Редекс (5 мг)

Производитель: Al-Taqaddom Pharmaceutical industries
Анатомо-терапевтическо-химическая классификация: Tadalafil
Номер регистрации в РК: РК-ЛС-5№024026
Информация о регистрации в РК: 15.02.2019 - 15.02.2024

Инструкция

Саудалық атауы

Редекс

Халықаралық патенттелмеген атауы

Тадалафил

Дәрілік түрі

Үлбірлі қабықпен қапталған таблеткалар, 5 мг, 10 мг және 20 мг

Құрамы

Бір таблетканың құрамында

белсенді зат - 5 мг тадалафил

қосымша заттар: лактоза моногидраты, натрий кроскармеллозасы, натрий лаурилсульфаты, повидон К30, микрокристалды целлюлоза, магний стеараты

үлбірлі қабығының құрамы Opadry II White OY-L-28900**, темірдің сары тотығы

Бір таблетканың құрамында

белсенді зат - 10 мг тадалафил

қосымша заттар: лактоза моногидраты, натрий кроскармеллозасы, натрий лаурилсульфаты, повидон К30, микрокристалды целлюлоза, магний стеараты

үлбірлі қабығының құрамы Opadry II White OY-L-28900**, темірдің сары тотығы

Бір таблетканың құрамында

белсенді зат - 20 мг тадалафил

қосымша заттар: лактоза моногидраты, натрий кроскармеллозасы, натрий лаурилсульфаты, повидон К30, микрокристалды целлюлоза, магний стеараты

үлбірлі қабығының құрамы Opadry II White OY-L-28900**, темірдің сары тотығы

Сипаттамасы

Бадам тәрізді пішінді, екі беті дөңес, сары түсті үлбірлі қабықпен қапталған, бір жағында «TQ» таңбасы бар таблеткалар.

Фармакотерапиялық тобы

Несеп-жыныс жүйесі және жыныс гормондары. Урологиялық препараттар. Эректильді дисфункция кезінде қолданылатын препараттар. Тадалафил

АТХ коды G04BE08 

Фармакологиялық қасиеттері

Фармакокинетикасы

Сіңірілуі

Ішке қабылдағаннан кейін тадалафил жылдам сіңіріледі. Плазмада байқалатын орташа ең жоғарғы концентрациясына (Cmax) ішке қабылдағаннан кейін, орташа алғанда 2 сағаттан соң жетеді. Тадалафилдің ішу арқылы қабылданғаннан кейінгі абсолюттік биожетімділігі анықталмаған.

Тадалафилдің сіңірілу жылдамдығы мен дәрежесі ас ішуге тәуелді емес, сондықтан, Редексті ас ішуге байланыссыз қолдана беруге болады. Қабылдау уақытының (таңертең немесе кешке) сіңірілу жылдамдығы мен дәрежесіне клиникалық тұрғыдан елеулі әсері болмаған.

Таралуы

Таралуының орташа көлемі 63 л жуықты құрайды, бұл тадалафилдің организм тіндеріне таралатындығын көрсетеді. Емдік концентрацияларында плазмадағы тадалафилдің 94% ақуыздармен байланысады. Бүйрек функциясының бұзылуы кезінде ақуыздармен байланысуы өзгермейді. Дені сау адамдарда енгізілген дозасының 0,0005%-ынан азы шәуһетте анықталған.

Метаболизмі

Тадалафил негізінен, Р450 цитохромы CYP3А4 изоферментінің қатысуымен метаболизденеді. Айналымдағы негізгі метаболиті метилкатехолглюкуронид болып табылады, оның ФДЭ5-ке қатысты белсенділігі тадалафилге қарағанда кемінде, 13 000 есе аз. Сәйкесінше, бұл метаболиттің концентрациясы клиникалық тұрғыдан маңызды болып табылмайды.

Шығарылуы

Дені сау адамдарда тадалафилдің ішке қабылданғандағы орташа клиренсі 2,5 л/сағатты, ал жартылай шығарылуының орташа кезеңі - 17,5 сағатты құрайды. Тадалафил көбінесе, белсенді емес метаболиттері түрінде, негізінен нәжіспен (дозасының 61%-ына жуығы) және, азғантай дәрежеде несеппен (дозасының 36%-ына жуығы) шығарылады.

Дозаға тәуелділігі/тәуелсіздігі

Дені сау адамдарда тадалафилдің фармакокинетикасы уақыт пен дозасына қатысты дозаға тәуелді. 2,5-тен 20 мг дейінгі дозалары ауқымында «концентрация-уақыт» қисығы астындағы ауданы (AUC) дозасына пропорционалды артады. Плазмадағы тепе-тең концентрацияларына препаратты тәулігіне бір рет қабылдағанда 5 күн ішінде жетеді.

Тұрғындар топтарын ескере отырып анықталған фармакокинетикасы, эрекция бұзылуы бар пациенттерде препараттың эрекция бұзылуы жоқ адамдардағы фармакокинетикасына ұқсас.

Пациенттердің айрықша санаттары

Егде жастағы пациенттер

Егде жастағы (65 жас шамасындағы және одан үлкен) дені сау адамдарда тадалафилдің ішке қабылданғандағы клиренсінің төменірек екендігі байқалады, бұл «концентрация-уақыт» қисығы астындағы ауданының (AUC) 19 жас пен 45 жас аралығындағы дені сау адамдармен салыстырғанда 25 %-ға артуына алып келеді. Бұл айырмашылық клиникалық тұрғыдан маңызды болып табылмайды және дозасын түзетуді қажет етпейді.

Бүйрек жеткіліксіздігі бар пациенттер

Тадалафилдің дара (5-тен 20 мг дейінгі) дозасын қолданумен жүргізілген клиникалық фармакологиялық зерттеулерде «концентрация-уақыт» қисығы астындағы ауданы (AUC) іс жүзінде, бүйректің жеңіл (креатинин клиренсі 51-ден 80 мл/минутқа дейін) немесе орташа (креатинин клиренсі 31-ден 50 мл/минутқа дейін) жеткіліксіздігі бар пациенттерде және бүйрек жеткіліксіздігінің терминалды сатысы бар, диализ жүргізілетін пациенттерде екі есе артқан. Гемодиализдегі пациенттерде, Cmax дені сау адамдардағыға қарағанда 41%-ға жоғары болған. Гемодиализ тадалафилдің шығарылуының жеделдеуіне мүлдем ықпал етпейді.

Бауыр жеткіліксіздігі бар пациенттер

Бауырдың жеңіл және орташа-ауыр жеткіліксіздігі бар (Чайлд-Пью жіктемесі бойынша А және В класы) адамдарда 10 мг дозасын енгізгендегі тадалафил фармакокинетикасы дені сау адамдардағы осындаймен салыстырымды. Бауырдың ауыр жеткіліксіздігі бар (Чайлд-Пью жіктемесі бойынша С класы) пациенттер үшін Редекс препаратының клиникалық қауіпсіздігі туралы мәліметтер шектеулі. Бауыр жеткіліксіздігі бар пациенттерде тадалафилдің тәулігіне бір рет қолданылғаны туралы мәліметтер алынған жоқ. Редекс тәулігіне бір рет қабылдау режимінде тағайындалған жағдайда, емдеуші дәрігер пайдасы мен қаупінің арақатынасын мұқият жекелей бағалауды басшылыққа алуы тиіс.

Қант диабеті бар пациенттер

Қант диабеті бар пациенттерде тадалафилді қолдану аясында, «концентрация-уақыт» қисығы астындағы ауданы (AUC) ден сау адамдардағыға қарағанда шамамен 19 %-ға аз болған. Бұл айырмашылық дозасын түзетуді қажет етпейді.

Фармакодинамикасы

Әсер ету механизмі

Тадалафил қайтымды циклдық гуанозин монофосфат (цГМФ) - спецификалық 5 типті фосфодиэстеразаның (ФДЭ5) селективті тежегіші болып табылады. Сексуалдық қозу азот тотығының жергілікті босап шығуын туғызған кезде, тадалафилдің ФДЭ5 тежеуі жыныс мүшесінің каверноздық денесіндегі цГМФ деңгейлерінің жоғарылауына алып келеді. Мұның салдары артериялардың тегіс бұлшықеттерінің босаңсуы және жыныс мүшесі тіндеріне қанның ағып келуі болып табылады, және бұл эрекцияны туғызады. Редекс сексуалдық стимуляция жоқ кезде әсер бермейді.

Тадалафилдің ФДЭ5 тежеуінің каверноздық денедегі цГМФ концентрациясының жоғарылауына алып келетін әсері қуықасты безінің, қуықтың тегіс бұлшықеттерінде және оларды қанмен қамтитын қантамырларда да байқалады. Нәтижесінде орын алатын қантамырлардың тегіс бұлшықеттерінің босаңсуы осы ағзалардағы қан перфузиясының жоғарылауына, және, соның салдары ретінде, төменгі несеп жолдары симптомдарының қуықасты безінің қатерсіз гиперплазиясы (ҚБҚГ) айқындығының төмендеуіне алып келеді. Аталған тамырлық әсерлері қуықтың афференттік жүйкелері белсенділігінің тежелуімен және қуықасты безі мен қуықтың тегіс бұлшықеттерінің босаңсуымен қатар жүруі мүмкін.

Фармакодинамикалық әсері

In vitro зерттеулер, тадалафилдің ФДЭ5 селективті тежегіші болып табылатындығын көрсетті. ФДЭ5 каверноздық дененің тегіс бұлшықеттерінде, ішкі ағзалар қантамырларының тегіс бұлшықеттерінде, қаңқа бұлшықеттерінде, тромбоциттерде, бүйректе, өкпе мен мишықта анықталған фермент болып табылады. Басқа фосфодиэстеразаларға қарағанда ФДЭ5-ке тадалафилдің әсері анағұрлым күштірек болып табылады. Тадалафил жүректе, мида, қантамырларда, бауырда, лейкоциттерде, қаңқа бұлшықеттерінде және басқа ағзаларда орнығатын ФДЭ1, ФДЭ2, ФДЭ4-ке қарағанда, ФДЭ5-ке қатысты 10 000 есе күшті әсерлірек болып табылады. Тадалафил жүрек пен қантамырларда анықталатын фермент - ФДЭ3-ке қарағанда, ФДЭ5-ті 10 000 есе белсендірек бөгейді. ФДЭ3-пен салыстырғанда, ФДЭ5-ке қатысты бұл селективтілігінің маңызы зор, өйткені ФДЭ3 жүрек бұлшықетінің жиырылуына қатысатын фермент болып табылады. Бұдан өзге, Редекс көздің торқабығында болатын және фотоберіліске жауап беретін фермент - ФДЭ6-ға қарағанда, ФДЭ5-ке қатысты шамамен 700 есе белсендірек. Сонымен қатар, Тадалафил ФДЭ-10 арқылы ФДЭ-7-ге ықпалымен салыстырғанда, ФДЭ-5-ке 10 000 есе күшті әсер етеді.

Тадалафил дені сау адамдарда плацебомен салыстырғанда, жатқан (орташа ең жоғарғы төмендеуі сәйкесінше 1.6/0.8 мм сн.бағ. құрайды) және тұрған қалыптағы (орташа ең жоғарғы төмендеуі сәйкесінше 0.2/4.6 мм сн.бағ. құрайды) систолалық және диастолалық қысымның нақты өзгеруін туғызбайды. Тадалафил жүректің жиырылу жиілігінің айқын өзгеруін туғызбайды.

Тадалафилдің көруге әсерін зерттеу, Фарнсворт-Манселдің 100 реңдік тестісі барысында анықталғандығын көрсетті. Бұл тұжырым тадалафилдің ФДЭ-5-пен салыстырғанда, ФДЭ-6-мен ұқсастығының төмендігімен сәйкес келеді. Түстерді ажыратудың өзгергені туралы хабарламалар барлық клиникалық сынақтарда сирек (<0,1%) болды.

Ер жынысты пациенттерде 10 мг (6 айлық бір зерттеу) және 20 мг (6 айлық бір зерттеу және 9 айлық бір зерттеу) Редексті күн сайын қабыдаудың сперматогенезге ықтимал әсерін бағалау мақсатында үш зерттеу жүргізілген. Ол зерттеулердің екеуінде сперматозоидтар мөлшері мен олардың концентрациясының тадалафилмен емдеумен байланысты азаюының клиникалық маңызды болуы ықтималдығы аз екендігі байқалды. Бұл әсерлері қозғалғыштығы, морфологиясы және ФСГ сияқты басқа параметрлердің өзгеруімен байланысты болмаған.

Қолданылуы

  • ересек ерлердегі эректильді дисфункцияны емдеуде. Эректильді дисфункцияны емдеуге қатысты Тадалафил тиімділігін білінуі үшін, сексуалдық стимуляция қажет.

  • ересек ерлердегі қуықасты безінің қатерсіз гиперплазиясының белгілері мен симптомдарында.

Редекс әйел адамдардың қолдануына арналмаған.

Қолдану тәсілі және дозалары

Дозасы

Ересек ерлердегі эректильді дисфункцияда (ЭД)

Әдеттегі ұсынылатын дозасы ас ішуге байланыссыз, болжамды сексуалды белсенділіктің алдында 10 мг құрайды.

Препаратты болжамды сексуалдық белсенділікке дейін кемінде 30 минут бұрын қабылдау керек.

Препаратты ұсынылған дозасында қабылдаудың ең көп жиілігі – тәулігіне бір рет.

Тадалафил 10 мг және 20 мг дозада болжамды сексуалды белсенділіктің алдында қолдануға арналған және күнделікті қолдану үшін ұсынылмайды.

Редекс препаратын жиі қабылдау (яғни, аптасына екі реттен сирек емес) күтілетін пациенттер үшін пациенттің таңдауына және емдеуші дәрігердің пікіріне сәйкес тәулігіне бір реттік жиілікпен, ең аз дозасындағы қолайлы кестесін құруға болады.

Ондай пациенттер үшін шамамен тәулігіне бір рет, күннің белгілі бір уақытында 5 мг дозасы ұсынылады.

Препаратты ұзақ уақыт бойы күн сайын қабылдаудың талапқа сай болатындығын жүйелі түрде бағалап отыру қажет.

Ересек ерлердегі қуықасты безінің қатерсіз гиперплазиясында (ҚБҚГ)

Ұсынылатын дозасы тәулігіне 1 рет 5 мг құрайды. Препаратты күн сайын шамамен белгілі бір уақытта, ас ішуге байланыссыз қабылдау керек. Емдеу ұзақтығын дәрігер жекелей белгілейді.

Эректильді дисфункциямен қатар жүретін қуықасты безінің қатерсіз гиперплазиясы бар ересек ерлерде, ұсынылатын дозасы күн сайын шамамен белгілі бір уақытта, тәулігіне 1 рет 5 мг құрайды.

Қуықасты безінің қатерсіз гиперплазиясы бар пациенттерде 5 мг дозадағы тадалафил көтерімсіз болған жағдайда, баламалы емін қарастыру керек.

Пациенттердің айрықша санаттары

Егде жастағы ерлер

Егде жастағы пациенттер үшін дозасын түзету қажет емес.

Бүйрек жеткіліксіздігі бар ерлер

Бүйректің жеңіл және орташа жеткіліксіздігі бар пациенттер үшін дозасын түзету қажет емес. Бүйректің ауыр жеткіліксіздігі бар пациенттер үшін ұсынылатын ең жоғарғы дозасы препараттың 10 мг құрайды.

Эректильді дисфункцияны немесе қуықасты безінің қатерсіз гиперплазиясын емдеуге арналған тәулігіне бір рет 5 мг тадалафил режимі бүйректің ауыр жеткіліксіздігі бар пациенттерге ұсынылмайды.

Бауыр жеткіліксіздігі бар ерлер

Редекстің эректильді дисфункцияны емдеу үшін ұсынылатын дозасы қажеттілігіне қарай болжамды сексуалдық белсенділікке дейін ас ішуге байланыссыз 10 мг құрайды. Редексті бауыр функциясының күрделі бұзылулары бар (Чайлд-Пью шкаласы бойынша C класы) пациенттерде қолданудың қауіпсіздігі туралы клиникалық мәліметтер шектеулі. Бұл препаратты тағайындаған жағдайда, емдеуші дәрігер пайдасы мен қаупінің арақатынасын мұқият жекелей бағалауды басшылыққа алуы тиіс. Бауыр жеткіліксіздігі бар науқастарда тадалафилдің 10 мг асатын дозаларда қабылданғаны туралы мәліметтер жоқ.

Редексті бауыр жеткіліксіздігі бар пациенттерде эректильді дисфункцияны немесе қуықасты безінің қатерсіз гиперплазиясын емдеу үшін тәулігіне бір рет қабылдау режимі зерттелмеген, сондықтан, бұл препарат тағайындалған жағдайда, емдеуші дәрігер пайдасы мен қаупінің арақатынасын мұқият жекелей бағалауды басшылыққа алуы тиіс.

Диабетке шалдыққан ерлер

Диабеттен зардап шегіп жүрген пациенттер үшін дозасын түзету қажет емес.

Жағымсыз әсерлері

Бірен-саран жағдайлардан гөрі жиірек кездескен жағымсыз реакциялар келесі градацияға сәйкес атап келтірілген: өте жиі (≥10 %); жиі (≥1 %,10 %); кейде (≥0,1 %, 1 %); сирек (≥0,01 %, 0,1 %); аса сирек (0,01 %), жиілігі белгісіз (реакциялардың пайда болу жиілігін қолда бар мәліметтер бойынша бағалау мүмкін емес).

Жиі

  • бас ауыруы

  • мұрынның бітелуі

  • диспепсия

  • арқаның ауыруы, миалгия, аяқ-қолдардың ауыруы

  • гиперемия

Кейде

  • аса жоғары сезімталдық реакциялары

  • бас айналуы

  • анық көрмеу, көз алмасының ауырсыну сезімі

  • құлақтағы шыңыл

  • тахикардия, жүрек соғуының күшеюі, гипотония3, гипертония

  • ентігу, мұрыннан қан кету

  • іш ауыруы, құсу, жүрек айнуы, гастро-эзофагальді рефлюкс

  • бөртпе

  • гематурия

  • ұзаққа созылатын эрекция

  • кеуденің ауыруы1, шеткері ісіну, қажу

Сирек

  • Квинке ісінуі2

  • инсульт1 (соның ішінде, геморрагиялық типті МҚЖБ), естен тану, бас сақинасы2, құрысулар2, транзиторлық амнезия, транзиторлық ишемиялық шабуылдар (ТИШ)1,

  • көру аясының тарылуы, қабақтардың ісінуі, конъюнктива гиперемиясы, артериитпен байланысты емес алдыңғы ишемиялық оптикалық нейропатия2, торқабық қантамырларының окклюзиясы2

  • кенеттен етімей қалу

  • миокард инфарктісі, тұрақсыз стенокардия2, қарыншалық аритмия2

  • есекжем, Стивенс-Джонсон синдромы2, эксфолиативтік дерматит2, гипергидроз (тершеңдік)

  • приапизм, жыныс мүшесінен қан кету, гематоспермия

  • беттің ісінуі2, жүректің кенеттен қайтымсыз тоқтап қалуы1,2

1 Пациенттердің көпшілігі жүрек-қантамыр ауруларының даму қаупі бар топқа жатқызылған.

2 Маркетингтен кейінгі қадағалаулар барысында байқалған реакциялар бақылау үшін плацебо пайдаланылған клиникалық сынақтарда байқалмаған.

3 Көбінесе, тадалафилді гипертензияға қарсы дәрілік заттарды бұрыннан қабылдап жүрген пациенттерге тағайындалған кезде байқалады.

Жекелеген жағымсыз реакциялардың сипаттамалары

ЭКГ-дағы өзгерістердің анықталу жиілігі аздап жоғарылаған, ең алдымен синустық брадикардия, плацебомен салыстырғанда, тадалафилді тәулігіне бір рет қабылдаған пациенттерде байқалады. ЭКГ мұндай аномалияларының көпшілігі жағымсыз реакциялармен байланысты болмаған.

Пациенттердің басқа да айрықша топтары

65 жастан асқан, клиникалық сынақтар барысында тадалафилді эректильді дисфункцияны немесе қуықасты безінің қатерсіз гиперплазиясын емдеу үшін қабылдаған пациенттердегі реакциялары туралы мәліметтер шектеулі. Тадалафилді қажеттілігіне қарай қабылдаған, эректильді дисфункциясы бар пациенттер қатыстырылған клиникалық зерттеулерде диарея көбіне 65 жастан асқан пациенттерде байқалған. Клиникалық сынақтарда қуықасты безінің қатерсіз гиперплазиясын емдеу үшін 5 мг тадалафилді тәулігіне бір рет қабылдағанда бас айналуы мен диарея 75 жастан асқан пациенттерде көбірек жиілікпен байқалған.

Болжамды жағымсыз реакциялар туралы есеп беру

Дәрілік заттың тіркелуінен кейінгі болжамды жағымсыз реакциялар туралы есеп берудің маңызы зор. Бұл дәрілік заттың пайдасы мен қаупінің арақатынасын тұрақты түрде қадағалап отыруға мүмкіндік береді. Медицина қызметкерлерінен кез келген болжамды жағымсыз реакциялар туралы хабарлап отыруы сұралады.

Қолдануға болмайтын жағдайлар

  • тадалафилге немесе препараттың құрамына кіретін кез келген затқа жоғары сезімталдық

  • құрамында органикалық нитраттардың кез келген түрлері бар препараттарды қабылдау

  • жүрек-қантамыр жүйесінің аурулары: соңғы 90 күн ішіндегі миокард инфарктісі, тұрақсыз стенокардия, жыныстық акт кезінде стенокардия ұстамасының туындауы, соңғы 6 ай ішінде анықталған, Нью-Йорк кардиология қауымдастығының (NYHA) жіктемесі бойынша жүректің II және одан жоғары класты жеткіліксіздігі, жүрек ырғағының гипотониямен жүретін (АҚ ˂90/50 мм сн.бағ.) бақыланбайтын бұзылуы, бақыланбайтын артериялық гипертензиясы бар, соңғы 6 ай ішінде инсультті бастан өткерген пациенттерде сексуалдық белсенділікке қарсы көрсетілімдердің болуы

  • артериитпен байланысты емес алдыңғы ишемиялық оптикалық нейропатияның (АБЕАИОН) салдарынан бір көздің көрмей қалуы, мұның ФДЭ5 тежегішінің осының алдындағы әсерімен байланысты-байланысты емес екендігіне қарамастан

  • тадалафилді қоса, ФДЭ-5 тежегіштерін риоцигуат сияқты гуанилатциклаза стимуляторларымен бірге қабылдау қарсы көрсетілімді, өйткені, симптоматикалық гипотонияның дамуына алып келуі ықтимал

  • балалар мен 18 жасқа дейінгі жасөспірімдерге

Дәрілермен өзара әрекеттесуі

Басқа заттардың тадалафилге әсері

Р450 цитохромының тежегіштері

Тадалафилдің метаболизмі негізінен, CYP3А4 ферментінің әсерінен жүреді. CYP3A4 селективті тежегіші кетоконазолды (күніне 200 мг) дозада қабылдау тадалафилдің монотерапиясы кезіндегі дәл осындай көрсеткіштермен салыстырғанда, тадалафилдің (10 мг) плазмалық концентрациясын (AUC) 2 есе және Cmax 15%-ға жоғарылатады. Кетоконазолды (күніне 400 мг) дозада қабылдау тадалафилдің (20 мг) плазмалық концентрациясын 4 есе және Cmax 22%-ға арттырады. CYP3A4, CYP2C9, CYP2C19 және CYP2D6 тежегіші болып табылатын протеаза тежегіші ритонавир (күніне екі 200 мг рет) тадалафилдің (20 мг) Cmax өзгеруінсіз, плазмалық концентрациясын 2 есе арттырады. Спецификалық өзара әрекеттесулері зерттелмегенімен, саквинавир сияықты басқа протеаза тежегіштері, сондай-ақ, эритромицин, кларитромицин, итраконазол және грейпфрут шырыны сияқты CYP3A4 басқа тежегіштері, тадалафилмен бірге сақтықпен қолданылуы тиіс, өйткені, тадалафил препаратының плазмалық концентрацияларының артуын күтуге болады.

Редекс пен тасымалдағыш ақуыздардың (мысалы, р-гликопротеиннің) тасымалдағыштардың тежелуі түрткі болатын өзара дәрілік әрекеттесу мүмкіндігінің ықтималдығы бар. Соның салдарынан, жағымсыз реакциялардың жиілігі артуы мүмкін.

Тасымалдағыштар

Тасымалдағыштардың (мысалы, Р-гликопротеиннің) тадалафил фармакокинетикасындағы рөлі зерттелмеген. Сондықтан, тасымалдағыштардың тежелуі түрткі болатын өзара дәрілік әрекеттесу ықтималдығы бар.

P450 цитохромының индукторлары

CYP3A4 индукторы рифампицин тадалафилдің плазмалық концентрациясын тадалафилдің бөлек қабылданғандағы плазмалық концентрациясымен (10 мг) салыстырғанда, 88%-ға төмендетеді. Плазмалық концентрациясының төмендеуі тадалафилдің тиімділігінің азаюына алып келуі мүмкін, алайда тиімділігінің мұндай азаюының айқындық дәрежесі зерттелмеген. Фенобарбитал, фенитоин және карбамазепин сияқты CYP3A4 басқа индукторлары да тадалафилдің плазмалық концентрацияларын азайтуы мүмкін.

Тадалафилдің басқа дәрілік заттарға әсері

Нитраттар

Клиникалық зерттеулер барысында, тадалафил (5, 10 және 20 мг) нитраттардың гипотензиялық әсерін күшейтетіні анықталды. Сол себепті, органикалық нитраттардың кез келген түрлерін қабылдап жүрген пациенттерге Редексті қабылдауға болмайды. 150 пациент тадалафилді 7 күн бойы тәуліктік 20 мг дозасында және 0,4 мг нитроглицеринді әр түрлі уақыттарда сублингвальді қабылдаған клиникалық зерттеудің нәтижесінде, аталған өзара әрекеттесудің 24 сағаттан артыққа созылғаны және тадалафилдің соңғы дозасын қабылдағаннан кейін 48 сағат өткен соң анықталмағаны белгілі болды. Осылайша, егер Редексті кез келген дозасында (2,5 мг - 20 мг) пациентте өмірге қауіп төндіретін жағдайда нитраттарды қолдану аса қажет болып саналса, нитраттарды қолдану туралы шешім қабылдағанға дейін Редекс препаратының соңғы дозасын қабылдағаннан кейін кемінде 48 сағат өтуі тиіс. Мұндай жағдайда, нитраттарды тек қатаң медициналық бақылаумен, талапқа сай гемодинамикалық мониторинг жүргізе отырып қолдану керек.

Гипертензияға қарсы дәрілер (кальций өзекшелерінің блокаторларын қоса)

Доксазозин (күніне 4 және 8 мг) мен тадалафилді (жүйелі түрде тәулігіне бір рет қабылданатын 5 мг, және бір реттік 20 мг дозада) бірге енгізу аталған альфа-блокатордың гипотензиялық әсерін едәуір күшейтеді. Бұл әсері кемінде он екі сағатқа созылады, және естен танударды қоса, түрлі симптомдармен көрініс беруі мүмкін. Осы себепті, аталған препараттарды біріктіру ұсынылмайды.

Дені сау еріктілердің шектеулі санының қатысуымен, дәрілік заттардың өзара әрекеттесуіне жүргізілген зерттеуде, жоғарыда сипатталған әсер тадалафилді альфузозинмен немесе тамсулозинмен біріктіргенде байқалмаған. Дегенмен, кез келген альфа-блокаторларды қабылдап жүрген, әсіресе, егде жастағы пациенттерде тадалафилді пайдаланғанда сақтық таныту керек. Емдеуді дозасын сатыларға бөліп қайта қарастырумен, ең төменгі дозаларынан бастау керек.

Дәрілік заттардың өзара әрекеттесулерін клиникалық зерттеулерде тадалафилдің гипертензияға қарсы дәрілік заттардың гипотензиялық әсерін күшейтуге қабілеттілігі зерттелді. Кальций өзекшелерінің блокаторларын (амлодипин), ангиотензин-өзгертуші ферменттің (АӨФ) тежегіштерін (эналаприл), рецепторлардың бета-адренергиялық блокаторларын (метопролол), тиазидтік диуретиктерді (бендрофлуазид) және ангиотензин II рецепторларының блокаторларын (оқшау немесе тиазидтермен, кальций өзекшелерінің блокаторларымен, бета-блокаторлармен және / немесе альфа-блокаторлармен біріктіріп қабылданатын түрлі типтері мен дозалары) қоса, гипертензияға қарсы дәрілік заттардың негізгі кластары зерттелді. Тадалафил (10 мг, ангиотензин II рецепторларының блокаторларымен және амлодипинмен өзара әрекеттесулерін зерттеулерден басқа, 20 мг дозасы қолданылған) аталған кластың кез келген дәрілік заттарымен клиникалық тұрғыдан елеулі өзара әрекеттестікке түспеген. Басқа бір клиникалық фармакологиялық зерттеуде гипертензияға қарсы препараттардың бірнеше (4-еуге дейінгі) класымен бірге қабылданған тадалафилдің (20 мг) өзара әрекеттесуі зерттелді. Гипотензиялық дәрінің бірнешеуін қабылдап жүрген пациенттерде, артериялық қысымның амбулаторияда өлшенетін өзгерістері, қысымды реттеу шараларымен салыстырымды болды. Артериялық қысымы дәрі-дәрмекпен мұқият реттеліп жүрген пациенттерде оның төмендеуі өте аз, және зерттеудің дені сау қатысушыларындағы осындаймен ұқсас болды. Артериялық қысымы реттелмеген пациенттерде оның төмендеуі көбірек болды, әйтсе де бұл төмендеуі бақылаудағылардың көпшілігінде гипотензиялық симптоматиканың пайда болуына алып келген жоқ. Бірге тағайындалған гипертензияға қарсы дәрілік заттарды қабылдап жүрген пациенттерде, 20 мг тадалафил артериялық қысымның төмендеуін туғызуы мүмкін, ол (альфа-блокаторлардан басқа, жоғарыдан қараңыз), әдетте, аса төмен болып табылады және клиникалық тұрғыдан елеулі көріністерге алып келмеуі мүмкін. Клиникалық сынақтардың үшінші фазасын талдау, тадалафилді гипертензияға қарсы дәрілік заттарды қабылдаумен параллель немесе бөлек қабылдаған пациенттерде жағымсыз әсерлердің басталуында ешқандай айырмашылықты көрсеткен жоқ. Дегенмен, гипертензияға қарсы дәрілік заттарды қабылдап жүрген пациенттерге артериялық қан қысымының төмендеуі мүмкіндігі туралы ескерту қажет.

Риоцигуат

Клиникаға дейінгі зерттеулер ФДЭ-5 тежегіштері мен риоцигуатты бірге қолданғанда жүйелі артериялық қысымды қосымша төмендететін әсерін көрсетті. Клиникалық зерттеулер барысында риоцигуат ФДЭ-5 тежегіштерінің гипотензиялық әсерінің күшейгенін көрсетті. Пациенттердің зерттеудегі топтарында ондай препараттарды біріктіргендегі жағымды клиникалық әсерінің ешқандай дәлелдері алынған жоқ. Тадалафилді қоса, ФДЭ-5 тежегіштері мен риоцигуатты бірге қолдануға болмайды.

5-альфа-редуктаза тежегіштері

Қуықасты безінің аденомасын симптоматикалық емдеуде 5 мг тадалафил мен 5 мг финастеридті бір мезгілде қолдануды плацебо және 5 мг финастеридті қабылдаумен салыстырған клиникалық сынақтарда, қандай-да бір жаңа жағымсыз реакциялардың басталғаны анықталған жоқ. Дегенмен, тадалафил мен 5-альфа-редуктаза тежегіштерін бірге қолданудың салдарларына қатысты дәрілік заттардың өзара әрекеттесулерін формальді түрде зерттеулер жүргізілмегендіктен, тадалафил мен 5-альфа-редуктаза тежегіштерін параллель тағайындағанда сақтық таныту керек.

CYP1A2 субстраттары (мысалы, теофиллин)

Дәрілік заттардың өзара әрекеттесулерін клиникалық зерттеу барысында 10 мг тадалафилді теофиллинмен (фосфодиэстеразаның селективті емес тежегіші) бір мезгілде қолданудан ешқандай фармакокинетикалық өзара әрекеттестік байқалған жоқ. Жалғыз ғана фармакодинамикалық әсері жүректің жиырылу жиілігінің болар-болмас артуы (минутына 3,5 соғуға) болды. Бұл әсері елеусіз болып табылатын және аталған зерттеуде клиникалық мәні болмаса да, оны аталған дәрілік заттарды бірге енгізген кезде ескеру керек.

Этинилэстрадиол және тербуталин

Тадалафил ішу арқылы қабылдағанда этинилэстрадиолдың биожетімділігін арттыруға қабілеттілігін көрсетті; осыған ұқсас артуды тербуталинді пероральді енгізгенде де күтуге болады, әйтсе де мұндай артуының клиникалық салдарлары белгісіз болып табылады.

Алкоголь

Тадалафилді (10 мг немесе 20 мг) бір мезгілде қабылдау алкогольдің концентрациясын (қандағы орташа ең жоғарғы концентрациясы 0,08%) арттырмайды. Бұдан өзге, алкогольмен бірге енгізгеннен кейін 3 сағаттан соң тадалафил концентрациясында ешқандай өзгерістер байқалған жоқ. Алкоголь оның сіңірілу жылдамдығы барынша арттыратындай қылып (түнгі ашығудан кейін және алкогольді қабылдағаннан кейін 2 сағат бойы ас ішпей) енгізілді. Тадалафил (20 мг) қан қысымының алкоголь туғызған (0,7 г/кг, бұл салмағы 80 кг ер адамның 180 мл 40% спиртті [арақ] қабылдауына ұқсас) орташа төмендеуін арттырмайды, бірақ, пациенттердің бірқатарында постуральді бас айналуы мен ортостатикалық гипотензия байқалған. Тадалафил алкогольдің төменірек дозаларымен (0,6 г/кг), енгізілгенде, гипотония байқалған жоқ және бас айналуы, бір ғана алкогольді қабылдағандағыдай жиілікпен байқалды. Алкогольдің когнитивтік функцияларға әсері тадалафилді (10 мг) қабылдағанда өзгермеген.

P450 цитохромы ферменттері арқылы метаболизденетін препараттар

Тадалафил Р450 цитохромы изоформаларының көмегімен метаболизденетін дәрілік заттар клиренсінің клиникалық тұрғыдан елеулі тежелуін немесе индукциясын туғызбайды. Зерттеулерден, тадалафилдің CYP3A4Р, CYP1A2, CYP2D6, CYP2E1, CYP2C9 және CYP2C19 қоса, 450 цитохромы изоформаларын тежемейтіні және индукцияламайтыны расталды.

CYP2C9 субстраттары (мысалы, R-варфарин)

Тадалафилдің (AUC) S-варфарин немесе R-варфарин (CYP2C9 субстраты), экспозициясына (10 мг және 20 мг) клиникалық елеулі әсері болған жоқ және варфарин индукциялаған протромбин уақытының өзгеруіне әсер еткен жоқ.

Аспирин

Тадалафил (10 мг және 20 мг) ацетилсалицил қышқылы туғызатын қан кетудің ұзақтығын арттырмайды.

Диабетке қарсы дәрілік заттар

Диабетке қарсы дәрілік заттармен өзара әрекеттесуін арнайы зерттеулер жүргізілген жоқ.

Айрықша нұсқаулар

Редекспен емдеуді бастар алдында.

Дәрілік препараттардың көмегімен емдеу туралы шешім қабылдағанға дейін, эректильді дисфункцияның немесе қуықасты безінің қатерсіз гиперплазиясының диагностикасын жүргізу және негізгі ықтимал себептерін анықтау үшін, сырқат тарихын зерттеп білу және пациентке физикалық тексеру жүргізу қажет.

Эректильді дисфункцияның кез келген емін бастағанға дейін, пациенттің жүрек-қантамыр жүйесінің жағдайына баға беру қажет, өйткені жүрек-қантамыр жүйесі тарапынан сексуалдық белсенділікпен байланысты асқынулардың пайда болуының белгілі бір қаупі бар. Тадалафил тамырды кеңейтетін қасиеттерге, соның нәтижесінде артериялық қысымның жеңіл және өтпелі төмендеуін туғызады және сол арқылы, нитраттардың гипотензиялық әсерін күшейтеді.

Тадалафилмен емді тағайындар алдында, қуықасты безінің қатерсіз гиперплазиясы бар пациенттерге қуықасты безінің карциномасы бар-жоқтығын анықтау және жүрек-қантамыр жүйесінің жағдайын мұқият бағалау мақсатында тексеру жүргізу керек.

Эректильді дисфункцияны бағалауға тиісінше медициналық тексеруден кейін ықтимал себептері мен сәйкесінше емдеу әдістерін анықтау кірістірілуі тиіс. Жамбас ағзаларына жасалатын операцияны немесе жүйкені сақтайтын- сақтамайтын радикальді простатэктомияны бастан өткерген пациенттерде Редекстің тиімділігі зерттелмеген.

Жүрек-қантамыр аурулары

Миокард инфарктісін, жүректің кенеттен қайтымсыз тоқтап қалуын, тұрақсыз стенокардияны, қарыншалық аритмияны, инсультті, ми қанайналымының өтпелі бұзылуларын, кеуденің ауыруы, жүрек қағуы мен тахикардияны қоса, жүрек-қантамыр жүйесінің күрделі аурулары маркетингтен кейінгі қадағалау барысында және/немесе клиникалық сынақтар барысында тіркелді. Аталған асқынулар тіркелген пациенттердің көпшілігі жүрек-қантамыр ауруларының даму қаупі бар топқа жатқызылған. Дегенмен, бұл оқиғалардың жүрек-қантамыр ауруларының қатарлас қауіптерімен, Редексті қабылдаумен, сексуалдық белсенділікпен, осы немесе басқа факторлардың бірігуімен тікелей байланысты болған-болмағандығын жоғары дәрежедегі сенімділікпен анықтау мүмкін болмай отыр.

Гипертензияға қарсы дәрілік заттарды бір мезгілде қабылдап жүрген пациенттерде, тадалафил артериялық қысымның төмендеуін туғызуы мүмкін. Тадалафилмен күнделікті емдеуді бастаған жағдайда, гипотензиялық ем барысында қабылданатын дозасын түзетудің клиникалық тұрғыдан талапқа сай болатындығын қарастыру керек.

Редексті альфа-блокаторларды қабылдаудың аясында қабылдау кейбір пациенттерде симптоматикалық гипотензияға әкеп соқтыруы мүмкін. Тадалафил мен доксазозинді біріктіру ұсынылмайды.

Көру

Көрудің бұзылулары және артериитпен байланысты емес алдыңғы ишемиялық оптикалық нейропатия жағдайлары, Редексті және ФДЭ-5 басқа тежегіштерін қабылдаумен байланысты тіркелген. Пациент, көруі кенеттен бұзылған жағдайда, өзінің Редексті қабылдауды тоқтатуы және дереу дәрігерге қаралуы тиіс екендігінен хабардар болуы тиіс.

Есту

Редексті қолданғаннан кейін кенеттен естімей қалу жағдайлары тіркелген. Кей жағдайларда басқа қауіп факторлары (мысалы, жас шамасы, қант диабеті, гипертония және осының алдында болған естімей қалу жағдайлары) болса да, пациенттерге кенеттен естуі төмендеген немесе естімей қалған жағдайда, Редексті қабылдауды тоқтатуға және дәрігерге қаралуға кеңес беру керек.

Бүйрек және бауыр жеткіліксіздігі

Тадалафилдің әсерінің (қисық астындағы ауданының) жоғарылауы, клиникалық тәжірибенің шектеулілігі және клиренсіне диализ арқылы ықпал етудің мүмкін болмауы салдарынан, бүйректің ауыр жеткіліксіздігі бар пациенттер үшін Редекстің күніне бір рет қабылданатын дозасы ұсынылмайды.

Редекс препаратын бауырдың ауыр жеткіліксіздігі (Чайлд-Пью шкаласы бойынша C класы) бар пациенттердің бір рет қабылдауының қауіпсіздігі туралы клиникалық мәліметтер шектеулі. Бауыр жеткіліксіздігі бар пациенттердегі эректильді дисфункцияны немесе қуықасты безінің қатерсіз гиперплазиясын емдеу үшін препаратты күніне бір рет қабылдауды бағалау жүргізілген жоқ. Редексті тағайындаған жағдайда, емдеуші дәрігер пайдасы мен қаупінің арақатынасын жекелей мұқият бағалауды басшылыққа алуы тиіс.

Приапизм және жыныс мүшесінің анатомиялық деформациялары

Пациенттер 4 сағат және одан да ұзақ уақытқа созылған эрекция туындаған жағдайда, дереу медициналық көмекке жүгіну қажеттілігінен хабардар болуы тиіс. Приапизмнің дер кезінде емделмеуі жыныс мүшесі тіндерінің зақымдануына және потенцияның тұрақты түрде жоғалтылуына алып келуі мүмкін.

Редексті жыныс мүшесінің анатомиялық деформациясы бар пациенттерде (мысалы, бұрышының қисаюында, каверноздық фиброзда немесе Пейрони ауруында) немесе приапизмге бейімділігі бар пациенттерде (мысалы, орақтәрізді-жасушалы анемияда, көптүрлі миеломада немесе лейкемия кезінде) сақтықпен қолдану керек.

CYP3A4 тежегіштерімен бірге қолдану

Редексті CYP3A4 әсері күшті тежегіштерін (ритонавир, саквинавир, кетоконазол, итраконазол және эритромицин) қабылдап жүрген пациенттерге тағайындағанда сақтық таныту керек, өйткені, аталған дәрілік заттарды бір мезгілде қабылдағанда тадалафилдің қан плазмасындағы концентрациясының жоғарылағаны білінген.

Редексті қабылдау мен эректильді дисфункцияны емдеудің басқа әдістерін біріктіру

Редекс препаратын ФДЭ-5 басқа тежегіштерімен және эректильді дисфункцияны емдеудің басқа әдістерімен біріктірудің қауіпсіздігі мен тиімділігі зерттелмеген. Пациенттер Редексті мұндай біріктірілімдерде қабылдауға жол берілмейтіндігінен хабардар болуы тиіс.

Лактоза

Редекстің құрамында лактоза бар. Сирек тұқым қуалайтын галактозаны көтере алмаушылығы, Лапп лактазасы тапшылығы (туа біткен лактаза тапшылығы) немесе глюкоза-галактоза мальабсорбциясы бар пациенттер бұл дәрілік препаратты қабылдамауы тиіс.

Жүктілік және лактация

Редекс әйелдердің пайдалануына арналмаған.

Фертильділік

Бірінен соң бірі жүргізілген клиникалық сынақтар, адамдарда мұндай әсерінің ықтималдығы аз екендігін көрсеткен, әйтсе де, кейбір ерлерде сперматозоидтар концентрациясының төмендегені байқалған.

Дәрілік препараттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері

Редекс автомобильді басқару немесе механизмдермен жұмыс жасау қабілетіне болар-болмас әсер етеді. Клиникалық сынақтарда плацебоны және тадалафилді қабылдағандағы бас айналулары туралы хабарламалардың жиілігі ұқсас болғанымен, пациенттер автомобильді басқаруды және механизмдермен жұмыс жасауды бастар алдында өздерінің Редекске реакциясының ерекшеліктері туралы білуі тиіс.

Артық дозалануы

Клиникалық сынақтардың дені сау қатысушылары 500 мг дейінгі бір реттік дозасын және күнделікті 100 мг дейінгі бірнеше реттік дозаларын қабылдаған. Жағымсыз құбылыстары тадалафилді төменірек дозаларда қабылдағанда байқалғандармен ұқсас болды.

Препарат артық дозаланған жағдайда, қажет болса, стандартты демеуші шаралар қолданылуы тиіс. Гемодиализ тадалафилдің шығарылуын мүлдем жеделдетпейді.

Шығарылу түрі және қаптамасы

5 мг дозасы үшін

ПВХ және алюминий фольгадан жасалған пішінді ұяшықты қаптамаға 10 таблеткадан салынған. 3 пішінді қаптамадан медициналық қолдану жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапшаға салынады.

10 мг және 20 мг дозалары үшін

ПВХ және алюминий фольгадан жасалған пішінді ұяшықты қаптамаға 2 таблеткадан салынған. 1 пішінді қаптамадан медициналық қолдану жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапшаға салынады.

Сақтау шарттары

30°C-ден аспайтын температурада сақтау керек.

Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!

Сақтау мерзімі

3 жыл

Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды.

Дәріханалардан босатылу шарттары Рецепт арқылы

Өндіруші /Қаптаушы

Аль-Такаддом Фармасьютикал Индастриз, Иордания

Тіркеу куәлігі иесінің атауы және елі

Аль-Такаддом Фармасьютикал Индастриз, Иордания

Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан дәрілік заттардың сапасына қатысты шағымдарды (ұсыныстарды) қабылдайтын және дәрілік заттың тіркеуден кейінгі қауіпсіздігін қадағалауға жауапты ұйымның атауы, мекенжайы және байланыс деректері (телефоны, факсы, электронды поштасы):

«Pharmaline» ЖШС, 050028, Қазақстан Республикасы, Алматы қ., Шамиева к-сі, 11 үй, тел./факс: 8(727) 338 48 14, 338 48 15.

Прикрепленные файлы

Инстр_Редекс_5,_10,_20_мг_рус.doc 0.13 кб
Редекс_103324.doc 0.18 кб

Отправить прикрепленные файлы на почту