Сертралин Ланнахер (50 мг)

МНН: Сертралин
Производитель: ГЛ Фарма ГмбХ
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Sertraline
Номер регистрации в РК: № РК-ЛС-5№019306
Информация о регистрации в РК: 17.10.2012 - 17.10.2017
Включено в Список ЛС в рамках ГОБМП, подлежащих закупу у Единого дистрибьютора
ЕД (Включено в Список ЛС в рамках ГОБМП, подлежащих закупу у Единого дистрибьютора)

Инструкция

Саудалық атауы

Сертралин Ланнахер

Халықаралық патенттелмеген атауы

Сертралин

Дәрілік түрі

Үлбірлі қабықпен қапталған 50 және 100 мг таблеткалар

Құрамы

Бір таблетканың құрамында

белсенді зат – 50 немесе 100 мг сертралинге баламалы 56 мг немесе 112 мг сертралин гидрохлориді,

қосымша заттар: микрокристалды целлюлоза, натрий крахмалы гликоляты (А типі), кальций гидрофосфаты дигидраты, гидроксипропилцеллюлоза, полисорбат 80, магний стеараты,

қабығы: гипромеллоза, пропиленгликоль, титанның қостотығы (Е171).

Сипаттамасы

Пішіні капсула тәрізді, екі беті дөңес, бір жағында сындыру сызығы бар, ақ немесе ақ дерлік түсті үлбірлі қабықпен қапталған таблеткалар.

Фармакотерапиялық тобы

Антидепрессанттар. Серотонинді кері қармайтын селективті тежегіштер. Сертралин.

АТХ коды N06АВ06

 

Фармакологиялық қасиеттері

Фармакокинетикасы

Ішке қабылдаған кезде сертралин асқазан-ішек жолынан жақсы сіңеді. Қандағы ең жоғарғы концентрациясына қабылдағаннан кейін 4,5-8,4 сағат ішінде жетеді. Дәрілік заттың 98%-ға жуығы плазма ақуыздарымен байланысады, ас ішу сертралиннің биожетімділігіне ықпал етпейді. Зат тәулігіне бір рет қабылдағандағы тұрақты концентрациясына 1 аптадан кейін жетеді. Жартылай шығарылу кезеңі 22 - 36 сағат аралығында. Сертралин де, негізгі метаболиті N-десметилсертралин де ағзада қарқынды метаболизденеді, шығарылуы бүйрек пен ішек арқылы жүреді. Сертралиннің азғантай мөлшері (0,2%-дан аз) өзгеріссіз күйде шығарылады.

Фармакодинамикасы

Сертралин Ланнахер серотонинді кері қармайтын селективті тежегіш болып табылады. Препараттың көтермелегіштік, тыныштандыратын антихолинергиялық және кардиоуытты әсерлері жоқ. 5-НТ серотонин рецепторларын қармалуын іріктеп тежеуі салдарынан сертралин катехоламинергиялық белсенділікті көтермелемейді. Сертралиннің мускариндік, серотонинергиялық, допаминергиялық, адренергиялық, гистаминергиялық, GABA- немесе бензодиазепин рецепторларына туыстығы жоқ.

Қолданылуы

- жедел депрессиялар рецидивінің алдын алуда

- үрей ұстамаларында, соның ішінде агорафобиямен

- ересектер мен 6 жастан 17 жасқа дейінгі балалардағы обсессивті-компульсивті бұзылыстар (ОКБ)

- әлеуметтік үрейлі бұзылыстарында (үрейлі-фобиялық бұзылыстар)

- жарақаттан кейінгі стресте (ЖКС)

Қолдану тәсілі мен дозалары

Таблеткалар тәулігіне бір рет (таңертең немесе кешке), дұрысы ас ішу кезінде қабылдануы тиіс. Таблеткалар шайналмай, тұтастай жұтылуы тиіс.

Депрессия немесе обсессивті-компульсивті бұзылыстарды емдеуде ересек емделушілер үшін емдік дозасы тәулігіне 50 мг құрайды.

Үрейлі бұзылыстар мен жарақаттан кейінгі стресстен туындаған бұзылыстарды емдеу үшін, бастапқы дозасы тәулігіне 25 мг құрауы тиіс. Бір аптадан кейін дозасы тәулігіне 50 мг дейін арттырылуы тиіс. Дозалаудың мұндай режимі, әсіресе үрейлі бұзылыстары бар емделушілерде емдеудің басында пайда болуы мүмкін жағымсыз реакциялар ықтималдығын азайтады.

Жауап реакциясы жеткіліксіз емделушілерде дозасын түзету 50 мг-ге біртіндеп (бірнеше апта бойы) арттырумен, 200 мг-ге тең ең жоғарғы тәуліктік дозасына дейін жеткізіп жүргізілуі мүмкін. Дозасын өзгерту аралықтары бір аптадан кем болмауы тиіс.

Емдік әсерін емдеуді бастағаннан кейін кемінде 7 күннен кейін бағалайды.

Ұзақ демеуші ем кезінде (оның ұзақтығын дәрігер жекелей анықтайды) ең төменгі тиімді дозасы ұсталып тұруы тиіс. Депрессиядан зардап шегетін емделушілер барлық симптомдарынан арылу үшін, кем дегенде 6 ай емделуі тиіс.

Емдеуге жауап реакциясы пайда болған жағдайда, сертралинмен ұзақ емдеу депрессия көріністерін жоюы мүмкін. Обсессивті-компульсивті бұзылыстарды емдеуде, тиімділігі, қауіпсіздігі және тұрақтылығы 2 жыл бойы емдеу кезінде байқалды.

Обсессивті-компульсивті бұзылыстары бар 6-12 жасар балалардағы емдеу тәулігіне 25 мг дозасынан басталуы тиіс, бір аптадан кейін дозасын тәулігіне 50 дейін арттырады.

Обсессивті-компульсивті бұзылыстары бар 13-17 жас шамасындағы балаларды емдеу тәулігіне 50 мг дозасынан басталуы тиіс.

Қажет болса, жауап реакциясы жеткіліксіз болған жағдайда келесі дозаларын тәулігіне 50 мг-ден біртіндеп, ең жоғарғы 200 мг тәуліктік дозасына жеткенше ұлғайтуға болады. Алайда, препараттың дозасын тағайындағанда артық дозалануын болдырмас үшін, әдетте бала салмағының ересектерге қарағанда төмен болатыны ескерілуі тиіс. Дозасын өзгерту аралықтары бір аптадан кем болмауы тиіс.

Егде жастағылар

Егде жастағы адамдар үшін дозасын сақтықпен таңдап алу керек, өйткені олар гипонатриемияға бейімірек.

Бүйрек жеткіліксіздігі бар емделушілер

Бүйрек қызметі бұзылған емделушілерде дозасын түзету қажет емес.

Бауыр жеткіліксіздігі бар емделушілер

Бауыр қызметі бұзылған емделушілерде сертралиннің төмендеу дозаларын пайдалану немесе қабылдаулар аралығын ұлғайту қажет.

Жағымсыз әсерлері

Өте жиі

- ұйқысыздық, ұйқышылдық, бас айналуы, бас ауыруы, шаршағыштық

- диарея, жүрек айнуы, ауыздың құрғауы

- эякуляцияның болмауы

Жиі

- фарингит

- анорексия, тәбеттің жоғарылауы

- депрессия, деперсонализация, түнгі қорқыныштар, үрейлену, мазасыздық, ашушаңдық, либидо төмендеуі, бруксизм (тісін қайрау)

- парестезия, діріл, гипертония, дәм сезудің бұзылуы, назар аударудың бұзылуы

- көрудің бұзылуы, құлақтағы шуыл, есінеу

- жүрек соғысының жиілеуі

- іш қуысының ауыруы, құсу, іштің қатуы, диспепсия, метеоризм

- бөртпе, гипергидроз

- миалгия

- жыныстық қызметтердің бұзылуы, эректильді қызметтердің бұзылуы

- кеуденің ауыруы

Жиі емес

- жоғарғы тыныс жолдарының жұқпасы, ринит

- елестеулер, эйфория, апатия, аномальді ойлау

- құрысулар, бұлшықеттердің еріксіз жиырылуы, қимыл-қозғалыс үйлесімінің бұзылуы, гиперкинезия, амнезия, гипестезия, сөйлеудің бұзылуы, постуральді бас айнауы, бас сақинасы

- құлақтың ауыруы

- тахикардия, гипертензия, бетке қан құйылу

- бронх түйілуі, гипервентиляция, диспноэ, гиповентиляция, стридор, дисфония, ықылықтау

- өңештің қабынуы, дисфагия, геморрой, сілекейдің көп бөлінуі, сөйлеудің бұзылуы, кекіру

- периорбитальді ісіну, пурпура, шаштың түсуі, суық тер, терінің құрғауы, есекжем

- остеоартрит, бұлшықет әлсіздігі, арқаның ауыруы, бұлшықеттердің құрысып жиырылуы

- никтурия, несептің кідіруі, полиурия, поллакиурия, несеп шығарудағы қиындықтар

- қынапқа қан құйылу, әйелдің жыныстық қызметтерінің бұзылуы

- дімкәстану, қалтырау, қызба, астения, шөлдеу

- дене салмағының төмендеуі, дене салмағының артуы

Сирек

-дивертикулит, гастроэнтерит, ортаңғы құлақ отиті

- неоплазма (ісік)

-лимфаденопатия

- холестерин жоғарылауы, гипогликемия

- конверсиялық бұзылыстар, дәріге тәуелділік, психоз, агрессия, паранойя, суицидтік ойлар, айкезбе, мерзімінен бұрын эякуляция

- кома, хореоатетоз, дискинезия, гиперестезия, көру арқылы қабылдаудың бұзылуы

- глаукома, лакримальді бұзылу, скотома, диплопия, фотофобия, гифема, мидриаз

- миокард инфарктісі, брадикардия, жүрек қызметінің бұзылуы

- шеткергі ишемия

- стоматит, тілдің ойық жаралануы, тістердің бұзылуы, тілдің қабынуы, ауыз қуысының ойық жаралануы, мелена

- бауыр қызметінің бұзылуы

- дерматит, буллездік дерматит, фолликулярлық бөртпе, шаш құрылымының бұзылуы, теріден аномальді иіс шығу

- сүйек бұзылулары

- олигурия, несептің ұстамауы, несеп шығарудың қысқа мерзімді тоқтауы

- меноррагия, атрофиялық вульвовагинит, баланопостит, гениталий бөліністері, приапизм, галакторея

- жарық, инъекция орнындағы фиброз, дәрі көтерімділігінің төмендеуі, жүріс-тұрыстың бұзылуы

- аланинаминотрансферараза, аспартатаминотрансферараза жоғарылауы

- шәуһеттің өзгеруі

- соғылулар

- вазодилятация

Өте сирек

- лейкопения, тромбоцитопения

- анафилактоидтық реакция, аллергиялық реакция, аллергия

- гиперпролактинемия, гипотиреоидизм және антидиуретиктік гормон сөлінісінің бұзылу синдромы

- гипонатриемия

- паранойя, суицидтік мінез-құлық

- қимыл-қозғалыс бұзылулары (экстрапирамидтік симптомдарды қоса), естен тану

- серотонин синдромы: толқу, сананың шатасуы, қатты терлеу, қызба, гипертензия, мелшию және тахикардия

- акатизия және психомоторлық мазасыздық

- қан кету (мұрыннан, асқазан-ішектен, гематурия)

- панкреатит

- бауырдың күрделі зақымдалулары (гепатитті, сарғаю мен бауыр қызметінің істен шығуын қоса)

- Стивенс-Джонсон синдромы, эпидермальді некролиз, ангионевротикалық ісіну, беттің ісінуі, жарыққа сезімталдық, тері реакциялары, қышыну

- артралгия, бұлшықет құрысулары

- гинекомастия, етеккір бұзылыстары

- шеткергі ісіну

- клиникалық зертханалық көрсеткіштердің өзгеруі, тромбоциттер қызметінің өзгеруі

Препаратты қабылдауды тоқтатқанда атап айтқанда, егер қабылдау күрт тоқтатылса, абстиненция симптомдары туындауы мүмкін.

Абстиненттік синдром қаупі емдеу ұзақтығы мен дозасын, сондай-ақ дозасын төмендету жылдамдығын қоса, бірнеше факторларға тәуелді.

Қолдануға болмайтын жағдайлар

- сертралинге немесе таблеткалардың басқа компоненттеріне аса жоғары сезімталдық

- моноаминооксидаза (МАО) тежегіштерімен бір мезгілде тағайындау. МАО тежегіштерін қабылдауды тоқтату мен сертралинді қабылдауды бастау аралығы кемінде 14 күнді құрауы тиіс

- тұрақсыз эпилепсия

- пимозидпен бір мезгілде тағайындау

- 18 жасқа дейінгілер, обсессивті-компульсивті бұзылыстары бар (ОКБ) емделушілерді қоспағанда

- жүктілік және лактация кезеңі

Дәрілермен өзара әрекеттесуі

- сертралин мен варфаринді бірге тағайындау протромбиндік уақыттың аздаған жоғарылауына алып келеді, сондықтан бұл көрсеткішті емдеудің басында және ол аяқталғаннан кейін бақылап отыру қажет

- серотонинді кері қармау тежегіштері арасында клиникалық маңызды CYP 2 D6 тежелуі шегінде өзгергіштік бар. Сертралинді ұзақ уақытқа тағайындау дезипраминнің плазмадағы тұрақты деңгейлерінің азғантай ғана ұлғаюына алып келеді

- сертралин мен литийді немесе серотонинергиялық механизмдер арқылы әсер ететін басқа препараттарды бір мезгілде қолданғанда, емделушілерді қадағалау қажет

- сертралин фенитоин метаболизмін тежемейді. Дегенмен, плазмадағы фенитоин деңгейін бақылау ұсынылады

- егер сертралин мен суматриптанді бір мезгілде тағайындау клиникада көрсетілсе, емделушінің жағдайын қадағалау қажет

- фармакодинамикалық өзара әрекеттесулер дамуы мүмкін болғандықтан, сертралин мен серотонинергиялық нейротрансмиссияны күшейтетін заттарды бір мезгілде тағайындауға жол берілмеуі тиіс

- сертралин мен алкогольдің бір мезгілде пайдаланылуын болдырмау керек

- пимозидпен, моноаминооксидаза тежегіштерімен бірге тағайындауға болмайды

- триптандармен бірге тағайындау қажет болғанда, емделуші қадағалауда болуы тиіс

- циметидинмен бірге қабылдау сертралин клиренсінің елеулі төмендеуін туғызады

- тромбоциттер қызметіне әсер ететін препараттармен (ацетилсалицил қышқылы және тиклопидин) бір мезгілде қабылдағанда, қан кету қаупі артады

Айрықша нұсқаулар

Серотонинді кері қармаудың селективті тежегіштерінен (СКҚСТ), антидепрессанттар немесе антиобсессивтік препараттардан ауыстыру

СКҚСТ, антидепрессанттар немес антиобсессивті препараттардан сертралинге ауыстырудың оңтайлы уақытына қатысты тексерілген ақпараттар саны шектеулі ғана.

Басқа да серотонинергиялық дәрілер

Сертралинді триптофан, фенфлурамин, 5-НТ-агонистері немесе шайқурай өсімдігінің препараты (Hypericum perforatum) сияқты серотонинергиялық нейротрансмиссияны күшейтетін басқа препараттармен бірге қабылдағанда сақ болу қажет. Фармакодинамикалық өзара әрекеттесуінің ықтималдығын ескере отырып, мүмкін болса, мұндай үйлестіріп тағайындау шектелуі тиіс.

Гипомания немесе манияның белсенділенуі

Сертралинді қоса, антидепрессанттар мен антиобсессивті препараттарды қабылдаған емделушілердің азғантай бөлігінде маниакальді/гипоманиакальді симптомдар байқалды. Мания/гипоманиядан зардап шегетін емделушілер сертралинді қабылдауға сақтықпен қарауы тиіс. Дәрігердің қатаң қадағалауы қажет. Емделушіде маниакальді симптомдар дами бастаса, сертралинді қабылдау тоқтатылуы тиіс.

Шизофрения

Шизофрениядан зардап шегетін емделушілерде, психоздық симптомдар нашарлауы мүмкін.

Құрысулар

Сертралинді тұрақсыз эпилепсиясы бар емделушілерде қолданбаған жөн, ал эпилепсиясы бақыланатын науқастарды емдеу кезінде мұқият қадағалау керек. Құрысулар пайда болса, барлық жағдайларда препаратты тоқтату қажет.

Суицид / суицидтік ойлар / суицид әрекеттері немесе клиникалық нашарлауы

Депрессия суицидтік ойлар, өзіне зиян келтіру және суицид (суицид әрекеттері) қаупінің артуымен байланысты. Депрессиясы және басқа психикалық бұзылулары бар балалар мен ересектерде антидепрессанттар суицидтік ойлар мен мінез-құлық қаупін ұлғайтатыны анықталған. Суицидке бейім депрессиямен науқастарды емдеу барысында, бастапқы бірнеше апта ішінде елеулі жақсарулар байқалмауы мүмкін, соған байланысты, мұндай науқастарды қатаң қадағалау қажет. Антидепрессанттарды қабылдап жүрген емделушілерде, әсіресе дәрі-дәрмекпен емдеу курсының бастапқы бірнеше айы бойына немесе препарат дозасын түзету кезінде клиникалық нашарлаудың, суицидтерге бейімділіктің және мінез-құлқында әдеттен тыс өзгерістердің, бар-жоқтығына мұқият тексерілуі тиіс. Мұндай жағдайда әдетте қабылданатын шешім, әсіресе депрессия жағдайының айтарлықтау нашарлауы байқалатын емделушілерде емдеу режимінің препаратты тоқтатуға дейін өзгертілуіне алып келеді. Депрессиясы бар немесе басқа психикалық бұзылыстары бар, антидепрессанттарды қабылдап жүрген емделушілердің отбасы мен күтім жасайтын қызметкерге, емделушілерді әсіресе, ажитация, ашушаңдық симптомдары, суицидтік мінез-құлық немесе ойлар, мінез-құлқында әдеттен тыс өзгерістер пайда болған жағдайда мұқият қадағалау қажеттігі ескертілуі тиіс және олар аталған симптомдар пайда болған жағдайда кідірмей дәрігерге хабарласуы тиіс.

Аномальді қан кету/қан құйылу

Серотонинді кері қармайтын селективті тежегіштерді тромбоциттер қызметін өзгерту қабілеті анықталған (мысалы, антикоагулянттар, атиптік нейролептиктер мен фенотиазиндер, үшциклды антидепрессанттардың көпшілігі, ацетилсалицил қышқылы, қабынуға қарсы стероидты емес дәрілер) препараттармен үйлестіріп тағайындағанда, сондай-ақ, сыртартқысында геморрагиялық аурулары бар емделушілерде сақ болу ұсынылады.

Гипонатриемия

Сертралинмен емдеу кезінде транзиторлық гипонатриемия туындауы мүмкін. Бұл егде жастағы науқастарда, сондай-ақ, диуретиктер немесе басқа да препараттар қатарын қабылдағанда жиі дамиды. Мұндай жағымсыз әсерді антидиуретиктік гормонның қалыпсыз сөлінісі синдромымен байланыстырады. Симптоматикалық гипонатриемия дамыған жағдайда, сертралинді тоқтату және қандағы натрий деңгейін түзетуге бағытталған талапқа сай ем тағайындау қажет. Гипонатриемия белгілері мен симптомдарына бас ауыруы, зейін шоғырландырудың бұзылуы, жадының бұзылуы, сананың шатасуы, әлсіздік және тұрақсыздық жатады, бұл құлауға алып келуі мүмкін. Ауырлау жағдайларда елестеулер, естен тану, құрысулар, кома, тыныс алудың тоқтап қалуы және өлім туындауы мүмкін.

Сертралинді қабылдауды тоқтатқанда байқалатын абстиненция

Сертралинмен емдеуді тоқтатқанда, әсіресе, егер тоқтату кенеттен болса, тоқтату синдромы дамуы мүмкін. Тоқтату синдромының даму қаупі емдеу ұзақтығы мен дозасын, дозасын төмендету жылдамдығын қоса, бірнеше факторларға тәуелді болуы мүмкін. СКҚСТ-мен емдеуді тоқтатқаннан кейін мынадай симптомдардың: бас айналуы, парестезияны қоса, сенсорлық бұзылулар, ұйқысыздықты қоса, ұйқының бұзылуы, мазасыздық, жүрек айнуы және/немесе құсу, діріл, қатты терлеу, бас ауыруы, диарея, көңіл-күй тұрақсыздығы, ашушаңдық және көру бұзылыстарының дамыған жағдайлары туралы хабарланды. Негізінен, симптомдарының ауырлығы орташа болды, алайда кейбір емделушілерде, олар күрделі сипатта болды. Кейбір емделушілерде олардың сипаты ұзақ болуы мүмкін болса да, симптомдары әдетте 2 апта ішінде кетеді. Препараттың кезекті дозасын байқамай жіберіп алған емделушілерде тоқтату синдромының белгілері туралы өте сирек хабарламалар болды. Тоқтату синдромын болдармау үшін сертралиннің дозасы біртіндеп, бірнеше апта немесе ай бойы азайтылуы тиіс.

Акатизия/психомоторлық мазасыздық

Сертралинді пайдалану психомоторлық мазасыздықтың дамуымен байланысты болды, ол клиникалық жағынан субъективті түрде жағымсыз немесе мазаны алатын тынышсыздықпен және отыруға немесе тыныш тұруға қабілетсіздікпен жиі қатар жүретін қозғалу қажеттілігімен сипатталатын акатизияға ұқсас болуы мүмкін. Бұл симптомдар әсіресе препаратты қабылдаудың бастапқы бірнеше аптасы бойы болуы мүмкін. Бұл белгілер дамитын емделушілерге препараттың дозасын арттыру қауіпті болуы мүмкін.

Бауыр қызметінің нашарлауы

Сертралин бауырда белсенді биотрансформацияланады. Фармакокинетикалық зерттеу мәліметтері бойынша, бауырдың әлсіз тұрақты циррозы бар науқастарда сертралинді көп рет қабылдағанда препараттың жартылай шығарылу кезеңінің артуы және AUC (концентрация/уақыт қисық астындағы ауданы) пен препараттың ең жоғарғы концентрациясының дені сау адамдардағы осындаймен салыстырғанда үш есе дерлік артқаны байқалды. Сондықтан, бауыры ауыратын науқастарда сертралинді сақтықпен қолдану керек. Бауырдың күрделі аурулары бар науқастар сертралинді қабылдамауы тиіс.

Бүйрек қызметінің нашарлауы

Сертралин белсенді биотрансформацияға ұшырайды, сондықтан ол өзгеріссіз күйде несеппен азғантай мөлшерде шығарылады. Жеңіл немесе орташа айқындығы бар бүйрек жеткіліксіздігімен (креатинин клиренсі 30-60 мл/мин) және орташа немесе ауыр дәрежелі бүйрек жеткіліксіздігі бар науқастарда препараттың бірнеше рет қабылданғандағы параметрлерінің (AUC0-24 және Cmax) бақылау тобындағылардан айтарлықтай айырмашылығы болған жоқ. Сертралиннің шығарылуының болымсыздығын ескере отырып, оның дозасын бүйрек жеткіліксіздігінің айқындығына байланысты түзету қажет емес.

Егде жастағы тұлғаларда қолданылуы

Сертралиннің клиникалық сынақтарына 65 жастан асқан 700-ден астам егде жастағы адамдар қатысты. Егде және жастау науқастардағы жағымсыз реакциялардың бейіні мен жиілігі бірдей болды. Егде жастағы емделушілер үшін дозасын сақтықпен таңдау керек, өйткені олар гипонатриемия қаупіне бейім келеді.

Педиатрияда қолданылуы

ОКБ балаларға сертралин тағайындаудың бірден бір көрсетілімі. Қауіпсіздік бейіні ОКБ бар ересек емделушілерді емдеудегі осындаймен салыстыруға келеді. Антидепрессанттар берілген балалар мен жасөспірімдер арасындағы клиникалық сынақтарда плацебо қабылдаған топпен салыстырғанда, суицидтік мінез-құлық пен өшігу жиі байқалды. Емделушілер суицид симптомдары пайда болуы жағдайына қатаң қадағалауда болуы тиіс. Бұдан өзге, балалар мен жасөспірімдер арасындағы өсуіне, жетілуіне, сондай-ақ когнитивтік және мінез-құлық дамуына қатысты қауіпсіздігі туралы ұзақ мерзімді мәліметтер жоқ. 6 жасқа толмаған балаларда препаратты қабылдаудың қауіпсіздігі мен тиімділігі анықталмаған.

Қант диабеті

Диабеті бар емделушілерде СКҚСТ қолданғанда қандағы глюкоза деңгейін ұдайы тексеріп отыру қажет. Қажет болса, инсулин немесе ішу арқылы қабылданатын гипогликемиялық дәрілердің дозасына түзету жүргізілуі тиіс.

Электрошокпен емдеу

Электрлік құрыстырумен емделетін науқастарда, сертралинді қолданудың жеткілікті тәжірибесі жоқ. Мұндай біріктіріп емдеудің ықтимал жетістігі немесе қаупі зерттелмеген.

Серотониндік синдром және қатерлі нейролептикалық синдром

Серотонинді кері қармайтын селективті тежегіштерді (СКҚСТ) қолданғанда серотониндік синдром (СС) мен қатерлі нейролептикалық синдромның (ҚНС) дамыған жағдайлары сипатталған, олардың қаупі СКҚСТ-ны басқа серотонинергиялық дәрілермен (соның ішінде триптандармен), сондай-ақ серотонин метаболизміне әсер ететін препараттармен (соның ішінде моноаминоксидаза тежегіштерімен), антипсихотикалық дәрілермен және дофаминдік рецепторлардың басқа антагонистерімен біріктірігенде артады. СС көріністері психикалық статустың өзгеруі (атап айтқанда, ажитация, елестеулер, кома), вегетативтік құбылмалылық (тахикардия, артериялық қысымның ауытқуы, гипертермия), нейро-бұлшықет берілісінің өзгеруі (гиперрефлексия, қимыл-қозғалыс үйлесімінің бұзылуы) және/немесе асқазан-ішек жолы тарапынан бұзылулар (жүрек айнуы, құсу және диарея) болуы мүмкін. Кейбір СС құбылыстары, соның ішінде, гипертермия, бұлшықеттердің сіресуі, өмірлік маңызы бар қызметтер параметрлерінің тез ауытқу мүмкіндігі бар вегетативтік құбылмалылық, сондай-ақ психикалық статус өзгерістері, ҚНС кезінде дамитын симптоматиканы еске түсіруі мүмкін. Емделушілерге СС және ҚНС клиникалық көріністері дамуын анықтау үшін мониторинг жүргізу қажет.

Сертралин Ланнахер препаратымен емдеу кезінде алкоголь мен басқа да құрамында спирт бар препараттарды пайдалануға тыйым салынады.

Дәрілік заттардың көлік құралдарын жүргізуге және қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері

Антидепрессанттар автокөлік жүргізу және механизмдерді басқару сияқты қауіптілігі зор әрекеттерді орындау үшін қажетті қабілеттерді бұзуы мүмкін, емделушілерге бұл жөнінде ескертілуі тиіс.

Артық дозалануы

Сертралин Ланнахердің артық дозалану кезіндегі қауіпсіздік ауқымы кең. Басқа препараттармен немесе алкогольмен біріктіріп пайдаланғандағы сертралинмен уыттанған кезде өліммен аяқталған жағдайлар туралы хабарланған.

Симптомдары: ұйқышылдық, асқазан-ішек жолы тарапынан болатын бұзылулар (жүрек айнуы, құсу), тахикардия, діріл, ажитация және бас айналуы сияқты серотонинге негізделген жағымсыз әсерлер. Команың дамыған сирек жағдайлары туралы хабарланған.

Емі: сертралинге арнайы у қайтарғылар жоқ. Артық дозаланған кезде тыныс жолдарын босату, талапқа сай оксигенация мен желдетуді қалыпты ұстап тұру қажет. Іш жүргізетін дәрілермен бірге белсенділендірілген көмірді қолдану керек. Симптоматикалық ем жүргізу керек. Сертралиннің таралу көлемі ауқымды болуы салдарынан, қарқынды диурез, диализ және алмастыру трансфузиясын жүргізу нәтиже бермейді.

Шығарылу түрі мен қаптамасы

Үлбірлі қабықпен қапталған, 50 мг және 100 мг таблеткалар. 10 таблеткадан поливинилхлоридті/поливинилдихлоридті үлбір мен алюминий фольгадан жасалған пішінді ұяшықты қаптамаға салынады.

3 пішінді ұяшықты қаптамадан мемлекеттік және орыс тілдеріндегі медицинада қолданылуы жөніндегі нұсқаулықпен бірге картоннан жасалған пәшкеге салынады.

Сақтау шарттары

Құрғақ, жарықтан қорғалған жерде, 300С-ден аспайтын температурада сақтау керек.

Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!

Сақтау мерзімі

5 жыл

Препаратты жарамдылық мерзімі өткеннен кейін пайдалануға болмайды.

Дәріханалардан босатылу шарттары

Рецепт арқылы

Өндіруші

«G.L. Pharmа GmbH.», Industriestraße 1, A-8502 Lannach, Австрия

Тіркеу куәлігінің иесі

«Валеант» ЖШҚ, Мәскеу, Ресей

Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан өнім (тауар) сапасына қатысты шағымдарды қабылдайтын ұйымның мекенжайы:

ҚР-дағы «Валеант» ЖШҚ өкілдігі

Қазақстан, 050059, Алматы қ., Әл-Фараби даңғылы,

17 үй, 4Б Блок, 4-4Б-11 орынжай

Телефон 3 111 516 Факс 3 111 517

Элетронды поштасы Office.KZ@valeant.com

 

Прикрепленные файлы

163827691477977026_ru.doc 80 кб
499364031477978213_kz.doc 131 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту

Источники

Национальный центр экспертизы лекарственных средств, изделий медицинского назначения и медицинской техники