Танфлекс Плюс
Инструкция
- русский
- қазақша
Саудалық атауы
Танфлекс Плюс
Халықаралық патенттелмеген атауы
Жоқ
Дәрілік түрі
Жергілікті қолдануға арналған спрей
Құрамы
1 құтының (30 мл) ішінде
белсенді зат: бензидамин гидрохлориді - 45 мг, хлоргексидин диглюконаты ерітіндісі* - 180 мг
қосымша заттар: глицерин, натрий сахарині, этанол 96%, бұрыш жалбыз майы, полисорбат 20, натрий гидрокарбонаты немесе хлорсутек қышқылы, тазартылған су.
*- 0.036 г хлоргексидин глюконаты 180.00 мг хлоргексидин диглюконаты ерітіндісіне баламалы
Сипаттамасы
Жалбыз иісі бар түссіз, мөлдір сұйықтық.
Фармакологиялық тобы
Ас қорыту жолы және зат алмасу. Стоматологиялық препараттар. Ауыз қуысы ауруларын емдеуге арналған басқа да препараттар.
АТХ коды А01AD
Фармакологиялық қасиеттері
Фармакокинетикасы
Сіңірілуі
Бензидамин гидрохлоридін жергілікті қолданудан кейін бензидамин қабынған сұйықтықтан сіңеді және өңдеген жерге қабынуға қарсы және жергілікті ауыруды басатын әсерін көрсетеді.
Таралуы
Танфлекс Плюс — бұл жергілікті әсер ететін дәрі. Демек, оны сипаттамасына сәйкес пайдаланғанда жұтуға болмайды. Сондықтан жүйелі сіңірілуі мен таралуы күтілмейді. Бұдан басқа, екі компоненттің де АІЖ-нан сіңірілуі төмен. Енгізілген хлоргексидин глюконатының 30% шамасы ауыз қуысында қалады және 24 сағат ішінде сілекеймен шығады.
Биотрансформациясы
Хлоргексидиннің тым аз сіңірілуі салдарынан оны плазмада өлшеуге болмайды. Жалпы, бензидамин тотығу және бауырда конъюгациялану арқылы метаболизденеді.
Шығарылуы
Хлоргексидин организмде жиналмайды және тек аздаған мөлшерде метаболизденеді. Жұтылған хлоргексидиннің 10% шамасы сіңірілген соң бүйрекпен экскрецияланады және препараттың жұтылмаған 90% қалғаны нәжіспен экскрецияланады. Жүйелі қан ағымына түсетін бензидамин және оның метаболиттері негізінен несеппен экскрецияланады.
Фармакодинамикасы
Бензидамин — бұл құрылымдық жағынан стероидтарға жатпайтын қабынуға қарсы ауыруды басатын агент. Бензидамин оның базалық құрылымына орай басқа қабынуға қарсы стероидты емес агенттерден ерекшеленеді.
Жергілікті емдеуге пайдаланылатын концентрацияларда бензидамин жергілікті ауыруды басатын әсер көрсетеді. Бензидаминнің ауыруды басатын әсері, қабынулы емес сипаттағы ауырумен салыстырғанда, қабынудың тәжірибелік үлгілерінде жиірек тіркелген.
Бензидаминнің қабынуға қарсы әсер ету механизмі бүйрек үсті бездерінің секреция өзектерімен байланысты емес. Басқа қабынуға қарсы стероидты емес агенттер сияқты, бензидамин белгілі бір жағдайларда простагландиндер биосинтезін тежейді. Бұл қасиеті, алайда, нақты зерттелмеген. Ол жасушалық жарғақшаларды тұрақтандыратын әсер ету механизміне байланысты болуы мүмкін.
Хлоргексидин — бұл ауыз қуысының жалпы гигиенасының бұзылуында тіс қағының және гингивиттің дамуын азайтуға көмектесетін бигуанид антисептик. Оның тіс беткейінің гидроксиапатит эмалімен және құрамында бактериялар мен сілекей бездері бар ауыз қуысы тіндерімен тектестігі бар. Хлоргексидин тіс қағының шөгуін және сонымен байланысты қызылиектің қызаруымен, ісінуімен және қан кетуімен сипатталатын қызылиек қабынуын азайтады. Ол афтозды ойық жараның түзілу жиілігін төмендетеді және пародонтологиялық хирургиядан кейін жазылу дәрежесін арттырады.
Препаратты әдетте жергілікті пайдаланудан кейін, хлоргексидин ұзақ уақыт бактериостатикалық әсер етуден соң бактерицидті әсерін көрсетеді. Хлоргексидин грамм (+) және грамм (-) бактериялар, өңез және кейбір зеңдер мен вирустар сияқты көптеген микроорганизмдерге қарсы тиімді. Өзінің беткейге кейін білінетін әсер етуі арқасында, хлоргексидин бактериялар көбеюін баяулатады. Ол микроб жасушалары қабырғаларынан сіңеді және жарғақшаның ағып кетуін туындатады.
Қолданылуы
- гингивит, стоматит, фарингит, тонзиллит және афтозды жараларды емдеу
- ауыз және тамақ шырышты қабықтарының қабынуы және ауыруы
- қызылиектер аурулары кезіндегі симптомдарды және пациенттің жұтынуын жеңілдету үшін ауыз және тамақ қуысын зарарсыздандыру
- пародонтоз араласуларына дейін және одан кейін
- радиоем, химиялық ем немесе басқа текті емдеуден болатын мукозитті емдеу
- тіс қағының профилактикасы
Қолдану тәсілі және дозалары
Танфлекс Плюс сұйылтусыз пайдаланылады. Танфлекс Плюсті жұтуға және пайдаланудан кейін түкіріп тастауға болмайды.
Ересектер
Тамақты/қабынған аумақты жергілікті өңдеуге арналған әдеттегі Танфлекс Плюс спрей дозасы күні бойы әр 1,5-3 сағат сайын 4-8 рет шашуға есептелген.
Танфлекс Плюс препараты құрамындағы хлоргексидин гингивитті емдеу барысында тіс қағының түзілуіне ықпал етеді. Пайдалану алдында тіс қылшағымен тісті алдын ала тазалап алу керек.
Егер Танфлекс Плюс спрей ауыз қуысы гигиенасының процедурасына балама ретінде пайдаланылса, ауызды кемінде 1 минуттай шайқау керек. Танфлекс Плюс спрей құрамындағы хлоргексидин туғызған дақтардың түзілуін азайту үшін тіс қылшағымен тісті алдан ала тазалап алу керек.
Балалар
12 жасқа толмаған балаларға пайдалану ұсынылмайды.
12 жастан үлкен балаларға арналған әдеттегі Танфлекс Плюс спрей дозасы тамақты/қабынған аумақты жергілікті өңдеу үшін күні бойы әр 1,5-3 сағат сайын 4 рет шашуға есептелген.
Егде жастағы пациенттер.
Егде жастағы пациенттерге ересектердегі дозалары қолданылады.
Бүйрек және бауыр жеткіліксіздігі бар пациенттер
Ауыр бүйрек дисфункциясы бар немесе бауыр дисфункциясы ауыр пациенттерде абайлап қолдану керек.
Егер тамақтың ауыруы бактериялық инфекциядан болса немесе бактериялық инфекциямен байланысты болмаса, Танфлекс Плюстен тыс қосымша емдеуді қарастыруға болады.
Жағымсыз әсерлері
Тіркелген жағымсыз әсерлері мына туындау жиілігіне сай төменде тізбеленген.
Өте жиі (≥1/10); жиі (>1/100, <1/10); жиі емес (>1/1,000, <1/100); сирек (>1/10,000, <1/1,000); өте сирек (<1/10,000), белгісіз (қолда бар деректерден анықтауға болмайды).
Иммундық жүйе бұзылыстары
Өте сирек: Аллергиялық реакциялар, жоғары сезімталдық және анафилаксия
Эндокриндік жүйе бұзылыстары
Өте сирек: Құлақ маңы безінің уақытша ісінуі
Жүйке жүйесінің бұзылыстары
Өте жиі: Дәм сезу түйсіктерінің уақытша төмендеуі
Жиі: Ауыздағы шаншу және ашыту
Белгісіз: Бас айналу, бас ауыру, ұйқышылдық
Тыныс алу жолдарының, кеуде қуысының және көкірек ортасының аурулары:
Өте сирек: Ларингоспазм, бронх түйілуі
Белгісіз: Жөтел, жұтқыншақтың тітіркенуі
Асқазан-ішек бұзылыстары
Жиі: Жүрек айну, құсу, құсқысы келе беру, асқазан-ішек аурулары
Тері және тері асты тіні бұзылыстары
Өте сирек: Тітіркенуден болатын тері реакциялары, қышыну, бөртпе, есекжем, жарықтан болатын дерматоз, ауыз арқылы десквамация
Жалпы бұзылыстар және қолдану аумағындағы жай-күй:
Жиі: Дәм сезудің өзгеруі және тіс түсінің өзгеруі, тісте тастардың көп түзілуі
Сирек: Ашыту мен шаншуды сезіну
Өте сирек: Ауыздың жергілікті құрғауы, құрғап, шаншып, салқындап кетуі
Қолдануға болмайтын жағдайлар
- бензидаминге, хлоргексидинге немесе құрамының кез келген басқа ингредиенттеріне жоғары сезімталдық
- 12 жасқа дейінгі балаларға
- жүктілік кезінде және бала емізу кезеңінде
Дәрілермен өзара әрекеттесуі
Хлоргексидин әдеттегі тіс пасталарындағы анионды қоспалармен үйлесімсіз. Сондықтан Танфлекс Плюсті тістерді пастамен тазалау алдында пайдалану керек.
Хлоргексидин тұздары сабынмен және басқа анионды қосылыстармен үйлесімсіз. Хлоргексидин тұздарының олар жоғары концентрацияларда пайдаланылғанда катионды және ионогенді емес беткейлік белсенді заттармен үйлесетініне қарамастан, хлоргексидин белсенділігі мицелла байланысуына орай азаюы мүмкін. Хлоргексидин тұздарының ерігіштігі цетримид және лиссапол NX сияқты ББЗ арқылы артуы мүмкін.
Хлоргексидин тұздары гуммиарабик, натрий альгинаты, натрий карбоксиметилцеллюлозасы, крахмал және трагакант сияқты анион белсенді полиэлектролиттермен үйлесімсіз; олардың тиімділігі бір мезгілде пайдаланғанда төмендейді. Олар бриллиант көгілдірімен, хлорамфеникол, мыс сульфатымен, натрий флуоресцеинмен, формальдегид, күміс нитратымен және мырыш сульфатымен де үйлесімсіз.
Препаратты кермек сумен сұйылтқанда, ол Ca2 + және Mg2 + катиондарымен өзара әрекеттесетіндіктен, байқалмайтын тұздар түрінде шөгінді боп түсуі мүмкін.
Егер хлоргексидин тұздары ерітінділерінің бензоат, бикарбонат, карбонат, борат, нитрат, фосфат және сульфаттармен концентрациясы 0,05% асып кетсе, аз еритін тұздардың түзілуіне орай шөгінді түзілуі мүмкін.
Хлоргексидин глюконаты цетримидпен және бензалконий хлоридімен үйлесімді. Олар синергиялық сипатта хлоргексидиннің бактерицидті әсерін арттырады. Цетримид кермек суда хлоргексидин шөгуін болдырмайды.
Хлоргексидин глюконатымен салыстырғанда, хлоргексидин мен басқа тұздар суға қарағанда спиртте жақсырақ ериді. Құрамында 7% спирттің болуы ерітіндіні грамтеріс микроорганизмдерге қарсы тиімдірек етеді. Олар целлюлозалық сүзгілер арқылы сүзгенде сіңірілуі мүмкін.
Препараттың бензидаминмен өзара әрекеттесуі тіркелмеген.
Айрықша нұсқаулар
Спрей көзге түсіп кетпеу керек.
Ұрпақ өрбітуге қабілетті әйелдер / Контрацепция
Танфлекс Плюс құрамында спирт бар болғандықтан ұрпақ өрбітуге қабілетті әйелдерге абайлап қолдану қажет.
Жүктілік және лактация кезеңі
Жүктілік кезінде және бала емізетін аналарға Танфлекс Плюс қолдану қарсы көрсетілімді.
Дәрілік заттың көлік құралдарын басқару және қауіптілігі зор механизмдермен жұмыс істеу қабілетіне әсер ету ерекшеліктері
Препарат автокөлік басқару және жоғары зейін қоюды талап ететін басқа да қызметпен айналысу қабілетіне ықпалын тигізбейді.
Артық дозалануы
Алкоголь тұтынған жағдайда симптоматикалық және демеуші ем жүргізу қажет. Арнайы антидоты жоқ.
Шығарылу түрі және қаптамасы
Пульверизатормен жабдықталған күңгірт шыны құтыларға 30 мл препараттан құйылады. Құтыға өздігінен желімденетін заттаңба жапсырылады. Медициналық қолдану жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге 1 құтыдан картон қорапқа салынады.
Сақтау шарттары
Құрғақ, жарықтан қорғалған жерде, 25° С-ден аспайтын температурада сақтау керек.
Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!
Сақтау мерзімі
2 жыл
Қаптамасында көрсетілген жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды!
Дәріханалардан босатылу шарттары
Рецептісіз
Өндіруші / Қаптаушы
«ABDI IBRAHIM» Стамбул, Түркия
Өндіріс алаңы: Orhan Gazi Mahallesi, Tunç Caddesi No:3, Esenyurt/İstanbul TURKEY
Бас кеңсе: Reşitpaşa Mahallesi Eski Büyükdere Caddesi No:4, Maslak-Sarıyer – 34467 İstanbul/TURKEY
Тіркеу куәлігінің иесі
«ABDI IBRAHIM» Стамбул, Түркия
Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан дәрілік заттың сапасына қатысты шағымдарды (ұсыныстарды) қабылдайтын және препараттың қауіпсіздігін тіркеуден кейінгі қадағалауға жауапты ұйымның атауы, мекенжайы және байланыс деректері:
«Абди Ибрахим Глобал Фарм» ЖШС, Қазақстан Республикасы, Алматы обл., Іле ауд., Өндірістік аймақ 282, тел.: +7 (727) 356-11-00, 8-800-070-11-00, адрес электронной почты: info@aigp.kz