Рыбий жир витаминизированный
Инструкция
- русский
- қазақша
Саудалық атауы
Витаминдендірілген балық майы
Халықаралық патенттелмеген атауы
Жоқ
Дәрілік түрі
Капсулалар
Құрамы
Бір капсуланың құрамында
белсенді зат: витаминдендірілген балық майы – 500 мг,
капсула қабығының құрамы: глицерин, тазартылған су, метилпарагидроксибензоат Е-218, пропилпарагидроксибензоат Е-216, желатин.
Сипаттамасы
Сопақша пішінді, тігісі бар, серпімді, мөлдір, ақшыл сары түсті жұмсақ желатинді капсулалар.
Капсулалардың ішіндегісі – ақшыл сарыдан сары түске дейінгі, әлсіз спецификалық ащы емес иісі және дәмі бар мөлдір майлы сұйықтық.
Фармакотерапиялық тобы
А және D витаминдерінің біріктірілімі
АТХ коды А11СВ
Фармакологиялық қасиеттері
Фармакокинетикасы
Ретинол ацетаты (А витамині) асқазан-ішек жолынан өт қышқылдарымен эмульгацияланғаннан кейін сіңеді. Ішек микроталшықтарына түскен ретинол эстерификациялануға ұшырайды. Түзілген ретинилпальмитат спецификалық липопротеидтерге қосылады, лимфа жолдарына өтеді және хиломикрондер құрамында бауырға түседі, бұл жерде жұлдызшалы ретикулоэндотелиоциттермен, содан кейін гепатоциттермен қармалады, онда хиломикрондар ретинилпальмитат, ретинол және ретинальді және одан түзілетін ретиной қышқылын босатып шығыра отырып ыдырайды. Ретинол спецификалық ақуызбен байланысады, қанға түседі, альбуминдермен байланысады және әр түрлі ағзаларға тасымалданады. Плазма ақуыздарымен байланысы қалыпты жағдайда – 5%-дан аз. А витаминінің липопротеиндермен байланысқан мөлшері гиперлипопротеинемия кезінде артуы мүмкін.
Организмде біркелкі таралмайды: көп мөлшері бауыр мен торқабықта, азғантай мөлшері – бүйрек, жүрек, май деполары, өкпе, лактациялаушы сүт бездерінде, бүйрекүсті бездерінде және басқа ішкі секреция бездерінде болады. Азғантай мөлшерде емшек сүтіне және плацента арқылы өтеді. Жинақталуының басым түрі ретинолпальмитат болып табылады, оның қорлары баяу, бірақ үнемі жаңарып тұрады. Тіндерде ретинол көбінесе микросомальді фракцияда, митохондрийлерде, лизосомаларда, жасуша және органеллалар жарғақшаларында орналасады. Ретинол, ретиналь, ретиной қышқылы гепатоциттермен өт құрамында бөлініп шығады, ретинилглюкуронид несеппен бөлініп шығады. Ретинолдың шығарылуы баяу жүзеге асады, сондықтан қайталап қабылдаулар жинақталуына алып келеді.
Холекальциферол (D витамині) аш ішекте жылдам сіңеді (өт қышқылдары бар болса - 60-90%-ға, гиповитаминоз кезінде – толығымен дерлік); аш ішекте ішінара сіңуге ұшырайды (энтерогепатикалық циркуляция). Өттің ішекке түсуі төмендегенде сіңірілу қарқындылығы мен толықтығы күрт төмендейді. Плазма мен лимфа жүйесінде альфа-глобулиндермен байланысады және хиломикрондар мен липопротеиндер түрінде айналыста болады. Көп мөлшерде сүйекте, азғантай мөлшерде – бауырда, бұлшықеттерде, қанда, аш ішекте жинақталады, әсіресе май тіндерінде ұзақ сақталады. Азғантай мөлшерде емшек сүтіне өтеді. Бауырда белсенді емес метаболит кальцифедиолға (25-дигидрохолекальциферол) айнала отырып метаболизмге ұшырайды, бүйректе - кальцифедиолдан белсенді метаболит кальцитриолға (1,25-дигидроксихолекальциферол) және белсенді емес метаболит 24,25-дигидроксихолекальциферолға айналады. T1/2 - 19-48 ч. D витамині мен оның метаболиттері өтпен, азғантай мөлшері – бүйрекпен шығарылады. Жинақталады.
Жартылай қанықпаған май қышқылдары адам организміне триацил-глицеролдар түрінде түседі. Организмде ұйқы безі мен аш ішектің липазалары арқылы гидролизденеді және бос май қышқылдары түрінде ішектің эпителий жасушаларына өтеді. Энтероциттерде реацилденгенннен кейін фосфолипидтермен, холестеринмен және апопротеиндермен хиломикрондар түзеді. Хиломикрондар жүйелі қан айналымына лимфалық айналым арқылы түседі. Хиломикрондарды липопротеиндік липазалар ыдыратады, соның нәтижесінде эссенциальді май қышқылдарының босап шығуы жүреді. Ары қарай май қышқылдары түрлі типтегі жасушалар жарғақшаларына қосылады немесе ыдырайды немесе жинақталады.
Фармакодинамикасы
«Витаминдендірілген балық майы » - жануар текті дәрілік зат, оның әсері құрамына кіретін А и D витаминдерінің, сондай-ақ жартылай қанықпаған май қышқылдарының әсерлерімен анықталады.
Препараттың құрамында 500 ХБ А витамині, 50 ХБ D витамині, 8 %-ден кем емес эйкозапентаен қышқылы, 9 %-дан кем емес докозагексаен қышқылы, 20 %-ден кем емес жартылай қанықпаған май қышқылдары бар.
Балық майы А- және D – витаминдік, гиполипидемиялық, жанама вазодилатациялаушы әсер береді. Тромбоциттер агрегациясын тежейді, қанның реологиялық қасиеттерін жақсартады.
А витамині - майда еритін витамин, тотығу-тотықсыздану үдерісінде маңызды рөл атқарады, мукополисахаридтердің, ақуыздардың, липидтердің синтезіне қатысады. Ымыртта қалыпты көру мен түстерді ажырату үшін қажетті көру пигменттерінің қалыптасуына қатысады; эпителий тіндерінің бүтіндігін қамтамасыз етеді, сүйектердің өсуін реттеп отырады.
D витамині кальций мен фосфордың ішекте сіңуін, кальций мен фосфордың бүйректегі кері сіңірілуін, кальцийдің жасуша жарғақшалары арқылы тасымалдануын көтермелейді, сүйектер құрылымының қалыптасу үдерісін реттейді. Сондай-ақ иммунитет жүйесінің дамуына, жасушалардың пролиферациясы мен дифференциациясына, липидтер мен бірқатар гормондардың синтезіне, жүрек-қантамыр жүйесі мен асқазан-ішек жолының функционалдық белсенділігіне оң әсерін тигізеді, қандағы паратиреоидтық гормон деңгейін төмендетеді. Ол қалқанша маңы бездерінің қалыпты қызмет атқаруы үшін қажет, АТФ синтезіне қатысады.
Омега-3 жартылай қанықпаған май қышқылдары (эйкозапентаен қышқылы — ЭПҚ және докозагексаен қышқылы — ДГҚ) гиполипидемиялық, болар-болмас антикоагулянттық, антиагреганттық, қабынуға қарсы және иммунитетті түрлендіргіш әсерге ие. Гиполипидемиялық әсеріне тығыздығы төмен липопротеиндер мен тығыздығы өте төмен липопротеиндер құрамының қалыпқа түсуі, жасуша жарғақшаларының сұйықтықтық қасиеттерінің өзгеруі және жарғақша рецепторларының функционалдық белсенділігінің артуы түрткі болады, бұл липопротеиндердің рецепторлармен липиджасушалық өзара әрекеттесуінің жақсаруына және липопротеиндер метаболизмінің қалыпқа түсуіне атсалысады. Антиагреганттық әсері жасуша жарғақшаларының, соның ішінде тромбоциттер жарғақшаларының да липидтер құрамының өзгеруімен байланысты, бұл олардағы арахидон қышқылының (АҚ) азаюымен және ЭПҚ деңгейінің артуымен қатар жүреді. Осының салдарынан тромбоксан А мен тромбоциттер агрегациясын күшейтетін және тромбоксанның ЭПҚ-мен синтезін көтермелейтін басқа екіқанықпаған эйкозаноидтердің, тромбоксан А мен агреганттық әсері жоқ басқа үшқанықпаған эйкозаноидтердің (АҚ дериваттарының) синтезінің төмендеуі жүреді. Осыған байланысты қан кету қаупі артуы мүмкін. Қанның ұю факторларына ешқандай елеулі әсері білінбеген. Вазодилататорлық әсері вазодилататорлық простагландиндердің, сондай-ақ қантамырлар тонусының реттелуіне (депрессорлық аденозиннің босап шығуы, қан плазмасындағы норадреналин деңгейінің төмендеуі, кальцийдің жасуша ішінде тасымалдануының бәсеңдеуі) қатысатын басқа вазобелсенді заттардың синтезіне әсерімен байланысты.
Қолданылуы
- А және D гипо- және авитаминозының алдын алуда
- организмнің А және D витаминдеріне жоғары қажеттілігінде (жиі респираторлық аурулар, реконвалесценция кезеңі)
- шығу тегі әр түрлі остеопатиялардың: остеопенияның, остеопороздың алдын алуда кальций препараттарымен біріктіріліп
- атеросклероз бен оның тамырлық асқынуларының алдын алуда
- гиперлипидемияда
Қолдану тәсілі және дозалары
«Витаминдендірілген балық майы» капсулаларын тамақтан кейін, сумен ішіп қабылдайды.
А және D гипо- және авитаминозының, остеопатияның және организмнің А және D витаминдеріне жоғары қажеттілігінің алдын алу үшін ұсынылатын дозасы: 7 жастан асқан балалар үшін – тәулігіне 3 рет 1 капсула, ересектер үшін – тәулігіне 3 рет 2 капсула.
Атеросклероз бен гиперлипидемияның алдын алу үшін ұсынылатын дозасы: ересектер үшін – тәулігіне 4 рет 2 капсуладан.
Ең жоғарғы бір реттік дозасы - 2 капсула
Ең жоғарғы тәуліктік дозасы - 10 капсула
Жағымсыз әсерлері
Дәрілік затты ұсынылған дозаларда қолданғанда әдетте жағымсыз құбылыстар байқалмайды. Аллергиялық реакциялар болуы мүмкін.
А витаминінің жоғары дозаларын ұзақ уақыт қолданғанда А гипервитаминозының құбылыстары болуы мүмкін:
- ұйқышылдық
- енжарлық
- бас ауыруы
- температураның қысқа мерзімде жоғарылауы
- терінің түлеуі
- жүріс-тұрыс бұзылыстары
- аяқ сүйектерінің ауыруы
D витаминінің жоғары дозаларын ұзақ уақыт қолданғанда болуы мүмкін:
- гиперкальциемия
- гиперкальциурия
- тәбеттің төмендеуі
- полиурия
- іш қатуы
- метеоризм
- жүрек айнуы
- абдоминальді ауыру
- бас ауыруы
- миалгия
- артралгия
- артериялық қысымның жоғарылауы
- аритмия
- бүйрек функциясының бұзылуы
- өкпедегі туберкулез үдерісінің өршуі
Қолдануға болмайтын жағдайлар
- препарат компоненттеріне жоғары сезімталдық
- идиопатиялық гиперкальциемия, гиперкальциурия
- өкпе туберкулезінің белсенді түрлері
- асқазан мен он екі елі ішектің өршу сатысындағы ойық жаралы ауруы
- бауыр мен бүйректің жедел және созылмалы аурулары, нефроуролитиаз, созылмалы панкреатит (ауру өршуі мүмкін), өттас ауруы
- А және D гипервитаминозы
- саркоидоз
- ұзаққа созылған иммобилизация (жоғары дозалары)
- тиреотоксикоз (аса жоғары сезімталдық ықтималдығы)
- 7 жасқа дейінгі балаларға
- жүктілік және лактация кезеңі
II-III сатыдағы жүрек жеткіліксіздігі кезінде, гипотиреозда, егде жастағыларда сақтықпен қолдану керек.
Дәрілермен өзара әрекеттесуі
Эстрогендермен бір мезгілде қолданғанда А гипервитаминозының қаупі артады.
А витамині глюкокортикоидтардың қабынуға қарсы әсерін төмендетеді. Кальций препараттарының, бензодиазепиндердің әсерін әлсіретеді және гиперкальциемияның даму қаупін арттырады.
А витамині құрамында ретиноид бар препараттардың жағымсыз әсерлерінің даму қаупін арттырады.
Глюкокортикостероидтар А витаминінің жағымсыз әсерлерін төмендетеді.
Колестирамин, колестипол, минералды майлар, неомицин А витаминінің сіңірілуін азайтады.
Изотретиноин уытты әсерінің туындау қаупін арттырады.
Тетрациклин мен А витаминін жоғары дозаларда (50 мың ӘБ және одан жоғары) бір мезгілде қолдану бассүйекішілік гипертензияның даму қаупін арттырады.
А витаминінің организмдегі қорын Е витаминінің жоғары дозалары төмендетуі мүмкін.
D гипервитаминозы кезінде жүрек гликозидтерінің әсері күшеюі және аритмия қаупі артуы мүмкін.
Барбитураттардың (соның ішінде фенобарбиталдың), фенитоиннің, примидонның әсерінен D витаминіне қажеттілік айтарлықтай артуы мүмкін.
Құрамында алюминий- және магний бар антацидтерді бір мезгілде қолдану аясында препаратпен ұзақ емдеу А және D витаминдерінің қандағы концентрациясын арттырады. Кальцитонин, бисфосфонаттар, изониазид, рифампицин, пликамицин, глюкокортикостероидтар препараттың әсерін төмендетеді.
D витамині құрамында фосфор бар препараттардың сіңірілуін және гиперфосфатемияның даму қаупін арттырады.
Натрий фторидімен бір мезгілде қолданғанда қабылдаулар аралығы 2 сағаттан кем болмауы; тетрациклиндердің пероральді түрлерімен – 3 сағаттан кем болмауы тиіс.
Препаратты пероральді антикоагулянттармен бір мезгілде қабылдау қан кету уақытының арту қаупіне ықпал етеді. Варфаринмен бір мезгілде қабылдау геморрагиялық асқынулардың дамуына алып келмейді (алайда біріктірілген емде немесе препаратпен емдеу курсын тоқтатқаннан кейін протромбиндік уақытты бақылау қажет).
Фибраттармен бір мезгілде қабылдау ұсынылмайды.
Айрықша нұсқаулар
«Витаминдендірілген балық майы» дәрілік затын құрамында А және D витаминдері бар басқа витаминдік препараттармен бірге қолдану аталған витаминдердің артық дозалануын болдырмау үшін ұсынылмайды.
Препаратты ұзақ уақыт қабылдағанда қан сарысуы мен несептегі кальций және фосфор көрсеткіштерін бақылау қажет.
Педиатрияда қолданылуы
7 жасқа толмаған балаларда қауіпсіздігі мен тиімділігі туралы мәліметтер жоқ.
Дәрілік заттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері
Әсер етпейді.
Артық дозалануы
Симптомдары: ересектерде - ұйқышылдық, енжарлық, бас ауыруы; балаларда – температура жоғарылауы, ұйқышылдық, қатты терлеу, құсу, тері бөртпелері.
Емі: симптоматикалық, препаратты тоқтату, кальцийдің организмге тамақпен түсуін күрт шектеу.
Шығарылу түрі
Поливинилхлоридті үлбір мен баспалы лакталған алюминий фольгадан жасалған пішінді ұяшықты қаптамада 10 капсуладан.
5 пішінді ұяшықты қаптамадан медицинада қолданылуы жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картоннан жасалған пәшкеге салады.
Сақтау шарттары
Ылғалдан және жарықтан қорғалған жере, 15 ºС-ден 25 ºС-ге дейінгі температурада сақтау керек.
Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!
Сақтау мерзімі
2 жыл
Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды.
Дәріханалардан босатылу шарттары
Рецептісіз
Өндіруші
«Минскинтеркапс» УК, Беларусь Республикасы,
220075, Минск қ., 112 а/ж, Инженерная к-сі, 26 үй
Тел./факс (+ 37517) 344-18-66
Тіркеу куәлігінің иесі
«Минскинтеркапс» УК, Беларусь Республикасы
Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан өнім (тауар) сапасына қатысты шағымдарды қабылдайтын ұйымның мекенжайы
«Рахметова» ЖК, ҚР, 050026, Алматы қ., Байзақов к-сі, 116 үй, 35 пәтер
тел.: +7 777324-23-37
e-mail: al.rakhmetova@yandex.kz