатинфосфокиназа (КФК) деңгейінің жоғарылауы

  • гемоглобин деңгейінің төмендеуі

 

1 – жағдай кездейсоқ болуы немесе қазіргі таңдағы белгісіз механизмімен байланысты болуы мүмкін.

2 – тіркеуден кейінгі кезеңде байқалған бауыр функциясы бұзылуларының үлкен бөлігі осындай жағымсыз реакциялардың дамуына бейімірек Жапония тұрғындарында байқалды.

3 – өкпенің интерстициальді ауру жағдайлары (көбіне интерстициальді пневмония және эозинофильді пневмония) телмисартанды тіркеуден кейінгі тәжірибе нәтижесінде тіркелді. .

Қолдануға болмайтын жағдайлар

  • препараттың белсенді заттарына және кез келген компонентіне немесе дигидропиридин туындыларына жоғары сезімталдық

  • өт жолдарының обструкциялық аурулары

  • бауыр функциясының ауыр дәрежеде бұзылуы

  • кардиогенді шок

  • сол жақ қарыншаның обструкциялық аортальді стенозы (мысалы, аортальді стеноздың жоғары дәрежесі)

  • жедел миокард инфарктісінен кейін жүрек функциясының гемодинамикалық тұрғыдан тұрақсыз жеткіліксіздігі

  • қант диабеті немесе бүйрек функциясы бұзылған (ШСЖ <60 мл/мин/1,73 м2) пациенттерде ТВИНСТА препаратын және құрамында алискерен бар препараттарды бірге қабылдау

  • фруктозаның сирек тұқым қуалайтын жақпаушылығы

  • жүктіліктің ІІ және ІІІ триместрлері, лактация кезеңі

  • 18 жасқа дейінгі балалар

Дәрілермен өзара әрекеттесуі

Клиникалық зерттеулерде осы препараттың құрамына белгіленген дозаларда кіретін екі компоненттің арасында өзара әрекеттесулер байқалған жоқ.

Гипертензияға қарсы басқа да дәрілер

ТВИНСТА препараты гипертензияға қарсы басқа препараттардың гипотензиялық әсерін арттыруы мүмкін. Клиникалық маңызы бар басқа өзара әрекеттесулер анықталған жоқ.

Артериялық қысымды төмендететін препараттар: баклофен, амифостин, нейролептиктер және антидепрессанттар өзінің фармакологиялық қасиеттерінің арқасында гипертензияға қарсы барлық дәрілердің, соның ішінде ТВИНСТА препаратының гипотензиялық әсерін күшейтеді деп күтіледі. Бұдан басқа, ортостатикалық гипотензия алкогольмен өршуі мүмкін.

Глюкокортикостероидтар (жүйелік қолданылуы): гипертензияға қарсы әсері төмендеуі мүмкін.

Телмисартанды қабылдау себеп болатын өзара әеркеттесулер

Калийді ұстап қалатын диуретиктер немесе калий қоспалары: калийді ұстап қалатын диуретиктер, мысалы, спиронолактон, эплеренон, триамтерен немесе амилорид, калий қоспалары, құрамында калий бар тұз алмастырғыштар сарысуда калий деңгейінің едәуір артуына әкеп соғуы мүмкін. Диагностикаланған гипокалиемия жағдайында мұндай препараттарды сақтықпен қолданған жөн және қан сарысуында калий деңгейіне жиі мониторинг жүргізу ұсынылады.

Литий: литийді ангиотензин өзгертуші фермент (АӨФ) тежегіштерімен бір мезгілде қолдану кезінде сарысуда литий концентрациясының қайтымды түрде артуы және уыттылықтың дамуы жөнінде мәлімделді. Осындай жағдайлар сондай-ақ телмисартанды қоса, ангиотензин II рецепторларының антагонистерін бір мезгілде қолданған кезде де мәлімделді. Егер препараттарды осындай біріктірілімде қолдануды жоққа шығаруға болмаса, қан сарысуындағы литий деңгейіне мұқият мониторинг жасау ұсынылады.

Ренин-ангиотензин-альдостерон жүйесіне әсер ететін гипертензияға қарсы басқа да дәрілер: клиникалық зерттеулер ренин-ангиотензин-альдостерон жүйесін (ангиотензин өзгертуші фермент тежегіштерін, ангиотензин II рецепторларының антагонистерін немесе ренин-алискерен тежегіштерінің тікелей тежегіштерін біріктіру) қосарлы бөгеу, ренин-ангиотензин-альдостерон жүйесіне әсер ететін гипертензияға қарсы бір дәріні қолданумен салыстырғанда, гипотензия, гиперкалиемия және бүйрек функциясының төмендеуі (бүйрек функциясының жедел жеткіліксіздігінің дамуына дейін) сияқты жағымсыз әсерлердің жоғары жиілігімен байланысты екендігін көрсетті.

Сақтықты талап ететін препараттармен бір мезгілде қабылдау

Қабынуға қарсы стероидты емес препараттар (ҚҚСП): ҚҚСП, соның ішінде қабынуға қарсы дозаларда ацетилсалицил қышқылын, циклооксигеназа-2 тежегіштерін, селективті емес ҚҚСП және телмисартанға ұқсас ангиотензин II рецепторларының антагонистерін бір мезгілде қолданғанда ангиотензин II рецепторлары антагонистерінің гипотензиялық әсерінің азайғаны жөнінде мәлімделді.

Бүйрек функциясы төмендеген (мысалы, сусыздану орын алған пациенттер немесе бүйрек функциясы нашарлаған егде жастағы пациенттер) кейбір пациенттерде ангиотензин II рецепторлары антагонистерін ҚҚСП-пен, циклооксигеназа-2 тежегіштерімен бірге қолдану әдеттегі жағдайларда қайтымды болатын бүйрек функциясының жедел жеткіліксіздігін қоса, бүйрек функциясының нашарлауын туындатуы мүмкін. Дегенмен, мұндай препараттарды бірге қабылдау, әсіресе егде жастағы пациенттерде сақтықты қажет етеді. ҚҚСП және телмисартанды қабылдап жүрген пациенттерде адекватты су режимі (гидратация) қамтамасыз етілуі тиіс және емнің бас кезінде де, сонымен қатар емдеуден кейін де мезгіл-мезгіл бүйрек функциясын бақылап отыру қажет.

Рамиприл: зерттеулердің бірінде телмисартан мен рамиприлді бір мезгілде қолдану рамиприлдің және рамиприлаттың AUC0-24 және Cmax мәндерінің 2,5 есеге дейін артуына әкелді. Осы бақылаудың клиникалық маңыздылығы белгісіз.

Бірге қабылдаған кезде ескерілуі керек ақпарат

Дигоксин: телмисартанды дигоксинмен бірге қолданғанда қан плазмасындағы дигоксиннің орташа ең жоғары шектегі концентрациясының 49%-дан 20%-ға дейін артқаны байқалды. Бастапқы ем кезінде және түзететін емде немесе емдеуді тоқтатқан кезде емдік диапазон шегінде плазмадағы дигоксин деңгейін бақылаудың мақсатқа сай екендігіне көңіл бөлген жөн.

Амлодипинді қабылдаудан болатын өзара әрекеттесулер

Төменде көрсетілген препараттарды бір мезгілде қолданғанда сақтық танытқан жөн.

CYP3A4 тежегіштері: CYP3A4 тежегішін жас пациенттерде эритромицинмен бірге және егде жастағы пациенттерде дилтиаземмен бірге қабылдауға жүргізілген зерттеуде плазмадағы амлодипиннің концентрациялары, сәйкесінше, шамамен 22%-ға және 50%-ға артады. Осы бақылаудың клиникалық маңыздылығы мардымсыз. CYP3A4 өте белсенді тежегіштері (кетоконазол, итраконазол, ритонавир сияқты) плазмадағы амлодипиннің концентрациясын, дилтиаземге қарағанда, үлкен дәрежеде арттыруы мүмкін екендігін жоққа шығаруға болмайды. Амлодипин CYP3A4 тежегіштерімен сақтықпен қолданылуы тиіс, мұндайда тиісті жағымсыз әсерлер жөнінде мәлімделген жоқ.

CYP3A4 индукторлары [мысалы, рифампицин, кәдімгі шайқурай]: CYP3A4 индукторлары мен амлодипиннің өзара әрекеттесуіне қатысты деректер жоқ. Бірге қолдану плазмадағы амлодипин концентрациясының төмендеуіне әкеп соғуы мүмкін. CYP3A4 индукторларын қолдану кезінде, сондай-ақ оларды тоқтатқаннан кейін де амлодипинге клиникалық мониторинг жүргізіп, амлодипин дозасын мүмкіндігінше түзету ұсынылады.

Грейпфрут және грейпфрут шырыны: 240 мл грейпфрут шырынын 10 мг доза амлодипинмен бір мезгілде ішке қабылдау амлодипиннің фармакокинетикалық қасиеттеріне елеулі ықпалын тигізбейді. Дегенмен, бірқатар пациенттерде артериялық қысымның күшті жоғарылауына әкелетін биожетімділігінің ықтимал күшеюі салдарынан, препаратты грейпфрутпен немесе грейпфрут шырынымен бір мезгілде қабылдау ұсынылмайды.

Бірге қабылдаған кезде ескерілуі керек ақпарат

Такролимус: амлодипинді бірге қабылдағанда қанда такролимус деңгейінің жоғарылау қаупі бар, бірақ осы өзара әрекеттесудің фармакокинетикалық механизмі ақырына дейін зерттелген жоқ. Уыттылықтың туындауына жол бермеу үшін, такролимусмен ем қабылдап жүрген пациенттерде амлодипинмен бірге қабылдағанда қандағы такролимус деңгейіне мониторинг жүргізу және қажет болғанда дозаны түзету керек болады.

Циклоспорин: бүйрек трансплантациясын бастан кешкен, циклоспориннің қалдық концентрациясының (0-ден 40%-ға деінгі шектегі) жоғарылауының құбылмалылығы байқалған пациенттерді қоспағанда, циклоспорин және амлодипин арасында дәріаралық өзара әрекеттесуді білуге зерттеулер жүргізілген жоқ. Бүйрек трансплантациясын бастан кешкен және амлодипин қабылдап жүрген пациенттерде циклоспорин деңгейіне мониторинг жүргізуге көңіл бөлу және қажет болғанда циклоспориннің дозасын азайту керек.

Симвастатин: амлодипиннің көптеген дозаларын 80 мг симвастатинмен бірге қабылдау соңғысының әсерін, оларды бөлек қабылдаумен салыстырғанда, 77%-ға арттырады. Осылайша, амлодипин қабылдап жүрген пациенттерде симвастатиннің күндік дозасы күніне 20 мг-ге дейінмен шектелуі тиіс.

Басқа препараттар: амлодипинді дигоксинмен, варфаринмен, аторвастатинмен, силденафилмен, антацидтермен (алюминий гидроксиді, магний гидроксиді, симетикон), циметидинмен, циклоспоринмен, тиазидтік несеп айдағыштармен, бета-блокаторлармен, АӨФ тежегіштерімен, әсері ұзаққа созылатын нитраттармен, нитроглицеринмен (тіл астына салу түрінде қолданылатын), ҚҚСП, антибиотиктермен және басқа да пероральді гипогликемиялық препараттармен бірге қолданудың қауіпсіздігі анықталды. Амлодипинді және силденафилді бір мезгілде қолданғанда әрбір зат тәуелсіз гипотензиялық әсер танытады.

Айрықша нұсқаулар

Бауыр функциясының бұзылуы: телмисартан көбіне өтпен шығарылады. Өт шығару жолдарының обструкциясы немесе бауыр функциясының жеткіліксіздігі бар пациенттерде төмендеген клиренс байқалуы мүмкін. Амлодипиннің жартылай шығарылу кезеңі кальций антагонистеріне ұқсас, бауыр функциясы нашарлаған пациенттерде артуы мүмкін және осы жағдайда ұсынылатын дозалар белгіленбеді. Сондықтан ТВИНСТА препаратын мұндай пациенттерде сақтықпен қолданған жөн, ал бауыр функциясының ауыр дәрежесі бар пациенттерде оны пайдалануға болмайды.

Реноваскулярлы гипертензия: ренин-ангиотензина-альдостерон жүйесіне ықпалын тигізетін дәрілік препараттарды қабылдап жүрген, бүйрек артерияларының екі жақты стенозы немесе функциясын атқарып тұрған жалғыз бүйрек артериясының стенозы бар пациенттерде ауыр гипотензияның және бүйрек функциясы жеткіліксіздігі дамуының жоғары қаупі бар.

Бүйрек функциясының бұзылуы және бүйрек трансплантациясынан кейінгі жағдай: ТВИНСТА препаратын бүйрек функциясының бұзылулары бар пациенттерге тағайындағанда қан сарысуында калий және креатинин деңгейлерін мезгіл-мезгіл бақылап отыру ұсынылады. Анамнезінде бүйрек трансплантациясы бар пациенттерде ТВИНСТА препаратын қолдану тәжірибесі жоқ. Телмисартан және амлодипин диализденбейді.

Қантамырішілік гиповолемия: айналымдағы қан көлемі төмендеген және/немесе мысалы, қарқынды диурездік ем, ас тұзын пайдаланудың шектелуі, диарея немесе құсу салдарынан туындайтын гипонатриемиясы бар пациенттерде, әсіресе препараттың алғашқы дозасын қабылдағаннан кейін симптоматикалық гипотензия дамуы мүмкін. ТВИНСТА препаратын қолданар алдында мұндай жағдайлар жойылуы тиіс. Егер ТВИНСТА препаратын қабылдаған кезде пациентте гипотензия дамыса, онда оны шалқасынан жатқызу және қажет болса, вена ішіне физиологиялық ерітінді құю керек. Емді артериялық қысым тұрақтанғаннан кейін қайта жаңғыртқан жөн.

Ренин-ангиотензина-альдостерон жүйесін қосарлы бөгеу: ренин-ангиотензин-альдостерон жүйесінің тежелуі нәтижесінде, әсіресе осы жүйеге әсерін тигізетін дәрілік заттардың біріктірілімін қолданған жағдайда бүйрек функциясының бұзылулары (бүйрек функциясының жедел жеткіліксіздігінің дамуына дейін) оған бейім пациенттерде туындауы мүмкін екендігі мәлімделді. ТВИНСТА препараты гипертензияға қарсы басқа дәрілермен қолданылуы мүмкін, алайда ренин-ангиотензин-альдостерон жүйесін қосарлы бөгеу (мысалы, ангиотензинге өзгертетін фермент тежегішін немесе ренин-алискереннің тікелей тежегіштерін ангиотензин II рецепторларының антагонисіне қосу) ұсынылмайды және бүйрек функциясын, электролиттер деңгейін және артериялық қысымды мұқият мониторингілеген жағдайда жекелей көрсеткіштері бойынша ғана пайдаланылуы мүмкін («Қолдануға болмайтын жағдайлар» бөлімін қараңыз). АӨФ тежегіштерін және ангиотензин II рецепторларының антагонистерін диабеттік нефропатиясы бар пациенттерде бірге қолданбаған жөн.

Ренин-ангиотензин-альдостерон жүйесінің стимуляциясымен бірге басқа жағдайлар: қантамырлар тонусы және бүйрек функциясы ренин-ангиотензин-альдостерон жүйесінің белсенділігіне едәуір дәрежеде тәуелді болатын жағдайларда, мысалы, жүрек функциясының айқын іркілген жеткіліксіздігі немесе қатар жүретін бүйрек аурулары, соның ішінде бүйрек артериясының стенозы бар пациенттерде осы жүйенің жағдайына ықпалын тигізетін дәрілік препараттарды қолдану жедел гипотензияның, гиперазотемияның, олигурияның немесе, сирек жағдайларда, бүйрек функциясының жедел жеткіліксіздігінің дамуымен қатар жүруі мүмкін.

Алғашқы гиперальдостеронизм: алғашқы гиперальдостеронизмі бар пациенттерге ренин-ангиотензин-альдостерон жүйесін тежеу арқылы әсер ететін гипертензияға қарсы дәрілік препараттар тиімсіз. Мұндай жағдайда телмисартанды пайдалану ұсынылмайды.

Аортальді және митральді клапандардың стенозы, обструкциялық гипертрофиялық кардиомиопатия: аортальді немесе митральді стенозы бар, немесе обструкциялық гипертрофиялық кардиомиопатиясы бар пациенттерде ТВИНСТА препаратын қолдану, басқа да вазодилататорлар сияқты, аса сақтықты қажет етеді.

Тұрақсыз стенокардия, жедел миокард инфарктісі: тұрақсыз стенокардиясы бар пациенттерде, сондай-ақ миокард инфарктісінде немесе миокард инфарктісінен кейін бір айдан соң ТВИНСТА препаратын пайдалануға негізделген деректер жоқ.

Жүрек функциясының жеткіліксіздігі: амлодипинді ұзақ плацебо-бақыланатын зерттеулерде (PRAISE-2) этиологиясы ишемиялық емес, NYHA жіктеуі бойынша III және IV функциялық класқа жататын жүрек функциясының жеткіліксіздігі бар пациенттерде амлодипинді қолдану өкпе ісінуінің жиірек дамуымен қатар жүретіні (плацебомен салыстырғанда жүрек функциясының жеткіліксіздігінің нашарлау жиілігінде елеулі айырмашылықтардың жоқтығына қарамастан) анықталды.

Телмисартанмен емдеген кезде инсулинді немесе диабетке қарсы препараттарды қабылдап жүрген, қант диабеті бар пациенттерде гипогликемия пайда болуы мүмкін. Қандағы глюкоза деңгейіне тиісті мониторинг инсулиннің немесе диабетке қарсы дәрілердің дозаларын түзету көрсетілімдері болған жағдайда қажет болуы мүмкін.

Қант диабеті: қосымша жүрек-қантамыр қаупімен, мысалы жүректің ишемиялық ауруымен (ЖИА) бірге қант диабеті бар пациенттер үшін ангиотензин рецепторларының блокаторлары және АӨФ тежегіштері сияқты гипотензиялық дәрілерді қабылдау миокард инфарктісінің туындау және жүрек-қантамыр патологиясы себебінен кенеттен болатын өлім қаупінің жоғары болуына әкеледі. Қант диабеті бар пациенттерде ЖИА симптомсыз өтуі мүмкін және, демек, диагностикаланбайды. Қант диабеті бар пациенттер ТВИНСТА препаратын қабылдағанға дейін ЖИА-ны анықтау және әрі қарай емдеу мақсатында тиісті диагностикалық тексерілуден (велоэргометрия және т.б.) өтуі қажет.

Гиперкалиемия: ренин-ангиотензин-альдостерон жүйесіне әсер ететін препараттармен емдегенде гиперкалиемияның даму ықтималдылығы болады. Гиперкалиемия егде жастағы пациенттер үшін, бүйрек функциясының жеткіліксіздігі, қант диабеті бар пациенттерде, қан сарысуында калий деңгейін арттыратын басқа препараттармен ем қабылдап жүрген пациенттерде және/немесе қатар жүретін жағдайлары бар пациенттерде фатальді болып шығуы мүмкін.

Ренин-ангиотензин-альдостерон жүйесіне әсер ететін препараттармен емдеуді бастар алдында «пайда-қаупі» арақатынасы жөнінде шешім қабылдануы тиіс.

Гиперкалиемияның басталу қаупінің негізгі факторлары мыналар болып саналады:

  • қант диабеті, бүйрек функциясының жеткіліксіздігі ( >70 жас);

  • ренин-ангиотензин-альдостерон жүйесіне әсер ететін бір/бірнеше препараттармен және/немесе калий қоспаларымен, калий деңгейін арттыруға және гиперкалиемияны туындатуға қабілетті дәрілік препараттармен біріктірілімі: құрамында калий бар тұз алмастырғыштар, калийді ұстап қалатын диуретиктер, АӨФ тежегіштері, ангиотензин II рецепторларының антагонистері; ЦОГ-2 селективті тежегіштерін қоса, ҚҚСП, гепарин, иммунодепрессанттар (циклоспорин немесе такролимус) және триметоприм;

  • қатар жүретін жағдайлар, атап айтқанда, сусыздану, жүрек функциясының жедел жеткіліксіздігі, метаболизмдік ацидоз, бүйрек функциясының нашарлауы, бүйрек жағдайының кенеттен нашарлауы (мысалы, инфекциялық аурулар), жасушалық лизис (мысалы, аяқ-қолдың жедел ишемиясы, рабдомиолиз, ауқымды жарақат);

Қауіп аймағында жүрген пациенттер үшін плазмадағы калийге мониторинг жүргізу қолданылады.

Сорбитол: ТВИНСТА препаратының құрамында сорбитол бар. Тұқым қуалайтын фруктоза жақпаушылығы бар адамдар бұл препаратты қабылдамағаны жөн.

Басқа нұсқаулар: ишемиялық кардиомиопатиясы немесе жүректің ишемиялық ауруы бар адамдарда гипертензияға қарсы кез келген дәріні қабылдау нәтижесінде артериялық қысымның шамадан тыс төмендеуі миокард инфарктісіне немесе инсультке әкеп соғуға қабілетті.

Жүктілік

Жүкті әйелдерде ТВИНСТА препаратын пайдалану жөнінде деректер көлемі шектеулі.

Телмисартан: жүктіліктің І триместрі кезінде ангиотензин II рецепторларының антагонистерін қабылдау ұсынылмайды және жүктіліктің ІІ және ІІІ триместрі кезінде қолдануға болмайды.

Жүкті болуды жоспарлап жүрген әйелдерде ангиотензин II-ні, жүктілік кезеңінде пайдалану үшін қауіпсіздік бейіні анықталған гипертензияға қарсы басқа дәрілерге күні бұрын ауыстыруды жүзеге асырған жөн. Жүктілік анықталған жағдайда ангиотензин II рецепторларының антагонистерін қабылдау дереу тоқтатылуы және баламалы емге ауыстырылуы тиіс.

Телмисартанға жүргізілген клиникаға дейінгі зерттеулер оның тератогенділігін көрсетпейді, бірақ фетоуыттылығын көрсетеді. Ангиотензин II рецепторларының антагонистерін екінші және үшінші триместр барысында қабылдау фетоуыттылыққа (бүйрек белсенділігінің төмендеуі, қағанақ суының аздығы, бассүйектің сүйектенуінің кідіруі) және неонатальді уыттылыққа (бүйрек функциясының жеткіліксіздігі, артериялық гипотензия, гиперкалемия) әкеледі.

Ангиотензин II рецепторларының антагонистерін екінші триместрден бастап қабылдаған жағдайда шарананың бүйрегіне және бассүйегіне ультрадыбыстық зерттеу тағайындалады. Аналары ангиотензин II рецепторларының антагонистерін қабылдаған нәрестелер гипотензияға қатысты тексерілуі тиіс.

Амлодипин: жүкті әйелдер амлодипинді немесе кальций рецепторларының басқа антагонистерін шектеулі мөлшерде пайдаланған кезде алынған деректер оның шаранаға зиянды әсерінің жоқтығын көрсетеді. Алайда босану ұзақтығының созылу қаупі болуы мүмкін.

Лактация кезеңі

Бала емізу кезінде телмисартанды және/немесе амлодипинді қолдануға қатысты ақпарат жоқ болғандықтан, препаратты лактация кезінде қабылдау ұсынылмайды. Осы кезеңде, әсіресе балалар жаңа туған немесе шала туған жағдайда, қауіпсіздік бейіні анықталған препараттармен емдеудің баламалы әдістері дұрысырақ.

Фертильділік

Телмисартан мен амлодипин біріктірілімінің, сондай-ақ жеке компоненттерінің уыттылығына жеке зерттеулер жүргізілген жоқ. Клиникаға дейінгі сынақтар барысында телмисартан да, амлодипин де еркектің және әйелдің ұрпақ өрбіту жүйесіне ықпалын тигізбейтінін көрсетті

Көлік құралын немесе қауіпті механизмдерді басқару қабілетіне дәрілік заттың ықпал ету ерекшеліктері.

Автокөлікті немесе механизмдерді басқару қабілетіне тигізетін ықпалына зерттеулер жүргізілген жоқ. Алайда пациенттер емдеу кезінде естен тану, ұйқышылдық, бас айналу немесе вертиго сияқты жағымсыз әсерлер білінуі мүмкін екендігінен хабардар болуы тиіс. Сондықтан автомашинаны немесе механизмдерді басқару кезінде сақтық танытқан жөн. Егер пациентте осындай реакциялар байқалса, олар автокөлікті немесе механизмдерді басқару сияқты потенциалды қауіпті әрекеттерді жасауға жол бермеуі керек.

Артық дозалануы

Симптомдары: ТВИНСТА препаратының артық дозалану жағдайлары жөнінде мәлімделген жоқ. Артық дозалану симптомдары мен белгілері препараттың айқын фармакологиялық әсерлеріне сәйкес болады деп болжам жасалады. Телмисартанның артық дозалануының өте айқынырақ көріністері гипотензия, тахикардия, брадикардия болуы мүмкін, бас айналу, қан сарысуында креатининнің жоғарылауы және бүйрек функциясының жедел жеткіліксіздігі болды. Амлодипиннің артық дозалануы шамадан тыс шеткері вазодилатацияға және, рефлекторлы тахикардияға әкеп соғуы мүмкін. Айқын және, өліммен аяқталатын шоктың дамуына дейін болатын ұзаққа созылған жүйелік гипотензия байқалуы мүмкін.

Емі: пациенттің жай-күйін мұқият бақылаған жөн, симптоматикалық және демеуші ем жүргізілуі тиіс. Артық дозалануды емдеу әдісі препаратты қабылдаған сәттен бастап уақытқа және симптомдардың ауырлық дәрежесіне байланысты. Құсуды индукциялау және/немесе асқазанды шаю, белсендірілген көмір сияқты емдеу әдістері қолданылуы мүмкін. Қандағы электролиттер және креатинин деңгейлеріне жиі мониторинг жүргізген жөн. Гипотония дамыған жағдайда пациентті аяғын көтеріңкіреп жатқызу, сондай-ақ тұздың және сұйықтық көлемінің орнын толтыру қажет. Кальций өзектерінің бөгелуіне қарсы әсер ету мақсатында кальций глюконатын вена ішіне енгізу арқылы оң емдік әсерге қол жеткізіледі. Телмисартан мен амлодипин гемодиализ жолымен шығарылмайды.

Шығарылу түрі және қаптамасы

Күңгірт лакталған баспалы алюминий фольгадан жасалған пішінді ұяшықты қаптамада 7 таблеткадан.

Пішінді 4 қаптама медициналық қолдану жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапшаға салынған.

Сақтау шарттары

25°С-ден аспайтын температурада сақтау керек

Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!

Сақтау мерзімі

3 жыл

Қаптамасында көрсетілген жарамдылық мерзімі өткеннен кейін пайдалануға болмайды.

Дәріханалардан босатылу шарттары

Рецепт арқылы

Өндіруші

Берингер Ингельхайм Фарма ГмбХ және Ко.КГ,

Бингер Штрассе 173, 55216 Ингельхайм, Германия

Тіркеу куәлігінің иесі

Берингер Ингельхайм Интернешнл ГмбХ, Ингельхайм, Германия

Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан дәрілік заттың сапасы жөніндегі шағымдарды қабылдайтын, тіркеуден кейін дәрілік заттың қауіпсіздігін бақылауға жауапты ұйымның атауы, мекенжайы және байланыс деректері (телефон, факс, электронды пошта)

«Берингер Ингельхайм Фарма Геселлшафт м.б.Х» ҚР филиалы

Заңды және пошталық мекенжайы:

050008, Алматы қ., Абай д-лы, 52

«Innova Tower» БО, 7 қабат

Тел:+7-727-250-00-77; Факс:+7-727-244-51-77

PV_local_Kazakhstan@boehringer-ingelheim.com

Прикрепленные файлы

590833931477976821_ru.doc 247.5 кб
617335781477977980_kz.doc 300 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту

Источники

Национальный центр экспертизы лекарственных средств, изделий медицинского назначения и медицинской техники