Сирамза™

МНН: Рамуцирумаб
Производитель: Элай Лилли энд Компани
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Рамуцирумаб
Номер регистрации в РК: РК-ЛС-5№022614
Информация о регистрации в РК: 13.08.2021 - 13.08.2031

Инструкция

Саудалық атауы

Сирамза

Халықаралық патенттелмеген атауы

Рамуцирумаб

Дәрілік түрі

Инфузия үшін ерітінді дайындауға арналған 10 мг/мл, 10 мл және 50 мл концентрат

Құрамы

1 мл препараттың құрамында

белсенді зат: 10 мг рамуцирумаб.

қосымша заттар: L-гистидин 0.65 мг, L-гистидин моно-гидрохлориді 1.22 мг, глицин 9.98 мг, натрий хлориді 4.38 мг, полисорбат 80 0.10 мг, 1 мл дейінгі инъекцияға арналған су.

Сипаттамасы

Көрінетін бөлшектерсіз мөлдір немесе сәл бозаңданатын, түссіз немесе сарғыштау реңді стерильді ерітінді.

Фармакотерапиялық тобы

Ісікке қарсы препараттар. Моноклональді антиденелер. Рамуцирумаб.

АТХ коды L01XC21

Фармакологиялық қасиеттері

Фармакокинетикасы

Қауымдық фармакокинетикалық талдау нәтижелеріне сай, рамуцирумаб фармакокинетикалық сипаттамалары асқазан обыры, ӨҰЖО және МКО бар пациенттерде ерекшеленбейді. Рамуцирумаб орташа клиренсі (% ауытқу коэффициенті [АК%]) 0,015 л/сағатқа тең болды (30%), ал орташа соңғы жартылай шығарылу кезеңі 14 күн құрады (20%).

Пациенттердің ерекше топтары

Қауымдық фармакокинетикалық талдауда пациенттің жасы, жынысы және нәсілі рамуцирумаб фармакокинетикасына клиникалық мәнді ықпалын тигізбеген.

Бүйрек жеткіліксіздігі

Қауымдық фармакокинетикалық талдауда бүйрек функциясының жеңіл (есептік креатинин клиренсі [еКК] 60 – 89 мл/мин, n = 687), орташа (еКК 30 – 59 мл/мин, n = 244) немесе ауыр (еКК 15 – 29 мл/мин, n = 6) бұзылулары бар пациенттерде, бүйрек функциясы қалыпты пациенттермен (еКК ≥ 90 мл/мин, n = 697) салыстырғанда, рамуцирумаб тепе-тең концентрациясының (Css) клиникалық мәнді айырмашылықтары анықталмаған.

Бауыр жеткіліксіздігі

Қауымдық фармакокинетикалық талдауда бауыр функциясының жеңіл (қалыптың жоғарғы шегіндегі [ҚЖШ] жалпы билирубин және ҚЖШ > АСТ немесе ҚЖШ >1.0-1.5 есе жоғары жалпы билирубин және АСТ кез келген мөлшері, n = 525) немесе орташа (жалпы билирубин ҚЖШ >1.5-3.0 жоғары, n = 23) бұзылулары бар пациенттерде, бауыр функциясы қалыпты пациенттермен (жалпы билирубин және АСТ ≤ҚЖШ, n = 1055) салыстырғанда, рамуцирумаб Css орташа мәнінің клиникалық мәнді айырмашылықтары анықталмаған. Бауыр функциясының ауыр бұзылулары бар пациенттерде (ҚЖШ >3.0 есе жоғары жалпы билирубин және АСТ кез келген мөлшері) рамуцирумаб фармакокинетикасы зерттелмеген.

Дәрілермен өзара әрекеттесуін зерттеу

Ауқымды ісіктері бар пациенттерде паклитаксел, доцетаксел және иринотекан (немесе оның белсенді метаболиті SN-38) қамтылатын рамуцирумаб немесе мақұлданған біріктірілімдерге кіретін бір мезгілде қабылданатын препараттар экспозициясының клиникалық мәнді өзгерістері білінбеген.

Фармакодинамикасы

Сирамза (рамуцирумаб) 2-ші типті тамыр эндотелийінің өсу факторы рецепторымен спецификалық байланысатын адамның IgG1 рекомбинантты моноклональді антиденесі болып табылады. Сирамзаның молекулалық салмағы шамамен 147 кДа құрайды. Сирамза сүт қоректілердің NS0 жасушалық желісінен гендік инженерия арқылы алынады.

Рамуцирумаб VEGFR, VEGF-А, VEGF-С және VEGF-D лигандтарының байланысуын бөгеп, 2-ші типті VEGF рецепторымен спецификалық байланысатын 2-ші типті тамырлар эндотелийінің өсу факторы рецепторының антагонисі болып табылады. Нәтижесінде рамуцирумаб лигандтармен индукцияланатын адамның эндотелий жасушаларының пролиферациялану және көшу үдерісін тежей отырып, 2-ші типті VEGF рецепторының лиганд арқылы белсенділенуін тежейді. Жануарларға жасалған тәжірибелерде in vivo жағдайларында рамуцирумаб ангиогенезді тежейді.

Қолданылуы

- монотерапия ретінде немесе паклитакселмен біріктірілімде фторпиримидин немесе платина препараттары қолданылатын алдыңғы химиялық ем курсы кезінде немесе одан кейін ауруы үдей бастаған асқазанның немесе өңеш-асқазан қосылысының кең таралған немесе метастаздық аденокарциномасы бар пациенттерді емдеуге тағайындалады.

- доцетакселмен біріктірілімде платина препараттарының негізіндегі химиялық ем курсы кезінде немесе одан кейін ауруы үдей бастаған өкпенің метастаздық ұсақ жасушалы емес обыры (ӨҰЖО) бар пациенттерді емдеуге тағайындалады.

EGFR немесе ALK генетикалық аберрациясы бар пациенттерге Сирамзанытм осындай ісіктерді емдеу үшін мақұлданған ем аясында аурудың үдеу белгілері анықталған жағдайда ғана тағайындауға болады.

- FOLFIRI химиялық ем режимімен (иринотекан, фолий қышқылы, 5-фторурацил) біріктірілімде бевацизумаб, оксалиплатин және фторпиримидин қолданылатын алдыңғы емдеу курсы кезінде немесе одан кейін ауруы үдей бастаған метастаздық колоректальді обыры (МКО) бар пациенттерді емдеуге тағайындалады.

Қолдану тәсілі және дозалары

Тек вена ішіне жасалатын инфузиялар үшін.

Сирамза препаратын сорғалатып немесе болюсті енгізуге болмайды. Ерітінді рН 5.7 – 6.3. Бір реттік құтылардағы ерітінді. Құрамында консерванттар жоқ.

Асқазан обырын емдеуге ұсынылатын дозалануы және сызбасы

- Монотерапия ретінде немесе паклитакселдің апта сайынғы инфузияларымен біріктірілімде тағайындалатын Сирамза препаратының ұсынылатын дозасы әр 2 апта сайын 8 мг/кг құрайды және 60 минутқа созылатын вена ішіне инфузия түрінде енгізіледі. Сирамза препаратымен емдеуді аурудың немесе қолайсыз уыттанудың үдеу белгілері білінгенше жалғастырады.

- Біріктірілген ем жүргізілгенде Сирамзаны паклитаксел қолдануға дейін енгізген жөн.

Өкпенің ұсақ жасушалы емес обырын емдеуге ұсынылатын дозалануы және сызбасы

- Сирамза препаратының ұсынылатын дозасы 10 мг/кг құрап, 21-күндік циклдың 1-ші күні доцетаксел инфузиясының алдында 60 минутқа созылатын вена ішіне инфузия түрінде енгізіледі. Сирамза препаратымен емді аурудың немесе қолайсыз уыттанудың үдеу белгілері білінгенше жалғастырады.

Колоректальді обырды емдеуге ұсынылатын дозалануы және сызбасы

- Сирамза препаратының ұсынылатын дозасы әр 2 апта сайын 8 мг/кг құрап, FOLFIRI енгізу алдында 60 минутқа вена ішіне инфузия түрінде енгізіледі. Сирамза препаратымен емді аурудың немесе қолайсыз уыттанудың үдеу белгілері білінгенше жалғастырады.

Сирамзанықолдануды бастау алдындағы нұсқаулар

Сирамзаның әр инфузиясының алдында барлық пациенттер гистаминді Н1-рецепторлары блокаторының (мысалы, дифенгидрамин гидрохлориді) вена ішіне инъекциясын алуы тиіс. Ауырлығы 1 немесе 2 дәрежедегі инфузиялық реакциялар анықталған пациенттерге әр инфузияның алдында дексаметазонмен (немесе аналогымен) және ацетаминофенмен премедикация жасау да көрсетілген («Қолдану тәсілі және дозаларын» қараңыз).

Сұйылтудан және дайындаудан соң рамуцирумаб вена ішіне инфузия түрінде енгізіледі.

Дозаны модификациялау

Инфузиялық реакциялар (ИР)

- Сирамза инфузиясының жылдамдығын ауырлығы 1 немесе 2 дәрежедегі ИР жағдайында 50% азайту керек

- Сирамза препаратымен емдеуді ауырлығы 3 немесе 4 дәрежедегі ИР жағдайында толық тоқтату керек ((«Қолдану тәсілі және дозаларын» және «Айрықша нұсқауларын» қараңыз).

Артериялық гипертензия

- Ауыр артериялық гипертензия анықталған жағдайда Сирамза препаратымен емдеуді артериялық қысымды гипертензиялық препараттармен бақылауға болатын сәтке дейін тоқтата тұру керек.

- Артериялық гипертензиясы бақыланбайтын пациенттерге Сирамза препаратын тоқтату көрсетілген («Айрықша нұсқауларын» қараңыз).

Протеинурия

- Несептен ≥2 г/24 сағат мөлшерінде ақуыз анықталғанда Сирамза препаратымен емдеуді тоқтату керек. Несептегі ақуыз мөлшері <2 г/24 сағатқа дейін төмендеген соң препаратпен емдеуді дозасын азайту шартымен

жаңғыртады (1 кестені қараңыз). Егер несептегі ақуыз мөлшері ≥2 г/24 сағатқа дейін қайта көтерілсе, емдеуді несепте ақуыз мөлшері <2 г/24 сағатқа дейін төмендегенше тоқтатып, артынан дозасын тағы бір рет азайту қажет (1 кестені қараңыз).

- Несептегі ақуыз мөлшері 3 г/24 сағаттан асып кететін немесе нефроздық синдромы бар пациенттер ешбір жағдайда да Сирамза препаратымен емдеуді жалғастырмауы тиіс («Айрықша нұсқауларын» және «Жағымсыз әсерлерін» қараңыз).

1 кесте. Протеинурия кезінде Сирамза дозасын азайту

Сирамзаныңбастапқы дозасы

Бірінші ретте мына дозаға дейін азайтылады:

Екінші ретте мына дозаға дейін азайтылады:

8 мг/кг

6 мг/кг

5 мг/кг

10 мг/кг

8 мг/кг

6 мг/кг

Жарақаттардың жазылуы кезіндегі асқынулар

- Жоспарланған операциялық араласу алдында Сирамза препаратымен емдеуді тоқтату керек, бұл орайда емдеуді операциядан кейінгі жарақаттар толық жазылған соң ғана жаңғыртуға болады («Айрықша нұсқауларын» қараңыз).

Артериялық тромбоэмболиялық асқынулар, АІЖ тесілуі немесе ауырлығы 3 немесе 4 дәрежедегі асқынулар

- Сирамза препаратымен емдеуді тоқтату керек («Айрықша нұсқауларын» қараңыз).

Паклитаксел, доцетаксел немесе FOLFIRI компоненттерін қолданумен байланысты уыттану туралы ақпарат алу үшін осы дәрілік препараттарды медициналық қолдану жөніндегі нұсқаулықтарды қараңыз.

Бүйрек функциясы бұзылған пациенттер

Қауымдық фармакокинетикалық талдау нәтижелері бүйрек жеткіліксіздігінде креатинин клиренсі өзгеретін пациенттерде дозаны түзету қажет емес екенін айғақтайды.

Бауыр функциясы бұзылған пациенттер

Қауымдық фармакокинетикалық талдау нәтижелері бауыр функциясының жеңіл (қалыптың жоғарғы шегіндегі [ҚЖШ] жалпы билирубин және > ҚЖШ аспартатаминотрансфераза [АСТ] немесе жалпы билирубин ҚЖШ >1.0-1.5 есе жоғары және АСТ кез келген мөлшері) немесе орташа (ҚЖШ >1.5-3.0 есе жоғары жалпы билирубин және АСТ кез келген мөлшері) бұзылулары бар пациенттерде дозаны түзету қажет еместігін айғақтайды. Сирамза препаратымен монотерапия алған Чайлд-Пью жіктеуі бойынша В немесе С класты бауыр циррозы бар пациенттерде ауру ағымы өршуінің клиникалық белгілері білінген жағдайлар тіркелген («Айрықша нұсқауларын» қараңыз).

Ерітіндіні дайындау

Ерітіндіні дайындар алдында құтының ішіндегісін механикалық қосылыстарының және түс өзгерісінің бар-жоғы тұрғысынан қарап тексеру қажет («Сипаттамасын» қараңыз). Механикалық қосылыстары және түсінің өзгеруі анықталған жағдайда құтыны жою қажет. Препараты бар құтылар тура инфузияға дайындалу сәтіне дейін 2°С-ден 8°С дейінгі температурада сақталуы тиіс. Тіке түсетін күн сәулесінің әсерінен қорғау үшін құтыларды қаптамадан шығаруға болмайды. Препарат құрамында консерванттар жоқ, сондықтан дайындалған ерітінді дереу пайдаланылуы тиіс. Бір рет қолдануға арналған құтылардағы ерітінді.

- Сирамза дозасын белгілеңіз және инфузияға арналған ерітіндіні дайындауға қажетті көлемін есептеңіз. Құтылардың құрамында 10 мг/мл концентрацияларда 100 мг/10 мл немесе 500 мг/50 мл Сирамза ерітіндісі бар.

- Сирамзаның қажетті мөлшерін вена ішіне салатын инфузияларға арналған контейнерге толтырыңыз және 250 мл тең ерітіндінің түпкілікті көлемі алынғанша инъекцияға арналған натрий хлоридінің 0.9% ерітіндісімен сұйылтыңыз (басқа сұйылтқыштар қолдануға рұқсат етілмейді). Осы мақсатта құрамында декстроза бар ерітінділерді пайдаланбаңыз.

- Ерітіндінің мұқият араласуы кепілді болу үшін, контейнерді ұқыпты аударыстырыңыз.

- Инфузияға арналған Сирамза ерітіндісін МҰЗДАТЫП ҚАТЫРУҒА ЖӘНЕ СІЛКУГЕ БОЛМАЙДЫ. Оны басқа ерітінділермен сұйылтпаңыз және басқа электролиттермен немесе препараттармен араластырмаңыз.

- Ерітінді асептика ережелерін қадағалаумен дайындалған жағдайда, инфузияға арналған сұйылтылған ерітіндіні 2°С-ден 8°С дейінгі температурада 24 сағаттан немесе бөлме температурасында (30°С төмен) 4 сағаттан асырмай сақтауға болады.

- Салқындап қалған жағдайда, препаратты қолданар алдында бөлме температурасына дейін жеткізу қажет.

- Сақтау уақыты өзінде инфузия ұзақтығын қамтиды.

- Егер тіпті Сирамзакөлемі түгел пайдаланылмаса да, ашылған құтылар жойылуы тиіс.

Ерітіндіні енгізу

- Сұйылтылған ерітіндіні қолданар алдында механикалық қосылыстары мен түсінің өзгеруі тұрғысынан қарап тексеру қажет. Механикалық қосылыстары немесе түс өзгерісі анықталған жағдайда ерітіндіні жою қажет.

- Инфузия үшін дайындалған ерітіндіні, жеке инфузиялық жүйені пайдаланып, инфузиялық помпа арқылы 60 минут ішінде енгізеді. Ақуыздарды бөгеуге арналған тесіктер өлшемі 0.22 мкм сүзгіні пайдалану ұсынылады. Инфузия аяқталған соң жүйені инъекцияға арналған натрий хлоридінің (0.9%) стерильді ерітіндісімен жуып-шаяды.

Жағымсыз әсерлері

Бірлі-жарым жағдайлардағыдан жиірек кездескен жағымсыз реакциялар келесі аралық бөліктерге сәйкес тізбеленген: өте жиі (≥10%), жиі (≥1%, <10%), кейде (≥0,1%, <1%), сирек (≥0,01%, < 0,1%), аса сирек (<0,01%).

* Клиникалық зерттеулер мүлде әртүрлі жағдайларда жүргізілетіндіктен, бір препараттың клиникалық зерттеулерінде аталатын жағымсыз реакциялар жиілігін басқа препараттың клиникалық зерттеулерінде анықталатын жағымсыз реакциялар жиілігімен тікелей салыстыруға болмайды, ал ол клиникалық тәжірибеде білінетін жағымсыз әсерлердің даму жиілігін көріністей алмайды.

Асқазан обырында Сирамзаны монотерапия режимінде қолдану

Өте жиі

- артериялық гипертензия

- диарея

Жиі

- нейтропения

- мұрыннан қан кету

- бөртпе

- артериялық тромбоэмболиялық асқынулар

- протеинурия

- анемия

- ішек бітелісі

- гипонатриемия

- бас ауыру

Жиі емес

- инфузиялық реакциялар

- АІЖ тесілуі

Сирамзанытм (немесе плацебо) 8 мг/кг дозасында 2 аптада 1 рет вена ішіне енгізу пайдаланылатын рандомизацияланған салыстырмалы жасырын 1 клиникалық зерттеуде ең жиі жағымсыз реакциялар артериялық гипертензия мен диарея (ауырлығы кез келген дәрежедегі) болды, олар Сирамза тобындағы пациенттердің ≥10%-да анықталды және плацебо тобындағысынан кем дегенде 2% артық болды. Сирамза қолдану аясында байқалған күрделі жағымсыз құбылыстар арасында ең жоғары жиілік анемия (3.8%) және ішек бітелісі (2.1%) жағдайларында тіркелген. Эритроциттер құю Сирамза қабылдаған пациенттердің 11%-да және плацебо алған пациенттердің 8.7%-да өткізілді.

Келесі клиникалық мәнді жағымсыз реакциялар ≥1%-да, бірақ Сирамзаны қабылдаған пациенттердің <5%-да 1 зерттеуде анықталды: нейтропения (4.7% Сирамза, және 0.9% плацебо), мұрыннан қан кетулер (4.7% Сирамза, және 0.9% плацебо), бөртпе (4.2% Сирамза, және 1.7% плацебо), ішек бітелісі (2.1% Сирамза, және 0% плацебо) және артериялық тромбоэмболиялық асқынулар (1.7% Сирамза, және 0% плацебо).

Сирамза қолданылған клиникалық зерттеулерде, Сирамза тобындағы монотерапия режимінде протеинурия, АІЖ тесілуі және инфузиялық реакциялар сияқты клиникалық мәнді жағымсыз реакциялар (соның ішінде, ауырлығы ≥3 дәрежеде) аталды.

Зертханалық талдаулар нәтижелеріне сай, 1 зерттеуде протеинурия Сирамза тобындағы пациенттердің 8%-да және плацебо тобындағы пациенттердің 3%-да дамыды. Екі пациент протеинурия себебінен Сирамза™ препаратымен емделуді тоқтатты. АІЖ тесілу жиілігі 1 зерттеуде 0.8%-ға тең болды, ал инфузиялық реакциялар жиілігі 0.4% құрады.

Асқазан обырында Сирамзаны паклитакселмен біріктірілімде қолдану

Өте жиі

- нейтропения

- тромбоцитопения

- диарея

- гастроинтестинальді қан кетулер

- стоматит

- қажу, астения

- шеткері ісінулер

- гипоальбуминемия

- протеинурия

- мұрыннан қан кету

- артериялық гипертензия

Жиі

- сепсис

- фебрильді нейтропения

- АІЖ тесілуі

Салыстырмалы жасырын рандомизацияланған клиникалық 2-ші зерттеуде, Сирамзатм (немесе Плацебо) 2 аптада бір рет 8 мг/кг дозада әр 28-күндік циклдың 1, 8, 15 күні 80 мг/м² дозадағы паклитакселмен біріктірілімде тағайындалды, ең жиі жағымсыз реакциялары (кез келген ауырлық дәрежесінде) Сирамза және паклитаксел тобындағы пациенттердің ≥30%-да анықталған қажу, нейтропения, диарея және мұрыннан қан кетулер болды, ал олардың жиілігі плацебо және паклитаксел тобындағы осындайдан кем дегенде 2% артық болды. Сирамза препаратымен және паклитакселмен ем аясында байқалған күрделі жағымсыз құбылыстар арасында ең жоғары жиілік нейтропения (3.7%) және фебрильді нейтропения (2.4%) жағдайларында тіркелді; Сирамзы және паклитаксел тобындағы пациенттердің 19%-да гранулоциттердің колония стимуляциялаушы факторы тағайындалды. 2 зерттеуге қатысқан пациенттердің 2% және одан көбінде нейтропения (4%) және тромбоцитопения (3%) Сирамза мен паклитаксел біріктірілімінің кез келген компонентін қолданудың тоқтатылуын талап етті.

Келесі клиникалық мәнді жағымсыз реакциялар ≥1%-да, бірақ Сирамза мен паклитаксел алған пациенттердің <5%-да 2 зерттеуде анықталған: сепсис (3.1% Сирамза, оған қоса паклитаксел және 1.8% плацебо, оған қоса паклитаксел) және АІЖ тесілуі (1.2% Сирамза, оған қоса паклитаксел және 0.3% плацебо, оған қоса паклитаксел).

Өкпенің ұсақ жасушалы емес обырында Сирамзаны доцетакселмен біріктірілімде қолдану

Өте жиі

- нейтропения, фебрильді нейтропения

- тромбоцитопения

- қажу, астения

- стоматит, шырышты қабықтың қабынуы

- өкпеден қан кету (жалпақ жасушалы ісіктері бар пациенттерде)

- көз жасы ағуының күшеюі

- шеткері ісінулер

- мұрыннан қан кету

- артериялық гипертензия

- инфузиялық реакциялар

- пневмония

Жиі

- өкпеден қан кету (жалпақ жасушалы емес ісіктері бар пациенттерде)

- гипонатриемия

- протеинурия

Платина препараттарының негізіндегі химиялық ем курсы кезінде немесе одан кейін аурудың үдеуі анықталған жергілікті таралған немесе метастаздық ӨҰЖО бар пациенттерде 3 аптада бір рет вена ішіне 10 мг/кг Сирамза (немесе Плацебо), оған қоса 75 мг/м² доцетаксел қолданылған халықаралық рандомизацияланған салыстырмалы жасырын 3-ші зерттеуде ең жиі жағымсыз реакциялар (кез келген ауырлық дәрежесінде) Сирамза мен доцетаксел тобындағы пациенттердің ≥30%-да анықталған нейтропения, қажу/астения және стоматит/шырышты қабықтың қабынуы болды, ал олардың жиілігі плацебо мен доцетаксел тобындағы осындайдан кем дегенде 2% артық болды. Жағымсыз реакциялар себебінен емдеуді тоқтату жиілігі, плацебо және доцетаксел (5%) тобымен салыстырғанда, Сирамза мен доцетаксел (9%) тобында жоғары болды. Сирамза қолданылуын тоқтатуға инфузиялық реакциялар (0.5%) және мұрыннан қан кетулер (0.3%) сияқты жағымсыз құбылыстар бәрінен жиірек әкелді. Жалпақ жасушалы емес ісіктері бар пациенттердің қосалқы тобында өкпеден қан кетулердің жалпы жиілігі Сирамза мен доцетаксел тобында 7% және плацебо мен доцетаксел тобында 6% құрады, ал емдеудің екі тобында да ауырлығы ≥3 дәрежедегі өкпеден қан кету жиілігі 1%-ға тең болды. Жалпақ жасушалы ісіктері бар пациенттердің қосалқы тобында өкпеден қан кетулердің жалпы жиілігі Сирамза мен доцетаксел тобында 10% және плацебо мен доцетаксел тобында 12% құрады, ал емдеудің екі тобында да ауырлығы ≥3 дәрежеде өкпеден қан кету жиілігі 2%-ға тең болды.

Сирамза препаратымен және доцетакселмен ем аясында байқалған күрделі жағымсыз құбылыстар арасында ең жоғары жиілік фебрильді нейтропения (14%), пневмония (6%) және нейтропения (5%) жағдайларында тіркелді. Сирамза мен доцетаксел тобы пациенттерінің 42%-да және плацебо мен доцетаксел тобы пациенттерінің 37%-да гранулоциттердің колония стимуляциялау факторы тағайындалды. 65 жастағы және одан асқан пациенттердің қосалқы тобында ем кезінде және емдеуді тоқтатудан кейін 30 күн ішінде Сирамза және доцетакселде рандомизацияланған пациенттер арасында өліммен аяқталған 18 жағдай (8%) және плацебо мен доцетакселде рандомизацияланған пациенттер арасында өліммен аяқталған 9 жағдай (4%) тіркелді. 65 жасқа дейінгі пациенттердің қосалқы тобында ем кезінде және емдеуді тоқтатудан кейін 30 күн ішінде Сирамза және доцетакселде рандомизацияланған пациенттер арасында өліммен аяқталған 13 жағдай (3%) және және плацебо мен доцетакселде рандомизацияланған пациенттер арасында өліммен аяқталған 26 жағдай (6%) тіркелді.

Колоректальді обырда Сирамзаны FOLFIRI-мен біріктірілімде қолдану

Өте жиі

- диарея

- нейтропения

- тромбоцитопения

- тәбеттің төмендеуі

- мұрыннан қан кету

- стоматит

- ішек бітелісі

- фебрильді нейтропения

- АІЖ тесілуі

- гастроинтестинальді қан кетулер

- шеткері ісінулер

- протеинурияа

- пальмарис-плантарлы эритродизестезия

- артериялық гипертензия

- ТТГ деңгейінің жоғарылауы

Жиі

- гипоальбуминемия

а Сирамза және FOLFIRI тобынан нефроздық синдром дамыған 3 пациентті қоса.

Келесі клиникалық мәнді жағымсыз реакция ≥1%-да, бірақ Сирамза™ мен FOLFIRI алған пациенттердің <5%-да 4 зерттеуде анықталды: АІЖ тесілуі (1.7% Сирамза, оған қоса FOLFIRI және 0.6% плацебо, оған қоса FOLFIRI).

Тиреотропты гормон (ТТГ) деңгейлері емдеу басталғанша ТТГ бастапқы деңгейлері қалыпты болған 224 пациентте өлшенді (Сирамза және FOLFIRI тобынан 115 пациент және плацебо және FOLFIRI тобынан 109 пациент). Атап көрсетілген пациенттер бүкіл емдеу курсының, оған қоса соңғы инфузиядан кейін 30 күн ішінде жүйелі түрде ТТГ талдауларын тапсырды. ТТГ деңгейінің жоғарылауы Сирамза және FOLFIRI біріктірілімін алған 53 (46%) пациентте және плацебо мен FOLFIRI алған 4 (4%) пациентте анықталды.

Қолдануға болмайтын жағдайлар

- белсенді субстанцияға және препараттың қосымша компоненттеріне аса жоғары сезімталдық

Дәрілермен өзара әрекеттесуі

Рамуцирумаб пен паклитаксел, рамуцирумаб пен доцетаксел немесе рамуцирумаб пен иринотекан немесе SN-38 белсенді метаболиті арасында қандай да бір фармакокинетикалық өзара әрекеттесулер анықталмаған.

Айрықша нұсқаулар

Осы дәрілік зат қосымша бақылау нысаны болып табылады. Аталған шара қауіпсіздік жөніндегі жаңа ақпаратты тез анықтауға мүмкіндік береді. Дәрігерлерден препараттан туындайтын кез келген жағымсыз реакциялар туралы хабарлауды өтінеміз.

Қан кетулер

Сирамза препараты гастроинтестинальді қан кетулер мен күрделі сипатта болуы және кейбір жағдайларда өліммен аяқталуы мүмкін басқа жерлерден қан кетулер қаупін арттырады. Күрделі қан кетуі болған пациенттер ешбір жағдайда емді жалғастырмауы тиіс.

Артериялық тромбоэмболиялық асқынулар

Клиникалық зерттеулерде миокард инфарктісін, жүректің тоқтап қалуын, инсульт пен ми ишемиясын қамтитын артериялық тромбоэмболиялық асқынулардың (АТА) күрделі және кейде өлімге ұшырататын жағдайлары тіркелген. Ауыр АТА анықталған жағдайда Сирамзапрепаратымен емді тоқтату керек.

Артериялық гипертензия

Сирамза препаратымен емдеуді бастар алдында пациенттің артериялық гипертензиясын бақылауға болатынына көз жеткізу керек. Емделу кезінде клиникалық көрсетілімдері бар болса, әр екі апта сайын немесе одан жиірек өлшеу керек. Ауыр артериялық гипертензия анықталған жағдайда дәрі-дәрмектік ем артериялық қысымды бақылауға алу мүмкіндігін беретін сәтке дейін Сирамза препаратымен емдеуді тоқтата тұру керек. Бақыланбайтын артериялық гипертензия, гипертониялық криз немесе гипертониялық энцефалопатиясы бар пациенттерге Сирамзапрепаратын тоқтату көрсетілген.

Инфузиялық реакциялар (ИР)

Клиникалық зерттеулерде анықталған көптеген ИР Сирамзаның бірінші немесе екінші инфузиясы кезінде немесе одан кейін дамыды. ИР симптомдарына діріл/тремор, арқаның ауыруы/құрысуы, кеудедегі ауыру және/немесе ауырлық, қалтырау, гиперемия, ентігу, ысқырып дем алу, гипоксия және парестезия жатады. Ауыр жағдайларда бронх түйілуі, қарынша үсті тахикардиясы және артериялық гипотензия сияқты симптомдар дамуы мүмкін. Инфузия кезінде пациенттерге ИР белгілері мен симптомдарын анықтау мониторингі көрсетілген, ал емшараның өзі жан сақтауға қажетті құрылғымен жабдықталған орынжайда жүргізілуі тиіс. Ауырлығы 3 немесе 4 дәрежедегі ИР анықталған жағдайда емшараны дереу тоқтату керек, ал ондай жағдайда Сирамзапрепаратымен емдеуді жалғастыруға болмайды.

АІЖ тесілуі

Сирамза өлімге ұшыратуы зор асқыну болып табылатын АІЖ тесілу қаупін арттыруға қабілетті антиангиогенді препарат түрінде болады. АІЖ тесілуі бар пациенттер ешбір жағдайда емді жалғастырмауы тиіс.

Жарақаттардың нашар жазылуы

VEGF дабыл жолын бөгейтін антиденелер қолдану аясында жарақаттардың нашар жазылуын байқауға болады. Сирамза зерттеуіне күрделі немесе жазылмайтын жарақаттары бар пациенттер тартылды. Сирамза жарақаттардың жазылу үдерісіне кері ықпал етуге қабілетті антиангиогенді препарат болып табылады. Жарасы нашар жазылатын пациенттерге Сирамзаны тоқтату көрсетілген. Операциялық араласу алдында Сирамза препаратымен емдеуді тоқтата тұру керек. Операциядан кейінгі жаралардың жазылу үдерісін клиникалық бағалау негізінде хирургиялық араласудан соң емдеуді жаңғырту шешімі қабылдануы тиіс. Емдеу аясында жаралардың баяу жазылуымен байланысты асқынулар дамыған жағдайда олардың толық жазылуына дейін емдеуді тоқтату керек.

Чайлд-Пью жіктеуі бойынша В немесе С класты бауыр циррозынан зардап шегетін пациенттер жағдайының нашарлауы

Чайлд-Пью жіктеуі бойынша В немесе С класты бауыр циррозы бар пациенттерде Сирамза препаратымен монотерапия аясында энцефалопатия, асцит немесе гепаторенальді синдромның даму немесе өршу жағдайлары тіркелген. Чайлд-Пью жіктеуі бойынша В немесе С класты бауыр циррозы бар пациенттерде Сирамзаның қолданылуы, емдеуші дәрігер пікірі бойынша, егер емдеудің ықтималды артықшылықтары цирроз ағымының өршуімен байланысты қауіптерден артық болатын жағдайда ғана ақталуы мүмкін.

Артқы қайтымды лейкоэнцефалопатия синдромы (АҚЛС)

МРТ арқылы АҚЛС диагнозы расталған жағдайда Сирамза препаратымен емдеуді тоқтату керек. Пациенттің сауығуы немесе жағдайының жақсаруы бірнеше күн ішінде басталуы мүмкін, алайда, АҚЛС бар кейбір пациенттерде неврологиялық симптомдар сақталады, ал кейбір жағдайларда бұл асқыну өліммен аяқталуы мүмкін.

Протеинурия, нефроздық синдром жағдайларын қоса

Сирамза препаратымен емдеу аясында протеинурияның дамуы немесе өршуіне қатысты мониторинг өткізілгенде тест-жолақтар пайдаланылатын несеп талдауы және/немесе несептегі ақуыз/креатинин арақатынасына талдау жасалады. Несептен ≥2 г/24 сағат мөлшерінде ақуыз анықталғанда Сирамза препаратымен емді тоқтату керек. Несепте ақуыз мөлшері <2 г/24 сағатқа дейін төмендеген соң препаратпен емдеу дозаны азайту шартымен жаңғыртылады. Несепте ақуыз мөлшері 3 г/24 сағаттан асып кететін немесе нефроздық синдромы бар пациенттер ешбір жағдайда Сирамза препаратымен емді жалғастырмауы тиіс («Қолдану тәсілі және дозаларын» қараңыз).

Қалқанша без дисфункциясы

Сирамза препаратымен емдеу кезінде қалқанша без функциясына мониторинг өткізу керек.

Эмбриофетальді уыттану

Сирамзаның әсер ету механизмі жүктілік кезінде қолданған жағдайда препарат сәбиге зиян тигізеді деп болжауға мүмкіндік береді. Жүкті әйелдер шаранаға төнетін ықтималды қауіптен хабарланған болуы тиіс. Ұрпақ өрбіту жасындағы әйелдерге Сирамза препаратымен емдеу курсының бүкіл барысында және Сирамзаның соңғы инфузиясынан кейін, кем дегенде, 3 ай бойы тиімді контрацепция әдістерін пайдалану ұсынылады.

Иммуногенділігі

Барлық емдік ақуыздар жағдайындағы сияқты, емделу кезінде қолайсыз иммуногенділіктің даму проблемасы туындауы мүмкін. Бейтараптандырғыш антиденелер емделу кезінде рамуцирумабқа антиденелері анықталған 86 пациенттің 14-нен табылған. Антиденелердің анықталуы едәуір дәрежеде сезімталдығына және пайдаланылған талдау ерекшелігіне байланысты. Бұдан бөлек, антиденелердің анықталу жиілігіне (бейтараптандырғыш антиденелерді қоса) талдау жасау әдістемесін, үлгілерді таңдау техникасы мен уақытын, қатарлас препараттар қабылдауды және негізгі ауру сипатын қоса, бірнеше факторлар ықпалын тигізуі мүмкін, сондықтан Сирамзаға антиденелер туындау жиілігін басқа препараттарға тән осы көрсеткішпен салыстыру нақтылы болмауы мүмкін.

Пациенттердің ерекше топтарында препаратты қолдану

Жүктілік

Сирамзаның әсер ету механизмі препарат шаранаға теріс әсерін тигізеді деп болжауға мүмкіндік береді. Жүктілік кезінде препаратты қолданумен астасқан қауіптер туралы ақпарат, Сирамзаны жүкті әйелдерде қолдану деректерінің болмауына орай, ұсынылмауы мүмкін. Препарат тағайындалатын пациенттер қауымдарында балалардың туа біткен күрделі ақаулармен туылуының және түсік тастаудың ағымдағы жиілігі белгісіз. Жүкті әйелдер шаранаға төнетін зор қауіптен хабарланған болуы тиіс.

Лактация

Рамуцирумабтың бала емізетін әйелдердің сүтіне өтетіні және оның емшекпен қоректенетін балаларға немесе сүттің өну үдерісіне қандай да бір әсерін тигізетіні туралы ақпарат түспеген. Адамның G иммуноглобулиндері (IgG) емшек сүтіне өтеді, бірақ жарияланған деректер ана сүтінен бөлінген антиденелердің аздаған ғана мөлшерінің сәби қан ағымына түсетінін жорамалдауға мүмкіндік береді. Емшек еміп жүрген балаларда рамуцирумабтың күрделі жағымсыз реакцияларының ықтималды даму қаупін ескеріп, Сирамза препаратымен ем қабылдайтын әйелдерге емделу кезінде бала емізуден бас тартуға кеңес беру керек.

Фертильділік

Сирамзаның әсер ету механизмі препарат шаранаға зиян тигізеді деп болжауға мүмкіндік береді. Ұрпақ өрбіту жасындағы әйелдерге Сирамза препаратымен емдеу курсының бүкіл барысында және Сирамзаның соңғы инфузиясынан кейін, кем дегенде, 3 ай бойы контрацепцияның тиімді әдістерін пайдалануға кеңес беру керек. Сирамза фертильділікке теріс ықпал етуі мүмкін.

Препаратты балаларда қолдану

Балаларда Сирамза препаратын қолдану қауіпсіздігі мен тиімділігі зерттелмеген.

Препаратты егде жастағы пациенттерде қолдану

Асқазан обырының рандомизацияланған клиникалық зерттеулерінде 65 жастан бастап пациенттер (36% 65 жастан бастап және одан үлкен болды, ал 75 жастан бастап және одан үлкен пациенттердің үлесі 7% құрады) және олардан жасырақ пациенттер арасында препараттың қауіпсіздік немесе тиімділік айырмашылықтары білінбеген.

Бүйрек жеткіліксіздігі

Қауымдық фармакокинетикалық талдау нәтижелері бүйрек функциясының бұзылулары бар пациенттерде дозаларды түзету қажеттілігін айғақтамайды.

Бауыр жеткіліксіздігі

Қауымдық фармакокинетикалық талдау нәтижелері бауыр функциясының жеңіл (қалыптың жоғарғы шегіндегі [ҚЖШ] жалпы билирубин және > ҚЖШ аспартатаминотрансфераза [АСТ] немесе ҚЖШ >1,0-1,5 есе жоғары жалпы билирубин және АСТ кез келген мөлшері) немесе орташа (ҚЖШ >1,5-3,0 есе жоғары жалпы билирубин және АСТ) бұзылулары бар пациенттерде дозаларды түзету қажеттілігін айғақтамайды. Чайлд-Пью жіктеуі бойынша В немесе С класты бауыр циррозы бар, Сирамзапрепаратымен монотерапия қабылдаған пациенттерде аурудың ағымы өршіген клиникалық белгілер білінген жағдайлар тіркелген.

Артық дозалануы

Адамдарда препараттың артық дозалану жағдайлары жөнінде ақпарат алынбаған. Сирамзаны екі аптада бір рет 10 мг/кг дейін қолданғанда ең жоғары жағымды дозалануына жетпеген.

Шығарылу түрі және қаптамасы

Алюминий қалпақшалармен және пластик қақпақтармен қаусырылған, резеңке тығындармен тығындалған мөлдір, түссіз шыныдан жасалған құтыларға 10 немесе 50 мл препараттан құйылады.

Әр құтыға өздігінен желімденетін заттаңба жапсырылады.

Медициналық қолдану жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге 1 құтыдан картон қорапшаға салынады.

Сақтау шарттары

Түпнұсқалық қаптамада, жарықтан қорғалған жерде, тоңазытқышта 2°С-ден 8°С температураға дейін сақтау керек. Дайындалған ерітіндіні тоңазытқышта 2°С-ден 8°С-ге дейінгі температурада 24 сағаттан немесе ерітінді асептика ережелерін қадағалаумен дайындалған жағдайда 30°С-ден төмен температурада 4 сағаттан асырмай сақтау керек. Мұздатып қатыруға болмайды. Сілкімеу керек.

Сақтау мерзімі

2 жыл

Дәріханалардан босатылу шарттары

Рецепт арқылы

Өндіруші ұйымның атауы және елі

Элай Лилли энд Компани, АҚШ

Қаптаушы ұйымның атауы және елі

Элай Лилли энд Компани, АҚШ

Тіркеу куәлігі ұстаушысының атауы және елі

Элай Лилли Восток С.А., Швейцария

Орталық Азия және Монғолия елдері аумағында өнім (тауар) сапасына қатысты шағымдар қабылдайтын және дәрілік заттың тіркеуден кейінгі қауіпсіздігін қадағалауға жауапты ұйымның мекенжайы

«Элай Лилли Восток С.А.» компаниясының өкілдігі

Қазақстан Республикасы, 050059, Алматы қ., Иванилов к-сі 21.

тел: 8 (727) 2 447 447, факс: 8 (727) 2 442 851

Lilly_Safety_CARAGA@Lilly.com

Прикрепленные файлы

Сирамза_инструкция_рус.doc 0.15 кб
Сирамза_инструкция_каз.doc 0.21 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту

Источники

Национальный центр экспертизы лекарственных средств, изделий медицинского назначения и медицинской техники