Саламол Эко (аэрозоль для ингаляций, дозированный, 200 доз)

МНН: Сальбутамол
Производитель: Нортон Вотерфорд
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Salbutamol
Номер регистрации в РК: № РК-ЛС-5№019665
Информация о регистрации в РК: 07.02.2013 - 07.02.2018

Инструкция

Саудалық атауы

Саламол Эко

Халықаралық патенттелмеген атауы

Сальбутамол

Дәрілік түрі

Дозаланған ингаляцияға арналған аэрозоль 100мкг/1 доза

Құрамы

Бір дозаның құрамында

белсенді зат – 124 мкг сальбутамол сульфаты (100 мкг сальбутамолға баламалы),

қосымша заттар: гидрофторалкан (HFA- 134а), 96 % этил спирті

Сипаттамасы

Алюминий баллонға қысыммен құйылған ингаляцияға арналған аэрозоль. Сыртқы зақымданулары, коррозиясы болмауы немесе ағып тұрмауы тиіс. Баллонның ішіндегісі шашыратқан кезде шыныда ақ түсті дақ қалдырады.

Фармакотерапиялық тобы

Тыныс жолдарының обструкциялық ауруларын емдеуге арналған препараттар. Селективті бета 2 – адреностимуляторлары.

АТХ коды R03AC02

Фармакологиялық қасиеттері

Фармакокинетикасы

Ингаляциялық енгізуден кейін дозаның 10%-дан 20%-ға дейінгісі тыныс жолдарына түседі. Қалған бөлігі аспапта қалады немесе ауызжұтқыншаққа шөгеді, содан кейін жұтылады. Тыныс жолдарында қалатын дозаның бір бөлігі өкпе тіндеріне сіңеді, өкпеде метаболизмге ұшырамай, қан ағысына түседі. Жүйелік қан ағысына түскен кезде ол бауырда метаболизденіп, көбіне несеппен бірге 60-90%-ы өзгермеген күйінде немесе 60% фенольді сульфат түрінде және өтпен бірге 4%-ы шығарылады. Плаценталық бөгет арқылы өтеді. Асқазан-ішек жолына түсетін дозаның бөлігі сіңеді және фенольді сульфатқа айнала отырып, бауыр арқылы алғаш өту кезінде қарқынды метаболизмге ұшырайды. Ішке немесе ингаляциялық түрде енгізілген сальбутамол дозасының көп бөлігі 72 сағат ішінде шығарылады. Сальбутамолдың плазма ақуыздарымен байланысу дәрежесі 10% құрайды. Қан плазмасында ең жоғары концентрациясы – 30 нг/мл. Жартылай шығарылу кезеңі – 3,7-5 сағат.

Фармакодинамикасы

Сальбутамол бета2 –адренорецепторлардың селективті агонисі болып табылады. Емдік дозаларда ол бронхтар тегіс бұлшықеттерінің бета2-адренорецепторларына әсер етіп, айқын бронхолитикалық әсер береді, бронхтың түйілуін болдырмайды және басады, өкпенің тіршілік сыйымдылығын арттырады. Жуан жасушалардан баяу әсер беретін субстанциясының, гистаминнің және нейтрофилдер хемотаксисі факторларының бөлініп шығуына жол бермейді. Миокардқа аздаған оң хроно- және инотроптық әсер, коронарлы артериялардың кеңеюін тудырады, артериялық қысымды арттырмайды дерлік. Токолитикалық әсер береді: миометрий тонусын және жиырылу белсенділігін төмендетеді. Препараттың әсері ингаляциялық енгізуден кейін 5 минуттан соң басталады және 4-6 сағатқа созылады. Бірқатар метаболикалық әсерлері бар: плазмада К+ мөлшерін төмендетеді, гликогенолизге және инсулиннің бөлініп шығуына ықпалын тигізеді, гипергликемиялық (әсіресе бронх демікпесі бар емделушілерде) және липолитикалық әсер береді, ацидоздың пайда болу қаупін арттырады.

Қолданылуы

- бронхтық демікпесі, өкпенің созылмалы обструкциялық ауруы (ӨСОА), созылмалы бронхит, өкпе эмфиземасы кезінде бронх түйілуінің алдын алуда және басуда

Қолдану тәсілі және дозалары

Ересектерге және 12 жастан асқан балаларға:

- демікпе ұстамасын басу үшін – 100-200 мкг (1-2 ингаляциялық доза)

- ауырлығы жеңіл дәрежелі демікпені бақылау үшін – 1-2 дозадан тәулігіне 1-4 рет

- ауырлық дәрежесі орташа демікпенің барысына бақылау жасау үшін – тәулігіне 1-4 рет 1-2 дозадан демікпеге қарсы басқа да дәрілермен біріктірілімде

- дене жүктемесінен болған демікпе ұстамаларының алдын алу үшін – дене жүктемесінен 20-30 минут бұрын 1-2 доза.

Тәуліктік дозасы 800 мкг (8 ингаляциядан) аспауы тиіс.

2 жастан 12 жасқа дейінгі балаларға:

- демікпе ұстамасы пайда болған кезде, сондай-ақ аллергеннің әсеріне байланысты немесе дене жүктемесінен болған демікпе ұстамасына жол бермеу үшін – 100-200 мкг (1-2 ингаляция).

Тәуліктік дозасы 400 мкг (4 ингаляциядан) аспауы тиіс.

Барлық емделушілер үшін ингаляциялар әрбір 4 сағат сайыннан жиі қайталанбауы керек.

Ингаляторды пайдалану жөнінде нұсқаулық

Ингалятордың жұмысын оны бірінші пайдаланар алдында, сондай-ақ егер сіз оны қандай-да бір уақыт аралығында пайдаланбасаңыз, тексеріп алыңыз

1. Ингалятордан қалпақшасын шешіңіз. Шығу түтігінде шаң жоқтығына және ластанбағандығына көз жеткізіңіз.

2. Бас бармағыңызды түбіне, ал сұқ саусақты – баллонның жоғарғы төбесіне қойып, баллонды тік қалыпта ұстаңыз. Баллонды жоғары-төмен қатты сілкіңіз.

3. Мүмкіндігіңізше терең тыныс алыңыз (күш түсірмей). Еріндеріңізбен баллонның шығу түтігін қатты қысыңыз.

4. Баяу тыныс алыңыз. Тыныс алу кезінде дәрінің дозасын босатып шығара отырып, сұқ саусағыңызбен баллонның клапанын басыңыз. Баяу тыныс алуды жалғастырыңыз.

5. Ауыздан ингалятордың түтігін суырып алыңыз және тынысыңызды 10 секунд немесе мүмкіндігіңіз келгенше күш түсірмей кідіртіңіз. Баяу тыныс шығарыңыз.

6. Егер дәрінің бір дозасынан көбірек қажет болса, шамамен бір минуттай күте тұрыңыз және әрекеттеріңізді 2 қадамнан бастап қайталаңыз. Ингаляторға қайтадан қалпақшасын кигізіңіз.

3 және 4 қадамдарды орындағанда асықпаңыз. Дәрінің дозасын шығарған сәтте тынысты мүмкіндігінше баяуырақ алу маңызды. Алдымен айна алдында жаттығыңыз. Егер сіз баллонның жоғарғы ұшынан немесе ауыздың айналасынан «бу» шығып тұрғанын байқасаңыз, онда қайтадан 2 қадамнан бастаңыз.

Ингаляторды тазалау

Ингаляторды кемінде аптасына бір рет тазалау керек. Металл баллонды пластик сауытынан суырып алыңыз және сауыты мен қалпақшасын жылы сумен шайыңыз. Ыстық суды пайдаланбаңыз. Мұқият құрғатыңыз, бірақ бұл үшін қыздырғыш құрылғыларды пайдаланбаңыз. Баллонды кері қарай сауытына салыңыз және қалпақшасын кигізіңіз. Металл баллонды суға салмаңыз.

Ішінде Саламол Эко бар баллонды оның іші бос болған күннің өзінде де тесуге, бөлшектеуге немесе оны отқа тастауға болмайды.

Жағымсыз әсерлері

- саусақтардың дірілдеуі

- бас ауыруы, бас айналуы, шеткергі тамырлардың кеңеюі (бет терісінің гиперемиясы)

- қозғыштықтың жоғарылауы, үрейлену, ұйқының бұзылуы, ұйқысыздық

- жүрек жиырылуының болымсыз компенсаторлық ұлғаюы, артериялық қан қысымының жоғарылауы, кеуде қуысында ауыру сезімінің пайда болуы, артралгия

- аса жоғары сезімталдық реакциялары (есекжем, эритема, ангионевротикалық ісіну, мұрынның бітуі, бронхтың түйілуі, артериялық гипотензия, коллапс)

- бұлшықеттердің құрысуы

- жүрек айнуы, құсу, диспепсия

- парадоксальді бронх түйілуі

- ауыз қуысы мен жұтқыншақтың шырышты қабығының тітіркенуі (фарингит), жөтел

- гипокалиемия, қандағы глюкоза концентрациясының ұлғаюы (ұзақ емдеуде)

- өте сирек аритмиялар пайда болуы мүмкін (жүрекшелердің фибрилляциясын, қарыншаүстілік тахикардия мен экстрасистолияны қоса)

Қолдануға болмайтын жағдайлар

- препараттың кез келген компонентіне аса жоғары сезімталдық

- жүрек ырғағының бұзылуы (пароксизмальді тахикардия, политопты қарыншалық экстрасистолия), тахиаритмия

- миокардит

- жүрек ақаулары, аортальді стеноз

- тиреотоксикоз

- декомпенсацияланған қант диабеті

- глаукома

- пилородуоденальді тарылу

- бүйрек және бауыр жеткіліксіздігі

- мерзімінен бұрын босану

- түсік тастау қаупі

- 2 жасқа дейінгі балалар

Дәрілермен өзара әрекеттесуі

Сальбутамолды теофиллинмен және басқа ксантиндермен (тахиаритмияның даму ықтималдығы артады), ингаляциялық анестезияға арналған дәрілермен, леводопамен (ауыр қарыншалық аритмия дамуы мүмкін) бір мезгілде қолдану ұсынылмайды.

Селективті емес бета-адренорецепторлардың (пропанол) бөгегіштерін бір мезгілде қолдану ұсынылмайды.

Моноаминокксидаза тежегіштері мен үшциклдық антидепрессанттар сальбутамолдың әсерін күшейтеді және қан қысымының күрт төмендеуіне алып келуі мүмкін.

Сальбутамол орталық жүйке жүйесі стимуляторларының әсерін, қалқанша без гормондары препараттарының, жүрек гликозидтерінің жағымсыз әсерін күшейтеді. Гипотензивтік препараттардың, нитраттардың тиімділігін төмендетеді. Ксантин туындыларын, глюкокортикостероидтарды, диуретиктерді бір мезгілде қолдану нәтижесінде гипокалиемия күшеюі мүмкін.

Антихолинергиялық дәрілермен (соның ішінде, ингаляциялық) бір мезгілде тағайындау көзішілік қан қысымының артуына ықпал етуі мүмкін.

Айрықша нұсқаулар

Ауыр немесе тұрақсыз ағымды бронх демікпесі бар емделушілерде бронходилататорларды қолдану негізгі немесе жалғыз емдеу әдісі болмауы тиіс.

Егер Саламол Эконың әдеттегі дозасының тиімділігі азырақ болуы немесе әсерінің ұзақтығы азаюы мүмкін болса (препараттың әсері кемінде 3 сағат сақталуы тиіс), емдеуді түзету мүмкіндігін қарастыру керек.

Сальбутамолды жиі қолдану бронх түйілуінің күшеюіне алып келуі мүмкін, осыған байланысты, препараттың әдеттегі дозаларын қабылдаулар арасында бірнеше сағат үзілістер жасау қажет.

Созылмалы жүрек жеткіліксіздігінде, гипертиреозда, артериялық гипертензияда, феохромоцитомада сақтықпен қолдану керек.

Жүктілік және лактация

Жүкті әйелдерге тек күтілетін пайдасы ұрық үшін ықтимал қауіптен асатын болса ғана тағайындалады. Лактация кезеңінде тек ана үшін күтілетін пайдасы бала үшін ықтимал қауіптен асатын болса ғана, тағайындалады.

Дәрілік заттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері

Көлік құралын басқару қабілетіне әсер етпейді.

Артық дозалануы

Симптомдары: жүрек айнуы, құсу, қозудың жоғарылауы, елестеулер, тахикардия, қарыншалардың дірілдеуі, шеткергі тамырлардың кеңеюі, артериялық қан қысымының төмендеуі, гипоксемия, лактоацидоз, құрысулар, респираторлық алкалоз, гипокалиемия, гипергликемия, бұлшықет треморы, бас ауыруы.

Емі: препаратты тоқтату, кардиоселективті бета-адреноблокаторлар, симптоматикалық ем.

Артық дозаланғанына күдіктенгенде қан сарысуындағы калий деңгейін бақылап отыру керек.

Шығарылу түрі және қаптамасы

200 дозадан белсенді заттар қысыммен, аэрозольмен толтырылған алюминий баллонда. Алюминий баллон аэрозольді ингаляторда болады. Баллоны бар аэрозольді ингалятор және медицинада қолданылуы жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон пәшкеге салынады.

Сақтау шарттары

25ºС-ден аспайтын температурада, тікелей күн сәулесі түспейтін жерде сақтау керек. Мұздатып қатыруға болмайды.

Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!

Сақтау мерзімі

3 жыл

Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды.

Дәріханалардан босатылу шарттары

Рецепт арқылы

Өндіруші

«Нортон Вотерфорд», Ирландия

Қапталған

«Нортон Вотерфорд», Ирландия

Тіркеу куәлігінің иесі

«Тева Фармацевтикалық Өндірістері Лтд», Израиль

Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан өнім (тауар) сапасына қатысты шағымдарды қабылдайтын ұйымның мекенжайы

Қазақстан Республикасындағы «Тева Чех Индастриз с.р.о.» компаниясының өкілдігі

050000 Қазақстан Республикасы

Алматы қ., Әл-Фараби даңғылы 13,

Нұрлы Тау бизнес орталығы 1в, 305, 306 кеңсе

Телефон, факс (727) 311-10-66; 311-10-68

 

Прикрепленные файлы

922952591477976968_ru.doc 54.5 кб
369174041477978141_kz.doc 80 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту

Источники

Национальный центр экспертизы лекарственных средств, изделий медицинского назначения и медицинской техники