Стерикорт

МНН: Гидрокортизон
Производитель: Карнатака Антибиотикс & Фармасьютикалс Лимитед
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Hydrocortisone
Номер регистрации в РК: РК-ЛС-5№022554
Информация о регистрации в РК: 25.05.2022 - 25.05.2032

Инструкция

Саудалық атауы

Стерикорт

Халықаралық патенттелмеген атауы

Гидрокортизон

Дәрілік түрі

Вена ішіне және бұлшықет ішіне енгізу үшін ерітінді дайындауға арналған ұнтақ, 100 мг

Құрамы

Бір құтының ішінде

белсенді зат - 145 мг гидрокортизон натрий сукцинаты (100 мг гидрокортизонға баламалы)

Сипаттамасы

Ақ немесе ақ дерлік ұнтақ.

Фармакотерапиялық тобы

Жүйелік пайдалануға арналған кортикостероидтар. Глюкокортикостероидтар. Гидрокортизон.

ATХ коды H02AB09

Фармакологиялық қасиеттері

Фармакокинетикасы

Сіңуі

Бұлшықет ішіне (б/і) енгізгеннен кейін қан плазмасында гидрокортизон ең жоғары концентрациясына шамамен 30-60 мин. соң жетеді.

Таралуы

Гидрокортизонның шамамен 40-90%-ы қан плазмасы ақуыздарымен байланысады. Гидрокортизонның үлкен бөлігі глобулиндердің бірімен (транскортинмен), және тек аздаған мөлшері ғана альбуминмен байланысады. Гидрокортизонның байланыспаған бос фракциясы оның биологиялық белсенділігін анықтайды, ал фракциясы резерв функциясын орындайды.

Метаболизмі

Гидрокортизонның метаболизмі, негізінен, бауырда жүреді.

Шығарылуы

Б/і немесе вена ішіне (в/і) енгізілген гидрокортизонның 22-30%-ы 24 сағат ішінде организмнен бүйрек арқылы шығарылады. Препарат организмнен 12 сағат ішінде толық дерлік шығарылады, сондықтан қанда гидрокортизонның жоғары концентрацияларын сақтау үшін оны б/і немесе әрбір 4-6 сағат сайын в/і енгізу қажет.

Фармакодинамикасы

Глюкокортикостероидтар (ГКС) жасушалық жарғақшалар арқылы өтіп, спецификалық цитоплазмалық рецепторлармен кешен түзеді. Түзілген кешендер жасушаның ядросына өтеді, онда оның дезоксирибонуклеин қышқылымен (ДНҚ) (хроматинмен) байланысуы жүреді. Әрі қарай бұл кешендер матрицалық рибонуклеин қышқылының (мРНҚ) транскрипциясын стимуляциялап, әрі қарай әртүрлі ферменттерді синтездеуге ұласады, бұл ГКС-ті жүйелік қолданғандағы әсерімен түсіндіріледі. ГКС қабыну үдерісіне және иммундық жауапқа елеулі әсерін тигізіп қана қоймайды, сонымен қатар көмірсу, ақуыз және май алмасуға да ықпалын тигізеді.

ГКС ең жоғары фармакологиялық белсенділігін қан плазмасындағы ең жоғары концентрациясында емес, оған қол жеткізгеннен кейін көрініс береді. Осылайша, ГКС әсері ең алдымен ферменттердің белсенділігіне олардың ықпалымен жүзеге асады.

Гидрокортизон қабынуға қарсы, шокқа қарсы, денесебилизациялық, уытқа қарсы, аллергияға қарсы, иммунодепрессиялық және катаболизмдік әсер береді. Цитостатиктерден айырмашылығы иммунодепрессиялық қасиеттері митоздық әсерімен байланысты емес, иммуногенездің әртүрлі кезеңдерін: сүйек кемігінің діңдік жасушаларының миграциясын, В-жасушалардың миграциясын және Т- және В-лимфоциттердің өзара әрекеттесуін басудың жиынтық нәтижесі болып табылады. Цитокиндердің (интерлейкиндердің және интерферонның) лимфоциттерден және макрофагтардан босап шығуын тежейді, қабыну медиаторларының эозинофилдермен босап шығуын бәсеңдетеді, арахидон қышқылының метаболизмін және простагландиндер синтезін төмендетеді. Стероидтық рецепторларды стимуляциялай отырып, липокортиннің түзілуін индукциялайды. Бауырда гликогеннің жиналуына мүмкіндік береді, қанда глюкоза мөлшерін арттырады, натрий иондарының және судың шығарылуын тежейді, организмнен калий иондарының шығарылуын күшейтеді, гистамин синтезін төмендетеді. Қабынған жасушалық инфильтраттарды азайтады, лейкоциттердің және лимфоциттердің қабыну аймағына миграциясын төмендетеді. Үлкен дозаларда лимфоидтық және дәнекер тіндердің, соның ішінде ретикулоэндотелиальді жүйенің (РЭЖ) дамуын тежейді; гиалурон қышқылының түзілетін жері болып табылатын толық жасушалар мөлшерін азайтады; гиалуронидазаны басады және капиллярлардың өткізгіштігінің азаюына мүмкіндік береді. Ақуыздардың синтезін кідіртеді және ыдырауын жылдамдатады. Гипофизге ықпалын тигізе отырып, кортикотропиннің жасап шығарылуын бәсеңдетеді. Организмге ұзақ енгізу бүйрекүсті безі қыртыстарының бәсеңдеуіне және атрофиясына, гипофиздің гонадотроптық және тиреотроптық гормондарының түзілуінің бәсеңдеуіне әкелуі мүмкін.

Қолданылуы

Эндокриндік ауруларда:

- бүйрек үсті безінің алғашқы немесе салдарлық жеткіліксіздігінде (таңдап алынатын препараттар - гидрокортизон немесе кортизон; қажет болған кезде әсіресе педиатриялық іс-тәжірибеде олардың синтетикалық аналогтарын минералокортикоидтармен біріктіріп қолдануға болады);

- бүйрекүсті безінің жедел жеткіліксіздігінде (таңдап алынатын препараттар - гидрокортизон немесе кортизон; минералокортикоидтармен бір мезгілде қолдану қажеттілігі туындауы мүмкін).

Симптоматикалық емдеу ретінде:

- операция алдындағы кезеңде, ауыр жарақат немесе ауыр сырқат жағдайында, бүйрекүсті безі функциясының жеткіліксіздігі анықталған немесе оған күдіктенген науқастарда;

бүйрекүсті безі функциясының жеткіліксіздігі болуы мүмкін кезде әдеттегі әдістермен емдеуге келмейтін шокта;

бүйрекүсті безі туа біткен гиперплазиясында;

баяу өрбитін тиреоидитте;

онкологиялық аурулар аясындағы гиперкальцемияда.

Ревматизмдік ауруларда (жедел жағдайдан шығару үшін немесе ауру өршігенде қысқа мезгілдік қосымша ем ретінде):

жедел және баяу өрбитін бурситте;

жедел подагралық артритте;

спецификалық емес жедел тендосиновитте;

шорбуынданатын спондилитте;

эпикондилитте;

жарақаттан кейінгі остеоартритте;

псориаздық артритте;

ревматоидтық артритте, ювенильді ревматоидтық артритті қоса (жекелеген жағдайларда төмен дозалармен демеуші ем қажет болуы мүмкін);

остеоартриттегі синовитте.

Дәнекер тіндерінің жүйелік ауруларында (өршу кезеңінде немесе жекелеген жағдайларда демеуші ем ретінде):

жедел ревмокардитте;

жүйелік дерматомиозитте (полимиозитте);

жүйелік қызыл жегіде.

Тері ауруларында:

герпес түріндегі буллезді дерматитте;

эксфолиативтік дерматитте;

зеңдік түрдегі микозда;

күлбірек бөртпеде;

қатерлі экссудативтік эритемада (Стивенс-Джонсон синдромында);

псориаздың ауыр түрінде;

себореялы дерматиттің ауыр түрінде.

Аллергиялық жағдайларда (әдеттегі ем тиімді болмайтын ауыр немесе мүгедек ететін жағдайларда):

көмейдің жедел инфекциялық емес ісінуінде;

атопиялық дерматитте;

демікпелік жағдайда;

жанаспалы дерматитте;

дәрілік заттарға сезімталдық реакциялары жоғары болғанда;

маусымдық немесе жыл бойғы аллергиялық риниттерде;

сарысу құюы ауруында;

есекжем типті посттрансфузиялық реакцияларда.

Көз ауруларында (көз зақымданатын ауыр жедел және созылмалы аллергиялық және қабыну үдерістерінде):

аллергиялық конъюнктивитте;

мөлдір қабық жиегінің аллергиялық ойық жараларында;

алдыңғы сегмент қабынғанда;

хориоретинитте;

диффуздық артқы увеитте және хориоидитте;

көздің Herpes zoster түрінде;

иритте және иридоциклитте;

кератитте;

көру жүйкесінің невритінде;

симпатикалық офтальмияда.

Асқазан-ішек жолының ауруларында (науқасты қиын жағдайдан шығару үшін):

ойық жаралы колитте (жүйелік емде);

аумақтық энтеритте (жүйелік емде).

Тыныс алу жолдарының ауруларында:

аспирациялық пневмонитте;

бериллиозда;

тиісті туберкулез химиотерапиясымен біріккен өкпенің шұғыл дамитын және диссеминацияланған туберкулезінде;

басқа дәрілермен емдеуге келмейтін Леффлер синдромында;

клиникалық тұрғыдан айқын саркоидозда.

Гематологиялық ауруларда:

жүре пайда болған (аутоиммунды) гемолиздік анемияда;

туа біткен (эритроидты) гипопластикалық анемияда;

эритробластопенияда (эритроциталы анемияда);

ересектердегі идиопатиялық тромбоцитопениялық пурпурадаек в/і енгізу; б/і енгізуге болмайды);

ересектердегі салдарлық тромбоцитопенияда.

Онкологиялық ауруларда (паллиативтік ем ретінде):

балалардағы жедел лейкозда;

ересектердегі лейкоздарда және лимфомаларда.

Ісіну синдромында:

уремиясыз нефроздық синдромы бар науқастарда диурезді стимуляциялау және протеинурияның ремиссиясына жеткізу үшін; идиопатиялық типті нефроздық синдромда немесе қызыл жегіде.

Шұғыл жағдайларда:

бүйрекүсті безі функциясының жеткіліксіздігі салдарынан дамитын, немесе стандартты емге резистентті шокта, бүйрекүсті безі функциясының ықтимал жеткіліксіздігінде;

эпинефринді тағайындағаннан кейін жедел аллергиялық біліністерде (демікпелік жағдайда, анафилаксиялық реакцияларда, жәндіктер шаққанда және т.б.);

стандартты ем тиімді болмайтын геморрагиялық жарақаттық және хирургиялық шокты емдеуде.

Қолдануға басқа да көрсетілімідер:

жүйке жүйесін немесе миокардты зақымдайтын трихинеллезде;

субарахноидальді бөгеті бар немесе бөгет қауіп төндіретін туберкулездік менингитте (туберкулезге қарсы тиісті химиотерапиямен біріктіргенде)

Қолдану тәсілі және дозалары

Препаратты в/і немесе б/і инъекциялар түрінде немесе в/і инфузия түрінде енгізуге болады, бірақ шұғыл жағдайларда в/і инъекция дұрысырақ. Жедел кезең аяқталған кезде әсері ұзаққа созылатын препараттың парентеральді түрін, немесе препараттың пероральді түрін тағайындайды. Препаратпен емдеу 30 сек ішінде (мысалы, 100 мг) және 10 минутқа дейін (мысалы, 500 мг немесе одан көбірек) в/і енгізуден басталады. Стерикорт препаратының жоғары дозаларын пациенттің жағдайы тұрақтанған сәтке дейін тағайындау қажет, бірақ 48-72 сағаттан ұзақ емес. Препараттың бастапқы дозасы пациенттің жағдайының ауырлығына қарай 100-500 мг немесе одан көпті құрайды.

Препараттың дозасы науқастың жауап реакциясына және аурудың клиникалық көрінісіне қарай әрбір 2, 4 немесе 6 сағат сайын қайталап тағайындалады. Балаларға өте төмен дозаларын (бірақ тәулігіне кем дегенде 25 мг) енгізген жөн, алайда дозаны таңдағанда пациенттің жасы мен дене салмағы емес, бірінші кезекте жағдайдың ауырлығын және пациенттің емге реакциясын ескереді.

Бауыр аурулары бар пациенттерде гидрокортизонның әсері күшеюі мүмкін. Препарат дозасын төмендету мүмкіндігіне баға берген жөн.

Ерітіндіні дайындау

Парентеральді енгізуге арналған препараттардың түсінің өзгерген-өзгермегенін немесе бөлшектердің пайда болған-болмағанын көзбен тексеріп қараған жөн. Тек мөлдір ерітіндіні ғана пайдалану керек.

Құтыға (антисептика ережесін сақтай отырып) 2 мл-ден асырмай (100 мг және 250 мг дозалары үшін) және 4 мл-ден асырмай (500 мг доза үшін) инъекцияға арналған суды немесе инъекцияға арналған натрий хлоридінің ерітіндісін құя отырып, в/і немесе б/і инъекцияға арналған ерітіндіні дайындайды. В/і инфузия үшін ерітіндіні, алдымен құтыға инъекцияға арналған 2 мл-ден аспайтын суды құя отырып, дайындайды, әрі қарай бұл ерітінді 100-1000 мл декстрозаның 5% сулы ерітіндісіне (немесе натрий хлоридінің 0,9% ерітіндісіне) немесе, егер пациент натрий көлемін шектеуді керек етпесе, декстрозаның 5% ерітіндісі натрий хлоридінің 0,9% ерітіндісіне қосылуы мүмкін).

Жағымсыз әсерлері

Ескерту: төменде берілген жағымсыз әсерлер тек осы препарат үшін ғана емес, парентеральді қолданған кезде барлық ГКC-ке тән.

Қан және лимфалық жүйе тарапынан бұзылулар: лейкоцитоз.

Иммундық жүйе тарапынан бұзылулар: инфекциялық аурулардағы білінбейтін клиникалық көрініс; туберкулездің қайта белсенділенуін қоса, латентті инфекциялардың белсенділенуі; жеңіл түрде өтетін, сонымен қатар өліммен аяқталуы мүмкін, кез келген жерге орныққан шартты-патогенді қоздырғыштардан туындаған инфекциялардың пайда болуы; асептикалық абсцесс; аллергиялық дерматитті, анафилаксияны, анафилаксиялық реакцияларды қоса, жоғары сезімталдық реакциялары (мысалы, бронхтың түйілуі, көмейдің ісінуі, есекжем), анафилаксиялық шок; тері сынамаларын жүргізген кезде реакциялардың басылуы.

Эндокриндік жүйе тарапынан бұзылулар: Иценко-Кушинг синдромының дамуы; гипофизарлы-бүйрекүсті безі жүйесі функциясының басылуы; глюкозаға төзімділіктің төмендеуі; глюкозурия; жасырын қант диабетінің көрініс беруі; қант диабеті бар пациенттерде инсулинге немесе пероральді гипогликемиялық дәрілерді қажет етудің жоғарылауы; балаларда өсудің кідіруі; гирсутизм, гипертрихоз; тәбеттің ұлғаюы.

Зат алмасу және тамақтану тарапынан бұзылулар: организмде натрийдің кідіруі; артериялық қысымның жоғарылауы; организмде сұйықтықтың іркілуі; калийдің жоғалуы; гипокалиемиялық алкалоз; кальцийдің шығарылуының ұлғаюы; ақуыздардың катаболизмінен болған теріс азотты теңгерім; дене салмағының артуы; майдың аномальді жиналуы.

Психиканың бұзылулары: ашушаңдық; эйфорияны, ұйқысыздықты, эмоциялық құбылмалылықты, жеке бастың өзгеруін, депрессияны, психологиялық тәуелділікті, суицидтік ойларды, мінез-құлық бұзылыстарын, мазасыздықты, ұйқының бұзылуын қоса, психикалық бұзылыстар; жедел псиоздық бұзылыстар (маниялар, сандырақтау, елестеулер, шизофренияның өршуі); бұрыннан бар эмоциональді тұрақсыздықтың күшеюі немесе психоздық реакцияларға бейімділік; сананың шатасуын және амнезияны қоса, когнитивтік функцияның бұзылуы.

Жүйке жүйесі тарапынан бұзылулар: көру жүйкесінің дискісі ісінетін бас сүйекішілік қысымның жоғарылауы; құрысулар; бас ауыру.

Көру мүшесі тарапынан бұзылулар: көзішілік қысымның жоғарылауы; глаукома; экзофтальм; катаракта; көру жүйкесін зақымдауы мүмкін папиллоэдема; мөлдір қабықтың немесе склераның жұқаруы; көздің вирустық немесе зеңдік ауруларының өршуі; орталық серозды хориоретинопатия.

Жүрек тарапынан бұзылулар: брадикардия; жүректің тоқтап қалуы; жүрек ырғағының бұзылулары; миокард гипертрофиясы; тахикардия; миокард инфарктісінен кейін жүрек бұлшықетінің үзілуі; тиісінше бейімділігі бар науқастарда жүрек функциясының созылмалы жеткіліксіздігі; өкпенің ісінуі.

Қантамырлар тарапынан бұзылулар: артериялық қысымның жоғарылауы; тромбоэмболиялық асқынулар; тромбофлебит; васкулит.

Асқазан-ішек жолы тарапынан бұзылулар: диспепсия; іштің кебуі; жүректің айнуы; ықылық; тесілуі немесе қан кетуі мүмкін пептикалық ойық жара (профилактикалық антацидтік ем қолданылуы мүмкін); асқазаннан қан кету; жедел панкреатит; ойық жаралы эзофагит; өңеш кандидозы; ішектің тесілуі.

Бауыр және өт шығару жолдары тарапынан бұзылулар: гепатомегалия; қан плазмасындағы аланинтрансаминаза (АЛТ), аспартаттрансаминаза (ACT) және сілтілік фосфатаза белсенділігінің жоғарылауы (әдетте бұл өзгерулер мардымсыз, қандай да болсын клиникалық синдромдармен байланысты емес және емдеуді тоқтатқаннан кейін қайтымды).

Тері және тері асты тіндері тарапынан бұзылулар: жаралардың баяу жазылуы; петехиялар және экхимоздар; телеангиоэктазиялар; қанталаулар; терінің жұқаруы және нығыздығының төмендеуі; гипопигментация; гиперпигментация; стрийлер; тері бөртпесі; терінің және тері асты шелінің атрофиясы; акне; қатты терлеу; бастағы шаштың жұқаруы; вена ішіне енгізуден кейін күйдіруі және шаншуы (әсіресе шап аймағында). ГКС-пен ем қабылдап жүрген пациенттерде Капоши саркомасының дамуы байқалғаны мәлімделді. ГКС-ті тоқтатқан жағдайда клиникалық ремиссия басталуы мүмкін.

Қаңқа-бұлшықеті және дәнекер тіндері тарапынан бұзылулар: «стероидтық» миопатия; бұлшықет атрофиясы; бұлшықет әлсіздігі; остеопороз; остеонекроз; ұзын сүйектердің патологиялық сынулары; омыртқалардың компрессиялық сынулары; жілік сүйектері эпифиздерінің асептикалық некрозы; сіңірлердің үзілуі, әсіресе ахилл сіңірінің.

Жыныс мүшелері және сүт бездері тарапынан бұзылулар: етеккір оралымының бұзылуы; аменорея; сперматозоидтардың қозғалғыштығы мен санының жоғарылауы немесе төмендеуі.

Жалпы бұзылыстар және енгізген жердегі бұзылулар: дімкәстік; енгізген жерде инфекциялар (препаратты енгізген кезде аспетика ережелері бұзылғанда).

ГКС-ті қолдану феохромоцитомасы; эпидуральді липоматозы бар пациенттерде симпато-адреналды криздердің дамуына әкеп соғуы мүмкін.

Ұзақ уақыт қолданудан кейін ГКС дозасын тым тез төмендету бүйрекүсті безі функциясының жедел жеткіліксіздігінің, артериялық гипотонияның дамуына және өлімге әкеп соғуы мүмкін. ГКС-ті тез тоқтатқан жағдайда қызбамен, миалгиямен, артралгиямен, ринитпен, конъюнктивитпен, ауыртатын, қышитын бөртпелермен және дене салмағының төмендеуімен қатар жүретін «тоқтату» синдромы дамуы мүмкін.

Қолдануға болмайтын жағдайлар

- анамнезде препараттың кез келген компонентіне жоғары сезімталдық

- жүйелік зең инфекциялары

Препаратты жедел және баяу өрбитін миокард инфаркті бар науқастарға қолдануға ұсынылмайды, өйткені ГКС-ті қолдану оларда некроз ошағының таралуына, тыртық тіндердің қалыптасуының баяулауына және, осының салдарынан, жүрек бұлшықетінің үзілуіне әкеп соғуы мүмкін;

Препаратты келесі жағдайларда сақтықпен қолданған жөн:

қарапайым герпес вирусынан туындаған көз зақымында, өйткені бұл мөлдір қабықтың тесілуіне әкеп соғуы мүмкін;

ойық жаралы колитте егер тесілу қатері төнсе, абсцесте немесе басқа іріңді инфекцияларда, сондай-ақ дивертикулитте, жаңа ішек анастомоздары бар болғанда, белсенді немесе жасырын пептикалық ойық жарада, бүйрек функциясының жеткіліксіздігінде, артериялық гипертензияда, остеопорозда, gravis миастениясында.

Дәрілермен өзара әрекеттесуі

Фенобарбитал, фенитоин, карбамазепин және рифампицин сияқты бауырдың микросомальді индукторлары ГКС клиренсін арттыруы мүмкін, ол қалаған әсерге қол жеткізу үшін препарат дозасын арттыруды қажет етуі мүмкін.

Тролеандомицин, кетоконазол, макролиды және эритромицин ГКС метаболизмін тежеуі және оның клиренсін төмендетуі мүмкін. Мұндай жағдайда артық дозалану құбылысына жол бермеу үшін, ГКС дозасын төмендеткен жөн.

ГКС ұзақ кезең бойы жоғары дозаларда қабылданатын ацетилсалицил қышқылының клиренсін арттыруы мүмкін, бұл сарысуда салицилаттар концентрациясының төмендеуіне әкелуі немесе ГКС-ті тоқтатқан кезде салицилаттардың уыттылық қаупін арттыруы мүмкін. ГКС-ті қабынуға қарсы стероидты емес препараттармен немесе этанолмен және құрамында этанол бар препараттармен біріктіріп қолданғанда АІЖ эрозиялық-ойық жаралы зақымдарының пайда болу жиілігі немесе қарқындылығы жоғарылауы мүмкін.

Гипопротромбинемиясы бар науқастарда ацетилсалицил қышқылын ГКС-пен біріктіріп тағайындағанда сақ болған жөн.

ГКС пен эстрогендерді бір мезгілде қолданғанда препараттар дозасын түзету қажет болуы мүмкін (олардың артық дозалану қаупіне байланысты).

Препаратты және калийді шығаратын диуретиктерді бірге қолданғанда гипокалиемияның даму ықтималдылығы жоғарылайды.

ГКС-ті және жүрек гликозидтерін бір мезгілде қолдану аритмияның немесе дигиталисті уыттанудың пайда болу қаупін арттырады (гипокалиемияға байланысты).

ГКС амфотерицин-В әсерінен калийдің шығарылуын күшейтуі мүмкін.

ГКС әсері тікелей емес антикоагулянттардың әсеріне әртүрлі ықпалын тигізуі мүмкін. Гидрокортизонмен бір мезгілде қабылданатын антикоагулянттар әсерінің күшеюі жөнінде де, сонымен қатар азаюы жөнінде де мәлімделді. Антикоагулянттың қажетті әсерін сақтау үшін қанның ұйығыштығы көрсеткіштерін ұдайы анықтап отыру қажет.

ГКС қанда глюкозаның концентрациясын арттыратын болғандықтан, гипогликемиялық дәрілердің дозасын түзету керек болуы мүмкін.

Айрықша нұсқаулар

Гидрокортизонның жоғары дозаларын 48-72 сағаттан ұзағырақ уақыт бойы қолданғанда гипернатриемия дамуы мүмкін. Мұндай жағдайда Гидрокортизон препаратын басқа ГКС-ке, мысалы, организмде натрийдің кідіруін туындатпайтын немесе аздап туындататын метилпреднизолонға алмастыру ұсынылады.

Стерикорт препаратымен емдеу аясында күйзеліске ұшырауы мүмкін пациенттерде күйзеліс кезінде және күйзеліс жағдайынан кейін препарат дозасын арттыру көрсетілген. Мұндай пациенттер бүйрекүсті безі функциясының жеткіліксіздігі дамуы мүмкін болғандықтан, қатаң дәрігерлік бақылауда болуы тиіс.

ГКС-тің парентеральді түрлерімен нақты көрсетілімдерсіз ем қабылдаған пациенттерде бас жарақатынан кейін 2 аптадан немесе 6 айдан соң өлімнің ұлғайғаны байқалды. Осыған байланысты ГКС-тің жоғары дозаларын, соның ішінде Стерикорт препаратын бас жарақатынан ми ісінген жағдайда қолданбаған жөн.

Стерикорт препаратымен емдеу аясында кейбір инфекциялар білінбей өтуі мүмкін, бұдан басқа, жаңа инфекциялар дамуы мүмкін. Стерикорт препаратын қолданған кезде инфекцияларға төзімділік төмендеуі, сондай-ақ организмнің инфекциялық үдерісті оқшаулау қабілеті де төмендеуі мүмкін. Адам организмінің әртүрлі жүйелеріне орныққан вирустар, бактериялар, зеңдер, қарапайымдылар немесе гельминттер сияқты әртүрлі патогендік организмдер әсерінен инфекциялардың дамуы Стерикорт препаратын монотерапия ретінде де, сонымен қатар жасушалық иммунитетке, гуморальді иммунитетке немесе нейтрофилдер функциясына әсер ететін басқа иммунодепрессанттармен біріктіріп қолданумен де байланысты болуы мүмкін. Бұл инфекциялар ауыр болмауы мүмкін, алайда бірқатар жағдайларда барысы ауыр және тіпті өліммен аяқталуы мүмкін. Стерикорт препаратының қолданылатын дозасы неғұрлым өте жоғары болған сайын, соғұрлым инфекциялық асқынулардың дамуы ықтималдылығы жоғары болады.

Туберкулезге қарсы тиісті химиотерапиямен бірге ГКС ауруды емдеу үшін қолданған кезде, Гидрокортизонды белсенді туберкулезде қолдануды шұғыл дамитын немесе диссеминацияланған туберкулез жағдайларымен шектеген жөн. Егер Гидрокортизон препаратын жасырын туберкулезі бар немесе оң туберкулин сынамалары бар пациенттерге тағайындаса, онда емдеуді қатаң дәрігерлік бақылаумен жүргізген жөн, өйткені аурудың қайта белсенділенуі мүмкін. Препаратпен ұзақ уақыт емдеу кезінде мұндай пациенттер тиісті профилактикалық ем қабылдауы тиіс.

Гидрокортизон препаратымен иммунодепрессиялық әсер беретін дозаларда ем қабылдап жүрген пациенттерге тірі немесе әлсіздендірілген вакциналарды енгізуге болмайды, бірақ өлтірілген немесе белсенділігі жойылған вакциналарды енгізуге болады, алайда осындай вакциналарды енгізуге реакция төмендеуі мүмкін. Гидрокортизон препаратымен иммунодепрессиялық әсерін тигізбейтін дозаларда ем қабылдап жүрген пациенттерге тиісті көрсетілімдер бойынша иммунизация жүргізілуі мүмкін.

Гидрокортизонды енгізу артериялық қысымның төмендеуіне, организмде судың және натрийдің кідіруіне және калийдің шығарылуының ұлғаюына әкелуі мүмкін. Тамақпен тұзды пайдалануды шектеу және калий препараттарын қосымша тағайындау қажеттілігі туындауы мүмкін. Барлық ГКС кальцийдің организмнен шығарылуын арттырады.

ГКС емін қабылдап жүрген пациенттерде Капоши саркомасының дамуы білінгені мәлімделген. Препаратты тоқтатқан кезде клиникалық ремиссия басталуы мүмкін.

Жүйелік ГКС емін қабылдаған пациенттерде симпато-адреналды криздердің даму жағдайлары (соның ішінде өліммен аяқталған) жөнінде мәлімделді. Феохромоцитомаға күдігі бар немесе ауруы айғақталған пациенттерде ГКС-ті қаупі/пайдасы арақатынасына мұқият баға берілгеннен кейін ғана қолдану керек.

Гидрокортизон препаратымен парентеральді ем қабылдап жүрген пациенттерде сирек жағдайларда анафилактоидтық реакциялар (мысалы, бронхтың түйілуі) дамуы мүмкін болғандықтан, препаратты енгізер алдында, әсіресе егер осы пациенттің анамнезінде қандай да болсын дәрілік препараттарға аллергиялық реакциялары бар болса, тиісті профилактикалық шараларды қабылдаған жөн.

Гидрокортизонның әсері бауыр ауруы бар пациенттерде күшеюі мүмкін, өйткені мұндай пациенттерде гидрокортизонның метаболизмі және шығарылуы едәуір төмендеген.

ГКС метаболизмі гипотиреозда төмендейді, осыған байланысты қалқанша без гормондары препараттарының дозаларын түзету қажет болуы мүмкін.

Гидрокортизон препаратымен ұзақ уақыт күн сайын емдеген кезде балаларда өсудің кідіруі мүмкін, сондықтан дозалаудың мұндай режимін күрделі көрсетілімдері бар болған жағдайда ғана тағайындаған жөн.

ГКС-пен емдеу орталық серозды хориоретинопатияның дамуына әкелуі мүмкін, ол өз кезегінде торқабықтың қыртыстануына әкеп соғуы мүмкін. ,

Жедел миопатия Гидрокортизон препаратының жоғары дозаларын жүйке-бұлшықет тасымалы бұзылған пациенттерге (мысалы, gravis миастенияда), немесе шеткері миорелаксанттармен (мысалы, панкурониймен) бір мезгілде ем қабылдап жүрген пациенттерге қолданған кезде өте жиі дамиды. Мұндай жедел миопатия жайылмалы сипатқа ие, көздің және тыныс алу жүйесінің бұлшықетін зақымдауы, тетрапарездің дамуына әкелуі мүмкін. Креатинфосфокиназа мөлшерін арттыруы мүмкін. Мұндайда Гидрокортизон препаратын тоқтатқаннан кейін жақсару немесе сауығу бірнеше аптадан немесе тіпті бірнеше жылдан кейін болуы мүмкін.

Гидрокортизон препаратымен емдеу аясында әртүрлі психикалық бұзылыстар: эйфориядан, ұйқысыздықтан, көңіл-күйдің тұрақсыздығынан, жеке бастың өзгеруінен және ауыр депрессиядан жедел психикалық реакцияларға дейін дамуы мүмкін. Бұдан басқа, бұрыннан бар эмоциональді тұрақсыздық немесе психоздық реакцияларға бейімділік күшеюі мүмкін. Потенциалды ауыр психикалық бұзылыстардың симптомдары әдетте бірнеше күн ішінде немесе емдеуден кейін апта ішінде көрініс береді. Реакциялардың көпшілігі дозаны азайтқаннан кейін, немесе препаратты тоқтатқаннан кейін жоғалады. Осыған қарамастан, психозға қарсы спецификалық ем қажет болуы мүмкін.

Пациенттер және/немесе олардың туысқандары пациенттің психологиялық жағдайында өзгерістер пайда болған жағдайда (әсіресе депрессиялық жағдай және суицидтік ойлар дамыған кезде) медициналық жәрдемге жүгінуі қажет екендігін алдын ала ескерткен жөн. Сондай-ақ пациенттерге немесе олардың туысқандарына препарат дозасын төмендеткен кезде немесе төмендету бойына бірден немесе оны толық тоқтатқаннан кейін психикалық бұзылулардың дамуы мүмкін екендігін алдын ала ескерткен жөн.

ГКС қабылдап жүрген пациенттерде, әдеттегідей, жоғары дозалармен ұзақ емдеген кезде эпидуральді липоматоздың дамығаны жөнінде мәлімдемелер бар.

Гидрокортизон препаратымен ұзақ ем жүргізгенде асқазан-ішек жолының ойық жаралы зақымдануына профилактика жүргізген, ал препаратты тоқтату қажет болғанда дозаны біртіндеп азайтқан жөн (препаратты күрт тоқтатуға болмайды).

Жүктілік және лактация кезеңі

ГКС жүктілік кезінде тек абсолютті көрсетілімдері бойынша ғана қолданған жөн.

ГКС плацента арқылы оңай өтеді. Жүктілік кезінде ГКС едәуір дозасын қабылдаған аналардан туған балалар бүйрекүсті безі функциясы жеткіліксіздігінің белгілерін анықтау үшін мұқият тексерілуі тиіс. Босану барысында және аяқталуына ГКС-тің ықпалы белгісіз.

ГКС емшек сүтіне өтеді, сондықтан қажет болғанда Гидрокортизон препаратын қолдануды емшек емізу кезінде тоқтатқан жөн.

Көлік құралын немесе потенциалды қауіпті механизмдерді басқару қабілетіне дәрілік заттың ықпал ету ерекшеліктері

Жүйке жүйесі тарапынан (мысалы, құрысулар, естен тану, вертиго), сондай-ақ көру мүшелері тарапынан жағымсыз әсерлер дамуы мүмкін болғандықтан, Стерикорт препаратын қолданып жүрген адамдар көлік құралдарын басқарған кезде және жоғары зейінділікті және психомоторлы реакциялардың шапшаңдығын қажет ететін қауіпті қызмет түрлерімен айналысқанда сақтық танытқандары жөн.

Артық дозалануы

Препараттың жедел артық дозалануының клиникалық синдромы сипатталмаған. Гидрокортизон диализбен шығарылады.

Шығарылу түрі және қаптамасы

Қорғағыш пластик қалпақшасы бар, резеңке тығынмен тығындалған және алюминий қалпақшамен қаусырылған, түссіз шыныдан (III тип, АҚШФ) жасалған, сыйымдылығы 7.5 см3 құтыларға 100 мг гидрокортизонға сәйкес келетін препарат мөлшері салынған. Құтыға өздігінен желімденетін заттаңба жапсырылған.

1 құты медициналық қолдану жөнінде мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапшаға салынған.

10 немесе 50 құты медициналық қолдану жөнінде мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапшаға салынған (стационарлар үшін).

Сақтау шарттары

30°С-ден аспайтын температурада сақтау керек.

Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!

Сақтау мерзімі

3 жыл

Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін пайдалануға болмайды.

Дәріханалардан босатылу шарттары

Рецепт арқылы

Өндіруші

Карнатака Антибиотикс & Фармасьютикалс Лимитед,

Плот № 14, II Фазе Пения, Бангалор - 560058, Үндістан.

Тіркеу куәлігінің иесі

«Русюрофарм» ЖШҚ, Ресей, Мәскеу қ.

Тұтынушылардан өнім (тауар) сапасы жөніндегі шағымдарды Қазақстан Республикасы аумағында қабылдайтын және тіркеуден кейін дәрілік заттың қауіпсіздігін бақылауға жауапты ұйымның мекенжайы

119571, Ресей, Мәскеу қ., Ленинск даңғылы, 148 үй, 224 кеңсе

Тел.: (495) 514-06-90, 514-06-91, 514-06-92

e-mail: ruseuro@inbox.ru

Прикрепленные файлы

Стерикорт_инструкция_рус.doc 0.1 кб
Стерикорт_инструкция_каз.doc 0.14 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту

Источники

Национальный центр экспертизы лекарственных средств, изделий медицинского назначения и медицинской техники