Ривароксабан-ЛФ (2,5мг) (Ривароксабан)
Инструкция
-
русский
-
қазақша
Саудалық атауы
Ривароксабан-ЛФ.
Халықаралық патенттелмеген атауы
Ривароксабан.
Дәрілік түрі, дозасы
Үлбірлі қабықпен қапталған таблеткалар, 2,5 мг.
Фармакотерапиялық тобы
Қан және қан түзу ағзалары. Тромбозға қарсы препараттар. Ха факторының тікелей тежегіштері. Ривароксабан.
ATХ коды B01AF01.
Қолданылуы
Ривароксабан-ЛФ кардиоспецификалық биомаркерлердің жоғарылауымен жедел коронарлық синдромды (ЖКС) бастан өткерген ересек пациенттерде атеротромбоздық асқынулардың профилактикасы үшін тек ацетилсалицил қышқылымен немесе клопидогрелмен немесе тиклопидинмен бірге ацетилсалицил қышқылымен біріктірілімде қолданылады.
Ривароксабан-ЛФ ишемиялық асқынулардың жоғары қаупінде жүректің ишемиялық ауруы (ЖИА) немесе шеткері артерияның симптоматикалық ауруы (ШАА) бар ересек пациенттерде атеротромбоздық асқынулардың профилактикасында ацетилсалицил қышқылымен біріктірілімде қолданылады.
Қолдануды бастағанға дейін қажетті мәліметтер тізбесі
Қолдануға болмайтын жағдайлар
ривароксабанға немесе дәрілік препараттың қосымша компоненттеріне жоғары сезімталдық;
белсенді клиникалық маңызды қан кету;
ауқымды қан кетудің маңызды қауіп факторы болып саналатын патологиялық бұзылыс немесе жағдай. Оларға мыналар жатады:
бұрында немесе жақын арада болған асқазан-ішек жолының ойық жарасы;
қан кету қаупі жоғары қатерлі жаңа түзілімдердің болуы;
мидың немесе жұлынның жақында болған жарақаты;
миға, жұлынға немесе көзге жақында жасалған хирургиялық араласу;
жақында болған бассүйекішілік қан құйылу;
өңеш веналарының диагноз қойылған немесе болжамды варикозды кеңеюі;
артериовенозды даму аномалиялары;
тамыр аневризмалары немесе жұлынның немесе мидың ірі тамырларының патологиясы.
басқа антикоагулянттық емге ауысудың ерекше жағдайларын қоспағанда, фракцияланбаған гепарин (ФБГ), төмен молекулалы гепариндер (эноксапарин, далтепарин және т.б.), гепарин туындылары (фондапаринукс және т. б.), пероральді антикоагулянттар (варфарин, дабигатран этексилаты, апиксабан және т. б.) сияқты кез келген басқа антикоагулянттармен қатар жүретін терапия немесе НФГ орталық веналық немесе артериялық катетердің өткізгіштігін қамтамасыз ету үшін қажетті дозада енгізілгенде;
инсульт немесе транзиторлы ишемиялық шабуылды бастан өткерген пациенттерде ЖКС қатарлас антитромбоциттік терапиясы;
геморрагиялық немесе лакунарлық инсульт, сондай-ақ бір ай ішінде кез келген инсульт алған пациенттерде ЖИА/ШАА ацетилсалицил қышқылымен қатарлас емдеу;
В және С класындағы Чайлд-Пью жіктемесі бойынша бауыр циррозы бар пациенттерді қоса, клиникалық маңызды қан кетудің даму қаупімен байланысты коагулопатиямен қатар жүретін бауыр ауруы;
жүктілік және лактация кезеңі;
балалар мен 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер кезеңі (осы жас тобында қауіпсіздік пен тиімділік анықталмаған).
Қолдану кезінде қажетті сақтық шаралары
ЖКС бар пациенттерде ривароксабанның тиімділігі мен қауіпсіздігі тәулігіне 2 рет 2,5 мг дозада антитромбоциттік препараттармен бірге тек АСҚ-мен немесе АСҚ плюс клопидогрел/тиклопидинмен зерттелді.
Ишемиялық оқиғалардың қаупі жоғары ЖИА/ШАА бар пациенттерде ривароксабанның тиімділігі мен қауіпсіздігі тәулігіне 2 рет АСҚ-мен біріктірілімде 2,5 мг дозада зерттелді.
Пациенттерде симптомдық ШАА себебінен жақында болған аяқ реваскуляризациясы ем шарасынан кейін ривароксабанның тәулігіне 2 рет 2,5 мг дозадағы тиімділігі мен қауіпсіздігі АСҚ антитромбоциттік препаратымен немесе АСҚ плюс қысқа мерзімді клопидогрелмен біріктірілімде зерттелді. Қажет болса, клопидогрелмен қосарлы антитромбоциттік ем қысқа мерзімді болуы тиіс; ұзақ мерзімді қосарлы антитромбоциттік емдеуден аулақ болу керек.
Басқа антитромбоциттік дәрілермен, мысалы, прасугрелмен немесе тикагрелормен бірге емдеу зерттелмеген және ұсынылмайды.
Бүкіл емдеу барысында антикоагулянттық терапияның тиісті тәжірибесіне сәйкес клиникалық бақылау ұсынылады.
Қан кету қаупі
Ривароксабанды қабылдау аясында басқа антикоагулянттарды қолданғандағыдай, қан кету белгілерін анықтау үшін пациенттерді мұқият бақылау қажет. Ривароксабанды қан кету қаупі жоғары пациенттерді емдеу кезінде сақтықпен пайдалану ұсынылады. Ауыр қан кету дамыған кезде ривароксабан қабылдау тоқтатылуы тиіс.
Клиникалық зерттеу нәтижелері бойынша шырышты қабаттардан қан кету (мысалы, мұрын, қызыл иек, асқазан-ішек және несеп-жыныс жолдарынан, оның ішінде патологиялық қынаптық және анағұрлым ауыр етеккірден қан кету) және анемия монотерапия немесе қосарлы антитромбоциттік терапия шыңында ривароксабанмен ұзақ емдеу кезінде жиі байқалды. Сондықтан, стандартты клиникалық бақылаудан басқа, және егер қажет болса, жасырын қан кетуді анықтау үшін гемоглобин/гематокрит деңгейін зертханалық анықтау және айқын қан кетудің клиникалық маңыздылығын сандық бағалау қажет болуы мүмкін.
Төменде көрсетілген пациенттердің кейбір қосалқы топтары үшін қан кету қаупі жоғары. Демек, ривароксабанды қосарлы антитромбоциттік еммен бірге қан кету қаупі жоғары пациенттерде қан кету қаупі мен ишемиялық асқынулар профилактикасының басымдықтары арасындағы теңгерім сақталуы тиіс. Сонымен қатар, бұл пациенттер емдеу басталған сәттен бастап қан кету мен анемияның белгілері мен симптомдарын уақтылы анықтау үшін дәрігердің мұқият бақылауында болуы тиіс. Гемоглобиннің немесе артериялық қысымның кез келген түсініксіз төмендеуінде қан кету орнын анықтау керек.
Ривароксабанмен емдеу экспозицияны күнделікті мониторингтеуді қажет етпегенімен, ривароксабанның экспозициясын білу клиникалық шешім қабылдауға көмектесетін ерекше жағдайларда, мысалы, артық дозаланғанда және шұғыл операция кезінде, ривароксабанды Хa факторына қарсы калибрленген сандық белсенділік тестімен өлшеу пайдалы болуы мүмкін.
Бүйрек функциясы бұзылған пациенттер
Бүйрек жеткіліксіздігі ауыр дәрежедегі (креатинин клиренсі <30 мл/мин) пациенттерде қан плазмасындағы ривароксабан концентрациясы айтарлықтай жоғарылауы (орта есеппен 1,6 есе) мүмкін, бұл өз кезегінде қан кету қаупінің жоғарылауына әкелуі мүмкін.
Ривароксабанды креатинин клиренсі 15-29 мл/мин құрайтын пациенттерге сақтықпен тағайындау керек. Бұл препаратты креатинин клиренсі <15 мл/мин құрайтын пациенттерге тағайындау ұсынылмайды.
Ривароксабанды қан плазмасындағы ривароксабан концентрациясының жоғарылауына әкелетін басқа дәрілік препараттарды бір мезгілде қабылдайтын бүйрек жеткіліксіздігі орташа дәрежедегі (креатинин клиренсі 30-49 мл/мин) пациенттерге сақтықпен тағайындау керек.
Басқа дәрілік препараттармен өзара әрекеттесуі
Ривароксабанды азол тобындағы зеңге қарсы препараттармен (мысалы, кетоконазол, итраконазол, вориконазол және позаконазол) немесе АИТВ-протеаза тежегіштерімен (мысалы, ритонавирмен) қатар жүретін жүйелі ем қабылдайтын пациенттерге тағайындау ұсынылмайды. Бұл препараттар CYP3A4 және Р-гликопротеиннің күшті тежегіштері болып табылады, сондықтан олар қан плазмасындағы ривароксабан концентрациясының клиникалық маңызды деңгейге дейін (орта есеппен 2,6 есе) жоғарылауына әкелуі мүмкін, бұл қан кету қаупінің жоғарылауына әкелуі мүмкін.
Пациенттер қабынуға қарсы стероидты емес препараттар (ҚҚСП), ацетилсалицил қышқылы (АСҚ) және тромбоциттер агрегациясының тежегіштері немесе серотонинді кері қармайтын селективті тежегіштері (СКҚСТ) және серотонин мен норэпинефринді кері қармайтын тежегіштері (СНКҚТ) сияқты гемостазға әсер ететін дәрілік препараттармен қатар емделетін жағдайларда сақтық таныту керек. Сонымен қатар, асқазан-ішек жолының ойық жарасы ауруының даму қаупі бар пациенттер үшін тиісті профилактикалық ем жүргізу қажеттілігін қарастыру қажет.
Ривароксабанды АСҚ-мен біріктірілімде немесе ривароксабан және АСҚ плюс клопидогрел/тиклопидинмен қабылдайтын пациенттер пайда қан кету қаупінен асып кеткен жағдайларда ғана ҚҚСП-мен ұзақ ем алуы тиіс.
Қан кетудің басқа қауіп факторлары
Ривароксабанды, сондай-ақ басқа да тромбозға қарсы препараттар сияқты, қан кету қаупі жоғары, атап айтқанда мынадай жағдайлардағы пациенттерді емдеу кезінде пайдалану ұсынылмайды:
қан кетумен байланысты туа біткен немесе жүре пайда болған бұзылулар;
бақыланбайтын ауыр артериялық гипертензия;
қан кетумен асқынуы мүмкін белсенді жараланусыз асқазан-ішек жолдарының басқа аурулары (мысалы, ішектің қабыну аурулары, эзофагит, гастрит, гастроэзофагеальді рефлюкс ауруы;
қантамыр ретинопатиясы;
бронхоэктаз немесе анамнезде өкпеден қан кету.
Ривароксабан-ЛФ препаратын ЖКС және ЖИА/ШАА бар пациенттерге тағайындағанда сақ болу қажет:
≥75 жаста, тек АСҚ немесе клопидогрелмен немесе тиклопидинмен біріктірілімде АСҚ алады. Емдеудің пайдасы мен қаупі арақатынасын үнемі бағалау керек;
тек АСҚ немесе клопидогрелмен немесе тиклопидинмен біріктірілімде АСҚ алатын дене салмағы анағұрлым төмен (<60 кг);
ауыр симптомдық жүрек жеткіліксіздігімен жүретін ЖИА бар. Зерттеу деректері мұндай пациенттерде ривароксабанмен емдеудің пайдасы аз болуы мүмкін екенін көрсетеді.
Қатерлі аурулары бар пациенттер
Қатерлі ауруы бар пациенттерде бір уақытта қан кету және тромбоз қаупі жоғары болуы мүмкін. Тромбозға қарсы терапияның жеке пайдасын ісіктің орналасуына, ісікке қарсы емге және аурудың сатысына байланысты белсенді обыры бар пациенттерде қан кету қаупімен салыстыру керек. Асқазан-ішек немесе несеп-жыныс жолдарында орналасқан ісіктер ривароксабанмен емдеу кезінде қан кету қаупінің жоғарылауымен байланысты. Қан кету қаупі жоғары қатерлі жаңа түзілімдері бар пациенттерде ривароксабанды қолдануға болмайды.
Жасанды жүрек клапаны бар пациенттер
Ривароксабанды жақында аорта клапанының катетер арқылы протездеуін бастан өткерген пациенттерде тромбтар түзілуінің профилактикасы үшін қолдануға болмайды. Ривароксабанның тиімділігі мен қауіпсіздігі жасанды жүрек клапаны салынған пациенттерде зерттелмеген, демек, ривароксабан қабылдаған кезде пациенттердің белгілі бір популяциясында антикоагулянттық емнің дұрыстығын растайтын деректер жоқ. Аталған пациенттер үшін Ривароксабан-ЛФ дәрілік препаратын қолдану ұсынылмайды.
Антифосфолипидті синдромы бар пациенттер
Тікелей әсер ететін пероральді антикоагулянттар, оған қоса ривароксабан, антифосфолипидті синдромы диагнозы қойылған тромбозы бар пациенттерге ұсынылмайды. Атап айтқанда, үш сынақтың оң нәтижесі бар пациенттер үшін (жегілік антикоагулянт, кардиолипинге антиденелер, бета-2-гликопротеин-1 антиденелері) тікелей әсер ететін пероральді антикоагулянттармен емдеу К дәруменінің антагонистік терапиясымен салыстырғанда тромбоздық құбылыстардың қайталану жиілігінің жоғарылауымен байланысты болуы мүмкін.
Анамнезінде инсульті және / немесе транзиторлы ишемиялық шабуылы бар пациенттер
Анамнезінде ЖКС және инсульт немесе транзиторлы ишемиялық шабуыл (ТИШ) бар пациенттер
2,5 мг ривароксабанды қолдану анамнезінде ЖКС және инсульт немесе транзиторлық ишемиялық шабуыл бар пациенттерді емдеуде қолдануға болмайды. Анамнезінде ЖКС және инсульт немесе ТИШ бар пациенттердің азында бар шектеулі деректер мұндай пациенттердің емделуден пайда ала алмайтынын көрсетеді.
Геморрагиялық немесе лакунарлы инсульт немесе ишемиялық, лакунарлы емес инсульт алған ЖИА/ШАА бар пациенттер
Геморрагиялық немесе лакунарлық инсульт немесе ишемиялық, лакунарлық емес инсульт алған ЖИА/ШАА бар пациенттерде өткен ай ішінде зерттелмеген.
Алдында болған инсультпен немесе ЖИА-мен симптомдық ШАА үшін аяқ реваскуляризациясының аз уақыт бұрынғы ем шараларынан кейін пациенттер зерттелмеген. Қосарлы антитромбоциттік ем қабылдайтын бұл пациенттерде 2,5 мг ривароксабанмен емдеуден аулақ болу керек.
Тері реакциялары
Ривароксабанды қолданумен уақытша өзара байланысты постмаркетингтік бақылау кезінде терінің ауыр реакциялары, оған қоса Стивенс-Джонсон синдромы/уытты эпидермалық некролиз жағдайлары туралы хабарланды. Емнің бастапқы кезеңінде осы реакциялардың даму қаупі жоғары пациенттер: реакциялар көп жағдайда емдеудің алғашқы апталарында пайда болады. Ривароксабанды терінің ауыр бөртпелерінің алғашқы көріністері (мысалы, кең таралатын, айқын және/немесе сулы бөртпе) немесе шырышты қабықтың зақымдануымен бірге кез-келген басқа жоғары сезімталдық реакциялары кезінде қолдануды тоқтату керек.
Нейроаксиальді (эпидуральді/жұлын) анестезия немесе пункция
Тромбоэмболиялық асқынулардың профилактикасы мақсатында тромбозға қарсы препараттарды қабылдайтын пациенттер үшін нейроаксиалді анестезия (жұлын/эпидуральді анестезия) немесе жұлын/ эпидуральді пункция жасағанда, ұзақ немесе тұрақты сал ауруына әкелуі мүмкін эпидуральді немесе жұлын гематомасының даму қаупі бар.
Бұл құбылыстардың даму қаупі операциядан кейінгі тұрақты эпидуральді катетерлерді пайдалану немесе гемостазға әсер ететін дәрілік препараттарды қатар қолдану жағдайында жоғарылауы мүмкін. Сондай-ақ, жарақаттық немесе көп реттік эпидуральді немесе жұлын пункциясы кезінде қауіп жоғарылауы мүмкін.
Неврологиялық бұзылулардың белгілері мен симптомдарын (мысалы, аяқтың ұюы немесе әлсіздігі, ішектің немесе қуықтың дисфункциясы) анықтау үшін пациенттер үнемі бақылауда болуы тиіс. Неврологиялық ауытқулар анықталған кезде пациентті жедел диагностикалау және емдеу қажет.
Антикоагулянттар алатын пациенттерде немесе тромбоз профилактикасы үшін антикоагулянттық ем қажет болатын пациенттерде нейроаксиальді араласу жүргізу алдында дәрігер қауіпке қатысты потенциалды пайдасын ескеруі тиіс.
Мұндай жағдайларда ривароксабанды 2,5 мг АСҚ-мен немесе клопидогрелмен немесе тиклопидинмен біріктірілген АСҚ қолдану бойынша клиникалық тәжірибе жоқ.
Тромбоциттер агрегациясының тежегіштерін қолдануды өндірушінің қолдану жөніндегі нұсқаулығына сәйкес тоқтату керек.
Ривароксабанды бір мезгілде қолданумен және нейроаксиальді (эпидуральді/жұлын) анестезия немесе жұлын пункциясын жүргізумен байланысты қан кетудің ықтимал даму қаупін азайту үшін ривароксабанның фармакокинетикалық бейінін ескеру қажет. Ривароксабанның ұюға қарсы әсері төмен деп бағаланған кезде эпидуральді катетерді немесе люмбальді пункцияны орнату немесе алып тастау жақсы жүргізіледі.
Алайда әрбір пациентте әлсіз антикоагулянттық әсерге қол жеткізудің нақты уақыты белгісіз.
Инвазиялық ем шаралар мен хирургиялық араласулар кезінде дозалау жөніндегі нұсқаулар
Егер инвазиялық ем шара немесе хирургиялық араласу қажет болса, 2,5 мг ривароксабанды араласуға дейін кем дегенде 12 сағат бұрын тоқтату керек, ал дәрігер жүргізген клиникалық бағалауды ескеру қажет.
Егер ЖКС бар пациент жоспарлы операцияға дайындалса және антитромбоциттік әсері жағымсыз болса, тромбоциттер агрегациясының тежегіштерін қабылдауды өндірушінің қолдану жөніндегі нұсқаулығындағы нұсқауларға сәйкес тоқтату қажет.
Егер ем шараны кейінге қалдыру мүмкін болмаса, қан кету қаупінің жоғарылауын шұғыл араласу қажеттілігімен салыстырғанда бағалау керек. Егер клиникалық жағдай мүмкіндік берсе және емдеуші дәрігердің айтуы бойынша талапқа сай гемостазға қол жеткізілсе ривароксабанды мүмкіндігінше инвазиялық ем шарадан немесе хирургиялық араласудан кейін қайта бастау керек.
Егде жастағы пациенттер
Жас келген сайын қан кету қаупі артуы мүмкін.
Қосымша заттар
Дәрілік препарат құрамында лактоза бар. Сирек кездесетін тұқым қуалайтын галактоза жақпаушылығы, лопар лактаза тапшылығы немесе глюкоза-галактоза мальабсорбциясы бар пациенттерге бұл препаратты қабылдамаған жөн.
Ривароксабан-ЛФ препаратының құрамындағы натрий бір таблеткада 1 ммольден (23 мг) кем, яғни іс жүзінде натрий болмайды.
Басқа дәрілік препараттармен өзара әрекеттесуі
CYP3A4 және P-гликопротеин тежегіштері
Ривароксабан мен кетоконазолды (тәулігіне 1 рет 400 мг) немесе ритонавирді (тәулігіне 2 рет 600 мг) бірге қолдану ривароксабанның орташа тепе-тең AUC 2,6/2,5 есе артуына және препараттың фармакодинамикалық әсерінің елеулі күшеюімен қатар жүретін, қан кетулердің даму қаупінің жоғарылауына алып келетін ривароксабанның орташа Сmax 1,7/1,6 есе ұлғаюына әкелді. Демек, Ривароксабан-ЛФ препаратын кетоконазол, итраконазол, вориконазол және позаконазол сияқты азолға қарсы зеңге қарсы препараттармен немесе АИТВ протеаза тежегіштерімен жүйелі ем алатын пациенттерге қолдану ұсынылмайды. Бұл заттар CYP3A4 және Р-гликопротеин күшті тежегіштері болып табылады.
CYP3A4 немесе Р-гликопротеин қатысуымен ривароксабанды шығару жолдарының біреуін ғана қатты бәсеңдететін дәрілік заттар плазмадағы ривароксабанның концентрациясын аз дәрежеде арттырады деп күтілуде.
Мысалы, CYP3A4 күшті тежегіші және Р-гликопротеиннің орташа тежегіші болып саналатын кларитромицин (тәулігіне 2 рет 500 мг) орташа AUC 1,5 есе және Сmax ривароксабан 1,4 есе ұлғаюына себеп болды. Кларитромицинмен өзара әрекеттесу пациенттердің көпшілігі үшін клиникалық тұрғыдан маңызды емес, бірақ жоғары қауіпті пациенттер үшін маңызды болуы мүмкін.
Эритромицин (тәулігіне 3 рет 500 мг), орташа басым CYP3A4 және Р-гликопротеин, орташа AUC және Сmax ривароксабанның 1,3 есе ұлғаюын туындатты. Эритромицинмен өзара әрекеттесу пациенттердің көпшілігінде клиникалық тұрғыдан маңызы жоқ, бірақ жоғары қауіпті пациенттерде маңызды болуы мүмкін.
Жеңіл бүйрек жеткіліксіздігі бар пациенттерде эритромицин (тәулігіне үш рет 500 мг) қабылдау бүйрек функциясы қалыпты адамдармен салыстырғанда ривароксабанның орташа AUC 1,8 есе және Сmax 1,6 есе жоғарылауын туындатты. Орташа бүйрек жеткіліксіздігі бар пациенттерде эритромицин қолдану бүйрек функциясы қалыпты пациенттермен салыстырғанда орташа AUC 2,0 есе және Сmax 1,6 есе жоғарылауын туындатты. Эритромициннің әсері бүйрек жеткіліксіздігінің әсерін толықтырады.
CYP3A4 орташа тежегіші болып саналатын флуконазол (тәулігіне 1 рет 400 мг) ривароксабанның орташа AUC 1,4 есе ұлғаюына және орташа Cmax 1,3 есе ұлғаюына әкеледі. Флуконазолмен өзара әрекеттесу пациенттердің көпшілігі үшін клиникалық тұрғыдан маңызды емес, бірақ жоғары қауіпті пациенттер үшін маңызды болуы мүмкін.
Дронедаронды қолдану бойынша қолда бар клиникалық деректер шектеулі, сондықтан оны Ривароксабан-ЛФ препаратымен бірге қолданудан аулақ болу керек.
Антикоагулянттар
Эноксапаринді (40 мг бір реттік доза) және ривароксабанды (10 мг бір реттік доза) біріктіріп тағайындағаннан кейін Ха факторға қарсы әсер етудің күшеюі байқалды, бұл қанның ұюына тесттердің қосымша өзгерістерімен (протромбиндік уақыт, ІБТУ) қатар жүрмеді. Эноксапарин ривароксабанның фармакокинетикасына әсер етпеді.
Қан кету қаупінің жоғарылауына байланысты Ривароксабан-ЛФ препаратын басқа антикоагулянттармен бірге қолданғанда сақ болу керек.
Қабынуға қарсы стероидты емес препараттар (ҚҚСП)/тромбоциттер агрегациясының тежегіштері
Ривароксабанды 15 мг және напроксенді 500 мг дозада бірге тағайындағаннан кейін қан кету уақытының клиникалық мәнді ұзаруы байқалмады. Дегенмен, жекелеген адамдарда анағұрлым айқын фармакодинамикалық жауап болуы мүмкін.
Ривароксабанды және ацетилсалицил қышқылын 500 мг дозада бірге қолданғанда клиникалық маңызды фармакокинетикалық және фармакодинамикалық өзара әрекеттесулер байқалған жоқ.
Ривароксабан 15 мг және клопидогрел (одан әрі демеуші дозаларды тағайындаумен 300 мг екпінді доза) арасында фармакокинетикалық өзара әрекеттесу анықталған жоқ, алайда кейбір пациенттерде тромбоциттердің агрегациясымен және Р-селектин деңгейімен немесе GPIIb/IIIa рецепторларының деңгейімен өзара байланыспаған қан кету уақытының елеулі ұлғаюы анықталды.
ҚҚСП (ацетилсалицил қышқылын қоса) және тромбоциттер агрегациясының тежегіштерін бір мезгілде тағайындағанда сақ болу керек, себебі бұл препараттар, әдетте, қан кету қаупін арттырады.
Серотонинді/серотонин-норэпинефринді кері қармайтын селективті тежегіштер (СКҚСТ/СНКҚСТ)
Басқа антикоагулянттар жағдайындағыдай, тромбоциттерге әсер етуінен СКҚСТ-мен немесе СНКҚСТ-мен бірге қолданған жағдайда пациенттердің қан кету қаупі жоғары болуы ықтимал. Ривароксабанды клиникалық бағдарламада бір мезгілде қолданғанда емдеудің барлық топтарында ауқымды немесе ауқымды емес клиникалық маңызды қан кетулердің анағұрлым жоғары жиілігі байқалды.
Варфарин
Пациенттерді К дәрумені антагонисті варфариннен (ХҚҚ 2,0-ден 3,0-ге дейін) ривароксабанға (20 мг) немесе ривароксабаннан (20 мг) варфаринге ауыстыру кезінде протромбиндік уақытты/ХҚҚ (Neoplastin жинағы) әсерлерін қарапайым жинақтау кезінде күткеннен көп дәрежеде арттырды (ХҚҚ-ның жекелеген мәндері 12,0-ге жетуі мүмкін), ал ІБТУ-ға әсер ету, Ха фактор белсенділігі мен тромбиннің эндогендік потенциалын бәсеңдету кезінде аддитивті болды.
Осындай өтпелі кезең кезінде ривароксабанның фармакодинамикалық әсерлерін зерттеу қажет болғанда варфарин әсер етпейтін қажетті тест ретінде Xa қарсы белсенділік, PiCT және HepTest анықтамаларын пайдалануға болады.
Варфаринді тоқтатқаннан кейінгі 4-ші күннен бастап талдаулардың барлық нәтижелері (соның ішінде ПУ, ІБТУ, Ха фактор белсенділігінің тежелуі және ТЭП (тромбиннің эндогендік потенциалы) ривароксабанның әсерін ғана көрсетеді.
Өтпелі кезеңде варфариннің фармакодинамикалық әсерлерін зерттеу қажет болғанда ривароксабан С0 аясында (ривароксабанның алдыңғы дозасын қабылдағаннан кейін 24 сағаттан кейін) ХҚО анықтамасын қолдануға болады, өйткені осы кезде ривароксабан бұл тестке ең төменгі әсерін береді.
Варфарин мен ривароксабан арасында фармакокинетикалық өзара әрекеттесулер байқалмаған.
CYP3A4 индукторлары
Ривароксабан мен рифампициннің CYP3A4 күшті индукторын бірге тағайындау ривароксабанның орташа AUC шамамен 50%-ға төмендеуіне және оның фармакодинамикалық әсерінің қатар азаюына әкелді. Ривароксабанды басқа күшті CYP3A4 индукторларымен (мысалы, фенитоин, карбамазепин, фенобарбитал немесе шілтер жапырақты шайқурай) бірге қолдану ривароксабанның плазмадағы концентрациясының төмендеуіне әкелуі мүмкін.
Сондықтан пациент тромбоздың белгілері мен симптомдарына мұқият тексерілгенге дейін CYP3A4 күшті индукторларымен бірге Ривароксабан-ЛФ тағайындауға болмайды.
Басқа қатар жүретін ем
Ривароксабан мен мидазолам (CYP3A4 субстраты), дигоксин (Р-гликопротеин субстраты) немесе аторвастатин (CYP3A4 субстраты және Р-гликопротеин) немесе омепразол (протонды помпа тежегіші) арасында клиникалық маңызды фармакокинетикалық немесе фармакодинамикалық өзара әрекеттесулер байқалған жоқ. Ривароксабан CYP3A4 сияқты CYP цитохромының негізгі изоферменттерін тежемейді немесе индукцияламайды.
Ривароксабанның тамақпен клиникалық маңызды өзара әрекеттесуі байқалған жоқ.
Зертханалық параметрлер
Ривароксабан әсер ету механизмінің арқасында қанның ұю параметрлеріне (ПУ, ІБТУ, HepTest) әсер етеді деп күтілуде.
Арнайы ескертулер
Жүктілік немесе лактация кезінде
Жүктілік
Жүктілік кезінде әйелдерде ривароксабанның тиімділігі мен қауіпсіздігі анықталмаған. Жануарларға жүргізілген зерттеулер репродуктивті уыттылықтың бар екендігін көрсетті. Репродуктивті уыттылық ықтималдығына, қан кету қаупіне және плацента арқылы ривароксабанның ену белгілеріне байланысты Ривароксабан-ЛФ жүктілік кезінде әйелдерге қолдануға болмайды.
Ұрпақ өрбіту жастағы әйелдер ривароксабанмен емдеу кезінде контрацепцияның тиімді әдістерін қолдануы керек.
Лактация
Бала емізу кезінде әйелдерде ривароксабанның тиімділігі мен қауіпсіздігі анықталмаған. Жануарлардан алынған деректер ривароксабанның емшек сүтіне енетінін көрсетеді.
Ривароксабан емшек емізу кезінде қарсы көрсетілген. Бала емізуді тоқтату немесе емдеуді тоқтату/қоя тұру туралы шешім қабылдау қажет.
Фертильділік
Адамдардағы ривароксабанның фертильділікке әсерін бағалау үшін арнайы зерттеулер жүргізілген жоқ. Еркек және ұрғашы егеуқұйрықтарда жүргізілген зерттеуде ривароксабанның фертильділікке әсер байқалмады.
Препараттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері
Ривароксабан көлік құралдарын басқару және механизмдермен жұмыс істеу қабілетіне аз әсер етеді. Бас айналуы немесе естен тану жағдайлары туралы хабарланды. Осындай реакциялар байқалған пациенттерге көлік құралдарын басқарудан және механизмдермен жұмыс істеуден бас тарту керек.
Қолдану жөніндегі нұсқаулар
Дозалау режимі
Препараттың ұсынылатын дозасы - Ривароксабан-ЛФ 1 таблеткасы тәулігіне 2 рет 2,5 мг.
Жедел коронарлық синдромды (ЖКС) бастан өткерген ересек пациенттерде атеротромбоздық асқынулардың профилактикасы
Тәулігіне 2 рет 2,5 мг Ривароксабан-ЛФ қабылдайтын пациенттерге ацетилсалицил қышқылын 75-100 мг тәуліктік дозада немесе ацетилсалицил қышқылын 75 мг тәуліктік дозада клопидогрелмен немесе стандартты тәуліктік дозада тиклопидинмен біріктіріп 75-100 мг тәуліктік дозада қабылдау керек.
Жүргізілген емді әрбір пациентте ишемиялық асқынулар мен қан кетулердің даму қаупі арасындағы теңгерім тұрғысынан жеке тәртіппен тұрақты бағалау керек. Емдеу жеке 12 айдан астам уақытқа созылуы керек, өйткені қолдану тәжірибесі 24 айға дейін шектелген.
Ривароксабан-ЛФ препаратымен емдеуді реваскуляризация ем шараларын қоса, ЖКС байланысты жағдайды тұрақтандырғаннан кейін мүмкіндігінше ертерек бастау қажет. Ривароксабан-ЛФ қабылдауды пациент стационарға түскеннен кейін және парентеральді антикоагулянттармен емдеу әдетте тоқтатылған кезде келесі 24 сағат ішінде бастау керек.
Жүректің ишемиялық ауруы (ЖИА) немесе шеткері артериялардың симптомдық ауруы (ШАА) бар ересек пациенттерде атеротромбоздық асқынулардың профилактикасы
Тәулігіне 2 рет 2,5 мг Ривароксабан-ЛФ қабылдайтын пациенттерге ацетилсалицил қышқылын 75-100 мг тәуліктік дозада қабылдау керек.
Пациенттерде симптомдық ШАА үшін аяқ реваскуляризациясының сәтті ем шарасынан кейін (хирургиялық немесе эндоваскулярлық, оған қоса аралас ем шаралар) емдеуді гемостазға қол жеткенше бастауға болмайды.
Емдеу ұзақтығын әрбір жеке пациент үшін тұрақты тексерулер негізінде анықтау керек және қан кету қаупімен салыстырғанда тромбоздық оқиғалардың қаупін ескеру қажет.
ЖКС, ЖИА/ШАА
Антитромбоциттік терапиямен бір мезгілде қолдану
Жедел тромбоздық оқиғасы немесе тамырлық араласу және қосарлы антитромбоциттік емдеу қажеттілігі бар пациенттерде Ривароксабан-ЛФ қабылдауды тәулігіне 2 рет 2,5 мг дозада жалғастыруды оқиғаның типіне немесе антитромбоциттік терапия ем шарасы мен режиміне байланысты бағалау керек.
Ривароксабанның тәулігіне 2 рет 2,5 мг дозадағы қауіпсіздігі мен тиімділігі мына пациенттерде қосарлы антитромбоциттік терапиямен біріктірілімде зерттелді:
АСҚ плюс клопидогрел/тиклопидинмен біріктірілімде жақында бастан өткерген ЖКС және
жақында АСҚ-мен біріктірілген симптомдық ШАА байланысты аяқ реваскуляризациясынан кейін, еге қатысты болса, клопидогрелді қысқа мерзімді қолданумен.
Жедел тромбоздық құбылысы немесе қосарланған антитромбоциттік терапияны қажет ететін тамырларға араласу қажеттілігі бар пациенттерде тромбоздық құбылыстың немесе емшараның түріне, сондай-ақ антитромбоциттік терапияның түріне байланысты тәулігіне 2 рет 2,5 мг Ривароксабан-ЛФ препаратын қабылдауды жалғастыру қажеттілігін бағалау керек.
Ацетилсалицил қышқылымен және клопидогрелмен немесе тиклопидинмен біріктіріп тәулігіне 2 рет қабылдағанда 2,5 мг ривароксабанның қауіпсіздігі мен тиімділігі тек жақында ЖКС бастан өткерген пациенттерде зерттелді. ЖИА немесе ШАА бар пациенттерде тәулігіне 2 рет 2,5 мг ривароксабанды қабылдаумен біріктірілімде қосарлы антитромбоциттік терапияны қолдану зерттелмеген.
ЖИА немесе ШАА диагнозы қойылған пациенттерге тәулігіне 2 рет 2,5 мг Ривароксабан-ЛФ препаратымен ацетилсалицил қышқылымен біріктіріп емдеу тәулігіне 1 рет 75-100 мг кез келген уақытта басталуы мүмкін.
Дозаны өткізіп алу
Таблетканы қабылдауды өткізіп алған жағдайда келесі жоспарланған қабылдау уақытында Ривароксабан-ЛФ препаратының 2,5 мг ұсынылған дозасын тұрақты қабылдауды жалғастыру қажет. Өткізіп алған доза жағдайында қосарлы дозаны қабылдауға болмайды.
К дәруменінің антагонисттерінен (КДА) ривароксабанға ауысу
КДА-дан Ривароксабанға-ЛФ пациенттер ауысқан кезде, Ривароксабан-ЛФ препаратын қабылдағаннан кейін ХҚҚ мәндері жалған жоғарылауы мүмкін. ХҚҚ Ривароксабан-ЛФ препаратының антикоагулянттық белсенділігін анықтау үшін жарамайды, сондықтан оны осы мақсатта қолдануға болмайды.
Ривароксабаннан К дәруменінің (КДА) антагонистеріне ауысу
Ривароксабан-ЛФ препаратынан КДА-ға ауысқан кезде антикоагулянттық әсердің жеткіліксіз болу мүмкіндігі бар. Осыған байланысты басқа антикоагулянтқа осындай ауысу кезінде үздіксіз жеткілікті антикоагулянттық әсерді қамтамасыз ету қажет. Ривароксабан-ЛФ ХҚҚ жоғарылауына ықпал етуі мүмкін екенін есте ұстаған жөн. Ривароксабаннан-ЛФ КДА-ға ауысқан кезде Ривароксабанды-ЛФ ХҚҚ ≥2,0 көрсеткішке жеткенге дейін КДА-мен бір мезгілде қабылдау керек. Өтпелі кезеңнің алғашқы екі күні ішінде ХҚҚ анықтамалары негізінде КДА дозасын кейіннен тағайындай отырып, КДА стандартты бастапқы дозасын қолдану керек. Ривароксабан-ЛФ мен КДА бір мезгілде қабылдау кезінде ХҚҚ алдыңғы дозаны қабылдағаннан кейін 24 сағаттан соң ғана, бірақ Ривароксабанның-ЛФ келесі дозасын қабылдау алдында анықтаған жөн. Ривароксабан-ЛФ қолдануды тоқтатқаннан кейін ХҚҚ-ны сенімді анықтауды препараттың соңғы дозасын қабылдағаннан кейін кемінде 24 сағаттан соң жүргізуге болады.
Парентеральді антикоагулянттардан ривароксабанға өту
Парентеральді антикоагулянттар алатын пациенттер үшін парентеральді антикоагулянтты тоқтату, Ривароксабанды-ЛФ парентеральді препаратты келесі жоспарлы енгізу сәтіне дейін 0-2 сағат бұрын (мысалы, төмен молекулалы гепарин) немесе парентеральді препаратты үздіксіз енгізу тоқтатылған сәтте (мысалы, фракцияланбаған гепаринді вена ішіне енгізу) қабылдау керек.
Ривароксабаннан парентеральді антикоагулянттарға ауысу
Ривароксабан-ЛФ қолдануды тоқтатып, Ривароксабан-ЛФ препаратының келесі дозасы қабылданған сәтте парентеральді антикоагулянттың бірінші дозасын енгізген жөн.
Пациенттердің жекелеген топтары
Бүйрек жеткіліксіздігі бар пациенттер
Ауыр бүйрек жеткіліксіздігі бар пациенттерде ривароксабанды қолдану туралы шектеулі клиникалық деректер (креатинин клиренсі 15-29 мл/мин) плазмадағы ривароксабан деңгейінің елеулі жоғарылауын көрсетеді. Осыған байланысты Ривароксабан-ЛФ препаратын пациенттердің осы тобында сақтықпен қолдану қажет. Креатинин клиренсі <15 мл/мин пациенттерде Ривароксабан-ЛФ қолдану ұсынылмайды.
Креатинин клиренсі 50-80 мл/мин жеңіл бүйрек жеткіліксіздігі немесе креатинин клиренсі 30-49 мл/мин орташа бүйрек жеткіліксіздігі бар пациенттерде Ривароксабан-ЛФ дозасын түзету талап етілмейді.
Бауыр жеткіліксіздігі бар пациенттер
Ривароксабан-ЛФ препаратын қолдану Чайлд-Пью жіктемесі бойынша В және С класындағы бауыр циррозын қоса, коагулопатиямен және клиникалық маңызды қан кетудің даму қаупімен бірге жүретін бауыр аурулары бар пациенттерде қарсы көрсетілген.
Егде пациенттер
Дозаны түзету қажет емес. Пациенттің жасына байланысты қан кету қаупі артады.
Дене салмағы
Дозаны түзету қажет емес.
Жынысы
Дозаны түзету қажет емес.
Балалар мен жасөспірімдер
Балалар мен 18 жасқа дейінгі жасөспірімдерде ривароксабанның қауіпсіздігі мен тиімділігі анықталмаған. Қолжетімді деректер жоқ. Сондықтан Ривароксабан-ЛФ балалар мен 18 жасқа дейінгі жасөспірімдерде қолдану ұсынылмайды.
Енгізу жолы және тәсілі
Ішке қабылдауға арналған.
Ривароксабан-ЛФ тамақтануға қарамастан қабылдауға болады.
Ривароксабан-ЛФ таблеткаларын тұтасымен жұта алмайтын пациенттер үшін таблетканы тікелей қабылдағанға дейін сумен немесе алма езбесі сияқты жеңіл тағаммен араластырып, пероральді қабылдауға болады.
Бөлінген таблетканы асқазан зонды арқылы енгізуге болады.
Артық дозалану жағдайында қабылдануы қажет шаралар
Симптомдары
1960 мг-ға дейін артық дозаланғанда сирек жағдайлар туралы хабарланды. Артық дозаланған жағдайда пациентті қан кету немесе басқа жағымсыз реакциялар түріндегі асқынуларға қатысты мұқият бақылау керек («Қан кету кезіндегі тактика» бөлімін қараңыз).
Шектеулі сіңуіне байланысты емдік дозадан асатын, 50 мг және одан жоғары дозаларды қолдану кезінде препарат концентрациясының төмен деңгейлі платоны оның қан плазмасындағы экспозициясын одан әрі ұлғайтпай дамыту күтілуде.
Емі
Ривароксабанның фармакодинамикалық әсеріне қарсы тұратын спецификалық антидот (андексанет альфа) бар (андексанет альфаны қолдану жөніндегі нұсқаулықты қараңыз).Артық дозаланған жағдайда ривароксабанның сіңуін төмендету үшін белсендірілген көмірді пайдалануға болады. Қан плазмасы ақуыздарымен қарқынды байланысты ескере отырып, диализ жүргізу кезінде ривароксабан шығарылмайды деп күтілуде.
Қан кету кезіндегі тактика
Егер ривароксабан алатын пациентте қан кету түрінде асқыну пайда болса, препаратты келесі қабылдауды кейінге қалдыру немесе қажет болғанда емді тоқтату керек. Ривароксабанның жартылай шығарылу кезеңі шамамен 5-13 сағатты құрайды. Емдеу қан кетудің ауырлығына және орналасуына байланысты жекелей болуы керек. Қажет болса, механикалық компрессия (мысалы, мұрыннан ауыр кету кезінде), оның тиімділігін бағалайтын хирургиялық гемостаз, инфузиялық терапия және гемодинамикалық қдемеу, қан препараттарын қолдану (анемия немесе коагулопатия, қайсысы пайда болғанына байланысты эритроциттік масса немесе жаңа мұздатылған плазма) немесе тромбоциттік масса сияқты тиісті симптоматикалық емдеуді қолдануға болады.
Егер жоғарыда аталған шаралар қан кетуді жоюға әкелмесе, ривароксабанның фармакодинамикалық әсеріне қарсы тұратын Ха факторы тежегіштерінің (андексанет альфа) спецификалық антидоты немесе протромбин кешенінің концентраты (ПШК), белсендірілген протромбин кешенінің концентраты (БПКК) немесе рекомбинантты VIIa факторы (r-FVIIa) сияқты кері әсер ететін спецификалық прокоагулянттық препараттар тағайындалуы мүмкін. Алайда, қазіргі уақытта ривароксабан қабылдайтын пациенттерде осы препараттарды қолдану тәжірибесі шектеулі. Ұсыныс та шектеулі клиникалық емес мәліметтерге негізделген. R-FVIIa-ны қайта енгізу қан кетудің оң динамикасына байланысты қарастырылуы және титрленуі керек. Жергілікті деңгейде қолжетімділікке байланысты, ауқымды қан кету жағдайында гемостазиолог маманмен кеңесу туралы мәселені шешу керек.
Протамин сульфаты мен К дәрумені ривароксабанның антикоагулянттық белсенділігіне әсер етпейді деп күтілмейді.
Транексам қышқылын қолданудың тәжірибесі шектеулі және ривароксабан алатын пациенттерде аминокапрон қышқылы мен апротининді қолдану тәжірибесі жоқ.
Ривароксабан қабылдаған пациенттерде десмопрессин сияқты жүйелі гемостатикалық препараттарды қолданудың орындылығы немесе тәжірибесі туралы ғылыми негіз жоқ. Қан плазмасы ақуыздарымен қарқынды байланысты ескере отырып, диализ арқылы ривароксабан шығарылмайды деп күтілуде.
ДП стандартты қолдану кезінде көрініс табатын жағымсыз реакциялардың сипаттамасы және осы жағдайда қабылдануы керек шаралар
Қауіпсіздік бойынша жиынтық деректер
Ривароксабанның қауіпсіздігін бағалау 13 III фазадағы зерттеулерде жүргізілді (1-кестені қараңыз).
III фазадағы 19 зерттеуге ривароксабан қабылдаған 69608 ересек пациент қатысты.
1-кесте: Зерттеуге қатысқан пациенттер саны, жалпы тәуліктік доза және III фазалық зерттеудегі емдеудің максималды ұзақтығы
Қолданылуы |
Пациенттер саны* |
Жалпы тәуліктік доза |
Емдеудің максималды ұзақтығы |
Жамбас немесе тізе буынын жоспарлы протездеумен ересек пациенттерде веналық тромбоэмболияның (ВТЭ) профилактикасы |
6097 |
10 мг |
39 күн |
Соматикалық патологиясы бар пациенттерде веналық тромбоэмболияның профилактикасы |
3997 |
10 мг |
39 күн |
ТВТ және ӨАТЭ емдеу және қайталанған ТВТ және ӨАТЭ профилактикасы |
6790 |
1-21 күні: 30 мг. 22 және одан кейінгі күні: 20 мг. Кем дегенде 6 айдан кейін: 10 мг немесе 20 мг. |
21 ай |
Клапандық емес жүрекшелер фибрилляциясы бар пациенттерде инсульт пен жүйелі эмболияның профилактикасы |
7750 |
20 мг |
41 ай |
ЖКС кейін пациенттерде атеротромбоздық асқынулардың профилактикасы |
10225 |
Тиісінше 5 мг немесе 10 мг, АСҚ немесе АСҚ плюс клопидогрель немесе тиклопидин бірге қабылдау |
31 ай |
ЖИА/ШАА бар пациенттерде атеротромбоздық асқынулардың профилактикасы |
18244 |
5 мг АСҚ-мен біріктірілімде немесе 10 мг монотерапия. |
47 ай |
3256** |
5 мг АСҚ |
42 ай |
* Ривароксабанның кем дегенде бір дозасы әсер еткен пациенттер.
** VOYAGER PAD зерттеу деректері бойынша.
Ривароксабан қабылдайтын пациенттерде ең жиі жағымсыз реакциялар қан кетулер болды (төмендегі «Жекелеген жағымсыз реакциялардың сипаттамасын» қараңыз (2-кестені қара). Ең жиі қан кетулер мұрыннан (4,5%) және асқазан-ішектен қан кету (3,8%) болды.
2-кесте: III фазадағы зерттеулер аяқталғаннан кейін ривароксабан қабылдаған пациенттерде қан кету* және анемия жағдайларының жиілігі
Қолданылуы |
Кез келген қан кету |
Анемия |
Жамбас немесе тізе буынын жоспарлы протездеумен ересек пациенттерде веналық тромбоэмболияның (ВТЭ) профилактикасы. |
Пациенттердің 6,8% |
Пациенттердің 5,9% |
Соматикалық патологиясы бар пациенттерде веналық тромбоэмболияның профилактикасы |
Пациенттердің 12,6% |
Пациенттердің 2,1% |
ТВТ және ӨАТЭ емдеу және қайталанған ТВТ және ӨАТЭ профилактикасы |
Пациенттердің 23% |
Пациенттердің 1,6% |
Клапандық емес жүрекшелер фибрилляциясы бар пациенттерде инсульт пен жүйелі эмболияның профилактикасы |
100 пациент-жылға 28 |
100 пациент-жылға 2,5 |
ЖКС кейін пациенттерде атеротромбоздық асқынулардың профилактикасы |
100 пациент-жылға 22 |
100 пациент-жылға 1,4 |
ЖИА/ШАА бар пациенттерде атеротромбоздық асқынулардың профилактикасы |
100 пациент-жылға 6,7 |
100 пациент-жылға 0,15** |
100 пациент-жылға 8,38# |
100 пациент-жылға 0,74***# |
* Ривароксабанның барлық зерттеулері үшін қан кетудің барлық жағдайлары жинақталады, тіркеледі және қарастырылады.
** COMPASS зерттеуінде анемияның төмен деңгейі байқалады, өйткені жағымсыз реакцияларды жинауға таңдау тәсілі қолданылды.
*** Жағымсыз реакцияларды жинауға таңдау тәсілі қолданылды.
# VOYAGER PAD зерттеу деректері бойынша.
Жағымсыз реакциялар тізбесі
Ривароксабанды қолдану кезінде хабарланған жағымсыз реакциялар төменде жүйелік-ағзалық кластар мен пайда болу жиілігі бойынша берілген.
Жиілік санттары: өте жиі (≥1/10), жиі (≥1/100, бірақ <1/10), жиі емес (≥1/1000, бірақ <1/100), сирек (≥1/10000, бірақ <1/1000), өте сирек (<1/10000), жиілігі белгісіз (қолда бар деректерге сүйене отырып, пайда болу жиілігін анықтау мүмкін емес).
Қан мен лимфа жүйесі тарапынан бұзылулар: жиі – анемия (оның ішінде тиісті зертханалық көрсеткіштер); жиі емес – тромбоцитоз (тромбоциттер санының жоғарылауын қоса*, тромбоцитопения).
Иммундық жүйе тарапынан бұзылулар: жиі емес – аллергиялық реакциялар, аллергиялық дерматит, ангионевроздық ісіну және аллергиялық ісіну, өте сирек – анафилаксиялық реакциялар, оған қоса анафилаксиялық шок.
Жүйке жүйесі тарапынан бұзылулар: жиі – бас айналуы, бас ауыруы; жиі емес – бассүйекішілік қан құйылу, миға қан кету, естен тану.
Көру мүшесі тарапынан бұзылулар: жиі – көз тініне қан құйылу (соның ішінде конъюнктивалық қан құйылу).
Жүрек тарапынан бұзылулар: жиі емес – тахикардия.
Қантамыр тарапынан бұзылулар: жиі – гипотензия, гематома.
Тыныс алу жүйесі, көкірек қуысы ағзалары және көкірек ортасы тарапынан бұзылулар: жиі – мұрыннан қан кету, қан түкіру, өте сирек – эозинофильді пневмония.
Асқазан-ішек бұзылыстары: жиі – қызыл иектен қан кету, асқазан-ішектен қан кету (соның ішінде ректальді қан кету), іштің ауыруы және асқазан мен ішекке байланысты ауырсыну, диспепсия, жүрек айнуы, іш қату*, диарея, құсу*; жиі емес – ауыздың құрғауы.
Бауыр мен өт жолдары тарапынан бұзылулар: жи – трансаминазалар деңгейінің жоғарылауы, жиі емес – бауыр жеткіліксіздігі, билирубин деңгейінің жоғарылауы, қандағы сілтілік фосфатаза деңгейінің жоғарылауы*, гамма-ГТ деңгейінің жоғарылауы; сирек – сарғаю, тікелей билирубин деңгейінің жоғарылауы (АЛТ деңгейінің жоғарылауымен немесе онсыз), холестаз, гепатит (гепатоцеллюлярлық зақымдануды қоса).
Тері мен тері астындағы тіндер тарапынан бұзылулар: жиі – қышыну (оның ішінде жайылған қышудың сирек жағдайлары), бөртпе, экхимоз, тері және теріастылық қан құйылу; жиі емес – есекжем; өте сирек – Стивенс-Джонсон синдромы/уытты эпидермалық некролиз, DRESS-синдром.
Бұлшықет, қаңқа және дәнекер тіндер тарапынан бұзылулар: жиі – аяқ-қолдың ауыруы*, жиі емес – гемартроз, сирек – бұлшықетке қан құйылу; жиілігі белгісіз – қан кетуге қатысты екіншілік компартмент-синдром.
Бүйрек және несеп шығару жолдары тарапынан бұзылулар: жиі – урогенитальді жолмен байланысты қан кету (соның ішінде гематурия және меноррагия**), бүйрек жеткіліксіздігі (соның ішінде қандағы креатинин, мочевина деңгейінің жоғарылауы)*; жиілігі белгісіз – бүйрек жеткіліксіздігі/елеулі қан кетуге қатысты екіншілік, гипоперфузия себебінен жедел бүйрек жеткіліксіздігі.
Жалпы бұзылулар мен енгізу орнындағы реакциялар: жиі – қызба*, шеткері ісіну, физикалық күштің төмендеуі және сылбырлық (жалпы әлсіздік пен астенияны қоса); жиі емес – нашар сезіну (соның ішінде дімкәстік); сирек – жергілікті ісіну*.
Зертханалық және құрал-аспаптық деректер: жиі емес – ЛДГ деңгейінің жоғарылауы*, липаза деңгейінің жоғарылауы*, амилаза деңгейінің жоғарылауы.
Жарақаттар, уыттану және ем шаралардың асқынуы: жиі – ем шарадан кейінгі қан кету (соның ішінде операциядан кейінгі анемия және жарадан қан кету), контузия, жара секрециясы*; сирек – тамыр псевдоаневризмасы***.
* – тізе немесе ұршық буынын эндопротездеуден кейін веналық тромбоэмболияның профилактикасын жүргізу кезінде ересек пациенттерде байқалды;
** – <55 жастағы әйелдерде ТВТ; ӨАТЭ емдеу және олардың қайталануының профилактикасы кезінде «өте жиі» байқалды;
*** – ЖКС асқынуларының профилактикасы шеңберінде жиі емес ретінде байқалды (тері арқылы коронарлық араласудан кейін).
Жекелеген жағымсыз реакциялардың сипаттамасы
Препарат әсерінің фармакологиялық механизмін ескере отырып, ривароксабанды қолдану кез келген ағзалар мен тіндерден жасырын немесе айқын қан кету қаупінің жоғарылауымен қатар жүруі мүмкін, бұл постгеморрагиялық анемияға әкелуі мүмкін. Белгілері, симптомдары және ауырлығы (өліммен аяқталуды қоса) қан кетудің және/немесе анемияның орналасқан жеріне және ауырлық дәрежесіне немесе ауқымдылығына байланысты өзгереді.
Клиникалық зерттеулерде шырышты қабаттардан қан кету (мысалы, мұрын, қызыл иек, асқазан-ішек, несеп-жыныс жолдарынан патологиялық қынаптық және етеккірден анағұрлым көп қан кетуді қоса) және анемия K дәрумені антагонистерімен (КДА) емдеумен салыстырғанда ривароксабанмен ұзақ емдеу кезінде жиі байқалды. Сондықтан, тиісті клиникалық тексеруден басқа, қажет болғанда жасырын қан кетуді анықтау үшін гемоглобин/гематокрит деңгейін зертханалық анықтау және айқын қан кетудің клиникалық маңыздылығын сандық бағалау маңызды болуы мүмкін.
Қан кетудің даму қаупі пациенттердің кейбір топтарында, мысалы, бақыланбайтын ауыр артериялық гипертензиясы бар пациенттерде және/немесе гемостазға әсер ететін препараттармен қатар ем қабылдайтын пациенттерде жоғарылауы мүмкін. Етеккірлік қан кету ұзағырақ және қарқынды болуы мүмкін. Геморрагиялық асқынулар әлсіздік, бозару, бас айналуы, бас ауыруы, түсініксіз ісіну, ентігу немесе түсініксіз шок күйінде көрініс табуы мүмкін. Кейбір жағдайларда анемияға байланысты миокард ишемиясының белгілері байқалды, мысалы, кеуденің ауыруы немесе стенокардия.
Ауыр қан кету салдарынан ривароксабанды қабылдағанда компартмент-синдром және гипоперфузия нәтижесінде бүйрек жеткіліксіздігі сияқты белгілі асқынулар тіркелді. Сондықтан антикоагулянттар алатын кез-келген пациенттің жағдайын бағалау кезінде қан кету мүмкіндігін қарастырған жөн.
Жағымсыз дәрілік реакциялар туындағанда медициналық қызметкерге, фармацевтикалық қызметкерге немесе, дәрілік препараттардың тиімсіздігі туралы хабарламаларды қоса, дәрілік препараттарға жағымсыз реакциялар (әсерлер) бойынша ақпараттық деректер базасына тікелей хабарласу керек
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті «Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК
http://www.ndda.kz
Қосымша мәліметтер
Дәрілік препараттың құрамы
Бір таблетканың құрамында:
белсенді зат – ривароксабан – 2,5 мг,
Қосымша заттар: магний стеараты, натрий лаурилсульфаты, гипромеллоза, натрий кроскармеллозасы, микрокристалды целлюлоза, лактоза моногидраты;
қабық құрамы: ішінара гидролизденген поливинил спирті, макрогол/ПЭГ, тальк, титанның қостотығы (E171), темірдің қызыл тотығы (E172), темірдің сары тотығы (E172), магнетит/темірдің қара тотығы (E172).
Сыртқы түрінің, иісінің, дәмінің сипаттамасы
Қызғылт түсті қабықпен қапталған дөңгелек пішінді екі беті дөңес таблеткалар.
Шығарылу түрі және қаптамасы
10 таблеткадан полимер үлбірден немесе поливнилхлоридті үлбірден және алюминий фольгадан жасалған пішінді ұяшықты қаптамада.
Үш пішінді ұяшықты қаптамадан медициналық қолдану жөніндегі қазақ және орыс тіліндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапшаға салынады.
Сақтау мерзімі
2 жыл.
Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды!
Сақтау шарттары
25°С-ден аспайтын температурада сақтау керек.
Балалардың қолы жетпейтін және көрінбейтін жерде сақтау керек.
Дәріханалардан босатылу шарттары
Дәрігердің рецептісі арқылы.
Өндіруші туралы мәлімет
«Лекфарм» ЖШБҚ,
Беларусь Республикасы, 223141, Логойск қ., Минск К., 2а үй, 301 к.
Тел./факс: +375 1774 53801,
электронды пошта: office@lekpharm.by.
Тіркеу куәлігінің ұстаушысы
«Лекфарм» ЖШБҚ,
Беларусь Республикасы, 223141, Логойск қ., Минск К., 2а үй, 301 к.
Тел./факс: +375 1774 53801,
электронды пошта: office@lekpharm.by.http://www.lekpharm.by
Қазақстан Республикасының аумағында тұтынушылардан дәрілік заттардың сапасы жөнінде шағымдарды (ұсыныстарды) қабылдайтын және дәрілік заттың қауіпсіздігін тіркеуден кейінгі бақылауға жауапты ұйымның атауы, мекенжайы және байланыс деректері (телефон, факс, электрондық пошта)
«Лекфарм» ЖШБҚ Қазақстан Республикасындағы өкілдігі,
050000, Алматы қаласы, Бостандық ауданы, Әл-Фараби даңғылы, 7,
"Нұрлы Тау" БО, 4А корпус, 55 кеңсе,
тел. 8(727)-3110454, факс 8(727)-3110455,
электронды пошта: amangul-62@mail.ru