Ринза®
Инструкция
- русский
- қазақша
Саудалық атауы
Ринза
Халықаралық патенттелмеген атауы
Жоқ
Дәрілік түрі
Таблеткалар
Құрамы
Бір таблетканың құрамында:
белсенді заттар: парацетамол 500 мг
сусыз кофеин 30 мг
фенилэфрин гидрохлориді 10 мг
хлорфенирамин малеаты 2 мг,
қосымша заттар: сусыз коллоидты кремнийдің қостотығы, қанқызыл 4R бояғыш (Е124), жүгері крахмалы, повидон (К-30), натрий метилпарагидроксибензоаты, магний стеараты, тазартылған тальк, натрий крахмал гликоляты, тазартылған су.
Сипаттамасы
Дөңгелек, қабықсыз қызғылт түсті жалпақ, қою-қызғылт және ақ теңбілдері, жиегі кертілген және бір жақ бетінде бөлетін сызығы бар таблеткалар.
Фармакотерапиялық тобы
Анальгетиктер. Басқа да анальгетиктер-антипиретиктер. Анилидтер. Парацетамол басқа препараттармен біріктірілімде
АТХ коды N02ВЕ51
Фармакологиялық қасиеттері
Фармакокинетикасы
Ішке қабылдаған кезде парацетамол асқазан-ішек жолдарынан (АІЖ) жылдам, негізінен аш ішекте сіңеді. 500 мг дозада бір рет қабылдағаннан кейін қан плазмасындағы ең жоғары концентрациясына (Сmax) 10-60 минуттан соң жетеді және шамамен 16 мкг/мл құрайды, содан соң біртіндеп төмендейді және 6 сағаттан кейін 11-12 мкг/мл құрайды. Қан ақуыздарымен байланысуы 10%-дан азды құрайды. Негізінен несеп арқылы глюкуронидті және сульфатты конъюгаттар түрінде шығарылады.
Кофеин бауырда несеппен шығарылатын (97%) 1,7-метилксантин, 1,7-диметилметилксантин және 1,3-диметилнесеп қышқылына метаболизденеді.
Ішу арқылы қабылдағаннан кейін фенилэфрин АІЖ нашар сіңеді. МАО қатысуымен ішек қабырғасында және бауырдан «алғаш өту» кезінде метаболизденеді. Фенилэфриннің биожетімділігі төмен.
Хлорфенирамин әр түрлі тіндерге және гематоэнцефалдық бөгет арқылы жақсы өтеді. Метилдену арқылы бауырда метаболизденеді. Метаболиттер түрінде және өзгермеген түрде бүйрек арқылы және АІЖ арқылы шығарылады.
Фармакодинамикасы
Ринзаның, препараттың құрамына енетін белсенді заттармен жүзеге асатын, ауыруды сездірмейтін, ыстықты түсіретін және аллергияға қарсы әсері бар.
Парацетамол ауыруды сездірмейтін және ыстықты түсіретін әсер береді: салқын тиген жағдайларда байқалатын ауыру синдромын – тамақтың ауыруын, бас ауыруды, бұлшықет пен буын ауыруын азайтады, жоғары температураны төмендетеді. Әсер ету механизмі, көбінесе гипоталамустағы жылуды реттеу орталығында, простагландиндер синтезінің басылуымен байланысты.
Кофеин орталық жүйке жүйесіне (ОЖЖ) көтермелейтін әсері бар, ол ми және физикалық жұмыс істеу қабілеті артуына әкеп соқтырады.
Фенилэфрин гидрохлориді - 1-адреномиметик. Қан тамырын тарылтады, тыныс жолдарының жоғарғы бөліктері мен мұрынның қосалқы қуыстарындағы шырышты қабықтардың ісінуін және гиперемиясын азайтады.
Хлорфенирамин малеаты – гистаминдік Н1-рецепторларының бөгегіші, аллергияға қарсы әсер етеді, мұрын қуысындағы, мұрынжұтқыншақтағы және мұрынның қосалқы қуыстарындағы шырышты қабықтардың ісінуін және гиперемиясын азайтады, көздің және мұрынның қышуын жояды, экссудативтік біліністерді азайтады.
Қолданылуы
Симптоматикалық емдеу:
-
тұмауда
-
ЖРВЖ (қызба синдромы, ауыру синдромы, ринорея).
-
аллергиялық ринитте
-
ринитпен, мұрынның бітелуімен, бас ауыруымен, қызбамен, қалтыраумен, буындардың, бұлшықеттердің ауыруымен қатар жүретін басқа да суық тию ауруларында
Қолдану тәсілі және дозалары
Препаратты ас қабылдаудан кейін 1-2 сағаттан соң ішке тағайындайды.
Ересектерге және 12 жастан асқан балаларға 1 таблеткадан әрбір 4-6 сағат сайын тағайындайды. Ең жоғары бір реттік доза – 1 таблетка, ең жоғары тәуліктік доза – 4 таблетка. Емдеу курсы – 5 күннен аспайды.
Жағымсыз әсерлері
Күрделі тері реакциялары:
Өте сирек:
- Жедел жайылған экзантематозды пустулез (ЖЖЭП). Іріңді бөртулер дамуымен жедел жағдай. Күйдіру мен қышыну қатар жүретін қызбамен және диффузды эритемамен сипатталады. Бет, қол және шырышты қабықтың ісінуін туындатуы мүмкін
- Стивенс – Джонсон синдромы (СДС) (қатерлі экссудативті эритема). Ауыз қуысы, тамақ, көз, жыныс мүшелерінің шырышты қабығында, тері мен шырышты қабықтың басқа да бөліктерінде көпіршіктер туындайтын көп формалы эритеманың ауыр түрі
- Уытты эпидермалық некролиз (УЭН, Лайелл синдромы). Синдром кератиноциттер ауқымды апоптозының салдары болып табылады, бұл дермоэпидермалық бірігетін орындардағы ауқымды тері бөліктерінің ажырауына әкеледі. Зақымданған тері қайнаған сумен жидіткендей түрде болады.
Егер Сіз жоғарыда сипатталған жағымсыз әсерлердің бірін байқасаңыз, препарат қабылдауды тоқтатып, дереу дәрігерге қаралу керек!
Аллергиялық реакциялар: тері бөртпесі, қышыну, есекжем, ангионевроздық ісіну
Жүйке жүйесі тарапынан: бас айналуы, ұйықтап кетудің бұзылуы, жоғары қозғыштық
Жүрек-қантамыр жүйесі тарапынан: артериялық қысымның жоғарылауы, тахикардия.
Ас қорыту жүйесі тарапынан: жүрек айну, құсу, эпигастрий тұсының ауыруы, ауыз ішінің құрғауы, гепатоуытты әсері.
Сезім мүшелері тарапынан: мидриаз, аккомодация салдануы, көзішілік қысымның жоғарылауы.
Қан түзу ағзалары тарапынан: анемия, тромбоцитопения, агранулоцитоз, гемолитикалық анемия, апластикалық анемия, метгемоглобинемия, панцитопения.
Несеп шығару жүйесі тарапынан: несептің іркілуі, нефроуыттылық (бүйрек шаншуы, глюкозурия, интерстициальді нефрит, папиллярлы некроз)
Басқалары: бронхтың тарылуы
Қолдануға болмайтын жағдайлар
-
парацетамолға және препараттың құрамына енетін басқа компоненттерге жоғары сезімталдық
-
құрамында Ринза® құрамына кіретін заттар бар басқа препараттарды қабылдауда
-
коронарлы артериялардың айқын атеросклерозы
-
артериялық гипертензия (ауыр ағымдағы)
-
қант диабеті (ауыр ағымдағы)
-
үшциклді антидепрессанттарды, моноаминооксидаза тежегіштерін, бета-адреноблокаторларды бір мезгілде қабылдауда
-
жүктілікте, лактация кезеңінде
-
12 жасқа дейінгі балаларға
-
алкоголизм
Сақтықпен – артериялық гипертензия, тиреотоксикоз, феохромоцитома, қант диабеті, бронх демікпесі, өкпелердің созылмалы обструкциялық ауруы, глюкозо-6-фосфатдегидрогеназа тапшылығы, қан аурулары, іштен туа біткен гипербилирубинемиялар (Жильбер, Дубин-Джонсон және Ротор синдромдары), бауыр және/немесе бүйрек жеткіліксіздігі, жабық бұрышты глаукома, қуықасты безінің гиперплазиясы.
Дәрілермен өзара әрекеттесуі
Моноаминооксидаза тежегіштерінің, тыныштандырғыш препараттардың, этанолдың әсерлерін күшейтеді.
Антидепрессанттар, паркинсонға қарсы дәрілер, психозға қарсы дәрілер, фенотиазин туындылары несептің кідіру, ауыз ішінің құрғауы, іш қату қаупін арттырады. Глюкокортикостероидтар глаукоманың даму қаупін арттырады. Парацетамол диуретиктік препараттардың тиімділігін төмендетеді. Хлорфенирамин моноаминооксидаза тежегіштерімен, фуразолидонмен бір мезгілде гипертониялық кризге, қозуға, гиперпирексияға әкеп соқтыруы мүмкін. Үшциклдық антидепрессанттар фенилэфриннің адреномиметикалық әсерін күшейтеді, галотанды бір мезгілде тағайындау қарыншалық аритмияның даму қаупін арттырады. Гуанетидиннің гипотензиялық әсерін төмендетеді, ол өз кезегінде фенилэфриннің альфа-адренокөтермелегіш белсенділігін күшейтеді.
Ринзаны® барбитураттармен, дифенинмен, карбамазепинмен, рифампицинмен және бауырдың микросомальдық ферменттерінің басқа индукторларымен бір мезгілде тағайындаған кезде парацетамолдың гепатоуытты әсерінің даму қаупі артады.
Айрықша нұсқаулар
Емдеу кезінде алкогольді, ұйықтататын және анксиолитикалық (транквилизаторлар) дәрілік заттарды қабылдауды тоқтата тұрған жөн. Құрамында парацетамол бар басқа да дәрілік заттармен бірге қабылдамау керек. Егер ауру симптомдары 3-5 күннің ішінде кетпесе, дәрігерге қаралу керек.
Дәрілік заттың көлікті немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері
Автокөлікті басқару немесе қауіптілігі зор механизмдермен айналысудан тартына тұрған жөн.
Артық дозалануы
Артық дозаланған жағдайда дереу дәрігерге қаралу керек. Қандай болсын белгілер немесе симптомдар байқалмаса да, жылдам медициналық көмек өте маңызды болып табылады.
Симптомдар (негізінен парацетамолға негізделген) 7,5 - 10 г астам қабылдағаннан кейін байқалады: қабылдағанан кейін алғашқы 24 сағ ішінде - тері жабындарының бозаруы, жүрек айну, құсу; анорексия, абдоминальді ауыру; протромбин уақытының ұзаруы, глюкоза метаболизмінің бұзылуы. Бауыр функциясының бұзылу симптомдары артық дозаланудан кейін 12 – 48 сағ соң пайда болуы ықтимал: "бауыр" трансаминазалары белсенділігінің артуы, гепатонекроз. Ауыр жағдайларда – үдемелі энцефалопатиямен бауыр жеткіліксіздігі, кома. Бауыр жеткіліксіздігінің дереу дамуы сирек және бүйрек жеткіліксіздігімен (тубулярлық некроз) асқынуы мүмкін.
Емі: асқазанды шаю, артық дозаланудан кейін алғашқы 6 сағатта белсендірілген көмір тағайындау, артық дозаланудан кейін 8-9 сағ кейін SH-топтары донаторлары мен глутатион-метионина синтезі ізашарларын және 12 сағаттан кейін ацетилцистеин енгізу. Қосымша емдік іс-шаралар жүргізудің қажеттілігі (метионин мен ацетилцистеинді одан әрі енгізу) қандағы парацетамол концентрациясымен, сондай-ақ оны қабылдағаннан кейін өткен уақытпен анықталады. Симптоматикалық ем көрсетіледі.
Шығарылу түрі және қаптамасы
10 таблеткадан поливинилхлоридті үлбірден және баспалы алюминий фольгадан жасалған пішінді ұяшықты қаптамаға салынған.
1 пішінді қаптамадан медициналық қолдану жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапқа салынады.
Сақтау шарттары
Құрғақ, жарықтан қорғалған жерде, 25 оС-ден аспайтын температурада сақтау керек.
Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!
Сақтау мерзімі
3 жыл
Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды.
Дәріханалардан босатылу шарттары
Рецептісіз
Өндіруші
«Юник Фармасьютикал Лабораториз» («Дж.Б. Кемикалс энд Фармасьютикалс Лтд.» фирмасының бөлімшесі)
Нилам Сентер, «Б» қанаты, 4 қабат, Хинд Сайкл Роуд, Ворли, Мумбай – 400 030, Үндістан
Тіркеу куәлігінің иесі
«Джонсон Джонсон» ЖШҚ, Ресей
121614, Ресей, Мәскеу қ., Крылатская к-сі, 17, 2 құрылыс
Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан өнім (тауар) сапасына қатысты шағымдарды қабылдайтын ұйымның мекенжайы
Қазақстан Республикасындағы «Джонсон Джонсон» ЖШҚ филиалы
050040, Қазақстан Республикасы, Алматы қ., Тимирязев к-сі 42, 23-А павильоны
тел./факс: +7 (727) 356-88-11; +7 (727) 356-88-19
электронды поштасы: safetyru@its.jnj.com