Ривамус (Ривароксабан)

МНН: Ривароксабан
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Ривароксабан
Номер регистрации в РК: № РК-ЛС-5№025988
Информация о регистрации в РК: 19.09.2022 - 19.09.2027

Инструкция

Саудалық атауы

Ривамус

Халықаралық патенттелмеген атауы

Ривароксабан

Дәрілік түрі, дозасы

Үлбірлі қабықпен қапталған таблеткалар, 20 мг

Фармакотерапиялық тобы

Қан және қан түзу ағзалары. Тромбозға қарсы препараттар. Тромбозға қарсы препараттар. Ха факторының тікелей тежегіштері. Ривароксабан.

ATХ коды В01AF01

Қолданылуы

Ересектер

- жүрек функциясының іркілістік жеткіліксіздігі, гипертензия, ≥75 жас, қант диабеті, бұрын бастан өткерген инсульт немесе транзиторлы ишемиялық шабуыл сияқты бір немесе одан да көп қауіп факторлары бар және жүрекшенің қақпақшасыз фибрилляциясы бар ересек пациенттерде инсульт пен жүйелі эмболияның профилактикасы

- терең веналар тромбозын (ТВТ) және өкпе артериясының тромбоэмболиясын (ӨАТЭ) емдеу, сондай-ақ ересектерде ТВТ және ӨАТЭ қайталануының профилактикасы.

Балалар

- дене салмағы 50 кг-ден асатын балалар мен 18 жасқа дейінгі жасөспірімдерде бастапқы парентеральді антикоагулянттық емнен кейін кемінде 5 күн өткен соң веналық тромбоэмболияны (ВТЭ) емдеу және ВТЭ қайталануының профилактикасы

Қолданудың басталуына дейінгі қажетті мәліметтер тізбесі

Қолдануға болмайтын жағдайлар

  • ривароксабанға немесе «құрамы» бөлімінде атап келтірілген препараттың қосымша заттарына жоғары сезімталдық

  • белсенді клиникалық маңызды қан кету

  • асқазан-ішек жолының бұрыннан бар немесе жақында пайда болған ойықжарасы сияқты үлкен қан кетудің маңызды факторы болып саналатын бұзылу немесе жағдай, қан кету қаупі жоғары қатерлі жаңа түзілімдердің болуы, мидың немесе жұлынның жақында болған жарақаты, миға, жұлынға немесе көзге жақында жасалған хирургиялық операция, бассүйекке жақында болған қан құйылу, өңеш веналарының диагностикаланған варикозды кеңеюі немесе оған күмәндану, артерия-веналық даму аномалиялары, қантамыр аневризмалары немесе жұлын немесе мидың ірі қантамырларының патологиясы

  • басқа антикоагулянттық емге ауысудың ерекше жағдайларын қоспағанда немесе ФБГ орталық веналық немесе артериялық катетердің өткізгіштігін қамтамасыз ету үшін қажетті дозаларда енгізілгенде фракцияланбаған гепарин (ФБГ), төменмолекулалы гепариндер (эноксапарин, далтепарин және т.б.), гепарин туындылары (фондапаринукс және т. б.), пероральді антикоагулянттар (варфарин, дабигатран этексилаты, апиксабан және т. б.) сияқты кез келген басқа антикоагулянттармен қатар жүргізілетін ем

  • Чайлд-Пью бойынша В және С класындағы бауыр циррозы бар пациенттерді қоса алғанда, клиникалық маңызды қан кетудің даму қаупімен байланысты коагулопатиямен қатар байқалатын бауыр ауруы

  • жүктілік және бала емізу кезеңі

Басқа дәрілік препараттармен өзара әрекеттесуі

Педиатриялық популяциядағы өзара әрекеттесу дәрежесі белгісіз. Төмендегі өзара әрекеттесу туралы мәліметтер ересектерден алынды және «Жағымсыз реакциялар сипаттамасы» бөлімінде келтірілген сақтандыруларды балалар үшін ескеру қажет.

CYP3A4 және гликопротеин р тежегіштерімен өзара әрекеттесуі

Ривароксабан мен кетоконазолды (тәулігіне 1 рет 400 мг) немесе ритонавирді (тәулігіне екі рет 600 мг) бірге қолдану препараттың фармакодинамикалық әсерінің елеулі күшеюімен қатар жүретін, қан кетулердің даму қаупінің жоғарылауын туындатуға қабілетті, ривароксабанның орташа тепе-теңдік AUC 2,6/2,5 есе артуына және ривароксабанның орташа Смакс 1,7/1,6 есе жоғарылауына әкелді. Демек, ривароксабанды кетоконазол, итраконазол, вориконазол және позаконазол сияқты зеңге қарсы азолдық препараттармен немесе АИТВ протеаза тежегіштерімен жүйелі ем алатын пациенттерге қолдану ұсынылмайды. Бұл заттар CYP3A4 және Р гликопротеинінің күшті тежегіштері болып табылады.

Ривароксабанның шығарылу жолдарының тек біреуін – CYP3A4 немесе Р гликопротеиннің қатысуымен жүретін жолын қатты бәсеңдететін дәрілік заттар – ривароксабанның плазмадағы концентрациясын азғантай дәрежеде арттырады деп күтіледі. Мысалы, CYP3A4 күшті тежегіші және Р гликопротеиннің орташа тежегіші болып саналатын кларитромицин (тәулігіне 2 рет 500 мг), ривароксабанның орташа AUC 1,5 есе және Смакс. 1,4 есе жоғарылауын туындатқан. Кларитромицинмен өзара әрекеттесуі пациенттердің көпшілігінде клиникалық тұрғыдан елеулі болмауы ықтимал, бірақ жоғары қауіп тобындағы пациенттерде елеулі болуы мүмкін.

CYP3A4 пен гликопротеин Р орташа бәсеңдететін эритромицин (тәулігіне 3 рет 500 мг), ривароксабанның орташа AUC пен Смакс 1,3 есе жоғарылауын туындатқан. Эритромицинмен өзара әрекеттесуі пациенттердің көпшілігінде клиникалық тұрғыдан елеулі болмауы ықтимал, бірақ жоғары қауіп тобындағы пациенттерде елеулі болуы мүмкін.

Бүйрек функциясының жеңіл жеткіліксіздігі бар пациенттерде эритромицинді (тәулігіне 3 рет 500 мг) қабылдау, бүйрек функциясы қалыпты адамдармен салыстырғанда, ривароксабанның орташа AUC 1,8 есе және Смакс. 1,6 есе жоғарылауын туындатқан.

Бүйрек функциясының орташа жеткіліксіздігі бар пациенттерде эритромицинді қолдану, бүйрек функциясы қалыпты пациенттермен салыстырғанда, орташа AUC 2,0 есе және Смакс 1,6 есе жоғарылауын туындатқан. Эритромициннің әсері бүйрек функциясы жеткіліксіздігінің әсерін толықтырады.

CYP3A4 орташа тежегіші болып саналатын флуконазол (тәулігіне бір рет 400 мг), ривароксабанның орташа AUC 1,4 есе және орташа Cmax 1,3 есе жоғарылауына алып келеді. Флуконазолмен өзара әрекеттесуі пациенттердің көпшілігінде клиникалық тұрғыдан елеулі болмауы ықтимал, бірақ жоғары қауіп тобындағы пациенттерде елеулі болуы мүмкін.

Дронедаронды қолдану жөніндегі қолда бар клиникалық деректер шектеулі, сондықтан оны ривароксабанмен бірге қолданудан аулақ болу керек.

Антикоагулянттар

Эноксапарин (бір реттік 40 мг дозасы) мен ривароксабанмен (бір реттік 10 мг дозасы) біріктіріп қолданғаннан кейін, Ха факторға қарсы әсерінің күшейгені байқалған, ол қан ұю тестілерінің (протромбин уақыты, ІБТУ) қосымша өзгерістерімен қатар жүрмеген. Эноксапарин ривароксабанның фармакокинетикасына әсер етпеген.

Қан кетулер қаупінің жоғарылығына байланысты, пациенттер ривароксабанды басқа антикоагулянттармен бірге қолданғанда сақтық танытуы керек.

Қабынуға қарсы стероидты емес дәрілер (ҚҚСД)/тромбоциттер агрегациясының тежегіштері

15 мг ривароксабан мен 500 мг дозадағы напроксенді бірге тағайындаудан кейін, қан кету уақытының клиникалық тұрғыдан елеулі ұзаруы байқалмаған. Дегенмен, жекелеген адамдарда фармакодинамикалық әсері айқынырақ болуы мүмкін.

Ривароксабан мен 500 мг дозадағы ацетилсалицил қышқылын бірге қолданғанда, клиникалық тұрғыдан елеулі фармакокинетикалық және фармакодинамикалық өзара әрекеттесулер байқалған жоқ.

15 мг ривароксабан мен клопидогрел (300 мг қарқынды дозасы, содан соң 75 мг демеуші дозасы) арасында фармакокинетикалық өзара әрекеттесу анықталған жоқ, алайда, кейбір пациенттерде қан кету уақытының тромбоциттер агрегациясымен және Р-селектин деңгейімен немесе GPIIb/IIIa рецепторлары деңгейімен өзара байланыссыз едәуір ұзарғаны анықталды.

ҚҚСД (ацетилсалицил қышқылын қоса) мен тромбоциттер агрегациясының тежегіштерін бір мезгілде тағайындағанда сақтық таныту керек, өйткені, аталған препараттар, әдетте, қан кету қаупін арттырады.

Серотонинді/серотонин-норэпинефринді кері қармаудың селективті тежегіші (СКҚСТ/ СНКҚСТ)

Басқа антикоагулянттармен жағдайдағы сияқты, СКҚСТ немесе СНКҚСТ-мен бірге қолданған жағдайда, олардың тромбоциттерге әсеріне байланысты, пациенттер қан кетудің жоғары қаупіне ұшырауы ықтимал. Ривароксабанның клиникалық бағдарламасында бір мезгілде пайдаланғанда, барлық емдеу топтарында ауқымды немесе шағын, клиникалық тұрғыдан елеулі қан кетулер жиілігінің жоғарырақ болғаны байқалды.

Варфарин

Пациенттердің К дәруменінің антагонисі варфариннен (ХҚҚ 2,0-ден 3,0-ге дейін) ривароксабанға (20 мг) немесе ривароксабаннан (20 мг) варфаринге ауысуы, протромбин уақытын/ХҚҚ (Неопластин реагенті) әсерлерін қарапайым жиынтықтау кезінде күтуге болатынынан көбірек дәрежеде ұзартқан (ХҚҚ жекелеген мәндері 12-ге жетуі мүмкін), ал ІБТУ-ге, Ха фактор белсенділігінің және тромбиннің эндогенділік ықтималдылығының бәсеңдеуіне әсері аддитивті болды.

Мұндай өтпелі кезеңде ривароксабанның фармакодинамикалық әсерлерін зерттеу қажет болған жағдайда, варфариннің әсері болмайтын қажетті тестілер ретінде, Ха факторға қарсы белсенділікті анықтауды, PiCT және HepTest пайдалануға болады.

Варфаринді тоқтатқаннан кейін 4-күннен бастап, барлық талдаулардың нәтижелері (соның ішінде ПУ, ІБТУ, Ха фактор белсенділігі мен ТЭП (тромбиннің эндогенділік потенциалы) тежелуі) тек ривароксабанның әсерін көрсетеді.

Өтпелі кезеңде варфариннің фармакодинамикалық әсерлерін зерттеу қажет болған жағдайда, ривароксабанның C0 (ривароксабанның алдыңғы дозасын қабылдағаннан кейін 24 сағаттан соң) аясында ХҚҚ анықтауды пайдалануға болады, өйткені, аталған мерзімде ривароксабанның бұл көрсеткішке әсері аз болады.

Варфарин мен ривароксабан арасында фармакокинетикалық өзара әрекеттесулер байқалған жоқ.

CYP3A4 индукторлары

Ривароксабан мен CYP3A4 күшті индукторы рифампицинді бірге тағайындау ривароксабанның орташа AUC шамамен 50%-ға төмендеуіне және оның фармакодинамикалық әсерлерінің параллель азаюына алып келген. Ривароксабанды CYP3A4 басқа күшті индукторларымен (мысалы, фенитоинмен, карбамазепинмен, фенобарбиталмен немесе шілтер жапырақты шайқураймен) бірге қолдану да ривароксабанның плазмадағы концентрацияларының төмендеуіне алып келуі мүмкін.

Сондықтан, пациентті тромбоз белгілері мен симптомдарына қатысты мұқият қадағаламай тұрып ривароксабанды CYP3A4 күшті индукторларымен бірге тағайындаудан аулақ болу керек.

Басқа қатарлас ем

Ривароксабан мен мидазолам (CYP3A4 субстраты), дигоксин (Р гликопротеинінің субстраты) немесе аторвастатин (CYP3A4 пен Р гликопротеинінің субстраты) немесе омепразол (протонды помпа тежегіші) арасында клиникалық тұрғыдан елеулі фармакокинетикалық немесе фармакодинамикалық өзара әрекеттесулер байқалған жоқ. Ривароксабан CYP цитохромының, CYP3A4 сияқты негізгі изоферменттерін тежемейді және индукцияламайды.

Зертханалық параметрлер

Ривароксабан өзінің әсер ету механизмінің арқасында, қан ұю параметрлеріне (ПУ, ІБТУ, HepTest) әсер етеді деп күтіледі.

Арнайы сақтандырулар

Емдеудің барлық кезеңінде антикоагулянттық емнің белгіленген практикасы шеңберінде клиникалық бақылау жүргізу ұсынылады.

Қан кету қаупі

Ривамус препаратын қабылдау аясында басқа антикоагулянттарды қолданғандағыдай, қан кету белгілерін анықтау үшін пациенттерді мұқият бақылау қажет. Ривамус препаратын қан кету қаупі жоғары пациенттерді емдеу кезінде сақтықпен пайдалану ұсынылады. Ауыр қан кету дамыған кезде Ривамус препаратын қабылдауды тоқтату керек.

Клиникалық зерттеулерде шырышты қабықтардан қан кету (мысалы, мұрыннан, қызылиектен, асқазан-ішектен және несеп-жыныс жолынан, оның ішінде патологиялық қынаптық және қарқынды етеккірлік қан кету) және анемия КДА емдеумен салыстырғанда Ривамус препаратымен ұзақ емдегенде жиірек байқалды. Сондықтан, стандартты клиникалық бақылауға қосымша, және егер орынды болса, жасырын қан кетуді анықтау үшін гемоглобин/гематокрит деңгейін зертханалық анықтау және айқын қан кетудің клиникалық маңыздылығын сандық бағалау қажет болуы мүмкін.

Төменде сипатталған пациенттердің бірнеше шағын тобында қан кету қаупі жоғары. Бұл пациенттер емдеу басталған сәттен бастап қан кету мен анемияның белгілері мен симптомдарын анықтау үшін дәрігердің мұқият бақылауында болуы тиіс.

Гемоглобин деңгейі немесе артериялық қысым түсініксіз төмендегенде қан кету көзін табу керек.

Ривамус препаратымен емдеу экспозициясы дағдылы мониторингілеуді қажет етпейтініне қарамастан, ривароксабан экспозициясын білу клиникалық шешім қабылдауға көмектесетін ерекше жағдайларда, мысалы, артық дозаланғанда және шұғыл операция кезінде, ривароксабанды Ха факторына қарсы калибрленген сандық белсенділік тестімен өлшеу пайдалы болуы мүмкін.

Балалар

ОЖЖ инфекциясы бар ми веналарының тромбозы және веналық синустары бар балалар туралы шектеулі мәліметтер бар. Қан кету қаупін ривароксабанмен емдеуге дейін және емдеу кезінде мұқият бағалау керек.

Бүйрек функциясының жеткіліксіздігі

Бүйрек функциясының ауыр жеткіліксіздігі бар пациенттерде (креатинин клиренсі <30 мл/мин) қан плазмасындағы ривароксабан концентрациясы едәуір жоғарылауы мүмкін (орташа есеппен 1,6 есе), бұл қан кету қаупінің жоғарылауына әкелуі мүмкін. Ривамус препаратын креатинин клиренсі 15-29 мл/мин құрайтын, бүйрек функциясының ауыр жеткіліксіздігі бар науқастарды емдеу кезінде сақтықпен қолдану қажет. Креатинин клиренсі <15 мл/мин құрайтын пациенттерде ривароксабанды қолдану ұсынылмайды.

Қан плазмасындағы ривароксабан концентрациясын арттыратын басқа препараттармен қатар ем қабылдап жүрген, бүйрек функциясының жеткіліксіздігі бар пациенттерді емдегенде Ривамус препаратын сақтықпен қолдану қажет.

Ривамус препаратын бүйрек функциясының орташа немесе ауыр жеткіліксіздігі бар (шумақтық сүзу жылдамдығы < 50 мл/мин/1,73 м 2) балалар мен жасөспірімдерге қолдануға болмайды, өйткені клиникалық деректер жоқ.

Басқа дәрілік препараттармен өзара әрекеттесуі

Ривамус препараты азол тобының зеңге қарсы препараттарымен (мысалы, кетоконазолмен, итраконазолмен, вориконазолмен және позаконазолмен) немесе АИТВ протеаза тежегіштерімен (мысалы, ритонавирмен) жүйелі ем алып жүрген пациенттерде қолдануға ұсынылмайды. Бұл дәрілік препараттар CYP3A4 және Р гликопротеинінің күшті тежегіштері болып табылады, нәтижесінде бұл дәрілік препараттар плазмадағы ривароксабан концентрациясын клиникалық маңызды деңгейге дейін (орта есеппен 2,6 есе) арттыруы мүмкін, бұл қан кетудің даму қаупін арттырады.

Ривамус препаратын гемостазға әсер ететін дәрілік препараттарды, мысалы, қабынуға қарсы стероидты емес дәрілерді (ҚҚСД), ацетилсалицил қышқылын (АСҚ) және тромбоциттер агрегациясының тежегіштерін немесе серотонинді кері қармаудың селективті тежегіштерін (СКҚСТ) және серотонин мен норепинефринді кері қармау тежегіштерін (СНКҚТ) қабылдайтын пациенттерге тағайындағанда сақ болу қажет. Асқазан-ішек жолының ойықжаралы ауруының даму қаупі бар пациенттерге тиісті профилактикалық ем жүргізу туралы мәселені қарау керек.

Қан кетудің басқа қауіп факторлары

Ривамус препаратын, сондай-ақ тромбозға қарсы басқа препараттар сияқты, қан кету қаупі жоғары, атап айтқанда мынадай жай-күйлері бар пациенттерді емдеу кезінде пайдалану ұсынылмайды:

  • қан кетумен байланысты туа біткен немесе жүре пайда болған бұзылулар

  • бақыланбайтын ауыр артериялық гипертензия

  • қан кетумен асқынуы мүмкін белсенді ойықжараланусыз асқазан-ішек жолының басқа аурулары (мысалы, ішектің қабыну аурулары, эзофагит, гастрит, гастроэзофагеальдік рефлюкс)

  • тамырлық ретинопатия

  • бронхоэктаздар немесе анамнезіндегі өкпеден қан кету

Жаңа түзілімдері бар пациенттер

Қатерлі жаңа түзілімдері бар пациенттер жоғары қан кету және тромбоз қаупіне бейім болуы мүмкін. Антиагреганттық емнің жеке пайдасын ісіктің орналасқан жеріне, ісікке қарсы емге және ауру сатысына байланысты белсенді сатыдағы обыры бар пациенттерде қан кету қаупімен салыстыру керек. Асқазан-ішек немесе несеп-жыныс жолдарында орналасқан ісіктер ривароксабанмен емдеу кезінде жоғары қан кету қаупіне ұшырайды.

Қан кету қаупі жоғары қатерлі жаңа түзілімдері бар пациенттерде ривароксабанды қолдануға болмайды.

Жүректің жасанды қақпақшасы бар пациенттер

Ривамус препаратын таяуда аорта қақпақшасын транскатетерлі ауыстыруды (TAVR) бастан өткерген пациенттерде тромбопрофилактика үшін пайдалануға болмайды. Жүректің жасанды қақпақшасы бар пациенттерде ривароксабанды қолданудың қауіпсіздігі мен тиімділігі зерттелмеген, сондықтан ондай пациенттер популяциясында Ривамус препаратының талапқа сай антикоагулянттық әсері туралы деректер жоқ. Осы пациенттерде Ривамус препаратымен емдеу ұсынылмайды.

Антифосфолипидтік синдромы (АФС) бар пациенттер

Анамнезінде тромбозы бар, антифосфолипидтік синдром диагностикаланған пациенттерге ривароксабанды қоса, тікелей әсер ететін пероральді антикоагулянттарды тағайындау ұсынылмайды. Тікелей әсер ететін пероральді антикоагулянттармен емдеу К дәруменінің антагонистерімен жүргізілетін еммен салыстырғанда, әсіресе антифосфолипидтік антиденелердің барлық үш типінің (жегілік антикоагулянт, кардиолипинге антиденелер және бета-2-гликопротеин-1 антиденелер) позитивтілігі бар пациенттерде қайталанатын тромбоздық оқиғалар жиілігінің артуымен байланысты болуы мүмкін.

Жүрекшелердің қақпақшалық емес фибрилляциясы бар және стенттеумен жүргізілетін ТКА жоспарланған пациенттер

Негізгі мақсаты жүрекшелердің қақпақшалық емес фибрилляциясы және стенттеумен жүргізілетін ТКА жоспарланған пациенттердегі қауіпсіздігін бағалау болып табылатын интервенциялық зерттеудің клиникалық деректері қолжетімді. Бұл популяцияда тиімділігі туралы мәліметтер шектеулі. Инсульт/транзиторлық ишемиялық шабуыл тарихы бар мұндай пациенттер үшін деректер қолжетімсіз.

Тромболизиске немесе өкпе эмболэктомиясына мұқтаж ӨАТЭ бар гемодинамикалық тұрақсыз пациенттер

Ривамус препаратын ӨАТЭ және гемодинамика тұрақсыздығы бар немесе тромболизис немесе өкпе эмболэктомиясы жүргізілуі мүмкін пациенттерде фракцияланбаған гепаринге балама ретінде қолдану ұсынылмайды, өйткені ривароксабанның қауіпсіздігі мен тиімділігі осы клиникалық жағдайларда анықталмаған.

Нейроаксиалдық (эпидуральдық/жұлын) анестезия

Нейроаксиалдық (жұлын/эпидуральдық) анестезия немесе жұлын/эпидуральдық пункция жүргізу кезінде тромбоэмболиялық асқынулардың профилактикасы үшін тромбозға қарсы дәрілерді қабылдайтын пациенттер эпидуральдық немесе жұлын гематомасының даму қаупіне ұшырайды, ол ұзаққа созылатын немесе тұрақты салдануға әкелуі мүмкін. Ондай құбылыстардың даму қаупі тұрақты эпидуральдық катетерлерді пайдаланғанда немесе гемостазға әсер ететін препараттарды бірге қабылдағанда одан бетер артады. Жарақат алғаннан кейін немесе қайталанатын эпидуральдық немесе жұлын пункциясынан кейін қауіп жоғарылауы мүмкін. Неврологиялық бұзылулардың белгілерін немесе симптомдарын (мысалы, аяқтардың ұюы немесе әлсіреуі, тоқішектің немесе қуықтың дисфункциясы) анықтау үшін пациенттерді жиі бақылау керек. Неврологиялық ауытқулар анықталған кезде пациентті жедел диагностикалау және емдеу қажет. Антикоагулянттар қабылдайтын пациенттерде немесе тромбопрофилактика үшін алда антикоагулянттық ем болатын пациенттерде нейроаксиялдық әрекет жасамас бұрын дәрігер қаупіне қатысты әлеуетті пайдасын ескеруі тиіс. Ондай жағдайларда 20 мг ривароксабанды қолданудың клиникалық тәжірибесі жоқ.

Ривароксабанды бір мезгілде қолдану аясында эпидуральдық/жұлын анестезиясын және немесе жұлын пункциясын жасаумен астасқан қан кетудің ықтимал қаупін төмендету мақсатында ривароксабанның фармакокинетикалық бейінін ескеру керек. Ривароксабанның антикоагулянттық әсері әлсіз деп бағаланған кезде эпидуральдық катетерді орнатқан немесе алып тастаған немесе белді пункциялаған жөн. Алайда, әр пациентте әлсіз антикоагуляциялық әсерге қол жеткізудің нақты уақыты белгісіз.

Препараттың жалпы фармакокинетикалық сипаттамаларын ескере отырып эпидуральдық катетерді алып тастау жартылай шығарылуының кемінде екі кезеңіне жеткен кезде жүзеге асырылады, яғни жас пациенттерде Ривамус препаратын соңғы қабылдаудан кейін 18 сағаттан ерте емес және егде жастағы пациенттерде 26 сағаттан ерте емес.

Ривамус препаратын катетер алынып тасталғаннан кейін 6 сағаттан ерте қабылдамау керек. Жарақаттаумен жүргізілген пункция жағдайында, Ривамус препаратын қабылдау 24 сағатқа кейінге қалдырылуы тиіс.

Ривамус препаратын қабылдау кезінде балаларда нейроаксиалдық катетерді орнату немесе алып тастау мерзімі туралы деректер жоқ. Ондай жағдайларда ривароксабанды қабылдауды тоқтатып, қысқа әсер ететін парентеральді антикоагулянтты қабылдау туралы ойлану керек.

Инвазиялық емшаралар мен хирургиялық операциялар кезінде дозалау жөніндегі нұсқаулар

Егер инвазиялық емшараны немесе хирургиялық операцияны жасау қажет болса, Ривамус 20 мг препаратын қабылдауды, мүмкін болса, операцияға дейін кемінде 24 сағат бұрын және дәрігер шығарған клиникалық шешімнің негізінде тоқтату керек.

Егер емшараны кейінге қалдыру мүмкін болмаса, қан кету қаупінің жоғарылауын операцияның жеделдігімен салыстырып бағалау керек.

Ривамус препаратын қабылдауды, егер емдеуші дәрігердің бағалауы бойынша клиникалық жағдай мүмкіндік берсе және талапқа сай гемостазға қол жеткізілсе, инвазиялық емшарадан немесе хирургиялық операциядан кейін мүмкіндігінше тезірек қайта бастау керек.

Егде жастағы пациенттер

Пацинттің жасы ұлғайған сайын қан кету қаупі артады.

Тері реакциялары

Стивенс-Джонсон синдромын/уытты эпидермалық некролизді және DRESS-синдромды қоса алғанда, терінің күрделі реакциялары ривароксабанды қолданумен уақытша өзара байланысты екені маркетингтен кейінгі бақылау барысында хабарланды. Шамасы, пациенттерде ондай реакциялардың пайда болу қаупі емдеудің басында болады: көп жағдайда ондай реакциялар емдеудің алғашқы апталарында көрінеді. Теріның ауыр бөртпесінің алғашқы белгілері (яғни бөртпенің таралуы, күшеюі және/немесе күлдіреуіктің пайда болуы) немесе шырышты қабықтар тарапынан аса жоғары сезімталдықтың кез келген белгілері пайда болған кезде ривароксабанды қабылдауды тоқтату керек.

Қосымша заттар туралы ақпарат

Ривамус препаратының құрамында лактоза бар. Галактоза жақпаушылығының сирек кездесетін тұқым қуалайтын проблемалары, Lapp лактаза тапшылығы немесе глюкоза-галактоза мальабсорбциясы бар пациенттер бұл препаратты қабылдамауы керек.

Ривамус препаратының құрамында бір таблеткасында 1 ммольден аз натрий бар, осы ең аз мөлшерге сүйене отырып, препаратты «натрийсіз» деп санауға болады.

Жүктілік немесе лактация кезінде

Ривароксабанның жүкті әйелдерді емдеу кезіндегі қауіпсіздігі мен тиімділігі анықталған жоқ.  Клиникаға дейінгі зерттеулер репродукциялық уыттылығын көрсетеді. Репродукциялық уыттылығының ықтималдылығын, қан кету қаупін және, ривароксабанның гематоплаценталық бөгет арқылы өтетіндігінің дәлелдерін ескере келе, жүкті әйелдерге ривароксабанды қолдануға болмайды.

Ұрпақ өрбіту жасындағы әйелдер ривароксабанмен емделу кезінде жүкті болып қалудан сақтануы керек.

Ривароксабанның емшек емізіп жүрген әйелдердегі қауіпсіздігі мен тиімділігі анықталмаған. Клиникаға дейінгі зерттеулерде алынған мәліметтер ривароксабанның емшек сүтімен бірге шығатындығын көрсетеді. Сондықтан ривароксабан бала емізу кезінде қарсы көрсетілімді. Емшек емізуді тоқтату, не болмаса емдеуді тоқтату/емделуден бас тарту туралы шешім қабылдануы тиіс.

Фертильділік

Адамда ривароксабанның фертильділікке ықпалын бағалау үшін арнайы зерттеулер жүргізілген жоқ. Клиникаға дейінгі зерттеулерде фертильділікке әсері байқалмады.

Препараттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері

Ривароксабанның автокөлік және механизмдерді басқару қабілетіне әсері елеусіз.  Бас айналу немесе естен тану жағдайлары туралы хабарланған. Ондай реакциялар байқалған пациенттер, автокөлік немесе механизмдерді басқарудан бас тартуы керек.

Қолдану жөніндегі нұсқаулар

Дозалау режимі

Ересектерде инсульт пен жүйелі эмболияның профилактикасы

Ұсынылатын доза тәулігіне бір рет, күн сайын 20 мг (1 таблетка) құрайды, сонымен қатар ол ең жоғары ұсынылатын доза болып табылады.

Инсульт пен жүйелі эмболия профилактикасының артықшылығы қан кету қаупінен асып түсетін жағдайда, Ривамус препаратымен емдеуді ұзақ уақыт бойы жалғастыру керек.

Терең веналар тромбозын (ТВТ) және өкпе артериясының тромбоэмболиясын (ӨАТЭ) емдеу, ересектерде ТВТ және ӨАТЭ қайталануының профилактикасы

Жедел ТВТ немесе ӨАТЭ бастапқы емдеу үшін ривароксабанның ұсынылған дозасы алғашқы 3 апта ішінде тәулігіне екі рет 15 мг құрайды, содан кейін ТВТ және ӨАТЭ қайталануын емдеуді жалғастыру және профилактикасы үшін тәулігіне бір рет 20 мг ривароксабанды қабылдайды.

Қысқамерзімді емді (кем дегенде 3 ай) үлкен өткінші қауіп факторлары (мысалы, жақында болған ауқымды хирургиялық операциялар немесе жарақаттар) туындатқан ТВТ және ӨАТЭ бар пациенттерде қарастыру керек. Ұзағырақ емді үлкен өткінші қауіп факторларымен байланыспаған, ТВТ немесе ӨАТЭ қоздырған, ТВТ немесе ӨАТЭ қоздырмаған немесе анамнезінде ТВТ немесе ӨАТЭ қайталануы бар пациенттерде қарастыру керек.

ТВТ және ӨАТЭ қайталануының ұзартылған профилактикасына көрсетілімдер болған кезде (ТВТ немесе ӨАТЭ кем дегенде 6 ай бойы емдеуден кейін) ұсынылған доза тәулігіне бір рет 10 мг құрайды. Тәулігіне бір рет 10 мг профилактикалық дозада Ривамус препаратымен ұзартылған ем аясында асқынған қатарлас аурулардың немесе ТВТ немесе ӨАТЭ қайталануының сияқты болуы ТВТ немесе ӨАТЭ қайталануының жоғары қаупі бар пациенттер тәулігіне бір рет 20 мг ривароксабан дозасын қабылдауды қарау керек.

Емдеу ұзақтығы мен дозасы – қан кету қаупіне қатысты емдеу пайдасын мұқият бағалағаннан кейін жекелей таңдалуы тиіс.

Ұзақтығы

Дозалау режимі

Жалпы тәуліктік дозасы

ТВТ мен ӨАТЭ қайталануын емдеу және профилактикасы

1-күннен 21-күнге дейін

15 мг тәулігіне екі рет

30 мг

22-күннен бастап және одан әрі

20 мг тәулігіне бір рет

20 мг

ТВТ мен ӨАТЭ қайталануының профилактикасы

Ұзақтығы кем дегенде 6 созылатын, ТВТ немесе ӨАТЭ емі аяқталғаннан кейін

10 мг немесе 20 мг тәулігіне бір рет

10 мг немесе 20 мг

21 күннен кейін 15 мг-ден 20 мг-ға ауысу үшін ТВТ/ ӨАТЭ емдеу үшін ривароксабанмен алғашқы 4 апталық емдеу курсы қолжетімді.

Егер кезекті дозаны қабылдау тәулігіне екі рет (емдеудің 1-21 күні) 15 мг дозаны қабылдағанда өткізілсе, пациент 30 мг тәуліктік дозаның түсуін қамтамасыз ету үшін Ривамус препаратын дереу қабылдауы тиіс. Ол үшін бір мезгілде 15 мг дозада ривароксабанның 2 таблеткасын қабылдауға болады. Келесі күні препаратты ұсынылған режимге сәйкес тәулігіне 2 рет 15 мг дозада тұрақты қабылдауды жалғастыру керек.

Балалар мен жасөспірімдерде ВТЭ емдеу және ВТЭ қайталануының профилактикасы

Балалар мен 18 жасқа дейінгі жасөспірімдерде Ривамус препаратымен емдеуді бастапқы парентеральді антикоагулянттық емдеуден кейін кемінде 5 күн өткен соң бастау керек.

Балалар мен жасөспірімдерге арналған доза дене салмағына қарай есептеледі.

- дене салмағы 30-дан 50 кг-ға дейін: ривароксабанның бір реттік тәуліктік дозасы 15 мг ұсынылады. Бұл ең жоғары тәуліктік дозасы.

- дене салмағы 50 кг және одан жоғары болғанда: ривароксабанның бір реттік тәуліктік дозасы 20 мг ұсынылады. Бұл ең жоғары тәуліктік дозасы.

Баланың салмағын бақылап, дозаны үнемі тексеріп отыру керек. Бұл емдік дозаны сақтауды қамтамасыз ету үшін жасалады. Дозаны түзетуді тек дене салмағының өзгеруі негізінде жүргізу керек.

Балалар мен жасөспірімдерде емдеуді кемінде 3 ай жалғастыру керек. Клиникалық қажеттілік кезінде емдеу 12 айға дейін ұзартылуы мүмкін. Балаларда 6 айлық емнен кейін дозаның төмендегенін растайтын деректер жоқ. 3 айдан кейін емді жалғастырудың пайдасы мен қаупінің арақатынасы тромбоздың қайталану қаупін және қан кетудің ықтимал қаупін ескере отырып, жеке бағалануы тиіс.

K дәрумені антагонисттерінен (КДА) Ривамус препаратына ауысу

Инсульт пен жүйелі эмболияның профилактикасы үшін қабылдап жүрген пациенттерде КДА қабылдауды тоқтату, және халықаралық қалыптастырылған қатынас (ХҚҚ) ≤3,0 дейін төмендеген кезде Ривамус препаратымен емдеуді бастау керек.

ТВТ және ӨАТЭ емдеудегі және ТВТ және ӨАТЭ қайталануының профилактикасындағы пациенттерде КДА қабылдауды тоқтату керек және ХҚҚ ≤ 2,5-ке төмендегенде Ривамус препаратымен емдеуді бастау керек. Пациенттер КДА-дан Ривамус препаратына ауысқан кезде, Ривамус препаратын қабылдағаннан кейін ХҚҚ мәндері жалған жоғарылайды. ХҚҚ Ривамус препаратының антикоагулянттық белсенділігін анықтау үшін жарамайды, сондықтан оны осы мақсатта қолдануға болмайды.

Ривамус препаратынан К дәруменінің антагонистеріне (КДА) ауысу

Ривароксабаннан КДА-ға ауысқан кезде антикоагулянттық әсердің жеткіліксіз болу ықтималдығы бар. Осыған байланысты басқа антикоагулянтқа кез келген ауысу кезінде үздіксіз жеткілікті антикоагулянттық әсерді қамтамасыз ету қажет. Ривароксабан ХҚҚ-ны арттыруға ықпал етуі мүмкін екенін айта кету керек.

Ривароксабаннан КДА-ға ауысқан кезде, ривароксабанды ХҚҚ ≥2,0 көрсеткішке жеткенге дейін КДА-мен бір мезгілде қабылдау керек.

Өтпелі кезеңнің алғашқы екі күні ішінде ХҚҚ анықтамалары негізінде КДА дозасын тағайындай отырып, КДА стандартты бастапқы дозасын қолдану керек. Ривароксабанды және КДА бір мезгілде қабылдағанда ХҚҚ алдыңғы дозаны қабылдағаннан кейін 24 сағаттан ерте емес және Ривамус препаратының келесі дозасын қабылдау алдында анықтаған жөн. Ривамус препаратын қолдануды тоқтатқаннан кейін ХҚҚ-ны сенімді анықтауды препараттың соңғы дозасын қабылдағаннан кейін кемінде 24 сағаттан соң жүргізуге болады.

Балалар

Ривамус препаратынан КДА-ға ауысатын балаларға КДА-ның бірінші дозасынан кейін 48 сағат ішінде Ривамус препаратын қабылдауды жалғастыру қажет. 2 күн бірге қолданғаннан кейін ХҚҚ анықтамасын Ривамус препаратының келесі жоспарланған дозасына дейін алу керек. Ривамус препаратын және КДА бірге қолдануды ХҚҚ ≥ 2,0 болғанға дейін жалғастыру ұсынылады. Ривамус препаратын қолдануды тоқтатқаннан кейін ХҚҚ тестілеуді соңғы дозасынан кейін 24 сағаттан соң жүргізуге болады.

Парентеральді антикоагулянттардан Ривамус препаратына ауысу

Парентеральді антикоагулянттар қабылдайтын ересектерге және балаларға парентеральді антикоагулянтты тоқтату керек, Ривамус препаратын парентеральді препаратты келесі жоспарлы енгізу сәтіне дейін 0-2 сағат бұрын (мысалы, төменмолекулалы гепарин) немесе парентеральді препаратты үздіксіз енгізу тоқтатылған сәтте (мысалы, фракцияланбаған гепаринді вена ішіне енгізу) қабылдауды бастау керек.

Ривамус препаратынан парентеральді антикоагулянттарға ауысу

Парентеральді антикоагулянттың бірінші дозасын Ривамус препаратын келесі жоспарлы қабылдау сәтінде енгізу керек.

Енгізу әдісі мен жолы

Бүйрек функциясының жеткіліксіздігі бар пациенттер

Ересектер

Бүйрек функциясының ауыр жеткіліксіздігі бар пациенттерде ривароксабанды қолдану туралы шектеулі клиникалық деректер (креатинин клиренсі 15-29 мл/мин) осы пациенттерде ривароксабан концентрациясының елеулі жоғарылағанын көрсетеді. Пациенттердің осы санатын емдеу үшін Ривамус препаратын сақтықпен қолдану керек. Препаратты креатинин клиренсі <15 мл/мин пациенттерде қолдану ұсынылмайды.

Бүйрек функциясының орташа жеткіліксіздігі (креатинин клиренсі 30-49 мл/мин) немесе бүйрек функциясының ауыр жеткіліксіздігі (креатинин клиренсі 15-29 мл/мин) бар пациенттер үшін ұсынылған доза мыналарды құрайды:

- жүрекшелердің қақпақшасыз фибрилляциясы бар пациенттерде инсульт пен жүйелі эмболияның профилактикасы кезінде ұсынылатын доза тәулігіне бір рет 15 мг құрайды. - ТВТ немесе ӨАТЭ емдеу, ТВТ және ӨАТЭ қайталануының профилактикасы үшін пациенттер алғашқы 3 апта ішінде тәулігіне екі рет 15 мг қабылдауы тиіс. Содан кейін ұсынылған доза тәулігіне бір рет 20 мг құрайды. Дозаны тәулігіне бір рет 20 мг-ден тәулігіне бір рет 15 мг-ге дейін төмендетуді пациентте қан кетудің бағаланатын қаупі ТВТ және ӨАТЭ қайталануының қаупінен басым болған кезде қарау керек. Тәулігіне бір рет 15 мг пайдалану нсұқауы фармакокинетикалық модельдеуге негізделген және осы жағдайда клиникалық жағдайларда зерттелмеген.

Ривамус препаратын бүйрек функциясының жеңіл жеткіліксіздігі бар (креатинин клиренсі 50-80 мл/мин) пациенттерге тағайындағанда, дозасын түзету қажет емес.

Балаларға

- бүйрек функциясының жеңіл жеткіліксіздігі бар балалар мен жасөспірімдерге (шумақтық сүзу жылдамдығы 50-80 мл/мин/1,73 м 2): ересектердегі деректерге және педиатриялық пациенттердегі шектеулі деректерге негізделе отырып, дозаны түзету қажет емес.

- бүйрек функциясының орташа немесе ауыр жеткіліксіздігі бар балалар мен жасөспірімдерге (шумақтық сүзу жылдамдығы < 50 мл/мин/1,73 м 2): Ривамус препаратын қабылдау ұсынылмайды, өйткені клиникалық деректер жоқ.

Бауыр функциясының жеткіліксіздігі бар пациенттер

Ривамус препаратын қолдану Чайлд-Пью жіктемесі бойынша В және С класындағы бауыр циррозы бар пациенттерді қоса алғанда, коагулопатиямен және клиникалық маңызды қан кетудің даму қаупімен бірге жүретін бауыр аурулары бар пациенттерде қарсы көрсетілімді.

Бауыр функциясы бұзылған балаларда клиникалық деректер жоқ.

Егде жастағы пациенттер

Дозаны түзету қажет емес.

Дене салмағы

Дозаны түзету қажет емес.

Педиатриялық пациенттер үшін доза дене салмағына байланысты анықталады.

Жынысы

Дозаны түзету қажет емес.

Инсульт пен жүйелі эмболияның профилактикасы кезіндегі кардиоверсия

Ривамус препаратымен емдеуді кардиоверсия қажет болуы мүмкін пациенттерде бастауға немесе жалғастыруға болады. Өңеш арқылы жүргізілетін эхокардиография (ӨАЭхо-КГ) бақылауымен кардиоверсия кезінде бұрын антикоагулянттармен ем қабылдамаған пациенттерде талапқа сай антикоагуляцияны қамтамасыз ету үшін, Ривамус препаратымен емдеуді кардиоверсияға дейін кемінде 4 сағат бұрын бастау керек. Барлық пациенттер үшін және кардиоверсия жүргізуді бастағанға дейін, бұл пациенттердің Ривамус препаратын тиісінше қолданғанына көз жеткізу керек. Емдеудің басталуы және ұзақтығы туралы мәселені шешуде, кардиоверсия жоспарланған пациенттердегі антикоагулянттық ем жөніндегі қолданыстағы нұсқауларды ескеру керек.

Жүрекшелердің қақпақшалық емес фибрилляциясы бар және стенттеумен жүргізілетін ТКА (тері арқылы жүргізілетін коронарлық араласым) жоспарланған пациенттер

Жүрекшелердің қақпақшалық емес фибрилляциясы бар, стенттеумен жүргізілетін ТКА жоспарланған, пероральді антикоагуляцияны қажет ететін пациенттерде P2Y12 тежегішіне қосымша, ең көбі 12 ай бойы Ривамус препаратының төмендетілген 15 мг дозасын тәулігіне бір рет (немесе бүйрек функциясының орташа жеткіліксіздігі бар [креатинин клиренсі 30 - 49 мл/мин] пациенттерде Ривамус 10 мг тәулігіне бір рет) қолдану тәжірибесі шектеулі.

Балалар мен жасөспірімдер

Ривароксабанның қауіпсіздігі мен тиімділігі балалар мен 18 жасқа дейінгі жасөспірімдерде қолдануға көрсетілім кезінде анықталмаған – жүрекшенің қақпақшалық емес фибрилляциясы бар пациенттерде инсульт пен жүйелі эмболияның профилактикасы. Деректер жоқ. Сондықтан Ривамус препаратын ВТЭ емдеуден және ВТЭ қайталануының профилактикасынан басқа көрсетілімдер бойынша балалар мен 18 жасқа дейінгі жасөспірімдерде қолдану ұсынылмайды.

Қолдану тәсілі

Ересектер

Ішке қабылдауға арналған.

Ривамус препаратын тамақтану кезінде қабылдау керек.

Егер пациент таблетканы бүтіндей жұта алмаса, таблетканы ұсақтап, оны қолданар алдында бірден сумен немесе жұмсақ консистенциялы тағаммен, мысалы, алма езбесімен араластырып жеуге болады, содан кейін бірден тамақ ішу керек.

Ривамустың ұсақталған таблеткасын асқазан сүңгісімен енгізуге болады.

Дене салмағы 30-дан 50 кг-ға дейінгі балалар мен жасөспірімдер

Ішке қабылдауға арналған.

Таблетканы сұйықтықпен жұтып ішу ұсынылады. Ривамус препаратын тамақтану кезінде қабылдау керек. Таблеткаларды шамамен 24 сағат аралықпен қабылдау керек.

Егер пациент дозаны дереу құсып тастаса немесе дозаны қабылдағаннан кейін 30 минут ішінде құсса, жаңа дозаны енгізу керек. Алайда, егер пациентте дозаны қабылдағаннан кейін 30 минуттан артық құсу болса, дозаны қайта енгізбеген жөн, ал келесі дозаны ұсынылған режимге сәйкес қабылдаған жөн.

Ривамус препаратының таблеткаларын төмендетілген дозаны қабылдау мақсатында бөлуге болмайды.

Артық дозалану жағдайында қабылдау қажет болатын шаралар

1960 мг дейінгі ривароксабанды қабылдағанда ересектерде қан кетулердің немесе басқа жағымсыз реакциялардың дамуынсыз артық дозаланудың сирек жағдайлары тіркелген. Шектеулі деректер балаларда қолжетімді. Сіңірілуінің шектеулілігіне байланысты, препараттың 50 мг тең және одан жоғары емдік дозаларын қолданғанда, оның қан плазмасындағы экспозициясының ары қарай жоғарылауынсыз, концентрациясының төмен деңгейлі платосының дамуы күтіледі.

Андексанет альфа ривароксабанның фармакодинамикалық әсерлерін бейтараптандыратын спецификалы антидоты (немесе кері әсері бар препарат) болып табылады (андексанет альфа дәрілік затының жалпы сипаттамасындағы ақпаратты қараңыз).

Артық дозаланған жағдайда, ривароксабанның сіңірілуін азайту үшін, белсендірілген көмірді пайдалануға болады.

Қан кетулер кезіндегі тәсіл

Егер ривароксабанды қабылдап жүрген пациентте, қан кету түріндегі асқыну туындаса, препараттың келесі қабылдануын кейінге шегеру немесе, қажет болған жағдайда, тоқтату керек. Ривароксабанның жартылай шығарылу кезеңі шамамен 5-13 сағатты құрайды. Емдеу қан кетудің ауырлығы мен орналасқан орнына байланысты жекелей тағайындалуы тиіс. Қажет болған жағдайда, механикалық компрессия (мысалы, мұрыннан қан кетудің ауыр жағдайларында), қан кетуді тоқтатуға арналған емшаралармен хирургиялық гемостаз, сұйықтықтың орнын толтыру сияқты сәйкесінше симптоматикалық емді және гемодинамикалық демеу шараларын, қан препараттарын (қатарлас анемияның немесе коагулопатияның болуына байланысты, эритроциттер массасын немесе жаңадан мұздатылған плазманы) немесе тромбоциттерді құюды пайдалануға болады.

Егер жоғарыда атап келтірілген шаралардан кейін қан кету тыйылмаса, кері әсері бар, Ха фактор әсерін тежейтін, ривароксабанның фармакодинамикалық әсерлерін бейтараптандыратын спецификалы препаратты (андексанет альфа) тағайындауды немесе протромбин кешені концентраты (ПКК), белсендірілген протромбин кешені концентраты (БПКК) немесе рекомбинантты VIIa факторы (рФVIIa) сияқты кері әсері бар спецификалы прокоагулянттық препараттарды тағайындауды қарастыру керек. Алайда, қазіргі кезде ривароксабанды қабылдап жүрген пациенттерде аталған препараттарды қолдану тәжірибесі шектеулі. Нұсқаулар да клиникалық емес шектеулі деректерге негізделген. Қан кету динамикасының жағымдылығына байланысты, рФVIIa қайтадан енгізу және титрлеу қарастырылуы тиіс. Жергілікті деңгейде қолжетімділігіне байланысты, үлкен қан кету жағдайында, коагулолог маманмен кеңесу мәселесін шешіп алу керек.

Протамин сульфаты мен К дәрумені ривароксабанның ұюға қарсы әсеріне ықпал етпейді деп күтіледі.

Транексам қышқылын қолданудың шектеулі тәжірибесі бар және ривароксабан қабылдайтын пациенттерде аминокапрон қышқылы мен апротининді қолдану тәжірибесі жоқ.

Ривароксабан қабылдап жүрген пациенттерде десмопрессин сияқты жүйелі гемостаздық препараттарды пайдаланудың тәжірибесі немесе талапқа сай болатындығына ғылыми негіз жоқ. Қан плазмасы ақуыздарымен қарқынды байланысатындығын ескерсек, ривароксабан диализ жүргізген кезде шығарылмайды деп күтіледі.

Дәрілік препараттың бір немесе бірнеше дозасын өткізіп алу кезіндегі қажетті шаралар

Препаратты тәулігіне 1 рет қабылдаған кезде дозаны өткізіп алған жағдайда пациент дереу Ривамус препаратын қабылдауы және келесі күні ұсынылған режимге сәйкес тәулігіне 1 рет қабылдау арқылы емдеуді жалғастыруы тиіс.

Бұрын өткізіп алған дозаның орнын толтыру үшін қабылданатын дозаны екі есеге арттырмау керек.

Дәрілік препаратты қолдану тәсілін түсіндіру үшін медициналық қызметкер кеңесіне жүгінуге кеңес беріледі.

Дәрілік препаратты стандартты қолдану кезінде көрініс беретін жағымсыз реакциялар сипаттамасы және осы жағдайда қабылдау  керек шаралар

Жағымсыз реакциялар жиілігі бойынша топтарға келесі тәртіппен бөлінген:

өте жиі (1/10)

жиі ( 1/100-ден <1/10 дейін)

жиі емес (1/1000-нан <1/100 дейін)

сирек (от 1/10000-нан <1/1000 дейін)

өте сирек (<1/10000)

жиілігі белгісіз (жиілігін қолда бар деректер бойынша анықтау мүмкін емес)

Жиі

- Анемия (сәйкесінше зертханалық көрсеткіштерді қоса)

- Бас айналу, бас ауыру

- Көзге қан құйылу (конъюнктиваға қан құйылуды қоса алғанда)

- Артериялық гипотензия, гематома

- Эпистаксис (мұрыннан қан кету), қан түкіру

- Қызылиектердің қанағыштығы, асқазан-ішектен қан кету (ректальді қан кетуді қоса), асқазан-ішек жолы аймағының ауыруы, диспепсия, жүрек айну, іш қатуА, диарея, құсуА

- Трансаминазалар деңгейінің жоғарылауы

- Қышыну (жайылған қышынудың сирек жағдайларын қоса), бөртпе, экхимоз, терінің және тері астының қанталауы

- Аяқ-қолдардың ауыруыА

- Урогениталий жолынан қан кету (гематурия мен меноррагияны қоса B), бүйрек функциясының жеткіліксіздігі (креатинин концентрациясының жоғарылауын, мочевина концентрациясының жоғарылауын қоса)

- Қызба (температура жоғарылауы) А, шеткері ісінулер, жалпы бұлшықет күші мен тонусының төмендеуі (әлсіздік пен астенияны қоса)

- Жүргізілген емшараларан кейін қан құйылу (операциядан кейінгі анемия мен жанадан қан кетуді қоса), қанталау, жарадан шыққан бөліністерA

Жиі емес

- Тромбоцитоз (тромбоциттер санының көбеюін қоса алғанда)А, тромбоцитопения

- Аллергиялық реакция, аллергиялық дерматит, ангионевроздық ісіну және аллергиялық ісіну

- Ми ішіне және бассүйек ішіне қан құйылу, талу

- Тахикардия

- Ауыздың құрғауы

- Бауыр функциясының бұзылуы, қандағы билирубин, сілтілік фосфатазаА, гамма-глутамилтранс-фераза (ГГТ) деңгейінің жоғарылауыА

- Есекжем

- Гемартроз

- Жалпы көңіл-күйдің нашарлауы (дімкәстікті қоса алғанда)

- ЛДГ деңгейінің жоғарылауы А, липаза деңгейінің жоғарылауыА, амилаза деңгейінің жоғарылауыА

Сирек

- Сарғаю, конъюгацияланған билирубин деңгейінің жоғарылауы (аланинаминотрансферазаның (АЛТ) қатарлас жоғарылауымен немесе онсыз), холестаз, гепатит (гепатоцеллюлярлық зақымдануды қоса)

- Бұлшықеттерге қан құйылу

- Жергілікті ісінуА

- Қантамырлардың жалған аневризмасыС

Өте сирек

- Анафилаксиялық шокты қоса алғанда, анафилаксиялық реакциялар

- Стивенс-Джонсон Синдромы/уытты эпидермалық некролиз, DRESS-синдром

Белгісіз

- Қан кету салдарынан болатын компартмент-синдром

- Бүйрек функциясының жеткіліксіздігі/гипоперфузия дамуы үшін жеткілікті қан кету салдарынан бүйрек функциясының жедел жеткіліксіздігі

А: тізебуынды немесе ұршықбуынды жоспарлы протездеуден кейінгі ересек пациенттерде веналық тромбоэмболияның (ВТЭ) профилактикасы кезінде тіркелген

B: ТВТ мен ӨАТЭ емдеу және қайталануларының профилактикасы кезінде < 55 жас шамасындағы әйелдерде өте жиі тіркелген

C: жедел коронарлық синдромнан кейінгі (тері арқылы жүргізілетін араласымдардан кейін) пациенттерде кенеттен өлімге ұшырау мен миокард инфарктісінің профилактикасы кезінде жиі емес деп тіркелген.

* Жағымсыз құбылыстар бойынша деректер жинауға алдын ала белгіленген таңдамалы тәсіл қолданылды. Жағымсыз дәрілік реакциялардың жиілігі артпағанын және ешқандай жаңа жағымсыз дәрілік реакциялар анықталмағанын ескере отырып, жағымсыз реакциялар тізбесіне жиілікті есептеу үшін COMPASS зерттеуінің деректері енгізілмеген.

Кейбір жағымсыз реакциялардың сипаттамасы

Ривароксабанның фармакологиялық әсер ету механизмін ескерсек, оны қолдану кез келген ағзалар мен тіндерден жасырын немесе айқын қан кету қаупінің жоғарылауымен қатар жүруі, ол постгеморрагиялық анемияға алып келуі мүмкін. Белгілері, симптомдары мен ауырлығы (өлімге соқтырған жағдайларын қоса) орналасуы мен ауырлық дәрежелеріне немесе қан кетудің және/немесе анемияның ауқымдылығына байланысты ауытқып тұрады.

Шырышты қабықтардан қан кетулер (мысалы, мұрыннан, қызылиектен, асқазан-ішектен, қынаптан патологиялық және күшейген етеккірлік қан кетуді қоса, несеп-жыныс жүйесінен) мен анемия көбінесе, K дәруменінің антагонистерімен (КДА) емдеумен салыстырғанда, ривароксабанмен ұзақ уақыт емдеген кезде байқалған. Сәйкесінше, талапқа сай клиникалық тексеруге қосымша, қажет болған жағдайда, жасырын қан кетуді анықтау үшін гемоглобин/гематокрит деңгейін зертханалық жолмен анықтаудың және айқын қан кетудің клиникалық тұрғыдан елеулілігі мөлшерін анықтаудың маңызы болуы мүмкін.

Пациенттердің кейбір, мысалы, бақылауға келмейтін ауыр артериялық гипертензиясы және/немесе гемостазға ықпал ететін препараттармен қатарлас ем қабылдап жүрген топтарында қан кетудің даму қаупі жоғарылауы мүмкін. Етеккірлік қан кетулер ұзағырақ және қарқындырақ болуы мүмкін. Геморрагиялық асқынулар әлсіздікпен, бозарумен, бас айналумен, бас ауырумен, түсініксіз ісінумен, ентігумен немесе түсініксіз шок жағдайымен көрініс беруі мүмкін. Кей жағдайларда, анемияның салдарынан төс артының ауыруы немесе стенокардия сияқты миокард ишемиясы симптомдары байқалған.

Ривароксабанды қолданғанда ауыр қан кетудің салдарынан компартмент-синдром және гипоперфузия нәтижесіндегі бүйрек функциясының жеткіліксіздігі сияқты белгілі асқынулар да тіркелген. Сондықтан, антикоагулянттарды қабылдап жүрген кез келген пациенттің жағдайын бағалаған кезде, қан құйылу мүмкіндігін қарастыру керек.

Балалар

Балалар мен жасөспірімдерде қауіпсіздігін бағалау туғаннан бастап 18 жасқа дейінгі педиатриялық пациенттерде ашық таңбаланған II және III фазадағы бір белсенді бақыланатын зерттеу барысында алынған қауіпсіздік деректеріне негізделген. Қауіпсіздік нәтижелері ривароксабан мен балалардың әртүрлі жас топтарындағы салыстыру препараты арасында ұқсас болды. Жалпы алғанда, ривароксабан қабылдаған 412 бала мен жасөспірімдегі қауіпсіздік бейіні ересек адамдарда байқалған қауіпсіздік бейініне ұқсас болды және барлық жас топтарына сәйкес келді, дегенмен бағалау пациенттердің аздығымен шектелген.

Балаларда бас ауыру (өте жиі, 16,7%), қызба (өте жиі, 11,7%), эпистаксис (өте жиі, 11,2%), құсу (өте жиі, 10,7%), тахикардия (жиі, 1,5%), билирубин деңгейінің жоғарылауы (жиі, 1,5%) және конъюгацияланған билирубиннің жоғарылауы (сирек, 0,7%) ересектермен салыстырғанда жиірек байқалды. Ересек тұрғындардың мәліметтеріне сәйкес, меноррагия менархеден кейінгі жасөспірім қыздардың 6,6%-ында (жиі) байқалды. Ересек адамдарда постмаркетингтік тәжірибеде байқалған тромбоцитопения педиатриялық клиникалық зерттеулерде кең таралған (4,6%). Педиатриялық пациенттерде жағымсыз дәрілік реакциялар негізінен жеңіл немесе орташа ауырлық дәрежесінде болды.

Жағымсыз дәрілік реакциялар туындағанда медициналық қызметкерге, фармацевтикалық қызметкерге немесе, дәрілік препараттардың тиімсіздігі туралы хабарламаларды қоса, дәрілік препараттарға болатын жағымсыз реакциялар (әсерлер) жөніндегі ақпараттық деректер базасына тікелей хабарласу керек

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті «Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК

http://www.ndda.kz

Қосымша мәліметтер

Дәрілік препараттың құрамы

Бір таблетканың құрамында:

белсенді зат - 20 мг ривароксабан;

қосымша заттар: микрокристалды целлюлоза (Pharmacel 101), лактоза моногидраты (Pharmatose 200M), натрий кроскармеллозасы, гипромеллоза (Methocel E5 premium), натрий лаурилсульфаты (Kolliphore SLS fine), натрий кроскармеллозасы (Primollose), магний стеараты (Ligamed MF-2-V),

Опадрай II 85F550037 қызыл қабығының құрамы: ішінара гидролизденген поливинил спирті, макрогол/ПЭГ, темірдің қызыл тотығы (Е 172), тальк, титанның қостотығы (Е 171).

Сыртқы түрінің, иісінің, дәмінің сипаттамасы

Дөңгелек пішінді, бір жағында «3», екінші жағында «ОР» өрнегі бар, қызыл түсті үлбірлі қабықпен қапталған таблеткалар.

Шығарылу түрі және қаптамасы

10 таблеткадан ПВХ/ПВДХ (поливинилхлорид/поливинилденхлорид) үлбірінен және алюминий фольгадан жасалған пішінді ұяшықты қаптамаға салынады.

Пішінді ұяшықты 10 қаптама медициналық қолдану жөнінде қазақ және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапшаға салынады. 

Сақтау мерзімі

2 жыл

Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды!

Сақтау шарттары

30ºС-ден аспайтын температурада сақтау керек.

Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!

Дәріханалардан босатылу шарттары

Рецепт арқылы

Өндіруші туралы мәліметтер

Optimus Pharma Private Limited, Үндістан

Plot No.: 73/B, 73/B/2, EPIP, Pashamylaram Village/Пашамыларам Виллидж, Patancheru Mandal, Sangareddy District - 502307, Telangana State, Үндістан.

Тел. + 914033889898, электронды пошта: info@optimuspharma.com

Тіркеу куәлігінің ұстаушысы

Optimus Pharma Private Limited, Үндістан

Plot No.: 73/B, 73/B/2, EPIP, Pashamylaram Village/Пашамыларам Виллидж, Patancheru Mandal, Sangareddy District - 502307, Telangana State, Үндістан.

Тел. + 914033889898, электронды пошта: info@optimuspharma.com

Қазақстан Республикасының аумағында тұтынушылардан дәрілік заттардың сапасы жөніндегі шағымдарды (ұсыныстарды) қабылдайтын ұйымның атауы, мекенжайы және байланыс деректері (телефон, факс, электрондық пошта)

«Rogers Pharma» ЖШС, Қазақстан, 050043, Алматы қ., Мирас ш.а., 157, 2-блок, т. е. 819, тел.: (727) 311-81-96/97, электронды пошта: office.secretary@rogersgroup.in

Қазақстан Республикасы аумағында дәрілік заттың тіркеуден кейінгі қауіпсіздігін қадағалауға жауапты ұйымның атауы, мекенжайы және байланыс деректері (телефон, факс, электронды пошта)

Канумуру И.Г., Қазақстан, 050043, Алматы қ., Мирас ш.а., 157, 2-блок, т. е. 819, тел.: (727) 311-81-96/97, +77479911904, электронды пошта: irina.volovnikova@gmail.com

Прикрепленные файлы

Ривамус_20_мг_25-08-2022(kk)_Проект_ИМП.doc 0.18 кб
Проект_ИМП_Ривамус_20_мг_25-08-2022.docx 0.07 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту

Источники

Национальный центр экспертизы лекарственных средств, изделий медицинского назначения и медицинской техники