Сагакоксиб (200 мг)
Инструкция
- русский
- қазақша
Саудалық атауы
Сагакоксиб
Халықаралық патенттелмеген атауы
Целекоксиб
Дәрілік түрі
100 мг, 200 мг капсулалар
Құрамы
Бір капсуланың құрамында
белсенді зат – 100 немесе 200 мг целекоксиб,
қосымша заттар – лактоза, натрий кроскармеллозасы, натрий лаурилсульфаты, кремнийдің коллоидты қостотығы, повидон, 2-пропанол, тазартылған тальк, магний стеараты
Капсула қабығының құрамы:
капсула корпусы – желатин, титанның қостотығы (Е 171), метилпарагидроксибензоат, пропилпарагидроксибензоат, тазартылған су
капсула қақпағы – желатин, титанның қостотығы (Е 171), метилпарагидроксибензоат, пропилпарагидроксибензоат, тазартылған су
Сипаттамасы
Өлшемі № 2, корпусы ақ және қақпақшасы ақ түсті, қатты желатинді капсулалар (100 мг доза үшін).
Өлшемі № 0, корпусы ақ және қақпақшасы ақ түсті, қатты желатинді капсулалар (200 мг доза үшін).
Капсулалардың ішіндегісі - ақтан ақшыл-сары түске дейінгі ұнтақ.
Фармакотерапиялық тобы
Қабынуға қарсы және ревматизмге қарсы препараттар. Қабынуға қарсы стероидты емес препараттар. Коксибтер. Целекоксиб.
АТХ коды М01АН01
Фармакологиялық қасиеттері
Фармакокинетикасы
Аш қарынға қабылдағанда целекоксиб жақсы сіңеді, қан плазмасындағы ең жоғарғы концентрациясына (Cmax) шамамен 2-3 сағаттан соң жетеді. 200 мг қабылдағаннан кейінгі плазмадағы Cmax - 705 нг/мл. Препараттың ішке қабылдаған кездегі абсолюттік биожетімділігі шамамен 99% құрайды. Сmax пен “концентрация-уақыт” фармакокинетикалық қисығы астындағы ауданы (AUC) шамамен тәулігіне 2 рет 200 мг дозалары ауқымында қабылданған дозасына пропорциональді; препаратты жоғарырақ дозаларда қолданғанда Сmax пен AUC жоғарылау дәрежесінің пропорциональділігі аз.
Целекоксибті майлы тамақпен бірге қабылдау Cmax жету уақытын сіңуінің баяулауына байланысты шамамен 1 – 2 сағатқа арттырады, биожетімділігі шамамен 20%-ға артады.
Плазма ақуыздарымен байланысуы концентрациясына тәуелсіз және 97%-ға жуықты құрайды, целекоксиб қан эритроциттерімен байланыспайды. Препарат гематоэнцефалдық бөгет арқылы өтеді.
Целекоксиб бауырда гидроксилдену, тотығу және ішінара глюкурондану жолымен метаболизденеді. Метаболизмі негізінен Р450 CYP2С9 цитохромының қатысуымен жүреді. Қанда анықталатын метаболиттері ЦОГ-1 мен ЦОГ-2-ге қатысты фармакологиялық тұрғыдан белсенді емес.
Целекоксиб метаболиттер түрінде нәжіспен және несеппен (сәйкесінше 57% және 27%), қабылданған дозасының 3%-дан азы – өзгеріссіз күйде шығарылады. Қайталап қолданған кезде жартылай шығарылу кезеңі 8-12 сағатты құрайды, ал клиренсі 500 мл/минутқа жуықты құрайды. Қайталап қолданған кезде плазмадағы тепе-теңдік концентрацияларына 5-ші күнге қарай жетеді. Негізгі фармакокинетикалық параметрлерінің ауытқымалылығы (AUC, Сmax, жартылай шығарылу кезеңі) 30%-ға жуықты құрайды. Таралуының орташа көлемі тепе-теңдік жағдайында шамамен 400 л-ге тең.
Ерекше топтар
Егде жастағы пациенттер. 65 жастан асқан пациенттерде целекоксибтің Сmax пен AUC орташа мәндерінің 1,5-2 есе жоғарылауы байқалады, бұған көп дәрежеде жас шамасы емес, дене салмағының өзгеру түрткі болады (егде жастағы пациенттерде, әдетте, орташа дене салмағының жастарға қарағанда төмендеу болатындығы байқалады, соған байланысты оларда басқа да тең жағдайларда целекоксибтің жоғарырақ концентрацияларына қол жеткізіледі). Дәл осы себепті егде жастағы әйелдерде әдетте препараттың плазмадағы концентрациясының, ерлерге қарағанда жоғарырақ болғаны байқалады. Фармакокинетикасының аталған ерекшеліктері, әдетте дозасын түзетуді қажет етпейді. Дегенмен, дене салмағы 50 кг төмен егде жастағы пациенттерде емдеуді ұсынылған ең төмен дозасынан бастау керек.
Бауыр функциясының бұзылуы. Бауыр жеткіліксіздігінің жеңіл дәрежесі бар (Child-Pugh бойынша А класы) пациенттерде целекоксибтің плазмадағы концентрациялары болар-болмас өзгереді. Ауырлығы орташа бауыр жеткіліксіздігі бар (Child-Pugh бойынша В класы) пациенттерде целекоксибтің плазмадағы концентрациясы 2 есе дерлік артуы мүмкін.
Бүйрек функциясының бұзылуы. Бүйректің созылмалы жеткіліксіздігі бар, шумақтық сүзіліс жылдамдығы (ШСЖ) > 65 мл/мин/1,73м2 пациенттерде және ШСЖ 35-60 мл/мин/1,73м2 тең пациенттерде, целекоксибтің фармакокинетикасы өзгермейді. Сарысудағы креатинин (немесе креатинин клиренсі) мөлшері мен целекоксиб клиренсі арасында елеулі байланыс анықталған жоқ. Бүйректің ауыр жеткіліксіздігінің болуы целекоксибтің клиренсіне әсер етпейді, өйткені оның шығарылуының негізгі жолы - бауырда белсенді емес метаболиттерге айналу деп шамаланады.
Фармакодинамикасы
Сагакоксиб қабынуға қарсы, ауыруды басатын және ыстықты түсіретін әсерге ие, негізінен циклооксигеназа-2 (ЦОГ-2) тежеудің есебінен қабыну простагландиндерінің (Pg), түзілуін бөгейді. ЦОГ-2 индукциясы қабынуға жауап ретінде жүреді және простагландиндердің, әсіресе простагландин Е2 синтезі мен жинақталуына алып келеді, бұл кезде қабыну көріністерінің (ісіну және ауыру) күшеюі орын алады. Емдік дозаларында Сагакоксиб циклооксигеназа-1 (ЦОГ-1) айтарлықтай тежемейді және ЦОГ-1 белсенділенуі нәтижесінде синтезделетін простагландиндерге әсер етпейді, сондай-ақ ЦОГ-1-мен байланысты және тіндерде және ең алдымен асқазан, ішек тіндерінде және тромбоциттерде жүретін қалыпты физиологиялық үдерістерге әсер етпейді.
Бүйрек функциясына әсері. Сагакоксиб PgE2 мен 6-кето-PgF1 (простациклин метаболиті) несеппен шығарылуын азайтады, бірақ сарысулық тромбоксан В2-ге және тромбоксанның метаболиті 11-дегидро-тромбоксан В2 несеппен шығарылуына (екеуі де - ЦОГ-1 өнімдері) әсер етпейді. Сагакоксиб егде жастағы пациенттер мен бүйректің созылмалы жеткіліксіздігі бар адамдарда шумақтық сүзіліс жылдамдығының төмендеуін туғызбайды, натрийдің шығарылуын транзиторлы төмендетеді. Артриті бар пациенттерде шеткергі ісінулердің, артериялық гипертензияның және жүрек жеткіліксіздігі дамуының байқалған жиілігі ЦОГ-1 мен ЦОГ-2-ге қатысты тежегіштік белсенділікке ие селективті емес ЦОГ тежегіштерін қабылдау аясындағы осындаймен салыстырмалы.
Қолданылуы
-
остеоартроз бен ревматоидтық артритті симптоматикалық емдеу үшін
-
шорбуынданатын спондиллит симптомдарын басу үшін
-
ауыру синдромында (арқаның ауыруы, сүйек-бұлшықет, операциядан кейінгі және қарқындылығы жағынан салыстырмалы басқа ауырулар)
-
бастапқы дисменореяны симптоматикалық емдеу үшін
Қолдану тәсілі және дозалары
Ішке, шайнамай, ас ішуге байланыссыз сумен ішіп қабылданады.
Болуы мүмкін кардиоваскулярлық асқынулардың қаупі Сагакоксибтің дозасы мен қабылдау жиілігін арттырғанда жоғарылай түсуі мүмкін, оны ең жоғарғы қысқа курстармен және ұсынылған ең аз дозаларында тағайындау керек. Ұзақ уақыт қабылдаған кездегі ұсынылатын ең жоғарғы дозасы - 400 мг.
Остеоартроз бен шорбуынданатын спондилитті симптоматикалық емдеу
Ұсынылатын дозасы тәулігіне бір рет 200 мг немесе екі рет 100 мг құрайды.
Ревматоидтық артритті симптоматикалық емдеу
Ұсынылатын дозасы тәулігіне 2 рет 100 мг немесе 200 мг құрайды.
Ауыру синдромы мен бастапқы дисменореяны емдеу
Ұсынылатын бастапқы дозасы 400 мг құрайды, кейіннен, қажет болса, алғашқы күні 200 мг қосымша дозасы қабылданады. Келесі күндері, қажет болса, ұсынылатын дозасы тәулігіне 2 рет 200 мг құрайды.
Егде жастағы пациенттер: Әдетте дозасын түзету қажет емес. Алайда дене салмағы 50 кг төмен пациенттерде емдеуді ұсынылған ең аз дозасынан бастаған дұрыс.
Бауыр функциясының бұзылуы: Бауырдың жеңіл және оратша жеткіліксіздігі бар науқастарда дозасын түзету қажет емес, ауырлық дәрежесі орташа бауыр жеткіліксіздігі болған жағдайда, емдеуді ұсынылатын ең төменгі дозасынан бастау керек.
Бүйрек функциясының бұзылуы: Бүйректің жеңіл және орташа жеткіліксіздігі бар науқастарда дозасын түзету қажет емес. Бүйректің ауыр жеткіліксіздігі бар (КК<30мл/мин) науқастарда препаратты қолдану тәжірибесі жоқ.
Жағымсыз әсерлері
Жиі (>1% және <10%)
-
тұмаутәрізді синдром
-
диспепсия, абдоминальді ауыру, диарея, метеоризм, дисфагия, тіс аурулары (постэкстракциялық ойықшалық альвеолит)
-
бас айналуы, гипертония, бұлшықет тонусының жоғарылауы, ұйқысыздық
-
несеп жолдарының инфекциялары, шеткергі ісінулер
-
бронхит, жөтел, фарингит, ринит, синусит, жоғарғы тыныс жолдарының инфекциялары
-
аллергиялық реакциялар (терінің қышуы, тері бөртпесі)
Жиі емес (>0,1% және <1%)
-
анемия
-
гиперкалиемия
-
мазасыздық, депрессия, шаршау
-
парестезия, ұйқышылдық
-
жүрек жеткіліксіздігі, жүрек қағуының жиілеуі, тахикардия, артериялық гипертензия ағымының ауырлауы
-
құлақтағы шуыл, бұлыңғыр көру
-
іштің қатуы, кекіру, гастрит, стоматит, асқазан-ішек қабынуының өршуі
-
АЛТ және АСТ деңгейінің жоғарылауы
-
креатинин, қандағы мочевина азоты деңгейінің жоғарылауы
-
есекжем
Сирек (>0,01% және <0,1%)
-
лейкопения, тромбоцитопения
-
іркілісті жүрек жеткіліксіздігінің көріністері, ишемиялық инсульт және миокард инфарктісі
-
асқазан мен он екі елі ішектің ойық жарасы, өңештің ойық жаралануы, ішектің тесілуі, эзофагит, панкреатит
-
ангионевроздық ісіну, буллездік бөртпелер
-
сананың шатасуы
-
қимыл-қозғалыс үйлесімінің бұзылуы, дәм сезудің өзгеруі
-
алопеция, фотосезімталдық
Қолдануға болмайтын жағдайлар
-
целекоксибке немесе препараттың кез келген басқа компонентіне жоғары сезімталдық
-
сульфонамидтерге белгілі жоғары сезімталдық
-
өршу сатысындағы пептидтік ойық жара немесе асқазан-ішектен қан кету
-
бронх демікпесі, жедел ринит, мұрын полипозы, ангионевроздық ісіну, ЦОГ-2 басқа тежегіштерін қоса, ацетилсалицил қышқылын немесе басқа ҚҚСП қабылдағаннан кейінгі есекжем немесе басқа аллергиялық реакциялар
-
жүктілік және лактация кезеңі
-
бауырдың ауыр жеткіліксіздігі (сарысудағы альбумин <25 г/л немесе Чайлд-Пью шкаласы бойынша > 10)
-
бүйрек жеткіліксіздігі (креатинин клиренсі < 30мл/мин)
-
ішектің қабыну аурулары
-
жүрек жеткіліксіздігі (NYHA II – IV дәр)
-
аорта-коронарлық шунттау операциялары және операциядан кейінгі кезең
-
клиникалық тұрғыдан расталған жүректің ишемиялық ауруы, шеткергі артериялардың ауруы және айқын сатыдағы цереброваскулярлық аурулар
-
балалар мен 18 жасқа дейінгі жасөспірімдерге
Дәрілермен өзара әрекеттесуі
“Іn vitro” зерттеулер, Сагакоксиб CYP2D6 субстраты болып табылмаса да, оның белсенділігін тежейтінін көрсетеді. Сондықтан метаболизмі CYP2D6 цитохромымен байланысты препараттармен (антидепрессанттар, нейролептиктер, аритмияға қарсы препараттар және т.б.) “in vivo” дәрілік өзара әрекеттесу ықтималдығы бар. Сагакоксибпен бір мезгілде тағайындағанда CYP2D6 субстраттарының дозасын азайту қажет болуы мүмкін.
Варфарин және басқа антикоагулянттар: бір мезгілде қабылдағанда протромбиндік уақыт ұзаруы мүмкін, соңғысының әсерін күшейтеді.
Флуконазол, кетоконазол: флуконазолды (CYP2C9 тежегішін), қабылдап жүрген пациенттерге Сагакоксибтің ұсынылған дозасының жартысын тағайындау керек. 200мг Сагакоксиб пен 200мг флуконазолды бір мезгілде қолдану Сагакоксибтің қандағы ең жоғарғы концентрациясының 60%-ға және AUC 130%-ға артуын туғызады. Кетоконазол (CYP3A4 тежегіші) Сагакоксибтің фармакокинетикасына әсер етпейді.
АӨФ тежегіштері: простагландиндер синтезінің тежелуі ангиотензинөзгертуші фермент (АӨФ) тежегіштерінің гипертензияға қарсы әсерін төмендетуі мүмкін. Бұл өзара әрекеттесу Сагакоксибті АӨФ тежегіштерімен бірге тағайындаған кезде ескерілуі тиіс. Алайда лизиноприлмен артериялық қысымға әсер етуіне қатысты елеулі фармакодинамикалық өзара әрекеттесуі байқалған жоқ.
Диуретиктер: бұрыннан белгілі ҚҚСП, простагландиндердің бүйректік синтезін төмендетудің есебінен, кейбір пациенттерде фуросемид пен тиазидтердің натрийуретиктік әсерін төмендетуі мүмкін, мұны Сагакоксибті тағайындаған кезде ескеру керек.
ҚҚСП мен циклоспоринді немесе такролимусты бір мезгілде қолдану циклоспорин мен такролимустың нефроуытты әсерінің күшеюін туғызуы мүмкін. Аталған препараттарды бір мезгілде қолданған жағдайда бүйрек функциясы бақылауға алынуы тиіс.
Пероральді контрацептивтер: контрацептивтік біріктірілімінің (1 мг норэтиндрон/35 мкг этинилэстрадиол) фармакокинетикасына клиникалық маңызды әсері байқалған жоқ.
Литий: литий мен Сагакоксибті бірге қабылдағанда литийдің плазмадағы концентрациясының шамамен 16%-ға артқаны байқалды. Литиймен ем қабылдап жүрген пациенттер Сагакоксибті тағайындау немесе тоқтату кезінде мұқият қадағалауда болуы тиіс.
Басқа препараттар: Сагакоксиб пен антацидтер (алюминий және магний), омепразол, метотрексат, глибенкламид, фенитоин немесе толбутамид арасында клиникалық маңызды өзара әрекеттесулер байқалмаған.
Сагакоксиб ацетилсалицил қышқылының антиагреганттық әсеріне ықпал етпейді. Антиагреганттық әсері жеткіліксіз болғандықтан Сагакоксибті жүрек-қантамыр ауруларының профилактикасы үшін тағайындалатын ацетилсалицил қышқылын алмастырғыш ретінде қарастыруға болмайды.
Айрықша нұсқаулар
Асқазан-ішек жолына әсері. Сагакоксибті қабылдаған науқастарда, тесілу, ойық жаралану және асқазан-ішек жолынан қан кетудің аса сирек жағдайлары байқалған, кей жағдайлар өліммен аяқталған. Ол жағдайлар ҚҚСП-мен емдеу кезіндегі аталған асқынулар қаупі аса жоғары пациенттерде: егде жастағы адамдарда, басқа ҚҚСП қабылдаған немесе ацетилсалицил қышқылын бір мезгілде қабылдаған пациенттерде, және сыртартқысында асқазан-ішек жолының ойық жара, қан кету сияқты аурулары бар науқастарда болған.
Сагакоксибті ацетилсалицил қышқылымен бір мезгілде қолданғанда (тіпті өте теөмен дозаларда) ары қарай асқазан-ішектік жағымсыз әсерлерінің даму қаупі артуы мүмкін.
Сагакоксиб пен аспириндік емес ҚҚСП бір мезгілде қолданылуын болдырмау қажет.
Жүрек-қантамыр жүйесіне әсері. Сагакоксиб, барлық ҚҚСП сияқты, жүрек-қантамыр жүйесі тарапынан болатын тромб түзілуі, миокард инфарктісі және инсульт сияқты күрделі асқынулар қаупін арттыруы мүмкін, олар өлімге әкеп соқтыруы мүмкін. Ол реакциялардың туындау қаупі препаратты қабылдаудың ұзақтығына қарай, сондай-ақ, жүрек-қантамыр жүйесінің аурулары бар пациенттерде артуы мүмкін. Бұл реакциялардың туындау қаупін азайту үшін, Сагакоксибті қабылдап жүрген пациенттерде, оны ұсынылған ең аз дозаларында және аса қысқа мерзімге тағайындау керек. Емдеуші дәрігер мен пациент, тіпті бұрын белгілі болған кардиоваскулярлық симптомдар жоқ болса да, мұндай асқынулардың туындау мүмкіндігін ескеруі тиіс. Пациенттер жүрек-қантамыр жүйесіне теріс әсер етуінің белгілер мен симптомдары және олар туындаған жағдайда қабылдануы керек шаралар туралы хабардар болуы тиіс.
Сагакоксибті (басқа ҚҚСП сияқты) артериялық гипертензиясы бар пациенттерде сақтықпен қолдану керек. Сагакоксибпен емдеудің басында, сондай-ақ емдеу курсы бойына, артериялық қысымды мезгіл-мезгіл бақылап отыру керек.
Варфаринмен және басқа антикоагулянттармен бірге пайдалану. Варфаринмен немесе осыған ұқсас дәрілермен бір мезгілде емдегенде пациенттердегі күрделі қан кетулер туралы хабарланды (олардың кейбіреулері өліммен аяқталған). Протромбиндік уақыттың ұзарғаны туралы хабарланғандықтан, Сагакоксибпен емдеудің басында немесе оның дозасын өзгерткен кезде антикоагулянттық белсенділік (гемостаз көрсеткіштері немесе коагулограмма) бақылануы тиіс.
Сұйықтықтың іркілуі мен ісінулер. Простагландиндер синтезін тежейтін басқа дәрілік заттарды қолданғандағы сияқты, Сагакоксибті қабылдап жүрген пациенттердің бірқатарында, сұйықтықтың іркілуі мен ісінулер байқалуы мүмкін, сондықтан аталған препаратты сұйықтықтың іркілу мүмкіндігімен қатар жүретін аурулары бар пациенттерге тағайындаған кезде сақтық таныту керек. Сыртартқысында жүрек жеткіліксіздігі, сол жақ қарыншаның дисфункциясы немесе артериялық гипертензиясы бар пациенттер мұқият қадағалауда болуы тиіс.
Бүйрек функциясына әсері. Бүйрек функциясының бұзылуы бар (КК 30-60мл/мин) пациенттерде Сагакоксибті сақтықпен қолдану керек. Мұндай пациенттерде бүйрек функциясы мұқият бақылануы тиіс.
Дегидратациясы бар пациенттерге Сагакоксибпен емдеуді тағайындаған кезде сақтық таныту керек. Мұндай жағдайларда алдымен регидратация жүргізіп, содан соң Сагакоксибпен емдеуді тағайындаған дұрыс.
Бауыр функциясына әсері. Ауырлығы орташа бауыр жеткіліксіздігі бар пациенттерді емдеу кезінде Сагакоксибті сақтықпен қолдану және ұсынылған ең аз дозасында тағайындау керек.
Бауыр функциясы бұзылуының симптомдары бар немесе бауыр функциясының бұзылуы зертханалық әдістермен анықталған пациенттер, бауыр ауруы ағымының нашарлау қаупіне байланысты, мұқият қадағалауда болуы тиіс.
Сагакоксиб CYP2D6 тежейді. Сондықтан CYP2D6 арқылы метаболизденетін препараттардың дозасын азайту қажет болуы мүмкін.
CYP2С9 тежегіштерімен бір мезгілде қолданғанда сақтық таныту қажет.
Ыстықты түсіретін әсерін ескерсек, Сагакоксиб қызба сияқты симптомның диагностикалық тұрғыдан елеулілігін төмендетуі, және инфекцияны диагностикалауды қиындатуы мүмкін.
Тері жабындары тарапынан болатын күрделі реакциялар. Сагакоксибті қабылдаған кезде аса сирек жағдайларда тері жабындары тарапынан эксфолиативтік дерматит, Стивенс-Джонсон синдромы және уытты эпидермальді некролиз сияқты күрделі реакциялар байқалған, олардың кейбіреулері өліммен аяқталған. Пациенттерде мұндай реакциялардың пайда болу қаупі емдеудің басында, көп жағдайда емдеудің алғашқы айында жоғарырақ. Тері бөртпесі, шырышты қабықтардағы өзгерістер немесе аса жоғары сезімталдықтың басқа белгілері пайда болса, Сагакоксибті қабылдауды тоқтату керек.
Анафилаксиялық реакциялар. Сагакоксибті қабылдаған кезде анафилаксиялық реакциялар мен ангионевроздық ісіну жағдайлары тіркелді.
Ұрпақ өрбіту функциясы
Целекоксибті қоса, ҚҚСП әсер ету механизмінің салдарынан, аналық бездер фолликулдарының жарылуын кідіртуі немесе олардың жарылуына кедергі келтіруі мүмкін, бұл кейбір әйелдерде қайтымды бедеулікпен қатар жүруі мүмкін. Бала көтеруде қиындықтарды бастан өткеріп жүрген немесе бедеулікке қатысты тексеруден өтіп жүрген әйелдерде целекоксибті қоса, ҚҚСП тоқтатуды қарастыру ұсынылады.
Дәрілік заттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне ықпал ету ерекшеліктері
Сагакоксибті қабылдап жүрген, бас айналуы, вертиго немесе ұйқышылдығы бар пациенттер көлік жүргізуден немесе механизмдерді басқарудан бас тартуы тиіс.
Артық дозалануы
Симптомдары: әлсіздік, ұйқышылдық, жүрек айнуы, құсу, эпигастрий аймағындағы әдетте басылатын ауыру. Асқазан-ішеектен қан кету туындауы мүмкін, соынмен қатар өтке сирек жағдайда артериялық қысымның жоғарылауы, бүйректің желдел жеткіліксіздігі, тыныс алу жеткіліксіздігі және кома туындауы мүмкін.
Емі: артық дозаланғанына күдіктенген кезде құстыру, белсендірілген көмірді тағайындау және сәйкесінше демеуші емнің жүргізілуін қамтамасыз ету қажет. Препараттың ақуызбен байланысу дәрежесі жоғары болғандықтан, диализ препаратты қаннан шығарудың тиімді әдісі болып табылмайды.
Шығарылу түрі және қаптамасы
Алюминий фольгадан жасалған пішінді ұяшықты қаптамаға 10 капсуладан салынады.
1 немесе 3 пішінді ұяшықты қаптамадан медициналық қолдану жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапшаға салынады.
Сақтау шарттары
Құрғақ, жарықтан қорғалған жерде, 25С-ден аспайтын температурада сақтау керек.
Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!
Сақтау мерзімі
3 жыл
Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін пайдалануға болмайды.
Босатылу шарттары
Рецепт арқылы
Өндіруші
Сага Лабораторис, Үндістан
Тіркеу куәлігінің иесі
«Rgis Rofe pharm (Ргис Рофе фарм)» ЖШС, Қазақстан Республикасы
Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан өнім (тауар) сапасына қатысты шағымдарды қабылдайтын ұйымның мекенжайы:
«Rgis Rofe pharm (Ргис Рофе фарм)» ЖШС, Қазақстан Республикасы
Алматы қ., Сейфуллин к-сі, 404/67 үй, п. н.3, 201 кеңсе
тел/факс: 367 10 72